Қазақша
Мұхаммед-Қанапия
Әуелi аузыма алдым бисмилланы,
Алланың бар өлшеулi берген дәнi.
Жамиғат, құлақ салып тыңдасаңыз,
Сөйлейiн Пайғамбардан бисмилланы.
Азырақ сөз сөйлейiн Пайғамбардан,
Тақсырға сауап тiлер құлақ салған.
Сахаба отыз үш мың, төрт шәрiден
Болмай ма сөзiм құрбан аяп қалған.
Алланың хақ Пайғамбар сүйген жары,
Қасында отыз үш мың асхабтары.
Жан қалмай мәжiлiске жиылыпты,
Бас қосқан құжырасында елдiң бәрi.
Пайғамбар жинап алды жамиғатты,
Жеткен олардың да аманаты.
Ағайынын өзiнiң жиып алып,
Халқына айтты сонда өсиетiн.
Мешiтке хақ Пайғамбар жетiп барды,
Төңкерiп әр тарапқа көзiн салды.
Қолына бiр жағалап қарап қойып,
Мұхаммед-Қанапияны көңiлiне алды.
Он жетi ер Қалида ұл бар едi,
Сөзiнде Пайғамбардың бұл бар едi.
Пара-пар жүз кiсiлiк қайраты мол,
Қалида Қамбар атты құл бар едi.
– Рұмға батыр Қамбар барсын, – дедi,
Бұйдалап жетi нарды алсын, – дедi.
Әкелсiн сонан барып өрiк, мейiз,
Үстiне сыйғанынша салсын, – дедi.
Сахаба отыз үш мың, төрт шәрiден
Бiр жолдас өзi таңдап алсын, – дедi.
Бисмилла сөз таратып әуел баста,
Жақсының жаны бiрге, заты басқа.
Мұхаммед-Қанапия «барам» дейдi,
Сол кезде келген екен жетi жасқа.
Ұмтылды осы бала «барамын» деп,
«Жасымнан жер шарасын көремiн», – деп.
– Бұғанаң, бойың өсiп қатқан жоқ, – деп,
Қимайды Қали тақсыр, – қарағым, – деп.
Өзiнiң көңiлi таза шәрбат судан,
Дүниенi жаратпайды артық қуған.
Қасен мен Құсайыннан бiр кем емес,
Қатыннан Қанапия атты жалғыз туған.
Қимайды жiберуге Қали Хайдар,
Дұшпанға бiр болар деп үлкен айбар.
Жарқырап сәулесiнен күн түсiп жүр,
Туғаннан мысал едi алтын айдар.
– Тiлегiм бұған бар ма, қарағым-ай,
Өзiме тартып туған талабың-ай.
Далада ұйқың келсе қор боларсың,
Қимаймын жiберуге, қарағым-ай.
Қалидiң тiлiн алмай бала кеттi,
Панасыз пәни жалған солай еттi.
Бiр сапар жолдас болып қаламын деп,
Артынан ер Қамбардың қуып жеттi.
Екеуi «тәуекел» деп түстi жолға,
Сондай қып кiмде-кiмнiң артын оңда.
Рұмның шаhарына қия жеттi
Ақшам мен екiндiнiң арасында.
Екеуi бес-алты күн жатып алды,
Миуасын жетi нарға артып алды.
Түн қатып Мәдинеге жетемiз деп,
Екеуi бiр күн кешке қайта салды.
Кеш батты, көз байланып сағым батты,
Баланың былқ-сылқ етiп тынышы кеттi.
Ұйқыдан жап-жас бала тұра алмайды,
Байқамай Қамбар озып кетiп қапты.
Атын кесе қаңтарып Қанапия,
Сол жерде аттан түсiп жатып қапты.
Сол жерде аттан түсiп жатып қапты,
Талаппен шөл бейнетiн iздеп тапты.
Бiлмейдi қай тараптан келген жөнiн,
Бет алып құла дүзге тұра шапты.
Әңгiме, ендi қызық сөз келедi,
Дүниеде естiгендi көз көредi.
