ҚИССА ГҮЛШАҺРА ДОХТАРИ СҰЛТАН КАШМИР

Жазайын қалам алып қисса сөздi, Тахсилде бұ қисссаға салдым көздi. Насыр сөзден аударып өлең қылсам, Жамағат, айып етпе ендi бiздi. Бiздерден талай халық бұрын өткен, Һәрбiреуi һәр түрлi тамаша еткен. Сол өткеннiң iшiнде бiр падиша Кашмир деген шаһарды мекен еткен. Ноғайша қисса екен мұның өзi, Тамашалы нәрсе екен һәрб...

Қазақша
ҚИССА ГҮЛШАҺРА ДОХТАРИ СҰЛТАН КАШМИР
Жазайын қалам алып қисса сөздi, Тахсилде бұ қисссаға салдым көздi. Насыр сөзден аударып өлең қылсам, Жамағат, айып етпе ендi бiздi. Бiздерден талай халық бұрын өткен, Һәрбiреуi һәр түрлi тамаша еткен. Сол өткеннiң iшiнде бiр падиша Кашмир деген шаһарды мекен еткен. Ноғайша қисса екен мұның өзi, Тамашалы нәрсе екен һәрбiр сөзi. Ұғлы-қызы жоқ екен ол патшаның, Қожаның өлең қылар келдi кезi. Бiр күнi патша отыр едi мәжiлiс құрып, Үйiне бiр мүсәпiр келдi кiрiп. «Мал пұлым жоқ дүнияда ғарiппiн», – деп, Бiр қайыр сұрап тұрды жылап келiп. Ол мүсәпiр жалынып тұрды қатты, Ғарiптiк дүнияда мұңын айтты. – Не хажатың дүнияда бар едi? – деп, Пақырға ханым тұрып жауап қатты. Пақыр айтты: – Тыңлаңыз, тақсыр ханым, Жоқтықтан шығар болды ғарiп жаным. Жүз дiлдә қарызым бар қысып жүрген, Осы едi мұқтаж болған сыры-халiм. Ханым сонда жүз дiлдә санап бердi, Мүсәпiр қолына алып қарап тұрды. – Дүнияда сiзде хажат жоқ па екен? – деп, Мүсәпiр ол ханымдан жауап сұрды. Ханым айтты: – Хажатым бар-дүр менiм, Әй, бейшара, бiттi ме көңлiң сенiң. Айтуға көп iшiнде ұяламын, Айтуға хажатымды сiзге, жаным. – Әй, тақсыр, ұялмаңыз бiзден, – дедi, Мен көрдiм көп жақсылық сiзден, – дедi. Ханым айтты: – Бiр перзент хажатымыз, Бала үшiн әр кеттi жүзден, – дедi. Сонда пақыр қол көтерiп дұға қылды, Падиша қатынымен «әумин» дедi. – Құдай-а, рахматың көп Падишасың*, Бiр перзент бұл ханымға бергiл, – дедi. Мүсәпiр дұға қылып шығып кеттi, Құдайым ол дұғасын қабыл еттi. Сол түнi қатынымен сұхбат қылса, Ол ханым онан кейiн болды жүктi. Тоғыз ай, он күн бiтiп бiр қыз тапты, Падиша қуанады жаман қатты. Шақырып байлары мен ғұламасын, Бiр үлкен той жабдығын құп түзеттi. – Ел-жұртым, менi өзiң билеңiз деп, Бәрiңiз тамашаға келiңiз деп. Сiздерден дүния-мүлкiмдi аямайын, Кеңесiп бiр үлкен той қылыңыз деп. Сондан соң аузын ашты қазынасын, Аямай шашу қылып мал мен басын. Һәркiмге ат пен шапан сыйлау берiп, Байытты байлары мен ғұламасын. Бiр тамаша той қылды неше күндей, Падиша қуанбаған, сiрә, мұндай. Падиша қуанғаннан судай тасып, Жидырды қол астында талай жанды-ай. Падиша қуанғаннан қылды тойды, Бұрынғы қапалықтың бәрiн жойды. Шаһардың ғұламасын жиып алып, Гүлшаһра ол қызының атын қойды. Гүлшаһра жетi жасқа келiп жеттi, Сабақ оқып бiлсiн деп молдаға елiттi. Жетi жылдай оқытып Гүлшаһраны, Ғылымы талай жаннан асып кеттi. Ол қыздың молдалығы болды асқан. Өзi сұлу, ақылды, бiр данышпан, Жүзiн көрген адамдар бiр талады, Мiнезi көркiменен құп жарасқан. Келгенсiн он жасқа кәмiл болды, Өзi зерек, бiледi һәрбiр жолды. Неше-неше шаһзада iздеп келiп, Жете алмай маңайына қайран болды. Талай патша баласы келдi сұрай, Падиша жауап айтпас қыздан бұлай. «Өзiмнен артық жанға тиемiн», – деп, Жауабын жаушыларға бердi солай. Қыз айтады: – Көп сөзге күйем, – дедi, Қандай жанды дүнияда сүйем, – дедi. Ақыл, көркi, мiнезi, сұлулығы Өзiмнен артық жанға тием, – дедi. Мұны естiп келдi патша балалары, Келедi ақылы асқан даналары. Бiрi келiссе, бiреуi келiспедi, Алуға һеш келмедi шамалары. Гүлшаһра он төрт жасқа келiп жеттi, Дүнияның төрт бұрышына даңқы кеттi. Талай патша баласы iздеп келiп, Гүлшаһра сүймегенсiн қайғы жұтты. Сол уақытта Бағдаттың падишасы Бар едi он бес жаста бiр баласы. Бұл хабарды есiтiп ошал бала, Бармақ болды ертiп көп жолдасты. Патшаның бiр уәзiрiн қасына ерттi, Жүз түйеге алтын мен күмiс артты. Қасына және тағы қырық кiсi алып, Кашмирдiң шаһарына сапар еттi. Кашмир шаһарына келдi дейдi. Шаһардан барып хабар бiлдi дейдi. – Не хабар, не деген сөз, кеңес бар? – деп, Сұрады: – Бұл не деген ел-дi? – дейдi. Бiр жiгiт сөйлесiптi бұл арадан: – Жауап бершi, бiлсеңiз бұл шаһардан. Сонда жiгiт сөйлейдi Гүлшаһраны, Гүлшаһраны сөйлейдi һәрбiр адам. Шаһзада мұны естiп болды күптi, Жүрегi жарылұрға жақын жеттi. Гүлшаһраның аттарын естiген соң, Адасып ақылынан талып кеттi. Шаһзадаға ғашықтық дертi түстi, Ғашықтық бұрынғыдан болды күштi. Шаһардың маңайына жақын келiп, Бiр жерге шатыр тiгiп жайланысты. Ол жерге рахаттанып жатты барып, Ғашықтықпен сарғайды бала ғарiп. Уәзiрменен шаһзада ақылдасты, Қызға таныс бiр кемпiр тауып алып. – Әй, ана, бiзге қиын осы жұмыс, Әлiң келсе, айтайын сiзге бiр iс. Гүлшаһрадан бiр жауап алып берсең, Берейiн тойғаныңша алтын-күмiс. Мақтайды Гүлшаһраны жұрттың бәрi, Ханшаңыз бiр көрмекке болды дәрi. Бiр көруге лажы болар ма екен, Қандай екен бұ елдiң айтқандары. Кемпiр мұны есiтiп қуанады, Кемпiрдiң кей мiнезi дуана-ды. Ол қыздан сiзге жауап ап берем деп, Алғансын алтын-күмiс қуанады. Уәзiрге уағда қылып жүрiп кеттi, Тез заманда сарайға барып жеттi. Диуана боп есiкке ақтап келiп, Ханшаға көрiсем деп хабар еттi. Кемпiрдi жариалар шығып көрдi, Шықты да ханышаға қайтып кiрдi, – Дуана кәрi кемпiр келiп тұр, – деп, Рұқсат сұрап тұр, – деп айтып кiрдi. Ханша рұқсат берiп, «кiрсiн» дедi, – Хабарын көрген-бiлген берсiн, – дедi. Бүгiн қонып, үйiне ертең қайтар, Бiздерге тамаша қып берсiн, – дедi. Ол кемпiр «алдияр» деп тұра келдi, Иiлiп тағзым бiрлән сәлем бердi, «Мархаба, қыз шаһзада, сұлтаным», – деп, Ханшаның келiп қолын өбiп тұрды. – Жүрмiсiз, шаһизада, саламатты, Қыздарда сiз едiңiз кереметтi. Құлыңызды, шаһзада, көре ме екен, Мен көрдiм бiр шаһзада ғинаятты. Ханыша мұны естiп сонда күлдi, – Қандай патша тең келер маған, – дедi. Тырнағымнан садаға, жiбергенмiн Талай-талай менменсiп келгендердi. Сонда кемпiр шаһзаданы мақтады көп: – Ойладым: өз көңiлiмде тең екен деп Ғылым, көркi, ақылы жаннан асқан, Дүнияда, ойладым, жоқ екен деп. Бiр шаһзада Бағдаттан келген екен, Қасына қанша жолдас ерген екен. Ақылын һәм ғылымын, көркемдiгiн, Құдайым жарастырып берген екен. Жайнаған жақұттайын екi көзi, Маһидай iш күйдiрген қызыл жүзi. Дүнияда ондай бала көргенiм жоқ, Татиды бал-шекердей айтқан сөзi. Таусылмас айта берсем аның сөзi, Әй, тақсыр, Құдай