Қазақша
Қисса Шеризат
Болыпты бұрынғыда бiр бай патша,
Бек әдiл, есiмi оның Көркiн патша.
Нәсiлi Киян руы, өзi көркем,
Жүзi гүл, бойсын бойлы ағзи патша.
Биназир әдiлеттi, сияһ көрген,
Құп жiгiт саясында және ерген.
Шын, Машын шаһарында мекенi едi,
Өтiптi солардан да дүние шiркiн.
Жетi жұрт болып тұрды фарманында,
Ғейiш-ғишрат миллатлар әуладында.
Сөйтсе де перзентi жоқ, қаралы екен,
Зарланды отырып бiр күн тақытында.
Сөйттi де жұртын жиды зар-зар жылап,
Қайыр берiп, құрбандық тағы шалып.
Патшаға арыз бiрлән халайықтар
Жыласты бiр Құдайдан перзент сұрап.
Тiлегi пақырлардың қабыл болды,
Тiлеген тiлеулерiн Құдай бердi.
Иләһим жарылқаса құдiретi үлкен,
Қатыны падишаның буаз болды.
Буаздығы падишаға болды аян,
Халқына қуанышты еттi баян.
Үшбуның шаттығына қуанысып,
Той қылып, қайыр берiп, қылды сайран.
Шашу шашты сонда лағыл, жауһар,
Қызыққа қанық болды һәрбiр шаһар.
Ұлық-кiшiк баршасы қызмет етiп,
Ғамләрiнiң күндерi болды шадлар.
Күндерде бiр күн патша ой ойлайды,
Құрайын сейiлдiктi деп ойлайды.
Қасына нөкерлерiн ертiп алып,
Баршасы сахараға жөнелдi ендi.
Жөнелдi көп сепаһи жолдас илән,
Кез болды алдарынан қалың орман.
Ағаштан шығып ұмтылды падишаға,
Патшаға қастық қылып бiр арыслан.
Падиша семсерiмен басқа ұрды,
Аты үркiп, патша жығылып жаман састы.
Ақырып-бақырып арыслан падишаға,
Жығылған падишаға болды қасты.
Патшаға салды үлкен бiр жарақат,
Жарасы қатты болды бек қабағат.
Семсерiнiң ұруынан өлдi арыслан,
Мұндай күн душар қылды Хақ Құдiрет.
Патшаның қанын сүрттi жолдастары,
Жиылды көп шаһардың жарандары.
«Құдайым, қайыр бер» деп есенлiгiн
Шаһының тiлеп тұрды жанның бәрi.
Шаһыны дәргаһына алып барды,
Зарланып көп нөкерi хабар бердi.
Патша өлер халге ерүшкен соң,
Әдiлдiк жұрттарынан сонда сұрды.
– Мен қалдым құтылмастай мехнатқа,
Бұ жанды даярладым ахиратқа.
Кiм өлмей дүнияда кiм қалады,
Қайтейiн, аһ, дариға, мен де арманда.
Арманда болғандығым: перзентiм жоқ,
Қапалы мен байғұста уайым көп.
Иләһим мұндай халге ерүштiрдi,
Ойлаушы ем атым жаһаннан кетпейдi деп.
Көп жұрттар зар-зар жылап нала қылды,
Зарлығы жетi аспанға есiтiлдi.
Аспандағы қызметкер – перiштелер,
Қамығып олар дағы зар еңiрейдi.
Жұртына патша айтты: –Жыламаңыз,
Көл қылып көздiң жасын бұламаңыз.
Пайда жоқ жылағаннан, уай, достарым,
Айтайын арызымды, құп тыңласаңыз.
Арызым – зағифамыз хамла тұрұр,
Ұғыл ма, қыз ба туар Алла бiлүр,
Ұғыл болса тақтымды анға сақта,
Сiздердi ренжiтпей билеп тұрұр.
Рухым разы болар сiзге сонда,
Қайтейiн, қайғы бердi Құдауанда.
Менен сонда халас сiз боларсыз,
Өсиет ақылымды жақсы тыңда.
Сонда дұшпан қаптар һәр тараптан,
Алыңыз сiздер ұғып мұны әбден.
...* халайықтар қабыл қылды,
Тiлекке ерүштiрсiн …* Ханнан.
Бiр уәзiрi бар, аты – Фарұхзат,
Ол тұтты сол заманда көп әдiлет.
Патша оған тағы көп сөз айтты,
Бұл сөздi қабыл көрдi көп жамағат.
– Сен Фарұхзат, тұтқайсың тақытымды,
Әдiлдiкпен ұстап тұр тақытымды.
Менен ұғыл дүнияға келмегенше,
Тұрғайсың шадыман қылып уақытыңды.
Дүнияға ұл келген соң оған берсең,
Оң қолы ұлық уәзiр өзiң болсаң.
Иншалла, ұғылым жаман болмас,
Ата орнына ата боп нақыл қылсаң.
Фарұхзат бiр бас ұрып тағзым қылды,
Жиылған халайықтар қабыл көрдi.
Әр күнше аманат деп ер Көркiн шаһ,
Тақтыны Фарұхзатқа сонда бердi.
Тапсырды көп мүлкiн, қазынасын,
Алтынды сарай менен дафинасын.
Сөйттi де жан тәсiлiм қылды патша,
Қайғырып жұрты кептi падишасын.
Зарласты «аһ, дариға» деп ендi жұртлар,
Жоқтады падишаны көп ғауратлар.
Аспанға бұ зарлықтар есiтiлдi,
Қырық күн азаматтар қылды зарлар.
Қырық күннен соң патшаның асын бердi,
Жиылған жамағаттар көп қайғырды.
Бұйрығын падишаның тәрiк етпей,
Сол заман Фарұхзатты хан көтердi.
Фарұхзат патша сонда дәурен сүрдi,
Жетi ықылым үстiнен патша болды.
Әдiлет, өсиет бiлгенiнше,
Фарұхзат һәр тарапқа бұйрық қылды.
Сонда бiр күн Фарұхзат ой ойлайды,
Түбiне ойдың сонда жете алмайды.
Саудасына бiр шайтан кiргеннен соң,
Ой түбiне жетпес iс болмайды.
Ойлайды: «Патша болдым қиянатсыз,
Атыспай, шабыспайын һеш ...*
Ұғылы падишаның туа қалса,
Халайық алып берер ықтиярсыз.
Онан да хайланы мен қылайын,
Бала тумай ханымын өлтiрейiн.
