Қисса Тәжбақыт–Хоршаһра қыз

Бисмилла деп қаламды алдым қолға, Өзiң сал бiз ғарiптi тура жолға. Жаратқан құдiретiмен қанша ғалам, Сиынбай пендесi де келмес жөнге. Көңiлiме келген сөздi аянбайын, Өнерге Тәңiрiм берген кеудем дайын. Жамағат, құлақ салып тыңласаңыз, Сөйлейiн Хоршаһра қыздың жайын. Бiр патша Жаһанабад болған екен, Мүкәммал дүниелiк то...

Қазақша
Қисса Тәжбақыт–Хоршаһра қыз
Бисмилла деп қаламды алдым қолға, Өзiң сал бiз ғарiптi тура жолға. Жаратқан құдiретiмен қанша ғалам, Сиынбай пендесi де келмес жөнге. Көңiлiме келген сөздi аянбайын, Өнерге Тәңiрiм берген кеудем дайын. Жамағат, құлақ салып тыңласаңыз, Сөйлейiн Хоршаһра қыздың жайын. Бiр патша Жаһанабад болған екен, Мүкәммал дүниелiк толған екен. Өнерпаз үш баланы Құдай берiп, Қолына дәулет құсы қонған екен. Ол патша өзi дана, ақылы кең, Өзiндей бiр патшадан болмайды кем. Құдайдан үш баланы алған тiлеп, Өлсем малым бiреуге болар деп жем. Падиша соныменен дәурен сүрдi, Барынша ғұмырының қызық көрдi. Аң аулап сейiл құрар шаһзадалар, Патшаның балаларға көңлi толды. Үлкенi баласының Сағит атты, Ортаншы – аты Сәбит асылзатты. Кенжесi Тәжбақыт деп қойған атын, Өзi дана, сөздерi балдан тәттi. Жетiптi шаһзадалар кәмiл жасқа, Құдайым, берме қайғы ғарiп басқа. Падиша науқас болып жатып алды, Көңiлi һеш соқпайды iшер асқа. Науқасы күннен-күнге қатты болды, Ғарiп жан науқас батып тәттi болды. Науқас хали жанына батқаннан соң, Шақырды балаларым келсiн дедi. Шақырған соң келiптi балалары, Бәрi де ақылы кәмiл даналары. Өсиет сөз тыңлатып балаларға, Былайша жауап қылды бабалары. – Құлақ сал, балаларым, айтқан сөзiм, Дүниеден аударылды менiң жүзiм. Анадан туғаннан соң өлмегiң хақ, Дүниеден кететұрған болды кезiм. Жақсы бол, жаман болма, балаларым, Бiрлiк қылсаң бұзылмас қалаларың. Бiрлiк қыл, тiлiмдi алып, шырақтарым, Ашылмас ынтымақпен араларың. Орныма патша болсын Сағит, – дедi, Уәзiр бол сен ағаңа Сәбит, – дедi. Бау-шарбақ Тәжбақытқа болсын, – дедi, Осыған көнiңiздер жә деп, – дедi. Тәжбақыт жасы кiшi, ақылы мол-ды, Бiлетiн жас та болса оң мен солды. Қисап жоқ бау-шарбақта дүние-малға, Тәжбақыт оны көрiп көңлi толды. Бау-шарбақ «бағ нәғим» болар аты, Падиша шынжыр балақ асылзатты. – Артымнан мен өлген соң оқыңдар, – деп, Мөһiрлi балаларға бердi хатты. – Қағазға көз салыңдар, балам, – дедi, Болмаңдар дүние үшiн алаң, – дедi. Өсиет үшбу айтқан сөзiм сiзге, Амал қыл сол қағазбен тамам, – дедi. Қабыл көр, балаларым, менiң сөзiм, Жасартып қайғыменен екi көзiн. Ғарiп пенен пақырға мархабат қыл, Өтетiн дүниеден келдi кезiм. – Ей, ата, сөзiң қабыл көрдiк, – дедi, Ақылға сiздiң айтқан көндiк, – дедi. Бiрiмiз патша, бiрiмiз уәзiр болсақ, Тәжбақытқа бау-шарбақты бердiк, – дедi. Падиша оны естiп қуанады, Балалары соныменен жұбанады. Әзiрейiл салды қармақ шыбын жанға, Дүниеден ақыретке жөнеледi. Дүниеден патша сонда кеттi өтiп, Құданың бұйрығымен тағдыр жетiп. Жалғаннан кiмдер өлмей қалар дейсiң, Ризық таусылған соң дәмi бiтiп. Дүниеден патша өтiп кеттi ендi, Бұйрықпен ажал қуып жеттi ендi. «Соңымнан мұны ашып оқыңдар», – деп, Қағазға бәрiн жазып кеттi ендi. Қағаз тастап кетедi мөрiн басып, Падиша өлемiн деп көңiлi жасып. «Атамыздың қағазын көрейiк», – деп, Бiр күнi басын қосты ақылдасып. Қағазды балалары ашып көрдi, Асылзат атасының ақылы мол-ды. Өсиетiн атасының қабыл көрмей, Сағит патша Сәбитпен көңлi солды. Қағазында атасы: – Балам, – дейдi, Мен ендi ақыретке барам, – дейдi. Жетiм менен жесiрдi жылатпаңыз, Жылатып алған малың харам, – дейдi. Үш нәрсе мұсылманға парыз, – дейдi, Бұл сөзiм сiзге айтқан арыз, – дейдi. Ақыретпен iсi жоқ надандарың Тар лахатқа түскенше мал iздейдi. Сөзiмдi менiң айтқан тастамаңдар, Және де [жамандыққа] бастамаңдар. Елде бiреу бұзушы залым болса, Мал үшiн оның сөзiн қоштамаңдар. Екiншi – сабырлықты әдет әйла, Балалар, тiлiмдi алсаң, осы[ны] ойла. Жаным ашып айтамын өсиет қылып, Бұл сөзiм сiзге айтқан үлкен пайда. Үшiншi – кiсi хақын алмаңыздар, Қызығып харамға көз салмаңыздар. Өлген соң ақыретте пұшайман боп, Жаһаннам ортасында қалмаңыздар. Патша Сағит бұл сөздi жөн көрмейдi, Айтпаса да бұл сөздi кiм бiлмейдi. Құданың ақылсыз қып жаратқаны, Атасының айтқанын ем көрмейдi. – Ойлап ем бiр патша қызын ал, дейдi деп, Әр жерге асыл орын сал, дейдi деп. Жас уағыңда жаныңды тәрбиеле, Қартайған соң боласың шал, дейдi деп. Айтпаса да бiлушi ем мұның бәрiн, Бұл сөздi қалай жазды, жарандарым. Атасының айтқанын жөн көрмейдi, Түбiнде тартпай қалмас мұның зарын. Ортаншы Сәбит айтты: – Мен ойлап ем, Бiр жерде көмген малым бар, дейдi деп. Өлер халде