Қазақша
Қисса мәлік Хасен
Қор болмас бұл дүниеде Құдай деген,
Хикаят мен сөзлейiн талай жерден.
Бар екен Сұлтанмахмұт падиша,
Шаһарының аты болар Борай деген.
Бар екен сол патшаның үш ұғылы,
Көп адам сұлтанатта болған құлы.
Бай екен көп патшадан сол заманда,
Қолында қисабы жоқ көп-тi пұлы.
Қылғаны әскерiне ойын-күлкi,
Өзiнiң Құдай берген көп-тi мүлкi.
Дәулетiне әскерi көп-тi лайық,
Өзiнiң көп халықтан артық көркi.
Падиша бiр күн жатып түс көрiптi,
Түсiнде бiр шарбаққа кез келiптi.
Iшiне сейiл құрып жүрген екен,
Iшiнде айтып болмас iс көрiптi.
Бар екен аққан бұлақ, шыққан ағаш,
Көрiндi су түбiнде һәр түрлi тас.
Жемiс бар ат басындай ағашында,
Көрген соң қайран болып болады мас.
Ол тастар естiсеңiз iнжу-маржан,
Зейнетi бұ дүние онан асқан.
Ауызбенен айтып болмас көрсе дағы,
Гүлдерi бар айтылмаған онан да арман.
Сулар бар ағыны жоқ ол шарбақта,
Суретi жолбарыстың һәр тарапта.
Адамзат мұндай шарбақ қылған емес,
Ұқсайды қарап тұрса бейне ұжмаққа.
Суретi жолбарыстың алтын-күмiс,
Айтусыз толып жатыр тағы көп iс.
Кiрген су жолбарыстың ауызынан
Бұлақ боп құйрығынан шығады-мыс.
Iшiнде ол шарбақтың бiр қапас бар,
Падиша оянған жоқ түсте бұ хал.
Суретiн тамам қылар хал келмейдi,
Iшiнде ол қапастың көркем құс бар.
Ол құстың аты болар Нұрғазарын,
Айтайын тыңдасаңыз ахуалдарын.
Басы лағыл, көздерi қызыл алтын,
Жаратқан Алла Тағала оның уәсiфiн.
Денесi алтын, қанаты зүбәржаттан,
Сұрасаңыз, құйрықтары меруерттен.
Аяқтары пәрнияһ – асыл тастан,
Сөйлесе төмен емес адамзаттан.
Күлгенде гүл төгiлер табақ-табақ,
Жыласа домаланар меруерт аппақ.
Бұл құстың суретiне таңқалады,
Жаратқан осындай қылып бiр Алла Хақ.
Падиша мұны көрiп оянады,
Бұ түсiм қалай түс деп ойға алады.
Көктен ұшып iздеуге қанаты жоқ,
Iшiне сондай қатты қайғы алады.
Қайғы алған соң болады диуанадай,
Қайғылы жан болмады падишадай.
Жатады жер бауырлап, топырақ құшып,
Дертiне iшiндегi шыдай алмай.
Падиша қайғылы, зар еңiрейдi,
Iшiне падишаның қайғы кiрдi.
Тағын, тәжiн, мал-мүлкiн талақ қылып,
Қор қылып өзiн-өзi төпелейдi.
Ол халде жиылып келдi уәзiрлерi,
Құр тақты, падиша жоқ, көзi көрдi.
Падиша өзiнiң тақытында болмаған соң:
– Сұлтаным – жұрт иесi қайда? – дейдi.
Балалары анасынан хабар алды,
Анасы бiлмейдi екен осы халдi.
Шаһзада уәзiрлермен iздеп жүрiп,
Күлiнен бiр моншаның тауып алды.
Күлiне бiр моншаның көмiледi,
Падиша ботадай болып егiледi.
Уәзiрлер балалар менен сөз сөйлейдi:
– Падиша, қайғыңды айтып сөйле, – дейдi.
– Сөйлейiн бiр хикаят, уәзiрлерiм,
Айтайын көргенiмнiң ендi бәрiн.
Ирамбағы шарбақта бiр құс көрдiм,
Сол құстың аты бола Нұрғазарын.
Сол құсты көргенден соң болдым ғашық,
Жүре алман ғашықтықтан, қалдым сасып.
Құдай-а, бұ дертiме дәрмен бер деп,
Жатырмын күлге кiрiп, жанталасып.
Есiмнен тiптi кетпес Нұрғазарын,
Берер ме дертке дәрмен Құдiрет Кәрiм.
Падишаның қайғысын мүттәм тұтып,
Таққа мiн деп еңiрейдi уәзiрлерi.
– Бар болса бұ дүниеде болар хабар,
Мағшұғын ғашық пенде iздеп табар.
Ей, ата, ендi бiзге рұқсат бер, – деп,
Халал ұғыл атасына қызмет қылар.
Падиша бала сөзiн қабыл көрдi,
– Барыңыз екеуiң де, балам, – дедi.
Жолыңды, балаларым, Алла оңғарсын,
Iздеңiз, есен болсаң, талай жердi.
Тағына ендi патша қайта мiндi,
Бұрынғы қалыбындай ойнап-күлдi.
– Отыз жылда келесiң, есен болсаң,
Падиша баласына уағда қылды.
– Ғинаят Құдай берсе ендi бiзге,
Қылармыз бiз бiр қызмет, ата, сiзге.
Отыз жыл түгiл, қырық бес болса дағы,
Бiздерден хабар алмай күдер үзбе.
Балаға ата хақы болды парыз,
Ей, ата, бiз айтармыз сiзге арыз.
Бата бер ендi бiзге, ей, жан ата,
Кешiңiз аузымыздан шықса қата.
Дұғаңыз, иншалла, қабыл болар,
Соныңменен бiз ғарiпке берсең бата.
Келермiз Құдай қосып тiрi болсақ,
Пендеге қайғы деген ауыр салмақ.
Жол болса кешiкпей-ақ тез келермiз,
Бақұл бол, уағдаңызға өлiп қалсақ.
Ей, ата, ендi бiзге рұқсат бер,
Кезермiз, тiрi болсақ, бiрталай жер.
Дұғаңыз Хақ қасында қабыл болса,
Бiздердi аман сақтар Пәруардигар.
– Рұқсатты, балаларым, бердiм сiзге,
Қайырлы ғұмыр берсiн Алла бiзге.
Құдайым ғашық қылды ұшқан құсқа,
Обалың болсын, балам, көрген көзге.
Бұлар ата хақы жол жүрiп сапар қылды,
Сапарда ол екеуi ойнап-күлдi.
Екi ағасы кеткенiн бiлгеннен соң,
Жүгiрiп атасына Хасен келдi.
– Кетiптi менi тастап ағаларым,
Қайтсең тарқар iшiңнен қайғы-сәнаң.
Екi ағам менi тастап кетiп қалды,
Ей, ата, рұқсат берсең мен де барам.
– Аузыңа осы сөздi алма, – дедi,
Қарағым, осы жолдан қалса, – дедi.
Бiр сағат жүзiңдi көрмей тұра алмаймын,
Хасенiм, бұ сапарға барма! – дедi.
– Кетiптi жақсы көрген екi балаң,
Қайырлы ғұмыр берсiн Алла Тағалам.
Қызметiң бұ дүниеде қыла алмасам,
Ей, ата, Құдай жүзiн қайтiп көрем.
– Сенiң үшiн iздеп кеттi екi ұғлым,
Сен барма, тiлiмдi алсаң, ей, құлыным!
Рұқсат атасынан сұрайды ендi:
– Бере көр бiзге медет, Құдай, – дедi.
Жақсы көрген балаңды жiбердiң, – деп,
Зар тұтып Хасен бала жылайды ендi.
Ер Хасен жас та болса зерек едi,
Анасы екеуiнiң бөлек едi.
Хасеннiң жылағанын көргеннен соң,
Атасы ақыры рұқсат бередi ендi.
– Рұқсат, Хасен балам, бердiм, – дедi,
Аз күнгi қуанышыңды көрдiм, – дедi.
Жүзiңдi тiрi болып бiр көрмесем,
Көңлiме кетпес қайғы алдым, – дедi.
Тәуекел бiр Аллаға қылдым, балам,
Артыңнан жылай-жылай қалдым, балам.
Жүзiңдi тiрi болып бiр көрмесем,
Зар тұтып қайғыменен өлдiм, балам!
Қолымнан кеттiң, балам, құстай ұшып,
Ағады көзден жасым денем құшып.
Атасы анасы мен зар тұтады,
Баласын «қарағым» деп мойнын құшып.
Падиша Хасен үшiн зар еңiрейдi,
– Көремiн қай уақытта, балам, – дейдi.
Өлгенiңше азығың болсын сенiң,
Хасенге қисапсыз алтын бердi.
Батыр Хасен бата алып кеттi дейдi,
Ортада бiрталай күн өттi дейдi.
Неше күн бұрын кеткен ағасына
Артынан Хасен келiп жеттi дейдi,
Қосылып ендi үшеуi сапар қылды,
Сапарда ойнап-күлiп қырық күн жүрдi.
Үшеуi қырық күн-түн жүрiп келiп,
Бiр айыр жол басын келiп қонды.
Сол жерде бiр-екi күн қонып жатты,
Бiр тастан жазуы бар көрдi хатты.
Екi ағасы дәнеме байқамайды,
Бұл таста жазу бар деп Хасен айтты.
Ол таста хат жазуын оқып көрдi,
Жазуы һәрбiр жерден хабар бердi.
Тәңiр айдап осы жерге келген адам,
Аралар өлмей жүрсе талай жердi.
Хат айтты: «Әуелгi жол – барса келер,
Орта жол – не келер, не келмес Құдай бiлер.
Төменгi жолға түскен – барса келмес,
Не түрлi бәлелердi сонда көрер».
Ағасы Асан айтты: – Болдым науқас,
Басқа жолға түспесем ендi болмас.
Үлкен даты, түсейiк ашық жолға,
Ойласам, менен гөрi екеуiң жас.
Хасен ердiң анасы болар басқа,
Келе жатып кiм болған iшкен асқа.
Ортаншысы түседi орта жолға,
«Барса келмес» кез болды Хасен жасқа.
Хасен ер «барса келмес» түстi жолға,
Сақтайды һәр пендесiн жалғыз Алла.
Қара су бiрнеше күн сусын болды,
Бiр күнде қанбаушы едi шекер-балға.
Аты арып, тоны тозып көп күн өттi,
Аштықтан өлiм қаупi келiп жеттi.
Жалғыз жүрген күндерiн есеп қылса,
Тоқсан күн қисап жетiп, көп күн өттi.
Тоқсан күн аты жүрмей бүгiлiп жатты,
Бiр жерге күн батқан соң қонып жатты.
Iшiнде мұнарадай күмбезi бар,
Тауыпты күн батқан соң бiр шарбақты.
Қара су шаһзаданың iшкен асы,
Қор болды жолда жүрiп ғазиз басы.
Барабар аспан бiрлән жасыл күмбез,
Бар екен маңайында алма ағашы.
Көрiндi үлкен таудай киiктерi,
Күмбездiң мұнарадай биiктерi.
Аққан су, шыққан ағаш тамашасы,
Қайғының жанға батқан күйiктерi.
Хасен ер киiктерге жақын барды,
Бiр оғын атайын деп қолына алды.
Киiктер адамзаттан қашпаған соң,
«Иә, Алла, не ғажап» деп қайран қалды.
Садағын жиып алып жақын келдi,
Киiктер шаһзадаға тағзым қылды.
Бәрi бiрдей маңырап зар еңiрейдi,
Бұл адамзат екенiн ендi бiлдi.
– Жануарлар, не себептен қашпадыңыз,
Бұл таудан менi көрiп аспадыңыз?
Ойлаймын адамзат деп бәрiңiздi,
Зар қылып менi көрiп қақсадыңыз.
Құдай-а, медет бергiл ғарiптерге,
Рақым қыл деп тiлеймiн осыларға.
Қадiр Алла, жарылқа бейшараны,
Бұларға адам болар себеп бар ма?
Айрылдым мен де ғарiп жолдасымнан,
Сипайды киiктердiң арқасынан,
– Құдай-а, құдiретiңе шарам бар ма,
Айрылдым ата-анам, мал-басымнан.
Киiкпен амандасып өтiп кеттi,
Күмбезге кiрейiн деп келiп жеттi.
Кiрсе iшiнде жасаулы түрлi тағам,
Аштықтан асайын деп үмiт еттi.
Басқан күрiш, асулы ет пен шарап,
Шаһзада асайын деп қылды талап.
Аштықтан шыдай алмай қол созады,
Ер Хасен жан-жағына қарап-қарап.
Кiсiсiз таңғажайып қайран қалды,
Азырақ күрiш жейiн деп ойына алды.
Ұмтылып жасаулы асқа қол созғанда,
Сонда бiреу ашумен айғай салды.
Үш мезгiл оңтайланды асқа таман,
– Жер құрты, һеш нәрсеге келмес шамаң.
Кiсi асын рұқсатсыз кiсi асар ма,
Япырмау, ақылың жоқ, неткен адам?!
Бұл сөзге аз қорқады Хасен батыр,
Қайранменен қорқады да, ойлайды ақыл.
Адамға мұның түсi ұқсамайды,
Бiр кемпiр сондай жаман келе жатыр.
Көрiндi аузы ордай, мұрны көрдей,
Келедi ашуланып жауап бермей.
