Қазақша
Қисса шаһ Ғаббас ұғлы Иранғайып
Әуелi жад етемiн Тәңiрiм атын,
Сұрайды пенделерi онан датын.
Баһауи қағаз бенен қалам алдым,
Айып етпе, жарандар, жазған хатым.
Тағы да сөз бастаймын бисмилла деп,
Дүниеде толып жатыр һәр түрлi кеп.
Бұрынғы өтiп кеткен адамдардан
Ойландым бiраз қисса қылайын деп.
Бiр қисса шығармаққа жазған хатым,
Алланың тiлiме алып есiм, затын.
Әкемiз Өндiр қалпе қажы деген,
Мұхаммедғали ерүр өзiм атым.
Қарқаралы қазағы асыл затым,
Келiспесе сөкпеңiз жазу әрпiм.
Асмания шаһарында бiр падиша,
Шаһ Ғаббас дейдi екен оның атын.
Падиша шаһ Ғаббас бiлсең атын,
Ауызбен айтып болмас салтанатын.
Бiр өзiне қарайды он мың шаһар,
Көрмеген адам екен ол перзентiн.
Халқына әдiлдiктi құрады екен,
Бiр жыл тақта патша боп тұрады екен.
Ендi бiр жыл белгiсiз жолаушы боп,
Аралап елi-жұртын жүредi екен.
Құдайдың қарай қойшы құдiретiне,
Ғаббастың таң қаларсыз келбетiне.
Уәзiрiн Аллаберген қасына алып,
Елiнiң жүрiп кеттi бiр шетiне.
Падиша ел шетiне кеттi дейдi,
Қасына Аллабергендi ерттi дейдi.
Елiнiң ең шетiне бес ай жүрiп,
Кiшкене бiр шаһарға жеттi дейдi.
Шаһарды кешке таман аралады,
Һешкiм қон деп айтуға жарамады.
Келген жан[ды] үйiне кiргiзбейдi,
Бiр адам қонақ болар таба алмайды.
Жолыққан һәр адамға сөз сөйлейдi:
– Жаһан кезген пақыр едiк, – деп сөйлейдi.
Жолаушы жаһан кезген пақыр едiк,
Бiр күнше қондырыңыз, – деп сөйлейдi.
Жолыққан шаһар адамы сөйлейдi кеп:
– Текке конақ қылуға көрмеймiз еп,
Пұл берсең тамақ пенен үй беремiз,
Тек құдайы қонақтың керегi жоқ.
Бiрқатар жүрдi екеуi үй қыдырып,
Мiнезiн бұл шаһардың көрдi бұзық.
Үйiне һешбiр адам жолатпайды,
Шаһардан кеш болған соң кеттi шығып.
Ендi екеуi шаһардан шығып кеттi,
Бiр қамыс балағанға келiп жеттi.
– Жан болса, балағанға келiңiздер,
Бiр ғарiп қонақпыз, – деп дауыс еттi.
Екеуi келiп тұрды дауыс берiп,
Алдында есiгiнiң тұрды күтiп.
– Құдайы қонақ болса, үйге әкел, – деп,
Бiр әйел сөз сөйлейдi үйде отырып.
Iшiнен балағанның бiреу шықты,
«Қонағым, үйге жүр» деп құрмет еттi.
Есiк ашып «кiрiңiз» деп балағанға,
Екеуiн тәрбиалап жақсы күттi.
Отырды екi ғарiп үйге кiрiп,
Қонақ деп құрмет тұтты тiке тұрып.
Қараса бiреуi шал, бiреуi қыз,
Отырды қайран болып мұны көрiп.
Шаһарға сиыршы екен шалдың өзi,
Оларды екеуiнiң көрдi көзi.
Ұғылы жоқ, қатыны өлген бiр шал екен,
Ер жеткен қасындағы жалғыз қызы.
Әлгi қыз адам екен жақсы сөзi,
Пәкизат түзiк бойлы, қызыл жүзi.
Әйелде ақылы дана адам екен,
Ғарiптiгi болмаса бiр мiнезi.
Екеуi мейман болып сонда жатты,
Бұйырған бiр Құданың дәмiн татты.
Екеуiн қыз бейшара тәрбиалап,
Күн шығып бiраздан соң таң да атты.
Орнынан түрегелдi таң атқан соң,
Екеуiнiң көңлi хош дәм татқан соң.
Ертең тағы екеуi болды қонақ,
Құрметiн қыз байғұстың ұнатқан соң.
Көңiлi падишаның қызға толды,
Патша қызды алмаққа көңiлi болды.
Әкесiне жүз елу дiлдә берiп,
Неках оқып қызды алды патша сонда.
Падиша неках оқып алды қызды,
Патшалығын бiлдiрмейдi қызға сырды.
Өзiнен тамақ iшiп, киiм киiп,
Екеуi қыз қолында бес ай тұрды.
Падиша бес айдан соң қайтпақ болды,
Сөйлейдi қайтамын деп қызға сөздi.
Үш жүз дiлдә пұл бердi қыз қолына,
– Екiншi көре алмайсыз, – дедi, – бiздi.
Елiме мен қайтамын ендi, – дейдi,
Елiме қайтар уақытым болды, – дейдi.
Отырсаң, ерге тисең ықтиярың,
Рұқсат өз басыңа бердiм, – дейдi.
Қыз айтты: – Кетесiз бе тастап менi,
Екiншi көре алмасам ендi сiздi.
Iшiмде сiзден болған хамилiңiз бар,
Қалайша деп кетесiз балаңызды.
– Рұқсат, разылық бердiм саған,
Бейшара, тiптi алаң болма маған.
Қыз туса, ықтиярым бердiм саған,
Ұл болса, бiзде болар туған балаң.
Қыз айтты: – Мен қалаймын сiз кеткен соң,
Бала тумай тұра ма күн бiткен соң.
Аты-жөнiң бiлмеймiн, кiм екенiң,
Балаң қайдан табады ер жеткен соң?
– Мекенiм Асмания шаһарында,
Шаһ Ғаббас падишаның тарапында.
Жетiм Ғаббас дейтұғын қайыршы адам,
Әкем сол деп iздесе табар сонда.
– Ұл туса жәрдем болып бiр Құдайдан,
Ол бала сiздi тапса осындаймен.
Туғанда оның түсiн көрмеген соң,
Балам деп сiз танисыз оны қайдан?
Падиша мына сөздi мақұл көрдi,
Қойнынан алтын медал алып бердi.
– Iшiнен байлап жүрсiн туған балаң,
Белгiсi осы болсын оның, – дедi.
Ұл туса Иранғайып ат қоярсың,
Жол жүрсе бiр Аллаға тапсырарсың.
Үш жүз дiлдә өзiңiз қаражат қыл,
Онан соң Хақ жазғаны, күн көрерсiң.
Жұбатты қыздың көңiлiн осыны айтып,
Патша ендi үйiне кеттi қайтып.
Кiм екенiн бiлместен қыз бейшара,
Артында қала бердi қайғы тартып.
Падиша барша жанға жалғыз Хақ-ты,
Қыз қалып падишадан қайғы тартты.
Тоғыз ай он күнiнде хамил толып,
Құданың рақымымен бiр ұл тапты.
Баланың атын қойды Иранғайып,
Пұл алып шал байғұс та қалған байып.
Бай болдым деп үйiнде отырмайды,
Сонда да шал жүредi сиыр жайып.
Осындай ұғыл туды Құдай қалап,
Бiр өзiн жұбатады мыңға балап.
Таза тағам, тазадан киiм берiп,
Қыз байғұс асырады тәрбиалап.
Сол бала ендi жеттi жетi жасқа,
Бек абзал, ұқсап туған асыл тасқа.
Мектепке оқытпаққа алып келдi,
Дүниеде несi болсын онан басқа.
Молдасы бисмилла деп сабақ бердi,
Жарандар, тыңдайтұғын ғажап келдi.
Үш жылда молдасынан сабақ алып,
Ғылымның неше түрлi бәрiн бiлдi.
Иранға жәрдем берген патша Құдай,
Һәр өнерге ұмтылды қарап тұрмай.
Он бес жасқа келгенде Иранғайып
Өнердiң бәрiн бiлдi бiрiн қоймай.
Өнерпаз ою оймақ, сызу сызбақ,
Оқ атып, құс та салып, қылыш шаппақ.
Серiгерлiк, саудагерлiк, киiз тiкпек,
Данышпан бiлмегенге ақыл айтпақ.
Жиюлы неше түрлi өнер бiлдi,
Бiр аяқ, бiр қолменен атқа шаппақ.
Тағы бiлдi өнердi бәйiт айтпақ,
Адамның iшкi сырын оймен таппақ.
Данышпан ақыл зерек болды ғалым,
Өнерi һәр тарапқа болды мағлұм.
Өнер бар бұ дүниеде неше түрлi,
Айтайын қайсы бiрiн, бiлдi-ау бәрiн.
Данышпан Иранғайып һәркiм бiлдi,
Ғарiпке һәрне берсе Құдай бердi.
Он үш жасқа келгенде Иранғайып
Қасына шешесiнiң қайтып келдi.
Балаған Иранғайып үйге кiрдi,
Шешесi қуанғаннан түрегелдi.
Жалғыз ұғлы өнерлi болғаннан соң,
Қуанып бiр Аллаға шүкiр қылды.
Қыз отырды шал менен қорашалап,
Құрметтеп отырады, тәрбиалап.
– Шырағым, үйрене бер ғылым-хикмет,
Тағы да үйренбекке қылсаң талап.
Сол бала анасына жауап бердi,
– Ей, ана, көңiлiме бiр қиял келдi.
Ұялмай, шынын айтып бершi маған,
Анам – сен, әкем менiм бар ма? – дедi.
Анасы екi көзге алды жасын,
Көтерiп қайран болып алды басын.
– Әкең бар, болса дағы бұл жерде жоқ,
Әкенi опасы жоқ не қыласың!
Бiр жолаушы алды да, кеттi тастап,
Айтпады сұрасам да уақиғасын.
Мекенiн, атын, жөнiн айтпай кеттi,
Неше жыл iздесең де таба алмайсың.
– Мекенiн неткен адам айтпай кеткен,
Әлде бiр қашқын шығар келген шеттен.
Атасы тiрi болса iздемеген,
Жiгiтке қорлық осы өнер бiткен.
– Сен едiң алданышым, жалғыз өзiң,
Әкеңнiң мен айтайын айтқан сөзiн.
Белгiге тастап кеттi алтын мидал,
Ұғып ал айтқан сөзiн, көрер көзiм.
Жалаңғаш бұ медалды белге байла,
Қыларсың дұшпаныңа ақыл-айла.
Дұшпан көп жүрер жолда, ей, перзентiм,
Жүрерсiң пақырлықпен оны да ойла.
Шаһарым Асмания жерiм дедi,
Мағлұмбыз бiр пақырмын өзiм дедi.
Қайыршы жетiм Ғаббас – исми шарифім,
Атым мәшһүр кiсi емес менiң дедi.
Сөйледi Иранғайып анасына:
– Мен кетiп, анам, жалғыз қаласың ба?
Құдай жазса көрермiн сiздi, анам,
Күн көрерсiң Құдайдың панасында.
Айланып көре алмасақ разы бол,
Пенденiң Құдай салса шарасы не.
Атасыз деген сөздi естiп тұрып,
Халықтың кiре алмайсың арасына.
Жас бала тәуекел деп жүрдi жолға,
Құдайым не салмайды жазған құлға.