сендерге айта алмадым, Ажалдың жерi жақын, тар, дейдi деп. Бұл сөзiн жазды бiзге атам несiн, Байғұстың тiрi күнде алған ба есiн. Бiлмесек патша болып тұрамыз ба, Өтетiн дүниенiң ерте-кешiн. Сәбит күлдi бұл сөздi мақұл демей, Атамның бұл айтқаны ақыл демей. – Патша болып тақытқа мiнгеннен соң, Кiсi жүрмес кiсiнiң хақын жемей. Кiшiсi айтты: – Құлақ сал, ей, ағалар, Әдiл болып жол құрсаң жұрт сағалар. Атаның сөзiн тұтпай жаман болсаң, Дұшпан боп көрiнген жан, жұрт табалар. Атаның бiзге пайда бұл сөзi айтқан Өлген соң пенде бар ма кейiн қайтқан. Ұжмақта болсын орны атамыздың, Мұсылманға әдiлдiк жөнiн таратқан. Үлкенi терiс, кiшiсi оң көредi, Терiс көрген қызықты соң көредi. Тәжбақыт ата сөзiн асылдаған, Түбiнде бақ пен тақты меңгередi. Тәжбақыт дұға қылды атасына, Ағасының бұл айтқан қатасына. Атамның бұл айтқаны керек сөз деп, Қағазын салып алды қалтасына. Осымен шаһзадалар тұра тұрсын, Көңiлiн әр тарапқа бұра тұрсын. Үндiстанның сөз айтам патшасынан, Жамағат, қандырамын құлақ құрышын. Хат жазып: үш мырзаны келсiн, – дептi, Атасымен достығым бiлсiн, – дептi. Қонақ боп көңiл ашып жатып кетсiн, Азғана сый-құрметiм көрсiн, – дептi. Құдайым бақ берген соң жастарына, Кигенi алтыннан тәж бастарына. Жөнелдi шақырған соң ата досты, Ертiп қанша әскер қастарына. Бәрiнен Тәжбақыттың ақылы артық, Сараңдықпен қалмайды қолын тартып. Үндiстан шаһарына келдi бұлар, Салтанатпен келедi шеру тартып. Алдарынан шығарды патша кiсi, Не қылса да келедi бардың күшi. Бiреу бай, бiреу жарлы, бiреу төмен, Бәрiн де сол жаратқан Хақтың iсi. Үшеуi патшаменен амандасты, Жөн сұрап бастан-аяқ тамамдасты. Патшасы Жаһанабад келiптi деп, Халқы ол шаһардың хабарласты. Сағит мiндi патшамен бiрге таққа, Тәңiрiнiң кiм таласар берген баққа. Бұл қиссамды бар шығар естiмеген, Ақырын бiр тақайын тиянаққа. Патшада неше күндей көрдi қызық, Қызығын қисса қылдым хатқа сызып. Ақылы Тәжбақыттың екi есе артық, Бұл екеуiн кетiптi шайтан бұзып. Үшеуi қонақ болды салтанатты, Мейман боп бұл патша[да] көп күн жатты. Қандай патша болсаң да бiр өлерсiң, Болмаңыз дүние үшiн жаманатты. Патша бiр күн оларға айтты сөзiн: – Мен шақырып, қонаққа келдiң өзiң. Атқа мiнiп сайранға шығыңыздар, Патшалық бау-шарбағым көрсiн көзiң. Патшалық салтанатым көр, – деп айтты, Сөзiме менiң айтқан көн, – деп айтты. Бар нәрсемдi сендерден аямаймын, Ойға алған нәрсеңдi алып кет, – деп айтты. Мырзалар бау-шарбақты аралайды, Мұқтаж боп дүние-малға қарамайды. Сайран қып бау-шарбақты кезiп жүрдi, Һешбiр нәрсе алуға жарамайды. Ағып жатқан бақшаның бұлақтары, Ат асайтын һәр түрлi құрақтары. Бақшадағы бұлбұлдың назымындай, Бiр дауысты есiттi құлақтары. Қайран боп бұл дауысқа тұрды бағып, «Мұндай ғажап бiр жерге келдiк нағып. Патша болып тақытта отыр едiк, Әкелдi ме, апырым-ай, Тәңiрiм қағып». Сағит патша адасты ақылынан, Ақыл сұрар адасып жақынынан: «Жаһанабад шаһарында патша едiм, Кем болдым ба мүсәпiр, пақырынан». Жiгiттiң не болмайды ақылсызы, Адамның Аллаға аян басқан iзi. Неше жылдай зарығып тiлеп алған Хоршаһра – патшаның жалғыз қызы. Қасына қырық қыз нөкер алған екен, Байлықпен бақшаға орын салған екен. Ән салған сол қыздардың дауысымен Сағит патша қайран боп қалған екен. Пендеге не қылса да Құдай күшi, Құдай салса кiм көрмес мұндай iстi. Сағит патша жан-жаққа қарап тұрса, Шынар ағаш басына көзi түстi. Сағит келдi шығам деп сол ағашқа, Көңiлi iнiсiнен болды басқа. Биiк жерден қарайын көзiм салып, Балалық қылмайтын келдiм жасқа. Шынар ағаш басына шықты барып, Һәр түрлi тамашаға қайран қалып. Биiк жерге шыққан соң Сағит патша, Жан-жағына қарайды көзiн салып. Жарандар, падишаның есiт сөзiн, Тамаша қып көп қызға салды көзiн. Iшiнде Хоршаһра көзге тұсiп, Дәл өлiмге байлайды сонда өзiн. Құс iшiнде аққудай, Жан-жағына қыз қаранды. Нәзiк белi бұралып, Тоты құстай таранды. Екi көзi жалтылдап, Наркескен асыл қанжардай Iштi жарып барады. Қыз бетiнде кiршiк жоқ, Айдын көлдiң қуындай. Екi көзi жарқырап, Патшаның алтын туындай. Сөйлеген сөзi асыл-ды, Ақ зәмзәмнiң суындай. Аузынан шыққан лебiзi Сары алтынның буындай. Құралайын секiлдi Екi көздiң қарасы. Тiзiкте меруерт секiлдi Отыз тiстiң қаласы. Сымға тартқан күмiстей Он саусақтың саласы. Сондай-ақ боп туар да Мұсылманның баласы. Бақшада жүрген бiр қызға Патшаны әкеп көрсеткен Құдiретiне қарашы. Сағит патша бұл қызға болды ғашық, Қапа болып түстi ғой қадам басып. Тақта отырған патшаның баласына Кету қиын болды ғой елiне асып. Желiгiп патша келiп шықты ағашқа, Түстi ғой мұндай мүшкiл ғарiп басқа. Ақылынан адасып сонда Сағит, Қайран болып отырды келiп