Қисса Самұрық

Бұ дүние кiмге қалмас …* бапқа, Бастаймын һәр iстi тапсырып Хаққа*. Артымдан бiраз хат қалмақ үшiн, Ажал оғы келмесiн бұрын менiм жаққа. Һәр кiтапта көп сөз бар көзiң көрсе, Жаза алсаң сөз табылар қолың жүрсе. Сүлеймен пайғамбар менен самұрық құсты Қисса қылып жазайын уақыт берсе. Бiр күнi хазiрет Сүлеймен мiндi таққа...

Қазақша
Қисса Самұрық
Бұ дүние кiмге қалмас …* бапқа, Бастаймын һәр iстi тапсырып Хаққа*. Артымдан бiраз хат қалмақ үшiн, Ажал оғы келмесiн бұрын менiм жаққа. Һәр кiтапта көп сөз бар көзiң көрсе, Жаза алсаң сөз табылар қолың жүрсе. Сүлеймен пайғамбар менен самұрық құсты Қисса қылып жазайын уақыт берсе. Бiр күнi хазiрет Сүлеймен мiндi таққа Хүкiмiн жүргiзерге һәрбiр жаққа. Сиғыршық деген құстың айыбы шығып, Жазасын беру керек дедi аққа. Құс тұрып жақсы сөз тiлге алған: – Құданың тағдыры-дүр маған салған, Құдадан келген қазаға ризамын, – деп, – Тағдырға тәдбир жоқ, – деп айтып қалған. Кешiргiл күнәһымды, пайғамбар хақ, Кешпесең қайтейiн, сiз отқа жақ. – Күнәһыңды олай болса кештiм, – дедi, Мұнан соңғы iстерiңде болғайсың сақ. Самұрық мұны естiп келдi тiлге: – Тағдырға тәдбир жоқ деп тұрсың елге. Құданың тағдырына инанбаймын, Кетедi бұл айтқан сөз бәрi желге. Бұл сөзге ашуланды хақ Сүлеймен: – Құданың тағдырына келтiр иман. Тағдырсыз жапырақ [та] жерге түспес, Құданы бiр бiлсең тағдырға инан. Самұрық дедi: – Ас, мейлiң сой, Өлтiрмесең күнәһымды бағыштап қой. Қаза менен тағдырға инанбаймын, Құданың тағдырын бұзсам сөзiңдi жой. Сүлеймен ашуланды жаман қатты: – Һәр не қылса жете-дүр Хақтың құдiретi. Тағдырды, әй, самұрық, бұза алмассың, Лаухқа жазған болса қалам хаты. Сол халiнде Жәбiрейiл келдi жетiп: – Самұрық құс бұзам десе тағдыр жетiп. Машриқ патшада ұл, ғарибта қыз туды, Бұл екеуi қошлашық бойға жетiп. Некаһпен қосылады бұл екi жан, Дүниеге келер мұнан талай ұғлан. Бұзам десе тағдырды самұрық құс, Бұл екеуiн қоспасын байғұс надан. Сүлеймен екiншi күн таққа мiндi, Уәзiр, төре, баршасы жиыла ендi. – Нелiктен тағдыр мен қазаға инанбайсың? – Деп патша самұрықтан сұрайды ендi. – Тағдырға инанбаймын, – дедi, – сұлтан, Тағдырды бұзбақ келер бiздiң қолдан. – Бұл екеуiн ендеше бұза ғой, – деп, Қосылмас бұрын қызға, – дедi, – ұғлан. – Құданың құдiретi жоқ һеш демеспiн, Тағдырға иман келтiрген һәм емеспiн. Бiреуi машриқта, бiреуi мағрибта болса, Бұл екеуi қосылар деп уайым жемеспiн. Бұзайын рұқсат берсең Пайғамбар хақ, Көрсетейiн бiр қызық, сiздер бiр бақ. – Рұқсат бердiм, самұрық, саған ендi, Сiзден кепiл керек-дүр маған бiрақ. – Бiз самұрыққа кепiл, – дедi сарша құзғын, Адам емес ол кiсi уағда бұзған. Сауысқан менен үкi мұқтаж болып кепiл, Патшаның қасында мойын созған. Жазу жазып, бұл сөзге қойды қолды, Ақыры он бес жылға тартпақ болды. Басқарылмаса бұл iстер он бес жылда, Жазасын бұл құстардың бермек болды. Самұрық ендi ұшуға қанат салды, Шаһарға мағрибтағы жетiп барды. Бесiгiмен қызды баққа асқан екен, Қызды бесiкпенен iлiп алды. Алып ұшты бесiктi биiк тауға, «Құс әкеттi қызды» деп шықты ғауға. «Амал жоқ құс әкетсе қызымды, – деп, – Хайла жоқ аспаннан келген жауға». Алып ұшты бесiктi самұрық зерек, Неше теңiз асып тапты бiр бәйтерек. Ұясын бұл ағашқа қылмақ болды, Арасы биiк ағаштың болар сирек. Сол ағаштың басына ұя салды, Көлденеңiн он кез оның қылып алды. Ұясына жұмсақ жүн, шөп салып, Қыз баланың қызметiн қылып қалды. Еттiң қанын қызға ол емiздi, Тәттi жемiс суыны һәм тигiздi. Самұрық