Көзi бар шаңырақтай, басы күмбез,
Шаһзада қайран қалды қолын сермей.
Жалғыз көз маңдайында жарқылдайды,
Азуы жау кемпiрдiң сақылдайды.
Төсiнде екi емшегi сүйретпедей,
Соғылып кiндiгiне салпылдайды.
Шашы бар төбет иттiң құйрығындай,
Мен жас бұ кемпiрдiң сирағындай.
Құдай-а, өзiң медет әйламасаң,
Болар ма менiң мұнда бұйрығым-ай!
Ер Хасен алды бұған оғын кездеп,
Аз ғана қарап тұрды бойын түзеп.
Зәңгi кемпiр бiр әпсүн оқып ердi,
Хасенге киiк болар келдi кезек.
Хасендi киiк қылды зәңгi кемпiр,
Аңдаусызда қайрат қылмай болды ғапыл.
Сүйттi де өз жөнiне жүрiп кеттi,
Өзiне Құдай берген толымды ақыл.
Жүре түсiп тоқтады Хасен-киiк,
Қайғымен зар еңiрейдi iшi күйiп.
Әлi де болса барайын кемпiрге деп,
Қайтып адам қылар ма Құдай иiп.
Ер Хасеннiң жылағаны
– Әй-әй, ата, әй, ана,
Маған рұқсат бердiңiз.
Жаһан кезген мен ғарiп,
Қайғымды менiм көрiңiз.
Енеке, саған не қылдым,
Ғайыптан маған табылдың.
Айналайын, Құдай-а,
Тәубемдi неден жаңылдым.
Бейкүнаһлық қылдырдың,
Кемпiрдi менге көрдiрдiң.
Бұл қара құс, мен ақ құс,
Қара құсқа жем қылдың.
Кемпiрдi маған көрдiрдiң,
Қайғымен менi күйдiрдiң,
Медет бер өзiң, Құдай-а,
Құдiретiңдi бiлдiрдiң.
Енеке, маған рақым қыл,
Аударып келдi менi жел,
Қаңбақ едiм мен ғарiп,
Жақсылық қылсаң өзiң бiл.
Кемпiрден себеп болмады,
Қайғылы Хасен зарлады,
Жалынып пайда көрмедi.
– Құдайға салып қарғайын,
Малғұн сенi қарғасам,
Жақсылық берер Құдайым.
Алладан шығар бұ қылық,
Бiр өзiңе жылайын.
Құдайға жылап зарлайын,
Қасыңа, кемпiр, бармайын.
Себеп болса Алладан,
Дерт болмас ерге уайым.
Шаһарым Шаһборай едi,
Атамды Махмұт дер едi,
Зарланып тiлек тiлесем,
Құдайым тiлек бередi.
Адам болып оқ атсам,
Құрт-құмырсқа жер едi.
Ер Хасен киiк болып еңiрейдi зар,
«Құдай-а, рақым қылсаң үмiтiм бар.
Қанша зарланып айтсам да үндемейсiң,
Жүзiнде кәпiр малғұн жоқ екен ар».
Бұл сөзге жаду кемпiр ашуланды,
Шыдамай ашуына оттай жанды.
Бiр әпсүн жаду кемпiр оқып едi,
Шаһзада сөйлейтұғын тiлден қалды.
Секiрiп киiк болып шыға келдi,
Ер Хасен көңiлi бiрлән зар еңiрейдi.
Айтатын адамдықтан кетiп қалды,
«Медет бер мен ғарiпке, Құдай», – дейдi.
Ер Хасен көңiлi бiрлән қайғы ойлайды,
«Құдай-а, рақым қыл», – деп зар жылайды.
«Тәңiрiм себеп қылса, қиын емес,
Жүрейiн өз жөнiме» деп ойлайды.
Қаңғырып мұнда тұрмай кетпек керек,
Сертiне адам айтқан жетпек керек.
Дұғасы мазлұмдардың қабыл болса,
Құдайым өзi рақым қылса керек.
Ер Хасен киiк болып қырық күн жүрдi,
Құдайым мұндай қиын бейнет бердi.
Неше кiсiден зейнеттi тамашасы
Ер Хасен және дағы күмбез көрдi.
Тағы да [бейне] жасыл күмбез көрдi,
Қырық күнде алған екен талай жердi.
Аяулы бұрынғыдай не бетiм бар,
Осы үйге шаһзадаңыз келiп кiрдi.
«Жүз есе көркем екен анау үйден,
Киiк болып, адам едiм, кеттiм күйден.
Әлдеқандай боламын бұған кiрсем,
Кешегi қайғым қайда басқа тиген.
Кiрейiн ендi бұған не де болса,
Не қиын жақсы-жаман Құдай қылса.
Аяулы бұрынғыдай не бетiм бар,
О да көп, ақырында жаным қалса».
Қырық түрлi кiрсе iшiнде тағам даяр,
Не жан бар бiр тояйын мұнан аяр.
Ұмтылып жабулы асқа қол созғанда,
– Ей, киiк, кейiн тұр! – деп бердi хабар.
– Ей, киiк, рұқсатсыз iшпе шарап,
Халiңiз не себептен болды хараб.
Биғаят жүзiң көркем ғажап екен,
Мен сенi адамзатқа тұрмын балап.
Аяғын бұрынғыдай баса алмайды,
Шаһзада қорқып қалды, қаша алмайды.
Ол үйден жанды нәрсе көрiнбейдi,
Қайдан шықты дауыс деп алаңдайды.
Қараса төңiрекке, қызды көрдi,
Ер Хасен қызды көрiп зар еңiредi.
Айтуға тiлi бармас, не амал қылсын,
Аяңдап, басын шұлғып қызға келдi.
– Қылайын бiр жақсылық, жiгiт, саған,
Қылыпты сенi мұндай менiм анам.
Кетiптi киiк болып сенiң жаның,
Хасендi бiр үшкiрiп адам қылды.
Ер Хасен қалыбына қайта кiрдi,
Көрсе сұлу бiр көркем жiгiт екен,
– Атыңды айт, атың кiм сенiң? – дедi.
Шаһзада қолы бiрлән қылды ишарат.
Сөйлерге сөз болмады тiл бижарат.
– Тiлiңе және сұмдық қылған екен,
Берейiн «Есiм Ағзам», ей, адамзат,
Жазуын оқып бердi «Есiм Ағзам»,
Қағазды алып жұтты шаһизадам.
Құдайым шипа берсе қиын емес,
Әуелгi қалыбындай болады адам.
– Жайыңды сөйле, жiгiт, қай жерлiксiң,
Қызы едiм Ахмар перi естiсең сен.
Сүлеймен заманында мүмiн болған,
Әуелi өз жайымды айтайын мен.
– Атым – Хасен, атамыз – шаһ Махмұт,
Ендi, қыз, мен сөйлейiн сөзiмдi ұқ.
Атам көрген түсiнде Нұрғазарын,
Сол құсты шығып едiм iздейiн деп.
Ендi, қыз, – Хасен айтты, – сөзiм тыңда,
Құданың кұдiретiмен келдiм мұнда.
Атам көрген түсiнде Нұрғазарын
Табамын қай уақытта, Құдауанда.
– Нұрғазар менiкi едi әуел баста,
Жоғарыда сайраушы едi тас қапаста.
Зорлық қып Ғайнижамал тартып алды,
Қайғылы көкiрегiм, көзiм жаста.
Сұрасаң, менiм атым – Гүлбаһрам,
Әуелi өз жайымды айтайын мен.
Нұрғазар тұрған жерi қиын болар,
Тiл алсаң, осы жолдан қайтыңыз сен.
Шаһбалзир шаһарының падишасы,
Жоқ шығар бұ дүниеде тамашасы.
Билегенi жын-шайтан, дию, перi,
Олардан құтылмайды жанның басы.
Гүлбаһрам Хасенменен қылды кеңес,
Қорқытыш сөз сөйлейдi ертелi-кеш.
– Адам етi мысқалы – бiр мың тiллә,
Ол жерге бiр адам барған емес.
Мысқалы бiр мың тiллә болады арзан,
Ақша арам жол сатуға бермей қалған.
– Тiл алсаң керi қайтыңыз, шаһи Хасен,
Басыңнан жұда болұр осы жалған.
Әуелi батыр Хасен киiк болдың,
Мен саған Құдай оңдап, душар болдым.
Бейнетiңе Тәңiрiм шипа берiп,
Адамзат қалыбыңмен ойнап-күлдiң.
Баласы шаһи Махмұт Хасен батыр,
Бiр сөзi мың тiлләлiк балдай татыр.
Мен ендi ғашық болдым, қалқам, саған,
Басыма түсiп кеттi ақырзаман.
Мен ендi ғашық болдым, қалқа, саған,
Қарағым, бiр жақсылық қылшы маған.
Тылсымменен талай жердi көрiп едiм,
Көрмедiм бұ жалғанда сендей адам.
– Айтып ем атам патша Махмұт шаһ,
Ендi мен сөз сөйлеймiн, сөзiмдi ұқ.
Уағда әкем бiрлән қылып едiм,
Уағдам хилаф болғаннан өлгенiм құп.
– Бiрге бол, шаһи Хасен, менiменен,
Айырылман тiрi болсам ендi сенен.
Қарағым, менi мұнша еңiретiп,
Көңiлiң не себептен қалды менен?
– Тұрмаймын зар қылсаң да, Гүлбаһрам,
Асылың сен перiзат, мен адамзат.
Нұрғазар сандуғашты iздеп жүрiп,
Тәңiрi айдап мекенге келдiм саған.
– Қарағым, не боламын сенен қалып,
Барады көрген сайын iшiм жанып.
Бек қатерлi жер едi Зер шаһары,
Соны қайғы қыламын есiме алып.
Көзiмнен, Хасен қалқам, төгiлер жас,
Не сөйлесең сөзiңе боламын мас.
Жын-шайтан, дию, перi – бәрi сонда,
Мың бiр жаның болса [да], бiрiн қоймас.
– Өлгенше Нұрғазар деп боламын зар,
Құдай қосса табармын деп үмiтiм бар.
Қонақ болып тұрамыз шаһарыңда,
Қолымда бейнет деген дәулетiм бар.
Ағайынды үшеу едiк үйден шыққан,
Бiр тастан алдық хабар жазған хаттан.
Уағда атамызбенен қылып едiк
Дұрыс тiлек тiлеймiн жалғыз Хақтан.
Көңiлiм Нұрғазарды көрсем тынар,
Ол құсқа атам болған түсте құмар.
Ол құсты ендi iздемей мұнда тұрсам,
Уағдам Хақ қасында хилаф болар.
Гүлбаһрамның Хасенге айтқан жерi
– Қарағым, қалқам, әй, Хасен,
Көремiн сенi мен қашан?
Алла сенi қосар ма,
Күнi-түнi зарласам?!
Құсқа ынтызар атаңыз,
Хақ қасында ұнамас,
Уағда қылған хатыңыз,
Не қылсаң да өзiң бiл,
Қайғылы болып жатамыз.
Ақсұңқар едiң тордағы,
Киiк едiң қолдағы,
Қарағым, Хасен, өзiң бiл,
Мен қонақ едiм жолдағы.
Әй-әй, Хасен, әй, Хасен,
Ғайып болдың қасымнан.
Қайғың кетпес басымнан,
Бiр күнгiдей болмады,
Көп қызық көрдiм жасымнан.
Айналайын, әй, Хасен,
Сөзiңе көңілiм қанар ма?
Ғашықтар iсi – дишуар,
Қайғы бiр мұндай болар ма?
Бiр Тәңiрден тiледiм,
Қайғыға көңілiм тынар ма?
Нұрғазар жер мен көктiң арасында,
Шаһзадам, жалғыз iздеп барасың ба?
Тура жүрсең жетерсiң тоқсан күнде,
Құрманың ұялаған ағашында.
– Гүлбаһрам, ендi маған рұқсат бер,
Және жауап сөйлейiн, қасыма кел.
Сенi нәумез қылмаспын тiрi болсам,
Жаныма саулық берсе Пәруардигар.
– Сен ендi тоқтамайсың, батыр Хасен,
Уайым көп, сөйледiм, маған нансаң.
Күндiз-түнде қайғылы мен бейшара,
Неках қыл, тым болмаса, тiлiмдi алсаң.
Бұл сөзiн шаһизада түзiк бiлдi,
Сол жерде шаһзада оны неках қылды.
Гүлбаһрамның көңiлiн тындырған соң,
Екеуi және қырық күн ойнап-күлдi.
– Гүлбаһрам, мен жүрмесем ендi болмас,
Екеумiз Құдай қосып болдық жолдас.
Уағда атам бiрлән қылып едiм,
Сол құсты iздемесем ендi болмас.
Атамның қарай-қарай талды көзi,
Ердiң екi бола ма айтқан сөзi.
Гүлбаһрам тiрi болсам алдамаспын,
Атамның өлетұғын болды кезi.
Жүрейiн, Гүлбаһрам, рұқсат берсең,
Бұ көңлiм, сiрә, қанбас қанша көрсем.
Уағдасы атам айтқан өтiп кеттi,
Мойныма қарыз болар тұра берсем,
Бас тартып, сiрә, қайтпан осы жолдан,
Сөзiм бар уағда қылған атамменен.
Дәулет жетiп болса да осы жолда,
Бәрi де хүкім иесi бiр Алладан.
