Қазақша
ҚИССА ҚАСЫМ ЖОМАРТ
Әлхамдулилла, Рабби-л-аламин деп,
Құдаға хамд, пайғамбарға дүрдiм көп.
Құдаға хамд, пайғамбарға дүрден соң,
Пайғамбар, шариарды мақтайын бек.
Пайғамбар медет қылар жалбарынсам,
Халiм нешiк, сиынбай ғапыл қалсам.
Жәрдем, насрат бiздерге, илһам берер,
Сонан кейiн қолыма қалам алсам.
Құдайға сиынамын әуел бастап,
Бiлгенiмнен қалдырмай бiрiн тастап.
Жәрдем, насрат қылыңдар мен асыға,
Пайғамбар шариарымен жамиғ асхаб.
Жәрдем қыл, шариар мен жамиғ асхаб,
Қожа Ахмет мың машайық жүрген бастап.
Әбiлқасымнан өлеңге аудармаққа
Қағаз алдым, қолыма қалам ұстап.
Пендеге Құдай берген көрiнбейдi,
Һәр сөзiм алтын сарай төрiндей-дi.
Осындай жақсы сөздер кезiгiп тұрса,
Жүсiпбек жазуына ерiнбейдi.
Ал ендi мен сөйлейiн сөздiң басын,
Жаһанда жомарт болған Әбiлқасым.
Мұндай қызық әңгiме дүниеде жоқ,
Осы отырған жамағат-жұрт тыңдасын.
Сөйлейiн сол Қасымның әңгiмесiн,
Көп халайық сөзiме құлақ салсын.
Бұл қиссаға құлағың құрышы қанар,
Өзге сөздi естiп не қыласың.
Бағдатта Һарон Рашид патша өткен,
Сегiз шаһар үстiнен үкiм еткен.
Өзi жомарт, қаһарлы, ұлық патша,
Уақытында патша жоқ оған жеткен.
Һарон Рашид падиша салтанатты,
Қаһарлы, өзi жомарт, әдiлеттi.
Бiр уәзiрi бар едi бек данышпан,
Кейде Жағыпар, кей уақта Фазыл атты.
Бiр күн патша тасфунi келiп тұрды,
«Жағыпар уәзiр тез мұнда келсiн», – дедi.
Патша шақырған соң жетiп келiп,
Тағзым бiрлә алдында қарап тұрды.
Патша айтты: – Уәзiр, бiр сөзiм бар,
Бұл дүние өзi үлкен, опасы тар.
Жомарттығым, әдiлдiгiм бәрi бiрдей,
Менен өтер бұл күнде ендi кiм бар?!
Уәзiр айтты: – Ей, тақсыр, тыңда сөзiм,
Көп жұртты араладым менiң өзiм.
Басырада бiр жiгiт бар сiзден артық,
Таң қаларсыз көрсеңiз оның жүзiн.
Басырада бiр жiгiт бар Қасым атты,
Бау-шарбақ, мүкәммалы салтанатты.
Алтын, күмiс, асыл тас, биқисап көп,
Қой орнына сояды арғымақты.
Үйi күмiс, сыртына алтын жапқан,
Гауһардан һәр жерiне шеге қаққан.
Мейманына бередi шекер мен бал,
Анасы ондай бала нағып тапқан?
Қасымға ғарiптерi келедi екен,
Бәрiне тамақ, киiм бередi екен.
Мейлi падиша, мейлi бай, мейлi пақыр,
Бәрiне бiрдей қызмет қылады екен.
Күнде мың қой сояды қарны ашқа,
Бередi тонын шешiп жалаңашқа.
Жаяуға ат бередi кiмсiң демей,
Тiрi адам ондай болмас қарындасқа.
Бередi келген жанның сұрағанын,
Көредi ғарiптердiң жылағанын.
Дүниеде аямайды мал мен жанын,
Жомарттығын айтайын сiздерге оның.
Һеш қабағын шытпайды жиылғанға,
Тегiс қызмет қылады тiрi жанға.
Керегiн бәрiн тауып бередi екен,
Дүниеде кәпiр, орыс, мұсылманға.
Елу есiк бар екен бiр дүкенде,
Қайыршы келедi екен күнде-күнде.
Бiр кiсi елу есiктен қайыр алып,
Есiгiнен құр кетпес һешбiрi де.
Ғарiптер жатады екен күндiз-түнде,
Елу қайыр алады һәрбiр күнде.
Тамағы тоқ, киiмi бүтiн болып,
Ғарiптер жатады бәрi сонда.
Ондай жанды көрмедiм тiрi жанда,
Жүзiн көрген адамдар болар пенде.
Байлығы, жомарттығы асқан екен,
Ондай жан бола бермес бұл жаһанда.
Сiз оған теңелмейсiз, тақсыр ханым,
Сiз сұраған соң айтпасқа бар ма халiм.
Қандай қылып мақтасам һеш қата жоқ,
Мұнан артық мақтауға жетпейдi әлiм.
Халифа сонда тұрып ашуланды,
Ақырып қаһарменен айғай салды.
«Менен артық жаһанда неткен жан?!» – деп,
Уәзiрдi өлтiрмекке қылыш алды.
Фазылды өлтiрем деп қылыш алды,
Зүбайда арыз қылып тiлеп алды.
«Дарға мұны бiр күнi асармыз», – деп,
Он бiр құлаш зынданға байлап салды.
«Зынданнан шығарма» деп үкiм айтты,
Халифа ашуланып үйге қайтты.
Халифаның алдынан ханым шығып,
Сұрады: – Түсiң қашып сiзге неттi?
Әй, патша, түсiң суық қалайынан?
Iшiң толған сияқты уайымнан.
Бейне безгек кiсiдей қалшылдайсың,
Нелiктен ашуландың, айтшы маған?
– Ей, ханым, мен айтайын саған бiр сөз,
Құлақ салып сөзiмдi есiтiңiз.
Тiптi дәмсiз мақтады бiр адамды,
Хан болсақ та қарадай болмадық бiз.
Қорлығына шыдамай ашуландым,
Ашуланып зынданға оны салдым.
Жомарттығын асырды тiрi жаннан,
Сол сөзiне уәзiрдiң қайран қалдым.
Сол уәзiрдi кескiлеп тiлдiрейiн,
Терiсiне саман тығып iлдiрейiн.
Өзiмнен кейiнгiге болсын сәнат,
Өзiмнiң патшалығым бiлдiрейiн.
Зүбайда сонда келiп қылды арыз,
– Менiң айтқан арызымды құп тыңдаңыз.
Құдайым қандай жандар жаратқан жоқ,
Асылыққа жаратқан күнәһармыз.
Уәзiрдi ашуменен өлтiрсеңiз,
Патшалықты жерiне келтiрсеңiз,
Ол Қасым жомарттығы рас болса,
Тәңiрi алдында, әй, тақсыр, не дерсiңiз?
Ол Қасым өзi жомарт, өзi бай-ды,
Жақсы қылып жаратқан бiр Құдай-ды.
Қасымды әуел барып көрмейiнше,
Өлтiргенiң уәзiрдi жарамайды.
Ей, тақсыр, бiр жолдаспен Басыраға жүр,
Анық өзiң бар дағы көзiңмен көр.
Бейкүнә уәзiрiңдi өлтiрмеңiз,
Һәрқашан өлтiрсеңiз қолыңда тұр.
Алдыңда қызмет қылды көп жыл әдiл,
Жақсылық, жамандығын бiр көрiп бiл.
Сiзге жалған сөйлесе өлтiрiңiз,
Сүйексiз не сөйлемес бұл қызыл тiл.
Зынданда жата тұрсын ертелi-кеш,
Мұндай уәзiр сiздерге табылмас һеш.
Айтқаныңдай ол Қасым бола қалса,
Зынданнан шығар дағы күнәсiн кеш.
Бұл мәслихат ұнай ма, тақсыр, саған,
Айтты деп, тақсыр, қаһар қылма маған.
Айтқан сөзi Фазылдың рас болса,
Қайтiп жаза қыласың, тақсыр, оған?
Бұл жауапты падиша көредi еп,
– Қасымның мәнi-жайын бiлейiн, – деп.
Анық көзiм жете алмас расына,
Бiр адамды жiберсем бiлiп кел, – деп.
Бiр адамды жiберсем бiлмек үшiн,
Ол адамның бiлмеспiн аслан iшiн.
Уәзiрмен иә қас шығар, иә дос шығар,
Бекерге қастық етер барған кiсiм.
Зүбайда, көндiм айтқан сөзiңiзге,
Ғұмыр берсiн Құдайым өзiңiзге.
Өзiм барып көрейiн Қасым жүзiн,
Мұнан басқа ақыл жоқ ендi бiзге.
Саудагер порымынша кидi киiм,
Патшаның һешкiм бiлмес ақыл-ойын.
Бiлдiрмей һеш адамға жүрiп кеттi,
Бiр жолдассыз жүрмегi тiптi қиын.
Бiр жолдас қасына алып жүрiп кеттi,
Бес күнде Басыраға барып жеттi.
– Алыс жолдан бiр келген саудагермiз,
Сарайшыға түсемiн, – деп хабар еттi.
Сарайшыға айтады: – Ей, сарайбан,
Бiр сарайды босатып бершi маған.
Алатын жұрт қатарлы ақыңды ал,
Мейман болып бұл күнi келдiк саған.
Атын ұстап түсiрдi сарайына,
Бiр дiлда алушы едi бiр айына.
«Менiң патша екенiмдi бiлдiрме», – деп
Халифа жалынады Құдайына.
Танымады сарайдың күзетшiсi,
Сарайда танымады һешбiр кiсi.
Ол сарайға сан кiсi түсiп жатыр,
Кiмнiң бар кiмнiң бiлән кiмнiң iсi?!
Сарайшы пәтерiне алып кiрдi,
Iлесiп күзетшiге патша жүрдi.
Бiр құжыраға кiргiзiп халифаны,
Күзетшi шықты дағы жүре бердi.
Ол сарайдың иесi данышпан-ды,
Өзi зерек жан екен, өзi малды.
Сарайына көргелi келген екен,
Көрдi де екi атты қайран қалды.
Екi ат тұр жарап қалған арыған ат,
Күзетшiнi шақырды «кел мұндалап».
– Кiм келдi бұл сарайға алыс жерден,
Екеуi қатып қалған не қылған ат?
– Екi кiсi мейман келiп жаңа түстi,
Жауырыны қақпақтай, өзi күштi.
Салтанаты патшадай, түсi суық,
Көрген соң сол кiсiнi зәрем ұшты.
– Сұралық қайдан келген мейман екен,
Қай жерлердi қылыпты бұлар мекен?
Көрiсiп жөн-жайларын бiз сұрайық,
Әлде бiзге бұл мейман таныс па екен?
Сарайбан келе жатыр бiр-бiр басып,
Мейманға сәлем бердi есiк ашып.
Сарайбан халифаны таниды екен,
Көргеннен соң ол қалды қатты сасып.
– Келдiм де көремiн деп есiк аштым,
Көрген соң, тақсыр, сiздi қатты састым.
Нағып түстiң, ей, тақсыр, мұндай күйге,
Сiзбенен сасқанымнан амандастым.
Тағзым қылмай дұрыс емес амандасу,
Әдепсiздiк қылды деп қылма ашу.
Пида болсын жолыңда мал мен басым,
Келгенiңе қылайын үлкен шашу.
– Бiр себеппен мен келдiм осы жаққа,
Бiздiң сырды бiлдiрме халайыққа.
Бұл шаһарда бар дейдi Қасым жомарт,
Iсi жаққан деседi оның Хаққа.
Ол Қасымды көрмекке көңiлiмiз бар,
Бiр көруге Қасымды болдық құмар.
Жомарт дейдi байлығы жаннан асқан,
Көрмек едiм қай түрлi өнерi бар.
– Ей, тақсыр, үйiмiзге мен барайын,
Кiлем, көрпе, жастықтар мен алайын.
Астына кiлем жайып, көрпе төсеп,
Мамық жастық басыңа мен салайын.
Халифа билеушi едi тамам елдi,
Барды да кiлем, көрпе алып келдi.
Бал мен шекер, палау, ет, шай келтiрiп,
Халифаның алдында аттай желдi.
Сарайшы айтты: – Қасымдай һеш жiгiт жоқ,
Жүзiн көрген адамдар болады тоқ.
Ондай жомарт дүниеге келе бермес,
Ондай жанды жаһанда көргенiм жоқ.
Неше дүкен толтырған асыл тасқа,
Алтын көп, жылқы, түйе,қойдан басқа.
Һәркiмге ат пен түйе, шапан берген,
Ондай жомарт кiм болар қарны ашқа.
Мұны естiп патшаның қашты қаны,
Сипатын тамаша етпек көрiп оны.
Күнi-түнi жомарттық қылған болса,
Әзелде жомарт екен шыбын жаны.
Халифа атқа мiнiп жүрiп кеттi,
Кешке таман Қасымға барып жеттi.
– Алыс жолдан келген бiр мейман едiм,
Қасымның мен үйiне қонам, – дептi.
Қасым шығып патшаға сәлем бердi,
Атын байлап үйiне алып кiрдi.
Екi-үш қабат бөлмеден өтiп келiп,
Бiр кереует үстiне «отыр» дедi.
Ол тақытқа отырғалы патша келдi,
Һеш нәрсеге ол тақыт ұқсамайды.
Қараса, иә от емес, иә су емес,
Сынаптайын толықсып жалтылдайды.
Халифа ол тақытқа таң қалады,
Анық тiктеп қараса көз талады.
Отырғанда күй шықты тоғыз түрлi,
Сасқанынан Қасымға жалт қарады.
Тоқтап тұрды тақыты толқып барып,
Тоғыз түрлi тамаша ән-күй салып.
Дүниеде һеш нәрсеге ұқсата алмай,
Патша отыр бұған өте қайран қалып.
Падиша ойлап отыр талай ойды,
Алдына неше алуан тағам қойды.
Дастарханға қырық түрлi тағам салып,
Бiр кiсiге алып келiп бие сойды.
Ет пiскенше жүз түрлi тағам келдi,
Қасым патша жүзiне қарай бердi.
Дастарханға отырып мәслихат қып:
– Мейманым, жөнiңдi айт, кiмсiз? – дедi.
– Шаһарымыз Бағдатта, саудагермiн
Мал алып сатып жүрген һәр шаһардан.
Кешегi күн Басыраға келiп едiм,
Аз мәслихат үмiт қып сiздей ерден.
Ақық, жақұт, зүбәржат табақ пен аяқтары,
Мұзайан, мұрассиғ гүл түстi шараптары.
Пағпур шыны қолында сауыттар бар,
Патшаға соны бердi жариалары.
Қасым тысқа сол уақыт шығып кеттi,
Бiр ағаш, бiр тоты құс алып кептi.
Жапырақтары зүмраддан лағыл ағаш,
Басына тоты құсты қондырыпты.
Қасымның бiр қолында алтын шыбық,
Ол шыбықпен тотыны қойды ұрып.
Тоты сонда қанатын көтерiп едi,
Дүниенi қаптап кеттi жақсы иiс шығып.
Қасына тағы қойды бiр топ ағаш,
Өзi алтын, жапырағы ақ гауһар тас.
Екi бұлбұл басында қонып отыр,
Сайрайды неше алуан ол сандуғаш.
Бұлбұлдар сайрап отыр қанат қағып,
Халифа қайран болды оған бағып.
Көрген жанда бiр қайғы қалар емес,
Ұсталар iстедi екен мұны нағып.
Бұлбұл сайрап, тоты құс ойнап тұрды,
Жауһар алтын ағаш жайнап тұрды.
Халифа тамаша әйлап көз айырмай,
Бұлардың һәрқайсысына қарап тұрды.
Екi сағат сайратты бұлбұлдарды,
Халифа тамаша еттi көрiп оны.
Екi сағаттан соң бұларды алып кеттi,
Халифа қапа болып күйдi жаны.
Бұларды ап кеткен соң қапа болды,
Қапалықтан iшiне қайғы толды.
«Жомарт болса бұларды қояр едi», – деп,
Ашуланып патшаның жүзi солды.
Падиша қапа болды осыған бек,
Тағы бiраз ойнатып қоймайды деп.
«Мен қарағаш тез үйден ап кеткенi,
Қорықты ғой осы менi сұрайды», – деп.
Онан соң бiр ұғыл келдi домбыра алып,
Қасында бiр қыз келдi әнiн салып.
Ұғыл домбыра шертедi қыран салып,
Падиша қарап тұрды қайран қалып.
Бұлбұл, тоты есiнен шығып кеттi,
Қызық бар мұнан артық десе неттi.
Ұғыл мен қыздың өнерiн көргеннен соң,
Патшаның iшiнен дертi кеттi.
Патшаға домбыра шерткен ұғыл бала,
Ән салған он төрт жаста бiр қыз бала.
Екi сұлу баланы көргеннен соң,
Падишаның ақылы кеттi және.
Құралайдың көздерiндей көздерi оның,
Бал шекерден тәттi екен сөздерi оның.
Мұндай сұлу балалар көрген емес,
Сабыры қалар емес көрген жанның.
Мойны ұзын алманың сабағынан,
Iшкен асы көрiнер тамағынан.
Саусақтары күмiстен, тырнағы алтын,
Гүл төгiлiп тұрады қабағынан.
Тал шыбықтай бойы бар, белi нәзiк,
Таба алсам жақсы қылып мақтайын бек.
Бозбалаша балалардың көркiн жазса,
Мыңнан бiрiн қағазға болмас жазып.
Ұғыл-қыздың бетiнен күн көрiнген,
Үстiне iнжу-жауһар киiм киген.
Жақұт тастан қолында бiр кесе бар,
Толған шарап патшаға соны берген.
Шарапты iшiп, кесенi қайтып бердi,
Ұғыл бала тағзым қылып алып тұрды.
Әбден таусып кесенi қайтып берсе,
Iшпегендей тағы да толып тұрды.
Патшаға қайтып бердi тағы да өзiн,
Ол кесенiң айтайын қызық сөзiн.
Iшiп болса, толып тұр әуелгiдей,
Падиша қайран қалып салды көзiн.
Қызмет қылған ұғыл-қыз екi бала,
Қасымды жомарт қылған Хақ Тағала.
Патшаның қалған суын алып кеттi,
Көңiлiне халифаның түстi сана.
Халифа қапа болып ойлады ойды,
«Бұларын неге мұнан алып қойды?»
Жағыпарға ашуланды мұнда отырып,
«Үйге барғаш қылам деп саған тойды.
Сонша өтiрiк мақтады мұның несiн,
Бiр көрсетiп кетедi әрнемесiн.
Осынша бiр жаһiлге әуре қылған,
Фазылдың қылармын бiр әңгiмесiн».
Сол уақта жетiп келдi және бiр қыз,
Оған қыздан пар келмес бiрерi жүз.
Қыз қолында жұдырықтай бiр құты бар,
Құтының тамашасын айталық бiз.
Қыз тұрды ол құтыны тық-тық қағып,
Тары саулап iшiнен тұрды ағып.
Әлгi ашуы есiнен шығып кеттi,
Халифа қайран болды оған бағып.
Ол сұлу қыз құтыны қағып тұрды,
Тары саулап iшiнен ағып тұрды.
Жұдырықтай құтыдан аққан тары
Он бес амбар сарайды лық толтырды.
Қасым тұр қол қусырып қарсы алдында,
Бiр ләуте сұрады қыз тағы да.