Өзiм түгiл, әулетiм патша болар,
Биiктенiп ғұмырым мен тұрайын».
Бiр уәзiрi бар едi Фарұс атты,
Данышпан, өзi әдiл, ер сипатты.
Фарұхзат соныменен сөйлеспекке
Тәуекел деп ойлайды бiр ниеттi.
Фарұсқа сонда бердi көп инғамдар,
– Айтайын арызым бар, құп тыңласаңдар.
Бұл инғам бiлән кескенiм тiлiңiздi,
Бiлмесiн бұл сырымды һеш адамдар.
Фарұс сонда бас ұрды құллық даю:
– Лазым емес бiздерге жұртқа жаю.
Не ерiк бар менде, тақсыр, құлмын, – дедi,
Байлауда ойын үйренген мен бiр аю.
Сөйлейдi патша сонда әндишәсiн:
– Әй, Фарұс, келтiр, – дедi, – көңiл нәшiн.
Келтiрсең бұ бұйрықты бажайыңа,
Түседi сонда саған ықыласым.
Iс дегенiм бiр ғаурат хамла тұрұр,
Хатуны Көркiн шаһ өзi едүр.
Егер де ұғыл туса Құдай берiп,
Хандығын халайықтар оған берүр.
Мен сонда бос қалғаным зар-зар жылап,
Қылсаңыз бiр жақсылық өзiң аңлап.
Сiздi мен де қояйын уәзiр ағзам,
Әдейi жұрттан алдым сiздi таңлап.
Болмаса өзiңiз де өкпелеме,
Артынан кешiрiңiз деп опық жеме.
Сөзiмдi менiң айтқан ұнастырып,
Уәзiр ағзам болсаң көп бола ма?
Ойлайды Фарұс байғұс ғажап мүшкүл,
Iстерге мұнан жаман өзi түшкүл.
«Егерде бұйрықтарын келтiрмесем,
Падиша қаһарланып менi өлтiрүр».
Сонда уәзiр үйiне қайтып барды,
Қасына он қара бас құлын алды.
Үйiне падишаның барды дағы,
Ханымның қол-аяғын байлап алды.
Ханымның қол-аяғын байлап алды,
Iшiне қалың орман алып барды.
– Ханымды өлтiрсеңiз, әй, құлдарым,
Сiздердi азат етем, – деп бұйрық қылды.
– Ханымды өңештен өлтiрiңiз,
Хабардар азаттықтан сiз болыңыз.
Әмiрiн падишаның тәрiк етпей,
Ханымның басын кесiп келтiрiңiз.
Сонда құлдар ханымды өлтiредi,
Көңiлiн Фарұхзаттың тындырады.
Бастарын азат қылам дегеннен соң,
Ханымның басын кесiп келтiредi.
Ханымның басын көрдi Фарұс сонда,
Бұндай iс басқа түстi, Құдауанда.
– Таһарат алып уәзiр келем дедi,
Құлдарға тұра тұр деп айтты сонда.
Бұған таман уәзiр жетiп келген,
Өлiп жатқан ханымды көзi көрген.
Бiр ұл бала ханымнан туып жатқан,
Кеудесiне шешесiнiң өрмелеген.
Мұны көрiп ер Фарұс зар жылайды,
Мейiрi түсiп ер Фарұс қолына алды.
Бiр бөзге бiткен малдың бәрiн салып,
Қалта қып iшiне он гауһар салды.
Тұмар қылып мойнына тақты сонда,
«Сақтай көр бұ байғұсты, Құдауанда».
Құлдарға зар-зар жылап жетiп келсе,
Құлдарды бiр арыслан жеген сонда.
Уәзiрi сол арада жаман састы,
Сөйттi де үйге қарай қадам басты.
Ханымды өлтiргенiн барып айтып,
Патшаны шаттандырды, ақылдасты.
Сонда бұған көп инғам патша бердi,
Сөйлеген һәрбiр сөзiн қабыл көрдi.
Өзiне уәзiр ағзам оны қылып,
Ғейiш-ғишрат, салтанатқа мәшғұл болды.
Сөйтiп олар дәурен сүрдi дейдi,
Һәр түрлi қызық илән тұрды дейдi.
Ханымнан туып қалған жас баланы
Асырап бiр арыслан тұрды дейдi.
Емiзiп бiр арыслан тұрды дейдi,
Бала боп арысланға жүрдi дейдi.
Шер деген сөз арабша арыслан екен,
Шеризат деп оның атын қойды дейдi.
Ханымын Көркiн шаһтың патша өлтiрттi,
Көңiлi тынып жетi жұртқа хүкiм йүрттi.
Сол кезде падишаның перзентi жоқ,
Құдайым бiр қыз бала рұзи қылды.
Онан соң хош хал болды шаһы, ханым,
Он күн ойын, қырық күндей қылды тойын.
Борышты шерлiлерiн азат етiп,
Босатты дарқан қылып жанның бәрiн.
Бiлiстi бұ қуанышты Құдайдан деп,
Ғұлама, молда, ишан, жиылған көп.
Қайырлы сағатында халайықтар
Балаға ат қояды Күлшатхан деп.
Құп болды атасының тәрбиесi,
Сүйiндi қуанғаннан ата-анасы.
Он бесте туған айдай жүзi көркем,
Данышпан болды патшаның бұл баласы.
Патша сонда бiр күнi түс көрiптi,
Һәрбiр түрлi себептi iс көрiптi.
Түсiнде бiр ақсақал бұған келiп,
Һәр түрлi жұмыс илән ақыл берiптi.
Сөз айтты бiр ақсақал бұған келiп,
Бұл сөздi қабыл алды көңiл қойып:
– Жақсылық Күлшатханнан сен көрерсiң,
Һәр басқан қадамдары құтлұқ болып.
Сол үшiн сен жасатсаң бiр үлкен үй,
Құдайым оған берер бiр жақсы күй.
Құданың әмiрi-дүр саған берген,
Жарлығым үшбу айтқан көңiлге қой.
Ұйқыдан сонда патша түрегелдi,
«Келсiн» деп уәзiрiне хабар бердi.
Патшаның әмiрiн тәрiк етпек қайда,
Патшаға Фарұс уәзiр жетiп келдi.
Екеуi уәзiрiмен ақылдасты,
Қандай үй саламыз деп көп кеңестi.
Сөздерiн бiр орынға қойды дағы,
Алтын үй салдырмаққа шебер жиды.