Гүлбаһрам, мен жүрмесем ендi болмас,
Кез болмас сен секiлдi қиылған қас.
Не жын-шайтан, дию, перi бар десең де,
Құдайым аман қылса, қиын емес.
– Нұрғазар жер мен көктiң арасында,
Құрманың ұялаған ағашында.
Тура жүрсең, жетерсiң тоқсан күнде,
Теңiздiң Чорнай мора жағасында.
Гүлбаһрам рұқсат бердi Хасен ерге,
– Не көрсең де жүрерсiң талай жерге.
Неше қиын дария, тау-тастар бар,
Өз обалың өзiңе, менен көрме.
Тұрмайды шаһизада көңiлiн бөлiп,
Жiгiтке қыз тұрады көңiл берiп.
Кетпес деп ойлайды бұл жiгiттi,
Қыз ақылын айтады қайта келiп.
Тұрмайды шаһизада көп кеңеске,
Уағдасы атасының түседi еске.
Уайым көп сөйлейдi Гүлбаһрам,
Хасендi өз қасынан жiбермеске.
Құдай-а, берме бейнет жiгiт жасқа,
Қайғы бөгеу болады iшкен асқа.
Гүлбаһрам қанша уайым етсе дағы,
Бел буды Хасен батыр тоқтамасқа.
Амалсыз бердi рұқсат Гүлбаһрам:
– Қиын-ды барар жерiң көңiлге алған,
Айрылман деп ойлаушы ем, Хасен қалқам,
Өлмей тiрi қаламын ұялғаннан.
Гүлбаһрамның жыры
– Әй, Хасенiм, Хасенiм,
Елу күн бiрге жасадым.
Айрылман деп ойлаушы ем,
Ғайып болдың қасымнан.
Көңiлiмдi қайтып шешесiң,
Рұқсат алып шығарсың,
Айтқан сөзiмдi ұғарсың,
Жаһан кезiп жүруге,
Қарағым, Хасен, құмарсың.
Атқа мiнiп желерсiң,
Бейнетсiз үш ай жүрерсiң,
Тәңiрiм тура жол берсе,
Бiр асусыз тауға барарсың.
Амалдап шығып қарарсың,
Бiр үлкен ағаш көрерсiң,
Қарағым, Хасен, бұл сөздi,
Көңiлiңе махкам аларсың.
Жаратқан Тәңiрiм жар болса,
Ол ағашқа барарсың,
Басында болар бiр ұя,
Тамаша қылып қарарсың.
Ол Самұрық құстың ұясы,
Жол бермес таудың қиясы,
Ағаштың халi сол болар,
Он мың ерге кең қоныс,
Сыйып шығар саясы.
Ол ағашқа Самұрық
Һәр жылда тұқым салады,
Ұзындығы мың құлаш
Бiр айдаһар қаза қылып,
Баласын жылда алады.
Қайтып келсе бала жоқ,
Бейшара болып Самұрық
Зарланып сонда қалады.
Сапарыңды қоймайсың,
Айтқаныма болмайсың,
Не хайла сiзге болады?!
Сол құстан болар себеп аман жетсең,
Жүрiп бақ, амал бар ма, уағда етсең.
Ер Хасен, бiр Аллаға тапсырамын,
Бұл жолдан аман қайтып, тастап кетсең.
Самұрық сонда саған рақым етер,
Дос болсаң көңiлiңдегi қайғың кетер.
Жетi дария дегенi үлкен қатер,
Бәрiнен аман-есен алып өтер.
Әуелi жетi дария – от дария,
Азабы көрмегенге [көп] дария.
Жетi дария жолы бар жетi жылдық,
Қиын-ды адамзатқа бек дария.
Әуелi – от, екiншi – су, үшiншi – топырақ,
Төртiншi – боран, бесiншi – топан.
Жетi дария жолы бар жетi жылдық,
Өте алмас жаһыт қылса һеш адамзат.
Табарсың, сонан өтсең, ол құсыңды,
Бейнетпен бек көбейттiм жұмысыңды.
Қосылған ғашық болып, қалқам Хасен,
Көремiн қай уақытта мен жүзiңдi.
Керегiн Гүлбаһрам әзiр еттi,
Қиналып пәруана боп зар еңiрептi.
Зарланып Гүлбаһрам айтты сонша,
Болмай-ақ рұқсат алып жүрiп кеттi.
Жолына батыр Хасен жүрiп кеттi,
Гүлбаһрам тоқтай алмай зар еңiредi.
Тоқсан күн жол [азабын] көрiп қатты,
Бiр үлкен биiк тауға келiп жеттi.
Сексен күн тауда жүрдi шыға бiлмей,
Жүредi жаһыт қылып көңілiн бөлмей.
Жолында Нұрғазарын ғарiп болып,
Сарғайды шаһизада ойнап-күлмей.
Хасеннiң Құдай берген ақылы зерек,
Шаһзада атасынан туған бөлек.
Үш айда тау басына азар шықты,
Көрiндi ар жағында бiр бәйтерек.
Мың кез бар жуандығы ол ағаштың,
Бейнетi әуел қанша ғарiп бастың.
Басында мұнарадай бiр ұя бар,
Баласы Самұрықтың екi басты.
Қасына ол ағаштың жетiп келдi,
Ұяда балапан бар, көзi көрдi.
Қанша күн жол бейнетiн тартқан байғұс
Саяда «иә, Алла!» деп жатады ендi.
Саяда жатып Хасен демiн алды,
Тынығып, демiн алып ұйықтап қалды.
«Айдаһар!» деп балапан жылаған соң,
«Иә, Алла! Не болды?» деп қайран қалды.
Ер жiгiт не көрмейдi күн-түн қатса,
Ғарiптiк қиын екен жанға батса.
Жоғарыда зар илеген үн шығады,
Саяда батыр Хасен ұйықтап жатса.
Келген соң ащы дауыс, көзiн ашты,
Өлiмге берiк байлап ғазиз басты.
Тұра келiп қараса балапанға,
Бұршақтай екi көзден төктi жасты.
Ағашқа өрлеп барады бiр айдаһар,
Медет бер мен ғарiпке, Қадiр Жаппар.
Қару қылып қарайын тым болмаса,
Бұрыннан өзiң берген қайратым бар.
Қасына айдаһардың жетiп келдi,
Үлкен дұшпан екенiн ендi бiлдi.
«Тәңiрiм, медет бер» деп шауып едi,
Қылышпен айдаһарды екi бөлдi.
Қылышпен айдаһарды бөлiп салды,
Дұшпанға қаза жетiп өлiп қалды.
Батыр Хасен жем қылды балапанға,
Балапандар ақ майға тойып қалды.
Ер Хасен тауға шығып және жатты,
Тынығып, демiн алып ұйықтап қалды.
Құданың құдiретiне қараңыздар,
Жел шығып, бұршақ жауып дауылдатты.
Жастық қылып жатып қалды қара тасты,
Жиренiп күн жауған соң көзiн ашты.
Аз жауып, жел басылып, күн ашылып,
Ағашты солқылдатып бұлт басты.
Күркiреген күндей болып келiп қонды,
Бұл Самұрық екенiн ендi бiлдi.
Аяғының тырнағы он бес құлаш,
Жүз бұғы аяғында, көзi көрдi.
Қорқады батыр Хасен құс келген соң,
Бересiң қандай қаза Құдайым деп.
– Қанша тамақ жеңдер, балаларым,
Тойғаныңша бiрнешесiң жеңiздер, – деп.
– Жемеймiз тойып тұрмыз бiздер, ана,
Ендi сөз сөйлелiк, бермен қара.
Қазадан қуаныш боп тiрi қалдық,
Ғайыптан тамақ бердi Алла Тағала.
Самұрық айдаһарды көрдi көзi,
Самұрықтың айдаһар сөйлер сөзi:
– Балаларым, не қайрат қылдың бұған,
Лайықсыз залым едi мұның өзi.
– Кей пенде дұшпанға дост, достқа – дұшпан,
Тәңiрi айдап бiр қонақты Құдай қосқан.
Бiзге жау айдаһарды ол өлтiрдi,
Ей, ана, сол себептен болдық бостан.
Анқа құс оңтайланды Хасен ерге,
Көңiлi алып кеттi һәрбiр жерге.
Зар илеп балапандар тұра келдi:
– Ей, ана, не қылғаның, мұның жөн бе?
Жұтқалы ол айдаһар келдi бiзге,
Ей, ана, құлағың сал мына сөзге.
Тәңiр алдында бересiң не деп жауап,
Досқа дұшпан болғандай нешiк сiзге?
Бұл сөзге балаларының қылды сабыр,
Ғұзыр қылып Анқа құсты тоқтатты ақыр.
Көлеңкесi түседi күндiк жерге,
Саясын қанатының қылды шатыр.
Қорқып батыр Хасен жұмды көзiн,
«Иман бер мен ғарiпке, Алла Тағалам.
Өлтiрмей маған шипа қылмас ендi,
Ендi менiң өлетұғын келдi кезiм».
Самұрық мұны бiлiп қылды жауап:
– Көзiңдi аш, бекер қорықпай, ей, адамзат!
«Жақсылыққа – жақсылық» керек болар,
Мен де саған жәрдемшi болсам керек.
Орнынан батыр Хасен түрегелдi,
Анқаға түрегелiп сәлем бердi.
Самұрық адам тiлiн бiледi екен:
– Уағалейкумассалам, адам! – дедi.
– Сiз мақұлықтың патшасы Шаһимарған,
Жауап бер деп бұйыруың ендi маған.
Жол қылмақ сiзден болар, Құдай қосса,
Тәңiр айдап мекенiңе келдiм саған.
– Сөзiңдi айт, мұнда келдiң не себептен?
Болғанда қызмет бiзден, медет Хақтан.
Неше сайыпқыран ерге жолдас болдым,
Һеш пенде қор болмаған менi тапқан.
Сөйлейдi сонда жауап батыр Хасен:
– Сөйлейiн бастан-аяқ маған нансаң,
Бар мұңымды айтайын ендi сiзге,
Кез қылды менi сiзге Алла Тағалам.
Түсiнде көрiптi атам үлкен шаһар,
Жiбердi Қадiр Алла бiзге пәрман.
Iшiнде сол шаһардың сарай көрген,
Күзетшi есiгiнде жүз мың дию бар.
Сол үйге кiрiп келген жаннан шошып,
Жiбердi Қадiр Алла бiзге нәсiп.
Сол үйге тамаша қылып қарап тұрса,
Тұр екен һәрбiр түрлi жемiс пiсiп.
Ол үйдiң кiрпiшi бар зүбәржаттан,
Мәтшасы саф алтын мен шын жақұттан.
Үстiнде алтын тақыттың, атлас көрпе
Iшiнде бiр пәк зер ұйықтап жатқан.
Аспанда көзi гауһар жұлдыз көрген,
Ылайық қасы қара құндыз көрген.
Күлгенде гүл төгiлер табақ-табақ,
Iшiнде алтын қапас бiр құс көрген.
Ол құстың аты болар – Нұрғазарын,
Келтiрдi менi мұнда Құдiрет Кәрiм.
Құсты iздеп атам үшiн келiп едiм,
Иә, тақсыр, сiзге айтатұғын осы зарым.
Ағайынды үшеу едiк үйден шыққан,
Бiр тастан алдық хабар жазған хаттан.
Құлақ салып тыңдасаң бұ сөзiмдi,
Һеш қайғым жоқ болады соны тапсам.
Хат айтты: «Әуелгi жол – барса келер,
Орта жол – келер-келмес, Құдай бiлер.
Төменгi жолға түскен – барса келмес,
Не түрлi бәлелердi сонда көрер».
Сол тастан хат жазуын оқып көрдiк,
Айрылмай не ғажайып Құдай дедiк.
Үш жолды үш айырып тас сөйледi,
Үшеумiз сонда тұрып жолды бөлдiк.
Жолды алды «барса келер» үлкен ағам,
Соларды не қылды екен Алла Тағалам.
«Барса келмес» кез болды сонда маған,
Орта жолды таңдады ортаншы ағам.
Падиша атам Махмұт, атым – Хасен,
Көп болды мен шыққалы әлдеқашан.
Менiң көрген қорлығым толып жатыр,
Айтайын бар мұңымды құлақ салсаң.
Бiр күнi атам жатып түс көрiптi,
Адам айтып болмастай iс көрiптi.
Сипат қылып қиындығын айтып болмас,
Мұны қайдан табам деп күш көрiптi.
Ол құстың аты болар Нұрғазарын,
Келтiрдi менi мұнда Құдiрет Кәрiм.
Айтуға өлшеу қылып тiл жетпейдi,
Айтайын қалай қылып оның бәрiн.
Ол құстың шарбағы бар сарай алтын,
Он күн айтсам таусылмас оның қалпын.
Гауһар, жақұт тастар, iнжу, маржан,
Шыққан шөбi құмай-ды, жерi салқын.
Сонан да артық деп айтады құстың түсiн,
Иә, тақсыр, көп жол жүрiп кеттi хошым.
Күлгенде гүл төгiлер деп айтты атам,
Иә, тақсыр, қалай деме Құдай үшiн.
Әуел атам мұны көрiп болған ғашық,
Қор қылған өзiн-өзi төгiп-шашып.
Дертiне ғашықтықтың шыдай алмай,
Жүре алмас түрегелiп қадам басып.
Мен келдiм бұ қорлықпен талай жерден,
Бейнетiм толып жатыр көзiм көрген.