тiс шыққан соң сонда қызға Һәр түрлi жемiстерден мол жегiздi. Қасында самұрық Сүлейменнiң күнде-күнде, Қыз қасында болады һәрбiр түнде. Қыз дағы шешесi деп бiлiп оны, Махаббаттылар бiр-бiрiне болды сонда. Ал ендi бұл сөз мұнда тұра тұрсын, Машриқ патша ұғлынан кеңес құрсын. Бiр күнi мағриб патша қызбенен туған едi, Бұ шаһзаданы сөзлеп қалам бұрсын. Шаһзада үлкен болып жеттi бойға, Һәр түрлi қызық қылай деп алды ойға. Өрлеп-өрлеп жүрмектi жақсы көрiп, Кетем бе деп ойлайды терең ойға. Дарияменен жүрмектi ойына алды, Жүруге әкесiне кiсi салды. Қайтармай жалғызының тiлiн алып, Рұқсат деп не қылса да айтып қалды. Қараңыздар патшаның данасына, Киiмдер даярлатты баласына. Қаршыға, лашын, тазы даярлатып, Жөнелттi баласын дарияның даласына. Тәуекел деп кеменi суға салды, Һәр түрлi тоғай, жазира көрiп алды. Бiр жазирада көп екен һәр түрлi аң, Сол жерде төрт-бес күн қонып қалды. Онан көшiп бардылар басқа жерге, Қызығы мүмкiн емес бiзге дерге. Дария үстiнде қызық көп бұл дағы, Һәр түрлi қорқыныш бар-дүр жүрген ерге. Дария үстiнде жел жауып, соқты топан, Құтылуға дәрмен жоқ, қылар дәрмен. Кеме сынып, көп адам кеттi суға, Құтылды ол шаһзада өзi аман. Мекенi шаһзаданың жалғыз тақта, Жел айдап кеттi оны һәрбiр жаққа. Барып шықты теңiздiң бiр шетiне, Үш күнден соң шықты байғұс құры жаққа. Қанша күн жүрдi байғұс тағам татпай, Жеуiне тағы және азық таппай. Шөп жедi неше күндей дарияда, Тақтайдан айрылмайды мiнiп аттай. Қанша күн дарияда жылап жүрдi, Бұған қарай бiр кеме бар оны көрдi. Кемешiлер сол жерде жақын келiп, Түспек болып байғұсқа қарап тұрды. Ол кемеде көп екен саудагерлер, Сауда қылып һәр жерде жүрген солар. Шаһзададан сұрайды: – Сен кiмсiң? – деп, Бiздер едiк сапардағы базарқандар. – Әкем менiң саудагер сапар шеккен, Сiздейiн сауда қылып һәр жерге жеткен. Кемемiздi жел соғып суға батты, Менен басқа мал мен жан суға кеткен. Рақым ет көзден аққан жасымызға, Алыңыз қызмет үшiн қасыңызға. Қызмет ақын һеш сiзден сұрамаймын, Тойғызсаңыз бола-дүр асыңызға. Бар едi ол кемеде үлкен кiсi, Падиша Сүлейменнiң жар жолдасы. Хазiрет Сүлейменнiң малыменен Һәр жерде жақсы болған сауда iсi. – Алайын қызметке мен сенi, балам, Болмайды айтқан сөзде менiм шалам. Һәр iсiмдi мен саған тапсырайын, Не қылып сенi тастап кетiп қалам. – Болайын не қылсаң да құлың, – дейдi, Һәр уақытта Құда оңдасын жолың, – дейдi. Қызметiңде мен сенiң жүгiрейiн, Болмаған соң қайтейiн жолым, – дейдi. Шаһзада аямады қызметiн һеш, Жүгiрiп қылды қызмет ерте уа кеш. Оны бай неше күндер байқап жүрiп, Кем қызмет таба алмады тыста уа iш. Шаһзадаға бiр күнi бай дедi: – Балам, Көп қызмет қылғаныңа таңға қалам. Қызметiңе аласың қандай нәрсе? Түк бермей жүргiзуге мен ұялам. – Сұраймын сiзге амандық бiр Құдайдан, Қажет жоқ, аман болсақ, бiзге малдан. Қызмет қылам, тастама дұғаңыздан, Дұға үшiн мен бездiм қызмет малдан. Қатты риза болды бай айтқан сөзге, Айтар сөзiн бiлмей жас алды көзге. «Немен риза қыламын баланы?» – деп, Лайық көрмедi беруге бiр шөптен өзге. Қызметке және бала бiр жыл жүрдi, Нiл суының басын көрсем деп көңiл бұрды. Рұқсат алып байымнан шығайын деп, Байдың тұрған үйiне барып кiрдi. – Рұқсат маған қылсаң iзгi байым, Нiл дарияның басын мен аралайын. Бата берсең сапарға шығар едiм, Оңғарса һәр жолымды бiр Құдайым. – Сапар қиын, әй, балам, сiзге, шырақ, Нiл дария басы мұнан тiптi жырақ. Жеткен жоқ қанша кiсi барса дағы, Айтады Хабаше жерiне жақынырақ. – Лайық емес