Iздесiп һеш үйшi таба алмайды,
Һеш адам алтын үйдi сала алмайды.
Бiр келген Қытай, Хотан шаһарынан
Саудагер падишаға жетiп келдi.
Саудагер падишамен ақылдасқан:
– Қытайда үйшi бар, – деп, – жұрттан асқан.
Сол салар сiздiң үйдi, ей, падиша,
Аты Тифур, һәр iске араласқан.
Тифурға сонда патша хабар салды,
Хабарды естiп ер Тифур қабыл алды.
Һәр түрлi саймандарын тегiс алып,
Шын, Машын шаһарына жетiп барды.
Келiп Тифур падишаға сәлем бердi,
Сәлемiн Фарұхзат патша қабыл алды.
Үй салуға бiр жақсы жер таппаққа
«Келсiн» деп көп әскерге хабар салды.
Жер таппай iздеп-iздеп көп жер барды,
Бiр жерге ақырында сонда келдi.
Хош һауалы мұндай жер жаһанда жоқ,
Сол жерге үй салмаққа белгi қылды.
Алтын бiлән күмiстен салды үйiн,
Қорғаны өрт келмеске салды шойын.
Жаһанда оның тек үй һеш болмаған,
Падиша қырық күндей қылды тойын.
Безеттi гауһар тастан тағы шарбақ,
Һәрқашан оның iшiнде ойын болмақ.
Һәр түрлi гүлдерi бар бейiшке ұқсас,
Бiр шетi дәрет үшiн салған шарбақ.
Фердауси деп қойған оның атын,
Алтын, күмiс, гауһардан қылды затын.
Ұжмақтың бақшасына бекзас екен,
Жалғанда айтып болмас һеш сипатын.
Күлшатқа мекен қылды сонда мұны,
Жамағат, құлақ салып тыңда мұны.
Күлшат кiрдi үйiне қырық қызбенен,
Жолдастыққа қойыпты уағданы.
Қырық қызбен Күлшат жүрдi ойнап-күлiп,
Өзiне дәл алпыс қыз жолдас қылып.
Күндерде бiр күн қызға Күлшат жауап айтты,
«Келелiк бақша барып сейiл құрып».
Атлас лабас киiптi, хале тонын,
Шығыпты айға теңеп жарық жүзiн.
Бұралып тал шыбықтай Күлшат сұлу,
Бәрiнен сол қыздардың бойы ұзын.
Киiскен алтын, жауһар бiлезiгiн,
Күлшаттан есiтермiз сөз нәзiгiн.
Жаһанда ондай сұлу жан көрмессiз,
Шығады жарқыратып алтын жүзiн.
Iшiне Фердаус бақша келдi дейдi,
Баршасы ойнап сонда жүрдi дейдi.
Жүздерi толық айдай жарқыраған,
Жiгiттер бiр топ көркем ендi келдi.
Iшiнде бiр жiгiт бар шырын сөздi,
Он бестегi туған айдай жүзi нұрлы.
Құдайым ондай асыл жанды жаратпаған,
Жарасқан һәрбiр түрлi ақыл ойлы.
Күлшат қыз бұл жiгiтке ғашық болды,
Есi ауып сол арада биһұш болды.
Құданың құдiретiне шара бар ма,
Аздан соң есiн жиып ақыл кiрдi.
Күлшаттың бiр жолдасы қасында бар,
Қожа сарай есiмдi ол адамлар.
Есi кiрiп сөйлескен Күлшат оған:
– Кiм болды бұл жерлерде, әй, ағалар.
Ай жүздi жiгiттер кiмдер бұлар,
Бәрi бiрдей жас жiгiт қайда барар?
Жаңа жерлiк жiгiт екен және олар,
Патша ма, баласы ма, қайда тұрар?
Iшiнде бiр жiгiт бар түрi бөлек,
Жүздерi қараңғы үйдi қылып жарық.
Кiм екен сол жiгiттiң есiмi, заты,
Кiм екенiн, әй, қожа, кел анық бiлiп.
Қожа сарай бұл сөзiн қабыл алды,
Қасына жiгiттердiң жетiп келдi.
Падиша жүзi жарық жiгiт екен,
Алдына тағзым бiлән сәлем бердi.
Сәлемiн ол ақсақал қабыл алды,
Сонда ақсақал бұларға сөйленедi:
– Барасыз, әй, жiгiттер, қайсы жерге,
Келесiз қайдан шығып, қайсы жаққа?
Ұқсайды падишаға айдай көркiң,
Белгiсiз бiзге тағы не жерлiксiң?
Нағылып бұ сапарда сiздер жүрсiз,
Болар ма мүмкiн болса атыңыз кiм?
Сонда жiгiт сөйлейдi сөзiн айтып:
– Шаһарым тұрған менiң Бағдат, – деп.
Саудаменен жүр едiк бұл сапарда,
Атын тағы бiлдiрдi Шеризат деп.
Өзiм жетiм, әкем жоқ, серi емеспiн,
Бай дәулеттi елiмдемiн, төре емеспiн.
Әлiм жоқ, Құдай деген бейшарамын,
Тобынан асып жүрген ер емеспiн.
Сұралық ендi сiзден бiздер жауап,
Сауалға жауап берсең болар сауап.
Сiздер де кiм боласыз, не жерлiксiз,
Не себептi бұл жерде қылдың сауық?
Сонда қожа сөйлейдi: – Шеризатым,
Қызы едi сейiл құрған Фарұхзаттың.
Есiмi оның Күлшатхан, жұрттан асқан,
Көрдiң бе әне тұрған үй сипатын.
Үйiнiң түрi мәнзар-ау, алтын-күмiс,
Шойыннан қорғандары бәрi тегiс.
Көрген жан iшiнен шыға алмайды,
Ғаламнан асып тұрған есiмi Фердаус.
Сондай бар оңдылығы бағы Ирам,
Көрген жан таңға қалып болар қайран.
Бұларды есiткен соң батыр Шеризат,
О дағы Күлшат қызға ғашық болған.
Күлшаттың сарайына бұлар келдi,
Жолығып екi ғашық ойнап-күлдi.
Қасында жолдастары қайтып кеттi,
Бiрiгiп Шеризатпенен Күлшат тұрды.
Дүнияның мiне осындай жалғаны бар,
Өзгенiң бiр Құдайдан арманы бар.
Iшiнде үй шарбақтың төре болған,
Қасында Күлшатжанның бағбаны бар.