Iшерге су, оттарға бiр тал шөп жоқ,
Бiр төбе биiк құмға кез келедi.
Ер Қамбар жер ортаға жетiп барды,
Сол жерде ойлап-ойлап тұра қалды.
Қасында ерткен бала жоқ болған соң,
Адасып кеттi ме деп ой ойлады.
Қамбардың қалды сонда көңiлi жасып,
Ашиды басындағы миы қашып.
Еш белгi бұл баладан таба алмады,
Қалыпты жүрген жерiн шаңдақ басып.
Ақылды сонда Қамбар көп ойлады,
Қайғысын бұл баланың жеп ойлады.
Бұл жерде жылағанмен кiм аяр деп,
Берейiн барып хабар деп ойлады.
Түн қатып түнде Қамбар жетiп келдi,
Келдi де Хақ Расулға хабар бердi.
«Баладан айрылдым» деп айтып едi,
Мұхаммед Құдай досты зар еңiредi.
Бұл сөздiң жалғаны жоқ, бәрi де рас,
Сөзiнде Пайғамбардың болмайды қас.
Зарына жас баланың шыдай алмай,
Батысып ай мен күнi қазаланды.
– Алды-артын дүниенiң барласын, – деп,
Ешбiр жан iздемеген қалмасын, – деп.
Жер келсе жарлау, шұңқыр тегiс iзде,
Оқыста кәпiр ұстап алмасын, – деп.
Жөнелдi бет-бетiмен жанның бәрi,
Көп болды Мәдиненiң қылған зары.
Болмайды жиhан кезiп iздейiн деп,
Түн қатып атқа мiндi хазiрет Қали.
Бiләл мен жар шақырды Құсман молда,
«Ашқыл, – деп, – ер сапарын, Қадiр Алла».
Жан қалмай Мәдиненiң атқа мiндi,
Бәрi де бара жатыр оң мен солға.
Тағы да атқа мiндi хазiрет Қали,
Пенденiң асыл сөзге көңiлi тынар.
«Мен бұрын бәрiнен де табамын», – деп,
Жаяулап о да ұшты баба Ғұмар.
Тағы да атқа мiндi Әбубәкiр,
Кем емес ер Қалидан о да батыр.
Қасында үш жүз кiсi жолдасы бар,
Бет алып әр тарапқа бара жатыр.
Ер бабаң Қап тауына жетiп барды,
Бойына қару-жарақ, сайман алды.
Аса ұшып Қап тауынан жалғыз күнде,
Дүниенi тегiс аралап бәрiн шалды.
Бiледi өзi жаяу жердiң жайын,
Сасқанда қару-жарақ бәрi дайын.
Жер қалмай тебiнгiдей iздесе де,
Сонда да кез қылмапты бiр Құдайым.
Оларға Құдай артық берiптi бақ,
Адамға қайғы шiркiн үлкен салмақ.
Адамы Мәдиненiң он күн iздеп,
Баладан хабар таппай қайтты зарлап.
Баладан хабар таппай қайтқан жерi,
Қайғырып қайтқандардың түстi белi.
Ендiгi жас баладан сөз сөйлейiн,
Сонымен тұра тұрсын Мәдине елi.
Баланың қалды сонда аты жүрмей,
Хабарын бейшараның ешкiм бiлмей.
Өзi жас бейшараның әлi кеттi,
Аузына нәр салмапты жетi күндей.
Баланың өзi жаяу әлi кеттi,
Астында аты арып халi кеттi.
Қаңғырып жапан дүзде қалам ба деп,
Құдайға сонда бала зарлық еттi.
Баланың зары:
Сонда бала жылайды,
Көзiнiң жасын бұлайды.
Зарланады жас бала,
Зар етiп жатыр Құдайға.
– Хақ Мұхаммед бабам-ай,
Нұр Бәтима апам-ай,
Жапан дүзде зарланып,
Бiр жас бала қалам ба-ай?!
