Қазақша
Қақпанға түскен киіктің хикаясы
Таланға тағдыр Алла жазса басып,
Болмайды әмiр әйласына не мiнәсiп.
Iлгерлi Пайғамбардың заманында
Бiр жүһүд етедi екен қақпан кәсiп.
Қақпанын құрып көздеп салады екен,
Бұйырған несiбесiн алады екен.
Бiр күнi қақпанына түстi киiк,
Қуанды, ететұғын талап екен.
Киiктiң егiз ылақ бар баласы,
Туғалы үш күн болған екен анасы.
Баласын есiне алып егiлiп,
Алланың үкiмiне бар не шарасы.
Iз ертiп iзiменен қуып келiп,
Мұны айтты ұстап алып ұсталасы.
«Көрiнiп қолға түстiң бiздiң көзге,
Өлместен шараң болмас», – дедi, – өзге».
Жатқанда бауыздауға ыңғайланып,
Керiлiп ол жануар келген сөзге.
– Әй, надан, мауыздамай, әйла сабыр,
Көрейiн бiраздан соң сiзден сабыр.
Бар едi емiзетiн екi балам,
Баратын уақытымыз ол қалып жатыр.
Қылмады бармағына ұлықсатты,
Болған соң өзi кәпiр, дiнi қатты.
Көңiлi жiбермекке құптамайды,
Көрiнiп сауабынан етi тәттi.
– Балаңды емiзуге жiберейiн,
Бiреудi бер кепiлдiкке инабатты.
Ойлайды «нетемiн» деп сонда киiк,
Бұл кәпiр кiмге сенед көңiлi биiк.
– Ғарiптiң жала-пәледен қамқоры едi,
Ат берген «Хабибiм» деп Тәңiрi сүйiп.
Барайын Пайғамбарға мұңымды айтып,
Көзiмнiң кепiл болғай жасын иiп.
Жүһүдпен Пайғамбарға киiк келдi,
Жылайды киiк зарын айтып ендi.
– Жапанның жануары едiм, тақсыр,
Бұл жүһүд менi байлады [ендi].
Бар едi жаңа туған екi балам,
Жылап жүр «қайдасың, – деп, – ғарiп анам».
Емiзiп, кепiл болсаң келер едiм,
Не болар жетiмдерге тисе панаң.
Жас артты Ақ Пайғамбар екi көзiн,
Қамығып қатты, тыңлады айтқан сөзiн.
– Емiзсiн көдектерiн, – дедi, – жiбер,
Болайын келмегiне кепiл өзiм.
Дедi: – Халқыменен, тақсыр, тiзе бүктiң,
Палуаны махшардағы ауыр жүктiң.
Құдайдан қорқып, сiзден ұялуға,
Бола ма сенiмiне сырты түктiнiң.
Кәпiрге хайуан үшiн болып кепiл,
Құнына кетесiз бе бiр киiктiң.
Сол заман Әбубәкiр келдi жетiп,
Сөйлейдi Пайғамбарға тағзым етiп:
– Кiрiптар бұл кәпiрге бiз болайық,
Алдаса бұл жануар келмей кетiп.
Сыдыққа сонда жүһүд айтады сөз,
Етедi қатты назар тiктенiп көз.
– Басқаңа Пайғамбардан сенбеймiн,
Өтiрiк сiздерде бар өнер, мiнез.
Екiншi, Омар келдi иiп басын,
Көзiнiң қатра-қатра төгiп жасын.
– Ей, жүһүд, кепiлдiкке ұста бiздi,
Етедi көңiлiңнiң мұтақасын.
Алмады Омарды да, не пәтуа,
Хазiретi Пайғамбарды сынамаққа.
Болғасын өзi кәпiр, амал нешiк,
Ақыры берген сондай асылзатқа.
Үшiншi, хазiретi Оспан келдi,
Жүһүдке кепiлдiкке байлап бердi.
Алмады оны дағы нәубеттiкке,
Мұндай кiм көрiптi тас-емендi.
Төртiншi, Әли келдi мiнiп Дүлдүл,
Жүһүдке анық ашу, айласы бiл.
Айбаты жер мен көктiң арасында,
Болжады сыймағанын өсиеттiң.
– Ей, Шерiм, қаһарыңды қабыңа сал,
Деп сонда жауап қатқан хазiрет Расул.
