Қазақша
Қубас
Жарандар, иманыңнан күдер үзбе,
Айтайын осы мәселе ендi сiзге.
Пайғамбар тақсыр Ғайса бiр күндерде
Сейiл құра шығыпты мидай дүзге.
Ұстасаң, пiтiрiн бер оразаңның,
Шығарса пәк болса жаназаңның.
Тақсыр Ғайса сейiлден келе жатса,
Алдында қубас жатыр бiр адамның.
Бөксесi жоқ, кеудесi жоқ қубас жатыр,
Жарымы су, жарымы құм болып жатыр.
Адамның басы екенiн бiлгеннен соң,
Асасыменен көтердi Ғайса батыр.
Сиынар ендi Ғайса, Әуел бiр деп,
Қубасқа таң қалады әлдекiм деп.
Құдайға мiнәжат қылып дұға қылды:
«Тiл берiп, осы басқа сөйлестiр», – деп.
Пайғамбар дұға қылып тiленiптi,
Аспаннан құлағына дауыс келiптi.
«Досым Ғайса қубасқа сөйлессiн», – деп,
Жәбiрейiл перiштенi жiберiптi.
– Қарының ашса Аллаға жыла, – дейдi,
Тәубе жүрмес тоқтықта, сiрә, – дейдi.
Құдай сүйер досы, тақсыр Ғайса,
Қубастан қажетiңдi сұра, – дейдi.
Ықыласымен сұраса, иман берер,
Темiр үйге кiрсең де, Аллаң көрер.
Тақсыр Ғайса, қубаспен ендi сөйлессең,
Не сұрасаң, сөзiңе жауап берер.
Қозғалды жан берген соң қубас ендi,
Құдайым не көрсетсе, оған көндi.
Жатқан қубасқа тiл келтiрiп,
«Е, Құдай, тәубе» деп түрегелдi.
Тiрiлдi жан берген соң қубас ендi,
Құдайым не көрсетсе оған көндi.
Алланың әмiрiмен жан берген соң,
Түрегелiп Ғайсаға сәлем бердi.
Ол бас айтты: – Ғайса, тыңла, – дедi,
Халiмдi естiп масқара қылма, – дедi.
Алланың сен де сүйер бiр досысың,
Құдайдан менi тiлеп жыла, – дедi.
Иә, Ғайса, өткен iске күйме, – дедi,
Көрсең де жаман iстi бiлме, – дедi.
Көзiм көрген iсiмдi мен айтайын,
Сен [ендi] құлақ салып тыңла, – дедi.
Ренжiмей күтiңiз Құдай iсiн,
Кiм жаман болсын дейдi қылған iсiн.
Қубасқа тiл бiткен соң сұрап Ғайса:
– Иә, қубас, қатынбысың, еркекпiсiң?
– Мен, Ғайса, қатын емес, еркек едiм,
Тiрлiкте бiр кiсiдей жомарт едiм.
Алланың әмiрiнен мұндай болдым,
Шам шәрiн билеген падиша едiм.
Шәрiм маған қарап тұрушы едi,
Не деген жарлығыма көнушi едi.
Жұртымды билеп тұрған заманымда
Өзiмнен сондай жаман қорқушы едi.
Төрт мың құлым бар едi қызметкер,
Әрбiрiнiң қолында сұңқары бар.
Шәрiмдi билеп тұрған заманымда
Дәулетiм сондай едi, е, пайғамбар.
Бар едi қызметкер құлым және төрт мың,
Ешбiр қайғым жоқ едi сонда менiң.
Мұнша тұрған дәулеттiң арқасында,
Жан шықпас деп едiм ендi менiң.
Төрт мың құлым бар едi, бәрi бiрдей зор,
Құдайға iсi жақпаған болады қор.
Он алты мың құлым бар едi сатып алған,
Бәрiнiң арыстандай денесi зор.
Әуелi мен жұрт биледiм падиша боп,
Дiн күткен жаныңа һеш ғазабы жоқ.