ойлаған соң бармай қалу, Ер кiсiге керек жүрiп ғибрат алу. Қатындардай бiр үйде тұрып болмас, Жүрсеңiз тамаша ғой көздi салу. – Барам десең тоқтатпан, балам, – дедi, Артыңда дұға қылып қалам, – дедi. Бұ шөптi мен саған бердiм, жаным, Кеше гөр менде болса шалам, – дедi. Бұ шөптi бердi маған Сүлеймен хақ, Ауызға сақта шөптi салып бiр бақ. Барша құс, хайуанның тiлiн бiлiп, Қатындарға бұ сырды айтпа бiрақ. Қабыл көрiп бергенiн бала алды, Тәуекел деп бала өзiн жолға салды. Бiр ай жүрiп дарияда жалғыз өзi, Ағашы көп бiр шаһарға жетiп қалды. Бұ шаһарда бар екен ағаш бек зор, Жемiсi жерге түссе болады нұр. Ағаштың хикметiн сұрайын дегенiнде, Бiр патша жетiп келдi мислә бiр хор. Падиша бұл ағашқа қайран қалған, Уәзiрiнiң баршасын жиып алған. – Бұ ағаштың сырын айтыңыз, – деп Сонда тұрған үлкендерге дауыс салған. – Бiлмеймiз бұл ағашта не-дүр хикмет, Қиын болды мұның сырына бiзге жетпек. – Қырамын бiлмесеңдер, – деп айтады, – Лайық емес бұ хикметтi бiлмей кетпек. – Падиша, бiр ай рұқсат бершi бiзге, Берейiк бұл ағаштан хабар сiзге. – Ендеше, бiр ай рұқсат сiздерге, – деп, Неше кiсi шығып кеттi жапан түзге. Бұларға шаһизада болды жолдас, Һәр жерде бiр жүрмек болып қолдас. Нiлдiң басына қарай жүрiп кеттi, Аралап жүредi ендi қанша тау-тас. Бiр адам егiншi екен, салып жатыр, Жас-құрысын қалдырмай алып жатыр. Бәрiн бiрдей қолына жиып алып, Терең суға әкелiп салып жатыр. Және бiр адам отынын қойған салып, Жетпейдi күшi кетейiн деп алып. Қанша ағаш үстiне салды дағы, Бәрiн бiрдей көтерiп кеттi қалып. Бiр кiсi ұшырады қауға құйған, Кiсiге құйып, өз шелегiн босқа қойған. Бұлар мұны көрiп қайран қалды, Не қылған кiсi өзiн қойып, жұртқа құйған?! Мұнан өтiп iлгерi һәм жүрдiлер, Егiн суарған бiр кiсiнi һәм көрдiлер. Кiсiнiң егiнiне су құя берiп, Бұ не қылған жан?! – деп һәм тұрдылар. Бұларға бiр кiсi һәм жолықты, Һәр кiсiнiң аузына ас құйыпты. Бұрлығып өзi аштан жүре алмайды, Өзi жеместей бұған не қылыпты?! Мұнан соң ұшырады сонда құсқа, Ұядан ұшып шықты жерден тысқа. Қайтадан кiрем десе ұясына, Сыя алмайды басынан шыққан қосқа. Мұнан соң ұшырады ешкi лағы, Кәрi ешкi өзi арық, түскен жағы. Тоймастан семiз лақтар емiп жатыр, Сiлкiнбейдi арықтықтан һәм құлағы. Бiр жылан ұшырады аузын ашқан, Кiсi емес бұ жыланнан қорқып қашқан. Елемейдi бұ жыланды көрген адам, Өткен адам баршасы бiрдей шанышқан. Ұшырады және де бiр буаз қаншық, Қарнында күшiктерi үредi иттей аншық. Қаншық өзi жүр һеш тыныш таппай, Егесi алдында сөзлеген болұр машық. Бiр қасап ұшырады малды сойған, Һәр түрлi семiз еттер сонда қойған. Семiз еттен алған жоқ һешбiр адам, Ойласаң, бәрi жұрттың майға тойған. Қасында бiр дүкен бар арық сатқан, Арық пенен сасыған ет толып жатқан. Кезек бермей бiр-бiрiне алып жатыр, Ойласаң, аштан жұрт өлiп жатқан. Бiр киiкке жолықты бұнлар келiп, Киiктi мiнейiн деп жүр көп кiсi ерiп. Бұ киiктi ұстайын десе дағы, Түспейдi қолдарына кетер жүрiп. Бұнлар тағы ұшырады көп жамағатқа, Тыңдасаңыз, бұ да жарар қанағатқа. Орталарында жатыр ақ бөздей нәрсе, Таласып тартысады һәрбiр жаққа. Бара жатып ұшырадылар ақсақалға, Белi бүкiр, көзi қызыл кәрi шалға. Баршасы сәлем бердi әдеппенен Сұрадылар қайран қалып қалған халге. – Мұны мен бiле алмадым, балаларым, Мұны бiлер iлгерiдегi ағаларым. Жүз елуде болып тұр менiм жасым, Сол себептi көп болды шалаларым. Бұнлар да iлгерiрек жүрiп кеттi, Неше күндер жүрiсiп барып жеттi. – Жасырақ көрiне[сiз] қалған шалдан, Бiздiң