Корпусқа оралу

Боран батыр

Баяғыда Ұлы жүзде Боран деген бір батыр мен Қасқарау деген бай болған екен. Ноғайлы елінің қоныс алмай аз румен бір қоныстас болып жүретін заманы екен. Сол мезгілде Боран батыр байға қатты өкпелеп шауып алмақ болып атқа үш мініп, үш түскен екен. Ондағы себебі—шауып тастауға қорқып жүрген жоқ, бұл наданның наданшылығына...

Қазақша
Боран батыр
Баяғыда Ұлы жүзде Боран деген бір батыр мен Қасқарау деген бай болған екен. Ноғайлы елінің қоныс алмай аз румен бір қоныстас болып жүретін заманы екен. Сол мезгілде Боран батыр байға қатты өкпелеп шауып алмақ болып атқа үш мініп, үш түскен екен. Ондағы себебі—шауып тастауға қорқып жүрген жоқ, бұл наданның наданшылығынан көрмей, Боран өз елін өзі жаулап құтын шайқады деп, жаман аты менде қалады-ау, деп тоқтаған екен. Сол Боранның баймен өкпелесіп жүрген мезгілінде Ноғайлының ауып кететін кезі болып Қасқарау айттырып қойған бір қызды бермей көшіп кетеді. Боранмен араз Қасқарау бай қуып, жесірін алып қала алмайды. Ноғайлы сол көшкен бетімен теңізден өтіп кетеді, теңізді айналып өтуі үш айлық жол еді. Көлденеңінен қора қамыстың арасымен жүріп өтуі 15 күндік еді, бірақта, сонымен адам баласы жүрген емес. Жүре алмайтын себебі—аю, жолбарыс және жезтырнақтардың мекен қылған жері еді. Солардан қорқып ешкімдер де жүре алмайтын. Ол онымен тұра берсін. Қасқарау бай елінің басын қосып: «Мына Ноғайлыдағы кеткен жесірге не қыламыз, бұған не айтасыңдар» деген соң, жиналған жұрт «бұл не айтып отырғаның, бұрынғылар айтқан жоқ па еді «қарға мың шақырса жыл келмейді, қаз бір-ақ күн шақырса жыл келеді» деп». Жиналғанмен бұл елдің қолынан не келеді? Боранмен араз болып, бой теңесетін нең бар, сені шауып жіберсе Бораннан айырып алатын кім бар? Қарсы тұра алармысың? Сен бұл адасқандықты қой, біздің табарымыз ел болар, түгел айтқанымыз сені Боранға алып барып аяғына жығамыз!»—дейді де, қалы кілем, қара нармен байды апарып Боранның аяғына жығады. Көпшілік жол-жобасымен апарып аяғына жыққан соң, Боран батыр мырзалық қылып: «Ал, Ұлы жүздің баласы жиылып келген екенсіздер, келуден басқа айтарлық сөздеріңіз болса сөйлей отыр!»—депті. Келген ақсақалдар: —Өкпелеп жүрген мына ағаңды «жасыңды санама, басыңды сана» деп әкеп отырмыз, «ел намысы ер намысы» деп сен сықылды ері бар елдің намысы кетуші ме еді басқа елге, мына Ноғайлының жесірімізді бермей көшіп кетіп отырғанын білмей отырмысың, айтарымыз осы!» деседі. «Жарайды, сіздердің жиылып келгеннен-ақ осыны айтарларыңызды біліп отырмын, бірақ мұның маған бір ауырлығы бар: Ноғайлыдан қауып қылып отырғаным жоқ, Боран басыммен аттанып шыққан соң, 9 айлық теңізді жағалап отыруым лайық емес қой. Көлденең өтетін он бес күншілік қылы болады екен, оның ішінде адамға қауып қылатын зиянды хайуандар болушы еді, айқасып көрмеген нәрсем еді, сол жері ауыр келе ме деп ойлап едім?!»— дейді. Көпшілік: «Онда біз білмейтін қандай хайуандар бар?»