Пiл тiсiнен амал тәркиб қылған,
Бiр ләуте ап келдi Қасым анда.
Сонда қыз ләуте[нi] қолына алды,
Түрлi шиуә музыкия күйге салды.
Маһир сынды ажырай нағматыны
Қыз баслағаш халифа таңға қалды.
Һарон Рашид отырды қайран қалып,
Жарианың маһаратына көзiн салып.
– Бәрәк Алла, Қасымжан! – дедi патша,
Қасым сонда шығарды ертiп алып.
Қасым ертiп жарианы шығып кеттi,
– Мейманым, жататұғын уақыт жеттi.
Алтын тақыт үстiне төсек салып,
– Мейманжан, төсегiңе жатқын, – дептi.
Алтын тақыт үстiне төсек салды,
Халифа төсегiне жатып қалды.
Мейманын төсегiне жатқызған соң,
«Хош, мейман!» деп Қасым да кетiп қалды.
Ертең тұрып оқыды таң намазды,
Көрмейсiң Қасым сынды ер сабазды.
Түнде көрген нәрселер ойдан кетпей,
Халифа қайғыланып өле жазды.
Таң атқан соң патшаға келдi Қасым,
– Аман-есен тұрдың ба, замандасым.
Қалағаның бар болса алып кеткiн,
Аямаймын жолыңда мал мен басым.
– Бiр күн, бiр түн, Қасымжан, болдық қонақ,
Бәрiмiзден өтедi дүние шолақ.
Қызық қызмет iсiңе разы болдым,
Һеш нәрсеңдi алмаймын тiптi қалап.
Сарайда, Қасымжан, жолдасым бар,
Бiр көруге жүзiңдi болдым iңкәр.
Қызық қызмет бiз сiзден көрдiк, жаным,
Неңдi қалап аламын сенiң бекер.
Рұқсат берсең, жолдасқа баралық бiз,
Бiздi сөкпей, Қасымжан, қалыңыз сiз.
Сiздерге Алла Тағала разы болсын,
Қызметiңе бiз сiздiң разымыз.
Халифа жүремiн деп тысқа шықты,
Қасымжан әдеппенен тағзым еттi.
Алтынды ер жабдықты ат мiнгiздi,
Падиша ондай атты көрген жоқ-ты.
– Ей, мейманым, сiзге берген бар мәзiрiм,
Һәрқашан бiздiкiне келiп жүргiн.
Жақсы қызмет бiз сiзге қыла алмадық,
Һеш келгенiң жоқ едi мұнан бұрын.
Мұнан соң әлгi атқа мiнiп кеттi,
Патша ойлап келедi талай кептi.
«Бұл Қасым жомарт емес, мақтаншақ қой,
Мақтанып һәр нәрсесiн бiр көрсеттi.
Талай нәрсе көрсеттi Қасым маған,
Мұның несiн мақтады уәзiр надан.
Жомарт болса, бiреуiн берер едi,
Көрсетiп алып кеттi бәрiн тамам».
Ойлай-ойлай падиша жүрiп кеттi,
Жолдасы қалған сарайға барып жеттi.
Сарайды төңiректеп көп жандар тұр,
Бұларды көрiп патша тамаша еттi.
Он түйе тұр үстерiне жүктер артқан,
Жiбектен һәрқайсысына арқан тартқан.
Он түйеге артқаны – дiлда жамбы,
Жiбек масаты үстiне кiлем жапқан.
Он қыз тұр, бәрi сұлу, хұсни жамал,
Мiнгенi топшақ ат, бәрi камал.
Қолдарында бәрiнiң алтын шатыр,
Көрген жанның бұларға көзi талар.
Падиша мұнан өтiп үйге кiрдi,
Үй алдында бiрталай iстер көрдi.
Қасымның үйiндегi өзi көрген
Тамашалы iстердiң бәрiн көрдi.
Бұлбұл қонып бағында ол сайрап тұр,
Тоты құс өз бағында о да ойнап тұр.
Қасымның үйiнде көрген iстiң,
Бәрi сонда түп-түгел бек жайнап тұр.
Домбырашы ұғыл, әншi қыз ойнасып тұр,
Құты мен ләуте алған қыз о да тұр.
Баяғы алтын терек, бұлбұл құстар,
Алдында халифаның сайрасып тұр.
Әншi қыз келдi дағы бiр хат бердi,
Халифа алды дағы ашып көрдi.
Һәмма көрген iстерiн инғам қылған,
Халифа қайран болып оқып тұрды.
Жазыпты ол хатында: «Қарарым сол,
Мейманым, өкпелемей разы бол.
Бұған разы болмасаң тағы бiр кел,
Сiздi разы қылайын ендiгi жол.
Мейманым, сiздi бүгiн танымадым,
Көп сөз сұрап сол үшiн жанымадым.
Алыңыз назырқанбай разы болып,
Не қажетiң бар-жоғын бiле алмадым.
Жоқ едi сiздi бұрын көргенiмiз,
Алыңыз разы болып бергенiмiз.
Керегiңдi сыртқа айтсаң өзiме айтпай,
Онан соң бiздiң тiрi өлгенiмiз.
Көрдiңiз ақық, жақұт, лағыл, шарап,
Гауһар ағаш басында бұлбұл сайрап.
Тоты құс, алтын ағаш, қызметкерлер,
Бәрiне тамашалап тұрдың қарап.
Қанша ойын тамашалар келдi бәрi,
Анық тыңдап, көзiңмен көрдiң оны.
Сарайдың маңайында тұрған жандар
Сiздiң мүлкiң болады һәммалары.
Өзiң көрiп һәммасын тамаша еткен,
Сол уақытта бiздiң мүлiктен шығып кеткен.
Кiм мейман ұнатқанын өзi алар,
Iсiм сол бұрыннан-ақ әдет еткен.
Әдетiм, қанша мейман келушi едi,
Ғажайып тамашалар көрушi едi.
Қай нәрсемдi таң қалып көрген адам,
Соны өзi қайтадан алушы едi.»
Бұлайша деп жазылған хатты көрдi,
Тамаша қылды патша Қасым ердi.
«Қасымның жомарттығы рас екен, – деп
Мен ойлаған iстерiм бекер», – дедi.
Патша ойлады: «Бұл Қасым неткен адам,
Мұндай жомарт тумайды тiрi жаннан.
Патшамын деп бекер-ақ мақтанамыз,
Бұ Қасымға тең келмес падиша, хан.
Ойлаушы ем менен артық адам жоқ деп,
Өзiм патша, артықша жомартпын деп.
Тәкаппарлық қылып мен үйде отырып,
Кiсiсiне жолықпай жүрiппiн тек.
Рас екен Жағыпарымның айтқан сөзi,
Шын жомарт адам екен мұның өзi.
Қисапсыз малын шашқан неткен адам,
Өзiмнiң қол астымда тағы да өзi.
Мұның жайын сұрайын қайтып барып,
Қандай адам дүниесiн қылған сарып?
Жалғыз маған бергенi бұ Қасымның,
Бiр патшаның мүлкiне олар шәрип».
Қайта жүрдi өзiнен сұрайын деп,
Бекер алып кетудi көрмедi еп.
«Мендей болып үйiне келген жанға,
Бәрiне де осындай бередi-ау», – деп.
Қасымға ендi патша келдi қайтып,
Бұған мен кетейiн деп ақыл айтып.
Орнына қойып әлгi бергендерiн,
Қасымға сөз сөйлейдi жауап қатып:
– Ей, менiң махбүб достым, Әбiлқасым,
Құлақ сал бұ сөзiме, замандасым.
Жiберген нәрсеңiзге бек шаттандым,
Қалай болар соларды өзiң алсаң.
Ей, Қасым, сiздей жомарт еш адам жоқ,
Жiберген нәрсеңiзге шаттандым көп.
Жұрттан асқан жомарттық байлығыңды
Бағдатта барша жұртқа мақтайын бек.
Әбiлқасым қайғырды мұны естiп,
«Өзiң ал деп айтқаны бұ несi? – деп.
Қайтармас едi егер разы болса,
Бiр қасұр уақиға бiзден болды ма?» – деп.
– Разы болсаң, – дедi, – мейман, қайтармаңыз,
Аз болды ма бұ берген хадиемiз.
Егер разы болсаңыз, жан мейманым,
Айдап кетiп көңiлiмдi хош қылыңыз.
Патша айтты: – Ей, Қасым, сiз тыңдап тұр,
Құлақ салып сөзiме, мойныңды бұр.
Көңiлiмде еш шүбәсiз разылығым,
Құдай ләм иәзал бiздерге әшкере-дүр.
Маған берген нәрсеңiз биқисап көп,
Артық қимат нәрселер бердiңiз бек.
Бүйте берсең малың тез ада болар,
Жаным ашып айтып ем алыңыз деп.
Қасым айтты: – Мейманым, алдым сырың,
Ешкiмнен нәрсе алып па ең, мұнан бұрын?
Патшаның бұ сөзiне күлдi Қасым:
– Ендi менiң сөзiмдi тыңдап тұрың.
Құдай айдап келтiрдi бiзге сiздi,
Қападан құтқардыңыз құлыңызды.
Мұндай малды әр күнде он берсем де,
Ешкiм бiздiң түгеспес пұлымызды.
Падиша мына сөзге қайран қалды,
– Баян қылғыл басыңда болған халдi.
Күнде мұндай он берсең ада болмас,
Қайдан таптың қисапсыз мұнша малды?
Мейманын Қасым жомарт разы қылды,
Патшаны бiр сарайға алып келдi.
Патша көрсе бұ үй алты бөлме,
Бұ дүниенiң малына баға қылды.
Алты үйдiң бiреуiнен бiреуi артық,
Дүр, гауһар, iнжу, маржан, лағыл, ақық.
Мафрушат уа тазинат уд ғанбар,
Патша көрiп таң қалды iшiн тартып.
Үйiнде гауһар қандiл тұрған жанып,
Үйдiң iшiн бiр жақсы иiс кеткен алып.
Патша алтын саты басқышпенен
Жоғары бiр тақытқа мiндi барып.
Қасында бiр тақытқа Қасым мiндi,
Қандай жан қайран қалмас бұған ендi.
«Өзiмнен ұлық патшаның үйi ме?» – деп,
Патшаның iшiнде күмән қалды.
Тақытқа жайланысып мiнiп алды,
Қасым сонда сөйлейдi өткен халдi.
Қасым жомарт сөйлейдi әңгiмесiн,
Падиша сонда тыңдап құлақ салды.
Қасым айтты: – Абулфатах – атам аты,
Байлығы, артық екен салтанаты.
Мекенi Мысыр екен сол уақытта,
Жайылған әрбiр елге шүһрәтi.
Байлығы сол уақытта жаннан асқан,
Алтын-күмiс үй салған асыл тастан.
Қисапсыз байлығына күншiлiк қып,
Падишасы Мысырдың болды дұшпан.
Падиша хасадлық қып көре алмады,
Бiр-бiрiне жақсы сөз бере алмады.
Атама Мысыр шаһы дұшпан болғаш,
Мысырда сабыр қылып тұра алмады.
«Бұ шаһарда тұрман, – дедi, – малымды ұстап»,
Әр iске жүрген шығар Құдай бастап.
Атам байғұс патшадан қорыққан соң,
Мысырдағы мекенiн кеттi тастап.
Мал-мүлкiн жиып алып көшiп кеттi,
Басыра шаһарына барып жеттi.
Басырада бiр байдың қызын алып,
Атамыз сол шаһарды мекен еттi.
Екеуiнен бiз келдiк бұ дүниеге,
Сiрә көңiл бермеңiз қу дүниеге.
Ата-анамыз жасымда дүние салды,
Қандай iстер көрмедiм, уа, дариға.
Жасымда жетiм қалдым мұңлық басым,
Жетiмдiкте ақты ғой көзден жасым.
Ер жетiп ақыл-есiм кiргеннен соң,
Арақ пен шарап болды iшкен асым.
Ойын ойнап сарп қылдым барлық малым,
Атамның қанша жиған мүкәммалын.
Қисабы жоқ үйiмде алтын-күмiс,
Ақымақтықпен тауыстым соның бәрiн.
Айырылдым ата малдан ие болмай,
Ойын мен тамаша iздеп, тәубе қылмай.
Ақырында кедей боп қаңғып кеттiм,
Үш жылда тамам болды бiр пұл қалмай.
Қолымда малым қалмай кедей болдым,
Тағы берер Құдай деп үмiт қылдым.
Бұрынғы байлығымды көрген жанға
Көрiнуге арланып бек ұялдым.
Неге ақымақ болдым деп көп ойландым,
Кедейлiк қорлық екен, бек ойландым.
Мұнда жүрсем болармын елге мазақ,
Басқа жұртқа кетейiн деп ойладым.
Үйiмдi саттым бiр күн бiраз пұлға,
Керуендерге қосылып түстiм жолға.
Мосыл менен аралап Шам шаһарын,
Азырақ қызмет қылып жүрдiм сонда.
Шамнан көшiп Арыш қарай бардық,
Баяғы жолдастардан айырылмадық.
Онан көшiп жол жүрiп неше мүддет,
Бiр күн Мысыр, Қаһираға келiп қалдық.
Бiр күн жалғыз базарды араладым,
Көп ой ойлап көңiлiмдi жараладым.
Атам Абулфатахтың мекенiн
Көрген соң қасiрет ұрып зар жыладым.
Дедiм мен: «Әуел атам мұнда тұрдың,
Бай болып жақсы болып дәурен сүрдiң.
Кедей болып қайғырдым мен бұл күнде,
Бiр медет қылсаңшы», – деп жылап жүрдiм.
Нiл дарияның ол Мысыр жағасы екен,
Атам әуел Мысырды қылған мекен.
Ол шаһарда ешкiмдi танымаймын,
Ойладым «ендi қайда кетсем екен?»
Бiр көшемен тiк жүрiп Нiлге келдiм,
Дарияның жағасында таһарат қылдым.
Оң жағыма қарасам бiр сарай тұр,
Төрт қабат, биiк екен, қайран қалдым.
Мысырдың патшасының сарайы екен,
Мен көргенiм сарайдың сырт жағы екен.
Биiктiк сипатына қарап тұрсам,
Бiр сұлу қыз көрiндi терезеден.
Әлқисса, Қасымның ол қыздың сипатын патшаға баян
қылғаны
Жоғары алтын әйнектен,
Қыз жан-жаққа қарады.
Нәзiк белi бұралып,
Аққудай мойнын тарады.
Екi көзi жалтылдап,
Наркескен асыл қанжардай,
Iшiмдi жарып барады.
Ақ жүзiне қарап ем,
Көңiлiме салды жараны.
Қыз сипатын қарасам,
Ақ бетiнде кiршiк жоқ,
Айдын көлдiң қуындай,
Екi көзi жарқырап,
Патшаның алтын туындай.
Сөйлеген сөзi мазалы,
Аб зәмзәм суындай.
Аузынан шыққан лебiзi,
Сары алтынның буындай.
Есiмнен кеттi кедейлiк,
Қызды көзiм теседi.
Көрген адам дидарын,
Шыбын жаннан кешедi.
Ғашықтық түсiп iшiме,
Босатты қыз буынды-ай.
Хорлығайын секiлдi,
Әлгi қыздың порымы.
Решеткесi әйнектiң,
Отырған сонда орыны.
Гауһар тастай жарқырап,
Мықынына түсiп тұр
Алтын айдар тұлымы.
Бағаладым он қызға,
Шашының жалғыз қылыны.
Миуалы дарақ секiлдi,
Көрдiм оның түрiнi.
Дидарына қарасам,
Шашы сүмбiл секiлдi,
Қоғалы көлдiң құрағы.
Бой-нұсқасын қарасам,
Бектердiң мiнген пырағы.
Алтыннан соққан түймедей,
Бас порымы – нұсқасы.
Мұрынына қарасам,
Астраханның пiстесi.
Қас порымына қарасам,
Қия жонған қаламға
Шам шарифтiң ысқасы.
Сымға тартқан күмiстей,
Он саусақтың саласы.
Тiзген меруерт секiлдi,
Отыз тiстiң қаласы.
Айта берiп қайтейiн,
Сондай-ақ болып туар-ды
Мұсылманның баласы.
Мақсатыма жете алмай,
Көңiлiмнен әлi кетпейдi
Ғашықтықтың сәнасы.
Осынша бай болсам да,
Сәнамен жүзiм сарғайып,
Қайғымен көңiлiм қарайып,
Есiмнен кетпей мағшұғым,
Болмады дертiм дауасы.
Сол қызға қарап тұрдым қайран болып,
Ғашықтық дертi кеттi iште толып.
Мен бетiне қадалып қараған соң,
Терезеден кеттi әрмен қыз тартылып.
Пақырың қызды көрiп дерттi болды,
Бұрынғы дерттен бұ дерт артық болды.
Ақшамғаша отырып сол арада,
Отырсам да көрiнбес уақыт болды.
Онан кейiн бiр жерге жаттым барып,
Тәнiм рахат тапса да, көңiлiм ғарiп.
Қашан жүзiн көрем деп отырғанда,
Дүния раушан болды сабах жарып.
Көрем ғой деп қуандым тағы бүгiн,
Сiркедей ақылым жоқ баста бүтiн.
Жетiп келiп кешегi көрген жерге,
Терезеге қарадым ұзынды күн.
Терезеге қарадым кешке дейiн,
Көре алмай зар жыладым, мен не дейiн.
Бұ күнi махбүб жүзiн көре алмадым,
Орныма қайтып бардым онан кейiн.
Таң атқанша отырдым ұйқы көрмей,
Өз жаныма қайғымен рахат бермей.
Таң атқан соң тұсына тағы бардым,
Кәсiп қылған жандардың бiрiне ермей.
Отырдым көрiнер деп үмiт етiп,
Келемiн дегендей-ақ жолын күтiп.
Бiр заман түстен кейiн болып едi,
Жарқ еткенде ақылым қалды кетiп.
Менi көрiп қыз сонда жауап қылды:
– Неге тұрсың, бұ жерден кеткiл, – дедi.
Патшаның жiгiтiнiң бiрi көрсе,
Өлерсiң, тез жөнiңдi тапқыл, – дедi.
Бұ сөзден қорықпады көңiлiм, сiрә,
Жүрегiм қуанғаннан болды пара.
Бiреу келiп басымды кескенiнше,
Сонда қызға сөйлеймiн мен бейшара.
– Терезеден жүзiңдi көрдiм сенiң,
Ғашық отың ақылымды алды менiң.
Бастан ақылым, көңiлiмнен сабыр кетiп,
Қанжардай тiлдi бағырым құп жамалың.
Күйдiрдi жаным-тәнiм ғашық отың,
Махбүбiм, бар ма маған махаббатың?
Жамалыңды көрген соң ғашық болдым,
Күн бар ма көрер маған сән-сияпатың.
– Ей, сорлы, ғарiп байғұс, менi сүйме,
Менi сүйiп кешеде бекер күйме.
Ендi мен хабар берсем, өлесiң сен,
Өз обалың өзiңе, менен көрме.
Бұ сөздi айтып тартылып кеттi әрмен,
Қыз кеткен соң қалмады менде дәрмен.
Маған қыз ашуланып кеткеннен соң,
Өлмектi мойынға алып болдым қайран.
Ақылым қайран болды, дiлiм ләрзан,
Жалладтар келедi деп қылса пәрман.