көрген кiсiнiң ағасы сiз, – дептi. – Мен болам отыз жас үлкен онан, Кiшi iнiмiз болар-дүр кейiн қалған. Бұ iстердiң әсiлiн мен бiлмеймiн, Барсаңыз болұрсыз ағадан хабар алған. Iлгерi бұнлар болды және бармақ, Көп болар жаза берсе сөзде тармақ. Ұшырады бiр кiсi қара сақал, «Кiмсiз?» деп сұрады сөзде салмақ. – Келемiз өздерiмiз алыс жерден, Бiр хабар сұрайық деп сiздей ерден. Екi шал кейiн қалған айтты бiзге Табарсың хабарды деп осы жерден. Ағамыз бар дедiлер осы арада, Сiзден басқа кiсi жоқ бұл арада. – Ағасы мен боламын, балаларым, Екi жүз елудемiн, шашым қара. Көргенiңiздi сұраңыз жолда, – дедi, Айтарға хабар көп-тi бiзде, – дедi. Егiн орған таңдамай кәрi-жасын, Әзiрейiл жан алғушы сол, – дедi. Таңдамай кәрi-жасын алып жатқан, Көр болар алып суға салып жатқан. Жiгiттер, ғибрат алып тәубе қылың, Жоқ-дүр өлiмден бұрын қалып жатқан. Отынды көтере алмаған әуел бастан, – дедi, Күнәнi көп қылмаған бастан, – дедi. Күнәнi көбiрек қылып әдет қылса, Жеңiл болар оған тау тастан, – дедi. Ол болұр қауғаменен суды алған, Һәр кiсiнiң шелегiне суды салған. Кiсi үшiн ол өзi көп мал жияр, Өзi үшiн зекет, садақа бермей қалған. Бiреудiң егiнiне суыны құя берген, Ол болұр кiсi сөзiне ере берген. Аш қойып өзiнiң балаларын, Ойламай һәрбiр iстi текке жүрген. Ол болұр жұрт аузына азық құйған, Дүния малын олар емес қойған. Нәпсiне ерген ғалымдар ол Жұртына насихат айтып өзiн жойған. Ұшырадыңдар жолда сiз кiшiк құсқа, Кiруге қайтадан сыймай жатқан қосқа. Сөзлеген сөз болар, балаларым, Бекер сөз сөйлеп өткiзбе уақыт босқа. Көрдiңiз жолда сiздер ешкi мен лақ, Семiз лақ төрелер-дүр, есiтiп бақ. Арық ешкi болады ғауам халық, Аямай емген сол-дүр, салсаң құлақ. Жабылұр ол төренiң төлеңгiтi, Жамандықтан, асла, ұялмас оның бетi. Төре жоқта өзi-өзiн үлкен санар, Үйiне барсаң жоқ-ты берер етi. Ұшырадыңыз келе жатып қаншық итке, Үрiп жатыр қарнында күшiк ит те. Осы күннiң баласы болар анлар, Әкесiнден бұрын сөз айтұр бетке. Дүния-дүр жолда жатқан ол бiр жылан, Қорқытпай тұр, өтiп жатыр һәрбiр адам. Дүнияны қуалар ахиреттi һеш ескермей, Кезекпенен жүрiп тұр, сөзге инан. Екi қасап көрдiңiз еттер сатқан, Халал iс-дүр семiзi сатып жатқан. Харам iс-дүр арық, сасыған ет, Бұл харамды жақсы көрiп алып қайтқан. Зина, ғайбат бұнлар сасыған ет, Бұ заман халқы жақсы көре-дүр бек. Халал, харам дегенiн тексерген жоқ, Не болса да қалтаға сал, бармайын шет. Кең дүния мысалы сiздер көрген, …* ол байлар соңына ерген. Барына қанағат қылмай қаңғырып жүр, Мал арттырам деп бос жерге кiрген. Сөзiмдi тамам қылдым айтып сiзге, Көп жамағат таласып жүр бiр ақ бөзге. Дүниядағы халықтың дiнi басқа, Дiн үшiн таласып тұр кiрiп сөзге. Айтқанды ұғып ал, балаларым, Болмаса керек сөзде шалаларым. Сұраңдар, айтайын ағаш жайын, Мұны тағы ұғып ал, даналарым. Бар едi сол шаһарда бiр әдiл хан, Әдiлдiгi өтпедi онан бiр жан. Шаһар халқы баршасы түзiк болып, Жәбiр-жапа көрмедi һешбiр адам. Бiр күнi бiр кiсiге бiр адам жерiн сатты, Алған жерден ол адам алтын тапты. – Жерiңдегi алтыныңды өзiң ал, – деп, Жер сатқан кiсiге келiп айтты. – Сатқанмын жерiменен тұтас саған, Керек емес онан шыққан алтын маған. – Алсам мен жерiңдi алдым, алтын алғаным жоқ, Бiр-бiрiне сөз айтты сонда жаман. Бардылар ол екеуi қазының қастарына, Алтындан безiп өзiнiң бастарына. Қазы да бұл екеуiн бiтiре алмай, Жiбердi артық туған гауһар тастарына. Хан қасына бұлар барып тұрды, Келiсiң[дер] сiздер деп айтып көрдi. Екеуi