Есiне бабам алмады-ау,
Дүлдүлге қамшы салмады-ау.
Жау-жарағын асынып,
Дүние жүзiн шалмады-ау.
Жетi жасар жас балаң,
Жапанда қалып зарлады.
Көп бейнет бердiң балаға,
Бұйрықсыз жанды ала ма.
Жетi жасар шағымда
Қаңғырып қалдым далада.
Жалғаннан зарлап өтем бе,
Қуанар күнге жетем бе?!
Қалидан туған зат едiм,
Ит-құсқа жем боп кетем бе.
Жапанда қалды бiр балаң,
Құдiретiңе таң қалам.
Бiр ұядан жалғыз ем,
Зарланып қалды сорлы анам.
Атамның жүзiн көрмедiм,
Бабама сәлем бермедiм.
Қасен менен Құсайын,
Соңынан бiрге ермедiм.
Дүниенiң бiлдiм жалғанын,
Көтердiм Алла салғанын.
Атамның жүзiн көре алмай,
Iшiмде кеттi арманым.
Атамыз бiздiң Мұхаммед,
Тiлек тiлеп көп үмбет,
Досыңнан хабар алмадың,
Бiлдiрмедi Құдiрет.
Жас бала осылайша зарлық еттi,
Бойынан қару-қайрат әбден кеттi.
Бұл жерде жылағанмен кiм аяр деп,
Тоқтатып өзiн-өзi сабыр еттi.
Жас бала әрi-берi ойлап тұрды,
Боларын бiр сұмдықтың iшi бiлдi.
«Құдай-а, жазуыңа мың шүкiр», – деп,
Етегiн белге байлап тұра жүрдi.
Кiсi жоқ ақылдасар жолдасына,
Дүниенiң көз жетпейдi болмасына.
Құдайға мiнәжат қып жылағанда
Қара тас балқып кеттi көз жасына.
Баланың аты қалып, кеттi жаяу,
Жолдас жоқ, жан есiркеп баланы аяу.
Көл болып екi көзден аққан жасы,
Шөл құмның биiгiне келдi жаяу.
Балаға ендi түстi заманақыр,
Қор болып өзi жаяу есiл пақыр.
Сол құмның биiгiне қарап тұрса,
Көрiндi мұнарланған бiр ақ шатыр.
Бала да әрi-берi аңғарады,
Жақсының өзi өлсе де жан қалады.
«Елсiзге неғып шыққан бұл шатыр?» – деп,
Құдайдың құдiретiне таң қалады.
Ойлайды: – Бұл шатырға барайын, – деп,
Iшiнде не бар, не жоқ қарайын, – деп.
Сөйлесiп, адам болса асын iшiп,
Тағдырлы қазам жетсе, өлейiн, – деп.
Барайын тәуекел деп не де болса,
Құдiреттiң салғанын көрейiн, – деп.
Жас бала өзi бiр гүл едi тұрған жайнап,
Қор боп тұр Жағыпардан соры қайнап.
Тұлпардың тұяғы ғой асыл туған,
Жөнелдi бiр Құдайға белiн байлап.
Шатырға сонда бала жетiп келдi,
Басына Құдай қанша бейнет бердi.
Толықсып он төртiнде туған айдай
Үстiнде алтын тақтың бiр қыз көрдi.
Жас бала жайнап тұрған о да бiр гүл,
Бейшара дамыл алмай қалжырап тұр.
Шатырдың түкпiрiнде қарап тұрса,
Бүкшеңдеп босағада бiр кемпiр тұр.
Кемпiрге сонда бала жетiп келдi,
Келдi де тағзым етiп сәлем бердi.
– Аш едiм неше күндей, шөлдеп тұрмын,
Әй, апа, бiр iшерге су бер, – дедi.
– Қалайша сөз сөйлейсiң, бала, тақ-тақ,
Есiктен не себептен келдiң жақтап.
Шөлдеген бала келсе, су берем деп,
Қойдым ба су даярлап саған сақтап.