Дәулетiм, қайырым сондай үлкен едi,
Ойладым қайырым [көп], ақыретте қор болман деп.
Қайтейiн, қайтейiн, дүние боқ!
Ғазапты көп тарттым күнәһар боп.
Бар едi қызметкер құлым он алты мың,
Өзге жұрт құлымның есебi жоқ.
Ерiккенде мен шығып, аң аңдаушы едiм,
Көрген дұшпандарға жау едiм.
Ораза, намаз күтпеген жазасынан,
Жетi тамұқ iшiнде ғазап көрдiм.
Құлдарым ертеменен келушi едi,
Алдымда қол қусырып тұрушы едi.
Шам шәрiн билеген заманымда
Айбатымнан бәрi тiтiреп тұрушы едi.
Айтты Ғайса: – Бұйрық болып келдiм бүгiн,
Шам шәрiн билеген падишасысың.
Ақыреттiң ғазабын сен көрiпсiң,
Сұраймын, көргенiңдi айтамысың?
– Сұрасаң, көргенiмдi мен айтайын,
Көргенiм бәрi ғазап, не айтайын?!
Алланың сен де сүйер бiр досысың,
Ғазаптан құтқара көр деп айтайын.
Құдай жарлығынан тұрдым солай,
Жұмжұма атым едi, е, тақсыр-ай!
Шәрiмдi билеп едiм ол уақытта,
Алланың әмiрiмен болдым мұндай.
– Алланың әмiрiмен тұрдың, – дедi,
Менiмен кеңесiңдi құрдың, – дедi.
Жұмжұма, салтанатпен жұрт биледiң,
Неше жыл падишалық құрдың? – дедi.
– Алланың әмiрiмен тұрдым, – дедi,
Сiзбенен кеңесiмдi құрдым, – дедi.
Салтанатпен жұрт билеп тұрғанымда
Төрт жүз жыл падишалық құрдым, – дедi.
Алдыма пақыр, мүсәпiр көп келушi едi.
Не нәрсе керек болса алушы едi.
Айбатты, бетiм нұрлы падиша едiм,
Бетiм көрген жамандар тоюшы едi.
Тiрiлiкте, сондай-ақ, әдiл едiм,
Сол халде он мың қатын алып едiм.
Ораза, намаз күтпеген себебiм сол,
Қайырым бар, ғазап көрмен ойлап едiм.
Сол халде ажал жетiп өлiп едiм,
Өлген соң жақсы түндi бiр көрмедiм.
Аққу етiн жемеген байғұс басым,
Жетi тамұқ iшiнде зар еңiредiм.
Үш мың жыл қысым көрiп ғазап тарттым,
Бiр өлiп, бiр тiрiлiп жанып жаттым.
Басымды сүрiп тастағанда,
Домаланып мында келiп құмға баттым.
Ғайса айтты: – Дұға қылып, сен тiрiлдiң,
Құлағыма сiңгендей кеңес қылдың.
Қой, ендi, тiрiлiкте қылғаныңды,
Жұмжұма, өлiм жайын қандай бiлдiң?
– Мен сонда өлгеннен соң ғазап көрдiм,
Ғазаптан қорыққанымнан бек сандалдым.
Ақыреттiң ғазабын бұрын бiлсем,
Әлiм келсе, шешемнен тумас едiм.
Бiр күнi үйден шықтым сейiл құрып,
Сейiлден үйге қайттым мойын бұрып.
Үйiмнен бiр қатыным қарсы шықты,
Он төрт күнде туған айдай болып.
Үйден шыққан қатынымды анда көрiп,
Қатыныма көңiл қойдым мойын бұрып.
Қатыныммен қалжыңдасып отыр едiм,
Бiр мүсәпiр үйiме келдi кiрiп.
Айтушы едiм шариғат сөзiн естiп,
Ешкiм келмес едi маған батып.