Қай жаққа жүрерiнiң жөнiн бiлмей,
Бейшара шығып кеттi жапан шөлге.
Қаңғырып бала кезер дүние жүзiн,
Бұл жерге тоқтаталық мұның өзiн.
Ендi шаһ Ғаббастан сөз сөйлейiк,
Аяғында айтармын мұның сөзiн.
Атасын iздей берсiн Иранғайып,
Азбасын һәр мұсылман жолдан тайып.
Кеңесi бұ баланың кейiн болар,
Патшадан шаһ Ғаббас сөз қылайық.
Бiр күнi сол падиша ой ойлайды,
Данышпан һәрбiр ақыл көп ойлайды.
Шаһарда бұзық бар ма, түзiк бар ма,
Халқымды байқайыншы деп ойлайды.
Падиша үйден шықты бұзып түсiн,
Жақсы-жаман халқының бiлмек үшiн.
Киiмiн қалендердiң киiп алып,
Әуелi аралады базар iшiн.
Аралап базар iшiн бiраз жүрдi,
Байқастап жан-жағына мойынды бұрды.
Алдында бiр дүкеннiң көп халайық
Тамашаға жиылған, патша көрдi.
Падиша жиылысқа келдi дейдi,
Жиылған адамдарды көрдi дейдi.
Не нәрсенi тамаша қылып тұр деп,
Қасына патша келiп тұрды [дейдi].
Iшiнде сол дүкеннiң бiр жас бала,
Нұр берген жас балаға Алла Тағала.
Сол баланың нұрына тамаша етiп,
Қанша халық жиылған сол араға.
Падиша сол арада бiраз тұрды,
Нұрына сол баланың қайран болды.
Жекелеп мұның жайын бiлейiн деп,
Үйiне хан-падиша қайтып келдi.
Падиша онан қайтып үйге келдi,
Бiлейiн мәнi-жайын мұның ендi.
Күн батқан соң қалендер киiм киiп,
Баланың дүкенiне қайтып келдi.
Дүкенге патша келдi бала тұрған,
Күн батып ләпке есiгiн жауып қойған.
Қараса, үй iшiнде шам жанады,
Падиша есiк ашып дабыс қылған.
Бұ кiм деп есiк қаққан, бала келдi,
Панарын бiр қолына ала келдi.
Қараса, есiк қаққан бiр қалендер,
– Уақытсыз қалай жүрген адам, – дедi.
Патша айтты: – Қалендер ғарiп едiм,
Бүгiн осы шаһарға келiп едiм.
Рұқсат болса, боламын сiзге мейман,
Шаһарда танысым жоқ адам едiм.
Үйiне қалендердi алып кiрдi,
– Жайғасып, отырыңыз, ғарiп, – дедi.
Алдына неше түрлi тағам қойып,
Жас бала қонағым деп құрметтедi.
Екеуi бiрге отырып тағам жейдi,
Ғарiп деп қалендердi құрметтейдi.
Iшiп-жеп тамақтарын болғаннан соң,
Екеуi және жайына отырды ендi.
Отырды екеуi де жай-жайына,
Баланың таң қалады шырайына.
Баланың атын, жөнiн сұрайын деп,
Жауабының қарап тұрды ыңғайына.
Қалендер жауап айтты сөздi бастап,
Бала тыңдап отырды оны қостап.
Бiр үш қыз жер астынан шыға келдi,
Қолына жарқылдатып панар ұстап.
Сол үш қыз үй астынан шыға келдi,
Екеуi мұны көрiп қайран болды.
– Уақытсыз жер астынан шығып жүрген
Сен үш қыз, уақиғаңды сөйле, – дедi.
Қыздар сонда сөйледi: – Ей, байбатша,
Шаһ Ғаббас бұ күнде бiздiң патша.
Уәзiрi патшаның Аллаберген,
Патшаға жақын жан жоқ онан басқа.
Қарайды сол патшаға дүние жүзi,
Мың шаһарды билеген жалғыз өзi.
Уәзiрi падишаның Аллаберген,
Бар едi Ғазиза атты жалғыз қызы.
Уәзiрдiң жалғыз қызы Ғазиза атты,
Бау-шарбақ, мүкәммалы салтанатты.
Дүниеде оған теңдес жан болмаған,
Көрмейсiз ондай абзал адамзатты.
Сейiлге сол ханша шыққан өзi,
Кәнизак қасына ерген қырық қызы.
Сейiлден келе жатып сол ханша,
Сiздiң нұр сипатыңа түскен көзi.
Көргенде жағылыпты ғашық оты,
Құдайдың ғашық қылған құдiретi.
Рақым қылып көнсеңiз айтқанына,
Сiздi мейман қыларға бар ниетi.
Екенiм менiң ханша бiлсiн, – дейдi,
Нұрына ғашықтығым көрсiн, – дейдi.
Дүниенiң махаббаты ойын-күлкi,
Қонаққа бiздiң үйге келсiн, – дейдi.
Байбатша айтты: – Ей, қыздар, сөзiң шын-ды,
Бұл жерде танымаймын һешбiр кiмдi.
Бiр байдың өзiм ғарiп қызметкерi,
Қызметтен босанбаймын күндiз-түнi.
Қызметтен басқа жерге жүре алмаймын,
Кiм жақсы, кiм жаманын бiле алмаймын.
Өзiм ғарiп және бiр қонағым бар,
Шақырған ханшаға бара алмаймын.
Осылай байбатша тұр жауап айтып,
Қалендер күлiп отыр езу тартып.
Байбатша бармайтұғын болғаннан соң,
Үйiне келген қыздар кеттi қайтып.
Қыз кеттi байбатшаның сөзiн алып,
Аяғына қараңыз құлақ салып.
Қырық қыз жер астынан шыға келдi,
Қолына һәрқайсысы қылыш алып.
Қыздар айтты: – Ханша қылды жарлық,
Қонағын келсiн дедi қасына алып.
Жүрмесең қылыш тиер мойыныңа,
Бiлдiң ғой өлерiңдi, тұрсың нағып?
Қызға ерiп қорыққаннан бала жүрдi,
Қонағын қасына ертiп келiп жүрдi.
Азырақ жер астыменен жүрдi дағы,
Шам жаққан алтын үйге [келiп] кiрдi.
Кiрiп келсе ханша отыр жайнап,
Сарайда гүл райхан, бұлбұл сайрап.
– Сүйiктi ғашық достым, келдiң бе, – деп,
Сөйледi байбатшаны құрмет әйлап.
Баланы отырғызды алтын таққа,
Падиша таң қалады мұндай кәпке.
Қалендер, байбатша мен қыз ханша
Отырды ойнап-күлiп бiр сұхбатқа.
Көрсеттi неше түрлi ойын-сауық,
Бұл қыздар һеш пендеден қылмас қауiп.
Нығмет iшiп-жеген шекер-шәрбат,
Отырды бiр-бiрiнен ләззат тауып.
Отырды бiраз уақыт ойын ойнап,
Бiлгiзбей патша отыр iшi қайнап.
Басылып ойын-күлкi, салды төсек,
Үй басы екi адамға орын сайлап.
Ханша байбатшамен бiрге жатты,
Бар ма едi естiгенiң мұндай кептi?
Қалендер де жатсын деп бiр қыз алып,
Ханша сол арада жарлық еттi.
– Қалендер бiр кәнизак алсын, – дедi,
Ғишрат о да қызық көрсiн, – дедi.
Айтқандарын қылмаса басын алсын,
Өз обалы өзiне болсын, – дедi.
Қалендер лажы жоқ бiр қыз алды,
Жiгiттер, көрiп пе едiң мұндай халдi.
Кәнизак не қыл десе, соны қылып,
Құданың құдiретiне қайран қалды.
Сонымен таңға жақын уақыт болды,
Падиша әбден бiлдi мына сырды.
Таң атып, күн шығардың мезгiлiнде
Екеуiн өз орнына алып келдi.
Байбатша қалендермен үйге келдi,
Дүкенде тамақ iшiп отырды ендi.
Қош айтып байбатшамен амандасып,
Падиша өз үйiне қайтып келдi.
Падиша тақтысына мiндi келiп,
Қалыпты жiгiттер тұр өлiп-өшiп.
Күндегi әдетiмен ел жиылып,
Уәзiрi, қызметкерi бәрi келiп.
Тарқатты кешке жақын қауым жанды,
Уәзiрiн Аллаберген қасына алды:
– Бiразырақ жүрелiк түнде сейiл,
Көретiн бiр ғажап жұмыс бар-ды.
Уәзiрiм, менiң сөзiм тыңда, – дедi,
Һеш бұған сабырсыздық қылма, – дедi.
Ғарiп болып көрелiк бiр тамаша,
380 Не болса осы жолы шыда, – дедi.
Қалендер киiмдерiн киiп алды,
Бетiне перделерiн жауып алды.
Күндегi қалыбынан бөтен болып,
Үйiне байбатшаның тағы барды.
– Алыстан жаңа келген ғарiп едiк,
Шаһарға түнде кiрiп қалып едiк.
Құдай үшiн бiр мейман қыла ма деп,
Бiреуден сiздi сұрап тауып едiк.
Байбатша айтты: – Жарайды, қоныңыздар,
Құданың бұйырғанын көрiңiздер.
Алдына екеуiнiң тағам қойды,
Ғарiптер, бүгiн мұнда болыңыздар.
Отырды тағам iшiп екi ғарiп,
Баланың екеуiне құрметi анық.
Үшеуi отыр едi сол арада,
Қырық қыз шыға келдi жердi жарып.
Қырық қыз жер астынан шыға келдi,
– Байбатша, жүрiңiз, – деп сөз сөйледi.
– Үйiмде екi ғарiп қонағым бар,
Уақытым жоқ, бара алмаймын бүгiн, – дедi.
– Сiзге қыз сол ханша келсiн, – дедi,
Қызығын бұл дүниенiң көрсiн, – дедi.
Ренжiтпе қонағыңыз екеу болса,
Екеуi бiзбен бiрге жүрсiн, – дедi.
Үшеуiн сол арада алып жүрдi,
Уәзiрi мұны көрiп қайран болды.
Азырақ жер астымен жүрдi дағы,
Кешегi алтын үйге келiп кiрдi.
Уәзiр мен патшаны қыз бiлмейдi,
Iшiнен Аллаберген қайғы жейдi.
Ойын-күлкi, тамаша, қызық құрмет,
Тартылып хош әуездер дүрiлдейдi.
Қосылған қызық құрмет екi ғашық,
Бiр-бiрi ләззат алар аузын ашып.
Әкем бар деп қыздың ойында бар ма,
Жүредi қыз бен жiгiт құшақтасып.
Уәзiрдiң сонда тұрар iшi қайнап,
Отырды екi ғарiп тамаша әйлап.
Қырық қыз жатамын деп төсек салды,
Үй басы екi-екiден орын сайлап.
Тағы да ханша қыз қылды жарлық:
– Ғарiптер жатсын бiр-бiр қыздар алып,
Айтқанымды қылмаса қалендерлер,
Мойнына қылыш тиiп өлмек анық.
Төсекке қалендерлер жатты барып,
Таңдаған һәрқайсысы бiр қыз алып.
Кәнизак не қыл десе, соны қылып,
Болды деп не уақиға қайран қалып.
Осындай түнi бойы көрдi кептi,
Ғажайып көрiп пе едiң мұндай кептi.
Үшеуiн таң атқан соң қырық қыздар
Үйiне байбатшаның алып кеттi.
Отырды ендi үшеуi қыз қайтқан соң,
Байбатша бердi тағам таң атқан соң,
Қош айтып байбатшаға жүрiп кеттi,
Үйiнен байбатшаның дәм татқан соң.
