Қазақша
Хикаят Сәлімжан
Жазайын қалам алып қисса сөздi,
Жазған жан ғарiптiктен жаһан кездi.
Жазайын қисса қылып Сәлiмжанды,
Құдайым есен қылса ендi бiздi.
Өлеңге жазып едiм талай iстi,
Нәсiр сөз қисса екен, көзiм түстi.
Сәлiмжанның қиссасын оқып едiм,
Әнi жоқ құр сөз екен, iшiм пысты.
Табылар өлең деген қалам алсаң,
Қисса сөз шырын болар өлең қылсам.
Өлеңге аударайын Сәлiмжанды,
Жамағат, бiр азырақ құлақ салсаң.
Назым қылып жiберейiн жұртқа жайып,
Адамға үлкен дұшпан жаман зайып.
Бұзылған әйелдерге ғибрат болсын,
Жарандар, бұ сөзiме қылма айып.
Өлеңде бисмилла айтпақ бұйрық жоқ,
Сөзiмдi жұрт тыңдаса, көңiлiм тоқ.
Жүсiпбек сөз бастасын Сәлiмжаннан,
Тыңдап тұр құлақ салып, жамағат көп.
Жарандар, бұ сөзiме құлақ салғын,
Ескi сөз өлең қылып хатқа салдым.
Бұзық қатын iстерi қандай екен,
Бұ сөздi естiген жан, ғибрат алғын.
Бiздерге үлгi болған өткен ерлер,
Тыңдағын құлақ салып, әй, жарандар.
Сүлеймен атты бiр бай болған екен,
Қайратты екен шаһарда бек саудагер.
Сүлейменнiң малының қисабы жоқ,
Бек данышпан кiсi едi ақылы көп.
Жомарттығы өзiнiң асқан екен,
Ғарiбi мен қасiрге рақымды бек.
Сөйлескен жан қасынан кетер емес,
Ол шаһарда онан бай өтер емес.
Әгар мақтап байлығын айтар болсам,
Жалаң үйi бiр күнге бiтер емес.
Бар екен Сүлейменнiң үш жүз құлы,
Өзiнiң Құда берген көп-тi пұлы.
Өзi көргелi пенденiң көңiлiн жықпас,
Сүлейменнiң бар едi жалғыз ұғылы.
Сәлiмжан аты екен ол баланың,
Қызығын көп көрмедi ата-ананың.
Сүлейменнiң байлығы жаннан асқан,
Iшiне сарай салған он қаланың.
Дәулетi шаһарынан артық болды,
Сүлеймен мал мен басқа көңiлi толды.
Қыз айттырмақ болды да баласына,
Сүлеймен аралады тамам елдi.
Өзiндей бiр байға кеп құда түстi,
Қалың малға мың тiлла пұл берiстi.
Ежеғабыл қылған соң құда түсiп,
Сәлiмжанды күйеу қып жiберiстi.
Сәлiмжан қайынында төрт күн жатты,
Атасының қаһары тым-ақ қатты.
Тамаша, ойындары бiткеннен соң,
Сәлiмжан бесiншi күн үйiне қайтты.
Сүлеймен дәулетi асқан қаласынан,
Iстiң түбiн ойлап жүр данасынан.
– Аман ба, алған қызың жаман ба? – деп,
Сүлеймен жауап сұрды баласынан.
Шын айтпаса атасы болар емес,
– Әй, балам, менiң сөзiм жақсы келмес.
– Несiне жасырайын, әй, жан ата,
Ол қызы қатын екен, аман емес.
– О қызды таста ендi, балам, – дедi,
Көңiлiмнен кетсiн менiм сәнам, – дедi.
Әй, балам, менiң сөзiм мақұл көрсең,
Талақ хат қазiр жазып салам, – дедi.
Әй, балам, ол бәледен құтыл, – дедi,
Зарарын көрмей тұрып күтiн, – дедi.
Жақсы қыз тағы тауып әперемiн,
Мың тiлладан мен кештiм бүтiн, – дедi.
Сәлiмжан «жарар» дедi мақұл көрiп,
Талақ хатын жiбердi жазып берiп.
Сәлiмжанды тағы да қайындатты,
Таңдап жүрiп бiр сұлу қыз айттырып.
Мың тiлла қалың малға бердi тағы,
Жаһанда Сүлейменнiң артық бағы.
Қыз қойнына жiбердi Сәлiмжанды,
Той, тамаша iстерiн қылды дағы.
Сәлiмжан жатты қызбен төрт күн ұдай,
Дәулеттi берген кәмiл Жаппар Құдай.
Сәлiмжан үйге қайтып келгеннен соң,
Атасы жауап сұрды бұрынғыдай:
– Әй, балам, құп тыңлағын менiң сөзiм,
Сүйер қозым, жалғызым сенiң өзiң.
Сұрайын деп мен келдiм сiзден жауап,
Айтып бер оңашада ашып көзiм.
Әй, балам, алған жарың аман ба екен,
Малым кетiп далаға жаман ба екен?
Жақсы, жаман болса да жасырмай айт,
Малымыз халал болар заман ба екен?
– Бұ қыз да жаман екен, аман емес,
Әй, ата, мен айтайын сiзге кеңес.
Атасы не сұраса айтып берер,
Сәлiмжан һеш нәрседен уайым жемес.
– Жаман болса мұны да таста, балам,
Атаң айтқан сөзiнен аспа, балам.
Екi мың тiллам бекер кетпекшi екен,
Қыз тауып әперемiн, саспа, балам.
Ата сөзiн Сәлiмжан мақұл көрдi,
Сәлiмжанды ол қызға жiбермедi.
Атасының жауабын екi қылмай,
Сәлiмжан халұғ хатын жазып бердi.
Екi мың тiлла бекер кеттi дейдi,
Сүлеймен айтқан сертке жеттi дейдi.
Қыз тауып баласына әперем деп,
Сүлеймен ел қыдырып кеттi дейдi.
Сырын айтпай көп елдi аралапты,
Аман қызды һеш жерден таба алмапты.
Бiр байдың сұлу қызын көрдi дағы,
Осы қыз аман ғой деп шамалапты.
Не қылса Құдай қылар һәрбiр iстi,
Сүлейменнiң қыздардан аузы пiстi.
Не болса да әйтеуiр тәуекел деп,
Мың тiлла қаражат қып құда түстi.
Қызға тағы жiбердi Сәлiмжанды,
Қыз қойнында үш-төрт күн қонып қалды.
Сәлiмжан үйге қайтып барғаннан соң,
Оңаша үйге атасын шақырып алды.
Бай қылды Сүлеймендi бар Құдайым,
Iсiнiң түбiн ойлап жүр қылып уайым.
– Аман ба, – деп, – шырағым, жаман ба? – деп,
Сүлеймен сұрды ұғылынан қыздың жайын.
– Әй, ата, бұ қыз тағы емес аман,
Сұраған сөздiң шынын айтсам тамам.
– Олай болса мұны да таста, – дедi,
Он қызғаша келедi менiң шамам.
Атасы айтты: – Мұны да алма, балам,
Залымды алып бәлеге қалма, балам.
Елден тауып жақсы қыз әперермiн,
Малымды аман қылса Алла Тағалам.
Сәлiмжан тыңлап отыр мына сөздi,
Iшiнде қимай отыр осы қызды.
– Әй, ата, бұ қызды мен тастамаймын,
Бiр iске бастаған-ды Құдай бiздi.
Әй, ата, бiр тәуекел қылалық бiз,
Осымен не де болса тұралық бiз.
Құда нәсiп қылмаса пәк қыз маған,
Ендi басты қай жаққа ұралық бiз.
Құданың бергенiне разыман,
«Таста» деген сөзiңе наразыман.
Ендi мұны «таста» деп қинамаңыз,
Сөзiмнiң тұрған жерiн айттым саған.
Амалсыз атасы да разы болды,
Ол қызды үйлерiне алып келдi.
Үйiне алып келген соң ол келiнi
Ата-анаға бек жақсы қызмет қылды.
Келiннiң бек әдептi болды өзi,
Сүйiктi болды жұртқа һәр мiнезi.
Сүлеймен бұ келiндi бек ұнатты,
Жiбектей талдап қойған айтқан сөзi.
Сүлеймен бұ келiнге разы болды,
Тағдыр жетiп өзiнiң қатыны өлдi.
Сүлейменнiң өзi де қатты ауырып,
Хәлден кетiп бiр күнi өлмек болды.
Кеселi Сүлейменнiң қатты болды,
«Өлемiн» деп, жанынан қорқыныш қылды.
«Өсиеттерiм қалдырып кетемiн», – деп,
Шақырып ол келiндi қасына алды:
– Әй, келiнiм, бiздерге жеттi ажал,
Өсиет сөз айтамын құп ұғып ал.
Ол баламның ақылы аз ғана едi,
Сiздер менiң сөзiме құлағың сал.
Бар едi маңдайымда жалғыз ұғылым,
Қисапсыз Құда берген көп-тi пұлым.
Ақылым ұғылыма айтсам ұқпас деймiн,
Сөзiмдi махкам тыңдап тұр, келiнiм.
Өзiңе белгiлi үлкен бақшамыз бар,
Сарай толған бақшада ақшамыз бар.
Жүз жыл ауқат болады өздерiңе,
Сол сарайдың есiгiн тапсаңыздар.