Дертiне ғашықтықтың шыдай алмай,
Бiр ескi моншаның күлiне енген.
Атамды сол ғашықтық тентiреткен,
Түбiне көп адамның қайғы жеткен.
Мал-мүлкiн, патшалығын талақ қылып,
Көп халыққа бал аштырып тентiреткен.
Балшы, бақсы, молдалар кiтап ашқан,
Бейнеттi аяқ-қолды қайғы басқан.
«Зер шаһары, – деп айтады бал ашқандар, –
Мұны iздеген қаңғырып өледi аштан».
– Иә, тақсыр, сiз бiлерсiз Зер шаһарын,
Келтiрдi менi мұнда Құдiрет Кәрiм.
Не қылсаңыз, Шаһимарған, ендi өзiң бiл,
Қайғымды көзiм көрген айттым бәрiн.
Болғанда қызмет бiзден, медет Хақтан,
Ғашық боп атам түскен алтын тақтан.
Тәңiрi айдап мекенiңе келдiм, тақсыр,
Ендi өлсем арманым жоқ сiздi тапқан.
Хасенге Самұрық құс жауап бердi:
– Ол шаһарда жын-шайтан, дию-перi,
Нұрғазар тұрған жерi – Зер шаһары,
Һеш пенде бара алмайды, қиын жерi.
Адамның мысқал етi мың сом күмiс,
Ол жерге һешбiр адам барған емес.
Арада жетi дария жылдық жолы,
Әй, [Хасен], бұ қызметiң қиын жұмыс.
Атасы Ғайнижамал – дию патшасы,
Бiреудiң қыз да болса байбатшасы.
Перiлер бара алмайды адам түгiл,
Мекенi – жер мен көктiң тап арасы.
Атасы Ғайнижамал – дию патшасы,
Бiреудiң қыз да болса байбатшасы.
Перiлер бара алмайды адам түгiл,
Шаһардың айналасы – от дариясы.
Дарияның бетi жылы, түбi салқын,
Асыл тас арқалығы, тiреуi алтын.
Дүниенiң зейнетi бәрi сонда,
Ауызбен айтып болмас оның қалпын.
Шаһзада, кiл қайтыңыз бұл арадан,
Түсiнде атаң Махмұт нағып барған.
Барса келмес қиын жол әлi алдыңда,
Жұмысың қиын екен көңлiңе алған.
Бұл сөзге Хасен [батыр] еңiрейдi зар,
Зар еңiреп, есi кетiп болады дал.
– Жәрдем етсең, Құдайым медет берер,
Сол құсты табармын деп үмiтiм бар.
Рақымы Анқа құстың келiп кеттi,
Құдай-а, кұдiретiң қандай ептi!
– Неше қиын, тар жердi көп сөйледiм,
Шаһзада, ендi менен көрме, – дептi.
Ендеше, ап келейiн марал, бұғы,
Хасеннiң естен кетпес өткен күнi.
Шөлдетер от дариясы өткен күнде,
Бiтеу сой көп iремей ендi мұны.
Бұл сөзге шаһизада көңiлi толды,
Анқа құс бұғы, марал алып келдi.
Сирағын бiраз ғана iредi де,
Айтқанындай [оларды] бiтеу сойды.
Салады Самұрыққа шын ықылас,
Кiтаптан көрiп едiм, бәрi де рас.
Жетi мес су, жетi аңның етiн артып,
Самұрық «иә, Құдай» деп салды құлаш.
Самұрық зырлап ұшты жоғары өрлеп,
Құдай-а, бейшараға медет бер деп.
Жоғары өрлеп Самұрық ұшып едi,
Хасенге жауап айтты «жердi көр» деп.
Көрiндi дүние жүзi дастархандай,
Өлiмге берiк байлап ғазиз жанды-ай.
– Жоғары көкке таман келiп қалдық,
Перiлер сиқыр соғар әлдеқандай.
Келемiз, Хасен батыр, әлi төмен,
Адамға қандай дұшпан перi мекен.
Жоғарырақ ұшайын әлi де болса,
Құлама бiрақ өзiң ендi менен.
Самұрық тағы екi күн жоғары ұшты,
Құс едi екi басты сондай күштi.
Жоғары ұшқан күнiн қисап қылса,
Отыз күн күнi-түнi болды дестi.
– Қарашы ендi, Хасен, жерге таман,
Көрiнер дүние жүзi ендi саған.
Перiлер сиқыр бiрлән қасад қылады,
Сақтай көр бiз пақырды, Алла Тағалам.
Көрiндi дүние жүзi бiр табақтай,
Жылайды медет бер деп жалғыз Хақтан.
«Дост қылдың ұшқан құсқа жәрдем етiп,
Құдай-а, айналайын, өзiң сақта!»
– Келемiз, Хасен батыр, әлi төмен,
Сен ендi Құдайыңнан қорықпаймысың.
Перiштеге тәспиқ етсең дәнеме етпес,
Жерiнен Зұлмат деген қорқамын мен.
Тағы да не көрiнер, төмен қара,
Хабарсыз шайтан iсi, Хасен бала.
Мың сиқыр бiр адамға келсе дағы,
Зиян етпес, сақтаса Алла Тағала.
– Көк жағын жақынырақ көрдiм дейдi,
Қараңғы жердiң жүзi көрiнбейдi.
Медет бер бiз ғарiпке, Жаппар Құдай,
Ұшуға Самұрық құс ерiнбейдi.
Астымыз от дариясы – дию жерi,
Келген жоқ бұл араға ердiң ерi.
Алпыс күн күнi-түнi болды бiзге,
Келемiз жоғары ұшып сонан берi.
Жетi тылсым дария – дию жағы,
Айлық жерден иiс алар оның сағы.
Азғырылса адамзат құтылмайды,
Мың бiр жаның кеудеңде болса дағы.
Өтiптi бiр күн онан кейiн тартып,
Қиын жер адамзатқа қандай нәзiк.
Екiншi – су дария кез болады,
Хасеннен қарны ашқан соң тiлейдi азық.
Самұрық құс ас iшiп, тамақ жедi,
«Бере көр бiзге медет, Құдай», – дедi.
Ұшады тау қаңбақтай, тас бұршақтай,
Мәлiк Хасен: – Бұ не ғажап боран? – дедi.
Тоқтамай ол бiр демде өтiп кеттi,
Өткен соң күн ашылып, боран кеттi.
Көлденеңнен құс ұшып өте алмайды,
Бiр үлкен шалқар көлге келiп жеттi.
Самұрық жаһыт қылып онан да өттi,
Көрмейдi жүрген адам ненi дептi.
Қанаты ұшқан құстың күйiп кетер,
Төртiншi – Топырақ деген жерге жеттi.
Тоқтамай ол жерден де өтiп кеттi,
Бесiншi – Топан деген жерге жеттi.
Ұшады Самұрық құс қайрат қылып,
Топаннан жұлдыздай боп ағып өттi.
Топаннан жұлдыздай боп ағып өттi,
Алтыншы – Йанап деген жерге кептi.
– Алтауын есiме алмай өтiп едiм,
Бiр дария алдымызда қиын, – дептi.
Мен ұшып көрiп едiм жер мен көктi,
Бала менен Құдай iсi құдiреттi.
Алтауынан азабы қиын болар,
Жетiншi дария аты – Зұлмат, – дептi.
Шаһзада жетiншi қиын жердi көрдi,
Тiлегiн ер Хасеннiң Құдай бердi.
Алпыс күн күнi-түнi ұшып келiп,
Зұлмат деген дарияға келiп кiрдi.
Азығы арқасында бiр-ақ марал,
Қонуға мекенi жоқ жетпейдi арал.
Бiр марал үнем қылып сақтар едi,
Қарны ашып, Самұрықтың құрыды хал.
– Шаһзадам, тамақ бершi, халiм бiттi,
Алпыс күн ұдайы ұшып әлiм кеттi.
Беруге қолына алды ет пен суды,
Қолынан аңдаусызда түсiп кеттi.
Азығы Самұрықтың түсiп кеттi,
Әлсiреп қарны ашқан соң, қуғындапты.
Қорыққан жан шыға ма, жамағаттар,
Шаһзада қорыққаннан зар еңiрептi.
Шаһзада қорыққаннан еңiрейдi зар:
– Құдай-а, рақым қылсаң үмiтiм бар,
Оның өзi Зұлматтың дариясы,
Анқадан әлi кетiп құрыды хал.
Сасқан соң екi қоңын ойып салды,
Тамақ жеп Самұрық құс қуаттанды.
Қайратпен жанталасып едi ұшып,
Зұлмат деген дариядан өтiп қалды.
Күнi-түнi алпыс бес күн ұшып барды,
Ер Хасен жерге түсiп демiн алды.
Рас қатты көргенi ол емес пе,
Қонған соң Самұрық құс талып қалды.
Қонған соң Самұрық құс талып жатты,
Жаралы шаһизада қайран қалды.
Самұрық бiр күн, бiр түн талып жатты,
Тынығып есiн жиып демiн алды.
– Мен жедiм алты мес су, алты марал,
Бiрi түсiп кеткен соң, құрыды хал.
Шаһзада, рас айтшы немене едi,
Соңғы жеген тамағым татыды бал.
– Тентiреп сiздi таптым талай жерден,
Бейнетiм толып жатыр көзiм көрген.
Өтiрiк неге айтайын, Шаһимарған,
Екi қоңым етi едi кесiп берген.
Самұрық бiр сипады қанатымен:
– Ей, Хасен, қанша айтсаң да ер едiң сен,
Қанаты Самұрықтың дәру болып,
Жетiлдi бiрдей болып ана етiмен.
Болғанда алпыс бес күн түстi барып,
Тынықты жерге түсiп Хасен ғарiп.
Ер Хасен аунап-қунап үш күн жатты,
Қарайды төңiрекке көзiн салып.
Бiр шаһар көрiнедi жасыл жауһар,
Кiрпiшi лағыл, жақұт, өңшең гауһар.
Адамзат мұндай шаһар салған емес,
Жарығы күндiк жерден оттай жанар.
Сөйлейдi сонда жауап Анқа палуан:
– Бұл шаһарды өңшең перi, дию салған,
Нұрғазардың шаһары осы болар,
Адамзат жетедi екен талап қылған.
Бұл шаһардың патшасы Рухшаһбал,
Бәрi де дию, перi, жын-шайтандар.
Бәрi ұйықтап жатады қырық күн өлiп,
Ояу болса бәрi де аспанға ұшар.
Осыдан ояу болса, бiр қоймайды,
Дәл қырық күн, бiр ұйықтаса, тiрiлмейдi.
Ұйқыда жатқан күнде түсер болсаң,
Басын кесiп, қанын төксең оянбайды.
Махкам ұқ, Хасен балам, бұ сөзiмдi,
Жаратып оңтайлайын мен өзiмдi.
Бәрi де ұйықтап жатыр осы күнде,
Тапсырдым бiр Құдайға ендi өзiңдi.
Тапсырдым бiр Құдайға, балам Хасен,
Iздеген құс кез болады, қорықпай барсаң.
Қызын қатын қылсаң да, оянбайды,
Асылы осы сөзiмнiң, тiлiмдi алсаң.
Бұ сөзбенен жөнеледi Хасен батыр,
Жын-шайтан бәрi бiрдей ұйықтап жатыр.
Адамға қандай қиын көрмеген жер,
Көңiлi бөтен болып келедi ақыр.
Самұрық көп өсиет, ақыл бердi,
Шаһарға шаһизада келiп кiрдi.
Қолында үлкен таудай шоқпары бар
Қамап тұрған күзетшiнi көзi көрдi.
Оянса, басқа шабар дию кәпiр,
Күзетшiсi, аспазшысы ұйықтап жатыр.
Адамға қандай қиын көрмеген жер,
Көңiлi бөтен болып келедi ақыр.
Болады шаһзаданың көңiлi бекем,
Зер шаһары Қап тауының астында екен.
Күзетшi қақпасында жүз мың перi,
Жын-шайтан, дию, перi қылған екен.
Аралап көрдi Хасен неше алуандар,
Бәрi де ұйықтап жатыр жын-шайтандар.
Бiр тақыттың үстiнде Шаһбал патша,
Айнала жүз мың жатқан палуандар.
Онан да шаһизада озып барды,
Қанша iздеп барған құсын таба алмады.
Аққан су, жердегi тас, шыққан ағаш,
Тұрады тамаша қып шынар талды.
Қорықпай-ақ ол шаһарды аралайды,
Аралап сандуғашты таба алмайды.
Алтындай күмiс қақпа жарқылдайды,
Барғалы оған таман ой ойлайды.
Сол екен есiгiн ашса Ирамбағы,
Жан тоймас қызығына бақшадағы.
Ол бақшада төрт аяқты бiр тақыт бар,
Үстiнде бiр қыз жатыр сүттей ағы.
Етi бар, қарап тұрса, жауған қардай,
Ауызбенен айтып болмас бұ жалғанда[-ай].
Қасында қырық қыздар ұйықтап жатыр,
Адас қып тұрды сонда есi қалмай.
Сандалып тамаша қып қарап тұрды,
Жасаулы тоқсан түрлi тағам көрдi.
Оянбайды деген сөз есiнде бар:
«Арылтып аралайын ендi мұны».
Арасын ол бақшаның аралайды,
Аралап сандуғашты таба алмайды.
Кiргелi ол шаһарға үш күн болды,
Төртiншi күн қарыны ашып қалжырайды.
