Құлқаныс – Зеберше

Бисмилла сөздi бастадым, Һәр мақұлық ойлар бас қамын. Қауiп-қатерi көп болар Бiр Құдайдан басқаның. Әзиз қып Алла жаратқан Әр түрлi жанның бастарын. Қадiрi бiрдей жанының Маса мен тышқан, арыстанның. Әр мақұлықты көресiз, Өлiмнен, бiлсе, қашқанын. Бiреудi алып жасынан, Бiреудi етек астынан, Бiреудiң өмiрiн ұзақ қып, Ас...

Қазақша
Құлқаныс – Зеберше
Бисмилла сөздi бастадым, Һәр мақұлық ойлар бас қамын. Қауiп-қатерi көп болар Бiр Құдайдан басқаның. Әзиз қып Алла жаратқан Әр түрлi жанның бастарын. Қадiрi бiрдей жанының Маса мен тышқан, арыстанның. Әр мақұлықты көресiз, Өлiмнен, бiлсе, қашқанын. Бiреудi алып жасынан, Бiреудi етек астынан, Бiреудiң өмiрiн ұзақ қып, Асырып жүзден жастарын. Уақтымен күндi шығарып, Әлемге нұрын шашқанын. Шапшытып бұлақ ағызып, Қақ жарып таудың тастарын, Қаласа жазды қыс қылып, Таң қаларлық iс қылып, Қолынан бұл iс келе ме Құдайдан жалғыз басқаның! Қарында жатқан балаға, Тұрғанда шықпай далаға, Есебiн тауып дем берiп, Жеткiзген ауқат-астарын. Жауынды бұлттан жауғызып, Сүт қылып қаннан сауғызып, Ризығын берген баршаның Құдiреттiң көргiн данышпанын, Қамқоры жалғыз Құдайды Халқының жер мен аспанның. Ұлық аты – бисмилла Жаратқан жалғыз Патшаның, Бейбисмилла аузымды Сол себептен ашпадым. Жақсылар, егер ұнатсаң, Көңiл қойып тыңласаң, Аз хикая қылайын Құлқаныс-Зебер дастанын. Құбыл деген шаһарда Бiр падиша бар едi, Әдiл едi артықша, Өтенше атын дер едi. Ордалы деген бiр шаһар Апталық бұған жол едi, Падишасы Әппақша Әдiлетi мол едi. Өтен мен Әппақ бiр-бiрiн Жанындай жақсы көредi, Тату өскен тең едi, Һеш перзентi жоқ едi. Бiр перзенттiң зарпынан Көңлiнде қайғы көп едi, «Перзент көрер күн болса, Болайық құда», – дер едi. Жасы елуден асқанда, Қайғымен жүдеп сасқанда, Қабыл болып тiлегi, Екеуiнiң бiр жылда Болыпты жүктi әйелi. Сүйiнiп күнiн санады, Тоғыз ай, тоғыз күн өтiп Әйелдерi туады. Әппақшаның әйелi Туыпты еркек баланы, Қырық күн ұдай той берiп, Зеберше атын қояды. Әйелiнiң Өтеннiң Қыз болыпты туғаны, Өзгеше сұлу жамалы. Атын қойды Құлқаныс, Той берiп қырық күн бұ дағы. Көдектердiң күн сайын Құлпырды гүлдей шырайы. Әлпештеп өте бағады, Бiр жыл өтiп арадан, Екi жасқа шығады. Бiр күндерi Әппақша Өтенге жаушы салады Қызына құда болғалы, Өтен де мұны ұнады. Сән-салтанат, сыйлықпен Құда болды екеуi, Сертiмен айтқан баяғы, Барша халық бiледi. Жерi шалғай жол едi, Қатынасы кем едi. Арада неше жыл өтiп, Еңбектеуден ер жетiп, Құлқаныс пен Зебердiң Он үшке жасы келедi. Сұлу болды артықша, Тандырып естен көргендi. Алыстағы жерiнiң, Қатынасы болмай елiнiң, Құлқаныс, Зебер бiр-бiрiн Есiтiп һешбiр бiлмедi. Жайсан дейтiн шаһардың Падишасы Қауас дер едi, Бiр мақтаншақ неме едi. Төлен дейтiн оның да Жалғыз ұлы бар едi. Өтен мен Әппақ патшаның Есiтiп жайын бiледi. Бiр күнi қызды көредi, Құлқанысқа таңданды, Байқамай бұрын жүр едi. «Осы қызды әперiп, Үйлентсем, – деп, – Төлендi», Қауас ханның бiр күнi Көңiлiне қиял келедi, Әппақшаны жамандап, Айнытсам деп Өтендi. Құлқанысқа жаушы ғып Жiбердi Қауас бiреудi. Сөзге шешен неме едi, Өтеншеге Қауастың Сонда жазған сәлемi: «Өтенше, аман жүрмiсiң, Жайлы ма, қалай тұрмысың? Саулығыңа Құдайдан Тiлеймiн тiлек сiз үшiн. Һарон Рашид патшадай, Әдiл ердiң бiрiсiң. Сырттан тату болсақ та, Түспеп едi жұмысым. Қайт қылмас деп ойлаймын, Түсiп тұр сiзге бiр iсiм. Қымбатты патша Өтенiм, Қадiрiңе жетемiн! Шырағы дейдi перзенттi Әке менен шешенiң. Бағасына жетпейдi Татпаған дәмiн шекердiң. Бастамай тұрып әр iстi, Ойлаған жақсы не екенiн. Жазым қылар ақыры, Алмасаң алдын жөтелдiң. Зерек ерлер табады Әр iстiң ойлап есебiн. Әппақшаның ұлына Қызыңның бiлдiм кетерiн. Ақылдың диқан кенi едiң, Бiлетiн парқын нешенiң. Қылмақшы күйеу болыпсың Әппақшаның тентегiн. Ойлағын, оған қыз берсең, Жылаумен күнi өтерiн. Жаным ашып айтамын, Деп ойлама әзiлi. Жарамас аңға деушi едi Жетектеп жүрген тазыны. Әппақтың ұлы нақұрыс, Жаман едi тәрiзi. Ұлдан зият қызың бар, Өтеннiң дейтiн жалғызы, Бiр жаманға таңатын Бар едi қандай жазығы?! Кедейлерше үнемсiз Таусылып тұрған азығы, Қыз бермесең болмайтын Бар ма едi сiзде қарызы. Зебершеге баруға Қызың да өте наразы. Ұялғаннан әрең жүр, Айта алмай сiзге арызды. Көре тұра жылатсаң, Қыздың да ұрар жазыры. Ойлағын өзiң пайымдап, Мақсатым емес айырмақ. Әппақша жегжат болмайды, Қойғанмен сiзге шайырлап. Атасы да ұры едi, Қай iстен өзi тайынбақ! Өзiң бiл бiрақ, Өтенiм, Сүймеушi ем өзiн жайында-ақ. Туысқаннан артықша Көрушi ем жақсы өзiңдi. Болуға құда ынтық боп, Өссiн деп жүр ем қызыңды. Қызыңа Төлен лайық Ақыл мен ойға сезiмдi, Жiбердiм жаушы, жаманға Килiгiп қалған кезiңде. Зебердi қызың қаламай, Жүргенi жылап сезiлдi. Ұялып бiрақ айтпайды, Қыла алмай төмен жүзiңдi. Әдiлеттi патша едiң, Жайылған атың бүгiнде. Теңiне бермей қызыңды, Жылатқаның өлiм-дi! Төлен мен қызың бiр-бiрiн Сүйетұғын көрiндi. Құдалықтың кәдесiн Iстелiк жылдам тезiнде. Жаушымнан барған хабар бер, Жөн көрсең осы сөзiмдi». Қағазын алып Қауастың Елшiсi жүрiп кетедi, Өтеншенiң елiне Аман-есен жетедi. Сәлемiн берiп Қауастың Мән-жайын баян етедi. Өтенше бұған нанады, Жаушыны күтiп алады. «Болайын құда, мақұл», – деп, Қауасқа қағаз жазады, «Өтiрiк патша айтпас», – деп, Қызына ақыл салмады. Тездеп жүрiп жаушысы Елiне қайтып барады. Өтеншенiң қағазын Қауасқа келiп бередi. Тоғыз үйiр жылқымен, Таралғы-тарту мүлкiмен, Тамаша ойын-күлкiмен, Көшкендей елi-жұртымен Iздеп келiп Қауас хан, Өтенге құда болады. Екi құда сүйiсiп, Бiрiне-бiрi ұнады. Тұлпар мен зерден киiт қып, Мәртебесiн биiк қып, Iзетiн жұрттан асырып, Қайтарды Өтен құданы. Бiлсе де Әппақ есiтiп, Болмады дұшпан өшiгiп, Зеберге де, елге де Бiлдiрмедi бұларды. Аман болса Зебершем, Алар деп ақыр бiреудi, Көңлiне қастық алмады. Құлқаныстың сол кезде Он төртке жасы шығады. Ашылған гүлдей жайнаған, Көргеннiң ауды құмары. Оймақ ауыз, күлiм көз, Нәзiк белдi, шырын сөз, Пiсте мұрын, қалам қас, Ақ тамақ балғын, сүмбiл шаш, Тоты құстай сыланған, Қылығына жан тоймас. Әйелде ондай сұлу жоқ Есiткен жерде шамалы. Ақыл, өнер, есiне Көрген жан қайран қалады. Iштегiсiн адамның Айттырмай оймен табады. Сол уақытта Құлқаныс Он төртiншi айдай толады, Дәулетiмен атаның Көңлiнде қаяу болмады. Зебердi бұрын есiткен, Есiттi және Төлендi, Зебер менен Төленнiң Бiлдiрмей жайын сұрады. Бәрiн де бiлдi анықтап, Астыртын жұмсап адамды, Қарсы болды Төленге, Зеберше өте ұнады. Қырық қызға тегiс бұйырып, Еркек порма киiнiп, Тұлпардан таңлап ат мiнiп, Жол жабдығын шақ қылып, Зебершенi көруге Бiр күнi аңға шығады. Құлқаныс ертiп нөкерiн, Зебердiң кеттi елiне. Келiп жеттi Әппақтың Киiктi деген көлiне. Зебершедей шаһзаттың Аң аулап шығар жерiне, Шығатын аңға Зебердiң Келген екен кезiнде. «Жолықсам» деп Зеберге Аң аулап жүрген жерiнде, Қарауылдап көл жақты Алыстан қыздар жүр едi. Бiр уәзiрiн Әппақтың Атын Кәмiл дер едi. Патшадан артық ақылы, Парасатты ер едi. Ойға жетiк, сөзге ұста, Әр өнерi көп едi. Аң аулауға ұқыпты, Қолынан әр iс келедi. Аңға шықса Зеберше, Басшы ғып соған ередi. Қырық нөкерi қасында, Өңкей тұлпар астында, Басшы қылып Кәмiлдi, Зеберше аңға кеп едi. Алыстан келген бұларды Қыздардың көзi көредi. Зебершенi Құлқаныс Ақылмен танып бiледi. Бәрi де қыз боп киiнiп, Пормасына енедi. Жақындап келiп оларға, Иiлiп сәлем бередi. Құлқаныстың Зеберге Сондағы айтқан өлеңi: – Шаһзада, жүрсiз бе аман, сәлем бердiк, Естушi ек атағыңды, бүгiн көрдiк. «Түңiлме түсi игiден» дегендей-ақ, Шаттандық бiр қуаныш көңiлге енiп. Зәрурат бiр жұмыспен келiп едiк, Сiзге бiр қайту үшiн белгi берiп. Түнерiп тiлсiз жандай жүрген жөн бе, Тұрғанда дәурен баста, қолда ерiк! Қызығы дүниенiң бар ма, сiрә, Тең тауып қосылғаннан өмiр серiк. Сыртыңнан атағыңды естушi едiк, Әрдайым жүрмесек те бұрын көрiп. Өтенше – атам аты, шаһарым – Құбыл, Болғалы атам патша бiрнеше жыл. Құлқаныс – өзiм атым, атамызда Болмапты менен басқа қыз бен ұл. Не пайда хан мен патша болғанменен, Көңiлге қаяу түсiп, шалынса кiр. Iлгергi жас кездегi болған iстен Бiр нәрсе құлағыма шалынып жүр. Перiште әуелгi iстi бастар деген, Келiп ем алдыңыздан өтуге бiр, Бұл жерде сөйлесудiң ретi жоқ, Арада бар болса да бiр терең сыр. Мәрт адам сүйгенi үшiн отқа түсер, Сөзiмде қата болса кешiрiм қыл. Дүниеде жақсы да көп, жаман да көп, Не демес көз көргенше бұл қызыл тiл. Тiстiге шайнап берген ас болмайды, Шаһзада, ендiгiсiн өзiңiз бiл. Ашықтық бар мен жоққа қарата ма, Бiлiнбей саналы адам тек жата ма! Арғымақ қашан болса бiр қалыпта, Семiрсе жабы жанды жолата ма? Сайрайды бұлбұл құс та гүлге қонып, Сасыр мен тiкенекке тiл қата ма? Қырымнан қанат қағып қыран шабар, Жапалақ жардан шықпас бұратала. Түсiнер естi кiсi ишаратқа, Жөн сөздi жаман адам жарата ма! Жақсының жалғыз сөзi дертке дауа, Жаманмен жолдас болып таң атар ма?! Осыны айтып Құлқаныс, Атының басын тартады. «Қайыр, қош» деп айтады, Бөлiнiп кейiн қайтады. Бұл сөздi Зебер байқады, Кәмiлге Зебер сөйлейдi: – Осы қыздың мәнiсiн Бiлесiз, көке, сiз, – дейдi. Әлгi айтқан сөзiнiң Мәнiсiн айтып бер, – дейдi. Кәмiл айтты: – Қарағым, Қатардан артық талабың. Ашық боп iздеп келгенi, Көрсеткелi жамалын. Соңына сенi ертпекшi, Байқадым қыздың амалын. Балауса өскен манабым, Алды-артыңа қарағын. Сол қыздың айтқан сөзiнен Қалмады сабыр-қарарың. Бейтәртiп болар осындай Қыздары Дәштi даланың. Өнерi қыздың көп едi, Шынымен айтқан жоқ едi. Аңғырттар сөзге ередi, Айтқанды рас көредi. Тәртiбiнiң жоқтығы – Өзiнiң iздеп келмегi. Кәмiлдiң айтқан бұл сөзiн Зеберше ауыр көредi. Қамшы ұрып атқа жөнедi, Қыздарға жақын келедi. Құлқанысқа жақындап Сондағы айтқан өлеңi: – Екi ашық бiрiн-бiрi сұрайтұғын, Болса да қандай жұмыс ұнайтұғын. Бiр ауыз жүрегiме от тастадың, Қалмады сабыр-тағат шыдайтұғын. Құлқаныс, арызым бар, тоқтағын тез, Кәмiлге бiр-екi ауыз сөйлеңiз сөз. Сөйлесiп, ақылдасып ажыралық, Қаңбақтай жел аударған келгенде кез. Арбамен асықпаған қоян алар, Не демес ауыз батыр, көргенше көз. Киiнiп өңкей порма топтанған қыз, Күмiске, алтынменен шоқтанған қыз. Сырыңның бастан-аяқ мәнiсiн айт, Көңiлге келедi деп ап қалмаңыз. Қашық жер шаһар Құбыл оқпандыңыз, Пiкiрмен қандай жедел аттандыңыз. Сөзiңдi әлгi айтқан анықтап айт, Ауызға [келген] сөздi қайтармаңыз. Қылмайды ақты қара Жаппар Кәрiм, Бiрақ та жалған айтып мақтанбаңыз. Не жайлы сонша жерден сапар шегiп, Жұмысқа қайсы түрлi қайттың келiп. Жұмысың менде болса сұрап қалғын, Кетейiн керек болсам соңыңа ерiп. Әуелi ашық болып iздеп келсең, Ақыры не себептен қайттың жерiп! Сұрайтын өзiңiзден сұрауым сол, Көңiлдiң пәрiн ашқын жауап берiп. Зеберше солай деп едi, Сөйледi сонда Құлқаныс: – Сөзiмде жоқ-ты бұлтарыс, Мұратқа жанды жеткiзер Сабырменен қылған iс. Сабыр қылмай асығып, Бiткенге қайрат тасынып, Сындырған екен аяғын, Айға шауып жолбарыс. Бiр зәрурат iсiм бар, Болмаймын бекер құр таныс. Мақсатты кейiн шешермiз, Жас болсақ толып өсермiз, Болайық әзiр бiр таныс. Жақсылықтың белгiсi – Сөзiнiң айтқан жөндiсi. Тұлпар да түбiн табады, Иесi күдер үзбесе. Бейхабар мейлiң жата бер, Сiз үшiн бiреу iздесе. Әкеңнiң қылғын өрнегiн, Сөзiмдi айып көрмегiн, Танысқалы сiздермен Қиял етiп келгенiм. Тұрайын мұнда несiне, Алмасаң өзiң есiңе. Жақсыларға қарыз деп, Iздедiм бiрақ кешiге, Болатұғын жұмыстың Ертесi не, кешi не?! Жүгiргенмен болмайды, Қылмаса Құдай несiбе. Құлқаныс солай деп едi, Жақындап Зебер келедi. Танысудың алды деп, Қолының ұшын бередi. Дидарласып екi ашық, Бiрiн-бiрi көредi. «Жүрейiк, қайыр, мырза», – деп, «Қош боп тұр ендi ырза», – деп, Сөйлесе алмай күрделi, Ендi қыздар жөнедi. Зеберге қайта бұрылып, Құлқаныс сонда сөйлейдi: – Iздеген адам табады, Шыққанды қуса дерегi. Бейнетсiз қайда рахат, Көп сөздiң не, – деп, – керегi. Шетке шығып Қаныстың Зеберге айтқан өлеңi: – Басқаның бәрi жұп-ай, Құдай сыңар, Ақылмен ойлағанға солай шығар. Атамыз әзiрет Адам салған жолы – Әр уақыт еркек iздеп әйелдi алар. Кемесiз дарияны кешкенменен, Жаманға өнерлi деп болма құмар. Азаптан ат жақсысы ап қалады, Кiсiнi ат жаманы жарға жығар. Баққанмен тәрбиялап ат бола ма, Есекке тағып қойып алтын тұмар. Талпынып нұсқа көрер кезген адам, Табады деректiнi сезген адам. Түбiнде дарияның гауһар шам бар, Жанынан оны да алар безген адам. Сөзiмде осы айтқан жалған бар ма, Бейнетсiз рахатты алған бар ма?! Түсiнер естi кiсi ишаратқа, Сезбейдi қанша айтсаң да надандарға! Патшаның қыдырғанмен қазынасын, Керегiн ессiз кiсi таба алар ма? Соңына лашын құстың түскенменен, Жемтiгiн қара қарға ала алар ма? Алыстан дәме қылып жүрген түлкi Шерiнiң жемтiгiне бара алар ма? Көңiлде қаяу болса хан болғанмен, Мұратқа жеткен болып саналар ма?! Бермейдi жыламаса анасы емшек Қарны ашқан құндақтағы балаға да. Айрылған төл атынан ерге намыс, Болмайды бит шыққандай жамандарға. Дүниенiң қызығының бiр белгiсi, Бiлмейдi өз пайдасын жаман кiсi. Жол тауып жаман адам ала алмайды, Бiреуге зап-зайыр боп кетсе ақысы. Әр уақта бейқам ұйқы, арсыз тамақ, Жаманның бар өнерi болар сол-ақ! Сырыңды түсiне алмай көпке жаяр, Сөйлесiп бiр-екi ауыз кетсең жолап. Түсiнген дұрыс сөздi жала дей ме, Асығып ер тамағын шала жей ме? Жабының жалы бар деп жауға мiнбес, Қоғаны тоғайдағы пана дей ме. Ақылды өзi ойлар мiнәсарын, Жамандар үлгi сөздi сана дей ме. Көредi оғын қымбат жаман мерген, Алдына аңды ата алмас қарсы келген. Жаманға оттың басы үш айлық жол, Табады Меккенi де iздей берген. Зәрурат бiр жұмыспен шығып едiм, Ерiгiп жүргенiм жоқ құрып серуен. Күңдерше бұта түбi сөйлеспеймiн Құлменен кездескендей тезек терген. Ордама iздеп бар да сонда сөйлес, Шынымен шаһзат болсаң үлгi көрген. Осыны айтып Құлқаныс, «Қайыр, қош!» деп жөнедi. Қапа болып Зеберше Нөкерiне келедi. Тағат қылып тұра алмай, Келе сөйлей бередi: – Айтқан тiлдi алмаса, Нөкердi ертiп не керек! Сiлтеген аңды алмаса, Тұйғынды салып не керек?! Жабыдан озып шықпаса, Арғымақ мiнiп не керек. Болғанда жiгiт желiгiп, Қыз сөзiнен жеңiлiп, Көңiлге қаяу түсiрiп, Тiрi боп жүру не керек! Қыз сөзi кеттi қыздырып, Дүниеден үмiт үздiрiп. Қырық жiгiт, қалай көресiң, Iздесек соны бiз жүрiп?! Қиын-қыстау тар жерде Көрсетер ерлер өнерiн, Тағдырда жазған жұмыстың Көрмейдi пенде нелерiн! Ойда жоқ жерде кез қылып, Таңғаларлық сөз қылып, Түс көргендей қып қойды, Құдiреттiң көргiн шеберiн! Болсам да жалғыз кетемiн, «Барасың қайда?» демегiн, Құлқанысты iздеймiн Есiткен бүгiн дерегiн. Атасы дұшпан болса да, Сөйлесiп қызбен көремiн. Таусылған болса несiбем, Жатсам да үйде өлемiн! Күтпеймiн жаннан жақсылық, Құдайға жалғыз сенемiн. Адамға қиын жалғыздық, Өзiне лайық Егенiң. Жолдас қылсам деп едiм, Тимесе де көмегiң. Не болса [да] ашып айт, Қалады көңлi демегiн! Қинамаймын ешкiмдi, Болмаса өзiм жөнейiн! Зебер солай деп едi, Ешбiрi пәлен демедi. Жалғыздық түсiп Зебердiң Көңлiне әр ой келедi. Кететiн болды бiр өзi, Әппақтың жалғыз көдегi. Сүйеу болған туысқан, Аға-iнiсi жоқ едi. Нөкерiмен қоштасып, Сондағы айтқан өлеңi: – Аман бол көргенiмше, iнi-аға, Сiздердi дос көрушi ем