Ендi өлiмге отырдым басты байлап,
Келмедi ақшамғаша һешбiр адам.
Һеш адам келмеген соң күйiндiм бек,
Тiрлiктен өлiм маған жақсы едi деп.
Орныма қайтып бара жатқанымда,
Кiсiдей қалтыраймын бейне безгек.
Бiр кiшкене ұйықтап, бiр түс көрдiм,
Түсiмнен қатты сасып қорқып тұрдым.
Таң атқан соң орнымнан түрегелiп,
Терезенiң тұсына тағы жүрдiм.
Жүрiп келе жатырмын тәлтiректеп,
Тағы да үмiт етiп көрiнер деп.
Мендей ақымақ жаһанда жан бар ма екен,
Кәсiбiмдi қылсамшы онан да ептеп.
Баяғы жерге тағы тұрдым келiп,
Терезеге қараймын көзiм салып.
Қыз бiр уақытта терезенi ашты дағы,
Қорқытып сөз сөйледi ашуланып.
– Ей, байғұс, неге керек құр қараған,
Кет деп саған неше айттым бұ арадан.
Қанша аяп айтып ем, ендi өлдiң,
Iс қылдың өз басыңа жарамаған.
Хабар бердiм, жалладтар келе жатыр,
Басыңа ендi түстi заманақыр.
Бұ араға жабысып қалдың неге,
Ажалыңа асыққан байғұс пақыр?
– Бұ сөзiң, – дедiм, – әсер қылмас маған,
Бар Құдай ғашық қылды менi саған.
Сiз – бiр жанған шамсыз, мен – пәруана,
Тез өлтiр, ендi менi қойма аман.
Шұғыла шам жамалың бәшарыңды көргеш рауан,
Жаннан пәруана …..* кештiм һаман.
Ыстық тидiң жүзiме құяш кәби,
Ғашық оттан сарғайып болдым саман.
Жолыңда қайран болды ғазиз басым,
Кеше-күндiз ағады көзден жасым.
Тамақ, киiм таба алмай қаңғып жүрiп,
Мендей әуре Құдайым һеш қылмасын.
Iшiме түстi менiң ғашық отың,
Қасiретте қайран қылды менi дертiң.
Сiздiң үшiн жанымнан кештiм бүгiн,
Махбүбiм, осы менiң, аһ, сертiм.
Қыз бiлдi ғашық отымен күйгенiмдi,
Шын жұмсап бойым балқып игенiмдi.
Мархабатты көңiлi, мейiрi келiп,
Қыз да маған бiлдiрдi сүйгенiнi.
– Ей! – дедi, – қазiр мұнан кеткiн, – дедi,
Бұрынғы ұрысқанымды ұққын, – дедi.
* Бір сөз түсiп қалған.
Күзетшi шықпай тұрып, ақшамнан соң
Тереземнiң тұсына жеткiн, – дедi.
Мұны айтып қыз сонда ғайып болды,
Қыздың айтқан сөзiне көңiлiм толды.
Махбүбтiң iлтипатын көңiлiме алып,
Пақырыңыз ол жерден жөнелдi ендi.
Һәрбiр ойды ойлаймын сонда өзiм,
Бұ қызға жауаптассам келiп кезiм.
Жапа көрдiм демес ем онан кейiн,
Естiсем махбүбiмнiң шырын сөзiн.
Моншаға кiрдiм сонда базар барып,
Шаш, мұртымды түзеттiм, тазаланып.
Жылдай болды батуы жарым күннiң,
Күн батпай кейiп жүрмiн назаланып.
Уақтында терезеге жетiп келдiм,
Келдiм де салбыраған бiр жiп көрдiм.
Менiң үшiн әдейi қойған жiп деп,
Жiптен ұстап өрмелеп үйге кiрдiм.
Жiп ұстап терезеден үйге кiрдiм,
Ол үйде һеш адам жоқ, шамын көрдiм.
Ар жағында бiр есiк көрiнген соң,
Сол есiктi ашпаққа тағы жүрдiм.
Ол үйге кiрiп келдiм есiк ашып,
Көрмекке махбүбiмдi болып ғашық.
Ол үйдiң ар жағында екi есiк тұр,
Қарасам, бiрi – берiк, бiрi – ашық.
Ашық тұрған есiкке кiрiп бардым,
Жамалын көрдiм сонда асыл жардың.
Күмiс сәрир үстiнде отыр екен,
Жүзiн көрiп, ла йағқал бола жаздым.
Қасына махбүбiмнiң жетiп келдiм,
Зейнетi бiр өзiңде тамам елдiң.
Мағшұғымның жамалын көргеннен соң,
«Мың шүкiрлiк, әлхамдулла», – дедiм.
Сонда екеуiмiз көрiстiк құшақтасып,
Құшақтап бiраз тұрдым мауқым басып.
Қасына күмiс тақытқа отырғызып,
Мәнi-жайымды сұрады ақылдасып.
Сонда мен қызға айттым оқиғамды
Басымнан жақсы-жаман өткен күндi.
Асылы, нәсiлiм, һәммасын баян қылдым,
Менiң айтқан сөзiмдi құп тыңдады.
– Сенiң ғашығың күйдiрдi, – дедiм, – жаным,
Мағшұғым, көрдiм жүзiңдi, мейiрбаным.
Арманым жоқ дүниеде, – дедiм, – сонда,
Ұжудымнан бұ сағат шықса жаным.
Қарасам, қыз сипаты бiр бейне хор,
Жүзiнен жәннат нұры төгiлiп тұр.
Сипатын айтып тамам қыла алмаймын,
Лисан латафат рисани-дүр.
Қыз естiп жылады менiң сөзiм,
«Аһ» деп басын шайқап, жұмды көзiн.
– Ғашық оты әуел түсер мағшұққа, одан ғашыққа,
Шам көркi жайымнан жандарын пәруана
болдың өзiң.
Терезенiң қанатын тұрдым ашып,
Сонда көрiп сiз маған болдың ғашық.
Менiменен жұптанып жүре алмайсың,
Ғұмырың өтедi ғой бекер жасып.
Сiздiң маған махаббатың қандай түстi,
Екi үлеш менiң ғашығым онан күштi.
Сiздi көрiп ақылым кеттi менiң,
Құдай басқа салмасын мұндай iстi.
Сiз маған бiлдiрдiңiз кiм екенiң,
Ата-жұрт, ұрық-туған, һәм мекенiң.
Мен де жайымды айтайын, тыңдаңыз, – деп,
Баян қылды о дағы сыры-халiн.
– Бiлiңiз, Дүрдана-дүр – менiң есiмiм,
Атам мүлкi көп жаннан болған үстiн.
Шам Шариф-дүр – мен өзiм туған жерiм,
Құданың құдiретiмен мұнда түстiм.
Шам шаһының уәзiрi едi атамыз,
Хош табиат уә назахат бехруз.
Атам шаһтың сүйiктi кiсiсi едi,
Бастан-аяқ баршасын айталық бiз.
Атамды патша жақсы көрушi едi,
Не тiлегi болса да берушi едi.
Патшаны осы билеп кеттi ғой деп,
Басқа жұрт күндей-күндей жүрушi едi.
Патшаға шақты атамды көп жұрт күндеп,
Уәкилдiк айта бердi күндiз-түндеп.
Уәзiрлiктен қалдырды атамды жұрт,
Бiрталай ел жабылып қылып еңбек.
Онан шығып атамыз үйге келдi,
Менi күтiп тәрбие, тахсил қылды.
Менi өсiрiп жете алмай мақсұдына,
Азим кешен-сарай – жәннат болды.
Жас күнiмде пәдарым рихлат еттi,
Мен өсiп мақсатына жетпей кеттi.
Анам бiр күн үй-жай, малын сатып,
Бiр құл сатушыға жариам деп менi де елiттi.
Жариам деп сатты менi жетi жаста,
Кеттi анам менi құлдыққа атқылашта.
Өзi жолдас боп жүрген бiр жiгiтпен
Үндiстан тарапына кеттi басқа.
Жас күнiмде айырылдым ата-анамнан,
Жүрегiм қайғыменен қапаланған.
Ендi менiң ғұмырыма iзгiлiк бер,
Тәуекел қылдым, – дедiм, – Қадiр, Маннан.
Құл сатушы менi алып түстi жолға,
Менi де бiрге қосты көп жариаға.
Бiздердi Мысыр, Қаһираға алып келiп,
Киiндiрiп ап келдi падишаға.
Патша алдынан өткiздi бәрiмiздi,
Бәрiмiздiң қарады әрiмiздi.
Iшiнде менi көрiп осы патша,
Артық берiп ап қалды жалғыз бiздi.
Нәдiратул әмсәл екен мұның өзi,
Гауһардай жалтылдайды екi көзi.
«Бұ гөзәлге һеш әйел тең келмес», – деп,
Падиша бек ұнатты пендеңiздi.
Патша менi көп пұлға сатып алды,
Бас ағаны жанына шақырып алды.
– Сақыпжамал бұл гөзәл махбүбаны
Құрмет етiңiз, – деп жарлық салды.
Бас аға менi әкелдi бiр сарайға,
Маған қызмет қылады неше жариа.
Ләуте, скрипка, саздарменен,
Келiп күнде ойнады құзырыма.
– Бiздi патша жiбердi сiзге, – дейдi,
Қызмет қылып тұрғын деп сiзге, – дейдi.
Бес жыл болды бұ жерде мен тұрғалы,
Бiр күнi патша келiп «сөйле» дейдi.
Падиша махаббаттық сөздер айтты,
Ұялдым падишадан бек қатты.
Төмен қарап патшаға жауап бердiм,
«Мұны, тақсыр, айтпаңыз,» – дедiм тiптi.
Сонда ашулана жаздады патша маған,
«Тартынып сөз айтасың, – дедi, – маған».
Сонан кейiн осы үйге алып келдi,
«Керек емес, – деп, – ол жерде тұру саған».
Патша маған ұрсуға қия алмады,
Көңiлiнiң махаббатын тыя алмады.
Өзге жариа һәммасы күншiлiк қып,
Патшадан менi, сiрә, жоя алмады.
Жамандайды патшаға менi бәрi,
Һеш сөзiне падиша сенбейдi әлi.
Үш жылдан берi менi жамандасып,
Әбден ендi шаршады баршалары.
Сонда-дағы менiң бұ iждағатым,
Иқрар болып патшаны һеш сүймедiм.
Өз көңiлiм патшаны сүймеген соң,
Қылған қызмет һәммасы «лә шәй» дедiм.
Падиша маған үкiм қыла алмады,
Үкiммен ықтиярсыз ала алмады.
Жариалар менi шақса қуанамын,
Сөзiне патша олардың ере алмады.
Бұлайша деп қыз маған айтты сырын,
«Ерiккенiмнен тигем жоқ, – дедi, – бұрын».
Мәслихатпен екеумiз рахаттанып,
Төсекке құшақтасып жаттық қырын.
Төсекке жатып бiздер қылдық сұхбат,
Көңiлiм қарар, жан-тәнiм тапты рахат.
Мен байғұстың ашылған қайда бақытым,
Түннен аман шықпадым сау-саламат.
Жақсы ұлпат, сұхбат пен махаббатта,
Құшақтасып жаттық бiз жан рахатта.
Бiр машақат ұстамақ айласы екен,
Жатқаным мен байғұстың бұ ғишратта.
Екеуiмiз құшақтасып жатыр едiк,
Уайымсыз һеш нәрседен ғапыл едiк.
Есiктi қатты-қатты ұрды бiреу,
Сасқалақтап төсектен түрегелдiк.
Ойладық: «бiреу бiздi көрген екен,
Патшаға барып хабар берген екен.
Қас жарианың бiреуi айтқаннан соң,
Көргелi патша өзi келген екен».
Дүрдана тiтiреп кеттi қорыққаннан,
Бейшара үмiт үзiп ғарiп жаннан.
Шығайын деп қамдансам мен далаға,
Ұрып тұрған есiгi – келген бөлмем.
Ендi мен шыға алмадым, не-дүр шара,
Аяғын баса алмады қыз бейшара.
Күмiс тақыт астына кiрiп жаттым,
Жасырынар таба алмай һешбiр пана.
Дүрдана тiтiреп барып есiк ашты,
Патша ашуланып қаһар шашты.
Неше панар көтерген көп кiсiлер,
Үйге кiрiп баршасы жабырласты.
Құдай бiздiң ақылды алған екен,
Басымызға машақат салған екен,
Ашылмаған бақытыма себеп болып,
Жiп салбырау күйiнше қалған екен.
Патша айтты: – Ей, ақымақ, кiм бар мұнда?
Iс бiтiр деп қойып па ем сенi осында.
Терезеде бiр жiп тұр салбыраған,
Тимеймiн деп айтушы ең патша-ханға.
Дүрдана қорыққан соң сөйлемедi,
Патша: – Айт жөнiңдi, сөйле! – дедi.
Жасауыл ақтарып қарап жүрiп,
Менi сәрир астынан сүйреп алды.
Менi көрiп падиша ашуланды,
Ашуынан шыдамай оттай жанды.
– Екеуiн екi шауып өлтiрейiн,
Үйден тысқа алып шық шапшаң! – дедi.
Жiгiттер бiздi тысқа сүйреледi,
«Шешiн, кел» деп үстiме үймеледi.
Шешiндiрiп жатқанда алып шығып,
Бiр уәзiр: – Тақсыр, тоқта, тиме, – дедi.
Ешкiмге опа қылмас дүние боқ,
Хан қаһары – күйдiрер жайнаған шоқ.
Хан алдында отырдым тiзем шөгiп,
Тырнақтай ғарiп жаннан үмiтiм жоқ.
Уәзiр айтты: – Тақсыр хан, тыңда сөзiм,
Бiр iстi ойлап тұрмын менiң өзiм.
Ақымақтың мүрдәр қанын жер көрмесiн,
Бұларды Нiлге тастап жоғалт көзiн.
Хан уәзiрдiң бұл сөзiн мақұл көрдi,
«Нiлге ат!…» деп жалладына әмiр қылды.
Жалладтар қазiр бiздi алып келiп,
Нiл дарияның үстiне лақтырды.
Нiлге атып жiбердi бiздi жаллад,
Басыма әлi салмаған ажал саяд.
Сүңгiп барып бiр жерден бас көтерiп,
Дариямен аға бердiм төмен қарап.
Дарияның шықтым барып ар жағына,
Есiм жинап қарадым жан-жағыма.
Өзiм өлер халiмде ұмытып ем,
Есiме ғашық жарым түстi және.
Жарымды iздеп қарадым мойным созып,
Тастаған жерге келдiм қайта жүзiп.
Кешке дейiн дарияны қарап едiм,
Түн болған соң жыладым күдер үзiп.
Дарияны жүзiп жүрiп араладым,
Сүйегiн бейшараның таба алмадым.
Ажалына мен себеп болғаннан соң,
Мұнда қайдан келдiм деп зар жыладым.
Әуелi бұл шаһарға келмесемшi,
Терезеден бұ қызды көрмесемшi.
Ажалына мен себеп болдым-ау деп,
Көзiмнен қан аралас ақты тамшы.
Қарарымды бiлмеймiн қайсы жолды,
Сарғайып зағыпырандай жүзiм солды.
Жүсiп үшiн жылаған Жақыптайын,
Пендеңiз қайғыменен iшi толды.
Көзiмнiң тыя алмаймын аққан жасын,
Һәркiмнiң айырмасын жар-жолдасын.
Үш күн бiрге тұрмадым тым болмаса,
Мендей ғарiп Құдайым һеш қылмасын.
Дүниенiң бәрi маған болды қараң,
Күндiз-түнi жылаймын қылмай ирам.
Бағдатқа барайын деп жүрiп кеттiм,
«Бұ Мысыр ендi маған, – дедiм, – харам».
Бағдатқа жүрiп кеттiм жолға түсiп,
Дүрдана зар жылаймын еске түсiп.
Неше күндей жол жүрiп ұйқы көрмей,
Он бес күнде жығылдым ұйқы қысып.
Бiр ағын су жанына жаттым келiп,
Бiр кiшкене шаһарды тұрмын көрiп.
Жақын жерде шыңғырған дауыс шықты,
Құлақ салып тыңдадым естiп тұрып.
Бiр әйелдiң дауысы – құлақ салсам,
Қайтедi деп ойладым бұған барсам.
Кетпенменен бiр адам жер қазады,
Жақын келiп жанына абайласам.
Жақын келiп жанына бұғып тұрдым,
Жердi қазып жатқанын көрiп тұрдым.
Қазып болып бiр нәрсе көмдi дағы,
Кетiп қалды жөнiне, көрiп тұрдым.
Ол кеткен соң тұрдым да қадам бастым,
Келдiм де, көмiп кеткен шұқырды аштым.
Қанды зәнбiл iшiнде бiр қыз жатыр,
Көргеннен соң ол қызды жаман састым.
Ол қыздың қып-қызыл қан тұла бойы,
Өлтiруге байқасам қылған ойы.
Мен кiшкене кешiксем, қыз байғұстың
Шығып қала жаздапты шыбын жаны.
Өкпесiне қол созсам соғып жатыр,
Шала-жансар өлiмшi болып жатыр.
Қарасам, нұсқасының бәрi жақсы,
Залымға түссiн дедiм заманақыр.
«Аһ» ұрдым жаным ашып ол байғұсқа,
Қан аралас толады көзiм жасқа.
«Жазасын бұл залымның Хақ берсiн,» – деп,
Осынша тауқымет қылған ғарiп басқа.
Есiн жиып сөйледi бейшара қыз,
Сөзiмдi құлақ салып естiңiз сiз.
Есiн жиып, күрсiнiп айтты маған:
–Ей, мұсылман, маған бiр су берiңiз!
Өзеннен су әкелдiм мәсiм шешiп,
Сауап үшiн жүгiрдiм жаннан кешiп.
Көзiн ашып қарады ақырын ғана,
Жаны рақат тапқан соң суды iшiп.
Қыз: – Менiң байла, – дедi, – жараларым,
Көр, – дедi, – Құдай үшiн тәналарым.
Бұл жерден өлмеспiн деп ойлаймын,
Шын қаза жiбермесе бiр Құдайым.
Ей, жiгiт, баққын, – дедi, – менi таза,
Мұнан өлмен, жетпесе тура қаза.
Иншалла, жазылсам қайтарармын,
Сiздi мен ренжiтiп қылман наза.
Бұлай дегеш қызды мен баға бердiм,
Жарасына дәрiлер жаға бердiм.
Үстi-басы сасиын дегеннен соң,
Баққын деп бiр дәрiгерге алып келдiм.
Ол дәрiгер баға бердi қызды емдеп,
Һеш адам сұрамайды «мұның кiм?» деп.
Пышақпен алты жерден сұққан екен,
Бәрi де сахат болды Құдай жөндеп.
Бiр күн айтты қыз маған «мұнда кел» деп,
Сұрады «қалам, қағаз тауып бер» деп.
Алып келiп қолына берiп едiм,
Алғыс бердi: «рақмет, жақсы ер», – деп.
Хат бердi маған: – Базарға ендi барып кел, – деп,
Бұл базардың адамын танып кел, – деп.
Маһияр атты кiсiнi тауып бер де,
Не берсе де сiз мұнда алып кел, – деп.
Құп болар деп қағазды қолыма алдым,
Саудагерлер жиылған жерге бардым.
Маһияр атты кiсiнi тауып алып,
Айтқанындай қағазды оған бердiм.