айдап келдi кезi. Құдай Тағала сiздерге нәсiп қылса, Сiзге тең бiр асылзат мұның өзi. Қыз есiттi кемпiрдiң айтқан сөзiн, Ғашық болды көруге оның жүзiн. Iшiне ғашық оты түсiп кетiп, Тоқтатты сабыр қылып өзi-өзiн. – Таныр ем шаһзаданы көзiм көрсе, Өнердi ғажап емес Тәңiрiм берсе. Нәсiп болса, соған мен тиер едiм, Айтқаныңның бәрi де рас келсе. Әй, ана, тауып берсең, бiр ақыл сөз, Анықтап аулақ жайда көрелiк бiз. Iшiме ғашық оты түсiп кеттi, Көруге бiр ақылды табыңыз сiз. – Оның жайын айтайын, тыңла, жаным, Жолында пида болсын ғарiп жаным. Бiр саудагер той қылады деп естiп едiм, Көресiз шаһзаданың сонда халiн. Аз күнде той қылады бiр үлкен бай, Қыз ұзатып шақырар тамам жанды-ай. Сiздi де шақырады деп естiдiм, Шақырса ошал тойға, бар аянбай. «Құп, тәуiр» деп хан қызы бұған күлдi, Көрем деп шаһзаданы күлiмдейдi. – Шаһзаданы кiм маған көрсетедi, Мен қайтiп топ iшiнде бiлем? – дедi. – Шаһардың жиылады тiрi жаны, Бiр барып тамаша етсең көрiп аны. Тамам жұрттың бәрiнен құрметi артық, Көрмесең де танырсың шаһзаданы. Кемпiр сөзiн бiтiрдi соныменен, Ханшаның ғашық болған жөнiменен. «Той қашан болады?» деп сабыр қылмай, Ұйықтамастан шығады түнiменен. Таң атқансын ол кемпiр кеттi жүрiп, Осындай ханышаға уағда берiп. Неше түрлi хайланы ойына алып, Қасына шаһзаданың келдi кiрiп. Уәзiр менен шаһзада құрметтедi, Шаһзада қайран болып сөйлемейдi. Жайланысып қасына отырғансын, – Не қылдың, кәне, кемпiр,сөйле, – дедi. Сонда кемпiр сөйлейдi мәнi-жайын, Шаһзада жаны кiрiп айтқан сайын. – Той болады деп өтiрiк айтып кеттiм, Мал қисаңыз, бiр тойды қылғыл дайын. Кемпiр айтты: – Жұмсадың қызға бiздi, Баян қылдым барғансын қызға сiздi. Сипатыңды баян қып айтып едiм, Көруге ғашық болды өзiңiздi. Шаһзада жалғыз бiткен шынар дедiм, Оған тисең көңiлiң тынар дедiм. Талай сiздей қыздарды жақтырмаған, Өзiңдей бiр асылға құмар дедiм. Атасы жердiң жүзiн билеген хан, Аузына қарап тұрған бiрталай жан. Құдай бiлер қалай деп мiн тағарын, Көруге iздеп келген дедiм саған. Сонда қыз: – Өз көзiммен көрсем, – дедi, Сөзiңе өзiм көрiп сенсем, – дедi. Айтқаныңдай ол жiгiт рас болса, Арман жоқ, қызметiңде өлсем, – дедi. Бiр тойды жалған айттым болады деп, Бiр саудагер үлкен той қылады деп. Қыз тойы екен, сiздi де шақырады, Сонда көрсең көңiлiң тынады деп. Шақырса, қыз тойына келмек болды, Ол тойда, тақсыр, сiздi көрмек болды. Өз көңiлi ұнатса көрген шақта, Разылық сонда сiзге бермек болды. Мұны естiп шаһзада қуанды бек, Тойға келсе өзiм де көремiн деп. Уәзiрге айтты: – Бiр байға ақылдасқын, Бiр тойды ханша үшiн қыламын деп. Бiр байды шақырып алды қасына ендi, Ауызын қазынаның ашып ендi. – Бiр той қылып берiңiз бұл шаһарға, Аямай мал-пұлнама шашып ендi. Ол саудагер бұ сөздi мақұл көрдi, Мал-пұлды аямастан оған бердi. «Бiр жұмадай үлкен той қыламын», – деп, Шаһарға ол саудагер хабар бердi. Шаһарға «той қылам» деп хабар салды, Бұл хабарды шаһардың бәрi бiлдi. Неше түрлi тағамдар әзiрлетiп, Неше жариа, құлдарды таяр қылды. Алуа, шекер, шараптар әзiрлетiп, Алтын жабдық үй iшiн құп түзетiп. Неше түрлi асыл тас табақтары, Қарайтын көрген кiсi тамаша етiп. Гауһар, лағыл, жақұт тас табақтары, Зүмрәт, мәрмәр, зүбәржат аяқтары. Алтын қымқап жайдырып үйге кiлем, Хәзiр болды һәр түрлi шараптары. Төрт түлiктен көп қылып малын сойды, Бек қызық тамашалы қылды тойды. Ханшаны осы үйге кiргiзем деп, Бiр үйдi алтынменен безеп қойды. Қасына бiр үй салды оған қосып, Түбiнде терезенiң қылды тесiк. Хан қызына даярлап алтын тақыт, Шаһзада тұр терезеден көзi тесiп. Осы үйге кiрсiнлер деп тамам қызды, Шаһзада қараңғы үйден салсын көздi. Ол үйдегi көрмейдi шаһзаданы, Баланы сондай жерге отырғызды. Бiр арба даярлады алтын жапқан, Гауһардан әр жерiне шеге қаққан. Алты қара ат парлады ол арбаға, Һеш нәрсе қалдырмады салтанаттан. Алтыннан терезелi күймелеген, Шатырын гауһарменен түймелеген. Екi бала мiндiрiп көшiрiне, Тамам жұрт тамашаға үймелеген. Осындай бiр күйменi жабдықтатып, Әсемдеп порымдарын қылып артық. Гүлшаһраға жiбердi осы атпен, Шақырып той болды деп хабар айтып. Екi бала Гүлшаһраға келдi дейдi, Қапқада тағзым қылып тұрды дейдi. «Тойға шақыра келдiк, – деп, – ханышаны», Жауапты жариаларға бердi дейдi. Сөйлестi жариалар есiк ашып, Көңiлi Гүлшаһраның отыр тасып. «Сiздi тойға шақыра жүр екен», – деп, Ханшаға айтып кiрдi жауаптасып. Шашын алтын тарақпен тарайын деп, Той болса тамашаны қарайын деп, Неше түрлi үстiне киiм киiп, Мақұл көрдi ол тойға барайын деп. Көрмеген неше түрлi асыл киiм, Үстiне iнжу, жауһар кидi киiм. Басына жасыл жақұт тәжiн киiп, Үйден тысқа шықпағы болды қиын. Бетiне алтын перде шықты салып, Жарығы бұ шаһарды кеттi алып. Жарқырап шамшырақтай тұрды балқып, Жүзiн көрген адамдар қалды талып. Бiр уақта тысқа шықты қадам басып, Құрметтеп жариалар есiк ашып. Аяғының астына кiлем төсеп, Басына iнжу-маржан шашу шашып. Ертiп қырық қыз алды өз қасына, Жарасқан салтанатпен жолдасына. Оң-солдан көтерiп Гүлшаһраны, Мiнгiздi алтындаған арбасына. Арбаға жайланысып мiнiп алды, Қасына он бес қызды бiрге салды. Һәр түрлi салтанатпен ойын қылып, Ол тойға Гүлшаһра қыз жетiп барды. Жалтылдап Гүлшаһра қыз келдi жетiп, Бұлар да мұнтазар боп тұрған күтiп. Жiбек кiлем төсетiп басар жерге, Көтерiп алды арбадан құрмет етiп. Тамам жұрт құрмет[пен] амандасты, Қарасып тамашаға жабырласты. «Мархаба, дохтари сұлтан, қош келдiң», – деп, Басына iнжу, маржан шашу шашты. Алдына басшыларын жүргiзедi, Құрметiн ханышаға бiлгiзедi. Гүлшаһраның кiретiн орны осы деп, Зейнеттi алтын үйге кiргiзедi. Ол үйге алтын тақыт құрған едi, Төрт қыздар қызмет үшiн тұрған едi. Ол тақытқа ханыша кеп отырады, Өзгеге күмiс үстел орын бердi. Отырды алтын таққа әуел бастап, Көп қыздар амандасты қолын ұстап. Амандасып сөйлесiп қыздарменен, Отырды бүркеншiгiн кейiн тастап. Қарады мойнын бұрып жан-жағына, Сөзiнiң ғашық болған салмағына. Ол үйге шаһар қызы бәрi келген, Һеш бiрi тең келмейдi тырнағына. Бұл үйде ойын ойнап сөйлестi қыз, Мағшұғын ғарiптердiң келтiрсiн кез. Бұлар мұнда сөйлесiп тұра тұрсын, Ендi патша баладан айталық бiз. Шаһзада терезеден салды көзiн, Көредi Гүлшаһраның нұрлы жүзiн. Ақылы кейде кiрiп, кейде шығып, Шаһзада бiлмей тұрды өзi-өзiн. Шаһзада қайран болды есi