тасқа. Соныменен [ол] келдi үйге қайтып, Ғашық болып келдi көңiл байытып. Сағит патша ауру боп жатып алды, Iшiнде қыз күйiгi қайғы тартып. Сәбит уәзiр сұрайды нағылды деп, – Қайтайық, бiздi халық сағынды, – деп. Қонақ болып бұл елге келiп едiк, Не атақ бойымызға тағылды, – деп. – Айтайын бұл сырымды ендi саған, Күн өттi сол бақшада қатты маған. Ауру мұнан басқа бойымда жоқ, – [деп], Жасырып iшкi сырын айтпас тамам. Уәзiр ойлар жалған деп мұның сөзi, Шынар ағаш басына шықты өзi. Жан-жаққа мойын бұрып қарағанда, Шуылдаған дауысқа түстi көзi. Бұл да келдi шығам деп сол ағашқа, Не келсе де көрем деп ғарiп басқа. Бұ да көрiп хан қызын ғашық болды, Осындай түстi қайғы жiгiт жасқа. – Келмесем жолықпас ем мұндай дертке, Өзiмдi-өзiм салдым жанған өртке. Құдай-а, бұл пәледен құтқара көр, – деп, Мiнәжат қып жылайды Құдiретке. Сағит патша қасына бұ да жатты, Бұлардың ғашықтығы болды қатты. Тәжбақыт екеуiнен ақылы мол, Еш нәрсе ойына алып қозғалмапты. Сонда да сабыр қылып жата алмады, Бұл жерде жанға айтуға бата алмады. Болған соң қыз атасы үлкен патша, Бұл сөздi оған батып айта алмады. Үшеуi тағы келдi басын қосып, Келетiн Хоршаһра жолын тосып. Шынар ағаш басына шығамын деп, Сағит патша жөнелдi жоғары ұшып. Өрмелеп ол ағашқа тағы шықты, Ғашығы Хоршаһраның жерге тықты. Бiрi уәзiр, бiрi патша болса дағы, Ұстаған Тәжбақыттың iсi мықты. Салды ғой ғашықтықты мұндай ерге, Қарайды жоғарыдан әрбiр жерге. Һеш нәрсе бұрынғыдай көрiнбейдi, Сырғанап қайта түстi Сағит жерге. Сағиттан соң ағашқа Сәбит шықты, Екеуiн Хақ Тағала былай қыпты. Патшаның балаларын бұлай қылған, Алланың не қылса да өзiне еп-тi. Тәжбақытқа айтты: – Шық ағаштың басына, – деп, Шықпай кетпе, келген соң қасына, – деп. Шығар болсаң, кешiкпей тезiнен шық, Көңлiң соқпай отыр ғой несiне, – деп. – Бiз патшаның баласымыз салтанатты, Патша қызын көргеннiң көңлi тәттi. Балаша ағаш басына шығамыз деп, Көрген жанға болмайық жаманатты. Неге шықтың ағашқа рұқсатсыз, Тұбiнде пәле болар бiзге осы қыз. Тәжбақыт ақыл қылып айтса дағы, Бұл сөзiне түспейдi екi ақылсыз. Мен бармаймын бiреудiң бақшасына, Тыңламайды ағасы қақсаса да. Тәжбақыттан көрмейдi ағалары, Тайып кетiп аяғы ақсаса да. Бұл қызға екi ағасы бiрдей ғашық, Қызды тастап кете алмас елiне асып. Үшеуiнiң бұлайша сөйлескенiн Хоршаһра есiтiптi хабарласып: «Бұлар не деп сөйлейдi шуылдасып, Көзiне көрiнгенге болып ғашық. Сағит, Сәбит екеуiн арыз қылып, Атама өлтiртейiн дарға асып». Ұнатты Тәжбақыттың айтқан сөзiн, Сыртынан қыз ғашық боп салды көзiн: «Патшалыққа лайық бұл емес пе, Патша болған ағасы құл емес пе?! Үшеуiн бiр базарға парлап салса, Екеуiнен үш есе бұл емес пе?!» Қыз ғашық боп көзiнен ақты қаны, Бұрынғыдай болмайды ендi сәнi. Осыменен Хоршаһра тұра тұрсын, Сағит ханнан сөйлейiн бiраз мәнi. Сонда үшеуi келедi кешке қайтып, Бұл сырды бiлдiрмей кiсiге айтып. Сағит, Сәбит екеуi бiрдей ғашық, Ғашықтықпен жатады қайғы тартып. Тәжбақыт мынау iске жеттi көзi, Бұлардың қонақ болып келген кезi. Ғашығын ағасының бiлгеннен соң, Не қыларын бiлмейдi өзiн-өзi. Үндiстан патшасының iсi мықты, Аң аулауға бұларды алып шықты. Шаһзадалар шығады деп естiген соң, Көремiн деп хан қызы о да ынтықты. Сағит, Сәбит шығады әуел бастан, Патша болып бұзылды болмашыдан. – Айырып әрқайсысын танып бер, – деп, Хоршаһра сұрайды жолдасынан. – Үлкенi анау Сағит тақта отырған, Сәбит уәзiр оң қол жақта отырған. Тәжбақыт ең кiшi[сi] солындағы, Жұлдызы не қылса да бақта отырған. Хоршаһра Тәжбақытты тұрды бағып, Ғашықтықтан көзiнен жасы ағып. Осындай асыл туған шаһзаданы Патша қылып қоймайды екен елi нағып?! Ғашық болып қыз қалды қарай-қарай, Хан қызын ғашық қылған Хақ Тағала-ай. Сағит, Сәбит патша боп жүрсе дағы, Түбiнде не болары екiталай. Сағит хабар сол қыздан алған екен, Дертiне ғашықтықтың қанған екен. Тәжбақыттың атынан қағаз жазып, Алтын құты iшiне салған екен. Барады ғашық оты iшiн жарып, Жiбередi Хоршаһраға қағаз салып. Бiр қыздан он алтын берiп жiберiп едi, Хоршаһраның қолына тидi барып. Қағазды оқып көрдi құтыны ашып, Тәжбақыт деп жазыпты мөһiр басып. Ғашығының қағазын оқыған соң, Жақындық сөз айтады ыңғайласып. Қыз дағы «Тәжбақыт» деп қағаз жазды, «Патшаның балалары өнерпаз-ды, Көзiме, Тәжбақыт, көрiнбесең, Өткiзем қайғыменен қыс пен жазды». Қағаз жазды осылай «Тәжбақыт» деп, «Мен саған жақындықты көремiн еп, Мен саған бiр көргенде болдым ғашық!» Барлық зарын жазыпты осылай деп. «Жiберген сәлем айтып келдi сөзiң, Ғашықтық қасiретiне түскен кезiм. Болғанда түн жарымы бақшаға кеп, Ғашық жар[ым], көрсетiп кет маған жүзiң». Мұны жазып құтыға