Бiр шыны iшейiн деп шарап алды,
Ер Хасен жан-жағына қарап алды.
Аузына iшейiн деп қол созғанда,
Сонда бiреу «[ары] тұр » деп жауап айтты.
Сол жерде шаһизада қорқып қалды,
Өлiмдi қорыққан соң есiне алды.
Жан-жағына қараса көрiнбейдi,
Қайдан шыққан дауыс деп алаңдайды.
Қорқып кейiн тұрады екi қабат,
Сөйтсе де iшейiн деп қылды талап.
Не қыларын бiлмейдi Хасен батыр,
Бiр нәрсе жоғарыда күлдi сақ-сақ.
Тұр екен жоғарыда Нұрғазарын,
Жақұттан жасатыпты қапастарын.
Ол құсты көргенiне қуанды ендi,
Ұмытты өтiп кеткен қайғыларын.
Ер Хасен қол созады сандуғашқа,
Тұр екен таң қалғандай бiр қапаста.
– Келiп ем, Нұрғазарын, сенiң үшiн,
Көңiлiмде тiлегiм жоқ сенен басқа.
– Қапасым менiң тұрған шын зүбәржат,
Қол созба менi алам деп, ей, адамзат.
Ашулансам сайраймын ащы қылып,
Оянар дию, перi қылсам фариад.
Табылмас шын оянса мысқал етiң,
Сен менi алып кетiп қылма жетiм.
Өлiмге қызғанбаймын, ей, адамзат,
Сенiң де аппақ екен екi бетiң.
– Түсiнде көрiптi атам бiр күн сенi,
Мекенiң мұнда тұрған Ирамбағы.
Оянса өңнен, ұйықтаса түстен кетпес,
Жiберген сенi iздетiп атам менi.
Айтайын, Нұрғазарын, өткен сөзiм,
Менiң атым – ер Хасен жаһан кезген.
Сенiң қайғың атама өтiп кеткен,
Тақтан, тәжден, халқынан қабат безген.
Ағайынды үшеу едiк бiрге туған,
Сенi iздеп мен бейшара дүние қуған.
Рақым, шапағат етсеңiз, өзiңiз бiл,
Сенiң үшiн өз жанымды қылдым құрбан.
Тауыса алман бөтен жерде жауап сөйлеп,
Анқадан Құдай оңдап болды медет.
Жетi тылсым дариясынан он төрт жылда,
Солардан қанша қиын көрдiм бейнет.
Аузыңнан күлгенiңде төгiлер гүл,
Дүние өте шығар бiр қызыл жел.
Менiң көрген қорлығым толып жатыр,
Қарағым, Нұрғазарын, ендi өзiң бiл.
– Қой, Хасен, мен бармаймын не қылсаң да,
Табылмас мұндай мекен бұ жалғанда.
Жын-шайтан, дию, перi, сол Шаһрух
Шаһбал патшамыз – бәрi мұнда.
Менiң ием Ғайнижамал перi деген,
Ей, Хасен, қанша айтсаң да артық сенен.
Адамзат өзi топырақ, опасыз халық,
Бармаймын, үмiтiңдi үз ендi менен.
Өлерсiң, жын оянса, менен көрме,
Ей, Хасен, менi жүр деп айта берме.
Барабар ай [мен] күндей Ғайнижамал,
О дағы ас iшпейдi менсiз бiр де.
Кетпеймiн, – дедi, – ғайни кауан,
Жалғанда тiптi тумас осындай жан.
Тезiрек перi оянбай жөнiңдi тап,
Менi жүр деп айтуды қой, батыр Хасен.
Айтпаймын ендi, Хасен, саған жауап,
Бармаймын мiнгiзсең де алтыннан тақ.
Өзiңнiң биттей қаның жерге тамбас,
Мысқал етiң мың тiллә, жөнiңдi тап.
– Ойласам, кiм бұзады Құдай iсiн,
Мен келдiм жаһан кезiп сенiң үшiн.
Жетi тылсым дарияңнан өтiп келдiм,
Нұрғазарын, жүрмейсiң Құдай үшiн.
Тұрады батыр Хасен көңiлiн жойып,
– Жүр дегенде кетедi iшiм күйiп.
Жын-шайтан, дию, перi әмiрiмде,
Қайтiп тастап кетемiн көзiм қиып.
Хасеннiң Нұрғазарға айтқан жыры
Ендi Хасен жырлайды,
Қорқып қарап тұрмайды.
Қандай қылып айтса да,
Мойнын тұтас бұрмайды.
Зарланады ер Хасен:
– Кел, жүрiңiз тiл алсаң,
Сәргардан болған бұ көңiлiм,
Тынар едi сiз барсаң.
Отыз жыл жүрдiм сәргардан,
Шығар ма екен бұл арман,
Қай жер базар болмайды,
Бұ дүниеде сiз барсаң,
Сiз жүрген жер ұжмақтай.
Ботадай Хасен боздайды,
Бекiнiп бұ құс тұрса да,
Сүйегiн құстың босатты.
Сүйегiнiң бiлдi қозғанын,
Жүруге көңiл бұрғанын.
Өнерлi едi қызыл тiл,
Көрiңiз тiлдiң озғанын.
Жүруге бұ құс қозғалды,
Құс жолдасы қыз қалды,
Қаншадан құспен жолдас қыз
Кете алмай қиып сандалды.
Нұрғазарға Хасен айтты: – Сөзiм тыңда,
Құдайдың құдiретiмен келдiм мұнда.
Ғашықтықтан атамыз өлiп кетсе,
Не деп жауап бересiң Тәңiр алдында.
Болмайды аумас көңiл арбаған соң,
Адамға не табылар бармаған соң.
Ендi құстың көңiлi ерiп кеттi,
Шаһзада мұңын айтып зарлаған соң.
– Апырмау, қиын екен, бармай қалсам,
Құдай-а, құдiретiңе жоқ-ты шарам.
Ендi саған айтайын, батыр Хасен,
Не айтқан әмiрiммен тiлiмдi алсаң.
Менiм ием Ғайнижамал ұйықтап жатқан,
Теңi жоқ бұ жалғанда перiзаттан.
Ерлiк қылып, белгi сал ендi бұған,
Ылайық сенi көрдiм адамзаттан.
Шаһзада, осы қызға қорықпай бар,
Қолында белгi болсын жүзiгiн ал.
Өз жүзiгiң орнына жақсы болар
Сен дағы Ғайнижамал қолына сал.
Қасына Ғайнижамал барды дейдi,
Жүзiгiн қолындағы алды дейдi.
Ғайнижамал жүзiгiн алғаннан соң,
Ер Хасен өз жүзiгiн салды дейдi.
– Ер Хасен, мал да аманат, жан да аманат,
Айналайын, тыңдаңыз аз ғана зат.
Ер Хасен, аты бiрлән жолың айтып,
Жеңiне Ғайнижамал жазыңыз хат.
Ер Хасен атын да айтты, жөнiн де айтты,
Шаһарын iздеп келген жерiн де айтты.
Отыз жылда көргенiн бiрiн қоймай,
Жеңiне Ғайнижамал жазды хатты.
– Дүние өте шығар бiр қызыл жел,
Ер Хасен, ендi маған разы бол.
Ат-жөнiң айтып болсаң, батыр Хасен,
Қойнына Ғайнижамал бiр жатып тұр.
– Не хайла жын оянса болар бұған,
Разы, Нұрғазарын, болдым саған.
Мықты болсам бiр мыңға шамам келер,
Жабылар дию-перi бәрi маған.
– Қорықпа, патшазада, маған нансаң,
Және жауап сөйлейiн тiлiмдi алсаң.
Етiн кесiп алсаң да оянбайды,
Боршалап қырық мүше талқан қылсаң.
Нұрғазар қыздың сырын айтты дейдi,
Райдан ашуланып қайтты дейдi.
Нұрғазар қыздың сырын айтқаннан соң,
Ер Хасен қыз қойнына жатты дейдi.
Ер Хасен «хош, болар» деп салды қимыл,
«Не қылсаң, Нұрғазарын, ендi өзiң бiл».
Пердесiн бетiндегi жұлып алса,
Перизат ай мен күндей бiр қызыл гүл.
Пердесiн бетiндегi жұлып алды,
Сонан соң етегiне жақын барды.
Ерлiк қандай болады мұнан артық,
Көйлегiн кеудесiне түрiп салды.
Ер Хасен қызды көрiп болды ғашық,
Көңiлi қуанғаннан кеттi тасып.
Қаршыға iлген үйректей домаланып,
Бауырына жұмыртқадай алды басып.
Нұрғазар мұны көрiп күлдi сақ-сақ,
Аузынан гүл төгiлер табақ-табақ.
– Көз көрiп, қайратыңа көңiлiм тынды,
Ер Хасен, жылдамырақ қимылдап бақ.
Бұл iстi батыр, Хасен, сенен көрдiм,
Мұндай iс перiлерден көрмедiм мен.
Iздегенiң мен болсам неше жылдай,
Ер Хасен, ендi саған көңiл бердiм.
Нұрғазар жүремiн деп уағда еттi,
Танбады бiр айтқан соң сөзге жеттi.
Жүзiгiн Ғайнижамал Хасен алды,
Ер Хасен өз жүзiгiн қызға салды.
Төрт күн өтiп бесiншi күн болғанда,
Құсты алып Самұрыққа қайтып барды.
– Қарағым, балам Хасен, келдiң бе аман,
Тiледiм мен де сенi бiр Алладан.
Тiлегiңдi берiптi Алла Тағалам,
Мұратың хасыл болсын, шаһизадам.
– Құсты алып қапасымен келдiм аман,
Тiлектi бердi бүгiн Алла Тағалам.
Көп ғинаят Құдайдан болған шығар,
Бәрi де сiздiң дәулет, Шаһимарған.
Хасен Нұрғазарды алып кептi,
Апарып Анқа құсқа барып жеттi.
– Мұнша нағып кешiктiң, батыр Хасен,
Шаһарға сен барғалы бес күн өттi?
Дариядан жетi тылсым өтер едiм,
Есен болсам үйiме жетер едiм.
Жарты сағат кешiксең, батыр Хасен,
Сенi тастап бұ жерге кетер едiм.
Салады Самұрық та шын ықылас,
Кiтаптан көрiп едiм бәрi де рас.
Сандуғаш пен Хасендi мiнгiзiп ап,
Самұрық «иә, Құдай» деп салды құлаш.
Мiнгiзiп ер Хасендi кетiп қалды,
Жетi тылсым дариядан өтiп қалды.
Жетi тылсым дариядан он күнде өтiп,
Үйiне Самұрық құс жетiп барды.
Хасендi сандуғашпен алып ұшты,
Құс едi екi басты сондай мықты.
Қайтарда қатты ұшты жан аямай,
Он күнде ұясына келiп түстi.
Шаһбал Шаһрухтан туған екен,
Ақырып Қап тауына қонған екен.
Жетi тылсым дарияның бәрiн дағы,
Жүзiкпенен бәрiн соның қылған екен.
Ер Хасен аунап-қунап үш күн жатты,
Атасының ғашық құсын iздеп тапты.
Атам айтқан уағдасы өтiп кеттi,
Жүрейiн деп Анқадан рұқсат алды.
Рұқсат ер Хасенге бередi ендi,
Дүниенiң тамашасын көредi ендi.
«Көңiлiңе алған жерге жеткiзер», – деп,
Анқа құс бiр қанатын бередi ендi.
– Үш күн ұшсаң жетерсiң айлық жерге,
Қасиеттi қанатым жанға берме.
Жаман кiсi жаныңа қасад қылады,
Жаманның, Хасен балам, жанына ерме.
Самұрық амандасып қалады ендi,
Анқаның бiр қанатын алады ендi.
Қанатына Хасен батыр мiнiп алып,
Он күнде Гүлбаһрамға барады ендi.
Зар жылап қарсы шықты Гүлбаһрам,
– Тiледiм мен де сенi бiр Құдайдан,
Сағынғаннан қараймын тауға шығып,
Қарағым шаһизадам, келдiң бе аман!
Қызы едiм Ахмар перi Гүлбаһрам,
Құдайым ғашық қылды, Хасен, саған.
Дүниеден әлi өлсем де арманым жоқ,
Жүзiңдi тiрi көрдiм есен-аман.
Той қылды Гүлбаһрам келгеннен соң,
Қуанды Құдай тiлек бергеннен соң.
Жүз құсын азат еттi Гүлбаһрам,
Нұр жүзiн ер Хасеннiң көргеннен соң.
Ойынды Гүлбаһрам қылды дейдi,
Шарбақта сейiл құрып жүрдi дейдi.
Үйiне Гүлбаһрамның келгеннен соң,
Ер Хасен қырық күн тұрды дейдi.
Жүрем деп оңтайланды батыр Хасен,
– Және бiр жауап сөйлейiн тiлiмдi алсаң,
Атам айтқан уағдасы өтiп кеттi,
Даярлан, Гүлбаһрам, бiрге барсаң.
Өзiне Гүлбаһрамның келiп қонды,
Қуанып Гүлбаһрамның көңiлi толды.
Қырық күн қонып шықты ол арада,
Гүлбаһрам шаһзадамен жүрмек болды.
Гүлбаһрам шаһзадаға бiр оқ бердi,
– Оқтың жайын айтайын ендi, – дедi.