кетiп, Көрiнген ай секiлдi бiр жарқ етiп. Бұрыннан жүзiн көрмей ғашық едi, Көргенсiн әрең тұрды сабыр етiп. Шаһзада қызды көрiп болды мұңлы, Iшiне ғашықтықтан қайғы толды. Отырды жамалына қайран қалып, Ғашығы бұрынғыдан жаман болды. Отырды жамалына қайран қалып, Жүрегi ғашықтықтан оттай жанып. «Ауызменен сипат қылып бола алмайтұн Екен-ау», – деп ойлады көзiн салып. Тұрып сонда қыздар тамақ iштi, Бiраздан соң қайтуға жақындасты. Жүремiз деп орнынан тұрған шақта, Бiрталай шаһзадаға қайғы түстi. Гүлшаһра қыздарменен қалды кетiп, Көзiнен ғайып болды жарқ-жұрқ етiп. Ақылы кейде кiрiп, кейде шығып, Шаһзада сабыр қылар ендi нетiп. Гүлшаһра шаһзаданы көре алмады, Сандалып ғашықтықтан жүре алмады. Кемпiрге ишараттап сөз сөйледi: – Әй, кемпiр, балаң нағып келе алмады? Ол кемпiр ақырындап келдi жаңдап, Құллық деп сөз сөйлейдi қызды алдап. – Бiр амал кешке барып үйретем деп, Артыңнан барам, – дедi, – iсiн аңлап. – Әй, ана, кешке бiзге келгiл, – дедi, Хабарын шапшаң келiп бергiл, – дедi. Не себептен шаһзада көрiнбедi, Мәнiсiн соның сұрап бiлгiл, – дедi. Гүлшаһра жүрдi сонда қадам басып, Барша жұрт қош айтысты шуылдасып. Гүлшаһраның басына күмiс шашты, Пақырлар терiп жатыр жабырласып. Ғиззаттап Гүлшаһраны келгiзедi, Лайықты құрметтерiн көргiзедi. «Мархаба, сұлтанымыз, қош келдiң», – деп, Көтерiп арбасына мiнгiзедi. Жөнелттi Гүлшаһраны құлдық айтып, Қыздарға қош айтысты езу тартып. Алты қара ат парлаған арба[менен], Сәулетпен Гүлшаһра қыз кеттi қайтып. Алты атының шiлия қамыт, жабдығы алтын, Асырып бұл шаһардан салтанатын. Үйiне Гүлшаһра барғаннан соң, Артынан кемпiр келдi кешке жақын. Қақпаға сонда кемпiр келiп тұрды, Жариалар ханышаға хабар бердi. Ханышадан рұқсат болғаннан соң, Аяңдап қыз қасына келiп кiрдi. Гүлшаһра ол кемпiрге сөйлейдi сөз, – Көрем деген шаһзада келмедi кез. Кемпiр айтты: – Ұялды топ iшiнде көрiнуге, Бiр жауап көретұғын айтайын тез. Атаңа көремiн деп хабар салсаң, Шақыртып шаһар халқын жиып алсаң. Шақыр деп шаһзаданы зияпатқа, Анаңа айтып патшаға арыз қылсаң. Атаңа сен айтқан сөз дәрi деймiн, Жиылсын халайықтың бәрi деймiн. Шаһзаданы көресiз тағы анықтап, Келгенсiн жасы менен кәрi деймiн. Бiр үйден өзiң тұрып салғыл көздi, Қарағым, ұғып алғыл осы сөздi. Өз еркiңше көресiң сонда келсе, Басқа iске жұмсама ендi бiздi. Гүлшаһра мақұл көрдi кемпiр сөзiн, Көрмекке шаһзаданың нұрлы жүзiн. Бiр жауапты атама айтайын деп, Шақыртып анасының алды өзiн. Бұл сөздi бек ұқтырған даясына, Даясы айтты келгенсiн анасына. – Шаһзаданы көрем деп ойлайды екен, Шаулан берiп Кәшмирдiң қаласына. Балаңыз бiр зияпат берсiн, – дедi, Шақырған халайықтар келсiн, – дедi. Шаһзаданы шақырсын қалдырмастан, Атам да өз көзiмен көрсiн, – дедi. Бұ сөздi ханым сонда мақұл көрдi, Даясы айтқаннан соң естiп бiлдi. Зияпат атаңа айтып қылдырам деп, Қасына падишаның қайтып келдi. Ханым айтты: – Құлақ сал сөзге, – дедi, Балаңыз арыз айтты сiзге, – дедi. Бұ сөздi жақтырсаңыз, тақсыр ханым, Ашу қылып жүрмеңiз бiзге, – дедi. Патша айтты: – Сол едi жалғыз қызым, Мен неге жақтырмайын оның сөзiн. Қызым айтқан сөзiне ашу қылып, Соқыр болып кетпей ме екi көзiм. Ханым айтты қызының айтқан сөзiн: – Бiр шаһзада iздеп келген балаң өзiн. Патшазада асқан деп естiгенсiң Көрсем деп ойлайды екен оның жүзiн. Сөзiме менiң құлақ салсаң, – дедi, Шақыртып шаһзаданы алсаң, – дедi. Балаң разы болады, тақсыр, сiзге, Тамаша бiр зияпат қылсаң, – дедi. Падиша мына сөздi қабыл алды, Шақыртып халайыққа хабар салды. «Бiр зияпат тамаша қыламын», – деп, Даярлап түрлi тағам әзiрлеттi. Даярлап неше түрлi алтын аяқ, Сарып қылды дүниенi аямай-ақ. Меһманхана сарайға отырсын деп, Кiлем, көрпе жайдырды санамай-ақ. Неше түрлi тағамдар әзiрлеттi, Отыратын жайларын құп түзеттi. Қонаққа бiздiкiне келсiнлер деп, Шақыртып шаһзаданы хабар еттi. Шақырып шаһзаданы бiреу келдi, «Қонаққа патша сiздi келсiн», – дедi. Бұ хабарды есiтiп бек қуанды, Сандалып не қылам деп отыр едi. Iшiне қайғы толып ғашықтықпен, Ұйықтамай, тамақ iшпей күнi өткен. Уәзiрiмен кеңесiп отырғанда, Шақырып падишадан хабар жеткен. Ғашықтық қиын жұмыс адамзатқа, Ұқсайды iште тұрған жанған отқа. Көңлiне ғашық дертi түскен адам Дүниелiк қарамайды салтанатқа. Ұмытып дүниенiң салтанатын, Мағшұқтың көңлiне алып махаббатын. Падиша шақырады дегеннен соң, Бұйырды ерлегiн деп арғымағын. Iстеген ер-тоқымын алтындатып, Қарайтын көрген адам таңға қалып. Уәзiрiн қасына ертiп келе жатыр, Падишалық тондарын жарқылдатып. Жасауылдар қоршаған екi жағын, Патшалық киiп алды бар жарағын. Перизаттай бұралып шаһизада, Секiртiп келе жатыр арғымағын. Осындай салтанатпен жетiп келдi, Қолтықтап атын ұстап түсiрдi ендi. Шаһзаданың орынын даяр қылған, Құрметтеп барша халық отырғызды. Лебiзi шаһизада[ның] шекер-балдай, Жүзiн көрген адамдар естен танды. Бәрi де халайықтың қайран қалды, Құдайым жаратпаған қандай жанды. Жайнап тұр екi көзi шам-шырақтай, Екi бетi албырап гүл-жапырақтай. Нәзiк белi бұралып үзiлiп тұр, Тiгiлген кiрпiктерi атқан оқтай. Шаһзада жиылғанның көрдi бәрiн, Көңлiнен шығармайды ғашық жарын. Падиша, уәзiрменен амандасып, Сұрасып отырдылар ахуалдарын. Уәзiрлер сөйлеп отыр тiлiн безеп, Шаһзада сөйлемейдi бойын тежеп. Мәжiлiсте сөйлесiп отырғанда, Шаһзада сөйлейтұғын келдi кезек. Әуелi сөйлеместен езу тартты, Ол сөзге бек тиiстi жауап айтты. Лебiзi сары алтынның буындай боп, Естiген адамдарды таңырқатты. Тыңдады айтқан сөзiн жанның бәрi, «Бәрәк Алла» деседi жас пен кәрi. Ақыл, көркi, ғылымы асқан ғой деп, Бұлардың шаһзада боп ынтызары. Қайран болды қыз iздеп келгенiне, Тамаша еттi құп жауап бiлгенiне. Сөз сөйлемей әуелi күледi деп, Гүлшаһра мiн тағады күлгенiне. Гүлшаһра айтты: – Әуелi күлдi, – дейдi, Жауабыны «Бәрәк Алла» бiлдi, – дейдi. Ақымақтарға ұқсайды бұ мiнезi, Несiне аралап жүр елдi, – дейдi. Мен мұндай ақылсыздың теңi емеспiн, Бiлемiн бұ күлкiнiң жөн емесiн. Бiрталай мен байғұсты әуре қылған, Мақтаған кемпiр ақымақ неменесiн. Қалайша тең боламын мен мұндайға, Ұқсайды көркемдiгi туған айға. Ақылсыз ғылым обал адамзатқа, Әуелi ақыл керек жарлы, байға. Ғылымға, патшалыққа ақыл керек, Ғылым да ахиратқа болар тiрек. «Ақылсыз адам – хайуан» деген сөз бар, Кiсiге лайық емес болмай зерек. Гүлшаһра мұны айтып тамам еттi, Сол