Бiр суды көргеннен соң басын қойды,
Адам деп ойламады кемпiр сұмды.
Долданып жетiп кемпiр келiп едi,
Көтерiп борбайынан бiр-ақ қойды.
Кемпiр тұр жас баланың түрiн сынап,
Өзi жас болса дағы, дiнi қынап.
– Шырағым, жаным ашып сөз айтамын,
Шатырдан жөнел, – дейдi, – жылдамырақ.
Қорқады өзi жалғыз жап-жас бала,
Жөнелдi дәт қылмастан шыға сала.
«Мұны мен не де болса байқайын», – деп,
Далада бiр қурайды қылды пана.
Толықсып он төртiнде туған айдай,
Жатқан қыз бiр заманда тұра келдi.
– Жатқанда мен бағана ұйқылы-ояу,
Кемпiрден – оның кiм? – деп сұрады ендi.
Кемпiр айтты: – Бiр бала келiп қалған,
Өзiмнен азды-көптi жауап алған.
Сұрауға жаным шошып бата алмадым,
От екен екi көзi жанып тұрған.
Бiр бала келiп қалды Құдай қосып,
Аялдап көп тұрмады сөздi тосып.
Бетiнде Арысланның белгiсi бар,
Сұрауға бата алмадым жаным шошып.
– Ендеше, сол баланы шақыр, – дедi,
Баланың бiз шығармыз келген жерi.
Осында бөтен заттан келмеушi едi,
Дүниенiң ерi шығар, кемеңгерi.
Баланы кемпiр залым шақырады,
Қол бұлғап «жылдам кел» деп бақырады.
Алтынның сынығы ғой осы бала,
Пана қып бiр қурайды жатыр едi.
Жас бала шақырған соң жетiп келдi,
Келдi де тағзым етiп сәлем бердi.
– Жас бала, нәсiлiң жас, түсiң бөтен,
Ей, қалқа, танымаймын, кiмсiң? – дедi.
– Айтпаймын мен шынымды тiптi саған,
Баян қыл сен жөнiңдi бұрын маған.
Егер де жөнiңдi айтпасаңдар,
Басыңа түсiремiн ақырзаман.
Қыз айтты: – Адамбысың, перiмiсiң,
Қайтпайтын бұл жалғанның ерiмiсiң?!
Нәсiлiңдi мен соларға ұқсатамын,
Қалидың көп ұлының бiрiмiсiң?
– Болмайды жанның бәрi сендей зерек,
Көңiлге келген сөздi ойлау керек.
Сен байқап нәсiлiмдi танып тұрсаң,
Қалидың ұлы емеспiн, затым бөлек.
– Жөндерiңдi айтып кетсең берiп,
Адамға ақыл, қайрат үлкен серiк.
Секiлдi қасқыр қабақ түсiң суық,
Тұр екен ер Қалиға түсiң келiп.
Түсiмде Пайғамбарды көрiп едiм,
Алланың барлығына сенiп едiм.
Солардың үмбетiне қоса көр, – деп,
Құдайдан күндiз-түнi тiлеп едiм.
Бiр бала келмек едi алыс жолдан,
Ол өзi арып-шаршап талай жерден.
Ол келсе хақ мұсылман боласың деп,
Түсiмде хақ Пайғамбар аян берген.
Баладан содан берi хабарым жоқ,
Ұрғашы, өзiм iздеп табарым жоқ.
Қолында ит кәпiрдiң қалам ба деп,
Зарланып мен жатырмын, амалым жоқ.
Бала айтты: – Кез келтiрсе жалғыз Хақтан,
Қызбын деп қолым жеткен, қылма мақтан.
Түсiңде Пайғамбарды рас көрсең,
Адамсың бұл жапанда не қып жатқан?
Қыз айтты: – Әкем аты – Ғұзнапар,
Бойы бар дию тектес, өзi кәпiр.
Қалидың басын кесiп келемiн деп,
Сексен мың жиылысып кәпiр жатыр.
