Қазақша
Хикаят Тәжілмәлік
Жаратып жiберiп ең бұл ғаламға,
Өзiңсiң ризық берген жүмлә жанға.
Жазбаққа бiр хикаят қалам алдым,
Жәрдем ет, Хақ, тiлiме, Қадiр Алла.
Тарихтан алдым жазып қарадым да,
Назым ғып шығармақ боп талабымда.
Бiр падиша Мұхтар атты өткен екен
Исламға халифа боп заманында.
Ғаламға әдiлдiкпен шыққан аты,
Ғалидан Шаһимардан арғы заты.
Әулетiн ер Ғалидың таратқанда,
Мұхаммед-Ханафияның зүрриаты.
Жалғыз-ақ падишаның бар баласы,
Көзiнiң тiлеп алған ақ-қарасы.
Ерлiгi Рүстем менен Ғали Шердей,
Өзiнiң он алтыда жас шамасы.
Баяндап айтып өттiк тегi-затын,
Жазылып кейiнгiге қалсын хатым.
Дүниеде сол ұлыққа теңдесi жоқ,
Шаһизада Тәжiлмәлiк дей-дүр атын.
Өнерлi, теңдесi жоқ, болды дана,
Дүниеде бар ғылымды бiлдi һәмма.
Қандай дос, қандай дұшпан бар екенiн
Шамалап бiлiп болды шаһизада.
Мақсұдын iстемекке ойына алған,
Қорқыныш етер емес тiрi жаннан.
Көп жәбiр мұсылмандар көретұғын
Әулетi әдiлердiң Қараханнан.
Әулетi Қараханның Жалут, Таран,
Етiн жеп әдет қылған, сойып адам.
Ұрыста неше мыңдық әрбiреуi,
Осындай жауыз халық, түрi жаман.
Бiрнеше шаһарларды харап қылып,
Талайды мұсылманнан еткен талан.
Хайуанша бетiменен өсiп-өнген,
Көптiгi дүние жүзiн тұтқан тамам.
Тiрi жан құтқармады ұсынғаннан,
Мекенiн тастады жұрт қысылғаннан.
Қолында осылардың тұтқын болып,
Талайлар қаза тапты мұсылманнан.
Шаһизада бұларды естiп естен танды,
Халiне мұсылманның қайғыланды.
Бас кесiп, қан төгейiн қырғын қылып,
Пида ғып бұлар үшiн шыбын жанды.
Алдына атасының бала кiрдi,
Тағзым ғып, қол қусырып тiке тұрды.
Алмақ боп мұсылманның қанын жоқтап,
Мақсұдын айтып өттi үшбу түрлi.
– Әдiнiң әулетi екен Жалут Таран,
Iзденiп бармақшы боп келдi балаң.
Тоқтатып жауыздықтан тәубе еттiрiп,
Танытып бiр Құдайды, дiнге салам.
Тәубе ғып дiн таппаса бiрде-бiрi,
Уағда айтып қасам iштiм үшбу күнi.
Қырғын ғып, басын кесiп, қанын төгiп,
Қоймаймын Қараханның бiрiн тiрi.
Падиша назар еттi баласына,
Көзi жеттi тоқтамайтын шамасына.
Қан жұтып жалғызы үшiн қайғы тұтты,
Тапсырып атасы мен бабасына.
Түсiне Мұхтар ханның енiп едi,
Пайғамбар төрт жарымен келiп едi.
Ақ туын Хақтың досты алып келiп,
Қолына шаһзаданың берiп едi.
Қол жайып бата бердi баласына,
Көзiнiң ағы менен қарасына.
Кандуха, Жандауылды қосып бердi,
Сиынып Нұр Мұхаммед бабасына.
Кандуха, Жандауылмен алған ұран,
Халқының хәкiмi едi Иран, Тұран.
Ғұмардың хазiретi нәсiлi едi,
Белгiлi екеуi де сақыпқыран.
Батырды қырық сегiз мың алды таңдап,
Қисапсыз қару, қапшық азық қамдап.
Қалмастан шаһзадаға ердi бәрi,
Өнерпаз, қыранкерей, өңкей саңлақ.
Шаһардан қалмай келдi жас пен кәрi,
Бақылдық айтты жылап жұрттың бәрi.
«Жеткiз, – деп, – шаһзаданы мақсұдына»,
Шулады қойдай маңырап баршалары.
Бата алып халайықтан жүрiп кеттi,
Арада үш ай жарым сапар еттi.
Бас қосып, сауық салып өңкей көкжал,
Жалуттың шаһарына келiп жеттi.
Жол жүрiп үш ай жарым бұлар келдi,
Жалутқа елшi салып қағаз бердi.
Бұйырған шаһзаданың пәрменiмен
Қағазын алып келiп тапсырды ендi.
Хат жазған әуел Алла атын салып,
Анадан туғаннан соң өлiм анық.
«Құран шын, Пайғамбар хақ, Құдай бiр-дi,
Тәубе қыл, ынсапқа кел, тiлiмдi алып.
Өзiңнiң пенде екенiңдi жүрсiң бiлмей,
Құдайға құл атанып дiнге кiрмей.
Дiнге кiр иман айтып, мұсылман бол,
Арада ұрыс болып қылыш жүрмей».
Бұл сөзге ашуланды Жалут надан:
– Мұныңды есiң бiлмей айтпа маған.
Менi кiм қожа болып қолданбақшы,
Дүниенiң жүзiн билеп тұрмын тамам.
Көзiмнен бәрiңдi ертең кешiрем деп,
Тұтқыннан ендi ойлама шешiлем деп.
Iзденiп машақатсыз өзi келген,
Отырмын мен сендердi несiбем деп.
Жауабын алып келдi елшi қайтып,
Жалуттың бастан-аяқ сөзiн айтып.
Бұрынғы жауыздықтан тоқтар емес,
Өзiнен санамайды ешкiмдi артық.
Ұрысқа шаһизада белдi буды,
Батырлар бәрi дайын аты шулы.
Анадан туғаннан соң өлiм анық.
«Бабамның төрт жарынан мирасқор», – деп,
Қолына Кандуханың бердi туды.
– Iс бiтпес жекпе-жекке шыққанменен,
Жалғыздап таусыла ма жыққанменен.
Көрейiк басқын қылып не де болса,
Жұмысын етсiн әркiм қолдан келген.
Мұсылман тәкбiр айтып атқа мiндi,
Алдында шаһзаданың өзi жүрдi.
Ақ туын Пайғамбардың ортаға алып,
Шаһарға бет қайтармай келiп кiрдi.
Зәңгiлер қарсы шығып ұрыс қылды,
Ғажайып iстер болды неше түрлi.
Қисапсыз бас кесiлiп, қырғын болып,
Екi жұрт қан iшiнде шауып жүрдi.
Батырлар сондай қатты қырғын еттi,
Осындай соғыспенен үш күн өттi.
Өлiмге зәңгi халқы қалды батып,
Қызыл қан дүние жүзiн қаптап кеттi.
Шаһзада кеткен жалғыз шыққан бетпен,
Басқын ғып батырларды келiп жеткен.
Кандуха, Жандауылмен – екi аждаһа
Дал-дал ғып зәңгi қолын ойран еткен.
Батырлар ұрысуға ерiнбейдi,
Жеңiске төбелестен жерiлмейдi.
Дамылсыз бес күн ұдай қырғын болды,
Еш нәрсе көздерiне көрiнбейдi.
Сонда да таусылмайды зәңгi қалың,
Ұрысқа келiп кiрдi Жалут залым,
Айырып шүберектей, нандай шайнап
Адамды қолға түскен жалғыз-жарым.
Жалут та жұрттан асқан батыр едi,
Көрмеген бұрын мұндай ғапыл ердi.
Ерлiгiн шаһзаданың көзi көрдi,
Зәңгiнi қырып келе жатыр едi.
Таң қалып тұрды бiраз ақылы ауып,
Күрзiмен ұрып келед, қылыш шауып.
Мас пiлдей аузынан шыққан көбiк
Аппақ қып тұла бойын кеткен жауып.
Қиратып қырып келед ұрып доптай,
Өзiнен басқа жанда қайрат жоқтай.
Бiр апат басқын қылып келе жатқан,
Желдi күн қалың науға түскен оттай.
Жүре алмай екi жұрттың көлiктерi,
Еш адам мұндай қырғын көрiп пе едi.
Майданға басқын болып қалды толып
Қырылған ат пен адам өлiктерi.
Жандауыл келiп жеттi топты жарып,
Жалут тұр жолын тосып ыңғайланып.
Қалқанын көтергенше аял бермей,
Күрзiмен Жандауылды кеттi салып.
Жалут та батыр едi асқан мықты,
Күрзiмен бiр салғанда ұрып жықты.
Аты өлiп, Жандауылдың қолы сынып,
Өзi өлмей, Құдай сақтап аман шықты.
Жандауыл өлмей қалды, көзi көрдi,
Күрзiсiн оңтайланып тағы келдi.
«Қыласың ынсапсыздық, әй, кәпiр», – деп,
Шаһзада жетiп келiп «тоқта!» дедi.
Қарады аттың басын бұрып алып,
Өлшеусiз ер келгенiн таныды анық.
Қылмақ боп не болса да бұрын қару,
Күрзiмен шаһзаданы кеттi салып.
Жалуттың күшi қайда, немене едi,
Қайткенде артыққа кем теңеледi.
Сегiз жүз батпан күрзi тисе дағы,
Шаһзада бит шаққандай елемедi.
Айтады шаһзадаға Жалут тұрып:
– Мен сенi қапылыста кеттiм ұрып.
Мен дағы сен секiлдi қалқан тұтпай,
Берейiн кезегiңдi қарсы тұрып.
– Әй, Жалут, ояу тұрсың, түсiң емес,
Нәмәрттік менiң сендей iсiм емес.
Басыңа қалқаныңды мықтап ұста,
Мен сенiң ойнайтұғын кiсiң емес.
Күрзiсiн шаһизада қолына алып,
Басына Жалут тұрды қалқан салып.
Үйiрiп неше қабат айналдырып,
Сыртынан қалқанының кеттi салып.
Деген бар «соны орарсың, ненi сепсең»,
Орнына бiтпес Жалут, қайтып ексең.
Бiр ұрған шаһзаданың күрзiсiнен
Атымен болып кеттi жерге жексен.
Жалут та батыр едi болған iрi,
Ұқсамас адамзатқа ешбiр түрi.
Өзiнен күшi асқанға шара бар ма,
Айтуға болып кеттi көптiң бiрi.
Бiр атты шаһзада алып барды,
Мiнгiзiп Жандауылды қасына алды.
Ұрыстан аман қалған мұсылмандар
Жиналып қосқа қайтып нағыра салды.
Батырлар дауысты естiп қайтты ұрыстан,
Кемiмедi қанша өлгенмен зәңгi дұшпан.
Малшынып қызыл қанға тұла бойы,
Жиналып келiп жатыр әрбiр тұстан.
Ұрысқан бес күн ұдай дамыл көрмей,
Аққан қан дария шалқар болды көлдей.
Бiр жан жоқ жарақатсыз сонша көп-тi,
Бәрi де шаршап келдi аты жүрмей.
Қызыл қан сауыттары пара-пара,
Батырлар қажып келдi осыншама.
Кандуха кешке жақын жаңғыз келдi,
Тәнiне тоқсан алты түскен жара.
Қан болған киiмдерiн шешiнiстi,
Домалап қисабы жоқ оқтар түстi.
Ұрыстан өлмей аман келгендерi
Жуынып демiн алып отырысты.
Iшiп-жеп рақаттанды тамақтарын,
Сылқиып ашқандай боп қабақтарын.
«Ұрыстан қанша кiсi қаза тапқан,
Қисапқа алыңыздар санап бәрiн».
Ұрысып ұдайымен бес күн өткен,
Намазы бәрiнiң де қаза кеткен.
Өтеп ап қаза болған намаздарын,
Өлгеннiң қисабына кiрдi шеттен.
Санады өлгендердi қисапқа алып,
Тоғыз мың он үш кiсi өлiптi анық.
Екi күн жинап алып намаз оқып,
Бәрiн де дәфiн еттi алып барып.
Ұрыстан бұлар шаһид қазаланған,
«Ғазы» деп аталады тiрi қалған.
«Жетi күн ат пен адам тынықсын», – деп,
Шаһзада әскерiне қылды пәрмен.
Айырған талайдың-ақ серiктерiн,
Зәңгiден алды жинап өлiктерiн.
Мұсылман тәкбiр айтып тағы аттанды,
Жетi күн тынықтырып көлiктерiн.
Шаһарға мұсылмандар келiп жеттi,
Зәңгiлер қарсы шығып ұрыс еттi.
Шабуыл екi жақтың тозаңынан
Қап-қара дүние жүзi шаң боп кеттi.
Қаптады топырақ боран, қараңғылық,
Бiреудi болар емес бiреу бiлiп.
Қайрат қып жатыр әркiм шамасынша,
Бола ма өле беру жайға тұрып.
Өлтiрiп бiрiн-бiрi қанын шашып,
Найза шаншып, күрзi ұрып, қылыштасып.
Жан сақтап бiреулер жүр басын қорғап,
Жау жайқап батырлар жүр төсiн ашып.
Етедi кiмге рақым бұл iспенен,
Аямай шапқаннан соң қылышпенен.
Ешбiр жан дамыл алып тiзе бүкпей,
Жетi күн өттi осындай жұмыспенен.
Ұрысты жетi күндей қырғын болып,
Талайлар топырақ қауып қалды өлiп.
Қараңғы, күн менен түн бiрдей болып,
Сахараға өлiк пен қан кеттi толып.
Қырылған зәңгiлерде болмады сан,
Рүстем тiрiлдi ме, Нариман, Сам.
Қырғынын шаһзаданың көрген халық:
«Дию ме, адамзат па, неткен қыран».
Әскердi оңды-солды аралады,
Бойына теңгерiп жан баламады.
Көшiрiп дүние жүзiн қылды дал-дал,
Ешкiмдi жан екен деп санамады.
Мұнымен қояр емес ешбiр жанды,
«Қыран» деп шаһзадаға ат байланды.
Құлатты туын жығып үшбу күнi,
Зәңгiлер бұзылуға ыңғайланды.
Қараңғы дүние жүзiн зұлмат басып,
Зәңгiлер үрiккен қойдай жүрдi қашып.
Ғажайып жұрт көрмеген болды қырғын,
Жан, мақұлық ақылынан қалды адасып.
