Һаза кітап Мұхаммед-Ханафия

Мұхаммед Құдай досты, Пайғамбарым, Құрбандық сол тақсырдан менiң жаным. Жарандар, хикаятын сөйлейiн мен Әли ұғлы Мұхаммед-Ханафияның. Құданың Әли Хайдар Арысланы, Алланың шын жаратқан данышпаны. Айында мұхаррамның қылдым кеңес, Көзiммен көрiп тұрып бұл нұсқаны. Жiгiттер, тыңласаңыз менен назым, Ағалар, айыптама ақылым...

Қазақша
Һаза кітап Мұхаммед-Ханафия
Мұхаммед Құдай досты, Пайғамбарым, Құрбандық сол тақсырдан менiң жаным. Жарандар, хикаятын сөйлейiн мен Әли ұғлы Мұхаммед-Ханафияның. Құданың Әли Хайдар Арысланы, Алланың шын жаратқан данышпаны. Айында мұхаррамның қылдым кеңес, Көзiммен көрiп тұрып бұл нұсқаны. Жiгiттер, тыңласаңыз менен назым, Ағалар, айыптама ақылым азын. Мұхаммед тақсыр Расул бiр күндерде Оқыпты-ау мәсжiдiнде таң намазын. Махшарда жүрсек бiздер оған ерiп, Тақсырдың алтын жүзiн көзбен көрiп. Намаз оқып, батасын қылған екен, Алдына бiр ағраби келген кiрiп. Сол ағраби алдына барған кiрiп, Мұхаммед пайғамбарға сәлем берiп. – Рұм шаһарын мұсылман қылып Әли Келе жатыр, мен келдiм соны көрiп. Ей, тақсыр, бер сүйiншi сөзiмдi ұғып, Үмiт бар шапағаттан көңiлiм тоқып. Бұйырды Пайғамбарым асхабтарға: «Алдынан Әли ердiң бәрiң шық», – деп. Алдынан сахабалар шықты бәрi, Келген соң есен-аман батыр Әли. Мұхаммед пайғамбарға сәлем берiп, Табылды ер Әлидiң ынтызары. Сөйледi көрген iсiн бастан-аяқ, Жылайды Пайғамбарым Әлидi аяп. – Үйiнде қайсар-патша бiр қыз көрдiм, Оған нұр берген Алла аямай-ақ. Шаһарына қайсар Рұмның барып келдiм, Бәрiн де тура жолға салып келдiм. Жетi күн күрес тұтып, әрең жығып, Сол қызды тiрi байлап алып келдiм. Мұхаммед Хақтың досты алтын теңге Олжасын бөлiп бердi қадим елге. Сол қызды өз алдына шақырып алып, Айтыпты: – Кiр, балам, – деп, – ислам дiнге. – Ханафия – менiң атым, атам қайсар, Ап келдi-ау асып күшi Әли Хайдар. Алайын тiлiңiздi қайт қылмастан, Тапсаңыз менiң көңiлiм, ей, Пайғамбар. – Ей, қызым, мұсылман бол, тiлiмдi алып, Барғанда ақыретке – ұжмақ анық. Кiсiге көңiлiң сүйген сенi қосып, Берейiн алтын сарай саған салып. – Мен көрдiм, хақ Пайғамбар, алтын жүзiң, Алдыңа ғарiп болып келген кезiм. Болайын пәк мұсылман тiлiңдi алып, Үш ауыз қабыл көрсең айтқан сөзiм. Пайғамбар «сөзiңдi айт» деп берген жарлық, Түсiптi-ау қыз байғұсқа сонда зарлық. – Кiсiге көңiлiм сүйген қосар болсаң, Қылмаса ол Фатима iшi тарлық. Әлиден басқа жанға атастырма, Күндестiк Фатимаға таластырма. Ұл туса Мұхаммед деп атын қойсаң, Ей, тақсыр, менi мұнан адастырма. Пайғамбар тоқтай қалды қайран қалып, Отырды басын тақсыр төмен салып. Жәбiрейiл жетiп келiп хабар бердi: – Иә, тақсыр, тұт қыз сөзiн қабыл алып. Жәбiрейiл Мұхаммедке хабар бердi, Қуантты хабар берiп асыл ердi. Есiтiп Ханафия қыз Хақ жарлығын, Шығарды һеш көңiлiнен жаман кердi. Болыпты қыз мұсылман айтып иман, Той қылып хақ Мұхаммед жұртын жиған. Некелеп ер Әлиге қызды қосып, Ұл туып, Мұхаммед деп атын қойған. Ат қойды бала туып Мұхаммед деп, «Фатима қызым, бұған қыл құрмет» деп. Төрт жыл, төрт ай болғанда бала өмiрi, Берiптi бiр ұстазға «дiн үйрет» деп. Үйреттi алиф-әбжад, иман-шарттан, Кiтап Құран тамамдап, өнерi артқан. Жеткенде он екiге ер Мұхаммед, Һәр түрлi өнерi асты адамзаттан. Көр имам бұл Ханафия-Мұхаммедтi, Бiр Құдай бердi өзiне көп нәубеттi. «Сахарасын Мәдиненiң бiр көрсем» деп, Тiлейдi атасынан рұқсатты. Рұқсат берiп ол Әли: – Бар, – деп айтты, Мәдиненiң жан-жағы тар, – деп айтты. Майсара деген бар екен белгiлi құл, Арғымаққа ер-жабдық сал, – деп айтты. Ат ерттеп құл Майсара даярлаған, Қызметтен һәр уақытта аянбаған. Көп дұшпан душар болса Хақ сақтар деп, Сахараға жөнелмекке аяңдаған. Ат мiндi, киiм кидi жарақтанып, Сахараға шықсам бiр деп талаптанып. Жас жiгiт Хасен менен ол Хұсайын Бұл сөздi есiтiптi