Балықшы Илә Ғифрит қиссасы

Бiр қисса жазайын деп алдым ойға, Муафиқ айтқандай қып жиын-тойға. Бұрынғы өткен заманда бiр балықшы Тiрлiгiнде кем болған сиыр-қойға. Дариядан балық аулап күнiн көрiп, Кәсiбiн қылып жүрдi шақтап бойға. Бейшараның болмапты жалғыз малы, Жамағат нәпақасы көп-дүр жаны. Ау салып, балық аулап су жағалап, Жүредi нашарлықпен...

Қазақша
Балықшы Илә Ғифрит қиссасы
Бiр қисса жазайын деп алдым ойға, Муафиқ айтқандай қып жиын-тойға. Бұрынғы өткен заманда бiр балықшы Тiрлiгiнде кем болған сиыр-қойға. Дариядан балық аулап күнiн көрiп, Кәсiбiн қылып жүрдi шақтап бойға. Бейшараның болмапты жалғыз малы, Жамағат нәпақасы көп-дүр жаны. Ау салып, балық аулап су жағалап, Жүредi нашарлықпен құрып халi. Осындай қисса жазам жаңа кептен, Мұндай кеңес шыққан жоқ бұрын көптен. Кiм келiп бұ дүниеге, кiм кетпейдi, Жан иесi бәрiне қаза жеткен. Сол жiгiт нашарлықпен балық аулап, Зарланып қорлықпенен өмiрi өткен. Күнiнде төрт мәртебе ауын салар, Басқа ризық iздемес төгеректен. Баласы көп, асырар малы болмай, Бейшара жоқшылықпен жапа шеккен. Нендей шаһбаз-сабаздар бұ пәниден Зарланып, қорлықпенен өтiп кеткен. Бiр күн бесiн уақтында ауын салды, Ризық талап қылып Құдiреттен. Бейшара нашарлыққа байлап бауын, Дүние-малға бағалар деннiң сауын. Салған соң бiраз ғана тоқтады да, Балық түскен шығар деп тартыпты ауын. «Бiр Алла, ризығын өзiң бершi, Үйiмде шулап отыр қанша қауым». Аудың ұшын байлауға қақты қазық, Балық түссе болар деп балама азық. Тартса ауыр, салмағы көп, қозғалмайды, Шаттанды қарайын деп ауын жазып. Көп ризық келдi деп бiр Құдайдан, Әзiрлейдi салам деп сауыт-сайман. Су шетiне шығарса зор[ға] тартып, Үлкен есек көрiндi анадайдан. Аллаға налыс қылып зарланады, Харам мақлұқ бердi деп маған қайдан. Өлшеулi халал нәпақам бiттi ме деп, Һәр түрлi ойға кетiп қалды қайран. Аудан есек шыққанға қайғыланды, Әуелде кем қылдың деп халал малды. Әзелде жазған ризық бар шығар деп, Екiншi ауын және суға салды. Салған соң бiраз тоқтап тұрды дағы Және ауыр күшпенен тартып алды. Бiр жолғысы тас пен шөп оны-мұны, Бұ нешiк хал болды деп қайран қалды. Үшiншi және ауын салды аршып, Шөп-шарын тазалайды суға малшып. Бұ жолы уатылған ылғи шөлмек, Бiр босы жоқ iшiнiң, бәрi балшық. Бейшара түк ала алмай мехнаттанды, Талайды әурелеген дүние қаршық. Балықшы зарланады жапаланып, Үш салып ала алмайды жалғыз балық. Ғаршының тарапына көзiн тiгiп, Жылады шыныменен Хаққа налып. «Құдай-а, нәпақаланып тұрушы едiм, Күнiнде төрт мәртебе ауды салып. Мен құлың ендi қайдан күн көредi, Өзiңнiң әмiрiңнен мақұрым қалып. Тамақ жоқ, балам шулап отырған соң, Барады қасiретi iшiм жарып. Басқадан ризық талап қылмаушы едiм, Жүрсем де кедейлiкпен ашып-арып. Шүкiрлiк қып айтушы ем хамду-сәна, Жоқтығыма жүрмеушi ем назаланып. Жазалы боп қуылсам дәргаһыңнан, Мен пақыр күнелтемiн қайда барып. Бiр Алла, құдiретiңе жалынамын, Кәсiбiм кемiгенге налынамын. Ризығым таусылып, күнiм бiтсе, Опасыз бұ дүниенi не қыламын?! Балалардың ризығы өз алдына, Несiне өкiнiш қып жабығамын. Ажалым жетпей жүрер күнiм болса, Ризығым кемiгенге қамығамын. Үш салып жалғыз балық ала алмадым, Сонда да басқа жаққа бара алмадым. Ауымды мехнаттанып салсам дағы, Пайдасы жоқ нәрсеге арандадым. Әгар қазам жетпесе ризық бер, Сенен басқа жәрдемшi таба алмадым. Төртiншi салғанымда нәсiп әйла, Кез келтiр көп балықтың қамалғанын». Төртiншi ауын салды бисмилла деп, Нығметi кесiлгенге уайым жеп. Қаза жетiп қабiрге кiргенiмше Халал кәсiп iздемей тұрмайын тек. Бұ жолы ауға iлiнiп келген нәрсе, Тамаша тыңласаңыз болады кеп, Ғажап қайран қалғандай қызығы бар, Келiстiрiп сөйлесем болады еп. Бейшара ауын тартты үмiт етiп, Бек ауыр зорға тартты есi кетiп. Бұрыннан запыс болып қалған байғұс Қорқып тұр кетедi деп әлдене етiп. Сүлеймен мөһiрiмен бекiтiлген Бiр қызыл бақыр шелек келдi жетiп. Қорғасынды ерiтiп мөһiр басып, Ауызын ашылмастай қылған тетiк. Бұ жолғы iлiнгенi – бақыр шелек, Ауызынан белгi жоқ, дөп-дөңгелек. Қызыл мыс бақыр шелек шыққаннан соң, Деп ойлады: «Көп асыл болса керек. Ауызы жоқ, қорғасындап мөһiр басқан, Осы күнгi шелектен түрi бөлек. Iшiнен асыл қазына бұйым шықса, Құдайым алдыңғыны бердi төлеп». Балықшы қуанады шелегiне, Һәр мұқтаж табылады деп керегiме. Зарланып бiр Аллаға тәубе қылды, Бұрынғы қайғы-қасiрет жемегiне. Сүйiндi шелегiнiң салмағына, Күшпенен зорға тартып алғанына. Бейшара қуанады алтын бар деп, Көп нығмет iлiктi деп қармағыма. Шелектiң iшi толған алтын болса, Қыздарым жүзiк салам бармағына. Шелекте алтын көп деп қылды пiкiр, «Құдай-а, өзiң кешiр, айтсам күпiр. Көп олжа жылағанда кез келтiрдiң, Бiр Алла, құдiретiңе мың-мың шүкiр». Түбi жоқ, таба алмады аузын қарап, Бұзатұғын онда жоқ қару-жарақ. Япырым-ай, мұны нешiк қыламын деп, Ақыл-хайла бойынан кеттi тарап. Жанымда көтерiсер кiсiм жоқ деп, Жан-жағына қарады алақ-алақ. «Салмағы көп, тұп-тұтас, ауызы жоқ, Iшiнде алтын болса болдым ғой тоқ. Бұрынғыдай тағы да шөп-шар болып, Мехнатты бiр нәрсеге болам ба соқ. Әгарда iшi толған алтын болса, Иттен қор қып таптым ғой, дүние боқ. Әйтеуiр, салмағы көп сүйiнгендей, Шаттанып тұрмын алтын үйiлгендей. Iшiнен көп ризық нәсiп әйла, Дос сүйiнiп, дұшпаным күйiнгендей. Иә болмаса, бiр фитнә тағы шығар Iшкен асым тамақтан түйiлгендей». Сүлеймен мөһiрiмен пешеттеген, Ауызын қорғасынмен көрсетпеген. Аузын ойға қаратып шелегiнiң Пешетiн бұзайын деп есептеген. Пешеттiң фентiн тауып жыпылдатты, Тылсымның ашылатын қыбын тапты. Iшiндегi нәрсесi төгiлсiн деп, Аузын төмен қаратып лықылдатты. Балықшы жүрген байғұс Құдай сақтап, Ау, сүзгi салып жүрген екi жақтап. Домалақ бақыр шелек шығып едi, Бiр мүшкiл қиын болды кiлтiн таппақ. Мөһiр басқан пешетiн бұзып едi, Жер мен көктi кетiптi тұман қаптап. Қараңғы тұман кеттi дүниенi алып, Балықшы қорыққаннан қалды талып. Тұман боп бiраз қаптап тұрды дағы, Бiр ғифрит перi болды жұмарланып. Перiнiң аузы үңгiрдей, бойы таудай, Қабағы бұлт секiлдi тұрған жаумай. Түрiнен жан тiтiреп шошынғандай, Жан-жағын қамап алды құрған аудай. Аузынан от шашылар көзi жайнап, Балықшы тұр сиынып «иә, Құдайлап». Кеудесi мұнарадай, аяғы бiр зор терек, Қабағат сипаты бар көрсе абайлап. Балықшы қайран қалды есi кетiп, Олжа деп тұрған байғұс үмiт етiп. «Лә иләһа иллә Алла, Сүлеймен нәби Алла», – деп, Ғифрит есеңгiреп келдi жетiп. – Әй, нәби, ғафу қыл, – деп келдi жылай, Әмiрiңнен шықпайын мұнан былай. Не десең, бұйрығыңды екi қылмай, Қызметiңде жүрейiн ылғи-ұдай. Балықшы қайран қалды мынау сөзге, – Таудан да зор перiсiң көрер көзге. Сүлеймен өткенiне неше заман, Манағыдан шықты ғой сөзiң өзге. Мың сегiз жүз жыл болған өткенiне, Пәниден бақи жайға кеткенiне. Қашан кеткен патшаны бүгiн жоқтап, Кетпес таңба басқан ба көттерiңе. Сүлейменнiң есiмiн айтып едiм, Бiр ғаламат бiлгiздi беттерiңе. Есеңгiреп қалыпсың, ақымақ перi, Қайранмын маған келiп жеткенiңе. Әгар маған сөйлесең шыныңды айтып, Құлағымды салайын кәптерiңе. Сүлеймен патша өткелi неше заман, Өткенiн күллi мақұлық бiлген тамам. Жан-жануар бiлгенде сен бiлмейсiң, Бiлдiрiп уақиғаңды айтшы маған. Өлiп қалған патшадан мұнша қорықтың, Тiрi күнде қандай iс қылған саған. Мың сегiз жүз жылдан берi қайда жүрдiң, Атын айтса болады күнiң қараң. Хүкiм шашып тұрғанда барша жанға, Сол күнде нағып жүрген жаның аман. Өлгелi көп жыл болған падишадан Қасыңда тұрғандай-ақ қорықтың жаман. Қияпатың өзгерiп түсiң қашып, Жапырақтай қалтырап кеттi бағаң. Сүзгi салып дарияға ауды құрдым, Алладан ризық сұрап зарлап жүрдiм. Халал нәрсе ауыммен келмесе де, Иншалла, тәубеге мойным бұрдым. Түрiң жаман ғифрит бiр перiсiң, Мен сенен зәрем ұшып қорқып тұрмын. – Сүлеймен өлдi десең қуанамын, Әгар да тiрi жүрсе суаламын. Самандүн мен Сүлеймен не қылмады, Солардың қасiретiмен дуанамын. Бұ шелекке тылсыммен қылған кiлт, Бекiткен соң жанымнан қылмай үмiт. Сүлейменнiң өлгенi рас болса, Көп сүйiншi берейiн саған, жiгiт. Сүлеймен тiрлiгiнде не қылмаған, Жанымды қоятын жер табылмаған. Қанша менi қинаған ұстап алып, Сонда да айтқанына бағынбағам. Қандай азап қылса да фентке салып, Уағда қылған жерi[нен] табылмағам. Қиын-қиын азаппен қинағанда, Денемнен тер қалған жоқ ағылмаған. Шелекке салды менi көнбеген соң, Қаза жетпей қинаумен өлмеген соң. Тағы тiрi шығар деп нанбай тұрмын, Көзiмменен өлгенiн көрмеген соң. Неше жыл жер мен көкте жүрдiм қашып, Самандүн есiтiп алды өнерi асып. Шықпастай өмiр бойы қапас қылып, Тасып жүрген көңiлiмдi қойды басып. Жер жүзiне шығардың себеп болып, Тылсымдаған шелектiң аузын ашып. Ендi сенiң шығарған хақың үшiн, Өлтiрейiн қаныңды судай шашып. Мен сенi айтқаныма келтiрермiн, Ендi мен жиһанға тентiрермiн. Өзiң қандай өлiмдi жақсы көрсең, Сол өлiммен кешiкпей өлтiрермiн. – Дарияға ау салмасам, азығым не, Таяғымды сен кессең, қазығым не. Жақсылыққа жауыздық қыламысың, Бұлайша өлтiргендей жазығым не? – Жатып көрдiм, дарияның түбi салқын, Қатын-балам шуласып, қалған халқым, Дарияға тақ Сүлеймен салған шақта Бар едi көңiлiмменен қылған антым. Неше жүз жыл жатқан соң су түбiнде, Деп едiм: «Кiм шығарса жүзi жарқын, Кiмде-кiм шығарса да, сол уақытта Олжа қып бермек едiм мың-мың алтын». Ол уақытта шығарған жан болмады, Шүбһәсiз айтқан сөздiң бiлсең парқын. Асаф пенен Самандүн алған ұстап, Неше жыл су түбiнде жаттым қыстап. Дiнiне кiрмеген соң салды менi Шелектiң iшi тылсым сыртын мыстап. Сүлейменнiң өлгенi рас болса, Iшiмдегi уәжұп-шердi құспақ. Өнерге қандай махир Асаф батыр, Самандүн заманында құрған шатыр. Сүлеймен патша болып тұрғанында Талайларды шайнады қатыр-қатыр. Солардан қалай қысас аламын деп, Iшiмде қайғы-шерiм толып жатыр. Олар менi ұшыратқан талай халге, Ақырында пенде қылып салды тарға. Сол уақытта: «Шығарған кiсi болса, Мұқтаж қылман деп едiм дүние-малға». Мұнан соң неше жүз жыл тағы жаттым, Су түбiнде бұйырған тағам таттым. Осындай азап тарттым, аушы батыр, Жолына жүрмеймiн деп шариғаттың. Неше жыл хайла iздедiм шыбын жанға, Шығарса бай қылам деп дүние-малға. Жер жүзiнде көмiлген алтындар көп, Берем деп уағда қылдым шығарғанға. Һеш адам ол уақытта кез болмады, Жалғыз жатып айтқаным сөз болмады. Орным – шелек, жатқаным – судың түбi, Жарықты көретұғын көз болмады. Тағы да неше жүз жыл жаттым зарлап, Кез болып сен бұл тұста салдың қармақ. Сенi Тәңiрiм кез қылды бүгiн маған, Уағда қып жатқанымда өлiмдi арнап. Босанып Қап тауынан ассам, – дедiм, Судан шығып жер жүзiн бассам, – дедiм. Әгар судан шығарса менi бiреу, Басын кесiп қандарын шашсам, – дедiм. Сонан соң тiлегiмдi қабыл қылған, Тағы да неше жүз жыл суда тұрғам. Күн-түн зарлап қажыдым су түбiнде, Қабыл болмай қылсам да жанды құрбан. Тiлегiм ендi қабыл болды бүгiн, Мекен қылып жатып ем судың түбiн. Тез ендi жұмысыңды бiтiрейiн, Өзiң бiлiп тұрсың ба өлiм түрiн? Бейшара, қарап тұрмай иманыңды айт, Қараңғы болады ендi жарық күнiң. Сүйегiңдi шайнасам нандай қылып, Нам, нышан дүниеде қалмас түгiң. Балықшы қорыққаннан жылайды зар, Көзiне бұ кең дүние көрiнiп тар: – Өлтiремiн десең де қолың жетпес, Әгар да болса маған Тәңiрiм жар. Қазам жетпей өлтiрем деп ойласаң, Кәпiр малғұн, бетiңде жоқ екен ар. Арманда боп кетпейiн қанымды артып, Нанымды һәр нәрсенiң дәлелi бар. Құдайым иман берсе, өлiмiң – той, Сен сықылды кәпiрге қыр емес ой. Таңда махшар жерiне барған шақта, Жақсы менен жаманнан көрiнер бой. Нанатұғын көрсет те дәлелiңдi, Бiр сағат қоймай менiм көзiмдi жой. Кiнәсiз қан арқалап кеткенiңше Және менiм жазамды мойныма қой. Көп заман мен өлiмдi бiлгенiме, Мың шүкiр аз күн тiрi жүргенiме. Жаныңды мың берсең де, мен нанбаймын Осы шелек iшiне кiргенiңе. Айтқызбай арызымды қойдың тыйып, Бойыңа ашуыңды тұрсың жиып. Үлкен таудай ғифрит бiр перiсiң, Бұ шелекте сен жаттың нағып сыйып. Сен өзiң душар болып келдiң қырдан, Қызықтың олжа екен деп мұнда тұрған. Хақиқат сенiң мұның рас болса, Мың қабат өлтiрсең де мойным бұрман. Нанбаймын, қайта кiрмей шелегiңе, Дәлел тап мың сегiз жүз жыл қорегiңе. Көзiмше бұ шелекке қайта кiрсең, Маған дағы тiрлiктiң керегi не?! Кетпейiн қапа болып мен де арманда, Мәңгi тұрған кiсi жоқ бұ жалғанда. Қаным қарыз қылмайын мойыныңа, Тағдыр жетiп махшарға сен барғанда. Менi өлтiрме өтiрiк-жалғанменен, Сен де оңбассың тiрi боп қалғанменен. Шелекке қайта кiрiп дәлел көрсет, Қапа болып кетпейiн арманменен. Ғифрит ажиз болды жауап таппай, Сасқанынан қарап тұрды кiрпiк қақпай. Әйтеуiр балықшыны сендiруге Шелекке кiрмек болды ауыз саппай. Сонан соң перi бу боп аспанға ұшты, Хайласы балықшының қалай күштi! Қауiпсiз шелегiне қайта кiрiп, Қор болып перi тағы қолға түстi. Шелекке алдап кiргiздi дию иттi, Пенде қылып баяғыдай салды кiлттi. «Аққа зауал жоқ» деген осы емес пе, Балықшы аман, ғифрит болды күптi. Перiнi қалай алдап қамап алды, Кiм осал деп айтады бұл жiгiттi. Пенде қылып қайта қамап алғаннан соң, Перi дағы жанынан үздi үмiттi. Қорғасынды мөһiрлеп басқаннан соң, Балықшының мақсұты тамам бiттi. Сүлейменнiң пешетiн басты мықтап, Ендi перi мұңданды жылап-сықтап. Шелектi төмен тасқа домалатты, Қақалғанның үстiне жұдырықтап. – Шелегiң әуел жатқан саған сарай, Ендi тiрi шығуың екiталай. Жақсылыққа жамандық қылатын ит, Арсыз, малғұн, бұл күнде жайың қалай? Сүлеймен патша кеткен белгi тағып, Пешеттеп аузына мөһiр қағып. Жазасыз өлтiремiн деп тұрғанда, Қысылып ем маңдайдан терiм ағып. Ақырын қайырлы қып бердi Құдай, Сабыр қып iс ақырын тұрдым бағып. Жазығым жоқ кiсiмiн, өлтiрем деп, Мен ендi жiберейiн отқа жағып. Тас байлап жiберейiн суға тастап, Жамандықты шығардың өзiң бастап. Пиғылыңды көрген соң суға салған, Бiлген екен бiздерден бұрынғы асхаб. Менi сен өлтiрем деп ақырайдың, Құдайым жаратқандай маған хастап. Әгарда сенi өлтiрiп өнер қылсам, Паш қылып уәжiп болды жұртқа шашпақ. Тәңiрiм аяған соң құтылдырды, Шын зарлап жылап ем көздi жастап. Дүниеге мұқтаж болман денiм сауда, Шыға салып кiргiздiң қалың қауға. Қапаста жатқан сенi шығарам деп, Саламат жүрген басым қалды дауға. Сенi кiм керек қылып iздер едi, Шыққаннан көрiнбестен кетсең тауға. Екi жүз пұт тас байлап суға тастап, Шықпастай қып қояйын шырмап бауға. Балықшы байғұстарды әуерелеп Сен залым iлiгерсiң тағы да ауға. Ендi бәлем шығаршы дыбысыңды, Iшi харам, бұзайын ыдысыңды. Зәрре-қадар жақсылық саған болмас, Жиһандағы жисаң да бiлiсiңдi. Қиямет-қайымғаша шықпастай қып, Бiржола бiтiрейiн жұмысыңды. «Қылғанға қылған сауап» деген сөз бар, Мыс қылуға ойладың күмiсiмдi. Балықшы азабынан арылады, Перiнiң кең дүниесi тарылады. Өз қолынан ықтияр кеткеннен соң, Зарланып ендi перi жалынады. Перi кәпiр жалынды қатты зарлап: – Әуелде iс қылмадым артын барлап. Ендi менi шығарсаң жер жүзiне, Қалауыңды