Қаһарман, бұл ұрыста бар ма Рүстем,
Кәр шашып тiрiлдi ме Нариман, Сам.
Кешегi Хақтың Шерi Арысланы
Ешбiрi қылған емес мұндай қыран.
Көрген соң мұндай қырғын зәңгi састы,
Жалмады аждаһадай жетi басты.
Бәрi де аман тiлеп қол көтерiп,
Қылышын төмен салып басын ашты.
Шаһзада әскерiне шақыртты жар,
Ұрыстан қол көтерiп тоқтаңыздар.
Биғат қып ислам дiнге кiрiп жатыр,
Ұрыстан аман қалған көп зәңгiлер.
Жалуттың ордасына түстi барып,
Шаһарды дiнге салды жиып алып.
Қалдырмай әйел-еркек, баршасына
Танытты ислам жолын мәсжiд салып.
Мұсылман болды бәрi дiнге кiрiп,
Оқытты ислам жолын бiр ай тұрып.
Шаһардың Жалут өлiп алынғанын,
Таранға босқын барды хабар қылып.
– Исламның Мұхтар атты халифасы,
Әскерге бастық соның өз баласы.
Дүниеде мұндай қыран көрген жоқпыз,
Он алты-он жетiде жас шамасы.
Әуелде әскер алып шыққан елден,
Мақсұды сiздер екен iздеп келген.
Жалуттай жұрттан асқан баһадүрге,
Күрзiмен бiр ұрғанда ажал берген.
Әй, падишам, қамыңызды қыл ертерек,
Кешiкпей үстiңiзге келсе керек.
Ешкiмнен бетi қайтар көрiнбейдi,
Болмаса ажалыңа өзiң себеп.
Ер Таран Жалут үшiн қайғыланып,
«Көзбенен көрдiңдер ме, өлдi ме анық?»
Төзе алмай бiрге туған бауырласқа,
Жылаумен жатты бiраз естен танып.
Төсектен көтердi басын есiн жиып,
Көзiнiң отырады жасын тыйып.
Алты жүз алпыс алты шаһар екен,
Таранның хүкiмiне тұрған сыйып.
Хат алып бас-басына елшi барды,
«Жиналып тез жетсiн» деп хабар салды.
Жердi алып үш айшылық қонды әскер,
Ауыр қол он бес күнде жинап алды.
Таранның мажалы жоқ сабыр қылар,
Жалуттың құнын алса сонда тынар.
Әскерге «аттансын!» деп қылды жарлық,
Бет алып «жау қайда?» – деп жүрдi бұлар.
Қисапсыз әскерменен осы түрлi,
Жатпастан күнi-түнi бiрдей жүрдi.
«Жеттi, – деп, – Таран келiп ауыр қолмен»
Бiреу кеп шаһзадаға хабар қылды.
Шаһардың мешiтпенен байлатты айын,
Әскердiң жабдығының қылды жайын.
Iзденiп жау қайда деп отырғандар
Жиналып сағатында болды дайын.
Дiн үшiн ел-жұрттан болған жүдә,
Жәрдем ет мұсылманға, Қадiр Құда.
Таранға қарсы келiп сабын бойлап,
Әскермен сегiз жүз мың тұрды бұ да.
Майданға Таран келдi қаһарланып,
Исламға садақ атты бiр оқ салып.
Кiсiнi отыз екi шаһид қылып,
Орнына отырады қайта барып.
Бұл жұмыс шаһзадаға ауыр келдi,
Бiр оқтан отыз екi адам өлдi.
Қан толып екi көзге ашуланып,
Ақырып аждаһадай майданға ендi.
Шыққандай зәңгiлерге жекпе-жекке,
Жақындап жүрiп келдi қалың көпке.
Садаққа бiр оқ салып атты бұл да,
Ерлiгiн екi жұртқа көрсетпекке.
Қайратын жиналған жұрт бәрi көрдi,
Ешкiмге мынау, сiрә, бермей тұрды.
Бұл атқан шаһзаданың бiр оғынан
Зәңгiден жетпiс алты адам өлдi.
Зәңгiлер қорықты қатты ақылы ауып,
Таран да мұны көрiп қылды қауiп.
Күшпенен болмайтынын шамалады,
Хайламен өлтiрмесе бiр жол тауып.
Қуаты шаһзаданың болды ғалып,
Зәңгiге бердi қорқыныш есiн алып.
Бiрден ат қойды Таранның бес баласы,
Әскерiн өзiне тән ертiп алып.
Шаһзада мұны көрiп қайраттанды,
Өлшеусiз Тәңiрi берген күшi бар-ды.
Әскермен неше жүз мың бес аждаһа
Батырды Тәжiлмәлiк ортаға алды.
Жаңбырдай жауғызады садақ оғын,
Шаһзада тыңдар емес азы-көбiн.
Ақырып арыстандай қайрат қылып,
Зәңгiнiң қылды дал-дал талай тобын.
Тамаша көрсетiп жүр әр түрлi ойын,
Шамалап бiр-бiрiнiң көрдi бойын.
«Қозғалма!» дейдi шаһзада әскерiне,
Көрмек боп бүгiнгi күн жалғыз тойын.
Тамаша қылды халық өңкей жасты,
Күн көзiн қараңғылап зұлмат басты.
Таранның Қасура атты бiр баласы
Ұрыста шаһзадамен душарласты.
Ер едi Қасура да болған күштi,
Iздеген сұрағанға жолығысты.
Бiреуi ұрғанын бiрi қағып,
Тамаша көрсетедi әрбiр iстi.
Қасура күрзiсiн ап жетiп келдi,
Шаһзада қалқан тұтпай тұра бердi.
Бар күшiн екi қолға жиып алып,
Күрзiмен үш қайтара ұрады ендi.
Тәуiр-ақ Қасураның күшi бар-ды,
Болмайтынын болғызып ед талайларды.
Талқан боп тас та болса кетер едi,
Болды деп мынау қалай қайран қалды.
– Өзiмдi бiлушi едiм ер секiлдi,
Басқаны көрушi едiм кем секiлдi.
Анадан мұндай болып туа бермес,
Ешбiр жан көрген жоқпын сен секiлдi.
Қасура айтты: – Әй, батыр, құлағың сал,
Зауық етiп ерлiгiңе ақылым дал.
Тұрайын өзiңдей боп қалқан тұтпай,
Үш ұрып сен де менен кезегiңдi ал.
– Қасура, сөзiм тыңда құлақ салып,
Данышпан ер екенсiң, тұрмын танып.
Болашақ тергелетiн қиын күн бар,
Туған соң адамзатқа өлiм анық.
Дiнге кiр, мұсылман бол тiлiмдi алып,
Өлген соң қор боларсың отқа жанып.
Имансыз күпiрлiкпен өткен адам
Отпенен ғазап тартар мәңгi қалып.
Бабамыз Құдай досты Пайғамбары,
Сыдық пен Ғұмар, Ғұсман шаһариары.
Ислам нұрын шашқан, дiнiн ашқан,
Сұрасаң, өз атамыз – хазiрет Ғали.
Бұл күнде кеттi олардың бәрi де өтiп,
Алладан пәрмен болып, қаза жетiп.
Әулеттiң сол секiлдi нәсiлi – мен,
Айтайын өз жайымды баян етiп.
Қасура, өз көзiңмен көрдiң дұрыс,
Сөзiмдi жалған болса дерсiң бұрыс.
Дiнiмнiң шарапаты мұның бәрi,
Оқ өтiп кеспейтiн менi қылыш.
– Әй, батыр, бұл айтқаның қыла алмаймын,
Сөзiңде өтiрiк бар деп бiле алмаймын.
Жұрт айтар жанынан қорқып бағынды деп,
Дiнiңе соның үшiн кiре алмаймын.
Жасырмай көңлiндегi айтты шынын,
Үгiт сөз орындалмай болды шығын.
Шайтанның ағуасына көңiл қойып,
Намыс қып бiлдi дiнге кiрмейтiнiн.
– Қасура, насихатым тыңдамадың,
Айтқанды ажал жетiп қылмағаның.
Шайтанның ағуасына көңiл берiп,
Мойныңды дiн исламға бұрмағаның.
Мұсылман бола ма деп үмiткер боп,
Сен шындап жүрсең де мен шындамадым.
Айтарлық ендi саған сөзiм қысқа,
Ажалға кезiккен оқ келдiң тұсқа.
Ақыры ғұмырыңның бiткен күнi,
Басыңа қалқаныңды мықтап ұста.
Күрзiсiн ашуменен қолына алып,
Қасура қалқан тұтты даярланып.
Долданып еш нәрсенi көзi көрмей,
Сыртынан қалқанының кеттi салып.
Болмайды ажал жетсе ешбiр хайла,
Екi жұрт тамаша ғып тұрды жайға.
Бұл ұрған шаһзаданың күрзiсiнен
Атымен болып кеттi майда-майда.
Таранның мұны көрiп төрт баласы,
Өлген соң бiрге туған бауырласы,
Батырға Тәжiлмәлiк жалғыз тұрған
Шулап ат қойды зәңгi кәрi-жасы.
Төртеуi әскерiне бұйырады,
Жаңбырдай садақ оғы құйылады.
Аллаға мiнәжат қып шаһизада,
Атасы, бабасына сиынады.
– Қолдай гөр, Нұр Мұхаммед бабам, – дейдi,
Атам Ғали, Фатима анам, – дейдi.
Iшiнде қалың жаудың жалғыз қалып,
Қиындық көрдi мұндай балаң, – дейдi.
Қалың жау жалғыз жасты ортаға алып,
Бiреуi қылыш, бiреуi найза салып.
Түктерi киiмiнен тесiп шықты,
Ақырып арыстандай қатуланып.
Жасқанып, жау көп қой деп санамады,
Бөгелiп жалғыздығын қарамады.
Жөңкiлтiп қасқыр тиген қойдай қылды,
Болыпты есiк-есiк аралары.
Зәңгiмен ұрысқалы төрт күн болды,
Айдап жүр алдына сап қалың қолды.
Таранның бiр баласы аман қалып,
Төртеуi шаһзаданың қолында өлдi.
Қиындық ұрыс көрiп ашынады,
Қызыл қан судай болып шашылады.
Атасы, бабасынан жәрдем болып,
Қисапсыз жауды жалғыз қашырады.
Құдай мен Пайғамбардан жәрдем жеттi,
Бiр басын сонша көпке үстiн еттi.
Таранның төрт баласы ұрыста өлiп,
Баласы Хожант деген аман кеттi.
Көрген соң ауыр қырғын қашты кәпiр,
Қашырып жауын жеңiп қайтты батыр.
Жалутпен тұрмай төрт ұлы қабат өлiп,
Ер Таран есiн бiлмей жылап жатыр.
Қайғылы зәңгiлердiң болды халi,
Кiм өлмес тағдыр жетiп келсе ажалы.
Жаяулап шаһзаданың алдына кеп,
Тағзым қып сәлем бердi жолдастары.
Жыласты тағат қылмай бiрде-бiрi:
– Жалғыздық басыңызға түскен күнi.
Айтылған әмiрiңiзден аса алмадық,
Шыдамай шықпаған жан тұрдық тiрi.
Шаһзада шатырына келiп түстi,
Жуынып, демiн алып тамақ iштi.
Қазасын намазының өтеп алып,
Сұхбат қып батырлармен отырысты.
Он күндей ұрыс болмай жатты қарап,
Қарауыл қатты қойып екi тарап.
Күнбе-күн келiп жатыр зәңгi қолы,
Қисабын бiлер емес ешкiм санап.
Көрмеген ешкiм мұндай ауыр қолды,
Көптiгiнен дүниенiң жүзi толды.
Айтқанда былайша деп шама қылып,
Дүниеде бос жер қалмады деуге болды.
Тарихтың айтуына қарағанда,
Мұнан көп жиналыс жоқ бұрын-соңды.
Таранға патшалары салды ақыл:
– Жай қарап жатуымыз емес мақұл.
Өлтiрiп шаһзадасын басын кесiп,
Салайық әскерiне заманақыр.
Бұларды алып болып Бағдат барсақ,
Қара күн бастарына қайғы салсақ.
Өлтiрiп шаһзадасын, халқын қырып,
Болмай ма өлгендердiң датын алсақ.
Осыны мақұлдады барша кәпiр,
Үгiттеп Таранды да тұрғызды ақыр.
Барабан соғып зәңгi кернейлетiп,
Сап тартып майдан жерге келе жатыр.
Аттанды мұсылман да мұны көрiп,
Зәңгiге сап байлады қарсы келiп.
Кандуха шаһзададан рұқсат алып,
Түрлi өнер көрсеттi майданға енiп.
Бiр зәңгi шықты ойнатып керiк мiнiп,
Аяғы келдi жерге сүйретiлiп.
Шаһардың Сылан деген патшасы едi,
Келедi айбатынан жер айырылып.
«Бiлдiр, – деп, – аты-жөнiң» қысып жатыр,
Жансынбай Кандуханы көзiне iлiп.
– Әй, зәңгi, танымасаң танытайын,
Белгiлi әркiмдерге менiң жайым.
Сен дағы жөнiңдi айтып бiлдiр маған,
Сұрасаң өз жөнiмдi баяндайын.
Зәңгiге ислам кiлтiн ашушы мен,
Арабтың iшiндегi асылы мен.
Иранның патшасы мен, Кандуха – атым,
Төрт жардың хазiрет Ғұмар нәсiлi мен.
Естiп Кандуханың сөзiн тыңдап,
Ерлерге уақыт болды қайрат қылмақ.
– Қолымнан талайларға ажал берген
Сыланның падишасы мен, атым – Имлақ.
Патша боп қолың жеткен екен құсқа,
Ажалың айдап келдi бiздiң тұсқа.
Тиiстi орыныңа жiберейiн,
Басыңа қалқаныңды мықтап ұста.
Кандуха мұны көрiп қалқан жауып,
Қылышпен Имлақ батыр кеттi шауып.
Дулыға, болат қалқан болды дал-дал,
Бұл сапар қала жазды қаза тауып.
Имлақ та батыр екен асқан күштi,
Көрсеттi бұл секiлдi осы iстi.
Қалқанның сынықтары аспанға ұшып,
Қызарып жан-жағына шоқ боп түстi.
Бiр-бiрiн аяр емес, төкпек қанын,
Пендесiң, бола бермес ойлағаның.
Имлақтың қылышынан аман қалып,
Нәубетi келдi ұратын Кандуханың.
Қылышын жалаңаштап қолына алып,
Секiлдi аш арыстан қатуланып.