бiрдей безiп қазынадан, Не қыларын бiле алмай хан да жүрдi. – Екеуiңнiң болар ма балаңыз бар, Бала көрмей жүрген емессiң зар? Бiреуi айтты: – Ер балам бар, тақсыр, – деп, Бiреуi айтып: – Ұлым жоқ, қызым-дүр бар. – Алмаңыз жамандықты сiздер ойға, Қосыңыз балаларды жетсе бойға. Балаларға бұл қазына болсын сiзден, Ұстаңыз мол қылып және тойға. Риза болдылар бұ сөзге екi жақтан, Мал болды бұларға және келiп Ақтан. Үлкен той қылып, халықты жиып, Көп кiсi тойға келдi һәрбiр жақтан. Ханның әдiлi артық болды барша ерден, Көп бәйтерек шығып өстi және жерден. Жемiстерi болды оның бәрi гауһар, Хан, халайық таң қалды көзi көрген. Патша дедi жамағатқа: – Сiз алыңыздар, Малға ғарық болып рахатқа қалыңыздар. – Сiздiң әдiлдiгiң үшiн берген Құдай, Ханым, сiз алып қазынаға салыңыздар. – Алмаймын бұл гауһарды тiптi, – дедi, Ғибрат болып қалсын бұл, жеттi, – дедi. Бiзден соңғы адамға ғибрат болсын, Түзiкпенен жүрсеңдер көп-тi, – дедi. Дұға қыл, бұл ағаш солай тұрсын, Жемiсiнiң нұр болғанын көздер көрсiн. Қастық қылып бiр адам алам десе, Жемiсi қолға тиместен қолы құрсын. Сол замандан бұл ағаш тұр жайына, Алам дегеннiң қолы жетпей маңдайына. Ол ағаштың нұрланып тұрғаны сол, Ғибрат үшiн қалды ол пақыр жайына. Ол мезгiлде жиырмада едi жасым, Нелер көрдi дүнияда ғазиз басым. Екi жүз отыз болды өткен заман, Ағарған жоқ сақалым, шашым, қасым. Ол жолыққан iнiм-дүр жүз елу жаста, Қара жоқ ақтан өзге оның баста. Қатыны жаман болды ол iнiмнiң, Пақыр-дүр, малы жоқ-дүр және қаста. Ер болғанды қартайтар жаман қатын, Тыныштықта жаратқан анлар затын. Жақсы ерге жаман қатын душар болса, Не қыласың бейшараның атап атын. Екiншi iнiм менiм жүзде сексен, Айтайын хикаятын бастан кешкен. Малы көп, қатыны жаман оның дағы, Соның үшiн сақалына ақ кiрiп кеткен. Өз жасымды мен айттым әуел баста, Ақ түк жоқ сақал-мұртым мен және қаста. Осы жаста һеш бейнет мен көрмедiм, Жақсы қатын жолықты маған баста. Тысқары шықсам, малыма дала толған, Үйге кiрсем, қатыным риза болған. Сол себептi сақалым қара, өзiм жiгiт, Һәр бейнеттен Құдайым менi иулған*. Уәзiрлер құлақ салды айтқан сөзге, «Керегi осы едi, – дедi, – бiзге». Уәзiрлер кейiн қарай қайтып кеттi, «Керек емес бiздерге мұнан өзге». Iлгерi шаһизада басты қадам, Көрем деп һәр тамаша бұ ғаламдан. Күн-түн жүрiп шаһарға келдi дағы, Жолыққан бiр адамға бердi сәлем. «Әлейка» деп сәлемiн мұның алды, «Мейман бол бiзге» деп және айтып салды. Мақұл көрiп шаһзада ерiп барып, Әңгiме сөзiменен жатып қалды. – Сөз сұрайын, ренжiме, қонақ, сiзден, Шыныңды айт, жасырма сiз де бiзден. – Барамын Нiл су басын көруге, – деп Шаһзада бұған жауап бердi тезден. – Қиын iс, мүсәпiрiм, ой қылғансың, Жүруге деп сапарға ден қойғансың. Көп бейнет көрсең керек осы жолда, Не болса да тәуекелдi мол қылғансың. Тыныштық ал неше күндер бiзде жатып, Моншаға кiр, тазалан деп қойды жағып. Моншадан шығып шаһзада келе жатса, Өгiз жеккен бiр қызметшi келдi қайтып. Өгiздi ұстап алды қамап аран, Тұр едi бiр есек сонда, мұны қараң. Өгiзден есек сұрайды: – Не қылды? – деп, – Жұмыс көп, құтылуға жоқ-дүр шарам. – Айтайын мен бiр хайла, маған қара, Демалұрсың тұта алсаң сен бейшара. Бүгiн салған шөптi сен оттамасаң, Ертең жекпес ауру деп байғұс бала. Есектiң айтқан сөзiн өгiз қылды, Ауру деп қызметшi мұны бiлдi. Байға өгiз ауру деп барғаннан соң, Есектi жек деп бай ендi әмiр қылды. Өгiз қалды, есек түстi бұл тұзаққа, Айдап кеттi есектi ол қызметке. Күнiменен жұмысты