құлақтанып. – Мұхаммед ол Ханафия аңға шықса, Атам Әли Арыслан бердi рұқсат. Шығалық бiз де, – дептi Хасен батыр, – Мұхаммед батыр бүгiн түзге шықса. Хасен менен Хұсайын екi батыр Кәпiрлерге түсiрер заманақыр. Рұқсат алып атасы Арысланнан, Екеуi тағы түзге келе жатыр. Мұхаммед-Ханафияға болды серiк, Атуға киiк-құлан бұлар жерiк. Жөнелдi сахарасына Мәдиненiң, Шекер-қант, бұл үш ұғлан бал мен өрiк. Қыдырған тау мен тасты дамыл алмай, Үшеуi киiк-құлан, аң таба алмай. Айтады Хасен батыр екеуiне: – Далада жатамыз ба үйге бармай? Бiз шықтық киiм киiп, атқа мiнiп, Еш нәрсе ала алмадық аңға келiп. Ала алмай тiрi тышқан, масқаралық, Барамыз, ей, ағалар, елге не деп? Бiздерге құр қайтпақтық ар емес пе, Бұ дүние баяны жоқ тар емес пе? Үмiткер бiр Құдайдан бола қалған, Жiгiттер, әуел бастан бар емес пе?! Үш батыр, жас жiгiттер жөнге жүрдi, Басына бiр үш жолдың душар келдi. Қасында тақтай тас бар бiр құдықты, Үшеуi тақтай таста жазу көрдi. «Оң жолға түскен адам келер қайтып, Сол жақтағы жолменен жүрмес артық. Орта жолға түскендi бiлушi Алла»,– Сол тасқа жазылыпты былайша айтып. Үшеуi қайран қалды мұны көрiп, Құданың құдiретiне көңiл берiп. – Ағалар, бер рұқсатты Құдай үшiн, Бұ жолға барса-келмес кетсем жүрiп. Мұхаммед Мұстафаның құрметi үшiн, Рұқсат берсең сұраған сөзiм үшiн. Барайын барса-келмес не ғажап жол, Ағалар, Хақ жарылқап, келсе күшiм. – Осыдан қандай болар заманымыз, Жақсы ғой һәр заманда аманымыз. Бабамның атын атап сұраған соң, Құрыды ендi бiздiң амалымыз. Болмаса жiбермеске ыңғайланып, Тоқтатып жүргiзбеске ой ойланып. Тiлендiң бабамды айтып, жолың болсын, Аллаға қыл тәуекел бел байланып. Мұхаммед ер Ханафия амандасты, Көзiнен қара нәркес төгiп жасты. Хасен менен Хұсайын бiрге жылап, Үшеуi көп жыласып мауқын басты. Арғымақ тер ағызды сауырынан, Қара тас қалды жерде ауырынан. Жөнелдi iшi күйiп асыл ерлер, Айырылмақ қиын екен бауырынан. Жөнелдi ол Мұхаммед жолға түсiп, Тiлейдi бiр Құдайдан үлкен нәсiп. Ол күн өтiп, түн бiтiп, таң атқан соң, Бiр жерге түс уақтында келдi кешiп. Ойлайды үлкен түсте дем алмаққа, Iлiнер шортан балық жез қармаққа. Ағашы ақық, лағыл, сүнбiл, райхан, Келiптi бау-бақшалы бiр шарбаққа. Тұр екен бек ләззатты жемiс пiсiп, Суынан тоймас пенде қанша iшiп. Бiр шатыр орта жерде терегi алтын, Шаһзада сол шатырға келдi түсiп. Iшiнде сол шатырдың бiр алтын тақ, Үстiнде бiр шал отыр сақалы аппақ. Кiрпiгi көзiн жауып, мұрты-мұрнын, Түсiнен көрген шошыр, иә, Раббым Хақ. Шаһзада қалды қайран соны көрiп, Шатырға кiрiп барды сәлем берiп. Көтерiп кiрпiктерiн көзiн ашып, Келгендiгiн сөз сұрады қайдан жүрiп. – Рұқсатсыз кiрiп келген кiм? – деп айтты, Үмбет пе ең Мұхаммедке сен? – деп айтты. Мұхаммед ер Ханафия мұны естiп, – Үмбетпiн Мұхаммедке мен, – деп айтты. Ол кәпiр, дiнсiз малғұн кәпiр екен, Тағы да жұрттан асқан батыр екен. Күзетiп Латғазы атты пұт-бұрхана, Далада шатыр құрып жатыр екен. Латғазы ауырлығы бiр жүз батпан, Алтын менен күмiстен зинат жапқан. Бұрынғы Шаддад патша заманында Жиылып төрт жүз ұста әрең тапқан. Өзiнiң бек айбатты қылышы бар, Есепсiз алтын, гауһар, күмiсi бар. – Сәжде қыл бұрханыма, – дейдi кәпiр, Болмаса кең дүниенi қылармын тар. Шаһзада мұны естiп пұтқа барды, «Иә, Алла Акбар» деп шоқпар салды. Пұт кеттi быт-шыт болып қырық бiр пәре, Кәпiрлерге «иә, малғұн» деп айқай салды. Қылышын суырып алып шапты басқа, Ол кәпiр жасырынды қара тасқа. Көзiнен ғайып болып шаһзаданың, Жөнелдi көзi толып қанды жасқа. Шаһзада тысқа шықса, кеткен кәпiр Жүгiрiп құла түзге бара жатыр. Атына мiне сала айғай салып, Кәпiрдi қуып келдi-ау Имам батыр. Артына кәпiр малғұн қарай салып, Келетiн шаһзаданы бiлдi танып. «Хақына Құдайыңның қоя бер, – деп, Өлтiрмей жiбер», – дептi бек зарланып. Құдайды жад қылған соң