iшiнара. Күн жақсы көрiскенше, құрбыларым, Сақтасын панаһында Алла Тағала. Достықтың ешкiм жетпес қадiрiне, Iс болды опасыздай, әттегене! Бастасаң егер бiрiң ерер едiм, Болса да қандай iске көнер едiм. Себептен жолдас болған жастайымнан, Жолыңда басымды да берер едiм. Көрмесем ата-анама қиын болды, Ерке өскен жалғыз ғана көдегi едiм. Сұранып осыншама өтiнсем де, Ешбiрiң пәлен-түген демегенiң. Соғыссам әскер жиып Өтеншемен, Жазықсыз көптiң қанын төгер едiм. Сауапты обал менен бiлу керек, Қылмаймын арсыз iсiн өлерменнiң. Өмiрi әрбiр жанның өзiмiздей, Деп жүрмiн мен де үмiт қып көгерермiн. Жазықсыз бекер төксем көптiң қанын, Пендемiн мен де ақыры не көремiн. Айтып ем зорлық емес, жолдастықпен, Құрбылар, үлкен аға, елемедiң! Артынан Құлқаныстың көп кешiкпей, Дұрысы ендi менiң жөнемегiм. Ешкiмге айтпаңыздар кеткенiмдi, Көремiн аман келсем беттерiңдi. Атамның көңлiн ашып қызметiн қып, Басқаға аудармаңдар ниеттерiңдi. Балаңның шығып кетiп қолдан құсы, Сұраса, қудық деңдер барлық кiсi. Болған соң аты жүйрiк кеттi озып, Бiз қалдық көрiне алмай бiр белгiсi. Үш күндей көп iздедiк, дерегi жоқ, Лажсыз келгенiмiз деңдер осы! Ай күтер атам менi, апта күтер, Жар салып барлық жаққа хабар етер. Оңдаса барған жерден Құдай iстi, Менiң де қайтып келер уақтым жетер. Алдына аман-есен келсем қайтып, Күнәмнiң бейәдептiк бәрiн де өтер. Осындай амалменен бармасаңдар, Падишадан бәрiңе де зиян жетер. Осыны айтып Зеберше, Мықтап тартып тартпасын, Тәуекел деп Құдайға, Сапарға бұрды ат басын. Бiр ердiң жалғыз көдегi, Патша Құдай сақтасын! Ашық болды Зеберше, Құлқанысқа қайғырып. «Барсам, – деп, – қызға ертерек» Бөлiндi топтан айырылып. Дұшпаннан зиян жетер деп, Қайтпады серттен қаймығып. Қия алмай қатар құрбысын, Тоқтады және жай жүрiп. Тағы да айтқан өлеңi, Артына қарап қайырылып: Сiздерден бiлдiм жалғыз кетерiмдi-ай, Сау болсам Құлқанысқа жетерiмдi-ай! Болып ек жастан жолдас, ажырастық, Тұз-дәмдi патша Құдай көтерiп-ай! Үлкендi аға, кiшiңдi iнi деушi ем, Дариға-ай, бүгiн бiлдiм бөтенiңдi-ай! Бiр туған бауыр болса өстер ме едi, Ұрысып кектескенмен неше бiр-ай! Қуанар әркiм жолдас табылғанда, Жолдас табар ердiң ерi жаңылғанда. Сөзiмдi бiрiң қабыл етпедiңдер, Сiздерге жазып едiм не қылғанда?! Кешiңдер жақсы-жаман қатам болса, Кетпесiн арман iште сағынғанда! Осыны айтып Зеберше, Атына қамшы басады. Артынан ешкiм ермедi, Бiр кезеңнен асады. Зебердi кетпес деп едi, Ендi Кәмiл сасады. Нөкерлерiн жиып ап, Тез мәслихат жасады. Ақыл айтып оларға, Былай деп сөздi бастады: – Жалғыз кеттi жас бала, Қайтпайтынға ұқсады. Зеберге мен ерейiн, Салғанын Хақтың көрейiн. Шаһзададан айрылып, Патшаға барып не дейiн! Бәрiмiзге әбүйiр Болар едi өте бiр, Сол қызды алып Зеберше, Үстем қылса мерейiн. Қырық жiгiт, маған рұқсат бер, Соңынан мен де жетейiн! Тiлектес болып тұрыңдар, Ермедiң сендер демейiн. Естерiңнен шығармай, Сақтаңдар бiрақ сөзiмдi. Аузыңа бәрiң ие боп, Ұстаңдар бекем өзiңдi. Мұны бiлсе падиша, Сағынған бiздi кезiнде, «Ермепсiң, – деп, – соңынан» Бәрiңнiң ояр көзiңдi. Патша Құдай сақтаса, Келермiз үш ай кезiнде, Сақтықпен iсте iсiңдi, Қылмаңдар төмен түсiңдi. Сейiл қып жүр дегейсiң, Бiлмесiн патша бұ сырды. Әскер жиып аттанып, Жердiң жүзiн ақтарып, Қаһарланса падиша, Көрсетер елге қысымды. Ауызыңа ие бол, Өлерсiң найза ұшында. Осылай Кәмiл деп едi, «Мақұл» дедi нөкерi. – Сiзден хабар болғанша, Басқаға айтып нетелi! Қол алысып қоштасып, Шаһарға бұлар кетедi. Кәлендерлiк киiмнен Артына Кәмiл бөктердi. Бiр тұлпарды жетелеп, Зеберге қуып жетедi. Қасына жақын келедi, Келе сөйлей бередi: – Бұйрық берсең, бiз түгiл, Соңыңнан жұртың ередi. Қысылған жерде жiгiттiң Бiр Құдай болсын көмегi! Ел-жұртың мен атаңның Күш-қуаты сен едi. Алдына барып атаңның, Алғаның рұқсат жөн едi. Бiр өзi түзден кетпес деп, Ермегенiм сол едi. Не де болса өзiң бiл, Ақылың терең мол едi. Талап қылдың бiр iске, Тәуекел, ендi жөнелi! Сiздерменен қосылып, Үш атаға келiп ем. Жастайымнан патшаға Ар-намысқа серiк ем! Ұмытайын қандай ғып, Көп жақсылық көрiп ем. Патшаны қайтiп көрейiн, Жiберiп жалғыз сенi мен! Бұл күнде атаң жау едi Өтеншенiң елiмен. Әуелде атаң құда боп, Со қызды саған телiген. Қауаспен де өштестiк, Таласқан қызға жөнiнен. Зерек екен Құлқаныс Қатар-құрбы, теңiнен. Көруге сенi келгенi, Күдерiн үзбей өзiңнен. Осылай едi баяны, Ол қыздың келген сияғы. Бұрын айтпай жүр едiм, Көңiлге осы аяны. Ишаратпен айтпаса, Қыз сырын қайтiп жаяды. Байқасам деген сырласып, Сол шығар қыздың қиялы, Әдейi iздеп келгенi Даңқымен ата баяғы. Тәуекел, ендi жөнейiк, Бiр Құдайдан тiлелiк! Еш адамға бiлдiрмей, Қыздың сырын бiлелiк, Өзiмiз жатып аулақта, Астыртын адам жiберiп. Осылай деп екеуi, Атының басын төгедi. Ынтызары – Құлқаныс, Күн-түн қатып жөнедi. Аспанменен таласқан Неше күдер бел едi, Бiрнеше күн жол жүрiп, Көп бейнеттi көредi. Шаһар Құбыл қалаға Бiр күн жақын келедi. Осы Кәмiл уәзiр Ақылдың диқан кенi едi. «Шырағым Зебер, тыңла», – деп, Сондағы айтқан өлеңi: Зебержан, сабыр қылып ақыл ойла, Ел қалды қанша жерде, келдiк қайда! Иншалла, нәсiп болса, жолығармыз Құлқаныс Өтен қызы осы жайда. Әбүйiр берсе Құдай, түсер қолға, Жем болған бөденедей тұрымтайға. Амалмен артын ойлап iс қылмасақ, Жанашыр бiзге адам жоқ бұл маңайда. Ел кезiп, бiр қыз үшiн пенде болдық, Жан едiк шалқып жүрген кең сарайда. Бiр үйге саудагер боп бiздер түсiп, Қылалық тәуекелдi бiр Құдайға. Сонда Зебердiң айтқаны: – Қамқорым, сүйенiшiм, жаным аға, Қош көрдiм айтқаныңды сенiң, аға. Бұл жерде не қылсаң да ерiк өзiңде, Ерiктi сiзге бердiм сенiп, аға. Жүргенде арып-ашып бiз ғарiптi Бастағай оң жолына Алла Тағала! Қанысты тым болмаса бiр көрсетшi, Көңiлiм осы күнде бiтеу жара. Осынша жау iшiнде келдiк қаңғып, Болғай да бiз ғарiпке Құдай пана! Әр қалай сiзде ерiк, бiзде сөз жоқ, Ерiктi сiзге бердiм сенiп, аға! Осы сөздi айтысып, Шаһарға бұлар келедi, Бұрын келiп көрмеген, Бiр шетiне енедi. Сол уақта Зебердiң Дүрсiлдеп кеттi жүрегi, Шаһардың халқы көп едi, Күнде базар жер едi. Әкелген аты сатылып, Дайындалды керегi. Бiр үйге кешке келедi, «Сөйлес!» деп дауыс бередi. Бiр кемпiр шықты далаға, Аз күтiп сабыр қып едi. – Түсiңдер, – дедi, – шырағым, – Қонақпыз, шеше! – деп едi. Сөздерiн кемпiр ұғады, Мейман қылды бұларды. – Жүрсiңдер қайдан, балам? – деп, Мәнi-жайын сұрады. – Келдiк, – деп, – Әппақ елiнен, Саудагерлiк жөнiмен. Осылай деп жай ғана Сонда Кәмiл жай бәзiр Кемпiрге баян қылады. Еркiн жатып дем алып, Сахармен ерте тұрады. Кәмiл айтты: – Жан шеше-ау, Бiр сұрауым бар, шеше! Құлқаныс қыздың ордасы Қайсы шенде болады? Кемпiр айтты: – Шырағым, Не үшiн оны сұрадың? Қандай iсiң бар едi, Ордасы жақын шамалы. Кәмiл айтты: – Жан шеше, Сөзiме құлақ сал, шеше. Бiр әжеттi шығарып, Құлқанысқа бар, шеше! Алты тiллә берейiн, Оны өзiң ал, шеше. Көп кешiгiп жүрмеңiз, Жауабын алып қайтып кел. Әр қилы асыл бұйым бар, Аламын десе айтып кел. Әппақшаның елiнен Келдi де екi саудагер. Ерттеп жатыр аттарын, Асығыс деп хабар бер. Сонда кемпiр қуанды, Алты тiллә пұл алды. Ордаға қарай жөнелдi, Қалдырып үйде бұларды. Жүгiре басып жөнедi, Ордаға жетiп келедi. Анадайдан кемпiрдi Қыздардың көзi көредi. Кемпiрге қыздар қарады, Жауапқа алды маманы. Қалжыңдап қыздар күледi, – Құлпыруын қара!– деп,– Көргендей жортпаш баланы. Кемпiр айтты: – Қыздарым, Ентiктiм шаршап шамалы. Саудагердiң сәлемiн Келiп ем баяндағалы. Әкелген екен саудагер Торғын мен мақпал, алтын зер, Сұрап едiм, нәсiлi – Әппақшаның адамы. Қамқа мен зер – кигенi, Алтыннан қару-жарағы, Тазадан өңкей киiмi, Патша мен ханның қалауы, Сымбалдап атқа артқаны Өңкей қымбат бағалы. Бөлекше жұрттан түрлерi, Көрмедiм ондай пенденi. Саудасы бар ма қыздардың, Хабар бергiн деп едi. Патша мен бектер болмаса, Басқаның әлi келмейдi. Өмiрiмше көрмеп ем, Көрнектi екен түрлерi. Алтын мен жақұт, асыл тек, Дүрi, гауһар, меруерт, Сипаттау қиын сөзбенен, Өзiң барып көр, – дедi. Жылдам бар – дедi, – кешiкпей, Жүргелi атын ерледi. Асығып жылдам барсын деп, Тағы да кемпiр сөйледi: – Гауһар шамнан орнатқан Алтын мен күмiс бiлезiк. Лағыл-жақұт көздерi Сақина мен көп жүзiк. Бағасы да арзан, Тұрған жоқ сарттай сiресiп. Керегiңдi, Құлқаныс, Алып қал сатып үлесiп. Тез асығып бармасаң, Менсiнбей затын жүргенсiп, Кетедi жүрiп саудагер, Бармасаң маған iлесiп. Осылай кемпiр деп едi, Құлқаныс пәлен демедi. Сиясатпен бұйырып, Нөкерiне сөйледi: – Намыс болды кемпiрдiң Үстiмдi басып келгенi. Жамандардың осындай Болдық па, қыздар, ермегi. Дарбазаның аузына Бекiтiп, байлап кел, – дедi, Таң атқанша босатпа, Өлiгiн өлсе көм, – дедi, Қоя берсек зиянсыз, Күлкi қылар ел, – дедi. Бұйрықты қыздар ұғады, Орнынан бәрi тұрады. Ерiгiп тұрған қырық қыз Кемпiрдi тұра қуады. Қыздар қуды жүгiрiп, Жөнелдi кемпiр түрiнiп, Есi-түсi қалмады, Жанынан кемпiр түңiлiп. Түсiп кеттi дамбалы, Әбүйiрi көрiнiп. Киюге қайта шама жоқ, Құлады кемпiр сүрiнiп. Есiнен кемпiр танған соң, Таңқайып көтi қалған соң, Баруға қыздар ұялып, Тоқтады кейiн шегiнiп. Кейiгенсiп Құлқаныс, Шошыды жаны түршiгiп. Тыпырлап құлап жатқанда, Көйлек те кеттi жыртылып. Шегiнiп қыздар қалғанда, Жөнелдi кемпiр ыршынып. «Ал, ұста» деп қырық қыз, Тағы да түстi соңына. Сасқаннан кемпiр көйлегiн Жұлып алды қолына, Әбүйiрiн басуға Пана қылды оны да. Таңданды қыздар кемпiрдiң Ұятының жоғына, Шапақтап кетiп барады Қолымен екi қоңына. Ұялғаннан қырық қыз Қуғанды қойды соңында. Қашып шықты сытылып, Қала жаздап тұтылып. Қатты қуды кемпiрдi, Ерiккен қыздар құтырып. Әрең жеттi үйiне, Ентiгiп зорға жұтынып. Киiмiн әлi киген жоқ, Алғандай бiреу сыпырып. Есi шығып кетiптi, Қарайып өңi түтiгiп. Әрең жеттi үйiне, Өлiп-талып құтылып, Аузынан көбiк шашылып, Әбүйiрi ашылып. – Жаман екен қу қыздар, Қорлады, – дедi, – басынып. Зебер мен айтты Кәмiлге: – Барып келдiм қыздарға, Көкпар бола жаздадым, Құтырған өңкей қу қарға! Мас болған өңкей шұнақ қар, Айтқанымды тыңлар ма! Айтып едiм, ұмтылды. «Саудагерiң қайда?» – деп, Бұйрық бердi Құлқаныс: «Қарамаңдар жайға», – деп, Дарбазаның аузына Ұрып-соғып байла, – деп. Байлаулы жатсын түнiмен, Сырыңды халыққа жайма, – деп. Таң атқан соң кемпiрдi Ордаға қарай айда, – деп. Тұра қашып замғадым, Түршiктi қорқып жандарым. Дос адамнан бiреу жоқ, Қарасам, дұшпан жан-жағым. Пәрменiмше жүгiрiп, Түсiп кеттi дамбалым. Келмедi шамам жиюға, «Өлдiм ғой» деп ойладым. Аяғыма оралып, Етпетiмнен құладым. Ары-берi тырмысып, Тұрайын деп қамдандым. Домалап жүрiп байқадым Көйлектiң боршаланғанын, Ауыр көрдiм денемде Көйлектiң де салмағын. Жеңiлденiп қашуға Оны да қолға алғаным. Киiмi құрсын, құдайы, Айтсаңшы жанның қалғанын! Мас болған өңшең шұнақ қар, Ай-шайыңа қарамас. Қыздардың түссем қолына, Айырып ешкiм ала алмас! Тәттi екен қу жан бәрiнен, Құтылдым қашып жалаңаш! Жан қысылған кезiнде Ойыма түстi әрнеме. Өлiп қала жаздадым, Екiншi оған бар деме. Бiр мүсәпiр кiсiмiн, Қыздарға менi теңеме! Оларды алма аузыңа, Барайын айтсаң өңгеңе. Кемпiрдiң сөзiн есiтiп, Зеберше қатты тарықты. Айласын қыздың есiтiп, Қуанып Кәмiл қалыпты. «Бүгiнше мейман болсақ», – деп, Кемпiрге қолқа салыпты. Кемпiр айтты: – Шырағым, Қайт болмасын сұрағың. Желiккен қыздар сезбесiн, Даусыңды пәсең шығарғын. Тас жарады – үкiмi Құтырған шұнақ қу қардың. Зеберше қалды аңырып, Ақылынан жаңылып. Кемпiрден мұны есiтiп, Келгенiне налынып. Алдаған екен Құлқаныс, Келiппiз босқа сабылып. Болармыз күлкi деп, Бiр жаман ат тағылып. Кәмiлге қарап айтқаны, Қайтсақ деп елге жалынып. – Қыздардан қорқып қашып мама келдi, Пейiлi Құлқаныстың жаман келдi. Тұрмайық ендi мұнда, Кәмiл аға, Бiр қиял қайтсақ деген маған келдi. Сонда Кәмiлдiң айтқаны: – Бересiң не сүйiншi, Зебер, маған? Ақылмен данышпан қыз хабарлаған. Кемпiрдi дарбазаға байла дептi, Ақылмен түсiнер деп шаһизадам. Қарағым, ел жатқан соң сонда барғын, Айтқаным келмейдi деп болма алаң! Айтқаны дарбазаны ишарат қып, Нөкерiм сезбесiн деп амалдаған. Алдында дарбазаның күтiп тұрсаң, Құлқаныс жолығады шығып саған! Кәмiл дана Зебердiң Осылай деп көңiлiн жуатты. Ас-су iшiп ел жатты, Уәденiң болды уақыты. Ендi Зебер жөнелдi, Кәмiлден сұрап жауапты. Кемпiр де ұйықтап қап едi, Бiлмедi ешкiм бұ кәптi. Iс бiтпей күрделi, Жатса да ұйқы келмедi. Құлқаныстың ордасын Туралап Зебер жөнедi. Кемпiрден сұрап сыртынан, Бұрыннан көрген жер едi, Дарбазаның аузына Жасырынып келедi. Қыбырлаған еш жан жоқ, Шенiне һешкiм келмедi. Ары-берi отырды, Болмады қыздың дерегi. Қисайып ендi Зебердiң Көздерiн ұйқы жеңедi. Ұйықтап кеттi бейхабар, Балалығы көп едi. Ұйықтап жатыр Зеберше, Құлқаныс тұрып кеп едi. «Әзiлменен оятсам, Әлде деп қандай көредi. Тимейiн өзi тұрмаса, Мiнезi қандай неме едi». Көпке дейiн ойланып, Қиялын осы ой жеңедi. Оянар деп үмiт қып, Күдерiн үзген жоқ едi. Таңға жақын боп қалды, Жарым түнде кеп едi. Шыдатпады ашықтық, Сыр бермейiн деп едi. Жан-жағына жалтақтап, Үстiне жақын төнедi. Зебершенiң бетiнен Үш қайтара өбедi. Құлқаныстың сүйгенiн Шақты ма маса демедi. Қапа болып Қаныстың Сондағы айтқан өлеңi: – Жаманға ұйқы – жолдас, тамақ – тамыр, Көрiп ем бiр көргеннен сiздi тәуiр. Сәулетiн сыпайының түзде көр деп, Шынымен болғаның ба бiр оңбағыр! Деушi едi «адамзатқа ұйқы – дұшпан», Сүйгенiм, кеттiң бе екен жаңылып бiр. «Жазық жоқ жаңылғанда» деген сөз бар, Талайлар асығыстан тартқан зәбiр. Көрейiн не де болса сабыр қылып, Ақиқат шыққанынша бiр терең сыр. Арбамен асықпаған қоян алар, Құдайдың мың бiр аты, бiрi – сабыр. Жаманға ұйқы жолдас басқадан да, Ақылы өз басынан аспағанға. Ойланбай қылған iстiң түбi ойран, Сары алтын – сабыр түбi саспағанға. Әр iстiң артын ойлап байқа, – дептi, Асыққан бақ-дәулетiн шайқар, – дептi. Бiрiншi – пәтуалы кiтаптарда – Бастайды асығысты шайтан, – дептi. Ұстаған екi кеме суға кетер, Көңiлдi әр тарапқа қойсаң, – дептi. Осыны айтып Құлқаныс Жайына қайтып жөнедi. Балалығың бар екен, Әттеген-ай дер едi. Еш адам мұны сезбедi, Қыз жайына келедi. Денесi мұздап Зебердiң Бiр кезде басын көтердi. Жан-жағына қарады, Қасында ешкiм жоқ едi. Асығып қайтып жөнедi, Таңға жақын кезi едi. Ашуы келiп Зебердiң Кәмiлге айтқан сөзi едi: – Бекер екен, жан көке, Кешегi айтқан тiлдерiң. Айтқаныңды iстедiм, Һеш нәрсенi бiлмедiм. Орынсыз жұмсап аранға, Өлтiргелi жүр ме едiң! Қыз түгiл, онда шайтан жоқ, Бәрiн де тiнттiм iргенiң. Жаурадым өте қалтырап, Есiмнен шықпас түндегiм! Бiзге де қылар Құлқаныс Кемпiрге iстеп жүргенiн. Дарбазаны баққандай, Бар ма едi жазам бiр менiң! Ашық боп едiм әуелде Көрген соң қыздың түрлерiн, Мекерлiкпен жүр екен, Байқадым қыздың бұл жерiн. Алдаған екен Құлқаныс, Сөзiне ендi кiрмегiн. Есiгiн қыздың бақпайық, Қор болып күтiп жатпайық, Қайтайық ендi, жан аға, Берсе де қызын дүниенiң. Кәмiл айтты: – Шырағым, Бiр атадан сыңарсың. Сол қызға өте құмарсың, Баланың iсiн қыларсың. Құлқаныс саған келгенде, Ұйықтап қалған шығарсың. Бүгiн тағы қоналық, Қош көрiп кемпiр құп алса, Жалынып қызға жұмсалық, Егер де кемпiр тiл алса! Қанша да болса берейiк, Баратын болып пұл