жерде мәжiлiс тарқап қайтып кеттi. Шаһзада өз орнына барғаннансын, Шыдамай ғашықтықтан қайғы шектi. Отырды уәзiрiне ақыл салып, Көзiнен жас ағызып қайғыланып. Бiр кiсi падишаға табыңыз деп, Кемпiрден сөз сұрайды шақырып алып. – Әй, кемпiр, қарап тұрмыз сiзге, – дедi, Бұл iстiң айтшы жөнiн бiзге, – дедi. Кемпiр айтты уәзiрге оңашалап: – Көңiлi Гүлшаһраның өзге, – дедi. Шаһзададан жауап сұрды жиылған көп, Күлгенi сол уақытта болмады еп. Гүлшаһра соның үшiн жақтырмады, Басында сөз сөйлемей күледi деп. Шаһзада ғарiп болды осы жаста, Кiсi жiбер патшаға ақылдас та. Анықтап падишаға жаушы жiбер, Ақыл жоқ сiзге айтатын мұнан басқа. Той қылғызған шақырды уәзiр байды, Қалдырмай бастан-аяқ айтты жайды. – Жаушы болып патшадан жауап әпер, Бiлесiз бiз айтпай-ақ осындайды. Ол байды жiбердi де қайтып келдi, Бұ сөзiн шаһзадаға айтып келдi. Бiр сөздi мен айтсам, әй, шаһизада, Айып қылып жүрмеңiз маған дедi. Сабыр қыл, әй, шаһзада, айтқан сөзге, Құдайым ақыл берген өзiңiзге. Осы қызға ғашық боп зар жылайсыз, Һеш сұлу көрмеп пе едiң мұнан өзге. Шаһзада мұны естiп ойлайды ойды, Ойламаған дәнеме һеш қоймайды. «Мұрадымша жоқ екен-ау қыздан жауап, Мұндай сөздi айтқаны», – деп ойлады. – Әй, уәзiр, сұрадыңыз мұндай сөздi, Гүлшаһра жақтырмап па дейдi бiздi. Құдайым маған нәсiп қылар ма екен, Дүнияда һеш көрмедiм мұндай қызды. Уәзiрiм, ақылдасар жан жолдасым, Қор болды-ау бұ қыз үшiн ғазиз басым. Iшiмдi өртеп барады ғашықтық, – деп, «Аһ» ұрып шаһизада төктi жасын. Жiберген бай патшаға барды жетiп, Үйiне кiрiп барды тағзым етiп. – Тақсыр-ау, қаһар қылма келгенiме, Арызға келiп едiм көңлiм кетiп. – Арыз айта келсеңiз бiзге, – дедi, Құлақ салып тұрайын сөзге, – дедi. Қабыл қылып арызымды тыңласаңыз, Бiр шаһзада жiбердi сiзге, – дедi. Әй, тақсыр, мақұл көрсең сөзiмiздi, Айыпқа бұйырмасаң өзiмiздi. Бағдаттың патшасының ұғылы екен, Сұратты Гүлшаһра қызыңызды. Ақылы, көркi артық талай жаннан, Һеш адам артық болмас, сiрә, мұндан. Өзiң де көрiп едiң, тақсыр, оны, Осы едi келген iсiм көңiлге алған. Патша айтты: – Бұ болса келген iсiң, Мен де лайық көрiп ем оның түсiн. Гүлшаһрадан рұқсат сұратайын, Бiлейiн қызымның да көңiл хошын. Мен сұрайын қызымның көңлiн бiлiп, Қосылсын жақсы көрсе ойнап-күлiп. Сұратып жауабыңды ап қояйын, Жауабын есiтiп кет ертең келiп. Мақұл деп барған кiсi қайтып кеттi, Падиша Гүлшаһраға хабар еттi. – Бiр кiсi жаушы келдi шаһзададан, Не дерсiз шаһзадаға берсем, – дептi. Қызы айтты: – Әй, ата, айтпа мұны, Мәжiлiсте отырғанда көрдiм оны. Сөз сөйлемей күледi ақымақтарша, Ақымаққа бар дегеннiң келмес жөнi. Патша ұғылы болса да зерек емес, Бiлемiн, қорықпайтұғын жүрек емес. Сөзден бұрын күледi қатындарша, Бiздерге ондай ақымақ керек емес. Атасы бұған жауап айта алмады, Падиша қыздың сөзiн қайтармады. «Әй, балам, өзiң бiлгiл», – дедi дағы, Бөтен сөздi айтуға бата алмады. Кешегi бай патшаға келдi сонда, Патшаға кiрiп сәлем бердi сонда. – Шаһзаданың жауабы не болды? – деп, Әдеппен тағзым етiп тұрды сонда. Падиша айтты қызының айтқан сөзiн, – Мен де лайық көрiп ем оны өзiм. Қызым разы болмаса амал жоқ, – деп, Сарғайтты шаһзаданың нұрлы жүзiн. Бұ сөздi естiп барған бай қайтып келдi, Уәзiрге оңашалап хабар бердi. Гүлшаһраның айтқанын баян қылып, Шаһзаданы жақтырмас дедi ендi. Сонда уәзiр мұны естiп болды қайран, Жылауда екi көзi болды гөриан. Шаһзада қайтiп сабыр қылады деп, Қайғырып талай iстi көңiлге алған. Қайғырып уәзiр сонда ойлайды көп, Қалай деп шаһзадаға айтамын деп. Естiрмесем болмайды тағы мұны, Естiрсем диуана боп кетедi деп. Мұны ойлап шаһзадаға келдi жақын, Уәзiр ойлап қайғырар жолдас ақын. – Мен бiр жауап айтайын, әй, шаһзада, Есiтiп сабыр қылып шыдап баққын. Бұ жаққа мүсәпiр боп шықтық саяқ, Тәңiрiм бақты берген соң аямай-ақ. Мен бiр байды патшаға жiберiп ем, Айтайын мен сырымды бастан-аяқ. Шаһзада тыңлап отыр құлақ салып, Мағшұқтың махаббатын көңлiне алып. «Сiздi қыз жақтырмапты» деген шақта, Шаһзада есi кетiп қалды талып. Көтерiп бiр уақта алды басын, Ағызып қасiретпенен көзден жасын. – Құдайым салғаннан соң бұ қайғыға, Қор болды бұ сапарда ғазиз басым. Көңiлiм ғашықтықтан болды мұңлы, Көзiме жас, көкiрегiме қайғы толды. Тiрiлiк, дүния маған болды зындан, Бiр ылаж болар ма екен бұған ендi. Дүниядан өмiрiм өттi қайғыланып, Барамын бұ жауапқа қапаланып. Шаһзаданың қасiретiн естiген соң, Уәзiрi жылап отыр құлақ салып. Шаһзада бұ қайғыдан болды дерттi, Ас iшпей, ұйқы көрмей күнi өттi. Һеш ылаж бұ шаһарда болмағансын, Ауру боп өз елiне қайтып кеттi. Шуласып шаһар халқы жылап қалды, Болмады шаһзадаға қыздың мейiлi. Өз жұртына шаһзада қайтып кеттi, Өткiзiп екi арада бiрер жылды. Бiр күнi қыз ұйықтады алтын тақта, Шаһзада өз елiне барған шақта. Түсiнде шаһзаданы көрдi бұ қыз, Аралап жүрген екен бақ-шарбақта. Шарбақта аққан бұлақ, шыққан ағаш, Көрiндi су түбiнде һәр түрлi тас. Жемiсi көп ағашында алуан-алуан, Көргенсiн қайран қалып болады мас. Көрмеген ол шарбақта жемiстерi көп, Бiреуiне ұмтылды татайын деп. Алтын тақтыда шаһзада жатыр екен, Ойлайды қасына бiрге жатайын деп. Гүлшаһра келе жатыр қадам басып, Зейнетi шаһзаданың хәдден асып. Хәрир көрпе жамылып жатыр екен, Қарады Гүлшаһра бетiн ашып. Бетiн ашып қасына тұрды барып, Нұр жүзi бақ-шарбақты қылған жарық. Бұ қызға iлтипат қып қарамайды, Гүлшаһра тұрды сонда қайран қалып. Шаһзада айтты: – Әй, ақымақ, неге келдiң, Менiң ақымақтығымды қайдан бiлдiң? Бұ жерге қаңғып келдiң не жұмысқа, Алып кет садақасын тамам елдiң. Дедi де көрпеменен жапты бетiн, – Әй, ақымақ, саған бiтсiн менiң дертiм. Ахиратқа барғанда сөйлесермiз, Осындай күйге салды ғашық отың. Гүлшаһра мұны көрiп оянады, «Бұ түсiм қалай түс?» деп ойға алады. Iшiне ғашық оты пайда болып, Бiреуге мұны айтуға ұялады. Оянып ұйқысынан көзiн ашты, Ғашық от пайда болып төктi жасты. Ендi елге айтқанша өлейiн деп, Өлiмге байлап тұрды ғазиз басты. Һешкiмге сөйлемедi неше күндей, Ас iшпей, ұйқы көрмей күндiз-түндей. «Ақымақтықпен жаратпай жiберiппiн, Табылмас маған жiгiт, сiрә, мұндай». Отырды қайғыменен бiрнеше күн, Қараңғы зындан болды күн менен түн. Түн ортасы болғанда түрегелдi, Артынан оны iздеп [мен] кетейiн. Мұны ойлап қару-жарақ киiп алды, Қоржынға алтын-күмiс, азық салды. Еркектiң