Мынау балам малына еге болмас,
Кедей болсам өлем деп ойына алмас.
Сәлiмжанға көрсетпей өзiң баққыл,
Жүз жыл жатып жесең де ада болмас.
Бақшаның күншығыс жақ пұшпағында,
Жалғыз тас белгiсi бар қақпағында.
Осы күнде бар дағы белгiлеп кел,
Мына кiлтiнi қолыңа ұстағын да.
Ұғылым бiлсе, ойлаймын сарып қылұр деп,
Көрiнген адамдарды қарық қылұр деп.
Ақылың кем болса да есiңiз бар,
Ойлаймын һәр нәрсенi парық қылұр деп.
Мұны айтып келiнiмен бақұлдасты,
Зар жылап, келiн көзден төктi жасты.
«Жалғыз ұғылым Құдайға тапсырдым», – деп,
Сүлеймен ахиретке қадам басты.
Сүлеймен тағдыр жетiп дүние салды,
Сәлiмжан атасы өлiп жетiм қалды.
«Атама разы Алла қыламын», – деп,
Сәлiмжан бес жүз молда жиып алды.
Көп малды молдаларға инғам қылды,
Жаназалап атасын дәпiн қылды.
Атасының зорынан жүрген байғұс,
Мәнсiз малға Сәлiмжан ие болды.
Сарып қыла бастады ендi малды,
Тамам ел Сәлiмжанның сырын алды.
Қисапсыз орынсыз қып мал шашқан соң,
Сәлiмжан «ақымақ мырза» деп атанды.
Өзiне дұрыс достар бек көбейдi,
Мазақтап һәркiм күнде пұл сұрайды.
Мейлi мың, мейлi бес жүз сұраса да,
Қажет деп сұрағанын қайырмайды.
Құдайым Сәлiмжанды әуере еттi,
Келген жан не керегiн алып кеттi.
Күнi-түнi арақ iшiп, құмар ойнап,
Атаның ауыр дәулет бәрi бiттi.
Сәлiмжан малы, пұлын тамам қылды,
Таппайды өзi тағы жалғыз пұлды.
Үйiн, түзiн һәммасын бiтiрген соң,
Барында қорасы мен бақша қалды.
Қалмады Сәлiмжанда жалғыз тиын,
Малымен бiрге кеттi жиған бұйым.
«Құмар ойнап, мырзалық қыламын», – деп,
Жалаңаш қалды таппай жалғыз киiм.
Сатарға пұлы түгiл, бұйым да жоқ,
Үстiне киетұғын киiм де жоқ.
Жағарға от, татарға дәм таба алмай,
Аш жатты үш күн, үш түн, дүние боқ.
Сәлiмжан айтты бiр күн қатынына:
– Бiр iс келiп тұр бүгiн ақылыма,
Бай күнiмде мың-мыңнан ақша берген
Барайыншы көңiлдес жақыныма.
Бұ сөздi айтып үйiнен шығып кеттi,
Мың теңге алған бiреуге барып жеттi.
Сәлiмжанды көрген соң анадайдан,
«Кесапаты келед» деп қашып кеттi.
Өзi бұрын мың-мыңнан ақша берген,
Пұл тiлеп һәрқайсының соңына ерген.
«Кесапатың тиер» деп өзiн ұрды,
Атасының дәулетiн көзi көрген:
«Атаңнан қалдың сансыз малыменен,
Қу сорлы үмiт қып жүрсiң ендi неден?
Жақын келме, Сәлiмжан, таяқ жерсiң,
Кесапатың тиедi, бездiк сенен».
Жалғыз тиын таба алмай қайтып кеттi,
Нәр татпастан арада үш күн өттi.
Қатын сонда айтады Сәлiмжанға:
– Ендi аштан өлетiн уақыт жеттi.
Бiзде барда көп бердiк сұрағанға,
Бiр тиын таба алмадық бұ заманда.
Фалақшы атты дүкеншi бiр мырза бар,
Бiр қайыр қылады сол барсаң анда.
Өзi Сираф баласы мырза, – дейдi,
Құдайың һәр iсiңе ырза, – дейдi.
Есiттiм, мүсәпiрдi ренжiтпейдi,
Жайыңды айт сонда барып, тұрма, – дейдi.
Жомарт жоқ деп есiтемiн онан өзге,
Жайыңды айтсаң, бiр нәрсе берер бiзге.
«Барайын» деп үйiнен шығып кеттi,
Сәлiмжан мақұл көрiп мына сөзге.
Сәлiмжан Сираф ұғылын iздеп тапты,
Қарыны ашып дәрменi кеткен қатты.
Ол Сирафтың ұғылына арыз қылып,
Сәлiмжан уақиғасын баян еттi.
Бес тiлла Сираф ұғлы бердi сонда,
Жүдеген Сәлiмжанды көрдi сонда.
Базардан тамақ алып ауқат қылып,
Таусылғанша ауқат қылып тұрды сонда.
Оны тауысып тағы үш күн аш отырды,
Қатыны тағы бiр күн iс бұйырды:
– Құр қайтарып жiбере қоймас деймiн,
Тағы Сираф ұғылына барғыл, – дейдi.
Ол Сирафтың ұғылына тағы барды,
Баян қылды Сәлiмжан арыз-халдi:
– Үш күннен берi ашпыз тағам татпай,
Бiр рақым қылыңыз, – деп айтып салды.
Он тiлла бердi тағы оған алып,
Ол бiткенше iшiп-жеп тұрды барып.
Және бес күн екеуi аш отырды,
Он тiлланы бiтiрiп тауысып алып.
– Фалақшыға тағы бар, – дейдi қатын,
Жалынсаң салар, – дейдi, – мархабатын.
Барсаң тағы бiр рақым қылар бiзге,
Жұрт мақтап артық дейдi мұрауатын.
Бұ сөзбенен Сәлiмжан шығып кеттi,
Сирафтың баласына барып жеттi.
– Бес күн болды һеш тағам татпадық бiз,
Және достық, шапағат қылғыл, – дептi.
Фалақшы және бердi қырық тiлланы,
Расхотқа ұстай бердi тағы оны.
Базардан тамақтарын келтiрген соң,
Сәлiмжанға айтады қатын тағы.
Қатын айтты: – Әй, мырза, тыңла сөзiм,
Бұ жомарт Сираф ұғылын көрдi көзiң.
Сираф ұғылы бiзге көп достық қылды,
Шақырып қонақ қылғыл оның өзiн.
Бiзге ол қылып жүр ғой көп достылық,
Болмайды һеш адамда ондай қылық.
Сәлiмжан шақыруға кеттi сонда,
Қатынының жауабын мақұл көрiп.
Сәлiмжан сөз сөйлейдi сонда барып:
– Әй, достым, құлағың сал, ашына қариб.
Зияпатқа шақыра келдiм сiздi,
Әй, жомарт, рақым еткiл мәртланып.
– Құп, мақұл, барам, – дедi, – күн батқан соң,
Кеш батып дүкенiмдi мен жапқан соң.
Сәлiмжан бек қуанып үйге қайтты,
Барамын үйiңiзге деп айтқан соң.
Қонаққа келдi досты кешке жақын,
Сәлiмжан қыла бердi зияпатын.
– Тағам алып кiргенге оңай болсын,
Есiктi ашып қой, – деп айтты қатын.
Сәлiмжан сонда есiгiн ашып қойды,
«Бұ қалай?» деп сонда бiр ойлайды ойды.
«Дастарқанды жай» дейдi, ас келтiрдi,
Сәлiмжан мейманымен асап, тойды.
Сол уақытта жемiс пiскен мезгiл екен,
Неше түрлi жемiстер түгел екен.
Сәлiмжанды шақырып қатын айтты:
– Жемiс берсең қонаққа болмас па екен.
Бақшаға бар қолыңа сауыт алып,
Жаңа пiскен жемiстер келгiл алып.
Жемiстерден достымыз татып кетсiн,
Дастарқанмен алдына қойғын салып.
Сәлiмжан қатын сөзiн мақұл көрдi,
Көңiлiне және ойлайды хайал ойды.
«Бiр хикая бар шығар қатында» деп,
Есiгiнiң аз жерiн ашып қойды.
Сәлiмжан ол жарықтан қарап тұрды,
Қатын Сираф ұғылына жетiп барды.
Барып қатын құшақтап Сираф ұғылын,
Бетiнен шарт еткiзiп сүйiп алды.
Мұны көрiп Сәлiмжан жүре бердi,
Сауытқа жемiстерден салып алды.
Һеш нәрсенi көрмеген адамдай боп,
Екi сауыт жемiстi алып келдi.
Сираф ұғылы қатынмен құшақтасты,
«Ойнармыз асап-iшiп, – дедi, – асты».
Тамақты жеп отырып қалтасынан
Екi сауыт арақты алды досты.
– Сәлiмжан, көп болды сiз iшпегелi,
Бұ нәрсе саған таңсық болды әлi.
Сыйлау қылып мен сiзге ап келдiм, – деп,
Стаканға толтырып құйды оны.
«Құп болар» деп Сәлiмжан тысқа шықты,
Сақтанып бұл арада хайла қыпты.
Алқымына бiр местi байлап алып,
Қасына мейманының қайтып кептi.
Сәлiмжанға мейманы бередi арақ,
Меске құйып бередi терiс қарап.