қоя берген, Шатырға Имам батыр қайтып келген. Ол кәпiр қашып барып өз елiнен Отыз мың жау-жарақты алып жүрген. Отыз мың ләшкер жиып алып жүрдi, Келедi майыстырып қара жердi. «Бұ қалай кеп болды?» деп Имам батыр, Мiндi де ат үстiнен қарап тұрды. Келедi ауыр ләшкер қара мұнар, Түтiгiп отыз жерден қызыл шынар. Шаһзада сабыр қылып тұрды қарап, Бұл заман қайсымызға ақыр болар. Отыз мың ләшкер келдi шеру тартып, Бәрiнен шаһзаданың қуаты артық. Iшiнде бiр кәпiр тұр бек айбатты, Ләшкерден жиырма кез бойы артық. Кәпiрлер қамал қылды-ау миллион сан, Қараңғы бұ дүниенi қаптады шаң. – Кәпiр көп, мен жалғызбын, бұ қалай? – деп, Шаһзада өзiне-өзi қалады таң. Кәпiрде бар палуан Таһмас атты, Келбетi адам емес, дию сипатты. Ашуы көкiрегiнде оттай жанып, Майданға аяқ басып шеру тартты. Найзасын қолына алды жүз жетi кез, Қырық кез алмас қылышы бек өткiр тез. Күрзiсi – екi жүз пұт, садағы – алпыс, Сипатын Таһмас кәпiр есiтiңiз. Атына қамшы басып майдан кiрдi, Шаһзада мұны көрiп қарсы жүрдi. «Жылдам жүрiп патшама бас қойғыл» деп, Ақырып хайуан сипат жетiп келдi. – Жiгiтiң сөзiң тұтып бел байласын, Қолына жиып күшiн бек әйласын. Мен сенi бөздей жыртып жiберейiн, Кәпiрлер бұ қалай деп ой ойлансын. – Ей, кәпiр, былшылдадың не деп жаңа, Күштi берген маған артық Хақ Тағала. Есiтiп кәпiр мұны ұмтылады, Қылам деп қылыш шауып қырық пәра. Қылышпен сермедi найзасына, Қараңыз Имам батыр айласына. Найзасын тартып алып аспанға атып, Кәпiрдiң ендi ұмтылды пайдасына. Көтерiп ат үстiнен алды тұтып, Лақтырды аспан-көкке қаһар етiп. Қолымен қағып алып Таһмас ердi, Жiбердi екi жаққа бөздей жыртып. Таң қалды кәпiр елi мұны көрiп, Iшiне бәрiнiң де қорқу кiрiп. Жалғызы кiре алмайды майдан жерге, Қалған соң Таһмас батыр былайша өлiп. Шаһзада айғай салып ақырады, Дауысын кәпiрлерге батырады. – Тастайын жүндей түтiп желге ұшырып, Бiреуiң кел шапшаң, – деп шақырады. Кәпiрлер бара алыспай қарап тұрды, Патшасы «бiрiң бар» деп айтып көрдi. Әбден тiлiн кәпiрлер алмаған соң, Майданға бармайсың деп көбiн ұрды. Ұрғанымен майданға келсiн нағып, Шаһзада асыл болат түскен ағып. Бар екен Имлақ атты бiр палуан, Патшасы бұйырады соған бағып. Майданға әрең басып Имлақ кiрдi, Ағызды қиналғаннан ащы тердi. – Кiмсiң сен, баян қыл, – деп сұрағанда, Сол Имлақ шаһзадаға жауап бердi. – Шаһарым Ғамад атты, шаһым – Қатыран, Атым – Имлақ, атам-дүр Аршуин хан. Жүр едiң менi бiлмей өзiң қайда, Ғаламға атым шыққан палуанмын. – Батырдың талай сендей шыққан аты, Аршуин – Хамза ағамның азаматы. Сен дағы бол мұсылман, түбiң жақын, Кеудеңде Хақтың бар-ды аманаты. Есiтiп кәпiр [сонда] қатты күлдi, Жұмсақ сөйлеп тұрғанға осал бiлдi. Қылышын қынабынан суырып алып, Ол Имлақ шаһзадаға ұмтылды ендi. Ақырып, хайуан доңыз шапты қылыш, Аз ғана шаһзадамен қылып ұрыс. Қылышпен шапқанына неге болсын, Болат қой ойып түсер асыл құрыш. Найзасын тартып алып аспанға атты, Астында көп кәпiрлер өлiп қапты. Көтерiп ат-матымен ұрып жерге, Iс қылды Имлақ итке сондай бапты. Аттан жүрдi батыр жерге түсiп, Қуанып бұл шаттықтан көңiлi өсiп. Кәпiрдiң кеудесiне мiнiп алды, Бәлемнiң алайын деп басын кесiп. – Мұсылман тiлiмдi алып бол, – деп айтты, Құдайға сен боласың құл, – деп айтты. Мұхаммедке үмбеттiк iс қылмасаң, Кесермiн тап басыңды сол, – деп айтты. Жанынан қылыш көрiп кәпiр қорықты, «Мұсылман боламын» деп тiлге кептi. «Болам, – деп, – пәк мұсылман» жалынған соң, Шаһзада басын кеспей тұра кептi. Қорыққаннан мұсылмандық Имлақ тапты, Шаһзада iсiн көрiп иман айтты. – Сен болсаң пәк мұсылман, тiлiмдi алып, Патшаңа барып кел деп елшi сапты. Мұсылман болсын, деп айт, кәпiр бәрi, Шаһардан қалмай бiрi тапты кәрi. Болмаса пәк мұсылман осы жерде, Құтылмас қылышымнан кәпiр жаны. Қуанып Имлақ барды патшасына, Айласын есiттiрдi