Падиша уәзiрiмен үйге келдi,
Үстiне алтын тақыт мiнедi ендi.
Түндегi көрiп келген ғажабынан
Падиша уәзiрiне сөз сөйледi.
– Әдiлдiгiм кете ме менiм, – дейдi,
Бұзылғанға ұқсайды елiм, – дейдi.
Халықты түзетемiз деп жүргенде,
Балаңнан бұзық шықты сенiң, – дейдi.
Уәзiр айтты: – Айтсаңыз мұны маған,
Хан патшам, һәр нәрсеге келер шамаң.
Бұл сырды һеш адамзат бiлмей қалсын,
Дарға асып өлтiрiңiз бәрiн тамам.
Тақсыр хан, не айтасыз маған, – дедi,
Тез iсiн бiтiрiңiз тамам, – дедi.
Жұрт есiтсе сүйекке тамға болар,
Ақыры мұның болар жаман, – дедi.
Падиша сол арада қылды жарлық,
Болады бiр-ақ күнде жоқтық-барлық.
Қырық қыз бен ханшаны дарға аспаққа,
Iшiне тар зыңданның қойды салып.
Онан соң байбатшаны алып келдi,
Далаға дар ағашын келiп құрды.
Ғибрат жұртқа үлгi қыламын деп,
Далаға хан-падиша жұртын жиды.
Жиылды дар ағашқа жанның бәрi,
Шаһарда һеш қалмады жас пен кәрi.
Болған соң тамашаға жұрт жиылып,
«Дарға ас» деп жарлық қылды ол баланы.
Баланы дарға ас деп қылды жарлық,
Бейшара ғарiп бала қылды зарлық.
Жендеттер баланы алып жөнелгенде,
Қамалап тұра қалды қанша халық.
Жұрт айтты: – Бейшара, ғарiп бала,
Патшаға не қылып едi, қандай күнә?
Жабылып падишадан бiз тiлелiк,
Мәнiсiн қылған iсiң айтып қара.
Бала айтты: – Ей, жарандар, көп күнәһым,
Кез қылған мұндай iске Хақ иләһiм.
Менi сұрап алыңыз падишадан,
Разымын һәрне қылса падишаһым.
Балаға «жүр» деп жендет ұрар таяқ,
Мойнына дардың жiбiн отыр таяп.
Қадим жұрт патшаға зар жылады,
«Күнәсiн кешiңiз» деп, баланы аяп.
Падиша айтты: – Сұрама мұны, – дедi,
Мен дағы бiр Алланың құлы, – дедi.
Мен кешерге күнәсiн қолдан келмес,
Өлтiрмек шариғаттың жөнi, – дедi.
Жұрт сұрады: – Күнәсiн кешiңiз, – деп,
Мойнынан дардың жiбiн шешiңiз, – деп.
Мұсылмандық хақына сұрап тұрмыз,
Бұ ұл бiздiң емес қой досымыз, – деп.
Падиша сұрағанға бере алмады,
Ендi айтпай тұруға бола алмады.
Мойнына байлады дардың жiбiн,
Һеш хайла шыбын жанға бола алмады.
Баланың өлерiне көзi жеттi,
Ғарiпке Құдай салды мұндай кептi.
– Бiр сағат аял бер, – деп ғарiп бала,
Жалладтың бастығына зарлық еттi.
Балаға жаллад айтты: – Сөйле, – дедi,
Сөзiңдi айтатұғын ойла, – дедi.
Бiр сағат аял бердiм Құдай үшiн,
Қапыда болма, балам, ойла, – дедi.
– Мойныма дардың жiбiн сал, – деп айтты,
Басымды өлместей ғып жар, – деп айтты.
Киiмiмнiң баршасын қанға бұлғап,
Менi алып патшаға бар, – деп айтты.
Мойнына дардың жiбiн iлiп салды,
Бiр шауып қылышпенен басын жарды.
Үстi-басын қып-қызыл қанға бояп,
Алдына падишаның алып барды.
Падиша сол арада көрдi мұны,
Мойнына ағып тұрған қызыл қаны.
– Алдыма мұны неге алып келдiң,
Өлтiрмей дарға асып мұны? – дедi.
Жаллад айтты: – Иә, тақсыр, бар тiлегi,
Бiр сағат бiзге берген бар-ды еркi.
Айтсын деп бiр сағатқа ерiк бердiк,
Сiзге айтар сөзiм бар деп тiледi.
Патша айтты: – Ей, бала, ақыр өлдiң,
Бiр сағат жалладымнан тiлек алдың,
Уақыты бiр сағаттың болып қалды,
Алдыма сөйле, – дейдi, – неге келдiң?
– Ей, патшам, кез келiппiн бiр ажалға,
Алдыңда ғарiп болған мен бiр пенде.
Кiм екен деп айтарсыз өлiп кетсем,
Аты-жөнiм, менiм жайым сұрағанға.
Алдыңа мен келмекке қадам бастым,
Қазаға тағдыр Алла душарластым.
Аты-жөн, уақиғамды сұрамастан,
Жалғыз-ақ дарға ас деп жарлық шаштың.
Мұхаммед үмбетiмiн, Құдайға құл,
Айта берсем кеудемде күнәһым мол.
Сұрап өлтiр, иә, тақсыр, уақиғамды,
Мехнат, бейнет көргенмiн көп сапар жол.
Айтайын уақиғамды бастан-аяқ,
Һешбiрiн көргенiмнiң тастамай-ақ.
Уақиғам, тақсыр, сiзге ұнап кетсе,
Күнәһымды кешiрiңiз жанымды аяп.
Дүниеде жаһан кезген [мен] бiр саяқ,
Өлiмге ғарiп жаным тұр ғой таяп.
Уақиғамды болғанша рұқсат бер,
Онан соң өлтiре бер аямай-ақ.
Патша ендi: – Рұқсат, сөйле, – дедi,
Ұмытқаның бар болса, ойла, – дедi.
Не кешермiн, не алып өлтiрермiн,
Бiзге айтпаған һеш нәрсе қойма, – дедi.
– Сөйлейiн, хан-патша, тыңда, – дедi,
Жиылсын көп халайық мұнда, – дедi.
Уақиғамды сөйлетiп өлтiрiңiз,
Сөйлетпей көп қапада болма, – дедi.
Жиылды сол арада қанша халық,
Отырды ол баланы ортаға алып.
Рұқсат патша берген соң сөз сөйледi,
Халайық тыңдап отыр құлақ салып.
– Падишам, мен бiр жүрген ғарiп едiм,
Бiр қиял көңiлiме алып едiм.
Жасымда бiр пақырдың баласы едiм,
Ер жеткен соң һәр жолды танып едiм.
Атам шал, шешем пақыр, ғарiп едiм,
Бiр сапар пақырлықпен жүрiп едiм.
Баласы бiр кедейдiң болсам дағы,
Өскен соң күллi өнердi бiлiп едiм.
Өлiмге осы күнде тұрмын даяр,
Мен бiлмеген өнер жоқ, ей, жарандар.
Бiр күн үйде отырып ғарiп басым,
Көңiлiме сапар жүрмек келдi қиял.
Тұрдым да қадам бастым аяғымды,
Атым жоқ, қолымда бар таяғым-ды.
Айтайын ақырында, ұмытпаңдар,
Ойлап шыққан қиялды аяғында.
Сонымен өзiм шықтым жаяу жолға,
Жол бiлмей шығып кеттiм жапан шөлге.
Ғарiптiк бұ дүниеде қатты көрдiм,
Алла рақым қылмай ма бiздей құлға.
Солайша мен бейшара жол жүрiппiн,
Тау мен тас, дария, ағаш, шөл жүрiппiн.
Iздегенге жетем бе деп жүргенiмде,
Онан қиын бiр iске кез келiппiн.
Дарияның екi ай жүрдiм жағасында,
Үш ай жүрдiм жазира даласында.
Бiр күнi түнде ұйықтап жатыр едiм,
Тынығып көп ағаштың арасында.
Жорамал ұйықтап жатқан түс көрiппiн,
Түсiмде бек ғажайып iс көрiппiн.
Бiле алмай сол түсiмнiң не екенiн
Өзiме қатты қиын тұс көрiппiн.
Падишаһым, мен түсiмде аспанға ұштым,
Бақшаға Қап тауында барып түстiм.
Iшiнде алтын қапас сайрап тұрған
Мен көрдiм тамашасын екi құстың.
Қасына екi құстың бардым жетiп,
Секiлдi құрмет әйлап, менi күтiп.
Дүниенi сайрағанда қозғалтқандай,
Қалмады һешбiр сырым һұшым кетiп.
Екi құс тұрды сонда қанат қағып,
Қанаттан лағыл, гауһар оттар жанып.
Екеуi маған қарап жауап айтты,
Тiлiнен сөйлегенде шәрбат ағып.
Мен тұрдым қайран болып таңданып та,
Гауһардан бiр тақыт тұр нұрланып та.
– Үстiне бұл тақыттың отырғыл, – деп,
Екi құс қылды жарлық мен ғарiпке.
Отырдым құс айтқан соң таққа барып,
Қарадым төңiрекке көзiм салып.
Бiр перде жiбек, атлас құрулы тұр,
Тамаша қылып тұрдым қайран қалып.
Екi құс тұрды сонда маған қарап,
Сөйледi маған қарап сауал әйлап:
– Бұл перде алдыңдағы құрулы тұр,
Жасалған әуел баста саған арнап.
Жиып ал, ей, адамзат, ақыл-һұшың,
Баршасы үшбулардың сенiң үшiн.
Мүбәрак қолыңменен перденi ашып,
Адамзат, тамаша қыл оның iшiн.
Мен жүрдiм тақтан түсiп қадам басып,
Көрдiм мен қолымменен перденi ашып.
Ысқырып бiр аждаһа ұмтылғанда,
Боларын бiле алмадым халiм нешiк.
Бiлмедiм сол арада не қыларды,
Шығады деп ойладым шыбын жанды.
Екi құс сайрап келiп кетiп едi,
Аждаһа сым тас болып құлап қалды.
Есiмдi тұрдым сонда жиып алып,
Мен тұрдым төңiрекке көзiм салып.
Тағы да бiр перде тұр онан артық,
Фаһимдап тамаша әйлап көрдiм анық.
Мен тағы оған таман қадам бастым,
Перденi қолымменен тағы да аштым.
Ақырып бiр арыстан және ұмтылды,
Өлгенiм осы екен деп жаман састым.
Екi құс сайрап кеттi жаман қатты,
Жүректi сайрағанда тiтiреттi.
Екi құс сайрап келiп жiбергенде,
Сым тас боп арыстан да құлап жатты.
Есiмдi тағы тұрдым жиып алып,
Қарадым жан-жағыма көзiм салып.
Тағы да бiр перде тұр онан артық,
Фаһимдап, тамаша әйлап көрдiм анық.
Мен тағы оған таман қадам бастым,
Перденi қолымменен тағы да аштым.
Қисапсыз темiр киген әскер шықты,
Жанымнан үмiт үзiп жаман састым.
Қылышын суырып ала келдi жетiп,
От шығып көздерiнен жарқ-жұрқ етiп.
Мысалы, қара шыбын қисабы жоқ,
Жығылдым сол арада есiм кетiп.
Мен ғарiп сол арада қалдым талып,
Екi құс жiбередi сақ-сақ күлiп.
Екi құс сақ-сақ күлiп жiбергенi,
Дауысы құлағыма тидi келiп.