Сәлiмжан хайла қылды бiр ұрттамай,
Iштi деп бiлмей отыр ұғылы Сираф.
Екi сауыт арақты тамам қылды,
Сәлiмжан мас болғандай жығылды ендi.
Мисле өлген адамдай жатыр сұлап,
Қозғаса қатын келiп Сәлiмжанды.
Сираф ұғылы айтады: – Пұрсат болды,
Екi рүмке ақылсыз қылар едi.
Өлмей тiрi қалуы екi талай,
Екi сауыт һәммасын тамам қылды.
Бұ сөздi естiп қатын тұрды қарғып,
Мейманын құшақтайды жүгiрiп барып.
Бұл екеуi мәслихат қыла бердi,
Сәлiмжан тыңлап жатыр құлақ салып.
Қатын айтты: – Әй, жаным, мен сенiкi,
Тыңдасаң мақұл көрiп сен менiкi.
Бәкәрiмдi жас күнде сен алып ең,
Ендi саған тиемiн, алғын, – дедi.
Қазына да аласың, менi алсаң,
Бақшада көрсетейiн алып барсаң.
Шам жандырып бақшаға барды бұлар,
Сәлiмжан бiрге жүрдi, құлақ салсаң.
Олар барып бақшаға ене бердi,
Сәлiмжан да артынан ере бердi.
От өзiнде болған соң көрмедiлер,
Сәлiмжан не қылғанын көре бердi.
Қазына сарай есiгiн ашты қатын,
Сәлiмжан қасына кеп тұрды жақын.
Түбiне олар барғанда көзiн салса,
Алтын тас кеспек-кеспек толған алтын.
Алтын, күмiс, гауһар тас, зүмруд, жақұт,
Дүр, маржан, лағыл тас, меруерт, ақық.
Iшiнде ол екеуi аралап жүр,
Сәлiмжан есiгiнде көрдi бағып.
Сәлiмжан көрiп алып қайта жүрдi,
Белгiлеп жан-жағына қарап тұрды.
Олардан үйге қайтып бұрын келiп,
Баяғы орынына жата бердi.
Бұлар көрiп қазынаны үйге келдi,
Әңгiме қып көргенiн сөйлей келдi.
«Қайын атам кеткен, – деп, – маған берiп»,
Ол қатын Сирафовқа баян қылды.
– Ұғылына бiлгiзбеген атам мұны,
Есiгiн бағып жүрмiн күндiз-түнi.
Ұғылым көрсе, мұны да ада қылар,
Көрсетпей сен ерiңе сақта, – дедi.
Бұ күнгеше ерiме көрсетпедiм,
Сiздiң берген ақшамен жан сақтадым.
Әгар менi алсаңыз пұрсат тауып,
Қатын қылған төзiмдi бек ақтадың.
Әй, мырза, бiр мәслихат құралық бiз,
Осы малдың пайдасын көрелiк бiз.
Бiз екеумiз қосылып жұфұтланып,
Тiрiлiк мұратымды қылалық бiз.
Өлмей әгар осынан тұрса ерiм,
Саттырамын бұ тұрған қора, жерiм.
Өзiң ал бұ қораны жатқа бермей,
Сонан соң тiптен оңай айрыларым.
Бұ үйдi не де болса сiз алыңыз,
Үй-жай сiзге болсын бар малымыз.
Онан соң мен тұрмаймын оның бiрлән,
Ашылар сiздiң бiрлән мұратымыз.
Бұ сөздi мақұл көрдi Сираф ұғылы,
Қазынада көрген соң сансыз пұлды.
Ғишратқа қатынменен жатты кiрiп,
Сәлiмжан сабыр қылып бәрiн бiлдi.
Қатын мен жiгiт жатыр ойнап-күлiп,
Сәлiмжан жатыр тыңлап бәрiн бiлiп.
Күн шыққаш дүкенiне тұрып кеттi,
Сираф ұғылы мұратын хасыл қылып.
Сәлiмжан қозғалмастан жата бердi,
Жiгiттер, көрдiңдер ме мұндай ердi?!
Һеш нәрсе бiлмегендей жатып-жатып,
Намаздiгер алдында түрегелдi.
Сәлiмжан сипап отыр басы-көзiн:
«Көп ұйықтап қалыппын-ау, – дедi, – өзiм».
Қатын айтты алдына жетiп келiп:
– Мұнша неге былғадың өзiңдi-өзiң?
Қонақ қылдың басында адамдай боп,
Мұнша неге көп iштiң надандай боп.
Бiр күн, бiр түн мас болып, талып жатып,
Жаңа тұрдың сандалып қабандай боп.
Қонағың қатты өкпелеп кеттi саған,
Түк бiлмей өзiң талып жаттың һәман.
– Өкпелесе ол қонақ, барсын, – дедi,
Бiр жазармын өкпесiн болсам аман.
Түрегелiп Сәлiмжан кидi киiм,
Базардан тамақ iштi салып тиын.
Қатынмен бiрге тамақ iшпес болды,
Сақтық қылып Сәлiмжан мұнан кейiн.
Бiр күнi Сәлiмжанның қасына кеп,
Қатын сөйлей бастады әңгiме-кеп.
– Бiр насихат айтайын, ерiм, саған,
Ашуланбай сөзiмдi тыңласаң, – деп.
Сәлiмжан айтты: – Сөйле мәслихатың,
Кеңесте ашу бар ма, ақымақ қатын.
Мұны естiп айтады қатын сонда:
– Мiне, менiң айтатын мәслихатым:
Үйiмiздi саталық мың тiллаға,
Кiм болса да алады бұ бағаға.
Аш, мұқтаж болғанымыз жарамайды,
Жар салалық сатуға бұ қалаға.
Бiр қора тағы алармыз бес жүзiне,
Бiр дүкен тағы ашалық өзгесiне.
Нәпақаланып тұрармыз соныңменен,
Айт десеңiз, әпендiм, мiне әңгiме.
Сәлiмжан айтты: – Мұның мақұл кеңес,
Бұ сөздi ұнатпаған адам емес.
Шаһарға жар салайын харидарға,
Бұ iстi қандай кiсi мақұл демес.
Сәлiмжан һәр көшеге хабар қылды,
Бұ сөздi шаһар халқы бәрi бiлдi.
Пәлен күнi саудасы дегеннен соң,
Айтқан уағда күнiне жұрт жиылды.
Сираф ұғылы iшiнде о да келдi,
Харидарлар қораға баға қылды.
Жүз тiлладан жоғары өрлей айтып,
Тоғыз жүзге шықты да тоқтап тұрды.
Сираф ұғылы мың тiлла берiп салды,
Тiлла берiп қораны алып алды.
Сәлiмжан айтты Сираф баласына:
– Құп жақсы, менiң жұртым сiзге қалды.
Қорамды сiз алғаның жақсы болды,
Екi ай маған рұқсат бергiн ендi.
Екi айдан соң берейiн өзiңiзге,
Сонда келiп үйiңдi алғын, – дедi.
– Екi ай түгiл, бiр жыл тұр маған десең,
Өкпелеңiз, үйiмдi бергiн десем.
Достың үйi өзiме болсын дедiм,
Өзiңнiң ықтиярың қашан берсең.
Хат-қағаз қылып бердi ақшаны алып,
Тарасып кеттi үйiне барша халық.
Сираф ұғылы о дағы қайтып кеттi,
Сәлiмжанға бiрталай уақыт салып.
Үйiнде тұрды бұлар бiр аптадай,
Бiр күнi қатын ашу қып бұрақтады-ай.
Сәлiмжан жалынғансып қатынына:
– Не жаздым, не өкпең бар, айтшы, – дедi-ай.
Қатын айтты: – Ашуым көп-тi саған,
Ата малын бiтiрдiң бәрiн тамам.
Мың тiллаға қораны тағы саттың,
Бермедiң мың тiлладан бiрiн маған.
Қораны сатып, алдың мың тiлланы,
Бес күнде сап қыларсың тағы оны.
Бiр сағат та тұрмаймын сенiң бiрлән,
Айырып жiберiңiз ендi менi.
– Зорлап ұстап тұрмаймын кетем десең,
Басқа жерде мұратқа жетем десең.
Тiлеген жерiңе бар, рұқсат бердiм,
Кете бер бiр мың тiлла тауып берсең.
Кете бергiн, әй, қатын, бердiм рұқсат,
Менен кетiп жаныңыз тапсын рахат.
Қатын сонда оңаша үйге барып,
Сирафтың баласына жазады хат.
«Барған соң оқып көргiн жазған хатым,
Мен сiздiң болдым ендi жамағатың.
Мың тiлла тауып бер де, кете бер деп,
Бердi ерiм бүгiн маған миһлатын.
Сирафтың баласына ғиззатлымыз,
Мың тiлла берiп маған жiберiңiз.
Уағдасын берiп мұнан құтылайын,
Сарай толған қазынамен менi алыңыз».
Берген адам ол хатты елтiп бердi,
Ол хатты Сираф ұғылы оқып көрдi.
«Қатынға алып барып берiңiз» деп,
Сираф ұғылы мың тiлла санап бердi.
Тiлланы алып кеттi келген кiсi,
Бұлармен һеш адамның жоқ-ты iсi.
Қатын қолға тiлланы алған шақта,
Шақырды «мұнда кел» деп Сәлiмжанды.
