Хикаят Марғұба қатын

Әуелде мен айтайын аузубилла, Айтайын аз әңгiме, мұны тыңла. Бүгiн көрген таңда жоқ болып кеттi, Бұ заман бұзылып тұр жылдан-жылға. Бiр күнi бұ қиссаны өзiм көрдiм, Неше күнде жан қинап жазып едiм. Адамзатқа бiр ғибрат бола ма деп, Паш етiп өлең қылып жазып едiм. Мұны жаздым қолыма қалам алып, Кiтаптан көрiп жаздым мұн...

Қазақша
Хикаят Марғұба қатын
Әуелде мен айтайын аузубилла, Айтайын аз әңгiме, мұны тыңла. Бүгiн көрген таңда жоқ болып кеттi, Бұ заман бұзылып тұр жылдан-жылға. Бiр күнi бұ қиссаны өзiм көрдiм, Неше күнде жан қинап жазып едiм. Адамзатқа бiр ғибрат бола ма деп, Паш етiп өлең қылып жазып едiм. Мұны жаздым қолыма қалам алып, Кiтаптан көрiп жаздым мұны анық. Бар екен Түркiстанның шаһарында, Сұрасаң, аты оның – Мұрат Салық. Бiр қатыны бар екен Марғұба атты, Көркем, бойы сипатты, салтанатты. Рузе, намаз оқиды, өзi халал, Ер әмiрiнен шықпайтұғын асыл затты. Өзi сопы ер едi дiнiн күткен, Һәр пенде ықылас бiрлән Хаққа жеткен. «Қағбаға тауап қылып келемiн» деп, Бейшара қажы барұрға ниет еткен. Ойлайды қажыға барып келейiн деп, Раузасын Пайғамбардың көрейiн деп. Әулие, машайыққа зиярат қылып, Топырағына жүзiмдi сүртейiн деп. Қажыға барған күнәдан болады пәк, Қажын қабыл қылсын бiр Ақ. Қатынын iнiсiне тапсырады, Мен сөйлейiн, жамағат, салсаң құлақ. Қажы парыз болады малы барға, Нәсiп болсын һәр мүмiн мұсылманға. Екi дүние рахатын бiрдей берсiн, «Лә иләһа иллә Алла» деген жанға. Тапсырдым алғанымды, Құдай, саған, Тiрi көрсет көзiме есен-аман. Қатынын тапсырады iнiсiне: – Әл-ауқатын бiлiп тұр һәр күн таман. Iнiм, келiп бiлiп жүр әл-ауқатын, Марғұба зар жылайды ғарiп қатын. Iнiсi қабыл көрдi айтқан сөзiн, Тапсырған ағасының аманатын. Мұрат Салық жұртыменен амандасты, Амандасып жыласып арыздасты. Бақылдасып жұртпенен зар жыласып, Жүрмек бол[ып Қағбаға қадам басты]. Бұ сөзiм осы жерде тұра тұрсын, Мұрат Салық аяңдап жүре тұрсын. Ағасының тапсырған уағдасыменен Iнiсi жеңгесiнден хабар бiлсiн. Iнiсi келiп-кетiп жүредi екен, Һәр күнде әл-ауқатын бiледi екен. Iшер тамақ, киiмiн, отын-суын, Керек-жарақ нәрсесiн бередi екен. Бiр күнi жеңгесiне келдi дейдi, Керек-жарақ нәрсесiн бердi дейдi. Марғұба шашын тарап отыр екен, Дидарын жеңгесiн[iң] көрдi дейдi. Көрдi де ашық болды Марғұбаны, Ашықтықтан қиналды ғарiп жаны. Жеңгесiне бiр күнi арызын айтты, Тыңдасаңыз, айтайын сiзге аны. Жiгiттiң кеудесiне шайтан кiрдi, Марғұбаға һәр күнi келiп жүрдi. «Қойныңа ал» деп айтады жеңгесiне, Көңiлдегi дерттерiн айтып салды. – Жүзiң көрiп мен саған болдым ашық, Арызымды айтайын аузым ашып. Тұрсам естен кетпейсiң, түнде түстен, Сарғайдым зағыпырандай өңiм қашып. Iшiм от, сыртым түтiн көрмей жүрсем, Дертiме бiраз дәрмен жүзiң көрсем. Дүниеде һеш армансыз болар едiм, Қойныңда бiр күн жатып ойнап-күлсем. Шынымен ашық болдым саған, – дейдi, Тапсырды сенi маған ағам, – дейдi. Һеш сабырлық, қалмады менде дәрмен, Бiр жауабың ендi бер маған, – дейдi. Ғарiп қатын есiттi мұндай сөздi, Есiтiп қайнысынан күдер үздi. – Құдайдан мұны айтарға қорықпаймысың, Аманат деп тапсырды саған бiздi. Аманат деп тапсырды ағаң, – дейдi, Бұл ниет мұсылманға жаман, – дейдi. Құдайдан қорық, ұял Пайғамбардан, Мұндай сөздi есiттiрме маған, – дейдi. Шайтан сенiң көңлiге кiрген шығар, Көңiлдi шайтан бұзып жүрген шығар. Тәубе қыл, бұл ниетiң жаман болар, Құдай бiлiп сырыңды тұрған шығар. Құдайдан қорқып, ұял адамзаттан, Тәубе қылып қайт, жаным, бұл ниеттен. Ақыретте беремiз не деп жауап, Ынсапсыз, қорықпаймысың ақыреттен. Қайнысы бұ сөздi естiп ашуланды, Қасына жеңгесiне жетiп барды. – Сенi жұртқа масқара қыламын, –деп, Өлтiрем, – деп қатынға қорқу салды. Көңлiңдi қоспадың маған, – дейдi, Көп ашу көрсетермiн саған, – дейдi. Қылармын жұртқа сенi мен масқара, Кел, мойнымнан құшақта жылдам, – дейдi. Мұны естiп жылайды ғарiп қатын, Қайнысының есiттi жаманатын. Құдайға сиынады «сақтай гөр» деп, – Мен бермеймiн ағаңның аманатын. Өлiм артық дүниеде жаман аттан, Жан есенде бермеймiн аманаттан. Тұр, кет менiм қасымнан, жүзiқара, Мен қорықпай зина қылман аманаттан. Қайнысын шығарыпты үйден айдап: – Бiлгенiңдi қыл маған күн-түн ойлап. Ашуланып көзiне қандар толып, Жiгiт шықты үйiнен көңлi қалып. Қайнысы жеңгесiне ашуланды, Бiраз iс қылармын [деп] көңлiне