О дағы Күлшат қызға ғашық болған,
Сарғайып зағыпырандай жүзi солған.
О дағы Күлшат қызбен бiрге жүрiп,
Бұл iстiң мазмұнына қайран болған.
Сөйттi де Күлшат қызға қаһар қылды,
Шеризатқа қосылғанын анық бiлдi.
Бейшараға бiр iстi қылайын деп,
Келдi де падишаға арыз қылды.
– Қызыңның үйiнде бар бiр адамзат,
Бiлмеймiн кiм екенiн, аты Шеризат.
Қатысып күндiз-түнi бiр жатады,
Ашына болып кеттi бек қабағат.
Патша есiтiп бұларға ашуланды,
Қайғыдан жүректерi от боп жанды.
Бар едi Алмас, Қоймас екi алып,
«Келсiн» деп баршасына хабар салды.
Келедi Алмас, Қоймас қаһарланып,
Төрт көзi сегiз болып оттай жанып.
Қасына тағы жүз батыр бердi,
– Кел, – дедi, – Шеризатты ұстап алып.
Жазасын өзiм берем келгеннен соң,
Кiм екен оның затын бiлгеннен соң.
Не жұмыспен бұлар мұнда келген екен,
Сипатын анық бiлем көргеннен соң.
Келедi Алмас, Қоймас күркiресiп,
Үйiне кiре алмайды есiк ашып.
Түбiнде алтын қақпа тұрды дағы,
Шақырды «кiсi бар ма?» деп айғайласып.
Шығады сөйлескелi сонда бiр қыз,
Жүрегi қорыққаннан болады мұз.
Сипатын Алмас, Қоймас көргеннен соң,
Дiрiлдеп айта алмайды бiр ауыз сөз.
Бұл қызға Алмас, Қоймас айғайлайды,
Айғайын қаһарланған һеш қоймайды.
– Патша «алып кел» деп бұйрық қылды,
Шеризатты жылдам мұнда шығар, – дейдi.
Күлшатқа байғұс бала жетiп келдi,
Болғанын мұндай халдiң айтып келдi.
Алыптан Алмас, Қоймас қауiптенiп,
Қыз Күлшат Шеризатқа сөйлейдi ендi.
– Атам сiзден хабардар болған екен,
Хабарды бағбаннан алған екен.
Сiз сонда тасаланып отыра тұр,
Атама мен бармасам болмайды екен.
Зираки бiр зияны тиер сiзге,
Сiз мұнда жоқ боларсыз, ойбай, бiзге.
Атама өзiм барып жалынамын,
Салыңыз бұл сөздердi зейiнiңiзге.
Сонда Шеризат күледi үшбу сөзге:
– Неге Шеризат атандым осы кезде,
Бұларды баһадүр деп ойламаймын,
Бiр қызық көрсетейiн бүгiн сiзге.
Қасыма олар менiң келе алмайды,
Менi жылдам байлап ала алмайды.
Қуанышым, көзiм нұры, көңiлiм-ай,
Еш қайрат бұлар маған қыла алмайды.
Шеризат найза, қалқан даярлады,
Бiр зиян тигiзер деп ойламады.
Қыз Күлшат алтын кесе қолға бердi,
Шеризат ас iшуге оңтайланды.
Шеризат қызға сөйледi: – Әй, перизат,
Қабыл көрсең, алдыңда айтамын дат.
Тамаша қып соғысқа шығар болсаң,
Бiр соғыс болғалы тұр бек қабағат.
Көп қызбенен Күлшат шықты айдалаға,
Тамаша қып қарайды марданаға.
Сол кезде Алмас, Қоймас айқайлайды:
– Нағылып шықпайды, – деп, – бұл майданға.
Шеризат жауап бұған һеш айтпайды,
Шарабына асықпай-ақ тойып алды.
Тұр екен iшкерiрек Қоймас батыр,
Алмас та қаһарланып Қоймасқа айтты:
– Нағып тұрсың iшкерi, Қоймас, барсаң,
Шеризаттың қол-аяғын байлап алсаң.
Өзiң алып қарасың бiр кiсiге,
Күркiреп көктей оған қаһар қылсаң.
Сонда Қоймас Шеризатқа жетiп барды,
Шеризат бала қолына қылыш алды.
Екеуi бiрiн-бiрi салғанында,
Қоймастың тау денесi қақ жарылды.
Құдайым қуат берген Шеризат ерге,
Көп қыздар тамаша қып мұны көрдi.
Қоймасты екi пара қылды дағы,
Шығады әсемдетiп майдан жерге.
Шеризат шықты Алмасқа қаһарланып,
Алмас бұған келедi һайбаттанып.
Қаруларын тастасып бұлар жерге,
Бiр-бiрiн көтерiстi белден алып.
Бiрiн-бiрi белдесiп жыға алмады,
Күрес тастап қаруларын қолға алды.
Алмас Шеризатты шапқанында,
«Иә, Алла» деп басына қалқан салды.
Басына «иә, Алла» деп қалқан салды,
Құдайым сақтап мұны аман қалды.
Қаһарланып ер Шеризат салғанында,
Алмасты қақ басынан екi бөлдi.
Шаттанып Күлшат бұған қарап тұрды,
Шеризаттың қайратына таңға қалды.
Аш бөрi қойға кiрсе қандай қылар,
Әскерiн Фарұхзаттың сондай қырды.
Әскерiн бәрiн қырып үйге қайтты,
Шаттанып арғымағын бек ойнатты.
Көңiлi Шеризат ердiң ашылсын деп,
Ғазалды бұ йазылмыш қыздар айтты.
– Бұ жаһан ғаламда сендей әдiл сұлтан болмағай,
Сұнмаған бексiң һәр кез мұсылман болмағай.
Жетi ықылым үстiнде патша көп болар,
Болғушы бәрi де жер жүзiнде хан болмағай.
Дүнияда бустандар көп болар,
Мұндай бустан һеш әлемде болмағай.
Әй, жамағат, көп оқыдық түрлi-түрлi қиссалар,
Қисса Күлшаттай әлемде дастан болмағай.
Екi кiсi әскерден қалған екен,
Қашып Фарұхзат патшаға барған екен.
Батырлығын Шеризаттың баян етiп,
Қайғыны падишаға салған екен.
Сонда патша Фарұспен ақылдасты,
Екеуi ақылдасып көп кеңестi.
«Нақақтан әскер қанын төкпейiк», – деп,
Ашуын ашуланған бұлар басты.