Ұстамай кепiлдiкке жүзiқара,
Көңiлiне қарамастан салды жара.
Әлиге Пайғамбардан ұлықсат жоқ,
Жүһүдтi етер едi пара-пара.
Өзiне қалды нәубет Пайғамбардың,
Бiреуiн сенiмге алмай ол төрт жардың.
Ұстады Расулдың басын сертке,
Жол болып мұддағасы пейiлi тардың.
Киiкке «қара» дейдi бетiн ашып,
Мүбәрак жүзiнен гауһар шашып.
– Кiрiптар бұл кәпiрге етiп бiздi,
Тапсырдым бiр Аллаға, кетсең қашып.
Ол киiк дедi жылап: – Әйла, Мұхтар,
Сәруар екi дүние, панаңды нықтар.
Сiздi алдап бұл дүниеде таңға қазы,
Көремiз шапағатыңды қалай дидар.
Расулым айтты сонда: – Ей, жаны бар,
Бұл кәпiр қатты көңiлi, тезiрек бар.
Емiзiп келуiңдi хидаят қыл,
Келмесең осы күнiң бiзге туар.
Жөнелдi киiк қайта биабанға,
Толтырып екi көзiн қызыл қанға.
Баласын киiк iздеп бара тұрсын,
Мұны айтып кейiнгi ел қалған таңға.
Кiрiптар болды Сәруар сауап үшiн,
Сенiп ол бейзабан хайуанатқа.
Бұл жерде кеттi киiк көзi көрiп,
Кәпiрге Пайғамбарды кепiл берiп.
Емiзiп тауып алып балаларын,
Жылайды Мәдинеге көзiн берiп.
Жүһүдтiң қаттылығын көрген көзi,
Белгiлi Сәруарға айтқан сөзi.
«Қандай күн Пайғамбарға туды екен», – деп,
Өкiнiп зарлық еткен өзiн-өзi.
Зарлаған балалары көрiп аяп,
– Не болды, – дедi, – сiзге, ей, анажан.
. . .* қасiретiңiзден ауырасыз,
Айтсаңыз, естiр едiк, бiзге баян.
Ол киiк баласына айтты жайын,
Көзiнiң ағып жасы айтқан сайын.
– Ей, жас, жастарыңнан болдың жапа,
Амал жоқ, Ақтың үкiмi не қылайын.
Жәрдемшi бiр жаныңа болсын, балам,
Анаңа ақырзаман болғандайын.
Нәпсi үшiн сахарада сайран еттiм,
Дауасын табайын деп аштық дерттiң.
Аяқтай ажал айдап жерге апарып,
Iлiндiм қақпанына бiр жүһүдтiң.
Ол жүһүд ұстағасын, сiздер үшiн
Көзiмнiң қаны аралас жасын төктiм.
Сыр қатып әл-жайымды бiлмегiме,
Әуелi жiберер деп үмiт еттiм.
Осынша қатты өтiнiп жалынсам да,
Болмады рақымы ол қарабеттiң.
Қайтадан қаһар еттi қайта маған,
Көрiнiп бұрынғыдан зейiлi жаман.
«Бiреудi сенiмдi кепiлдiкке бер,
Сөзiңе сенбеймiн құр алдаған.
Қалыпсыз басқа . . .* хайуан түгiл,
Адам да бiр сөзiнде тұра алмаған».
Амалын босанудың еткенiнде,
«Мен қалай сенемiн, – дедi, – саған?»
Пышағын бауыздауға ыңғайлады,
«Сен, сiрә, қалмассың, – деп, – менен аман».
– Қалғасын өзiм өлiп сiздер кейiн,
Ойымды, – деп жыладым, – кiмге шағам.
Болмаса Пайғамбардан бiр шапағат,
Менiң жоқ адамзатта iнiм, ағам.
Рақым осы кiсi әйламаса,
Жасынан жапан тартып жетiм қалған.
Рақым арызымды тыңла, – дедiм,
Тыңламай сабырсыздық қылма, – дедiм.
Жегенде менiң етiм не болады,
Апарып Мәдинеге пұлда, – дедiм.
Неше бәнт, намазхандар көп пұл берер,
Шапшаң жүр, шаһарыңда тұрма, – дедiм.
