Қазақша
Молданың үйінде оқыған бала
Ертеде бір молда болыпты. Молданың оқытқан отыз тоғыз баласы болыпты. Отыз сегізінің әкесі, шешесі бар да, біреуінің әкесі, шешесі жоқ жетім болыпты. Отыз сегіз бала бірін-бірі қонаққа шақырады екен, бір күні жетім баланың шақыратұғын күні екен. Жетім бала шақырайын десе, үйі жоқ, беретін асы да жоқ. Бала ойланды, етегін түрді, қолына таяғын алды, күннің батыс жағына қарай кетті. Бір уақытта бір шаһарға келді. Қайыр сұрады, бір етек нан жиып алды, қайтты.
Алдынан бір қыз келіпті, қыз көркем екен, бала да көркем. Бала қыздың көркіне қарап тұрды, қыз баланың көркіне танданды. Қыз баланың етегіндегі нанын жеп қойды. Жеген соң баладан қашып, бала қуып жетіп, қыздың басында алтынды тақиясы бар екен, бала тақияны жұлып алды. Тақияны алып қайтып жеріне келді, молдасына келді: «Молдам! Осы тақияны берейін, отыз сегіз балаға бір күн ішкендей тамақ бер»,—деді. Молда айтты: «Бұл тақияны қайдан алдың»?—дейді. Бала айтты: «Бір шаһарға барып ем, қайыр сұрап, нан алып едім, келе жатыр едім алдымнан бір қыз келді, нанымды жеп қойды. Қашып кетті менен, қуып жетіп осы тақияны алып қалдым»,— деді.
Молда айтты: «Бұл тақияны алуға менің әлім келмейді, ала алмаймын, тақияны апарып бер бір ханға, ханның әлі келмесе, өзге кісінің әлі келмес». Бала кетті, хандікіне келді.
«Ассалаумағалайкум, алдияр!»,—деді. «Уағалайкүм уәссәләм! Қайда барасың балам»—деді. «Алдияр, жұмысым азғана, сізге сатайын деп бір тақия әкелдім»,—деді. «Әкел, балам, көрейін». Бала қойнынан суырып алып берді. Хан көрді. «Бала, сен, мұны қайдан алдың?»—деді. «Алдияр, менің әкем жоқ, шешем жоқ жетім едім. Молдадан оқу оқитын отыз тоғыз бала едік, қонаққа бірімізді-біріміз шаңырушы едік, менің шақыруға үйім жоқ болды. Сонан бір шаһарға кеттім. Қайыр сұрап нан алдым, нанымды алып үйіме келе жатыр едім, алдымнан бір қыз келді, қыз менің етегімдегі нанымды жеп қойды, қашып кетіп, мен қуып жетіп тақиясын жұлып алдым».
Хан айтты: «Ол қызды маған тауып берерсің, тауып бермесең басынды аламын»,—деді. Бала жылап ауылына келді, отыз сегіз балаға айтты: «Хан менің тақиямды тартып алып қалды, сол қызды тауып бер, таба алмасаң басыңды аламын»,—деді.
Отыз сегіз бала жетіммен бірге хандікіне келді. «А, алдияр, осы балаға зорлық қылма, өзі жетім, мұның әкесі де, шешесі де жоқ, ішерге асы, киерге киімі жоқ. Бұған зорлық қылма, бұған зорлық қылғанша, зорлығынды бізге қыл. Біздің әкеміз де, шешеміз де бар, ішер асымыз, киер киіміміз де бар». Хан айтты: «Жоқ! Қызды тауып келмесе, тақияны алып келген баланың басын аламын!» Отыз сегіз бала айтты: «Бізді отыз тоғыз күн кепілдікке ал, отыз тоғыз күн өткеннен кейін қызды алып келсін, таппаса, өзі келмесе, отыз сегіз бала біздің басымызды ал»,—деді. Хан: «Жарайды»,—деді.