бердiрем айтсаң таңлап. Шарт уағда қылайын қас қылмасқа, Алланың атын бұзып кетпен алдап. Қараңғы қиын жердiң дәмiн таттым, Шығарсаң күн көрер ем жаным жалдап. Жақсылық қылған саған қастық қылдым, Бойымнан ақыл кетiп Құдай қарғап. Маған қандай iс қылсаң, саған сауап, Жақсылықты бiлмеген мен бiр парнақ. Көп әжiр тақ аласың ғафу қылсаң, Әйтеуiр пақырлығым саған салмақ. Бұ күнде мен бiр пақыр сiздiң қолда, Бастасаң ерiк сенде iзгi жолға. Отқа, суға салсаң да ықтиярың, Қамалдым шықпастай боп берiк торға. Ғафу қылып шығарсаң шартқа сенiп, Сенiң де басар едi iсiң оңға. Мана тарпаң болсам да бас бiлмейтiн, Нансаң, болдым бұ күнде судай жорға. Сен себеп боп қапастан құтқарғанда, Талай қата жаман сөз айттым сонда. Өзiмнiң тәкаппарлық күпiрiмден, Жығылдым шыға алмастай терең орға. Қолыңнан келiп тұрған пақырларға Мархабат қылмаймын деп асы болма. Рақым қылып бiр шығар ендi менi, Қайғысыз бай қылайын мен де сенi. Шығарсаң пақырлығың тамам кетiп, Көрмеген тамашалар болар едi. Басыңа дәулет құсы қонар едi, Қойны-қонышың ақшаға толар едi. Тәңiрiнiң беруiне мен себеп боп, Мехнат кетiп бақытың оңар едi. Кешегi кедей мұндай болыпты деп, Дос сүйiнiп, дұшпаның солар едi. – Бәдбақыт, мана сен қандай едiң, Желдегi лапылдаған шамдай едiң. Айтқан сөз құлағыңа кiрмейтұғын Тейфсiз даладағы аңдай едiң. Зор қата ендi сенi шығаруым, Көрсетуiң һәрбiр түрдi буын-буын. Қабағат пиғылыңды көргенден соң, Мен дағы жамандықтың тiктiм туын. Жер жүзiнде жүруiң қиын болар, Өлмеймiн деп iшсең де мәңгi суын. – Балықшы, мен қылмадым жақсы амал, Фитнәға iшiм толған менiм самал. Ғұзырымды қабыл қыл рақым әйлап, Ант етейiн қылмасқа һешбiр залал. Алимнен кем көрмейiн ендi сенi, Байытайын, дүние ғой адам жемi. Залал түгiл, қисапсыз мал берейiн, Ант қылдырып Аллаға тапсыр менi. Мархабат қып шығарсаң бұ шелектен, Байлығыңның патшадан болмас кемi. – Мен сенi босатпаймын, қорқып қалғам, Шыққың келiп жатыр ма айтып жалған. Иунан патша, уәзiрi мен бiр хакимi Үшеуiнiң кеңесi көпке барған. Уәзiрiнiң падиша тiлiн алып, Ақырында хакимге бүлiк салған. Бiздiң дағы арамыз соларға ұқсап, Аяғы болып кетер онан да арман. – Ол қандай хикая едi, айтып қара, Айтар адам емессiң сөздi шала. Аллаға тапсыр менi, қастық қылсам, Зәредей көңiлiмде жоқ бұ күнде ала. Әлгi айтқан кеңесiңдi баяндашы, Әншейiн қылып қоймай бiтеу жара. Көңiлдi тоқтатарлық ғибрат па екен, Ықыласпенен тыңлайын құлақ сала. Қисса Иунан патша Рұмда Иунан деген бiр патша өткен, Пақырға қайыр қылып малын төккен. Қызметкер әскерiнiң қисабы жоқ, Жау батып келе алмайды төңiректен. Өзi әдiл, қайырлы, дәулетi көп, Соларға да қатадан қаза жеткен. Алапес ауру болды бiр күн патша, Нәзiр етiп тiлендi Құдiреттен. Тәбиптердi жидырып қол астынан, Дәрiгерлер бiлгенiнше дауа еткен. Ауруына һеш дауа қонбаған соң, Зар жылап падишаның есi кеткен. Патша жүр қорыққаннан есеңгiреп, Дұға қылып зарлайды елi тiлеп. Қайыры, әдiлдiгi көп болған соң, Қайғырып жылап жүрдi жұрты жүдеп. Падишаның ауруы оңалмады, Мақсұты ойына алған бола алмады. Тәбиптi қол астынан жиса дағы, Бойына қылған дауа қона алмады. Бақсы-балгер жиылды талай жерден, Шипасы табылмайды дәрiгерлерден. Жазылса падишадан олжа алуға Неше түрлi өнерпаз iздеп келген. Ендi патша өледi деп тұрғанда, Бiр кәрi тәбип келдi бөтен елден. Роя есiмдi бiр хакимi Кiсi екен тәбиптiгi бойға сiңген. Бiр кәрi тәбип екен жиһан кезген, Мал-мүлiк, үйi-түзден тамам безген. Өз бетiмен келiптi бұл шаһарға, Падишаның ауруын келiп сезген. Көзi жетпес ғайыптың қалайына, Аурудың дауа қылған талайына. Көптен берi ауру деп естiген соң, Патшаның iздеп барды сарайына. – Рұқсат болса, науқасын көрер ем, – деп, Тәбип: хабар айт, – дедi малайына. Падишаға малайы хабар бердi: – Тәңiрi оңдаса, бiр үлкен дәрiгер келдi. Кiруге рұқсат сұрап қапқада тұр, Аралап көрген, бiлем, талай елдi. Қияпаты зиада басқалардан, Тақсыр-ау, көрген жерден мысы жеңдi. Хакимге Иунан патша: – Келсiн, – дедi, Сарайға бисмилла деп енсiн, – дедi. Науқасымның мәнiсiн көрсiн дағы, Тәуекел деп дауасын берсiн, – дедi. Жазылсам, дүние-малын аямаймын, Бұл айтқан уағдама сенсiн, – дедi. Патшаның құзырына келдi хаким, Талайға дәрiгерлiкпен болған жақын. Бұған пәлен дауаны жасаймын деп, Науқасың алапес деп соқты кәпiн. – Бiр дауа жасап берем iшкендей қып, Iшiңдегi ауру пiскендей қып. Тағы да бiр сауытқа дәрi салып, Ғұсыл қылып жуынып түскендей қып. Моншаға түс, қолыңа ал дағы су, Жазылсаң белгi берiп шығады бу. Моншада әбден балқып терлеген соң, Мына берген дәрiмен тәнiңдi жу. Патша айтты: – Көңiлiңдi жай қылайын, Бұлақ суын ағызып май қылайын. Өзiңе қияметтiк азық берiп, Туысқан-туғаныңды бай қылайын. Тәбиптер сiзден бұрын баққан қанша, Риза едiм жазып барлық малым алса. Дүние-мал, алтын-күмiс, қазынам көп, Аяман бұл аурудан жаным қалса. Әгарда шипа болса берген дәрiң, Тақсыр, сiзден аяман малдың бәрiн. Әулетiңнiң бәрiн де бай қыламын, Ғұмырында көрместей дүние тарын. Иншалла, дүние-мал табылғандай, Шипа боп берген дәрiң, қалса жаным. Бастан тәж, астымнан тақ алсаңыз да, Роя хаким, сенiң ықтиярың. Қарады талиғысын қолына алып, Қатер жоқ талиғыда жүзi жарық. Науқасына тиiстi дауа жасап, Iшкiздi падишаға ерте барып. Моншаға түскенден соң тәнiң жу деп, Бiр дәрi және бердi суға салып. Моншаға кiрдi дәрi iшкеннен соң, Көп iштi тәбип iшiн [деп] күштеген соң. Суға салған дәрiмен тәнiн жуды, Әбден терлеп моншаға түскеннен соң. Жазылды берген дәрi шипа болып, Қайғы кеттi, падишаға шаттық толып. Жұрт құрметтеп көтердi ұлықтап, Тәбип те дәуiрледi бақыт қонып. Падиша өзi тұрып орын бердi, Той қылды жиып алып тамам елдi. Патша өзi бас боп, елi-жұрты Тiк тұрып құрметте[дi] бұл дәрiгердi. Iнжудi арқалатты сандығымен, Падиша көп төгiлдi барлығымен. Он алты мың теңгелiк бердi арғымақ Үстiнде алтындаған жабдығымен. Мұнан көпке тұрарлық арғымағы, Тасыды жазылған соң сынбай сағы. Дүниенi бiр тиындай ойына алмай, Мал мен мүлiк мұнан да көп бердi тағы. Ұзатылған қыздай қып ырғап-жырғап Хакимдi қайтарар болды шағы. Тәбиптi жақсылармен таныстырды, Бұрынғы дәрiгерлермен салыстырды. Хакимге бергенге iшi күйiп, Патшаға бiр уәзiр кеп шағыстырды. Роя хаким ғалым екен, Ғалымдығы халыққа мәлiм екен. Падишаның бергенiн көре алмайды, Ол уәзiр бiр күншiл залым екен. – Тәбипке бердiң, тақсыр, мұнша малды, Бұл бiр ғаяр сиқырмен алдап алды. Шүбһәсiз бiлдiм мұның дұшпандығын, Алдап жүрген бiр залым барша жанды. Жансыз келiп шаһарды аралап жүр, Қалай деп көру үшiн бiздiң халдi. Келуге қандай жағы ыңғайлы деп, Шаһардың жан-жағына көзiн салды. Мұның дұшпан екендiгiн бiлдiм кәмiл, Мен дағы кiтап қарап аштым балды. Көп қазына алған соң сөйтiп жүрiп, Бұ залым өнерiне бек шаттанды. Бұған ихсан қылдыңыз, тақсыр патша, Сиқырменен самғап жүр жүйрiк атша. Бiздiң сөзге түбiнде инанұр жұрт, Қырылып дұшпандықтың дәмiн татса. Әлi де жiберместен өлтiрiңiз, Бiздiң ел һәлак болар қарап жатса. Тақсыр, мен анық бiлдiм дұшпандығын, Инанбай өлтiртiңiз жауап қатса. Уәзiрге жауап бердi патша сонда: – Сен қызметкер едiң ғой бiздiң қолда, Науқасыма муафиқ дауа жасап, Шипа болды дәрiсi бастап оңға. Ауру зағип адамға мархабат қып, Бұл өзi жүрген адам тура жолда. Һешбiр жанға жамандық ойламады, Хаким өзi ғалым, үлкен молда. Хасадтықпен айтасың, залым уәзiр, Сөзiңменен мазлұмды салман орға. Сен залым, бiр мазлұмды жамандайсың, Мұнан артық тәбиптi таба алмайсың. Нақақтан хакимге iс қылдырсаң, Түбiнде бiр пәлеге арандайсың. Күншiлiк көрiнедi сенiң мұның, Шын емес бұл турада айтқан тiлiң. Науқасыма дауасы қонғандан соң, Бұл тәбиптiң үстiнде жаны-тәнiм. Өзi ғалым хаким қас қыла ма, Сен айтып тұрған жоқсың сөздiң шынын. Қайтадан миуа шашып, жемiс шықты, Бақшадағы қуарып қалған гүлiм. Қазасыз ауруыма себеп болды, Мұндай қызмет қылмайды туған iнiм. Сен залым, бұ бергендi күндеп жүрсiң, Көп емес берсем дағы ердiң құнын. Жақсы көрдiм, науқастан жазылған соң, Не болам өсек сөзге аздырылған соң. Ендi мұндай хаким қолға түспес, Шыға алмас бiр терең ор қазылған соң. Сен залым, көре алмайсың бергенiмдi, Жұрт не дейдi тiлiңе ергенiмдi. Ай басына екi мың дiлда берiп, Бекке басшы билетем жерлерiмдi. Тәбиптер мен хакимге басшы қылып, Қызметiне қоямын сейiрлерiмдi. Қиямет-қайымғаша ұмытпаспын Бұл дәрiгерден жақсылық көргенiмдi. Өзiнiң жүрген байғұс пайдасына, Тiрлiктiң амал қылып хайласына. Өзiме жақын хаким мұны қылам, Көзiң жетсiн уағдадан таймасыма. Тiрлiгiмде дүниеге мұқтаж қылмай, Уәзипасын арттырам ай басына. Осы тәбип болып тұр жақыным да, Әмiр мағруф иесi мағқұлым да. Секiлдi парсыдағы Синд патша, Өкiнiшке қалмаймын ахиретте. Әй, уәзiр, көп ой керек қылған iске, Қайырлы тағбир керек көрген түске. Әуелiнде миға салмай Синд патша Ақырында қалған сондай өкiнiшке. Күншiлдiкке келедi сенiң сөзiң, Дәрiгер себеп болғанын көрдi көзiң. Ақырын тағайындап фаһимдамай, Өкiнiшке салмаймын өзiмдi-өзiм. – Падишаһым хакимге нанған екен, Бұл тәбиптiң бақыты жанған екен. Дәулетiнiң жартысын бөлiп берiп, Ықыласын дәрiгерге салған екен. Неше түрлi хайланың аузын ашып, Сиқырменен ақылыңды алған екен. Парсының Синд деген падишасы Қалайша өкiнiшке қалған екен? Бiз дағы есiтейiк, қылшы баян, Менiм сiзге достығым Тәңiрге аян. Орынсыз бұл дұшпанға берген малың, Қияметте болады жылан-шаян. Патша Синдбад хикаясы Синдбад есiмiнде патша болған, Неше түрлi өнерге iшi толған. Дәулетi көп, ниетi iзгi болып, Пақырларға қайырын берген қолдан. Мәжiлiс қып жұрт алдынан тұрғаннан соң, Аң аулап қызық көрген сапар жолдан. Патшалық қызметiн ада қылып, Құс салып ау аулады оң мен солға. Түзу мылтық, жүйрiк ат, қыран сұңқар, Ғейiш-ғишрат, құшқаны – бiр сұлу жар. Тулаққа әбден толып үйретiлген Жан құтылмас ақиық бүркiтi бар. Бүркiттiң алқа салған мойынына, Үйренген неше түрлi ойынына. Бiр күнi киiк аулап шықты түзге, Бүркiттiң жемiн тығып қойынына. Бүркiтiнiң алқасын алтындаған, Салмақ жоқ резеңке тартылмаған. Бүркiтiн бiр киiкке жiбергенде Алқаға орап тоқтатып қарқындаған. Падиша ләшкерiмен келгенiнде Мақтанғандай қаранып саңқылдаған. Киiкке жiберген соң бүркiт жеттi, Алысып тоқтата алмай жапа шектi. Ендi айырылып қалады деп тұрғанда Алқаға орап тоқтатқан көрдi кептi. Кiмде-кiм ұстаймын деп айырылса, Падиша өлтiрем деп әмiр еттi. Патшаның өзi жазып жатқанында Алқадан сыпырылып киiк кеттi. Сыпырылып киiк шықты алқасынан, Екпiнмен бүркiт түстi шалқасынан. Падиша ұстаймын деп өзi айырылып, Ұялғаннан тер шықты арқасынан. Патшаның тәкаппарлық айтқан сөзi, Шариғатқа хиләф iс бұл мiнезi. Басқа бiреу айырылса қас қылмаққа, Бұ пиғылды көрiп тұр жұрттың көзi. Кiмдi өлтiрер екен деп күлiстi жұрт, Киiктен падишаның айырылды өзi. Ашуланып бүркiтiн ала шапты, Халыққа көрiнген соң арамбезi. Падиша жұрт күлгенге ашуланды, Өлтiрем деп айырылып қашырғанды. Падишаның көзiне ашуынан Бұ дүние қып-қызыл боп жасылданды. Бұ күлгеннiң бәрiн де өлтiрермiн, Қоярмын жалынып кеп бас ұрғанды. Киiктi ашуланып кеттi қуып, Күлген соң ләшкерiне көңiлi суып. Жете алмай басқа халық қалды кейiн, Падиша арғымақпен жеттi жуық. Неше жерден жаралап бүркiт жетiп, Шықпастай алқасымен алды буып. Падиша алды-артына қарамады, Бойындағы қаһары тарамады. Киiкке ашуланып жеткен бүркiт Қайтып адам болмастай жаралады. Киiктi бұғаздады келгеннен соң, Әлсiз қып бүркiт ұстап бергеннен соң. Бiр биiк ағаш бар екен жақын жерде, Саясында отырды терлеген соң. Күн ыссы, бек шөлдедi дымы құрып, Кейiдi һешбiр адам ермеген соң. Падиша шөлдеген соң ыза боп жүр, Ол жерден сусын таппас берсе де пұл. Ағаштың бас жағына көзiн салса, Тамаша бал секiлдi су тамып тұр. Қойынынан алды патша алтын кесе, Тап осындай шөлдемес талқан жесе. Кесесiн тосып тұрып толтырған соң, Бүркiт қағып төгiптi iшем десе. Кесесiн тағы тосты аққан суға, Не екенi бiлiнбей тұр қалың нуда. Тамаша жапырағы қалың екен, Қараса, ағаш басы мұнар буда. «Бүркiтiм iшiп қансын толғаннан соң, Тәңiрiм шарап бердi оңдаған соң. Құдай-а, мың шүкiрлiк бергенiңе, Өлем деп ем һеш нәрсе болмаған соң. Тәңiрiм сусын бердi шөлдегенде, Өлiп ем бұл ағашты көрмегенде. Сусыннан халiм зағип болып едi, Өлген балық жолықты өлмегенге. Нәсiп бердi амалым Хаққа жағып, Ағаштан аққан суды көрдiм бағып». Кесесiн тосып едi қазiр толды, Тиылмай манағы су тағы да ағып. Әуел бүркiт iшсiн деп тосып едi, Iшпестен төктi жерге тағы қағып. Бүркiттiң төккенiне ашуланды, Қынындағы қылышқа қолын салды. Бұл мақұлық қадiрiмдi бiлмедi деп, Бүркiттi қылышпенен салып қалды. Топшыдан қылыш тиiп үзiп түстi, Ақылы зайыл болып бүркiт талды. Әуелi шөлдедi деп бердiм бұған, Балды төктi сары майдай толықсыған. Балды төккен жазасын тартып өзi, Басына ашылмастай түстi тұман. Ықыласты тәубе керек жастағыға, Хас жаман қас қылады қастағыға. Ишара қылды бүркiт падишаға, Ағаштың қарашы деп бас жағына. Өтер ме тiл үйренген бүркiт мұнан, Мен дағы өлгенiңе қайғы қылам. Падиша жоғарыға көзiн салса, Ұялап балалаған үлкен жылан. Көзi жеттi бiр қаза боларына, Тiрi болса бақ дәулет қонарына. Бүркiтiн ашуменен шауып салды, Ерiксе алып шығатын сонарына. Балдай боп тамып тұрған заһары екен, Анықтап қарап тұрса жоғарыға. Бiр үлкен жылан екен мекен қылған, Балалап келедi екен талай жылдан. Екi рет бүркiт бiлiп төккен екен, Жыланның заһары екен ағып тұрған. Өлейiн деп жатса, достық қылып, Ишарат қылған екен кет деп мұнан. Тiлсiз мақұлық болса да бүркiт байғұс, Достығымен қылды ғой жанын құрбан. Әуелде ашуланып қылыш салған, Ақырында өкiнiшке патша қалған. Шала-жансар бүркiтiн орап алып, Падиша ләшкерiне қайтып барған. Ақырын фаһимдамай қылыш шапты, Кiмдi қапа қылмаған дүние жалған?! Әскерге ишаратпен бақұлдасып, Бәрiнен де ризалық фатиха* алған. Жазығы жоқ бүркiтiн шауып салды, Iшпедiм деп өкiнiп аққан балдан. Патша жұртқа сөйледi уақиғаны, Ағаштың заһар екен аққан балы. Жиылған көп халыққа амандасып, Бүркiттiң көп кешiкпей шықты жаны. Көргенiн тамамдады мұндағыға, Кiмнiң көзi жетедi сырдағыға. Iс ақырын байқамай ғапылдықпен, Падиша көп өкiндi қылғанына. Падиша бармақ шайнап көп өкiндi Бүркiтiн қылышпенен ұрғанына. Ғапылдық һешбiр жанға пайда бермес, Бұ пәни қуғанменен адамға ермес. Күтiнбесең шығады түтiн деген, Өткен iс өкiнгенмен қайтып келмес. Өз басыңды қасiретке сал дейсiң бе, Тәңiрiм бұзақыға жар дейсiң бе. Жазығы жоқ өлтiрiп хакимдi, Ақырында өкiнiшке қал дейсiң бе, Дос бүркiтiн қас көрiп өзi өлтiрген Парсыдағы Синдбад шаһ бар дейсiң бе?! Бүркiтiн Синдбад шаһ өлтiргенi, Себеп болып қазаны келтiргенi. – Менiм айтқан сөзiме сенбедiң, – деп, Уәзiр жын ұрғандай селкiлдедi. Патша айтты: – Хакимге сен бiр дұшпан, Басына түссiн десең бiр зымыстан, Бұл дәрiгерге сен қастық қыла берсең, Бәлем, сен де