Дулыға, болат қалқан тоғыз қабат,
Сыртынан қылышпенен кеттi салып.
Имлақ та бойсұнбаған тiрi жанға,
Кез келдi Кандухадай арыстанға.
Қалқаннан тоғыз қабат өтiп барып,
Басына сынық сүйем түстi таңба.
Iлiне жаздады ажал қармағына,
Қылыш пен қол күшiнiң салмағына.
Қалқанның сынықтары от боп жанып,
Қызарып шоқ боп түстi жан-жағына.
Екеуi кезекпенен қылыштасып,
Бiреуiн ала алмады бiрi басып.
Қылады дүниенi астын-үстiн,
Жұлқысып ат үстiнен жағаласып.
Қылыштан тау-тастары шағылады,
Шаң-тозаң дүние жүзiн қабындады.
Ұрысты қанша уақыт найзаласып,
Мұрады мұныменен табылмады.
Күш-қайрат, қалдырмады бар өнерiн,
Екеуi қылды дал-дал жүрген жерiн.
Қызығын мұның дағы көрмек болып,
Алыпты қолдарына күрзiлерiн.
Әуелi кезек алып Имлақ ұрды,
Кандуха қалқан тұтып қарап тұрды.
Дүние қап-қараңғы болып кеттi,
Көрмеген бұрын қайрат мұндай түрлi.
Көрмеген ауыр таяқ бұрын бұдан,
Еш адам тең келмеген жұртында Иран.
Күрзiмен Кандуханың шыққан аты,
Атанып дүниеге сақыпқыран.
Күрзiсiн қолына алып ыңғайланып,
Басына Имлақ түстi қалқан алып.
Көзiнен от, аузынан көбiк шашып,
Үйiрiп зуылдатып кеттi салып.
Айтулы ауыр тидi бұл таяғы,
Болмайтын ерлiк қайда, күш баяғы.
Жығылды атыменен Имлақ жерге,
Созылып мұнарадай екi аяғы.
Екi жұрт қарап тұрған бәрi көрдi,
Ат салып, қаптап зәңгi майдан жердi.
Аты өлiп, шала-жансар қалыпты өзi,
Зәңгiлер алып шықты Имлақ ердi.
Қайғы күн зәңгiлерге болды толық,
Барған соң кешiкпейдi Имлақ өлiп.
Барабан соғып, тартып кернейлерiн,
Тарқады екi әскер күн кеш болып.
Түн болып дамылдады барша халық,
Таң атып, дүние тағы болды жарық.
Екi жұрт майданға кеп сабын бойлап,
Кандуха жекпе-жекке тұрды барып.
Үмiтпен жекпе-жекке әркiм келген,
Қайтпады бiреуi аман майданға енген.
Белгiлi аты шыққан батырлардан
Жетпiс үш адам өлдi зәңгiлерден.
Күйiкпен Таран шыдап тұра алмады,
Қаруын киiп, пiлiн құралдады.
Таранды көрiп шаһзада келдi жетiп,
Майданнан Кандуханы шығарғалы.
– Дұшпанға қайрат қылып алдың сауап,
Еткендей он мәртебе Қағба тауап.
Рұқсат ендi сiзге, әскерге бар,
Таранға мен берейiн өзiм жауап.
Кандуха рұқсат алып қайтып кеттi,
Қасына шаһзаданың Таран кептi.
– Тұрмысың менiменен ұрыспақ боп,
Әй, бала, жөнiңдi айтып сөйле, – дептi.
Мен – Таран, танымасаң, дүниенi алған,
Басына талайлардың қайғы салған.
Менiмен ұрысуға жеткен жоқсың,
Сен өлсең, әке-шешең қылады арман.
– Әй, Таран, мақтанасың неңе сенiп,
Мен саған ұрысуға тұрмын келiп.
Жоғары құр кеудеңдi көтересiң,
Дүниенiң тұтқасы өзiң секiлденiп.
Ер болсаң, iстеу керек мардтың iсiн,
Рақым ғып менi аяма жетсе күшiң.
Лайық мақтаншылық сонда бойға,
Артылса дұшпаныңнан еткен iсiң.
Аяма, алысқанда атаңды жық,
Ұстасаң қол, тiстесең кетсiн тiсiң.
Дәрiптеп өзiңдi-өзiң көтересiң,
Менiң кiм екенiмдi бiлемiсiң?!
Тосылып Таран қалды сөйлер сөзден,
– Әй, бала, жоқ па айтатын мұнан өзгең.
Бойы өсiп, бұғанасы қатпаған деп,
Айтып ем аяушылық көрiп көзбен.
Қозғалып Қап тауындай Таран келдi,
Қайыстырғандай болып қара жердi.
Бұрынғы топан кешкен Нұх болмаса,
Мұнан зор жан иесi тумап едi.
Таранның әр денесi бiр мұнара,
Таң қалды түрiн көрiп шаһизада.
– Япырым-ай, бұл да анадан туды ма екен,
Жаратқан қалай зор ғып Хақ Тағала.
Ешбiр жан тiрi қоймас мынау жеңсе,
Алар ма едi тiрi байлап шама келсе.
Болар ед дiн исламға арқа көзi,
Мүбада мұсылман боп дiнге енсе.
Осындай көңiлiне қиял ендi,
Бел байлап тәуекел ғып Хаққа сендi.
«Өлтiрмей шама келсе жөнiн тауып,
Алсам, – деп, – тiрi байлап Таран ердi».
Таран кеп сөз сөйледi шаһзадаға:
– Бұрынғылардай менi көрме жана.
Арманда болмай барыңда қимылдап қал,
Кезектi әуел саған бердiм, бала.
– Ол емес, – шаһзада айтты, – мардтың iсi,
Кем болса шара бар ма қайрат-күшi.
Сенiкi әуел кезек, батыр Таран,
Үлкенге жол бередi жасы кiшi.
Таң қалды бұл сөзiне батыр Таран,
– Жарайды,ер екенсiң, – дейдi, – балам.
Басыңа қалқаныңды мықтап ұста,
Бұл жолдан демей, сiрә, аман қалам.
Шаһзада қалқан тұтты тiлiн алып,
Арыстандай келдi Таран қатуланып.
Көтерiп сегiз жүз мың батпан күрзi,
Үйiрiп зуылдатып кеттi салып.
Аспаннан тау-тас құлап тигендей боп,
Көңiлi кеттi жұмсап игендей боп.
Дiрiлдеп жер солқ еттi зардабынан,
Қараңғы болып дүние күйгендей боп.
Шаһзада өлмегенiн Таран көрген,
Көктен түсiп, шықты ма яки жерден.
«Өлмек түгiл, табаны таймады ғой,
Бiр ажал болмаса екен маған келген.
Қопарып дүниенi көшiрiп ем,
Күл қылып талайларды өшiрiп ем.
Ешбiрi көрген жоқ ед болып мұндай,
Қайратым жүрмей кеттi бұған неден?!»
Өнермен ашпақ болып ұрыс табын,
Қайткенде келтiрем деп ойлап бабын.
Шаһзада мұндай шұғыл кеттi ойға,
Таранның өлмей қолға түсу жағын.
Басына қалқан ұстап Таран тұрды,
Күрзiмен Тәжiлмәлiк қыран ұрды.
Аяғы үзеңгiден шығып кетiп,
Жығыла жаздап пiлдiң басын бұрды.
Қараңғы болып дүние тұманданып,
Қалжырап тұрды Таран естен танып.
Қалқанның сынықтары шоқ боп түстi,
Қызарып жан-жағына от боп жанып.
Таранның от боп жанып iшi-тысы,
Қапастан ұша жазды бұлбұл құсы.
Зiлзала бердi жерге қозғалыс қып
Күрзiнiң ауырлығы, қолдың күшi.
Ашуын тұрды Таран алайын деп,
Болмаса дүние салып қалайын деп.
Қалқанын көтергенше аял бермей,
Қылышпен не де болса салайын деп.
Қылышпен шаһзаданы шапты басқа,
Мақсұды осы жолдан шығармасқа.
Кеспедi қайткенменен бiр тал қылын,
Жаралған рұхтан болып әуел баста.
Өтейiк түсiнiк берiп үшбу жерден,
Бiрнеше кiтаптарда хабар берген.
Оқ өтiп, қылыш кеспес рұхтанның,
Екеудiң бiреуi осы дүниеге енген.
Тұтылған мұның бәрi тәпсiрде бар:
Бiреуi өттi Рүстем тұсында Зал,
Кияни шаһларының нәсiлiнен
Рұхтан өткен бiр ер Асфандияр.
– Әй, Таран, мұның емес мардтың iсi,
Нәмәрттiк етпес мұндай жақсы кiсi.
Жанға апат сабырсыздық келтiредi,
Кiм үстiн болмайын дейд жетсе күшi.
Айтып боп осылай деп ұрысқа ендi,
Қосына ұрайын деп жақын келдi.
Сыртынан тоғыз қабат қалқанының
Қылышпен шапты басқа Таран ердi.
Есi ауып еш нәрсенi көзi көрмей,
Тiлдерi сөйлейтұғын сөзге келмей.
Қан кеттi мұрны менен ауызынан,
Сөйтсе де батыр Таран қалды өлмей.
Қалпына түстi тағы бәз баяғың,
Көтердi нарлықпенен ер таяғын.
Қасына шаһзаданың жетiп келдi,
Тепсiнiп, есiн жинап, екi аяғын.
Ашумен келген жерден бастады ұрыс,
Тастауға қолдан келсе iстеп бiр iс.
Қарап тұр тамаша ғып жұрттың бәрi,
Ақырып екi аждаһа салды ұрыс.
Жұмсамай өнер, қайрат қалдырмады,
Сөйтсе де бiр-бiрiне шалдырмады.
Қараңғы болып дүние, күн көрiнбей,
Екi жақ тұс-тұстан шам жандырғаны.
Шам жағып тұс-тұсынан қылды жарық,
Қарасып тамашаға барша халық.
Екеуi күндiз-түнi ұрысып жүр,
Ас iшiп, ұйқы көрмей, дамыл алып.
Қараңғы – күндiзгi күн болды түндей,
Алысып екi аждаһа жетi күндей.
Қазылып ор боп қалды жүрген жерi,
Тас-топырақ аспанға ұшып болды жүндей.
Мас пiлдей ақырады көбiк шашып,
Бiреуiн ала алмай жүр бiрi басып.
Зiлзала жер жүзiне қозғалыс боп,
Сулары дариялардың кеттi тасып.
Басуға жер, кiруге көр таба алмай,
Жөңкiлiп бар мақлұқат жүрдi қашып.
Таң атып, күн шықпады жетi күндей,
Барша жан ақылынан тұрды адасып.
Аямай ұрғанында бiрiн-бiрi,
Қалуға мүмкiн емес өлмей тiрi.
Қалжырап аяқтарын баса алмады,
Болдырып екеуiнiң ат пен пiлi.
– Сөз тыңда, – Таран айтты, – құлақ салып,
Дүние шаң басылып, болсын жарық.
Тынықсын және мiнген көлiгiмiз,
Келейiк тамақ iшiп рахаттанып.
Тынығып бұл екеуi үш күн жатты,
Күн шығып, шаң басылып, таң да атты.
Жуынып тер-топырағын бойындағы,
Iшiп-жеп көрдi Таран ер рахатты.
Сөйлейiк шаһзаданың ендi халiн,
Өтедi қаза болған намаздарын.
Таранды жеңiп байлап алмағанға,
Тәңiрге тазарылып айтты зарын:
– Қабыл ет тiлегiмдi, Хақ Зұлжалал,
Осындай көңiлiмде мұддағам бар.
Болар едi мұсылманға арқа күзеу,
Таранды күпiрлiктен исламға сал.
Көзiне шаһзаданың ұйқы келдi,
Мұхаммед-Ханафия түсiне ендi.
Таранға ислам нәсiп болмайтынын,
Тағдырда жазылмаған хабар бердi:
– Ғапылдық мұнан былай етпе, балам,
Жақында қолыңызға түспес Таран.
Исламның он сегiз жыл дiнiн ашу,
Әуелде мiндет деген Тәңiрiм саған.
Жүрiпсiң он сегiз жыл бұл жолда анық,
Зәңгiнi мұсылман ғып дiнге салып.
Орындап мақсұдыңды ойыңа алған,
Көресiң ата-анаңды аман барып.
Оянып ұйқысынан түрегелдi,
Осындай шаһизада бiр түс көрдi.
Дiн исламға кiруiнен үмiт кесiп,
Шақырды майданға кеп Таран ердi.
Келгенiн шаһзаданың Таран көрдi,
Майданға бармақ болып бұл дағы ендi.
Шақырып жүрерiнде қасына алып,
Бұлайша баласына жауап бердi.
– Әй, балам, майданға тұр көзiң салып,
Иә жеңiп, иә жеңiлу бүгiн анық.
Қуатым жетер болса күшiм асып,
Келермiн шаһзаданы байлап алып.
Жығылыс табар болсам мен ұрыстан,
Атымды әкелiп тұр дайындалып.
Ықтият, өте сақ бол осы жолы,
Өкiнбе жалқаулық қып, қапы қалып.
Қасына шаһзаданың Таран келдi,
Ажарын бұрынғыдан суық көрдi.
Аузынан лебi шығып отты жалын,
Таранға былайша деп жауап бердi.
– Әй, Таран, бұл сөзiмдi деме жалған,
Iстеп шық мақсұдыңды ойыңа алған.
Кезек бер өзiң әбден болғаныңда,
Қалдырма зәрре-қадар көңiлiңде арман.
Не жұмыс iстесең де рұқсат еттiм,
Көрерсiң орнағанын бiр нәубеттiң.
Бiр қабат кезек тисе қимылдаймын,
Өзгесiн бiр Құданың жолына өттiм.
Күрзiсiн Таран батыр қолына алды,
Үйiрiп шаһзаданы басқа салды.
Тау-тастан жаңғырығып үн шығарды,
Орнынан сөйтсе дағы қозғалмайды.
Құдайым Жәбiрейiлге әмiр еттi:
– Қасына шаһзаданың тез жет, – дептi.
Таранның ұрған күрзiсiн тигiзбестен,
Қанатын шаһзадаға қалқан еттi.
Таран ер жиды бойға күш-қуатын,
Алсам деп iнiсi мен бала датын.
Өлтiрiп, яки тiрi байлап алып,
Мәңгiлiк қалдырсам деп дүниеге атын.
Тамаша болды жұртқа ұрыстары,
Таранды ашу қысып құрыстады.