— дегенде, Боран: «Оның несін сұрайсындар, ұсақ аңның бәрі бар: қасқыр, қабан, аю, жолбарыс, жезтырнақтар болулары керек»—дегенде отырған ел атын естігеннің өзінен-ақ шошыды да: «Алыссынбаңыз, барамыз десеңіз алдымызға басшы болып жүріңіз, көп болып атқа мініп теңізді жағалап өтейік!» деседі. «Олай емес, қылыдан өтуге Боран да қорқып, теңізді жағалап кетіпті дегізгеннен өлгенім жақсы емес пе? Қой, енді тәуекел, мен барайын, аса көп кісінің керегі жоқ, маған ыстық істеп беруге жарарлық он-ақ жігіт аламын, кезекпен ас пісіріп отырсын. Онына жылқыдағы бар жақсы атыннан жиырма ат жаратып, он жігітке қару-сайман мен азық-түлік даярлап беріңдер! Менің өзіме өз атым, өз сайманым болады. Енді күнді ұзартпай алдымыздағы дүйсенбі күні құрмалдық қылып, елдің басын қосарсың, сол күні біз де аттанармыз!»—деп уағдасын беріп, айтқандай он жолдасын алып, сол күні жүріп кете барады. Былай шығып алған соңғы істе, батыр сол он жолдасына он күн тамақ істетіп отырады. Түсе қалған жерде қолын ішіне алып, Боран жеке қисайып жатады, оның алдынан біріне-бірі сүйеніп тоғызы жатады, оның алдынан ыдысқа бақыр іліп кезегімен ыстығын береді. Сол қалыппен жүріп келеді. Құрғақтағы жүгірістің не керегі бар, қопаға келіп түсіп күн-түн қатып, ыстық ішкеннен басқа жату жоқ. Бұрынғы айтылған аңның бәрі көрініп кетіп жүріпті. Бір күні аралықтан шыға келіп, бір аю ақырып кеп қалды, бұрын көрмеген нәрсе, жолдасының бәрі де атынан жығылып қалады. Боран батыр ақырып ұмтылған екен, кейін қарай қалың қопаға еніп кетеді, жолдастарын тұрғызып, атына мінгізіп алып, ұрсып: «Не болды сендерге, мынаның беті жаман, тағы айқасып көрініп ақыратын болса, тағы аттан жығыласыңдар ма?»—деп ұғындырып келе жатыр еді, әлгідей болған жоқ, тағы аю алдынан түсіп ақырып келіп қалады. Қарсы ұмтылып Борекең ақырған екен, тағы қопаға ене береді, жолдастары атының жалын құшып жығылмай қала береді: «Мынаны көрдіңдер ме, бірнеше күннен бері аман келе жатыр едік, мынау айқасқалы келе жатыр-ау, үшінші келсе бұ да шабар, мен де ұмтылып көрермін, не қылар дейсің? Ажал айдаған шығар, ақырғаннан шошынып, аттан құлап, мертігіп қалып жүрмеңдер!»—деп ұғындырып келе жатқанда, тағы бір алаңнан аю шыға келіп, бар күшін жиып келіп, ақырып кеп қалғанда, астындағы мінген аттары дір-дір етіп, қан сиіп тұра қалады. Боран да ақырып еді, аю оған болмады, қарсы тұра шапқанда, аттан түсе салып Борекең де ұмтылып, екеуі айқаса кеткенде, аю екі аяғын иығына сала бергенде, бір қолымен кеңірдегінен ұстап алып, бір қолымен басқа қойып жібергенде, басы бытшыт болып кетеді. Сонымен мұнан аман құтылып кетіп он төрт күн өтіп, он бес күн дегенде, шығар ауызда нар қамыспен тілдескен бір қалың қопаға келеді. Сол арада Борекең жолдастарына айтады: «Мынау көрінген қора ауыздағы қойдың қорасы деп аталады деуші еді, осындағы шайтанның ең құтысы осында болады деп естуші едім, ал осы араға ертерек түсе қалып, астарыңды істеп, атты ерін алмастан арқандай қойып, шалдырыңдар, ерте атқа мінейік, түнге қалмай қару-сайманды қолға алып отырып ат үстінде отырсақ, тәуекел!»