Есiм жиып, көтерiп алдым басым,
Көзiмнен тыйылмады аққан жасым.
Менiм бұл қорыққанымды көргеннен соң,
Күлкiсi екi құстың болды басым.
Күлкiсi екi құстың болды басым,
Пенденi мұндай ғарiп һеш қылмасын.
Осындай мехнат көрдiм, тақсыр ханым,
Дүниеде не көрмедiм мұңлық басым?
Екi құс, тақсыр ханым, тағы күлдi,
Тағы да перде тұр көзiм көрдi.
Қорыққанымнан бара алмай ол пердеге,
Ғарiбiң сол арада қайран болды.
Мен қорқып ол пердеге бара алмадым,
Iлгерi жалғыз қадам сала алмадым.
Не қыларым бiлмедiм, лаж таппай,
Жан-жаққа сасқанымдан алаңдадым.
Екi құс сөз сөйледi маған қарап:
– Бейшара, нағып тұрсың жаныңды аяп.
Қорықпа, саған ендi һеш нәрсе жоқ,
Кiре бер, пердеге, – деп бердi жауап.
Қолыммен перденi ашып кiрiп бардым,
Мен қарап жан-жағыма көзiм салдым.
Үстiнде алтын төсек бiр қыз жатыр,
Нұр сипат жамалына қайран қалдым.
Қарасам, мүскi жұпар иiсi бар,
Кiм көрсе ақылын танар, биһұш болар.
Толықсып он бесiнен туған айдай,
Дем алып ұйықтап жатыр, дыбысы бар.
Қасына мен отырдым жақын барып,
Тақсыр хан, отырдым қайран қалып.
Екi құс бiр ғажайып сайрап едi,
Жығылып мен қалыппын естен танып.
Сол жерде жығылыппын ақылым қашып,
Һұшым кетiп қалыпты арып-ашып.
Бiр адам «талып жатпа, тұр» деп айтты,
Қарадым сол уақытта көзiмдi ашып.
Ғарiптiң не болады көрген түсi,
Түсiмде кез келтiрген Тәңiрiм мұны.
Қарасам көзiмдi ашып, тақсыр ханым,
Құшақтап отыр екен бiр қыз менi.
Отырған қасымдағы қызды көрдiм,
Дариға, қызды көрiп көңiлiм бөлдiм.
Жабысты ғашық оты жүрегiме,
Һеш жауап айта алмадым, қайран болдым.
Сөйледiм сол уақытта қызға қарап,
Қыз да көзiн сүзiп тұр маған қарап.
– Бұл не жер, ата-анаң кiм, қай нәсiлден,
Перизат, есiмiң кiм? – сұрдым жауап.
Қыз айтты: – Перi емеспiн, адамзатпын,
Қызы едiм мен бұл шарбақтың.
Әзелде менi Алла сiзге қосқан,
Пәрменi осылайша жалғыз Хақтың.
Ұғып ал, ғарiп адам, менiм сөзiм,
Кезерсiң мехнатпенен дүние жүзiн.
Зер шаһары деген жер осы болар,
Айтайын тағы жөндеп оның өзiн.
Атамыз Тайрулмәлiк құс патшасы,
Мен едiм қыз болсам да байбатшасы.
Бiзге жақын болады дию, перi,
Жын менен адамзаттың екi ортасы.
Аталар Шәмшiбану менiм атым,
Менiм бұл сiзге берген мәслихатым.
Айтқаны мүнәжiмшiлер рас болса,
Болады Иранғайып сенiң атың.
Түсiңде бiр көрмекпiз осы кезде,
Көп мехнат шегерсiң жапан түзде.
Жасымыз жиырма беске келген шақта,
Уақыты неках болар он бiр жылда.
Жағылды сiз бен бiзге ғашықтан от,
Һеш болма, маған алаң, сабырлық ет.
Жүзiгiмдi алды да, жүзiк бердi, –
Деп айтты, – белгi қылып мұны ала кет.
Екi құс сайрап кеттi әуез қосып,
Мен болдым қызға ғашық көңiлiм түсiп.
Дауысы екi құстың құлағымда,
Ояндым, тақсыр патшам, сонан шошып.
Осылай болды, тақсыр, көрген түсiм,
Қалмады еске түссе ақыл-һұшым.
Бұ күнде өлер жерге келiп тұрмын,
Мехнаты арылмаған мұңлық басым.
Падишам, басқа түскен бұл уақиға,
Көңiлiме ғашық оты болды пайда.
Не байдың, не патшаның ұғылы емеспiн,
Барамын сорлы басым ендi қайда?!
Тақсыр хан, көрген түсiм мағлұм қылдым,
Һәрне болса Алладан болар дедiм.
Тәуекел Хақ жазғанын көрейiн деп,
Жағалап дарияны жүре бердiм.
Құданың һәрне қылса ерiк өзiнде,
Ғашықтық жанға батты бұл кезiмде.
Жағалап дарияны келе жатсам,
Бiр кеме көрiнедi су жүзiнде.
Кеменi көргеннен соң тұрдым қарап,
Дарияны келе жатыр кеме жанап.
Жалғыз менi көрген соң кемешiлер,
Тоқтатып тұра қалды жанасалап.
Тоқталып кеме тұрды су жүзiнде,
Алланың һәрне қылса ерiк өзiнде.
Есiркеп бiр бейшара ғарiп қой деп,
Кемеге алып менi мiнгiздi ендi.
Жаратқан барша жанды бiр Құдайым,
Iшiмде ғарiптiкпен көп-дүр уайым.
Бастығы мен ғарiптi қасына алып,
Сұрады мен ғарiптен мәнi-жайым.
Сөйледiм уақиғамды бастан-аяқ,
Iшiнде уақиғаны тастамай-ақ.
Тұрағы, мекенi жоқ бiр ғарiп деп,
Керуен халқы тұрады бәрi де аяп.
Ғарiп деп керуен халқы есiркедi,
Есiркеп тамақ пенен киiм бердi.
Адамзат ойын-күлкi сауықпенен
Дарияның ортасымен жүре бердi.
Жаратқан жанның бәрiн Құдiрет-тi,
Бiрталай бұл арада күндер өттi.
Қызықпен келе жатып, тақсыр ханым,
Алладан рахат кетiп, мехнат жеттi.
Неше күн дариядан кеме жүрдi,
Бiлмедiк қызықпенен өткен күндi.
Жел соғып құбыладан, тақсыр ханым,
Қап-қара дария жүзi боран болды.
Қап-қара дария жүзiн боран басты,
Толқыны аспан-көкке араласты.
Жанынан бiр шыбындай үмiт үзiп,
Адамдар кемедегi жаман састы.
Қап-қара күндiзгi күн түндей болды,
Адамзат түсi қашып күлдей болды.
Кеменiң iшiн-тысын толқын соғып,
Бiрiн-бiрi көрместей күндер болды.
Кеменi таудай толқын соқты және,
Сол жерде кеме болды пәре-пәре.
Қырылды қанша адам суға кетiп,
Құдайдың құдiретiне қара-сәна.
Мал-мүлiк, адам бәрi болды хараб,
Қараңғы дария жүзi жатыр борап.
Һәр адам өз жанымен алас болды,
Бiреудiң бiреу бiлмес халiн сұрап.
Ажалсыз пенденi Алла шын сақтайды,
Дәулеттi Тәңiрiм берсе кiм таппайды.
Қарманып мен бейшара, тақсыр ханым,
Құшақтап жатып алдым бiр тақтайды.
Дарияда тақтай жүрдi шыр айланып,
Ғарiпте сөйлер хал жоқ тiл байланып.
Басылып бiр уақытта толқын тоқтап,
Көрiндi күннiң көзi нұрға айланып.
Қырылды қанша адам толқын қағып,
Өлiмнен мiнiп тақтай аман қалып.
Иә, Алла, өзiң сақта пендеңдi деп,
Жөнелдiм тақтайменен төмен ағып.
Бiрде олай ағады, бiрде бұлай,
Аллаға жалынамын жылай-жылай.
Ассыз-сусыз келемiн күнi-түнi,
Қандай күйге салар деп Құдайым-ай.
Қарасам көрiнбейдi судан бөлек,
Су жүзi көрiнедi дөп-дөңгелек.
Патша Тәңiрiм пенденi сақтамаса,
Жолында ғарiптiктiң өлсем керек.
Құдай-а, құдiретiңнен Құдауанда,
Құдiретiңмен келтiрдiң менi мұнда.
Қолынан мен ғарiптiң не келедi,
Тақсыр хан, зарлық еттiм су жүзiнде.
Әуелi шығып едiм бiр сөз iздеп,
Онда нәсiп әйлады жаһан кезбек.
Құдай-а, мен разымын салғаныңа,
Қанатсыз құсқа ұқсадық суға жүзбек.
Дарияға қалар ма екен шыбын жаным,
Зар қылдым бiр Аллаға, тақсыр ханым.
Ғашықты түсте көрген бiр көре алмай,
Балыққа жем бола ма ғазиз тәнiм?
Тақсыр хан, ғарiп құлың зар жылайды,
Кiм бiлсiн су жүзiнде бiздiң жайды.
Он күн, он түн ағызды тақтайды жел,
Сонда да бiр құрғақ жер табылмайды.
Көрiндi он күннен соң бiр құрғақ жер,
Құрғаққа айдап келдi тақтайды жел.
Құрғаққа шыққаннан соң шүкiр қылдым,
Тақсыр хан, бiр Құданың құдiретiн көр.
Құрғаққа шыққан соң қылдым шүкiр,
Тақсыр хан, бiр Құданың құдiретiн көр.
Қарасам көзiмдi ашып төңiрекке,
Дарияның жағасында бiр шаһар тұр.
Бейшара жүрдiм сонда шаһарға таман,
Құдай-а, сақтай гөр деп есен-аман.
Бұл шаһар мұсылман ба, иә кәпiр ме,
Басыма түседi деп қандай заман.
Аштықтан, тақсыр патша, халден кеттiм,
Көзiмнен қан аралас жасты төктiм.
Күн батып түн болған соң шаһарға жақын,
Қисапсыз көп молаға әрең жеттiм.
Шаһарға түн болған соң бара алмадым,
Қай жерге жатарымды бiле алмадым.
Бар екен бiр зират күмбездеген,
Iшiне кiрейiн деп ой ойладым.
Iшiне есiк ашып кiрiп алдым,
Тақсыр хан, халiм құрып қалжырадым.
Күмбезге кiргеннен соң қайда барам,
Бейшара халiм бiтiп, ұйықтап қалдым.
Иә, тақсыр, сол күмбезде қалдым жатып,
Тынығып, рахатқа қалдым батып.
Қарасам бiр мезгiлде түрегелiп,
Сарғайып келедi екен таң да атып.
Күмбездiң iшi жарық болды-ау ақыр,
Қарадым жан-жағыма ғарiп пақыр.
Бiр сандық кiсi бойы, тақсыр ханым,
Жылтырап топырақтан шығып жатыр.
Орнымнан түрегелдiм қадам басып,
Қарадым сол сандықтың аузын ашып.
Iшiнде сол сандықтың бiр қыз жатыр,
Тақсыр хан, бұл арада қалдым сасып.
Сандықта әйел адам өлiп жатыр,
Таңданып қарап тұрдым ғарiп пақыр.
Не себептен өлгенiн бiлейiн деп,
Көтерiп алдыма алып тұрдым ақыр.
Басына қылышпенен шапқан екен,
Қызыл қан өне бойын жапқан екен.