Қағазды әбден ашып оқып көрдi,
Қағазды өбiп қойнына салып тұрды.
Жекмишенiң аузын ашты дағы,
Қазiр маған жүз тiлла санап бердi.
Қайтып келдiм мен қызға тiлланы алып,
Қыз санады тiлланы қолына алып.
«Ендi бiр жақсы пәтер алғын» дедi,
Көшiп бардық бiр жақсы пәтер алып.
Бiр күн тағы хат бердi, қолыма алдым,
Маһиярға ол хатты тағы бердiм.
Төрт жүз тiлла Маһияр бердi бұл күн,
Оны дағы өзiне әкеп бердiм.
Қыз айтты: – Бұл тiлланы алғын тамам,
Өзiмiзге не керек, алғын һаман.
Базардан керек нәрсе бәрiн алдым,
Көрпе, жастық әкелдiм, кiлем, шапан.
Бiр туған деп ойлайды бiздi көрген,
Құдай маған осындай дәулет берген.
Хұсни жамал әлгi қыз ғаят көрiктi,
Һеш немедей көзiме көрiнбеген.
Менiң ақылым, пiкiрiм сол Дүрдана,
Жолында қайран болған мен диуана.
Көңiлiмнен күндiз-түнi бiр кетпейдi,
Құдайым бiр ғайыпқа қылды әуре.
Тастап кеткiм келедi осы қызды,
Жiбергiсi келмейдi бұл қыз бiздi.
Қыз менi жақсы көргеннен соң:
– Баян қылғыл, – дедiм мен, – өзiңiздi.
Өтiндi сабыр қыл деп әлденеше,
«Жолыңда жаным пида күндiз-кеше.
Менi айырып алдыңыз бiр өлiмнен,
Қызметiңнен құтылман өле-өлгенше».
Бiр күнi қыз айтады пендеңiзге:
– Бiр қызмет бұйырамын, – дедi, – сiзге.
Саудаласпай құмашар алып келгiн,
Намахрам деген сатушыны табыңыз да.
Дүкенiнде Намахрамды iздеп таптым,
Келдiм де сәлем берiп жауап қаттым.
Не айтса саудаласпай бердiм дағы
Үш топ құмаш айырып алып қайттым.
Бiр күнi тағы да айтты Мәзбұра қыз:
– Намахрамға тағы бiр iс қылыңыз.
Саудаласпай ақшасын бергiн дағы,
Жаратқан бұлды, – дедi, – ап келiңiз.
Осындай бiр қиялды бастады қыз,
Қыздың айтқан сөзiнен аспадық бiз.
Тажiрге тағы барып құмаш алып,
Ақшаны карманымен тастадық бiз.
Мақтадым: – Құмашыңыз жараттым бек,
Бағасын не болса да өзiң ал, – деп.
Карманымды өзiме қайтып бердi,
Керектiсiн өзiнiң алған соң тек.
Тажiр менiң iсiме қайран болды,
– Бекер жүрген жарамас ендi, – дедi.
Тамыр болып жүрелiк бiз екеумiз,
Бiздiң үйге қонақ болғын, – дедi.
Пұлымды алып үйiме қайтып кеттiм,
Ертең қонақ болам деп айтып кеттiм.
Мәзбұраға келдiм де пұлды берiп,
Тажiрдiң шақырғанын баян еттiм.
Мәзбұра қыз бұл сөздi мақұл дедi,
– Мен де сiзге саламын ақыл, – дедi.
Үй-жай көргеннен соң ұнатсаңыз,
Қонаққа өзiн дағы шақыр, – дедi.
Ертеңгi күн қонаққа бардым өзiм,
Уағда қылып бар едi айтқан сөзiм.
Көп зияпат әйлады тажiр маған,
Қонақ бол деп шақырып қайттым өзiн.
Намахрам келiп маған қонақ болды,
Отырып дастарқанға ойнап-күлдi.
– Намахрамды жiбермей жатқызғын, – деп,
Мәзбұра маған келiп көп жалынды.
Намахрамға Мәзбұра көрiнбейдi,
Тыстан қызмет қылуға ерiнбейдi.
«Қонып жат» деп өтiндiм, жатпақ болды,
Қуанып Мәзбұра қыз күлiмдейдi.
Төрт бутылка арақты даяр қылдық,
Түн ортасы болған соң мәжiлiс құрдық.
Кезек-кезек нош етiп күштi хамыр,
Екеуiмiз де әбден-ақ маст болдық.
Қонағымызды жатқыздық қонақ үйге,
Бiз де барып онан соң жаттық үйге.
Тәттi ұйқыға барғанда Мәзбұра қыз:
– Қонағың кеттi, – дедi, – о дүниеге.
Қанды қанжар қолында Мәзбұраның,
Маған айтты: – Қонақты құп турадым.
Жүгiрiп келiп қарасам Намахрамды,
Басы жатыр бөлiнiп бейшараның.
– Өшiңдi алмақ бар екен кегiң, – дедiм,
Себеп қылдың қанына менi, – дедiм.
– Бұған себеп болдым деп, кейiме, – деп,
Айтқан сөзi маған кеп Мәзбұраның:
– Бұған себеп болдым деп кейiмеңiз,
Кесапатын залымның айталық бiз.
Маған дұға қыларсыз рақмет айтып,
Егер оның қылғанын естiсеңiз.
Мәзбұра сөз бастады бұлайша деп,
Көңiлсiз тыңдап тұрдым «айтыңыз» деп.
– Бұл шаһардың ханының қызы едiм,
Бұл тажiр Намахрамда кесапат көп.
Моншаға бара жатып көрдiм мұны,
Қарасам дүкенiнде отыр едi.
Көңiлiме махаббаты түсiп кетiп,
Суретi көз алдымнан кетпес болды.
Ғашықтық қасiретi болды ғалиб,
Көңiлiме алсам кетемiн естен танып.
Iшкен асым өтпейдi тамағымнан,
Ғашықтық дертiменен iшiм жанып.
Өлер халге ақыры жеттiм өзiм,
Дүниенi көрмес болды екi көзiм.
Көп дәрiгерлер һеш дауа қыла алмады,
Зағыпырандай сарғайды қызыл жүзiм.
Атамыз бiр тәбиптi алып келдi,
Ол тәбип ғашықтықты қазiр бiлдi.
«Мен бiлсем қызыңдiкi ғашық оты»,
Атамды бұл жауаппен сендiредi.
Онан соң менен жауап сұрады атам:
– Сырыңды баян қыл, – деп, – жаным, ботам.
Һеш адамға бiлдiрмей айт сырыңды,
Айтпасаң сенiң үшiн қайғы жұтам.
Сонан соң мен сөйледiм бiлгенiмдi,
Ғашықтық дертiменен күйгенiмдi.
Намахрам тажiрдi айтып едiм,
– Құп, балам, табам, – дедi, – сүйгенiңдi.
Атам мұны есiтiп, қалды кетiп,
Мен тұрдым бұ жауапқа көңiлiм бiтiп.
Қай күнi ғарiп атам табады деп,
Екi көзiм төрт болып жолын күтiп.
Әкелдi хатын қылып бiр күн түнде,
Жаным тәнге кiргендей тап сол күнде.
Есiм мен түсiм кiрiп, қайғым кетiп,
Бiраз күн ойынменен тұрдық бiрге.
Жазылдым кеселiмнен, қайғы кетiп,
Ара-тұра кеп жүрдi тамаша етiп.
Екi көңiл ғашықтық жарасқан соң,
Өзiм де барсам дедiм ниет етiп.
Бiр күнi барайын деп келдiм iздеп,
Қақпа қағып, сөйледiм жауап бер деп.
Бiр жариасы келдi де жауап бердi:
– Қақпада есiк қағып тұрған кiм? – деп.
Мен айттым жариаға: – Ғарiп қызбын,
Iлесiп мен барамын өзiңiзбен.
Намахрам достымды iздеп келдiм,
Ғашықты мағшұқ тартар деген сөзбен.
Жариа айтты: – Бүгiн сiз қайтқыл, – дедi,
Тыныш барып үйiңiзге жатқыл, – дедi.
Қасында Намахрамның бiр досты бар,
Ертең келiп жұмысыңды айтқыл, – дедi.
Сол жерде мұны естiп күйдiм оттай,
Бiр iс қылып кетсем деп үйге қайтпай.
Ашуым кеп қақпадан қарғып түстiм,
Өлiмнен үйге кiрдiм басым тартпай.
Келсем отыр Намахрам күлiп-ойнап,
Қасында бiреу отыр гүл-гүл жайнап.
Ашуланып үстiне қарғып мiнiп,
Ол қызды ұрып-ұрып шықтым айдап.
Мен ұрған соң ол байғұс кеттi қашып,
Намахрам сөйлемедi аузын ашып.
Өзiн де бiраз ұрдым Намахрамның,
Көп жалынғаш отырдым ашу басып.
Намахрам қол қусырып жалынды көп,
– Мұндай iс екеуiмiзге болмайды еп.
Ант еттi: екiншiдей үстiңiзге,
Патша қызы болса да сүймейiн, – деп.
Сонан соң мен отырдым ашу басып,
Баяғыдай отырдық құшақтасып.
Байқаусызда қолына қанжар алып,
Қасыма кеп отырды түсi қашып.
Тұрды дағы қанжармен сұққылады,
Есi ауып пақырың тiк құладым.
Арқалап алып барып, жердi қазып,
Өзiң алған орынға тыққылады.
Көмейiн деп жатқанда есiм кiрдi,
Жалынып мен шақырдым [ол] шомбадты.
Ол хайуан дауысымды ести тұрып,
Шұқырға көмiп тастап жүре бердi.
Пiркәшiк едi бiздiң алтын берген,
Хатымды менiң жазған оқып көрген.
Ақшаның неге керек болғандығын,
Хатпенен бәрiн тамам айтып бергем.
Ол сырымды айтпадым бұрын сiзге,
Өшiмдi алғызбас деп айтсам бiзге.
Бастан кешкен сырымды айтып болдым,
Кейiн айтам деп едiм өзiңiзге.
Атама апарамын ендi сiздi,
Махбүбiм, қабыл көрсең, – дедi, – бiздi.
Осындай қызметiңдi атама айтсам,
Қосады неке оқып екеумiздi.
Iшiмде бұ сөздерiн қаламадым,
Бұ сөзiнiң ақырына қарамадым.
«Бұ қыздан һешбiр опа таппаспын», – деп,
Үйiнде сабыр қылып тұра алмадым.
Сол түнде қызды тастап жүрiп кеттiм,
Бағдатқа барайын деп ниет еттiм.
Бара жатқан iлесiп бiр керуенмен,
Бағдаттың шаһарына барып жеттiм.
Шаһардың кiрдiм барып аяғынан,
Тиiстi орын қарадым қай жағынан.
Он бес тiллам жағамда жүрушi едi,
Бекiтiп тiгiп қойған баяғыдан.
Сауда қылып сонымды қылдым ермек,
Жарамас деп ойлаймын бекер жүрмек.
Кәрзеңкемен көтерiп миуа саттым,
Құдайдан деп не болса алмақ-бермек.
Күндiк ауқат айырдым өз басыма,
Бiр адамды ертпеймiн өз қасыма.
Күнде сатып бiтiрiп әдет қылдым
Көп саудагер жиналған ортасына.
Әдетiмше бiр күнi тағы келдiм,
Алдына қойып көрсеттiм һәр адамның.
Шеткерек отыр едi кәрi кiсi,
Сол айтты: – Маған неге ап келмедiң?
Қария: – Мұнда кел, – дедi, – балам,
Күнде сенiң миуаңнан құры қалам.
Тартып алар деймiсiң маған келсең,
Мен де, – дедi, – пұл берiп сатып алам.
– Ұялдым, – дедiм, – баба, бұ сөзiңнен,
Ұялғаннан от шықты ақ жүзiмнен.
Ұялған соң: – Алғын, – деп айттым, – бәрiн,
Бiр тиын алман, – дедiм, – ендi өзiңнен.
Бiр тұтам жүзiм алды қолын салып,
Менi де отырғызды қасына алып.
Қария менiң жөнiмдi сұрап ендi,
Мен мұңайдым көзiме жасым алып.
– Дүниеде мен бiр ғарiп дерттi болған,
Көзiме жас, көкiрегiме қайғы толған.
Жөнiмдi сұрап дертiмдi қозғамаңыз,
Шермендемiн Құдайым қайғы салған.
Бұ сөздi естiп ол баба тұра қалды,
Жан қалтаға бұрылып қолын салды.
Он тiлла маған алып бердi дағы,
Өзi тұрып орнынан кетiп қалды.
Он тiлланы берген соң алып қалдым,
Бабаның бұл iсiне қайран қалдым.
Өзге байлар бiр тiлла берген емес,
Қызметi өтiп кеттi мына шалдың.
Ол жерге екiншi күн келдiм тағы,
Орнында отыр екен шал баяғы.
Әуел оның алдына қойдым ап кеп,
Өзге жанға бұрылмай келдiм дағы.
Бiр тұтам жүзiм алды зәнбiлiмнен,
– Жайыңды айт? – деп сұрады баба менен.
«Айтайын уақиғамды, – деп ойладым, –
Ендi сырды жасырып болмас мұнан».
Өзiме жақын көрдiм ықтиярды,
Баян қылдым басымнан өткен халдi.
Аты-жөнiм, мекенiм бәрiн айттым,
Баба менiң сөзiме құлақ салды.
Шал айтты: – Ұқтым сөзiң сенiң, – дедi,
Шаһарым Басыра-дүр менiң, – дедi.
Дүниеде мұқтаж едiм бiр перзентке,
Сiз менiң жауабыма көнiң, – дедi.
Менiң малым атаңнан артық, көп-тi,
Тыңда, – дедi, – мен айтқан таза кептi.
Жасым тоқсан алтыда, перзентiм жоқ,
Сiздi перзент қылуға көрдiм ептi.
Қайғыңды ұмытарсыз көрсең мақұл,
Ей, балам, менiң сөзiм бәрi ақыл.
Байлығым өсiрмейiм, фәрауан-дүр,
Ендi, балам, өлгенше менi баққыл.
Пендеңiз бұл жауапты мақұл көрдi,
Мұнда кел деп қасына ертiп жүрдi.
Кәрзеңкемдi iшiнде миуасымен
Бiр көшеге келген соң тастаттырды.
Ертiп келiп көрсеттi пәтер үйiн,
Кидiрдi түрлi алуан асыл киiм.
Ата-анам өлмегендей болып қалды,
Естен кетiп бұрынғы жүрген күйiм.
Үш күннен соң Бағдаттан көшiп кеттiк,
Басыра шаһарына келiп жеттiк.
Сау-саламат Басыраға келгеннен соң,
Құдайға мың мәртебе шүкiр еттiк.
Сарайға әкеп түсiрдiк малымызды,
Тәңiрi есен сақтады жанымызды.
Байқасам ол ықтияр ғарiп атам
Өз жанындай сүйедi пендеңiздi.
Мен де разы атамның һиммәтiне,
Күнi-түнi жүгiрдiм қызметiне.
Ғарiп атам бiр күнi хаста болып,
Алланың мойынсұнды сүннетiне.
Бiр күнi өз жанынан үмiт үздi,
Қасына шақырып алды атам бiздi.
Үйден жанның бәрiн де айдап шығып,
Жанына жақынырақ отырғызды.
– Айтайын, – дедi, – балам, бiр насихат,
Тыңда, – дедi, – сөзiмдi бек қабағат.
Жер астында менiң бар қазынамның
Ұшқынындай бұ тұрған мал мен мүлкәт.
Өзiм атам көрсеткен өлмес бұрын,
Сiзге мен де айтайын үшбу сырым.
Өзiмменен жетi ата ие болдық,
Бiлмеймiн, – дедi, – онан арғы жерiн.
Жалғыз-ақ саған айтқан өсиетiм,
Жомарттыққа өзiңнiң бар ниетiң.
Балалықпен қазынаңды бiлгiзiп ап,
Көрiп жүрме хандардың хүкiметiн.
Балам, менiң сөзiмдi ұқсаң егер,
Қазынаңнан һешкiмге берме хабар.
Хан, уәзiрлер бiлген соң көндiрер сенi,
Машақатқа ұшырарсыз көрiп зарар.
Мақұл көрдiм атамның айтқан сөзiн,
Құп тыңдап құлақ салдым менiң өзiм.
Қазынаның есiгiн, жолын айтып,
Және айтты өзiнiң қисапсызын.
Мұны айтып ғарiп атам еттi рихлат,
Ендi атам iсiн маған қылды минат.
Артында мирасқоры болғаннан соң,
Һәммасын бижай қылдым парыз, сүннет.
Онан кейiн қазынаны көрдiм барып,
Аралап кете бердiм жердi жарып.
Қазынаның iшiне кiргеннен соң,
Қарадым жан-жағыма көзiм салып.
Қисабы жоқ көрiндi бұ қазайын,
Һеш ада болар емес уа дафайын.
Оны егер тауысу керек болса,
Нұх пайғамбар ғұмырындай ғұмыр лазым.
Көңлiме көргеннен соң бiр iс кiрдi,
Пендеңiз жұртқа ақша үлестiрдi.
«Пайдасын һәркiм көрсiн» деп ойладым,
Жерде бұрын жатқанмен не бiтiрдi?
Мұны ойлап жомарттық аштым аузын,
Жұрт пайдасын көрсiн деп бұ жиһазым.
Солай менi зан қылды бұ халайық,
«Кедей қылар Қасым, – деп, – тағы да өзiн».
Жұрт өсек қылды менiң жомарттығым,
Тiптен ерсi болған соң бұ қылуым.
«Ата малын түгесiп қаңғып едi,
Жiгiттiктiң қоймапты әлi буын».
«Тағы кедей болар» деп қылды өсек,
Онан әрi жұмсаймын кесек-кесек.
«Малы мұның неткен көп, – десiптi жұрт, –
Жап-жалаңаш бiр күнi қалар десек».
Жұрт кеңесiп айтыпты ханға бiр күн:
«Қасым малды шығарды дүркiн-дүркiн,
Жерден бiр қазына тауып алса керек,
Мұның жайын сұратып құп бiлдiргiн».
Хан сонда жiберiптi бiр жасауыл,
Жүрген жерi жасауыл – бәрi дауыл.
«Маған шапшаң қазынаңды көрсет!» – дейдi,
Басыма кеп орнатты менiң зауыл.
Қысылдым жасауылдан сонда қатты,
Жасауыл ашуланып жауап айтты.
«Қинамай кетейiн, не бересiң?» – деп,
Жасауыл бұлайша деп жүз жұмсатты.
Қуанғаннан мен айттым: – Не аласың? – деп,
Ол айтты: – Айға жүз сом саласың, – деп.
Бiр айына жүз тiлла алмақ болып,
Жасауыл қайтып кеттi парасын жеп.
Мұнан соң бiр жыл тұрдым есен-аман,
Тағы бiреу бiр күнi келдi маған:
«Ханның атқосшысы Абулфатах,
Алып кел деп бұйырды сенi маған».
Мен бардым Абулфатах шақырған соң,
Барғаннан-ақ ол уәзiр айтпады оң:
– Сенiң қазына тапқаның мағлұм болды,
Бестен бiрiн қазынаға әкеп салың.
Бейтүлмәлға сал, – дедi, – бестен бiрiн,
Сен неге айтпай жүрсiң, – дедi, – сырың?