алса. Алдамайды Құлқаныс, Арада кемпiр жүре алса. Ол қыздай ешкiм болмайды, Басқаға көңiлiм толмайды, Өкiнiшi жоқ еңбектiң, Есесiн Құдай шығарса! Ойына түсiп қылығы, Бiлдiрмей Зебер жылады. Ашықтығы тағы бар, Есiттi және мынаны. Һеш нәрседен белгi жоқ, Көңiлi қашан тынады?! Ойланып бұлар жатқанда Намаздың болды уағы. Асығып Кәмiл киiнiп, Орынынан тұрады. Неше түрлi дәм берiп, Сыйлайды кемпiр бұларды. «Арызым бар, шеше», – деп, «Ырзамыз сiзге өте», – деп, Ат үстiнде отырып, Сөз басын Кәмiл шығарды. – Нәсiп айдап бұл жерге, Келiп едiк алыстан. Ойда жоқ жерде кездесiп, Жолымыз осы танысқан. Артық болды қызметiң Құда-жегжат, таныстан. Артықша болды мұныңыз, Үлкен болсын ұлыңыз! Қолыңыздан жамғарып, Қайырды бүтiн қылыңыз! Iсiмiз сiзсiз бiтпейдi, Ақиқат осы шынымыз. Дүниеде түгiл, пайдалы Ақыретке мұныңыз. Әр түрлi асыл бұйымнан Келiп ек артып мұны бiз. Құлқанысқа бiз үшiн Және бiр барып келiңiз! Келмесе айтар бiр жауап, Есiтелiк соны бiз. Ұқсамайды жаманға Қарағанға түрiңiз. Хақ Мұстафа пайғамбар Әлиге айтқан сөзi бар, Бес-алты ауыз айтайын, Ойланып пайым қылыңыз. Отырып бiр күн айтып өсиеттi, Әлиге Расул Алла былай дептi: – Iзетпен құрмет қылып атын байлап, Тоқтаусыз мейман келсе, қондыр, – дептi. Азардан әр уақта Тәңiрiм безер, Мейманның мұддағасын қылғын, – дептi. Орындап қолдан келсе айтқандарын, Қайым боп қызметiнде тұрғын, – дептi. Болғанға мейман ырза, Құдай ырза, Аянбай қызметiнде жүргiн, – дептi. Мейманның қызметiнде бiр күн тұру – Тең болар ибадатпен мың күн, – дептi. Дәм айдап үйiңiзге болдық қонақ, Әзелден нәсiп екен мейман болмақ. Келтiрiп айтқан сөздi орынына, Әр түрлi берiп тұрсыз тәттi тамақ. Ыбыраһым пайғамбардан қалған мирас – Мейманның не десе де тiлiн алмақ. Он екi қызыл тiллә пұл берейiн, Жан шеше, көңiлiм үшiн алғын санап. «Саудагер атқа мiндi, жүредi», – деп, Ол жерден айғайлап айт қашығырақ. Өзiне Құлқаныстың есiттiрiп, Қайтадан жүре бергiн бермен қарап. Сөздерiн Құлқаныстың анық тыңлап, Бұйырса айтып келгiн бiзге бiрақ. «Бұл жерге бiр кеткен соң қайтып келмес, Бар, – деңiз, – iнжу айна, гауһар тарақ». Қашқан соң өзiң қорқып, қуалайды, Еш нәрсе оныменен қыла алмайды. Көңлiнiң Құлқаныстың шаттығы үшiн Қырық қыз оған қарсы тұра алмайды. Қуып жүр тамашаға ермек үшiн, Бейжауап падишадан ұра алмайды. Күнәңiз қыздар қуса төгiледi, Һеш нәрсең оныменен қурамайды. Осылай деп ер Кәмiл, Шаттандырды маманы. Сонда кемпiр нанады, Он екi тiллә алады. Жүгiре басып жөнедi, Сарайға жетiп барады. «Бөтен адам жоқ па?» – деп, Жан-жағына қарады. Дауысын пәсең шығарып, Былайша жауап қылады: – Бiздiң үйде саудагер Жүрейiн деп қамданды. Қымбат баға артып жүр, Патшаға лайық малдары. Көрiп қалғын, Құлқаныс, Кеткен соң қылма арманды. Өмiрiмде көрмеп ем Меруерт, таза маржанды. Алтыннан екен инесi, Жақұттан екен түймесi. Бiр қоржынның iшiнде Мемлекеттiң дүниесi. Қымбат баға гауһары, Көргеннiң болмас сүймесi. Әкелген заты өте көп, Болмаса да түйесi. Тас моншақты таққанша, Күмiстi саудырлатқанша, Дәулетiнде әкеңнiң Гауһар мен жақұт тақсаңшы! Гауһардан қылған тарақ бар, Алмасаң да қарап қал! Лағыл, жақұт көздерi Алтын мен күмiс шолпылар, Гауһар шамнан орнатқан Әр түрлi сәндi сырғалар, Гауһар кесе, iнжу айна, Жақұт қасық тағы бар! Дүниеде жоқ заттардың Олардан бәрi табылар! Бiр қоржынның iшiнде Мемлекеттiң малы бар. Жылдам барып, Құлқаныс, Керегiңдi алып қал! Тез асығып бармасаң, Кетедi жүрiп саудагер! Мейманым жүдә асығыс, Ертерек, қыздар, хабар сал! – Осылай кемпiр деп едi, Құлқаныс бұған ермедi. Ашуланып айқайлап, Қыздарға бұйрық бердi ендi: – Мұндай кемпiр көрмедiм, Осынша жасқа келгелi! Күн сайын тынбай келедi, Болдық па бiздер ермегi?! Жай айтқанды бiлмейдi, Жүрмесе келiп өлгелi. Бағы майдан iшiнде Бiр зор райхан бар, – дедi. Түбiне соның апарып, Кемпiрдi таңып кел! – дедi. Көрсетiңдер кемпiрге Өлiмнен бергi өңгенi. Таңулы тұрсын түнiмен, Үйренсiн әдеп-жөндердi. Ыбырат алсын осыдан, Әдепсiз болса шендегi. Тiрi қалса келмесiн, Бұл жердi қайтып көргелi! Қырық қыз сонда жүгiрдi, Жанынан кемпiр түңiлдi. Буындары бұлтылдап, Бастады кемпiр қимылды. Жөнелдi кемпiр ағылып, Қыздар да қуды жабылып, Бiр кезде кемпiр жығылды, Аяғы тасқа қағылып. Домалап кеттi жығылып, Кеп қалды қыздар жүгiрiп. «Ұстаңдар!» деп айқайлап, Құлқаныс тұрды бұйырып. Тулады кемпiр секiрiп, Аузынан көбiк көпiрiп. «Қолына түссем қыздардың, Тастайды-ау, – деп, – өлтiрiп». Қалмады үрей кемпiрде, Көрмегенге өтiрiк. Көйлек пенен дамбалын Қолына алды шешiнiп. Түрiн көрiп кемпiрдiң, Ұстауға қыздар батпады. Қандай шырын шыбын жан, Кемпiр де қарап жатпады! Қарғып тұрып орнынан, Жүгiрiп жылдам аттады. Жауырыны құрысып, Борбайлары тырысып, Топталып қыздар қалғанда, Жөнедi кемпiр жылысып, Құтылып кеттi мамаңыз, Қыздар да қалды күлiсiп. Ендi кемпiр жөнедi, Үйiне жетiп келедi. Киiмдерiн киедi, Келе сөйлей бередi. Зебер мен Кәмiл жолығып: – Не болды, шеше? – деп едi, – Кездесiп өңкей жойқанға, Жолықтым үлкен сойқанға, Айтқаныңды айтып ем Құтырған өңкей шайтанға. Ашуланса хан қызы, Айтқанынан қайтар ма?! Бұйрық бердi Құлқаныс Қияңқы өңкей байталға. «Бар ғой, – деп, – үлкен райхан, Кәдiмгi бағы майданда. Кемпiрдi соған байлаңдар, Апарып бағы майданға. Жеткенше ұрып, сабаңдар, Келмесiн тiлi ойбайға! Су құйыңдар үстiне, Өледi деп ойланба! Көрмесiн, – дедi, – басқа адам, Түнiмен тұрсын байлауда!» Есiтiп жаным шошынып, Әр нәрсе түстi ойларға. Мастардың өңкей үстiне Менi Құдай айдар ма! Ерiккен қыздар өлтiрмей, Қолына түссем ойнар ма?! Қыздардың естiп дүбiрiн, Ентiгiп қаша жүгiрдiм! Аяғым тасқа қағылып, Үш домалап жығылдым. «Ұстайды-ау қыздар ендi», деп, Шыбын жаннан түңiлдiм. Оңай ма қолдан жан беру, Шешiппiн бәрiн киiмнiң. Бiлмеймiн сонда өзiм де, Болғанын қандай түрiмнiң. Құтылыппын, әйтеуiр, Үйге келiп киiндiм. Сiздер үшiн, жан қонақ, Бәлеге сондай iлiндiм. Есiмнен кетпес белгiсi Қыздардан алған сыйымның. Сөзiңе ендi ермеймiн, Құлқанысты көрмеймiн! Күмiс түгiл, алтынмен Берсең де мыңын сайрдың. Кәмiл айтты: – Жан шеше, Жақсының тиер пайдасы. Қорқытқалы өзiңдi, Қыздардың қылған айласы. Шындап қуса сүйте ме, Ақылмен өзiң ойлашы! Барсаң қашып келесiң, Қуғанын қыздар қоймайды. Бар шығар, мүмкiн олардың Сұрайтын iсi ойдағы. Қашып жүрген шығарсыз, Жанасса жауап алғалы. Одан зиян көрмейсiз, Таппасаң қайта пайданы! Екi рет бардың осымен, Келесiз өңкей шошумен. Шынымен қыздар өшiксе, Кәнеки, жұртқа жайғаны! Балаларша ойлайсыз Болмайтын iстi қайдағы! Көрсетшi бiзге, жан шеше, Қай жерде бағы майданы? Шошыпты жаман жаныңыз, Кетiптi ұят-арыңыз, Жақсы-жаман болса да, Бiр көрермiз бәрiмiз! Сұрайтын сiзден сөзiм бар, Құлағыңды салыңыз! Қай жерде бағы майданы, Бiздi ертiп барыңыз. Сыртынан бiзге нұсқаңыз, Шаппаса егер тәбiңiз. Сонда кемпiр ұнады, Екеуiн ертiп шығады. «Анау тұр бағы майдан», деп, Қолымен ым қылады. Кемпiр қайтты үйiне, Қалдырып сонда бұларды. Бағы майдан қасына Жақындап бұлар келдi ендi. «Ұмытпа,– деп, – қарағым!» Зеберге Кәмiл сөйлейдi: – Анау тұрған қызыл гүл, Райхан деген сол, – дейдi. Анықтап, байқап белгiлеп, Адаспайтын бол, – дейдi. Ел жата келiп түбiне, Ұйықтамай күтiп тұр, – дейдi. Артықша екен өнерi, Құлқаныс анық келедi. Қасыңа өзi келгенше, Сөйлесiп дидар көргенше, Уәдесiн анық бергенше, Ұмытқын ұйқы дегендi! «Мақұл!» дедi Зеберше, Осылай Кәмiл деп едi. Кемпiрдiң келдi үйiне, Демалып, ауқат жегелi. Ел жатар уақыт болғанда Зеберше тағы жөнедi, Зеберше келдi бiр өзi Бағы майдан iшiне. Көрген жерге орнықты, Көрiнбей ешбiр кiсiге. Қарамайды ашықтық Үлкен менен кiшiге. Қалағаны Құлқаныс, Басқаменен iсi не?! Қарайғанның бәрiне Қарайды «қыз» деп тесiле. Зебершенiң бiр кезде Бұл қиял келдi есiне. «Қарап-ақ кеше безiп ем, Кемпiрге қылған iсiне. Құлқаныс мұнда келмейдi, Кiрмесе егер түсiме. Таңға жақын боп қалды, Отырмын ендi несiне?! Телмiргенмен болмайды, Қылмаса Құдай несiбе! Барғанмен әзiр Кәмiлге, Көрмес-тi мақұл мұнымды. Қорқақ екен дегiзiп, Алдырмайын сырымды. Таңға жақын барармын, Алайын бiраз тынымды». Осыны айтып Зебердiң Ұйқыға көзi iлiндi. Түн жарымы кезiнде Құлқаныс тұрды орнынан. Тұрмаған бұрын себебi – Нөкерiнен қорынған. Қорықпағанмен ойлады Ерер деп өсек соңымнан. Бағы майданға жөнедi, Ешкiмдi ертпей соңынан. Айтқан жерге келедi, Келтiр деп iстi оңынан! Түбiне райхан келедi, Зебершенi көредi. Ұйықтап жатыр сүйгенi, Еш нәрсенi сезбейдi. Оятуға жұлмалап, Тағы да жөнi келмедi. Құлқаныстың өлеңмен Сондағы айтқан тiлi едi: – Қалыпсың тағы да ұйықтап не қылайын, Осы ма, Зебер шырақ, әлi-жайың. Әр түрлi адам ұлы қиял ойлар, Басына дәулет пен бақ қонған сайын. Болады адамдықтың бiр белгiсi, Тақ тұрып уәдеге болса дайын! Туылған қаршығадан тұйғын деп ем, Болдың ба сен де осындай, қалқатайым! Ұйқымен естi кiсi қас болады, Шыдайды бiр күн түгiл, әр түн сайын. Мәртебе жақсыменен бiр күн түнеу, Жаманмен жүргенiңше мың күн дайым. Сүйгенiм, өз бiлгенiң осы болса, Ұйқыңды мен де бөлiп қозғамайын! Бейғамның жан жолдасы – ұйқы, тамақ, Болмайды көңiлiнде басқа талап. Деген бар «жаман достан зерек дұшпан», Болмайды жамандарды еске санап. Баласы қазанаттың жабы туып, Көңiлiм болар ма екен алап-жалап. Масқара екi мәрте болып қайттым, Келгенде тұрмаған соң алдымды орап! Бұл болса бейшараның әлi-жайы, Келiп жүр нағып iздеп далбасалап! Ұйқысы неткен мырза ашылмаған, Балалық, еркелiгi басылмаған. «Сабырсыз, – Расул Алла, – шайтан» дептi. Әр iстi бiр нәубеттен асырмаған. Бұл iстi Алла бiлсiн, мен бiлейiн, Iс едi әшкере боп шашылмаған. Шенiне сыпайының келiспейдi, Әрқалай дос айыбын жасырмаған. Бәйгеден суымаған ат келмейдi, Бапталып тұлпар едiң қосылмаған. Мырзаға бүгiн тағы бiлiнбейiн, Ояуда өзi душар болсын маған. Қайыр қош, осыменен екi келдiм, Ойыңа бiр алмастай нетiп едiм?! Сағынып келгенiмде ұйықтап қапсың, Азғана сол жерiңе өкiнемiн! Жолыңда өз басымды берсем деп ем, Таймауға айтқан серттен бекiнемiн. Өзiңдi әдейi арнап iздеп барып, Бой тастап «келер-ау» деп кетiп едiм. Өмiрiн Зебершемнiң ұзақ қыл деп, Құдайдан ертеңгi-кеш өтiнемiн. Ойымнан келер деген тура шығып, Ер болып, уәдеге де жетiп едiң. Шақырсам қаршыға деп қарға шығып, Қолыма қона алмастай нетiп едiм?! Үзбейiн күдерiмдi бiр сөйлетпей, Тайғаны судан ұят шешiнгеннiң. Осылай деп Құлқаныс, Бұзылды көңiлi қамығып, Қапа болып тарығып, Жылады өте налынып. – Зебержан, – дедi Құлқаныс, Жұбайым едiң телiген. Даңқыңды естiп аттанып, Iздеп барып көрiп ем. Ашық боп ем өзiңе Көрген жерден сенi мен. Шамалап ем артық деп, Қатар-құрбы, теңiнен. Риза боп ем және де Iздеп келген жөнiңнен. Екi мәрте жолығып, Отырдым күтiп түнiмен. Ұйқы дұшпан кесiр ғып, Татпадым шекер тiлiңнен! Қиын екен ашықтық, Жабығып көңлiм бүлiнген. Жатырмысың сынауға, Болмаса ұйықтап шынымен. Құтыламын қандай ғып, Қайғылы осы күнiмнен. Ашықтық iсi қиын-ды, Әркiмдi қылар есiрiк! Қапа болды Құлқаныс, Сөйлесе алмай шешiлiп! Оянбайтын көрiндi, Отырғанмен кешiгiп. «Өтемiн бе, дүние-ай, – деп, Сүре алмай дәурен қосылып!» Қайтып кеттi лажсыз, Ары-берi отырып. Бiраздан соң керiлiп, Зеберше басын көтердi. Жан-жағына қарады, Көрмедi басқа бөтендi. Ұрыларша қаймығып, Шығармай даусын жөтелдi. «Кәмiл менi алдапты, Келмегi қыздың бекер-дi!» Дедi де тұра жөнедi, Жайына қайтып келедi. Таң бiлiнген кезi едi, Ашуы қатты кеп едi, Құлқанысты көрмедi, Екi мәрте түнедi. Жетiп келдi Кәмiлге, Сондағы айтқан сөзi едi: – Шошыдым сенен, Кәмiлiм, Кiм бiлер Хақтың әмiрiн! Қызметiңде атамның Өтiп едi өмiрiң. Өлтiрiп құнымды алмаққа Ауған екен көңiлiң. Өлiмге қайтiп қиясың Әппақтың жалғыз құлынын. Екi түн ұйқы көрмедiм, Кетпесе көзiм iлiнiп. Өлтiртпей патша қояр ма, Бiреуге қалсам бiлiнiп. Бағы майдан бұрышының Қарадым бәрiн түрiнiп. Қыз түгiл, онда шайтан жоқ, Жүрiппiн босқа бүлiнiп! Достығыңды көре алмай, Сiзден де қалдым түңiлiп! Кәмiл айтты: – Саспағын, Сабыр қылғын, арыстаным! Өмiрiмдi өткiздiм Қызметiнде патшаның. Өзiңнен кiнә болған-ды, Ұйықтап қалып, данышпаным. Не деп айттың бұ сөздi, Жолыңа құрбан бастарым. Өтiрiк айтар қыз емес, Мiнезiн сынап ашқамын. Тағы да жауап алайын, Өзiм ертiп барайын. Құлқаныс егер келмесе, Өлтiрiп менi тастағын. Ерегiсте ер өлер, Ойлайды жаман бас қамын. Ақылыңды тауыспа, Сөзiне ерiп басқаның. Өнерлiден құтылмас Құсы да ұшқан аспанның. Әбүйiрмен қайталық, Бiр iстi өзiң бастадың. Бұл iстiң өзi сын болды Данышпан Кәмiл данаға. Жолыққанша Құлқаныс Пәруана болды арада, Басшы болды достық қып, Жол көрмеген балаға. Жақсының тиер пайдасы, Жаманнан көмек бола ма! Қыздан жауап алуды Ойлады Кәмiл және де. Кәмiлдiң сонда айтқаны Ертемен тұрып мамаға: – Құлақ сап, шеше, тыңдаңыз, Сөзiмдi айып қылмаңыз! Үлкен де болсаң, көп көрдiк Қызметiңдi, ырзамыз. Нәсiп айдап кеп қалдық, Келмеушi едiк жылда бiз. Сiзге айтар зарымыз – Құлқанысқа барыңыз! Менiң айтқан сөзiмдi Құлағына салыңыз. Көңлiмiздi қайтармай, Және бiр олжа алыңыз. Он алты тiллә берейiн, Пұл алдың, сiрә, демейiн. Шаттанып мейман аттанса, О да сенiң мерейiң! Сонша жерден келген соң, Патшаның қызын көрейiн. Сауда-саттық iс болса, Ақыңды тағы жемейiн! «Саудагерлер жүрдi», – де, «Атына әзiр мiндi», – де, «Арманда боп қаласың, Заттары көп түрлi», – де. Кемпiр айтты: – Барайын, Қорлықтың көрдiм талайын. Бейнетсiз қайда рахат, Тiлләңiздi алайын. Сақтанып тұрып қыздарға Алыстан айқай салайын. Осылай деп кемпiр көнедi, «Барайын, мақұл» деп едi. Он алты қызыл тiлләнi Кемпiрге Кәмiл бередi. Қандай ыстық дүние, Бүкшеңдеп кемпiр жөнедi. Әне-мiне дегенше, Сарайға жетiп келедi. Шамалы жерге жақындап, Құлқанысты көредi. Баруға тура бата алмай, Айқай сала бередi: – Саудагерлер аттанып, Жүруге әзiр кезендi. «Саудасы бар ма қыздардың, Хабарын бергiн», – деп едi. Табылады олардан Адамзаттың керегi. Бармасаң құр қаласың, Асыл бұйым көп едi. Саудагерiм табады, Қаласа ненi көңiлiңiз. Жақұттан қабын ойыпты, Алтыннан iстеп шаңқобыз, Гауһарға қиып саптаған. Алмастан iстеп кесте бiз, Iнжу, гауһар, меруерттен, Моншақтан түйме неше жүз. Қандай шебер iстеген, Тамаша өте, көрсеңiз! Иiс сабын, әтiрiн Мақтауға жетпес айтып сөз. Басқа да бұйым өте көп, Атауға аты белгiсiз. Арманда қалма, Құлқаныс, Көрiп қал, жылдам барып тез! Осы сөздi айтты да, Сақтанды кемпiр тезiне. Ашуланды Құлқаныс Кемпiрдiң айтқан сөзiне. Нөкерiне бұйырды: – Көрсет, – деп, – жанын көзiне! Осыменен үш келдi, Обалы ендi өзiне! Ұстаңдар қоймай қамалап, Аямай жасын бағалап. Тандырыңдар есiнен, Таяқпен ұрып сабалап. Келеке-мазақ қылатын Кiм деп жүр бiздi шамалап. Халыққа терiс болмаймыз, Өлтiрсек те жазалап. Жасының қайтқан кезiнде Айдаған оны қай азап?! Несiн алған жеңгелiк, Жүрген ғой айдап ажалы-ақ! Тыңламаңдар қашқанын, Қылса да кемпiр бас қамын! Қуыршақ деп ойлай ма Жалғыз қызын патшаның. Ұрып-соғып апарып, Iшiне майдан бақшаның, Жағасына хауыздың Бекiтiп байлап тастағын! Тiрi қалса көрейiк, Бұл жердi қайтып басқанын. Сонда қырық қыз ұмтылды, Бүкшеңдеп кемпiр сытылды. Қашып кетiп барады, Бұлтаңдап екi мықыны. Пәрменiнше жүгiрiп, Мамаңның таңы жыртылды. Алыстан