қыз да салды, Тәжбақытты сағынып ойға қалды. Елшiлiкке жүретiн бiр қызы бар, Тура Сағит патшаға алып барды. Хатты оқып патша Сағит шаттанады, Бұл сөзiм түбiнде бiр жатталады. Түн жарымы болғанша шыдамайды, Қас қарайып iңiрде аттанады. Келедi қадам басып айтқан жерге, Қызды тастап кете алмас қайтып елге. Келедi жарқ-жұрқ етiп бау-шарбақты, Алтын қылыш әсеммен тағып белге. Қуанып түнде келдi қадам басып, Ғашықтықтан келедi көңлi тасып. Үстiнде падишалық киiмi жоқ, Айтысқан жерге келдi сөз байласып. Түн ортасы болғанша тұрды бағып, Патшалықтан келген жоқ белгi тағып. «Келемiн деп хат жазған патша қызы, Кешiгiп келмедi ғой, жатыр нағып?!» Жалғыз келiп тұрыпты Сағит батыр, Белде қылыш, ұстаған қолда шатыр. Хоршаһраның нөкерi аңдып жүрген, Жалғыз тұрған Сағитқа келе жатыр. Келiп қыздар Сағитпен амандасты, Амандасып сөздерiн тамамдасты. Хоршаһраның мұнымыз құрметi деп, Табақпенен үстiне гауһар шашты. Тәжбақыт деп Сағитты қайтты алып, Патша екенiн бiлмейдi қыздар танып. Шуылдасып көп қыздар келе жатыр, Һәрқайсысы һәр түрлi әнге салып. Хоршаһра амандасты келiп жуық, Тану үшiн сөйлейдi сөздi қуып. Тәжбақыт емесiн бiлген соң, Қыздың қалды жаман боп iшi суып. Сағит жақын келедi қызға таман, Бiр-бiрiн көрiстi есен-аман. Қыз да танып Сағитты, жоламайды, Қапа болып көңiлi болды жаман. Қыз Сағитты көрген [соң] алыстайды, Қағаздағы айтқаны болыспайды. Ғашық болып сыртынан жүрсе дағы, Бiр-бiрiне жақындап барыспайды. Сағит патша һәр ойды көп ойлайды, Баяғы келмедi ауратым деп ойлайды. Қара қазақ болғаным ар екен деп, Патшамын деп айтуды еп ойлайды. – Тәжбақыт боп мен саған жазып ем хат, Патша десем бола ма деп бiр сөзге мат. Қағазымды құп алып шақырған соң, Болып едi сонан соң көңiлiм шат. Ақырында көрсеттiң мұндай iстi, Көңлiңе Тәжбақыт деп қайғы түстi. Танымасаң, мен патша Сағитпын, – деп, Осылай деп Хоршаһраның мойнын құшты. Қыз сонда жолдастарын алдырады, Ұрып-ұрып Сағитты талдырады. Сүйреттiрiп шығартты падишаны, Сөйтiп көңлiн байғұстың қалдырады. Бақшасынан шығарды иттей теуiп, Әрең жеттi үйiне ернi кеуiп. Ақылсыз қып Құдайдың жаратқаны, Патша болып жүрсе де жұртты жиып. Қорлық көрiп адасты ақылынан, Жалғыз шығып ағайын, жақынынан. Жаһанабад елiнде патша едi, Кем болып жүр мүсәпiр, пақырынан. Сандалып әрең жеттi жатқан үйге, Сағитты Тәңiрiм салды мұндай күйге. Екi көңiл бiр жерден шықпаған соң, Аяғыңнан бiреуге өзiң тиме. Сағиттың тұра тұрсын бұл кеңесi, Патшаның жас баладай болмады есi. Сәбиттен бiраз ғана сөз сөйлейiн, Болмайды игiлiктiң ерте-кешi. Сәбит жүр ғашықтықтың тартып зарын, Патша қызы қор қылды мұның бәрiн. Шаһзададан бiр-бiрлеп сөз айтайын, Бұл сөзiмдi құп тыңла баршаларың. Хоршаһраның бар едi нөкер қызы, Жолығуға Сәбиттiң келдi соған өзi. Падишаның баласы ғашықтықтан Сарғайып қайғы-қасiрет тартқан кезi. Қызға келiп жүз дiлдәнi «алшы» дедi, – Сөзiме менiң құлақ салшы, – дедi. Тәжбақыт сiзге берген қағазы деп, Апарып қыз алдына салшы, – дедi. Қағаз бен жүз дiлдәнi алды дейдi, Қуанып Сәбит сонда қалды дейдi. «Тәжбақыт сiзге қағаз жiбердi», – деп, Жүгiрiп қыз қасына барды дейдi. Қыз сонда бұл қағазды алды қолға, Артын ойлап қарайды оң мен солға. Қанша хайла құрса да Сағит, Сәбит, Iстерi екеуiнiң келмес жөнге. Қағазды оқып көзiнен төктi жасын, Тәжбақыт деп жастыққа қойды басын. Жүз дiлдәға қызығып басын сатып, Қарашы нөкер қыздың қылған iсiн. Қағазды Тәжбақыт деп қыз да жазды, Сағит, Сәбит екеуi жолдан азды. Соған шейiн аузынан сөз шықпаған, Тәжбақыттай көрмессiң өнерпазды. Қыз жазды: – Сен де ғашық, мен де ғашық, Көретұрған күн бар ма дидарласып. Қолыңа бұл қағазым аман тисе, Бақша ағаштан бiр жолық хабарласып. Нөкер қыз бұл қағазды қолына алды, Оны дағы терiс жолға Тәңiрiм салды. Ақысына жүз дiлдә алғаннан соң, Тура Сәбит уәзiрге алып барды. Сәбит көрiп қағазды ашқан екен, Қуанғаннан бауырына басқан екен. Хоршаһраның хабарын естiген соң, Алтын-күмiс аямай шашқан екен. Сәбит уәзiр қамданып киiнедi, Елшi қыздың iсiне сүйiнедi. Ағасы Сағит патша таяқ жеген, О дағы жатқан жерде күйiнедi. Сөз байласқан ағашқа келдi жетiп, Хоршаһраның барады қадiрi өтiп. Қасына қырық нөкерiн ертiп алып, Түн ортасы болғанда қыз келдi жетiп. Тәжбақыт деп Сәбитпен амандасты, Ғашық болған қоспай жүр екi жасты. Қасындағы қыздары алып келiп, Алтын табақ үстiне гауһар шашты. Үйiне ертiп келдi күйеудей-ақ, Тәжбақыт ағасынан көңiлi ақ. «Ақ пейiл ат арымас» деген сөз бар, Түбiнде оған орнар бақ пенен тақ. Сәбит уәзiр бұл iске қайран қалды, Ғашық оты сандалтып естен танды. Хоршаһра орнынан тұра келiп, «Тәжбақыт» деп мойнына қолын салды. Сәбит