Шақырып қасына алды Сәлiмжанды,
– Тiлеген мың тiллаңыз мiне, – дедi.
Тiлегiңдi мен бердiм, әй, Сәлiмжан,
Тез заман ендi менi айыр, – дедi.
Сәлiмжан мың тiлла қолына алды,
Имам молда алдына шақырып алды.
Халұғ хатын қолына жазып берiп,
Шығарып ол қатынды жiбердi ендi.
Сәлiмжан сонда үйiнде жалғыз қалды,
Жалғыз өзi отырып ой ойлады.
Атасы Сүлейменнiң қимас досты
Сахауадин есiмдi бай бар едi.
Бай едi Сахауадин дәулетi көп,
Соған жүрдi Сәлiмжан барайын деп.
Атамның жаннан артық досты едi,
Насихат сол кiсiден алайын деп.
Сәлiмжан бай үйiне барып түстi,
Сахауадин байменен құп көрiстi.
Мейманхана үйiне ертiп барып,
Жiбек кiлем үстiне отырысты.
Сахауадин бай айтты: – Достым ұғлы,
Бәрәк Алла, хош мұнда келдiң, – дедi.
Аман-есен айтысып отырған соң,
Сәлiмжанды бек күтiп сыйлайды ендi.
Сахауадин байменен тағам жедi,
Сәлiмжан сыр мәслихат сөйлей бердi.
Бастан-аяқ қалдырмай сырын айтып,
Жүз түйе жабылып бер деп тiлейдi ендi.
– Атамның ғазиз досты жаннан артық,
Сiздi мен iздеп келдiм ата тартып.
Жүз түйеге сыйғандай қазынам бар,
Мұнда көшiп келейiн сонымды артып.
Мұнда артып келейiн алтынымды,
Үйiм сатып, шығардым қатынымды.
Өз көңiлiме келгенiн мен сөйледiм,
Ендi сiз үйретiңiз ақылыңды.
Сахауадин бай мұны жарар дедi,
Сәлiмжан айтқан сөзiн мақұл көрдi.
– Жүз түйенi артыңнан жiберейiн,
Өзiң бұрын үйiңе барғын, – дедi.
Сәлiмжан сонда қайтып кеттi үйiне,
Атасына қисапсыз бiткен дүние.
Өзi келiп үйiне түспестен-ақ,
Қырық жiгiтпен келiптi бiр жүз түйе.
Бақшаға алып барды жүз түйесiн,
Балталап қазынаның бұзды есiгiн.
Алтын, күмiс, гауһар тас, жақұттарды,
Қырық жiгiт қабылдап алды қазынасын.
Қабылдады түйелерге артқандай қып,
Шамалады түйеге тартқандай қып.
Қазынада түк қоймай алып кеттi,
Құлатып түйе қора шапқандай қып.
Көшiп кеттi Сәлiмжан жұртын тастап,
Жүз түйе алтын, күмiс, асыл аспап.
Бұлар көшiп келген соң, Сахауадин,
Сарайға алып кiрдi көштi бастап.
Сарайға алып кiрдi алтын-күмiстерiн,
Бiтiрiп болды әбден жұмыстарын.
Сәлiмжанды бек сыйлап қызмет етiп,
Сахауадин бастады кеңестерiн.
Сахауадин айтады: – Жаным балам,
Сенде жоқ халал жұфұт, ата-анаң.
Менiң де ұғылым жоқ, жалғыз қыз бар,
Саған ата, маған ұғыл керек, балам.
Маған сiз бала болғын, Сәлiмжаным,
Достымның жалғыз ұғылы тәнде жаным.
Жалғыз қызымды ал дағы бала болғын,
Мен өлсем, сiздердiкi – жиған малым.
Сәлiмжан бұ жауапты мақұл көрдi,
Сөзiне атасының бек шат болды.
– Бәрәк Алла, разымын, жан ата, – деп,
Алдына Сәлiмжан кеп тағзым қылды.
Сәлiмжан: – Ата, разы болдым, – дедi,
Мен разы, Құда разы болсын, – дедi.
Сондан жаным шыққанша тiлеуқорың,
Дұғашыңмын, қызметкер құлың, – дедi.
Той қылды қырық күнгеше Сахауадин,
Қырық күндей тарқатпады шаһар халқын.
Некаһтап Гүлжауһарын Сәлiмжанға,
Бередi екеуiне барша малын.
Той тарқатып бай келдi Сәлiмжанға:
– Сiзден бай жоқ, ұғыл, қызым, бұ жаһанда,
Жатып iшiп, жатып же екеуiңiз,
Базарға шық, жалықсаң анда-манда.
Мен тiрлiкте сендердiң қызметкерiң,
Қасыңда Гүлжауһарың махбүб жарың.
Жүз жыл жатып жесең де ада болмас
Дәулетiң Құда берген, балаларым.
Сәлiмжан ата сөзiн жарар дедi,
Гүлжауһар жұфұтысымен ғишрат құрды.
Мұнан бұрын үш қызы қатын шығып,
Анық пәк халал қызды жаңа көрдi.
Сахауадин саудасын қыла бердi,
Сәлiмжанды саудаға жiбермедi.
Атасының көңiлiнде қиялы бұл,
Мал шашып бұрынғысын қылар дедi.
Сәлiмжан мұратына жетедi ендi,
Қызбенен ғейiш-ғишрат етедi ендi.
Құда берген нығметке қарық болып,
Бұл арада үш-төрт жыл өтедi ендi.
Қатынмен ендi айтайын Сираф ұғылын,
Қатын мен үйге бердi барлық пұлын.
Сәлiмжанның екеуi үйiне келiп,
Көредi қазынаның тұрған жерiн.
Сираф ұғылы сарайды келiп көрдi,
Қазына жоқ, көрдi құлап жатқан жердi.
Сираф ұғылы күйiнiп қапаланып,
Қатынды шашынан алып сабай бердi.
– Қайда, – дейдi, – екi мың тiллам менiң,
Көрсеткен қазынаң қайда маған сенiң?
Қатын дағы зар еңiреп шыңғырады,
«Кеттi-ау, – деп, – уа, дариға, шыбын жаным».
Таяққа қатын сонда ашынады,
Қатынның қаны судай шашылады.
Сақалынан берiк ұстап Сираф ұғылын,
Жабысып өрмекшiдей асылады.
– Мен ерiмнен айрылдым саған ерiп,
Мен разы боламын неңдi көрiп.
Бүйткенше бiржола өлейiн, – деп,
Тiстеп алып тастады ерiнiн жұлып.
Екеуi де боялды қызыл қанға,
Тамам жұрт мұны көрiп қалды таңға.
Момынға қастық қылған екi залым
Сол жерде күлкi болды барша жанға.
Жылайды ойран болып Сираф ұғылы,
Ерiнi жоқ, шығып тұрды тiс пен тiлi.
Құла түзге қаңғырып кеттi жылап,
Қазынаға исiнiп кеттi пұлы.
Екi мың тiлла едi құрап тұрған,
Азғырып сап қылды ғой Құдай ұрған.
Қатын тағы жылайды онан көрiп,
– Орнымнан қаңғырттың, – деп, – тыныш тұрған.
Харамзатқа ерiп болдым хараб,
Азғырып ойран қылды ұғылы Сираф.
Ерiмнен һәм малымнан айрылдым, – деп,
«Уа хусрата» деп қатын кеттi жылап.
Екеуi екi жақта жаһан кездi,
Соғысып бiр-бiрiнден бiрi бездi.
Бұлар хараб бұл жақта бола тұрсын,
Сәлiмжаннан сөйлейiн ендi сөздi.
Сәлiмжан мағишатта төрт жыл тұрды,
Махаббат жыры бiрлән дәурен сүрдi.
Iшi пысып жалығып шыдай алмай,
Қатынына бiр күнi бiр гәп ұрды.
– Мағшұғым, әй, қатыным, халал жұфұтым,
Бекер жүргенi жарай ма ер жiгiттiң.
Мен саудаға шығайын базаршымен,
Атаңнан жауап тiлеп арыз еткiн.
Iшiм пысып жалықтым шыдай алмай,
Жүргенiм елден ұят сауда қылмай.
Шын шаһарға баруға рұқсат берсiн,
Атаңнан тiле барып мойын бұрмай.
Гүлжауһар атасына жетiп келдi,
Күйеуiнiң арызын тiледi ендi.
Қызы келiп арыз қып тiлеген соң,
Атасы һәм бұ сөздi мақұл көрдi.
Сахауадин: – Құп болұр, барсын, – дедi,
Жол-жарағын тамамдап алсын, – дедi.
Керуендер шығар күнi таяу қалды,
Түйелерiн даярлап тұрсын, – дедi.
Керуендер жүгiн артып шықты бiр күн,
Керуенбасы байлармен тұрды бес күн.
Керуенбасын үйiне шақырып алып,
Бiр күнi мейман қылды Сахауадин.
Бай сонда керуенбасынан өтiндi ғұзыр:
– Күйеуiм алыс жолды көрмеген-дүр.
Жол рәсiмiн үйретiп саудасына,
Һәрқашан күйеуiме көз болып жүр.
Керуенмен мұны айтып уағдаласты,
Керуенмен Сәлiмжан жолға түстi.
Байлар келiп көштерiн қосып жатып,
Арасына бiрнеше күндер кештi.