алды. Мендей қорлы дүниеде болмасын деп, Құданың құдiретiне қайран қалды. Төрт жiгiтке берiптi алтын-күмiс, – Басыма түсiп тұр ғой мынау бiр iс. Жеңгем зина қылды деп мен айтайын, Қазы алдында куәһ болып тандырмаңыз. Көңлiнен тауфиқ қашып, шайтан кiрдi, Қазыға айтайын деп керi жүрдi. Дарбазаға төрт жiгiт алып келiп, Қазыға арыз-нама жазып бердi. Арыз-нама iшiнде жазған мұны: «Жеңгем ойнас қылар-ды күнi-түнi. Көзбен көрген төрт кiсi куәһым бар, Айтқалы алып келдiм сiзге аны. Арыз қылдым, әй, тақсыр, сiзге келiп, Айтпасам күнәһ болар көзiм көрiп. Төрт адамның куәлiк сөзiменен, Қатынды алдырыпты хүкiм қылып. Қайнысы, даукер төрт жiгiт куәһ болды, Ұрып ғарiп қатынды алып келдi. Шариғат хүкiмi бiрлән жан берген соң, «Тасқа тұтып, өлтiр» деп хүкiм қылды. Қатынды белбуардан көмдi дейдi, Көп халайық отырған көрдi дейдi. Жиылған адамзаттың қисабы жоқ, Қолдарына бiр-бiр тас бердi дейдi. Шариғат хүкiм бiрлән таспен атып, Жұрт тарқап үйлерiне кеттi қайтып. Төбе болды қатынға үйiлген тас, Бiр күнәһ бейшараға қылды қайтiп. – Құдай өзi сақтасын һәр бәледен, Тәңiрi салса не көрмес ғарiп адам. Адамзат не көрмейдi, Құдай салса, Пенде оңбас және де қаһарына алса. Құдай-а, бастан күнәһым асқан шығар, Зинадан ғарiп көңлiм қашқан шығар. Құдай-а, сiзге аян барлық сырым, Перiштелер жазуға жазған шығар. Ыбраһымға жақпадың Намруд отын, Сақтадың Пайғамбарды қалған жетiм. Ысмайылға көк қошқар құрбан бердiң, Құдай-а, менiм сенден бар үмiтiм. Жүсiпке Зылиханы қауыштырдың, Жетпiс жылда Жақыпқа табыстырдың. Жүнiстi балық жұтты дариядан, Құдiретiңменен һәр iстiң бәрiн көрдiң. Айубты қырық жыл құрттар жеген еттi, Мұнша мехнат бергенге шүкiр еттi. Құдайым, құдiретiңе бел байлап мен, Жақыннан бүгiн маған мехнат жеттi. Жер-көкке патша қылдың Сүлеймендi, Әмiрiне қараттың һәрбiр жанды. Құдiретiңе бiр iсi душар болып, Патшалықтан айырылып аз күн жатты. Атам жоқ қаһарланып айғай салса, Анам [жоқ] жалғыздықта қасына алса. Бiз түгiл, пайғамбарлар һәлак болған, Жүз мың шүкiр, Құдайым һәрне салса. Иә, Алла, аман көрсет алғанымды, Арман қалдым артынан қалғанымды. Құдай өзi Падишаһ бермес пе екен, Ақыретке сатайын жалғанымды. Үмiтiм көп, Құдай-а, сенден, – дейдi, Тәубе қылдым, қабыл қыл менден, – дейдi. Бұ мехнаттан ғарiбiңе халастық бер, Рахматыңнан үмiтiм үзбен, – дейдi. Құдай-а, саған мағлұм бар күнәһым, Бiр өзiңе жетпесе менiм аһым. Патшалықпен бiлесiң барша iстi, Сенен басқа кiм бiлер менiм халiм? Тәңiрiм, саған тапсырдым ғарiп басым, Қалмады жылай-жылай көзде жасым. Ғарiп қатын Құдайға жылағанда, Қорғасындай балқытты қара тасын. Құдай-а, үмiтiм көп менiм сенен, Тәубе қылдым, қабыл қыл ғарiп менен. Әнбия, әулиенiң құрметiне Өлгенше рахматыңнан күдер үзбен. Зар қылып бiр Құдайға жылап жатыр, Тас астында қу жанын қинап жатыр. Құдайға бiр күнәһлi iс қылдым ба, – деп, Өзiнiң не қылғанын сынап жатыр. Сақтай гөр, Қадiр Ием, ғарiп жанды, Жолменен бiр ғараби пайда болды. Қараңғыда жолменен келе жатса, Зарлаған құлағына дауыс келдi. Ол дауысқа бұл адам құлақ салды, Бiр адам зар жылайды, қайран қалды. Қатынның даусын естiп, көңлi ерiп, Үйген тастың жанына жетiп барды. Келiп тұрды ол адам тас жанына, Жығлаған құлақ салды налашына. Құданың құдiретiне қайран қалды, Жылаған тас балқыды көз жасына. Түйеден түсiп жiгiт келiп қалды, Жерде үйiлiп жатқан тасты алды. Тасты ақтарып қараса, бiр адам бар, Ғараб қазып ақтарып тартып алды. Ғараб сұрды қатыннан: – Неткен жан сен, Не жазалы дүниеде мұсылман сен? Не күнәһдан қылдылар сiздi мұнша, Жасырмай сырыңды айт, тiлiмдi алсаң. – Бейкүнәһ залымдардан жедiм таяқ, Сырдың бәрiн сөйлейiн бастан-аяқ. Бастан кешкен сөйлейдi барлық сырын, Қайғыны Тәңiрiм салды аямай-ақ. Жасырмай айтты қатын сырдың бәрiн, Қайнысы өтiрiк жала қылғандарын. Дұшпандықпенен залымдар қазыға айтып, Таспенен бейшараны ұрғандарын. Жiгiт қатын сөзiне нанды дейдi, Есiркеп, көзiне жас алды дейдi. Басы-көзi қатынның бәрi жара болған, Көркiне көрiп қайран қалды дейдi. Таң қалды мұның көрiп нұрлы жүзiн, Ендi айтады қатынға арыз сөзiн: – Некаһ қылып алайын қатындыққа, Ризалықпенен маған ти сенiң өзiң. Қабыл қылып алайын сенi, – дейдi, Сен қабыл қылар болсаң менi, – дейдi. Риза болсаң, алайын некаһ қылып, Ерден ердiң болмайды кемi, – дейдi. Ашық болдым мен