Сөз ұят көрмегенге дейтiн бәлен,
Көп шерiк жиналыпты бiзден түмен.
Қолыма бiр кемпiрдi даяшы қып,
Серт қылып орта жолға әкеп қойған.
Кәпiрдiң бiр батыры Ғажым деген,
Ызасы кәпiрлерге өтiп едi.
Егер де Қали басын кесiп келсе,
Ғажымға менi әкем бермек едi.
Бала айтты: – Мендей шаршап қысылған бол,
Сұраймын сiзден, менiң арызым сол.
Түсiңде Пайғамбарды рас көрсең,
Бейшара, иман айтып мұсылман бол.
– Жас бала, бiз айталық дәтiмiздi,
Соларға ұқсатамын затыңызды.
Әуелде мұсылманның бiр белгiсi,
Шырағым, баян қылшы атыңызды.
– Жол тартқан ақ қағазға қара сия,
Тұрағым – Мәдине елi, мен – Қанапия.
Пайғамбар нағашы атам, әкем – Қали,
Сұрасаң, менiң атым – Қанапия.
Қыз айтты: – Шариғатты iс болыпсыз,
Көңiлде арманым көп, сөкпесеңiз.
Аш жүрмiн неше күндей деп айтасыз,
Осында бел шешiнiп тағам жеңiз.
– Iшпеймiн берсең дағы асыңыздан,
Кетпеймiн және тастап қасыңыздан.
Әуелден кәпiр асы бiзге арам,
Ежелден ғадат қылған жасымыздан.
– Шырағым, сөз айтасың дәйiм маған,
Баласың әр жауаптан тайынбаған.
Белгiсi мұсылманның неден болар,
Иманның үйрете гөр жайын маған.
Сол жерде қыз бейшара дiнге кiрдi,
Бұл қыздың абзалдығын о да бiлдi.
Алтынның сынығы ғой осы бала,
Нәпсiге сонда бала тыйым салды.
Бұл қызға дiн үйреттi бала ғарiп,
Дүниенi жаяулықпен жүрген шалып.
Әр ғылым, әр нұсқадан дiн үйреттi,
Көңiлiне иман нұры қалды толып.
Шатырда жарты ай жатты әлгi бала,
Баланың жас та болса, көңлi дана.
Қыз барып сыртқа шығып келдi де айтты:
– Япырым-ай, келе жатыр бiр топ қара.
Таныдым, келе жатқан Ғажым батыр,
Қалидың басын iздеп кеткен кәпiр.
Өзiнiң дiнi қатты батыр едi,
Шырағым, болма қапыл күтiнiп тұр.
Қолына қару алды сонда бала,
Басына бейнет бердi Хақ Тағала.
Есiктен қарсы қарап келген екен,
Баланы ит кәпiрдiң көзi шалды.
Долданып сонда кәпiр жетiп келдi,
Шiренiп ат үстiнде жауап бердi.
– Шатырды мен жоқ жерде жайлап алған,
Осында жатқан байың кiм-дүр? – дедi.
Қорқады өзi жалғыз жап-жас бала,
Жөнелдi дәт қылмастан шыға сала.
Баланы шаншайын деп ойлап едi,
Ақ найза, алтын шашақ қолына ала.
Балаға келдi дағы найза салды,
Керiлiп асыл шiркiн тұра қалды.
«Пайғамбар нағашы атам, қолдай гөр», – деп,
Ол дағы «иә, Құдайлап» қылыш салды.
Найзасын тигiзбестен қағып алды,
Тартқанда кәпiр қолы сапта қалды.
Бiрi атты, бiрi жаяу болмайық деп,
Екеуi аттан түсiп күрес салды.
Баланы менсiнбейдi кәпiр қорлап,
Салады ол да қылыш жанды қорғап.
Тартқанда кәпiр қолы сапта қалды,
Баламен алысады жалғыз қолдап.
Кәпiрдiң аты жүрмей жата қалды,
Алысып екi батыр күрес салды.
Күресiп жетi күндей осы бала,
Кәпiрден қайраты асып жығып салды.