«Қандай ер балуан-ау бiздiң Алмас,
Қоймас пен жүз батыр бәрi де бас.
Соларды бiр шыбындай көрмей қырды,
Бұл бала соғыссақ та бiздi қоймас.
Онан да бiз өзiне жалыналық,
Не мұрады бар екен сұраналық.
Қыз түгiл, дүния малын сұраса да,
Бiз содан құтылуға аямалық».
Сонда Фарұс Шеризатқа жетiп барды,
Бұралып жас балаға сәлем бердi.
Бiр ақсақал Шеризаттың қасында отыр,
Сәлемiн Фарұс уәзiр әлiк алды.
Атын сұрасаң, ақсақал қожа Сайад,
Шеризатты орман iшiнен алған асырап.
Бала қылған Шеризатты сол ақсақал
Фарұсқа «кiмсiң?» дедi жөнiн сұрап.
Фарұс айтты: – Патшаның уәзiрi едiм,
Елшi болып елiмнен мұнда келдiм.
Жетi жұртқа әдiлдiк атым шыққан,
Қайырылған ғарiп-пақырға Фарұс ермiн.
Сонда ақсақал кисәсiн қолға алды,
Екi гауһар ораған қағаз алды.
«Үшбу қағаз, гауһарды танырсың», – деп,
Гауһар менен қағазды бұған бердi.
Уәзiр Фарұс со жерде жаман састы,
Отырып өзiменен ақылдасты.
«Қағаз жазып гауһарды жазып кеткен,
Әуелде мен қылғанмын бұл бiр iстi».
Фарұспенен көрiстi Шеризат сонда,
Екеуiн жолықтырды Құдауанда.
Зарласып көрiседi екi ғарiп,
Зар илейдi екен қуанғаннан.
Амандасып уәзiрi үйге қайтты,
Бұл ахуалдың баршасын патшаға айтты.
Анық Шеризат екенiн бiлгеннен соң,
Қайғысы Фарұхзаттың болды қатты.
Сонда Фарұхзат келедi Шеризат ерге,
Боларын бiр сұмдықтың ендi бiлдi.
– Қанымды бiр қасықтай кешiңiз, – деп,
Хан басын құллық даю жерге қойды.
– Алыңыз, мiне, менен патшалығың,
Халайық, һәрбiр түрлi қазыналығың.
Алтын тақ атаң берген тұр аманат,
Алтын тәж және мiне алтын тағың.
– Тегiс пе атам берген аманатым,
Жоқ па екен аманатқа қиянатың?
Аманат атам берген анам қайда?
Һеш қабыл болмас менде айтқан датың.
Дедi де патша Шеризат ашуланды,
Төрт болып екi көзi оттай жанды.
– Мың түрлi азап илән өлтiрейiн,
Жаһаннам күйсiн, – дедi, – шыбын жаны.
Бәлеге ендi Фарұхзат қалды дейдi,
Жендетке Шеризат әмiр қылды дейдi.
Дарға асып Фарұхзатты өлтiрмекке
Зынданға сол күн түнде салды дейдi.
Бiр қайғы сонда түстi Күлшатына,
Ақылы жұрттан асқан данышпанға.
«Атамды өлтiрме» деп жалбарынып,
Сөйлейдi медет арыз Шеризатқа.
Айтады Шеризат сонда: – Әй, Күлшатым,
Гүлiм нұры, перизат, шекер бәндiм.
Сұрама ашуымды, шекер бәндiм,
Болмайды бұл жағынан һешбiр датың.
– Жарайды, ашуыңды берме, – дептi,
Ақылмен қисса сөйлеп алдайды ендi.
Өлтiрем деп атасын келгенiнде,
Хайламен қисса сөйлеп алдайды ендi.
Фарұхзат өзi тапты пейiлiнен,
Күлшат қыз сөйлейдi ерiнбеген.
Күн сайын бiр қиссадан оған сөйлеп,
Ашуын шығарады көңiлiнен.
Тоқтатты хайламенен дәл отыз күн,
Есiттi хайламенен хикаятын.
Екеуi сахарада жүрдi дағы,
Iшiне Фердаус бақша келдi бiр күн.
Отырды сауық қылып шарап iшiп,
Һәр түрлi ғазал сөйлеп ойнап-күлiп.
Жер бауырлап жылайды Шеризат бала,
Өлгенi анасының еске түсiп.
Жылап сөйлейдi Шеризат Күлшатханға:
– Сен дағы қапаландың аһ ұрғанға.
Не себептен өлтiрдi анамды атаң,
Лайық-ау қандай жаза антұрғанға.
– Шариғат хүкiмi бiлән обалы жоқ,
Көзiм қиып берейiн сiзге не деп.
Бiр қасықтай атам қанына қызыққанша,
Айтайын сiз тыңдасаңыз бiр жақсы кеп.
Сонда Күлшат сөйлейдi,
Бұлбұл дауысын күйлейдi.
Күйлегенде бүй дейдi,
«Өлтiрме, – деп, – атамды»,
Зар илеп еңiрейдi.
Шығарар деп көңiлiнен
Еске түскен анасын,
Күлшат бұған жырлайды.
– Туып қалдың анаңнан,
Айырылдың-ау панаңнан.
Мехнат көрмей, опа жоқ,
Мына дәурен айналған.
Бәрi Құданың құдiретi,
Ауыр келген бiр заман.
Өлсең өзiң өлер ең,
Пәсте қалған жас бала,
Ашуға күйген жас бала,
Сен дағы қалдың дiн аман.
Бендеде һешбiр күнә жоқ,
Не жақсылық берсе де,
Жаратқушы Құдадан.
Және қалдың орманда,
Қанағат Құдай бергенде,
Арымадың, ашмадың,
О дағы Құданың құдiретi.
Арыслан асырап жүргенде,
Бес жасыңа келгенде,
Құдайды бiр бiлгенде,
Қожа Сайад алғанда,
Жылы қойнына салғанда,
Бала болып тұрғанда,
Ғылым дүкенiн құрғанда,
Дәл он алты жас болғанда,
Сiз Фердаусқа барғанда,
Менiң саған тигенiм,
Жүзiңнен өбiп сүйгенiм.
Хабардар атам болғанда,
Жұртына хабар салғанда,
Намыс қылып баршасы,
Жүз батырды ертiп ап,
Алмас, Қоймас келгенде,
Майдан жерде жүргенде,
Көзiм қорыққан көргенде,
Қуанғанмын сол жерде,
Жиылған әскер өлгенде.