Хазiрет Сүлейменнен қалды мирас,
Жау кемпiрдiң ажалы мұнан, – дедi.
Ер Хасен, бұ дүниеге қайғырмаңыз,
Өтетұғын дүниеге зар қылмаңыз.
Осы оғымның көп едi кереметi,
Бұл оқтан өлгенiңше айрылмаңыз.
Ер Хасен, айналайын амалыңнан,
Бұл оқ қалған Сүлеймен заманынан.
Бұл оқты бисмилла деп аспанға атсаң,
Шығады дұшпанының табанынан.
Қазiр атсаң жетедi жау кемпiрге,
Бұл оқ кетер тоқтамай жылдық жерге.
Көзiң көрген киiктер бәрi де адам,
Өзiңдей қасад қылған талай ерге.
Оқ алып ер Хасеннiң көңiлi толды,
Құдай-а, өзiң сақта осы жолдан.
Азық-түлiк, жау-жарақ жасап алып,
Шаһзада тәуекел деп жүрмек болды.
Гүлбаһрам шаһзадамен жолға кiрдi,
Бiр күнде он күндiк жолға жүрдi.
Бiрнеше күн жол жүрiп батыр Хасен,
Кемпiрдiң күмбезiне жақын келдi.
Күмбезден жайылған мал, киiк көрдi,
Ол киiктi Хасеннiң көзi көрдi.
Қорыққанынан Гүлбаһрам жүре алмайды,
Қорқып, есi кетiп, зар еңiрейдi.
Гүлбаһрам зар қылады шаһзадаға,
Бейғам жүрiп кемпiрден ғапыл қалма.
– Жетi көкке ұшсаң [да] құтқармайды,
Сақтай көр бiз пақырды, Алла Тағала.
Сенi киiк тағы тас қылады,
Бұл кемпiр тағы сондай қасад қылады.
Есiм ағзам оқи көр дамыл алмай,
Гүлбаһрам сырын айтып зар жылады.
Жiбердi берген оғын аспанға атып,
Шаһзада Гүлбаһраммен қалды жатып.
Киiк қылған кемпiрдi атқан екен,
Салыпты малғұнды табанындан.
Оқ тиiп табанындан кемпiр өлдi,
Тiлегiн ер Хасеннiң Құдай бердi.
Анқаның қанатына мiнiп алып,
Кемпiрдiң күмбезiне жетiп келдi.
Таң атты үш күннен соң аппақ болып,
Қуанды ер Хасеннiң көңiлi толып.
Жайылған қырық мың киiк адам екен,
Шаһзадаға сәлем бердi тамам келiп.
Кемпiрдiң жаны кеттi жаһаннамға,
Жол ашты батыр Хасен талай жанға.
Жайылған қырық мың киiк едi бәрi,
Бәрiн оқып жаздырды Гүлбаһрамға.
Гүлбаһрам киiктердiң бәрiн жазған,
Ол жерде жан жоқ болды одан озған.
Қырық мың киiк бәрiн де адам қылып,
Рұқсат берiп жiбердi шаһизадаң.
Дүниеден кемпiр малғұн өттi дейдi,
Ер Хасен тiлегiне жеттi дейдi.
Сиқырмен киiк болып жүрген жандар
Бәрi де адам болып кеттi дейдi.
Сол кемпiр ажал жетiп өлдi дейдi,
Ер Хасен талай жердi көрдi дейдi.
Анқаның қанатына мiнiп алып,
Үш айыру жол басына келдi дейдi.
Сол жерде бiр-екi күн қонып жатты,
Қисап қылса отыз жыл болып қалды.
Атам айтқан уағдасы өтiп кеттi,
Уағдаға жетпедiм деп зар жылады.
Көрiндi сол арада жалғыз қара,
Көңiлi жау ма екен деп болады алда.
Қарап тұрса, қаңғырған жалғыз жаяу,
Қараса, бiрге туған Асан аға.
Асанменен зар еңiреп көрiседi,
Бiр-бiрiнiң халдерiн бiлiседi.
Жалғыз өзi қашыпты жаяу шығып,
Өз халiн өзi айтып күлiседi.
Келер бiр күн және келдi Үсен аға,
Екеуiнде қалған жоқ, бiттi шама.
Аспазға жалшы болып күн көрiптi,
Жаманда күн көрмеген бар ма пана.
Көрген соң екi ағасын көп жылайды,
Бар екен көрер күнiм деп жылайды.
– Дүниеден әлi өлсем де арманым жоқ,
Көрсеттi есен-аман Алла сiздi.
Ағалар, талай жердi көрiп келдiм,
Дүниенi шыр айналып танып келдiм.
Атамның түсiнде көрген Нұрғазарын
Бардым да Зер шаһарынан алып келдiм.
– Үстiне қауырсынның мiне алмаймыз,
Отырған жерiмiзден тұра алмаймыз.
Тойындырып алмасаң, Хасен iнiм,
Бiз айрылып сенiңменен жүре алмаймыз.
Ер Хасен ағасы үшiн жылайды ендi,
Көзiнiң жасын көл қылып бұлайды ендi.
– Қайтiп тастап кетемiн, сiздердi, – деп,
Қасында ағасының тұрады ендi.
Шаһарға екi ағасын алып барды,
Бұларды жаңадан бай ұстап алды.
– Қашып кеткен екеуi менi алдап,
Он тiллә екеуiнде ақшам бар-ды.
Борышын екеуiнiң Хасен бердi,
Пұлын алып байлар қоя бердi.
Тұтқындағы бiздердi сен алдың деп,
Құшақтап екi ағасы зар еңiредi.
Екi ер-тоқым сатып алды алтын жапқан,
Желмая көлiк алды арғымақтан.
Не нәрсе керегiнiң бәрiн алып,
Жол-жарағын шаһардан алып шыққан.
Кеңестi жолға шығып екi ағасы,
Хасеннiң екi ағасы отағасы.
– Құс тауып, қыз алды бiзден бұрын,
Кiшi едi Хасеннiң бiзден жасы.
Бұ құсты атамызға алып барар,
Құп масқара бұл бiздi сонда қылар.
Өлтiрмесек Хасендi ендi болмас,
Бұ намыс екеумiзге ұят болар.
Және сатып алдым дер Хасен бiздi,
Сонда бiз не айтармыз жаман көзге.
Ойнап-күлiп құрбымен жүре алмаспыз,
Тағы не деп көремiз атамызды.
Екеуi қасад қылды Хасен ерге,
Шаһзада барып келген талай жерге.
Өлтiрелiк Хасендi деп ойлайды,
Жаманның кесапатын көрдiңiз бе?
Бiр үлкен жол төртеуi тауға келдi,
Екi ағасы көңiлiн басқа қылды.
Өлтiрейiк Хасендi деп ойлайды,
Хасенге бұл екеуi қасты қылды.
Бұларда ойын-күлкi, һеш қайғы жоқ,
Iздеген құсын тапты, көңiлi тоқ.
Бiр терең құдық басына келiп қонды,
Бел буды бұ Хасенге қылмақ болып.
Бұлар келiп құдықтан суды көрдi,
Бек сағынған ағасын Хасен ер-дi.
Тереңдiгi тоқсан кез құдық екен,
Суы жоқ қаза берген қанша жердi.
– Бiлсек екен құдықта су бар ма екен,
Хасенжан, бiр жiп ұстап түссең екен.
Бұл құдықта су болса мал iшкендей,
Жердiң шөбi мал жаярға жақсы екен.
Бiр жiп ұстап құдыққа Хасен түстi,
Құдайдың құдiретi мұндай күштi.
Қоя бердi Хасендi жiбiн кесiп,
Құдықтың аузын таспенен бекiттi.
Хасендi байлауменен салды орға,
Ақсұңқар ұшып жүрген қалды торда.
Атамызға сүйiктi боламыз деп,
Қыз бiрлән құсты алып түстi жолға,
Құдыққа ер Хасендi салып кеттi,
Қыз бiрлән Нұрғазарды алып кеттi.
Келе жатып екеуi ақылдасты,
Қызды Асан алмақ боп үмiт еттi.
Асан жауап айтады Гүлбаһрамға:
– Сендей сұлу жан бар ма бұ дүнияда,
Бiреумiзге тимесең өлтiремiз,
Ендi қатын болмайсың сен Хасен ерге.
– Амалсыз сүймесем де, мен сүйейiн,
Зарланып Хасен үшiн мен күйейiн.
Қырық күнгеше рұқсат берiңдер маған,
Сонан соң бiреуiңе мен тиейiн.
Сол жерде Гүлбаһрамды қоя бердi,
Қаңғырып айдалада зар еңiредi.
Құданың құдiретiне бәрi аян,
Сол жерде хазiрет Қызыр тура келдi.
Құдыққа ер Хасендi салып кеттi,
Қапаспен Нұрғазарды алып кеттi.
Қаңғыртып Гүлбаһрамды қоя бердi,
Үш айда шаһарына жақын келдi.
Қызырға Гүлбаһрам сәлем бердi,
Зарланған қыздың жайын Қызыр бiлдi.
– Он үш күнде ерiңе қосыларсың,
Қонақ бол мынау үйге, балам, – дедi.
Ей, балам, менiң үйiмде бiр қызым бар,
Он үш күнде Ғайнижамал о да келер.
Дұшпаныңды жерменен-жексен қылар,
Сенiң де, иншалла, көңілiң толар.
Сол күнi екiңiзге жұп той қылар,
Нұрыңа екеуiңiздiң жан таң қалар.
Жын-шайтан, перi, адамдар араласып,
Тарқауы тойыңыздың қырық күн болар.
Қасiретке хас мұсылман сабыр қылар,
Он үш күнде ғишратқа көңiлiң толар.
Жесiр қатын, жетiм ұл мың қой айдап,
Бозторғай қой үстiне жұмыртқалар.
Гүлбаһрам зарланады iшi күйiп,
Хасенге некахтанған өзi сүйiп.
Қызырдың Гүлбаһрам үйiне келдi,
Көзiнiң сабыр қылып жасын тыйып.
Қызырдың он үш күндей қызын күттi,
Гүлбаһрам iшi күйiп зар еңiредi.
Қайғымен жан шыға ма, жамағаттар,
Гүлбаһрам өлмеген соң сабыр еттi.
Хасенге түсiп қалды ақырзаман,
Жар болған Гүлбаһрамға Қызыр бабаң.
Құсты алып екi көкжал келе жатыр,
Үш күнде жетелiк деп үйге таман.
Үш күнде бұл екеуi шаһарға келдi,
Ғашығы бiр құс едi, патша көрдi.
Өтiрiктi шындай қылып сөз сөйледi,
Түзете алмай Құдайға аян сырды.
Шаһарға [бұл] екеуi келедi ендi,
Атасын есен-аман көредi ендi.
Атасы, анасына амандасып,
Ап келген сандуғашын бередi ендi.
– Бұл құсқа Құдай менi ғашық еткен,
Үшеу едiң бұл құсты iздеп кеткен.
Бастан-аяқ себебiн айтшы, балам,
Хасенге не iс болды Құдiреттен.
– Ей, ата, қалай деме Құдай iсi,
Хасендi дарияда жайын жұтты.
Жайынды алты ай аңдып бiз өлтiрдiк,
Кек алдық, ата, сөйтiп бiз де, – дедi.
Құсты алып падиша көңiлi толды,
Көп қызықтың бәрiн де Хасен жойды.
Падиша ас-су iшпей жатып алды,
Құстан жауап сұрамай байлап қойды.
Патшаның зарлағаны
Тәңiрi өзi жаратты,
Он сегiз мың ғаламды
Бiр өзiне қаратты.
Хасенiмден айырып
Менi мұнша жылатты.
Айналайын, Хасенiм,
Қайғымды қайтiп басамын.
Хасенiмдi көрмесем,
Налыс қылып еңiресем,
Пәруардигар, Құдай-а,
Не үшiн менi жараттың.
Хасенiм, менiм құлыным,
Көре алмай күйiкте,
Үзiлдi менiм жұлыным.
Ғарiп болып келгенде
Қапияда келген бұ ұлым
Екi ағасы қас қылды,
Қорлықпен өлдi жалғызым.
Ыстық тиiп бетiмдi,
Күйдiрер менi жұлдызың.
Өлген болсаң, қарағым,
Ұжмақтан берсiн хор қызын.
Айналайын, шырағым,
Құдайыңа тапсырдым.
Алтын баулы сұңқарым,
Өз қолымнан қашырдым.
Анасы басқа залымнан
Көп мехнатты көрген-дi,
Қор болды менiм асылым.
Жүздерiңдi көрмейiн,
Фатихамды бермейiн,
Пиғылы жаман залымдар.
Хасенiме қасад қылып,
Өтiрiк менен жасырдың.
Айналайын, Хасенiм,
Жүз отыз бес жасадым,
Сөздi болған сұм атаң,
Жолыңа қарап зар болар.
Келмеген соң кешiгiп,
Кең дүниесi тар болар,
Бұл күйiкке шыдамай,
От iшiнде көмiрдей,
Күйгенiнен зар болар.
Есiме түссе һәр күнде,
Зарланармын һәр түнде,
Iшiмде толған жалын бар.
Аузымнан шыққан түтiн көп,
Құдай iсi амал жоқ,
Онан басқа, халайық,
Өлiм ендi маған еп,
Айналайын, Хасенiм,
Екi көздiң қарасы.
Адамнан ендi туар ма
Пенденiң мұндай данасы.