қалмассың бiр қылыштан. Қой, уәзiр, бақытыңа құзғын түсiп, Үмiт қып тұзақ құрсаң бұлбұл құстан. Жал-жаяны көпсiнiп жүрген болсаң, Ақырында жапалақ боп жерсiң тышқан. Хакимдi қоймасаң жамандауды, Бiр суық тер бар шығар сенi қысқан. Тiлiңдi бұл турада ала алмаймын, Жазасыз машақатты сала алмаймын. Дос бүркiтiн өлтiрген жазығы жоқ, Сол секiлдi өкiнiшке қала алмаймын. Сонда уәзiр сөйлейдi кеңес бастап: – Менiм айтқан сөзiмдi кеттiң тастап, Бiр тамаша хикая мен де айтайын, Құлақ салып тыңлаңыз, жамиғ асхаб. Жанымның ашығанын бiлмедi патша, Өлiм жөнiн айтады маған хастап. Жасымнан қызмет қылған жолдас едiм, Мен де Хаққа жылармын көзiм жастап. Сонда дағы сөйлейiн бiр хикая, Естiген кеңес қылсын жұртқа жая. Патшаның мұрты маған қисайған соң, Айтатұғын сөзiмнен тұрман тая. Жасынан қызмет қылған жолдасым деп Хақтығым мағлұм болса, өзiң ая. Сонда да бiр хикая айтпай болмас, Жазасызды жамандап адам оңбас. Бұл хакимден һеш залал көргенiм жоқ, Әйтеуiр ниетiне көңiлiм толмас. Пұрсат тауып құтылып кеткенден соң, Қайта келер елiнен алып жолдас. Қайта келсе, мүлкiңнен мақұрым етер, Жау әкелсе елiңнiң тынышы кетер. Сiздi өлтiрiп кете ме деп қорқамын, Өзiм зиян көргем жоқ, айтпан бекер. Жаным ашып айтамын қауiп қылып, Сiздiң қалған дәулет те маған жетер. Көзiң жетсiн һеш қайғы жемесiме, Мұнан былай һеш нәрсе демесiме. Тақсыр-ау, осы сiздiң уақиғаңыз Бiр уәзiрдiң ұқсайды кеңесiне. – Сөйлешi, ол кеңесiң қандай екен, Жақсы болса ләззаты балдай екен. Қазасыз ауруыма себеп болды, Дәрiгерiмнiң достығы жандай екен. Тақсыр патша, болмады сөздiң пұлы, Нанымсыз хамду-сәна айтқан сөзi. Жүйрiк ат, қыран құсшыл саятқа хош Бар екен бiр патшаның жалғыз ұлы. Балуан, өнерi көп, өзi мерген, Аң аулап, жиһан кезiп қызық көрген. Қайда барса жанынан қалмай жүр деп, Тағайындап бiр уәзiр қосып берген. Қай тарапқа барса да айырылмай, Ол уәзiр қызмет қылып қасына ерген. Уәзiр менен байбатша шығыпты аңға, Жиһан кезген жолығар һәрбiр халге. Тамаша, жан көрмеген бiр хайуанға Екеуiн кез қылыпты жалғыз Алла. Уәзiр байбатшаға «қу» деп айтты, Ұстап ап көрсетейiк дейдi ханға. Ұстап алып көрейiк тамашалап, Тәңiрiм кез қылған соң мұндай жанға. Жан көрмеген ғажайып хайуан екен, Атыңның бар шабысын аяп қалма. Уәзiрдiң тiлiн алып қуып едi, Ол хайуан соғып қашты жардан-жарға. Алдындан ұзап қашып кетпеген соң, Қоя берiп кететiн заман бар ма. Салдыр-гүлдiр етедi қашқан сайын, Секiлденiп жадағай салған арба. Уәзiрдiң тiлiн алып кеттi қуып, Ұзатпай байбатша да жеттi жуық. Ендi ұстаймын дегенде алыстайды, Байбатшаның қалыпты көңiлi суып. Алдынан жан көрмеген хайуан қашты, Аралап қашып келедi тау мен тасты. Иә ұзап, иә болмаса ұстатпайды, Байбатшаның көңiлiн қайғы басты. Жете алмай жолдасынан тағы айрылып, Қан аралас көзiнен төктi жасты. Жолдасын iздеп табар ауқаты жоқ, Талай жыныс қарағай белден асты. Қуғанына жете алмай адасқан соң, Елсiз жерде өлем деп жаман састы. Тау-тастан хайуан шықты сахараға, Теп-тегiс қашып шықты бiр далаға. Қарағай, қайың, тау-тастан басы айналып, Жөн табу қиын болды жас балаға. Әуелде уәзiр бiрге қарасады, Аң аулау саятшыға жарасады. Қарағай, қайың, тау-тасты айыра алмай, Тегiс жерге шыққан соң адасады. Байбатша ол хайуанды қуғанында Кейде алыстап, кей жерде жанасады. Тал түсте адастырып кеттi хайуан, Тамашаны көрсетiп алуан-алуан. Кетуiнен жан қорықпай тұрар емес, Қанша мықты болса батыр, балуан. Адасып хайуаннан қалды қайран, Жасырынар жерi жоқ тегiс майдан. Жерiнiң тегiстiгiн осыдан бiл, Жұмыртқа тау көрiнер анадайдан. «Ел таппай қазам жетiп өлемiн бе, Бұл секiлдi мақұлықты қудым қайдан?!» Әуелде жақындаған қуғанында, Алыстайды сойылмен ұрғанында. Далада бiр сұлу қыз көрiнедi, Қайран болып алаңдап тұрғанында. Адасты зар-сәркардан қайран болып, Қасiреттенiп көңiлi қалды солып. Көңiлi аумай ол аял тұрар емес, Қандай пенде болса да ақылы толық. Байбатша қызға келдi есiн жиып, Көрген жан кетер емес көзi қиып. Қыз қосына келген соң жауаптасты, «Жалғыз неге жүрсiң?» – деп сөзiн түйiп. – Мұнда жалғыз отырсың не себептен, Қарасам, жан көрмеймiн төңiректен. Көрген жерден ғашықтық пайда болды, Дүниеде сұлу бар ма сенен өткен. Кiм боласың, мәнiңдi баяндашы, Сенi көрiп ғашық боп есiм кеткен. Бiр хайуанды қуып кеп айырылып, Бұ жерде нәсiп болып саған жеткем. «Жолдасым ұйықтағанда кетiптi», – деп, Қыз жылап жауап берiп жасын төккен. – Бұл жерге көп керуен кеп қонып едi, Мен қатты ұйықтаған соң көшiп кеткен. Құдайым сенi маған кез келтiрдi, Өлем деп отырғанда қасiреттен. Кел, екеуiмiз кетейiк бiрге iлесiп, Тәңiрiм өзi оңдасын шыққан беттен. Екеуi мiнгесiп ап жөнеледi, Құшақтасып, өбiсiп кенеледi. «Түзге отыр[ып] алайын, тоқтай тұр», – деп, Аттан түсiп сұлу қыз бөгеледi. Қыз кеттi көрiнбейтiн таса жерге, Тиген залым бiлемiн талай ахирге. Көп кешiгiп, келмедi, күтiп тұрды Байбатша, ғашықтықпен болып пенде. Қараса да көзiне көрiнбейдi, Хайлалап сиқырменен тартқан перде. Қайда кетiп қалды деп iздеп барды Бiр қараңғы үңгiрге жаққан шамды. Перiнiң қатыны екен баласы көп, «Бұ қалай тамаша?» – деп көзiн салды. Түрi жаман перiнi көргеннен соң, Қояр жер таба алмады шыбын жанды. Ес қалмай қайта шықты даласына, Қашып жетер шама жоқ қаласына. «Сендерге тамақ тауып әкелдiм», – деп, Кеңес қып отыр екен баласына. – Жесеңдер тоярсың, балаларым, Қарасам сол жiгiттiң шамасына. Мен адамзат порымымен көрiнгенде Көзiн салмас ата мен анасына. Жас жiгiт қолға түстi семiз емес, Өзiмен бiразырақ құрдым кеңес. Тағы барып көрiнсем адам болып, Маған ғашық, тiптi де перi демес. Ғашық оты iшiне әбден кiрген, Ата-ана, ел-жұртым деп қайғы жемес. Аң аулап шығып едiм сахараға, Семiз емес кез болдым жас балаға. Ұстап алып сояйық кешiктiрмей, Жылдам кел, шыққаннан соң мен далаға. Байбатша осы сөздi естiген соң, Зар жылады түстiм деп мүпталаға. Байбатша қалтырады қорқып жаны, Есi ауды атқа мiнер болмай халi. Есеңгiреп атына мiнгенiнде Үңгiрден шыға келдi ғашық жары. Үңгiрден сөйлеп шықты сұлу қыз боп, Суыған байбатшаның iшi мұз боп. Қашып кетер ауқаты болмаған соң, Ылаж жоқ тұрды жаннан үмiтсiз боп. – Құрметтеп мiнгiзiп ең алдыңызға, Көңлiңдi бөтен ойға салдыңыз ба. Атқа мiнiп алыпсың қашатындай, Кешiктi деп өкпелеп қалдыңыз ба? Байбатша, кез болдыңыз бiздей затқа, Қосылсаң өмiр бойы көңiлiң шатта. Бұл жерге дұшпан келiп қас қыла алмас, Неден қорқып шошынып мiндiң атқа? Сiзден басқа кiсiнi, ойлансаңыз, Көз салып мен де алмаспын iлтипатқа. Байбатша айтты: – Тыңлашы, әй, сұлу жар, Аузыңнан шыққан лебiз шекер мен бал. Көргенде есiм қалмай ғашықтандым, Бұ сөзiме инанып құлағың сал. Сол себептен асыға атқа мiндiм, Бұл жерде қорқатұғын дұшпаным бар. Бiр көргенге қырық күн сәлем деген, Мархаматың тигiзiп есiңiзге ал. Бұрынғы дос дегенiм дұшпан шығып, Көзiме көрiнiп тұр кең дүние тар. Қатын айтты: – Адамзат бос болады, Аз нәрседен көңiлi хош болады. Не себептен қорқасың ақылың кетiп, Дұшпаныңа мал берсең дос болады. – Ақылды өз шамамша көп ойлаймын, Өзiме пайдалы ма деп ойлаймын. Менiм қорқып тұрғаным жан дұшпаны, Мал берсем де болмайды деп ойлаймын. Жаным шошып қорқады соның үшiн, Соғыс қылып құтылар жоқ-дүр күшiм. Сен себепшi боп дұшпаннан құтқармасаң, Бұл жерде қазам жетiп құрыр мысым. Дұшпан сөзiн құлағым естiген соң, Қаным қашып кетiп-дүр менiм түсiм. Қатын айтты: – Мазлұмсың сен бұл күнде, Сиынып хамду-сәна келтiр тiлге, Сақтағушы бiр Алла сақтар сенi, Тазаруғ қылыңыз күндiз-түнде. Ар-рахман, ар-рахим сақтар Алла, Менiм айтқан сөзiмдi бекер бiлме. Менiм айтқан тiлiммен тәубе қылып, Пасық пасад iс қылып ойнап-күлме. Саламат үйiңе қайт менен аман, Бұл жерде толып жатыр дию, қабан. Мен сенi қастық қылмай жөнелтейiн, Махшарда жолдас хақы дейдi жаман. Ықылас көңiлiңменен жалбарынсаң, Пәледен есен сақтар Хақ Тағалаң. Бөгелмей ендi жылдам кетшi мұннан, Жеймiн деп қазiр келер менiң балам. Мен өзiм бiр диюдың қатынымын, Осы жүрген перiнiң батылымын. Дiнiм батил болса да, өзiм дию, Халқы түзу кiсiнiң жақынымын. Айтқанымды ұмытпай жалбарып жүр, Өсиет айтушының ақырымын. Бұл жерде көп кешiкпей жөнел ендi, Жаныңның аманына кенел ендi. Дұшпан көп қастық қылса мұнан былай, Болысып бұған тиме деймiн ендi. Тимеймiн деп бiр уағда қылғаннан соң, Бал болса да етiңдi жемен ендi. Жалбарынып қылып жүр Хаққа тәубе, Сиынсаң сенi бермес Тәңiрiң жауға. Жастықтың әуесiне мағрұр болып, Әйел көрсең нәпсiнiң сөзiне аума. Мен барып балаларды тоқтатайын, Жөнел ендi жаныңды қылып сауға. Сиқырменен аң болған диюлер көп, Байқап жүр киiк аулап шықсаң тауға. Мұны айтып үңгiрiне кеттi кiрiп, Байбатша шүкiрлiк қып кеттi жүрiп. Есен-сау шаһарына қайтып барды, Содырсыз мазлұмдықтың қадiрiн бiлiп. Байбатша жақсылықтан аянбады, Нәпсiге ерiп жастыққа таянбады. Аң аулап қанша мехнат көргендiгiн Қалдырмай атасына баяндады. Осындай көп мехнат көрдiм жолда, Уәзiрдi жолдас қыл деп бердiң қолға. Уәзiрдiң қиянаты көп екен деп, Баласы падишаға айтты сонда. Мұнан былай сапарға ертiп шықсам, Уәзiр ұшыратар мұнан молға. Уәзiрдiң тiлiн алып хайуан қуып, Перi толған кез болдым қазған орға. Қаза кейiн болған соң қалдым аман, Шырмалып қала жаздым құрған торға. Уәзiрдiң қиянаты көп болады, Жолдасының шығармас iсiн оңға. Уәзiр Иунан патшаға сөз сөйледi, Мәшинесiн жүргiзiп оң мен солға. Уәзiр бұ қиссаны тамамдады, Өзiн-өзi патшаға жамандады. Хиләф iс уәзiрде көп екен деп, Тағы патша дәрiгерiн амандады. Қатерлi науқасына дауа қылған Тәбиптен һешбiр қата таба алмады, Олай-бұлай айтса да мәшинелеп, Бұ жолы уәзiр тiлiн ала алмады. Уәзiр айтты: – Тақсыр-ау, бұ сөзге бақ, Тiрлiкпен мiнiп тұрсың алтыннан тақ. Науқасыңнан тiрiлтiп дауа қылды, Ендi бiр дәрi берсе өлуiң хақ. Сiз өлсеңiз мал менен басың кемiп, Құриды деп айтамын бақ пен аруақ. Дәрiгер маған һеш нәрсе қылған емес, Жаным ашып айтамын болсын деп сақ. Мың күнгi ұжмақтан бiр күн тiрлiк, Мүмкiн болса тiрлiктiң қандiлiн жақ. Бұл жерде адам бiлмес алыс елi, Пиғылы көрiнбейдi ел дәрiгерi. Қандай қиын аурудан тiрiлдiрдi, Көңiлiңiзге келмей ме осы жерi. Тiрiлтуден өлтiру оңай жұмыс, Осы жерiн бiлмегенге шығар тiрi. Сiзге келiп сиқырмен жақын болды, Iшкенiм ас болмайды сонан берi. Сiздi өлтiрiп бiр күнi кетер қашып, Өлтiрдiм деп мақтанар аруаш шашып. Сiз өлсеңiз жетiмдiк көремiз деп, Соның үшiн жылаймын жаным ашып. Өлгенiңiз жайылса һәр тарапқа, Шаһарыңды кетпей ме дұшпан басып. Қорлық, кемдiк көрмедiк заманында, Бiр рия жоқ едi амалыңда. Жолдасым қастық айтпас деп ойласаң, Дәрiгерден құтылыңыз аманында. Сiздi өлтiрiп елiнен жау әкелсе, Қалмаймыз [ба] дұшпанның табанында. Бұ залым елдi байқап көре келген, Нәсiбiн сиқырменен терiп желден. Осының кесапаты тимей қалмас, Кешiктiрмей жiбершi қуып елден. Сiздi өлтiрiп елiнен әкелер жау, Сiз бiлмейсiз, аңдыған дұшпаның қау. Пиғылы жаман бiр залым көрiнедi, Құтылыңыз тұрғанда басыңыз сау. Бұл шаһардың iшiнде тәбип тұрса, Даяр тұрған секiлдi құрылған ау. Мен сiзге мұнан былай айтпаймын сөз, Мұның сиқыр екенiн көрiп тұр көз. Бұ шаһардан тәбиптi шығармасаң, Ендi, тақсыр, тiрлiктен үмiтiңдi үз. Бiрiн қабыл қылмадың, тақсыр патша, Жан ашып хақ ниетпен айтсақ та бiз. Бұрынғы достарыңды дұшпан көрiп, Бұл дәрiгердiң тұсында безiндiңiз. «Бұ қалай?» деп падиша ойға кiрдi, «Мұнша шошып дәрiгердiң несiн бiлдi. Мұның бiр жаман пиғылын бiлген шығар, Бұл уәзiр де бiлетiн һәрбiр тiлдi. Дәрiгердi өлтiртуге болды құмар, Тәбип өлсе, уәзiрдiң көңiлi тынар. Бөтен патша құзырынан келген болып, Елдi байқап жүруi рас шығар. Ел байқап жүрген шығар хаким болып, Қайырын алып жүрген пақыр болып. Бiр күнi пұрсат тауып менi өлтiрер, Өтiрiк жүрген шығар жақын болып. Күн бұрын мұны өлтiрiп күтiнейiк, Алданып қалған жаман қатын болып, Бiр ғаяр сиқыршының тiлiне ерiп, Мал-мүлiктен айрылмайын тақыр болып». Падиша осылайша ойға кеттi, Азғырып мақсұтына уәзiр жеттi. Ақырында өлтiруге қаулы қылды, Әуелде көп мал берiп құрмет еттi. Падиша азғырылып көңлi ауды, Уәзiр сөйлеген соң талай кептi. Уәзiр падишаны азғырады, Дұшпан деп терең орды қаздырады. Қатерлi науқасына дауа қылған Нақақтан хакимдi жазғырады. «Тез өлтiрсең науқасың оңалады», – деп, Падишаны қуантып мәз қылады. – Тәбиптi құзырыңа алдырыңыз, Көп олжа беремiн деп нандырыңыз. Бiр кәлима жауапқа келтiрместен, Бейнеттерге қылышты салдырыңыз. Бұ ғаяр сиқыршының басын алып, Фитнәдан жұртыңды тыныш қалдырыңыз. Жауаптассаң кетедi хайла тауып, Келген жерден ақылын тандырыңыз. Ол өлсе, кеткен ауру қайта келмес, Сөйтiп тiрлiк шырағын жандырыңыз. Өлтiрмесең, науқасың қайта келер, Ғұмырыңша оңбайтын бәле берер. «Иттен қор қып қойдым, – деп, – падишаны», Бұл дәрiгердiң өсегi аттай желер. Сиқырын өз еркiмен жүргiзген соң, Шаһардан қанша халық соңына ерер. Сиқырлап барша жанды алғаннан соң, Бiзде қуат бола ма нәсiп терер. Падиша өлтiруге уағда қылды, Тәптiш қып қарамайтын неткен жан-ды. Атқаны тиiп, айтқаны келгеннен соң, Iшкенi ас боп уәзiрдiң көңiлi тынды. Уәзiрiне шаттанды Иунан патша, Өкiнер нақақ жала дәмiн татса. Шағыстыра қайрайды уәзiр және, Құтылып кетедi деп жауап қатса. Патша тiлiн алған соң шағыстырған, Уәзiр сылаңдайды жүйрiк атша. Шақырып хакимдi алып келдi, «Сен дұшпан екенсiң» деп жауап бердi. – Басқа бiр падишадан көп мал алып, Байқау үшiн келiпсiң бiздiң халдi. Шаһарға сиқырмен от жақтырмақсың, Басымды дұшпандарға қақтырмақсың. Ел шамасын аралап көрiп алып, Елiңнен жау әкелiп шаптырмақсың. Тағы да дәрi берiп менi өлтiрiп, Қалғандардың ақылын таптырмақсың. Сенiң дұшпан екенiңдi бiлген бiреу, Сол хабарды есiтiп болдым жүдеу. Көп едi хаким деп қылған сыйым, Құрметтеп күндiз-түнi қылдым жиын. Өлiп жатқан ауруды тiрiлткенде, Өлтiру ендi саған болмас қиын. Ендi сенi өлтiрем – құтылу жоқ, Әгар тiрi жiберсем, кетер күйiм. Қолыңнан не де болса келсе керек, Сиқыршы екенiңе жеткен миым. Хаким мұны естiп зәресi ұшты, Ақылы бастан кетiп талып түстi. – Тақсыр-ау, менi нақақ өлтiрме, – деп, Көзiнен жасын төгiп жердi құшты. Жалынса да рақым қылар емес, Ылаж жоқ, бiр Алланың әмiрi күштi. – Ауруыңа себеп боп келдiм жетiп, Науқасың жеңген екен кебiң кетiп. Қатерлi науқасыңа себеп болғам, Құдайдан қорықпайсың ба ынсап етiп. Тақсыр-ау, маған уағдаң жалған ба екен, Олжаны сiзден алдап алған ба екем. Әуелде ықыласың жақсы-ақ едi, Көңлiңе шайтан ағуа салған ба екен. Дауаны науқасыңа қылған шақта, Сол кезде күшiм келмей қалған ба екен? Бұл күнде маған сенiң күшiң келер, Кiсiм жоқ Хақтан басқа менiм сенер. Әзелдегi өлшеулi ғұмырым бiтсе, Алланың әмiрiне пенде көнер. Жазығы жоқ қинасаң нақақ менi, Саған дағы Тәңiрiм һәлак берер. Ауруыңды көрген соң рақым қылып, Хақ ниетпен тiленiп қылдым өнер. Осындай ақ көңiлдi қылма қара, Саламат жүрегiме