Сөзiмдi менiң жүһүд қабыл еттi,
Жүрдi тез Мәдинеге түзеп беттi.
Сахаба отыз үш мың, төрт жарменен
Мешiтке бiр келгесiн сап түзеттi.
Намазын оқып ада қылғаннан соң,
Мен айттым басымдағы өткен кептi.
Есiтiп хал-жайымды бiлген адам
Көзiнiң қан аралас жасын төктi.
Сахаба отыз үш мың, төрт жарменен менiң үшiн
Жүһүдке бәрi тiлек берiп өттi.
Барлығын сол задалардың есепке алмай,
Көрсеттi азар берiп ақыреттi.
«Құнына бiр киiктiң өтпедiк», – деп,
Егiлiп ол сахабалар жерге жеттi.
Кепiлге Пайғамбарды ұстап қалды,
Жылаймын тағат қылмай сол себептi.
Қыл талап, қияметте жолығамыз,
Келемiн деген уақыт өтiп кеттi.
Кәпiрге қалды хазiрет билiк берiп,
Бiз өтiнiп жасымасын азар көрiп.
Жүруге қайтып қайым болып едi,
Жылайды балалары iзiне ерiп.
– Кет, – дедi, – ей, анажан, бiздi де алып,
Артыңда не боламыз сiзден қалып.
Болмадық, тым болмаса, . . .*жолдас,
Несiбе терiп жеуге тiстi жарып.
Қалдық, – деп, – анадан жас, ақыл сұрап,
Шағамыз халiмiздi кiмге барып.
Жетi қат жерден ауыр ақыңыздың,
Дүниеге келдi ме екен бiздей ғарiп.
Ешкiмге бiздiң бастан артылдырып,
Салмасын бұл жапаны Жаппар Халық.
Қатырмай қабырғамды қамықтырып,
Кететiн егер тастап болсаң анық,
Өзiңмен бiрге өлуге байладық бел,
Тартқанша қалып жапа арып-талып.
Бiзге де рақым етер ме екен,
Пайғамбар шапағатын шашсын анық.
– Қалыңдар, кiрiң, балам, кеңесiме,
Алғанмен еш нәрсе емес мен есiңе.
Бiз үшiн мiнiп Сәруар қалып едi
Бел байлап тәуекелдiң кемесiне.
Барайын уағданың мезгiлi өтпей,
Дақ түсер абыройдың егесiне.
Жаратқан Жаппар Ие, күнiңде өтем,
Амал не, Ақтың өлiмiн теңдесуге.
Қалмады балалары алдын орап,
Жүруге Мәдиненiң жолын сұрап.
Жүредi үшеуi де шұбырынып,
Өлмекке байлап басын зар-зар жылап.
Үшеуi шұбырынып келгеннен соң,
Таңырқап қалды көрiп отырған сап.
Лақтар ерiп келдi енесiне,
Ұрынды уағданың шекесiне.
Үшеу боп бiр киiк келгеннен соң,
Сыймады Хазiрет нұры денесiне.
Бұларды жүһүдтiң да көрдi көзi,
Көргесiн рақым еткен шат мiнезi.
Үшеу боп бiр киiк келгеннен соң,
Жүһүдтiң сонда мынау айтқан сөзi.
– Етсек те сенбестiк хайуан көрiп,
Адамнан артық екен мұның өзi.
Үшеуiн Құдай үшiн азат етсем,
Көңiлiм болмай ма алтын, кетiп жезi.
Тәубе етсем, пайда, тақсыр, өзiме, – дедi,
Турасын көрсет маған жолдың, – дедi.
Жануар жапандағы ұсынғансын,
Дiнiңнiң ақтығына көндiм, – дедi.
Тәңiрге таңға қазы куәлiк бер,
Үш талақ өз дiлiмнен бездiм, – дедi.
Мен екен ойлап тұрсам дiнiң қазы,
Әуелден болғаннан-ақ жанның нәсi.
Кiрiптар хайуан үшiн етiп сiздi,
Дүниеге келдi ме екен бiздей ғасы.
Қатамды өзiң кешiп құтқармасаң,
Азаптың, тақсыр, болдым мүбдәласы.
Бектерiм, оның үшiн бiр дұға қыл,
Жүһүдтiң мұсылман болған нәтаһасы.