сiздiң өзiңiзге, Туған айдай балқыған жүзiңiзге. Ерге тимек қатынға ұят емес, Мойын қой, ғарiп қатын, сөзiмiзге. Жiгiтке сөз айтады сонда қатын, – Сақта деген қатынға ер аманатын. Бiр қатынға екi ер дұрыс па екен, Пайғамбардың ойлап көр шариғатын. Менiм ерiм қазiрде тiрi, – дейдi, Меккеде қажылардың бiрi, – дейдi. Байы тiрi қатынға ерге тимек Шариғатта дұрыс па, сұра? – дейдi. Жiгiт айтқан сөзiне тәубе қылды, Шариғаттың әмiрiне мойынсұнды. – Қияметтiк сен маған қарындас бол, Үйiме алып барайын өзiңдi ендi. Айтқаның дұрыс кiрдi құлағыма, Таң қалдым әлгi айтқан жауабыңа. Есен келсе, ерiңе мен тапсырып, Бейшара, аз қалайын сауабыңа. Түйеге мiнгiздi де, алып жүрдi, Түнде жүрiп алдылар талай жердi. «Бiр бейшара ап келдiм, қатыным», – деп, Марғұбаны үйiне алып кiрдi. Қатыны таң қалады сөздерiне, Туған айдай балқыған жүздерiне. Марғұба айтты басындан кешкендерiн, [Аяғаннан] жас толды көздерiне. Тапсырды қатынына Марғұбаны, Сөзiне Марғұбаның бұлар нанды. – Тамағын тоқ, киiмiн көк қылғайсың, Сыйлаған сауап дейдi мұндай жанды. Жiгiт сөзiн қатыны қабыл көрдi, Киер киiм, iшерге тамақ бердi. Дұшпандардың шарындан Құдай сақтап, Рахат көрiп бiраз күн дәурен сүрдi. Бұл рахаттан өтедi талай заман, Ғарiбiн Тәңiрiм сақтап есен-аман. Марғұбаны асыраған ғарабидiң Бiр iнiсi бар едi залым жаман. Ғарабидiң бар едi бiр iнiсi, Ата-анасы бар едi жақсы кiсi. Марғұбаны көрдi де ашық болды, Пендеге не қылса да Тәңiрiм iсi. Көрдi де Марғұбаны ашық болды, Сарғайып күннен-күнге жүзi солды. Дәтiне һешбiр ылаж таба алмады, Бiр күнi Марғұбаға мағлұм қылды. – Саған ашық болыппын мен бейшара, Жүректе дертiм болды пара-пара. Сенен себеп болмаса халiм кеттi, Бұ дертiме бiр дәрмен қылып қара. Мағшұғым сен бол[масаң], халiм хараб, Дүниеде дидарыңды қылдым талап. Iшiм оттай күйедi сабырым кетiп, Кел ендi, жауабың бер маған қарап. Iшiм оттай күйедi, сыртым – түтiн, Айтарға аузым бармас, ақылым бүтiн. Хормысың, ғұлманбысың, мүсiн бейiштегi, Бермеспiн бұ дүниеге жарты бетiң. Iшiм оттай күйедi, жүре алмаймын, Халiм жоқ, сенi көрмей тұра алмаймын. Марғұбажан, кел ендi жауабың бер, Бұ дертке өзге дауа қыла алмаймын. Марғұба айтқан сөзiн ұғып алды, Жiгiттiң жауабына құлақ салды. Бiр бәледен құтылдым деген кезде Бейшара бiр бәлеге тағы қалды. – Әй, жiгiт, сөзiң қабыл болмас, – дейдi, Марғұба бұ тiлiңдi алмас, – дейдi. Тәубе қыл, күнәһлi iске көңiл қойма, Менен дауа дертiңге болмас, – дейдi. Мен бiр жүрген дүниеде әуарамын, Жын ұрғандай шерменде диуанамын. Қорлық-зорлық дүниеде көрiп жүрген Ел-жұртынан айырылған бейшарамын. Жауап бердi жiгiтке қатын ғарiп: – Тәубе қыл, жақсы ниет көңлiңе алып. Мен басымды Тәңiрге тапсырғанмын, Дүниеде зина қылман, бiлсең анық. Жiгiт қатын сөзiне қайран қалды, Сөзiне Марғұбаның ашуланды. «Сенi жұртқа масқара қылайын» деп, Һәрбiр түрлi қатынға қорқу салды. – Жұртқа сенi қылайын мен масқара, Сөзiме құлағың қой, бермен қара. Не өлтiрiп қоярмын, не күйдiрiп, Әгар мойын қоймасаң, әй, бейшара. – Құдай-а, сиынамын саған, – дейдi, Есiттiрме сөзiңдi маған, – дейдi. Өлсем, жақын болармын Құдайыма, Өйткенше иман берсiн маған, – дейдi. Жiгiт кеттi үйiне қатынға ашуланып, Дұшпандықты сол жерде ойына алып. Марғұба жалғыз Хаққа жалбарады, Iшi қайнап, жүрегi оттай жанып. Ойлайды: – Марғұбаны өлтiрейiн, Басына бiр жамандық келтiрейiн. Бiр бәленi қатынға көрсетейiн, Бұған мен жiгiттiгiм бiлдiрейiн. Әуелi бисмилла-дүр сөздiң басы, Балаға қорған болар ата-анасы. Марғұбаны асыраған ғарабидiң Сүт еметұғын бар едi бiр баласы. Бар едi ғарабидiң жалғыз ұғлы, Жалғызым деп сүйедi күнi-түнi. Андан басқа жоқ едi һеш перзентi, Жақсылар, құлағың сал, тыңла мұны. Ол жiгiт бұғазлады бұ баланы, Бiр түнде күнәһысы жоқ бейшараны. Қан қылды Марғұбаның қолы-басын, Айтайын, тыңласаңыз, сiздерге аны. Марғұба бiлмей мұны ұйықтап жатыр, Бейкүнәһ бұғазланды бала пақыр. Қанды пышақ жастыққа тығып қойып, Бiлдiрмей шығып кеттi жiгiт кәпiр. Таң атқан соң баршасы тұрды дейдi, Өлiп жатқан баланы көрдi дейдi. Қолы-басы қан болған Марғұбаның Ата-анасы қасына келдi дейдi. Марғұбаның көрдiлер қолы-басын, Пышақ көрiп төктiлер көздiң жасын. – Не үшiн бұғазладың жалғызымды, Сен едiң қияметтiк қарындасым? Ұрдылар Марғұбаны қатты жаман, Кiмге опа қылады шолақ заман. Перзент үшiн шыдамай