Амалым бар ма қайтейiн
Алланың болса қазасы.
Тағдырдан бұлай жаратса,
Қайғы бiрлән жылатса
Атаң[ның] не-дүр шарасы.
Қарағым Зер шаһарына барған шығар,
Бұл құсты қиын жерден алған шығар.
Екi залым қасад қылып Хасенiме,
Бiр жерде бейшара боп қалған шығар.
Хасенiм деп патшадан кеттi қарар,
Патша тақытқа мiнбей жылайды зар.
– Ата хақын ойласаң Құдай үшiн,
Екi залым, не қылсаңыз да айтыңыздар.
Падиша ата хақын айтты дейдi,
Қызығын бұ дүниенiң сатты дейдi.
Хасенсiз тiрi болып жүрмеймiн деп,
Падиша таққа мiнбей жатты дейдi.
Анасының зарлағаны
Айналайын, жалғызым,
Әуел Құдай оңдасын,
Мардана Ғайып жолдасың,
Қызыр Iлияс қасыңнан
Жәрдемшi болып қалмасын.
Атыңыз екен пайғамбар,
Нұр Мұхаммед Мұстафа,
Жалғызым менiм келмесе,
Жүзiңдi анаң көрмесе,
Басыма түсер көп жапа.
Еңiреп жүрген күнiмде,
Тәңiрiм сенi берген соң
Көрiп едiм көп опа.
Пәруардигар бiр Құдай,
Тiлегенде тiлеу бер,
Құлым десең маған бер.
Жүз жиырма төрт мың пайғамбар,
Сексен сегiз мың машайық,
Отыз үш мың сахаба –
Бәрiңiз де қолдай көр!
Айналайын, Хасенiм,
Күйiп-жанып жылаймын,
Не iске әмiр қылса да,
Екi болмас құдiретi.
Жаратқан үлкен Құдайым,
Зарланып жылайды анасы.
Орда қалған байлаулы,
Хасен жалғыз баласы.
Тек жылайды үйiнде,
Көрiнбейдi қарасы.
Алла әмiрi болған соң
Пенденiң не-дүр шарасы!
Байлаулы батыр Хасен орда қалды,
Ақсұңқар ұшып жүрген торда қалды.
Байлаулы батыр Хасен орда жатып,
Құдайға мiнәжат қып зар жылайды.
Құдай-а, орда жатып өлемiн бе,
Жеткiздiң құдiретпенен Пәруардигар.
Әй, дариға, менiм ата-анамның
Дидарын бұ дүниеде көремiн бе?
Шаһзаданың зарлағаны
Батыр Хасен зарланып
Құдайға қылды мiнәжат.
Тiлегiмдi бере көр,
Халиқ арду уа самауат.
Айналайын, Құдайым,
Осы жолы көңiлiм ақ.
Не қылсаң да өзiң бiл,
Айналайын, Құдай-а.
Құдiретiңмен көрерсiң,
Не қылсаң өзiң бiлерсiң.
Саламат қайтып келгенде,
Кiрiптар болдым мен ғарiп.
Жақсылығым – жамандық,
Орда қалдым сарғайып.
Разымын, Құдай-а,
Махшарда берсең жақсылық.
Байлаулы батыр Хасен орда қалды,
Атасы күнi-түнi зар жылады.
Ел-жұрты падишаның жиылып кеп,
Жұбатты көңiл айтып падишаны.
– Ей, патша, тағыңызға мiнсеңiзшi,
Азырақ бас көтерiп жүрсеңiзшi.
Нұрғазар сандуғашты алып келдi,
Мәнiсiн немене екен бiлсеңiзшi.
Бұл iстi өзi қылған Құдауанда,
Адам көңiлi Аллаға бәрi де аян.
Падиша бұ қайғыдан өлер болды,
Сөйлейiн құс иесi қыздың жайын.
Оянды Ғайнижамал қырық күн тамам,
Қараса өзiн-өзi болмайды аман.
Тал бойында жатқанда бiр мiн жоқ-ты,
Қызыл қан үстi-басы сондай жаман.
Қолындағы жүзiгi жоқ, бөтен жүзiк,
Қарайды төңiрекке бойын түзеп.
Қандай жаннан болды екен осы қылық,
Айтамын ел-жұртыма мұны не деп?
Жоқ екен қапасында Нұрғазарын,
Япырмау, кiм қылды екен мұның бәрiн.
Ғайнижамал өз намысын жасырса да,
Түседi шыдай алмай ашуынан.
Жүзiктi бiр қағазға жазып көрдi,
Оқыды Сұлтанмахмұт Хасен ердi.
Ашуының келгенi ол емес пе,
Көктегi дию, перi бәрiн жиды.
Мiнедi жүз мың перi алтын таққа,
Құдай-а, мұсылманды өзiң сақта.
Екi жүз мың жын-шайтан қасына ердi,
Көтерiп алып ұшты бiр сағатта.
Патша ендi тақытына қайта мiндi,
Қапасымен Нұрғазарды алып келдi.
Алтын қапас iшiнен шығарған соң,
– Не көрдiң, иә, сандуғаш, сайра, – дедi.
Падиша олтырды тақытқа мiнiп,
Хасен десе жылайды iшi күйiп.
Алтын терек басына қондырған соң,
Сайрайды Нұрғазарын фариад қылып.
Сандуғаш ащы қылып сайрап едi,
Сайрап жатқан жылайды өткен күндi.
Қатты сайрап жiбердi қайғы бiрлән,
Жын-шайтан есiтедi дию, перi.
Тiлегiн Ғайнижамал бердi дейдi,
Мекенiн Нұрғазардың көрдi дейдi.
Дауысын Нұрғазардың есiткен соң,
Жиылып жүз мың перi келдi дейдi.
Жын-шайтан, дию, перi көктен ұшып,
Бiр сағатта Зер шаһарын келiп түстi.
Аспаннан жанжал-ғауға үн шығады,
Адамзат қайран қалып «бұ не?» дедi.
Аспаннан жаңбырдай боп адам жауды,
Мұны естiген адамның есi ауды.
Он екi мың адамды шаһид қылып,
Қопарып ап ойнайды қара тауды.
Бiр заманда Ғайнижамал жарлық еттi:
– Патшадан жоқ сұралық, тоқта, – дептi.
Әскер тоқтап, адамға көрiнбейдi,
Һәмма жанның көзiне көрiнбейдi.
Жиылды жүз мың дию, жүз мың перi,
Қыз патша Ғайнижамал бiрге келдi.
– Бұл жерге сандуғашты кiм ап келдi,
Қырамын бiрiн қоймай, айтсын, – дедi.
Патшадан жоқ сұраймыз рұқсат болса,
Сөйлесер құсты алып көңiлi толса.
Өтiрiк айтқан кiсi сау қалмайды,
Аз емес өзге жұрты тiрi қалса.
Күледi Нұрғазары сонда сақ-сақ,
Аузынан гүл төгiлер табақ-табақ.
Падиша мұны көрiп қайран қалды,
Құдай-а, құдiретiңден бұ не себеп.
Нұрғазар Ғайнижамалды айтып күлдi,
Бұлардан бiр жақсылық ендi бiлдi.
Падиша қайран қалып отырғанда,
Шақыра падишаны екеу келдi.
Падиша шеру тартып мiндi атқа,
Қорыққанынан сиынады жалғыз Хаққа.
Жер қайысқан әскерi артық, көп әскер бар,
Кез болды Ғайнижамал перизатқа.
Падиша падишаға кез болады,
Сол жерде бiраз ғана сөз болады.
– Сандуғашым жоғалды, тақсыр патша,
Сол құсымды ап келген кiм болады?
– Қайғымен тарқамайды iшкi зарым,
Тұруға жауап бермей жоқ-ты шарам.
Бұл жерге сандуғашты алып келген
Асан, Үсен дейтұғын екi балам.
Құсыңа ғашық қылды Алла Тағалам,
Iсiне Құдiреттiң бар ма шарам?!
Iздеп жүрiп бiреуiн жайын жұтты,
Келген жоқ Хасен атты кiшi балам.
– Балаңды құсым бiрлән мұнда шақыр,
Болады өтiрiк айтса заманақыр.
Арада жетi дария жетi жылдық,
Ол жерден қайтiп өтер [бұл] адамзат.
– Хасенiм екеуiнен зерек едi,
Анасы екеуiнiң бөлек едi.
Неше қиын тар жердiң бәрiн көрiп,
Құсыңды сол ап келсе керек едi.
Падиша жөнiн айтып жауап бердi,
Құлақ салып Ғайнижамал тыңдайды ендi.
«Жүзiңдi тiрi сенiң көрем бе» деп,
Падиша қайғыланып жылайды ендi.
– Құсымды алып келген Хасен балаң,
Расымды сөйлейiн ендi саған.
Өлтiрер деп қорықпа сен, падиша,
Жасырмай сырыңды айт ендi маған.
– Дидарын Хасенiмнiң көргенiм жоқ,
Шыбын жаным кеудемде, өлгенiм жоқ.
Нұрғазар ғашық құсым ап келсе де,
Мәнiсiн неме екен бiлгенiм жоқ.
– Шақыршы, Асан, Үсен келсiн, – дедi,
Жүзiмдi келiп менiң көрсiн, – дедi.
Нағылып Нұрғазарды алған екен,
Жауабын өз аузынан берсiн, – дедi.
Құсты алып Асан, Үсен жетiп келдi,
Келген соң Ғайнижамал «сөйле!» дедi.
– Нағылып Нұрғазарды алып келдiң,
Алдымда шыныңды айтып сөйле, – дедi.
Қолыңда менен алған белгiң бар ма,
Бәлеге өтiрiк айтып бекер қалма.
Өтiрiк айтқан еркiне қоя бермей,
Сандуғаш, куә болып, – дедi, – сайра.
Асан айтты: – Ап келдiм жүйрiк атпен,
Не қылсаң да жiгiтпiн iздеп тапқан.
Атпен жүрiп аралап көргенiмде,
Жын-сайтан, дию-перi ұйықтап жатқан.
Мен сiздiң шаһарыңызға барып едiм,
Қапасқа Нұрғазарды салып едiм.
Сiздер ұйықтап жатқанда түнде барып,
Бiр атпен алып қашып алып едiм.
– Шақыршы, Үсен жылдам келсiн, – дедi,
Өтiрiк айтса алдымда өлсiн, – дедi.
Нағылып Нұрғазарды алған екен,
Жауабын жылдам келiп берсiн, – дедi.
Амалсыз шақырған соң Үсен келдi,
Өтiрiк жауап таба алмай зар еңiредi.
– Сен нағылып ап келдiң Нұрғазарды,
Алдымда шыныңды айтып сөйле, – дедi.
– Мiндiм де желмаяға желiп кеттiм,
Екi айда шаһарыңа барып жеттiм.
Сiздер ұйықтап жатқанда түнде барып,
Қапасымен Нұрғазарды алып кеттiм.
Мен сiздiң шаһарыңызға бардым, – дейдi,
Қапасқа Нұрғазарды салдым, – дейдi.
Жын-шайтан, дию, перi ұйықтап жатыр,
Бiреуiң сезiп оянбай қалдың, – дейдi.
– Рас па, Нұрғазарым, осы жауап,
Ендi сайрап сөйлешi сөздiң бәрiн.
Нағып барып ап келдi мұнда сенi,
Баян қыл бастан-аяқ ахуалдарын.
Айтады Нұрғазарын: – Бұ сөз жалған,
Бұл емес Самұрықпенен iздеп барған.
Келе жатып кез болған жолда бiзге,
Бұл ағасы қаңғырып кейiн қалған.
Нұрғазардың Ғайнижамалға Хасендi баян қылғаны
Нұрғазарын сайрайды,
Хасендi iздеп тапқанша
Қыздың iшi қайнайды.
Барша адам таң қалып,
Есi кетiп жылайды.
Бұл падиша түс көрген,
Таңғажайып iс көрген.
Мұны қайдан табам деп
Жанталасып күш көрген.
Бұл патшаның, сұлтаным,
Үшеу екен баласы.
Бөлек екен Хасеннiң
Өзiнiң туған анасы.
Iздейiн деп шыққаны
Бұрынның сары даласы.
Қырық күнде келiп қоныпты
Жазулы тастың басына,
Хат оқып жатты қасына.
Құрметтi екен ер Хасен
Атасыны жайында.
Үш айыр жол кез бопты,
Бiрге туған екеуi
Бiр-бiрiне көз бопты,
– Барса келмес жолға түс,
Ендi, Хасен, сен, – дептi.
Түстi Хасен келмеске,
Екеуi қалды кеңеске.
Қырық күн жүрiп ер Хасен,
Келдi жасыл күмбезге.
Ол жаду кемпiрдiң сарайы,
Киiк болған ерлердiң
Бұрын өткен талайы-ай.
Айнымас көңiл ер Хасен
Атқалы кептi әдейi-ай.
Атқалы кептi оқ кезеп,
Байқаған екен бой тежеп,
Сиқыр соғып қаңғырып
Киiк болды бiр кезек.
Киiк болды қырық күн,
Жолдас болып мен көрдiм,
Хасеннiң жоқ бiр мiнi.
Сырдың бәрiн айтайын,
Айып қылма сiз мұны.
Кемпiрдiң қызы Гүлбаһрам
Кез болған оған ер Хасен,
Тамам хүкiм Алладан,
Қатадан өтiп сөз жазбан.