салма жара. Тәптiштемей iс қылсаң надандықпен, Махшарда жаза берер Хақ Тағала. Падиша болсаң дағы, ақылың жоқ, Надандыққа жеңгiздiң бара-бара. Жақсылықты бiлмеген сен бiр дорақ, Бiр ақымақ кәлiп болсаң не-дүр шара?! – Қой, хаким, не десең де амандық жоқ, Өлiмнен басқа саған жамандық жоқ. Сенiмдi бiр уәзiрiм бiлген кәмiл, Көңiлiңде, хаким, сенiң халалдық жоқ. Өлмей тiрi қалмасын хаким бiлдi, Дегенiн қылдырған соң уәзiр күлдi. «Жалғыз сағат тоқтатпай дарға ас», – деп, «Өлтiр» деп жендеттерге әмiр қылды. Хаким айтты: – Сабыр қып бiраз тоқта, Сонан соң қылыш қайрап, оғыңды оқта. Ажал келсе, бөгелмен жалғыз сағат, Туғаннан риза боп кигем ноқта. Хақ ниет дәрiгерлiкпен жүрген жанмын, Иншалла, сатылман дүние боққа. Жақсылыққа жамандық қылып тұрсың, Тәңiрiм сендей кез қылып ақылы жоққа. Тауфиқты жақсыларда қанағат бар, Ақылы жоқ ақымақта жаманат бар. Соларды иесiне тапсырайын, Жанымда борыш болар аманат бар. Мен барып борыштардан құтылайын, Қиямет азабынан сытылайын. Ипташпен бақұлдасып, борышын берiп, Қолыңа қайта келiп тұтылайын. Елге барып келейiн бақұлдасып, Бұрынғы ипташтармен жақындасып. Мен өлгенде әкеңнiң құны бiтсе, Өлiмдi даярлап қой ақылдасып. Борыш берiп келейiн ада болып, Мен келгенше ақылдас қала болып. Әуелде жақсы әдiл патша деп ем, Ақырында кеттiң ғой бала болып. Бiр кәлiп үрiп жүрген болдың кәмiл, Семiрсе иесiне бермес дамыл. Сен секiлдi ақымаққа ақылы жоқ Уәзiрдiң уәсуәсi болды қабыл. Бұлайша ақылды адам iс қылмайды, Ақырын тәптiш етiп қылар сабыр. Ақыл дария болғанда, өнер – қайық, Тiрлiкте дәрiгерлiктi жүрдiм жайып. Кез келiп науқасыңа дауа қылып, Мен сенiң дәулетiңе қалдым байып. Қас қылсаң да мен саған сый қылайын, Ойымда бiр нәрсе бар сiзге лайық. Нақақтан өлуiме көзiм жеттi, Ақымақтың тұзағына түстiм тайып. Ол нәрсем патшаларға жарасқандай, Мұра деп шаһзадалар таласқандай. Ауызбен айтып болман тамашасын, Есiнен көрген адам адасқандай. Қас қылып өлтiрсең де берем сiзге, Өлсем қалсын бiр ғибрат басқан iзде. Фаһимлап iс ақырын тәптiш қылмай, Нақақтан бiр жаланы жаптың бiзге. Қанымды Тәңiрi алдында тергесермiн, Әйтеуiр бiр өлiм бар келсем жүзге. Жазығым жоқ, өлтiрсең нақақ менi, Жетуiң ғайып болар келер күзге. Елiмде алыс-берiс жұмысым көп, Өлiмге жыламаймын уайым жеп. Қатын-бала, үйiме өсиет айтып, Рұқсат сұрап тұрмын келейiн деп. Әзелдегi тағдырға тәбдiл болмас, Аз күн тiрi жүргенiм болмайды сеп. Ол хаким бiр шынар терек едi, Ғұмырында харам нәрсе жемеп едi. Жаһит қып халалдығын айтса дағы, Патша қанша айтса да елемедi. – Бiраз күн рұқсат қылып жiберейiн, Берем деген нәрсеңiз немене едi? – Артымда мирас болып қалатұғын, Бiр жақсы асыл нәрсе керек едi. Ол айтқаным бiр кiтап бек тамаша, Қазасыз ауруға себеп едi. Көрсең, ғажайып қыласың болып қайран, – Онан басқа һеш нәрсе демеп едi. Ол нәрсем бiр тамаша кiтап өзi, Ләззатты таңдайынан кетпес сөзi. Ауру баққан дәрiгерлер жазып алып, Қайран қалып тұратын көрсе көзi. «Ендеше, барып кел» деп рұқсат бердi, Қасына қосып бердi бес уәзiрдi. Қанша күн қасiретпенен сапар жүрiп, Өзiнiң шаһарына жетiп келдi. Алыс-берiс құтылып борышынан, Жиып ап бақұлдасты тамам елдi. – Қайран жұрт, бауырларым, ендi есен бол, Нақақтан өлемiн деп қасiретiм мол. Бақұл болып кешiңдер, халқым, маған, Бұ пәниден бақиға тартамын жол. «Тастамай қайта мұнда алып кел», – деп, Ылғи балуан қосты ғой қасыма қол. Бақұл бол, ендi көрмен, қайран халқым, Жүзiмдi қияметте қылсын жарқын. Рақымсыз Иунан патша бiр ит екен, Жақсы менен жаманның бiлмес парқын. Нақақтан жазығым жоқ менi өлтiрсе, Не болған естiрсiздер оның да артын. Дұғадан тастамаңыз, қайран елiм, Әлденешiк алдымда барар жерiм. Тағдырға әзелдегi өкiнiш жоқ, Жалғанмен өлгенiме сынды белiм. Иншалла, бiлген жан жамандамас, Жастарға аға, қарияға болғам кәлбiн*. Елiне амандасып қайтты жылап, Кейде жүрiп кетедi, кейде құлап. Артындағы ағайын-бауырлары Көп жылап, көз жастары болды бұлақ. Уағдасымен өлiмге қарсы келдi, Секiлденiп құны жоқ жетiм лақ. «Жазықсыз менi, тақсыр, өлтiрме», – деп Патшаға айтып көрдi сипап-сылап. «Өлтiр» деп рақым қылмай әмiр еттi, Сөнуiне кез болып жанған шырақ. Патша рақым қылмады жалынса да, Уағда қылған жерiнен табылса да. «Кiсi қадiрiн бiлмейтiн итсiң», – дедi, Болмайтынын бiлген соң нағылса да. – Тәңiрiм рақым қылып жарылқаса, Дүние кеңiп кетер, тарылса да. Менi өлтiрсең, сен дағы бай қалмассың, Бiткен кесiр бойыңнан арылса да. Жазықсыз менi өлтiрсең, боларсың зар, Жаһаннамда болады орның тар. Мен саған қандай достық қылып едiм, Малғұн залым, жоқ екен бетiңде ар. Орнына келтiр сол айтқанымды, Өлтiрсең тапсыратын жұмысым бар. Бұғазлап қаным жерге тамызбайтын Қолыңа тосатұғын бiр табақ ал. Кiсесiнен шығарып алып бердi: – Аққан қанның iшiне бұ тұзды сал. Тұз бенен қан қосылса жауап айтар, Әгарда болса маған Тәңiрiм жар. Сөз сөйлер тiрлiктегi өзiмдей боп, Қаным қалар кебiннiң бөзiндей боп. Доспын ба, дұшпанмын ба қаным сөйлер, Бiрақ денем тiрiлмес көзiмдей боп. Ақтығымды есiтiп жылар жұртың, Тұрғаннан соң хакимнiң сөзiндей боп. Сол шақта кiтапты оқы қолыңа алып, Достығымнан көресiң көзiң салып. Мұталаға қылғанда алты қағаз, Тамаша боп тұрасың қайран қалып. Алты бетте бiлген соң ақтығымды, Өзiң де күйiнерсiң iшiң жанып. Алты беттi ақтарып әбден қара, Ақтығымды бiлдiрер Хақ Тағала. Халалдығым бiлiнсе, өкiнерсiң, Жаным шығып кеткен соң болмас. «Тез мұның басын кес», – деп әмiр еттi, Хаким Хақ әмiрiне сабыр еттi. Хакимнiң зәредей жазығы жоқ, Патша тәптiш қылмады, жәбiр еттi. Ақыры падишаға жақсы болмас, Дұшпан көрiп досына зәбiр еттi. Жендеттердiң қолына табақ бердi, Кiсесiнен тұз алып жалап бердi. «Баршаңыз ақтығыма куә бол», – деп, Жиылған жамағатқа қарап бердi. «Мұталаға қылсын», – деп қайта-қайта Кiтапты падишаға қалап бердi. «Өлгенiңше қолыңнан шығарма», – деп, Мың дiлдаға кiтабын балап бердi. Бұғазлап бек қинады шыбын жанды, Табаққа бiрге салды тұз бен қанды. Жауап айта бастады тұз бенен қан, Есiтiп жиылған жұрт ғажаптанды. Жазығы жоқ өлдi деп зарлаған соң, Кейбiр адам биһұш боп естен танды. Қан мен тұзды сайратып жанды адамдай, Падишаның алдына алып барды. Өлiмiнiң себебiн көремiн деп, Кiтапты оқиын деп қолына алды. Нақақтан хакимнiң қанын шашты, Уәзiрдiң тiлiн алып қара басты. Бiр қағаз, екi қағаз, үш қағаз деп, Тiлiмен қолын сулап кiтап ашты. Жазықсыз жасап салды тәбип ердi, Тiрлiкте сайран қылған талай жердi. Бес қағаз, алты қағаз деген шақта Падиша да аһ-үһ деп жанын бердi. Патша өлген соң сөйлеуден тоқталды қан, «Патшаға бұ да аз», – дедi жиылған жан. «Хаким, орның ұжмақ болсын», – десiп, Дұғаға қол көтердi дiн мұсылман. Себебiн сөйлеп едi тiл берген соң, Қан менен тұз тоқталды патша өлген соң. Өлсе де, хакимнiң арманы жоқ, Артында халалдығын жұрт көрген соң. Падиша қиянатпен бұзған түсiн, Хакимге падишалық салды күшiн. Кiтабының қағазын заһарменен Бояған екен қысас алмақ үшiн. Заһарменен бояған қағаздарын, Нақақ жерге жұтқызбай сабаз қанын. «Тақсыр-ау, орның ұжмақ болсын», – десiп, Жиылып жұрт оқыды намаздарын. Хаким тiрлiкте де шыққан төрге, Бақыты қарсы жүрген биiк өрге. Көмуге қарамастан жұрт тарқады, Патшаны шүйгiтсiн деп көрден-көрге. «Пиғылы падишаның жаман едi, Харамға семiретiн қабан едi. Өлгенде қан арқалап кеттi хайуан, Тiрлiкте бiр пасық адам едi». Сол жерден осылай деп жұрт тарады, Ендi мұндай тәбиптi кiм табады. Нақақ адам өлтiрiп қан жүктедi, Патшаға болды деп iс жаманаты. Тәбип шаһид болды деп жазығы жоқ, Ел тексерiп өлшедi екi араны. Балықшы ғифритке баяндады, Осылайша болған деп сөз тамамы. – Патшаның, не десек те, кiнә өзiнен, Басқаны адам демей бiр өзiнен. Қайта кiрiп кiрiптар болғандығың, Малғұн ғифрит, өзiңнiң мiнезiңнен. Өлтiрсем, саған қылған сыйым болар, Отқа жақсам, не түрлi күйiң болар. Өлмесең мехнатпенен күнiң өтсiн, Жаның шықса, жаһаннам үйiң болар. Жазығым жоқ, өлтiрем деген сөзiң, Дию малғұн, кеудеге түйiн болар. Нам, нышаның қалмасын күйдiрейiн, Ендi тiрi жүруiң қиын болар. – Ол күнде не демедiм есiм кетiп, Жарық дүние көрген соң қуаныш етiп. Ол күнде сенi өлтiрем десем дағы, Бұл күнде не қылсаң да сенде тетiк. Қолыңдағы нашарға жақсылық қыл, Осы күнде сенiң тұр күшiң жетiп. Күшiң жетiп тұрғанда мархамат қыл, Пақырға инғам қылғанның сауабын бiл. Өлгенiңше таусылмас мал берейiн, Ғұмырың болса дағы неше жүз жыл. Шүбһәсiз байлығыңа себеп болам, Пайдасы жоқ демеңiз айтылған тiл. Дию айтты: – Бiр босат менi, – дедi, Мұңсыз бай қылар едiм сенi, – дедi. Ант қылдырып бiр шығар бұ шелектен Көрмеген тамашалар болар едi. Мың қабат ант қылдырып бiр шығарсаң, Басыңа дәулет құсы қонар едi. – Мен ендi босатайын сенi, – дедi, Саған Хақ душар қылған менi, – дедi. Ант қыл, ендi шелектiң ауызын ашам, Көзiме көрсетесiң ненi, – дедi. Сонда дию ант қылды неше қабат: – Ғафу ет, мен қылғанмын саған ағат. Тәкаппар менмендiктiң дәмiн таттым, Қол созбан жамандыққа жалғыз сағат. Балықшы шелегiнiң аузын ашты, Ғифрит жер жүзiне тұман шашты. Таудай болып ғифрит келгенiнде Балықшы зәресi ұшып құты қашты. Балықшы қалтырады зәресi ұшып, Қабағат түрi жаман дию күшiң. Жалынды «ант қылғансың, қас қылма» деп, Бұрынғы қылған iсi еске түсiп. Қорыққанын дию хайуан бiлгеннен соң, Күлiптi балықшының мойнын құшып. – Айда, жүр, етегiмнен ұста, – дейдi, Менен қорықпа тап осы тұста, – дейдi. Мехнатпенен табылған мал қайырлы, Қолыма қазiр сал деп қыспа, – дейдi. Жапа шекпей тезiнен мал табылса, Баяндамас ғұмыры қысқа, – дейдi. Балықшының шаһарын басып жүрдi, Көрiнген тауға таман асып жүрдi. Ауын ұстап қолына соңына ердi, Әлдеқандай қылад деп сасып жүрдi. Кiсi көрсе бiр қастық қыла ма деп, Һешбiр жанға жоламай қашып жүрдi. Шаһардың тап қасында бiр биiк тау, Балықшы ойлап келед қайтсам деп сау. Таулардың ортасында бiр терең көл, Iшiнде көрiнiп жүр балығы қау. Төрт түрлi балық көрдi бек тамаша, Ғифрит бұйрық қылды салшы деп ау. – Су түстi ағы да бар, қызыл, сары, Суы терең тамаша биiк жары. Төрт түрлiден төрт балық ауға түссе, Ғұмырыңша көп болар дүние-малы. Кеше жүрген балықшы байыды деп, Шаһардың қайран қалар барша жаны. Тез ендi көп тоқтамай ауыңды сал, Көп түссе жiберiп төртеуiн ал. Төрт балықты қолыңа ұста дағы, Тарту қылып патшаға сен алып бар. Тау мен көлдi бiлдiрме һешбiр жанға, Қай күнде төрт балықтан артық алма. Керегiнде төртеуден алып тұрсаң, Тiптi мұқтаж болмайсың дүние-малға. Балықшы ауын салып тартты жылдам, Әуелде не болам деп қайғы қылған. Төрт түрлiден төрт балық әкелген соң, Балықшының иланып көңiлi тынған. Ғифрит амандасып ғайып болды, Балықшыға тез ендi кет деп мұндан. Ғифрит кетуiнде амандасты, Балықшыдай қимады замандасты. – Кеше-күн ренжiп көрген мехнатыңды, Мен саған қылған iсiм хәдден асты. Мың сегiз жүз жыл хафис боп жатқаннан соң, Миым ашып шыққан соң қылдым қасты. Жер жүзiнен бiлмеймiн жүрер жолды, Жол түгiл, танымаймын тау менен тасты. Тұрған жерiн бiр теуiп кiрiп кеттi, Ендi маған артық деп жердiң асты. Кетсем дағы тiлiмдi алып жүр деп, Кетерiнде бiр уыс топырақ шашты. Кетерiнде өсиетiн айтып кеттi, Жер астына сапарды тартып кеттi. Төрт түрлi аудан балық жазып алып, Балықшы шаһарына қайтып кеттi. Бiр шелекке су құйып балық салды, Өлмеген соң бетiне қалқып кеттi. «Тартуға сiзге әкелдiм», – деген соң, Патшаның тұла бойы балқып кеттi. Тарту деген көрсеттi сөздiң салтын, Тамаша қайран қалды жиып халқын. Атын атап падиша әкелген соң, Қолына санап бердi төрт жүз алтын. Балықшы бек қуанды алтын алып, Тағы да балық алмақ ауын салып. Аллаға мың шүкiрлiк тәубе қылды, Кез қылдың деп жүргенде өлiп-талып. Үйiне желдей көшiп барды дейдi, Базардан киiм, тамақ сатып алып. – Қатын-балам, таусылса уайым жоқ, Ау салып әкелермiн тағы барып. Балықшы халал екен, Құдай бердi, Қорықпай ғифриттiң соңына ердi. Тамаша падишада балық бар деп, Жиылып көру үшiн елi келдi. Мәнiсiн баян қылып айтайық бiз, Жамағат, құлақ салып есiтiңiз. Рұмның падишасы һәдие қылып Бұл патшаға берiптi бiр сұлу қыз. Патшаға: – Бұл сыйымды алсын, – дейдi, Өнерпаз жарысына салсын, – дейдi. Жер үстiнде бiлмеген өнерi жоқ, Менiң айтқан тiлiмдi алсын, – дейдi. Бұл патша һәдиесiн қабыл алды, Бек қыздың сипатына қайран қалды. Әйелдiң сыналуы тағамнан деп, «Балықты пiсiрсiн» деп хабар салды. Қызға берiп жiбердi төрт балықты, Түсi басқа, денесi бiр қалыпты. Пешке от жағып, табаға майды салып, Бисмилла деп балықты қолға алыпты. Сыртын қырып балықтың iшiн жарды, Суға жуып тазалап, қолына алды. Күйдiрмей баптап мұны пiсiрем деп, Табада қайнап тұрған майға салды. Күйдiрмей пiсiретiн парқын бiлiп, Балыққа қайран қалды сөйтiп жүрiп. Ас үйдiң бiр бұрышы көтерiлiп, Тамаша бiр сұлу қыз келдi кiрiп. Тамаша сұлу екен бұ келген қыз, Менсiнiп мына қызға айтпайды сөз. – Бұрынғы уағдада тұрсыңдар ма, Қатын боп кеттiңдер ме уағдасыз. Сонда балық табадан көтердi бас: – Қатын болдық бұзылсақ, мұның рас. Сен тұрсаң уағдада, бiз де тұрдық, Әуелде байлағанбыз уағданы тас. «Ендеше, жарайды» деп шығып кеттi, Сиқыр оқып бiлгенiн қылып кеттi. Балықтың һәрқайсысын бiр-бiр түртiп, Табаға таяқ ұшын тығып кеттi. Мына қыз есi кетiп қалды талып, Әуелде тұрып едi қайран қалып. Есiн жиып қараса табаға қыз, Көмiр болып балықтар кеткен жанып. Осындай көрдi бұ қыз тамашаны, Есiк жоқ, үй бұрышын кiм ашады?! Бұрыштан бөгелместен шығып кеттi, Теңдесiп сол қызбен кiм таласады?! Патшаға не деп жауап айтамын деп, Ұялып ақылынан адасады. Сонда қыз өзiне-өзi ақылдасты, «Патшаға не деп айтсам жарасады?» Манағы қыз бүлiктi салып кеттi, Мұнда қалып мына қыз жапа шектi. Һеш адам бiле алған жоқ мұның мәнiн, Табадағы балықты көмiр еттi. Балық көмiр болған соң дал болды қыз, Патша әлi бiлген жоқ мұндай кептi. Балықтың пiсер уақыты болды ғой деп Патша бiр уәзiрiне әмiр еттi. Жұмсаған соң уәзiр келдi жетiп, Келсе, қыз отыр екен есi кетiп. – Төрт балықтың бағасы төрт жүз алтын, Патшаға бiлдiремiн нешiк етiп. Бай қызы, патша қызы болмасам да, Өнермен жетiлiп ем кәсiп етiп. Ақыл айт, жақсы келдiң, уәзiр, маған, Мың шүкiр, душар еттi менi саған. Өлгенше қылайын қызметiңдi, Сұрап ал ашуланса падишадан. Бүлдiрдiм келмей жатып мұнша iстi, Өнерi мына қыздың болды күштi. Тым болмаса, бiлмедiм кiм екенiн, Қапаланып күйiгiм iшке түстi. Бiр Құдайға мағлұм, iсiм таза, Кiнә қылсам махшарда болар жаза. Мүдiрмей бәйге алып ем неше топтан, Тағдыр ғой, бұл уақытта болды қаза. Зарланып, мұңын айтып уәзiрге, Отырды қыз бейшара болып наза. Есiтпейдi айтса да уәзiр қызға: – Тоқтай тұр, күйiнген боп түсiң бұзба. Әгар да бұл айтқаның шын болмаса, Сен дағы толтырдың ғой iштi мұзға. Бұл қыздың осы айтқаны жалған шығар, Бiр жерге балықты алып барған шығар. Жалғыз тиын өз пұлы болмаған соң, Көп