Бестен бiрiн қазынаға әкелiп сал,
Отырма, – дедi маған, – шапшаң тұрғын.
– Малым жоқ деп өтiрiк тайсалмаймын,
Үкiм қылсаң бетiңдi қайтармаймын.
Құдайға ант етемiн өлтiрсең де,
Қазынамды мен сiзге айта алмаймын.
Бұ сырымды айтпаймын өлтiрсең де,
Басқа шауып, қанымды келтiрсең де.
Мен өлсем жалғыз тиын ала алмайсың,
Онан да ақша ал, – дедiм, – осы күнде.
Онан да жүз алтын ал күнде, – дедiм,
Бұған риза болайын мен де, – дедiм.
Бiр айда үш мың тiлла аласыз ғой,
Разы болып тұрғыл сен де, – дедiм.
Бұ сөзге Абулфатах разы болды,
– Үш мың алтын тез бүгiн жiбер, – дедi.
Бiр кiсiсiн ертiп үйге келiп,
Үш мың тiлла жiбердiм оған ендi.
Абулфатах мұны алып ойлайды ойды,
«Хан естiсе бұл сырды ұят», – дейдi.
Ханына Абулфатах айтқан екен,
«Мұнда қазiр Қасымды шақыр», – дейдi.
Хан «Қасымды шақыр» деп әмiр қылды,
Шақырғалы бiр жiгiт жетiп келдi.
Қайыр берiп тұр едiм ғарiптерге,
– Хан шақырды, ей, Қасым, жүргiн, – дедi.
Шақырған соң ханға мен жетiп келдiм,
Иiлiп тағзым етiп сәлем бердiм.
Падиша айтты маған отырған соң,
– Неге тапқан қазынаңды айтпай жүрдiң?
Cен маған қазынаңды көрсет, – дедi,
Жасырып айтпағаның – фұрдат, – дедi.
Тартып алар дейсiң ғой көрсеткен соң,
Бiр сөзге ақылыңды тоқтат, – дедi.
– Көрсет деп бұған, тақсыр, қинамаңыз,
Көрсетпесем ашуды жинамаңыз.
Мұны жанға айтуға халiм келмес,
Бұл туралы үкiмiңе наразымыз.
Айтпаймын мұны, тақсыр, тiлге сенсең,
Сүйегiмнiң қалғаны – егер өлсем.
Тiлла берiп тұрайын күнiнде мың,
Бұл айтқан жауабымды мақұл көрсең.
Хан менiң бұл сөзiме қарап тұрды,
Абулфатах уәзiрден жауап сұрды.
– Бұ сөзге сiз не дейсiз, ей, уәзiрiм,
Әбiлқасым бұлайша жауап бердi.
Уәзiр айтты: – Айтайын мен бiр жауап,
Бұған да болсын дедiм бiраз сауап.
Өзi де ада болар соныменен,
Күнiне мың алтыннан алсаң санап.
Разы болса сiзге, дұға қылар,
Зорлық көрсе бейшара зар-зар жылар.
Хан уәзiрдiң бұ сөзiн мақұл көрдi,
Менен сол ақшаларды алып тұрар.
Хан менен қайым мақам қапу жаушы*,
Осындай уағдаменен ақша алушы.
Үй-жай сiзге берген, түздегi мал олар алған,
Қазынамның бес жүз мыңда бiр үлешi.
Мейманым, осылайша менiң жайым,
Бұ сырды сiзден аяп не қылайын.
* Түпнұсқада осылай берілген.
Падиша қайран болып мына сөзге,
Бiлмекке кеттi көңiлi мұның жайын.
Патша айтты: – Бұ сөзге сенсем екен,
Сiз де менiң сөзiме көнсең екен.
Дүниеде бар болса бұ қазына,
Рас па екен, көзiм бiлән көрсем екен.
Қасым айтты: – Қазынамды көргiземiн,
Көрем десең сертiме көнгiземiн.
Патша айтты: – Сертiңе разымын,
Ол уағдаңа қасаммен сенгiземiн.
Қасым айтты: – Мен жүрем қылыш алып,
Жеткенше сiздiң көздi байлап алып.
Мен аш демей көзiңдi ашар болсаң,
Өлтiремiн қылышпен бiр-ақ салып.
Падиша қасам берiп аһыд қылды,
Қасымды қасам берiп сендiредi.
– Көрсетпей жiберейiн десем дағы,
Мейманым ренжiсең қиын, – дедi.
Түнде барып көрсетем, қонғын, – дедi,
Асығатын пиғылдан кет, – дедi.
Мейманхана үйiне алып келiп,
Неше түрлi қызметтер қылады ендi.
Кешегiден асырды бүгiнгiсiн,
Патша есiнен шығарды ол күнгiсiн.
Падиша бүгiн көрген зияпатқа,
Салыстырып ойлайды кешегiсiн.
Ел жатқан соң ер Қасым келдi кiрiп,
«Айтпасқа серт қыл» дейдi Қасым тұрып.
Қасымды патша әбден сендiредi,
«Ешкiмге айтпаймын» деп қасам берiп.
– Байқаймын, жақсы адамсыз, – дейдi Қасым,
Дұшпаннан көп қорқамын байғұс басым.
Көрсетпесем тағы да ренжiрсiз,
Сертiме разы бол, замандасым.
– Мұныңа разымын, – дедi патша,
Мен де тахсин қыламын сiзге қанша.
Өзiңнiң сертiңменен iс қыла бер,
Хатирым бұзылмайды менiң аслан.
Патшаның көзiн байлап алып жүрдi,
Басқышпен бiр бақшаға келiп кiрдi.
Көрмеген жан дүниеде табар емес,
Қазынаның аузына келiп тұрды.
Ендi тағы басқышпен төмен жүрдi,
Жетелеп падишаны iлестiрдi.
Көп жерге ендi тағы түзу жүрiп,
Есiк ашып бiр үйге келiп кiрдi.
Падишаның ол үйде көзiн шештi,
Патша көзiн шешкен соң жаннан кештi.
Күндiзгiдей қылып тұр үйдiң iшiн,
Шөккен нардай көредi жақұт тасты.
Әлқисса, патшаның ошал қазынада көрген нәрселерi бұ тұрұр:
Жақұт тас жанып тұрған шамдай болып,
Бұ жартас көрiнедi таудай болып.
Тау дегенi гауһар тас, алтын, күмiс,
Падиша қарап тұрды қайран болып.
Оң жағында бiр үй тұр жасыл жауһар,
Кiрпiшi лағыл, жақұт, үстi гауһар.
Iшi толы үйiлген өңкей тiлла,
Айналасы алты жүз қадамдай бар.
Ақ мәрмәрдан жасалған бiр дуал тұр,
Iшiнде алтын терек, бес-алты құр.
Айналасы дуалдың бес жүз қадам,
Iшiнде алтын-күмiс лық толып тұр.
Қасым айтты патшаға: – Сөзiмдi ұқ,
Он төрт жыл дәурен сүрдiм жомарттық қып.
Сонан берi жұмсауым осы дуал,
Әлi күнге бiр елi кемiген жоқ.
Патша айтты: – Мұны сен көпсiнесiң,
Жұмсауың түрi бұзық – бiтiресiң.
«Мұны азсынсаң, мiнеки, мұны көр», – деп,
Және бiр үйге ертiп келдi Қасым.
Ол үйдiң кiрпiшi бар зүбәржаттан,
Үстi алтын, мәтшесi шын жақұттан.
Iнжу-жауһар, зүбәржат, алтын-күмiс,
Әлгiден көрiндi артық жүз қабаттан.
Көрдi патша хауызда малдарыны,
«Түс көрдiм бе?» – дедi өзi халдарыны.
Гауһар тас пен алтын ақық тақыттар тұр,
Падиша кешiп тұрды жандарыны.
Iшi жауһар, сырты алтын, ағла сарай,
Патшаның көзi талды қарай-қарай.
Өзiнен-өзi түңiлiп айтты патша:
– Менде осылар болсашы, уа, дариға-ай!
Аралап ғажайыптар көрдi патша,
Ақылы кетiп басынан тұрды патша.
– Иесiн көр бұл малдың, – дедi Қасым,
Көргелi оған таман жүрдi патша.
Үстiнде екеу жатыр алтын тақтың,
Падиша көрдi мұның салтанатын.
Ол алтыннан жасаған екi сурет,
Қараса, бiрi – еркек, бiрi – қатын.
Тәжi бар бастарында жауһар, алмас,
Көргеннiң көзi талып есi қалмас.
Олар жатқан үйдегi асылдарды
Ауызбен мыңнан бiрiн айтып болмас.
Тiрi адам сипатты, жүзiн көрсе,
Дүниесiн ада болмас айта берсе.
Асыл тастан iстелген бiр лаух тұр,
Лаухта хат жазулы патша көрсе.
Ол хатта жазған екен: «Дүние фани,
Кейiнгi жан, ғибрат ал, көрiп мұны.
Жанға ара түспедi һешбiрiсi,
Жинап едiм қисапсыз көп дүниенi.
Мен өзiм патша едiм тiрi уақта,
Қанша жыл пәрмен қылдым алтын тақта.
Дұшпанды қорқытып едiм қаһарменен,
Қарамай әдiл болдым жақын-жатқа.
Бiзден соң бұ қазынаны көрген адам,
Бұ жерге Құдай айдап келген адам,
Қажетiңе жұмсай бер өлгенiңше,
Һеш қорықпа алсаң дағы бәрiн тамам.
Құлақ сал бұ сөзiме, әйуһа нас,
Бұ малды алудан һеш тартпағын бас.
Бiзден бұрын бiреудiң мүлкi едi,
Қанша сарп қылсаң да ада болмас».
Патша оқыды бұлайша жазған хатын,
Дүниенiң көрдiм деген сиясатын.
Падиша айтты: – Бiрақ қылған тарлық,
Жазбапты кiм екенiн өзi атын.
Бiр үйге тағы әкелдi падишаны,
Ол үйде тағы көрдi тамашаны.
Бұрынғы көргендерден он мың есе
Мұндағы артық көрдi ашияны.
Падишаның өзiне берген ағаш,
Тоты илән сайраған һәм сандуғаш.
Неше мың, неше миллион һәрқайсынан,
Падиша көргеннен соң болды шықпас.
Қызыққа батты патша бәрiн көрiп,
Гауһардан, алма, анар, жүзiм, өрiк.
Көз көрген-естiгендер, бәрi де тұр,
Қайсыбiрiн айтайын бәрiн терiп.
Миуасы алтын, жапырағы гауһар, күмiс дарақ,
Неше сауыт толулы лағыл шарап.
Жел ескен райхан гүлдер жайқалып тұр,
Iлулi сауыт-сайман, қару-жарақ.
Патшаның қараймын деп талды көзi,
Адасып бiлмей тұрды өзiн-өзi.
Падишаның шыққысы келер емес,
Қасымның сонда келiп айтқан сөзi.
– Ей, мейманым, шығалық, мақұл десең,
Таң атып ел оянар тұра берсең.
Көзiңiздi байлайын, келгiн берi,
Екi күнге бiтпейдi бәрiн көрсең.
Бұ сөздi айтып патшаның көзiн таңды,
Өзi және қолына қылыш алды.
Босағаға қыстырып кеткен екен,
Шығарында қайтып кеп шамын алды.
Таңнан бұрын орнына келдi қайтып,
Уағада әуелгiдей сертiн айтып.
Қайтып үйге келген соң көзiн шештi,
Намаздарын оқыды азан айтып.
Мәслихатпен жарасты бұ сөздерi,
Келген соң Құдай айдап бiр кездерi.
– Бiзге берген сұлуға қарағанда,
Махбүбтiң сiзде шығар абзалдары.
– Бiзде толып жатыр мұнан да артық,
Дүрдана көз алдымнан кетпес қалқып.
Әлi күнге ашығымнан мағшұғымның,
Қараман һешбiрiне мейiлiм тартып.
Iшiмде Дүрдананың махаббаты,
Жандырар жүрегiмдi ғашық дертi.
Дүниеде ендi тiрi көрер ме екем,
Көңiлiмнiң кетер едi қасiретi.
Ойласам, Дүрдананы келмес күлкiм,
Көзiме көрiнбейдi жиған мүлкiм.
Дүрдана ғашық жарым қасiретiнен,
Көзiм жасты, қайғылы ғарiп көңiлiм.
Бұ қайғы өлгенiмнен болды қиын,
Мұнша мал көрiнбейдi жиған бұйым.
Дүрдана махбүб жарым еске түссе,
Дүниеден өткiм келер осы күйiм.
Мұны айтып Қасым көзден төктi жасын,
«Аһ, мағшұғым» деп жастыққа қойды басын.
Падиша қайран қалып дұға қылды,
«Иләһи, нәсiп қыл, – деп, – махбүбасын».
Падиша көп насихат ақыл айтты,
– Өткенге өкiнбеңiз, – дедi, – қатты.
Нәсiп қылса тiрлiкте көрерсiз, – деп,
Падиша қош айтысып үйге қайтты.
Қасымға көп тамаша еттi патша,
Малы тұрған сарайға жеттi патша.
Өз мүлкiне барабар олжаменен,
Бағдатқа бек шаттанып кеттi патша.
Бiлдiрмей патша екенiн һеш адамға,
Жайылды Қасым iсi талай жанға.
Келген жанға осындай бергендерiн,
Естiгендер һәммасы қалды таңға.
Хан, уәзiр, жасауыл тұр құлақ салып,
Күншiлдiгi қозғалды көп қызғанып.
Қазынасын көруге кеңес қылды,
Ай сайын тұрса дағы ақшаны алып.
Абулфатах уәзiрдiң бiр қызы бар,
Өзi көркем бек, ғаят хұсни жамал.
Абулфатах уәзiрдiң сол қызына
Не қылғанын, жiгiттер, құлағың сал.
Абулфатах ханына сүйеу екен,
Ақылдас уәзiрдiң бiреуi екен.
Ханының ағасының жалғыз ұлы–
Әлибек атты бекзада күйеу екен.
Абулфатах сол қызын киiндiрдi,
– Қасымға барып кел, – деп түйiндiрдi.
Қасымның қазынасын көрiп кел, – деп,
Абулфатах уәзiрдi Құдай ұрды.
Мұны естiп Балқыс қыз қатты ұялды,
Бұ не деген сұмдық деп қайран қалды.
– Ей, ата, елге қайтiп көрiнемiн,
Бұ сөздi қойыңыз, – деп айтып салды.
Ей, ата, мақұл емес бұл iсiңiз,
Мұнан өзге жоқ па едi жұмысыңыз.
Бекзадаға айтасыз не деп жауап,
Кетпей ме өзiңiздiң намысыңыз.
Балқыстың тыңдамады мына сөзiн,
Хирс, тамиғ басқан соң екi көзiн.
– Көп сөйлемей шапшаң бар! – дедi атасы,
Бәдбахттың атқаннан соң Құдай өзiн.
Жылады мұны естiп Балқыс ғарiп,
«Келемiн жат үйге, – деп, – қайтiп барып?»
Бейшара қатты ұялды ел-жұртынан,
Жалынды «қой, ата!» деп қатты зар қып.
– Шапшаң бар, – деп қызына ашуланды,
Өзi жаһiл болған соң көңiлi қанды. –
Көрмей келсең бауыздап өлтiрем, – деп,
Қасымның көшесiне әкеп салды.
Не қылсын, жүре бердi қыз бейшара,
Атасы үкiм қылды жүзiқара.
Түнде келiп қақпаға есiк қақты,
– Кiмсiң? – деп жетiп келдi бiр жариа.
Балқыс айтты: – Iсiм бар байыңызда,
Тұрмаймын онан өзге жайыңызда.
Қасымға айтатұғын қажетiм бар,
Басшы болып жүрiңiз алдымызда.
Бұлай дегеш Балқысты ертiп жүрдi,
Қасым жомарт отырған үйге кiрдi.
Асыл шәлi бүркенген бiр сұлу қыз,
Қасым бұған қайран боп қарап тұрды.
Тамаша қылды Қасым сұлу қызды,
Бiр кереует үстiне отырғызды.
«Өзi жас бұ сұлу қыз не мақсатқа,
Ойлады: iздеп түнде келдi бiздi?»
Сұрады Қасым қыздан: – Жөнiңдi айт? – деп,
Бар болса не қажетiң алып қайт, – деп.
Балқыс айтты: – Сiздердей жомарт ермен
Қылғалы келдiм, – дедi, – әңгiме-кеп.
Бүркеншiгiн тастады, мұны айтып,
– Кетпеймiн, – дейдi, – үйiңнен қазiр қайтып.
Қасым жомарт қызметiн қыла бердi,
Неше түрлi тағамын әзiрлетiп.
Балқысты Қасым жомарт құрмет еттi,
Махаббат жамалына ғашық кеттi.
– Малы-басым һәммасы сiздiкi, – деп,
Балқыстың Қасым жомарт қолын тұтты.
Балқыстың өзi бүгiн тәуекел едi,
Көңiлiне ұят пенен қорқу келдi.
Күйеуi Әлибекке не деймiн деп,
Түсi неше бұзылып жылай бердi.
Қасым сонда ұялды Балқыс қыздан,
– Жылаған ұялдым, жаным, сiзден.
Жылауыңның мәнiсiн баян қылғын,
Бiр қате iс көрдiң бе, жаным, бiзден?
Балқыс айтты: – Естiдiм бұрын сенi,
Бiр бекке уағда қылған атам менi.
Намысымды жоюға қатты қорқам,
Неке қылар уақыты жақын едi.
Мен мұнда өз еркiммен келгенiм жоқ,
Зорға келдiм, әйтеуiр өлгенiм жоқ.
«Өлтiремiн» деген соң жаннан қорықтым,
Көнбей-ақ тұрып едiм келмеймiн деп.
Сiздiң мүлiкте қазына бар, – дедi атам,
Сол қазынаны көрiп кел, – дедi атам.
Екi жақтан ұялдым бiрдей қорқып,
Ей, Қасым, көңлiмдегi осы қапам.
Мiнеки, Қасым менiң келген iсiм,
Намыс үшiн кетiп тұр есi-түсiм.
Күйеуiмнен қорыққаным болмаса егер,
Атамның бiтiрер ем бұ жұмысын.
Әбiлқасым сөйледi сонда тұрып:
– Ғашық болдым, Балқысжан,сiздi көрiп.
Сiздiң бұл әдептi ойлауыңа,
Бек қатты сабыр қылдым разы болып.
Балқысжан, үйге келiп мейман болдың,
Көңiлiм сүйiнгендей жауап қылдың.
Сiзге мен қазынамды көрсетемiн,
Дүние, ахиретте қардаш болдың.
Жiберсе мұндай iске атаң сенiң,
Зәрредей қауiп қылма, ей, мейманым.
Түнде келдiм «тиер» деп ойламағын,
Күнәлi iстен тыйылған көңлiм менiң.
Қасымның бұ сөзiне қуанды бек,
Бiр асқан кiсi екен деп ақылы көп.
Балқысжан әдеппенен жауап бердi:
– Ахиреттiк қарындас боламын, – деп.
Тағамнан соң отырысты күлiп-ойнап,
Ғарiп қыз шүкiр қылды «иә, Құдайлап».
Патшаға қылған шарттың бәрiн айтып,
Балқыстың жетеледi көзiн байлап.
Көзiн шештi сарайға кiргеннен соң,
«Мiне, – дедi, – қазынам, қарағын сен».