Бұлар сонда неше күн жүрдi жолмен,
Бiр нәрсе жылтырайды жырақ жерден.
Ол нәрсе жылтыраған көрiнгенде,
Керуенбасы Сәлiмжанға жетiп келген.
Сәлiмжанға айтады керуенбасы:
– Жылтыраған нәрсеге сен қарашы,
Көрдiңiз [бе?] – деп едi, «көрдiм» дедi,
Бiр тұл кемпiр сарайы, – дедi, – осы.
Жалғыз тұрған жапанға сарай салып,
Жанында жоқ өзiнен басқа халық.
Үйiне барып қонған адамдарды
Жiбередi малын, жанын жиып алып.
Өзi сұм, мекер қаршық жаннан асқан,
Мекерлеп талай жанның малын басқан.
Елдi жеп, өзi әбден бай болған соң,
Үйiнiң бәрi гауһар мен асыл тастан.
Елтiмеслер етедi жақын барсаң,
Әбден құрып шығасыз қонып қалсаң.
«Бiр күнше қонып кет» деп шақырады,
Әсiлi бiр бұрылмаңыз, тiлiмдi алсаң.
Мұны айтып керуенбасы жүрiп кеттi,
Керуендер ол сарайға жақын жеттi.
Керуеннiң һәрқайсына кемпiр келiп,
«Бiр күнше қонып кет» деп ғұзыр еттi.
Керуеннiң қарамайды һешбiрiсi,
Жалынса да кемпiрдiң болмады iсi.
Өзге керуен баршасы өткеннен соң,
Сәлiмжанның көшi екен кейiнгiсi.
Сәлiмжан келдi көшпен бiрге жүрiп,
Кемпiр келiп жалынды оны көрiп.
Шыр айналып жалынып қон деген соң,
Сәлiмжан қонбақ болды рақымы келiп.
Кемпiрге қонбақ болып көшiн бұрды,
Сәлiмжанда жүз түйе мал бар едi.
Жолдасынан бұрылып қонбақ болып,
Кемпiрдiң қорасына келiп кiрдi.
Кемпiр келiп қораға кигiз жайды,
Жүк үйетiн жерлерiн тазалайды.
Жүгiн шешiп болған соң, самауырмен
Алдына алып келiп қойды шайды.
Кигiзге шөгередi түйелерiн,
Қатты жер ауыр тартып тiзелерiн.
«Байбатшаның жiгiттерiн сыйлап тұр» деп,
Өз алдына қояды қызметкерiн.
Сәлiмжанды сарайға алып кiрдi,
Алдына түрлi алуан ас келтiрдi.
Жалғыз өзiн бiр жерде зияпаттап,
Бек жақсы қызмет етiп күтiп тұрды.
Ұйқыға жатпақ болды тағамды жеп,
Кемпiр келiп сөйлейдi әңгiме-кеп:
– Сiз соны көремiсiз, әй, байбатша,
Менiң бек бiр ғажайып мiшiм бар, – деп.
Әй, байбатша, менiң бiр мысығым бар,
Бек тамаша мысықтың өнерi бар.
Таң атқанша қолынан тастамайды,
Шам жандырып қолына берсең әгар.
Сәлiмжан айтты: – Жалған айтпа мұнша,
Мысық қайтiп шам ұстар таң атқанша?
– Нанбасаң бәс қылайық осы сөзге,
Мысық шамды ұстаса, әй, байбатша.
Ерегiсiп екеуi бәйгi тiктi,
Кемпiр барып мысығын алып кептi.
Жүз түйеден жүгiмен бәйгi қылып,
Мысыққа отырғызып шам берiптi.
Сәлiмжанға түнiмен ермек болды,
Ол мысықтың өнерiн көрмек болды.
Мысық шамды ұстаса таң атқанша,
Жүз түйесiн жүгiмен бермек болды.
Мысыққа отырғызды шам ұстатып,
Өздерi ұйықтамаққа қалды жатып.
Мысық шамды қозғалмай ұстап отыр,
Дүние жарық болғанша, таңлар атып.
Сәлiмжан бұ хикметке таңға қалды,
Ұстамаса жүз түйе жүк алмақ едi.
Өзi уағда қылған соң, амалы не,
Сәлiмжан сорлы болып кетедi ендi.
Амалсыз ол Сәлiмжан шықты тысқа,
Бұза алмай уағдасын кеттi босқа.
Бар малынан айрылып жұрдай болып,
Қосылды қуып барып көп жолдасқа.
«Менiң айтқан тiлiмдi алмадың» деп,
Керуендер көп сөктiлер ортаға алып.
«Менiң айтқан тiлiмдi алмадың» деп,
Керуенбасы ақырды айқай салып.
Амалы не, мұны да Құдай қылды,
Тамақ берiп һәрқайсы алып жүрдi.
Бiрнеше күн арада сапар қылып,
Керуендер бiр шаһарға барып кiрдi.
Керуендер алып барған малын сатты,
Сәлiмжанды сөгедi бәрi қатты.
Ол шаһардан алатын малын алып,
Бiр күнi керуендер елге қайтты.
Керуендер елдерiне жүрмек болды,
Жүргiн деп Сәлiмжанға бәрi келдi.
Сәлiмжан ел-жұртынан ұялғаннан,
Сол шаһарда елiне бармай қалды.
Әлқисса, Сәлiмжан қайын атасы, һәм анасы, һәм жұфұты Гүл жауһарға «Әлхүкму – хүкму Алла» деп өтiнiп, сәлем жазып жiберген хатының жауабы:
Азаматтар, жарандар,
Мен бiр жауап айтайын,
Құлақ салып қараңдар.
Сахауадин қайын атам,
Гүлжауһар жұфұтыма
Хатымды алып барыңдар.
Қайын атама сәлем де,
Бәлант дәулет иесi.
Жұртына әли, һимматлы,
Дерттерiмнiң дауасы,
Болды бiзге бұ күнi
Ақылының киесi.
Һәм мейiрбан, шапағатты
Қайын енеме сәлем де.
Бiз ғарiптiң көп болды
Сiздерге қылған күнәсi,
Сабыр қылып һәр iске,
Болар ма Тәңiрiм панасы,
Жеткiзер бiздi де бейiшке,
Пiрлердiң болып дұғасы.
Гүлжауһарға сәлем де,
Дауасы дерттi бағырымның.
Сондай болмас жұфұтысы,
Халалзаты һәркiмнiң.
Бiле алмай қалдым арманда,
Мекерi болды кемпiрдiң,
Көруге жүзiн ұялдым
Ағайын, жұрт, халқымның.
Сабыр қылып тұралық,
Рахман Алла жарылқап,
Қайырын бергей артының.
Мейiр, шапағатты атам-анам,
Мен перзентiң, сiз панам.
Қаталық қылған iсiме
Көңiлiмде қайғы, көп сәнам.
Алыс жерде жүрсем де,
Сiздерден қатты ұялып,
Ақылымды күнде ұштанам.
Мендей рәсуа болмас-ты
Бұ дүниеде һеш адам.
Қарап тұрсам, дүние-ай,
Һешбiр жанда жоқ екен,
Менiң бұл болған мүпталам.
Бағырымның сыздар жарасы,
Бiтер күнi бар ма екен
Iшiмде дертiм жарасы.
Иншалла, жеткiзер,
Сабырлық қылғыл, ата-анам,
Он сегiз мың ғаламның
Жаратқан әдiл патшасы.
Ғарық болып жүзсек жарай-дүр
Сабырлықтың дариясы.
Сiздерге арыз өтiндiм,
Атам-анам менен халалым.
Тiрлiгiмде тиген жоқ
Һеш пендеге залалым.
Һешкiмге сырың паш қылма,
Сiздерден менiң тiлегiм.
Хақ ниетiмен құр қалдым,
Ажуз кемпiр бармас ем,
Әуелде бiлсем аларын.
Тәуекел қылсақ өзiне,
Нәсiп қылар қайтадан
Иләһи Зұлжалатым.
Керуендер амандасып жүрiп кеттi,
Неше күнде һиратқа барып жеттi.
Сахауадин байға кеп керуенбасы
Сәлiмжанның жiберген хатын елiттi.
Өзi жоқ, хатын керуен алып келдi,
Ата-анасы, жұфұтысы оқып бiлдi.
Құданың тағдырына разы болып,
Ата-анасы, жұфұтысы сабыр қылды.
Тапсырды керуенбасы аманатын,
Оқыды сол мазмұнда жазған хатын.
Гүлжауһар iшiнен қайғырады,
Ғарiптiк көредi деп ғаламатын.
Өзi жоқ, Сәлiмжанның хаты барды,
Ата-анасы айтқанын қабыл алды.
Ата-ана, ел-жұртынан ұялғаннан,
Сәлiмжан өзi жалғыз мұнда қалды.
Керуеннен қалып базарды аралайды,
Жылайды көрiп тұрып һәр сарайды.
Ендi бiр байға қызмет қылайын деп,
Отырып бiр көшеде ой ойлайды.
Һәр байларға сөйлестi қызмет үшiн,
Һешкiм алмай қыдырды шаһар iшiн.
Бiр аспазға кiрiстi қызметкер боп,
Ас пiсiрiп қызметiн қылмақ үшiн.