—деп, сол араға түсе қалып, ыстық пісіре бастады. Бұрынғы әдетінше Боран жантайды. Алдынан жолдастары жатып біреуі отты жағып, бақырын асып жатыр еді, оттың түтіні өзіне қарай шалқи береді, басын жұлып, аржағына қараса, өзімен қабат қарсы тұла бойы түк біреу отыр. Шошып кетіп: «Ойбай!»—деп артында жатқан жігіттердің үстіне келіп шалқасынан түсті. Сөйтсе оның да артжағында тоғызы жатыр екен, шар етіп о да өзінің тоғызына құлады. Мыналар үрпиіп түре келіп: «Ойбай Борекелеп» Боранға тығылды, ананың аржағында бір дөкейі Боранға еліктеп жатыр екен, ол да өз Боранына тығылып ұйқы-тұйқы болып жатыр. Борекең басын көтерсе, көрмеген бір хайуан, жезтырнақ екен. Оның қаруы екі қолында, саусақтары бүркіттің тұяғындай, істік темір сықылды, тұла бойы жалбыраған түк екен. Жолдастарына: «Не болды сонша? Отырындар!»—деп, нұқып отырғызып еді, анау да өз жолдастарын отырғызып жатыр. Сол арада Борекең ойлап, қайтерін білмеді, ақыры түрегелгеннен қашар пәле емес, өзін еліктеп келіп отырғаннан шошып, «енді бұған бір айла қылып көрейін!» деп, өзі түрегелгенде киік терісінен тіккен, шалбар жарғағы болушы еді, сонымен түрегеліп оттың басына келіп, отты үлкенқылыпжағабастап еді, ананың да Бораны аржағынан келіп отыра қалып о да жаға бастағанын көріп: «Мынау да мен не қылсам соны қылады екен!»—деп ойлап түрегеледі де, азық салған қоржыннан бір еркек қойдың құйрығын алып, пышақпен бір білем қүйрықты тіліп алып істік қылып, соған түйреп алып пышағын майға шаншып қоржынның үстіне қойып, оттың басына келіп, екі аяғын оттың екі жағына жіберіп, талтайып отырып, майды отқа ерітіп, үсті-басының бәріне жағып майлай бастап еді, анау барып сондай майдан бір тіліп алып, бұл кісі не қылса, соны қылып, о да бойын майлады, май әбден ағып болған соң, сіріңкесін жерге тастап: «Кел, батыр, күш сынасайық!» деп отты құшақтап кеп қалады. Анау да дауылдап тұрған отты таласа-тармаса құшақтай алғанда, тұла бойы жылпылдап тұрған май, түгі де дау ете түскенде, шошып, секіріп аналарына тығылды. Мынаның оты тиіп, олар да жанып, бәрі қашып, суға түсеміз деп жүргенде, от қамысқа тиіп жалын аспанға бір-ақ шығады. Бірақ, жөнелгенде: «Қап, Бореке, асықпа!»—деп шақ ете түседі. Жолдастары айтқаннан ұғып қалған екен, ол онымен тұра тұрсын. Борекең ұшып түрегеліп үстіне тиген отты қағып тастап, аттың ауыздығын салғызып жіберіп, саймандарын бөктеріп алып тұра жөнелді. Аналар шалп-шалп еткізіп су шашып қамыспен әуре болып жатқанда, бұлар тұра жөнеледі. От аспанға шығып жанып жатыр, күн бойы жүріп отырып таң біліне құрғаққа келіп шығады. Жолдастары: «О құдай-ай, аман құтылдық па?»—деп, шуласып еді. «Тоқтандар, асықпа! От сөніп қалған жоқ па, шалп-шалп етіп суға түсіп кеткенін кеше көрген жоқсындар ма? Ол қамысты сөндіре алмай әуре болып жатыр ғой, қамыс оның үйі еді, үйің өртенсе жақсы көресің бе? Сендердің бажылдап жүргендеріңнен ұғынып алып, «қап Бореке» деп кеткен жоқ па? Қамысты сөндіріп алса, олардың жүрісі бізден гөрі жылдамырақ болатын шығар. Осы күндіздің қай мезгілінде бітерін кім біледі?»