көп ұрдылар, Һәр бәледен сақтасын Тәңiрiм аман. Көп соқты бейкүнәдан Марғұбаны, Қиналды бейшараның ғарiп жаны. Тәңiрi салса көнбейтiн амал бар ма, Күнәсiз ренжiттi бейшараны. – Сенi алып үйiме келдiм, – дейдi, Тамақ-киiм құрметтеп бердiм, – дейдi. Мұндай үлкен бiздерге қастық қылдың, Бiз саған не жамандық қылдық, – дейдi. Марғұба зары қылды жасын төгiп, Бiр Аллаға жылайды белiн бүгiп. Ғарiптерге Құдайым жармын деген, Болар ма, әй, жамағат, аны сөгiп. Ғарiптен көңлi сынық болар ма екен, Ғарiптi жан есiне алар ма екен. Қайғысы бар адамдар қарсы келсе, Ғарiптердiң сөзiне нанар ма екен?! Марғұба қатын налаш қылды дейдi, Жақсы-жаман һәр iстi көрдi дейдi. «Бұл iстен бейкүнәмiн, нансаңыз, – деп, Көзiне аққан жастар толды дейдi. Көзiнiң алды толды аққан жасқа, Жаман ниет ойлама қарындасқа. Не падиша, дүниеде кедей болса, Не келмес Тәңiрiм салса ғарiп басқа. Марғұба айтты: – Бұл iстен жоқ күнәһым, Сырым саған мағлұм-дүр, бар Құдайым. Дүниеде мұңлы ғарiп-бейшарамын, Белгiлi өзiңiзге менiм жайым. Алла бiлер пенденiң һәр күнәһын, Саған мағлұм бұл iстi қылмағаным. Қолдан ұстап «кешiр» деп Марғұбаға, Ғараб айтты: – Әй, қатын, айналайын. Мiнезi қатынымның жаман, – дейдi, Ренжiтсем күнәһ болұр маған, – дейдi. Мұнан кетiп бар ендi өзге жерге, Төрт жүз алтын берейiн саған, – дейдi. Төрт жүз алтын бередi «хараж қыл» деп, – Мұндан бөтен бiр жерде барып тұр, – деп, Мұнда тұрсаң қатынның тiлi тиер, Жөнелттi бейшараны «разы бол» деп. Амандасып Марғұба кеттi дейдi, Көкiректе қайғысы көп-тi дейдi. Бiр күн, бiр түн пиада жүрiп қатын, Бiр шаһардың қасына жеттi дейдi. Таң атқан соң шаһарға кiрдi дейдi, Көше бiрлән аяңдап жүрдi дейдi. Қайран қалып келедi ғарiп қатын, Жиылған көп халайық көрдi дейдi. Базарда жиылып тұра сансыз адам, Марғұба келе жатыр оған таман. – Халайықтар жиылған себеп не? – деп, Ғарiп қатын сұрайды бiр адамнан. – Патшаның бiр жiгiтте хақысы көп, Борышын төлейтұғын һеш пұлы жоқ. Хақыңды бермедiң деп ашуланып, Дарға алып келдi жiгiттi асамын деп. Тамашаға жиылған көп адамдар, Шаһарда кәпiр, жүһүд, мұсылмандар. Дарға асылған жiгiттi көремiз деп, Жиылған мәнiсi сол бүткiл жандар. Марғұба дар түбiне келдi дейдi, Қарызы бар жiгiттi көрдi дейдi. «Қарызыңыз қанша?» деп сұрады да, Төрт жүз алтын ұлыққа бердi дейдi. Жiгiттi жiбердiлер алтын алып, Жомартына қатынның қайран қалып. Бейшара өлiмнен құтылған соң, Аяғын құшақтайды жiгiт барып. Ол жiгiт Марғұбаның көрдi жүзiн, Құлдық қылып қатынға айтты сөзiн. Марғұбаны көрген соң ашық болды, Һеш бұрмастан қарайды екi көзiн. Көрдi де Марғұбаны ашық болды, Көзiне қан аралас жастар толды. «Саған ашық болдым» деп жүзiқара, Ұялмай Марғұбаға арыз қылды. – Көрдiм де ашық болдым мен бейшара, Жүрегiм бұзылып тұр пара-пара. Қылдай белден қысайын, қызыл жүздiм, Бетiңнен бiр сүйейiн, бермен қара. Қатын айтты: – Ынсабың бар ма сенiң, Қайғы бiрлән тұтанар менiң жаным. Алтын берiп өлiмнен алып едiм, Құтылғанда айтқаның мынау сенiң. Жiгiт айтты: – Сен менi сатып алдың, Жүзiң көрiп бәлеге ендi қалдым. Өлсем тыныш болар ем бұнан дағы, Сен менi судан алып, отқа салдың. Сен менi судан алып, салдың отқа, Өлген адам жолықпас жаманатқа. Өлсем мен бұ бәленi көрер ме едiм, Туған соң өлiм анық адамзатқа. – Басымды, Тәңiрiм, саған бердiм, – дейдi, Құтылмайтұғын бәлеге қалдым, – дейдi. Iздегенiм бұл ма едi ғарiп басым, Өзiме бәле сатып алдым, – дейдi. Өлiмнен сатып алдым малым берiп, «Зина қыл» деп айтасың маған келiп. Ақыреттiң күнiнде Кәрiм сұрса, Недей жауап бересiң анда тұрып? «Зина қыл» деп айтасың маған, – дейдi, «Тәубе қыл» деп айтамын саған, – дейдi. Ондайдан Тәңiрiм қылсын аман дейдi, – Махшарда зина қылған жаман, – дейдi. Жiгiт айтты: – Қосылмай қалман, – дейдi, Құлағым ондай сөзге салман, – дейдi. Өзiм өлмей, болмаса сенi өлтiрмей, Жаным барда артыңнан қалман, – дейдi. Жүрiп кеттi Марғұба мұнан тұрып, Келе жатыр соңынан жiгiт ерiп. Қатын қашып, артынан жiгiт қуып, Жетедi бiр күн, бiр түн қуып жүрiп. Марғұба келдi дария жағасына, Сиынды медет бер деп Алласына. Жүретiн уақытында әзiр болған Жолықты керуендердiң кемесiне. Қатын келiп кемеге кiрдi дейдi, Соңынан жiгiт қуып келдi дейдi. – Қашып келген бұл қатын менiм күңiм, Алсаңыздар, сатамын соны, – дейдi. Керуенбасы қатынның жүзiн көрдi, Ақылы