Қайтсе де денесiне бiр батпайды,
Найзамен шаншып қанша қылыштады.
Бiле алмай не қыларын қайран қалды,
Тауысып ақыл-айла ызаланды.
Атымен жерге жексен қылайын деп,
Күрзiсiн ашуланып қолына алды.
Мастанып пенде болсаң деген таспа,
Көрмеген ешбiр тосу осы жаста.
Ауырлығы сегiз жүз мың батпан күрзi,
Осымен шаһзаданы ұрды басқа.
Сескенiп еш нәрседен ығыспады,
Табаны тайып қажып жылыспады.
Оғындай найзағайдың жарқ-жұрқ етiп,
Дүние жаңғырығып дыбыстады.
Ер Таран мұратынан шыға алмады,
Қылыш шауып, күрзi ұрып жыға алмады.
Түгесiп ақыл, қайрат бар өнерiн,
Дағдарып на қыларын бiле алмады.
Бiле алмай не қыларын болады дал,
Қай түрлi еткенмен де болмады амал.
Жүзеге еткен iсiн асыра алмай:
– Сен дағы, – дедi, – бала, кезегiңдi ал.
Таранға шаһзада айтты: – Тыңда сөзiм,
Не жұмыс болса дағы көрер көзiң.
Iстелмей мынау iсiм қалыпты деп,
Өкiнiш айтып жүрме сенiң өзiң.
Сақтама бойда қайрат қалғаныңнан,
Шыға алмай қалдым деме арманымнан.
Ажалың жетпесе, аман, қалдың тiрi
Бiр қабат күрзiменен салғанымнан.
Ұруды бiр-ақ қабат қабыл еттiм,
Өзгесiн бiр Құданың жолына өттiм.
Түнерiп жауатұғын бұлттай болып,
Әй, Таран, – дедi, – сақ бол, мен кеп жеттiм.
Қызарып екi көзi от боп жанып,
Секiлдi аш арыстан қатуланып.
Түйлiгiп түлкi алатын қыран құстай
Күрзiмен зуылдатып кеттi салып.
Күрзiсi шаһзаданың тидi күштi,
Пiлiмен жұмарланып Таран ұшты.
Бұлғақтап жөнсiз оқтай сол бетiмен
Әскердiң арасына барып түстi.
Шаһзада түскен жерге қояды атты,
Жол бөгеп зәңгiлер ұрыс қылды қатты.
Құйылып құмырсқадай сансыз әскер
Таранға жақындатып барғызбапты.
Пiлi өлiп Таран өзi аман қалып,
Дайын боп Хожант келдi көре салып.
Қолына шаһзаданың түспей кеттi,
Атына келген дайын мiнiп алып.
Ат қойды мұсылмандар мұны көрiп,
Ұрысты түн болғанша күн кеш болып.
Тарқады түн болған соң екi тарап,
Қисапсыз қырғын болды адам өлiп.
Ұрыс боп араласад таң атқан соң,
Тарқайды көз байланып күн батқан соң.
«Бұл дұрыс болмады», – дейдi шаһизада,
Созылып үш айға ұрыс, көп жатқан соң.
– Батырлар, сөзiм тыңда құлақ салып,
Қалмаймыз ажал жетсе өлмей анық.
Әлсiреп әлден кетiп қажығанша,
Ұрыстан қол көтерiп бас тартпалық.
Барша жұрт қабыл көрдi айтқан сөзiн,
Бел байлап тәуекелге жұмды көзiн.
Ұрыстан бас тартпады ислам жұрты,
Өтелiк шаһзаданың айтып өзiн.
Айырылып қалың қолдан жалғыз кеттi,
Тоғыз күн күнi-түнi қырғын еттi.
Дегенде оныншы күн шаһизада
Туына зәңгiлердiң келiп жеттi.
Салысып атты-жаяу ұрыспенен,
Он күндей күнi-түнi жұлыспенен.
Секiлдi аш арыстан Тәжiлмәлiк
Құлатты туын шауып қылышпенен.
Ерлердiң еңбегi қайтып болды жолы,
Бұзылды ту жығылып зәңгi қолы.
Мұсылман үш күн қуып қылыш шапты,
Бұзылып қашып зәңгi дүния толы.
Бүлiнiп қашып зәңгi қойды беттi,
Мұсылман үш күн қуып ұрыс еттi.
Босумен күнi-түнi қалың әскер
Таранның шаһарына келiп жеттi.
Таранның кемшiлiгi көрген туып,
Ерлiктен тауы қайтып, көңлi суып.
Артынан төрт күннен соң келдi тағы
Исламның әскерлерi қалмай қуып.
Көңлi шат батырлардың жауын жеңiп,
Тұра алмады көптiгiне зәңгi сенiп.
Бекiттi дарбазаның есiктерiн,
Басқын ғып кете ме деп шаһарға енiп.
Зәңгiлер тағы да ұрыс қылды қатты,
Биiктен мұсылманға садақ атты.
Кете алмай бұрынғыдай араласып,
Шаһарға мұсылманды жолатпапты.
Дағдарды мұсылманның батырлары,
Таусылды айла менен ақылдары.
Күрзiсiн қолына алып шаһизада
Шаһарға жалғыз барып жақындады.
Ұмтылды дарбазаға жақын барып,
Садақтың зәңгiлер тұр астына алып.
Тыңдамай жауған қардай садақ оғын,
Қақпаны күрзiменен кеттi салып.
Қақпасы дарбазаның ұшып кеттi,
Аянбай зәңгiлер де ұрыс еттi.
Зарығып көптен қамал қылып жатқан
Исламның батырлары келiп жеттi.
Ат салып мұсылмандар келдi жетiп,
Сегiз ай ұрыс болған қамал етiп.
Басқын ғып Тәжiлмәлiк шаһарды алды,
Барады қолға түспей Таран кетiп.
Бұл сапар қолға түспей Таран кеттi,
Қалғаны шаһзадаға биғат еттi.
Шаһарға неше жерден мешiт салып,
Жинап ап зәңгiлерге дiн үйреттi.
Үйретiп ислам жолын бiр ай тұрды,
Әскер ап Таранды iздеп тағы жүрдi.
Таранды қоймай соңынан iздеп барып,
Майданға тағы ұрыс боп сап құрылды.
Бұл жерде екi ай жарым тағы ұрысты,
Қабағат қырғын болып сондай күштi.
Жұлқысып, сiлкiлесiп, қан төгiсiп,
Шаһарды алып, пайтахтына келiп түстi.
Таран ер қолға түсiп шалдырмады,
Жүргендей өзi бастап алдырғалы.
Шаһардың алты жүздей алпыс алты
Бiреуiн бермей аман қалдырмады.
Қашумен бiрден-бiрге Таран барды,
Соңынан қуып жүрiп бәрiн де алды.
Шаһарды үкiмiндегi алғызып боп,
Барарын ендi қайда бiле алмады.
Таран ер он жетi жыл жүрдi қашып,
Әзелде болмай бұған ислам нәсiп.
Қай жерге барса дағы қуып барып,
Бәрiн де Тәжiлмәлiк алды басып.
Таранға ауыр қайғы болды толып,
Айырылып елi-жұрттан көңлi солып.
Перiнiң патшасы едi Мәлiк Ахмар,
Жөнелдi ендi соған бармақ болып.
Бас қорғап Таран менен Хожант кеттi,
Әскердi екi жүз мың жолдас еттi.
Алты жүз алпыс алты шаһарды алып,
Шаһзада баршасына дiн үйреттi.
Ахмарға қырық күн қашып Таран жеттi,
Данышпан патша едi көрген көптi.
Жәбiрiн, кемшiлiгiн бастан кешкен
Қалдырмай бәрiн тегiс баян еттi.
– Басымнан бағым ұшып, төгiлдi арым,
Ие боп тәж-тақытымның алды бәрiн.
Алты жүз алпыс алты шаһарымның
Қырғын ғып алды басып баршаларын.
Патша боп алып едiм талай жердi,
Бiр iнiм төрт баламмен қолында өлдi.
Зарлатып талайларды бостырып ем,
Алдыма қылғанымның бәрi келдi.
Соңымнан он жетi жыл жүрдi қалмай,
Менде бiр әкесiнiң құны бардай.
Ұрысып неше қабат қайтты тауым,
Оқ өтпей, қылыш шауып кестiре алмай.
Күрзiмен неше қабат ұрдым бастан,
Күңiренiп бердi дыбыс жер мен аспан.
Бөгелiп, иә сүрiнiп қажымайды,
Тұрады орынында қозғалмастан.
Туғызды басымызға мұндай заман,
Құтылып, қашып-пысып келдiм аман.
Баламды қалған жалғыз қасыма ертiп,
Паналап келiп тұрмын, достым, саған.
Таранға Ахмар айтты: – Тыңда сөзiм,
Ерлiгiн бұл секiлдi көрдi көзiң.
Қай дiнде, қай шаһарлық, қай нәсiлден
Екенiн сұрап мұның бiлдiң бе өзiң?
Ахмарға Таран айтты: – Тыңда мұны,
Шаһары Бағдат дейдi, ислам дiнi.
Патшасы мұсылманның Мұхтар атты,
Бұл соның болса керек жалғыз ұлы.
Тараннан Мәлiк Ахмар сұрап қанды,
– Дүнияға келген екеу рұхтан-ды.
Рүстем, Зал тұсында өттi Асфандияр
Ағызып ат бауырынан қызыл қанды.
Белгiлi болды мұның тегi, заты,
Ғалидың Шаһимардан жұрағаты.
Сел қылып жер жүзiне ағызар қан,
Қыран-дүр Тәжiлмәлiк мұның аты.
Тарихта осылайша берген хабар,
Қатесiз сол айтылған болды осылар.
Өзiнiң қазасынан өлсе керек,
Ешкiмнiң қолынан бұл таппайды ажал.
Тарихқа жазылмайды бекер кеңес,
Бiлгендер тарих сөзiн бекер демес.
Бет алып барған жерiн алмай қайтпас,
Ешбiр жан бұған қарсы тұрмақшы емес.
Болмаған мұнан мықты ешбiр жанды,
Жылатқан талай патша, талай ханды.
Келуге мұнда сендер болдың себеп,
Бұл келiп ақырында бiздi де алды.
Падиша әскерiне қылды жарлық,
Жиналды дию, перi қалмай барлық.
– Шаһарды алғызбасқа тырысыңдар,
Халайық, басыңызға түстi тарлық.
Дүнияның жиған әскер жүзiн басқан,
Бәрiн де қырып шығар қалдырмастан.
Биiктен оқ жаудырып көрiңiздер,
Жақындап шыдатпайды аралассаң.
Дұшпаннан тұрыңыздар хабар алып,
Қапысыз [болма], сақ бол жарақтанып.
Тас қақпа, болат қақпа неше қабат,
Бәрiн де бекiттiрдi құлпын салып.
Ешбiр жан ерлiгiне қылмас күмән,
Шаң-топырақ, қараңғылық басты тұман.
Қыбырлап құмырсқадай жердiң жүзi,
Әскермен Тәжiлмәлiк жеттi қыран.
Асынған қару, қапшық, темiр тонды,
Көк темiр Қап тауымен қаптап жонды.
Қыбырлап жердiң жүзi қозғалыс боп,
Он қабат шаһарды да орап қонды.
Қорғанның жүз қырық аршын биiктiгi,
Қалаған бiлiнбейдi тастың жiгi.
Көлденең қалыңдығы елу аршын,
Мәңгiлiк бұзылмасқа соққан мұны.
Қаптады мұсылмандар атты-жаяу,
Шаһардың қақпасына барды таяу.
Биiктен перiлер тұр оқ жаудырып,
Бiр-бiрiн шама келсе емес аяу.
Басқын ғып дарбазаны құлатқалы,
Еш нәрсе көп болғанмен құр атпады.
Перiлер биiк жерден оқ жаудырып,
Шаһарға мұсылманды жолатпады.
Қақпаға шаһзада жалғыз барды,
Бөгелiп көп мұсылман кейiн қалды.
Тыңдамай жауған қардай садақ оғын,
Күрзiнiң дарбазаны астына алды.
Жарқылдап от шығады ұрған тастан,
Күңiренiп жаңғырығад жер мен аспан.
Бiр тастың босап, яки мұрты сынбай,
Тұрады орынында қозғалмастан.
Бiр тастың қанша ұрса да мұрты сынбай,
Жұмысы болған емес бұрын мұндай.
– Ғасы боп, астамдық қып қалдым ба, – деп,
Аллаға нала қылып тұрды тынбай.
Тiлендi мiнәжат қып, зарлық етiп,
Мүшкiл iс асан болсын, жәрдем жетiп.
Жұмысым бұрын мұндай болмаушы едi,
Болмаса қажыдым ба әлден кетiп.
Ғафу ет болса күнәм, иә, Зұлжалал,
Ғайыптан сол уақытта болды хабар:
–Бұл шаһар тылсымменен бина болған,
Сабыр ет, әр нәрсенiң уақыты бар.
Қуатты жаратпадым ешкiм сендей,
Жерiңдi қайтқан жоқсың барған жеңбей.
Алуы бұл шаһардың нәсiп болмас,
Хақиақұп пенен Қызыр келмей.
Ұрысып адамзат пен дию, перi,
Атысып екi жақтың талапты ерi.
Бiрнеше қамал қылып жатты бұлар,
Қызыр мен Хақиақұп – күткендерi.
Сегiз ай қамал болды бұлар келiп,
Ешбiрi бара алмады iшкерi енiп.
Тоқтатып бұларды осылай қоя тұрып,
Өтейiк Бағдаттан хабар берiп.
Жылаумен Мұхтар ханның өттi күнi,
Жалғызы жатса-тұрса болды мұңы:
– Алданыш мынауыма етем дейтiн,
Екеудiң тым болмаса емес бiрi.
Кеткелi он сегiз жыл болған екен,
Хабарын бiлген жан жоқ өлi-тiрi.
Зарланып сонда мұңы айтқан жылап,
Алладан жалғызы үшiн жәрдем сұрап:
– Өзiңнiң мың бiр атың құрметiне,
Жәрдем қыл перзентiме, рақым әйлап.
Достым деп Мұхаммедке бердiң бiр ат,
Сақтай гөр жалғызымды, – дейдi, – бiрақ.
Әулие, әнбиенi қоймай жаттап,
Бәрiнен бiр перзентiн қылды сұрақ.
Жылаумен болған көрмес екi көзi,
Тақытынан есiн бiлмей жатты құлап.