Алтын, күмiс, дүр, гауһар, жақұттарды
Балқыс қайран болады көргеннен соң.
Екi сурет тақытта жатыр едi,
Гауһар алқа қатында жатқан көрдi.
Үлкендiгi көгершiн тұқымындай,
Балқыс қатын мойнына қарай бердi.
Балқыс көрдi не түрлi кереметтi,
«Қыздың көзi қызылда» деген қанi.
Жансыз қатын мойнынан шығарды да,
Балқыстың мойнына салды оны.
Жансыз тәннен алқаны алып бердi,
«Қалаған нәрсең бар ма тағы?» – дедi.
Асыл тастан азырақ тағы да алды,
Өзi көрiп жақтырған нәрселердi.
Қайтадан алып шықты таңнан бұрын,
– Атаңа айтқын, – дедi, – көрген сырың.
Күн шыққанша отырды Балқыс мұнда,
Қасымның көрiп кеттi барлық түрiн.
«Қызымды жақтырды ма көрiп Қасым,
Қызым жақса көрсетер қазынасын.»
Бұлай деп Абулфатах ой ойлайды:
«Бекер келсе қор болды менiң басым».
Мұны ойлап отырғанда Балқыс келдi,
Жауһар алқа мойнына салып келдi.
Атасының алдына қойып едi,
Абулфатах шаттанып қолына алды.
– Қазынаны көрдiң бе, қызым? – дедi,
Қызы айтты: – Мен көрдiм өзiм, – дедi, –
Өз қолыммен қазынадан бұларды алдым,
Рас, ата, бұ айтқан сөзiм, – дедi.
Қазынаның Балқыс айтты қисапсызын,
Қасымның һәм мақтады һәр мiнездерiн.
Қазынаны Балқыс қыз көрсе дағы,
Жолының және айтты мағлұмсызын.
Жауһарлар әкелгенде бек сүйiндi,
Балқыс қыз алып келдi көп бұйымды.
Қызы ұят пердесiн жыртса дағы,
Жолын бiлмей келгенге көп күйiндi.
Қылса да болмап едiм қызым парһиз,
Бекер кеттi-ау көре алмай намысымыз.
Абулфатах қайғырды өзi ұялып,
Жұрттан ұят болды-ау деп осы iсiмiз.
Дүниеде жаннан асқан Қасым жомарт,
Абулфатах қор болды хирс, нәмәрт.
Һарон Рашид патшадан сөз айтайын,
Құлақ салып тыңдаңыз, көп жамағат.
Бағдатқа Һарон Рашид қайтып барды,
Көрген қызық қызметiн айтып барды.
Патшалық тақытына отырған соң,
Шақыртып уәзiрiн қасына алды.
Уәзiрдi зынданнан алып келдi,
Ғарiп жаннан көңiлi қалып келдi.
«Тiк сөзiмнен зынданға салып едi,
Қаһары қатты патша, өлдiм», – дедi.
Патша тұрып уәзiрге сәлем бердi:
– Бiр сөзiңнен мен көрдiм талай жердi.
Бейкүнә сiздi азапқа салыппын деп,
Кеш күнәм, – деп падиша ғұзыр қылды.
Мен көрдiм бұ дүниеде көп адамды,
Бұ дүниеде көрмедiм ондай жанды.
Мал мен жанын мейманға пида қылған
Тең көрмеймiн Қасымға патша, ханды.
Падишадан кем емес салтанаты,
Қасым емес, хас патша – оның аты.
Маған өзi көп нәрсе инғам қылды,
Һеш ақылым жетпедi басым қатты.
Уәзiрiм, кеш күнәһiм, разы бол,
Сiздiң сөзбен көрдiм мен бiрталай жол.
Оны мақтап дүниеде бiтiре алман,
Дүниеде шын жомартты көргенiм сол.
– Сен де разы бола гөр, тақсыр, маған,
Мен де разы болайын, тақсыр, саған.
Өз көзiңмен көрiпсiз оны, тақсыр,
Үйiңiзге келiпсiз есен-аман.
Патша айтты: – Көп инғам қылды маған,
Оларды көрсетейiн ендi саған.
Уәзiрдi өз қасына ертiп келiп,
Әкелгенiн көрсеттi бәрiн тамам.
Уәзiр бәрiн аралап көрдi дейдi,
– Қасым маған осыны бердi, – дейдi.
Уәзiрiм, бiз Қасымға не беремiз,
Қасымдай мен көрмедiм ердi, – дейдi.
Қасымға бiз де инғам қылалық та,
Қазынамнан бiр нәрсе лайықта.
– Оған лайық инғамды таптым, тақсыр,
Мұнан артық инғам жоқ халайықта.
Ей, падиша, айтайын мен бiр кептi,
Патшалыққа ол Қасым өзi ептi.
Басыраның уәлиiн түсiрiңiз,
Онан артық инғам жоқ, сiрә, тiптi.
Падиша бұ кеңестi мақұл дедi,
– Уәзiрiм, бұ айтқаның ақыл, – дедi.
Хат жазып, мөһiр басып жiберелiк,
Қазыны, келсiн мұнда, шақыр, – дедi.
Хат жаздырып падиша мөһiр басты,
Падиша пәрмен қылса тоқтамас-ты.
«Өзiң түсiп Қасымға орның бер», – деп,
Патша қылмақ Қасымды болды қасты.
Бiр жасауыл хатты алып жүрiп кеттi,
Бес күнде Басыраға барып жеттi.
Хатты бердi ханына алып барып,
Халифаның жарлығын арди еттi.
Жарлығын халифаның оқып тұрды,
Бiр сұмдықтың болғанын ендi бiлдi.
Жасауылға ат пенен шапан берiп,
Жасауылды жөнелтiп жiбердi ендi.
Хан сонда мұны естiп қапа болды,
Сарғайып зағыпырандай жүзi солды.
Халифаның жарлығын бұза алмайды,
Шарам не-дүр, һәр iстi Құдай салды.
Абулфатах сол уақта кiрiп келдi,
Алдында уәлисiнiң аттай желдi.
– Не болды сiзге, тақсыр, түсiң қашып,
Тiрлiкте билеушi едiң талай елдi?
Уәзiрiнiң сөзiне жауап бердi:
– Халифадан хат бiлән кiсi келдi,
Хандығыңнан түс дағы Қасымға бер,
Халифа хан қылыпты Қасым ердi.
Уәзiрiм, соған қапа болып тұрмын,
Хандығымнан мен түсiп өлiп тұрмын.
Хандығымнан айырылып қара болып,
Халифадан қорлықты көрiп тұрмын.
– Бұл iстi бiлдiрмеңiз тiрi жанға,
Басыра – кәпiр, орыс, мұсылманға.
Қасымды бiр айламен өлтiремiн,
Дүниеде бiлдiрмейiн тiрi жанға.
– Олай қылсаң тiлегiң бердiм саған,
Бiр жақсылық қыла гөр, уәзiр, маған.
Бастан-аяқ берейiн алтын киiм,
Бiр амал қыла көршi, жаным, соған.
Қасым жаққа ол уәзiр жөнеп кеттi,
Айласы мол ол уәзiр тым-ақ ептi.
«Қонақпын» деп Қасымға барды жетiп,
Естiңiз уәзiрден қызық кептi.
Қонақ болып Қасымға қонды барып,
Атын ұстап кiргiздi үйге алып.
– Хош келiпсiз, мейманым, ғазизiм, – деп,
Төрiне отырғызды көрпе салып.
Һәр түрлiден қонаққа ас жегiздi,
Үстiне әр түрлiден тон кигiздi.
Дұшпандықты ойына алып отыр,
Қасымға уәзiр залым у жегiздi.
– Қасымжан, бiр асаңыз, мiнеки ас,
Қасымға берген асы у аралас.
Бiр жұма есi кiрмей жатады екен,
Сондай уды берiптi ол мұндар қас.
Iсiп шықты үйiне Қасым батыр,
Өлген кiсi сияқты сұлап жатыр.
Тамам жұрт улап-шулап жыласады,
– Мейманға көргiзелiк, шапшаң шақыр.
Шақырған соң, ол уәзiр жетiп келдi,
– Жылама, – деп тоқтатты тамам елдi.
Мен азырақ тамырды бiлушi едiм деп,
Қасымның тамырын кеп ұстай алды.
Тамырын ұстап айтты: – Өткен екен,
Алладан тағдыр – ажал келген екен.
Өкпесi де соқпайды бейшараның,
Бiр сұмдық бұл байғұсқа болған екен.
Бұл байғұс тағдыр жетiп өлiп қалды,
Мұндай iстi басына Құдай салды.
Тез арулап көмiңiз мұны жерге,
Жаназаға шақыртып тiрi жанды.
Жылап-еңiреп үй-iшi қалды бұлар,
Шын өлдi деп сендi ол бейшаралар.
Тез арулап кебiндеп, тамам жұртқа
«Жаназаға келсiн» деп бердi хабар.
Жаназа оқып тамам жұрт көрге салды,
Көр iшiнде бейшара жатып қалды.
Бiр дұшпанның қас болған қастығымен,
Тастап кеттi артына мал мен жанды.
Мұны естiп уәзiрi ханға келдi,
Қасымға қылған iсiн баян қылды.
Хандығынан түсiрмей қойғанына,
Уәзiрiменен екеуi бек шаттанды.
Отырды бұл екеуi ойнап-күлiп,
Уәзiр қызмет қылады аттай желiп.
«Хан бола алмай Қасым ер өлдi ғой», – деп,
Хат жазды халифаға сәлем қылып.
«Патшамның бұрмам пәрманына,
Ер Қасым жетпей кеттi арманына.
Қасым жомарт дүниеден көшiп кеттi,
Лаж не-дүр Алланың салғанына.
Бұйрық алып хат бiрлән келдi кiсi,
Қасымның артық едi мәртебесi.
Дүниеден сапар шектi Қасым жомарт,
Әй, тақсыр, мұндай болды Құдай iсi».
Мұны айтып хат жазды хан мен уәзiр,
Жiбермекке бiр кiсi қылды әзiр.
Бiрталай құлдық қылып тарту бiлән,
«Тақсыр-ау, осы, – дедi, – бiзден мәзiр».
Бұларды алып бiр кiсi жүрдi дейдi,
Тартумен нама жазып бердi дейдi.
Алдынан бұ кiсiнiң уәзiр Жағыпар
Ұшырап жауап сұрап тұрды дейдi.
Уәзiр айтты: – Жөнiңдi айтшы маған,
Хат-хабар тасушы едiң бұл арадан?
– Ханымыз халифаға қағаз берген,
Жазған хатын апарам, – дедi, – соған.
– Хатыңды бере тұршы, мен көрейiн,
Не деп жазған хат екен, мен бiлейiн.
Онан басқа сөзiңдi тағы да айт,
Жақсы жiгiт екенсiз, есiтейiн.
– Халифадан хат бiлән кiсi келген,
«Қасым жомарт уәли болсын» деген.
Бұ хабарды есiтiп тұрған шақта,
Ер Қасым сапар қылды бұ дүниеден.
Ол Қасым ажал жетiп өлдi, – дейдi,
Дәулетi ер Қасымның мол-ды, – дейдi.
Өлгенiн мағлұм қылып нама жазған,
Халифаға апарам ендi, – дейдi.
Уәзiр мұны есiтiп қайғы тартты,
Қапа боп жылап тұрды жаман қатты.
Бекер ендi не iске барамын деп,
Сол жерден уәзiр Жағыпар кейiн қайтты.
«Хан бол» деген қағазды жазған өзi,
Жас ағып қарап тұрды екi көзi.
Патшалықтың рәсiмiн үйретуге,
Осы екен бұл Жағыпардың шыққан кезi.
Сол жерде естiген соң қайтты дейдi,
Өкiнiп атының басын тартты дейдi.
Халифаға келдi де уәзiр Жағыпар,
«Қасым ер өлiптi» деп айтты дейдi.
Халифа хатты көрдi қолына алып,
Есiтiп iшi кеттi оттай жанып.
«Өлдi Қасым ер » деп естiген соң,
Падиша тақытынан түстi талып.
Хакимдер тез тұрғызды дәру қылып,
Патша басын көтердi қайран болып.
Көзiнен жасы ағып, «уа, дариға» деп,
Көңiлiн тыйып отырды ақылы келiп.
Хатты тағы оқыды көзi жайнап,
Ашуы халифаның келдi қайнап.
«Бiр хикмет бұл арада бар шығар», – деп,
Уәзiрден басқа жұртты шықты айдап.
Екеуi оңаша үйде қалды жалғыз,
Қасымның өлгенiнде бар шығар сөз.
«Қас едi уәзiрi мен хан екеуi,
Түбiнде хақиқатын есiтермiз».
– Уәлисi бiздiң хатты көрген шығар,
Залымдықпен хасад қып жүрген шығар.
Уәлисi уәзiрiмен дұшпан едi,
Екеуiнiң қасадымен өлген шығар.
Жағыпар айтты: – Рас шығар осы сөзiң,
Бiр iстi естiп едiм менiң өзiм.
Менiң айтқан сөзiмдi қабыл көрсең,
Екеуiн алып келсем сiзге өзiм.
Уәзiр сөзiн халифа мақұл көрдi,
Уәзiрге бес жүз әскер қосып бердi.
Хан мен уәзiр екеуiн ап келмекке,
Уәзiр Жағыпар бас болып iздеп жүрдi.
Ол уәзiр Басыраға жүрiп кеттi,
Хан, уәзiрдi ап келмекке ниет еттi.
Уәзiр Жағыпар аттанып бара тұрсын,
Ер Қасымнан сөйлелiк ендi кептi.
* * *
Сағана сарай қылған көрiн оның,
Құдай аман сақтаған жанын оның.
Қырық қарақшы жол түсiп керуен тiлеп,
Жиып айдап келiптi барлық малын.
Малын алып қарақшы жөнеп кеттi,
Сол моланың түбiне келiп жеттi.
«Бұ малдарды қай жерде бөлемiз?» – деп,
Жиылып сол молада кеңес еттi.
– Шам жағып бұ күмбезде болсақ неттi,
Кiсi көрмес жер екен өзi ептi.
Шам алып күмбезге кiрген екен,
Қасымнан есiтiңiз қызық кептi.
Сол жерде Қасым жатып есi кiрдi,
Кебiнiнi сүйретiп түрегелдi.
Қырық қарақшы сол жерде қайран қалып,
Түрегелген Қасымды бәрi көрдi.
Сол жерде ол Қасымнан жауап сұрды,
Ер Қасым жiгiттерге сәлем бердi.
Кебiнiн үстiндегi жұлып алып,
Қасымның қырық кiсiнi көзi көрдi.
Қырық кiсi қарап тұрды аң-таң қалып,
Кейбiрi қорыққанынан талып қалып.
– Өлген кiсi, тiрiлiп түрегелдiң,
Өлгеннен соң тiрiлдiң, жаным, нағып?
– Сiрә, мен тағдыр жетiп өлгенiм жоқ,
У берiптi бiр қонақ, бiлгенiм жоқ.
У бергенiн қонақтың бiлген болсам,
Ол асты iшпес едiм, дүние боқ.
Жата-жата өзiме есiм кiрдi,
«Ал, құлым» деп, Құдайым медет бердi.
Қанша от, тататын дәм, қанша су бар,
Сiздердi патша Құдай кез келтiрдi.
Менi жолдас қылыңдар қасыңызға,
Құдайым қуат бергей басыңызға.
Бiр өлiмнен құтылдым Құдай оңдап,
Ұзақ ғұмыр бер, Алла, басымызға.
Құдайым ерге берсiн таудай талап,
Қырық кiсiнi мен тұрмын мыңға балап.
Менi осы өлiмнен құтқарсаңдар,
Не алсаң да беремiн менен қалап.
Қырық жiгiт оны алып жүрмек болды,
Алланың не салғанын көрмек болды.
Осы өлiмнен құтқарса бұ байғұсты,
Не тiлегi болса да бермек болды.
Қырық жiгiт бұ Қасымды алып кеттi,
Бiр үлкен тау бар екен оған жеттi.
Бiр тынығып бұ жерде алалық деп,
Сол тауда бiр-екi күн сабыр еттi.
Алты күнде уәзiрi көрге келдi,
Уәзiр шiркiн Қасымға қастық қылды.
Өлтiрейiн деп келсе, ол Қасым жоқ,
Қайтып келiп iздедi тамам елдi.
Көр алдында қырық аттың iзi жатыр,
Не дерiнi бiлмейдi уәзiр батыр.
«Осылармен тiрiлiп кеткен шығар,
Қай жаққа кеттi екен?» деп iздедi ақыр.
Сол iздi көрдi дағы қайтып келдi,
Әңгiмесiн патшаға айтып келдi.
– Тiрiлiп ол көрiнен кеткен екен,
Ұстамасақ бүлдiрер тамам елдi.
Атқа мiнiп Қасымды қуалық бiз,
Бiрге мiнiп қуыңыз, ей, тақсыр, сiз.
Осыдан қолға түспей, кетiп қалса,
Жаныңыздан, ей, тақсыр, күдерiңдi үз.
Хан сонда мың кiсiмен iздеп кеттi,
Үш күннен соң ол тауға барып жеттi.
Шұңқыр қоймай, тiнтiңiз саяның бәрiн,
Осы тауда жатпасын бұлар, – дептi.
Жетiп келсе, бiр сайда бәрi жатыр,
Iшiнде бiрге жатыр Қасым батыр.
Қырық кiсiмен Қасымды ұстап алып,
Шаһарға патша, уәзiр келе жатыр.
– Бiр арыз айта келдiм, тақсыр, сiзге,
Тiлегiмдi бере көр, тақсыр, бiзге.
Қасымды тамам жұрттың бәрi таныр,
Ұят болып жүрмесiн өзiңiзге.
Ей, тақсыр, Қасымды мен әкетейiн,
Ендi өлтiрмей қоймасқа серт етейiн.
Бақ-шарбаққа Қасымды алып барып,
Кiсi көрмес бiр жерге жөнелтейiн.
Қырық жiгiттi, ей, тақсыр, сен байлап ал,
Алып барып оларды зынданға сал.
Қасымды бiз көрдiк деп жанға айтпасын,
Жiгiттердiң аузына тыю сал.
«Құп болар» деп Қасымды алып кеттi,
Бiр заманда шарбаққа барып жеттi.
Бақ-шарбақта бар екен терең құдық,
Сол құдыққа салмаққа апарыпты.
Тоғыз құлаш бiр құдық һеш суы жоқ,
Құдыққа салар болды, дүние боқ.
«Бұ құдықта мен ендi өлемiн», – деп,
Қасымның шыбын жаннан үмiтi жоқ.
Бар екен уәзiр ұғлы бақ-шарбақта,
Жетiп келдi атасын көрген шақта.
Екеулеп ол құдыққа тастадылар,
Қасым айтты: «Құдай-а, өзiң сақта!»
Қасым байғұс құдыққа түсiп кеттi,
Бiр заманда түбiне барып жеттi.
Құдай өзi сақтаса һеш пәле жоқ,
Сүйегi күл-күл болып өлсе неттi.
Баласына бұйырды тас таста деп,
Қас сағынған кiсiге бола ма еп.
Таспен көмiп тастады бұ зынданға,
Дүниеге ендi Қасым шықпасын деп.
Ол Қасым тас тиер деп қорғанады,
Үңгiр қазып жатарға ой қылады.