Ол қыздың кеудесiнен жаны шықпай,
Қыз байғұс шала-жансар жатқан екен.
Қыз байғұс шала-жансар жатыр екен,
Пендеге шiркiн өлiм жақын екен.
Бiр дорба сандықта тұр алып көрсем,
Он шақты қызыл дiлдә алтын екен.
Қыз ғарiп сол арада демiн алды,
Сөйлерге бейшарада хал болмады.
Қойдым да сол араға қыз ғарiптi,
Ғарiбiң алтын алып шаһар барды.
Алтынды алдым дағы шаһар кеттiм,
Тамақ жеп ашбузелде қорек еттiм.
Бiрқатар тамақ алып ашбузелден,
Қасына қыз ғарiптiң келiп жеттiм.
Базардан тамақ алып қызға келдiм,
Азырақ қыз ғарiпке тамақ бердiм.
Тамақтан бiразырақ қыз iшiп-жеп,
Қозғалып сөз сөйлерге халi кiрдi.
Қыз ғарiп тамақ iшiп халi кiрдi,
Түзелiп күннен-күнге тәуiр болды.
Құдайға мың мәртебе шүкiр қылып,
Аз-аздап сөйлейтұғын халге келдi.
Өзiнiң қолыменен тағам жедi,
Орнынан түрегелiп, киiм кидi.
Оңалып, жаралары тамам бiтiп,
Адамзат қалыбына қайта келдi.
Оңалып қалыбына қайта келдi,
Қыз менi ғарiбiм деп есiркедi.
– Ей, ғарiп, берi кел, – деп, қасына алып,
Қыз маған сол уақытта сөз сөйледi.
– Бейшара, ғарiп жiгiт, шаһарға бар,
Түсiрдi мұндай iске Пәруардигар.
Бұл зират болмайды бiзге мекен,
Шаһардан бiр жақсы үйдi пәтерге ал.
Мен барып шаһар iшiн араладым,
Һәрбiр жақсы үйлерге көзiм салдым.
Бiр-екi ай пәтерге тұрамын деп,
Шаһардан бiр жақсы үй пәтер алдым.
Бiз жүрдiк кеш болған соң шаһарға таман,
Қорқамын болады [деп] қандай заман.
Күн батып, түн қараңғы болған кезде,
Бiз келдiк пәтер үйге есен-аман.
Екi-үш күн сонда жатып алдық қорек,
Бiз алдық үй iшiне керек-жарақ.
Бiр күнi қасына қыз шақырып алып,
«Ғарiп» деп сөйледi сөз маған қарап:
– Бейшара, күн көремiз қайда барсақ,
Күн көрермiз бұл жерде кәсiп қылсақ.
Екеумiз әрекет қып тұрар едiк,
Осы үйдi не қылады сатып алсақ.
Мен айттым: – Тұрмын сөздi бек ұнатып,
Отырмыз екi ғарiп тағам татып.
Қолымызда бiр тиын пұлымыз жоқ,
Бұл үйдi бiз аламыз қайдан сатып?
– Рас, ғарiп, қалтада пұлымыз жоқ,
Пұл болса сатып алсақ ұнайтын құп.
Алла Тағала ғинаят қылмас па екен,
Бiр Алла жеткiзер деп көңiлiме тоқ.
Олай болса алып кел қағаз, қалам,
Бiр кiсiге жазайын бiраз сәлем.
Сол кiсiге апарып хатымды бер,
Сол кiсi қылмас па екен бiзге инғам.
Бейшара, бұл хатты алып базарға бар,
Бiр үлкен мағазин бар, көзiңдi сал.
Iшiнде сол мағазиннiң ақ шалмалы,
Байқасаң, отырады бiр кәрi шал.
Сол шалға апарып бер үшбу хатты,
Һешкiмге паш қылмаңыз сыр сипатты.
«Бұл хатты өзiңiз де оқыма», – деп,
Пешаттап бердi қолға аманатты.
Қолыма хатты алып базар келдiм,
Iшiне мағазиннiң көз жiбердiм.
Кез болды ақсақалды бiр қария,
Әкелiп қарияға хатты бердiм.
Оқыды шал бейшара хатты ашып,
Орнынан түрегелдi асып-сасып.
Қолына бiр қалтаны ала салып,
Алтын дiлдә толтырды басып-басып.
Қалтаны шал әкелiп бердi қолға,
Мен тiптi қарамадым оң мен солға.
Бiр қалта әлгi шалдан алтын алып,
Алла деп үйге таман түстiм жолға.
Ғажайып таң қалғандай мұны көрдiм,
Бiр қалта алтын алып үйге келдiм.
Қария мына қыздың несi екен деп,
Мәнiсiн сұрайын деп пiкiр қылдым.
Қуанып мен бейшара үйге келдiм,
Бiр қалта алтын дiлдә қызға бердiм.
Сонда қыз сөз сөйледi күлiмсiреп,
Құлағым салдым дағы тыңдап тұрдым.
– Бейшара, бiр Аллаға шүкiрлiк қыл,
Берiптi шал бейшара бiрталай пұл.
Уақиға мен ғарiптен сұрайын деп,
Алмаңыз көңiлiңiзге һешбiр пiкiр.
Ей, ғарiп, жалына бер жалғыз Хаққа,
Жүре бер мен жұмсасам һәр тарапқа.
Жер алыс, уақыт жоқ осы шақта,
Сiз бен бiз уақиға айтып сырласпаққа.
Көңiлге һешбiр шүбә ойламаңыз,
Шүбә ойлап сабырсыз сiз болмаңыз.
Не деп айтсам жүре бер, қызмет етiп,
Нәсiптен сабырсыз боп құры қалмаңыз.
Iсiне таң қаламын жалғыз Хақтың,
Бұ күнде ғишрат iздеп не қылмақпын.
Бай болсын, патша болсын бұл уақытта
Уәкiл жолдас болған сiзге жоқпын.
Бiлмесiн һешкiм бiздiң сырымызды,
Һешкiмге сөйлемеңiз шынымызды.
Саудагер қисабында сiз жүрiңiз,
Бiлмесiн һеш адамзат мұнымызды.
Ендi бар осы үйдiң иесiне,
Сұраңыз не деп айтқан бағасына.
Тапсырып менi Хаққа сiз жүрiңiз,
Дұшпанның һешбiр түспей табасына.
Айтқанын қыз ғарiптiң бәрiн қылдым,
Ол үйдi көп бағаға сатып алдым.
Үй iшiне керектi жабдық алып,
Недәуiр сайманды үй болып қалдым.
Қыз ақыл неше түрлi ұғындырды,
Һешкiмге бiлдiрмеңiз деп бiздiң сырды.
Саудагер бiр байбатша секiлденiп
Қыз менi бастан-аяқ киiндiрдi.
Қыз айтты: – Сөзiм тыңда, асыл тасым,
Өзiң бiр қарап тұрсам байбатшасың.
Үйде отырып қайтесiң, ей, бейшара,
Аралап көр шаһардың тамашасын.
Аралап көр шаһардың iшi-тысын,
Үйге келiп кетерсiң ерте-кешiн.
Шетiнде бұл шаһардың бiр бақша бар,
Жалғыз-ақ тамаша етпе оның iшiн.
Iшiне ол бақшаның бармағайсыз,
Ей, ғарiп, менiм сөзiм аңдағайсыз.
Қызығып ол бақшаға кiремiн деп,
Бәлеге кiрiптар боп қалмағайсыз.
Шаһарды тамаша етiп араладым,
Әуелi ол бақшаға жетiп бардым.
Сыртынан қарап тұрсам бейне ұжмақ,
Құданың құдiретiне қайран қалдым.
Бақшаға қарап тұрдым көзiм салып,
Сайрап тұр бұлбұлдары күйге салып.
Жел соқса сылдырайды ағаштары,
Жапырағы iнжу-маржан оттар жанып.
Топырағы – жұпар, тасы – iнжу-маржан,
Жемiстерi пiсiп тұрған алуан-алуан.
Басымнан ақыл-һұшым кете жазды,
Ойладым бақша ғой деп түсте көрген.
Қарасам, лағыл-жауһар оның тасы,
Дүниеде не көрмейдi пенде ғасы.
Жоғары ағаштарға қарап тұрсам,
Асулы һәр ағашта адам басы.
Көңiлiме қорқу түстi мұны көрiп,
Ақыл-һұшым қалмады сонда тұрып.
Қорыққандан аяғымды әрең бастым,
Ақылы қыздың айтқан ойға келiп.
Құдайым мехнат берген бұ басыма,
Алла рақым қылар ма көз жасыма.
Бақшадан кеш болған соң кейiн қайтып,
Мен келдiм мұны көрiп қыз қасына.
Үйiме кеш болған соң қайтып келдiм,
Бақшадан көргенiмдi айтып келдiм.
Отырдым үйге келiп қыз қасына,
Тамаша рахатқа батып келдiм.
– Дүниеде мұнан қызық көре алмадым,
Көп қарап ол бақшаға тұра алмадым.
Насихат сенiң айтқан ойға түсiп,
Iшiне ол бақшаның кiре алмадым.
– Бек жақсы болған екен кiрмегенiң,
Қор болмайсыз сөзiмдi ойлағаның.
Тағы да ертең барып тамаша қыл,
Бар шығар бұл шаһарда көрмегенiң.
Базарға ертең тағы бардым жетiп,
Һәр түрлi қызықтарын тамаша етiп.
Отырған бiр дүкенде екi патша
Көрдiм де, тақсыр ханым, тұрдым күтiп.
Басында екеуiнiң алтын тәжi,
Жүзi нұрлы мүләйiм бiр мiнездi.
Екеуi екi алтын таққа мiнген,
Жарасқан екеуiнiң ойын-әзiлi.
Халыққа сол жерде тұр жарлық шашып,
Алыстан тыңдап халық тұр қарасып.
Сарбаздан отыз жiгiт алдында тұр,
Адам жақын бармайды қадам басып.
Адамнан артық көрдiм салтанатын,
Қылып тұр отыз жiгiт һәм қызметiн.
Тамаша қып қарап тұр мың сан адам
Ол екi падишаның нұр келбетiн.
Тамаша неше түрлi ойын-күлкi,
Адамға, сiрә, бiтпес шырай-көркi.
Неше түрлi ойыншы десеңiз бар,
Патшаның баршасына бар-дүр еркi.
Ағашы бар сыпыра бiткен, бұлбұл сайрар,
Ағаштан неше түрлi сулар ағар.
Тоты құс ол ағаштан сәлем берiп,
Өз-өзiнен шақырмай қолға қонар.
Сол құстар өз-өзiнен қолға қонар,
Мәселе бiр-екi ауыз сөзiн сөйлер.
Күлгiзiп адамзатты, хоштандырып,
Қайтадан ағашына барып қонар.
Ағашта неше түрлi жемiс пiскен,
Табаққа адам тимей өзi түскен.
Тұтқасыз тостағандар өзi келiп,
Қолмен тұтпай һәр адам шәрбат iшкен.
Қарасаң iшi толы түрлi тамақ,
Тамаша ойын, қызмет тұрсаң қарап.
Һешкiм оны қолымен ұстамай-ақ,
Алдыңа өзi келер алтын табақ.
Бiр көрген екiншiге болар құмар,
Екiншi көрмегендер iштен тынар.
Күн батып кеш болған соң, қарап тұрсам,
Өз-өзiнен жағылар сексен панар.
Патшаның қайран болдым мынасына,
Наныңыз үшбу сөздiң расына.
Күн батып, кеш болған соң, ей, жарандар,
Тағы да қайтып келдiм қыз қасына.