Сағынып төзе алмайды баласына,
Көзiнiң ағы менен қарасына.
Жұрт iздеп Хақиақұпты алып келдi,
Патшаның шыдай алмай наласына.
Ғаяр ед Хақиақұп жұрттан асқан,
Ғаламға ғаярлығы болған дастан.
Мұхтардың Ахмет Жамши атасына
Шәкiрт ед жолдас болған бала жастан.
Сол кезде жүз қырыққа жасы келдi,
Аралап көрiп едi талай жердi.
Артықша тәуiр көрiп Ахмет Жамши
«Жаһани Хақия» деп есiм бердi.
Патша айтты: – Хақиақұп, сөзiм тыңда,
Шақыртып алдырғаным сенi мұнда.
Тәж-тақытыма өле кетсем ие болып,
Сол едi жалғыз балам болар тұлға.
Кетiп ед зәңгiлерге әскер ертiп,
Он сегiз соның ақыры келдi жылға.
Тауып кел, дүниеде болса тiрi,
Еш жерге ендi мойнын бұрылдырма.
Хат жазды: «Дүниеде бар болсаң сау,
Балам, сен бiлмедiң ғой атаңды аяу.
Жылаудан екi көзiм болды көрмес,
Қуаттың орнын қайғы, басты қаяу.
Жатсаң-тұрсаң жүр, – деп жазды хатқа,–
Ақыры ғұмырымның болды таяу».
Жөнелдi падишаның хатын алып,
Аянбай Таранға құлаш салып.
Әуелде кеткен бетi осы едi деп,
Таранның шаһарына жеттi барып.
Есен-сау шаһзаданың тiршiлiгiн,
Хабарын осы жерден естiдi анық.
Перi мен диюлерге кеттi дейдi,
Бұл жердi болды тегiс бәрiн де алып.
Ахмардың шаһарына жүрдi тағы,
Кеткенiн Қап тауына хабарланып.
Сөйткенше Қап тауына тағы келдi,
Көк темiр қаптап дүние көк пен жердi.
Жер жүзi құмырсқадай қыбырлаған,
Әскердi бұл сықылды көзi көрдi.
Рұқсатпен шаһзаданың шатырының
Ғизатпен сәлем берiп iшiне ендi.
Айтысып аман-есен болғаннан соң,
Қағазын атасының алып бердi.
Жиналды естiген соң жұрттың бәрi
Ел-жұрттың амандығын сұрағалы.
Оқытып падишаның хатын естiп,
Жыласты Бағдаттың батырлары.
Зиярат қып кезек-кезек сүрттi жүзiн,
Құрмет қып жазған хатты баршалары.
Ел-жұрт, ата-ананың қуанышына
Шаһзадаға құтты болсын айтты бәрi.
Үстiне осы тойдың Қызыр келдi,
Түсiнен таңырқатып көргендердi.
Қызырдың келгендiгiн естiген соң,
Шаһзада алдынан кеп сәлем бердi.
Айтысып аман-есен хал сұрасып,
Құрмет қып Бабаңды ертiп шатырға ендi.
Отырды мәжiлiс құрып шатырға енiп,
Шаттықта ислам жұрты көңiлденiп.
Жайылып неше жерден дастарқандар,
Алдына ас қойылды табақ келiп.
Iшiп-жеп, рақаттанып жұрттың бәрi,
Жиналып болды тегiс реттелiп.
Шаһзаттан Хақиақұп рұқсат алды,
Келмек боп патшалардың халiн көрiп.
Ғаярлық өнерiмен шаһарға ендi,
Аралап дию менен перiлердi.
Ахмар, Таран, Хожант үшеуiнiң
Үйiне кiрiп қасына жақын келдi.
Келгенiн көрдi көзi үшеуiнiң,
Адамзат екендiгiн бiлдi мұның.
– Сен кiмнiң рұқсатымен кiрдiң мұнда,
Адамсың нағып жүрген, сөйле шының.
– Адамзат – сұрасаңдар, нәсiлi-затым,
Ешкiмнiң күткен жоқпын рұқсатын.
Сiздердi көру үшiн келгенiм бұл,
Жаһани Хақиақұп – менiң атым.
Үшеуi мұны естiп қалды қайран,
«Бұл пәле, – дейдi, – мұнда келдi қайдан?!»
Ақырды перiлерге Ахмар патша:
– Қанеки, жиналғанда тиген пайдаң.
Күзетшi неше қабат жерде тұрып,
Кеткенiн бiлмейсiңдер мұның кiрiп.
Тез ендi ұстап байлап алыңыздар,
Жиналып отырсыңдар не бiтiрiп!
Падиша осылай деп ашуланды,
Қамап жұрт тұс-тұсынан ортаға алды.
Сыпырып үш патшаның бастан тәжiн,
Хақиа қолға түспей кете барды.
Патшалар басындағы киген тәжiн
Қалай ғып әкеткенiн бiлмей қалды.
Мұндайды бұрын-соңды көрген емес,
Бiле алмай не қыларын естен танды.
Құтылды үшеуiнiң тәжiн алып,
Тартыпты шаһзадаға алып барып.
Бұл еткен Хақианың жұмысына
Шаттық қып қуанысты жұрт таң қалып.
Шаһзатқа Қызыр бабаң дейдi: – Бүгiн
Қамшымды қолыңа алып, атыма мiн.
Басының ықтиярын өзiне бер,
Шаһарға бiлер қалай түсетiнiн.
Сенiмен Хақиақұп бiрге жүрсiн,
Ғаярлық өнерiмен iшке кiрсiн.
Қақпасын дарбазаның ашсын тегiс,
Дайын боп сырттан әскер барып тұрсын.
Шаһзада Тәжiлмәлiк атқа мiндi,
Қалмады Хақиақұп, бiрге жүрдi.
Бiрi атты, бiрi жаяу бұл екеуi
Басынан асып қорғанның iшке кiрдi.
Келгенiн көргеннен соң iшке кiрiп,
Қаптады дию, перi ұрыс қылып.
Қиратты Хақиақұп ғаярлықпен,
Қалмады дарбазада сынбай құлып.
Ақырып арыстандай Тәжiлмәлiк,
Беттетпей перiлердi жүрдi қырып.
Тұра алмад дию, перi қарсыласып,
Жөңкiлтiп үрiккен қойдай шықты жүрiп.
Перiлер шаһзаданың көрдi күшiн,
Бояды қызыл қанға шаһар iшiн.
Көрмеген ғұмырында мұндай қырғын,
Дағдарып айыра алмайды өңi-түсiн.
Ашылды дарбазаның қақпалары,
Ұрыстан перiлердiң жоқ мажалы.
Шаһарға басқын қылып кiрiп жатыр,
Исламның қамалдағы батырлары.
Ұрыс қып сол бетiмен шаһарға енген,
Бет қайтпай перi менен диюлерден.
Аралас адамзаттың батырлары,
Дiнге енгендерiн қосып зәңгiлермен.
Рақым ғып аяушылық етер емес,
Өлтiрiп бiрiн-бiрi әлi келген.
Қызыл қан толқын болып шаһар iшi,
Ат аяқ баса алмады өлгендерден.
Қызыл қан шаһар iшiн қаптады сел,
Толқысып, толқынданып аққандай Нiл.
Дию мен перi, зәңгi, адамзаттың
Ұрысымен күңiренiп көк пенен жер.
Көп адам екi жақтан болды шығын,
Ұрысты неше күндей көрмей тыным.
Шаһарға үштiң бiрi әзер сыйды,
Бұл келген шаһзаданың әскерiнiң.
Көрмеген дүние мұндай ауыр қолды,
Шаһарға басқын болып әскер толды.
Қамал ғып екi есе жатты сыртта,
Көк темiр Қап тауымен қаптап жонды.
Дамылсыз ұрысып жүр екi тарап,
Жарқылдап найзағайдай қару-жарақ.
Әскердi тамаша ғып биiк жерден
Таран мен Ахмар патша көрдi қарап.
Биiктен тамаша ғып бұлар көрдi,
Таныды Тәжiлмәлiк қыран ердi.
Бiр қолда қылыш, бiр қолда күрзi, шоқпар,
Бостырып, жөңкiлтiп дию, перiлердi.
Аппақ қып тұла бойын көбiк жапқан,
Қиратып бұзып өттi неше саптан.
Бетiне тiрi жанды қаратпайды,
Секiлдi аш арыстан айға шапқан.
Ұрыста дұшпаның да ер болсын деген,
Анаңа бәрекелдi сенi тапқан.
Бөгет боп тоқтата алмай бiрде-бiрi,
Перiлер қамағанмен тұс-тұс жақтан.
Көрмеген не ғажайып iстi көрдi,
Көрiп көз, естiмеген күштi көрдi.
Перiлер тұтқын қылып алмақ болып,
Тастады неше жерден темiр торды.
Шырмады неше жерден торға түсiп,
Тартады дию, перi жабылысып.
Шiрiген темiр шынжырды бөлдi-бұзды,
Денесiн күйзелтпедi бiрi қиып.
Тәжiлмәлiк ақырады анда-санда,
Шаһардың бояды iшiн қызыл қанға.
Тоғыз күн ұрысқалы болған екен,
Дамыл жоқ содан берi тiрi жанда.
Патша боп жетi атасы жаралғалы,
Көрмеген Мәлiк Ахмар мұндай таңба.
Қырып сап қылатұғын Тәжiлмәлiк,
Әскерге дүние жүзiн толтырсаң да.
Үздiксiз ұрыс тоғыз күнге кеттi,
Қалжырап жұрттың бәрi әлден кеттi.
Ақырып аш арыстан секiлденiп
Көшiрiп Тәжiлмәлiк жер мен көктi.
Бет қайтпай, дамыл алмай сiлкiлесiп,
Патшаның пайтахтына келiп жеттi.
Ахмардың пайтахтын алды басып,
Қашырып қайрат қылып қалың көптi.
Барады Таран қашып қолға түспей,
Ахмарды Хожантпенен тұтқын еттi.
Ахмардың көзi бұған жетiп едi,
Айтқанын Хожант қабыл етiп едi.
Ер Таран насихатын қабыл алмай,
Қам қылып ерте бастан кетiп едi.
Жұрт көрдi қашып шыққан Таран ердi,
Қиратып жолдағы адам, зәңгiлердi.
«Барады, – деп, – Қап тауына Таран қашып»
Хақиа шаһзадаға хабар бердi.
Таранның қашқанынан хабар кептi,
Перiлер жеңiлуге қойды беттi.
Ахмарды Хожантпенен тұтқынға алып,
Қолына Хақианың табыс еттi.
Патшаның пайтахтын алып болып,
Таранды Тәжiлмәлiк қуып кеттi.
Кандуха қолда күрзi қырғын салып,
Исламның қолын бастап ол да жеттi.
Айыруға перiлердiң келмейдi әлi,
Исламның басқын қылып батырлары.
Алынып падишаның пайтахты,
Болғанын өзi тұтқын бiлдi бәрi.
Амандық тiлеп перiлер мұсылманнан,
Ұрыстан қол көтердi баршалары.
Исламды қырып-жойып Таран кеткен,
Шаһзада қуды қашты деген бетпен.
Мiнгенi Қызырдың боз арғымағы,
Артынан Қап тауында қуып жеткен.
Қашқанмен құтылмасын бiлдi анық,
Көтердi таудан бiр тас тұра қалып.
Амалын құртып жүрген бiр шаһзада,
Басқаны жансынбайды теңге алып.
Атынан түсе қалды Тәжiлмәлiк,
Болғанын тас атпақшы көзi шалып.
Жiберген садақшының оғындай-ақ
Саулап тас келдi таудан домаланып.
Келедi үлкен бiр тас домаланып,
Шаһзада тосып тұрды алдын алып.
Тоқтатты заулап келе жатқан тасты,
Табанын қарсы тосып тұра қалып.
Көтерiп қайтып жерден тас алғанша,
Тәжiлмәлiк Таранға да жеттi барып.
Ұстасып қалды екеуi жағаласып,
Бiр-бiрiн көрген бұрын шамаласып.
Жұлысып екi аждаһа алысқанда,
Тас-топырақ аспанға ұшты араласып.
Мас болып жынданып пiл есiргендей,
Арыстан байлауынан шешiлгендей.
Ақырып бiрiн-бiрi сiлкiгенде,
Күңiрентiп Қаптың тауын көшiргендей.
Барады төбелестiң болмай шетi,
Бiр-бiрiн аяйтұғын жоқ ниетi.
Екi ердiң жағаласқан зардабынан
Қазылып қалды ор болып таудың бетi.
Қалдырмай бар қайратын қарыштады,
Заманның екеуi де арыстаны.
Қылады дүниенi астын-үстiн,
Қарап тұр тамашаға жұрттың бәрi.
Жұлысып бес күн қиқу салады ұрысып,
Шаң менен қараңғылық болды жер-көк.
Тұрады ислам жұрты мiнәжат қып,
Әулие, әнбиенi қоймай тербеп.
Сәруар екi жаһан – Нұр Мұхаммед,
Тiлейдi: «Перзентiңе жәрдем бер,» – деп.
Мұсылман шулап тәкбiр айтқанында,
Қайнады күшi сыймай бойын кернеп.
Шомылып екеуi де батқан терге,
Кiм шыдар Тәжiлмәлiк қыран ерге.
Үйiрiп көтерiп ап зуылдатып,
Таранды таудай қылып соқты жерге.
Жығылған зардабынан жер солқ еттi,
Неше жыл жүрiп тағдыр бүгiн жеттi.
Сүйегi салмағымен күл-күл болып,
Кеудеден шыбын жаны шығып кеттi.
Қылышпен басын шауып кесiп алды,
Шаһарға Тәжiлмәлiк алып барды.
Жатыпты шамалы бiр төбедей боп,
Жұрт көрiп тамаша ғып қайран қалды.
Патшаның пайтахтына түстi барып,
Тағзым ғып келiп тұрды барша халық.
Ахмарды Хожант пенен шаһизада
Алғызып отырғызды қасына алып.
Сол шақта Қызыр бабаң келдi жана,
Жұрт тегiс құрмет қылып тұрды аңа.
Исламның тәртiптерiн тұрды ұнатып,
Ахмар да патша едi болған дана.
«Аллаға Пайғамбармен иқрар қыл», – деп,
Насихат айтты Ахмарға шаһизада.
– Құданың бiрлiгiне келтiр иман,
Болады iзгi пенде нәпсiн тыйған.
Дүниеге екi бiрдей болар басшы,
Әдiлдiк, сақилық қып жанын қиған.