Құдықтың кемерiнде бiр тас жатыр,
Ол тастың төңiрегiн тырналайды.
Тырнай-тырнай ол тасты қопарады,
Ол тастың орынынан су шығады.
Бейне дария суындай тасып кетiп,
Қасымды жоғарыға шығарады.
Су шығып тас орнынан тасып кеттi,
Құдықтың аузына Қасым шықты.
Су көтерiп аузына келгеннен соң,
«Иә, Ахад» деп құдықтан шыға кептi.
Қасым шықса ұйықтап бала жатыр,
Тасты тастап ұйықтапты бала кәпiр.
Таспен ұрып баланы өлтiрдi де,
Құдыққа салып кеттi Қасым батыр.
Баланы өлтiрдi де қашып кеттi,
Бiр бұлақтың басына келiп жеттi.
Бiрталай керуен келдi ол бұлаққа,
«Бұл керуенге тiлдессем қайтер?» – дептi.
Керуен жаққа ол Қасым бiр-бiр басты,
Керуен де ол бұлаққа жақындасты.
Алдында келе жатқан керуенбасы
Келдi де, ол Қасыммен амандасты.
– Жаяу жүрген бейшарасың неткен жан,
Жөнiңдi айта көршi, жарқын, маған.
Бейне азап көргендей түсiң қашып,
Не болды мұнша жүдеп, жаным, саған?
– Мен бiр жүрген бейшара ғарiп құлың,
Кедейлiктен көңiлiмде бар-ды мұңым.
Мен бiр байға қызметкер болар едiм,
Жүрер ме едiм мен жаяу болса пұлым.
– Олай болса қызметкер болшы маған,
Жүремiсiң бес тiлла берсем саған.
Өзiң жақсы мүләйiм көрiнесiң,
Қызмет қылсаң бiр жылға есен-аман.
Бес тiллаға ол Қасым жүрмек болды,
Һәрне ойлап көңiлiне қайғы толды.
Һәр сөйлеген сөздерi балдан тәттi,
Қызмет қыла бiледi һәрбiр жолды.
Жүрсе-тұрса бiледi бiр-бiр жолды,
Қызметiне ол байдың көңiлi толды.
Қызметкерге жарымай жүрген екен,
Сол Қасымды алды да жолы болды.
Қасымды алып ол керуен жөнеп кеттi,
Һәрне қылса Қасымның қолы ептi.
Бiр күннен соң ол керуен көшiп келiп,
Бiр бақ-шарбақ жанына келiп жеттi.
Қасымменен қас ханның шарбағы екен,
Ол шарбақты хан қызы қылған мекен.
Алыс көшiп талықсып сол керуен,
Ол шарбақтың тұсына қонған екен.
Ол шарбақта бар екен ханның қызы,
Қапалықтан дерттi екен оның өзi.
Бақ-шарбақта сейiл қып жүрсе ол қыз,
Қонып жатқан керуенге түстi көзi.
– Бiреуiң сол керуенге барып келшi,
Асыл бұйым бар болса алып келшi.
Бастан-аяқ аралап сол керуендi,
Қандай адам бар екен, бiлiп келшi.
Айтқан соң бiр-екi қыз жүрiп кеттi,
Бiр уақта керуенге барып жеттi.
– Асыл бұйым ханшамыз алмақ едi,
Сiздерде асыл киiм бар ма? – дептi.
– Бiзде бар гауһар, жақұт, не асыл тас,
Маңлұқ, торғын, қазына тон аралас.
Жаратқанын пұл берiп ала берсiн,
Ханшаға сәлем де, алдияр бас!
«Бағасын кiм бiледi асыл тасты,
Қайсыңыз барасыз?» – деп көп қарасты.–
Бiр бiлсе, Қасым бiлер бұл бағасын,
«Барғын» деп Қасымға бай ақылдасты.
Бұйрық қылсаң барайын оған дептi,
Мал бағасын бiледi өзi ептi.
Қасымды өзгесiнен ептi көрiп,
Қасым барып саудалап келсiн дептi.
Қасым бұлды арқалап жүрiп кеттi,
Бақта отырған ханшаға барып жеттi.
Бұлды арқалап алдына келiп едi,
Қасымды көрiп ханшаның есi кеттi.
Көргеннен соң Қасымға болды ғашық,
Қасына жетiп келдi бiр-бiр басып.
Алдына жетiп келiп қолын ұстап,
Ханыша Қасыммен тұр жауаптасып.
Ханыша ашып көрдi бұлдың бәрiн,
Аралап көрген болды бұйымдарын.
Бұйым алмақ есiнен шығып кеттi,
Бiлмей тұр сол Қасымға не қыларын.
Қасымдай жiгiт болмас қыз қылықты,
Өзi сұлу ол Қасым, сөзге ептi.
Қасымнан һеш айырмас екi көзiн,
– Сiз не қылған жiгiтсiз, жаным? – дептi.
– Мен өзiм бұ керуеннiң қызметкерi,
Келмейдi керуенбасы, өзi кәрi.
Менен артық болмаған соң өзге жiгiт,
«Барып сатып кел», – дедi баршалары.
– Келмейдi керуенбасы болса кәрi,
Бiреудiң сен болсаң да қызметкерi,
Һеш армансыз дүниеден өтер едi,
Сендей болса һәр қыздың алған жары.
Мен жiбермен, бiреуге ұл болсаң да,
Егер де сатып алған құл болсаң да.
Сiрә, сенен айрылман, қалқа жарым,
Сiз осында тұрасыз не болсаң да.
– Ай жүздi, шырын сөздi, асыл тасым,
Менi бекер алып қалма, замандасым!
Сiзге қарсы сөйлеуге халiм бар ма,
Керек болса кесiңiз менiң басым.
– Өзiң көркем жiгiтсiз, қасың қара,
Ақ бетiңнен сүйдiршi бiрер пара.
Ендi сiзден айрылсам өлемiн ғой,
Ғашық болған жүзiңе мен бейшара.
– Кедей жүрген дүниеде мен бейшара,
Маған ғашық сен болсаң, не-дүр шара?
Бiр патшаның баласы айттырып алар,
Бiразырақ сабырлық қылып қара.
– Жүзiңдi көргеннен соң болдым ғашық,
Жүре алман ғашықтықпен қадам басып.
Дертiне ғашықтықтың шыдай алмай,
Iшiм толып өлермiн жанталасып.
– Патшазада ақсүйек мен емеспiн,
Сенi алуға, ханыша, тең емеспiн.
Азар болса кедей жасып жүрген,
Ақылым һеш адамнан кем емеспiн.
– Һеш патшадан сенi мен кем көрмеймiн,
Патшаларға сенi мен тең көрмеймiн.
Не болса да, ей, жiгiт, жанымда тұр,
Мен сенi керуенге жiбермеймiн.
– Жiбермесең не лаж болар маған,
Ұят келiп жүрмесiн, қалқам, саған.
Қолымнан бар бұйымын тапсырайын,
Амандасып келейiн барып оған.
– Пәруана боп тұрамын мен басыңнан,
Жiбермеймiн сенi мен өз қасымнан.
Бұйым үшiн уайым жеме, қалқам,
Бұйымды жiберемiн жолдасымнан.
– Жiберiңiз, жолдасқа мен кетейiн,
Қайтып сiзге келуге серт етейiн.
Амандасып келейiн ризаласып,
Керуендi өз қолымнан жөнелтейiн.
– Жiбермеймiн, қылсаң да он қайта серт,
Болады сiз келгенше бiр үлкен дерт.
Болмай-ақ кетемiсiң, қалқа, жарым,
Менi сен қылышпенен өлтiрiп кет.
Қыз көрiп ғашық болды қызыл жүзiн,
Қасым да қимай отыр қыздың сөзiн.
Бiр қыздан бұйымдарын жiбердi де,
Тоқтатып алып қалды мұнда өзiн.
Тұрды да қыз Қасымға құлдық қылды,
Бiр қызбен жөнелтедi келген бұлды.
Алуа, шекер, шай, палау, ет келтiрiп,
Алдында ол Қасымның ойнап-күлдi.
Қыз күлсе де, күлмейдi Қасым жiгiт,
Қыздан, сiрә, һеш уақта қылмас үмiт.
Бетiн сүйiп, мойнына асылса да,
Үйден қашып кетедi тысқа шығып.
– Айналайын мен сенiң келбетiңнен,
Бiр сүйдiрiп қауышсаң ақ бетiңнен.
Аманатың сақтаулы өзiмде тұр,
Оны алып, сен құтқар бұ дертiмнен.
Қыз бен жiгiт екеуi ақылдасты,
Ақылдасып екеуi жақындасты.
Әкесiнiң қысасын қайырмаққа,
Лақтай бақыртып бiр-ақ басты.
Бұл Қасым жiгiт десең жiгiт сынды,
Бойын алғаш ол қыздың көңiлi тынды.
Неше түрлi тамаша қызықпенен
Екеуi ғишрат қылып жүредi ендi.
Керуенбасыға тапсырды қыздар бұлын,
– Қайда, – дедi, – жiберген менiң ұғлым?
Қыздар айтты: – Ханыша алып қалды,
Басшы қып тапсырам деп барлық бұлын.
Шама жоқ ол жiгiттi жоқтайтұғын,
Ашу қылып ханшаны боқтайтұғын.
Жүгiн артып керуендер жөнеп кеттi,
Лаж жоқ Қасым үшiн тоқтайтұғын.
Ертеде – ойын-тамаша, кеште – ойын,
Түн болғанда жатқаны – жылы қойын.
Iшкенi – арақ-шарап, ойын-күлкi,
Қасымның қызметiне қойды мойын.
Ғейiш-ғишрат қылдылар күндiз-кеше,
Күн өттi бұ арада әлденеше.
Қасымға қыз болады бек мейiрбан,
Жанын пида қылады Қасым десе.
Уәзiрден бiз айталық аз ғана сөз,
Сөзiме құлақ салып есiтiңiз.
Уәзiрдiң соры қайнап ұғлын көрсiн,
Қызықта жата тұрсын Қасым мен қыз.
* * *
Уәзiр келдi құдыққа ұйықтап тұрып,
Жылады өлiп қалған ұғлын көрiп.
Су толған аузы бiлән ол құдықта,
Көредi өлтiргенiн ұрып-ұрып.
Ол баласын құдықтан тартып алды,
Алланың құдiретiне қайран қалды.
Баласын тез жуып көрге көмiп,
Айтайын деп патшаға қайта салды.
Атқа мiнiп патшаға жүрiп кеттi,
Аз заманда патшаға барып жеттi.
– Тағы айырылдық, әй, тақсыр, ол Қасымнан,
Екеуiмiздi Құдайым ұрды, – дептi.
Iздеп тауып келелiк елде болса,
Өзiмiз тауып алар жерде болса.
Бiр бүлiк салар бiзге осы Қасым,
Таптырмай бұ дүниеде тiрi жүрсе.
Мың кiсi атқа мiнiп жүрiп кеттi,
Тау-тасты қоймай оны iздетiптi.
Сол жүргенде мың кiсi бiр ай жүрдi,
Таба алмай ол Қасымды есi кеттi.
Таба алмай бiр айдан соң қайтып келдi,
Таппадық деп падишаға айтып келдi.
– Қайталық елiмiзге, тақсыр ханым,
Аралап әбден болдық тамам елдi.
– Бұл Қасым пәле болды ендi бiзге,
Сiздер тарқап кетiңiз елiңiзге.
Бақ сарайда бiр қызым ауру едi,
Амандасып келейiн барып қызға.
Жалғыз кеттi падиша бақ-шарбаққа,
Қызының көңiлiн барып сұрамаққа.
Анадайдан ол қыздар көрiп тұтып,
Қарсы шықты патшаны көрген шақта.
Қызы менен әкесi амандасты,
Амандасып сөздерiн тамамдасты.
Қараса, қызы тәуiр болған екен,
Жазылғанын көрген соң көңiлi тасты.
– Шырағым, оңалдың ба тәуiр болып,
Жүрмiсiң көңiлiң шат ойнап-күлiп.
Әдейi сенiң үшiн келiп едiм,
Кетейiн деп мен келдiм халiң бiлiп.
– Шүкiр Алла, тәуiрмiн, көңiлiм жай,
Iшкенiм күндiз-түнi қант пенен шай.
Кеселiмнен жазылдым осы күнде,
Мұнда тұрып қайтамын ендi бiр ай.
Әкесiне жегiздi түрлi асын,
Амандығын сұрады мал мен басын.
– Әке, сiз рұқсат берсең, қайтар едiм,
Ұйқым келiп ауырды тағы басым.
Әкесi рұқсат бердi көңiлi ерiп,
Төсегiн әкесiнiң салып берiп,
Әкесiнiң рұқсатын алғаннан соң,
Өзiнiң ордасына келдi кiрiп.
Ханыша қайтып келдi ордасына,
Қасым айтты: – Кел, отыр өз қасыма.
Сен кеткелi бiрталай заман болды,
Ынтызар болып тұрмын дәл басыңа.
Қасым сонда тұрды да намаз қылды,
Қызын және көргелi патша келдi.
Терезеден хан келiп сығаласа,
Намаз қылған Қасымды көзi көрдi.
Намазын оқып тұрды Қасым батыр,
Сығалап көрiп тұрды патша уа ақыр.
«Iздеп жүрген дұшпаным мұнда екен», – деп,
Ойына талай ойды алып жатыр.
«Мұны кiрiп ұстасам қашып кетер,
Жазаласам өзiмдi тек өлтiрер.
Құлып салып кетейiн есiгiне,
Жiберсем жасауылдар ұстап келер.
Ұстатып бұл Қасымды өлтiрейiн,
Үкiмiмдi жерiне келтiрейiн.
Шапшаң барып, жiберiп палуандар,
Өлтiрiп көз көрмеске жiберейiн».
Есiгiне құлыбын салып кеттi,
Шапқылатып шаһарға барып жеттi.
Күзетшi кемпiр мұның бәрiн бiлiп,
– Сiздердi хан көрдi, – деп хабар еттi.
Сiздердi патша көрiп үйге кеттi,
Кiдiрмей қайтып келер сiзге де ендi.
Терезенi бұз дағы далаға шық,
Қашпасақ бiз көрермiз үлкен кептi.
Үшеумiздi өлтiрер ұстап алып,
Бiр жерге бiз жетелiк қашып барып.
Өлтiрмес деп ойлама қызды дағы,
Бiздердi өлтiрмегi тым-ақ анық.
Хан көрдi дегеннен соң есi кеткен,
Жалғыз жаным қалса деп үмiт еткен.
Аялдаса хан келiп ұстайды деп,
Һеш нәрсе ала алмастан қашып кеткен.
Әйнектi бұзды дағы қашып кеттi,
Он күн, он түн жол жүрiп тауға жеттi.
Тау iшiнде бар екен бiр жалғыз үй,
Ол үйге бұл үшеуi қонам дептi.
Бiр кемпiр бар екен, қон деп айтты,
Бұйрықты кемпiр берген дәмiн татты.
Үшеуi төсек салып жатып қалды,
Шаршапты бейшаралар жаман қатты.
– Бiздердi қонақ қылдың, кемпiрiм, – дер,
Бұл таулар не деген тау, не деген жер?
Бұл жерде қандай шаһар, қай патша бар,
Кемпiр шеше, бiздерге жауабың бер?!
– Бұл жерде бiр шаһар бар Бағдат атты,
Патшасы Һарон Рашид салтанатты.
Егiн, тары – анлары болады арзан,
Барғандар пайда табар жаман қатты.
Бiр арқа отын бiрталай ұн болады,
Сатып алсаң екi пұт ұн болады.
Жаяуға ат, жарлыға тамақ болар,
Сол шаһарға барғаның жөн болады.
Ол жерден бұл үш пақыр жүрiп кеттi,
Екi күнде Бағдатқа барып жеттi.
Жақын жерде бар екен бiраз қыстақ,
Бұл жартаста жаталық бiздер дептi.
Һешкiмге көрсетпейдi қыздың жүзiн,
Пайда қып асырады өзi-өзiн.
Жартаста бұл үшеуi жата тұрсын,
Сөйлелiк қыз әкесi ханның сөзiн.
Хан жүрiп Басыраға барды жетiп,
Мың кiсiнi аттандырды жарлық етiп.
«Ұстап алып мұндарды өлтiрелiк,
Сыртынан кетiп едiм тас бекiтiп».
Келселер бау-шарбаққа Қасым, қыз жоқ,
Кемпiр де бiрге кеткен, дүние боқ.
Тау-тастан iздеп-iздеп таба алмады,
Һеш хабарын бiлмейдi, көргенi жоқ.
Таба алмай мың кiсiлер елге қайтты,
Таба алмай ол Қасымды басы қатты.
«Бiр сұмдық ендi бiзге болды ғой», – деп
Патшаменен ол уәзiр көп жылапты.
Таба алмай iздеп-iздеп жата тұрсын,
Әуре болып бастары қата тұрсын.
Ер Қасым отын алып Бағдат барып,
Отынын ол базарда сата тұрсын.
Қасым барып даладан отын алды,
Кемпiр мен қыз жартаста жатып қалды.
Шаршап терлеп базарға барғаннан соң,
Отынын Қасым байғұс жерге салды.
Отынын ол базарға салады екен,
Пұлына екi пұт ұн алады екен.
Жарымын өздерiне ауқат қылып,
Жарымын «риза-и Ахад» қылады екен.
«Өзiм iшiп тамаққа тоймайын, – деп,
Әйтеуiр кәсiбiмдi жоймайын, – деп.
Жаныма ахиретте пайда болар,
Жомарттық әдетiмдi қоймайын», – деп.
Жаяулап отын сатып қылдым кәсiп,
Құдай-а, халалдықтан бергiн нәсiп.
Отынға арқа сүйеп ой ойлайды,
«Алланың жазғанына шарам нешiк?»
«Байлық кетiп бейшара болды бiр құл,
Отын сатпай табылмас бiр жалғыз пұл.
Неше өлiмнен құтылдың, байғұс Қасым,
Жаныңның қалғанына шүкiрлiк қыл.
Отын алып келгенi бiрталай жер,
Жаяу жүрiп арқадан ағыпты тер.
Дәулетiң Құдай оңдап тағы келер,
Жарымын тапқаныңның қайырға бер».
Отырды осылайша қиял ойлап,
Қарайды жан-жағына бойлап-бойлап.
Басырада өзiме қонақ болған,
Кез қылғай сол кiсiнi Құдай айдап.
Отынын жерге қойып отыр нағып,
Ән салған қыз әйнектен көрдi бағып.
Осы отырған Қасымның тап өзi деп,
Көзiнен кеттi жасы тыймай ағып.
Ол жарианы таныды Қасым көрiп,
Патшаның сарайына келдi жүрiп.
«Мейманға инғам қылған жариам ба?» – деп,
Қасым сонда қарады тоқтап тұрып.
Үйден шығып Қасымға ол қыз келдi,
Көрген соң бiрiн-бiрi таныды ендi.
Қасымды анық өзi таныған соң,
Жығылып аяғына басын қойды.
– Тұр, – дедi Қасым қызға, – көтер басың,
Сен патшаның сарайында нағып жүрсiң?
Шыдамай бiрiн-бiрi таныған соң,
Көзiнiң екеуi де төктi жасын.
– Көргелi барған екен патша сiздi,
Жомарт деп естiген соң өзiңiздi.