Һеш мүйiзiң болмаған,
Сондай қолды қырғанда.
Жақсылық та Құдайдан,
Жамандық та Құдайдан.
Кәне, екi болғаның,
Жақсылық Құдай бергенде.
Атекемде жазық жоқ,
Құдай әмiр қылғанда,
Қатесiз бенде бола ма,
Себепкер Құда болғанда.
Сойып жеген жоқ әкем,
Сатып келген жоқ әкем
Анаңыздың дүниясын.
Құдай өзi алғанда,
Өлмейтұғын жан бар ма?!
Аманатын Құданың
Бермейтұғын жан бар ма?!
Өзiмiз де өлермiз,
Шолақ дүния жалғанда.
Жетiм қалған жас бала,
Аңмен өскен пәс бала,
Сен дағы болдың падиша
Құдiретiмен Құданың.
Бұ дағы берген заманда
Ата орнына атамын,
Ана орнына анамын.
Халалда жұфұтың және мен,
Атекемдi өлтiрiп,
Менi де қылма арманда.
Сарғайып тұрған жүзiмдi,
Зарлап тұрған сөзiмдi,
Қаны аққан көрдiң бе
Екi ғана көзiмдi.
Мен байғұсты сөйлетiп,
Зарландырып еңiретiп,
Бiр хикаят сөйлетiп,
Шат қылайын өзiңдi.
Күлшатқа Шеризат қылды бiр ғифаят:
– Сөйлейiн деп едiң ғой бiр хикаят.
Кем көңiлiм ашылғандай болсаңыз,
Айтайын сонда атаңа бiр жақсы ниет.
Тұрып Күлшат ендi айтты бұлбұл әуез,
Айтты Шеризатқа бұл қисса сөз.
Такаллам тотыдай ғұнчә-да ...*
Бисмилла бiрлә кел асып чамандан.
Дейдi Рұм елiнде бiр патшаһи,
Ниһаятсыз оның ләшкер сепаһи.
Бар едi бiр қызы Маһимәнзар,
Жүзi гүл, бойы сүмбiлi … ...**.
Шеризатқа Күлшат қыз һәр сөз жақтар,
Құдайым һәр бендесiн тек өзi сақтар.
Жаһанда жоқ оның тек жүзi нұрлы,
Анға да ғашық екен ғаяр Ахтар.
Бiр патша қызы екен Маһимәнзар,
Алтын, гауһар салдырған патша үйлер.
О жаһанда болмаған мұндай афзал,
Көрген адам бәрi де бұған таңлар.
Сол үйде тұрады екен осы бала,
Артық өнер берген Хақ Тағала.
Сыртынан ғашық болған ханзадалар
Безiптi жандарынан боп пәруана.
Көп қыздар жүредi екен жолдас болып,
Бiрiгiп алтынды үйде ойнап-күлiп.
Қыздары қасындағы бәрi әйбат,
Сипатын бiтiре алман айтып болып.
Маһ руи, сүнбiлi, шырын зебан,
Болмайды қосылған соң соған арман.
Алтынды үйдiң iшiнде Маһимәнзар
Һәр күнде сейiл құрып ойын қылған.
Күндерде бiр күн қыздар сейiл құрды,
Үстiнде алтын үйдiң ойнап-күлдi.
Он бесте туған айдай тұрғанында
Сол уақытта Ахтар ғаяр көзi көрдi.
Мәнзарға сонда ғаяр ғашық болды,
Өртенiп жүректерi биһұш болды.
Һеш опа хор ғашыққа таба алмады,
Айналып алтынды үйдi босқа жүрдi.
Қасында жолдасына сөйленедi,
Жолдасы сөйлегенмен не бұл бiледi.
Болған соң өзi ғаяр аясын ба,
Бiр хайла қылайын деп ойланады.
Күн сайын ой ойланып аңдып жүрдi,
Iшкерi қарауылшы жiбермедi.
Алушы[ны] аңдушы жеңедi-ай деп,
Азғана Ахтар ғаяр хабар қылды.
Сол күнде бiр падиша тағы болған,
Тебриз уәлаятын билеп тұрған.
Бар едi жалғыз ұғылы падишаның,
Бiр күнi Маһимәнзардан хабар алған.
Сұрасаң аты оның Миһiрасар,
Бала едi дәл [сол] кезде он бес жасар.
Есiтiп Маһимәнзарға ғашық болып,
Жүрмекке ләшкер тартып сайман жасар.
Екi жүз нар түйесiн алды дейдi,
Қазына алтын тамам болды дейдi.
Жер жүзiн тұрғандай алтын алып,
Рұмның шаһарына жүрдi дейдi.
Қасында бiр ақсақал басшысы бар,
Екi жүз дәл өзiндей қосшысы бар.
Салтанат саймандары жаһанда жоқ,
Жүз қазан, һәр қазанда жүз кiсi бар.
Баршасы падишаға болды мейман,
Iздеген жұмысының бәрi аян.
Бойлап Миһiрасар басшысыменен,
Бермекке Маһимәнзарды қабыл қылған.
Той қылуға падиша оңтайланды,
Халқына жиылсын деп хабар салды.
Әйнектен күйеуiн Мәнзар көрiп,
Бұ дағы Миһiрасарға ғашық болды.
Зарланды көрiскенше екi ғашық,
Бiр күлiп ойнамады мауқын басып.
Тимекшi бiр-бiрiне болғаннан соң,
Жүздерi айдай болды көңiлдесiп.
Той қылған шартараптың бәрiн жиып,
Iштiлер шәрбат, боза сауық қылып.
Үйiне Маһимәнзардың ғаяр келдi,
Жатқанын шәрбат iшiп анық бiлiп.
Келсе, құлдар баршасы мас боп жатыр,
Мастықпен бiр-бiрiне қас боп жатыр.
Құлдардың басын кесiп қызға келсе,
Iшiнде құрулы отыр алтын шатыр.
Сонда ғаяр жанына қолын салды,
Ораулы бiр қағазға заһар алды.
Тұтатып қыз мұрнына иiскеткенде,
Биһұш боп Маһимәнзар талып қалды.
Киiмiн үстiндегi бәрiн шештi,
Қуанып шаттықпенен шәрбат iштi.
Һәр түрлi жаман киiм киiндiрiп,
Шаһардан жапан түзге алып шықты.
Бiр жерге үш күннен соң бұлар келдi,
Сол жерде асын iшiп демiн алды.