Отырдым қайтып келiп қыз қасына,
Мехнатым толып жатыр бiр басымда.
– Не көрдiң, – деп қыз пақыр сұраған соң,
Уақиға бәрiн айттым жолдасыма.
Қыз айтты: – Көргенiңнiң бәрi де рас,
Бұл өзi бiр ғарiптен қалған мирас.
Таныс бол, соларменен бiрге жүрiп,
Бiрақ қыла көрмеңiз сырыңды паш.
Ертең тағы бардым да тұрдым қалыс,
Тамаша ойын-күлкi, алыс-жұлыс.
Сөйлесiп мен қасына отырдым да,
Осы күнде олармен болдым таныс.
Оларға көрiнемiн мен байбатша,
Адамзат не көредi үйде жатса.
Кеш болып үйлерiне қайтарында,
Қонақ бол деп шақырды екi патша.
«Құп» дедiм, үйге қайттым оларға ермей,
Бiр сағат тұра алмаймын қызды көрмей.
Үйiме қайтып келдiм кешке таман,
Уақиға айтып келдiм бiрiн қоймай.
Қыз айтты: – Қонақ бол сiз бар дағы,
Тамаша ойын қылар олар дағы.
Құрметтеп, тәрбиалап күтер сiздi,
Ойынды неше түрлi қылар дағы.
Көрсетер неше түрлi ойын-күлкi,
Жаюлы неше түрлi оның мүлкi.
Түн жарымы болғанда сiз қайтарсыз,
Солайша болатұғын қонақ ғұрпы.
Деп айтар «қош болыңыз» сiз жүрерде,
Ұмытып қала көрме сол бiр жерде.
«Хош әуез болмаған соң хош болмадым»
Де дағы, орыныңнан түрегел де.
Мен келдiм падишаға қонақ болып,
Iшiне қапқасының келдiм кiрiп.
Күзетшi отыз жiгiт даяр тұрған
Үйiне алып келдi қызмет қылып.
Үйiнде сексен панар жанып тұрған,
Жiбек, атлас үйiне жайып қойған.
Айнала үйдiң iшi алтын тақыт,
Отырдым бiр тақытқа даяр тұрған.
Құрметтеп неше түрлi тағам келдi,
Отыз қыз, отыз жiгiт ойын қылды.
Бұлбұлы, сандуғашы сайрап тұрған,
Мың есе бұрынғыдан артық болды.
Тамаша осылардың бәрiн көрдiм,
Ойынның көрiп бәрiн тамам қылдым.
Түн жарымы болған соң рұқсат алып,
Үйiме қайтып ендi жүрер болдым.
Ойын-сауық, тамаша болды тамам,
Қайтарға жаһыт қылдым үйге таман.
Ендi қайта жүрейiн дегенiмде,
Патшалар «қош болыңыз» дедi маған.
Мен айттым: – Екi патша сенсiң, – дедiм,
Шақырдың, ойын-қызық көрсiн дедiң.
Хош әуез бұл ойында болмаған соң,
Көңiлiм неге хошта болсын, – дедiм.
Патша орнынан тұрды қарғып,
– Мейманым, кете көрме сiз ренжiп.
Есiтiп хош әуездi хош боп кетсiн,
Перденi шапшаң аш деп қылды жарлық.
Бiр жiгiт түрегелiп перденi ашты,
Хош әуез сандығының кiлтiн басты.
Бiр басқанда жүз түрлi әуез шықты,
Һұшым кетiп, басымнан ақылым қашты.
Сандықтан әуез шықты әлде нешiк,
Естiген жан тұрады жаннан кешiп.
Қалмады сабыр-қарар, ақыл-һұшым,
Жығылып мен қалыппын талып түсiп.
Сол жерде һұшым кетiп қалған екен,
Дертiне естiгеннiң дәрмен екен.
Көзiмдi ашып қарасам төңiрекке,
Таң атып, түс уақыты болған екен.
Орнымнан сол уақытта түрегелдiм,
Қасына қыз ғарiптiң қайтып келдiм.
– Не себептен кешiктiң, – деп сұрады,
Уақиға көрген-бiлген мағлұм қылдым.
Қыз айтты: – Оның рас, байғұс ғарiп,
Басыңнан ақыл-һұшың кеткен нағып.
Сол екi патшаларды жолдасымен
Сен де шақыр қонаққа өзiң барып.
– Бек жақсы қонақ қылсақ болар едi,
Қызмет етiп жiберсек ұнар едi.
Бұл үйде олар көрер бiр жабдық жоқ,
Шақырсақ олар үйге келер едi.
Олардың сандуғашы тұрған сайрап,
Бiр үйде толған панар тұрған жайнап.
Он бес қыз, он бес жiгiт бәйiт айтып,
Тамаша неше түрлi тұрар ойнап.
Алтын тақыт шарайна үйде тұрған,
Атластан һәрбiрiне перде құрған.
Кiрген кiсi шыққысыз үйдiң iшi,
Хош әуез адамзатша сөйлеп тұрған.
Шақырсақ, олар келер бiздiң үйге,
Олар көрер нәрсе жоқ бiздiң үйде.
Сауық жоқ, тамақ берiп қайтармағым
Ұят болып кетпей ме өзiмiзге?
Қыз айтты: – Мұныңыз да рас екен,
Керек-тi осындайда дүние шiркiн.
Пешаттап бiр хат бердi тағы да қыз,
Бiз дағы түзетелiк үйдiң мүлкiн.
Ей, ғарiп, мына хатты алшы, – дедi,
Мағазиндегi шалға алып баршы, – дедi.
Үйiмiзге аз жабдық бермес пе екен,
Бұл хатты алып барып бершi, – дедi.
Қолыма хатты алып базар келдiм,
Iшiне мағазиннiң кiрiп келдiм.
Кәрi шал мағазинде тағы да отыр,
Қолына осы шалдың хатты бердiм.
Әлгi шал берген хатты алып көрдi,
Орнынан шал бейшара түрегелдi.
Жiбердi бiр қоңырау қағып келiп,
Дүние күңiренгендей бола бердi.
Шал байғұс түрегелдi асып-сасып,
Жiбердi қоңырауды басып-басып.
Көкпеңбек темiр киген қырық жiгiт
Бiр жерден шыға келдi есiк ашып.
Қырық жiгiт темiр киген келдi жетiп,
Оларды сол арада тұрдым күтiп.
Арқалап һәрқайсысы бiр тоғанақ,
Үйiме бiр сағатта келдi жетiп.
Қырық жiгiт тағы жүрдi онан басқа,
Ұқсаған һәрқайсысы асыл тасқа.
Кигенi – қамқа, торғын, алтын-күмiс,
Жан болмас көзiн салып қарамасқа.
Алдымен мұнан бұрын қызға келiп кiрдiм,
Баршасын алып келген баян қылдым.
– Үй iшiне дүниелiк сыяр емес,
Мұны қалай қыламын ендi, – дедiм.
– Оларға көрiнбеймiн өзiм, – дедi,
Болғай-ды дәулетiмiз бiздiң, – дедi.
«Жақсы қылып салыңыз» де дағы тұр,
Онан басқа болмасын сөзiң, – дедi.
Бұл сөзiн ғарiп қыздың ұғып алдым,
Ертiп сексен кiсiнi үйге бардым.
«Жақсы қылып түзетiп салыңыз», – деп,
Қасында жалғыз өзiм қарап тұрдым.
Тоғанақ алып келген шештi бәрiн,
Бәрiне қарап тұрдым, тақсыр ханым.
Жiбек кiлем, атлас көрпе төсеп,
Түзетiп кеп жiбердi үйдiң жайын.
Мен байғұс қыз қасына қайтып келдiм,
– Не әмiр бұйырасыз маған, – дедiм.
Маған айтты: – Патшаларды қонақ қыл, – деп,
Жүгiрiп патшаларға жетiп келдiм.
Сол маған екi патша ерiп келдi,
Өзiмен хош әуезiн алып келдi.
Отыз екi жан болып екi патша,
Iшiне бiздiң үйдiң кiрiп келдi.
Iшiне өз үйiмнiң мен де кiрдiм,
Жүз есе кешегi үйден артық көрдiм.
Таң қалып, тамаша етiп өз үйiме,
Сол жерде, тақсыр ханым, қайран болдым.
Орнатты қырық жерден алтын тақыт,
Шашылар үй iшiнде меруерт, ақық.
Атластан тақыт сайын перде жайып,
Һәр тақытта бiр тоты мәселе айтып.
Бiр тоты тақыт сайын шыға келдi,
Көрiнген адамзатқа сәлем бердi.
«Мәжiлiс мүбәракпен тарқасын», – деп,
Адамға тоты тұрып жауап бердi.
Осыны, тақсыр ханым, көзiм көрдi,
Дүниеде көргенiм жоқ мұндай ердi.
Һәр тоты бiр-бiр ауыз сайрап-сайрап,
Ішiне алтын тақыт қайта кiрдi.
Қарасам, орнатыпты шынар ағаш,
Һәр жапырақ үстiнде бiр сандуғаш.
Кетiптi үй iшiне жұпар шашып,
Мұрныңа исi келсе боларсың мас.
Дастархан өз-өзiнен жайылып тұр,
Шәрбат кеп сауытыңа құйылып тұр.
Шынардың алмалары өз-өзiнен
Алдыңа менi же деп үйiлiп тұр.
Тақсыр хан, көрiп тұрдым осы кептi,
Ауызбен айтып болмас, сiрә, тiптi.
Үстiне мiнген жерде алтын тақыт
Аяңдап ат секiлдi жүрiп кеттi.
Қазан тұр өзi қайнап, өзi пiскен,
Iшiне алтын табақ келiп түскен.
Алдына алтын табақ өзi келдi,
Меймандар тақтан түсiп келiп iшкен.
Болдылар келген қонақ тағам татып,
Тұрған сайрап тоты тұр мәселе айтып.
Қырық қыз, қырық жiгiт жетiп келiп,
Неше түрлi ойнады дуылдатып.
Бұлбұл деп айтса керек жiгiт сөзiн,
Сандуғаш деп ойларсыз қыздың өзiн.
Айтқанымнан көргенiм жүз есе артық,
Пайымына жете алмас һешкiм мұның.
Тоқтады бiр уақытта ойын-сауық,
Үстiнде һәр тақыттың бiр-бiр сауыт.
Ағаштың жапырағынан, тақсыр ханым,
Құйылды һәр сауытқа шәрбат ағып.
Сол жерде ғарiп басым мұны көрдiм,
Бiр ғажап қызда барын пiкiр қылдым.
Мейманыма бiлiнбей үйден шығып,
Қасына қыз ғарiптiң жетiп келдiм.
Қыз айтты: – Неге келдiң, байғұс ғарiп,
Бейшара, қыламысың менен қауiп.
Қасыма менiң ендi келе берме,
Тамаша қып көрсеңшi ойын-сауық.
Маған келме дегендi көрмеңiз жек,
Көресiң, бiр Құдайдың құдiретi көп.
Мейманыңның қасына бар дағы айт:
«Азырақ хош әуездi қозғаңыз», – деп.
Қасына қонағымның келдiм қайтып,
Күлiмсiреп мен тұрдым езу тартып.
– Хош әуездi азырақ қозғаңыз, – деп,
Наз қалдым мейманыма осыны айтып.
– Жарайды, хош әуездi қозға, – дедi,
Мырзаның айтқан сөзiн бұзба, – дедi.
Бұл ойын хош әуезбен болсын тамам,
Ойынды қойыңыздар өзге, – дедi.