алтын балық сатып алған шығар. Көз көрмеген нәрсеге нанбау керек, Ғайыпты жарамайды пәлен демек. Тағы бiр төрт жүз алтын шығын болды, Дәлелсiз қайда бар-мыс қайғы жемек. Уәзiр қызға айтады: – Саспа, – дейдi, Бұ сырды һешбiр жанға шашпа, – дейдi. Бар болса балықтан тағы әкелем, Бiр жаққа өзiң қорқып қашпа, – дейдi. Уәзiр балықшыға барды жетiп, Қыздың зары уәзiрге кеткен өтiп. Арманда боп қыз байқұс жылаған соң, Уәзiр жүр аяғаннан құрмет етiп. Уәзiр балықшыға келдi жетiп, Балықшы сәлем бердi құрмет етiп. – Төрт балық тағы бiзге керек болды, Балықшы шошып қалды кейпi кетiп. – Шошыма, әй, балықшы, менен, – дедi, Балық алған патшамыз сенен, – дедi. Алып кел төрт балықты тағы сондай, Бағасын және санап берем, – дедi. – Бөлек ғой басқалардан бiздiң балық, Мұндай балық алған жоқ өзге халық. Сабыр қып бiздiң үйде отырсаңыз, Алып келiп берейiн өзiм барып. Балықшы шығып кеттi ауын алып, Уәзiр күтiп отыр қайран қалып. Барысымен төрт балық тағы iлiгiп, Уәзiрге бередi алып келiп. Көзбе-көз пiсiртейiн балықты деп, Әкелдi төрт жүз алтын санап берiп. Балықтың қарамады бағасына, Құрмет қып мұсылманның баласына. Iшiн жарып, май құйып, отын жақты, Бұрынғыдай сап қойды табасына. Армансыз ендi мұнан болайын деп, Қыз байғұс та хош болды ағасына. Тағы келiп сол залым қала ма деп, Қарап тұр балық пiскен шамасына. Балық тағы пiсуге жақындады, Майы қайнап табада сақылдады. Екеуi бiрдей қарап тұрды пешке, Берiк болып тұруды мақұлдады. Сол уақытта бұрыштан қыз кеп кiрдi, Күзетiп тұрса дағы ғапыл қалды. Келген соң жай тұрмайды баяғы қыз, Табадағы балыққа көзiн салды. Баяғы сөзiн айтып түртiп едi, Табада көмiр болып балық жанды. Көзiмен тамашаны көргенден соң, Уәзiр есi кетiп қайран қалды. Бұрыштан қыз шыққанға қайран қалды, Көрiп тұрған уәзiр естен танды. Бiр ауыз тiлге келмей шығып кеттi, Қызды қор қып бүлдiрiп мұнша малды. Мына қыздың жазығы болмады деп, Уәзiр тағы табаны қолына алды. Пiскен шығар, алып кел деген кiсi Көп айналып патшаға қайтып барды. Осындай бiр тамаша iс көрдiм деп, Қалдырмай уақиғасын айтып салды. «Япырым-ай, көрмеген iс көп екен», – деп, Падиша естiген соң ғажаптанды. «Қазiр жылдам тезiнен алып кел», – деп, Шақыртып балықшыны қасына алды. Бұл iстi тегiс көзден көрейiк деп, Шаһардан бiрсыпыра жиды жанды. – Балықшы, тағы да әкел балығыңды, Ақша берем, бұзбаймын қалыбыңды. Бұрынғыдай балықтан бiз шатассақ, Жасырмай-ақ сөйлерсiң анығыңды. Балықшы шығып кеттi соныменен, Бұрынғы баратұғын жолыменен. Тағы iлiктi төрт балық кешiкпестен, Патшаға алып барды қолыменен. Патша қызға: – Балықты пiсiр, – дедi, Нешiк болар көрейiн iсiң, – дедi. Уақиғаны көзбенен көремiз деп, Теп-тегiс жиылып тұр кiсi, – дедi. Уәзiр мен сенi әуре қылған қызды Көрейiк те бiз дағы түсiн, – дедi. Баяғыдай табаға майын жағып, Қыз дағы пiсiрудiң қамын жедi. – Балық пiстi, кешiкпей келедi қыз, Қамалап тұрсын, патша, жаның, – дедi. Балық пiсе бастады қайнап таба, Бәрi пештi аңдып тұр ортаға ала. Көзбенен тамашаны көремiз деп, Қатын-қалаш, жиылған бала-шаға. Ас үйдiң бiр бұрышы көтерiлiп, Бiр ғараб кiрiп келдi түсi қара. Қыз емес, бұл жолғысы бiр ғараб шал, Көрмеген шалды көрiп болады дал. Қолында жасыл таяқ, түсi суық, Ұстауға халайықта болмады хал. Бұ да келiп уағданы саудалады, Иттифағы бiр болса жауды алады. Бұ да айтып әуелгi қыздың сөзiн, Балықты таяғымен аударады. Жамағат есеңгiреп қарап тұрды, Әуелде ұстаймыз деп қауғалады. Бұған дағы балықтар көтердi бас, Қыздан да бұған қойды артық ықылас. – Уағдадан тайды деп бiздi ойлама, Өнерiңдi көрсетiп халыққа шаш. Ұстау түгiл, қозғалар шамасы жоқ, Қарап тұр жиылған жұрт болғандай мас. Балықты көмiр қылды түртiп-түртiп, Онан басқа адамға қылмайды қас. Көрген халық сасып тұр есi кетiп, Шал шықты кiрген жерiн тесiк етiп. «Жауапсыз мұнша халық қала бердiк, Бiлемiз ендi мұны нешiк етiп?! Сиқыры не десек те басым бiлем, Жай жердi жүре бердi есiк етiп». Балықшыға падиша: – Кел, – деп едi, Бұл iске себепшi сен, – деп едi. Балықты алып жүрсiң қандай жерден, Жауапты шыныңменен бер, – деп едi. Көрмеген бiр тамаша душар болып, Бiле алмай дал болып тұр ел, – деп едi. Тәптiштеу ендi маған болды лазым, Дүниенiң жисам дағы өнерпазын. Бұл iстiң бар мәнiсiн бiле алмасам, Қайғымен өтер менiм қысы-жазым. Шыныңды айт, алып жүрсiң қандай жерден, Шаһарда адам бар ма саған ерген? Балық алып жүргенде қыз бен шалды, Балықшы, жерiң бар ма көзiң көрген? – Бiр көлге мен ауымды салушы едiм, Мехнатпен таудан асып барушы едiм. Төрт тау бар маңайында тiрi [жан] жоқ, Көлде жүрген балықты алушы едiм. Таудан басқа жанды жан болмаушы едi, Ау салсам балықтар кеп тулаушы едi. Балығы көп болса да артық түспей, Құдайым төрт балықтан оңдаушы едi. Бұларды мұнан бұрын көргенiм жоқ, Балықтан басқа кәсiп тергенiм жоқ. Бұл балықтың кеңесi толып жатыр, Жалғыз-ақ бұл турада өлгенiм жоқ. Тамаша төрт биiк тау, ортасы көл, Көремiн десең, тақсыр, жұртыңды бұл Тау мен көлдiң көр дағы тамашасын, Сиқырлар қастық қылса, армансыз бол. – Шаһардан қандай екен алыстығы, Қыз бен шалдың болмады таныстығы. Жүрiңдер, тау мен көлдi бiз көрейiк, Бiлгеннiң болмас, сiрә, намыстығы. – Балығы, көрсең, тақсыр, мол, – деп айтты, Жаныңызға көп ертпе құл, – деп айтты. Бүгiнге шейiн нағып көрмей жүрсiз, Шаһардан жарты сағаттық жол, – деп айтты. Төрт түрлi балығы көп жүредi ойнап, Суы терең тоқтамас найза бойлап. Бұ секiлдi тамаша iс көрген соң, Патшаларға лайық бiлiп қоймақ. Шаһардың сол жағында көл менен тау, Қыз бенен қара ғараб көрiндi жау. Төрт таудың ортасында терең көл бар, Тамаша балығы көп саламын ау. Мен жүрмiн сонан, тақсыр, балық алып, Құданың құдiретiне қайран қалып. Төрт таудың ортасында терең су бар, Сонан балық аламын ауды салып. Құдай берген ғайыптан қазына деп, Қуанып алып жүрмiн олжаланып. Мен ау салсам, түседi кiдiрместен, Нанбасаңыз, көрiп тұр өзiң барып. Балықшы басшы болды мұнша елге, Бұрын жоқ, пайда болған тау мен көлге. Атадан берi қарай көрмеген тау, Бұ қалай су түсiптi жапан шөлге? Жiгiтке ердi патша елiменен, Таулар тұр ортасында көлiменен. Көрмеген бұрын таулар пайда бопты, Тау көшiп келе ме екен жерiменен?! Төс секiлдi жазық жер тау болыпты, Жын әкелiп тастай ма перiменен?! Елiне патша айтты: – Тарайық, – деп, Мұнда тұрмай шаһарға барайық, – деп. Жасырын ел жатқан соң түнде шығып, Хабарды сөйтiп мұнан алайық, – деп. Елi сонда бұл ақылды жарар дейдi, – Сiз айтқан соң, халайық тарар, – дейдi. Сияғы тау мен көлдiң келiспейдi, Қорықпай қандай адам барар?! – дейдi. Әгар жүрсе жансыз боп түнде бiреу, Хабарды тау мен көлден алар, – дейдi. Ел қайтып шаһарына жақындасты, Падиша уәзiрлерге ақылдасты: – Белiме қылыш байлап атқа мiнiп, Араласам қайтедi тау мен тасты. Тағдыры бiр Алланың екi болмас, Кiмде-кiм қыла қалса маған қасты. Тәуекел тамам болмай ер оңбайды, Әмiрсiз һешбiр нәрсе қыла алмас-ты. Сұрасты бiр-бiрiнен тұрған адам: «Бұл жерде тау жоқ дейтiн ата-бабаң. Тау өсiп көл болғалы балық түсiп, Көрген бар ма, болды екен қанша заман. Жан тiтiреп адамзат қорыққандай, Сөйлешi бiлгендерiң мұны тамам. Қыз бен ғараб бұлардың иесi ғой, Құтылсақ жарар едi есен-аман. Сиқырменен шаһарды көмiр қылар, Тауға таман баспаңдар жалғыз қадам. Қыз бен ғараб қалайша iс қып кеттi, Адам деп көз сап бiзге қарамаған». Һәрбiреуден һәр түрлi сөз шыққан соң, Балықшы есi кетiп қорықты жаман. «Елге қорқыныш қауiптi iс көрсетiп, Маған қылып кеттi ғой ғифрит надан. Елге бөлек iс түссе бұл себептi, Қор болып өлемiн ғой кетiп бағам. Маған малғұн ғифрит қылып кеттi, Өзiн жерге көрсетпей тығып кеттi. Сүлеймен жоқ ұстайтын ендi соны, Көңiлi бiржолата тынып кеттi». Падиша ақылы көп қайғы қылмас, Тiрлiгiмде дұшпаннан сағым сынбас. Уәзiр ағзамды шақырып алып, – Бұл iстi тәптiштемей көңлiм тынбас. Бiр адамға бiлдiрме кеткенiмдi, Мен келгенше кiсiмен болма сырлас. Бұл iстi тағайындап келгенiмше, Сұраса да айтпаңыз құрбы-құрдас. Падиша атқа мiндi «иә, Құдайлап», Түнде жүрiп барады қылыш байлап. Бiр ғажайып көрiнсе түнде маған, Қалайша iс қылам деп ақыл сайлап. Көл мен тауды күзеттi түнде шығып, Көрсетпей патшалығын қойды тығып. Хабарды мұнан қайтiп аламын деп, Аралап тау iшiнде жүрдi бұғып. «Тағдырға тәбдiл болмас» деген сөздi Бұрын неше ғалымнан алған ұғып. «Құдай оңдап сиқырдың басын кессем, Қолыма һешбiр нәрсе қалмас жұғып». Бiр дыбыс түнi бойы бiле алмады, Һеш нәрсе шабытында ойламады. Тауға шығып қарады таң алдында, Шаһарға босқа қайтып жүре алмады. «Һеш нәрсе бiлмей қайтсам болды қорлық, Мына сиқыр елiме қылар зорлық. Бiр дыбыс, жанды нәрсе бiле алмадым, Кезек-кезек төрт тауға шықтым орғып. Құдай-а, бiр нәрсенi бiлдiр маған, Балық ойнап, көл суы сылдырлаған. Онан басқа һеш нәрсе бiле алмадым, Дұрыс па көңiлiмдi тындырмаған». Таң мезгiлi болғанда қарап тұрса, Бiр нәрсе көрiнедi бұлдырлаған. Падиша жүрiп кеттi соған қарай, Бұл қараның болады жайы қалай. Падиша қорықпастан қарап көрсе, Қара мәрмәр тасынан бiр зор сарай. Бiр ағла сарай екен өзi берiк, Тамашалап тұрады патша келiп. Үш мәртебе есiгiн шалдырлатты, Бiр адам келе ме деп маған серiк. Есiгiн ашуланып тартып кiрдi, Һешбiр жан болмаса да келген ерiп. – Бұл сарайдың иесi болсаң, келшi, Кiм болсаң да бiлуге болдым жерiк. Сарайдың iшi көркем жайнап тұрған, Қаранып жан-жағына мойнын бұрған. Зейнетi тамаша екен жан көрмеген, Ортасына жiбектен шатыр құрған. Сарайдың төрт бұрышында арыстанлар, Аузын ашып ойнасып жарысқанлар. Аузынан аққан сулар бал секiлдi, Мұның мәнiн бiлмесе данышпанлар. Һәр түрлi иiстi ағаш, құстар сайрап, Падиша қарап тұрды тамаша әйлап. Зейнетiн адам айтып бiтiре алмас, Жұпар иiсi шығып тұр iшi жайнап. Тамашалап падиша қылды сайран, Iшiнiң зейнетiне қалды қайран. Қараса бұрышына көз жетпейдi, Сарайдың ортасы кең үлкен майдан. «Дариға-ай, қорлықпенен өлдiм ғой», – деп, Қайғылы дауыс шықты анадайдан. Аяқпен батып адам басар емес, Iшiне жiбек, атлас кiлем жайған. Патша шыққан дауысты тұрды барлап, Не жауап айтса дағы бiлгiн аңлап. Дауыс шыққан жағынан iздеп барды, Ендi мұнан жарамас ғапыл қалмақ. Қараса, бiр алтын тақ құрулы тұр, Падиша бiлейiн деп тұрды жандап. «Дүниеден қорлықпен өттiм ғой», – деп, Үстiнде бiр жас жiгiт отыр зарлап. Қараса, жартысы адам, жартысы тас, Нағылса да түскен жан ауыр салмақ. Падиша шыдай алмай сөз сұрады: – Кеткен, – деп, – қандай адам сенi қарғап? Патша келiп жiгiтке сәлем бердi, Сәлемiн алғаннан соң жақын келдi. – Тұрып тағзым қылуға аяғым жоқ, Тақсыр, айып қылмаңыз мендей ердi. – Төрт тау биiк, терең көл балығы көп, Бiлесiң бе, – деп сұрады, – мұндай жердi? Сонда жiгiт жылады төгiп жасын, Зарлап-зарлап төменге салды басын. «Жаныма келiңiз» деп қылды ишарат, Патшаға көрсетуге ықыласын. «Тамаша көрерсiз, – деп, – жақындасаң», Жас жiгiт зарланады жұлып шашын. – Тау мен көл сенен, жiгiт, сұрағаным, Тауды аңдып андан шаршап тұраладым. Алтыннан арыстан жасап тамаша етiп, Жиыпсың сарайыңа ұнағанын. Бұ сарайдың иесi сiз болсаңыз, Бұ қалай көздiң жасын бұлағаның? Мұнша неге қайғырып аһ ұрасың, Жүрегiмдi күйдiрдi жылағаның. – Әй, тақсыр, бiлем десең қасыма кел, Көрсеңiз, екi түрлi бөксе мен бел. Мен де сiздей тақ мiнген патша едiм, Баянсыз болды соққан бiр қызыл жел. Әдiл боп һеш адамға зәбiр қылмай, Патша боп билеп едiм төрт түрлi ел. Етегiн ашты жiгiт көрiңiз деп, Бұ дертiме бiр шипа берiңiз деп. Кеудесi адам, бөксесi қап-қара тас, Жауап бердi осындай ерiңiз деп. Қараса, кеудесi адам, бөксесi тас, Не айтарын бiлмей патша болып тұр мас. Падиша көргеннен соң аяп кетiп, Зар жылады көзiнен ағызып жас. Жiгiттер, мына ғажап естi кептi, Падиша аяғаннан налыс еттi. – Жүрiп құрмет қылатын дәрменiм жоқ, Бiр рақым маған, тақсыр, қылшы, – дептi. Басы сау, бөксесi тас, қозғалмайды, Көргеннен соң аяп патша қайғы жептi. «Құдай-а, қуат берiп бiлдiр маған, Бұл байғұс қандай жаннан жапа шектi». Падиша жақын келiп амандасты, Түн болса да жүз көрiп дидарласты. Қор болып қозғала алмай отыр екен, Көрген соң бек аяды замандасты. – Уақиғаң бiрiн қоймай сөйле, – дейдi, Бөксеңiз қалайшадан болған тасты? Қолымнан келсе сенi босатайын, Айт маған, қандай адам қылған қасты? – Айтайын, сұрасаңыз уақиғамды, Алмай қойды құр қинап шыбын жанды. Сөйлейiн бiрiн қоймай көргенiмнiң, Сен аяп босататын қылсаң қамды. Не өлмей, не тiрiлмей зарлап тұрған, Құдай мендей қылмасын мұсылманды. Өзiм әдiл, һешбiр жан тимеп едi, Көңiлiм харамдықты сүймеп едi. Атам Мұхаммед жетпiс жыл таққа мiнiп, Әдiл боп Суд шаһарын билеп едi. Атам опат болған соң мiндiм таққа, Әдiлдiкпен келушi ем ынтымаққа. Құрметтеп патша қылып сыйлаған соң, Шүкiрлiк қылушы едiм берген баққа. Аталас ағайынды бiр қыз болды, Ондай сұлу жоқ едi бiздiң тапта. Сол қызға жан-дiлiммен ғашық болдым, Бойда ақылым қалмайды көрген шақта. Мал берiп некаһ қылып алғаннан соң, Екеумiз тату болдық нағылсақ та. Мұратыма жеткен соң ойыма алған, Тәубе қылып мен жүрдiм жалғыз Хаққа. Осылай бiр-бiрiмiзге болдық құмар, Жүз көрiп дидарлассақ көңiл тынар. Өзiм әдiл, залалым жоқ болған соң, Бiрдi-жарым дұшпаным қойдай ығар. Жарты сағат көрмесек тұра алмаймыз, Осымен бес жыл өттi ұмар-жұмар. Ақырында, мiнеки, жапа тарттық, Әйелге иланғанның көзi шығар. Тыңлап дәмiн татыңыз мына кептiң, Ақырында сол қатыннан жапа шектiм. Ит болса да, нәпсiсi риза болсын, Әйелге керегi жоқ ата-тектiң. Тәңiрiм бiр шипасын берсе керек, Жаным тiрi күнiнде сiзге жеттiм. Мен де сiздей патша едiм заманымда, Әдiлдiк елге қылдым аманымда. Осы күнде басымның құны кеттi, Жатырмын бiр әйелдiң табанында. Мен осындай кез болдым заман сұмға, Тау мен көл айта алмас деп қайғы қылма. Өзiңiз де қалдырмай баяндаңыз, Не iспенен бұл уақытта келдiң мұнда? Сол қатын едi менiм жақыным да, Сонда едi патшалық ақылым да. Әуелi мен айтайын көргенiмдi, Сонан соң сiз сөйлерсiз ақырында. Мен жүрдiм бес жыл бойы ғашық болып, Көргенде шаттанамын көңлiм толып. Махаббат арамызда артық болды, Тигiзбей желге-күнге жүрдiм қорып. Сырты бүтiн болғанда, iшi түтiн, Ол залым жүрген екен менi торып. Төрт қыз бердiм күтушi бiр басына, Теңедiм құрбы менен құрдасына. Көрмесем жарты сағат тұра алмаймын, Үйден шықсам ертемiн мен қасыма. Тақ мiну, жұрт аралау қиын болды, Иланып қаламын деп ұрғашыға. Қызметкер қыздарға қаңқу кiрдi, Падиша иланды деп болмашыға. Моншаға түстi қатын бiр күн барып, Жуынып келемiн деп тазаланып. Қатын қашан моншадан келедi деп, Есiкке мен отырдым көзiм салып. Қыздар тұр желбiземен жел жiберiп, Мен жаттым алтын тақта рахаттанып. Ол қыздар менi сонда ұйықтады деп, Өздерi кеңес құрды қайран қалып. – Махаббаты артады падишаның, Ол ғаярды көргенде өлiп-талып. Мәнiсiн бұл залымның бiлмейдi ғой, Бiлсе әгар бұлайша боп