қылып-қылып, Алып келдi есектi аран жаққа. Сұрайды өгiз мұның көргеш халiн: – Маған пайда болды ғой айтқан хайлаларың, Далаға апарса да, қызметi жоқ, Бiлмеймiн, неге менi апарғанын. Мен естiдiм бай айтты малайына, Қараңыз өгiздiң сiздер жайына. Жүдетпей ауру болса сою керек, Тамақ болар кiсiмiздiң талайына. Көндiрдi есек тағы хайла сөзге, Шөп жедi қалдырмастан боқтан өзге. Амалменен құтылды тағы да есек, Өгiздi айдап кеттi және түзге. Бұ сөздiң бәрiн естiп шаһзада бiлдi, Бай жанында бұ iстерден және күлдi. Бай мен қатын ойлады бiзге күлдi, – Нелiктен күлдiң? – деп бай сұрайды ендi. – Күлгем жоқ мен сiздерден айып болып, Бiр сыр бар, жүрмiн, тақсыр, сонан күлiп. Қатыны: – Қоймастан сұраңыз, – деп, – Сырын айтсын бiздерге қонақ келiп. – Қалам, сия келтiрiң бiзге, – дедi, Жазайын осы сырды сiзге, – дедi. Қатын тұрып қаламға кеткеннен соң, Байға: – Бұл сөздi қатындан кiзле, – дедi. Бай айтты: – Қатынға сыр мен айтпаспын, Жан берсем де сөзiмден һеш қайтпаспын. Күлгенiңнiң мәнiсiн айтпасаңыз, Қапа болып ұйқыға һеш жатпаспын. – Күлгенiмдi айтайын сiзге жайын, Құс, хайуан тiлдерiнiң бiлем, байым. Қиссасын өгiз, есек байға айтты, Күлгенiм осы, тақсыр, менiм дәйiм. Бiр шөп бар Сүлейменден менiм қолда, Сақтаймын тiл бiлмекке ұзын жолда. Бұ сырды қатынға айтсаң өлерсiң деп, Айтпай күлiп жүргенiм осы шулда. Ерiнiң сырын қатындар болса сұрмақ, Тәубеге келтiргенше керек ұрмақ. Ерiнiң айтқан сөзiне құлақ салып, Һәр iсте болу керек даяр тұрмақ. Мұны айтып шаһзада кеттi жүрiп, Неше күн тамашаны жолда көрiп. Бiр шалға бара жатып ұшырады, Сәлем бердi о шалға қол қусырып. – Жолың болсын, шырағым, сапар шеккен, Бұл араға адам жоқ келiп-кеткен. Не мақсұтың бар-дүр сенiң, мүсәпiрiм, Бiр мұратың бар шығар мұнда жеткен. – Ниетiм Нiл жәшiм суын көрмек, – дейдi, Ер кiсiге сапар жүру ермек, – дейдi. – Олай болса, бұл жерден бiр айлық жол, Мәнiсiн айтып саған бермек, – дейдi. Жәшiмi оның болұр тау басында, Бiр күмбез бар шығып жатқан су қасында. Таһарат алып сол орында намаз оқы, Қажет тiле, аяма көз жасын да. Жиһангер болсын ендi сенiң атың, Ғаламға мәшһүр болсын салтанатың. Көп тамаша жол жүрiп көрген балам, Шаһизада екенсiң асыл затың. Ал [балам] бата бердiм, iлгерi бар, Оңғартқай жолыңызды Пәруардигар. Нiлдiң басын, әй, балам, көргеннен соң, Қайт балам, ата-анаң сағынған шығар. Кеме мiнiп қайтқайсың елге таман, Құда қылсын жолыңда сенi аман. Сүлеймен қызметiнде һәм болұрсың, Ол уақытқа бiрталай бар-дүр заман. Жиһангер шал қасынан жүрiп кеттi, Бiр айда Нiл басына барып жеттi. Тау басына шығып күмбез кiрiп Таһаратпенен намаз өтеп хажат еттi. Бес намаз парыз болды һәрбiр құлға, Намазды қойып алдандық дүния-пұлға. Жиһангер намаз оқып болып едi, Бауырсақ пенен мейiз түстi сонда қолға. – Һеш уақыт ашықпассың жесең, – дейдi, Қабыл болар мұнда хажат десең, – дейдi. Әй, адам, мұнан тезiрек теңiзге бар, Хазiрет Сүлейменге жолығам десең, – дейдi. Таудан түсiп жүрiп кеттi теңiз жаққа, Құданың зiкiрiн алып тiл мен жаққа. Теңiзге барып жетсе бiр кеме тұр, Жүрейiн деп тұр екен Сарандип жаққа. Керуендер көп едi мұнда кiрген, Жиһангер жолдас болып және ерген. – Не қылып жүрген жансың, айтыңыз, – деп Бастан-аяқ өз қиссасын айта берген. Мен едiм машриқ патшасының бiр баласы, Көзiнiң жалғыз болғаш һәм қарасы. Һәрбiрлеп көрдiм һәм Нiл бұлағын, Көрген соң қалмасын деп жер шаласы. Сапар деген адамға болар салмақ, Ойлаймын мұнан ендi үйге бармақ. Көрген-бiлген