Гүлбаһрам сұлу қимайды,
Тиемiн деп жылайды.
Неках қыл деп Хасеннен
Жалбарынып сұрайды.
Сонда Хасен болмайды,
Болмасына қоймайды,
Сұлу екен ер Хасен,
Көзiне [оның] тоймайды.
Неках қылып кетейiн,
Қасад қылар деп ойлайды.
– Бармаңыз тiптi тiл алсаң,
Мысқал етiң мың тiллә,
Қайтпайсың тiрi сен барсаң.
– Ей, Гүлбаһрам, жүрейiн,
Хақ жазғанын көрейiн,
Атам ғашық сандуғаш
Тауып ап кеп берейiн.
Оған да кеттi ер Хасен,
Жылап тұрып сол айтты
Қимағаннан Гүлбаһрам:
– Тоқсан күнде жетерсiң,
Аса алмассың бiр таудан,
Таудан ассаң көрiнер
Жапырақты бiр ағаш,
Айдаһары бар мың құлаш.
Сенi көрсе, балапан
Екi көзден төгер жас.
Айдаһарды сен сонда
Өлтiруге жанталас.
Жүрiп кеттi Хасен жас,
Тоқсан күнде кез болды
Неше тау мен неше тас.
Бәйтеректiң түбiнде
Бiр айдаһар ысқырды,
Санап тұрса жетi бас.
Айдаһарды ер Хасен,
Қылыш бiрлән шабады.
Ол айдаһар Хасендi
Құйрығымен қамады.
Алпыс бiр амал адамда,
Бiр хайласын табады.
Айдаһарды өлтiрiп,
Балапанға жем қылды.
Самұрық көрдi Хасендi,
Қасад қылайын десе де,
Балапандар көнбейдi.
Самұрық Хасенменен дост болды,
– Айдап келдiң хош [дейдi],
Менiм келген жұмысым –
Нұрғазарын сандуғаш,
Соған қарай ұш, – дейдi.
Көтерiп Самұрық ұшыпты,
От дариясына жетiптi.
Бiр маралы түсiптi,
Денесiн Хасен кесiптi.
Бiздiң шаһар Ирамбақ
Ғапыл ұйықтап жатқанда,
Хасен iздеп тапқанда,
Өз бойыңа шаһзада
Жұфұтланып жатқанда,
Сiзге лайық болған соң,
Неках қылдым мен сонда.
Сiздiң жүзiктi ол алып,
Жүзiгiн салды қолыңа.
Көп зарланып шаһзада
Менi үйден ап шығып,
Хасен түстi жолына.
Самұрық қайта алып ұшып,
Он күнде келдi орнына,
Самұрық ұшқан жерiне.
Онан да кеттi ер Хасен,
Алдынан шықты Гүлбаһрам,
«Сүлейменнен қалған оқ,
Бiздiң қолда, шаһзадам».
Гүлбаһрам атты қыз бiрге
Келiп жеттi кемпiрге,
Тоқтамастан оқ атты,
Ажал жеткен кәпiрге.
Онан да кеттi шаһзада,
Кез болды бұ жау екi аға.
Жалға жүрiп қашыпты,
Екеуiнде жоқ шама.
Сатып бердi желмая
Екеуiне арғымақ,
Мен сөйлейiн сiздерге,
Алдыңызда зар жылап.
«Жасы кiшi бұл Хасен
Құсты тауып, қыз алды,
Өлтiрейiк хайламен,
Шаһзаданы амалдап».
Бiр құдыққа құлатты,
Шыңырауға салып жылатты,
Хасендi салып құдыққа,
Гүлбаһрам бiрлән мен сорлы,
Екеумiздi өстiп жылатты.
Менi алып бұл екеуi шаһар келдi,
Айтқаны екеуiнiң бекер едi.
Қаңғыртып Гүлбаһрамды қоя берген,
Ғұмыры шаһзаданың өтер, – дедi.
Менiм көрiп-бiлгенiм болды тамам,
Жар болған Гүлбаһрамға Қызыр бабаң.
Осы күнде шаһзада аман шығар,
Тезiрек Аштарыңа қылшы пәрман.
Содан соң Ғайнижамал жарлық қылды,
Сандалып ақыл таппай болады дал.
– Жетi қат көк, жетi қат жерде болса,
Хасендi жылдам iздеп табыңыздар.
Дұғасын бiр Құдайым қабыл еттi,
Қыз патша Алла iсiне сабыр еттi.
Қап тауын, от дариясын сан аралап,
Диюға Аштар деген әмiр еттi.
– Мен келiп сөйлей бермен күнде-күнде,
Тәңiрiм бөгет қылма қызыл тiлге.
Жетi қат көк, жетi қат жердi аралап,
Келейiн алдыңызға неше күнде.
– Медет бер ендi бiзге, Алла, – дедi,
Төрт бұрышын төңiректiң барла, – дедi.
Он сегiз мың ғалам бәрiн қарап,
Аштарым, ертең түстен қалма, – дедi.
Бұлттай бұрқыраған Аштар кеттi,
Қыз патша Ғайнижамал әмiр еттi.
Аштардың Құдай берген күшi бар-ды,
Қап тауын, от дариясын аралайды.
Шiркiннiң ұшқырлығы сол емес пе,
Дүниенi түске шейiн бiр айналды.
Дүниенi түске шейiн бiр айналды,
Күн болып-дүр Қап тауын шыр айналды.
Төрт бұрышын төңiректiң шыр айналып,
Хасендi орда жатқан тауып алды.
Хасендi орда жатқан көредi ендi,
Қадiр Алла тiлегiн бередi ендi.
Гүлбаһрам мен Хасендi мiнгiзiп ап,
Аштар дию күн батпай келедi ендi.
Кетедi Ғайнижамал күйiп-жанып,
Бiр ақырып жiбердi ашуланып:
– Ей, залымдар, өтiрiк неге айттың? – деп,
Екеуiнiң тастады басын қағып.
Қайғысы Ғайнижамалдың Хасен едi,
Ашу менен қайғысын басады ендi.
Екi ұлын патшаның өлтiрген соң,
Патшаға жауап таппай сасады ендi.
Екi ұғылын патшаның боршалады,
Қайғысы Ғайнижамал орталады.
Өзi – келiн, патшаны ата қылып,
Әдеппен ұялғаннан қорғалайды.
– Балаңыз қаза тапты Асан, Үсен,
Өзге жұртың бiздерге болар есен.
Күнәһ түсiп мойнына өлiп кеттi,
Бақыл бол Құдай iсi менi десең.
Падиша қайта мiндi алтын таққа,
Жар салды той қыларға һәр тарапқа.
Шетке шығып, мал сойып, той қылыпты,
Мiнедi бозбалалар арғымаққа.
Қырық мың түйе, қырық мың қойды сойып,
Тойыпты барша адамдар аппақ майға.
Тамам жұрттың бәрi де жығылдылар,
Мiнедi жас балалар жорға тайға.
Жайылды зияны жоқ қой мен бөрi,
Аралас бiрге жүрдi адам, перi.
Кедей кiсi бай болды, бай кiсi маст,
Қырық күн ұдай той қылды шаһар елге.
Ғайнижамал, Гүлбаһрамды Хасен алды,
Нұрына екеуiнiң жан таң қалды.
Қараңғы үйге кiрсе жарық болған,
Барша адам есi кетiп қайран қалды.
Етi аппақ қарап тұрса жауған қардай,
О да сондай сұлу екен Гүлбаһрамдай.
Рас сұлу екенi сол емес пе,
Келiп көрдi патшаның билеген жан.
Бұрқырап жұпар шығар қара шаштан,
Ол жерде жан жоқ болды бұдан асқан.
Бетiнен бет көрiнер айдай болып,
Көлеңке нұр бiлiнер iшкен астан.
Қарасаң қардай болар айшық ағы,
Күмiстен һеш кем емес он саусағы.
Жалғанда өлшеу қылып айтып болмас,
Артық боп перiлерден туған дағы.
Падиша қызықпенен бiр жыл өттi,
Перiге, адам түгiл, хүкiм еттi.
Патшаға бiр жылдан соң бiр ой түстi:
– Билеген тамам жұртым келсiн, – дептi.
Жиылды падишаның билеген жан,
Перi, адам қисап қылса тоқсан миллион.
– Қырық жылдай билеп сiзге патша болдым,
Разы болсаң берiңiз рұқсат маған.
Рұқсат бер, разы болсаң, халықтарым,
Амалдар қабыл қылса көңiлiм бар.
Патшалығым Құдаға керек емес,
Ғарасат майданында тергеу болар.
Құдауанда Құдай-а, құлың-дүрмiн,
Бiрталай қызық көрдiм патша болып.
Хазiрет Адам атадан берi қарай,
Бәрi де туған жанның өлiп қалды.
Дүниеден ажал жетсе бiз де өлермiз,
Ғарасат майданында тергелермiз.
Құдаға тағат қылмай өлiп кетсек,
Ақырында пайдасы жоқ қайғы жермiн.
– Рұқсат болар, тақсыр, елден сiзге,
Құдадан патшамын деп күдер үзбе.
Әдiлдiгiң тұсында жұрт тыныш етiп,
Кiм болар сiзден кейiн патша бiзге.
Сiзден соң кiм жұрт билер Құданы ойлап,
Өскен жоқ заманында дiңгек бойлап.
Барша жұртың разы, тақсыр, сiзге,
Сөйтсе де өзiңiз қой патша сайлап.
– Халайық, өзiңiз қой, патшаңды қойсаң,
Мен разы, сiздер маған разы болсаң.
Ғұмырымды тағатпенен өткiзейiн,
Жақсылық болар ма екен бiр Алладан.
Бiздерге ендi болсын Хасен патша,
Жұртым, менге разы боп берсең бата.
– Барша жұртың разы, тақсыр, сiзге,
Шыққан жоқ аузыңыздан биттей қата.
Шаһзада мұнан кейiн патша болды,
Патшаның баласына көңiлi толды.
Жесiр қатын, жетiм ұл мың қой айдап,
Қақ жарған қара қылды патша болды.
Хасендi патша қойды халқы сүйiп,
Ел сүйiндi әдiлiне ғиззат қылып.
Және қырық күн той қылды перi, адамзат,
Мансабы атасынан болды биiк.
Шаһзада Қап тауының бiр саласы,
Тiлейдi патша болар ер панасы.
Перi, адам халқына патша болған
Махмұт атты патшаның бiр баласы.
Падиша иман ойлап дiнiн күттi,
Құдай-а, иман бер деп зар еңiредi.
Рузе менен намазды бiрдей күтiп,
Дүниеден иман тауып ғұмыры өттi.
Содан соң Хасен құрды падишалық,
Сайлайды сүйгенiнен қанша халық.
Жарлығы перiлерге жүрiп кеттi,
Жақында Ғайнижамал қайта барып.
Қырық күн мұнда тұрады, қырық күн анда,
Перiге дәл он бес сағат орта жолы.
Жүз мың палуан қызметкер ат-тонымен
Тақыт мiнiп сайрандап жүрдi аспанда.
Қызметкер жүз мың [болды] перiзаттан,
Шаһзада бұл мансапты пешком тапқан.
Бiр сағатта жүрген жан һеш тоймайды,
Қалдырмай перi ұшады бес сағаттан.
Шаһзада Құдай қосып теңiн тапты,
Атасы иман тiлеп зар жылайды.
Хасеннiң патша болған заманында
Залымнан пақыр кiсi теңдiк алды.
Байлардың арбауына һеш көнбейдi,
Мұндай әдiл падиша қор болмайды.
Пақырға залым қорлық қылса дағы,
Пақыр хақын залымға жiбермейдi.
Пақыр кiсi залымнан теңдiк алды,
Патшаның әдiлiне жан таң қалды.
Ғайнижамал, Гүлбаһрам патша қызы алды,
Екi бiрдей перiден қатын алды.
Хасеннiң халалына көңiлi толды,
Шаһзада перi, адамға патша болды.
Екеуiнiң сипатын айтып болмас,
Құдайым душар қылды ай мен күндi.
Шаһзада ортасында жалғыз Шолпан,
Ол күнде жан жоқ болды артық мұнан.
Шаһарының бәрi бiрдей тоқтық болды,
Патшасы жаннан асқан әдiл болған.
Кiтаптан қисса қылмыш мұның бәрiн,
Бiлген адам түзетер қаталарын.
Ғайнижамал Гүлбаһраммен балдан тәттi,
Һәркiмнiң қылсын сондай алған жарын.
Ғайнижамал, Гүлбаһрам балдан тәттi,
Ғұмырында етпеді жаманатты.
Әдеп бiрлән сөйлейдi бұл екеуi,
Тура сөз бiр-бiрiне һеш айтпады.
Бұ қисса, халайықтар, бiттi тамам,
Көп шығар арасында қылған қатам.
Екi дүние жүзiнде қор болмайды,
Жаһанда разы болса атаң, анаң.
Жаратты Адам қылып атамызды,
Құдай-а, қабыл еткiл дұғамызды.
Көрген соң бұ қиссаны жазған болдым,
Құдай-а, кешiре көр қатамызды.
Жар болар сүйген құлға Қызыр бабаң,
Бұ сөздi жазайын деп алдым қалам.
Һәркiм алған жарын сондай қылып,
Жеткерсiн мақсұтына Алла Тағалам.
Жамағат, қол көтерiп әмин деңiз,
Сөзiмнiң ендi аяғы болды тамам.