қызға ғашық қой, жақындайды, Өз iсiн өздерi мақұлдайды. Сабырсыздық шайтанға жарасады, Патша қызын «тез бол» деп тақымдайды. Ғашықтықпен елiнен бұлар бездi, Патша қызын алам деп дүние кездi. Бiр ауыз сөзге келмей бүйтедi деп, Бұл Тәжбақыт емес деп тағы сездi. Қыз шегiнiп кетедi кейiн қайтып, Сәбит тұр ойдағы бар сөзiн айтып. Аламын деп ғашық боп келсе дағы, Рахат көре алмайды бiр күн жатып. Сонда Сәбит һәр ойды көп ойлайды, Iсiм жөнге келмедi деп ойлайды. Тәжбақыт деп ұрлыққа кiргенiмше, Сәбит уәзiрмiн деудi еп ойлайды. – Хоршаһра, өзге қыздан артық затың, Әуелден патша едi жұрағатым. Тәжбақыттың атына[н] жазсам дағы, Сәбит уәзiр болады менiң атым. Қыз естiп бұл сөздi ашуланды, Сәбит уәзiр мұны көрiп естен танды. Сағитқа қылғанды бұған да қыл деп, Шақырып жендеттерiн айғай салды. Бақшадан шығарыпты ұрып-ұрып, Артына қаратпапты мойнын бұрып. Қыздардан таяқ жеген Сәбит уәзiр Үйiне барып жеттi зорға жүрiп. Хоршаһра ашуланды елшi қызға: – Сен неге мұндай қылдың татқан тұзға? Ұстаттырып зынданға салдырады, Үйретпесе болмайды ақылсызға. Хоршаһра Тәжбақытқа қағаз жазған: – Екi ағаң бұлайша боп жолдан азған, Мен саған ынтызармын, ғашық жарым, Өзiңдей үмiтiм бар өнерпаздан. Бұл қағазды алыпты және бiр қыз, Қағазбенен сөйлестi жаз бенен күз. Сағит, Сәбит екеуi патша едi, Осы қыздың жөнiнен болды ақылсыз. Сонда қыз қағазды алып барған екен, Тәжбақыттың алдына салған екен. Ғашығының қағазын көргеннен соң, О дағы бек шаттанып қалған екен. Қағазында жазыпты: – Тәжбақыт, – деп, Сенiменен жүрудi көремiн еп. Неше күннен көзiме көрiнесiң, Ғашықтықтың мен жүрмiн қайғысын жеп. Бақша ағаштың қасынан табыс, – дедi, Бiр тiлдеспей кетуiң намыс, – дедi. Сағит, Сәбит екеуi ғашық болып, Арамызды қылып жүр алыс, – дедi. Тәжбақыт қағаз жазды: – Көңiлiм сенде, Сен үшiн болып жүрмiн мен шерменде. «Сабыр түбi – сары алтын» деген сөз бар, Ғашықтықтан қор болған тiрi пенде. Хоршаһра, тiлiмдi алсаң сабыр әйла, Сабыр қылған һәр нәрсе жанға пайда. Асыққан ер мұратқа жете алмайды, Бұрынғы өткен ғашық кеттi қайда?! Тәжбақыттың қағазын кеттi алып, Хоршаһраға көрсеттi алып барып. Ғашығының қағазын көргеннен соң, Ғашықтықпен жылайды күйiп-жанып. Тәжбақыт уағда еткен келдi жерге, Мұны тастап кетуi қиын елге. Тәжбақыт ақылменен iс қылады, Сағит, Сәбит iстерi келмес жөнге. Ақырын түнде келдi бақша ағашқа, Ақыл табар келдi ғой кәмiл жасқа. Түн ортасы болғанша тұрды тосып, Iздеген жұмысы жоқ қыздан басқа. Қыз да келiп бiр мезгiлде амандасты, Көзiнен ғашықтықпен төктi жасты. Тағдырда жазбаған соң амал бар ма, Аламын деп Сағит, Сәбит қылды қасты. Қайғыдан құтылды екi ғашық, Ағасынан алып тұр ақылы асып. Тағдырда бұған Алла жазған екен, Екеуi жатып қалды құшақтасып. Қосылып екi ғашық сөз байласты, Бiр-бiрiне жақындасып ыңғайласты. Таңертең Тәжбақытпен амандасып, Басынан алтын табақ гауһар шашты. Хоршаһра – тiлеп алған жалғыз бала, Зарыққанда берiптi Хақ Тағала. Iздеген мұратына жаңа жеттi, Болып едi неше күн көңiлi ала. Тәжбақыт сонымен қайтты үйге, Түстi ғой екi ағасы түрлi күйге. Қыз өзiне тимесiн бiлгеннен соң, Өзiң барып пәлеге тидiң неге. Сағит патша бiр ойды ойлайды ендi, Тек кетудi еп бойға көрмейдi ендi. Патшадан Хоршаһраны сұрайын деп, Ойланып бiр ақылды жөндейдi ендi. Сағит келдi патшаға сәлем берiп: – Тақсыр, менi күйеу қыл, қызың берiп, Мен сiзге жағамын деп мақтанбаймын, Өзiң де патшалығым жүрсiң көрiп. – Қызымның кiмге тисе, еркi өзiнде, Сағит патша, қата жоқ бұл сөзiмде. Ата орнын ұстаған шаһзадалар, Сендердi жаман демен бұл кезiмде. Өңгеден, Сағит, сенi көрем жақын, Атаңдай боп мен саған айтам ақыл. Жалғыз қызым өзiне таңдау бердiм, Жылатып не болады алған хақым. Сағит мұны есiтiп кеттi қайтып, Патшаға ойдағы бар сөзiн айтып. Артынан Сәбит келдi ол да сұрай, Патшаның балалары кеттi ұлғайып. – Тақсыр, сiздi көрушi ек атамыздай, Терiс болса кешiңiз қатамызды-ай. Күйеу ғып, тақсыр, бiзге қызыңды бер, Егер жөнi келмесе – жазамызды-ай. – Хоршаһра – жалғыз балам тiлеп алған, Өзiне кiмдi сүйсе де ерiк салғам. «Болсын ердiң малы алам» деген сөз бар, Нәрсенi [не] қыламын оннан қалған. Мен сенi, Сәбит уәзiр, жек көрмеймiн, Хоршаһраны беруге көп көрмеймiн. Зарыққанда көргенiм жалғыз бала, Жылатып беруiмдi еп көрмеймiн. Мұны естiп шығып кеттi Сәбит қайтып, Патшаға ойдағы бар сөзiн айтып. Сағит, Сәбит екеуi бiрдей ғашық, Қасiретiмен жатады қайғы тартып. Патшаға барып жүр деп ағаларын, Тәжбақыт та бiлiп жүр мұның бәрiн. Айтайын мен де барып маған бер деп, Өз-өзiмнен айтайын қайғы-зарым. Тәжбақыт падишаға о да келдi, Қол қусырып алдына сәлем