Отыз сегіз бала үйіне келді. Жетім бала отыз сегіз балаға амандасып, сендіріп, қызды іздеймін деп кетті. Бір күндерде бір шаҺарға бір кемпірдің үйіне келді. Кемпірмен амандасып, есендесті. Кемпір ас берді, асын бала ішті. Кемпір: «Қайда барасың, балам?—деп сұрапты. «Шешеке, менің қайда бара жатқанымның сізге керегі не? Мен бір бишара әкем-шешем жоқ, ішерге асым, киерге киімім жоқ. Бір тақияның иесі қызды іздеп жүрмін, ол қызды таппасам, хан отыз сегіз баланың басын алады. Тапсам, бізді өлтірмейді»,—деді. Кемпір айтты: «Мен оны табамын». Бала қуанды. «О, шешеке, қызды маған тауып берсең, мен саған бала боламын».
—Боламысың маған, рас айт.
—Рас айтамын, шеше, бала боламын.
—Жарайды. Кемпір айтты:
—Бала, сен жат осы үйде. Төрт күнде келемін, келмесем ізде мені,—деді. Кемпір кетті, бала үйде қалды. Төрт күн жатқан соң ертеңіне тұрып, беті-қолын жуып, тысқа шығып қараса, шешесі қызды алып келіп тұр екен. «Амансың ба, шешеке?»— деді. «Есенмін, балам, құдайға шүкір». Бала қызға амандасты, қыздың қолынан ұстады, қыз жігітті таныды. Екеуі үйге енді, сөйлесті. Қыз: «Е, жігітім, қайда барасың?» Жігіт: «Сізді іздеп келем»,—деді. «Мен неге керекпін?». Жігіт: «Түнеукүнгі алып қалған тақияны хан зорлық қылып алып қалды. Сені тауып алып кел, алып келмесең басынды аламын деді. Отыз сегіз бала маған кепіл болып қалды». Қыз: «Жарайды, мен саған тиемін». Жігіт: «Сенің күйеуің бар шығар»,—деді. Қыз айтты: «Күйеуім бар еді, жаман адам болды, мен сені сүйемін, саған тиемін»,— деді. Жігіт қызды алды, некесін қиды, кемпірдікінде жатты. Кемпірге бала болды. Отыз жеті күн өтті. Қатын айтты:
«Е, күйеуім, әуелде кімді іздеп шығып едің? Отыз сегіз баланы ертеңгі күні өлтіреді ғой». Жігіт түрегелді. «Сен ақылды екенсің, мен ақымақ екенмін, баралық»,—деді. Қатын жүрмек болды. Бала: «Шеше, есен бол, біз жүреміз, өлмесек, тірі болсақ келеміз»,—деді. «Бар, балам, есен болсаң, бір таппай қоймағайсың». «Жарайды»,—деп жүріп кетті.
Қызды алып келді, отыз сегіз балаға. Амандасты, есендесті.
«Бәрекелде, жігіт! Бүгін келмесең хан бізді өлтіретін еді». Отыз тоғыз бала қызды алып ханға келді. «Алдияр,—деді,— әкелдік, біз кепілден шықтық па, шықпадық па?» Хан айтты:
«Кепілдіктен шықтыңдар!»
Хан қызды алып қалды, отыз тоғыз баланы қайтарды.
Қыз күйеуіне айтты: «Ертең таңертең хан өлді деп естірсің, сонда жаназаға шақырар, сен жаназаға келме, үйде қал. Хан өлген соң, мен үйге кетермін, мені екі айрық жолдың үстінде тос, сонда екеуміз жерімізге кетеміз»,—деді. «Жарайды»,—деді жігіт. Жігіт ауылына келді, ертесіне тұрып, «хан өлді» деген хабарды естіді. Жігіт екі айрық жолға кетті, қызды тапқан соң екеуі бірге шешесінікіне келді. Мал малданды, бай болып, рахатта тұрды.