жүрмейдi ғой. Дүние-ай, уақиғаны көрер едi, Соңынан аңдып барып кiрмейдi ғой. Әгар да сол iспенен қолға түссе, Жүрегiн қанжарменен тiлмейдi ғой. Көңiлiн патша десе тас қылады, Күндiз жақсы, түн болса қас қылады. Жатарда ас артынан шәрбат берiп, Iшiне дәрi қосып мас қылады. Iшпесе жарар едi хайла тауып, Бiлдiрмей мұны жүр ғой қылып сауық. Осындай падишаны көзi қиып, Жүр екен қандай жанмен көңiлi ауып. Бұ ғаяр түн болғанда шығып кетiп, Жүредi падишадан қылмай қауiп. Моншадан қатын келдi сұлу қыздай, Бiлдiрмей мен отырмын түсiм бұзбай. Анығын бiлейiн деп шыдап тұрдым, Қасiрет iшке түстi болып мұздай. Ас келдi, тағам iштiк күлiп-ойнап, Бiлдiрмей жүредi екен залым тойлап. Көрсетпей, көзiн алдап төгейiн деп, Шәрбат келсе отырдым бұрын ойлап. Сол уақытта шәрбат келдi, қолыма алдым, Ғаярдың көзiн алдап төге салдым. Кешiкпей төсек салды жатайық деп, Өтiрiк ұйықтаған боп жатып қалдым. «Ұйықтады» деп тiлдедi менi қатын, «Япырым-ай бұ қалай?!» деп ғажаптандым. Уақиғасын бiлгенше шыдай алмай, Жарылып кетем бе деп қайғыландым. Менi тiлдеп түзелiп үйден шықты, Артынан мен де шығып аңдып бардым. Киiм киiп жөнелдi үйден шығып, Қозғалмай айтқан сөзiн жаттым ұғып. Шаһардан шыға тартты тауға таман, Көрiнбей көре-көре бардым бұғып. Жөнелдi қашан сенен құтылам деп, Ғашыққа қашан барып тұтылам деп. Әуреленiп мас қылып шала өлтiрiп, Күнде зорға бұл иттен құтылам деп. Үйден шығып қатыным тауға кеткен, Ол тауды қара ғараб мекен еткен. Балшықтан салған үйге кiрдi барып, Мамық пен атластан жапа шеккен. Тастан жастық, қамыстан төсегi бар, Көлден кетiп осындай шөлге жеткен. Еңкейiп кiрдi барып есiгiнен, Қарадым төбедегi тесiгiнен. Жатса мамық, iшкенi бал мен шарап, Осындай қашып жүрген нәсiбiнен. Алтын үйден қашады балшық үйге, Шошыған баладай-ақ бесiгiнен. Көңлi ауса жаманнан жерiмейдi, Ұрғашының бiлемiн кәсiбiнен. Мұны қылған әйелге сенiм бар ма, Өзiн-өзi бұлайша салған тарға. Есектiң аяғындай қолдары бар, Жиренбей барар емес ғарабтарға. Құрметтi төсегiнен тұрып кеттi, Тас жастық барып жатты шөп пен шарға. Ғарабтың қолын ұстап, сүйдi бетiн, «Құдай-а, жеткiздiң, – деп, – сүйген жарға». – Бәдбақыт, мұнша неге кешiктiң? – деп, Ғараб сонда ақырды дiнi қарға. Һәркiмдер жатып қалды ғашығымен, Әйелдiң мен қалыппын жасығымен. Қайратты жақсы ұрғашы тауып алам, Мен сендей әуреленбей хасифимен. Қарай-қарай жолыңа көзiм талды, Сенi күтiп тағамым суып қалды. Ғашықтары келген соң уағдасында, Менен басқа ғарабтар бек шаттанды. Байымнан сенi жақсы көрем деушi ең, Жолыңда құрбан болып өлем деушi ең. Бүгiн неге кешiктiң, бәдбақыт, Бәрiнен күнде бұрын келем деушi ең. Ол шошқаны көрдiң бе менен артық, Дәулетiн қимадың ба жатқан шалқып. Нәпсiң разы болған соң, көңiлiң тынып, Шаттанып қайтушы едiң қаздай қалқып. Бұ дүниенi есiңнен шығарушы ең, Мен қызмет қылғанда бойың балқып. Бұрын дәм татысқаннан шыдап тұрмын, Өлтiрмек болып едiм сенi тарпып. Менен артық көресiң залымыңды, Бұрынғы бұзбай жүр сен қалыбыңды. Жолға қарап сарғайтып зарықтырдың, Бүгiн түнде бiлдiм ғой анығыңды. Көз алдыңда бiреумен бiрге жатып, Солай қылып алайын қарығымды. Қадiрсiз сүтке тиген күшiктей қып, Жанбастай қып сөндiрем жарығыңды. Сонда қатын жалынды қалқасына, Тел емген қойды бағлан марқасына. – Мас қылып жаңа ұйықтап зорға шықтым, Бiр жастық тастай берiп арқасына. Сiз гауһар, мен бiр нашар пиаламын, Мен сiзге қызмет қылсам сый аламын. Ол иттi ерте мас қып кетер едiм, Көрiп қалса шаһардан ұяламын. Мен кешiгiп қалғанға зарығыпсың, Жолыма қарай-қарай талығыпсың. Желпiнiп бiразырақ демiңдi алшы, Мен итке ашуланып барығыпсың. Жолыңа, қалқам, құрбан шыбын жаным, Қосылған ғашық болып мейiрбаным. Маңдайдан бұршақ-бұршақ терiм ақты, Осы емес пе ұялып қысылғаным. Ғашығым, көзiң жетпес сырдағыға, Сабыр қылып шыдаймын ұрғаныңа. Сенiмен жалғыз сағат ойнап-күлсем, Көзiмдi салмаушы едiм қырдағыға. Алтын-күмiс қазынаны қисап қылмай, Мен риза едiм ғой мұндағыға. Ел билеп, таққа мiнiп тұрса дағы, Мен оны теңгермеймiн тырнағыңа. Ұрыспақ түгiл, басымды кессең дағы, Армансызбын жарасам құрбаныңа. Мас қылып шыққанымша сол болады, Ашуланба кешiгiп тұрғаныма. Сен едiң көзiм нұрым, ғашық жарым, Қаз iлген жiбек баулы ақ сұңқарым. Сен қуарсаң, мен кiмге сүйенемiн, Мехнатпен өткенi ғой шыбын жаным. Есiмнен кетпейтұғын қызметiң бар, Не болар сенен кетiп менiң халiм. Жалынып қолын салды мойынына, Бiр жатсам арманым жоқ қойыныңа. Қарағым, ұрыспалық пышақ қайрап, Шыдаймын құрбан болып союыңа. Бiлсемшi ендi, қалқам, ашуыңды, Ашулансаң бiлесiң жасуымды. Тiрлiкте сенi қиып қайтiп кетем, Көргенмiн дариядай боп тасуыңды. Ұрысқанын тоқтатты сонда ғараб, Бойынан ашу шығып кеттi тарап. Ғараб ит жылы жүзiн бергеннен соң, Жылтылдап арғымақтай тұрды жарап. Киiм шешiп, қойнына кiрiп барды, Бетiне ол залымның қарап-қарап. Риза қылып сұрады қатын сонда: – Жейтiн тамақ, iшетiн бар ма шарап? – Пiсiп тұрған табада үш-төрт тышқан, Кешiгiп қалып келдiң көп жұмыстан. Ана жерде бiр кесе боза тұрған, Сен үшiн iздеп тапқам һәрбiр тұстан. Iш те, же, жылдамырақ жұмыс бiтсiн, Сол үшiн ренжiтiп сенi қысқам. Жұмысым кәдуiлгi өзiң бiлген, Сағатында бiр жолмен он бес жүргем. Деушi едiң соны дағы азға санап, Дүниенiң қызығы ойнап-күлген. Iшiп-жеп мәз болады қатын сонда, Қуанады басты деп iсiм оңға. «Бол, жылдам, шәһуетiм қозғалды», – деп, Шаттанып iш киiмiн алды қолға. Қайда барсаң ерiк деп малғұн ғараб, Айдаһарын жiбердi салып жолға. – Мiнеки, шаттандырдың, қалқатайым, Мұның бiрiн қылмайды алған байың. Ол ғаяр гүл-гүл жайнап құлпырады, Айдаһар iлгерiрек басқан сайын. – Бұл секiлдi қызметтi кiм қылады, Мен сенен құрбандық боп айналайын. Дүние-мал, патшалықты тастағаным Осың ғой, өзгенi мен не қылайын. Екеуi ұйықтап қалды көңiлi тынып, Падиша қасiреттендi қайғы қылып. Қатынды сонда дағы iшi қимай, Жөнелдiм ғараб итке қылыш тығып. Ғарабты қылышпенен тiлiп-тiлiп, Ол үйде көп тоқтамай кеттiм шығып. Үйiме қасiреттен зорға жетiп, Бұрынғы орынымда жаттым бұғып. Мас болған секiлденiп жаттым құлап, Көзiм көрiп қатынды келдiм сынап. Түсiне адам қарап тұрар емес, Қатыным таң атқан соң келдi жылап. Мұрыныма дәрi иiскетiп тiрiлтiп ап, Бiлдiрмей жылтылдап жүр сипап-сылап. Қарасам, шашын кесiп қара киген, Қарамайды кiсiдей бетi күйген. Құрт аурудан меңдiген адамдай боп, Аяғын баса алмайды имең-имең. Бiлмеген боп қатыннан сөз сұрадым: – Қандай адам екен, – деп, – саған тиген? Ас iшпей, сөз айта алмай қамығасың, Көзiңнiң жасын төгiп ағыласың. Бас есен, бауыр бүтiн күнi бүгiн, Сен бүгiн не себептен жабығасың? Мен патша, сен ханымсың арманың жоқ, Мұқтажсыз iздегенге табыласың. Мен бүгiн саған қайран қалып тұрмын, Есiңнен ауық-ауық жаңыласың. Бiр жерiң ауырды ма деп сұрадым, Аяған болып қамын жеп сұрадым. Жаныңа батып тұр ма ауруың, Баса алмай өксiгiңдi көп жыладың. – Бiр қайғы бiздiң басқа келген, – дейдi, Қайғыны тағдырменен көргем, – дейдi. Сұрасаңыз, айтайын, тақсыр патша, Бiздiң бiр жақынымыз өлген, – дейдi. Рұқсат берсең келейiн дұға қылып, Қадiрсiз бiр орынға көмген, – дейдi. – Жақының болса, барып көңлiңдi бас, Әлдеқашан рұқсат бергем, – дейдi. Рұқсат, дұға қып кел олай болса, Iштен шер шығарып кел, қайғы толса. Ауруға шалынып бұзыларсың, Қасiретпен зағиптанып ақылың солса. Олайша жақыныңнан қаза болса, Қамдап бар салатұғын аза болса. Қайғы-шер адамзатты бұзад деген, Қан жұтып, ас-су iшпей наза болса. Сонда қатын жөнелдi үйден шығып, Қалт қылмай падиша жүр сөзiн ұғып. «Қасқа қас жарасады» дегенменен, Залымның патша қойды туын жығып. Өлi-тiрi екенiн жан бiлмейдi, Падиша кетiп едi қанжар тығып. Падиша бiлмеген боп бiр жыл жүрдi, Қалай рет болар деп ақыл қылып. – Шаһардан ұсталарды алдырыңыз, Тамақ берiп сусынға қандырыңыз. Ықыласты көңлiңменен көрсең жақсы, Бiр зират жақын жерге салдырыңыз. Күнде-күнде баруға бiрталай жер, Жаяу жүрсем маңдайдан шығады тер. Сүйегiн жақын жерге алып келсем, Iштен қайғы, кеудемнен шығады шер. Үйден шыға дұға қып отырайын Бiр зират жақын жерге салдырып бер. Iшi шатыр, сырт жағы болсын сарай, Дұға қылып тұрайын қарай-қарай. Сүйегiн өзiм барып әкелейiн, Қасыма ертпей барып жалғыз малай. Бiр адамға бiлдiрмей түнде әкелем, Жалғыз барып үйрендiм талай-талай. – Жарайды, бiр зиратты салдырайын, Шаһардан ұсталарды алдырайын. Ниетiң мен дегенде судан таза, Көңiлiңдi не себептен қалдырайын. Сүйегiн алып келiп жақынға қой, Бар шығар көңiлiңде һәр қиял-ой. Ел жиып жақыныңа дұға қылдыр, Сиыр, жылқы, көп қылып түйеден сой. Жақсы зират салдырдым тiлiн алып, Ақыры не болар деп көзiм салып. Үй қасына зиратты салғаныма, Шаһар халқы жүредi қайран қалып. Менi алдап салдырдым деп шаттанса да, Ас iшiп, ұйқы көрмес күйiп-жанып. Ғаярдың ғашықтығы естен шықпай, Түнде зиярат қылады ашып-арып. Қол астымда төрт түрлi ел бар едi, Сиқырмен қылып қойды су мен балық. Шаһарды тау, бөксемдi тас қып қойды, Сол көрген тамашаңыз бiздiң халық. Сиқырды көп оқыған ғаяр екен, Қапы болып отырмын назаланып. Сiзге де кесапаты тимей қалмас, Тақсыр-ау, көзiм көрдi, бәрi де анық. Күнде азап қылады үш уақыт, Қайғы, қасiрет барады iшiм жарып. Ұсталар зират салды күн-түн қатып, Бiз хақы алмайық деп қарап жатып. Мұны, тақсыр, қайтесiң деп сұрауға, Һеш адам келе алмайды менен батып. Кешiктiрмей тезiнен салып бердiм, Iшi зейнет, сырт жағын жақсылатып. – Бiткен соң, сүйектi әкеп салам, – дейдi, Сонан соң көңiлiм болмас алаң, – дейдi. Шаруасынан қалмасын жiгiттерiң, Құпия жалғыз өзiм барам, – дейдi. Жалғыз шамам келмесе әкелуге, Сол жерден бiреу тауып алам, – дейдi. Ертең келдi, мен жалғыз бардым, – дейдi, Дұға қылып сауапқа қалдым, – дейдi. Жақын жерден жүрейiн дұға қылып, Зиратқа бүгiн әкеп салдым, – дейдi. Зиратқа ерте кетiп, кеш келедi, Көрмеген нәрселердi дестеледi. Нағылып жүрген iсiн жан бiлмейдi, Менен де артық оны ескередi. Оқиды бiр түрлi оқу судай ағып, Қатынды жүрген жан жоқ iстен қағып. Бәйнiмен бұ ғаярды қоя берiп, Бiлiнбей мен артынан бардым бағып. Сығаласам, там iшi толған шыны, Құшақтап отыр екен дәрi жағып. Ләззатты тағам алып барған екен, Жей ме деп үмiттi боп алған екен. Жарадан сау жерi жоқ, пара-пара, Қылыштан жаны шықпай қалған екен. Ауру болып көрсетiп өзiн маған, Залымның қылған iсi жалған екен. Тiрiлер деп жүр екен дәрi жағып, Көңiлi бұ ғаярдың арман екен. Мұрнына иiскетедi бал мен шекер, Демiн алса, iшiне иiсi кетер. Бұлайша нәр алдырып ойлайды екен, Жазылып тұратұғын күнi жетер. Жара көп, сөйлейтұғын тiлден қалған, Жерi жоқ тiрiлiктен үмiт етер. Бұрынғы ғашықтығы естен кетпей, Әншейiн әуреленiп жүрген бекер. Ғараб өлсе, өлуге отыр даяр, Қара киiп зарланып, шашын жаяр. Жарадан жазылмасын бiле қалса, Ол залым көрiнбейдi жанын аяр. Ұмытпайтын қызметiң бар едi деп, Жер бауырлап жығылды залым ғаяр. Жылайды ғашығым деп бәйiт айтып, Сенi көрсем тұратын бойым балқып. Оны-мұны жоқты айтып былшылдайды, Тiрлiкте ұмытам деп сенi қайтiп. Ойнаған ғейiш-ғишрат сафаларын, Айтады менен көрген жапа-кәрiн. Жүрген-тұрған iсiнiң бәрiн айтып, Аһ-уһ деп шығарды қапаларын. Мен сонда шыдамадым ашуланып, Қолыма жетiп бардым қылыш алып. Менен келген екенiн сонда бiлiп, Аузынан шықты жалын, оттар жанып. – Бұл iс сенен келгенiн бұрын бiлсем, Қаныңды iшпеймiн бе iшiң жарып. Бiр әфсүн оқып едi маған қарап, Сол жерде жығылыппын естен танып. Есiм жисам, бөксем тас, кеудем адам, Дәрменiм жоқ, отырдым көзiм салып. Тылсым оқып, жоқ жерден көл шығарып, Шаһарды тау, кiсiмдi қылды балық. Қамшымен дүре соғып, қылмен есiп, Азап тартып отырмын мехнаттанып. Шаһар тау мен көл болды, не-дүр шара, Адамды балық қылды жүзiқара. Төрт түрлi қол астымда ел бар едi, Баяндап бiразырақ айтқам мана. Ысады қылдан көйлек кигiзiп ап, Етiмнiң сау жерi жоқ, бәрi жара. Менi қинап қайтқан соң азап қылып, Су жұтып баяндайды бара сала. – Тақсыр-ау, бұған дауа болар ма екен, Зағиптанған көңiлiм толар ма екен. Тәңiрiм шипа берiп сауықтырса, Баяғы бақыт қайта қонар ма екен. Кiндiктен төменгi жер қап-қара тас, Мен дағы адам болып оңар ма екем?! Жазылсам, адам болып толар едiм, Құстай ұшып тауларға қонар едiм. Жазылып, кедей болып ас сұрасам, Ел билеп тақ мiнгендей болар едiм. Жазасында ел неден шикi болды, Шаһардың қандай қылған кейпi болды. Мына қылған iсiне жаным күйiп, Бұрын қайғым бiр едi, екi болды. – Сабыр ет, iс ақырын оңдар Құдай, Балам, күнiң өтiптi жылай-жылай. Қатынның басын кесiп өлтiрмесем, Тiрi болып жүрмейiн мұнан былай. Барайын, тура жолын сiлте, балам, Ғарабтың бiтiрейiн iсiн тамам. Қысасты қияметке күйе бермей, Сиқыршы қатыныңның басын алам. Балықты адам, тауларды шаһар қылам, Құлым деп жәрдем қылса Хақ Тағалам. Ғұмырың таусылмаса жазудағы, Бүйтiп тас боп отырсаң, кетер бағаң. – Мекенi мен салдырған тамда деймiн, Тақсыр-ау, қапы қалмай аңды деймiн. Сиқыры күштi, ғаярдың айласы көп, Әй, ата, тiл алсаңыз, барма деймiн. Көзi көрсе, бiр iске ұрындырар, Сау күнiңде жолыңнан қалма деймiн. Бiр сiлтеуге шамаңды келтiрмейдi, Қолыңызға қылышты алма деймiн. Тау мен балық барыңыз көлiңiзге, Аман күнде қайтыңыз елiңiзге. Маған азап қылады қазiр келiп, Көп кешiкпей жүре бер елiңiзге. Азапты мен тартайын бұрын көнген, Қазаға қарсы жүрме, тұрып төрден. Бiр ауыз кәлимаға келтiрмейдi, Бiр адам сау қоймайды тамам елден. Тез жөнел ендi, тақсыр, келiп қалар, Көрiнбей асып кетшi ана белден. Келетұғын уақыты болды жақын, Сиқырға әбден пiскен ғаяр қатын. Мен үшiн сол залымнан өлiп кетсең, Тағы менде қалмай ма сенiң хақың. Жасырынды бiр жерге патша сонда, Ерлiк қысып падиша тұрды зорға. Патша келiп зиратқа кiрiп алды, Қинаймын деп кеткенде қатын онда. Өз киiмiн падиша шешiп тастап, Ғарабты жалаңаштап алды қолға. Бөлiп-бөлiп құдыққа салды апарып, «Сен залым, жата тұр, – деп, – терең орда». Ғарабтың орнына кеп жатып алды, Түсiн бояп кiрiп жүр молдан-молға. «Құдай-а, өз жанымды құрбан қылдым, Тұтқындарды босатсаң түскен торға. Тiлегiмдi бергенiң, жалғыз Алла, Пақырлардың шығарсаң iсiн оңға». Зиратта жанып тұрған алтын қандiл, Хош иiстер бұрқырап тұр оң мен солда. Ыңқылдап ғараб болып жатып алды, Тәуекел, кiрiстiм деп сапар жолға. Бiр ғаяр сиқыры көп залым дейдi, Өзiне-өзi айтады «ғапыл болма». Қарайтып түсiн бояп болды ғараб, Тәуекел, бiр сапарға қылды талап. Зират iшi зейнеттi тамаша екен, Iшiнде толып жатыр арақ-шарап. Ғарабтың бар киiмiн киiп алып, Күртесiне оранып отыр қарап. Ғаяр келсе, қалайша iс қылам деп, Падишаның зейiнi отыр тарап. Онан бұрын мен қамдап қалайын деп, Даярлап тығып қойды қару-жарақ. Киiм мен атын тықты берiк жерге, Тәңiрi оңдап, бақыт берсiн кемеңгерге. Патшаның зығырданы қайнап отыр, Азап қып жатыр ғой деп қайран ерге. Малғұн барып жiгiтке салды таяқ, Ұрып-ұрып өлiмге