кәмiл, зипа жүздi, нұрлы дейдi. Жiгiттi керуенбасы қасына алып, Жiгiтке бiр жүз дiлла санап бердi. Көндi қатын күң болып сатылғанға, Жiгiттiң жапасынан құтылғанға. Құдайға шүкiр қылды ғарiп қатын, Бiрқатар жолықтым деп мұсылманға. Жiгiт қалды, керуендер жөнеп кеттi, Көп емес, бұл арада бiр күн өттi. Оңаша үйге шақырып, қасына алып, Керуенбасы қатыннан көңiлiн айтты. – Мен сенi сатып алдым, малым берiп, Кел, мойнымнан құшақта, бермен келiп. Ай жүзiң бұ жаһанды жарық қылар, Мен саған ашық болдым жүзiң көрiп. Көргеннен соң мен сенi алдым сатып, Бойыңға, күн жүзiңе болдым ашық. Белден құшып, қарағым, беттен сүйiп, Кел, төсек сал, жаталық құшақтасып. Марғұба мұны естiп жылайды ендi, Құдайдан медет бер деп сұрайды ендi. «Мен ғарiптi сақта» деп зары қылып, Тәңiрiден тiлеп тiлек тiлейдi ендi. Марғұба айтты: – Айтайын сырым сiзге, Намахрамсың, қарама жүзiмiзге. Мен бiреудiң некаһты қатынымын, Һеш қатасыз наныңыз сөзiмiзге. Бiр қатын екi ерге бара ма екен, Ер қатынын өзге ер ала ма екен?! Байы тiрi қатынды алам деген Шариғатқа һеш дұрыс бола ма екен?! – Малым берiп, күң қылып алдым сатып, Мен сенi қоямын ба былшылдатып. Көнбесең де еркiңе қоямын ба, Өз мауқымды басайын алып жатып. Керуенбасы қатынға қолын салды, Жағын ұрып, шашынан ұстап алды. Көзiне қан аралас жастар толып, Құдайға зарлық қылып айғай салды. – Әуелi жад етемiн Тәңiрiм заты, Қиналды бейшараның ғарiп жаны. Зина бiрлән дүниеде әсар қылып, Шерменде махшар күнде қылма менi. Иләһи, барлық сырым мағлұм менiм, Зұлымдардан қалмады жаным менiм. Өзiң жәрдем қылмасаң ғарiбiңе, Қалмады осы күнде халiм менiм. Марғұба налаш қылып қылды зары, Жиылды кемедегi жұрттың бәрi. Бейшараның жылаған зарлығына Қайран қалған секiлдi баршалары. Жиылып керуен бәрi келдi дейдi, Дидарын Марғұбаның көрдi дейдi. Жүз де болса керуен, мың да болса, Көрген соң бәрi ашық болды дейдi. Бәрi ашық болдылар жүзiн көрiп, Таласты Марғұбаға бәрi келiп. «Бұрын бәле бiр едi, мың болды» деп, Ғарiптiң зәресi ұшты мұны көрiп. – Сиынар сенен басқа, адамым жоқ, Тәңiрiм, жәрдем қылмасаң, амалым жоқ. Өзiң рақым қылмасаң ғарiбiңе, Бұлардан құтылатын дәрменiм жоқ. Иләһи, рақым әйла, иә, Құдайым, Сенен басқа мен кiмге сиғынайын. Құдiретiңменен, Құдайым, жанымды ал, Залымдар бәлесiнден құтылайын. Құдай-а, сен медеткер тар жерлерде, Өзiң жәрдем қылып ең һәр жерлерде. Құдай-а, фазылың бiрлән рақым әйла, Қастығы көп дұшпанның бар жерлерде. Сенен басқа һеш жерге барарым жоқ, Халiм нешiк боларын бiлерiм жоқ. Қайғы бiрлән жаралдым, Падишаһым, Залымдарға һеш қуат қыларым жоқ. Жанымды ал, айырма иманымнан, Халал жолға жанымды қиғанымнан. Зина бiрлән дүниеде шерменде етiп, Махшарда мақрұм қылма дидарыңнан. Марғұба Құдайына жылайды ендi, Баршасы да мұның зарын тыңлайды ендi: – Құдайымнан болмаса әгар себеп, Адамнан рақым, шапағат қылмайды ендi. Иләһи, тiлек менден, себеп сенден, Бұ жерде үмiтiм жоқ һеш адамдан. Құдiретiңменен ғарiбке халастық бер, Жаһанда мұңды болмас бұ күн менден. Тiледi бiр Тәңiрден қолын жайып, Қылмадым бiр жақсы iс сiзге лайық. Рақым [ет], Падишаһ, күнәһымды кешiре гөр, Өзiме-өзiм қылдым жүз мың айып. Тiлегiн Құдай қабыл қылды дейдi, Түтiнге дария жүзi толды дейдi. Күн күркiреп, аспаннан қар, мұз жауып, Қиямет дария жүзi болды дейдi. Бұларға Қадiр Ием қаһар қылды, Аспаннан бiр бөлек от хазiр болды. Дарияның iшiнде Құданың құдiретiмен Адамның бәрi күйiп күлдей болды. Тыңлайтұғын әңгiме жаңа жеттi, От күйдiрiп адамзат жанып кеттi. Кемедегi алтындар аман қалып, Адам қалмай бәрi де жанып бiттi. Марғұба жалғыз қалып аман дейдi, Кiмге опа қылады заман дейдi. Құдайым барша жанға тауфиқ берсiн, Бұзықтық мұсылманға жаман дейдi. – Құдайым, рақым, шапағат қылдың маған, Жүз мың шүкiр қылайын, Ием, саған. Шүкiр қылып сәждеге қойды басын, Көзiнен жастар ақты қуанғаннан. Құдайға мың шүкiрлiк қылды дейдi, Күн тағы баяғыдай болды дейдi. Неше күндер ағызып мұны дария, Бiр шаһардың қасына келдi дейдi. Марғұба төңiрекке көзiн салды, Сиынып Алла атын аузына алды. «Бiр бәлеге тағы да кез болмайын» [деп], Еркек киiм үстiне киiп алды. Шаһарға дария бiрлән келдi кеме, Марғұбадан өзге жоқ жанды неме. Шаһар халқы таң қалды мұны көрiп, Құданың құдiретiне пәлен деме. Таң қалды көп адамдар мұны көрiп, Сөйлестi Марғұбаға бәрi