қашып бұ жолы Құтылып кеткен сықылды. Қашып келiп Кәмiлге Кемпiрдiң айтқан кеңесi: – Түрi жаман қыздардың, Ендi барғын демешi! Күнiге болып зор талап, Өзiм де болдым өлесi. Қош келiпсiз, мейманым, Бергенiм жауап: жөнешi! Құдай деген кәрiп ем, Құлқанысқа барып ем, Сiздiң айтқан сөзiңдi, Құлағына салып ем. Құлқаныс қатты кейiдi, Шошыдым өте кәрiнен. Бұйрық бердi қыздарға: «Талдыр, – деп, – ұрып әлiнен, Бақ майданда хауызға, Қойыңдар байлап түнiмен. Терiсiн ертең ал,– дедi, Тiрiдей тұрған жерiнен». Шошыды жаным түршiгiп, Өлдiм деп ендi шынымен. Қырық қыз қуды жабылып, Жөнелдiм мен де ағылып, Ажалымның жоғынан Сытылып шықтым мен әрең. Кәмiл айтты: – Жан мама, Бұ сөзiңе наналық, Бiз үшiн тарттың көп бейнет, Кетпеймiз сiздi нала қып. Егер де мақұл көрсеңiз, Бүгiнше мейман болалық. Құлқанысқа барғын деп, Аузымызға алмалық. Кемпiр айтты: – Әйтеуiр, Сақтады Құдай саламат. Жасымның қайтқан кезiнде Есiткен жұрттан жүдә ұят. Құлқанысқа барғын деп, Айтпағын ендi, жан қонақ. Өзгеде болса жұмысың, Тұрайын бәрiн орындап. Қызғанбайын үйiмдi, Маған десең он күн жат. Кемпiрдiң айтқан бұ сөзi Кәмiлдi қатты қуантты. Бiр мезгiлде күн батып, Ас-су iшiп ел жатты. Зебердi Кәмiл ертiп ап, Болды деп ендi уақты. Бағы майдан хауызға Көруге қызды жол тартты. Қасына келдi хауыздың, Сөзiмен айтқан бiр қыздың. Патшалы жұртта екеу-ақ, Панасы Құдай жалғыздың. Зеберге Кәмiл бiлдiрдi Жобасын айтып әр сөздiң, Көп отырды екеуi, Көрмедi басқа бөтендi. Қисайып едi, Зебердiң Көзi ұйқыға кетедi. Жан-жаққа Кәмiл қарады, Көредi жалғыз қараны. «Басыңды көтер жылдам», – деп Оятты Зебер баланы. Көзiн ашып манаурап, Көтерiп басын алады. Кәмiл айтты: – Зеберiм, Келе жатыр керегiң. Сөзге сынық болмағын, Қасыңнан ендi жөнейiн. Құлқаныс сенен әр жерде Асырмақ болар өнерiн, Артын ойлап сөз сөйле, Аузыңа айтпай кегенiн. Менi көрiп сескенсе, Ұят болар келiннен. Күдiк келер көңлiне, Үйреткендей сенi мен. «Әттеген-ай» деген сөз Ауыр тиер өлiмнен. Тiлектi берсе бiр Құдай, Қосыларсың теңiңмен. Уәденi бекiтiп, Барарсың өзiң кейiннен. Егер де бiлсе мiнiңдi, Әзiлден тiлiң қысқарар. Ұят күштi өлiмнен, Басыңа қиын iс болар. Iшiнен қыздар сүйсе де, Әзiлмен ерге өш болар. Алдырма қызға сырыңды, Шығарма естен мұнымды. «Үш күн ұйықтамай, Көп күттiм, – дегiн, – жолыңды. Риза боп кеп ем жолыңда, Алса да ат пен тонымды. Ордаңды неше айланып, Әл-дәрменiм құрыды. Ашық деп сенi кiм айтар, Алмадың еске сонымды. Сендiкпiн, егер келсең деп, Алғаның қайда қолымды. Уәдеңмен келiп ем, Көрмедiм рахат орынды. Жарқыным, аман жүрмiсiң? Сергелдең болдым сен үшiн, Шықпаған соң дерегiң, Өлдi ме деп ем өзiңдi! Қайтып келдiң ұялмай Көрсеттiң, – дегiн, – жүзiңдi». Ол қыздың артық амалы, Сынайды сенi шамалы. Келген жерден сөзбенен Алды-артыңды шалады. Өзiнен бұрын тiл қатып, Сөйлегiн сөздi жоғары. Сыпайылықтың нышаны Осылайша болады. Осыны айтып Зеберге Ендi Кәмiл жөнедi. Сол жерде Зебер қалады, Жан-жағына қарады. Қыз емес басқа адам деп Көңлiне күдiк алады. Тұла бойы дiрiлдеп, Қалтырап кетiп барады. Майдалап басып Құлқаныс Жақындап едi шамалы. Жүре бердi Зеберше, Қалмады сабыр-қарары. Баланың қорыққан жайынан Құлқаныс хабарланады. Қасына жақын кеп едi, Тоқтамай қашып жөнедi. Балалығы бар екен, «Әттеген-ай!» дер едi. Тоқтайтұғын болмады, Ойланар тоқтап деп едi. Қуалап ұстап алудың Ретi және келмедi. Дыбыс берiп Зеберге, Сондағы айтқан өлеңi: – Тоқтағын сабыр қылып, саспа, мырза, Көргеннен жан сауғалап қашпа, мырза. Баласы адамзаттың мен де өзiңдей, Аң емес, аю емес басқа, мырза. Сақтанып қызды көрсең қаймыққандай, Маңдайың тиiп пе едi тасқа, мырза. Бойыңнан балалығың кетпептi әлi, Келсең де осыншама жасқа, мырза. Бiрнеше бiзден бұрын ашық өткен, Болатын мағшұғы үшiн жаннан ырза. Не түспес ер басына шайқасуда, Белгiсi зеректiктiң – байқасуда. Белгiсi батырлықтың тәуекелшiл, Ер болсаң берген серттен қайтасың ба? Жөн емес уәде беру байқамастан, Жұмыстың боларын да, болмасын да. Табады зерек кiсi амалменен, Iсiнiң iстеп жүрген жобасын да. Ойласаң уәдеге жетпесiңдi, Келiп ең нағып iздеп о басында. Айғырын таңлап салсаң ат туады, Болмаса оқыс жерi анасында. Жаманға жазатайым iсiң түссе, Қаларсың ар-намыстың жаласына. Бұл жерге не жұмыспен келген едiң, Мен сенi асқар тауға теңгеремiн. Әр қалай ишарат қып айтсам дағы, Түсiнiп жалғыз ауыз сөйлемедiң. Аузында дарбазаның бiрiншi түн Бойыңа ұйықтап қалып теңгермедiң. Iшiнде бағы майдан екiншi түн Ұйықтап қалған жерiңде келген едiм. Төрт бөлiп түн ұйқымды бiр сен үшiн, Құдайдан не тiлесем сен деп едiм! Кез кеп ем ояуыңда тұра қаштың, Көңлiмдi қапа қылды сенбегенiң. Падиша сенiң де атаң, менiң де атам, Өзiме әсiлi-нәсiлiң тең деп едiм. Тоқтағын, сөйлеселiк, қорықпағын, Борсықтай iннен қашқан жорытпағын, Бiрiншi, екiншi түн қамсыз едiң, Қалайша бүгiн пысық болып қалдың? Көрмесiн менен басқа қашқаныңды, Жортақтап шыр айланып сасқаныңды. Алады жаннан безген гауһар шамды, Ойласаң неге келдiң бас қамыңды! Шырағым, балалығың әлi бар ма, Бейнетсiз еш рахат табылар ма?! Ер жiгiт намысы үшiн өлiмге ырза, Қамы үшiн бiр басыңның тарынар ма? Жақсы адам өзi ойлап iс қылады, Жаманға жәрдем бер деп жалынар ма. Әркiмнiң сүйгенi бар өзiне ыстық, Есiнен шықпайтұғын жаны барда. Жүредi серiктерiн мият қылып, Құрт-қоңыз, бақа-шаян, жануар да. Осылай деп Құлқаныс, Зеберге жетiп барады. Қыз екенiн бiлген соң, Ұялды Зебер шамалы. Баладан жауап болмады, Төмен қарап тұрады. Қалды ма деп көңiлi, Кетедi қыздың шыдамы. – Келдiң бе, – деп, – саламат, Әппақшаның ұланы? Өтiнсе де Құлқаныс, Зеберше жауап қымады. Қылығынан ұялып, Төмен қарап тұрады. Әрi-берi ойланып, Таппады Зебер иланы. Кәмiлдiң айтқан сөздерiн Айтайын деп ойланды. – Пайда деп таптым зиянды, Ойлап па ем мұндай қиялды. Осыменен үш келдiм, Һеш дерегiң болмады. Күтемiн келсең деп едiң, Осы ма сертiң сондағы?! Осыны айтып Зеберше, Терiс қарап тұрады. Құшақтап алып Құлқаныс, Өксiп-өксiп жылады. Шыдатпады ашықтық, Сөйледi сонда мынаны: – Тыңлағын, Зебер, шырағым, Қалмады сабыр-шыдамым, Көңлiңе қатты тидi ме, Еркелеп әзiл қығаным?! Не жазығым бар едi, Жылы жауап қымадың?! Жатсам-тұрсам Құдайдан Сұрауыңды сұрадым. Лаулап жанған шырағым, Болайын құрбан лағың. Аман-есен келдiң бе, Негiзi тұлпар жабағым, Ешкiмге назар салмадым, Бiр өзiңе қарадым. Менi қайтiп ұмыттың, Айдан аппақ жамалым! Сынамаққа айтып ем, Өкпелеме, қарағым. Ақылыңмен ойлашы, Сүттен таза алалым. Әзiл сөзге араз боп, Қылмағын iсiн баланың. Бiзден өтсе мәәзүр, Қылығын қылма жаманның. Келдiң бе аман-саламат, Жаннан асқан манабым. Мың айлансам өзiңнен, Табылар ма амалың?! Бiр өзiңдей көрмеймiн Дүниенiң барша адамын. Ашық оты iшiмде, Күйiп-жанып барамын. Сөйлешi, қалқам, шыныңды, Болмаса өлiп қаламын! Осыны айтып Құлқаныс Құшақтай алды баланы. Ашуланды Зеберше, Көңлiнiң болмай қалауы, Итерiп қызды тастады. – Сөзiңнiң жоқ, – деп, – керегi, Аулақ жүр,– деп жекiрдi,– Көрмеймiн ендi бетiңдi! Масқаралап қуыпсың, Жiберсем саған кемпiрдi. Уәдесi жоқ екен деп, Байқап ем сонда-ақ ниетiңдi. Келмей жатып кекетiп, Көрсеттiң және өкiмдi. Балалықпен келiппiн, Жинадым жаңа есiмдi. Үйренiп қалған құсайсың Жекiрiп жетiм-жесiрдi. Қош боп тұр, қорықтым, қайтайын, Жармасаң егер өтiмдi. Iшiнен жақсы көрсе де, Қызға сырын бермедi. «Жоғары сөйле қыздан», – деп, Кәмiлдiң айтқан тiлi едi. Айтып едi сондықтан, Ниетiн қыздың бiлгелi. Қаныстың кеттi шыдамы, Егiлiп қатты жылады. Ойына түскен сөздерiн Айтуға шама келмедi, Аяғынан сүйiп, өбедi. Босап кеттi Зебер де, Сыр бермейiн деп едi. Құшақтап алып бiр-бiрiн, Аймаласа бередi. Жатыр екен сүйiсiп, Жақындап Кәмiл кеп едi. Ұялар деп көрiнсем, Баспалап үйге жөнедi. Екi ашық қосылып, Бiр-бiрiне сенедi. Жасырайық несiне, Бұрынғының жолы едi. Соларды айтқын сүйген деп, Сағынып ойлап-күйген деп, Бiр мезгiлдер болғанда, Құлқаныс жатыр күлмеңдеп, Жиек алған сұңқардай, Зеберше жатыр имеңдеп. Құлқаныс айтты Зеберге: «Ар жағына тиме», – деп, Оған Зебер болмады, Жiбердi бәрiн түйрелеп. Ышқынып сұлу ыршыпты, Өлдiм деп даусы бiр шықты. Ашықтығы құрысын, Жолықтым қандай күйге деп! Сол бiр кез баста тұрсайшы, Опасыз жалған, дүние боқ. Бiр-бiрiне зар едi, Кездесiп бүгiн жолықты, Екi ғашық қосылып, Көңiлдерi толыпты. Ақылменен ойланып, Жан-жағын тегiс шолыпты. Сай қосылып екi жас, Дегенiне жетiптi, Аймаласып, сүйiсiп, Көп тамаша өтiптi. Келер күн түнде келуге Уәденi берiк бекiттi. Көп отырды сырласып, Бөлiне алмай бiр басып, Бiр мезгiлдер болғанда Көзi iлiнiп кетiптi. Бұ сөз тұрсын мұнымен, Қасым деген бар едi, Өтеннен бұрын хан едi. Өзi өлiп басында, Панасы болмай басында, Кәлен деген палуан Жалғыз ұлы бар едi, Жiгiт едi ер көңiл, Бiр атадан тақ едi. Жастайынан патшаның Қызметiн қылған бала едi, Әскербасы сардар боп, Өтеннен орын ап едi. Хан қызына жасынан Кәлен де ғашық боп едi, Көнбеп едi Құлқаныс, Бес рет жаушы сап едi. Жүрушi едi айланып Сол қыздың алды-артында. Қаламап едi Құлқаныс, Шықса да аты халқында. Қаланы кезек күзету – Мiндет болған жалпыға. Күзетте Кәлен жүр едi, Нөкерiн ертiп қасына. Бақ майданға кеп едi, Ат мiнбей жаяу астына, Басқа елден келген зәреде Жоқ па деп кiсi осында. Құлқаныс, Зебер кез болды Ұйықтап жатқан қалпында. Құлқанысты таныды, Кәлен аң-таң қалады. Бұрыннан қызда өшi бар, Бас салып байлап алады, Қол-аяғын бекiтiп, Зынданға әкеп салады. Қарауыл қойды «сақ бол!» деп Сенiмдi үш-төрт адамды. Жайына кеттi ер Кәлен, Келемiн деп ертемен. Ендi баян қылалы Құлқаныс, Зебер баланы. Ендiгi сөздi айтайын Әппақшаның ұлынан, Өтеншенiң қызынан. Қосыла алмай зар болып, Ынтық боп жүрген бұрыннан Екi ашық кездесiп, Қосылдық деген шынымен. Салыққан екен Құлқаныс, Ұйықтамай үш күн-түнiмен, Зеберше болса бұрыннан Ұйқыға диқан тығылған. Көптен ынтық екi жас, Кезiнде көңiл тынылған, Ұйқы дұшпан оларды Шығарды ақыр жолынан. Бiр бәлеге кез болды Ойда жоқ жерде қырымнан. Өкiнiш жоқ өткенге, Бермейдi пайда жұлынған. Ақырын Құдай оңласын, Еңбегi зая болмасын! Құлқаныс, Зебер екi жас Зынданда қалды сонымен. Түбiне зындан жеткен соң, Адамның бәрi кеткен соң, Құлқаныс пен Зеберше Жинады есiн көптен соң. Құлқаныс сонда сөйлейдi: – Жаңылмай естен асығып, Бермедi деп тiлектi, Қылмайық Хаққа қарсылық. Екi-үш сағат болса да, Өмiр сүрдiк қосылып. Тағдыр жетсе өлермiз, Ертең дарға асылып. Оңласа Құдай шығармыз, Қойғанмен тасқа бастырып. «Босат» деп ендi Кәленге, Болмайық құлдық бас ұрып! Құдай әдiл Падиша, Қыла алмас ешкiм қарсылық. Көрмейтiн Хақтың жерi жоқ, Қойғанмен пенде жасырып. Рақымы жоқ ит екен, Кәленнен өзiм жерiдiм, Не жақсылық күтедi Қолынан адам бөрiнiң. Бiр тиындай көрмедi Екi жастың өмiрiн, Бүлдiрер жаман iс болды Атамның менiң көңiлiн. Атаңа сенiң айтуға Қашықтығы жерiңнiң. Жапа-жалғыз келiпсiң Баласындай перiнiң. Есiтсе iздеп келетiн, Қолының ұшын беретiн, Бұ шаһардың iшiнде Жоқ па едi таныс серiгiң? Зеберше сонда сөйлейдi, Құлқаныс солай деп едi: – Бiрдi-екiлi бұл жерге Келгенiм бұрын жоқ едi, Өзiң қуған кемпiрдiң Әзипа атын дер едi. Үйiнде соның жолдасым Кәмiл деген ер едi, Жол бастап ертiп кеп едi. Хабар айтар жан болса, Бiздердi келiп көредi. Уәзiрi едi атамның, Ақылдың диқан кенi едi. Жолығар түнi өзiңмен Сақ болғын өте деп едi. Айтпай-ақ өзi бiлетiн, Бiр iстiң шықса дерегi. Осы күйде жатқанда, Кiм оған хабар бередi? Болса да жалғыз жан қиып, Бiз үшiн қайғы жер едi. Уаллаһу әләм, құтқару Қолынан соның келедi. Құлқаныс мұны есiтiп, Артықша қатты қуанды. – Қарауыл! – деп зынданнан, Айғайлап даусын шығарды. Қарауыл келiп тыңлады, Ер едi о да шыдамды. Құлқаныс сонда сөйлейдi: – Тыңлағын, – деп, – жан аға, Бұйрық болса Құдайдан, Қашқанмен пенде қала ма?! Ойлаймыз болсақ бала да, Iс қылмай-ақ күнәлi, Барамыз күйiп жалаға. Бiз де адамның баласы, Туды деп аңнан санама. Әзипа деген кемпiр бар Тұратын осы қалада. Көрiнiп тұр үйi де, Қашық емес және де. Амалдап, көке, хабар айт Сондағы өкiл ағама. «Құлады Ай мен Күнiңiз, Жер жарылып бағана». Осыны айтып жүре бер, Алды-артыңа қарама! Орамалға түйiп бес тiллә, Лақтырды деп: – Ал, аға, Аз да болса несiбе, Ауқат қыл қатын-балаңа. Әзiрге осы барымыз, Жолыңда басым садаға. Қарауыл сонда көнедi, Қызыққан пұлға жоқ едi, Уыздай екi балаға Рақымы келедi. Таңға жақын кезi едi, Тығызын iстiң сезедi, Үйiн сұрап кемпiрдiң, Жүгiре басып жөнедi. Кемпiрдiң үйiн көредi, Асығып жылдам кiредi, Төр алдында бейхабар Кәмiлдi жатқан көредi. Қарауылдың Кәмiлге Сондағы айтқан сөзi едi: – Жақсы жiгiт, тұрыңыз, Сөзiмдi бабар қылыңыз! Қақ жарылып қара жер, Құлады Ай мен Күнiңiз! Орнады түнек басыңа, Дауасын ойлап бiлiңiз. Айтуға келем әдейi, Қош болып, қайыр тұрыңыз! Айтқан сөзi бұл едi, Басқаға тiлi келмедi. Кәмiл қалды орнында, Қарауыл қайтып жөнедi, Өзiнiң келдi орнына, Бұл сырды һешкiм бiлмедi. Боп қалды таңның уақты, Байқады Кәмiл бұ кәптi. – Тұрыңыз, – деп, – шешеке! Кемпiрдi Кәмiл оятты. Жiбердi Кәмiл маманы, Бiр есектi табады. Керек затты даярлап, Қоржынына салады. Ақ киiмдi киедi, Басына сәлде орады. Мойнына тағып тәсбiсiн, Қолына аса алады. Кәрi кiсi десiн деп, Шайырлап сақал жамады. Қараңғыдан қардай ғып, Ағартып борды жағады. Танымайтын боп қалды, Көрсе де кiсi жаңағы. Осылайша Кәмiл ер Зынданға жетiп барады. Қарауылдың сол кезде Кәмiлдi көзi шалады. Адам ба деп зиянды, Қасына келдi шамалы. Түрiн көрiп Кәмiлдiң, Тамаша қайран қалады. Бiр әулие екен деп, Көңiлiне күдiк алмады. Сонда Кәмiл «Алла» дедi, Зынданға келдi тура ендi, Қарауылдар тiк тұрды, Сонда Кәмiл сөйлейдi: – Аман-есен, балларым, Жүрсiң бе тегiс саламат! Мал-бастарың аман-сау, Денiң сахат, көңлiң шат. Ғарiпке қылса жақсылық, Кем болмас деген адамзат. Келiп ем мұнда жақындап, Ибадат қып ел ақтап. Себеп болып бiр жұмыс, Кеп қалдым көрiп кәрамат. Денi сау болса адамның, Тiрлiкте қызық көргенi. Бала-шаға менде жоқ, Қыдырғаным ел, – дедi. Мүсәпiр екi бар екен Зынданда сiздiң, ер, – дедi. Жақын жерге қонып ем, Түнiмен маза бермедi. Жылағанда егiлiп, Түнiмен ұйқым келмедi. Келiп едiм соларға, Қолымнан қайыр бергелi, «Рас па екен түсiм» деп, Көзiммен және көргелi. Iздегенiм – шапағат, Ойламаймын өңгенi. Зынданға түсiп шығуға Маған рұқсат бер, – дедi. Алты тiллә берейiн, Қоймайын құры сендердi. Қарауылдар ойлады, Бiр дуана кiсi деп. «Түссе түссiн, қайтедi, Кiмде бар мұның iсi, – деп, Қас болғанмен не етедi?! Жетедi кiмге күшi», – деп, Санап алды алты тiллә, Олжамыз әзiр осы деп. Дуананың сөзiне Қарауылдар таң қалды. «Кiм едi, – деп, – нәсiлiң?» Ешбiр жауап алмады. Сөйлесуге уақыт жоқ, Таң атуға айланды, Оңай түскен олжа деп, Тiлләға көңлi алданды. Көңiлдерi қош болып, «Құп, тақсыр!» деп ұнады. – Дереу түсiп шығыңыз, Бiз осында тұралы. Падиша көрсе өлтiрер, Болмаса басың күнәлi. Қарауылдар үш-үштен Кезектесiп тұрады. Ауысатұғын кезектiң Жақындап қалды уағы. Сыбырласып өздi-өзi Сөйлеген сөзi сондағы: – Үшеумiз де өлемiз, Бiлдiрсе бiреу мынаны. «Сұраусыз дарға асқын» деп Падиша өкiм қылады, – Дегендi айтып сырласып Сабыр-тағат қымады. Бұл қарауыл үш едi, Зәресi