жерлерiн әкеме айтып, Ниетiм бар аз мұнда рақат қылмақ. Бұ сөзге бiр шал тұрып құлақ салды, Айтқанын Жиһангердiң ұғып алды. «Машриқ патшаның ұғлы көрер» деген Бұ сөздi кiтаптардан көрген бар-ды. Кеме кеттi теңiзбенен жөнге қарап, Он күнден соң жел шықты қатты харап. Таудай толқын кеменi тасқа соғып, Баршасы суға кеттi кеме тарап. Жиһангер кетпей шықты және судан, Жазира көз ұшында көрiндi оған. Үш арғымақ бар едi батпай жүрген, Бұл үшеуiн айдап шықты тағы судан. Һәр түрлi жемiс көрдi тау-тасында, Бiр бәйтерек көрiндi тау басында. Қараса, ұя көрдi бәйтеректе, Не қылған ұя деп тұр қасында. Жоғарыға қараса, бiр қыз көрдi, Бұ не қылған жан деп ойлап тұрды. Қыз дағы жоғарыдан төмен қарап, Қарап тұрған жiгiттi бұ да көрдi. Көзi түсiп бiр-бiрiне бұлар састы, Сөйлесуге екеуi аузын ашты. «Сен кiм?» деп Жиһангерден қыз сұрайды, Жиһангердiң тiлiн бiлмей қыз да састы. Жiгiт қыз тiлiн бiледi, қыз бiлмейдi, Құстың тiлi адамның сөзiне бiр келмейдi. Жiгiт құстың тiлiн бiлсе дағы, Сөйлеуге құс секiлдi һеш келмейдi. Лақтырды қыз жiгiтке бiр зор жемiс, Құс тiлiне жiгiт тiлi келмейдi һеш. Жоғарыдағы қызға жiгiт ғашық болып Ишаратпен бiр-бiрiне көп сөз демiш. Кеш болған соң самұрық келдi жетiп, Қыз жылайды: – Күнде сiз жүрсiз кетiп, Тым болмаса менi төмен түсiрiп кет, Отырамын сарғайып жалғыз бүйтiп. Қыз айтқан соң самұрық ойына алды, Таң атқан соң түсiрiп жерге салды. – Шешектермен ойнап тұр, шырағым, – деп Сүлеймен қызметiне кетiп қалды. Кемеден шыққан бiр ат өлген едi, Жиһангер терiсiн мекен қылған едi. Ішiне һәр түрлi шөптер төсеп, Кәдiмгi шатырдай-ақ болған едi. Таңертең тұрып шықты биiк тасқа, Қыз көрем деп шыға-дүр бiр ағашқа. Бiрталай қарап тұрып көре алмады, Екi көзi бiрдей толып аққан жасқа. Бiр уақытта жүгiрген қызды көрдi, Қуанғандан қызға таман жүгiредi. Екеуi бiр-бiрiне қосылған соң Мұратын һәрбiрiнiң бұлар бердi. Қызығын айтып сыймас осы жайға, Жолықты нұр құяшы туған айға. Күнiменен тамаша қылып анлар, Ерiгiп жүгiредi тау мен тасқа. Кеше болғаш шатырына жiгiт кiрдi, Самұрық қызметiнден қайтып келдi. Қызды алып ұшыпты ұясына, Қыз да дүние ләззатын ендi бiлдi. «Таңертең түсiр», – дедi және құсқа, Тiлiне самұрықтың сондай ұста. Күнiменен қызықты қылып анлар, Өткiзбейдi уақытты һешбiр босқа. Неше күн ерте түсiрiп кеште алды, – Ендi сенi түсiрмеймiн, – деп айтып салды. Жеп кетер бiр жануар өзiңдi, – деп Сүлейменге ұятты болармын, – деп айт[ты]. – Қайтейiн, түсiрмесең саған, – дедi, Алып бер жатқан терiнi маған, – дедi. Сол терiнi ермек мен қылайын, Ермексiз текке тұру жаман, – дедi. Тағдыр бұзам дегеннiң қара тәдбирiне, Алып бердi терiнi қыз үйiне. Жiгiттi қыз жанына мiнгiзiп ол, Өзi кеттi қызмет үшiн ол жерiне. Самұрық кеткеш қыз жiгiт қылған ойын, Қыз дағы буаз болды күтпей бойын. Самұрық тағдыр бұзам десе дағы, Сүлейменнiң қасында көрер тойын. Шыққалы шаһзадаға бес жыл болған, Қызбенен жолыққанға бiр ай толған. Тағдыры жерiне келдi деп Сүлейменге Жәбiрейiл арқылы Хақтан хабар болған. Самұрықтан Сүлеймен хабар сұрды, Тағдырды не қылдың деп айтып көрдi. – Мұнан артық бұзу болмас, патшам, Тағдыр деген бары бекер, – деп сонда тұрды. – Ендеше қызды әкел, – дедi, – маған, Болмасын айтқан сөзде сенiң шалаң. – Таңертең әкелем, – деп тұрып кеттi, Тағдыр бұзған қызды мұнда саған. Ұшып ол ұясына барды жетiп, Қыз дейдi: – Не қылып жүрсiң сасып өйтiп. Самұрық айтты: – Сүлеймен сенi сұрар, Алып келем деп мұнда қалдым кетiп. – Сүлеймен кiм