баршасына. «Жарайды, жалған алдап сөйтейiк» деп, Бәрi де таң қалыпты айласына. – Палуанның Әли деген баласы екен, Мәдине ата-жұрты қылған мекен. Ұрысып мұныменен шыдамассыз, Осылай айла қылсақ болмай ма екен. Алданып бiзбен бiрге барса шаһар, Қисабын таппаймыз ба берiп заһар. Ұрыссақ таң атырып, күн шығармас, Бiздерден қоймас тұқым, қылса қаһар. Деп Имлақ бастан-аяқ сөзiн айтты, Көндiрдi айласына жамиғатты. Бұ сөздi есiткен соң барша кәпiр, Қараңыз, тамашасын ендi қайттi. Кәпiрлер патшасы бас бәрi келдi, Қол қусырып Имамға сәлем бердi. Мұсылман болып үлкен-кiшi, бәрi, Шат қылды жалған алдап есiл ердi. – Бiз болдық пәк мұсылман тiлiңiзбен, Жығылдық аяғыңа елiмiзбен. Қатын-бала, үйдегi жамиғатты, Көрсеңiз үй, ордамыз жерiмiзбен. Деген соң, Имам батыр жарар дейдi, Бұ жалған пәни бiзден қалар дейдi. Шаһарға алып жүрдi көп кәпiрлер, Айламыз бiздiң осы жарар дейдi. Кiредi Имам батыр шаһар елге, Кәпiрлер түсiредi қиын жерге. Түкпiрде алтын үйдiң болат сарай, Кiргiздi шаһзаданы қамау жерге. Жайылып жастық болды, иiлiп төсек, Қамаған Арысланды-ай кәпiр есек. «Су бер» деп шөлдегеннен сұрағанда, У салып су берiптi жалғыз кесек. Шаһзада кесемен су қолына алды, Iшер-iшпес болды да ой ойланды. Кәпiрлердiң iсiне қайран қалып, Отырып өз-өзiнен ғажап қалды. Имлаққа бұйырыпты «iш, – деп, – өзiң», Имлақ сонда есiтiп не дер сөзiн. – Иә, тақсыр, неге iшпедiң сұрап алып, Сарғайған шөлдегеннен көзiң-жүзiң. – Иә, Имлақ, iшпегенiм сөзiмдi естi, Палуан атам Әли болған күштi. Ас iшсең, үй иесiменен iш деп, Атамның айтқан сөзi еске түстi. Әуелi өзiң iшiп, бергiл маған, Қолына бұл кесенi Имлақ алған. Жiбердi суды төгiп кеседегi, Жығылған болып Имлақ сонда жалған. Шаһзада бұл кәпiрдiң сырын бiлдi, Iшiне қайғы пiкiр дәйiм кiрдi. Бiлген соң дәм татпасын шаһзаданың, Имлаққа Қатыран патша не дейдi ендi. – Имлақ, сен дос болдың ғой әуел барып, Еркiңе жүрер болса тiлiңдi алып. Басына мұнараның шығып тұрып, Қара, – деп айт, әр жаққа көзiң малтып. Бұл Имлақ шаһзадаға келдi тағы, Шаһзада құс сықылды қапастағы. – Иә, тақсыр, көңiлiңiздi көтерiңiз, Шаһардың тамаша-дүр әрбiр жағы. Басына мұнараның шығып тұрсаң, Атырабын бұл шаһардың тамам көрсең. Қайғылы көңiлiңiздi ашып бiраз, Тамаша бiр азғана сейiл құрсаң. Шаһзада жарайды деп ұнатыпты, Түн өтiп сол уақытта таң атыпты. Басына мұнараның шығып тұрып, Жан-жаққа Имлақ малғұн қаратыпты. Кәпiрдiң бұл қулығын бiлмес ұғып, Имлақ тұр айла жасап, төмен бұғып. Шаһзада қарап тұрса айдалаға, Бiр жерден жатыр будақ түтiн шығып. Сұрады: – Қап-қараңғы түтiн не? – деп, Будақтап шыққан түтiн не деген көп. – Бiр диюдің хан Сүлеймен заманында, Сөйледi Имлақ: сушының мекенi, – деп. Қараса бiр жағына Имам батыр, Бiр қала көрiптi алтын шатыр. Жан-жағы, айналасы – бәрi әйбат, Оты лаулап ортасында жанып жатыр. От жанар [кейде] биiк, кейде төмен, Шарбаққа бiткен ағаш терек, емен. Имлақтан қасындағы және сұрап, – Бiлдiршi, дәу жанған бұл не? – деген. Бұл қалай алтын шатыр көзге түскен? – Бiр батыр Жамһұр атты онда деген. Жамһұрдың қарындасы бар, – деп айтты, Соған ғашық бiрқатар жан, – деп айтты. Ол Жамһұр жетi ағайын, бәрi палуан, Шарбағы ағаш өсiп сыймас сепкен. Келе алмас Жамһұр ерге пар деп айтты, Ол дию дағы ғашық болып жүредi екен. Жамһұрдан жан қорқады сырын бiлсе, Әрқашан жетi ағасы түзде жүрсе. Қыз ғарiп от жағады отын өртеп, Дию малғұн келмесiн деп отты көрсе. Сөйлейдi Имлақ батыр сөзiн ашып, Ерлiктi жетi ағасы қылған машық. Есiтiп Имам батыр үшбу қызды, Сыртынан көз көрмей-ақ болды ғашық. – Алып бар бастап жолды, Имлақ, – дейдi, Бiздерге бармай не бар тұрмақ, – дейдi. Имлақ тұрып айтады: – Иә, шаһзада, Жол бастап жiберемiз бiрақ, – дейдi. – Жiберсең салып менi тура жолға, Барайын, Хақ тәуекел, мен дағы онда. Тез