—дейді Борекең. Күн шығуға таянғанда, арттарына қараса, от сөнгендей болып, түтін басыла береді. «Ал шырақтарым, енді болды. Ол келеді, егер ол келіп қалатын болса, мені ұстап беріп жүрмеңдер!»,—дейді. «Біз сізді неге ұстап береміз?»—деп еді: «Сендердің ұстап беретінің мынау: кеше оларды көргенде ойбай салып, мені қамап алып, қозғалтпай қойған жоқсындар ма? Сендердің маған берген көмегін, сол болсын! Оның қарасы көрініп келіп қалатын болса, маған бөгет болмай өз бастарыңды алып жөнеліп көріңдер!»—дейді. «Жоқ, біз неге кетейік, кеше ұйқылы көзбен не екенін білмей шошыдық қой, тым болмаса онымыз онына бөгет болмаймыз ба?»—деседі. «Мен айттым, сендер кетіңдер, мені тастап кетті деп мен ренжімеспін, жау беті суық болатын, ендігісін өздерің біл!»—деп келе жатқанда, күн түске таяған мезгілде, біреуі артынан қарап: «Ойпыр-ай, шұбатылған шаң келе жатыр!»—десті. Бұрылып қараса сағымданып көрінеді, аз жау емес сықылды, шыдап тұра алмай бағанағы ерлік қалды, Борекең айтып еді ғой, «біз жүріп барып тоссақ» деп, жүріп кете берісті. Борекең атының басын құбылаға қарсы бұрып, көлденеңдеп тосып қала берді. Сонымен кеткен жолдастар бесін төмен түсе берген мезгілде, бір биіктің басына шығып тұрып, арттарына қарап, шуласып, жылап тұрады. «Борекең жазым болып кетсе, енді бізге ел жоқ қой»,—десіп, намаздігер болып келе жатқанда, бір қара көрінгендей болады, қорыққанға қос көрінеді, жалғыз қурай дегенде біреуі: «Ойбай көп көрінеді, жезтырнақ, білем!»—дейді. Біреуі: «Борекең шығар»,—десіп тұрғанда жалғыз келе жатқан Борекең екендігін біліп, алдынан қарсы келсе, түсі бұзылып, көзі ішіне қарай тартылып, түгі сыртына шығып кеткен. Атының да тұла бойы, өзінің де тұла бойы қып-қызыл қан. Құдайлап, шулап келісіп еді, «Сабыр қылыңдар дұшпандарыңнан құдай құтқарды!»—деді де, «Жақын арада, су бар ма түнейтін?»—деді. Жолдастары: «Мына таудың бауырында бұлақ бар көрінеді»,—деп алып келді. Сол жерге келген соң, Борекең аттың ерін алғызып, ертоқымын астына төсетіп: «Мен өзім де таң асамын, атты да күн шыға шалдырасыңдар, қауып қылмайық оттығып, тамақтарынды ішіп, жата беріңдер. Таң атқан соң—маған деген тамақты ертерек істерсіндер!» деп жатып қалды. Жолдастарында ұйқы да, үрей де жоқ, қорқып отырып таң атқызып, Борекеңе тамақ пісіріп, оятып, атын шалдырып алып, жүріп кетті. Ноғайлыдағы құдаға келіп түскен соң қарсы тұра ала ма, алдына түсіп, айтқанын қылып жасаулы үймен қызды беріп қайтарады. Қауып-қатері жоқ Борекең бастап отырып, әнеугі жүрген ізімен тартып келе жатқанда, жолдастары: «Әнеугі жезтырнақты тосып қалған жер осы ара болса керек еді ғой!»