сүйтiп ұшады. Арқан байлап Кәмiлдi Зынданға салды үшеуi. Есектi қойып далаға, Зынданға Кәмiл түседi. «Шығыңыз, – дедi, – ертерек, Жауапты сiзден күтелi». Бiр мезгiлде зынданның Түбiне Кәмiл жетедi. Ақыл айтып баллармен Аз әңгiмелеседi. Ойланбай тапты амалды, Айласы көп кiсi едi. Аяқ-қолын босатып, Киiмдерiн шешедi. Кигiздi қызға киiмiн. Ойлағаны осы едi. Құлқанысты шайхы ғып Өнерi жұрттан асады. Құлқаныс, Зебер Кәмiлмен Үшеуi ақылдасады. Iстейтiн iстiң жағдайын Бұларға Кәмiл нұсқады. «Қайт, – дедi, – жылдам, келiнжан, Есекке мiнiп тыстағы». «Қайыр қош» деп Құлқаныс, Арқаннан ендi ұстады. Арқанды сiлкiп ер Кәмiл, Тартқын деп белгi жасады, Қарауыл қызды шығарып, Есегiн даяр тосады. Айтуымен Кәмiлдiң Құлқаныс мiндi есекке. Қиын-қыстау тар жерде Ұят деген есеп пе?! Ақылымен Кәмiлдiң Iлiнбедi өсекке. Ордаға келiп қауiпсiз, Жатады кiрiп төсекке. Зеберге Кәмiл кигiздi Құлқаныстың киiмiн, Өзi алып киiндi Зебердiң барша бұйымын. Бiр өзi шештi ақылмен Барлық iстiң түйiнiн, Өткiзген қайсар ер едi Тұрмыстың талай қиынын. Барша жұрты ертең жиылар, Падиша ненi бұйырар, Көрейiк түрiн Кәленнiң Патшадан алған сыйының. Бұ сөз тұрсын мұнымен, Бердi деп Құдай шынымен, Қуанғаннан ер Кәлен Алмады дамыл түнiмен. Бiр мезгiлде таң атып, Сүбхi садық бiлiнген. Ертеңменен ертелеп, Баладай жүрген еркелеп, Патшаға Кәлен барады, Елден бұрын ертерек. Нан пiседi демiне Тапқандай алтын ентелеп. Падишаға айтқаны Асығып сөздi келтелеп. – Тәжiдар әдiл падишам, Келiп ем хабар бергелi. Ақтұйғынға тиiптi Балықшы құстың шеңгелi. Қожа менен құл тең бе, Бақа мен аққу көлдегi?! Мүсәпiр екен қаңғырған Құлқаныстың әңгелi. Сүйгенiн қара қызыңның, Қаламаушы едi өңгенi. Бағы майдан iшi екен Ойнайтұғын жерлерi, Құшақтасып жатқанда, Кезiмнiң тура келгенi. Әлемге мағлұм падишам, Бiлмейтiн жан жоқ шендегi. Жүзiңдi төмен қылғаннан, Жақсы едi оның өлгенi. Әбүйiрiң бар екен, Дұшпаның басқа көрмедi. Көрсiн дедiм көзiңiз, Қиын деп айтсам сенбегi. Шаһзадаларды сүймейтiн Сүйгенi соны жөн бе едi! Мұны қалай көресiз, Зынданға салдым мен, – дедi. Мұны естiп патшаның Сөйлеуге тiлi келмедi, Жай соққандай төбеден, Қысылып жаны терледi, Күйiнбеген кiсiдей Кәленге сырын бермедi. Сабыр қылып сөз бастап: – Бәрекелдi, ер! – дедi, Бүгiн хабар шашайын, Жиылсын барша ел, – дедi. Ертең осы мезгiлде Алдыма өзiң кел! – дедi. Әшкере қылма һешкiмге, Уағында көр, – дедi. Ыбырат болсын өңгеге, Ырзамын саған мен, – дедi. Жiберемiн өзiңдi, Байлап алып кел, – дедi. Патша болмай кетсем де, Өлтiрткенiм жөн, – дедi. Жұрт жиналып келгенше, Ешкiмге айтпа, Кәленiм. Бiр-ақ бiлсiн халайық Қандай жұмыс екенiн. Ақылыңа тәнтiмiн, Болады сенiң дегенiң. Түрiнен мынау хабардың Құрыды, – деп,– амалым. Iшiнен патша тынады, «Болды,– деп,– қандай заманым. Бiр қырсыққан iс екен, Жаратқан артын оңғарсын!» Осыны айтып патшаның Құбылып түсi түнердi. Есiткен соң бұл сөздi, Қызынан үздi күдердi. «Ертең кел!» деп Кәленге, Жауап берiп жiбердi. Сонда Кәлен қуанып, «Құп, тақсыр!» деп жөнелдi. Үйiне патша келедi, Демалып ауқат жемедi. Тез шақыртып айымын Бiр адамды жiбердi. Әйелi жетiп кеп едi, Падиша сөйлей бередi. Екеуi-ақ едi оңаша, Бөтен адам жоқ едi. «Жалғыз қызың қайда?» – деп, Падиша жасын төгедi. Түсiне алмай бұл iске Әйелi пәлен демедi. Бiр сұмдық болған екен деп, Оның да кеттi реңi, Талып қалды падиша, Әйелi қызға жөнедi. «Түстi, – деп, – не iс басыма, Қор болды деген осы ма?!» Омырауы сел болды Көзiнен аққан жасына. Жетiп келсе ордаға, Сүрiнiп-құлап асыға, Сейiл қып жүр Құлқаныс, Қырық нөкерi қасында. Шешесi қайта жүгiрдi, Қыздардан бойын жасыра. Есiнен танып падиша, Жатыр едi жығылып. Кiрiп келдi қатыны, Көзiнен жасы шұбырып. Басын сүйеп отырды, Падишаға үңiлiп. Қатыны сонда сөйлейдi, Ерiнен көңлi түңiлiп: – Басыңды көтер, байым, – деп, Кетiп қапты-ау жайың, – деп, Осынша неге қысылдың, Көңлiңде бар ма уайым, – деп. Бiр кезде патша тұрады, Ашып жауап қылмады. – Қызың! ... қызың... – дедi де, Айта алмай тағы жылады. Сабыр қылып қатыны, Мәнi-жайын сұрады. Қатынына патшаның Сондағы айтқан жауабы: – Қызың бiр iс бастапты, Басымды топқа қоспапты. Бiр жiгiтпен жатқанын, Зынданға Кәлен тастапты. Рас шығар айтқаны, Нағып айтсын қоспақты. Лаулап жанған бiр өрттi Ордаға Құдай нұсқапты. Өмiрiмде өзiмнiң Көрмеп ем мұндай қыспақты! Перзентiм – жалғыз қызым-ды Қылыпты төмен жүзiмдi. Жасымның қайтқан шағында Дұшпандар басты iзiмдi. Осындай сөздi есiтiп, Көңiлiм жаман бұзылды. Жан айтса да нанбас ем, Татқандар айтты тұзымды. Қатыны айтты патшаға: – Дұшпанның сөзi немене, Алдағанға азғырып, Жақсы адам тiлге ере ме?! Қыз да болса, жалғызым, Ондай атқа теңеме! Осы сөзiм рас деп, Айтқандар жанын бере ме?! Ордада жүр Құлқаныс, Көрсетем, көңiлiң сене ме. Сонда патша жылады: – Ондай заман, кәне!– деп. Қыз да болса, жалғызым, Пешенемде бары, – деп. Дұшпандықпен көре алмай, Жүрген болса әлi деп, Өлтiрер ем Кәлендi, Қырық та болса жаны,– деп. Сабыр-тағат қылмады, Орынынан тұрады. Қалтыратты патшаны Қатынының жауабы. Жан-жағына жалтылдап, Денелерi қалтылдап, Қорыққанмен бiрдей қуанған, Көзiнiң жасы тамшылап. Әл-дәрменi құрыды, Үш сүрiнiп жығылды. Қатынына сүйенiп, Ордаға қарай жүгiрдi. Деп едi қатын алдамыш, Өзгерiлмес болған iс. Жетiп келсе ордаға, Жүр екен қамсыз Құлқаныс. Қуанғаннан жылады, Етпетiнен құлады. – Түсiм бе бұл iс, өң бе! – деп, Һешбiр тағат қылмады. Күлiмдеп, жайнап құлпырып, Көргеннiң көңлiн толтырып Жүр екен бауда Құлқаныс, Қасында қырық қыз қосылып. Көрген соң көңлi орнықты, «Уһ» деп патша отырып. Күлiмдеп назбен керiлiп, Еркелеп сәнмен ерiгiп, Құдай берген екi аяқ Бiр басуға ерiнiп. Патшаға келдi Құлқаныс, Қалған соң көзге көрiнiп. Не дерiн патша бiле алмай, Қарап тұрды телмiрiп. Патшаның жетпей шыдамы, Бұзылып көңлi жылады. Ақылменен Құлқаныс Болған iстi сынады. – Айналайын, ата, – деп, Неге болдың қапа? – деп, Осынша неге қамықтың, Қылды ма бiреу жапа? – деп, Өтiнiп қызы сұрады, О да бiрге жылады. Патшаның сонда бұлтарып, Қызына айтқан жауабы: – Сағындым сенi, шырақ! – деп, Маңлайынан сипады. Бармады аузы айтуға, Iшiнен қатты қуанды. Кейiн бе ұлдан бұ дағы, Өмiрде көрген шырағы! Кәленнiң сөзiн ойласа, Көзiнен жасы шығады. Ызаланып патшаның Қалмады сабыр-шыдамы. Падиша қайтты үйiне, Артынан қыздар шұбады. Атқа мiнiп падиша, Әдетiменен тұрады. «Жиылсын ертең тегiс», – деп, Халқына хабар қылады. Жар шақыртып әр жерге, Есепсiз адам жияды. Кәлен де келдi уәдемен, Уәзiр мен сәркар бұ дағы. Жиналды Құбыл қаласы, Халқының асыл данасы. Ашылар екен қандай боп Өтiрiк-шынның арасы. Падишаның сол уақта Жұртқа айтқан намасы: – Ойласып қылған жұмыстың Болмайды кемдiк-шаласы. Ақиқат қылса әр iстi, Бiлiнер ақ пен қарасы. Бiр iстiң басын ұстап тұр Қасым ханның баласы. Өзгеде емес, Кәленнiң Бiр өзiмде жаласы. Құлақ сап, халқым, тыңлаңыз, Келер ме екен жобасы? Ер Кәлен татқан тұзымды, Бiр iске көңлi бұзылды. Аяқтан өрге тырмысып, Зынданға сапты қызымды. Рас болса айтқаны, Күнәсi қыздың тiзiлдi, Өлтiрейiн дарға асып, Қылыпты төмен жүзiмдi. Әкелгiн қызды, Кәленiм, Жаңа талап ер едiң. Рас болса айтқаның, Өзiңнiң болсын дегенiң! Орындайын мүддеңдi, Дүние болса керегiң, Дүние түгiл, қолымнан Тақтымды да берейiн! Таққа мiнiп тәж киiп, Атаңның қылғын өрнегiн. Сонда Кәлен жөнедi, Қасына ертiп нөкерiн. Қайырылып айтты патшаға: – Сөзiңдi сынап көрермiн, Ойнасымен қосақтап, Қызыңды алып келермiн! Куә болсын көп халық, Тәж-тақытың болса берерiң. Ер Кәлен түстi жолына, Нөкерiн ертiп соңына. Халық сұраған патшаны Қор қылдым деп ойында. Бiр олжаға батуға, Ел сұрап еркiн жатуға, Тарттырған дәм-тұз патшаның Бәлеге басын шатуға, Сәулетпенен ер Кәлен Зынданның келдi қасына. Қарауылдар алдынан Қол қусырып шығады. «Түгел ме едi пенделер?» Олардан Кәлен сұрады. Қарауылдың сондағы Оларға айтқан жауабы: – Құтылсын қайда бұларың, Не себептi сұрадың? Сенбейтiндей көңiлiңiз Бар ма едi бiзде күмәнiң? Жан жолатпай зынданға, Сақтықпенен тұрамын. Беймезгiл жүрген жан болса, Патша да болса ұрамын. Қаталық бiзден болар деп, Кетпесiн, батыр, шыдамың. Бұдан былай болмаса, Әзiрше аман, шырағым. Нөкерiмен зынданға Жиылды Кәлен үймелеп, Бiр адамды түсiрдi, Киiмдерiн түймелеп. Шығарып алды пенденi, Арқанмен тартып сүйрелеп. Кәмiл менен Зебердi Патшаға алып жөнелдi, Қолдарын байлап артына, «Жүргiн, – деп, – жылдам!» кимелеп. Ұрып-соғып келедi, Көп азапты тартқызып, Болсын деп күлкi халыққа, Бетiне күйе жаққызып. Қарамады анықтап, Сенiмдi жерге баққызып. Сөйлетпедi һешкiмге, Бiр ауыз сөз қатқызып. Халықтың жоқ деп озары, Кәленнiң көңлi жоғары. Төбесi көкке жеткендей, Теңселiп кетiп барады. «Өзге түгiл, еттiм, – деп, – Патшаны да жазалы». Өлең айтып ерiгiп, Әр түрлi әнге салады. Бетiне келер адам жоқ, Барша жұрт шошып ығады. Келе жатып Кәленнiң Сондағы айтқан өлеңi: – Дүниенi ой шолғанда шағымданып, Өзiме тең табуға құмарланып, Болғанға бетiң жылтыр саған арнап, Жiбердiм неше жаушы жүзiм салып. Өз теңiң үлкен орын нәсiп болмай, Бермеп ең жылы жауап ырзаланып. Қолыма бiр себептен түссе деушi ем, Көңлiмдi қайтарғанға қатты налып. Келтiрдiм кезегiңдi пенде қылып, Мiнеки, дегенiме жеттiм анық. Алуға ендi сенi арланамын, Қылмасам қызметкер сұрап алып. Желкеңдi бидайықтай қидым, мiне, Дегенде жаңа жеттiм өлiп-талып. Кетсем де бүгiн өлiп арманым жоқ, Еркесiн падишаның қылдым ғарiп. Осылай дедi ер Кәлен, Көңiлi өсiп шаттанып. Iсiп-кеуiп мақтанып, Iштегiсiн ақтарып, Жалғызына патшаның Қор қылдым деп дақ салып. Сөйлеген сөзi сондағы Өтеншеге ап барып: – Алдияр тақсыр, падишам, Алып келдiм пенденi, Айтқаныма нанбас ең, Көзiңнiң жақсы көргенi. Ақсұңқарға тиiптi Балықшы құстың шеңгелi, Қаршығаның тұйғыны Қарғаның бопты жемдерi. Дейтұғын болды ұры-қар Падишаның өрнегi. Өтiрiк-өсек демесiн, Халықтың жақсы көргенi! Ендiгiсiн өзiң бiл, Ұстыны ең, халықтың тiрегi. Әлпештеген қызыңның Қолынан осы келгенi. Реңi қызыл болғанға, Мен де бұрын жөн көрдiм. Жаушы салдым неше рет, Жылы жауап көрмедiм. Тұлпардан туған жабы екен, Тауыпты ақыр теңдерiн. Обалы, патшам, өзiңе, Теңi келсе бермедiң! Жақсыменен қосылса, Үйретер едi жөндерiн. Хан қызы деген аты бар, Қызы да емес өңгенiң. Қисынсыз сақтап қызыңды, Сорыңның қара жеңгенiн! Әр түрлi салдың өнерге, Бермекшi ең әуел Зеберге, Одан айнып ажырап, Бермек болдың Төленге. Дәулетi халықтың бұйырмай, Жұғысты болды төменге. Әлпештеген жалғызың Әбүйiрдi төгер ме! Өзiңнен десем бұл жұмыс, Көңiлiңе, патшам, келер ме! Қандай өкiм қылар ең, Басқа адам болса егер де. Патша едiң әдiл, өзiң бiл, Атағың шыққан көп елге. Сонда патша сөйлейдi, Кәленнiң тыңлап сөздерiн: – Жамағат, әуел қараңдар, Кiм екен байқап өздерiң. Ордада жүр Құлқаныс, Болмаса қызы өңгенiң. Осылай деген халыққа Патшаның болды жауабы. Ортаға алып пенденi, Барша халық тұрады. Ақиқатын бiлгенше, Қалмады жұрттың шыдамы. Сонда халық Кәмiлден «Нәсiлiң кiм?» деп сұрады. «Не айтар» деп ентелеп, Сонда Кәмiл былай деп, Әл-жайын баян қылғаны: – Айлана халық торлады, Айтпасам сырды болмады. Елiмнiң аты – Ноғайлы, Шаһарымыз – Ордалы. Көрмедiм рахат, жақсылық, Ер жетiп адам болғалы. Осы да естен шыға ма, Маңлайдың бiтiп сорлары. Елiмiздiң патшасы Әппақша деген хан едi. Маңлайымда перзентiм, Жалғыз қызым бар едi. Бұл қызымның күйеуi Мүсәпiр жетiм бала едi. Жоқ едi ата-анасы, Алуға келмей шамасы, «Аламын» деп қызымды, Талайдың болды таласы. О да маза бермедi Әппақшаның баласы. Қызыма сырттан таласып, Жауласты халықтың арасы. Басқаға берсем қызымды, Жетiмнiң ұрар наласы. Осында қашып келiп ем, Басымның болмай панасы. Әдiл деп сiздi есiтiп, Артық деп ақыл-санасы. Айтайын деп ем жайымды, Қорғауға келсе шамасы. Әдiлдiгi артық деп, Әр жерден шықты дерегiң, Алып қашып қызымды, Сол себептен кеп едiм. Деп ойлап ем саяңда, Жетiмнiң ақын берейiн. Бейшара сондай ғарiппiн, Арып-ашып талыппын. Неше күндей жол жүрiп, Әбден шаршап шалықтым. Ордаңа жетпей түн болып, Бiр шарбаққа жолықтым. Ұйықтап кетсем қисайып, Зынданға түсiп қалыппын. Ұрып-соғып айдалып, Алдына келдiм халықтың. Осынша бiздi қысқандай, Бiреудiң несiн алыппын! Еңбегiм келген еш болды, Панасы деп ем ғарiптiң. Әдiлдiгiң осы ма, Бейкүнә бiздi налыттың! Осылай Кәмiл деп едi, Бүлiндi Кәлен сасқалы. Жүрегi қорқып суылдап, Ойлады қулық қашқалы. Ебiн тауып қашуға, Былай деп сөздi бастады: – Мүсәпiрмiн дегенi, Айтып тұрған бас қамы. Ұстағаным – Құлқаныс, Бiлмеймiн бе басқаны?! Танымасын дегенi, Именiп бетiн басқаны. Осының өзi Құлқаныс, Iздеме бау мен бақшаны. Ықтият боп тұрмасақ, Қит етсе ләзiм қашпағы! Анықтап тексер, халайық, Орасан бiр iс басталды. Ордада жүр деп Құлқаныс, Өтiрiк патша қасқарды. Әкелiп қызын көрсетсiн, Десе де әдiл патшаны, Iс бiр жақта болғанша, Асығып ендi саспалы. Кәлен солай деп едi, Патша мақұл көредi, Көңiлiне қулық кiрмедi, Сонда патша сөйлейдi: – Құлқаныс есiн бiлгелi, Жиынға кiрген жоқ едi. Сол себептен ұялып, Бұл жерге қиын келмегi. Сыртынан топтың көрiнсiн Бiреуiң ертiп кел! – дедi. Сенбесең егер, Кәленiм, Өзiң де барып көр! – дедi. Бұл сөзге Кәлен қуанды, Ойлағаны сол едi. Бiр жiгiт ертiп соңына, Ордаға Кәлен жөнедi. Орда мен жиын арасы Үш шақырым жер едi, Адыр-өзен, сайы көп, Ағашы да мол едi. Басын бұрып атының, Бiр сайға Кәлен енедi. Жолдасына: – Жүре тұр, Жетемiн қуып мен! – дедi. Кете бердi жолдасы, Ойламай бөтен-өңгенi. Жасауыл ұзап кеткен соң, Кәлен де қашып жөнедi. Көп күттi қарап жасауыл, Артынан Кәлен келмедi. Қайырылып қайта кеп едi, Қарасын анық көрмедi. «Кәлен қашып кеттi», – деп, Ханға хабар бердi ендi. Қуғыншы шығып артынан Қарады талай жерлердi. Таба алмады еш адам, Бiлiнбей кеттi дерегi. Өтеннен ендi сөйлейiн, Бара тұрсын ер Кәлен. Таба алмады Кәлендi, Кеш болды қарап ертеден. Қулығын бiлмей Кәленнiң, Ойлаған екен келтеден. Құлқанысты шақыртып, Келтiрдi патша жиынға. Көрген жанды таңлантты, Мiнi жоқ титтей бойында. Падиша айтты жұртына, Шығарып дертiн сыртына: – Кәленнiң салған жаласы, Ойпырым-ау, соқты-ау қиынға. Ыза боп қатты жыладым, Есiтiп тағат қымадым, Көзiңмен, жұртым, көрiңдер Кәленнiң салған ылаңын. Дарға астырып өлтiрiп Тарқамады құмарым. Уәзiрлер айтты патшаға: – Алдияр, тақсыр, ханымыз, Бiр бұзықтың зарынан, Қысылды-ау жаман жаныңыз. Ақтай күйiп жалаға, Шайқалды-ау ұят-арыңыз. Қандай сұмдық болды деп, Күйзелдiк бiз де бәрiмiз. Түзеуге келмей әлiмiз, Қалмады сәулет-сәнiмiз. Жазасын мықтап бере алмай, Алданып бiр-ақ қалдыңыз. Көптен қоян құтылмас, Ұстармыз әлi-ақ оны бiз. Падишалардан кем емес, Зерек екен қызыңыз. Аман болса мұныңыз, Болмас-ты төмен жүзiңiз. Кәлен айтып тұрғанда-ақ Дегемiз бекер мұны бiз. Бiр жаман ит үрдi деп, Болмасын қапа көңлiңiз. Iстiң жөнiн айырды, Патша жұртын қайырды. Билер мен бегiн шақыртып, Қонақ қылды Кәмiлдi. Жұрт алдында ер Кәмiл Патшаға қылды арызды: – Тәжiдар әдiл падишам, Келiп ем естiп намыңды. Қызымды қойып қолыңа, Iздеп барып аулымды, Күйеуiмдi ертiп кеп, Өтесем деп ем қарызымды. Басқаның сiзден бұл жұмыс Қолынан келмес тәрiзi. Сүйтiп бiр жәрдем