порымынша киiм киiп, Ерттеп бiр жүйрiк ат мiнiп алды. Жөнелдi түн iшiнде «иә, Құдайлап», Белiне алтын кәмәр, қылыш байлап. Шаһарда һешбiр адам бiлмей қалды, Қайғы-дерт келе жатыр қоймай айдап. Гүлшаһра жол үстiнде жүрсiн мұнда, Айтайын шаһзаданы анда-санда. Қасында жолдасымен аман-есен, Ауру боп шаһарына барды сонда. Алдынан қарсы шықты ата-анасы, Ата-анасын көргенсiн ағып жасы. Шаһизада ауруын көргеннен соң, Қайғырып жылап тұрды кәрi-жасы. Барғансын елi-жұрты амандасты, Қайғырып ата-анасы зар жыласты. Неше түрлi тәбиптер ап келсе де, Һешбiреуi бiр дауа қыла алмас-ты. Бiр күнi нашарлықтан кеттi талып, Ендi есi кiрмедi қайта айналып. Бiр күн жатып өкпесi соқпай қалды, Өлдi деп шуылдады ойбай салып. Сол уақта күдер үзiп жапты бетiн, Жығылып көтере алмай ғашық отын. Өлдi деп шаһар халқы көп жылады, Тарттырып ата-анаға қасiретiн. Жылады тамам жұрты ойбай салып, Бiлмедi не қыларын барша халық. Баласы дүниядан кеткеннен соң, Ата-анасы қайғымен қалды талып. Жылады бiреу анда, бiреу мұнда, Көшеде адамдар жүр анда-санда. Шаһардың бәрi бiрдей қайғыланып, Жыламаған адам жоқ тiрi жанда. Шаһарға сол уақтыда қыз кеп кiрдi, Бiреуге жылап жүрген сәлем бердi. – Бұ шаһарда не хабар бар? – деп едi, Ол адам сөйлеместен жүре бердi. Екiншi жолығады бiр адамға, Жылап жүрген адамға қалды таңға. Ол адамнан сұрады тағы барып, – Жылаған не болған, – деп, – барша жанға. – Айтайын бұ шаһардың жылағанын, Көл қылып көздiң жасын бұлағанын. Бар едi патшамыздың жалғыз ұғылы, Бiлмесең шаһзаданың не болғанын. Кашмирге патша қызын iздеп барды, Қызына ғашықтықтан ынтызар-ды. Мұндай бала тумайды адамзаттан, Ол қызы жақтырмаған пейiлi тар-ды. Ауру боп ғашықтықтан қайтып келдi, Кеселiн бұл шаһардың бәрi бiлдi. Қанша дауа қылса да оңалмастан, Ол бала бүгiн түнде опат болды. Жылады шаһар халқы соның үшiн, Күйiп тұр менiң дағы iшiм-тысым. Мен айтып шаһзаданы бiтiре алман, Бiтпеген һеш пендеге ондай пiшiн. Есiттi мұның сөзiн құлақ салып, Не дерiн бiлмей тұрды қайран қалып. Ендi қайтiп тiрi боп жүремiн деп, Гүлшаһра аттан түсiп қалды талып. Ол кiсi мұны айтып жүрiп кеттi, Естiдi Гүлшаһра мұндай кептi. Бiр күн, бiр түн тамам жұрт жылап-жылап, Падиша таң атқансын әмiр еттi. Патша шақырып алды жұрттың бәрiн, Қойыңдар, қайтып келмес, жылауларың. Жудырып жаназалап көмдiредi, Оқысып барша халық намаздарын. Сағана қылды көрiн алтындатып, Төрт кiсi бақтыруға әзiрлетiп. Жыласып түн болғанша отырды да, Халайық түн болған соң кеттi қайтып. Қыз ойлайды бiр жерде жатайын деп, Бұ жерде сабыр қылып байқайын деп. Күзетшiлер ұйықтап қалған шақта, Бiр көрiп шаһзаданы қайтайын деп. Мұны ойлап бiр жерге барып жатты, Қайғы-дерт бұрынғыдан болды қатты. Түн ортасы болғанда келiп көрсе, Күзетшi бәрi бiрдей ұйықтап қапты. Күмбезге барды сонда қадам басып, Кiргелi сағанаға есiк ашып. Күзетшiлер оянып дыбысыменен, Ұстады ұғры екен деп жабырласып. Байлады ұрып-соғып ұғры екен деп, Залымның көр аңдыған бiрi екен деп. Сүйретiп зынданшыға алып келдi, Алтынын ұрлағалы жүр екен деп. Зынданға ұрып-ұрып салды байлап, Күзетшiлер қуанды «иә, Құдайлап». Жолығып бiр қасiреттен бiр қасiретке, Гүлшаһра не болам деп жатыр ойлап. Патшаға таң атқан соң хабар бердi, Сонда патша шақырды уәзiрлердi. Алып кел деп жiбердi жасауылдар, Мойнына арқан тағып алып жүрдi. Патшаға жасауылдар алып келдi, Көңiлi ғарiп жаннан қалып келдi. Ашуланып уәзiрге ақылдасты, Не жаза қыламыз деп бұған ендi. Уәзiрлер арқан тағып алып жүрдi, Шаһарды құрым iлiп айландырды. Шаһзаданы алғалы жүр екен деп, Айғайлап тамам жұртқа бiлiндiрдi. Бiр уақта жұртты жиып асты дарға, Жазасы ұрлық қылған пейiлi тарға. – Сүйегi қурағанша тұрсын, – дедi, Жесiн, – деп, – етiн мұның құзғын-қарға. Дараға Гүлшаһраны қойды асып, Барша жұрт «әй, ақымақ» деп шуылдасып. Мойнына арқан тағып байлап қойды, Бұлқынып тулап тұрды жанталасып. Барша жұрт бiраз [тұрып] кетiп қалды, Қасына күзетшiге бiреу қалды. Бiр өлiктi күзетiп не қылам деп, Бiр жерге аулақ барып жатып қалды. Гүлшаһра байлаулы тұр ағашында, Дұшпанның қалып байғұс табасында. Ол шаһарда бiр үлкен көл бар едi Дар құрған ошал көлдiң жағасында. Түнде қой жусатады ел iшiнде, Күндiз қойды жаяды шөл iшiнде. Ел жатқансын қойларын айдап келiп, Ол көлден суғарады түн iшiнде. Бiр қойшы суғарғалы қойын айдап, Ол көлге жақын келдi «иә, Құдайлап». Қойшы кеп дар ағашқа қарап тұрса, Бiр кiсi басында тұр қойған байлап. Ол қойшы келiп тұрды қасына ендi, Ағашқа сүйеп тұрды басын ендi. Ол ағаш қимылдайды дiр-дiр етiп, Ол дарға қойған кiсi асып ендi. Қойшының қалды сонда зәресi ұшып, Бiр нәрсе келе ме деп көлден түсiп. Осы адам екенiн бiлгенненсiн, Түсiрдi байлап қойған жiбiн шешiп. Ол байғұс жерге түсiп талып жатты, Һәр жерi шала-жансар қимылдапты. Аузына су құяды алып келiп, Су iшiп сонда есiн жиып апты. Есiн жиып көтерiп алды басын, Қан аралас ағызып көздiң жасын. – Не қылған жан едiң? – деп сөз сұрайды, Өлiмнен құтқардың деп замандасым. Құданың құдiретiне болды қайран, Халайық сенi дарға асып қойған. Бұ жерде сөз сөйлесiп болмас дедi, Қойшымын бұ шаһарда қойды жайған. Қойшымен қойды айдасып кеттi сонда, Қойшы барып өрiсiне жеттi сонда. Аулақ барып бiр жерге отырғансын, – Бейшарам, жайыңды айт, – дептi сонда. Гүлшаһра сырын айтты бастан кешкен, Ғашықтық отыменен күйiп пiскен. – Өзiме менмендiкпен өзiм қылып, Ақырында ғарiп боп отқа түскем. Қойшы есiттi бұ қыздың айтқан сөзiн, – Бiр бейшара ғарiппiн менiң өзiм. Маған дағы тимесiн сенiң бәлең, Аулақ кет менен ендi сенiң өзiң. Екеуi амандасып айрылады, Ол қойшы Гүлшаһраға қайрылады. Гүлшаһраға көрсеттi аулақ жолды, Қыз байғұс жолға түсiп зар жылады. Қойшының айтқанымен жүре бердi, Таң ата бiр шаһарға тағы кiрдi. Бiр бәледен құтылып зорға байғұс, Шаршап келiп бiр жерге жатады ендi. Бейшара демi құрып шаршап қапты, Демiн алып жатқансын ұйықтап қапты. Оянып сәске уақты болған шақта, Тұрғансын төгерекке көзiн сапты. Қараса, бiреу жатыр кеудесiмен, Басы жоқ өзi жатыр тәнәсiмен. Жүрейiн деп тұрғанда жолға қарай, Жүгiрдi күзетшiлер көрiсiмен. Келдi де күзетшiлер ұстап алды, Пәлеге құтылмастай тағы қалды. «Кешегi ұғрыны бүгiн ұстадық», – деп, Алдына падишаның алып барды. Естiген халайықтар келдi жетiп, – Келдiң бе бүгiн тағы, кеше кетiп. Өлтiрмей