Сәлiмжан бiр аспазға қызмет еттi,
Гүлжауһардан сөйлеймiн ендi кептi.
Һешкiмге кесiрлiгiн паш қылмастан,
Бұ уақиғадан соң арада бiр жыл өттi.
Екiншi жыл және керуен шықпақ болды,
Гүлжауһар Сахауадин байға келдi.
«Мархабатты, шапағатты, әй, ата», – деп,
Алдына қол қусырып, арыз қылды.
Бай айтты: – Көзiм нұры, жүрек, бағырым,
Бар едi айтатұғын не арызың?
Тiрлiгiмде тiлiңдi қайырмаймын,
Не тiлесең, тiлегiң қабыл қылдым.
– Әй, ата, арызымды тыңласаң құп,
Қолыма мал берiңiз жүз түйе жүк.
Бiр жылдай қапа болдық сыр шығармай,
Шер тарқатып келейiн базар шығып.
Бiр жылдай қам-ғасада тұрдық жылай,
Жүз түйе мал, әй, ата, келдiм сұрай.
Ер киiмiн киiнiп барып келсем,
Мұратымға жеткiзгей Жаппар Құдай.
Жақсының атқан оғы тастан қайтпас,
Гүлжауһар ақылы зерек, сырын айтпас.
Көңiл сыры күйеуiн ап келмекте,
Мұнан өзге iшiнде нәрсе ойламас.
Атасы Сахауадин: – Мақұл, – дедi,
Балам, бұ айтқаның ақыл, – дедi.
Несiп болса, күйеуiңдi алып келгiл,
Бiр жұртта болып жүр ғой сәйiл, – дедi.
Жүгiн артып тiркедi түйелерiн,
Гүлжауһар кидi еркек киiмдерiн.
Гүлжауһар бiр Аллаға тәуекел деп,
Түйенiң күтiп тұрды иелерiн.
Бiр күнi байбатшалар бәрi жүрдi,
Гүлжауһар арасына о да кiрдi.
Бiр Аллаға тапсырып ата-анасы,
«Қош болғыл» деп артына қарап тұрды.
Байлар келiп артынан жеттi көшке,
Қылғаны ойын-сауық ерте-кеште.
Керуенбасы келедi Гүлжауһарға
Мекер кемпiр сарайы көрiнгеште.
– Байбатша, сiздi бұрын көргенiм жоқ,
Бұ жолдың сiз мәнiсiн бiлгенiң жоқ.
Бiр тұл қаршық сарайы анау тұрған,
Жақын барсаң, күйдiрер қып-қызыл шоқ.
Бұ кемпiр хараб қылған талай жанды,
Жап-жалаңаш жiберген көп адамды.
Жүз түйесiн жүгiмен алып қалған
Сахауадин күйеуi Сәлiмжанды.
Байбатша, ол кемпiрге бара көрме,
Барамын деп бәлеге қала көрме.
Тiлiмдi алмай айрылсаң малдарыңнан,
Өз обалың өзiңе, менен көрме.
Гүлжауһар мына сөздi ұғып алды,
Кемпiрдiң осы екенiн бiлiп алды.
Баяғы кемпiр келiп керуендерге,
«Қонып кет» деп айналып көп жалынды.
Керуендер тыңламастан жүрiп кеттi,
Гүлжауһар да кемпiрге келiп жеттi.
Кемпiр келiп «үйiме қон» деген соң,
Гүлжауһар қорасына кiрiп кеттi.
Гүлжауһарға қу кемпiр болды бәйек,
Түйесiн шөгередi кигiз жайып.
Малайларын кiргiздi бiр сарайға,
Дастарқанмен алдына тағам қойып.
Гүлжауһарды бiр үйге алып кiрдi,
Алдына кәпiр кемпiр зыр жүгiрдi.
Алуан-алуан нығметтер зияпаттап,
Гүлжауһарды бек жақсы күтiп тұрды.
Гүлжауһарды бек жақсы құрмет еттi,
Тағамнан соң жататын уақты жеттi.
Кемпiр айтты: – Байбатша, бiр мысығым бар,
Бек өнерлi сiз соны көрсең, – дептi.
Қолына ұстатсаңыз жандырып шам,
Сiрә, бiр тастамайды атқанша таң.
Гүлжауһар айтты: – Жалған сөйлемеңiз,
Ондай iс қыла алмайды тiлсiз хайуан.
Кемпiр айтты: – Осыған бәс қылайық,
Отыра ма, мысықты бiз сыналық.
Мақұл десең, байбатша, осы сөздi,
Жүз түйе жүгiменен бiз салалық.
Жүз түйенi сен де сал жүгiменен,
Ұстамаса, жүз түйе жүк алғын менен.
Таң атқанша тастамай ұстап тұрса,
Жүз түйенi жүгiмен алдым сенен.
Осы сөзге кемпiрмен уағда еттi,
Мысыққа шам ұстатып отыртты.
Бiр тамаша осыған қылайын деп,
Гүлжауһар өзi тысқа шығып кеттi.
Гүлжауһар тысқа шығып жүкке келдi,
Бiр тышқаны бар едi асыранды.
Темiр қапас iшiнде салулы едi,
Етегiмен жасырып алып келдi.
Бiлгiзбестен отырды төрге барып,
Мысық отыр қолына шамын алып.
Мысығына бұрыннан сенiмдi,
Кемпiр кеттi келем деп үйге барып.
Кемпiр сонда үйiне шығып кеттi,
Тышқанды олай-былай жылмаңдатты.
Қапастағы тышқанды көргеннен соң,
Мысықтың көзi от боп есi кеттi.
Қапастағы тышқанды мысық көрдi
Тышқанды көрiп мысық жүгiрдi ендi.
Бiр тесiктi көрсетiп Гүлжауһары,
Тышқанды шығарды да қоя бердi.
Тышқан қашты қапастан қарғып түсiп,
Тышқанды алып жемекке қуды мысық.
Тышқанды ұстаймын деп қуғанында,
Шамы қалды қолынан жерге түсiп.
Мысық қуды тышқанды есi кетiп,
Қашты тышқан тесiкке кiрiп кетiп.
Шамыменен мысықтың бiр iсi жоқ,
Мысық отыр тесiктiң аузын күтiп.
Гүлжауһар шақырады кемпiрдi ендi,
Шақырған соң қу кемпiр жетiп келдi.
Мысық отыр жайына, шамы жерде,
Мұны кемпiр келген соң көредi ендi.
– Әй, кемпiр, мысық қайда, шамың қайда?
Қарашы, шамың жерде жатыр жайға.
Кемпiр сонда қайран боп қарап тұрды,
Қылғанын бiле алмады нешiк хайла.
– Амал не, өзiм ұтсам жақсы көрем,
Ұсталған соң уағдамды мен де берем.
Кемпiр сонда iшiнен деп ойлайды,
Бұрынғы ұтқандарым болды керiм.
Гүлжауһар айтты: – Келтiр уағдаңды,
Кемпiр сонда шақырды қызметкердi.
Даладан жүз түйенi айдап келiп,
Жiгiттерге ол кемпiр әмiр қылды.
Жүз түйесiн даладан айдап келдi,
Гүлжауһарға: – Санаңыз қанша? – дедi.
Гүлжауһардың айтқанына жеткiзе алмай,
Қазынасында бiр тиын қалмайды ендi.
Жетпiс түйе жүк болды барлық малы,
Отыз түйе бос қалды жетпей бұлы.
Бағалап бұйымдарын тағы салып,
Жалғыз-ақ құр сомпайып үйi қалды.
Он түйеге жетпедi сонда дағы,
Гүлжауһарға Құданың берген бағы.
Он түйеге жүк жетпей тұрғаннан соң,
Ойы алтын алмаққа келдi тағы.
Гүлжауһар айтты: – Үйiңдi бұзба бекер,
Тоқсан түйе жүк дағы бiзге жетер.
Үйiңдi бұзбай-ақ қой, разы болдым,
Үйiңдi бұзғаннан соң жайың кетер.
Тоқсан түйе қазынасын алып кеттi,
Аз сомаменен артық деп қисап еттi.
Екi жүз түйе жүгi малыменен
Керуендердi артынан қуып жеттi.
Керуендерге қосылмай бөлек жүрдi,
Алдындағы шаһарға барып кiрдi.
Гүлжауһар басқа жерден пәтер алып,
Тағы да ол шаһарда бөлек тұрды.
Бiр сарайға кiргiздi жүгiн шешiп,
Рахаттанып отырды шайын iшiп.
«Атымды егерле» деп әмiр қылды,
Көңiлiне Гүлжауһардың бiр ой түсiп.
Егерi Гүлжауһардың алтын едi,
Һәр жерiне асыл тас салған едi.
Таң қалғандай нақышын көрген адам,
Мың екi жүз тiллаға алған едi.
Сол егерiн ерлеп атқа салып,
Жөнелдi Гүлжауһар мiнiп алып.
Есiкшiге келдi де жауап қылды,
Патшаның сарайына жетiп барып.
– Әй, жiгiт, падишаға барып келшi,
Бiзден хабар патшаға салып келшi.
Патшаға айтатұғын арызым бар,
Рұқсат патшаңыздан алып келшi.
Һираттан келген мен бiр саудагермiн,
Патшаға арыз айта келiп тұрмын.
Патшаңыз кiргiзе ме, кiргiзбей ме,
Әмiрiн бажай қылалық, сұрап бергiн.