— деп бұрылып қараса, бықсып жатыр екен, жанына келуге бата алмай, анадай тұрып жемтігінен 61-ін санап өтеді. Сонымен елге келіп, арада бірнеше жылдар өткен мезгілде, бір бөлек шеткері жатқан елдің жылқысын Құба қалмақ келіп айдап кетіп, Боранға хабар келді. «Жылқыны жау әкетті» деген соң, аман отырған елден 400 адам ертіп алып, Боран қуады, жаудың ізіне келіп бетін басқарып алған соң, қалмақ екенін біліп, көріп қойса тынықпай қаша береді деп, күндіз жатып, күн бата атқа мініп, түні бойы жүріп отыратын болып келе жатыр. «Бұл қалмақ қазақ жерінен өз жеріне қарай шыққан соң тынығады, сонда айқасармыз. Күндіктен алысқа ұзап кете қойған жоқ шығар!»,—деп, келе жатып жауырын ашқызып еді, «Апыр-ай, оның да жауырыншысы бар екен, тоқтамай барады!»—деген соң, аттарының ерін артына қаратып мініп, жүрді. «Жау қазақ жерінен шығар, өзі шегіне келіп түсіп, оның да жауырыншысы жауырынға қарап жете алмайтын болған соң, қуғыншының беті қайтты»—деді. «Сол арада қалың шалғын, үлкен көл, ойпаң жер екен. Олар болса осы жерге бір-екі күн тоқтап, тынығып алайық деп қалмақ жатқан. Боран да ат айдап келіп, жас кезінде бір жүргенімде, осы алдымызда жау тоқтап тынығарлық бір шалғынды ойпаң көл болса керек еді, соған тоқтамады ма екен? Көптің дабырымен сезік алып қалар, мен өзім жалғыз соны барып байқап келейін, көбің осы жерде дамылдай тұр!»—деп тоқтатып тастап, жетіп келсе бір адамның дыбысы жоқ, пырт-пырт етіп жайылып жатқан жылқыға кез келеді, байқап тұрып, «Мына жерде жатыр»,—деді. «Елші бала жоқ, кімге хабар беремін? Айқайды естісе өздері де келе берер»,— деп найзаны қағып, зырылдауығын тартып, бар күшін жиып ақырғанда, желігіп келе жатқан жылқы ойнап шыға берді. Калмақтарда қуғыншы келеді деген ой жоқ, аттарын да қоя беріп жатқан екен, қирай жаяу қала береді, жау есінен адасқандай болды, бірдің даусы екенін, көптің даусы екенін айыра алмай қала берді. Боранның даусын естіп кейінгілер де келе жатыр еді, дүрілдетіп жылқыны айдап Борекең де келіп: «Осы алдымыздағы көлдің басына жылқының алдын тоқтатыңдар, таң да атып келеді ғой, мал да тынықсын, өзіміз де бой жияйық, қалмақ не қылар дейсің, көбі жаяу қалды ма екен?»—деді. Сол арада таң атқан сон, жылқыны шамаласа 500-дей жылқы алған деседі. «Олай болса бүгін осы жерге дамылдайық, қалмақтың қолы қанша екен? Мен соған жолығып келейін!»—деді. Көпшілік: «Не қыласыз? Күйінді болып, жаяу отырған қалмақ жазым қылып жүрер!»—дейді. Бұлар соны айтып отыра берсін, қалмақтар оянса отырысында бекітулі 9-ақ ат қалыпты. Қалмақ 500 екен, оның да ішінде өзі батыр, Жайсаңы деген біреу бар еді. «Бізді құдай қара бастырғанда қазақта айқайы зор бір Боран деген батыр бар деп естіп едім, соның еліне ұшырап қалғанымыз ғой, түндегі дауыс сонан басқаға лайық дауыс емес қой, егер сол ер болатын болса, түрін бір көріп, ерлігін құлақпен естіп қалсам, бұл сапардан жай қайтқаныма арман қылмас едім»,—деп, бір епті жігітіне: «Сен бар, егер ол Боран болатын болса кеткен жоқ шығар, қорқатын ер емес қой. Мені жіберді де, даусын есітіп құлағым сүйінді, көңілім сүйінгендей бір ерлігін айтып жолығып кетсе, қалған 9 атты да жолына беріп кетемін деп айтты де!»,—деп, бір жігітін жібереді. Ат үстінде жүрген қазақтың біреуі: «Қалмақ жақтан бір атты адам келе жатыр!»,—дейді. «Жарайды, келсе келсін!»,—деп Борекең отыра берді. Әлгі адам Борекеңе келіп, сөзін айтқан соң: «Жарар, өзім де барғалы отыр едім!»