баста тура жолға, Имлақ мырза, Тоқтатып көңiлiмдi сен қапа қылма. Ерттедi шаһзаданың мiнер атын, Даярлап қылды бейжай қызмет хақын. Атына мiнiп алып қамшы басып, Көрiнген сол қалаға келдi жақын. Бау-шарбақ айналасы аққан бұлақ, Шарбақтың ортасында жанған шырақ. Орданың есiгiнен кiрiп барды-ау, Адам жоқ, бiлсiн жайын кiмнен сұрап. Бiр бұлақ суы тұнық ағып жатыр, Қасында бiр бәйтерек, сыпа тас тұр. Жiберiп атын отқа шөп жесiн деп, Отырды ол сыпаға Имам батыр. Ол Жамһұр өзi батыр, мерген екен, Бәрi де аңға шығып жүрген екен. Қыз байғұс есiгiнен қарап тұрса, Құдайым оған хабар берген екен. Түсiнде үш күн бұрын көрген екен, Отырған шаһзаданы көрген екен. «Бұл нағып келген мұнда адамзат?» – деп, Қасына шаһзаданың келген екен. – Ассалаумағалейкүм, әй, жанар көз, Атаңды мұнда кетiп қылдың далсыз. Мұхаммед Мұстафаның өгей ұғлы, Хал-хабар нешiк, қорықпай келдiңiз сiз. – Қорықпадым берген соң Құдай жәрдем, Мұхаммед бабам, атам Шаһимардан. Шекерден сөзiң тәттi, бек ләззатты, Сырымды бiлдiң қайдан, әй, күләндам? – Мен танып келбетiңдi келiп едiм, Құрметтеп, танып сәлем берiп едiм. Түсiмде ұйықтап жатқан үш күн болды-ау Мұхаммед пайғамбарды көрiп едiм. Сөйледi: болғыл маған шын үмбет, – деп, Бiр жiгiт келер есiмi – Мұхаммед, – деп. Мен сенi қостым соған, қызым, – дейдi-ау, Сол жiгiт келе қалса, қыл құрмет, – деп. Өз атым – Зейнүлараб, Жамһұр ағам, Атақты Рүстем-Дастан өткен бабам. Ол Рүстем Зал баласы батыр өткен, Қосылмас перiлерменен нәсiлi адам. Ешкiмге бермес менi ағаларым, Төгетiн ерегiссе дұшпан қанын. Түсiмде хақ Мұхаммед бiлдiрген соң, Сiз болдың жатсам-тұрсам ынтызарым. – Түсiңде көрген жiгiт мен бе, – дейдi, Бұ сөздiң жалғаны жоқ, шын ба, – дейдi. Қалайша бiлдiрдi екен хақ Пайғамбар, Сөзiңе нана алмадым мұнда, – дейдi. Ибраһим ол пайғамбар өткен халил, Сақтаған жанған оттан Кәрiм, Жалил. Құраннан қирааттап оқып аят, Келтiрдi сөзiне аят дәлел. – Сөзiңе ендi нандым дәлел естiп, Сұрадым бiр Құдайдан қуат күштеп. Кеткенде ағаларың аңға шығып, Тұрасың бұл шарбақта не iс iстеп? – Аң қуып ағаларым кеттi түзге, Оңаша бердi Құдай нәубет бiзге. Кетелiк келмес бұрын жабдықтанып, Әй, батыр, болса мақұл дiнiңiзге. – Әуелде – Рахман, сiз көрдiң бе түс, Үйiңде отыр барып бұ күнi кеш. Далада мен жатамын сабыр әйлап, Бұл қылық – ата-бабам қылмаған iс. Сөйлесiп бұлар мұнда құрды сейiл, Мiнезi шаһзаданың сондай зейiл. Алыстан жетi кiсi келе жатыр, Қыз байғұс қайтты көрiп үйге кейiн. Үйiне қыз жөнелдi қадам басып, Мұхаммед-Ханафияға амандасып. Бәрi де ағалары үйге келдi, Шаһзада қысылмайды қорқып-сасып. Баршасы өтiп үйге жүре бердi, Көрмедi-ау сыпадағы тұрған ердi. Бiреуi кейiн түсiп қалып едi, Отырған шаһзаданы көзi көрдi. Айбаты Арысландай хош көрiндi, Хабарсыз, еш қауiпсiз бос көрiндi. Жүрегi жақындады жарыларға, Көзiне қорыққаннан қос көрiндi. Үйiне жетiп келдi жылдам басып, Сарғайып өне бойы өңi қашып. – Қасында аққан бұлақ бiр жан көрдiм, Айбаты бұ ғаламнан кеткен асып. – Өзiңдi жын соқты ма мұнша қорқып, Көзiңе көрiнгеннен қашып-үркiп. Жұмсады Жамһұр батыр бiр iнiсiн: – Алып кел, бәлемнiң сесiн құртып. Айырылған ақылынан адам дағы, Бұ, шiркiн, мұнша қорыққан жаман дағы. Кiм дейсiң мұнда келген жапа-жалғыз, Азулы едiк қой бiз замандағы. Деп жөнелдi бiреуi мақтанғансып, Қолына қылыш, найза ұстанғансып. Келбетiн шаһзаданың көрiп жүрiп, Тұрыпты бармай кейiн сақтанғансып. – Неғылған адам едiң есер, – дейдi, Қылышым жалғыз шапсам кесер, – дейдi. Азатқа Арысландар душар болса, Бәрi де һәлакатқа түсер, – дейдi. Айтамын саған сөздi iшiм ерiп, Жамһұрға көрiнсең деп жылдам жүрiп. Тез жүрiп бағынбасаң қол қусырып, Көзiңдi жойылтармын жазаң берiп. – Жатырмын бұл бұлақта дария Нiл, – деп, Сен тұрасың ненi үйретiп маған бiл, – деп. Құлағым