«Құп болұр» деп қызметшi үйге кiрдi,
Падишадан барды да жауап сұрды.
Падиша хазiретi есiткен соң,
«Құп, мұнда саудагердi жiбер», – дедi.
Барған жiгiт патшадан қайтып келдi,
«Патша рұқсат бердi» деп айтып келдi.
Аттан түсiп Гүлжауһар әдеп бiрлән
Тағзым қылып патшаға кiрiп келдi.
Гүлжауһар падишаға келдi кiрiп,
Фусахат тiлi бiрлән сәлем берiп.
Бастан-аяқ патшаны мақтап едi,
Падиша қайран қалды мұны көрiп.
Патша оның сөзiне қайран қалды,
Фусахат тiлi мұнша қандай жан-ды.
Бек қатты разы болып патша бұған:
– Жоғары шығып, саудагер, отыр, – дедi.
Гүлжауһар жоғары шыға отырды ендi,
Жүгiнiп отыра қалып дұға қылды.
Бұ дағы бiр патшаның ұғылы ма деп,
Падиша Гүлжауһарға тахсин қылды.
Падиша айтты: – Кiм болұр өзiң атың,
Қай жұрттан, есiтелiк асылзатың.
Қандай жанның ұғылысың, кiмсiң, балам,
Қолыңда алып жүрген бар ма хатың?
– Әй, патша, мекенiм һират шаһар,
Екi жүз түйелiмен қылдым сапар.
Өз атым Тахауадин деп айтады,
Атамыз Сахауадин, сұрсаң әгар.
Екi жүз түйе жүгi мал ап келдiм,
Сiздей әдiл патшаны қалап келдiм.
Қанша бажы тиiстi болар екен,
Сегiз жүз мың тiллам бар, санап келдiм.
Өз қолымнан берейiн өзiңiзге,
Қанша бажы аласыз, айтсаң бiзге.
Тамғашы жасауылдан тұһмат көрмей,
Өзiм берiп кеткелi келдiм сiзге.
Падиша Гүлжауһарға разы болды,
Қош фусахат тiлiмен мақтап едi.
Падиша қатты разы болғаннан соң,
– Бiр тиын сiзге бажы салман, – дедi.
Мен сiзден бажы, алтын, пұл алмадым,
Бiр тиын сiзге бажы сала алмадым.
Сiз маған қатты қызмет қылдың келiп,
Сол қылған қызметiңдi халалдадым.
Падиша айтты: – Бұл сөздi бiлгiл, – дедi,
Он күн өзiң саудаңды қылғыл, – дедi.
Өзге жанға бiр сауда қылғызбаймын,
Сен саудаңды бiтiрiп болғыл, – дедi.
Өзге жанды қояйын мен тоқтатып,
Он күндей өзiң қылғын сауда-саттық.
Сiзден кейiн өзге жан сауда қылсын,
Ол уақытта тамаша қыл жайға жатып.
Гүлжауһарды падиша құрмет қылды,
Бек қатты падишаға тағзым қылды.
Гүлжауһар атқа мiнiп һәр көшеден,
Һәр жерден Сәлiмжанды қарайды ендi.
Қарайды Сәлiмжанды һәр көшеден,
Таба алмай жатты келiп бiр көшеден.
Ертең тағы базардан қарап жүрiп,
Көредi бiр аспаздың дүкенiнен.
Гүлжауһар Сәлiмжанды танып тұрды,
Алдына қарсы келiп сәлем бердi.
Гүлжауһардың сәлемiн бұ Сәлiмжан
Iзетпен қол қусырып сәлем алды.
Кигенi үстiндегi майлы шапан,
Мейлiнше өзi жүдеп бiткен әбден.
Баста ескi бөркi бар, жалаң аяқ,
Жаздай етiк кимеген қара табан.
– Бiр табағы пұлы не бұ палауың,
Бағасы болсын деймiн өз қалауың.
Сәлiмжан «елу тиын» деген едi,
Гүлжауһар айтты: – Екi тiлла алың.
Сәлiмжан мақұл көрiп бек қуанды,
Бiр табаққа екi сом баға қылды.
– Кешке сағат жетiде бiр табақ ас,
Мақұл десең, өзiңiз ап кел, – дедi.
Өзiң алып келiңiз, мақұл десең,
Алмаймын, әгар өзiң ап келмесең.
Пәлен жерде сарайда пәтерiм бар,
Екi тiлла аласың асты жесем.
Гүлжауһар мұны айтып жүрiп кеттi,
Сәлiмжан палау асты әзiр еттi.
Қожайыны Сәлiмжанның бұ палауын:
– Кiмге iстеп бересiң? – деп жетiп кептi.
– Мұны iстеген жайымды айтайын мен,
Әй, байым, құлақ салып тыңлағын сен.
Пәлен сарайға байбатша келген екен,
Екi алтынға бiр табақ ас бер деген.
Бұ палауды беремiн соған елтiп,
Ап кел деген уағдасы қалды жетiп.
Бiр табақ ас пiсiрiп ап жөнелдi,
Байыңа үшбу сөздi мағлұм етiп.
Бұ сырды байы мақұл көрдi дейдi,
Дастарқанға орап алып жүрдi дейдi.
Сәлiмжан есiк ашып «мiнеки» деп,
«Тағамды алыңыз» деп тұрды дейдi.
Гүлжауһар айтты сонда: – Жүр, кел берi,
Кереует тақыт едi жатқан жерi.
Үстi жаман, шарығы былғанышты,
Кiре алмай ұялып тұр қайран ерi.
– Әй, байбатша, табақты алыңыз дер,
Ғарiпке көзiңiздi салыңыз дер.
Мен кiрiп шарығыммен басып кетсем,
Кiлем, көрпең боқ болар бiрталай жер.
Гүлжауһар айтты тағы Сәлiмжанға:
– Табақты алып кеп қой дастарқанға.
Былғанса, менiң көрпем былғанады,
Көп сөйлемей ап кеп қой, – дедi сонда.
Ұялып ұрысқан соң зорға кiрдi,
Алдына байбатшаның ап кеп бердi.
Дастарқанның үстiне қойды дағы,
Көтiнен кейiн қарап жүре бердi.
Гүлжауһар «отыр» дедi Сәлiм ерге,
– Екеумiз бұ тағамды желiк бiрге.
Сәлiмжан қатты ұялып кейiн тұрып,
– Сияғым бар ма, – дедi, – бiрге жерге.
Гүлжауһар: – Отыр, – дедi, – бiрге желiк,
Тiлiмдi қайтарасың ненi бiлiп.
Тiлiмдi екiншiде қайтармағыл,
Палау маған берiп тұр күнде ап келiп.
Сәлiмжан ақырған соң мақұл көрдi,
Ұялып қорыққан соң зорға отырды.
«Бисмилла» деп табақты ортаға алып,
Екеуi екi жақта асай бердi.
Тағамын жеп болған соң дұға еттi,
«Ертең тағы келгiн» деп уағда еттi.
Екi тiлла Гүлжауһар бергеннен соң,
«Мақұл» деп қожасына қайтып кеттi.
Сәлiмжан бұ жауапты мақұл дедi,
Байына екi тiлла ап кеп бердi.
«Ертең тағы ап кел» деген сөзiн,
Мұны тағы байына айтып келдi.
Уақтысында Сәлiмжан тағы апарды,
Гүлжауһар «берi ап кел» деп бас көтердi.
«Ап кеп қойып, өзiң де же» деген соң,
Екеуi дастарқанға бiрге отырды.
Гүлжауһар екi тiлла тағы бердi,
«Ертең тағы бұл уақта ап кел», – дедi.
Ертең тағы Сәлiмжан алып барса,
«Өзiң де же, кел мұнда отыр», – дедi.
Тағамды жеп тағы да дұға қылды,
Гүлжауһар Сәлiмжаннан жауап сұрды:
– Бұ шаһарда туғанбысың, тұрғанбысың,
Жөнiңдi, жiгiт, маған айтшы, – дедi.
Сәлiмжан айтты сонда мәнi-жайын:
– Һираттан айдап келген бар Құдайым.
Құдай менi қаңғыртқан бiр адаммын,
Ол жайымды сiзге айтып не қылайын.
– Әй, жiгiт, айтпайтұғын не жайың бар,
Не қылса өз тағдыры Қадiр, Жаппар.
Бұ шаһарға неге кеп, қайтпай қалдың,
Һираттың жұрты тоқтық үлкен шаһар.
Сәлiмжан айтты сонда бар сырыны,
Басынан жақсы-жаман өткен күндi.
Малын алып кемпiрдiң қаңғыртқанын,
Баян қылды дүниеде көргенiнi.
Гүлжауһар айтты: – Соңғы қатыныңыз,
Тұғры ма едi қатынмен ақылыңыз.
Жақсы көрушi ме едi өзiңiздi,
Махаббат қандай едi жақыныңыз?
– Әй, байбатша, несiне мақтанайын,
Жұфұтым бек бiлушi едi менiң жайым.
Мен үшiн жанын пида қылушы едi,
Онан артық көп мақтап не қылайын.
Бар едi өз атамнан қалған малым,
Сол малға ие болып тұр халалым.
Бұ мехнатта бiр күн де қоймас едi,
Гүлжауһар жұфұтым менiң бiлсе халiм.