келiп. – Өзге адамдар қайда? – деп сұрадылар, Келесiң бұл шаһарға қайдан жүрiп? Қатын айтты: – Алып бар ханыңызға, Кемеге күзетшi қой малымызға. Хан алдында сөйлейiн көргенiмдi, Бәрiң сонда қанарсың мәнiмiзге. Күзетшi кемесiне қойды дейдi, Марғұбаны ханға алып келдi дейдi. Марғұбаны ордаға алып кiрiп, Баршасы ханға сәлем бердi дейдi. – Бiз бiр адам алып келдiк сiзге, – дейдi, Сұрасақ, сөз айтпайды бiзге, – дейдi. Бiр кеменiң iшiнде жалғыз келдi, Бұл жұрттың адамынан өзге, – дейдi. – Арызды сiзге айтайын, тақсыр ханым, Құп тыңла бұл сөзiмдi, мұсылманым. Бастан кешкен айтады барлық сырын, Инаныңыз үшбу-дүр менiм мәнiм. Хабарым осы, сөзiм жоқ өзге, – дейдi, Бiр кеме мал ап келдiм сiзге, – дейдi. Қазынаңа бәрiн де босатып ал, Осы мал керек емес бiзге, – дейдi. Тәңiрiм сенi хан қылған дәулет берiп, Мен тұрмын бiр кеме мал алып келiп. Құдайың берген халал қазынасы Жиып бәрiн ал, барып көзiң көрiп. Таң қалды Марғұбаның сөздерiне, Есiтiп қайғы кiрдi өздерiне. Өзi сопы, падиша әдiл туған, Есiркеп жас алады көздерiне. Марғұбаменен падиша барды дейдi, Түгелдеп малдың бәрiн алды дейдi. Алтын, күмiс, асылдың қисабы жоқ, Көрген адам қайран боп қалды дейдi. Түгендеп малдың бәрiн алды дейдi, Падиша ордаға алып барды дейдi. «Бiреудiң хақы менде қалмасын», – деп, Хан оңаша сарайға салды дейдi. Малдың бәрiн түгелдеп салды хатқа, Қиянат бола ма деп аманатқа. Жерден тауып алғанды олжа көрiп, Қалмайын ақыретте жаманатқа. Хан айтты: – Сөйле ендi маған, – дейдi, Һеш адам қастық қылмас саған, – дейдi. Қорықпай сөйле, ғарiп, бiз тыңлалық, Бәлелерден құтылдың аман, – дейдi. Ойлағаның, әй, ғарiп, сөйле бiзге, Көп малменен қайтарайын елiңiзге. Не десең де айтқаның қабыл болсын, Құдай үшiн қылайын құрмет сiзге. Мiнезiм бар ғарiптi сөйлейтұғын, Ғарiптi һәр кез көңлiм қимайтұғын. Ғарiптер де Құданың құлы емес пе, Болар ма ғарiп көңлiн ойлайтұғын. Падиша әдiл едi салтанатты, Һеш жанға қылмайды екен қиянатты. Ораза, намаз оқиды дiнiн күтiп, Өзi сопы хан едi кереметтi. Марғұба айтты: – Тыңлаңыз, тақсыр ханым, Залымдардан құтылды ғарiп жаным. Мен бiр мiскiн жаһанда бейшарамын, Қабыл көрсең айтайын ойлағаным. Әй, тақсыр, мен айтайын сiзге, – дейдi, Үй салдырып берiңiз бiзге, – дейдi. Сонда құлдық қылайын Құдайыма, Жетер ме менiм жасым жүзге, – дейдi. Разы үй берсеңiз болар едiм, Тәңiрiме күндiз-түнi жылар едiм. Ораза, намаз оқып өлгенiмше, Тағат қып құлшылығын қылар едiм. Ниет қылдым сол үйден шықпайын деп, Дүниенiң бұзық сөзiн ұқпайын деп. Күнi-түнi Құдайға тағат қылып, Жан бiрлән иман қамын жоқтайын деп. Хан қатынға үй салып бердi дейдi, Марғұба ғарiп үйге кiрдi дейдi. Күндiз-түнi Тәңiрiге шүкiр қылып, Құлшылық оңаша үйде қылды дейдi. Құдайға тағат қылып жатты дейдi, Дiн жолында көп мехнат тартты дейдi. Артық тамақ iшпейдi, ұйықтамайды, Дүниенi ақыретке сатты дейдi. Мұсылман иман табар, Алла десе, Дүниеде ақыреттiң қамын жесе. Тәңiрi пенде тiлеуiн бермей қалмас, Халал ниет жолында жанын қиса. Марғұба тағат қылып сонда жатты, Дүниеде жаман көрiп қиянатты. Ғарiпке дұға қылса қабыл болды, Құдай бердi қатынға кереметтi. Әулие қатын болды ниетiнен, Өзiн Хаққа тапсырған құрметiнен. Ақсақ, соқыр, шолақ пенен тiлсiз келсе, Бата алса жазылады бұ қатыннан. Мұңлы кiсi қатынға келедi екен, Келген жанға батасын бередi екен. Келген жан мұратына бәрi жетiп, Тәңiрiм қабыл дұғасын қылады екен. Ақсақ келiп бата алса, аяқ бiттi, Саңырау келiп бата алса, құлақ бiттi. Жарлы келiп бата алса, малды болды, Қатынның талай жерге даңқы жеттi. Соқыр келiп бата алса, көздi болды, Тiлсiз келiп бата алса, сөздi болды. «Әмин» деген дұғасы қабыл болып, Қатынның жүрек iшi нұрға толды. Есiгiнде жатады мұңлы кiсi, Рузе, намаз – қатынның қылған iсi. Есiткен жерде мұңлы һеш қалмады, Мұратына жетедi келген кiсi. Бұл жерде осы сөзiм жата берсiн, Марғұба келген жанға бата берсiн. Қаж қылып бес-алты жыл сапар шегiп, Үйiне Мұрат Салық қайтып келсiн. Мұрат Салық жұртыменен амандасты, Амандасып сөздерiн тамамдасты. Жүрген-тұрған жерлерiн бәрiн айтып, Есендесiп көрiсiп мауқын басты. Мұрат Салық бар сөзiн айтып бiттi, Амандасып жұрт тарқап қайтып кеттi. Аманат деп тапсырып кетiп едi, Iнiсiнен қатынын «қайда?» дептi. – Сұрама ол залымды менен, – дейдi, Сөзiмнiң қатасы жоқ, инан, – дейдi. Масқара