қояды деп һеш ойлама, Уәзiр ұғлын кетiп ең шаһид етiп. Ұрып-ұрып аяқ-қолын байлап алды, Алайын деп келдiң бе бүгiн тағы. Уәзiрдiң баласын сен өлтiрдiң, – деп, Зынданға сүйреп келiп салды тағы. Ол жерге бұрын ұғры келген екен, Уәзiр ұғлы ұғрыдан өлген екен. Бүгiн тағы келер деп ой ойласып, Аңдытып күзетшiлер қойған екен. Бейкүнәһ байғұс қызды алды ұстап, Зынданға күзетшiлер кеттi тастап. Менмендiктен осындай азап көрдi, Һәр iске жүрген екен Құдай бастап. Уәзiрге қарауылшылар келдi дейдi, Ұғрыдан келiп хабар бердi дейдi. – Ұғлыңызды өлтiрген кешегi ұғрыны Байладық, не бересiң ендi? – дейдi. Алғалы келген екен киiмдерiн, Һәр түрлi қару-жарақ бұйымдарын. Зынданға ол ұғрыны салып келдiк, Бiз алдық қалтасынан тиындарын. Уәзiр бiлдi бұлардың айтқан сөзiн, Жас қылған қайғыменен екi көзiн. Өзiм бекiтiп қояйын қашып кетер, Маған ап кеп берiңдер оның өзiн. Уәзiрге байғұс қызды ап кеп бердi, Келгенсiн уәзiр оны көзi көрдi. Қол-аяғын тас байлап алып келiп, Бердi де күзетшiлер жүре бердi. Бұрыннан қылған екен темiр үйдi, Уәзiр байғұс ұғлы үшiн жаман күйдi. Темiр үйге кiргiзiп Гүлшаһраны, Құлпысын есiгiнiң салып қойды. Есiкке құлып салып тас бекiттi, Кiлтiн уәзiр өзi алып кеттi. «Баламызды өлтiрген қу ұғрыны, Ұстадық», – деп қатынға баян еттi. Қатыны баласы үшiн жылап едi, Ағызып көзiнiң жасын бұлап едi. «Саған да көрсетейiн» дедi уәзiр, Байынан көрейiн деп сұрап едi. Екеуi келдi сонда қадам басып, Көрсеттi қатынына есiк ашып. Қатын көрсе, бiр сұлу жiгiт екен, Қалғандай бейнетпенен көңлi жасып. Қатын ойлар: – Бар ма екен кiнәсi деп, Мен секiлдi бiреудiң баласы деп. Мұны өлтiргенмен тiрiлмес менiм ұғлым, Жылайды-ау мендей болып анасы деп. Өлтiрiп бұ байғұсты не қылам дер, Бұ өлгенмен һеш тоймас сұм қара жер. Мұны ендi өлтiрмей қоя берсем, Өлiп қалған балама сауап тиер. Мұны ойлап байымен қайтып кеттi, Есiгiн бұрынғыдай тас бекiттi. Түн болып уәзiр ұйықтап қалған шақта, Кілтiн ұрлап алып жетiп кептi. Қатын келсе, күзетшi ұйықтап қалған, Есiк ашып ол қатын жетiп барған. Жетелеп түн iшiнде алып шығып, Кiлтiн бұрынғыдай қайтып салған. Жетелеп бiр бөлмеге келдi алып, Сыртынан бекiтiп қойды кiлтiн салып. Кiлтiн орнына қойды дағы, Төсегiне жатады қайтып барып. Таң атқан соң патшаға уәзiр барды, Мағлұм қылды өзiнiң көргендердi. «Не қылған жүрек жұтқан жан едi» деп, Падиша есiткен соң қайран қалды. Ақылдасты дарға асалық деп, Ақымақтың жәһiл көңлiн басалық деп. Жасауылдар жiбердi алып кел деп, Өлтiрiп дарға асып тасталық деп. Қарады жасауылдар кiлтiн ашып, Падиша бұйырған соң асып-сасып. Есiк ашса, ол үйде дәнеме жоқ, Бұл үйде қойған кiсi кеткен қашып. Патша[дан] келген жiгiт қайтып барған, Ол үйге қойған жiгiт кетiп қалған. Шыққаны һеш жерiнен бiлiнбейдi, Есiкке қалыбындай құлып салған. – Әй, тақсыр, жұмсаған соң мұнан бардық, Зынданның барып ашып құлпын алдық. Ол үйдiң қалыбында бәрi бүтiн, Бiле алмай қайда екенiн қайран қалдық. Падиша естiген соң болды қайран, Қарасын бұл шаһарды жиылған жан. «Жын ба екен, адам ба екен, перi ме екен, Бұл үйден қалайынша кетiп қалған?!» Ұғрыны iздеп-iздеп таба алмады, Кеткенiн қайда қашып бiле алмады. Таба алмай бұлар мұнда тұра тұрсын, Гүлшаһра сабыр, айла қыла алмады. Гүлшаһра жатты сонда бiрнеше күн, Қараңғы зындан болып күн менен түн. Көркейдi күннен-күнге тәуiр болып, Ол қатын жақсы қылып күткеннен соң. Тұрады ауық-ауық тағам берiп, Гүлшаһра отырады қасын керiп. Қашқан, қуған мехнаттан құтылған соң, Оңалды бұрынғыдан өңi кiрiп. Бiр күнi Гүлшаһра ой ойлады, Ойламаған дәнеме һеш қоймады. «Менмендiктен осындай күйге түстiм, Бұл азап өзiме аз ғой, – деп ойлады. Бiр күнде жатушы едiм алтын тақта, Сан кiсi қызмет қылып һәр тарапта. Менмендiктен Әзәзiл шайтан болған, Әуелi өзiме аз ғой бұл азап та. Айрылып салтанаттан болдым пақыр, Мұнан да жақсы маған өлiм ақыр. Бойыма тiрi жанды теңгермеушi ем, Бiр-бiрлеп ол кесiрiм келе жатыр. Ойламай ахиреттi болдым менмен, Жиылған қызметiмде бiрталай жан. Боламын ахиретте әлде қандай, Күнәһымды кешер ме екен Қадiр менiң». Бұрынғы iстерiнен тәубе қылды, Шаһзада еске түсiп бүгiлдi ендi. Сиынып бiр Құдайға зар жылайды, Бұрынғы салтанаттан түңiлдi ендi. Жалынып тәубе қылды бiр Құдайға, Бұрынғы жаман iсi түсiп ойға: – Көре алмай шаһзаданы арманда өлдiм, Тiрiлiп келер ме едi, уа, дариға. Гүлшаһра қайғы-дерттi болып жатты, Ғашықтық көңлiне алып махаббатты. Құдайға көп мiнәжат тәубе қылып, Кiшкене тыныштық алып ұйықтап кеттi. Ұйқыда бiр түс көрiп оянады, Бұ түсiм қалай түс деп қуанады. Мехнаттан құтыласың дептi бiреу, Ол түсiн өзiне айтып жуанады. Шаттанып отырғанда қатын келдi, Сипатын бұрынғыдан артық көрдi. Ақылы кейде кiрiп, кейде шығып, Жүзiне Гүлшаһраның қарап тұрды. Ол қатын сонда көрiп болды ғашық, Көңiлi ғашықтықтан судай тасып. Дүнияда мұндай көркем болар ма деп, Отырды сабыр қылып көңлiн басып. Асылы жүзiн көрiп болды күптi, Бұрынғы ұғрылығы ойдан кеттi. Сабыр-қарар қылуға халi келмей, – Дүнияда сiздей көрiктi бар ма? – дептi. Бек артық көрiнедi көркiң сенiң, Маған ендi баян қыл асыл тегiң. Жүзiңдi бүгiн көрiп ғашық болдым, Көңiлiм қайран болды ендi менiң. Құдайым ғашық қылды саған менi, Өзiме бiлiнбей тұр сөздiң жөнi. Менiң де тiлегiм бер, замандасым, Өлiмнен құтқарайын ендi сенi. Қалмады көңiлiмде сабыр-қарар, Кәсiбiм жоқ сiзден басқа көңiлге алар. Қападан құтыларсыз, әй, шырағым, Ойнасаң менiменен ендi бiрер. Қыз айтты: – Мақұл көрдiм бұ сөзiңдi, Көргенсiн саламатты ақ жүзiңдi. Бiраз күн рұқсат бер ендi маған, Қуатты қып күтейiн мен өзiмдi. Неше күн мехнат көрiп жүрдiм қашып, Қайғы-қасiрет көңлiмдi жүрген басып. Бiраз күн тәрбиелеп күтпейiнше, Сiзге қызмет қыла алман мауқың басып. Мағшұғым,не айтасыз мына сөзге, Айып қылмай мақұл де сөзiмiзге. Бiраз күн ауқаттанып алғаннан соң, Жақсы боп қосылайын өзiңiзге. Бұ сөздi қатын сонда мақұл көрдi, Ол қызды тәрбиелеп баға бердi. Неше алуан тағамдар әзiр етiп, Ол қатын уәзiр жоқта күтiп жүрдi. Бiр күнi уәзiр келдi патшадан кеш, Шаршап келiп ұйықтап жатты тыныш. Ол қатын ұйықтаған соң түрегелдi, Қатынның не қылғанын бiлмедi һеш. Қатыны Гүлшаһраға келдi жетiп, Ойын-күлкi, тамаша үмiт етiп. Кiрiп барса, Гүлшаһра ояу отыр, Тез келгiн дегендей-ақ жолын күтiп. Көрген соң Гүлшаһраны жауап