Тағдырын сол кәпiрдiң бала шештi,
Қимылы сол баланың желдей естi.
«Құдай-ау, атам жолын бере көр», – деп,
Сол жерде алып соғып басын кестi.
Мiнедi алып соғып кеудесiне,
Көрiндi дәл мiнгендей тау басына.
Кәпiрдiң басын кесiп алғаннан соң,
Шүкiр қып нияз қылды Алласына.
Жаратқан Құдай артық мұның халiн,
Аллаға адам сыры бәрi мәлiм.
«Осындай Ғажым ердi өлтiрдi», – деп,
Кетiптi түнде қашып кемпiр залым.
Залым ит көп шерiкке жетiп келдi,
Келдi де сексен мыңға хабар бердi.
Кемпiрден бұл хабарды естiген соң,
Кәпiрдiң сексен мыңы атқа мiндi.
Түнде кеп қалың шерiк қамалаған,
Iшiнде бiр жас бала жалғыз қалған.
«Пайғамбар нағашы атам, қолдай көр», – деп,
Ол дағы «иә, Құдайлап» қимылдаған.
Атасы мұсылманға болған ерке,
Құдайым қуат берсiн иман дiнге.
Қылышын екi жүздi сермегенде,
Қосады кәпiрлердiң мыңын бiрге.
Қызарды көк бөрiдей екi көзi,
Бұлардың тамашалы әрбiр сөзi.
Мың қойға жалғыз шапқан көк бөрiдей,
Iшiнде сексен мыңның жалғыз өзi.
Қырылды, бiр баладан аса алмады,
Құтылып жалғызы да қаша алмады.
Ойлады қалғандары қашайық деп,
Ат аяқ өлгендерден баса алмады.
Балада бiр дамыл жоқ күн менен түн,
Сөзiнде Пайғамбардың болмайды мiн.
Сексен мың қалың шерiк жабылса да,
Қалыпты бiр заманда он екi-ақ мың.
Дүниеде кiм құтылар мұндай ерден,
Құдайым, тысқары қыл қара жерден.
Хал кеттi бiр заманда есiл ерден,
Тәнiне жара түстi жетпiс жерден.
Балаға жетпiс жерден жара түстi,
Ұлғайып барған сайын болды күштi.
Тәнiнен аққан қаны аспанға атып,
Есiл ер бiр заманда аттан ұшты.
Баланың жалғыз өзi қалды талып,
Адамға жалғызшылық қандай ғарiп.
Қасында сүйенерлiк жолдасы жоқ,
Құлады бiр заманда аттан барып.
Баланың тынышы кетiп жата алмады,
Ешкiмге бiр ауыз сөз қата алмады.
Әшейiн амал қылған қайласы деп,
Кәпiрлер дәндеп қалған бата алмады.
Дүниенi кезiп едiм жаз бенен күз,
Адамды қайда апарса дәм менен тұз.
Баланың басын сүйеп зар қағады
Баяғы қоста қалған бойжеткен қыз.
Қыз келдi фариад салып жатқан жерге,
Қайысып қабырғасы есiл ерге.
Баланың басын сүйеп зар жылайды,
Тiл де жоқ, тым болмаса, сөйлесерге.
Жаманды жақсы десең қорланады,
Аққан жас қыз көзiнен парланады.
«Құрбан қып мұның үшiн өзiмдi ал», – деп,
Құшақтап бейшара қыз зарланады.
– Қарағым, мұндай болды жатқан жерiң,
Адам деп ескермедi кейiнгi елiң.
Құдайым, мұратыңа жеткiз, – дедi,
Қалидан пайда болған сағым керiм.
Құдайым ендi сенен қалдырмасын,
Қолында ит кәпiрдiң зар қылмасын.
Қасында сүйенерлiк жолдасы жоқ,
Далада қор боп қалды ғазиз басың.
Болжаусыз дүние шiркiн өтер ме едi,
Аллаға қатты зарым жетер ме едi?!