бердi. – Патшаның еркелеткен кенжесiмiн, Сiзге арыз, қош көрсең айта келдiм. Кенжем деп атам менi еркелеткен, Һәр тарапқа жасымнан атым кеткен. Күйеу қылып маған бер Хоршаһраны, Бұл жырым қызыңа және жеткен. – Таңдауды бердiм қызым бiр өзiне, Тәжбақыт, жалғаны жоқ бұл сөзiмде. Қызымның кiмге тисе, өзi бiлер, Екi айтып сөйлемеймiн бұл кезiмде. Патша ойды сол жерде көп ойлайды, Бұларға қыз бермеудi еп ойлайды. Үшеуi бiрдей сұрап талас қылған, Бұлар ақымақ екен ғой деп ойлайды. Падиша неше күндей салды миға: «Бұларды шақырып ем әуел сыйға. Бiрi айтпай, үшеуi бiрдей айтып, Кез болдым осындай бiр ақылсызға». Патшаның ойлап тапқан бұл хайласы, Һәркiмнiң ойлағаны – өз пайдасы. Бiр патшаның мүлкiндей бағасы бар, Тылсымды патшаның бар бiр айнасы. Әкелсең берем деп сондай айна, Бұларға осындай бiр тапты хайла. Тапқаныңа берейiн қызымды деп, Иншалла, осы ақылым болар пайда. Шақыртып патша үшеуiн алдырады, Алдына айнаны әкеп салдырады. «Берейiн осындай бiр айна тапсаң» – деп, Бұлардың сөйтiп көңлiн қалдырады. Бiрiң айтсаң, мен де ойлап көрер едiм, Айтқаныңның сөзiңе ерер едiм. Үшеуiң қабаттаспай, бiрiң айтсаң, Бұйрық болса Құдайдан берер едiм. Бұл хабар Хоршаһраға жеттi барып, Патша жүр жалғыз қызын көңлiне алып. Атасының айтқанын естiген соң, Ғашығым деп жылайды қайғыланып. Бұл сөздi шаһзадалар көрдi мақұл, – Падиша, бұл айтқаның бiзге ақыл, Алайық өнерi асып алғанымыз, Көрсек те құр көңiлмен қызды жақын. Падиша сөз байласты қолын берiп: – Қонақ бол деп шақырдым iшiм ерiп. Бұйрық болса, беремiн тапқаныңа, Тылсымды сол айнаны алсаң келiп. Әлде болса ерiк бер бiреуiңе, Екеуiң жүр бiреуiңнiң тiлеуiңде. Қонақ бол деп шақырған шаһзадалар, Ренжимiн сiздердiң жүдеуiңе. Бұл сөздiң басы әуелi әзiл едi, Бiрi патша, бiреуi уәзiр едi. Бұл қыздың жөнi маған келедi деп, Таласуға үшеуi әзiр едi. Қайтты елiне патшамен амандасып, Уағда қылып сөздерiн тамамдасып. Сағит, Сәбит екеуi қор боп қайтты, Барам деп қызға түнде жамандасып. Құдайым, һәр пенденi өзiң оңда, Көп қызық көрiп қайтты осы жолда. Хоршаһрадан айтайын бiраз кеңес, Құлақ салып, әлеумет, сөзiм тыңда. Тәжбақыттан айрылып Хоршаһра қалды күйiнiп. Ерлiгiне неше күн Жүрiп едi сүйiнiп. Атасының уәзiрi Бар едi бiр баласы, Шақырып алып бұл сөздi Соған айтты қиылып. – Көп беремiн, аласың, Бiр хат жазып беремiн, Бiр сауытқа саласың. Тiрi болсаң, бiр көрсет Тiлеп алған патшаның Тәжбақыт деген баласын. Патша қызы Хоршаһра Бұлайша қылды хайланы. Жүз дiлдә алып ақыға, Жiгiт қылды пайданы. Жаһанабад шаһарына Құдай аман жеткiзсе, Хоршаһра бердi саған деп, Тәжбақытқа бергейсiң Осы берген айнаны. Айнаны берiп Тәжбақытқа, Сәлемдi қыз көп айтты. «Аман Құдай жеткiзсе, Дұғай сәлем», – деп айтты. «Атам бiлсе өкпелер, Қылған iсiм ұрлық», – [деп], Өз қамын да жеп айтты. Елшiге жүрген ер жiгiт, Дiлдәнi алып кетедi. Неше күндей жол жүрiп, Жаһанабад шаһарына Тура барып жетедi. Терезенi ашып қойып, Патша Сағит отыр екен. Танымайтын жiгiт қой, Жанынан [келiп] өтедi. – Мойныңды бұр, жiгiт, – деп, Патша Сағит шақырды. Қарамай жүре бердiң, – деп, Ұрсып айтты ақылды. Мойныңды неге бұрмайсың, Әперетiн патшамын Кiсiдегi ақыңды. ----------- -------- ------------ Патша сөздi жiгiттен көп сұрайды: – Танымайтын жiгiтсiң, түсiң басқа, Қай жердiң адамысың? – деп сұрайды. – Патшамның жұрттан артық салтанаты, Жерiм алыс, Үндiстан – шаһарым аты. Жаһанабад шаһарына алып бар деп, Бар едi Хоршаһраның берген хаты. Патша Сағит орнынан ұшып тұрды, Жiгiтке «хатың бер» деп мойнын бұрды. Ақы алып, хат алып келген елшi жiгiт, Тәжбақытқа жеткiзбей Құдай ұрды. Патша ерiксiз қағазын көрдi ашып, Тәжбақытқа жазыпты мөрiн басып. Хоршаһраның қағазын көргеннен соң, Падиша қамданады асып-сасып. Жiгiттi алып барды оңаша үйге, Падиша тағы түстi мұндай күйге. Көңiлi Хоршаһраның Тәжбақытта, Жақындап қарамайды мырза-биге. – Мен саған көп пұл берем, ал, – деп айтты, Бұл сөзiме құлағың сал, – деп айтты. Тәжбақытқа бердiм деп қағазыңды, Хоршаһраға мұны айтып бар, – деп айтты. Патшадан бес жүз дiлдә алмақ болды, Ақы алып бiр жағына салмақ болды. Тәжбақытқа бердiм деп қағазыңды, Мұны айтып Хоршаһраға бармақ болды. Екеуi сөз байласты ыңғайласып, Ақы алған соң патшамен жақындасып. Тәжбақыт боп барам деп Хоршаһраға, Падиша қамданады асып-сасып. Орнына патша болып Сәбит қалды, Һәр пенденi һәр жолға Тәңiрiм салды. Хоршаһраның жiберген елшi жiгiт Тәжбақытты көре алмай қайғыланды. Қасына бiр жүз жiгiт әскер алған, Айдап Құдай бейнетке алып барған. Патша Сағит осыменен тұра тұрсын, Хоршаһрадан айтайын кейiн қалған. Әскерменен патша Сағит сол елге асты, Қолға