еткен: – Ұйықтамай отырсыз не себептен? Көңiлiне ғашық оты түскенен соң, Ғарiбiң ғейiш-ғишрат үмiт еткен. Қыз айтады: – Өртедi ғашығың сенiң, Қасiреттi сол себептен көңлiм менiң. Көзiме сол себептi ұйқы кiрмес, Тыныштығы болмаған соң ғарiп тәннiң. Бұл сөздi қатын естiп болады шат, Қылмаққа үмiт етiп ғейiш-ғишрат. Құшақтасып ойнасып отырдылар, Бiреуi еркектей боп қылып сұхбат. Екеуi отыр едi қалжыңдасып, Оянды уәзiр сонда көзiн ашып. Қатынын жоқтайды қасындағы, Келмеген соң қарады асып-сасып. Қарады уәзiр тұрып үйiнiң iшiн, Сандалып қайран болып қатыны үшiн. Бөлмелерiн қарады қалдырмастан, Сөйлескен есiтедi бұл дабысын. Сөйлескен даусын естiп тыңлап тұрды, Үйiне уәзiр сонда қайта жүрдi. Қолына қылыш алып белiн буып, Үстiне екеуiнiң келiп кiрдi. Қатынын қылышпенен салып қалды, Қатыны бiр салғанда өлiп қалды. Гүлшаһраға ұмтылды шабайын деп, Гүлшаһра сонда бөркiн жұлып алды. Емшегiн көрсеттi киiмiн шешiп, «Мен қызбын» деп жалынды жаннан шошып. – Қатыныңды өлтiрдiң бекер, – дедi, Күнәһым болса өлтiргiн басым кесiп. Уәзiр сонда бұл iске болды қайран, Жүрегi қатыны үшiн болып ойран. Гүлшаһрадан сұрайды: – Кiм едiң? – деп, Бұл жерге келмеушi едi һеш тiрi жан. Сонда сырын сөйлейдi бастан кешкен, Ғашықтық отыменен күйiп-пiскен. – Атым менiң Гүлшаһра, шаһзадамын, Құданың құдiретiмен мұнда түскен. Бұ сөздi сонда естiп бiлдi дейдi, – Құданың құдiретi болды, – дейдi. Маған ендi қатын бол, әй, шырағым, Сенi ап кеп Құдай Тағала бердi, – дейдi. – Әй, тақсыр, мақұл, – дедi, – айтқан сөзiң, Бұл iстi ойлап едiм менiң де өзiм. Сiзден мен қашамын ба бөтен жаққа, Құдай айдап келген соң менiм өзiм. Екеуi мақұлдасып айтады сөз, Құдайым келтiрдi деп бұ қызды кез. Көп бiлдiрместен ол қатынын Ары-берi шапшаңдатып көмедi тез. Қосылды уәзiр менен некаһ қылып, Сұхбат қылмақ тiледi жақын келiп. Жайым келмей жүр едi бұ күнде деп, Ғарiп жалынады «тұра тұр» деп. – Пәктенiп түзелейiн азырақ күн, Қызметiңде тұрамын күн менен түн. Мен сiзден қашамын ба бөтен жаққа, Құдайым нәсiп қылып қосқаннан соң. «Мақұл» деп сонда уәзiр рұқсат бердi, Қызметiн ерге лайық қылып жүрдi. Бұрынғы қатынымнан артық қой деп, Қуанып уәзiр байғұс күлiмдейдi. Бiр күнi уәзiр ұйықтар шаршап келiп, Патшадан кеш қайтыпты жұмыс болып. Гүлшаһра түн iшiнде түрегелдi, Қолына қылыш алды шапшаң келiп. Уәзiрдiң қылышпенен кестi басын, Аһ ұрып қайғыменен төктi жасын. Астына бiр арғымақ мiнiп алды, Салып ап алтын-күмiс, гауһар тасын. Ғарiп қыз түн iшiнде жүрiп кеттi, Уәзiрге қатынымен ажал жеттi. Жолында ғашықтықтың ғарiп болып, Таң атқан соң Бағдатқа келiп жеттi. Гүлшаһра келiп кiрдi бұ шаһарға, Атын қойды аулаққа бiр пәтерге. Атын тастап Гүлшаһра жаяу келдi, Дұға қылған кiсi боп қабiрлерге. Әуелi тыстан тұрып дұға қылды, Күмбезге есiк ашып кiрiп келдi. Кебiнiн бетiндегi ашып тастап, Жүзiне шаһзаданың қарап тұрды. Көредi шаһзаданың нұрлы жүзiн, Шығарды қасiреттi зарлы сөзiн. «Шаһзада, халiң қандай?» деген екен, Сол уақта жарқ еткiзiп ашты көзiн. Гүлшаһра төгiп тұрған көздiң жасын, Өлiмге нағып қисын замандасын. Қасында Гүлшаһраны көргеннен соң, «Иә, Алла» деп көтерiп алды басын. Қарады жан-жағына көзiн салып, Отырды көрдi көрiп қайран қалып. «Япырмай, бұ немене?» деген шақта, Гүлшаһра жөнеледi көтерiп алып. Гүлшаһра арқасына арқалайды, Сүйкесiп құмарлары тарқамайды. Арқалап шаһзаданы келе жатыр, Гүлшаһра жүгiргенмен шаршамайды. Келедi пәтер үйге жүгiре басып, Үйге келiп отырды көңлiн басып. Аулақ үйге екеуi келгеннен соң, Екеуi көрiседi құшақтасып. Қарайды шаһзадаға көзiн салып, Шаһзада бес күн жатты талып қалып. Бiрiн-бiрi көргенге шүкiр қылды, Бiр-бiрiнiң жүзiнден пүсе алып. Гүлшаһра сырын айтты бастан кешкен, Ғашықтықтың шәрбатын тоя iшкен. Басында менмендiкпен ғапыл қалып, Ақырында [сол] үшiн отқа түскен. – Жауапты жарамайтын бердiм, – дедi, Соңыңнан ғарiп болып ердiм, – дедi. Бастағы менмендiктiң сазайысынан, Азапты Құдай салған көрдiм, – дедi. Кашмирден әуре болып елге қайттың, Он бес күн ғашықтықпен өлiп жаттың. Құдайға мың шүкiрлiк, әлхамдулла, Қайғының мен де бiр ай дәмiн таттым. Келiп едiм жүзiңдi көрейiн деп, Бiр жауап тiрi болсаң берейiн деп, Тiрi болмай шыныңмен өлген болсаң, Мен дағы соңыңыздан өлейiн деп. Дұғамен мiнәжат қып жүзiңдi аштым, Көзiм жасын үстiңе судай шаштым. Шыныңмен өлдiң бе деп жылағанда, Сол уақта бисмилла деп көзiңдi аштың. Айтқан соң шаһзада естiп бiлдi халiн, Ендi көрдi мағшұқтың құп жамалын. Құдайға мың шүкiрлiк тәубе қылып, «Аһ» деп едi аузынан шықты жалын. Көрген соң ғашық жарын көңлi бiттi, Көп көрiп ғашықтықпен қайғы-дерттi. Аузынан қызыл жалын шыққаннан соң, Ауруы шаһзаданың сонда кеттi. Жазылды кеселiнен тәуiр болып, Мағшұқтың уәсифiн көрiп көңлi тынып. Қыз әкесiн қылайын бiраз кеңес, Екеуi жата тұрсын ойнап-күлiп. Бiр күнi отыр едi [алтын] тақта, Уәзiрлер мәжiлiс қылып һәр тарапта. Бiр падиша жiберген бiр жасауыл Хат алып жетiп келдi сол уақытта. Айтыпты жазған хатта салтанатын, Бiлмеймiз кiм екенiн өзi атын. «Некаһ қылмақ сүннет деп шариғатта, Қызыңыз болсын, – дептi, – бiзге қатын». Мұны айтып отырғанда бiр қыз келдi, Ағызған көздiң жасын қылып сел-дi. – Бiлмеймiз Гүлшаһраның қайда екенiн, Айырылдық бүгiн түнде ғайып болды. Сарайдың бәрiн қарап таба алмадық, Көрiнiп алыс жерге бара алмадық. Сiзге хабар бергелi мұнда келдiм, Айырылып Гүлшаһрадан алаңдадық. Патша естiдi бұ сөздi құлақ салып, Бұ сөзге барша халық қайран қалып. «Гүлшаһра ғайып болды» деген шақта, Жығылып алтын тақтан қалды талып. Уәзiрлер сүйей бердi келiп басын, Ағызған бәрi шулап көздiң жасын. Дәрiгерлер тез тұрғызды дәру қылып, Тақтына отырғызды падишасын. Падиша есiн жиып нала болды, Ағызып көздiң жасын зала болды. Жағасын дал-дал қылды күйiп-жанып, Үстiне киген киiм ада болды. Жандырды жүрегiнде қасiрет отын, Ендi қайтiп көрем деп елдiң бетiн. Тамам жұртқа жар салып iздетедi, Қарады қанша адамдар елi-жұртын. Жар салды қызын сұрап тамам жұртқа, Жiбердi қанша кiсi шартарапқа. Ата-анасы зар жылап баласы үшiн, Хабар салды қыз iздеп һәр тарапқа. Көп iздеп Гүлшаһраны таба алмады, Қайда кетiп қалғанын бiле алмады. Жылаумен күнi-түнi ата-анасы Бiр уақыт сабыр-қарар қыла алмады. Зар болды ата-анасы жылай-жылай, Кеткенiн жан бiлмедi, сiрә, қалай. Қыз тараптан