Сырын айтпай мейман боп қонғаннан соң,
Хадие қылып едiң сонда бiздi.
Жақсы көрiп падиша кеткен қайтып,
«Хан болсын» деген сiздi бұйрық айтып.
Өлдi деп сiздi патша естiген соң,
Жаман қатты қайғырды қапа тартып.
Мен бұ жерде алданып тұрмайын көп,
Сiздi патшаға айтайын тiрi екен деп.
Сiздiң тiрi екенiңдi патша бiлсе,
Жаман қатты шаттанып, қуанар бек.
Жүгiрiп барып ханымға хабар бердi:
– Жүрiп көршi, таныдым Қасым ердi.
Өлдi деген Қасым ер мiне тұр, – деп,
Өкiрiп-өкiрiп қыз байғұс жылай бердi.
Ханымменен екеуi қарап тұрған,
Қасымға бұл екеуi мойын бұрған.
Патша артынан бұларға жетiп келiп,
– Кiмге қарап тұрсыз? – дер Құдай ұрған.
Патшаға құлдық қылды сонда бұ қыз:
– Бiздер қарап Қасымды танып тұрмыз.
Өлген Қасым дәл бүгiн тiрiлiптi,
Сол ма екен деп көңiлге алып тұрмыз.
– Қане? – деп ол падиша көзiн салды,
Көрдi де ол Қасымды тани қалды.
Мен көрген Қасым жомарт осы ғой деп,
Шақырып бiр уәзiрдi қасына алды.
Бiр жасауыл барды дағы алып келдi,
Жетiп келiп ол Қасым сәлем бердi.
Падиша түрегелiп құшақтасып,
Өзi сөзге келместен жылай бердi.
Падишамен көрiстi құшақтасып,
Көңiлi ер Қасымның қалған жасып.
«Өлдi деген Қасым ер сенбiсiң?» – деп,
Падиша көрiседi амандасып.
Сонда Қасым таниды падишасын,
Өзiне қонақ болған замандасын.
Анықтап падишаны таныған соң,
Жығылып аяғына қойды басын.
Патша айтты: – Һәрне iс бiр Құдайдан,
Басың көтер, сөйлегiл халi-жайдан.
Өлдi деп, Қасым, сенi естiген ем,
Мағынасын айт, тiрiлiп келдiң қайдан?
Патша айтты: – Сөйлешi, Қасым, сырың,
Дүниеде сайыпқыран жомарт ерiм.
Саған жетер дәулеттi жан жоқ едi,
Нағып тастап жүрсiңiз қазына жерiң?
Мен саған Басырада қонақ болдым,
Алдымда қызмет қылып аттай желдiң.
Қанша көп зияпаттап икрам бiрлән,
Қисапсыз көп малдарды инғам қылдың.
Қасым ерiм, бұ күйге түстiң нағып?
Қазынаңды көрiп ем таңғажайып.
Сонша мал-мүлкiңнiң бәрiн тастап,
Жүдеп жүрсiз нелiктен қапаланып?
Сонда Қасым патшаға сырын айтты,
Көргенiнiң қалдырмай бәрiн айтты.
Ханы менен уәзiрдiң қас болғанын,
У берiп көрге көмген жерiн айтты.
Сөйледi Қасым жомарт өткен халдi,
Падиша таза тыңдап құлақ салды.
Бастан кешкен сөйледi уақиғасын,
Естiген барша жұрттар қайран қалды.
– Нәсiп қылды хан қызын Құдай маған,
Сол қызбен қасымда бар кемпiр анам.
Бiр қыстақта қалған-ды ол екеуi,
Бiрiн қоймай сөйледiм, тақсыр, саған!
Халифа тыңдап тұрды Қасым сөзiн,
Отыртты алтын таққа патша өзiн.
Халифа айтты: – Болысқан саған Құдай,
Қастық қылған алыпсыз ханның қызын.
Бұйрық жазып, сiздi хан болсын деп ем,
Сiздi уәли қылудың қамын жеп ем.
Сол себептен өлтiрген хан мен уәзiр,
Дұшпандығын олардың ендi бiлдiм.
Көп жақсылық көрерсiз ендi бiзден,
Өлгенше разымын, Қасым, сiзден.
Сiздi өлтiрген Басыраның хан, уәзiрi
Обалдан қорықпаған, дiннен безген.
Ол Қасым кедей едi, байлық тапты,
Үстiне асыл жiбек шапан жапты.
Қыз, кемпiрдi алдырып ол падиша,
Үшеуiн сарайға ап кеп құп сыйлапты.
Үшеуiне һәр түрлi тон кигiздi,
Алуа, шекер, палау мен бал жегiздi.
Бақ-шарбаққа Қасымды ертiп келiп,
Түрлi алуан тамаша iс көргiздi.
Патша айтты: – Сөзiмдi есiтiңiз,
Келедi асықпасаң дұшпаныңыз.
Сiздi өлдi дегенде-ақ бұрын ойлап,
Басыраға көп кiсi жiбердiк бiз.
Қасым мұны есiтiп шүкiр қылды,
Патшаға қол қусырып тағзым қылды.
Падиша тамашалар көргiзем деп,
Қасымды бiр жақсы үйге алып келдi.
Ол үйде көрдi қызық алуан-алуан,
Жаюлы тұр өңi алтын бiр дастарқан.
Биқисап көп тағам тұр дастарқанда,
Iшiп-жеп тысқа шықты ол бөлмеден.
Зүбайдаға келедi онан шығып,
Көргелi тамашалар таққа отырып.
Қасым менен падиша таққа отырды,
Зүбайда жүгiредi мұны көрiп.
Алтын таққа Қасым мен патша отырды,
Жариалардың патшаға бәрi жүрдi.
Өзге қыздың бәрiнен артық сұлу,
Шарқи оқитын бiр ақылды қыз бар едi.
Зүбайда айтты: – Есiткiл ендi, қыздар,
Патша келдi сарайға, тұрыңыздар.
Әдеп бiрлән тауадұғ тағзым қылып,
Патшаға жақсы ойын қылыңыздар.
Iшiндегi жырлаған ол сұлу қыз,
Ол қыздың тамашасын есiтiңiз.
Сылқ жығылды Қасымды көрген жерде,
Есiн бiлмей жатады болып хошсыз.
Қайран болып тұрады қыздар оған,
Жылады өзге қыздар қылып фаған.
Зүбайда патшаменен бiр-бiр басып,
Бiр-бiр басып келедi қызға таман.
Жығылған қыз көтерiп алды басын,
Оны көрiп сылқ түстi Әбiлқасым.
Падиша сасқалақтап жетiп келiп,
Өзi сүйеп Қасымның тұрды басын.
Бiр уақта Қасым айтты есiн жиып:
– Қанша жыл ғашық отымен жүрдiм күйiп.
Есiңiзде бар ма екен, падишаһым,
Мен айтқан ғашық жарым жаннан сүйiк.
Оның мен қасiретiне болғам душар,
Дидарын бiр көруге болғам iңкәр.
Дүрдана махбүб жарым анау тұрған,
Жанатып қасiреттiгiн мәслүб қарар.
Нiлге тастап жiберген екеумiздi,
Сау-саламат сақтаған Тәңiрiм бiздi.
Мағшұғымның уасафын баян қылып,
Көп қайран қылып едiм өзiңiздi.
Дүрдана халифаға қарсы жүрдi,
Падиша: – Келме мұнда, тек тұр! – дедi.
Нiлден нағып саламат шықтыңыз? – деп,
Халифа Дүрданадан жауап сұрды.
Дүрдана падишаға бердi жауап,
Еңкейiп басқан iзiн қылды тауап.
– Жалладтар Нiлге атып жiбергенде,
Тұншығып аға бердiм суды сабап.
Бiр уақта суға баттым халiм кетiп,
Әбден iшiм лық толды суды жұтып.
Тiрлiктен үмiтiм үзген шақта,
Тоқтадым бiр нәрсеге iлiне кетiп.
Iлiнгенiм – қауғасы балықшының,
Айтайын, тақсыр, сiзге барлық шыным.
Балық деп ол балықшы тартып алды,
Судан шығып бiрқатар талықсыдым.
Ажалсыз адам һәр кез өлмейдi екен,
Бiреудiң дұшпандығы болмайды екен.
Тұғры ажал келмесе Құдiретiнен,
Пендесiн бiр себеппен қорғайды екен.
Бiраз жатып бiр заман есiм кiрдi,
Ес кiрген соң үйiне алып жүрдi.
Үйiне алып келген соң ол балықшы,
«Кiмсiз?» деп сонда менен жауап сұрды.
Көп құсып, есiм жиып, көзiмдi аштым,
Сөйледiм балықшыға сәргөзәштiм.
Бастан-аяқ сырымды баян қылдым,
Зәресi кеттi онан соң ол байғұстың.
Балықшы қорықты «патша өлтiрер» деп,
Менi сатып жiбердi жариам деп
Бағдатқа баратұғын бiр құлшыға,
Менi ұстап тұруды көрмедi еп.
Ол құлшы менi сатып алып кеттi,
Бағдатқа неше күнде келiп жеттi.
Менi мұнда ол құлшы алып келiп,
Сеида Зүбайдаға каби еттi.
Ажалдан қалдым сөйтiп, шаһым, – дедi,
Көңлiмде көп-дүр менiң аһым, – дедi.
Көрмеген екен бұрын патша мұны,
– Рас екен сұлулығы, Қасым, – дедi.
Дүрдананы падиша көрдi қарап,
Бәйгi атындай бауырынан тұрған жарап.
Өзге қыздың бәрiнен он есе артық,
Һеш пендең тең келмейдi оған тарап.
– Рас екен, – дедi патша, – Қасым, сөзiң
Һеш мұны көрмегенмiн бұрын өзiн.
Құлдықтан Дүрдананы азат қылдым,
Патша айтты Зүбайдаға: – Тыңда сөзiм.
Бiр-бiрiн бұл екеуi сүйген екен,
Наренiң ….. * күйген екен.
Ғашықты мағшұғына қауыштырсақ,
Бiздерге бiр сауап болар ма екен?!
Екеуiн қосты сонда некаһ қиып,
Патша үш күн той қылды жұртын жиып.
Жетедi мұратына екi ғашық,
Жылап жүрген көзiнiң жасын тыйып.
Қосылды мағшұғына жомарт Қасым,
Патшаның аяғына қойды басын.
Қасым сонда патшаға арыз қылды:
– Мен сiзге тапсырдым, – деп қазынасын.
Патша айтты: – Бұ сөздi қылман қабыл,
Өзiң тасрафында жомарттық қыл.
Қуанышпен кешiрiп ғұмырыңды,
Үлкен-кiшi өзiңiз рахат көргiл.
Қасымға патша бұлай жауап бердi,
Халифа құрмет етiп Қасым ердi.
Басыраға жiберген Жағыпар фазыл,
Қасымды о да келiп көзi көрдi.
Ол Жағыпар Басыраға барып келдi,
Ханы менен уәзiрiн алып келдi.
«Ендi бiздi халифа өлтiрер», – деп,
Жандарынан көңiлi қалып келдi.
Кiлем салды Басыраның хандарына,
Халифа бiрге отырды жандарына.
Халифа ендi ханды тергей бердi,
Машақат қайғы салып халдерiне.
– Мен хат жаздым Қасымды хан болсын деп,
Хан қылмаған сiздерге бола ма еп.
* Бір сөз танылмады.
Менiң айтқан әмiрiмдi тыңдамаған,
Не деген iс бұл өзi, не деген кеп!
– Жазған хатың бiздерге, тақсыр, барды,
Ғарiп құлың ол хатты қабыл алды.
Жарлығыңды бiз қабыл алып едiк,
Хан болғанша Қасым ер өлiп қалды.
Халифа: – Қасымды алып келшi! – дептi,
Шақырғалы Қасымға бiр құл кеттi.
Сәлем берiп ол Қасым кiрген екен,
Бұлардың көргеннен соң есi кеттi.
Есi ауып ол ханы жығылыпты,
Қарап отыр ол уәзiр тым-ақ мықты.
– Өлдi деп тiрi адамды, әй, залымдар,
Өлген кiсi бұ жерде тiрi шықты.
Ұялмай не деп айттың жалған кептi,
Тiрi адамды «өлдi» деп айттың, – дептi.
Сондай қызық мен саған көрсетейiн,
Өлтiрмей мен қоймаспын сiздi, – дептi.
Ұялмай маған айттың жалған сөздi,
Буыңа теңгермедiң, сiрә, бiздi.
Бетiңе күйе жағып, ел кездiрiп,
Жүзiқара шерменде қылсам сiздi.
У бергендей не қылды Қасым саған,
Не мүшкiл қылып едi, айтшы маған.
Көп азапты екеуiң көрсетiпсiң,
Қызыңды бұйрық қылды Құдай оған.
Хан айтты: – Бұйрығыңды бұзғаным жоқ,
Орнымды бермек едiм, дүние боқ.
Абулфатах азғырды шайтан болып,
Бұ сөзiм сiзге күмән, Құдайға анық.
Өлтiрмек боп у бердi уәзiр оған,
Өлтiрем деп серт қылды, тақсыр, маған.
«Iсi аққа Құдай жақ» дегендейiн,
Қызымды алып келiптi Қасым саған.
Неше жылдай хан болып, ойнап күлдiм,
Өлерiмдi, ей, тақсыр, ендi бiлдiм.
Уәзiрдiң тiлiменен жолдан шығып,
Бұ күнi алдыңа кеп пенде болдым.
Патша айтты: – Терiңдi тiлдiрейiн,
Иегiңнен iстiкке iлдiрейiн.
Өзiмнен кейiнгiге болсын сәнат,
Өзiмнiң патшалығым бiлдiрейiн.
Бұйырған соң жалладтар ұстап алды,
Аяқ-қолын екiсiн байлап салды.
Екеуiнiң қылғанын жұрт естiп,
Естiген жұрт һәммасы қайран қалды.
Қасым айтты: – Жаһанға халифасың,
Мен тiледiм, бұлардың кеш күнәсiн.
Абулфатахты өлтiрсең кегiм бiтер,
Атам болған уәлидi не қыласың.
Мен тiледiм, ей, тақсыр, атамды бер,
Ол өлгенмен һеш тоймас бұл қара жер.
Уәзiрдiң тiлiменен азған екен,
Өз көңлiммен ол атам қылмадым дер.
Патша айтты: – Бұл ханның байлауын шеш,
Мұнан былай харамдық қылмасын һеш.
Қызын алып Қасымның кегi бiттi,
Уәзiрдi дарға асып, басыны кес.
Тәубе қылсын, кешейiн күнәсiн мен,
Тiлiмдi алса нанайын о басынан.
Уәзiрдi дарға асып кескiлеңiз,
Басын жүдә қылыңыз денесiнен.
Сонда хан халифаға қылды құлдық:
– Ей, тақсыр, қадiрiңдi жаңа бiлдiк,
Қасымға құл қылыңыз, тақсыр шаһым,
Не бұйырсаң iсiңе разы болдық.
– Қасым болсын Басыраға бiр үлкен хан,
Тыңдап тұр бұл сөзiмдi, жиылған жан.
Олай-бұлай Қасымға қас қылғаның,
Тұқымыңмен құрырсың, сөзге илан.
Уәзiрдi шапқылатып дарға асты,
Дұшпаны өлiп Қасымның көңiлi тасты.
Уәзiрдi шапқылатып өлтiрген соң,
Қорыққаннан уәлидiң түсi қашты.
Халифа айтты: – Қасымжан, рахат жеттi,
Рахат жетiп, басыңнан мехнат кеттi.
Ханың байғұс өзiңе ата болды,
Атаңды уәзiр қылып тұрсаң, – дептi.
Ол Қасымға атасы уәзiр болды,
Баяғы ауыр дәулет қайта қонды.
Басыраға уәли болды Қасым,
Дұшпанынан кек алып, көңiлi толды.
Жаннан қорқып басында елден қашты,
Жаяу жүрiп зар жылап қарны ашты.
Дүрдана мен хан қызын қабат алып,
Бақ-дәулеттiң Құдайым есiк ашты.
Мехнаттан құтылып, рахат тапты,
Халифа күтiп тұрды жаман қатты.
Он түйеге һәр түрлi қазына артып,
Қасымға мiнгiзiптi арғымақты.
Амандасып ол Қасым жүрiп кеттi,
Он күнде Басыраға барып жеттi.
Үш күн бұрын елiне хабар берiп,
«Алдымнан тамам жұртым шықсын», – дептi.
Алдынан жұрты шықты атты-жаяу,
Хан атасы уәзiр боп келдi таяу.
Екi жағында келедi екi жұфұты,
Көңiлiнде жоқ Қасымның бiттей қаяу.
Жұртыменен ол Қасым амандасты,
Шаттандырды бай-пақыр, кәрi-жасты.
Бастан кешкен сөйледi бар көргенiн,
Аяғында барша жұрт көп жыласты.
Ол Қасым Басыраның ханы болды,
Дәулетке бақытпенен бiрдей толды.
Пендеге Құдай берсе қиын емес,
Хан атасы өзiне уәзiр болды.
Ажалсыз адам һәр кез өлмейдi екен,
Ажалсызды Құдайым қорғайды екен.
Тура ажал келмесе тағдыр жетiп,
Кiсi өлтiрем десе де, болмайды екен.
Ол Қасым хан болыпты көп жыл әдiл,
Таһир мұның перзентi, мұны да бiл.
Сол орнына ер Таһир ие болды,
Олардың рухына бiр дұға қыл.
Қасым хан боп биледi тамам елдi,
Баяғы қырық қарақшыны алып келдi.
Қырқына ат мiнгiзiп, шапан жауып,
Ол қырқын жақсы сыйлап қоя бердi.
Ақыры бұ дүниеден олар да өттi,
Бiр-бiрлеп кейiнгiге нәубет жеттi.
Арасында көп жұмыс қабат болып,
Шүкiр Алла, бұ Қасым ендi бiттi.
Маған бердi Ахметкәрiм екi кiтап,
Бұларды берiңiз деп өлең жасап.
Өзi күйсiз, нәсiр сөз өлең қылсаң,
Қазанға жiберем деп поштаға сап.
Онан соң өлең қылдым бұ қиссасын,
«Хикаят Сәлiмжан» мен «Әбiлқасым».
Дiнiн раушан, көңiлiн тауфиқты ғып,
Құдайым мұсылманды жарылқасын.
Құлақ сал бұ сөзiме, дiн мұсылман,
Дұға қыл Құдай үшiн, оқыған жан.
Өзi күйсiз кiтаптан өлең қылдым,
Аяғы осылайша болды тамам.
Жарандар, айып қылма қата болса,
Әйтеуiр тамам болды не де болса.
Қатасыз бiр Алладан басқа жан жоқ,
Рахмет айтқыл сөзiме көңлiң толса.
Ахметкәрiм ол өзi жақсы ноғай,
Өлең деген бiздерге тiптi оңай.
Неше қисса шығардық өлең қылып,
Көңлiме илһам берген соң Жаппар Құдай.
Өзiм өлсем, артымда сөзiм қалсын,
Тыңдаған жан құлағы құрышы қансын.
Құдай-а, кеш күнәһiм фазылың бiрлән,
Құлыңа ата-анадан мейiрбансың.
Жарандар, құлағың сал мына кепке,
Сөзiмде қата болса айып етпе.
Бiз пақырға, жарандар, дұға қылғыл,
Шайхыслам ұғылы Жүсiпбекке.