кеттi таяп. Япырым-ай, ендi бұған не iс қылам деп, Там iшiнде падиша отыр аяп. Ұрып-ұрып бiлгенiн қылып келдi, Азабына көңiлi тынып келдi. «Сен үшiн қанша қинап ұрдым ғой», – деп, Мақтанып ғараб бар деп күлiп келдi. «Қарағым, тәуiр болсаң, дыбыс бер», – деп, Көрпеге жақынырақ жүрiп келдi. Аурулар даусындай қып аһ-уһ деп, «Лә хаула уа лә қууата иллә билләһ» деп дыбыс бердi. Ғарабты сөйледi деп есi кетiп, Шаттанып құшақтады қара жердi. – Байыңа қылған азап маған боп тұр, Қайтадан адам қылмасаң сондай ердi. Әй, бәдбақыт, фахиш, бұзық қатын, Сенен болды бұ мехнат-машақатым. Ол бейшара азаптан құтылмаса, Менiм де қабыл болмас мiнәжатым. Оған қылған азабың маған болып, Тәңiрiм алып жатыр оның датын. Бар, соны адам қылып қайтып келшi, Жазылса қуанғанын айтып келшi. Жазылса, адам болып кетсе жүрiп, Қайтарда һәр түрлi күй тартып келшi. Қуанып қатын тысқа шығып кеттi, Әфсүн оқып жiгiтке барып жеттi. Ғарабқа бiр шипасы бола ма деп, Жiгiттi бiр үшкiрiп адам еттi. Қатынның қуаныш төгiлдi балағынан, Шаттанып ас жүрмейдi тамағынан. Айтқанын қылғандан соң жазылар деп, Үмiттi боп келедi қарағынан. – Байыңды адам қылып жiбердiң бе, Шүкiр, тәуiр болдым ғой манағыдан. – Адам қылып жiбердiм сенiң үшiн, Тiрлiкте көрмен деп ем оның түсiн. Бiр кесе су шашып ем, адам болды, Қалай қылсам сиқырға жетер күшiм. Не десең де, көңiлiңдi қалдырмаспын, Сен өлсең құрымай ма менiм мысым. Адам қылып жайына қоя бердiм, Ол үшiн бейнет тартып көрсең қысым. Байымды ол пәледен азат қылдым, Әуелде сенiң үшiн азап қылдым. Бөксесiн тас, кеудесiн адам қылып, Не өлтiрмей, не тiрiлтпей азап қылдым. – Дұрыс, патшаны азат қылдың, елi қайда, Тау мен көл жарамайды, қалса жайға. Шаһар елiн түсiрсең қалыбына, Бiр шыбындай жаныма болар пайда. Солар маған бәддұға қылған сайын, Жаныма шаншылады болып найза. Оларды адам қылмасаң, жазылмаймын, Балық боп елi жатыр терең сайда. Бар, соларды адам қыл менi десең, Мен үшiн қасiреттенiп қайғы жесең. Шаһар елi бұрынғы болса орнында, Бұл жарадан жазылам аман-есен. Жылдам баршы, жаныма қадалып тұр, Бұрынғыдай жайланып қалма кешең. Қияметте ақ сүтiн кешпес саған, Солардың iшiнде бар әке-шешең. Қуанды, болды ғой деп шаттық заман, Жөнелдi тау мен балық көлге таман. Қосылар ғашығыммен күн болды деп, Бұрынғыдан асығып басты қадам. Бiр сауыт суға үшкiрiп шашып едi, Тау, шаһар, балық пен көл болды адам. – Айтқаның бәрiн қылдым, шаттан, қалқам, Жарадан жазылдың ба есен-аман? Бәрiн дағы сиқырдан халас қылдым, Бiр себеп бола ма деп, қалқам, саған. Сен үшiн шыбын жанды қинап жүрмiн, Қор болып кетедi деп менiң бағам. Манағы уағдаменен тәуiр болсаң, Ендi сен дидарыңды көрсет маған. Үш күн жатып өлгенiм келдi мiне, Сен өлсең болып едi күнiм қараң. Көрмегелi бiрталай заман болды, Қолымнан бiразырақ жешi тағам. Шығаршы, бiр сүйейiн, сағындым ғой, Қолыңды, ұстауға келсе шамаң. – Бұ дүние өтiп кетер бiр қызыл жел, Қор болды сиқырыңмен бiрталай ел. Құшақтасып басайық мауқымызды, Жамалыңды көрейiн қасыма кел. Қуанып малғұн ғаяр жетiп барды, Жасырып патша қолға қанжар алды. Өзiне емiн-еркiн келтiрiп ап, Қақ бастан қанжарменен салып қалды. Сиқырлауға шамасын келтiрмедi, Өткiр қанжар ғаярды екi жарды. Падиша бөлiп-бөлiп тастап едi, Өкiрiп қиналуға шықты жаны. Ғаярды кескiледi бөлiп-бөлiп, Пәледен құтылды жұрт қатын өлiп. Қойдай маңырап, қозыдай шулады жұрт, Сиқыршының өлгенiн бәрi көрiп. Зираттан патша шықты маң-маң басып, Дұшпанын өлтiрген соң судай тасып. Жiгiттi барып көрем деп ойласа, Даярланып тұр екен есiк ашып. Патшаның қолын сүйiп дұға қылды, Жылады патшаменен құшақтасып. – Ел болып қызметiңдi ұмытпаспыз, Халас қылдың жерiмнен жатқан жасып. Құтылдырған патшаны көремiз деп, Жұрттың бәрi көруге болды асық. Бiр сиқыршы шаһарға бүлiк салған, Адам жоқ сиқырынан аман қалған. Сiз себепшi болмасаң, тақсыр патша, Қорлықпен өтiп едi дүние жалған. Залым ғаяр қатыннан жапа көрiп, Өлiп кетсем көп едi бойымда арман. Күллi шаһар қорлықпен өтер едi, Әгар сiзден болмаса бiзге жәрдем. Орныңыз ұжмақ болсын ахиретте, Себепшiмiз дұшпаннан тартып алған. Бихамдулла, хақ екен һимматiңiз, Көп жанды айырдыңыз бiр ажалдан. Жан иесi бәрi сiзге дұға қып тұр, Сиқыршы құтқарған соң дiнi қардан. Амандасып шаттықты бiлдiруге, Тақсыр-ау, ұнамай ма елге барған. Шаттықты бiлдiрейiк елге барып, Бiр ғаяр қылып едi бәрiн ғарiп. Олар дағы қуанып жүрген шығар, Сиқырлап елдiң бәрiн қылған балық. Қандай адам сиқырдан құтқарды деп, Көруге тұрған шығар құмарланып. Күллi мүмiн, мұсылман қор боп едi, Залымнан әпердiңiз бiзге қарық. Тәңiрi артық жаратқан жан екенсiң, Тақсыр-ау, шарапатың кеткен дарып. – Бұл жерден тура қайтып барам елге, Бiздiң жұрт та бек құмар тау мен көлге. Қашан келiп хабарды бередi деп, Қарап тұр елдiң бәрi шығып белге. Бұ ғажапты бiздiң ел көрген бәрi, Тамашалап көз салған жас пен кәрi. Естуге құмар болып тұрған шығар, Жарамас жүре берсем мұнан ары. Уәзiр менен бектерiм қалған қарап, Тез қайтармын деп едiм тамашалап. Асығып «патша қашан келедi» деп, Бұ күнде тұрған шығар кетпей тарап. Шаһарға сiз барыңыз, қайтайын мен, Сапар жол елге таман тартайын мен. Мұнан қызық тамаша iс бола ма, Бұл көрген уақиғамды айтайын мен. Сонда жiгiт қызмет қып қусырды қол: – Құдай берген кiсiсiз, өнерiң мол, Сиқырдың күшiменен келiп тұрсыз, Бұл жерден шаһарыңыз бiр жылдық жол. Бiр түнде сиқырменен келiп тұрсыз, Жәрдемдi бiз пақырға берiп тұрсыз. Бiздiң үйге жүрiңiз қонақ болып, Барша жұрттың қуанышын көрiп тұрсыз. Мейман қып алып келдi сарайына, Қызмет қып тiк тұр дедi малайына. Патшаға алтын-күмiс сый әкел деп, Елiнiң хабар айтты талайына. Той қылып неше күндей дуылдасты, Бұл тойдан жақсы-жаман құтылмас-ты. Елi келiп жиылып амандасып, Қойдай маңырап, қозыдай шуылдасты. Патшаға құрып бердi алтын шатыр, Мың теңгеге шатырдың пұлы татыр. Зор қатерден құтқарған себепшi деп, Падишаға қисапсыз берiп жатыр. Сонда [жiгiт] патшаға сөйледi сөз: – Сiзден жәрдем болғанын көрдi ғой көз. Әгарда сiз болмасаң, тақсыр, бiзге, Бұйырмай қалып едi үш қабат бөз. Тәңiр айдап тiрлiгiме себеп болдың, Осы күнде атам да, анам да сiз. Алладан тағдырда қаза жетпеген соң, Тақсыр, сiз себепшi боп жолықтыңыз. Қиямет күнiнде ұмытылмас Жақсылық сiзден, тақсыр, көргенiмiз. Сiзбен бiрге кетемiз, ұнатсаңыз, Бұл елде сенсiз, тақсыр, тұрмаймыз бiз. Тақсыр, сiзден тидi ғой көп мархабат, Сиқыршыны өлтiрiп әпердiң дат. Ада қылып болмаспыз хақыңызды, Ел боп қызмет қылсақ та неше қабат. Дүниенi тәрiк қылып сiзбен барып, Ендi қалған ғұмырымда қылсам тағат. Басқа мүйiз шыққан жоқ оныменен, Патша болып ел билеп кидiм жанат. Ғафур, әр-рахман Падиша* ғафу қылар, Көп қате жастығымда қылдым ағат. Мен сiздi ата-анамнан көрдiм жақын, Сiзден қалып тұрмаймын жалғыз сағат. Жiгiттен мұндай мадақ есiткен соң, Патша да судай тасып болыпты шат. – Тағат қылсаң, махшарда пұл боларсың, Ықыласпен тәубе қылсаң құл боларсың. Менен туған ұғыл түгiл, қызым да жоқ, Ерiп барсаң өзiме ұл боларсың. Қияметтiк бала бол маған өзiң, Көңiлiмдi хош қылды айтқан сөзiң. Өзiмменен бiрге жүр шаһарыма, Бұл елде қорлығыңды көрдi көзiм. Құп көрiп жiгiт сонда шақыртты елiн, – Сиқырменен тас болғанда сынған белiм. Қажыға барып тәуап қып тұрам сонда, Алтын-күмiс, мал шығар маған телiм. Мұндағыға бiрдей қып бөлiңiздер, Нәпақаланып тұрарлық кетiм-келiм. Тегiс жиды шаһардағы жамағатты, Бектерiне тапсырды аманатты. Бар малын әдiлдiкпен екi бөлiп, Жолға керек азықты әзiрлеттi. Бiрiгiп патшаменен түстi жолға, Жолға керек пұл, азық алды қолға. Дұға қылып тiледi қолын жайып, «Құдай-а, сапарымды өзiң оңда». Жиылды бiрi қалмай тамам елi, Әуелде балық болған тау мен көлi. «Жанымызға себепшi, тақсыр-ау», – деп, Патшаны көзi қимай сынды белi. Жылайды падишаны бәрi қимай, Ағызып көздерiнiң жасын тыймай. Олжаны бас-басына берiп жатыр, Далаға һәр түрлiк мал кеттi сыймай. Падиша қайтамын деп рұқсат алды, Кетемiн дегенiне қайғыланды. Падишаны бұл шаһар нағып қисын, Қасiретiнен құтқарып шаттық салды. Қонағын риза қылып жөнелтуге Аямай әкеп жатыр дүние-малды. Айрылып амандасу қиын болды, Артынан падиша[ның] шулап қалды. Рұқсат алып падиша елге қайтты, Жол жүрiп көп әскермен шеру тартты. Ел сый қылып берген соң тастасын ба, Түйеге алтын-күмiс қазына артты. – Сый қылып көп берiптi һәр түрлi мал, Бұл берген һәдиенi сен қабыл ал. Падиша амандасып жөнелгенде, Қиыспай ел сандалып болады дал. – Тақсыр-ау, не берсек те көп болмайды, Жанымыз қысылғанда болғансың жал. Ат-айғыр мыңға толды биесiмен, Олжаны көп берiптi жүйесiмен. Алтын менен күмiстен қазына артып, Бұ дағы мыңға боп тұрды тақиясымен. Қой, сиырдың қисабы бiр болмады, Бағатын бас-басына иесiмен. Берген соң һәдие қып бәрiн де алды, Падиша амандасып жолға салды. Баяғы балық болған көп халайық, Қия алмай бәрi шулап жылап қалды. – Сiз кеткен соң, тақсыр-ау, не боламыз, Хабар алып бiлiп тұр бiздiң халдi. Алдыңғы елден сөйлейiк ендi хабар, Патша айдап келе берсiн мұнша малды. Таң ата келемiн деп кеткен патша Келе алмай, жұрттың қарап көзi талды. Падиша түнде кеткен келе алмады, Хабарды елге келiп бере алмады. Тау, көл, балық, падиша – бәрi де жоқ, Таң атқан соң ел бiрiн көре алмады. Сандалып ел адасты ақылынан, Сұрады келдi ме деп қатынынан. Ел адамы, уәзiрлер жаман сасып, Жан-жақтан хабар алды жақынынан. Жиылды падишаның жақындары, Қайғырып жылап тұрды жұрттың бәрi. Елге құт, әдiлеттi патша едi деп, Өлемiз деп жылады жас пен кәрi. Һеш адам қолы жеткен зарықпаған, Аузынан шыққан сөзi болған дәрi. Бас қосып ел iздеуге қойды бетiн, Сұрау сап аралауға жердiң шетiн. Шұбырып нашарлары тозып кеттi, Ел кезiп шығаруға iштен дертiн. Есiнен ел адасты жылауменен, Патшаны таба алмады сұрауменен. Зiлзала, мең-зең болып жүре бердi, Бiреудiң iсi болмай бiреуменен. Зияпат қанша жанмен келе жатыр, Iсi жоқ падишаның жүдеуменен. Патша жақын көргенiн мақұлдады, Жек көргенiн қасына шақырмады. Есен-аман сапарда бiр жыл жүрiп, Падиша өз елiне жақындады. Сүйiншi ал деп шапқыншы жiбердi елге, Келе жатыр еңбегi кетпей желге. Падиша тiрi ғайып бола тұрсын, Ел ғажап көшiп кеткен тау мен көлге. Бiр күнi падишадан хабар келдi, Сүйiншi алды қуантып тамам елдi. Зарыққан падишаңыз табылды деп, Уәзiрлер жиылсын деп хабар бердi. Есiтiп жұрт жиылып құмдай болды, Неше ауру, ақсақтар тыңдай болды. «Ел ұрысыз болмайды» дегендейiн, Там-тұм жүрген залымдар жымдай болды. Есi шығып қуанып шаттық толып, Нашарлардың бiр малы мыңдай болды. Алдынан елi шықты атты-жаяу, Патша да жақындады елге таяу. Қуанып шаттанысып күлiп-ойнап, Көңiлiнде нашарлардың болмай қаяу. Падиша аман көрдi тамам елдi, Нашарлар қуанғаннан жылап бердi. Олжаның бiреуiн де өзi алмады, Нашардың бас-басына бөлiп бердi. Олжаның азы-көбiн сонан байқа, Нашарлар қатар үйге бiр теңелдi. Ел тегiс бай боп тұрды бiраз заман, Падиша келгенден соң есен-аман. Қайырлы әдiл патша – елдiң құты, Қайғысыз байып тұрды жұрты тамам. Жиылған уәзiр, қария, ғұламалар, Әдiл патша жұртына шаттық салар. Жас, кәрi, қатын, [бала] – бәрi келдi, Қасына ерiп келгендер қайран қалар. Көп олжа берiп жатыр талайына, Елi қамап сыймады маңайына. Көрiсiп, амандасып болғандан соң, Падиша алып келдi сарайына. Жетi күндей той қылды жұртын жиып, Маңайынан кетпейдi елi қиып. Қасына ерiп келгендер қайран қалды, Қалай жүрген өнер деп бойға сыйып. Бұрынғыдан артық боп бақыт қонып, Патшаның дәрежесi болды биiк. Көп сенiп осы әдiл болады деп, Әуелден патша қойған халқы сүйiп. Қуанып, жұрт мәз болды ойнап-күлiп, Патшаны аман көрген соң көңлi тынып. Кешегi Суд шаһарына жiберiптi Өзiнiң бiр уәзiрiн патша қылып. Жiбердi балықшыны уәзiр етiп, Балықшы да қуанды есi кетiп. Бiр жылдай орта жолда сапар жүрiп, Есен-сау Суд шаһарына барды жетiп. Барған соң балықшыны құрметке алды: – Сиқырдан құтқардың, – деп, – барша жанды. Себепшi жанымызға сiз болдыңыз, Падишаға бiлдiрiп бiздiң халдi. Ұлықтық құрметiңiз өз алдына, Бiз сiзден аямаспыз дүние-малды. Уәзiр тұрды бек әдiл патша болып, Балықшы уәзiр болды бақыт қонып. Патшаның өз елiнден қайғы кеттi, Патшасы аман келген соң шаттық толып. Мархабат үлкен патша айтып тұрды, Шаһар аты һәр тарапқа кетiп тұрды. Сыртынан қойдай бағып, көзiн салып, Екi елге әдiлдiгi жетiп тұрды. Адамдар бiр-бiрiне қас қылмасқа Ант қылып уағданы бекiттiрдi. Достарын шаттандырып күлдiрiптi, Хүкiмiн һәр орынға жүрдiрiптi. Суд елiнен ерiп келген жас патшаны Өзiне қияметтiк ұл қылыпты. Екi жылда жиыпты есiн зорға, Сиқырмен залым қатын бүлдiрiптi. Тағы да елiн жиып, қылды тойды, Аямайды һәр түлiктен малын сойды. Падиша қартайған соң тақтан түсiп, Орнына бұл жiгiттi патша қойды. Бұ дағы заманында әдiл болып, Залым менен тентектiң көзiн жойды. Алдыңғы атасының жолын қуды, Бұ дағы әдiлдiкке тiктi туды. Елiндегi нашарға мархабат қып, Халалдықтың жолына белiн буды. Жасындағы күнәнi тазартуға Тәубенiң дариясына тәнiн жуды. Әдiлдiктiң қаһарын көргенден соң, Елi қойды дауласып, таласуды. Һәр пендеге әдiлдiк, тәубе керек, Көрiп тұрып өлтiрер, iшпей уды. Бұ қисса тамам болды осыменен, Қайғысыз көңiлiнiң хошыменен. Әдiлдiк қылмақ түгiл, бұ күнгi адам Өзiнiң араз болар досыменен. «Әлфу ләйла» кiтабынан көрдiм мұны, Бiр сөзiн артық қылмай жаздым шыны. Ұзартып өтiрiкпенен ажарласам, Оқыған сөгер дедiм Құдай құлы. Кiтаппен салыстырып көрсе бiреу, Өтiрiк шықса, болмас деп сөздiң пұлы. Өлең қылып шығарған Иазид атым, Мұндайды өлең қылмақ бар әдетiм. Баспаға жiберсем деп ирадам бар, Ұнаса оқушыға жазған хатым. Қазанда Хұсайынов баспашыға Кiшiлiкпен өтiнген бар қажетiм. Таныс болғым келедi қиссаменен, Сiздермен қылмасам да сауда-сатым. Қисса жазып жiберiп жыл-жыл сайын, Жай қазақтан сiздерге болсам батым. Атым – Иазид, Қонайдың баласымын, Аз өнер ағып кеткен саласымын. Тұрғушы пақырлықтың мақамында, Иғтиқадты мүмiнге қарашымын. Бiр жерден естiлмеген кеңес келсе, Құп көрiп, қабыл етiп аласымын. Ақылымның қарамаймын толысына, Кеңестiң жаным құмар сонысына. Iшкенiм ас болмайды қолыма алсам, Қиссаны қондырмасам қонысына. Көкшетау оязының қазағымын, Қарайтын Мезгiл ескi болысына. Қабыл болса менен, фарағым бар, Жел тимесе, жағулы шырағым бар. Зейiнiм жетiп, дәм тату нәсiп болса, Тоқталмай ағып жатқан бұлағым бар. Анда-санда бiр көрiп шаттанамын, Дарияда пiсiп тұрған құрағым бар. Баспа қылып жiберсең қайта маған, Екiншi нөмiр ауылда тұрағым бар. Шүһрәтім зор емес кiсi бiлер, Зағиппын ризықты Хақтан тiлер. Кiшiлiкпен, Хұсайынов, өтiнемiн, Өзiме, мүмкiн [болса], басып жiбер. Арзанның аз болады қақсам шоты, Iзгiлiктi болмайды адам моты. Осы жүрген пенденiң пиғылдарын Тамамдап жеткiзе алмас сайрап тоты. Көп қылып жаңа қисса жiберермiн, Сiздерден келiп тұрса