Түрегеп Ахмар, Хожант қол қусырып,
Ұғынып насихатын шын деп бiлiп.
Мұсылман болды екеуi ықыласымен,
Алланың бiрлiгiне мойынсұнып.
Мұсылман перiлердiң болды бәрi,
Исламға кiргеннен соң патшалары.
Бәрi де иман айтып кiрдi дiнге,
Қалмастан әйел-еркек, жас пен кәрi.
Шаһзада халайыққа жарлық берген,
Хүкiмiне зәңгi, перi, бәрi көнген.
– Шығарып сыртқа апарып көмiңдер, – деп,
Тазартып шаһар iшiн өлiктерден.
Тоғыз күн қырғын соғыс болды толық,
Өлiкке шаһар iшi кеткен толып.
Намаздап көмдi өлгенiн мұсылмандар,
Жинап ап жетi күндей тасып болып.
Өлгенiн перiлер де тасып болды,
Шаһардан алып шығып сыртқа көмдi.
Қыранның Тәжiлмәлiк жарлығымен
Тазартып шаһар iшiн қылады оңды.
Екi жақ жинап болды қырылғанын,
Өлгеннiң ешкiм айтып бiлмес санын.
Сыпырып көшелердi түзетiп боп,
Қылады патшаларға келiп мағлұм.
Медресе, неше жерден мәсжiд сапты,
Оқытып ұғындырды шариғатты.
Той бердi қырық күндей Ахмар патша,
Құрметтеп зәңгiлер мен адамзатты.
Өзiнiң Шәмсiнұрдай жалғыз қызын
Тәжiлмәлiк шаһзадаға некелеттi.
Шаһзада халайыққа қылды жарлық,
«Жинал, – деп, – зәңгiлерге қалмай барлық».
Жолынан шариғаттың таймаңыздар,
Сөзiме бол деп тегiс ұғынарлық.
– Бәрiңе тапсырамын мен сендердiң,
Әмiрiнен мойын бұрма Хожант ердiң.
Орнына атасының патша қойдым,
Үстiнен күллi тегiс зәңгiлердiң.
Хожантқа айтып отыр насихатын:
– Орнына келтiр ислам шариғатын.
Нашарды, жетiм-жесiр тәрбие қыл,
Сақи бол, әдiлдiкпен шықсын атың.
Тiзгiнiн шариғаттың ұста қолға,
Бейқұлық жаман ниет түспе жолға.
Айырылып ынсабыңнан тәкаппар боп,
Шайтанның тiлiне азып әуре болма.
Қылмасын тiленшiлiк ешбiр адам,
Бағдатқа бәрiн жинап жiбер тамам.
Қаражат тұрмысына жетерлiк қып,
Бәрi де алсын келiп қазынадан.
Өзiңнiң қол астыңда бар шаһардың
Харажын тегiс жинап жiбер маған,
Кедейiн харажымен қол астыңның,
Осыны мiндеттеймiн, Хожант, саған.
Iс етсең, ойлап iсте күтiп артын,
Тәкаппар, ашулы жүз, болма салқын.
Рақым ғып, әдiлдiкпен қылсаң хүкiм,
Екi етпес айтқаныңды ешбiр халқың.
Мәрмәрдан тәж, алтыннан тақыт бердi,
Еткiздi тегiс биғат зәңгiлердi.
Насихат осылай деп айтып-айтып,
Қоштасып жөнелтедi Хожант ердi.
Қош айтып қайтпақ болды Қызыр бабаң,
Рұқсат ап Ахмар менен шаһзададан.
Кандуха, Мәлiк Ахмар, Тәжiлмәлiк
Шығарып ертiп салды бiрнеше адам.
Бабаңды шығарып сап қайтып келдi,
Батырлар ендi ойлайды қалған елдi.
Күйеуiн қызыменен Ахмар патша
Бiр айдай қонақ қылып жiбермейдi.
Бұлардың көп қуанды келгенiне,
Өзiнiң шат боп исламға енгенiне.
Қазынаның аузын ашып қисабы жоқ,
Сый бердi мұсылманның ерлерiне.
Бiр сауыт адам басы бiр қылышпен,
Есеп жоқ алтын-күмiс бергенiнде.
Зияпат айтып болмас қылған iсiн,
Артылтып бiр күнгiден бiр күнгiсiн.
Ахмарға ақылдасты Тәжiлмәлiк,
Бағдатқа тiледi рұқсат қайту үшiн.
– Сөзiме құлағың сал, әй-а, шаһым,
Көремiн не жүзбенен көрген аһын.
Айырылып жалғызынан он сегiз жыл,
Не халде отыр екен қиблагаһым.
Бiр менен перзентi жоқ басқа көрген,
Әскермен қырық сегiз мың шықтым елден.
Атамнан рұқсат алып шығып едiм,
Исламның қанын жоқтап зәңгiлерден.
Он сегiз соның ақыры жылға барды,
Неше жыл Таран қашып күйге салды.
Сiзге кеп Хақ жазған соң болдық бала,
Бәрi де осында кеп орындалды.
Жүрмекке Шәмсiнұр да көңлi кеттi,
Алдына атасының бұл һәм кептi.
Әдеппен лебiз ашып үшбу рағна,
Мақсұдын көңiлдегi изһар еттi.
Айтады бұлайша деп сөзге салып:
– Жаратты жат жұрттыққа бiздi анық.
Зиярат қып ата-ананың жүзiн көрiп,
Дағуасын алсам деймiн мен һәм барып.
Мүбада ұнатып сiз десең мақұл,
Етейiк жол жабдығын дайындалып.
Бұлардың айтқан сөзiн қабыл алды,
Бағдатқа жүрушiлер дайындалды.
Шаһибал арғы атасы Шаһирухтан
Аштырды салған қазына сарайларды.
Шаһибал Шаһирухтың заманында
Қаратқан хүкiмiне талайларды.
Қисапсыз дүнияның қазынасы
Ахмарға соның бәрi мирас қалды.
Басында шарасыздан ұрыс ашты,
Исламға қойды әуелден ықыласты.
Алдырып төрт баласын Ахмар патша,
Бұларды жөнелтуге ақылдасты.
– Әй, ата, мәслихатты бiзге салсаң,
Аямай дүниенi бер, тiл алсаң.
Мойныңда Шәмсiнұрдың қалар хақы,
Дүниядан ақыр бiр күн сапарлансаң.
Нәсiп боп iзгiлiктiң таптың жолын,
Дүнияға екi бiрдей жеттi қолың.
Қол артып Пайғамбардың әулетiне,
Ешкiм жоқ сендей болып алған орын.
Берiптi еншiсiне Шәмсiнұрдың
Үстiне қазына артып қырық пiлдiң.
Алтыннан бердi шатыр, қырық қыз нөкер
Жайнатып бақшасындай қызыл гүлдiң.
Аямай алтын, гауһар бердi кесек,
Бiр үлкен қазынада жоқ-дүр есеп.
Қойдырып алтын кереует неше жерден,
Жайдырып жiбек кiлем, харир төсек.
Қазынаның ашып қойды сарайларын,
Көңiлдерiңнiң алыңдар деп ұнатқанын.
Жөнелтiп үш күндiк жерге ертiп салды,
Исламның құрмет қылып батырларын.
Бақылдық айтып жұрт өткенiне,
Бұлардың төзе алмайды кеткенiне.
Құшақтап шаһзадамен Шәмсiнұрды,
Сүйедi Ахмар патша беттерiне.
Қош айтып, жылап-сықтап бұлар қайтты,
Бет алып елге қарап әскер тартты.
Алдырып Хақианы шаһизада,
«Сен ендi Бағдатқа жүр» деп айтты.
Шыққаннан бермен қарап хатқа салып,
Қалдырмай бiрде-бiрiн жазды анық.
«Айтылған ант пен сертiм бiттi тегiс,
Бәрi де мақсұдымның орындалып.
Жұмысым шала iстi болмасын деп,
Кешiктiм соның үшiн соңға қалып.
Зиярат дәргаһыңа қадам қойдым», –
Бәддұға ренжумен* айтты налып.
Өтiнiш шаһзаданың жазған хатын
Хақиа атасына жөнелдi алып.
Хақиа екi ортада үш күн жүрдi,
Өткiздi дүние кезiп бар ғұмырды.
Самұрықтай татыранға құлаш ұрып,
Бағдатқа суыт жүрiп келiп кiрдi.
Патшаға сәлем берiп келдi кiрiп,
Әдеппен тiке тұрды қол қусырып.
– Сүйiншi, аман келе жатыр балаң,
Арада келгенiм бұл үш күн жүрiп.
Көңлiңнен кетсiн, патшам, қайғы-сәнаң,
Аман-сау келе жатыр, – дейдi, – балаң.
Шаттықпен ойнап-күлiп келе жатыр,
Атақты батырлардың бәрi де аман.
Бастығы шаһизада батырлармен,
Бәрi де қалмай тегiс айтты сәлем.
Көшiрiп Қап тауынан шықтым озып,
Үш айда табылады осы арадан.
Балаңыз аралапты талай жердi,
Есiтiп, көрмеген көз мұндай ердi.
Алты жүз алпыс алты шаһар екен,
Алыпты менен бұрын зәңгiлердi.
Есiтiп Қап тауынан таптым iздеп
Қамал ғып жатқан жердi перiлердi.
Шаһзаттың ғафу өтiнiп жазған хатын
Қойнынан атасына алып бердi.
Падшаһым, бар қуанышым тағы толық,
Кiргелi тұр оң жағыңнан отау қонып.
Перiнiң патшасының алды қызын,
Балаңыз келе жатыр екеу болып.
Патша не болғанын бiлмейдi өзi,
Келген соң баласының хатпен сөзi.
Жылаумен неше жылдай зағип болған
Ашылды көрмей қалған екi көзi.
Бағдаттың шаһарына шақыртты жар:
– Халайық, қалмай тегiс жиылыңдар!
Ел-жұртқа жалғызымның жазған хатын
Бәрiң де көздерiңнен оқытыңдар.
Жиналып шаһар халқы келдi бәрi,
Қалмастан әйел-еркек, жас пен кәрi.
Сағынышты шаһзаданың хатын естiп,
Жыласты шулап тегiс баршалары.
Бұлардың кеткенiне талай заман,
Болмаған ешбiр хабар жақсы-жаман.
Күллi жер жүзiнiң мұсылманында
Адам жоқ шаһзадаға қайғырмаған.
Бiлдiрiп бар исламның патшасына
Қуанышты иғламнама жазды тамам.
Зәңгi мен перiлердi дiнге салып,
Есен-сау, қайтып келе жатыр аман.
Исламға жеттi тегiс бұл хабар,
Айналып қуанышқа қайғылары.
Айтпаққа падишаға құтты болсын
Жол тартты күллi исламның патшалары.
Қуанышпен әскер жинап сапар еттi,
Неше күн суыт жүрiп арада өттi.
Исламның бар патшасы қалмай тегiс
Бағдаттың шаһарына келiп жеттi.
Халифа бұларды естiп қарсы барды,
Бәрiн де қуанышпен қарсы алды.
Айтысып амандық сөз, құтты болсын,
Қасына халифаның жұрт жиналды.
Шаһарға алып кiрдi меймандарын,
Құрметтеп қылды қонақ жұрттың бәрiн.
Той бердi қырық күн ұдай жүмлә жұртқа,
Жиғызбай жайған жерден дастарқанын.
Бiр жерге басын қосып падишалар,
Мәжiлiс қып сауық-сайран отырды олар.
Шаһарға жар шақырылып болды мағлұм
Шаһзада келiп жеттi деген хабар.
Надашы осылай деп салды жарын,
Келгенi шаһзаданың болды мағлұм.
Алдынан қарсы шықты ата-анасы,
Исламның ертiп тегiс патшаларын.
Қыбырлап жер мен көктiң аралары,
Күңiрентiп шаттықпенен замананы.
Шаһардан үш күндiк жер шыққанында
Көрiндi бiр-бiрiне қаралары.
Таянып бiр-бiрiне жақын келдi,
Шаһзада аттан түсiп жүгiрдi ендi.
Құшақтап екi жақтан кемпiр мен шал,
Аймалап «жан балам» деп сүйе бердi.
Жаяулап батырлардың келдi бәрi,
Тағзым ғып халифаға баршалары.
Көрiсiп шаһзадаға амандасты
Жиналған күллi исламның патшалары.
Мұқтажсыз пақыр, мiскiн болғандай бай,
Қайғылы қам көңiлi тапқандай жай.
Жұрт шулап шаһзадаға жылағанда,
Ғаламат қияметтен қозғалғандай.
Қалмастан Бағдат халқы келген мұнда,
Шаһзада амандасты жұртқа жүмлә.
Қадамына ата-ананың басын қойып,
Зиярат қып келiп тұрды Шәмсiнұр да.
Неше жыл құрғамаған көздiң жасы,
Үшбу күн болды түгел маддұғасы.
Бетiнен Шәмсiнұрдың сүйiп жатыр,
Құшақтап «жан балам» деп ата-анасы.
Шаһид боп өлгендерге қайғы тартып,
Бәрiне тоқтау айтты көңiл айтып.
Көрiсiп, аман-есен айтысып боп,
Шаһарға жұрттың бәрi келдi қайтып.
Той қылды неше күндей Мұхтар патша,
Сый берiп халайыққа басқа-басқа.
Халыққа жар шақыртып мағлұм еттi,
Жетi жыл бажы-хараж алынбасқа.
Қисапсыз халайыққа қылды инғам,
Бос қалған дүние алмай қалмады жан.
Хале тон, алтын кемер, мәрмәрдан тәж,
Сый берiп патшалардың баршасына һәм.
Шаһид боп өлгендердiң үйлерiне
Уазифа жиырма жылдық бердi бұған.
Тоқсаннан Мұхтар патша асқан жасы,
Сол күнде күллi исламның халифасы.
Үстiнде бұл секiлдi қуаныштың
Халқына сондағы айтқан маддұғасы:
– Патша боп бiрнеше жыл қылдым пәрмен,
Мақсұдым болды тегiс ойыма алған.
Сәруары екi жаһан, төрт жарымен,
Ойласақ, қалған жан жоқ осылардан.
Ренжiмей, халқым, рұқсат бер маған,
Бiзге де өлiм бiр күн болар арзан.
Такия ғып бiр Аллаға өткiзейiн,
Ақырын ғұмырымның ендi қалған.
Дүниеден ақыр бiр күн мен һәм өтсем,
Не пайда ғибадатсыз босқа кетсем.