боп дүниеден өттi, – дейдi, Өзiңге берсiн Тәңiрiм иман, – дейдi. Бұзық iс сiз кеткен соң қылды, – дейдi, Шаһар халқы баршасы бiлдi, – дейдi. Шерменденi өлтiрдi таспенен атып, Залымға қазы хүкiм қылды, – дейдi. Мұрат Салық есiтiп жағы солды, Көзiне қан аралас жастар толды. Қатынын ойына алып жылайды ендi, Алланың құдiретiне мойынсұнды. Ғарiптiң қан-жас болды екi көзi, Жадына түскен сайын һәр мiнезi. Һеш опасы жоқ екен бұ дүниенiң, Һәр пендесiн сақтасын Тәңiрiм өзi. Бұл арадан өтедi бiр жаз, бiр күз, Баршаға әдiл қазы Құдайыңыз. Не қылсаң да, алдыңа келмей қалмас, Күнiнде келмедi деп асықпаңыз. Келмей қалмас, жақсылық қылсаң дағы, Жер жүзiне падиша болсаң дағы. Дүниеде алдыңға бiр келтiрүр, Жаман ниет жолында жүрсең дағы. Құдайым жалғыз қазы, әдiл өзi, Қатасыз бұрынғының айтқан сөзi. Марғұбаға өтiрiк жала қылған Жiгiттiң соқыр болды екi көзi. Адамға ақыл керек, көруге көз, Естуге құлақ керек, сөйлерге сөз. Жүрерге аяқ керек, ұстауға қол – Сол болар сегiз мүше дегенiмiз. Жiгiттiң көзi кетiп болды ғарiп, Дәрiгерлерге қаратты iздеп барып. Есiткен жерде дәрiгер һеш қоймады Мұрат Салық iнiсiн қасына алып. Есiткен жерде дәрiгер қоймады ендi, Мұрат Салық бар малын оған бердi. Көп дәрiгерге бақтырды алып барып, Һеш себеп бәрiнен де болмайды ендi. Үмiт үзiп үйiнде жатты бұлар, Пендеге һәрне iстi Тәңiрiм қылар. – Бiр шаһарда әулие қатын бар, – деп, Себеп сонан болар, – деп есiттiлер. Бұлар iздеп ойлайды баралық деп, Тапқан малын алдына салалық деп. Тәңiрiм берсе, бiр себеп болмас па екен, Қатынның фатихасын* алалық деп. Iнiсiн алып жүрдi Мұрат Салық, Шаһар жолын, қатын сұрап алып. Екi-үш күндей жол бiрлән жүрдi дағы, Бiр үйге мейман болып қонды барып. Бұлар келiп бiр үйге қонды дейдi, Мейманға түрлi тағам бердi дейдi. – Бiрiң соқыр, бiрiң сау жолдас болып, Қайда кетiп барасыз ендi? – дейдi. – Бiз шықтық пәлен елге баралық деп, Әулиеден фатиха алайық деп. Үшбу iнiм бiр себеп бола ма деп, Келемiз сол қатынға жылалық деп. Қуанды мұны естiп оның iшi, Оның дағы бар екен бiр iнiсi. Аяқ-қолдан айырылып жатыр екен, Пендеге не қылса да Тәңiрiм iсi. О да алып iнiсiн жүрдi дейдi, Төртеу бұлар бiр жолдас болды дейдi. Неше күндер жол жүрiп бейшаралар, Бiр шаһардың iшiне кiрдi дейдi. Марғұба падишадан алған жiгiт, Өлiмнен азат болып қалған жiгiт, «Саған ашық болдым» [деп] Марғұбаға, Бәленi Марғұбаға салған жiгiт. Қатынды сатып үйiнде қалған екен, Керуеннен жүз дiлланы алған екен. Марғұба бейшараның қарғысынан Оған да бiр дерт пайда болған екен. Төртеуiне ол дағы душар болды, Бiр-бiрiнiң сұрасып халiн бiлдi. «Сiзге жолдас боламын мен бейшара» [деп], Бұлар бiрлән жүрмекке көңiл қылды. Бесеуi жолдас болып кеттi дейдi, Дариядан кеме [бiрлән] өттi дейдi. Жолыққанның бәрiнен сұрай-сұрай, Бiр шаһарға айдан соң жеттi дейдi. Шаһарға қарадылар көзiн салып, Өзiнiң үйлерiне қайран қалып. Есiттiлер қатынды осында деп, Үйiн сұрап ғарiптер тапты барып. Келселер, үйдiң алды толған адам, Бос жер жоқ басатұғын жалғыз қадам. Бесеуi бiр шетiнде отырады, Жүретұғын жөн таппай үйге таман. Кеш болған соң бата алған қайтты дейдi, Бата алмаған сол жерде жатты дейдi. Таң атқан соң «алыстан келдiк бiз» деп, Қатынға бұлар хабар айтты дейдi. Оларды қатын көрiп танып отыр, Ғарiп, мiскiн батасын алып отыр. Құдайына шүкiрлiк тәубе қылып, Құдiретiне тамаша қалып отыр. Есiктен бұлар кiрдi тағзым етiп, Кiргiздiлер бұларын кезек ертiп. – Алыс жолдан келген бiз бейшарамыз, Дұғаңыздан бiз келдiк үмiт етiп. Марғұба айтқан сөзiн тыңлайды ендi, – Сiзге дұға қылмаймын мұнда, – дейдi. Патшаның ордасына алып барып, Батамды мен берейiн сонда, – дейдi. Қатыннан ханға хабар барды дейдi, Елiн жиып, хан халқын алды дейдi. Түрлi тағам, бәрiн де хазiрленiп, Торғын мамық құс төсек салды дейдi. Марғұба тұрып жүрдi ханға тамам, Алдынан қарсы келдi мың сан адам. Жарлыға алтын-күмiс хайыр қылып, Падиша шашу шашты қуанғаннан. Марғұба үйге таман кiрдi дейдi, Жұрттардың бәрi сәлем бердi дейдi. Мүсәпiр есiк алдында отыра екен, – Алып кiр үйге соны ендi, – дейдi. Ғарiптер үйге кiрiп сәлем бердi, Отырған жамағаттың жүзiн көрдi. Ұлық-кiшi бұлардың бәрi де бар, Марғұба ғарiптерге «сөйле» дейдi. – Тыңлаңыз бұ сөзiмдi, ұлық-кiшi, Бiздерден дұға тiлеп келген кiсi. Күнәһын сөйлесiн бұлар әуел, Бар