етпесең, Аяйтын жан жоқ жалғызды. Паналар торғай бұтаны, Отырмын айтып зарымды. Кәмiл солай деп едi, Падиша мақұл көредi. «Құлқаныс не дер екен», – деп, Қызына адам жiбердi. Алдына қызы келедi, – Не айтасыз, ата? – деп едi. Құлқанысқа патшаның Сондағы айтқан сөзi едi: – Көзiмнiң нұры, қарағым, Белдегi қару-жарағым, Айтып отыр бiр арыз, Құлыным, құтты қонағың. «Аз күнге, – дейдi, – аманат, Қызымды сiзге қоямын». Бұ сөзiн өзiм ұнаттым, Көредi қалай қиялың? Лайық көрдiм ойымша Өзiңмен бiрге тұрарын. Нөкерiң емес, бұл мейман, Қабағына қарағын, Басқа қыздың бәрiнен Жоғары мұны санағын. Iлiнбесiн өсекке, Зияны тиiп даланың. Қатты тиiп көңiлiне, Қылмағын iсiн баланың. Айтайын деп ем осыны, Шақырған сенi себебiм. Қыз айтты: – Ата, әмiрiңдi Жан-дiлмен қабыл аламын. Ешкiмнен зиян тигiзбей, Қадiрлеп өзiм бағамын. Бейғам болсын қонағың, Қылмаймын iсiн жаманның. Осыны айтып Құлқаныс, Ертiп кеттi Зебердi. Қош айтысып патшамен Кәмiл де ендi жөнелдi. Өзi көрген кемпiрдiң Үйiне жетiп келедi. Жата бердi «Құдай» деп, Ойламай қайғы көп ендi. Кәмiл жатсын осымен, Кәленнен болсын сөз ендi. Неше күн-түн жүредi, Қауас ханның аулына Аман-есен келедi. Қауас хан да зор патша, Салтанаты мол едi. Өтеннiң Қауас құдасын Данышпан өте дер едi. Қауас ханның баласы Төлен деген ер едi, Едiреңдеген неме едi. Қарсы боп Кәлен Өтенге, Қолынан түк те кемедi. Азғыруға Қауасты Әдейi Кәлен кеп едi. Жақсылары ол елдiң Кәлендi тегiс бiледi. Алдына келiп Кәленнiң Қол алып сәлем бередi. Жамандықпен келдi деп, Ойлаған ешкiм жоқ едi. Сөйледi сонда ер Кәлен, «Құдалар қалай?» деп едi: – Сұрама, Қауас, құдаңды, Бiр сұмдық құдаң қыған-ды, Бауырына тартты Құлқаныс Қойнына кiрген жыланды. Зынданға салдым ұстап ап, Ете алмай бұған шыдамды. Халықты тегiс шақыртып, Айтып едiм бұларды. «Өтiрiк» деп сөзiмдi, Өзiме жапты күмәндi. Ар-намысқа шыдамай, Iшiм толған тұман-ды. Масқара қып халыққа, Көңлiнен сенi шығарды. Таңлап болған құдаңыз Сүйтiп салды ылаңды. Өтенше, сенi кемiтiп, Бермеуге теңлiк сыбанды. Бiр жаңғызды қаңғыртып Етуге күйеу ойланды. Тiрi боп көнiп қорлыққа, Сақтайсыз қайда бұ жанды! Мұны естiп Қауас хан, Ашуланып түнердi, Құдадан үздi күдердi. «Жиналсын, – деп, – көп қосын», Халқына хабар жiбердi. Ашуланып, шаңқылдап, Денелерi қалтылдап, Дiрiлдеп кеттi жүрегi. – Қылайын, – дедi, – бiр сойқан, Өтенше кiмге күледi? Обалы ендi өзiне, Танымай менi жүр ме едi. Құрал сайлап, күш қосып, Жиыла берсiн ел, –дедi. Елеусiз Төлен бiр өзiң, Жалғыз барып бiл,– дедi. Рас болса бұл жұмыс, Жылдам қайтып кел,– дедi. Анығын бiлмей, қосынмен Барғаным болмас жөн,– дедi. Атасы солай деген соң, Ойланбай Төлен көп ендi, Жүрiп кеттi бiр өзi. Басқаға көңлi сенбедi, Бiрнеше күн жол жүрiп, Құбылға жетiп келедi. Жалғыз келген күйеудi Жеңгелерi көредi. Атын ұстап түсiрiп, Қыздарға хабар бередi. Мейман қызбен қырық бiр боп, Құлқаныс та кеп едi. Алып барды қоршалап Ортаға бәрi Төлендi. Әр түрлi дәмнен даярлап, Төленге ауқат бередi. Ойын-күлкi тамаша, Әр түрлi қызық көп едi. Мүны көрiп Төленнiң Көңлiне күдiк келмедi. Жамандыққа келгенiн Ақылмен Қаныс бiледi. Еткенсiп әзiл кекетiп, Төленге айтқан өлеңi: – Сүйген жар, ашық болған айға теңеп, Жоқ едi жуысқалы сiзден дерек. Жүрмiсiз аман-есен, молда Төлен, Келiпсiз шақырусыз өзiң елеп. Сұраған бiр шаһарды хан баласы, Жетелеп бес-он жылқы келер деп ек. Жұмысың, шаһизада, қанша асығыс, Қасыңа, жалғыз кепсiң, ертпей көмек. Күтiнiп жолың тосып тұрар едiк, Кез болдың қамсыз жерде елден ерек. Болғалы сiз азамат талай болды, Болдық па, шаһизада, бүгiн керек. Бiреуi қырық қыздың – қалыңдығың, Танып ал, дана болсаң, ақылың зерек. Шын ашық мағшұғын танып алар, Өзiнiң боп жүрмесе көңiлi бөлек. Құлқаныс солай деп едi, Ер Төлен пәлен демедi. Қызылгүл деген жеңгесi Қасына жақын келедi. Төлендi көңлi ұнатып, Сыбырлап айтты тiл қатып: – Не қыласың, бикешжан, Күйеудiң көңлiн қабартып. Түн жарымы боп қалды, Дембе-дем қалар таң атып. Жұмыс қылғын, қарағым, Тегiңе ата мiнәсiп. Құлқаныс айтты: – Жеңеше, Мiнезiң едi өзгеше. Әл тастап әзiл қыламын, Пәлен-түген демешi! Өлiп кетпес бiр түнге, Күндегi күнi көресi. Қандай екен деп тұрмын Қауас ханның төресi. Мен де тәуiр көремiн, Болмаса сенен он есе. Әзiл қылып отырмын Ақыл-есiн байқарға. Бар ма екен сана-сезiмi, Қайырып жауап айтар ма?! Артық болса теңiнен, Халыққа жақсы айтарға. Баласы жылап бара ма, Төрт-бес күн жатып қайтар да. – Мақұл! – дедi Қызылгүл, – Олай десең, өзiң бiл! Қауастың бұ да жалғызы, Көңлiне тимес жұмыс қыл. Сүйдiретiн, бұзатын Жiгiт пен қызды – қызыл тiл. Қылма деп қапа болған соң, Барар жерiң ақыр бiр! Үйiне қайтты жеңгесi, Үйретiп қызға көп ақыл. Ұялып қыздан ер Төлен, Ешбiр жауап қымады. Отырды Қаныс асыла, Мейман қыз шайды құяды. Төленге Қаныс бiлдiрмей У қосып шайға қояды. Шайды iшiп болған соң, Бәрi де төсек салады. Құлқаныс, Зебер, Төленмен Оңаша үйге шығады. Бiраздан соң есi ауып, Төлен талып құлады. Асығып ешбiр саспады, Қыздарды басқа қоспады, Ақылменен Құлқаныс Осындай бiр iс бастады. Қара ниет залымды Ебiн тауып ұстады. Құлқаныс пен Зеберше Шақырмай ешбiр басқаны, Алып шығып Төлендi, Боқханаға тастады. Салмақпен Төлен гүмп етiп, Көрiнбей кеттi бастары, Асырды сүйтiп өнердi, Өткiзбей уақыт көп ендi. Еркектiң киiп киiмiн, Кәмiлге Зебер жөнелдi, Бастан-аяқ сөйлейдi Өлтiргенiн Төлендi. Мұны естiп Кәмiлдiң Шаттыққа көңлi бөлендi. Ендiгi сөздi тыңлаңыз Құлқаныстан, ал ендi. Бiр мезгiлдер болғанда, Таң бозарып бiлiндi. Жеңгесiне Құлқаныс Нөкерiн ерте жүгiрдi. Құлқаныс сонда сөйледi, Келтiрiп әрең тiлiн де: – Жеңеше, болдық масқара, Шынымен жұмыс бүлiндi. Қатты ұйқымнан шошынып, Түн жарымы шенiнде, Мейман қыз бен Төлен жоқ, Оянып ашсам көзiмдi. Мейман қызды Төленнiң Қашқаны алып сезiлдi. Мақтап болған Төленiң Қып кеттi төмен жүзiмдi. Жетiм қыздан жаман боп, Көрiндiм жұрттың көзiне. Көп ұзаған жоқ шығар, Атама бiлдiр тезiнде. Сасып қалды жеңгесi, Құлқаныс солай деп едi. Тез асығып киiнiп, Ордаға жетiп келедi. Қызылгүлдiң патшаға Сондағы айтқан тiлi едi: – Алдияр, тақсыр, ханымыз, Құлағыңды салыңыз! Күйеуiңiз кеп едi, Пида болды жанымыз. Қызметiн қып тiк тұрып, Алдында болдық бәрiмiз. Таңға жақын ұйықтап ек, Мейман қыз бен күйеу жоқ, Бұ не деген болды кәп, Болады қандай халiмiз? Күйеуiңiз алдапты, Мейманды алып замғапты. Жақын жерде дерек жоқ, Қарадық тегiс жан-жақты. Айтар сөзге сынық қып, Бикештi жаман зарлатты. Шөптей болып Бикештiң Реңi тiптi қалмапты! Сүйiп болған күйеуiң Жетiм қызды таңлапты. Пенденiкi – далбаса, Құдай қылар һәр гәптi. Бойдақ екен ол қыз да, Бiреудiң екен жесiрi. Өзi кетсе һеш гәп жоқ, Тимесе елге кесiрi. Әдейi сiзге келiп ем, Айтайын деп осыны. Мына сөздi есiтiп, Патша жаман шошыды, Қырық жiгiтiн жинап ап, Сөйледi тегiс бұ сырды. Төлендi iздеп жан-жаққа Қуғыншылар жосылды. Қайтып келдi бәрi де, Бiлiнбей ешбiр жосыны. Лажын таппай патшаның Қалмады сабыр-шыдамы. Алтын тақтан құлады, Маңлайына ұрады. – Қойып едiм аманат, Қайтемiз,– деп жылады. Күйеуiм едi бұрынғы Әппақшаның ұланы. Әзәзiл боп араға, Қауастың тидi ылаңы. Ақ батаға ұрындым, Кесiрi соның бұ дағы. Аманатқа қиянат Қылғандай болдым мен тағы. Оңламаса бiр Құдай, Ақыры немен тынады. Тездеп қуып таппаса, Салды ғой,– деп,– ылаңды. Жiбердi жаушы жан-жаққа, Һеш хабары болмады. Шын масқара болдық деп, Көзiнiң жасын төгедi. Осылайша падиша Есiн жиған жоқ едi. Қасына ертiп Зебердi, Ордаға Кәмiл кiредi. Қол қусырып әдеппен Падишаға келедi. Әдеппен Кәмiл тағзым қып, Патшаға сәлем бередi. Амандасып арыз ғып, Сондағы айтқан сөзi едi: – Жүрсiз бе, патшам, саламат, Өте сiзге көңлiм шат! Қолыңызда аман-сау Отыр ма қойған аманат?! Тағыңда ағар, падишам, Шығардың үлкен бiр әжет! Күйеуiм осы бала едi, Өсiп-өнген жан едi. Пәтре тауып өзгесi, Жалғыз өзi қап едi. Ағайынның iшiнде Бiр атадан тақ едi. Өзi сағыр жетiмше, Жанашыры жоқ едi. Мен бердiм ауқат, киiмдi, Өлер жерге кеп едi. Сонда патша сөйлейдi, Осылай Кәмiл деп едi: – Көрмеймiсiң, мейманым, Құдайдың бiздi атқанын. Мақтанып алып мерт болып, Ұятты сiзге боп қалдым. Талай жердi ақтардым, Һеш дерегiн таппадым. Мен сорлыға көп екен Сақтағаны Жаппардың. Пешенемде ұлым жоқ, Жалғыз қызым бар едi, Сол қызыма әуелден Әппақша құда боп едi. Суық сөз түстi араға, Ажырағым жоқ едi. Жайсаң дейтiн шаһарда Қауас деген хан едi. Әппақтан күдер үзген соң, Құда болған сол едi, Қауас ханның баласы Төлен деген ер едi. Болғаным сырлас жоқ едi, Едiреңдеген неме едi, Қызыңды алып кетiптi, Сол неме түнде кеп едi. Аманатқа қиянат, Қайтейiн, бiр iс болды ендi. Талай жердi қарадым, Бiлiнбейдi дерегi. Ақылымнан жаңылдым, Осынша Хаққа нағылдым?! Назасына қалдым-ау Ақы иесi сағырдың. Дос-дұшпанға мат болып, Бiр өсекке таңылдым. Не керек ханның мырзасы, Сау болса егер бiр басы, Осы жетiм баланың Оңдырмас менi көз жасы. Қызымды алса берейiн, Жетiм екен демейiн! Құтты болсын бойына Төленнен алған олжасы! Осылай патша деп едi, Кәмiл де мақұл көредi. «Тез келсiн» деп падиша, Қызына адам жiбердi. Құлқаныс сонда келедi, Өте солғын реңi. Тұлымын сипап қызының, Патшаның айтқан сөзi едi: – Көзiмнiң нұры, қарағым, Байқадым солғын түсiң де. Кiрiптар қылып өсекке, Оңғармапты iсiңдi. Таңлапты Төлен со қызды Осынша қыздың iшiнде. Жүзiңдi төмен қылғанға Көрсетсiн Құдай қысымды! Бұ не деген аламат, Есiткен жұртқа жаманат. Iстегендей боп қалдым Аманатқа қиянат. Әбүйiр едi бiзге де, Мейманның болса көңлi шат. Шақыртып ем өзiңдi, Көңлiмде болып бiр мақсат. Залым патша екен деп, Күлмесiн дұшпан жамандап. Әдiлеттiк жұмыста Болмайды һешбiр ар-ұят. Көрдiм деп қорлық кетпесiн, Нала боп мейман жабырқап. Самалын Құдай оңғарса, Бiтпейдi кiмге мал мен бақ! Қатасыз-кемсiз бiр Құдай, Айыпсыз болмас адамзат. «Жақсы әйел құлды хан қылар», Өткеннен қалған нақлият. Бар едi сана-сезiмiң, Ойлайтын iстi пайымдап. Дос-дұшпанға мат қылма, Айтқанымды орындат. Қосайын деп ем жетiмге, Қош көрсең, қалқам, сен ұнап. Патша солай деп едi, Көнбесiн қызы неге ендi. Уәзiрлерi, сәркары, Бөтен адам жоқ едi. Құлқаныстың патшаға Сондағы айтқан өлеңi: – Жан ата, жастайымнан асырадың, Басым сипап, арқамды қасыладың. Бұйырсаң қандай iске, жоқ демеймiн, Орнына келтiргенше асығамын. Басымды бiр өлiмге берсең дағы, Жоқ демей, ырза болып қосыламын. Берсең де бiлiмi жоқ құлға қиып, Әркiмнен мәртебесiн асырамын. Орнына бiр жайлы боп iс келгенше, Жамандар қылар күлкi, жасырамын. Тiрлiкте адам басы не көрмейдi, Iс болды қиын-қыстау, шошынамын. Шерiнiң жемтiгiне түлкi бармас, Алғанын қарға ала ма қаршығаның. Мақтаншақ әулекiнi көңлiм сүймес, Қолынан iс келермен ашынамын. Дембе-дем Қауас ханмен жауласарсыз, Әппақты елшi салып қосып алғын. Құлқаныс солай деп едi, Атасы ырза болады. Теңелiп көкке талабы, Елiне хабар салады. Жетiм демей, күйеу деп Әлпештедi баланы. Есепсiз халықты шақыртып, Жинады сансыз адамды. Қырық [күн] ұдай думан ғып, Даңғыра-дабыл қағады. Жердiң жүзiн күңiрентiп, Жаңғыртты Құбыл қаланы. Несiбесi жетiмнiң, Бұ да деп халықтың қалауы. Құдайдың қылған iсiне, Пенденiң бар ма амалы. Халқына сонда Өтенше Сөйледi айтып мынаны: – Сыйлаңдар, халқым, қадiрлеп, Күйеудi келген жаңағы. Жетiм де болса перзентiм, Хан ұлынан бағалы. Қатарының алды боп, Iлгерi болсын талабы. Бұйрығы Хақтың осы екен, Әркiмнiң бары – базары. Молдаларды шақыртып, Қызына неке қияды. Араға адам жүргiзiп, Күйеуден Өтен сұрады. – Тәж-тақытымды берейiн, Өз ұлымдай көрейiн. Ырза боп күйеу ордамда Болатын болса тұрағы. Жат жұрттық, рас, қыз бала, Халықтың салты бұ дағы. Қайтамын десе елiне, Көңлiнiң болсын ұнауы. Сұраңдар, – дедi, – күйеуден, Қайсысын талап қылады. Мұны естiп жетiмше, Қайтуды елге сұранды. Мақұл көрiп Өтенше, Саранжамын шақ қылды. Торғын мен мәуiт, барқыттан Сексен түйе арттырды. Аруана түйеге Алтыннан қоңырау тақтырды. Шаң болар деп жүргенде, Бұхары кiлем жаптырды. Сәулетiн жұрттан асырып, Жiбектен арқан тақтырды. Жетпiс құл, жетпiс күң қосып, Қызына мұны нәп қылды. «Жау-жарағын түзетiп, Шығарып сал, – деп, – күзетiп», Басшы қылып уәзiрiн, Бес жүз әскер шақ қылды. Осындай сәндi-сәулетпен Зебердiң көшi шығады. Шығарып салды бұларды Шаһардың барша адамы. Екеу едi келгенде, Рулы ел қосып шығарды. Алған жоқ жеңiп күшпенен, Iстерiн Құдай оңғарды. Бiрдi жығар бiлектi, Бiлiмдi мыңды жығады. Ақылмен ойлап iс қылып, Кәмiлдiң болды себебi. Қауастан ендi сөйлейiн, Шығарып жолға бұларды. Хабар салып халқына, Үш мың әскер жияды. Келуiне шақ болып, Төлендi күтiп тұрады. «Жоғалыпты Төлен», – деп, Есiттi бiр күн құлағы. «Қастықпен қылған Өтеннiң, – Деп айтты Кәлен, – ылаңы. Қамданбасаң ертерек, Басыңа тиер зияны». Шағыммен Қауас асығып, Жөнелсе деп қиялы, Қауастан бұрын Кәленнiң Өзiнiң кеттi шыдамы. «Шығыңыз, – деп, – ертерек», Әппаққа Кәлен жөнедi. «Бергiн, – деп, – жәрдем соғысқа», Оған да хабар қығалы. Бұл сөз тұрсын мұнымен, Күтiндi Қауас жиналып. «Төлен менен жоғалған Жетiм қыз бiрге ұрланып, Құлқанысты Өтенше Жетiмге бердi ырза ғып, Бес жүз әскер қасында, Ұзатты қызын шығарып». Деген сөздi Қауас хан Есiттi бiр күн тiл барып. Мұны естiп Қауастың Ашуы келдi долданып. «Қылайын,– дедi, – бiр сойқан, Келетiн көшiп жолды алып. Ертерек алдын орайық, Дұшпаннан ғапыл қалмалық! Алайық, – деп, – пенде ғып, Тас-талқанын шығарып». Әскерiн ертiп жөнедi, Ұрғандай перi жынданып. Үш мың әскер соңында, Асығып Қауас жөнедi, Кездесiп жапан далада, Көрсетпек болды өнердi. Келе тұрсын Қауас хан, Зұлымдыққа әуес хан. Жақсылар, ендi айтайын Құлқаныс, Кәмiл, Зебердi. Өнерпаздар көп едi, Ойнап-күлiп келедi. Жолығар дұшпан жолда деп, Көңiлiнде қиял жоқ едi. Құбылдан бұлар шыққалы Төрт-бес күндей боп едi. Түс мезгiлi болғанда, Жазыққа көздi салғанда, Елсiз жапан далада Шұбалған шаңды көредi. Зеректiкпен Құлқаныс Жау екенiн бiледi. Құлқаныстың қосынға Сондағы айтқан өлеңi: – Алыстан шұбатылған шаң көрiндi, Түзетiп сiздер жүрсiң сәндерiңдi. Бұл жерге жау болмаса ел келмейдi, Шақ болып шамалаңдар әлдерiңдi. Батырлар, жау санасып ұрыспайды, Әзiрле белдесетiн жерлерiңдi. Адамның отбасында бәрi батыр, Сынармыз осындайда ерлерiңдi. Күн туып ер басына екiталай, Дұшпанмен ат құлағы теңгерiлдi. Талапты тауды бұзар дегендей-ақ, Жол табар қиын күнде ер көңiлдi. Тайынбай ебiн тауып ұрыс қылса, Қиратар жалғыз адам неше мыңды. Қорғалап қашқанменен жан қалмайды, Бiтiрсе егер Құдай түз-дәмiңдi. Болғанда досқа күлкi, дұшпанға мат, Сақтайсың қайда барып бұл жаныңды. Сiздердей жiгiт болсам өстер ме едiм, Дариға-ай, кiмге айтайын арманымды! Құлқаныс солай деп едi, Ешбiрi пәлен демедi. «Жау жағы көп, бiз аз» деп, Әскердiң қашты реңi. Зеберше де iшiнде Шамалап бәрiн жүр едi. Айдағанмен ерiксiз, Тимейтiн болды көмегi. Мiнген атын Зебердiң Аққұс тұлпар дер едi. Бекiтiп мiнiп тартпасын, Кәмiлге Зебер келедi: – Бiз де адамның баласы, Қарсыласып көрелi, Қайратымды сынайын, Рұқсат бер, көке,–деп едi. Баланы қимай Кәмiлдiң Сөйлеуге тiлi келмедi. Дұшпан жағы көп едi, Қашуға лажы жоқ едi. – Барсаң барғын, шырақ! – деп, Бiр ерден едiң