естiмейтiн саңырау едi, Көрсеттi ол құлағын, – бермен кел, – деп. Екен деп анық саңырау басынады, Белiне алмас қылыш асынады. Ұмтылып маңайына келгеннен соң, Қуатын ендi батыр асырады. Найзасын әуел баста тартып алды, Бек байлап, өзiн жерге бүктеп салды. Ағашқа таңып қойып алақтатып, Осындай мақтаншағың дертке қалды. Кешiктi кеткен батыр келмей-келмей, Жамһұр отыр бұл iстен хабар бiлмей. Жiбердi тағы дағы бiр iнiсiн: – Кешiгiп қала көрме бәрiң бiрдей. Ол дағы жетiп келiп айғай салған, Шаһзада саңыраумын деп шақырып алған. Бәрiн де осылай ұстап байлап қойды, Келмеген ендi мұнда Жамһұр қалған. – Не болды бәрiне де бiрi келмей, Бiреуi келiп мұнда хабар бермей. Қара деп қорқақ ерге жұмсап едi, Көрсе қорқақ: тұтылған бәрi бiрдей. Қорқақ көрiп Жамһұрға қайтып барды, «Бәрi де байлаулы» деп айтып барды. «Япырым-ау, бұл не қылған жан едi», – деп, Ол Жамһұр үйде отырып қаһарланды. Атына мiне сала шауып келдi, Байлаулы көрдi ағашта өңшең ердi. – Байлаған мұның бәрiн сен кiм едiң, Қылайын мекен саған қазған көрдi. Деп ұмтылды найзасын қолына алып, Белде – қылыш, иiнiне қалқан салып. Ат үстiнен көтерiп батыр пiлдi, Шаһзада жықты жерге басып қалып. Мiнiптi кеудесiне «менi көр» деп, – Кел, батыр, өлiп кетпей дiнге кiр, – деп. Махшарда сегiз ұжмақ болса үмiтiң, Айт, бәлем, Мұхаммед хақ, Құдай бiр, – деп. – Хақтығы дiнiңiздiң кеттi басып, Болмаса шықпас едiң күшiң асып. «Лә иләһа илла Алла» иман айтып, Кiрiптi тура жолға көңiлi асып. Байлаулы ердiң бәрiн шешiп алды, Мұсылман һәммалары болып қалды. Бiрiгiп ойнап-күлiп қуанысып, Шаһзадаменен бәрi үйге барды. Ас жесiп шаттық етiп, кеңес құрып, Сөз сөйлеп насихаттан хабар берiп. – Иә, тақсыр, иман үйрет бұған да, – деп, Келтiрдi қарындасын Жамһұр тұрып. – Сөйлейiн, әй, ағалар, iшкi сырым, Мұсылман болып едiм мұнан бұрын. Төртiншi күн болыпты ойлап тұрсам, Көргенiм хақ Мұхаммед раушан нұрын. Келерiн бұл жiгiттiң бiлдiргенi, Қуантып түсiмде сол күлдiргенi. «Фаинкаху ма таба» деп ол Хақ Расул, Осылай дәлел аят ендiргенi. Құраннан аят айтып қыз отырды, Шын деп мұның сөзiн бәрi бiлдi. Имамға Зейнүлараб қызды қосып, Оңаша екеуiне сарай бердi. Отырды оңашада ендi бұлар, Секiлдi Сейфүлмәлiк ғашық олар. Дүниеден арманда боп кеттi ме екен, Осындағы дәурен көрген аһи солар. Кiтаптан көп риуаят сөз бiлiндi, Қызықты қыздың сөзi тез бiлiндi. Ұйықтамай көптен берi талып жүрген Аз ғана шаһзаданың көзi iлiндi. Сол қыздың тiзесiнде жатқан басы, Адамның байқап тұрсаң оңай қасы. Аңдып жүрген дию малғұн душар келiп, Қызды көрiп төгiлдi көзден жасы. Жөнелдi қызды дию алып ұшып, Сүйенген бас қалыпты жерге түсiп. «Менi дию алып кеттi» деп ат ұстаған, Есiтiп тұра келдi-ау батыр шошып. Айырылып ғашығынан қапы қалды, Сол жерде күйiп-жанып қапаланды. Жөнелдi түн iшiнде атқа мiнiп, Қыз үшiн ғарiп жанды отқа салды. Бұл iстен қалды Жамһұр хабар бiлмей, Шаһзада келе жатыр дамыл көрмей. Үйiнен жүгiрiп Имлақ қарсы шықты, Келдi деп шошып қалды-ау нағып өлмей. Алдынан жүгiрiп Имлақ қарсы шықты, «Тұр шапшаң, атқа мiн» деп бұйырыпты. – Осындай жол жоғалтып сәркарданмен, Көрсетшi диюдің жайын маған, – дептi. – Иә, тақсыр, түн iшiнде жүрмеңiз сiз, Таң атқан соң көрсетiп жiберермiз. Шаһзада ашуланып ақырады: – Бастап жүр, былшылдамай, бол шапшаң, тез. Қорыққаннан Имлақ бастап жүрдi дейдi, Қараңғы түнде жолға кiрдi дейдi. Таң атып күн шығатын мезгiлiнде, Қазандық қара жерге келдi дейдi. Құдық бар терең шыңырау ауызында, Аузының айналасы алпыс құлаш. Қақпақ тас сол құдықта бес мың батпан, Көтерiп лақтырады шаһзада жас. Бұл iске Имлақ малғұн қалды қайран, Шаһзада байқамайды, көңiлi ойран. Белiне темiр арқан мықтап байлап, Түсуге ендi iшiне көңiл қойған. – Иә, Имлақ, тұрамысың арқанды ұстап, Нетесiз, күшiм жетпес, менi қыстап. Баяғы