Түн ортасы болғанда, Пәруардигар,
Маһимәнзар есiн жиып өзiн бiлдi.
Бұл жерге алып келдi Жаппар, Кәрiм,
Сағынды Маһимәнзар ынтызарын.
Үйiмде жатырмын деп ойына алды,
Шақырды дауыс берiп қызметкерiн.
Шақырса үндемейдi һешбiр адам,
Маһимәнзар баршасына ашуланған.
Ертең бәрiңнiң жазаңды берейiн деп,
Ойына салды алып сабыр қылған.
Бiр себептен ойлайды түсiм бе деп,
Көзiн ашып қарайды өңiм бе деп.
Көзiн ашып көредi бiр адамды,
Шақырды өзiмнiң бер киiмiмдi деп.
Шақырғанда келедi Ахтар ғаяр,
Бетiнен сүйемiн деп аузы даяр.
Бәленiң болғандығын бiлiп Мәнзар,
Жылайды «сақтай көр, – деп, – Пәруардигар.
Болғанын бiр бәленiң бiлдi ендi,
Бiр хайла қылайын деп оңтайланды.
Бiлгеннен соң құтылмасын бұл бәледен,
Амалмен Маһимәнзар сөйленедi.
– Айырылдым ата-анамнан, ел-жұртымнан,
Тiлегiң жұфұтлық қой сенiң менден.
Сенi мен сахарадан тез көремiн,
Құдайым айырмасын сенi менен.
Мен бұрын замандардан ғашық ердүм,
Сырымды бiлдiрмедiм сасып ердүм.
Жеткiздi ақырында менi Құдай,
Мен сiзге әуел бастан ғашық ердүм.
Нанады алдағанға Ахтар ғаяр,
Бiрiгiп алдап жүрдi Маһимәнзар.
Һәр жерден сөйленедi ғаярын көп,
Бередi күннен-күнге Мәнзар жауап.
Сол уақытта ойланып Ахтар айтты:
– Хилаф шаһарын келейiк бiр аралап.
Мәнзар айтты: – Жарайды, барайын, – деп,
Құданың не салғанын көрейiн, – деп.
Бiлмесiн менiң әйел екенiмдi,
Киiмiн еркек адам киейiн, – деп.
Жүргiзбей қызды жаяу, арқалады,
Жаяулап күндiз-түнi көп жер барды.
Демалмай бұл сапарда екi жаяу,
Бiр үйге ақырында сонда келдi.
Еркек жоқ, әлгi үйде бiр кемпiр бар,
Талығып ұйықтап қалды Ахтар ғаяр.
Қарыны ашып жүдеген соң, кемпiрге
Жылап сөйленедi Маһимәнзар.
– Жол жүрiп жүдеп келдiм, жан шешеке,
Дәм татпаған дәл бес күн, жан шешеке.
Қарыным ашып барады, көңiлiм бей-жай,
Ас берсең Құдай үшiн, әй, шешеке.
– Базарға ерiм кеттi ұн алам деп,
Бiр жерге жұмыс қылып қиналам деп.
Қазiрде дәмiм бiтiп қалып едi,
Келтiрсе, – кемпiр айтты: берейiн, – деп.
Мәнзардың қарны ашқанын ғаяр бiлдi,
Өзiне-өзi сөйлеп қайран болды:
«Бұл патшаның қызы едi, өзiм ғаяр,
Қойғаным мұны аштыққа жарамайды».
Сөйлейдi Маһимәнзарға Ахтар ғаяр:
– Бiр қосты екеуiмiздi Пәруардигар.
Келейiн Хилаф шаһарын бiр аралап,
Тағамдар болмас па екен бiзге даяр.
Патшасы шаһарын кезiп жүргенiнде,
Бiр адам қастық қылған жандарына.
Кетiптi падишаны бауыздасып,
Қалыпты қарауылшы дауыстасып.
Көшеде келедi екен Ахтар ғаяр,
Алады «сен кiмсiң?» деп мұны ұстап.
Ұрыны iздеп-iздеп таба алмаған,
Һеш хайла табуға қыла алмаған.
Өлтiргенiн Ахтардың көрмесе де,
Жала қып бұ байғұсқа қасад қылған.
Бiр адам жаһан кезiп бұған келдi,
Айналдырып Ахтарға қарап көрдi.
Талай жерде ол мұны көрген екен,
«Қарақшы – мынау ғаяр Ахтар», – дедi.
Зынданға жасауылдар мұны салды,
Бәлеге құтылмастай ендi қалды.
Қыз түгiл, шыбын жаннан бұл түңiлiп,
Iшiнде зындан үйдiң зар еңiрейдi.
Бұл жалғанда қандай жан зарланбаған,
Не зарлық болса дағы Құдай қылған.
Арманда боп дүниядан патша өткен,
Артында тағын ұстар ұл болмаған.
Падиша бiлген екен өлетiнiн,
Құданың аманатын беретiнiн.
Өзiнен туып қалған перзентi жоқ,
Халқына айтып кеткен өсиетiн.
– Далаға жұрттың [бәрiн] жисын, – деген,
Ұрғашы, еркек, кәрi, жас болсын, – деген.
Жақсы, жаман болса да бәрi бенде,
Сап тұтып қатар бәрi тұрсын, – деген.
Құдайдан жақсылық та, сiздер бiлсең,
Шариғаттың хүкiмiн қабыл қылсаң.
Алтын зәнжiр атымды бисмилла деп
Майданға алып барып қоя берсең.
Майданға бисмилла деп қоя берсең,
Құдайдан тауфиқ тiлеп бәрiң тұрсаң.
Бiр адамды өреклеп ендi иiскейдi,
Дәл осы кiм де болса патша қойсаң.
Өсиетiн билерi қабыл алған,
Жиылсын деп халқына хабар салған.
Ұрғашы, еркектерi бәрi сонда,
Адамға сары дала әбден толған.
Мұндай халдiң болғанын бiлген екен,
Қалаға қарай Маһимәнзар жүрген екен.
Кешiгiп Ахтар ғаяр келмеген соң,
Майданға бұл байғұс та келген екен.
Алтын зәнжiр сүйреткен бiр арғымақ,
Ойнақтап Маһимәнзарды қылды жақтап.
Келдi де мойнын салып тұра қалды
Етегiн Маһимәнзардың ендi иiскелеп.
Сонда жұрттар жиылып бұған келдi,
Алдында тағзым етiп қызмет қылды.