жұрат, – деп, Жылаймын Хақтан сұрап, – деп, Ер Кәмiл бата бередi. Жақындап дұшпан келедi, Жер қайысқан қол едi, Қауастың үш мың әскерiн Ақиқат танып көредi. Араласты Зеберше, Мылтықтан шыққан оқтай боп. Жапырып кетiп барады, Қамысқа тиген шоқтай боп. Бiр аралап өткенде, Қырылып қалды топтай боп. О йағынан бiр шықты, Бұ йағынан бiр шықты, Шапқан шөптей жапырды, Көргеннiң жаны түршiктi. Қалмады өлмей шапқаны, Есепсiз қырғын тапқаны. Сол уақта Қауас хан Алды-артын жинап тоқтады. Кейiн қайтты шегiнiп, Ұрысуға батпады. Ешбiр жара түспедi, Зебердi Құдай сақтады. Зебер де қайтты қосына, Әбүйiр берiп Жаппары. Құдайға Кәмiл шүкiр ғып, Көңiлi құрсант боп қалды. Құлқаныс та қуанып, Артықша өте шаттанды. Алдынан шығып келедi, Батырға сауға дегелi. Күндей жайнап күледi, Зеберге айтқан тiлi едi: – Зерек екен пайымың, Дұшпанның аштың айыбын. Қолыңнан әр iс келерiн Шамалап мен де айырдым. Сансыз қолмен алысып, Дұшпанның бетiн қайырдың. Басқа жерден мiнiң жоқ, Ұйқың қатты – айыбың Болмаса алтын тегiң, – деп, Шаттанды өте көңлiм, – деп, Атаңның қылдың өрнегiн, Ендi келдi жөнiң, – деп, Iс бiтiрмес көп жаман, Мақтанып босқа семiрмек. Ерлерше болды бұл iсiң, Iстедiң мұны бiз үшiн! Естен шықты, қарағым, Бұрынғы мүлтiк жұмысың. Арыстандай айбатың, Үрiстемдей iрiсiң, Ендi анық сенемiн, Әппақтың жалғыз ұлысың. Қайғыңда қатты жүдедiм, Тiлегiңдi тiледiм. Сыныңа сырттан тойсам да, Сырыңа қанбай жүр едiм. Қуанып бұгiн мұныңа, Жарыла жазды жүрегiм. Артықша екен өнерiң, Мұныңа ендi сенемiн. Аяққа бастың кеудесiн Зорсынған талай неменiң. Сұлтаным, сауға сұраймын, Не нәрсе, қалқам, берерiң? Үндемедi Зеберше, Түнерiп түсi өзгеше. Ұйқың қатты дегенге Ыза боп қалған бiлемiн. Екi иығын қомданып, Араз болып томсарып, Құлқанысқа пәлен деп, Сөйлемедi тiл қатып. Зебердiң қапа болғанын Ақылмен Қаныс бiлдi анық. Ашуы келдi батырдың, Қылар деп бiр iс ұялтып, Сондағы айтқан өлеңi, Зебердiң көңiлiн жұбантып: – Бәйгеге көкпар аты жарамайды, Шын жүйрiк шапса басын бұра алмайды. Алыстан жолбарысқа ат қойғанмен, Үстiне ешкiм басып бара алмайды. Әзiлмен айтқан сөзге ашуланбас, Көңiлi шын жақсының баладай-ды. Болмаса сүйген жардың көңлi бөтен, Жасырып iштегiсiн қала алмайды. Күлкi үшiн ашық жардың айтқан сөзi Көңiлге кектi болып саналмайды. Зебержан, бұл сөзiмнiң бәрi сүйiс, Көңлiңдi қандай қылып жаралайды?! Жабыны қанша жүйрiк дегенменен, Айғырын таңлап салсаң ат туады, Солай деп бұрынғылар жобалайды. Құлқаныс солай деп едi, Гүлдей жайнап реңi, «Оны қайдан бiлдiң?» – деп, Зеберше күлiп жiбердi. Ақылдасып, сырласып, Кәмiлге бұлар келедi. Жақын жерде жаулардан Һешбiрi қалған жоқ едi. Шығарып салған бес жүзге Қайтуға рұқсат бередi. Бес жүз әскер бөлiнiп, Қайтуға даяр боп едi. Айтайын деп сырымды, Қанысқа қиял келедi. Уәзiрiне Өтеннiң Қаныстың айтқан сөзi едi: – Бiзден жауап ал, көке, Елге аман бар, көке! Бiз барар жер әлi ұзақ, Сiздерге жақын жол төте. Күйеуiңiз қазанат, Сiздер көпсiз, бiз жеке. Ата-анама сәлем де, Қылмасын қайғы өте көп. Шықпасын ұзап далаға, Қауас хан қояр жалаға, Қауас хан қылса зорлықты, Жiберсiн елшi араға. Жетiмше емес тигенiм, Өзiмнiң орным, жан аға. Ата-анам қайғы жемесiн, Көрдiң бе күштi бағана? Қауас хандай жауларың, Шенiне шыдап бара ма! Сүйегi болса кiрлендi, Шылығып iсi және де, Болып қалар бiр қатер Жақында Құбыл қалаға. Қауас хан қылар ұрысты Ашынып Төлен балаға. Тездетiп жетсiн елшiсi, Қауас хан келсе зәреде. Жетiмше емес тигенiм, Өзiмнiң бардым орныма, Төленнен бұрын атамның Атастырған жолына. Ата-анама сәлем де: Әппақтың бардым қолына. Бiздiң елмен жауласса, Қауас ханның соры да. Бұзықтық жетiп түбiне, Ойланар ақыр соңында. Жан атама сәлем де, Бейхабар бiзден болмасын, Патша Құдай оңласа, Бастадым бiр iс саласын. Абат қылып беремiн Ноғайлының қаласын. Асырамын беделiн, Қауастың жойып жаласын. Қапияда сөз салмай, Жан атам қапыл қамасын! Құлқаныс солай деп едi, Шаттанды жұрттың көбi ендi. «Қайыр хош!» деп қоштасып, Бес жүз әскер жөнедi. Ертерек елге жетсек деп, Зор берiп жүрiп келедi. Күндiк жерге келгенде, Құтылдық деп сенгенде, Қауас ханның әскерiн Бұлардың көзi көредi. Қыздың көшiн жеңе алмай, Қауаста қайғы көп едi. Әскердiң елге қайтатын Жолдарын тосып жүр едi. Ат қойып айқай салады, Ортаға қамап алады. Қарсыласу, қашуға Келтiрмедi шаманы. Пенде қылды барлығын, Өтенге хабар бармады. Бұларды Қауас елiне Жаяу айдап барады. Жан-жаққа адам шапқызып, Халқына хабар айтқызып, Керней-сырнай тартқызып, Қызыққа жұртты батқызып, Пенделерiн қинады, Көп азапты тартқызып. Көп азап көрдi бастары, Зынданға бәрiн тастады. Жинады Қауас бар халқын, Қатындардан басқаны. Iрiктеп алды ерлердi Жиырма мен қырық бес жастағы. Қауас хан ертiп жөнелдi Жүз жиырма төрт мың әскердi, Осынша қолмен Қауас хан Қамады Өтен патшаны. Көп күндер жатты қамалып, Дарбазасын ашпады. Өтен де жиды әскерiн, Қорқып о да саспады. Бұлар тұрсын мұнымен, Кәленнен ендi басталы. Неше күн жүрiп салықты, Әппаққа бiр күн барыпты. «Осындай бiр iс болды», – деп, Құлағына салыпты. – Өтеннiң әуел сiзбенен Болғаны құда анық-ты. Дұшпанның қылған табасы, Момынға салған жаласы. Зеберден соңғы күйеуi – Қауас ханның баласы. Бiр түнде оны өлтiрiп, Келген соң жетiм падашы, Құлқаныс соны сүйдi деп, Бiлемiн, берген, шамасы. Күлкi қылып сiздердi, Қылған iсiн қарашы! Құбыл қала әуелi Орны едi Қасым патшаның. Ажалы жетiп ол өлiп, Мен атадан жас қалдым, Қызметiн қылдым Өтеннiң, Аузымды қарсы ашпадым. Өтенше маған қарсы боп, Iстедi iсiн дұшпанның! Патшамыз залым болған соң, Iстедiм мен де бас қамын, Қауас пен сiздi мият қып, Берi қарай қашқаным. Менiң қылған бар күнәм – Айыптыны баспағым, Ойнасын ұстап қызының, Әбүйiрiн ашқаным. Ұрысқалы жөнелдi Қауас хан ертiп әскерiн. Намысын ойлап халықтың, Ар-намыспен тарықтым. Өлтiремiн десе де, Өз басым қорқып саспадым. Әппақша, қалай көресiң, Осы едi менiң дастаным. Атыңыз шыққан арыстан, Қалмаңыз құры намыстан. Сүйекке таңба iс болар, Ап кетсе бiреу қалыстан. Келiнiң едi Құлқаныс, Бұйрық боп әуел шалысқан. Тым болмаса күң қылғын, Дұшпанды нықтап қағысқан. Барсаңыз жесiр аласыз, «Сәлем де» дедi Қауас хан. Намысты қолдан бермеңiз, Падиша едiң данышпан! Соғысып Қауас жатқанда Ат қойғын сен де алыстан. Сонда патша сөйледi, Тұруға әлi келмедi. – Кәмiл менен Зебердi Жылдам ертiп кел, – дедi, Кешiкпей бiз де шығамыз, Жиылсын барша ел, – дедi. Бiр уәзiрi келедi, Былайша жауап бередi: – Зеберше мен Кәмiл аң аулап, Кеткелi екi ай боп едi, Қайғырар деп естiсе, Айтқанымыз жоқ едi. Талай жердi қарадық, Бiлiнбейдi дерегi. Мұны естiп патшаның, Қалмады қорқып реңi. Мұндай сөздi ешкiмнен Естiген бұрын жоқ едi. Жалғыздың iсi қиын-ды, Не болар күнiм дер едi. Сабыр-тағат қымады, Патшаның кеттi шыдамы. Патшаға тұрып айтқаны Кәленнiң тұрып мынаны: – Көп тиiп тұр, падишам, Өтеннiң елге лаңы. Ойда жоқ жерде ғайып боп, Қауастың өштi шырағы. Сау болса Кәмiл, Зебердiң Келетiн бопты уағы. Ойламауға бола ма, Ақыры немен тынады?! Оңаша жерде жүргенiн, Есiтiп Өтен бұларды, Жәллеттерiн жiберiп, Iстеген шығар зиянды. Ендеше, қайда кетедi, Осындай бiр iс боған-ды. Жаралған екен Өтенше Жер жүзiн ойран қығалы. Бүйте берсе, бiртiндеп Бәрiмiздi қырады. Үш патшаның елдерiн Мақсаты оның сұрауы. Келiп едiм әдейi Айтайын деп соларды. Ақылдасып күш қосып, Бiр ынтымақ қылалы. «Әскерiн жиып келсiн» деп, Қауас хан сiзден сұранды. Барып қалды Қауас хан, Ертерек бiз де шығалы. Бұ сөзге ендi нанады, Ақылынан танады. Ашуланып Әппақтың Қалмады сабыр-қарары. «Жиылсын,– деп,– көп қосын», Халқына хабар салады. Екi күннiң iшiнде Сексен мың әскер жияды. Тұлпардан сайлап ат мiнiп, Жау-жарағын шақ қылып, Керней-сырнай тарттырып, Сапарға бұлар шығады. Қауастан ендi айтайын, Шығарып жолға бұларды. Неше күн-түн қамады, Ала алмады қаланы. Қапа болып Қауастың Қалмады сабыр-қарары. «Келедi, – деп, – Әппақша» Есiттi бiр күн құлағы. Артықша қатты қуанды, Алдынан қарсы шығады. Амандасып, көрiсiп, Әл-жайын баян қылады. Әппақшаға Қауастың Сондағы айтқан жауабы: – Амансың ба, Әппақша, Көрмегелi көп болды. Мият қып адам жiбердiм, Бiр түнде балам жоқ болды. Келер-ау деп кешiкпей, Жолыңда көзiм төрт болды. Сiздiң де балаң жоқ екен, Бұ не деген кеп болды?! Өтеннiң қылған қылығы Жүрекке түскен өрт болды. Сiзге қылған жаласы Маған да бүгiн тап болды. Сүйiсiп болған құданың Бiздерге сыйы оқ болды. Бұдан бұзық һеш адам Жер жүзiнде жоқ болды. Сырын бiлмей жұғысып, Дұшпанға басым мат болды. Бiздердi қорлап Өтенше, Бiр жетiмге жақ болды. Бiрiгiп iс қылмасақ, Қылуы мазақ ақ болды. Ашуланды Әппақша, Есiтiп мына хабарды. – Менiң де балам жоғалды, Осындай бiр iс боған-ды. Бастайық қырғын ұрысты, Бермейiк бұған аманды. Алдауменен жеңетiн Тапқан екен жаманды. Тағы да әскер келсiн деп, Шаптырды елге адамды. Қауас пен Әппақ қосылып, Бастай тұрсын ұрысты. Зеберден баян қылалы, Айтармыз кейiн бұл iстi. Жауларын жеңiп қашырып, Көңiлдерi тынысты. Жолдастарын жөнелтiп, Елiне қарай жылысты. Кәмiл дана бас болып, Жосылып көшi жөнедi. Өздерiне берiлген Қызметкер де көп едi. Ойын-күлкi тамаша, Неше күн жолда түнедi. Бiр күндерi болғанда Сәулетпен елге келедi. Падишаның орнында Бiр уәзiрi қап едi. Ауылда қалған кәрi-жас Ер-азамат жоқ едi. Бұларды күтiп түсiрiп, Әр түрлi дәмнен бередi. Елiнiң көрiп жағдайын, Жайласып тағам жемедi. Сөйледi сонда хан, уәзiр, «Бұ қалай?» Кәмiл деп едi. Амансың ба, Кәмiлiм, Сау-саламат келдiң бе?! Зебержан, сен де, бауырым, Сендердi iздеп сандалып, Дұшпандарға алданып, Сарсаңға түстi ауылың. Келдiң бе аман, қарағым, Өмiрiң, қалқам, ұзақ боп, Құтты болсын алғаның! Жоғалды деп сендердi, Жердiң жүзiн қарадым. Болмайды екен көрмеуге Пендесi Хақтың салғанын. Қайғырар деп естiсе, Атаңа хабар самадым. Кәлен деген сұм келдi, Табармын деп ем амалын. Падишаны қорқытып, Бастады басын жаланың, Һәр iстiң берсiн барарын. Әппақша кеттi аттанып, Шаһардың жинап адамын. Кеше келiп бiр адам Әкеттi жинап қалғанын. Өтенмен соғыс бастапты, Сөзiнiң көрсем ажарын. Орасан қате iс болды, Ықпалын бiлмей жазаның. Өтенге қауiп төнiптi, Бермесiн Құдай ажалын! Мұны естiп Құлқаныс, Қайғырып қатты жылады. Зебер менен Кәмiлге Шығарып ақыл салады. Жау-жарағын асынып Кәмiл мен Зебер шығады. «Жетiңiздер жылдам» деп, Аттандырды бұларды. Шаһардан түнде шығады, Демалып дамыл қымады. Құлқаныстан айтайын, Бара тұрсын бұ дағы. Атасын ойлап Құлқаныс, Қалмады сабыр-шыдамы. Анасынан Зебердiң Әдеппен рұқсат сұрады. Қолын қойып көксiне, Сондағы арыз қылғаны: – Арызымды тыңла, жан ана, Күйiптi атам жалаға. Атастырған жасымнан Қосылып ем балаңа. Ол Айың болса, мен – Шолпан, Менi де бөтен санама. Кәлен деген бiр бұзық Әзәзiл бопты араға. Кегiмдi содан алмасам, Құмарым, ана, қанар ма?! Екiталай iс бопты Атама менiң және де, Көңлiмнен кетпес бұл арман, Көре алмай қалсам зәреде. Қанша пысық болғанмен, Бұйрықты адам қала ма? Шынымды анық айта алмай, Кетiп ем қамсыз далаға. Һеш жазығы жоқ едi, Айналды ағы қараға. Атамды барып көрейiн, Жазасын жаудың берейiн. Сiзден рұқсат ала алмай, Қалып ем ермей бағана. Анасы сонда сөйлейдi: – Айналайын, келiн! – деп, Пешенемде жалғызым, Сүйiп тиген теңiң, – деп, Менiң де кеттi шыдамым, Есiтiп iстiң жөнiн, – деп, Ақты қара қылмас-ты, Келтiрер Құдай ебiн, – деп, Жалғыз қайтiп барасың, Алыс екен елiң, – деп, Қаламаймын жаманның Жолдастыққа көбiн, – деп, Рұқсат бердi енесi, – Шырағым, қалар көңлiң! – деп. Енесi рұқсат берген соң, Құлқаныс мiндi атына. Еркек порма киiндi, Алмады жолдас қасына. Әкесi берген тұлпарды Жабдықтап мiндi астына, Қару-жарақ асынып, Дулыға қойды басына. Анасынан бата алып, Жөнелдi таңға жақында. Өтеннен ендi айтайын, Құлқаныс келсiн асыға. Дұшпанның көңлi бұзылды, Қоршады шаһар Құбылды, Қамсыз жерде кездесiп, Шаһарға Өтен тығылды. Күзетшi қойды көп әскер Дарбазаның түбiнде. Бiрнеше күн қамалып, Әскерден ауқат үзiлдi. Қамалып құры жатқанмен, Бiтпеуi iстiң бiлiндi. – Тәуекел! – дедi Өтенше, – Бiр бәле басқа iлiндi. Ұрысқа мен де шығайын, Әскерiм алса тiлiмдi. Ақылдасып көрейiн, Ұнатса халқым мұнымды. Iс бiр жақты болғанша, Алдырмайын сырымды. Ашығып халқым қиналар, Өткiзсем бекер күнiмдi. Осыны ойлап Өтенше, Халқына ақыл салады. «Құлыңбыз, – деп, – падишам» Аузына халқы қарады. Қамқоры әдiл патшадан Кiм аяп жанын қалады?! Даңғыра-дабыл қақтырып, Керней-сырнай шалады. Таң бозарған кезiнде Шаһардан тысқа шығады. Он бес күндей боп едi, Қоршауда бұлар қағалы. Мұны көрiп Қауас хан, Көңлiне қиял алады. – Әскерiм көп, қару сай, Дабысым жердi жарады. Қолымнан дұшпан құтылмас, Қашқанда қайда барады?! Ақиқат түгiл, еркiм бар, Жапсам да егер жаланы. Өтен де келiп, мiнеки, Пенде боп қолға қарады. Ықтиярым өзiмде, Қылсам да қандай жазалы! Осыны айтып Қауас хан, Әскерiне мақтанды. Келедi деп пенде боп, Саясатпен баптанды. Елу мың кiсi Өтенше, Шаһардан ол да аттанды. Жарық боп дүние сол кезде, Күн шығар мезгiл боп қалды. «Қылған iсiң жала», – деп, «Анығына қара», – деп, «Ақылды едiң дана», – деп, Қауасқа Өтен хат жазды. «Болдыңдар ма жынды», – деп, «Алдайсыңдар кiмдi», – деп, «Айтқызармын шынды», – деп, Елшiнi Қауас боқтады. Мұны естiп Өтенше, Жақынға келiп топтанды. Әдiлдiкте бас құрбан, Қауастан қорқып бұқпады. – Шығыңдар! – деп, – ұрысқа, Түзедi Өтен сапарды. Қабатын иттей Қауас хан Өтенге мұрынын шүйiрiп, Айқайлады ашумен Әскерiне бұйырып. – Жалаң аяқ жарлының Тұрғанын қара жиылып! Ерiнiп тұр келуге, Ұсқыны жаман қиылып. Астырайын шәңгекке, Айдап кел берi иiрiп. Қауастың барлық әскерi Соғысқа шықты жөңкiлiп. Елу мың кiсi Өтеннен Килiктi о да бекiнiп. Қырғын соғыс басталды, Барлық әскер қосылып. Жердiң бетiн жасырып, Қызыл қан ақты жосылып. Ұрысқа ұрыс жалғасты, Жер мен көктi шаң басты, Күңiренiп кеттi жер бетi, Үрiккендей денең шошынып. Қазасы жетiп не ерлер, Құлады аттан өкiрiп. Үстi босап талай ат, Кетiп жатты секiрiп. Қылышқа қылыш қағысып, Талайы қалды кетiлiп. Тiрi жан естен жаңылды, Көз көрмесе өтiрiк. Түс қайтқанша ұрысты, Қайтпады бiрi серпiлiп. Мұны көрiп Қауас хан, Шошыды қорқып шамалы. Әскерiмен Әппақша Сыртынан басқан қаланы. Әппақтан жәрдем сұранып, Қауас хан жазды қағазды. Тығызын iстiң түсiнiп, Олар да тұра шабады. Екi қосын қосылып, Өтендi қысып қамады. Жау жағы көп, бұлар аз, Келтiрмедi шаманы. Үш жүз батыр жабылып, Өтендi ұстап алады. Ұсталған соң Өтенше, Әскерi қалған тарады. Ұрып-соғып Өтендi, Көп азапқа салады. Кәлен менен Әппақша Үстiне келiп қалады. Ақырып Кәлен Өтендi Қамшымен о да сабады. Әппақ айтты: – Сұрайық, Айырып ақ пен қараны. Ақиқатын бiлгенше, Етпеңдер, – дедi, – залалды. Қауас пен Әппақ Өтеннен «Шыныңды айт» деп сұрады. Өтеншенiң сондағы Бұларға берген жауабы: – Сабыр қылғын, Кәленiм, Ақтай шықты әлегiм. Татулықтан әуелi Әппақпен құда боп едiм. Уәдеден Әппақ тайған соң, Одан көңлiм қалған соң, Қауас хан жаушы салған соң, Оған да «мақұл» деп едiм. Құдай қылды, қайтейiн, Қиянат қылған жоқ едiм. Бiр жетiмше кез болды, Бiлмеймiн әлi дерегiн. Бiр күнi келiп қоныпты, Қауас хан, сенiң Төленiң. Айтайын