тасты ап келiп қайта қойды, Құдыққа жөнелгелi өзiн тастап. Бекiттi арқан ұшын тасқа байлап, – Құдықта бiлдiремiн үш айғайлап. Ең соңғы айғайымда тарт арқанды, Ақылмен сол айғайды өзiң ойлап. Құдыққа осылай деп түсiп кеттi, Түбiне бiр күн, бiр түн әрең жеттi. Түскен соң жоғарыдан миы айналып, Аз ғана көз қарайып, есi кеттi. Бiр уақытта есiн жиып, көзiн ашты, Екен деп ойланыпты шын албасты. Бойы бар алпыс құлаш, кеудесi зор, Құрулы көрдi төрде сыпа тасты. Басына жастанғаны сандық темiр, Сықылды диюдің өңi қара көмiр. Теректей аяқтары, мұрны – үңгiрдей, Қасында не болады-ау өткен өмiр. Сандықтың сол iшiнде Зейнүлараб, Iшкенi дию малғұнның – арақ-шарап. Дию ұйықтап жатқанда қыз жылайды-ау, «Құтылар күн бар ма, – деп, – иә, Аллалап». Сондағы жылағанда қыз не дейдi: – Құдай-а, қылдың мұндай бiздi, – дейдi. Тар қылып дүниенi бiр сағатта, Сарғайттың қызыл гүлдей жүздi, – дейдi. Әлидiң сүйер ұлы – ғашық жарым, Көремiн бе ол гауһар көздi, – дейдi. Нағылсын iздеп бiздi қиын жерден, Күдерiн бiр келмей-ақ үздi, – дейдi. Сол бауырым бiлмей қалды-ау ағам Жамһұр, Бiр сағат қоймас едi бiздi, – дейдi. Мұхаммед-Ханафиядай жан-жанайым, Дариға-ау, көремiн бе сiздi, – дейдi. Айырылып ғашығымнан қолға түсiп, Бәләсi бiр Алланың тез-дi, – дейдi. Келсiн деп сәлем айтсам ғашық жарға, Бұл хабар кiм жеткерер сөздi, – дейдi. Шыбын жан неге жүрген Құдай алмай, Пендесiн жаратпаған қайғы салмай. Жылаған қыздың сөзiн естiген соң, Шаһзада жүрдi төрге шыдай алмай. Қылышын қынабынан қолына алды, Бек қатты күшiн жиып, қаһарланды. Шаһзада ақырғанда айбатымен Көтерiп басын сонда дию оянды. Ақырып тұра келдi, қолда тасы, Сықылды үлкен таудай диюдің басы. «Үйiме сұраусыздан келген мұндай, Түйдiң ғой бiр шыбындай жаның қасы». Қолына бiр тас алды бес жүз батпан, Лақтырып шаһзадаға тасын атқан. Шаһзада тасын қағып қолыменен, Басына дию малғұнның қылыш шапқан. Кесiлдi диюдің басы қылыш тиiп, Жаратқан шаһзаданы Құдай сүйiп. Айғайын шаһзаданың естiп-бiлiп, Имлақ тұра алмады iшi күйiп. Шаһзада «арқан тарт» деп айғай салды, Дию малғұн қаза жетiп өлiп қалды. Сандықты байлап жiпке жiбергенде, Суырып Имлақ кәпiр тартып алды. Сандықтың аузын ашып қызды көрдi, Көңлiне Имлақ ердiң шайтан кiрдi. Қолыма қалағаным түстi ғой деп, Қуанып алып қашып жүре бердi. Құдыққа арқан түспей қалды тыста, Атар таң, шығар күн жоқ бұл байғұсқа. Айырылып ғашық жардан соры қайнап, Құдықта жылап-налып қалды босқа. Әлi тұр арқан қашан келедi деп, Ойлаған Имлақ малғұн өледi деп. Келмедi арқан қайта, күн кеш болды, Отырды Құдай жәрдем бередi деп. Кешке шейiн отырды арқан келмей, Тамаша-қайран қалды хабар келмей. Бәрiнен өлi айырылмай, тiрi айырылған, Күйiкке қалды батыр екi бiрдей. Құдықта қалды батыр қылып зары, Хабарсыз үйде жайға жатыр Әли. Бұл iстен хабар таппай қалды жылап, Ханафия, ол Фатима аналары. Хасен менен Хұсайын екi ағасы, Төгiлдi дiн мұсылман көзден жасы. Мұхаммед-Ханафиядан хабар таппай, Жылайды-ау сонда зарлап ата-анасы. Құдықта жатып Имам бiр түс көрдi, Көзiне жылаған соң ұйқы кiрдi. «Иә, балам, қайғырмағын, шығарсың», – деп, Сол келiп хақ Пайғамбар хабар бердi. Қуанды көргеннен соң мұндай түстi, Жасынан зарлықпенен ғұмыр кештi. Оянып тұра келсе ұйқысынан, Құдыққа арқан келiп өзi түстi. Қуанып Имлақ кете барған екен, Арқанды аты келiп салған екен. Құдайым құдiретi себепшi болып, Арқанды аты келiп салған екен. Шаһзада арқан ұстап талпынады, Ұмтылып қатты шаршап алқынады. Ұмтылып Имамзада келе жатса, Ат байғұс сол арқанды тартынады. Құдықтан Құдай оңдап шықты батыр, Қызды алып және кеттi Имлақ кәпiр. Не болса да сонымен болайын деп, Шаһзада ашуланып келе жатыр. Көзiне келе жатса көрiндi шаң, Сол шаңнан көрiнедi бiр жетi жан. Қараса батыр Жамһұр iшiнде бар, Жолығып амандасып