Қазақша
Ақбикеш пен Мақпал [Арғын Әйдерке, оның ішінде Мақпал]
...Дәстүр бойынша Бағаналы Ербатырдың Ақбикеш деген ару қызы Арғын ішіндегі Әйдерке атасынан шыққан Таңғұлы деген кісінің Солтан деген баласына ұзатылады. Бәрі де жазудан ғой, Ақбикеш келін болып түскен соң, сегіз-тоғыз жыл өтсе де бала көтермей қойыпты. Ақылына көркі сай Ақбикештің бұл жағдайы әулет-атаның ғана емес, бүкіл ауыл-аймақтың уайым-арманына айналады.
Содан, күндердің бір күнінде Ақбикеш бір ойға бекініп, ұшқан ұясына төркіндеп барып қайтпақшы болады. Ата-енесінен рұқсатын алып, жанына жасөспірім қайнысын ертіп, жолға шығарда Ақбикеш айтыпты дейді: «Бұйырса, екеу болып кетіп, үшеу болып оралармын», – деп. Бұл сөздің мәнісін қайынжұрты түсіне қоймаса да, жақсылыққа жорып қала береді.
Ақбикеш ауыл-еліне келіп, ағайын-туғанмен қауышып, мауқын басқан соң, әке-шешесіне бұл келісінің мәнісін айтады: «Құдайға шүкір, барған жерімде бағасыз емеспін, ел-жұрттың алақанындамын. Көңілдегі жалғыз кірбің – перзенттің болмай жүргені ғана. Осы олқылықтың орны тола ма деп, арман-үмітімді жетекші етіп, алдарыңызға келіп отырған жайым бар. Мені қиған жерге сіңілім Мақпалды да қисаңыздар екен. Мақпалымды Құдай қосқан қосағым Солтанға екінші әйелі етіп қосайын. Құдай көз жасымды иіп, тілегімді қабыл етсе, осы ниетімнің қайыры болар деп үміт етіп келдім!» – дейді.
Бұл сөзді естігенде Ақбикештің анасы көз жасына ие бола алмай қалады. Ал еркөңіл, сері көкірек Ербатыр болса тұғырдағы шәулідей дүр сілкініп, еңсесін тіктеп: «Тәңірім өзі күзеп, өзі түзегендей бір істі ойыңа салған екен, қарағым! Қайыры болсын! Сен бар жерде Мақпалымның мерей-мәртебесі ешкімнен кем болмас. Бәйбіше, көзіңнің жасын тый, қамдан, балаларды ақ тілекпен, ақ жолға аттандырайық!» – деген екен.
Айтқанындай, Ақбикеш екеу болып кетіп, үшеу болып оралып, қайын жұртын да күтпеген қуанышқа кенелтеді. Арада бірер жыл өтер-өтпесте, Құдай тілеуін беріп, Ақбикеште, Мақпал да қатар бала көтеріп, әулет-атаны одан сайын мерейлендіре түседі.
Сөйткен Ақбикештен Қожаназар, Майқара, Шойқара деген балалар туып, Мақпалдан Бердібай, Дербісалы, Бердалы, Бердіс деген балалар туған. Бұлардан өрбіген ұрпақ қазір рулы елге ұласқан. Ал Ақбикеш пен Мақпалдың есімдері бір-бір әулет-атаның атауына айналған. Осы күні Торғайдағы Сарықопа көлінің төңірегіндегі екінің біріне кімсің десең, «Арғын – Әйдеркеміз, оның ішінде Ақбикешпіз» немесе «Арғын – Әйдеркеміз, оның ішінде Мақпалмыз», – деп отырады.