шығар үлкен күнәһ қылған iсi. Күнәһларын Құдайым көрген шығар, Ғарiптер үлкен күнәһ қылған шығар. Күнәһтан тәубе қылмай жүрген шығар, Құдайым бұларға дерт берген шығар. Әуелi бұл күнәһысын айтсын, – дейдi, Тәубе қылып, күнәһтан қайтсын, – дейдi. Мен батамды берейiн, иншалла, Сау-саламат жазылып қайтсын, – дейдi. Айтуға күнәһларын ұялдылар, Халайық-жамағаттан имендiлер. Көп iшiнде сөйлеуге қылғандарын Ғарiптер қатты сасып қиналдылар. – Айтпасаңыз, мен бата қылман, – дейдi, Ендi қайтып бұл үйге кiрмен, – дейдi. Қайтамын, – деп Марғұба түрегелдi, Сiздерге, асла, дұға қылман, – дейдi. Марғұба түрегелiп қайтпақ болды, Падиша, жұрт-жамағат құрмет қылды. «Айтпасаңыз мен дұға қылман», – дейдi, Ғарiптер ақыр сөзiн айтпақ болды. Қайнысы айтты сырымды айтайын деп: – Айтайын барлық сырым, тыңлаңыз кеп. Ақыр ендi айтпасам болмайды екен, Күнәһымды сөйлеуге ұялдым, – деп. Бәрiн де айтты күнәһының бiлгендерiн, Марғұбаға жалған дуа қылғандарын. «Жеңгем зина қылды» деп қазыға айтып, Тас бiрлә айтты тағы ұрғандарын. Бәрiн айтты қатынға қылғандарын, Көңлiндегi қалдырмай бiлгендерiн. Ағасы қаж кеткен соң ашық болып, Қатынға қойныңа ал деп жүргендерiн. Көнбеген соң қатынға өш болғанын, Куәһ бол деп төрт жiгiтке дос болғанын. Марғұбаға өтiрiк бәле сайлап, Бейкүнәһ бейшараға қас болғанын. Есiтiп қайран қалды жұрттың бәрi, Жиылған үлкен-кiшi, кәрiлерi. Мұны айтып Тәңiрiге тәубе қылып, Ұялғаннан қатынға қылды зары. Қайнысы бар күнәһысын айтып болды, Естiген жұрттың бәрi тәубе қылды. Өткен қалған күнәһын сөйлетуге Ғарабтың iнiсiне кезек келдi. Ғараб айтты: – Сен сөйле, iнiм, – дейдi, Өтiрiк қоспай сөйле шынын, – дейдi. Сен бейшара, не күнәһ қылып едiң, Бәрiн де жасырмайтын күнiң, – дейдi. Ол жiгiт те сөйлейдi жамағатқа: – Мен де үйдегi қас қылдым аманатқа. Марғұбаға қылғанын бәрiн де айтты: Қойдым, – деп, – бейшараны жаманатқа. Бiр қатынға мен қатты жаман қылдым, Қас болып бiр қатынға амал қылдым. Бала өлтiрiп қылғанын бәрiн де айтты: Тәңiрiнiң бұл бергенiн сонан бiлдiм. Бiр қатынға ашық боп салдым бәле, Бiр баланы бауыздап қылдым жала. Бейкүнәһ бейшараны ұрып-соқтық, Жамағат, қылғанымды қара-сәна. Дарға асылған жiгiтке кезек келдi, Отырған көп бұлардың сырын бiлдi. Бiр қатынға ол дағы қас қылған[ын] Амалсыз қайтсiн ғарiп сөйлейдi ендi. Өлiмнен құтқарғанын сатып алып, Соңынан қалмағанын азап салып. Сатқанын, қалмағанын, бәрiн де айтты, Жұрт тыңлайды бұл сөзге қайран қалып. Үш кiсi күнәсiнiң айтты бәрiн, Марғұбаға көп жапа қылғандарын. Ғарiптi һеш күнәсiз ренжiтiп, Бiрiн қоймай айттылар бiлгендерiн. Бұларға жұрт құлағын салып отыр, Жамағат сөздерiне қанып отыр. Қатынға қылғанына қайран болып, Таң-тамаша халайық қалып отыр. – Сақтаса Тәңiрiм өзi болар қорған, Үш залым бiр қатынға жапа қылған. Сол бейшара қатынмын мен Марғұба, Залымдардың қолынан халас болған. Бұлардан көп жапалар көрдiм, – дейдi, Сиынып бiр Аллаға жүрдiм, – дейдi. Бейкүнәһ ниетiмнiң дұрысынан Жақсылық Тәңiрiмнен көрдiм, – дейдi. Көп жапалар залымдар маған қылды, Тәңiрiден қорықпай бұлар жаман қылды. Бұл жаһанда бұларды қор-зар қылып, Мұқтаж боп ақырында маған келдi. Мұрат Салық – халалым, ерiм менiм, Түркiстан шаһарым болар жерiм менiм. Елiмнен шығып жүрген мәнiм осы, Қалмады айтылмаған сырым менiм. Құдайға бұлар тәубе қылсын, – дейдi, Жаман ниет көңiлден қалсын, – дейдi. Райдан қайтқан адам сауап табар, Мен батамды берейiн, алсын, – дейдi. Марғұба бұған бата берiп отыр, Жиылған көп жамағат көрiп отыр. Жасырмай сырын айтты бейшаралар, Құдайдың салғанына көнiп отыр. Батасы Марғұбаның асып отыр, Көңлiнен жаман ниет қалып отыр. Күйеуi Марғұбаның танымайды, Марғұба көргеннен-ақ танып отыр. Қосылып Марғұбаға қалды дейдi, Есiне таныған соң алды дейдi. Елден көшiп Марғұба амандасып, Түркiстанның шаһарына барды дейдi. Бақ бердi Марғұбаға патша Құдай, Жанның бәрi ескерсiн мұнан былай. Адамзат өз пиғылынан күнәһ табар, Құдайдың құдiретiнiң бәрi осылай. Марғұба қаңғырыпты талай жаққа, Қараңызшы Құдайым берген баққа. Өзiнiң ниетiнiң дұрысынан Отырды Мұрат Салық алтын таққа. Марғұба тамам болып бiттi дейдi, Мұнан соң талай заман өттi дейдi. Түркiстан шаһарына патша болып, Барша мұрат басына жеттi дейдi.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ
Бұл тілдегі нұсқа жоқ