таңға қалған. – Келесiз қайдан жүрiп, әй, шаһзада, Бiр шыбын жолыңызда жаным пида. Құтылып диюден аман қайтқаныңыз, Сақтаған сiздi мұндай патша Құда. – Iзденiп диюге таман барып едiм, Өлтiрiп қызды одан алып едiм. Сандықпен тысқарыға шығарған соң, Кешiгiп арқан түспей қалып едiм. Қасымда кәпiр Имлақ жолдас едi, Маған қас, шын мұсылман қылмас едi. Берген соң Құдай жәрдем әрең шықтым, Бұ көңлiм мақсұт таппай тынбас едi. Есiтiп таңға қалды дию өлгенiн, Имлақтың шаһарына жол жүргенiн. Сегiз ер келе жатып ат ойнатып, Сөйлейiн ендi түзде шаң көргенiн. Екi адам шаң iшiнен көрген анық, Мұхаммед-Ханафия тұр көзiн салып. «Екi ағам, жан жiгерiм келедi» деп, Алыстан Имам батыр бiлдi танып. Хасен менен Хұсайын батыр екен, Имамды iздеп сол келе жатыр екен. Жаяу тұрып шаһзада сәлем бердi, Өне бойы ойлаған ақыл екен. Амандасып, көрiстi ендi бұлар, Зарлығына есiткен пенде жылар. Әли келiп ләшкерлермен жатыр екен, Қосылып қуанып жүрдi-ау солар. Ғамас, Қатыран шаһарын Әли қамап, Жатыр екен соғысқа қылып талап. Намазшамда ләшкерге жеттi бұлар, Тамашасын солардың бiлмес қарап. Келiп сәлем берiптi Әли ерге, Мұңын шағып бас қойып қара жерге. Бастан өткен сөйледi хикаятын, Жамһұр дағы жылайды жүрген бiрге. Есiтiп батыр Әли қайран қалды, Сөзiне баласының ғажаптанды. «Қайғырма, ғарiп балам, оның үшiн», Деп сөйлеп жалғыз өзi кете барды. Тапсырды Мәлiкаждарға сан мың қолды, Жөнелдi жалғыз өзi кезiп жолды. Күнi-түнi басылмас қайғы-уайым, Қайғысы шаһзаданың Имлақ болды. Шаһарға батыр Әли барып кiрген, Ешкiм көрмес өзiн, ол бәрiн көрген. Аралап шаһар iшiн тамаша етiп, Имлақтың сарайына түзу жүрген. Келедi батыр Әли Хаққа жылап, Қыз отыр қапастағы нағып шыдап. Көрген соң Зейнүлараб қызды Әли, Тоқтады бiлейiн деп мұны сынап. Бiр уақта кәпiр Имлақ қызға келдi, Ақырын қол ұзатып сөзге келдi. Қыз жылап Құдайына жалбарынды-ау: – Бұл кәпiр не бетiмен бiзге келдi. Құдай-а, құдiретiң кең, бұл не бәләң, Басыңа Аллаң салса не-дүр шараң? Мұхаммед қалды жайда ғарiп болып, Кiсi жоқ iздеп келер, күнiм қараң. Қыз айтып мiнәжатты көп жылады, «Жолама, малғұн, маған», – деп бұлады. Шыдамай батыр Әли бiр ақырып, Кәпiрдi сақалынан бек жұлады. Кәпiрдi буындырды тамағынан, Қар жауған ашуланса қабағынан. – Япырым-ай, сен кiмсiң? – деп сасып қалды, Басылды кәпiр көңлi банағыдан. – Мен едiм батыр Әли елге мәлiм, Мақтандың не бетiңмен, кәпiр залым. Бола көр тез мұсылман тiлiмдi алып, Дүниеңнен керек болса шыбын жаның. Есiтiп Әли атын қорқып кәпiр, Ұстады жағасынан Әли батыр. Қызды ұстап бiр қолымен өңменiнен, Жүгiрiп дарбазаға келе жатыр. Кәпiрдi буындырып, қысып келдi, Қан ағып мұрнынан, ит құсып келдi. Құданың шын жаратқан Арысланы, Ләшкерге бiр сағатта ұшып келдi. Әлидiң шыдап тұрар кiм бетiнде, Жаман жоқ Мұхаммедтiң үмбетiнде. Сол Әли батыр жүгiрiп келе жатса, Тұр екен Мәлiкаждар қол шетiнде. Кәпiрдiң өңiн көрдi ұзын бойлы, Көзi – көк, жүзi – қара, ол бәдруйлы. Шатырға алып келiп батыр Әли, Имлақты буындырып байлап қойды. «Бол, – десе, – шын мұсылман», тiл алмайды, Ол кәпiр өзiн-өзi бiле алмайды. Қылышпен Мәлiк батыр бiр-ақ шапты, Денесiн, басын, түгiн көре алмайды. Келiнi Зейнүлараб алып келген, Пердесiн ақ жүзiне салып келген. Мұхаммед-Ханафиямен оны қосып, Қуанды дiн мұсылман мұны бiлген. Ғамастың шаһарына аттанды қол, Аз емес, ауыр ләшкер қисабы мол. Шаһарды қамап алып соғыс қылып, Бәрiн де тура жолға көндiрдi сол. Мал алды, дiн мұсылман олжа қылып, Той қылды, ол шаһарда ойнап-күлiп. Ләшкердiң дiн мұсылман бәрi де аман, Жөнелдi Мәдинеге қайта қонып. Бұл қисса шаһзадаға жад болыпты, Қыз зуфунун Зейнүлараб хат болыпты. Қайғыда мұнафиқтар күйге түсiп, Мұсылман естiп-бiлген шат болыпты. Тамам.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ
Бұл тілдегі нұсқа жоқ