сөздi төтелеп, Қондырды күтiп мәпелеп. Уақтынша бiреу қыз қойып, Қарызын едi өтемек. Алып қашып кетiптi Сол қызды Төлен жетелеп. Аманат қызды жоғалтып, Ұялдым жұрттан өте көп. Күйеуi оның кеп едi, Қызымды бердiм некелеп. Менiң көңлiм ақ едi. Һеш жазығым жоқ едi, Елiмдi қырып Қауас хан, Үйiмдi болды өртемек. Халық алдында қамшы ұрып, Қоймайды Кәлен ентелеп. Жазықсыз жәбiр қылғанша, Одан да өлтiр ертерек. Омыраулап отыр Қауас хан, Тартқалы дарға кимелеп. «Куәлерiн тапқанша, – Әппақша отыр: Тиме!» – деп, «Қалайсың, – деп, – қожекем?» Жұлқиды Кәлен сүйрелеп. Төңiректеп қарап тұр, Барша халық үймелеп. Ел жатқаннан басталып, Таң атқанша сотталды. Қалың топты қақ жарып, Кәмiл мен Зебер кеп қалды. Ойда жоқ жағдай кез келiп, Бiр тамаша боп қалды. Ұстайын деп Кәлендi, Қалыңға Зебер оқталды. Ұмтылды Зебер iлгерi Жүрегiн жаудың тiлгелi. Еркек порма киiнiп Құлқаныс та кеп едi, Қалыңға о да кiрдi ендi. Кәмiл мен Зебер бiлмедi, Зеберден бұрын Құлқаныс Кәленге қылыш сермедi. Заты әйел болса да, Намысты қолдан бермедi. Қылышпенен қақ жарып, Кәлендi құртып жерледi. Шешiлдi iстiң түйiнi, Әскердiң сансыз жиыны, Әскерiнiң Қауастың Көк екен өңкей киiмi. Барша жұрт қайран қалады, Арыстандай көрiп баланы. Сол уақта Құлқаныс Жан-жағына қарады. Көзiне түстi көк-жасыл Қауастың жиған адамы. Ар-намысы тұтанып, Көзi оттай жанады. «Мат қылма, – деп, – дұшпанға» Құдайға қылып наланы. «Қолдай көргiн, пiрiм!» – деп, Жад етiп Алла Тағаланы. Тұтасқан қалың әскерге Жақындап келiп шамалы, Суыра алмас қылышын, Қамшыдай жауды сабады. Оңды-солды сермедi, Жапырып кетiп барады. Сол уақытта Зеберше, О да атына қонады. Екi бөрi қосылып, Қырғынды қатты салады. Екi шердiң iстерi Бiрiне-бiрi ұнады. Бiр-бiрiн сырттан сүйсе де, Сөйлесiп жауап қымады. Жапырылды қоғадай Қауас ханның адамы, Быт-шыт қылып қырады, Топталып болса қалғаны. Көзiн ашса Өтенше, Қасында адам қалмапты. Қауас ханның әскерiн Қырып кетiп барады. Қауас та кеттi аттанып, Өзiнiң шығып әлегi. Намыстанып Әппақша Әскерiн жиып құрады. Қауасқа жәрдем беруге Майданға о да шығады. Осы қырғын iшiнде Кәмiл уәзiр кездесiп, Әппақтың қолын алады. Әппақша естен танады. Әппақ айтты: – Кәмiлiм, Қай жақтан қалдың қосылып?! Зебер мен сенi жоғалтып, Қалып едiк шошынып. Шырағым, аман келдi ме, Көруге тұрмын асығып. Қауасты қырып барады Екi бала басынып, Набыт болды көп адам, Қызыл қан ағып жосылып. Екi бала шерi екен, Көрсеттi қайрат асырып! Әбүйiр ешкiм таба алмас, Оларға қылып қарсылық. Кәмiл айтты: – Сүйiншi, Бiреуi – сiздiң Зеберiң! Екiншiсiн бiлмеймiн, Қай тараптан келгенiн. Кiм де болса ер екен, Асырды қайрат өнерiн! Дос адам деп ойлаймын, Көрген соң берген көмегiн. Бейтаныс батыр, әйтеуiр, Жоқ едi бұрын көргенiм! Қыла ма деп бiр зиян, Бетiне тiке кемедiм. Аллаяр, тақсыр, тыңлағын, Сөзiмнiң байқап ырғағын. Алып бардық ауылға Өтеннiң жалғыз қыздарын, Соны алды Зеберiң, Құлқаныс сұлу дегенiн. Барған соң сiздi сұрап ек, Бұ йақтан шықты дерегiң. Өтендi жазым қылар деп, Асығыстап жөнедiм. Сүйiншi, патшам, сұраймын, Айтқалы соны кеп едiм. Көңлiңiз, патшам, жайлансын, Ұсталып Қауас байлансын! Бүлiктi салған сол аяр, Бiлмеппiз сұмдық айласын. Өтенше анық ер екен, Басынан бағы таймасын! Әдiл екен артықша, Көп көрдiк өте пайдасын. Ауылға барды келiнiң Сексен түйе зерiмен, Жетпiс құл, жетпiс шорымен, Көшкендей жұрты елiмен. Құтты болсын, падишам, Қоңсылы болдың сонымен. Әппақша сонда жылады, Атынан түсе қалады. Ақыл-естен танады, Үш түрегеп құлады. «Рас па, – деп, – айтқаның!» Қайта-қайта сұрады. Қорқыныш пен қуаныш Есiрiк қылар адамды. Шыр айлана бередi, Селкiлдеп кетiп барады. Есiн жиып алады, Жан-жағына қарады, «Уһ» деп демiн алады, Буыны бекiп шамалы. «Қуанттың, – деп, – Кәмiл ер, Не қаласаң ала бер!» Шешiп бердi белiнен, Бар едi гауһар кәмары. «Аларсың, – деп, – ордадан, Қалауың болса тағы әлi». Зебершенi сағынып, Қалмады сабыр-қарары. Кәмiлге ақыл салады: – Қасындағы Зебердiң Бiлiп кел, – деп, – баланы. Дұшпандардың бiрi боп, Жүрмесiн тиiп залалы. Бұ сөздi Кәмiл ұғады, Майданға кетiп қалады. Кеткен соң Кәмiл, Әппақша Өтенге өзi барады, Қабынып оттай жүрегi. «Кешiңiз, – деп, – күнәмдi!» Өтеншеге сондағы Әппақтың айтқан сөзi едi: – Кезiмде жаннан түңiлген, Есiттiм жаңа бүгiн мен. Құдам едiң, Өтенше, Құдай десiп iлiнген, Жамандық сенен шығар деп, Ойламаушы ем тiрi мен. Адам қылмас iс қылдым Әзәзiлдiң тiлiмен. Айыптымын, Өтенше, Масқара болдым шынымен! Есiмдi жаңа жинадым Кәмiлдiң айтқан сырымен. Өлгенiм менiң жақсы едi, Бүйтiп жүрген түрiмнен. Өтенше айтты: – Әппақша, Жемегiн қайғы ұялып. Шүкiр қып жасты тыялық! Ер қадiрiн ер бiлер, Осындайда сыналып. Мен де болдым масқара, Қауаспен жасап құдалық. Адам қылмас iс қылдым, Өтiрiкке иланып. Солардың тартып тәзiрiн, Сау қалдым өлмей қиналып. Жазылған шығар бұл жұмыс, Туғаннан әуел жаралып. Адамды шайтан азғырса, Қоймауы бұзбай жүдә анық. Аман-есен табыстық, Басымыз жаңа құралып. Жасытпаңыз сүйектi, Өткен iстi ойланып. Бұлар тұрсын мұнымен, Майданға Кәмiл барады. Екi шерге таңырқап, Көз салып сырттан тұрады. Құлқаныс бәрiн танып жүр, Аянбай соғыс салып жүр. Бетiне қарсы келе алмай, Дұшпаны жылап налып жүр. «Қайдан келген батыр?» деп, Көрген жан қайран қалып жүр. Танысым екен дегендей, Жаны ашып Зебер барып жүр. «Бiр патшаның ұлы-ау» деп, Көңiлiне қиял алып жүр. Танысы жоқ бұл жерде, Боялып қанға нағып жүр?! Өлiктер болды қырмандай, Қауынды қазан ұрғандай, Дұшпандар танды есiнен, Жер тiтiреп тұрғандай! Бет-бетiмен қашып жүр, Қойларды қасқыр қырғандай! Қырғынды қатты салады, Дұшпандар қылды наланы. Тиген жерiн екi шер Жапырып кетiп барады. Қызыр Iлияс жар болып, Болған жоқ әлi жаралы. Екеуiнен һешкiмнiң Аспады қайрат, амалы. Екi батыр бiр-бiрiн Дос көрiп жүр шамалы. Сынасқан жоқ сабасып, Һеш нәрсеге таласып. Құлқанысқа бiр кезде Кеп қалды Кәмiл жанасып. Сонда Кәмiл сөйлейдi: – Жан сауға, батыр, шырағым, Сүйiнттi бiздi артықша, Асырып қайрат қылғаның. Тiлектес боп сыртыңнан, Сұрауыңды сұрадым. Алсаңыз, мiне, басым деп, Дұшпан деп қиял қылмағын. Ат-жөнiңдi бiлгенше, Қалмады сабыр-шыдамым. Нәсiлiңдi, қалқам, бiлдiршi, Деп едi патшам сұрағын! Осылай Кәмiл деп едi, Құлқаныс жауап бермедi. Төмен ұстап қылышын, Бетiне тұтты перденi. Қолын қойып көксiне, Бiр ауыз пәлен демедi. Аз кiдiрiп тұрды да, Соғысқа тағы жөнедi. Көрмедi жүйе тұрысын, Қыла бердi ұрысын. Кейiн қайтты iзiнше, Түсiнiп Кәмiл мұнысын. Әппаққа Кәмiл келедi, Былайша жауап бередi. – Сұрап ем жөнiн батырдың, Һешбiр жауап бермедi. Төмен ұстап қылышын, Бетiне тұтып перденi, Қолын қойып көксiне, Бiр ауыз пәлен демедi. Аз кiдiрiп тұрды да, Соғысқа тағы жөнедi. Келiнiңiз бiлемiн, Ақылы ойды бөгедi. Артықша қатты қуандым, Көңiлiм ендi сенедi! Қылышын төмен тұтқаны – Келiнiңмiн дегенi. Көксiне қолын қойғаны – Әдеппен берген сәлемi. Перделеп бетiн басқаны – Ұялғанның жөнi едi. Еркек порма киiнiп, Артымыздан кеген-дi. Кетiп едi шыдамы, Шыққан соң жаудың дерегi. Құлқаныстан басқада Мұндай талап жоқ едi. Уаллаһу ағлам, сол шығар, Көп едi ақыл-өнерi! Мұны есiтiп Кәмiлден, Әппақша қатты қуанды, Қайғыдан көңлi жуанды. Құлқанысты дұшпан деп, Қылып едi күмәндi. Кәмiлдiң айтқан бұл сөзi Қайғысын iштен шығарды. Екi бала бас қосып, Салып жүр жауға ұранды, Һешкiм қарсы шықпады Тоқтатуға бұларды. Қауастың қырып әскерiн, Тас-талқанын шығарды. Әппақша мен Өтеннiң Әскерi бөтен жиналды. Айбаты қатты екi шер Оларға зиян қылмады. Әппақша мен Өтенге Қауас хан келiп жылады. «Жәрдем бер» деп жалынып, Сөйледi сонда мынаны: – Палуан екi жас бала Бiздi қылды масқара! Екеуiнен һеш адам Құтылар емес қашса да. Бiр өзiме өшiктi, Тимейдi, сiрә, басқаға! Арыстандай екi баланы Суғарған қанмен даланы. Ұйғармаймын қараға, Болмаса хан мен патшаға. Айналайын, Әппақша, Менi оқшау тастама! Өзiмдi аман алып қал, Елiмдi түгел шапса да. Айныды заман сияғы, Бiр ердiң едi тұяғы. Жазықсыз жаза көрсетiп, Кәлендi де қоймады. Жиырма бес мың әскердi Қырса да көңлi тоймады. Шаршайды десек, зорлайды, Бiздер – тышқан, ол – мысық, Лақтырып ойнайды. Қалтырап бүйтiп қорықпас Қасқырдан қашқан қой дағы, Қаһарымен қалтырап, Қалмады қайрат бойдағы. Қандай болды бұ заман, Бiз қырылдық, сiз аман! Құса болып жарылып, Өлер болдым ызадан. Үшеуiмiз тату ек, Бiр туғандай анадан. Досы отқа күйгенде, Жақсыға жөн бе шыдаған. Көздерiң қайтiп қияды, Көрдiм ғой қорлық мынадан. Жәрдемге маған берсеңшi, Тым болмаса, жүз адам! Ұят жаман өлiмнен, Семiрмек азып көңiлден. Өлтiрiп Өтен Төлендi, Шекiстiм соның жөнiнен. Досым деп қимас, Әппақша, Шақырдым сiздi сенiммен. Бiр жетiмше бар екен, Өзiңнiң шыққан елiңнен. Дәл осындай бiр зорлық Жақында содан көрiп ем. Мықты екен деп ойлап ем, Қатар-құрбы, теңiнен. Бiреуi мұның сол-ау деп, Кетпейдi күдiк көңлiмнен. Бiреу емес, бұл екеу, Қосылыпты теңiмен. Екеуiнiң зияны Саған да тиер кейiннен. Күшпенен басып ордаңды Сенi де қуар жерiңнен. Әскер жұмсап ертерек, Түсiрмесең демiнен. Әппақ айтты: – Қауасхан, Бөтен екен көңiлiң. Дос деп жүрсем өзiңдi, Жүр екен тиiп бүлiгiң. Ойлашы қылған iсiңдi, Басылар ма екен желiгiң? Екi бала бiздiкi, Отырмыз сұрап өмiрiн. Зебержаным – бiреуi, Құлқаныс – бiрi келiнiм. Өзiңнен көңiлiм торықты, Оларға күштi сенiмiм! Басқа жауап айтпады, Қорыққанынан Қауас хан, Тұруға қарсы батпады, Ауытқып есi тоқтады. Жан-жағына жалтылдап, Денелерi қалтылдап, Түрiн көрiп бұл iстiң, Қашайын деп оқталды. Әппақша айтты: – Қауасхан, Көрмедiм сендей сотқарды, Жүрiсi жоқ айғырдан Байталдың жақсы жортқаны, Жөнге жүрмес жаманнан Есек жақсы ноқталы. Қажыры жоқ еркектен Әйелдер жақсы топтағы. Лаңың сенiң шығарды Қайдағы ойда жоқтарды. Қырдырып қанын жүктедiң Жазықсыз жатқан халықтарды. Барша жұрт саған ашулы, Ойлама ендi қашуды, Көп алдында солардың Жазасын тұрсың тартқалы! Сол уақта дүние қызарып, Күн батар мезгiл боп қалды. Иегiн қақты Әппақша, Қырық жiгiт тегiс аттанды. Қауас ханның лезде Алды-артын қоршап ап қалды. Бас бұрғызбай батырлар, Мойнына тұзақ сап қалды. Ат үстiнен аударып Со зәлiм Қауас патшаны, Соятұғын тоқтыдай Бекiтiп, байлап тастады. Жауды жеңiп, қашырып, Тiрiсiн таудан асырып, Басын бұрып атының Ойланды Зебер қайтқалы. Көмек берген батырдың Iсiнен оқыс таппады, Таныса алмай соғыста, Жүр едi сыры сақтаулы. «Дос болсам, – деп Зеберше, Ер екен, – деп, – мақтаулы!» Жақын барды қасына, Болғын деп қонақ айтқалы! Құлқанысқа Зебердiң Сондағы тұрып айтқаны: – Ассалаумағалейкум, Амансың ба, батырым! Ақылынан тандырып, Самсыған жауды жапырдың. Үрiстем, Дастан сияқты, Бiр өзiң мыңға татыдың. Жәрдемiн сiздей көрмеп ем, Жат түгiл, туыс-жақынның. Танысуға өзiңмен Соғыстың күттiм ақырын. Шүкiр қылдым Құдайға, Жеткiздiң деп ата ұлын. Мұсылманнан құсайсың, Нәсiлiнен емес кәпiрдiң. Етпесең айып, сұраймын, Болады қайдан нәсiлiң? Баһадүрлiк болмаса, Жай емес шығар кәсiбiң. Үш патшаның халқынан Өнерiңдi асырдың. Әппақтың мен де ұлымын, Сырым жоқ сiзге жасырын. Дос болайын өзiңмен, Қызметiңе бас ұрдым. Мархабат қып қосқа жүр, Мейманға сiздi шақырдым! Сөйлейдi сонда Құлқаныс, Осылай Зебер деп едi: – Адамға қиын жалғыздық, Өзiне Хақтың жөн едi. Бiр ердiң сiз де жалғызы ең, Дұшпаның өте көп едi. Жалғыз ем мен де атадан, Туысқан, бауыр жоқ едi. Жоқтың жайын әр кезде Жоқ бiледi дер едi. Қауас ханның әркiмге Қиянаты көп едi. Сiз бен бiз жауласқан, Бiлiнген соң дерегi, Асығып келiп мен сiзге Бергенiм көмек сол едi. Осы шаһар өзiме Туып-өскен жер едi. Әкемнiң аты – Өтенше, Патшаның әдiл бiрi едi. Қауас хан салды бүлiктi, Қиянаты жоқ едi. Сiздiң ауыл бұл жерден, Едәуiр алыс жер едi. Танырсыз, төрем, жарыңды, Сүйсеңiз анық егер де, Өзiңiз бұрын келгенде, Жетiм деп барша қап едi, Дұшпаннан кектi қайырдық, Құдайдың болып көмегi. Танытып елге қайтыңыз, Өзiңiз мейман боп ендi. Мұны есiтiп батырдан, Ұялып Зебер тоқтады. Құлқаныстың жүзiне Таңырқап назар сап қалды. Жары екенiн таныды, Көңiлi өте шаттанды. Бiрiн-бiрi бiлiсiп, Әзiлдесiп күлiсiп, Патшалардың алдына Құлқаныс, Зебер кеп қалды. Зебер айтты иiлiп: – Кешiңiздер, аталар, Ашықтықтың жөнiнен Осындай бiр iс боп қалды! Аттан түсiп Құлқаныс, Иiлiп сәлем бередi. Әппақ пен Өтен перзентiн Аман-есен көредi. Күнәларын кешiрiп, Беттерiнен өбедi. Шүкiр қылып Құдайға, Шаттықпен сонда түнедi. Ақ жалау тiгiп азанда, Бейбiттiк белгi бередi. Қырылып қашқан қосынға Қайтсын деп елшi жiбердi, Жиылып барша келедi. «Бастаған осы қырғынды, Сұмның, – деп, – мынау бүлiгi» Қауас ханды көрсетiп, Жиылған барша көп елге, Болған iстiң бәрiн де Сөйлейдi Өтен со жерде. Өлiктердi жидырып, Санатып бәрiн көмедi. Отыз мың кiсi өлiптi, Жаралы да көп едi. Қауасты барша қарғады, Шаһарға қарай айдады. «Босанып қашып, – жұрт қорықты, Жүрмесiн, – деп, – бұл тағы». Зынданға салып апарып, Бекiтiлдi жан-жағы. Өзгесi аман табысып, Көңiлдерi жайланды, Ордасына түсiрiп Құда-жегжат, мейманды. Өтенше халыққа қырық күндей Той берудi ойланды. Шақырды барша әлемдi, Өтеннен бұйрық таралды. Әр жерден келдi көп халық, Есiтiп мына хабарды, Талай би, бек пен датқалар, Төре мен сұлтан жарамды. Кiсiнi бес жүз уәзiрiмен Зынданға Қауас салған-ды. Қырық жiгiтiн жiберiп, Шығартып тойға оны алды. Төрт түлiктiң бәрiнен Сансыз мал тойға жаралды. Халықты бөгеп төрт күндей, Тартқызып тұрды палауды. Керней-сырнай тартқызып, Бәйге мен көкпар шапқызып, Ақынға өлең айтқызып, Салтанатын асырып, Күңiрентiп барша әлемдi. Алтынмен Зебер бөледi Қонақ қылған маманы. Той тарқаған кезiнде Қауастан жауап сұралды. Мойнына iсi қойылып, Күнәлi басы саналды. Сол екенi бiлiндi, Бастаған барша лаңды. Қауас ханды көп халық Дарға асуын сұранды. Қауастың сүйтiп ақыры Арқанда басы бұралды. «Ақты нақақ қылмаймын», Деген ғой Алла Құранда, Қауас ханнан құтылып, Қалған халқы қуанды. – Падишамыз ендi сiз бол, – деп, Сайлады патша Зебердi, Татуласып, табысып, Шаттықпен барша тарады, Өткенге айтып салауат, Қалғанға айтып ұранды. Сый-сауқатпен Өтенше Құдасын жолға шығарды, Елiне барып шаттықпен, Әппақтың көңiлi жайланды. Айтпаса да ер Кәмiл Сұрауды дүние жек көрiп, Көңiлiн тапты Әппақша, Алтын мен гауһар зат берiп. Көрген жан қайран қалатын Бiр ғимарат сап берiп, Тағдырын өзiң шешкiн деп, Қолына сенiп халық берiп. Әлемге жарлық таратып, Мөр басып бұйрық хат берiп, «Кәмiл дана» болсын деп, Кәмiлге қоса ат берiп. Өтеншенi шақыртып, Әппақ та қатты сыйлады, Той қылып қырық күн бұ дағы, Жердiң жүзiн жинады. Әппақша мен Өтендi Бiлмеген патша қалмады, Атағы шығып кезiнде, Шошытты жауды намдары. Үш шаһарда үшеуi Әдiлдiк үкiм құрады. Ақ едi iсi, мұратқа Жеткiздi Құдай бұларды. Осындай қып қуантсын Жаратқан Құдай әр жанды. Бүлiктi салған сол едi, Қауастың өштi шырағы. Бiреудi бiреу қорласа, Өзiнiң сағы сынады. Бiреуге бiреу ор қазса, Өзiн жарға жығады. Бiреуге бiреу құм шашса, Өзiнiң көзi шығады. Құдай әдiл Падиша, Ақты нақақ қылмайды. Iлгергiден қалынған, Жақсылар, нұсқа бұ дағы, Ұзайта берiп нетелi, Осыменен тамам қылалы.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ
Бұл тілдегі нұсқа жоқ