Жiбердi хош әуездi бұрап кетiп,
Үйдiң iшiн жiбердi сол күңiрентiп.
Бiр тесiктен күй шықты тоқсан екi,
Жығылып мен қалыппын һұшым кетiп.
Дүниеде көргенiм жоқ мұндайларды,
Көзiме жер-көк, бәрi шыр айналды.
Бұл үйдiң iшiндегi барша адам,
Талығып жығылғандай болып қалды.
Адамның бәрiн көрдiм жығылғанын,
Тақсыр хан, осы-ақ болды ұғынғаным.
Мен өзiм һұшым кетiп жығылған соң,
Онан соң бiле алмадым не болғанын.
Бiлмедiм не болғанын онан кейiн,
Тақсыр хан, көргенiмдi мен сөйлейiн.
Бұ күнде мұның бәрi, қане, маған,
Не болсын дүниеде мұнан қиын?
Осы едi, тақсыр ханым, көрген iсiм,
Алланың көрiп жүрмiн мұндай iсiн.
Бiр уақытта көтердiм басымды ендi,
Тақсыр хан, жиып алып ақыл-һұшым.
Көтерiп мен басымды ой ойладым,
Жан-жаққа түрегелiп көзiм салдым.
Үй де жоқ, шаһар да жоқ, майдан дала,
Құданың құдiретiне қайран қалдым.
Һеш нәрсе қарасам да көре алмадым,
Һеш қайда қадам басып жүре алмадым.
Бiлмедiм ай өткенiн, күн өткенiн,
Қанша уақыт болғанын бiле алмадым.
Тұрдым да бет алдыма жүре бердiм,
Қай тарапқа жүрем деп қайран болдым.
Көрiндi дария суы қарсы алдымда,
Аяңдап ғарiп басым соған келдiм.
Сол жерде мен бейшара ой ойладым.
Қыз үшiн қайғы-қасiрет жеп ойладым.
Сол қыздың бастан-аяқ уақиғасын
Сұрап бiлсем нетедi деп ойладым.
Бiреуге айтсам бұны нанбас дедiм,
Құлағын бұған адам салмас дедiм.
Ол қыздың өлмегiнiң себебiнi
Бiле алмадым дегенге болмас дедiм.
Ойладым жұртқа мазақ болмайын деп,
Жүзiнде дүниенiң тұрмайын деп.
Мұны айтып масқара болғанымша,
Жүгiрдiм суға түсiп өлейiн деп.
Жығылдым өлейiн деп суға батып,
Жiбердiм өзiмдi-өзiм суға атып.
Суға кетiп өлерге жеткенiмде,
Қолымнан бiреу судан алды тартып.
Басымды судан шығып жұлып алдым,
Түрегеп төңiрекке көзiм салдым.
Қасында қырық қызы бар баяғы қыз,
Бұларды көрдiм дағы қайран қалдым.
Мен сонда қызды көрiп болдым қайран,
Қыз пақыр танып келдi әлдеқайдан.
– Көрiнбей кетейiн деп ой ойладым,
Қия алмай қорқып келдiм бiр Құдайдан.
Өлiп жатқан уақытымда жолдас едiң,
Тiрi болған күнiмде сырлас едiң.
Жолдастық хақысынан құтылмастан,
Өлiмге тастап кетiп болмас, – дедiм.
Қыз сонда: – Қия алмадым һеш, – деп айтты,
Көзiңдi қапаланба, аш, – деп айтты.
Бiр қыз бен екi арғымақ, мың дiлдә алып,
Мойнымдан жолдастығың кеш, – деп айтты.
Мен айттым: – Жолдас қылған бар Құдайым,
Мен алып қыз бен пұлды не қылайын.
Қалмасын менiм сенде жолдас хақым,
Уақиға айтшы маған мәнi-жайың.
Өлейiн, тоқтатпаңыз ендi менi,
Әуелде кез келтiрген Тәңiрiм сенi.
Сенi айтсам уақиғаңның бiрiн бiлмей,
Масқара қылар халық сонда менi.
Не етейiн қыз бен пұлды алып сенен,
Мен бiр ғарiп пендемiн Құдай деген.
Ғашық дертi iшiмде бар тағы жаман,
Адаммын қасiретпенен ақыры өлген.
Таппадым ойдан ойлап iздеп жүрген,
Ғашығым ойдан қалмас түсте көрген.
Тағы сенiң бiлмесем уақиғаңды,
Қалайша құтыламын қайғы-шерден?
Отырдым осыны айтып зарланып та,
Қыз тұрды бiразырақ толғанып та.
Бетiме «дариға» деп жалт қарады,
Толығып қызыл жүзi нұрланыпты.
– Сөйлейiн, ей, бейшара, уақиғамды,
Не болған көрiп едiң бiздiң халдi.
Кетемiн десем дағы қия алмадым,
Жүрегiм сенiң үшiн оттай жанды.
Сөйлейiн ендi сiзге, патша-ханым,
Һәрне болса Аллаға болар мағлұм.
Өзiмдi мен айтайын, – Иранғайып,
Мен едiм түсте көрген ғашық жарың.
Мен едiм, ей, ғарiбiм, түсте көрген,
Бақшада екi құстың тiлiн бiлген.
Уақыт алыс сiзбенен қосылмаққа,
Мiнеки, жүзiгiңiз қолдан берген.
Айтайын уақиғамды, тыңда, – дедi,
Сабыр қыл, һешбiр көңiл бұзба, – дедi.
Сабырлық қыл, жетерсiз һәр өнерге,
Аз тоқта, сабырсыздық қылма, – дедi.
Айтайын, Иранғайып, тыңда сөзiм,
Сен кездiң қасiретпенен дүние жүзiн.
Кешегi көрген шаһар Зер шаһары,
Патшасы билеп тұрған менiм өзiм.
Тыңдаңыз, Иранғайып, сөзiм рас,
Мехнаттан аз уақытта болдым халас.
Бұрын атам билеген үшбу шаһар,
Атамнан соң патшалық маған мирас.
Айтайын уақиғамды, үйренiп ал,
Ұғып ал, менiм сөзiме құлағың сал.
Билеген қазынамның ең бастығы –
Өзiң хат алып барған сол кәрi шал.
Ұғып ал, мен сырымды шын сөйледiм,
Патша боп, атам өлiп, ел биледiм.
Бақшада бiр күн ұйықтап жатқанымда,
Ей, ғарiп, мен түсiмде сенi көрдiм.
Түсiмде, Иранғайып, көрдiм сенi,
Әзелде нәсiп еткен Тәңiрiм менi.
Сенiң ғашығың күйдiрiп жүрегiмдi,
Ғарiптiң нашар болды сонда халi.
Екi құс түсте көрген менiм құсым,
Сенi ойласам кетедi ақыл-һұшым.
Түсiңде көрген бақша онда көрген,
Iшiне кiрме дедiм соның үшiн.
Жандырды жүрегiмдi ғашық дертiң,
Халқыма бiлдiрмедiм ғашық салтын.
Жерiмде мәнжамдардан кiтап ашып,
Сұрадым [не] болар деп мұның артын.
Бiр мәнжам кiтап ашып сөз сөйледi,
Ақырын уақиғамның көп сөйледi.
Екеуiңнiң көретiн мехнатың бар,
Бес жылда қосыларсың деп сөйледi.
Сөз айтты сонда мәнжам: – Ей, ханша,
Сабыр қыл бес жыл уәде күн толғанша.
Екеуiң бiр жүрсең де қосылмаңыз,
Басыңнан мехнаттарың арылғанша.
Мехнат бар арасында әлдеқанша,
Сабыр қыл, уақыт жоқ зар қылғанша.
Сiздiң де көретұғын мехнатың бар,
Басыңа қылышпенен шабылғанша.
Деп айтты сонда мәнжам маған сөздi,
Тыңдаңыз менiм айтқан сөзiмiздi.
Қасiретiн ғашықтықтың тоқтатпаққа,
Мен жидым халайықтан өнерпазды.
Бiрнеше өнерпазды жидым елден,
Дәулеттi аямадым Тәңiрiм берген.
Бiреуi құл, бiреуi кәнизагым,
Кешегi екi патша көзiң көрген.
Екеуiн неше түрлi киiндiрдiм,
Алтын тәж, гауһар кемер буындырдым.
Базардың ортасынан сарай салып,
Тамаша халайыққа көрiндiрдiм.
Көрдiңiз тұрғандарын бұлбұл сайрап,
Шынардан ағып тұрған миуа саулап.
Мұның бәрiн жасаттым өз қолымнан,
Көрсiн деп елi-жұртым тамашалап.
Осындай өнер бердi Тәңiрiм маған,
Iстедiм үшбулардың бәрiн тамам.
Бiр тесiктен күй шыққан тоқсан екi,
Жасатып хош әуездi бердiм оған.
Тамаша көрсiн дедiм халық келiп,
Өзiм де тамашаға жүрдiм келiп.
Базарда жанжал болса хүкiм ет деп,
Тағы да екеуiне бердiм ерiк.
Екеуiн екi патша деп сөйлеттiм,
Тәж киiп тақ мiнгiзiп бек түрленттiм.
Рұқсатсыз бiр-бiрiңе қосылма деп,
Бек қатты екеуiне жарлық еттiм.
Халқыма әдiл хүкiм қылушы едiм,
Пақырға қайыр, ихсан берушi едiм.
Сол екеуiн падиша өзiм қойып,
Тамаша кешке таман қылушы едiм.
Тыңдап тұр, ей, бейшара, мына сөзiм,
Әлi де көп кезерсiң дүние жүзiн.
Тамаша сол екеуiн қылайын деп,
Бiр күнi келе қалдым жалғыз өзiм.
Оңаша сол екеуi отыр екен,
Адамға мехнат деген жақын екен.
Сөзiмдi менiм айтқан тәрiк қылып,
Қосылып бiр-бiрiне жатыр екен.
Ақырдым: – Бұ қалай деп, ақымақ надан,
Бұрын мен жарлық қылып қойдым саған.
Рұқсатсыз неге қылдың мұндай iстi,
Басыңа түсiрермiн ақырзаман!
Екеуi түрегелдi асып-сасып,
Қорықты менен қатты түсi қашып.
Қылышын екеуi де суырып алып,
Ұмтылды маған қарай қадам басып.
Қылышпен екеуi де қалды салып,
Жығылып сол арада қалдым өлiп.
Оңаша маңайында һеш адам жоқ,
Тұрған жан жоқ ол жерде бiздi көрiп.
Бұл жерде тұрған жан жоқ бiздi көрiп,
Өздерi өлтiрдiлер өзi бiлiп.
Сандыққа өзiң көрген сала салып,
Тастаған зиратқа менi көмiп.
Бейшара, көрiп пе едiң мұндай кеңес,
Құдайым сүймегенiн пендем демес.
Тақтымда отырмын ба, жатырмын ба,
Екенiм өлi-тiрi һешкiм бiлмес.
Сұрасаң осылайша менiм жайым,
Бұл сырды аяп сенен не қылайын.
Өлерге халiм жетiп жатқанымда,
Кез қылған, достым, сенi бар Құдайым.
Онан соң не iс болса өзiң көрдiң,
Уақиға не болғанын бәрiн бiлдiң.
Қонаққа шақырғанда сол екеуiн
Өлтiрiп, оның iсiн тамам қылдым.
Өлтiрiп сол ойында тамам қылдым,
Өлтiрмей басқаларын аман қойдым.
Һешкiм бiлмес бұл сырды сенен басқа,
Тақтыма адам бiлмей қайта мiндiм.