Қатыныма көңiл түсiп отырғанда,
Мен айттым мүсәпiрге «шығып кет» деп.
Сол мүсәпiр үйiмнен шығып кеттi,
Нәпсiм тiлеп, шариғат iсiн еттiм.
Сонан шығып шариғат ғұсыл қылдым,
Құдайым сонда бiр жаман дерт еттi.
Сол монша iшiнде азан айттым,
Жанымнан қорыққаннан айттым.
Қиналдым «бiр пәлеге жолықтым» деп,
Сонан соң басым ауырып үйге қайттым.
Үйге қайтып келген соң, жұртым жидым,
Өлермiн деп жанымды пiкiр қылдым.
Шыбын жанға бiр хайла болар ма деп,
Бақсы менен молданың бәрiн жидым.
Сол халде көздiң жасын тыя алмадым,
Мен сонда ауруым жайын бiле алмадым.
Сонша бақсы, молданы жисам дағы,
Ажалға ешбiр хайла қыла алмадым.
Елiм-жұртым жиылып жылап келдi,
«Халiң нешiк, тақсыр» [деп] сұрап келдi.
Сонан соң ауруым қатты болды,
Халiм кеттi, өлерiмдi бiлдiм, – дедi.
Елек болмас зәлiм құлың, – дедi,
Кiсi көрмей, жылдам ал жаным, – дедi.
Жанымды Әзiрейiл алып кеттi,
Күнәларым болмаса сонда, – дедi.
Хан болмай, мүсәпiр болсам едi,
Құдайға құлшылықты қылсам едi.
Перiште жанымды қинап алған соң,
Неге мұнда падиша болғам едi.
Бар едi алты жүзi Әзiрейiлдiң,
Әзiрейiлдiң суық жүзiн көре алмадым.
«Алты жүзi бар не еткен жан едi», – деп,
Қорқып, тақсыр Ғайса, қалтырадым.
Алдында Әзiрейiлдiң бiр жүзi бар,
Артында және нұрдан бiр жүзi бар.
Оң жағының iшiнде бiр жүзi бар,
Сол жағының iшiнде бiр жүзi бар.
Астында және бiр жүзi бар,
Үстiнде нұр сипатты бiр жүзi бар.
Бұ дүниеге санадын бiр көрсетсе,
Тiтiреп көрген жарандар әм өлер.
Алдыңғы жүзiменен алады мүмiн жанын,
Сол жүзiменен алады кәпiр жанын.
Астындағы жүзiмен әмiр келсе,
Алады жер астындағы перi жанын.
Және бiр сөз айтайын құлақ сал деп,
Үстiндегi жүзiнiң мәнiсi сол –
Жаратқан бiр Алладан әмiр келсе,
Жан берер едi перiштелер.
Жұмжұма: – Көргенiмдi көрдiм, – дедi,
Жан берген соң ғазабын бiлдiм, – дедi.
Әзiрейiл перiште деген айбатты екен,
Қасыма ашуланып жетiп келдi.
«Екi қолын ұста» деп перiште айтты,
«Екi аяғын ұста» деп бiреу айтты.
«Жанына батқан соң үнi шығар,
Тiлiн ұста», – деп тағы айтты.
Қисабы жоқ көп едi малым, – дедiм,
Он алты мың бар едi құлым, – дедiм.
Арыздасып алайын, сөйлесейiн,
Азырақ аял маған берсең, – дедiм.
Жан шығарда қиналып көп жыладым,
Бiр мысқылдай дем алсам тыя алмадым.
Сонша құлменен, малменен бәрiн бердiм,
Ажалға ешбiр хайла қыла алмадым.
Күрзiменен сонда соқты «сөйлеме» деп,
Қиналды шыбын жаным қайран болып.
Құлың менен малың түгiл, дүние боқ,
Дүниенiң еш нәрсе бiзге керегi жоқ.
Күрзiменен соқты «сөйлеме» деп,
«Оқыған ораза менен намазың жоқ».