Орныма Тәжiлмәлiк патша болсын,
Ұнатып бәрiң тегiс, қабыл етсең.
Бұл сөздi ұнатып жұрт мақұл көрдi,
Патша ғып мiнгiзiп таққа қыран ердi.
Патшалық тәж кигiзiп шаһзадаға,
Барша халық тегiс биғат еттi ендi.
Патшалық таққа мiнiп бердi тойын,
Неше күн ат шаптырып қылды ойын.
Бай, патша, пақыр, мiскiн, бәрi шат боп,
Халыққа қайткенмен де болды тойым.
Дүние алып бай болмаған қалмады жан,
Берiлген қазынаға жетпейдi сан.
Айтуға ауызбенен мүмкiн емес,
Қисапсыз патшаларға қылды инғам.
Шаһзада патшаларға қылды жары,
Артықша пақыр, мiскiн тапсырғаны.
«Әрқайсың қол астыңда пақырларды
Бағдатқа жәрдем берiп жеткiз оны».
Патшалар қайтты рұқсат алып елдерiне,
Пайтахт әрқайсысы жерлерiне.
Бәрiн де келген жұрттың риза қылды,
Қисап жоқ алтын-күмiс бергенiнде.
Бiр күнi зәңгiлерден хараж кептi,
Қазына сарай салуға әмiр еттi.
Қойдырып әр қабырғаға қырық есiктен,
Қойыпты қырық есiкке қырық күзетшi.
Мүбада пақыр, мiскiн, келсе ғарiп,
Бiр күрек әр есiктен алтын салып.
Қыдырып қырық есiктi келген адам,
Қырық күрек кетер едi алтын алып.
Сақи боп ислам шамын жандырғаны,
Бар болса қайда пақыр алдырғаны.
Пұл берiп алтын-күмiс қылды ғани,
Бiр адам тiленшi ғып қалдырмады.
Жинатып қыран патша жұртты тегiс,
Жолынан шариғаттың ашты кеңес:
– Намахрам әйел-еркек араласып,
Жүруi шариғатта дұрыс емес.
Деп айтты: «Айтқанымды екi қылма!»
Ұғынтып шарғи жолын жұртқа жүмлә:
– Күн батып, түн болған соң шаһар кезiп,
Жүрушi жан болмасын, мұны тыңда.
Түн жүрген залымдықтың ойлар жолын,
Таба алмай жамандыққа күндiз орын.
Бiрiнен-бiрi көрiп ғибрат алып,
Көрсетер ақыр бiр күн iстiң зорын.
Падиша осылай деп қылды жарлық,
Уағда-шарт бекiттi жұрт қалмай барлық:
«Кiмде-кiм антын бұзып түнде жүрсе,
Тартылып сиясатқа болсын дарлық».
Тоқтатар болды халық түн жүрiсiн,
Тексерiс түнде ұсталса қылмайды iсiн.
Иманын айтып дарға асып, кесер басын,
Айтылған ант пен шартын бұзғаны үшiн.
Бұл хабар жеттi исламға жатқан толып,
Бәрi де уағдаларын бердi толық.
Шаһарды алты уәзiр күзетедi,
Түн болса екi-екiден серiк болып.
Әмiрiн екi қылып алмайды естен,
Ант бұзар қандай адам жаннан кешкен.
Өзгертiп қияпатын сырттан бағып,
Жүредi патша ешкiмге бiлгiзбестен.
Бұл сөзден жұрттың бәрi хабарланды,
Сыйғызды хүкiмiне тамам жанды.
Көшеден түнде кетiп бара жатқан
Ұстапты екi уәзiр бiр адамды.
Бұл адам уәзiрлерге жалынды көп:
– Барамын қатты тығыз жұмысым боп.
Рақым ғып бүгiн түнше рұқсат бер,
Таң атпай сиясаттан табылам, – деп.
Зарланып жалынады жiгiт жылап,
Әйтсе де екi уәзiр тұрды шыдап.
– Таң атпай сиясаттан табылайын,
Уағдаға опасыз деп бiлме бiрақ.
Оңалар ма екен, сiрә, қылған iсiм,
Бойымнан қайғы жайлап кеткен күшiм.
Құданың бiрлiгiне рақым әйла,
Әдiлдiк патшамыздың құрметi үшiн.
Пендемiн тұтқын болып тұрған жылап,
Сiздерден рақым қыл деп жәрдем сұрап.
Дұғасы мазлұмлардың қабыл деген,
Бос қоймас сiздердi де Тәңiрiм бiрақ.
Сiздерге сый берейiн төрт жүз тiллә,
Адам жоқ көрiп тұрған бiздi мұнда.
Бiр адам және орныма кепiл берем,
Қалар деп босқа кетiп қиял қылма.
Уәзiрлер, мақұл шығар бұл жұмысым,
Осылай тиянақты болсын iсiм.
Бармасам, орнымдағы кепiл адам
Тартылсын сиясатқа менiң үшiн.
Уәзiрлер «жарайды» деп қабыл көрдi,
Бұларды жiгiт бiр үйге ертiп келдi.
«Бар болсаң үйде, Ғайса, жылдам шық», – деп,
Асылып терезеден дыбыс бердi:
– Сырласым, мұңдасымсың жастан сүйген,
Көзi жасты, келдi достың жаны күйген.
Халiмдi шыққаннан соң көзiң көрер,
Алып шық төрт жүз тiллә санап үйден.
Шам жағып Ғайса үйдi қылды жарық,
Шамасы келмей киiм киюге анық.
Жалаң бас, жалаң аяқ шыға келдi,
Қолына төрт жүз тiллә санап алып.
Уәзiрге Ғайсаны ертiп Қасым келiп,
Уағдалы төрт жүз тiллә санап берiп:
– Шаһардың күзетшiсi бұл екеуi,
Ұстаған бүгiн түнде менi көрiп.
Кепiлге орныма бердiм сенi,
Барасың осылардың қасына ерiп.
Бiр түндi сұрап алдым мойныма артып,
Ауырлық не болады мұнан артық.
Бара алмай қалсам таңғы сиясаттан,
Мен үшiн басың кесер дарға тартып.
Бұларды сырттан бағып жүрген патша,
Көзiмен көрiп бәрiн бiлген патша,
Тоқтатып өзiн-өзi сабыр қылып,
Жұмыстың күттi ақырын бiрден патша.
Патша тұр бұл iстерге қайран қалып,
Қасымды Ғайсаменен бiлдi танып.
«Беретiн әрi пара, әрi кепiл,
Жұмысы не болды екен бiлсем анық.
Деушi едiм жауыздарды алсам тыйып,
Параға екi уәзiр кеттi сыйып.
Бiреудiң көрiнбесе бәлесi үшiн,
Бұл Ғайса барар ма екен жанын қиып.
Қалай деп сөз қайтарып тұрмады да,
Өлiмнен қорқып мойын бұрмады да.
Жалаң бас, жалаң аяқ ерiп кеттi,
Досының жарамақ боп құрбанына.
Патша тұр «жiгiт болсаң, сондай бол» деп,
Жомарттық жаныменен қылғанына.
Барады бiр көшемен Қасым салып,
Iлесе патша келед артын алып.
Ылажсыз бiлегiнен ұстай алды,
Екеуi бiр көшеден кез боп қалып.
Ойланды келдiм ғой деп ендi өлуге,
Жұмысым айналмады жөнделуге.
Қасымның денесiнен қуат кеттi,
Түскендей арыстанның шеңгелiне.
Бiле алмай не қыларын есi кеттi,
Көзiнiң жасын төгiп зарлық еттi.
– Құдай мен әдiл патша құрметi үшiн,
Босатып қоя берсең қайтед, – дептi.
Бiр қайғы душар болған маған жастан,
Келедi көзден жасым құрғамастан.
Босатып азат қылып қоя берсең,
Менiң сiз болар едiң бақытымды ашқан.
Босатып қоя бердi патша қолын,
Жөнелдi Қасым көздеп барар жолын.
Шарасыз кез болған соң ұстап едi,
Мақсұды – уақиғасын бiлу оның.
Жерiне ойына алған Қасым жеттi,
Артынан iле-шала патша кептi.
Қорғаннан iшке қарай шынжыр тастап,
Екеуi екi жерден түсiп кеттi.
Кiрдi де бiр есiктен Қасым жүрдi,
Алтынмен нақыштапты әрбiр түрлi.
Асулы жаққан қандiл неше жерден,
Бiр үйге сол бетiмен барып кiрдi.
Жайылған жiбек кiлем, харир төсек,
Жиһазында үй iшiнiң жоқ-дүр есеп.
Үстiнде алтын кереует жатыр бiр қыз,
Жәннаттың деуге болар хоры десек.
Орнатқан гауһар тәжге зүбәржат тас,
Сүмбiл шаш, iнжу тiстi, қиылған қас.
Гүл жүздi, пiсте мұрын, құралай көз,
Еш адам мұндай болып жаратылмас.
Iркiлмей сол бетпенен кiрдi Қасым,
Төсектен қыз көтерiп алды басын.
Үстiне алтын кереует отырғызды,
«Есен-сау келдiң бе, – деп, – жан жолдасым?»
Айналып пәруанадай жүр қасында,
Қасымға отырды кеп қыз да асыла.
Сұлуы бет бiткеннiң едi бұлар,
Бiрi – еркек, бiрi әйел-ұрғашыда.
Қолдарын бiр-бiрiнiң мойнына асып,
Сүйiсiп рахаттанды екi ғашық.
Бұлардың тамаша ғып сұлулығын,
Падиша ақылынан тұрды адасып.
Үһiлеп қойды Қасым қасiрет тартып,
Улатқан iшi-тысын жалын шарпып.
Зарланып Гүлмәриям жылай бердi,
Махаббат не болады мұнан артық.
Жылады Гүлмәриям зарлық етiп:
– Бiреуге келген болсаң көңiлiң кетiп,
Қалдырма менi мақрұм дидарыңнан,
Тұрайын мен сiздерге қызмет етiп.
– Кiлтi сен рахатымның түйiнiн шешкен,
Мен кiмдi сүйем, сенi тастап естен.
Көрерсiң бүгiннен соң мақшар күнi,
Айтайын оқиғамды бастан кешкен.
Ұстады екi уәзiр бүгiн кез боп,
Мағшұғым, түскен қайғы-қасiретiм көп.
Достымды орныма бердiм кепiл,
Таң атпай сиясаттан табылам деп.
Және сый бердiм төрт жүз тiллә оларға,
Сенi бiр келдiм көрiп қайтайын деп.
Естiсең халiм осы, рух рауаным,
Бармасам, арқалаймын достым қанын.
Алланың дәргаһында қарабет боп,
Уағдаға опасыз деп саналамын.
Таң атпай сиясатқа барсам керек,
Барармын жалған сөйлеп Хаққа не деп.
Тағы бiр уақиғаға ұшырадым,
Айтайын бiр әңгiме бұдан бөлек.
Босанып уәзiрлерден кеттiм жүрiп,
Бiр көрiп қайтайын деп сенi бiлiп.
Көшеден кез боп бiреу тағы ұстады,
Қуатым кеттi бойдан, ақылым құрып.
Мен ондай көрген жоқпын адамзатты,
Айбаты аждаһадай тидi қатты.
Сөйлеуге тiлiм келмей жылай бердiм,
Бойымнан әл-қуатым кетiп қапты.
Жалынып жылай бердiм көзiм тұнып,
Болмаса таныды ма менi бiлiп.
Көзiмнiң сорғалаған жасын көрiп,
Босатып қоя бердi рақым қылып.
Мағшұғым, жаным сүйiп болған серiк,
Ажырады қайғым бойдан сенi көрiп.
Босанып арыстанның шеңгелiнен,
Мiнеки, отырғаным мұнда келiп.
Қыз айтты: – Бiр мен үшiн бәрiн көрдiң,
Жұмысы тидi қатты уәзiрлердiң.
Шешер деп мазлұмлардың көз жасы үшiн,
Кейiнгi бұл сөзiңнен үмiткермiн.
Бұл iстiң екi түрлi бар-дүр сыры,
Бұл едi көңiлiмдегi сөздiң бiрi.
Патша өзi әдiл, әрi жомарт,
Мақрұм деп айта алмайды ешкiм мұны.
Қорғаушы падишаны шiлтен болды,
Айнытты жұрт жiбермедi өлмей тiрi.
Босатқан шiлтен болса сiздi анық,
Құрметiн ғашықтардың есiне алып.
Көз жасы мазлұмдардың қабыл болып,
Өлiмнен құтылармыз аман қалып.
Екiншi айтатұғын бұл бiр сөзiм,
Не болса ертеңгi күн көрер көзiң.
Болмаса мәкар шiлтен бұл кездескен,
Ойлаймын патша ма деп мұның өзiн.
Уағда шарт түн жүрмеске алды жұрттан,
Тыю сап жауыздардың бәрiн құртқан.
Шаһарды өзi жүрiп аралайд деп,
Есiттiм уәзiрлерден байқап сырттан.
Қыз отыр осылай деп салып кеңес,
– Басқа адам босатып ант бұзам демес.
Патша мен шiлтендердiң бiреуi бұл,
Болуға басқа кiсi мүмкiн емес.
Егерде патша болса бұл ұшырасқан,
Сендердiң жұмысыңды көрдi бастан.
Кiм бiлсiн бiздi көрiп тұрмағанын,
Бұл iстi бiлер тегiс қалдырмастан.
Егер бұл патша болса – көрдi бiздi,
Өлiмнен құтқарады онда сiздi.
Ғашықтық құрметi үшiн рақым қылып,
Қосады некаһлатып екеумiздi.
Падиша жауыздармен алысқан көп,
Қалайша болжайды қыз алыстан кеп.
Таң қалды Гүлмәриямның ақылына,
Жан екен бiлгiр туған данышпан деп.
Бармады жамандыққа бұлар жөнсiз,
Данышпан қалай сұлу туған теңсiз.
Шын сүйген Құдайдың бiр пендесi екен,
Жiберген дүниеге қылып кемсiз.
Қайғырып жылап отыр екi зарлы,
Жаспенен екеуiнiң сел боп алды.
Қасымның сиясатқа баратұғын
Уақытты мезгiлi де таяп қалды.
Қия алмай айырылуға бiрiн-бiрi,
Көзiмен көрiп отыр патша мұны.
«Мұнан соң қияметте жолығармыз,
Бiзге бұл дүниенiң ақтық күнi».