Гүлжауһар бұ сөздерiн естiп тұрды,
«Моншаға барыңыз» деп әмiр қылды.
– Шашыңды, мұртыңменен тазалатып,
Әбден өзiң моншада жуын, – дедi.
Әй, жiгiт, бұ шаһарға болдың саяқ,
Жайыңды естiп мен сенi кеттiм аяп.
Үстiңдегi лыпаңды сонда тастап,
Киiп кел бұ киiмдi бастан-аяқ.
Қайтып мұнда келiңiз тазаланып,
Бұ шаһарда жүрiпсiз назаланып.
Тағы сiзден сұрайтын мәслихат бар,
Жайланып отырғызып қасыма алып.
Сәлiмжанның тап өзi болып келдi,
Көңiлi бек жақсы болып толып келдi.
– Онан кейiн айтайын мәслихатым,
Байыңа қисап берiп келгiн, – дедi.
Сiздi аспазға тұрмаймын лайық көрiп,
Бекер қапа болмаңыз мұнда тұрып.
Асылы, нәсiлiнiң һәммасын сұрап бiлдiм,
Көңiлiңдi көтерiп жүр маған ерiп.
Хақыңды артық бердiм үш есе қып,
Қайтып кел деп жiбердi кешiкпе деп.
Бара салып баймен қисаптасып,
Шығып келдi аспаздан тек құтылып.
Сауда бiтiп Гүлжауһар қайтар болды,
Төрт жүз түйе жүк малды артар болды.
Екi жүзден бiрге-бiр пайда қылып,
Гүлжауһар саудасына көңiлi толды.
Гүлжауһар келiп тұрды пәтерiне,
Өзiнiң қайтпақ болды шаһарына.
Сәлiмжанға айтады: – Барамысыз,
Алып қайтсам өзiмнiң шаһарыма.
– Әй, байбатша, мен сырымды айттым сiзге,
Баратұғын бетiм жоқ елiмiзге.
Жүз түйе жүк малменен шығып едiм,
Ұялмай қайтiп барамын шаһарымызға.
– Жүз түйе малың болса, барамысың,
Жүз түйе жүк мал берсем, аламысың?
Бұ шаһарға қалыпсыз үйiр болып,
Барам деген сөзiңнен танамысың?
– Қолымда жүз түйе жүк малым болса,
Үйiмде Гүлжауһардай жарым болса,
Бiр сағат та тұрмас ем бұ шаһарда,
Ұялмай елге барар халiм болса.
– Ниетiң дұрыс болса сенiң әгар,
Қолымда төрт жүз түйе жүк малым бар.
Жүз түйе жүк мал саған берейiн мен,
Жүруiңнiң жарағын қылғыл даяр.
Сәлiмжан айтты: – Жүз түйе мал берсең бiзге,
Бiр тоқтамай кетер ем үйiмiзге.
Бүгiн маған берсеңiз жүз түйе мал,
Үйге барғаш берер ем өзiңiзге.
Гүлжауһар айтты: – Малым бар төрт жүз түйе,
Жүз түйесiн мен сiзге қылдым һибе.
Хат жазып қолын қойып һибе қылды,
Сәлiмжан жүз түйеге болды ие.
Сонан соң қайтпақ болды елге бұлар,
Сәлiмжан да Гүлжауһарға дұға қылар.
Түйесiне жүктерiн артып алып,
Һираттың шаһарына жөнелдiлер.
Арада бiрнеше күн сапар қылды,
Һиратқа бiр күндерде жақын келдi.
Шаһарға екi күндiк жер қалғанда,
Гүлжауһар Сәлiмжанмен озбақ болды.
Екеуi озып кеттi көштi тастап,
Келедi бiр-бiрiнiң сөзiн қостап.
Сәлiмжан қарап тұрса, өз үйiне
Жолдасы келе жатыр тура бастап.
Қораға келiп бұлар аттан түстi,
Қызметкерлер келдi де ат байласты.
Мейманхана үйiне кiргiзген соң,
Жайланып үйге кiрiп отырысты.
Гүлжауһар өз үйiне кетiп қалды,
Мейманханада Сәлiмжан жалғыз қалды.
Қараса отырғаны – өзiнiң үйi,
«Қатыным менiң қайда?» деп қайран қалды.
«Қатыным менi бiлсе, келер едi,
Бөтен бiр адам ғой деп көрiнбейдi.
Қасымда бiрге келген бұ жолдасым,
Қайын атамның кiсiсi екен, – дедi.
Қайын атам алып кел [деп] айтқан екен,
Сол себептен менi алып қайтқан екен.
Сәлiмжанды ап кел деп жiберген соң,
Сол үшiн жүз түйе жүк берген екен».
Ата-анасына Гүлжауһар амандасты,
Жыласып амандасып мауқын басты.
«Қасымда ерiп келген кiсiм бар», – деп,
Гүлжауһар мейманына тiледi асты.
Мейманға һәр алуан нығмет бердi,
Сәлiмжан тағам жедi һәрбiр түрлi.
Тағам жеп хош зияпат қылғаннан соң,
Ұйқыға жататұғын уақты келдi.
Гүлжауһар үйге барып төсек салды,
Ол үйге Сәлiмжанды шақырып алды.
Сәлiмжанды ап келiп отырғызып,
Сахауадин байға кеп хабар салды.
Гүлжауһар айтты: – Тыңла, ата-анам,
Үйiне келiп отыр күйеу балаң.
Күйеуiңдi ертiп алып келдiм,
Бiздерге жәрдем қылып Алла Тағалам.
Өзiм ертiп ап келдiм күйеуiңiз,
Жаман-жақсы болса да сүйеуiмiз.
Бiздiң үйге жүрiңiз, ата-ана,
Бар дағы балаңызбен көрiсiңiз.
Ата-анасын жiберiп тұрды кейiн,
Кейiн қалып әйелше кидi киiм.
Ата-анасы көрiсiп болған халде,
Көрiспекке бұ дағы келдi бейiм.
Гүлжауһар сонда үстiне келдi кiрiп,
Сәлiмжан қайран қалды мұны көрiп.
Көзi үйренiп қалған соң танымай ма,
Бiр-екi айдай келген соң бiрге жүрiп.
Гүлжауһар келдi сонда қойынын ашып,
Қайта бастан көрiстi, құшақтасып.
Шад хиррам болдылар Сахауадин,
Көрiсiп амандасты бек жыласып.
Амандасып қайтып кеттi ата-анасы,
Рақымды екеуiнiң құп панасы.
Сонда келiп танытты Сәлiмжанға,
Гүлжауһардың артықша бұл данасы.
Сәлiмжан мен Гүлжауһар бұ да жатты,
Ойындары сонан соң болды тәттi.
Гүлжауһар мен Сәлiмжан ғишрат құрып,
Екеуi ұйықтамастан таңдар атты.
Таң атқаш Сахауадин ойлайды ойды,
Жұртын жиып айдап кеп қойлар сойды.
Қыз, күйеуi саламат қосылғанға
Қуанысып қырық күндей қылды тойды.
Қырық күн ұдай көп жұртқа тойлар еттi,
Той бiткен соң ел-жұрты тарқап кеттi.
Сәлiмжан мен Гүлжауһар екеулерi
Жомарт бай боп дүниеден дәурен еттi.
Сәлiмжанның көп болды балалары,
Мұқым жұрт құрмет еттi қалалары.
Алланың тағдырымен Сәлiмжанның
Рихлат еттi ата менен аналары.
Сәлiмжанда екi бес ұғылы болды,
Мал мен басқа Сәлiмжан бiрдей толды.
Бес ұғылы бес шаһар болғаннан соң,
Дүниеден тоқсан жаста сапар қылды.
Жолықты көп қасiретке Сираф ұғылы,
Қолында болмай кеттi жалғыз пұлы,
Сәлiмжаннан айырған қатынымен
Дүниеден қайыр тiлеп өттi күнi.
Екеуi күндiз-түнi ұрысар болды,
Бұларға захмат жаза қатты болды.
Шаһарға бұлар үлкен әңгiме боп,
Жұртқа мақал, шаһарға сөз боп қалды.
Сол қатын дүниеден өттi жылап,
Мехнат бiрлән һәркiмнен қайыр сұрап.
Һәр күнде келiп жүрдi Сәлiмжанға,
Көзiн сүзiп есiкте тамақ тiлеп.
Бар мақал: «жақсы қатын – жан азығы,
Жаман қатын деседi – бас қазығы».
Ойнасымен бiрiгiп қастық қылды,
Сәлiмжанның жоқ едi һеш жазығы.
Денiңнiң кемелi бiр жақсы қатын,
Жақсы қатын шығарар ердiң атын.
Тiл байлайтын арбаушы шайтандайын,
Жаман қатын көрсетер кесапатын.
Пенденiң Қадiр Алла бiлер халiн,
Жазумен ада қылмас сөздiң бәрiн.
Тәңiрi берген жел сөзiм таусылмайды,
Байлайын бұл арада мұхтасарын.
Аяғын тамам қылдым бұ қиссаның,
Тоғыз қисса шығардым өз қисабым.
Бiздерге өлең деген оңай нәрсе,
Бiзге де рақмет айтар һәркiм көрсе.
Жаратқан рахман екен рақымы мол,
Пендесiн есiркейдi жылай берсе.
Таммат тамам.