—дейді. Жолдастары: «Осыған бармай-ақ қойсаныз қайтеді, тым көп екен, әрі ішінде Жайсаң да бар дейді. Сізді аттан түсіріп алғаннан кейін жабылып кетіп ұстап алса өңгеміз не бітіреміз?»,—дегенде: «Ой тәңір-ай, не қылар дейсің? Қорыққан адамша көп жүрмей-ақ, төрт-бес адам ғана қасыма еріңдер! Ол жаяу қалмақ жабылып жүргенде мен де қарап отырар деймісің, найзаға іліп алып біріне бірін соғып, өлтірген баяғы жезтырнақша лақтырмаймын ба?»,—деп жүріп кетеді. Қалмаққа келе жатқанда, оның Жайсаңы көріп: «Ау, шіркін! Боран десе, Боран екен, тұлғаңа болайын!»—депті. Аттан түсіріп амандасып отырғаннан кейін, қалмақ: «Жаяу қайттым деп бұл сапарыма арманда емеспін, даусыңа құлағым сүйінді, көркіңе көзім сүйінді, көңілім сүйінгендей бір ерлігінді айт!»—дегенде: «Мына сықылды хайуандармен де кездесіп, тарап едік» деп, кісесінде баяғы жезтырнақты қырғанда біреуінің бес саусағын кесіп алып кеткен екен, алдына тастай бергенде селк ете түсіп: «Апыр-ай, Қоқидың қопасындағы көп жезтырнақты біреу қырып, тұқымын құртып кетіп, сонан кейін әрлі-берлі өтуге аралдын жолы босады деуші еді, сондағы сен бе едің?»—дегенде: «Әлей, біз едік!»—депті. «Япыр-ау, қолы тисе жезтырнақ алып тастайды дейтіні қайда, қалай алдыңыз? Саны қанша екен?»—дегенде: «Сол шіркінді кім санапты, қайтып келе жатқанда жолдастарымның бірі барып анадай тұрып шамалағанымда 61 деп еді. Қаруын да байқағаным жоқ, бірақ қаны ыстық болады екен, алыстан шашырап сонысы ыстық тиді. Найзаға іліп алып, бірін-біріне соғып қырып тастап кетіп едім. Ол онымен тұрсын, сол сапарда, бір аюға екі жерден кездесіп, ақырғанына мен қаймықпаған соң, үшінші келіп ақырып ұмтылғанда ашу қысып кетіп, қару алу да ойыма келмей аттан түсе ұмтылып, бір қолмен алқымынан алып, бір жұдырығыммен қойып жібергенімде, басы быт-шыт болып кетіп еді, хайуанмен айқасқаным осы!»—депті. —Мұныңа қанағаттандым, енді бір ерлігінді айт!—дегенде: «Он жеті, он сегіздегі кезім, мұнан көрі жас кезім, оншақты жолдасым бар. Бір жорыққа аттанып кетіп бара жатқанда таң атып қалып, бекініске жеткенше күн көтеріле берді. Сар желіп тартып кетіп бара жатыр едік, сол жағымнан күн артынан сағымданып бір көп қара ереуілдеп шыға берді. Мынау адам ғой, келе жатқан біздің жолдасымыздың сұйықтығы бар ғой, қаша тартып тауға таман шығайық деп жөнеліп көріп едік, бізді көріп ана көптен бірсыпыра адам бізге қарай бет ала бастады, біз қаша жөнеліп едік, ана көптен әсіресе бір жалғыз ерікке қоятын емес, онан сайын қуып ағызып келе жатыр. Жолдастарыма: Міне біреуі қашқанға болатын емес, көрдіңдер ме? Сендер де байқай отырыңдар, мен көлденеңдеп тосып көрейін деп, құбылаға бет қойып тұрып қала бердім, анау да келіп-ақ қалды. Сен кімсің?