Құдайым сiздi қылды маған теңдес,
Бұ дүние бiр өткен соң қайта келмес.
Бұл сырды, көп халайық елiм түгiл,
Қасымда қырық қыздың да бiрi бiлмес.
Бұл сырым бiлiнбеген адамзатқа,
Өлтiрiп сол екеуiн мiндiм таққа.
Құстарға әмiр етiп бiр айлық жол,
Сенi апарып тастаттым осы жаққа.
Артыңнан байқайын деп ой ойладым,
Бiлейiн халi-жайын деп ойладым.
Қарасам өлемiн деп түстiң суға,
Қасыңа келдiм жетiп, қия алмадым.
Ендi айтайын, ғарiбiм, сөзiм тыңда,
Екеуiмiздi қосады Қадiр Алла.
Сабыр қыл, әлi көрер мехнатың бар,
Сабыр қылмай нәсiптен құры қалма.
Ей, ғарiп, түсте көрдiм келбетiңдi,
Жаратқан абзал қылып сипатыңды.
Менiм айтқан сөзiмдi ұмытпаңыз,
Айтайын көретұғын мехнатыңды.
Айрылып сiз кетерсiз менен басқа,
Көңiлiңе қайғы толар, көзiң жасқа.
Жол таппай сандаларсыз бес-алты ай,
Шығарсыз мехнатпенен тау мен тасқа.
Мехнатты көп көрдiм деп асып-саспа.
Дүниеде һәрне келер кәрi-жасқа.
Уағдалы күн толған жоқ қосыларға,
Һеш менiм мағшұғым жоқ сiзден басқа.
Мұнан соң сiз кетерсiз жапан түзге,
Ренжiп қапаланба ендi бiзге.
Алты ай мехнат көресiң жаяу жүрiп,
Бiр шаһар көрiнедi көзiңiзге.
Шаһарға ерте тұрып сiз барарсыз,
Шаһардың iшi-тысын араларсыз.
Бiр байға жалға жүрiп сол шаһарда
Құданың жазғанынша күн көрерсiң.
Сол байдың сiз боларсыз қызметiнде,
Арыла берер бастан бейнетiң де.
Атың шығып, құрметiң кетер асып,
Алланың өзi берген нәубетiнде.
Адамзат не болады бейнет тартса,
Күнәға иман тұрмас күнде батса.
Көрген жан дидарыңа болар ғашық,
Боларсың өз алдыңа бiр байбатша.
Дәрежең күннен-күнге кетер асып,
Көрген жан дидарыңа болар ғашық.
Халыққа атың шығып тұрған шақта,
Қаларсың бiр мехнатқа душарласып.
Осыны айтып едi қыз бейшара,
Тақсыр патша, сөзiмдi тыңдап қара.
Мойнымда жiп, қойнымда қып-қызыл қан,
Алла салған iсiне не-дүр шара.
Деп едi ел аузына сөз боларсың,
Асықпасаң ақыры тез боларсың.
Сол шаһардың патшасына күнәһлі боп,
Тағдырға өлетұғын кез боларсың.
Жарлығы сол патшаның тастан тариқ,
Жиылар сенi аспаққа жүмлә халық.
Сұрамай аты-жөнiң, сол падиша
Өлтiр деп дарға асып қылар жарлық.
Деп едi адамға айтпа бұ сырымды,
Бiлдiрме өзiңнiң де пиғылыңды.
Жiп байлап, қылыш тиiп қан аққанда,
Сөйлеңiз осы сырды сол кезiңде.
Қыз байғұс осылайша дедi маған,
Көрген-бiлген уақиғам болды тамам.
Ойымнан әуелгiде ойлап шыққан,
Ең үлкен жұмысым сол айтылмаған.
Иә, тақсыр, онан басқа сөз қалмады,
Есiтiп бiлiп тұрсыз бiздiң халдi.
Даяр тұр өлтiруге жалладтарың,
Қайда барып сақтаймын шыбын жанды.
Иә, тақсыр, бiр сөз қалды айтылмаған,
Айтайын рұқсат болса, тақсыр, маған.
Айтылмаған қалмасын һешбiр сырым,
Рұқсат болса айтайын, тақсыр, маған.
Падиша: – Рұқсат қылдым, сөйле, – дедi,
Һеш алаң өлмеймiн деп болма, – дедi.
Осыдан соң асыңыз мұны дарға,
Һешкiмге қайта жарлық қылман, – дедi.
Бала сонда сөйледi: – Тақсыр ханым,
Өлiмге таянып тұр менiм халiм.
Сиыр баққан бiр шалдың баласы едiм,
Ұғыңыз, тақсыр патшам, осы мәнiм.
Атамыз сиыр баққан бiр шал өзi,
Ажалдың мен ғарiпке келдi-ау кезi.
Қатыны өлген сиыршы бiр шал екен,
Бар екен инабатты жалғыз қызы.
Дедi де тұра қалды бала ғарiп,
Падиша тыңдай қалды құлақ салып.
– Осы сөзiң сөйлешi, – дедi патша,
Жауабың бара жатыр ажарланып.
– Иә, тақсыр, осылайша болған екен,
Һәркiмге мына дүние жалған екен.
Бiр шал, бiр қыз отырып балағанда,
Үйiне екi мейман қонған екен.
Деп айтып тағы тұрды бала пақыр,
Падиша орынынан тұрды ақыр.
– Естiп пе ең, бұл сөздi қайдан бiлдiң,
Түзелiп сенiң сөзiң бара жатыр.
– Иә, тақсыр, сөйлейтұғын халiм бар ма?
Алла Тағала түсiрдi мұндай халге.
Аламын дегеннен соң әлгi қонақ,
Анам сүйiп тиiптi сол мейманға.
Сол жолаушы мейман анамды алған,
Үйiнде мейман болып бес ай тұрған.
Бес айдан соң анамды тастап кетiп,
Мен тудым төрт айдан соң iште қалған.
Мен шықтым ер жеткен соң атамды iздеп,
Отырмын осы күнде сөздi сөзлеп.
Атамды iздеп табамын деп жүргенiмде,
Қалыппын өлетұғын дарға кез боп.
Медет [бер], иә, Зұлжалал, әйуһаннас,
Атам атын сұрасаң жетiм Ғаббас.
Өзiм атым айтайын – Иранғайып,
Атамның белгiсi бар бiр гауһар тас.
Осылай бала тұрып бердi жауап,
Падиша құлақ салды мұны тыңдап.
Белгiм деп алып бердi алтын мидал,
Бала талып жығылды сонда құлап.
Патша мұны естiп тақыттан ұшты,
Баяғы өз жұмысы еске түстi.
«Аһ, дариға, бiлмедiм, перзентiм», – деп,
Зар тұтып баласының бас[ын] құшты.
Баланы патша құшып зар еңiредi,
Жиылған жамағаттар қайран болды.
Уәзiрiн Аллаберген шақырып алып,
Өз баласы екенiн мағлұм қылды.
Сол жерде Аллаберген уәзiр келдi,
Патшаның ұғылы екенiн о да бiлдi.
Көтерiп ол баланы жуындырып,
Неше түрлi киiмдi киiндiрдi.
Сол бала тағам iшiп жиды есiн,
Сұрайсыз, ей, жамағат, оның несiн.
Патшаның қуанғаннан уәзiрлерi,
Жамағат, тия алмады көзден жасын.
Той-тамаша қылдылар елiн жиып,
Болмады сахараға адам сыйып.
Ойын-күлкi тамаша сауық қылып,
Неше күн ойын еттi сондай қылып.
Баланы алып кiрдi сарайына,
Таң қалар көрген адам шырайына.
Кигенi алтын тәж, мiнiп таққа,
Һеш адам бара алмады маңайына.
Неше күн бұл тамаша тамам бiттi,
Тақытқа патшалыққа бала шықты.
Уағдалы келетұғын мейман барып,
Халқына Иранғайып жарлық еттi.
– Айтайын, ей, жамағат, құлағың сал,
Әзелде бiзге болмақ осындай хал.
Атамды тауып, уақытым хош болған соң,
Келетiн ғашық жардың уағдасы бар.
Ел жиылды патшаның жарлығы үшiн,
Мың кiсi күзеттiрдi көше басын.
Һәр көшеге төсетiп жiбек кiлем,
Түзетiп түрлендiрдi шаһар iшiн.
Жiбектен сахараға шатыр құрған,
Ойыншы неше адам ойнап тұрған.
Арғымақ аттар мiнiп қыз алдынан
Қызметкер үш жүз жiгiт даяр тұрған.
Қиссаның ақыры тамам болар кезi,
Мысалы бейшараның көрген сөзi.
Түрленiп қырық қызын қасына алып,
Ғазиза о да шықты уәзiр қызы.
Тамаша қылып тұрды жиылған жан,
Қызметкер қыз келер деп даяр тұрған.
Бұрынғы айтқандай-ақ жер күңiрентiп,
Қыз келдi әскерiмен неше мың сан.
Басына Иранғайып тәжiн кидi,
Қырық күн той қылғызып елiн жиды.
Уәзiр қызы, ғашығы Шәмшiбану,
Бұ жерде екеуiне неках қылды.
Жiгiттер, көрiп пе едiң мұндай кептi,
Әзелде Алла Тағала тағдыр еттi.
Неше жылдар сәргәрдан жүрiп едi,
Мұратқа Иранғайып ақыр жеттi.
Иранға бұл мехнатты Құдай берген,
Шешесiн шал байғұс пен алып келген.
Падиша екi жұртқа бiрдей болып,
Солайша Иранғайып дақтан көрген.
Мүтәлi – лақап, Мұхаммедғали атым,
Өндiр қалпе деп айтар атам атын.
Иранғайып падиша болған шақта,
Он мың шаһар бередi ираматын.
Ғазиза, Шәмшiбану перизатты,
Иранғайып үшеуi балдан тәттi.
Осылай дүниеде қызық көрiп,
Өлгенiнше болдылар махаббатты.
Бiр-бiрi болып өттi махаббатты,
Бәйiт қылып шығардым асылзатты.
Мырзаға Жүсiпұлы Әбдiрахман
Жiбердiм кiтап – үшбу аманатты.
Бiр қисса, ей, жарандар, болды тамам,
Қатамыз көп, кешiргей Алла Тағалам.
Бiр кiтап мұнан кейiн жiберермiн,
Деп айтар оның атын «Әлхал заман».
Бұл нұсқа көрiп едiм, ей, жарандар,
Жызақтың жас күнiмде шаһарынан.
Мүтәлi лақап есiмiм бiлгiзбекке
Кiтап жаз[дым], баспашыға сәлем тамам.
Iшiнде айып етпе қата болса,
Артымда есiмiм илән хатым қалса.
Бес хикаят жазармын мұнан кейiн,
Айналып бұ кiтабым дұрыс келсе.
Әбдiрахман мырзаға аманат деп,
Жiбердiм хал-қадары үшбу қисса.
«Шаһ Ғаббас, Иранғайып» – кiтап есiмi,
Есiмiнен бұ кiтаптың сауал сұрса.
Өмiрiң бар ма, жоқ па әлде қанша,
Жүргенiм, тұрғанымның бәрi қата.
Хаққа құлдық қыла көр ей, жiгiттер,
Қатаны кешер Алла, рақым қылса.
Көп жазсам, оқығанға болар ығыр,
Ал тамам тоқтатайын олай болса.
Қалу инна лиллаһи, инна иләйһи ражиун,
Кiм оқып осылай деп тамам қылса.