Әуелде қор болмас деп ойлаушы едiм,
Құдайым құдiретiңе жетер ме едi?!
Құдай-ау, бұл қылғаны Құдiреттiң,
Үйiңе мың да болса бүгiн жеттiң.
Алланың хабарлаған Хақ достығы,
Бiр хабар бiлдiрмейдi Құдiретiң.
Зар жылап қыз бейшара фариад салды,
Дауысы Құдiретке жетiп барды.
Зарланған қыз дауысын естiген соң,
Құдiрет рақым ойлап көңiлге алды.
Жаманды жақсы десең арланады,
Аққан жас қыз көзiнен парланады.
«Сабыр қып бейшара қыз тоқтасын», – деп,
Елшiге Жәбiрейiлдi жiбередi.
Сол жерде нұр перiште келдi жетiп,
Қалыпты қыз бейшара зарлық етiп.
«Хабарды Мәдинеге саламын», – деп,
Бейшара тоқтау салды сабыр етiп.
– Тұрыңыз мен келгенше мұны бағып,
Естiмесе не қылады олар келiп.
Хабарды Мәдинеге саламын, – деп,
Жөнелдi нұр перiште қанат қағып.
Қас-қабақ арасында жетiп барды,
Келдi де Хақ Расулға хабар бердi.
Көл болып екi көзден аққан жасы,
Мешiттiң құжырасында отыр едi.
Келдi де Пайғамбарға бердi сәлем:
– Жапанда зарлық еттi бiр жас балаң.
Ер Қали жаны болса, тез жетсiн деп,
Досыңыз хабар айтты Хақ Тағалаң.
Жалғаннан Қанапия өткелi тұр,
Басына қаза-өлiм жеткелi тұр.
Бермесе өзi жәрдем Патша Құдай,
Кеудеден ыстық жаны кеткелi тұр.
Дейтұғын куһи Қаптың даласында,
Сексен мың көп шерiктiң арасында,
Бармаса жарты сағат жазым болар,
Қалекең жете көрсiн баласына.
Есiтiп Пайғамбарым талып қалды,
Көңiлi бұл бала үшiн қатты жарым.
«Құдай-ау, өңiм бе, – деп, – түсiм бе», – деп,
Жинады сол арада жанның бәрiн.
Жылады естiген соң жанның бәрi,
Хақ жолдас отыз үш мың асхабтары.
«Баламды көрiп өлсем арман жоқ», – деп,
Түн қатып атқа мiндi хазiрет Қали.
Ер Қали түнде жатып түс көредi,
Түсiнде таңғажайып iс көредi.
Бiр түстi қалғып кетiп көрген екен,
Жүруге құдiретiңiз күш көредi.
Сол күнi жатқан екен «иә, Құдайлап»,
Сайманның қару-жарақ бәрiн сайлап.
Аттанып келсе хабар беремiн деп,
Жолына хақ Дүлдүлiн қойған байлап.
Қағынып төрт аяғын Дүлдүл тұрды,
Қылышы қынабына сарт-сұрт ұрды.
Көп жiгер Арысланнан кеттi қайнап,
Жүруге «тәуекел» деп бетiн бұрды.
Көп жiгер Арысланнан кеттi қайнап,
Бөрiдей қойға шапқан көзi жайнап.
«Жазасын кәпiрлердiң берейiн», – деп,
Дүлдүлге ердi салды «иә, Құдайлап».
Алды-арты жиылғанша бөгеледi,
Қолынан оның басқа не келедi.
Артымнан бiр-бiр басып келiңдер деп,
Түн қатып хазiрет Қали жөнеледi.
Халықтың бәрi келдi ұмар-жұмар,
Хабарын естiген соң нағып шыдар.
Қалидан мен де қалмай жетемiн деп,
Жаяулап о да ұшты баба Ғұмар.
Не түрлi жан жаратқан Хақ Тағалаң,
Өзiнiң әмiрiнде барша ғалам.
Айлықты алшаң басқан Дүлдүл аттан,
Кетiптi сонда озып бес жүз қадам.