айна келген соң асып-састы. «Тәжбақытқа жiбердiм айнаны», – деп, Хоршаһра қырық қызбен ақылдасты. Бұл хабарды бiлмейдi екен жалғыз адам, Аллаға аян, не қылса да барша ғалам. «Айнаны құр далаға жiбердiң», – деп, Қыздардың шуылдайды бәрi тамам. Осы елдiң кем болдым ба пақырынан, Бiр күнде ақылды едiм мағқұлынан. Қыздың бәрi шуылдап айтқаннан соң, Хоршаһра тағы адасты ақылынан. Құдайым қызға бiр ой салдырады, Шуылдап қыздар көңлiн қалдырады. Патшаның әскербасы бiр құлы бар, Жiберiп бiр күн соны алдырады. Хоршаһра соған айтты халi-жайын: – Бiр терiс жолға салды бiр Құдайым, Айнам жаңсақ Сағитқа түспедi ме, Өзiң ойлап таппасаң мұның жайын. Ақыңа бес жүз дiлдә ал, – деп айтты, Келетiн жолын тосып қал, – деп айтты. Сағит пенен Сәбиттiң бiрi түссе, Ұрып-ұрып зынданға сал, – деп айтты. Дiлдәнi құл көп алып кеттi дейдi, Қайраты көп, һәр iске ептi дейдi. Қанша әскер қасына ертiп алып, Келетiн жолын тосып кеттi дейдi. Жолында келетұғын тұрды бағып, Кешiгiп келмедi ғой, жатыр нағып. Қасында қанша әскер шыға келдi, Пар-пардан ат жегiсiп қоңырау тағып. Қосылып екi әскер соғыс салды, Бұларды көрген адам аң-таң қалды. Сағиттың қолын қырып көп болған соң, Патшаны өлтiрместен ұстап алды. Ұстатпай елшi жiгiт кеттi қашып, Сағит патша қор болды қара басып. Елшi жiгiт бара алмай өз елiне, Жаһанабад елiне кеттi асып. Алып қашты айнаны ұстатпастан, Бұлардың iсi оңбай жүр әуел бастан. Сәбит уәзiр тақытта отыр екен, Тура соған кiрiптi бұрылмастан. Тағы апарып Сәбитке бердi айнаны, Мынау жiгiт тауып жүр көп хайланы. Алтын менен күмiстi бiрдей алып, Не қылса да қылды ғой көп пайданы. Сәбит сонда құтының аузын ашты, Алтын-күмiс қуанып жұртқа шашты. Қанша әскер қасына ертiп алып, Үндiстан шаһарына қарай асты. Iсiмдi, жалғыз Құдай, өзiң оңда, Сағит, Сәбит қорлықты көрдi жолда. Хоршаһрадан айтайын бiраз кеңес, Құлақ салып, жамағат, сөзiм тыңда. Құл мақтанып барды да: – Ханыша, – деп, Сiзге қызмет қылуды көрдiм ғой еп. Өзiң айтқан сөзiңiз бар емес пе, Ақыңыз бiзде алты жүз дiлдә ғой, – деп. Елшi жiгiт ұстатпай кеттi қашып, Жаһанабад шаһарына кеттi асып. Әскерiнiң бәрiн де қойдай қырып, Патша деген Сағитты қалдым басып. Зындандағы Сағитты көргiзедi, Құлды алып бiреуiне кiргiзедi. «Бұл сырды тiрi жанға айтпаймын», – деп, Хоршаһраны солай деп сенгiзедi. Ақысына дiлдәнi алмақ болды, Дiлдә алып қалтасына салмақ болды. Тағы айнаны Сәбитке бередi деп, Әскерменен жол тосып қалмақ болды. Қызық қызмет ханшадан көрiп жатыр, Сұраған-қалағанын алып жатыр. Жұмысының бәрi сонда қалған соң, Хоршаһра құл айтқанға көнiп жатыр. Жолына Жаһанабад жатты барып, Алты жүз ақысына алтын алып. «Ақыры осы iсiмнiң не болар?» – деп, Хоршаһра зарланады қайғыланып. Қасына әскер алған қанша кiсi, Келедi не қылса да байдың күшi. Сәбит те шыға келдi көп әскермен, Кiсiменен жолындағы болмай iсi. Далада екi әскер соғыс салды, Ағызды судай қылып қызыл қанды. Ақы алып, айна апарған елшi жiгiт Жаһанабад шаһарына қашып барды. Сәбиттi сол арада ұстап алды, Екеуiн терiс жолға Тәңiрiм салды. Патшаның балалары ақылы [аз] боп, Сағит түскен зынданға алып барды. Елшi де қолға түстi қашып жүрген, Жаһанабад шаһарында асып жүрген. Қолға түссем, Хоршаһра өлтiред деп, Бұ дағы жаннан қорқып сасып жүрген. Жiгiттi алып келдi жаяу айдап, Мойнына шынжыр салып қолын байлап. Өзiңнiң қылған iсiң өзiңе ем, Зынданға салып қойды орын сайлап. Қолына Хоршаһраның түстi айнасы, Һәркiмнiң ойлағаны – өз пайдасы. Бiлдiрмей жұртқа, қырды қанша жанды, Жарайды қыздың қылған бұл хайласы. Жалынды құлға тағы: – Айнаны ал, – деп, Сөзiме менiң айтқан құлақ сал, – деп. Апарып Тәжбақытқа бергейсiң, – деп, Ақыңа не алсаң де менен ал, – деп. Құл сонда қыз сөзiне көндi дейдi, – Сiздiң айтқан сөзiң[iз] жөн-дi, – дейдi. Айнаны Тәжбақытқа апарам, – деп, Даярланып атына мiндi дейдi. Қызға да бұл ақылды Тәңiрiм бердi, Ақылы асылзаттың болмас кем-дi. Жол жүрiп неше күндей айнаменен, Жаһанабад шаһарына құл да келдi. Шаһарда жүре тұрсын келiп құл да, Сөйлейiн Тәжбақыттан сөзiм тыңда. Екi ағасы Үндiстан кеткеннен соң, Тәжбақыт ие болды мұндағы елге. Тәжбақыт орнын ұстап қалған екен, Иелiктi сол шаһардың алған екен. Екi ағам айнаны iздеп кеттi ғой деп, О дағы зейiн миға салған екен. Тәжбақыт қор болдық деп көп жылайды, Бiзден бақыт кеттi ғой деп жылайды. Тағдырдағы жазғанға тәдбiр бар ма, Айрылдық патшалықтан деп жылайды. Тәжбақыт бау-шарбағын аралайды, Мұқтаж боп дүние-малға қарамайды. Бiрi патша, бiрi уәзiр ағасының Қылған iсi көңiлге жарамайды. Өзiнiң бау-шарбағын жүрдi кезiп, Ағасының бұл iсiн көңлi сезiп. Сағит пен Сәбит