расхоты. Өнер iздеп таба алмай жүрмiн азып, Алтын бар деген жердi белден қазып. Иншалла, жаңа қисса жiберермiн, Құдайым ғұмыр берсе, тағы жазып. Жүрмеймiн ел аралап, нәпсiге ерiп, Тұрамын бала оқытып, нәсiп терiп. Кiтаптан жат мәселе көзiм көрсе, Қисса қып шығаруға болдым жерiк. Пайда жоқ артық сөзде дегенменен, Көп жазбаушы ем тұрса да өнер керiп. Мирас болып қалсын деп ендi ойладым, Өнердi тұрған шақта Тәңiрiм берiп. Бiр жылда неше қабат жiберер ем, Бiраз сый қызыққандай тұрса келiп. Еңбегiмдi берер деп жiберемiн, Жiбермеймiн болуға пайда сирек. Тәртiпсiз болса сөзiм, елерсiздер, Қатасын оқып көрiп күлерсiздер. Қатасыз пенде болмас Хақтан өзге, Айыптамай қатасын түзерсiздер. Аты-жөн мен жайымды мағлұм еттiм, Ақырын өздерiңiз бiлерсiздер. Жарар едi ибарасы түзу болса, Қуанам мисрағысы кәмiл толса. Бiр хабар, Хұсайынов, жiберерсiз, Әгар ұнап кеудеңе сөзiм қонса. Ұнаса, бастырыңыз жұртқа жайып, Бiр жаңа қисса екен деп қалсын байып. Бұл ұнаса, жiберем тағы жазып, Тiрлiкте уағдамнан кетпен тайып. Фукетiн алып тастап басыңыздар, Сiздер кеме болғанда, бiз бiр қайық. Қанша жiбер десеңiз, сөз табылар, Басуға жазған қисса болса лайық. Тәпсiрден екi қисса жазып едiм, Жiбергем жоқ, көрсеңiз, таңғажайып. Тiрлiкте қолдан келер қисса жағы, Жүйрiкпiн елде жүрген сынбай сағы. Бұл ұнап, баспа болып еңбек келсе, Кешiкпей жiберермiн оны тағы. Хұсайынов, мұны сiзге арнағаным, Сiз болдың баспашыдан таңдағаным. Жiбер деп пошта арқылы хат салсаңыз, Жалған боп бермей қалмас қамдағаным. Қиссам көп ел iшiнде жазба болған, Аллаға аян бiр тиын алмағаным. Пайдасыз зарыққаннан сiзге жаздым, Бұл себеп, мәнiмдi айтып зарлағаным. Сiзден дағы қалай боп қайтады деп, Даяр екi қиссаны салмағаным. Мархабатты кiсi деп естiген соң, Алыстан сiз болдыңыз қармағаным. Қазанда баспашылар көп болса да, Сiзден басқа кiсiге бармағаным. Ассаламуәлейкүм, Хұсайынов, Оқып, қарап, басыңыз, көрсеңiз құп. Ұнаса, еңбегiмдi зайық қылма, Сiздерге ол аз нәрсе болмайды жүк. Оқып көрiп, орама қайтарарсыз, Ұнамаса, сiздерден алмайын түк. Жақсы көрем һәдие бергенiңдi, Бiлдiрдiм халал кәсiп тергенiмдi. Қиссам ұнап басылса құзырыңызда, Берер деп үмiтiм бар еңбегiмдi. Ұнаса құзырыңызда бастырылсын, Бiр есiм бiзге хатпен жапсырылсын. Һәдие, иә нұсқасы жiберiлсе, Көкшетауда Жүсiпке тапсырылсын. Байбатша Жүсiп мырза бин Нұрым, Мағлұм кiсi сiздерге мұнан бұрын. Тәңiрiм мал мен бақты тегiс берiп, Дәрежелi мырзамыз алған орын. Муафиқ бiр һәдие жiбересiз, Бастырсаңыз көрген соң оқып түрiн. Жазылды аяғына «Кiрпiш сарай», Тәптiш қылып қарарсыз жабы қалай. Елдегi тыңдағандар ұнататын, Қиссаны жазғанымда бұрын талай. Бұ жолы қызыққандай еңбек келсе, Болдық қой мұнан былай сiзге малай. ҚИССА КІРПІШ САРАЙ Хал келсе, бiраз ғана жазайын кеп, Жарамайды бiлгенге отыру тек. Әбу Хафиз имамның риуаяты, Әбу Мансұр қалпеден есiттiм деп. Ғибрат қылып имамдар тастап кеткен, Халыққа шашып айтпасақ көрмей ме жек. Дүние пәни һешкiмге пайда бермес, Талай әдiл патша өткен, нешелер бек. Бұ дүние жолдас болмас әке десем, Жолдас деп ғибадатқа болма кешiк. Бiр сағат уақыт жетсе тоқтатпайды, Жүз жыл бай, мың жыл батыр, болсаң көсем. Тағдыр жетсе бiр қадам баса алмайсың, Насихат сөйлейтұғын болсаң шешен. Ғибадат Хаққа құлдық қылу керек, Саламат жүрген күнде аман-есен. Өлгенден соң болмайды тәубең қабыл, Пайда жоқ мың жыл ұдай қайғы жесең. Бiлгенге бұ дүниенiң достығы жоқ, Ғапылдардың дүниесiз хоштығы жоқ. Алдаумен тәубе қылмай ғапыл ұқса, Азаптан жалғыз сағат бостығы жоқ. Жалғанның көрген бар ма жақындығын, Бiлгiзлер бiр сайқал қатындығын. Имамдар мысал қылып айтқан соны, Баянсыз бұ дүниенiң ғапылдығын. Дүниенi жолдас көрiп тағат қылмай, Пенденiң аз ғұмыр мен батырлығын. Бос барса ғибадатсыз ғапылдықпен, Бiлмейдi таңдайына татырлығын. Бұ пәни қызықтырып қылады мас, Ақырында қылады топырақ пен тас. Әбу Мансұр айтқанынан есiттiм деп, Риуаят қылады Әбу Хафиз. Айтамын Әбу Хафиз айтқан сөзiн, Ғапылдыға дүние берер жылы жүзiн. «Раунақул-Мәжәлис» кiтабынан Олардың риуаятын көрдi көзiм. Хафиздiң риуаятын көзiм көрген, Көңiлiмдi көрген шақта сөзi бөлген. Азырақ көргенiмдi баяндайын, Бәни Ысрайыл елiнен бiр ер өлген. Талайды қаза айырар бауырынан, Ағайын бiрге туған ауылынан. Белгiлi инабатты адам екен, Тақуарақ күллi Ысрайыл қауымынан. Тағдырды жазған өлшеп Хақ Тағала, Махфузда Хақ жазғаны болмас шала. Бiрдей қып мал мен мүлкiн бөлiп алды, Артында қалған екен екi бала. Һешкiмге опа қылмас дүние шiркiн, Қазалы өтiп жатыр дүркiн-дүркiн. Қазына, үй-жабдығын керек-жарақ, Мәслихатпен бөлiптi мал мен мүлкiн. Кiмдердi жоқ қылмаған өлiм деген, Нәрсенi бекер деймiз көрiнбеген. Дақ болып жалғыз сарай қалған екен, Екеуiнiң ортасында бөлiнбеген. Жамағат, инаныңыз өлiм үшiн, Тағат қыл тiрлiгiңде жетсе күшiң. Өзгесiн ынтымақпен бөлсе дағы, Сол сарай екеуiнiң бұзды түсiн. Бек көркем сарай екен зейнеттеген, Бiрiне-бiрi қимай қайғы жеген. Неше заһид әуелiне ауып кеткен, Кiмдердi бұзбас дейсiң дүние деген. Екi бала таласты сол сарайға, Тыныштықпенен тұрмады қарап жайға. «Үлкеннiң жолы да үлкен, ол алсын», – деп, Кiшiсi ынтымақпен тұру қайда?! Сарай үшiн екеуi кiрдi дауға, Ұрыс, жанжал көбейiп болды қауға. Қылыш сiлтеп, өлтiрiп тастаймыз деп, Бiрiн-бiрi алады омырауға. Бұ дүние сұм талайды бүлдiретiн, Бiреуге қасiрет, бiреудi күлдiретiн. Өзiн-өзi берiк қып ұстамаса, Талайды қисық жолмен жүрдiретiн. Кiрпiштен салған екен ол сарайды, Iшiнен өткiзiптi бiрталайды. «Мен үшiн екеуiңiз таласпа», – деп, Сарайдың бiр кiрпiшi зар жылайды. Өзiнiң ретiне келмей тұрса, Кiрпiш түгiл, адамға кiм қарайды?! Һәркiмнiң өз көңiлiне ұнаған соң, Жұртқа қисық болса да бек жарайды. Кiрпiштен салған екен әуел баста, Һәр түрлi өрнек нақыштап шапқан тасқа. Екеуiнiң сарайға таласқаны, Мәшһүр болып жайылды кәрi-жасқа. Бiр кiрпiш сол сарайдан сөйледi анық, Жансыз кiрпiш сөйледi топты жарып. Екеуiнiң жанжалы көбейген соң, Ол сарайға жиылған қанша халық. Жансыз кiрпiш тiл шығып сөйлеген соң, Жиылған жұрт тыңлады құлақ салып. – Бұ жалған баяны жоқ жел секiлдi, Уақыт жетсе болады бiр күн талиқ. Өлгенге дүние ергенiн көрген бар ма? Мен үшiн дауласпаңдар мехнаттанып. Мен жайымды сiздерге баяндайын, Тiлесеңдер, сөйлеуден аянбайын. Дүниеге жайылған соң өлуiң хақ, Бұ дүние заһары көп шаяндайын. Бұ дүние әуелiнде болар басшы, Ақырында заһары удан ащы. Кiрпiш деп тiлiмдi алмай кетпесеңiз, Дүниеден ат-тоныңды ала қашшы. Тыңласаң, адамзаттай кеңесемiз, Дүние десе құриды емешемiз. Екi жиһан мақсұды табылады, Нәпсiң үшiн уайым жемесеңiз. Бастан кешкен сөйледiм уақиғамды, Не бiлер жансыз кiрпiш демесеңiз. Мен де әуелде сiздердей адам едiм, Көз салып һәр тарапқа қарап едiм. Һешбiреуi ермедi өлген шақта, Құбылам түзу дүниеге тамам едiм. Тiрлiгiмде бай едiм дәулетiм көп, Өлгенiмше тоймадым дүниенi жеп. Баянсыз менiм көрген дүние болса, Сарай үшiн жанжалды көрмеймiн еп. Дәулеттi күтiп тұрмай болдым патша, Пендеге не жолайды қарап жатса. Iзденiп құтырады бұ күнгi адам, Жалғанның ләззатының дәмiн татса. Үш жүз жетпiс жыл патша болып тұрдым, Тiрлiгiмде кемелге толып тұрдым. Тәңiрiм бақыт берген соң дүние-малға, Қатын менен баланы молықтырдым. Хал-қадар заманымда әдiл болып, Пақыр, мiскiн, нашарды қорып тұрдым. Дүниенiң ұстатпайтын қашағанмен, Бұ жалғанға тоймайсың асағанмен. Жаныңа бiр тиындай пайдасы жоқ, Мал жинап ұзақ ғұмыр жасағанмен. Патша боп бiраз жүрдiм қызықпенен, Жүре ме ұлық болса түзiкпенен. Өлген соң тарттым дәмiн дүниенiң, Ғұмырды өткiздiм мен бұзықпенен. Үш жүз жетпiс жылдан соң жеттi қаза, Өлген соң болмады ғой жанда маза. Дүниеде жандай көрген мал мен бала, Көп мехнат солар үшiн тарттым жаза. Жанда рахат болмады өлгеннен соң, Сiздерге айтып тұрмын көргеннен соң. Дүние үшiн, балаларым, жамандаспа, Бiрiңе-бiрiң қиып бермеген соң. Араңызға бiр отты жақпай қалмас, Бiр қызығып дүниеге ергеннен соң. Көз көргеннен сендерге айтып тұрмын, Орнына қылған iсiм келмеген соң. Iс сонда мағлұм болып ашылды ғой, Перiште Мәңкiр, Нүңкiр тергеген соң. Балалар, айтқан сөздiң қадiрiн бiл, Тiрлiкте не демейдi бұ қызыл тiл. Сарайға таласқанды қойыңдар да, Дүние жолдас болмайды, ғибадат қыл. Жаным рахат көрген жоқ әлi күнге, Сүйегiм топырақ болып жатты жүз жыл. Бiр адам топырағымнан кiрпiш соқты, Өлген соң көрсеттi ғой ойда жоқты. Ендi қайта тiрiлсем бұйрық болып, Иттен қор қып ұстар ем дүние боқты. Ендi қайта жалғанға келу қайда, Бiрдей құрмет қылар ем жарлы-байға. Жүз жылдан соң топырағымнан кiрпiш соғып, Iзбес қосып орнатты бiр сарайға. Топыраққа айналып жүз жыл жатып, Ақырында сарай болдым қалмай жайға. Қырық жылдан соң сарайдан сынып түстiм, Сынығымды боқтықпен төктi сайға. Мал мен адам жолы екен төккен жерi, Басылып топырақ болып болдым майда. Жүз отыз жыл топырақ боп тағы жаттым, Мен осындай азаптың дәмiн таттым. Мал мен адам басқан соң қорлық көрдiм, Тiрлiктегi бiрi жоқ салтанаттың. Өлген соң бiр тиындай пайдасы жоқ, Мал жиып тiрлiгiмде күнә таптым. Жүз отыз жыл топырақ боп көрдiм қорлық, Дүниенiң қанын тартып, майын сордық. Бұ дүние һешбiреуге ерiп бармас, Балалар, бiр-бiрiңе қылма зорлық. Топыраққа ұрылдым болып балшық, Дүние талайды алдар кәрi қаршық. Жүз отыз жыл жатқан соң топырақ болып, Бiр адам кiрпiш соқты тағы жаншып. Ол сенiң аталарың кiрпiш соққан, Пенденiң көңiлi қалмас дүние боқтан. Ғапыл боп дүние үшiн араздаспа, Ажал жылдам жетедi атқан оқтан. Амал қып өмiрiңдi өткiзiңдер, Бұ дүние әлi-ақ өтер бар мен жоқтан. Кiрпiш қып бұ сарайға салды менi, Тiрi күнде адамның бар ма кемi. Үш жүз жыл бұл сарайда мен тұрғалы, Таласқан бұ уақытта көрдiм сенi. Сарай үшiн таласпа, екi бала, Сендерге айтқан сөздiң болса емi. Үш жүз жыл сарай болдым тұқымыңа, Жомартқа ұжмақ, тамұқ бар бахилға. Сол маған ие болған атаң қайда, Дүниенiң сендер ерме сиқырына. Дүниенiң жетегiне ере берсең, Жаһаннамның құлатар шұқырына. Балалар, бұ сарайға таласпаңдар, Бұрынғы татулықтан адаспаңдар. Бiр пәле бастарыңа салмай қоймас, Дүниеге тiл алсаңдар жанаспаңдар. Балалар, жанжалдаспа сарай үшiн, Бiр күнi қаза келсе құрыр мысың. Бiр тиын шыбын жанға пайдасы жоқ, Сұм жалған талайлардың бұзған түсiн. Безерсiң, сарай түгiл, мал мен бастан, Қаза жетiп жаныңа келсе қысым. Мендей боп бастарыңа бақыт қонса, Мұқтажсыз бұ дүниеге көңлiң толса, Бiр күнi алдап жүрiп жөнелтедi, Кәдiмгi менiм көрген дүние болса. Дүниеге ерсең бiр жал байланарсың, Тiрлiгiңде һәр iстi хайлаларсың. Бұйрықты сағатында жетсе қаза, Қарамай алды-артыңа айдаларсың. Тiрлiкте қылған iсiң жаман болса, Тиiстi орыныңда жайланарсың. Пәниден бақи жайға көшсең мендей, Сендер де топыраққа айналарсың. Дүниенiң әуелi – бақ, ақыры – шоқ, Жалғанға жолдас болар ақылы жоқ. Түбiнде бiр аштыққа кез боларсың, Қайғысыз осы күнде болсаң да тоқ. Неше жыл сарай салып әлектенген Атаңа да ермеген бұ дүние боқ. Атаң да өтiп кеткен қапы болып, Ендi сендер қашыңдар запы болып. Уақыт жетсе бiр минут тоқтатпайды, Арқаңда ажалың тұр тапы болып. Атаңа да бұ сарай қалған ермей, Өткендi жүр ме, балам, көзiң көрмей. Амал қылмай дүниеге алдандым деп, Талай ерлер жөнелген еңiрей-еңiрей. Осы күнде қарасаң бiр нышан жоқ, Бәрi де болып кеткен қара жердей. Балалар, тiлiмдi алсаң ғибадат қыл, Жамандасып дүниенiң боғын термей. Өлшеулi уақытта келсе қаза, Әкетер жалғыз минут кеңдiк бермей. Балалар, тамам болды менiң сөзiм, Миға салып ойлаңдар артын өзiң. «Өлi тiлiн тiрi алмас» деген сөз бар, Осы айтқанның бәрiн де көрдi көзiм. Не айтты деп айып етпе жансыз кiрпiш, Насихат айта бермен саған үрдiс. Жалғанның зұлматы көп адастырар, Тiрлiкте адаспайтын жолға тартыс. Бұ дүние ере берсең адастырар, Iнiң түгiл, әкеңмен таластырар. Үйретiп жетегiне алғаннан соң, Ақырында Iбiлiспенен жанастырар. Тәубе қыл, жiгiттiкте ғапыл қалмай, Азаптан амал сенi халас қылар. Тiл алсаң, таласпаңдар, балаларым, Насихатты ұстарсың даналарың. Неше жыл мехнаттанып сарай салған, Бұрынғы өтiп кеткен бабаларың. Шайтан жау азғыруға аңдып жүрген, Дұшпанның қандырмаңдар табаларын. Сен буылып Iбiлiске бiр ерген соң, Айрыларға келе алмас шамаларың. Азап анық, ғибадат қыла алмасаң, Өлген менен ғибрат ал, бiле алмасаң. Әйтеуiр, бұ дүниенiң опасы жоқ, Балалар, дауласа бер тiл алмасаң. Тiл алмасаң, түбiнде өкiнерсiң, Өлген соң шықпастай боп бекiнерсiң. Әгар өлiп азаптың дәмiн татсаң, Айтқаны шын екен деп секiрерсiң. Өзiңе жалған болса өлдiм анық, Бiр-бiрлеп барып жатыр туған халық. Дүниенiң әуесiне енген жанның, Тәубесiз өлiп кетсе, орны – тамұқ. Өлген соң өкiнсең де пайда бермес, Қапы болып өткен өмiрiң қайта келмес. Тiл алсаң, ақыретке амал жолдас, Тырнақтап жиған малдан бiреуi ермес. Басыңда өлгеннен соң билiк болмас, Шыбын жан бiр ұшқан соң қайта қонбас. Дүниеде жандай көрген қатын-бала, Болмайды өлген шақта бiрi жолдас. Мен тамам айтып болдым көргенiмдi, Бек көремiн дүниеге ергенiңдi. Мал мен бас, жиған мүлiктi, қаза келсе, Қалдырар мекен қылған жерлерiңдi. Қинайды қаза келсе шыбын жанды, Артыңда қалдырады жиған малды. Ендi өздерiң бiлесiң, екi бала, Мен көрген айтып болдым уақиғамды. Бұ өлiм ойран салған талай ерге, Һешбiр жан кiрмей қалмас қара жерге. Қалдырмай көргенiмдi тамамдадым, Өз обалың өзiңе, менен көрме. Балуан, талай өттi арыстандар, Зейiнiменен дүниеге жарысқандар. Бұ сөзiмдi ғибрат қып ойласаңдар, Ақылға ие болған данышпандар. Сөзiмдi, ақылы көптер, аңғарарсың, Тiрлiкте тәубе қылып жалбарарсың. Фаһимдап мұнан ғибрат ала алмасаң, Ас iшiп, отын кесiп, мал бағарсың. Бұ сөзден ақылы көптер ғибрат алар, Мирас боп кейiнгiге үлгi қалар. Қиядан сөз көретiн жүйрiк адам, Осындай мысал сөзге құлақ салар. Осымен тамам болды кiрпiш сөзi, Ойласып ала берер һәркiм өзi. Өлiм хақ туған жанның баршасына, Күнә менен сауапты көрер көзi. Аз сөзден ғибрат алар зейiнi барлар, Қауiп етiп, халалдық қылып Хаққа зарлар. Алланың азабынан қорқып жаны, Зарлайды неше мақлұқ, жануарлар. Жақсының насихаты салған соқпақ, Тiрлiкте iзгiлiктi тапсақ жоқтап. Кiрпiштiң айтқан сөзi қабыл болып, Дауласпай екi бала қалды тоқтап. Әуелде екi бала көп дауласты, Насихатпен екеуiн кiрпiш басты. Алланың изнiменен тiлге келiп, Жансыз кiрпiш тоқтатты екi жасты. Жансыз демей сөзiнен ғибрат алып, Екеуi ынсап етiп татуласты. Тiл алып тоқтамаса оңбас едi, Бақ пен дәулет басына қонбас едi. Кiрпiш түгiл, тiрi адам зарлап тұрса, Бұ заманның кiсiсi болмас едi. Жазғушы үшбу сөздi Йа менен Зи, Бұған қос үшiншi Иа, төртiншi Ди. Ишарат бiр әрiппен көрсетсем де, Өнерпаз фаһимдаса жетедi ми. Ұнатса жазғанымды өнерпаздар, Шаттанамын көргендей құрмет пен сый. Таммат.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ
Бұл тілдегі нұсқа жоқ