Мұның да қыз екенiн адам бiлмес,
Үстiнде алтын тақтың патша болды.
Алтын тақтың үстiнде патша болды,
Алтын тәжiн басына тағы кидi.
Құдай артық жаратқан Маһимәнзар,
Үстiнен жетi жұрттың хүкiм иүрттi.
Мехнат, машақатсыз патша болды,
Тiлеуiн Маһимәнзардың Құдай бердi.
Үшбуның шаттығына шүкiр қылып,
Зынданнан тұтқындарды азат қылды.
Зынданнан азат болды өңкей ғарiп,
Қуанды Ахтар ғаяр жүрек жарып.
Асығып Мәнзарды көрейiн деп,
Барады мекенiне тамақ алып.
Келсе, Маһимәнзар көзiне көрiнбейдi,
Кемпiрден көрдiң бе деп көп сұрайды.
Һәр жерден зар еңiреп қарап жүрiп,
Һеш жерде Маһимәнзар көрiнбейдi.
Iзденiп Ахтар ғаяр көп жер барды,
Һеш жерден Маһимәнзарды таба алмады.
Пида қып шыбын жанын соның үшiн,
Жапанда үйге қайтпай қарап жүрдi.
Патшаның сауық илән тойы болған,
Мәнзардан той бiткен соң хабар алған.
Маһимәнзар ғайып болды дегеннен соң,
Миһiрасар есi ауып талып қалған.
Қайғырып қапаланды «иә, Алла» деп,
«Иләһим, бере көр өзiң медет».
Қайғылы қапасынан ғашық жарының
Кетедi Миһiрасар диуана боп.
Жидырды бақсы менен балгерлердi,
Бiр жас бала iшiнде сөйленедi.
Балдамасын көтерiп ол жас бала:
«Әкеткен мұны Ахтар ғаяр», – дейдi.
Миһiрасар әлi келмес сөйлемекке,
Тiрi қалар жар болған оларға еп пе.
Баһадүр жүз жiгiтiн ертiп алып,
Жөнелдi тәуекел деп iздемекке.
Аттанды жүз жiгiтпен Миһiрасар,
Алдынан жалғыз киiк болды душар.
Жақындап бұлар бұған келгенiнде,
Зарланып байғұс киiк сонда қашар.
Сол жерде Миһiрасар ырым қылды,
Тәжiрибе бұл ырымды бұрын бiлдi.
– Егерде қуып жетiп мұны тұтсам,
Қолыма Маһимәнзар пайда болды.
Аяңдап, жолдастарым, сiз барыңыз,
Тұтсам соны Алладан ырым қылыңыз.
Бұрыннан бiлiп жүрген бар тәжiрибем,
Қуайын бұл киiктi өзiм жалғыз.
Жапанда жалғыз киiк қуып кеттi,
Басына бiр бұлақтың келiп жеттi.
Құданың берген бағы кем бола ма,
Миһiрасар сол киiктi сонда тұтты.
Тыңдасаң, Миһiрасардан сөз келедi,
Көңiл бiлiп жақсыны көз көредi.
Бұлақтан оралып Миһiрасар келе жатса,
Алдынан бiр бейшара кез келедi.
Бiр адам отыр екен дәруiш болып,
Сөйлестi Миһiрасар бұған келiп.
Қасына сол дәруiштiң келедi ендi,
Жүрейiн деп ойланды демiн алып.
Сөйттi де ұйықтап қалды ол бейшара,
Iсiне Құдiреттiң не-дүр шара.
Миһiрасар байғұс оны бiлмейдi екен,
Ғаяр екен дәруiш болған жүзiқара.
Сонда ғаяр жанына қолын салды,
Ораулы бiр қағазға заһар алды.
Мұрнына Миһiрасар тұтқанда,
Бейшара дәруiш болып талып қалды.
Ойлайды бауыздайын мұны жылдам,
Қолына сұмдықпенен пышақ алды.
Тағы ойлайды нақақтан қан төкпектi,
Жақтырмас Жаратқушы өзi мұны.
Келгеннен киiк атып маған бердi,
Бейшара ғарiпсiң деп тұтып тұрды.
Нақақтан бұл байғұсты өлтiргенше,
Ағашқа Миһiрасарды байлап кеттi.
Сөйттi де киiмдерiн мұның кидi,
Сәнденiп киiмiн киiп атын мiндi.
Орнына Миһiрасар патша болып,
Айдалада құба жонға жөнелдi ендi.
Бiрқатар ғаярынан сөз келедi,
Хайлалы оның сөзi тез келедi.
Сәнденiп атқа мiнiп келе жатса,
Жолдасы Миһiрасардың кез келедi.
Таныды Миһiрасардың аты мен тонын,
Сұрайды және ғаярдың бұлар жөнiн.
Сұрайды бұлар сонда: – Қайдан алдың,
Иесi қайда, – дедi тағы, – мұның?
Бiрқатар таяқ жедi сонда ғаяр,
Қысылған соң шығады ғаярдан тер:
– Мен байлап оны ағашқа кетiп едiм,
Өзiң бiл не қылсаң да, әй, ағалар.
Көрсет деп ғаярын да алып жүрдi,
Ағашқа Ахтар ғаяр алып келдi.
Ағашқа келсе – жылап байлаулы тұр,
Миһiрасар бұл қылыққа қайран қалды.
Сөйттi де рауа болды сапарына,
Байлаулы Ахтар ғаяр ол да бiрге.
Жар салып талай жерге iздеп-iздеп,
Маһимәнзар жақындады шаһарына.
Сол кезде Маһимәнзар сейiл құрған,
Жапанда бектерi бiлән ойын қылған.
Жапанда сауық етiп жүргенiнде,
Алыстан көп кiсiнiң шаңын көрген.
Қасында бегiне айтты: – Барыңыз, – деп,
Кiмдер-дүр сұрап жөнiн бiлiңiз, – деп,
Не себептен бұл жақта жүрген адам,
Тезiрек мұнда бiлiп келiңiз, – деп.
Миһiрасар әскерiне бұл бек кеттi,
Көп жастар ақсақалға сәлем бердi.
– Кiмсiздер, қайсы жерге барасыз? – деп,
Ақсақал Миһiрасарға сөйлейдi ендi.
– Рұм шаһарынан шықтық бiзлер,
Жоқ iздеп һәрбiр жерге салдық iзлер.
Жоқшымыз ғарiп болған дүнияда,
Айтайын арызымды, құп тыңласаңлар... *