ғашықтықтан Мал мен жан, бақ пен тақтан кеттi безiп. Тәжбақыт екеуiнен туған зерек, Бар екен бау-шарбақта жалғыз терек. Қасына сол теректiң келiп едi, Түбiнде жатыр екен жалғыз шелек. Шелекте көрдi жазу жазып қойған, Құдiретiмен сол жерге қазып қойған. Тәжбақыт ақылды боп ағасынан, Туғаннан-ақ олардан озып қойған. Жазыпты: – Көзiң сал деп мынау сөзге, Атаң айтқан өсиеттен күдер үзбе. Ғұмырыңа жеткендей қазына бар, Азар болса жетерсiң екi жүзге. Кiсi әкелiп теректiң түбiн қазды, Не қылса да құдiретiмен жазу жазды. Ата сөзiн тұтпаған Сағит, Сәбит, Сол реттен екеуi жолдан азды. Қазып бiраз барған соң шықты бiр жол, Тәжбақыт салды ақылға, зейiнi мол. Сол жолменен бiраз жүрiп барып едi, Көрiндi алтын сандық үш кездей зор. Тәжбақыт мұны көрiп қалды қайран, Сол жердiң бәрiн көрiп қылды сайран. Сағит, Сәбит екеуi ақылсыз боп, Бiр елге тыныш жатқан салды ойран. Алып шығып сандықтың аузын ашты, Бiр Алла Тәжбақытқа берген бақты. Сандықтың iшi толған гауһарменен, Iшiнде бiр құты мен айна тапты. Айнаны қолына алып көп қарайды, Сондай жақсылардан сөз тарайды. Үндiстан патшасында көрiп едi, Апырым-ау, сол айна ма деп қарайды. Қарап-қарап айнадан тапты жазу, Жiгiтке қиын емес жолдан азу. Екi ағасы қас қылған өзi түстi, Кiсiге жарамайды құр ор қазу. Қазынаны сол жердегi алды жиып, Екi ағасы кеттi ғой жанын қиып. Дүниеде қанша хайла болса дағы, Баршасы сол айнаға тұрған сыйып. Әркiмнiң ойлағаны – өз пайдасы, Патшаның қымбат екен ол айнасы. Мұндай айна бұларға табылмас деп, Патшаның ойлап тапқан бiр хайласы. Бiреуiн патша тауып алған екен, Бiреуi жер астында қалған екен. Тәжбақыт ата сөзiн ұстаған соң, Құдiретiмен сол жерге салған екен. Тәжбақыт айнаны алып қуанады, Жылаған жас баладай уанады. Сағит, Сәбит қас қылған екi ағасы, Түбiнде оның көзi суалады. Айнаны бұ да қолға алды дейдi, Сандыққа алтын-күмiс салды дейдi. Қасына қанша әскер ертiп алып, Үндiстан шаһарына барды дейдi. Құл дағы Хоршаһраға қайтып барды, Тәжбақыттың келгенiн айтып барды. Берсем дағы айнаны алмады деп, Қайғылы боп қызға iшiн тартып барды. Хоршаһра қуанады көңлi тасып, Iшiнде ғашық оты араласып. Сол күнi қуанғаннан той қып шықты, Сүйiншiге һәркiмге алтын шашып. Тәжбақыт падишаға кiрiп келдi, Қол қусырып алдына сәлем бердi. – Неше айдай iздедiм осы айнаны, Бармаған жер қоймадым елден-елдi. Патша сонда айнаны көп қарайды, Осы айна өз айнам ба деп қарайды. – Мен сiздiң айнаңызды ұрламадым, Мехнатпен көрiп келдiм бiрталайды. Падиша Тәжбақыттың сөзiн ұқты, Патша ғой жұрт ұстаған ақылы көп-тi. Алдырып өз айнасын салыстырса, Екеуi айырықсыз бiрдей шықты. – Айнаны тауып алып келдiң маған, Қызымды берем, – дедi, – ендi саған. Табылмас деп айнаны ойлап едiм, Тағдырда жазған шығар Хақ Тағалам. Оқып неке қосылды екi ғашық, Патша жатыр қуанып дүние шашып. Хоршаһра гүл-гүл жанып бара жатыр, Қосылып ғашығына көңлi тасып. Неше күндей той қылып болды қызық, Өлең қылдым қызығын хатқа сызып. Патша болған ағалары таппаса да, Алып келдi Тәжбақыт қамал бұзып. Екi ағасын зынданнан алып келдi, Бiр жасауыл алдына салып келдi. «Ендi бiздi дарға асып өлтiрер», – деп, Көңiлi жандарынан қалып келдi. Патша оларға сөз қатып қарамайды, Өздерiнiң қылғаны жарамайды. Болса да бұ да өзiндей бұрын патша, Кiсi екен деп бойына баламайды. Шақыртып патша оларды көп ұрысты, Қамдарын өздерiнiң жеп ұрысты. «Бiрiң патша болғанда, бiрiң уәзiр, Ақылың жоқ надандар», – деп ұрысты, Падиша ұрсып-ұрсып айтты ақыл. – Тақсыр-ау, ұрыссаңыз да бәрi мақұл. Әуелi ата сөзiн тұтпаймыз деп, Бұл күнде болып тұрмыз бiздер пақыр. Тәжбақыт падишаның алды қызын, Жұрт бiлдi ағасының ақылсызын. – Асар едiм сендердi қорлықпенен, Атаңыздың қимадым татқан тұзын. Тәжбақыт, сен патша бол орын алып, Риза болдым iсiңе көңлiм толып. Ата сөзiн асыл деп алған үшiн, Дәулет құсы басына жатыр қонып. Тәжбақыт патша болып мiндi таққа, Тәңiрiм бермей қалмайды көңлi аққа. Тағы да Үндiстанды тұрды билеп, Жүргiзiп әдiлдiктi екi жаққа. Тәжбақыт осылай қызды алды дейдi, Елге қайтып қызық той салды дейдi. Екi елге жалғыз өзi патша болып, Екi ағасы уәзiр боп қалды дейдi. Сөйледiм Үндiстанға барған жерiн, Айнамен қызды барып алған жерiн. Жаһанабад, Үндiстанға патша болып, Екi ағасы уәзiр боп қалған жерiн. Жаратқан қанша жұртын Хақ Тағалам, Қарай[ды] бiр өзiңе күллi ғалам. Оқыған, айып етпеңiз бiз ғарiптi, Iшiнде жазылмаған көп-тi шалам. Бұрын дағды қылғаным жоқ қисса жазып, Азғана ерiккен соң алдым қалам. Қатасы болса, ағалар, кешiрiңiз, Аяғы осыменен болсын тамам.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ
Бұл тілдегі нұсқа жоқ