Дүниеде мен өзiм бекер жүрдiм,
Жығылдым, жаным шошып қайтпан деп.
Әзiрейiл күрзiмен ұрды қырық,
Сүйектерiм омырылып, талқан болып.
Жығыларға халiм келмей жатып алдым,
Құдайға «құлыңмын» дедiм бiр-ақ.
Iшiңе мың пышақ жардырғандай,
Бiлегiңе мың пышақ салдырғандай.
Мың қазан суға салып қайнатқандай,
Жан шықпақ қиын екен сол айтқандай.
Өлгеннен соң ел-жұртым көмдi, – дедi,
Құдайым бiр пәленi бердi, – дедi.
Ел-жұртым қырық адым кеткеннен соң,
Екi кiсi қасыма келдi, – дедi.
Екi кiсi тiрiлтiп алды дағы,
Сондай қатты қысып сөз сұрады.
«Жұмжұма, күнәң сенiң қанша? – дедi,
Тезiрек жауап бер», – деп айтады.
Сол жерде жауап бермек қиын екен,
Жақсы-жаман iсiмдi бiлген екен.
Туғаннан менiң қылған iсiм
Хатқа жазып перiштелер алған екен.
«Күнәларың қанша?» деп екеу айтты,
«Иманың бар ма екен?» деп тағы да айтты.
Екеуiне бiр жауап бере алмадым,
Тiтiредiм, әмiрлерi сондай қатты.
Шешеден қарғыс алдым азып қайтып,
Ұят алдым әкеден жаман тауып.
Тағы да перiште жетiп келдi,
Сондай үлкен қап-қара, түсi суық.
Сол келдi жоғарғы ернiн көкке тiреп,
Қышқырды төменгi ернiн жерге тiреп.
Ақырып, аузынан оты шығып,
Көрген соң шошып шықты ет жүрек.
Бәрiн де өз көзiмменен көрдiм,
Ғазаптың қаттысына қайран қалдым.
Бiр адам от iшiнде жанып жатса,
«Кiм екен?» деп көзiмнiң қырын салдым.
Санасам, жетi тамұқ болды, – дедi,
Бәрiнiң де ғазабын көрдiм, – дедi.
Әуелде Аужа деген тамұқ көрдiм,
Ораза, намазсыздың орны едi.
Екiншi, Шақыт деген тамұқ көрдiм,
Ұрлық пенен зинақордың орнын көрдiм.
Үшiншi, Нақбыр деген тамұқ көрдiм,
Әке-шешесiн ренжiткеннiң орнын көрдiм.
Төртiншi, Расыт деген тамұқ едi,
Сыртынан ғайбатшылық айтқан кiсiнiң орны едi.
Бесiншi, Лазит деген тамұқ едi,
Бақсы мен жамандардың орны едi.
Алтыншы, Катим деген тамұқ көрдiм,
Ерiншек бейнамаздың орнын көрдiм.
Жетiншi Жаһаннам деген тамұқ көрдiм,
Санасыз кәпiрлердiң орнын көрдiм.
Аралап сол дозақта бiраз жүрдiм,
Отыз түрлi ғазапты адам көрдiм.
Күңiренген бәрi халықтың жылағанда,
Тұла бойым тiтiреп зар еңiредiм.
Сол қубас ақыреттен ғазап көрдi,
Құдайым Ғайсамен сөйлестiрдi.
Дұға қылды Құдайының досы Ғайса,
Және тағы сексен жыл өмiр сүрдi.
Ақыреттiң ғғазабын көрiп бiлдi,
Сексен жыл ұйықтамай тағат қылды.
«Өмiр берсең де, падиша болман», – дедi,
Өлгеннен соң ұжмаққа тура кiрдi.
Күнiнде өлген де бар, туған да бар,
Өзiңнен жақсы да бар, жаман да бар.
Бұл сөзiм кiтап пенен Құранда бар,
Үйреткен ұстат қылып молдамда бар.