Жылаумен есiн бiлмей жатты талып,
Өлiмге екеуi де жақын барып.
Рақымы падишаның келдi қатты,
Шын ғашық екендiгiн көрiп анық.
Бiр уақыт жинады есiн өзiне кеп,
– Құлақ сал, – Қасым айтты, – сөзiме, – деп.
Шын маған Құдай қосқан мағшұқ болсаң,
Бiр көрiн сиясатта көзiме кеп.
Қыз айтты: – Нендей әмiр қылғаныңа,
Жарасам – разымын құрбаныңа.
Бiр түгiл, көзiңе үш көрiнейiн,
Жұрт жиын сиясатта тұрғанында.
Жомарттық қылып Ғайса бердi басын,
Уағдамен өлiмге асығып отыр Қасым.
Сиясат жұрт жиналған майданында
Орындайды қыз келiп қалай уағдасын.
Айырылды жылап-жылап екi ғашық,
Қоштасып бiр-бiрiмен арыздасып.
Риза боп патша кеттi қанағат қып,
Тумас деп дүниеде жан мұнан асып.
Падиша өз сарайына келiп кiрдi,
Киiнiп киiмдерiн дайын тұрды.
Адамды түнде ұсталған мағлұм етiп,
Надашы шаһар кезiп жар шақырды.
Адамды мағлұм етiп түнде ұстаған,
Қалмасын сиясаттан ешбiр адам.
Кескен бас орнына жалғанбайды,
Денеге қайтып кiрмес бiр шыққан жан.
Патша кеп сиясатқа тағын құрды,
Жиналып Бағдат халқы келiп тұрды.
Қасымды Ғайса менен көрейiн деп,
Падиша көзiн салып мойнын бұрды.
Қасымға шынжыр тағып кигiзген фәс,
Ғайса жүр көздерiнен ағызып жас.
Үстiнде көйлек, ыштан, бар киiмi,
Жалаңаш, жалаң аяқ, жүр жалаң бас.
Қасымның жақындары келдi барлық,
Жас ағып көздерiнен қылып зарлық.
Қазының қыз әкесi бастық екен,
«Иманын айтсын» деп – сол болды жарлық.
Иманын айтайын деп қазы келдi,
«Аузу бисмилла» деп бастай бердi.
Уағдасына опа ғып келе ме деп,
Падиша Гүлмәриямды ойлар едi.
Басына тәж,бетiне перде салған,
Астында қара арғымақ, қылыш алған.
Тартынбай сиясатқа жетiп келдi,
«Бұл неткен адам?» деп жұрт қайран қалған.
Бет қайтпай келдi екпiндей жүрiспенен,
Неткен жан қорықпайтұғын бұл iсiнен.
Басынан фәсiн қағып тастады да,
Шынжырды бiр-ақ тартты қылышпенен.
Қасымды алып көптен кете алмады,
Әйтсе де болып қайтты бет алғаны.
Ишарат падишадан болмаған соң,
Орнынан ешкiм қыбыр ете алмады.
Жөнiне жiгiт тартып жүре бердi,
Жолында таңырқатып мұншама елдi.
Астына мiнiп келген атын танып,
Иманды қойып қазы жүгiрдi ендi.
Үйiне асып-сасып қазы барды,
Байлаулы аттарына көзiн салды.
Қалпынша үш аты да орнында тұр,
Бұл қалай оқиға деп қайран қалды.
Орнына келдi қазы кеткен тастап,
Иманын айта бердi қайта бастап.
Мiнiптi бiр қара көк арғымаққа,
Манағы келдi жiгiт тағы ойқастап.
Қолында қылышы бар, бетте перде,
Шынжырды кесiп тастады келген жерде.
Басынан фәстi қағып тастады да,
Үн-түн жоқ, тағы қайтып жүре бердi.
Жөнелдi қазы тағы атын танып,
Бiлмейдi үстiндегi адамды анық.
Қалыбынша бәрi түгел орнында тұр,
Аттарын көрсе үйiне қайта барып.
Қайтадан қазы келдi есi кетiп,
Иманын айтпақ болды қамыт етiп.
Бiр күрең мiнiп жақсы арғымаққа
Манағы жiгiт тағы келдi жетiп.
Отырды аң-таң боп жиылған көп,
Түсiрiп фәсiн, кестi шынжырын кеп.
Көзiнiң жасын төгiп жүрiп кеттi,
«Қош, Қасым! Қияметте көрермiз», – деп.
Жолықты сап-сау қазы мұндай күйге,
Иманды қоя салып жүгiрдi үйге.
Атының бәрi де аман орнында тұр,
Қалыпша әуелгi өзi көрген күйде.
Бұл қалай оқиға деп қайран қалды,
Ойлаумен қазы байғұс естен танды.
Бiле алмай ойға қалып салыстырып,
Баяғы сиясатқа қайтып барды.
Падиша сонда келiп әмiр еттi,
Алдына шақырған соң қазы кептi.
– Қамадың халықты мұнша әуре қылып,
Қанеки, қазым, ендi сөйле! – дептi.
Бiр адам сиясатқа үш келдi анық,
Бетiнде перде, қолға қылыш алып.
Иманыңды айтып тұрған тастай берiп,
Артынан жүгiресiң тұра салып.
– Иә, тақсыр, ақылым тауысып ойға баттым,
Жұмысы деуге болмас адамзаттың.
Адамды үстiндегi танымаймын,
Сол келген үшеуi де менiкi аттың.
Артынан жүгiремiн атты танып,
Мәнiсiн бiлейiн деп үйге барып.
Байлаулы аттарым тұр орынында,
Бiлмедiм не екенiн мұның анық.
Бұл келген үш түрлi арғымақтың
Алтынмен үшеуiн де жабдықтаттым.
Адамды үстiндегi танымаймын,
Қатасыз үшеуi де менiкi аттың.
Патша айтты: – Рас, қазы, – дедi, – сөзiң,
Естiп бiлсiн халық мұның өзiн.
Бәрiң де құлақ салып отыр тыңдап,
Айтайын оқиғаны көрген көзiм.
Патша көпке былай жауап бердi:
– Босат, – деп, – сиясаттан Қасым ердi.
Алтауын екi-екiден серiк қылып,
Күзетке қоюшы едiм уәзiрлердi.
Табылды өтiрiк айтып арын сатқан,
Пара алып, антын бұзып жанын сатқан.
Кез болып екi уәзiр ұстап алды
Қасымды түнде кетiп бара жатқан.
Уәзiрге көп жалынды Қасым жылап,
Бiр түнге Құдай үшiн рұқсат сұрап.
Таң атпай сиясаттан табылмақ боп,
Көнбедi мұнысына уәзiр бiрақ.
Босатып жiбермедi Қасым ердi,
Бұларға төрт жүз тiллә пара бердi.
Ғайсаны орынына берiп кепiл,
Көңiлдi қылды осылай уәзiрлердi:
– Таң атпай сиясатқа керек барсам,
Нәубеттi басқа келген күтiп алсам.
Ғайсаның дарға тартып кессiн басын
Мен үшiн, уағдама бармай қалсам.
Жөнiне жүрiп кеттi Қасым тартып,
Ғайсаның бар мiндетiн мойнына артып.
Жанымен жомарттық қып Ғайса кеттi,
Досынан өзi өлгенiн көрiп артық.
Көңiлiм қалды тоқтап уәзiрлерден,
Адамым мынау ма деп менiң сенген.
Ойладым Қасым iсi не болды екен,
Бiр адам, төрт жүз тiллә пара берген.
Тоқтаттым өзiме-өзiм сабыр берiп,
Қасымның барайын деп соңына ерiп.
Бiр түндi не болса да мойныма алдым,
Жұмысты аяқтауға көзбен көрiп.
Соңынан мен де қалмай ерiп бардым,
Қарсы кеп бiр көшеде кез боп қалдым.
Үн-түн жоқ кете беру болды қиын,
Ылажсыз бiлегiнен ұстай алдым.
Маған да көп жалынды қатты налып,
Алланың құрметi деп аузына алып.
Бiлегiн босаттым да қоя бердiм,
Мархабат еткен кiсi сықылданып.
Жөнiне босаған соң жүрiп кеттi,
Жерiне ойына алған Қасым жеттi.
Бiр жерден келдi дағы шынжыр тастап,
Қорғаннан iшкерiге түсiп кеттi.
Аралап неше қабат үйден өтiп,
Бiр үйдiң ашты есiгiн Қасым жетiп.
Қасымды алтын кереуетке отырғызды,
Алдынан бiр сұлу қыз тағзым етiп.
У жайлап ғашық дертi жанына өткен,
Қайғы алып, қан қалмапты ақша беттен.
Көргенде бiрiн-бiрi талып түстi,
Қауiп еттiм болды ма деп өлiп кеткен.
Шын ғашық екен бұлар жаны сүйген,
Тоқталып сабыр қылар кеткен күйден.
Бет қайтып өлiмнен бас тартпайтын,
Пәруана екен Қасым шамға күйген.
Уһiлеп Қасым тұрып алды демiн,
Қыз жылады: – Ашылмад, – деп, – бағым менiң.
Сезiндiм айтпасаң да ажарыңнан,
Басқаша бiр қайғың бар бiлдiм сенiң.
Жалынып бейшара қыз отыр жылап:
«Көңiлiңе басқа бiреу жүрсе ұнап,
Тұрайын мен сендерге қызмет етiп,
Мақрұм дидарыңнан қойма бiрақ.
Мағшұғым, Құдай қосқан бала жастан,
Менiң жоқ сүйетiнiм сенен басқам»,–
Түндегi көрген-бiлген уақиғасын,
Сөйлейдi Гүлмәриямға қалдырмастан.
Есiтiп болды түсi қуарғандай,
Дәуiрi өтiп күнi суалғандай.
Азырақ ойға қалып отырып қыз,
Сөйлейдi күлiмсiреп қуанғандай.
«Уәзiрлер танған екен ақыл-естен,
Пара алып неткен адам жаннан кешкен.
Басқа адам антын бұзып жiбермейдi,
Кейiнгi патша екен, – дейд, – бұл кездескен.
Патшаға жұмыстарың болған мәлiм,
Қоймайды аяқтамай мұның бәрiн.
Берген соң әрi пара, әрi кепiл,
Бiлуге еркiң екен сенiң халiң.
Бiздi де көрiп, бәлки, тұрған болар,
Бұл iстiң бiлдi тегiс баршаларын.
Өлiмнен қайғыменен құтқарар едi,
Осындай пақырлардың көрсе зарын».
Данышпан қалай оймен шамалаған,
Көргендей айтып өттi бәрiн тамам.
Патша айтты: – Еш уақытта көрген жоқпын
Ақылды дана туған мұндай адам.
«Мағшұғым, – Қасым айтты, – болсаң бiлмек,
Ақтық күн екеумiзге бүгiн түн, – деп.
Сонан соң қияметтен жолығармыз,
Көзiме сиясатта бiр көрiн», – деп.
Қасымға қыз былай деп бердi кеңес:
– Ғашықтан қалғандарды мағшұқ демес.
Сен өлсең үш күннен соң мен де өлермiн,
Тiрлiк сенсiз маған керек емес.
Туған соң өлiм мирас адамзатқа,
Ғашықтық қаратпайды ар-ұятқа.
Бiр түгiл, көзiңе үш көрiнейiн,
Отырған жұрт жиналып сиясатта.
Көзiнiң екеуi де төгiп жасын,
Уағда үшiн өлiмге асығып отыр Қасым.
«Кепiлге орныма кетiп едi, – деп,
Мен үшiн Ғайса өлiмге байлап басын.
Уағдаға опасыз деп Хақ қасында,
Қара бет жалғаншы атым аталмасын».
Мұны айтып үйден шықты Қасым жылап,
Гүлмәриям естен танып қалды құлап.
Екiншi, қыздың күттiм уағдасын,
Қасымды Ғайсаменен өттiк сынап.
Мiнеки, жұмысым сол менiң көрген,
Қыз едi үш қайтара мұнда келген.
Әйел де болса сөзiн шықты орындап,
Қасымға уағдасымен түнде берген.
«Жiгiтiн тауып теңiн жолдас бол, – деп,
Нақыл сөз: «Әйелiн тап та ойнас бол», – деп.
Айтылған сол жiгiтi Қасым, Ғайса,
Әйелi Гүлмәриям туған тең боп.
Опалы айтқан сөзден шығатындар,
Уағда үшiн өлiмге асығып тұратындар,
Бар екен бәрi өзiмнiң шаһарымда
Жомарттық жаныменен қылатындар.
Патша айтты: – Уәзiрлердi тартсын дарға!
Ғибрат болсын, – дедi, – көрген жанға.
Екеуi өлмей аман қалар едi,
Пара алмай, кепiлменен босатқанда.
Уәзiрдiң басын кестi дарға тартып,
Қылмысын пара жеген мойнына артып.
Қасымды Ғайсаменен жанына ертiп,
Падиша кетпек болды үйге қайтып.
Патшаның жұрт жиналды маңайына,
Тентектiң тыю салды талайына.
Қазыға: – Жиһазымен әкел, – дедi,
Қызыңды падишалық сарайыма.
Қасымды Ғайсаменен алып жүрдi,
Өзiнiң сарайына алып кiрдi.
Халеден тон кигiзiп екеуiне,
Белiне алтын кемер буындырды.
Қызын ап жиһазымен қазы кептi,
«Жұрт тегiс жиналсын!» деп жарлық еттi.
Той қылып қырық күндей қыран патша,
Қасымға Гүлмәриямды некаһ еттi.
Бас уәзiр падишаға Ғайса болды,
Екiншi уәзiр Қасым содан соңғы.
Қосылды екi ғашық бiр-бiрiне,
Әдiлдiк бұрын таппай жүрген жолды.
Бұларды сыйлар едi тәуiр көрiп,
Болсын деп бiр-бiрiне бұл һәм серiк.
Ғайсаға патша өзiнiң қосты қызын,
Қисапсыз еншiсiне дүние берiп.
Ғашықтар бiр-бiрiне қолы жеттi,
Бұрынғы қайғы-қасiрет естен кеттi.
Бағдаттың барша тегiс әйелiнiң
Үстiнен Гүлмәриямды хәкiм еттi.
Әр түрлi әр дәуiрде болған заман,
Дүниеге жаралғалы бәни адам.
Бiр мың да тоғыз жүз қырқыншы жыл,
Басында февралдiң алдым қалам,
Жазылып Тәжiлмәлiк әңгiмесi,
Февралдiң ақырында болды тамам.
Тамам.