болады айтшы маған, Бұйрықты қатты мұндай қылған саған? – Шырағым, ол падиша өзi адам, Суретi оның ұқсар саған тамам. Қыз дедi: – Не үшiн сұрар менi сiзден, Не сөзi бар сұрайтұғын оның бiзден? Тағдыр бұзам дегенiн айтты қызға, Менiм қылып жүргенiм сонау кезден. Көтерiп Сүлейменге мен барайын, Тағдыр деген қызыққа мен қарайын, Алдында падишаның адамдарды, Тағдыр деген кiсiнiң бiрталайын. Терiмен алып ұшты патша жаққа, Қарашы тағдыр бұзам деген ақымаққа. Құданың құдiретiне мойын бұрмай, Шек келтiрiп жүргенiн жалғыз Хаққа. Патша сонда мiнедi алтын таққа, Жар салды «жиылсын» деп һәрбiр жаққа. Сұрайды: – Не қылдың? – деп жамағаттар, – Не қылдың тағдырды бұзып қыз байғұсқа. – Мен барып мағрибтен ұштым алып, Ағашқа өзi биiк қойдым барып. Бұ күнгеше һешкiмге көрсетпеймiн, Сұраған соң, әй, тақсыр, қойдым салып. – Әкелшi, бұл терiңде не бар, – дейдi, Жамағат ортасына шығар, – дейдi. Терi iшiнен қыз бенен жiгiт шықты, Күлкiге қалды батып бұлар дейдi. – Не қылдың бұзамын деп сен тағдырға, Кiрiстiң қолдан келмес қиын жерге. Жазаңды тарттырайын сенiң, мұндар, Кейiнге үлгi болсын қалған ерге. Самұрық бұл iсiнден жаман састы, Ұялғаннан тұрды да қанат ашты. Жөнелдi қорыққанындан артқа бақпай, Тоқтамай Қап тауынан арман қашты. Сүлеймен таба алмады iздеп қатты, Дүнияда үшеу едi анның заты. Бiрiн Асфандияр өтiрдi, бiрiсiн жұтты жылан, Қалғаны бұл өзi кеттi, қалды аты. Сүлеймен некаһ қылды екi жасқа, Шақырды көп адамды қылып асқа. Жiгiттiң Назауыр, қыздың Саманбой қойып атын, Жiбердi әкесiнiң шаһары жаққа. Мағрибқа қыз бен жiгiт барып жеттi, Қуанып қыз әкесi тойды қатты еттi. Бұ хабар машриққа барып қалғаш Сапарға қызды алып жүрiп кеттi. Мағрибтан бұлар кеттi машриққа, Отырды қыз бен жiгiт мiнiп таққа. Туған бала екеуiнен хор секiлдi Пар болмас һешбiр адам салтанатқа. Жиырма төртiншi майда шықтым Семей жаққа, Курбатов параходы батыраққа. Барғанша мен Семейге өлең қылдым, Үш сөткеден мен бардым азырақта. Әкем Махмұт, өзiмнiң атым – Әли, Көп болды шығарам деп ойлағалы. Әреңнен соң қолыма қалам алдым, Бес кiтап болды Қазанға жолдағалы. «Миғраж» бен жаздым және «Бақтиярды» Һәр түрлi шығаруға көңiлiм бар-ды. Сауда-саттық болған соң қолым жетпей, Немене жалғыз болғаш уақыт тар-ды. Жiберген басу үшiн төрт кiтап бар, «Қисса Адам», «Егiз бала көп кеңестер». «Үш қыз қисса» деген кiтап және, Баршасы ұғып алсаң өлең бұнлар. Қазаға риза болып мойын қоймақ, Бәрiне қанағат қыл, керек тоймақ. Барға шүкiр, жоғына сабыр қылып, Жақсы-дүр бұ дүнияда нәпсi тыймақ. Әзелден жазғандардан болмас артық, Жүремiз дүния қуып, бейнет тартып. Жазғаны маған осы деп қарап тұру, Бұ iсте бұйырмады кiтап артық. Жаһит қылу бiзге керек халал малдан, Көз жұмып кетпеген соң бұ жаһандан. Сауап көп түзу жүрсек бұ дүнияда, Бұ сөздер ұнаулы-дүр көп замандан. Керек бiзге һәр iсте ғибрат алмақ, Кiсiнiң айыбын не керек көзге салмақ. Кiсiден айып көрiп, өзiмiзден көрмесек бiз, Қиын-дүр самұрықтай бiзге ойламақ. Насихат айтқан құлақ сал атаңызға, Тәубе қыл өткен күнәһ, қатаңызға. Бұ кiтапта сөз бар-дүр ғибрат алсақ, Болады мақұл және қатаңызға. Үлкеннiң аға болуы жас жүзiнен, Кiсiнiң аға болуы жақсы сөзден. Арамызда бар-дүр неше қарындастар, Жамандық кiсiде жоқ, көр өзiңден. Артық көрген өзiнi артта қалған, Кем көрiп өзiн һәркiм бәйге алған. Сиғыршық өз айыбын айтып тұрып қалды, Самұрық ұшып кеттi ұялғаннан.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ
Бұл тілдегі нұсқа жоқ