Арыслан Қап тауына жетiп барды,
Сол жерде ойлай-ойлай тұра қалды.
«Естiсе ғарiп балам алдансын», – деп,
Қышқырып сонда Қали айғай салды.
Қышқырып сонда Қали айғай салды,
Дауысы мың күншiлiк жерге барды.
«Құдай-ау, әкем келiп қалған ба?!» – деп,
Көтерiп сонда басын жұлып алды.
Қалиды Құдай бастап алып келдi,
Дауысын әкесiнiң таниды ендi.
Қан басып жалғызсырап жатқан бала,
Орнынан «иә, Құдайлап» түрегелдi.
Ер Қали баласына жетiп келдi,
Дүлдүлдiң жүрiсiмен келiп жеттi.
«Әйтеуiр, аман болса көремiн», – деп,
Кәпiрге баба Ғұмар кiрiп кеттi.
Қырады батыр бабаң кiрiп кетiп,
Қалыпты кәпiрлердiң халi кетiп.
Артынан қанша жүйрiк қуса дағы,
Ер бабаң ұстатпайды былқ-сылқ етiп.
Кәпiрдi бара сала қыра бердi,
Қылышпен кез келгенiн ұра бердi.
Әйтеуiр, қалжыратқан осы ғой, – деп,
Кезiне келгендерiн қыра бердi.
Ер бабаң тиiседi бара сала,
Болады жүрген жерi пара-пара.
Ойлайды қалғандары қашамыз деп,
Көрсетiп көресiңдi қылған iсiн қара.
Тұрады Қали тақсыр сабыр етiп,
Баласын көргеннен соң көңiлi бекiп.
«Арманда көре алмай қалам ба», – деп,
Балаға баба Ғұмар келдi жетiп.
Баланы көргеннен соң жылады зар,
Дүниенi жаяу кезген о да бiр сал.
Жаны қалмай Мәдиненiң келiп қапты,
Бастығы Құдай досы хақ Пайғамбар.
Батырлар тұра қалды әлгi жерге,
Әрқашан бейнет дайын талапты ерге.
«Бұл кәпiрдi өлтiрiп кетейiк», – деп,
Жөнелдi бiрi қалмай кәпiрлерге.
Кәпiрге өңшең батыр жетiп келдi,
Келгенiн мұсылманның о да бiлдi.
«Бiз ендi бұған қарсы тұрмайық», – деп,
Кәпiрдiң аз қалғаны дiнге кiрдi.
Келiптi батыр бабаң бәрiн жайлап,
Басына берген бақыт Құдай арнап.
Қарсыласпай кәпiрлер дiнге кiрдi,
Iшiнен өз патшасын келдi сайлап.
Тоқтады Пайғамбардың ақылына,
Бұл сөздiң қараңыздар ақырына.
Адамын Мәдиненiң жиып алып,
Қыз қалған ендi келдi шатырына.
Шатырға өңшең батыр жетiп келдi,
Келгенiн мұсылманның ол да бiлдi.
Жолы деп бұрынғының парыз айтып,
Иiле тағзым бiрлән сәлем қылды.
Әуелгi тырнақалды жұпты қылды,
Балаға қияметтi жұпты қылды.
Сол қызды ендi қосты неке қиып,
Алды-артын әлгi араға жиып алды.
Бiрi – үлкен, бiрi – кiшi ағалары,
Аллаға шын сүйiктi паналары.
Кеп қайтты орта жолға олар дағы,
Қанипа, Бибәтима аналары.
Айтады насихат қып: – Жылама, – деп,
Жыласаң бiздi мұндай қыла ма, – деп.
«Бейнеттiң түбi – рахат» деген сөз бар,
Үмбетiм қысқа тiлек тiлеме, – деп.
Аллаға қабыл болды қылған дәтiм,
Қылады не қылса да Құдiретiм.
Берген соң өзi жәрдем Патша Құдай,
Сол жерде тоқтау еттi Мұхаммедiм.