—деді де, келіп тұра қалды. Астында қара жорға аты бар, басында камшат бөркі бар, шарайна, белдік, сауыт-сайманы түгел бір ер. «Уа, мен қазақпын!»—дедім. Қазақ болсаң қарсы қарап тұрып көр, кезек менікі!—деп сар садағын алып толғап тартып қалды. Амал бар ма, атамның жолынан құтылғаным ба? Шыдап тұрдым, аяп атқан жоқ, құдай қағып оң иығымның үстінен сылт етіп өте берді. Мен де садағымды қолыма ала бердім. Кезегі біткен соң о да ер екен, қарсы қарап тұрып алды. Япыр-ау, қашып едім қоймады, аяп атқам жоқ, құдайдың сақтағаны болмаса, өзі қалмақ іздегендегі малым осы, осыны атып түсірсем, өкпесі дәнеме емес шығар деген оймен, дәл жүректен қойып тартып кеп жібердім, қалаған жерден оқ тиіп өкіре құлады. Ойнап аты шыға берді, мынаның жығылғанын көрген соң ана кейінгілері кейін қашып көріп еді, жиырма шамалы адам екен, кейінгі кешуіне жеткізбей-ақ жетіп, аттан түсіріп тастап артындағы шұбалғанға келсем, қатар түсіп жүк артқан түйе, ұзатып әкеле жатқан келін екен, сол арада тоқтатып көлігін, мүлкін түгел алып келе жатқанымда, көштің артында жайдақ қара тайға мінген бір бала келе жатыр екен, тайының қабағына көзім түсіп кетіп, шіркін-ай, мынау ат болса, ердің екі атының бірі болғалы тұр екен-ау, деп, түсіріп алайын деп тұра ұмтылғанымда қостепкіні қойып, бала көштің бір жағымен алдына қарай шыға берді. Ұстап аламын деп ұмтылғанша болмады, жеткізер емес, жұлдыздай ағып бара жатыр, садағымды алып өзін атып түсіремін дегенімше атқа да, оққа да жеткізбей құтыла берді. Малдан құтылғанда сол қара тай кетті: адамды алдау өмір әдетімде жоқ еді, аштан өліп қалмастай азықтарын беріп, адамын қоя беріп, көлік пен мүлкін алып қала бердік. Қалмақ затымен айқасқаным сол еді. Сонан кейін жолығып отырғаным сен дегенде, «Апыр-ау, соны алған да сен бе едің?»—деп жылап қоя берген екен. «Сол менің әкемнің кенже інісі екен, қалмақтан туған ердің ері еді, қалыңдығын әкеле жатқанда қапыда өліп кете барды деуші еді, ал жарайды, Бораным! Сол өзіңнен қара таймен қашып құтылып кеткен баланы осы күнде көрсең танымас едің!»—дейді. «Япыр-ау, сенің бағанағы елшілікке жіберген жігіттің, көзі көзіме жылы ұшырай берді, сол болмаса» деді. Бала сол қара тайды таныр ма едің?—дегенде «кәпірдің қабағы қатып, кәрілігі білініп қалғандай болған екен, мына тұрған қара арғымақ сол болмасын!»—деді. «Осы еді», «жаяу қайттым»,—деп бұл сапарыма наразы емеспін, мақсатым болды, тай күнінде құтылып кетті деп, арманда қалған қара тайың мынау, ертоқымын алып батырға жетектет!»—деп жолдастарына даярлата бастаған соң, батыр да ерлігіне разы болып, жарайды ер екенсің, енді қазақ пен қалмақ арасына мұнан кейінгі заманда жаулық жүргізбейік деп, дос болып, уағыда берісіп, кейінгі өз аттарын өзіне қайтарып беріп, қара арғымағын алып қайта берді.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.