сөйлелiк ендi бiраз, Сұлтан Кашмир қыз iздеп жүрсiн былай. Шаһзада дертi кетiп тәуiр болды, Қосылып мағшұғына көңлi толды. Бiр жақсы пәтер алып бұл екеуi, Бiраз күн сол арада ойнап-күлдi. Пәтерде рахаттанып алды жатып, Қызыққа күндiз-түнi жатыр батып. Жасырынып iздеуге қыз шаһарын Екеуi бiр арғымақ алды сатып. Екеуiн бiле алмады һешбiр кiсi, Бұ қызды танымайды шаһар iшi. Сан кiсi сан пәтерге түсiп жатыр, Кiмнiң бар кiмнiң менен кiмнiң iсi. Шаһзада үйден шықпас бойын жазып, Қоржынға шамаменен салды азық. Бiр түнде бұ шаһардан шығып кеттi, Екеуi ғашықтықпен жүрген азып. Қару-жарақ, саймандар алды қолға, Он бес күн жүредi орта жолда. Жол бейнетiн тартысып бейшаралар, Кашмирдiң шаһарына барды сонда. Барған соң атасына хабар салды, Бiреу барып патшадан сүйiншi алды. «Қызыңыз келе жатыр» деген екен, Падиша қуанғаннан талып қалды. Көтерiп ендi патша алды басын, Ағызып қуанғаннан көздiң жасын. Мiндi де арғымаққа шапты патша, Көргелi келе жатыр ол баласын. Көргенде ата-анасын аттан түстi, Патша көрiп қуанды мұндай iстi. Шаһзада мен Гүлшаһра тағзым етiп, Патшаның аяғына жығылысты. Падиша көрiседi баласымен, Көрiсiп амандасып анасымен, Шаһзадаменен көрiсiп тағы патша, Қуанды күллi шаһар қаласымен. Жыласып ата-анасы амандасты, Сөздерiн амандасып тамамдасты. Шаһзада әдеппенен тағзым етiп, Патшаның аяғына қойды басты. Патша айтты: – Жарқыным, көтер басың, Сiздi iздеп қуып барған замандасың. Құдайым нәсiп қылып қосты сiзге, Жылаған қабыл қылып көздiң жасын. Сонан соң шаһарына ертiп келдi, Барша жұрт тамаша қып жиылды ендi. Гүлшаһра шаһарына келгеннен соң, Көргенiн бастан-аяқ баян қылды. Бұл iстi тағдыр етiп жазған Құдай, Жазғанын салмай қоймас пендесiне-ай. Басы ренжу, аяғы рахат болған, Нұсқада жазып кеткен сөзi осылай. Падиша ендi мiндi алтын таққа, Бiр елшi жiбергелi Бағдат жаққа. Елiнде Гүлшаһраның көргендерiн, Баян қып бiрiн қоймай жазды хатқа. Бағдатқа Гүлшаһраның барғандарын, Азапты Гүлшаһраға салғандарын, Дарға ұғры ғой деп асқаннан соң, Айырылып дар басындан қалғандарын. Көргенiн бастан-аяқ айтты бәрiн, Зынданға екi түскен ахуалдарын. Арада бiрнеше күн сапар жүрiп, Ертiп мұнда келдi деп ғашық жарын. Хатты алып бiр жасауыл жүрiп кеттi, Он бес күнде Бағдатқа барып жеттi. Патшаға тағзым етiп кiргеннен соң, Хатты алып падишаға тәсiлiм еттi. Падиша оқып көрдi жазған хатын, Бiлдiрген сұлтан Кашмир салтанатын. Падиша қайран қалып оқып отыр, Оқыпты Гүлшаһра деген атын. Жазыпты Гүлшаһраның көргендерiн, Бағдатта ғарiп болып жүргендерiн, Жазықсыз ұғры екен деп байлаған соң, Уәзiрдiң қатынымен өлгендерiн. Ұғлының ғашық отымен өлгендерiн, Өлдi деп бiлмей көрге көмгендерiн, Дауасы ғашық жардың даусын естiп, Тiрiлiп мұнда бiрге келгендерiн. Ғашық оты шаһзадаға батқан екен, Өкпе, жүрек сол отқа қатқан екен. «Гүлшаһрасыз дүнияны көрмеймiн», – деп, Тәрiк қылып бұ дүнияны сатқан екен. Қыз сүймедi дегенге ғасы болып, Әдейi-ақ өлейiн деп жатқан екен. Падиша хатты көрiп қуанды бек, – Ұғлым өлдi деген тiрi екен, – деп. Көрiп шапшаң қарашы бiрiң барып, Қосылып мағшұғына жүр екен, – деп. Көргелi қабiрiне бiреу барды, Қаратты күзетiсiп жүргендердi. «Тiрiлiп кеткендiгi шын екен», – деп, Қуантты патша менен жарандарды. Құдайға һәрне қылса қиын емес, Құдiрет қылса қолынан не iс келмес. Бар-жоқ қылмақ Тәңiрiнiң өзiне оңай, Һеш пенденiң көңiлi жетiп болмас. Қуанып ендi патша ойлайды ойды, Ұғлын iздеп бармаққа қылды тойды. «Баралық, жабдықтанып жүрiңдер», – деп, Ауызын қазынаның ашып қойды. Патша iштен шығарды сәналарын, Қасына ертiп алды уәзiрлерiн. Неше нарға алтын мен күмiс артып, Падиша iздеп шықты балаларын. Патша көп жолдасымен жүрiп кеттi, Орынын бiр уәзiрге берiп кеттi. Бiрнеше күн жол жүрiп ата-анасы, Кашмирдiң шаһарына барып жеттi. Келген соң шаһарына бердi хабар, Кашмирге хабар бердi жасауылдар. Кашмирдiң шаһарынан олар шығып, Көрiстi амандасып падишалар. Жыласты амандасып бәрi тамам, Көргенсiн балаларын есен-аман. Бағдат шаһқа Гүлшаһра тағзым етiп Жығылды, әдеппенен қылды сәлем. Гүлшаһра әдеппенен тағзым еттi, Атасы ұғлын көрiп көңлi бiттi. Жыласып шаһзаданың ата-анасы, Құшақтасып ұғлының жүзiн өптi. Қуанып сонда патша судай тасты, Қуанғаннан көзiнен төгiп жасты. Гауһар, жақұт, зүбәржат, iнжу-маржан, Ұғлы мен Гүлшаһраға шашу шашты. Шаһарға екi патша келдi дейдi, Хабар берiп жидырды елдi дейдi. Бiр жұмадай жабдығын түзеп алып, Кеңесiп бiр үлкен той қылды дейдi. Көп қылып һәр түрлiктен сойды малын, Сайратып бақ iшiнде бұлбұлдарын. Қазынаның ауызын ашып қойып, Байытты молдаларын, пақырларын. Сыйлауы падишаның күн-түн асып, Ауызын қазынаның қойды ашып. Бiрнеше күн той қылып шаһар елге, Қызық қызмет қылады жабырласып. Тарқатты қырық күннен соң қылған тойын, Қосылып аршын төс пен алма мойын. Екi шаһзада жеттiлер мұрадына, Тамаша неше түрлi қылып ойын. Ғашықтар мұрадына ендi жеттi, Қосылып екi бекзат көңлi бiттi. Ойын-күлкi тамаша қызықпенен Кашмирде тұрып бұлар бiр жыл өттi. Қосылып екi бекзат дәурен сүрдi, Бiр жылдай тамаша етiп қызық көрдi. Әкесi Гүлшаһраның опат болып, Тамам жұрт қайғы қылып жылап тұрды. Әкесi Гүлшаһраның дүние салды, Тақтысы өзi өлген соң иесiз қалды. Орнына шаһизада патша болды, Кеткен соң артқа тастап жиған малды. Шаһзада тақты мiндi жарлық айтып, Әдiлетпен тұрады елдi байытып. Бұ шаһзада Кашмирге патша болды, Ата-анасы Бағдатқа кеттi қайтып. Шаһзада әдiлетке белiн буды, Бұрынғы әдiлдердiң iсiн қуды. Қара қылды қақ жарған әдiл болып, Бiрталай Гүлшаһрадан бала туды. Сөз табылар қолыма қалам алсам, Сөзiмде ғибрат көп, құлақ салсаң. Тәкаппарға шығарған қисса болды, Айып етпе, осымен тамам қылсам. Менмендiкке ғибрат қып жаздым мұны, Кiшiклiк қыл, жарандар, күнi-түнi. Әзәзiл менмендiкпен шайтан болды, Жарандар, һәр уақта ойла соны. Гүлшаһра не көрмедi менмендiктен, Шығарма көңiлiңдi кiшiклiктен. Қиын сөзден аударып өлең қылып, Аяғын бұ Жүсiпбек тамам еткен. Сейiтзада қожа-дүр асыл затым, Көп жұртқа мәшһүр болды жазған хатым. Дұға қыл мен ғарiпке, оқыған жан, Сұрасаң, Шайхыслам атам атын. Шығардым көңiлiмнен талай нұсқа, Өлеңдi көп ойлаған ақылым қысқа. Өлсем де атым жоғалмас, иншалла, Жайылды кiтаптарым һәрбiр тұсқа.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ
Бұл тілдегі нұсқа жоқ