Корпусқа оралу

Жақсылық пен Жамандық

Бұрынғы өткен заманда Жақсылық, Жамандық атты екі адам болыпты. Бір күні Жамандық жаяу жүріп келе жатса, артынан бір атты кісі жетіпті. Екеуі жөн сұрасып, қайда бара жатқанын білісіпті. Ол келген Жақсылық екен. Сонда Жамандық тұрып: —Жақсылық, сен мені артыңа мінгестіріп кетші,—депті. Жақсылық: —Олай болса, сен қазір м...

Қазақша
Жақсылық пен Жамандық
Бұрынғы өткен заманда Жақсылық, Жамандық атты екі адам болыпты. Бір күні Жамандық жаяу жүріп келе жатса, артынан бір атты кісі жетіпті. Екеуі жөн сұрасып, қайда бара жатқанын білісіпті. Ол келген Жақсылық екен. Сонда Жамандық тұрып: —Жақсылық, сен мені артыңа мінгестіріп кетші,—депті. Жақсылық: —Олай болса, сен қазір мына атқа мін де, біраз жер жүріп барып, түсіп, атыңды байла да өзің жаяу кете бер. Сонсоң мен жетіп, атпен біраз жерге жүріп, саған тағы байлап кетермін. Сөйтіп, баратын жерімізге кезек мініп жетейік. Екеуіміз мінгессек атқа қиын соғар,—депті. Сонан соң Жамандық атқа мініп алып, сол кеткеннен Жақсылықты есіне алмастан, кете беріпті. Жақсылық шаршап, арып, ашып, кешке жақын бір күркеге келеді, ішіне кірсе жан жоқ. Бірақ, ортада бір үлкен қазан асулы тұр екен. «Айдалада қайнап тұрған не қылған тамақ? Дәм татайын»—деп, бір саусағының ұшын батырып, дәм татады да, күркенің төбесіне шығып жатады. Бір уақытта қасқыр, түлкі, арыстан—үшеуі келіп, күркеге кіріпті. Түлкі тамақты көре сала: —Ойбай, мына тамақтан біреу жепті!—деп, байбалам салады. Қасқыр мен арыстан екеуі: —Кім жеуші еді? Адам келетін жер ме, бұл жер?—деп, кейіген соң, түлкі әңгімені доғарып, үшеуі отырып тамақ ішіп, әңгімеге кіріседі. Арыстан, қасқыр, түлкі—үшеуі көрген-білгендерін айтысады. Арыстан мен қасқыр түлкіге: —Түлкі, сен не көрдің, не естіп, не білдің?—дейді. Сонда түлкі тұрып: —Мен бір жерден бір алтын көрдім. Пәлен деген байдың қыстауының қасындағы жаман қыстаудың ортасында, бір сүйем жердің астында жатқан бір құмыра алтынды күнде қарауылдап, қарап келемін,—дейді. Сонда қасқыр тұрып: —Мен күнде пәлен деген байдың қойының арасында үлкен ала тоқтыны қарауылдап келемін. Себебі, ол байдың ауырып жатқан бойжеткен қызы бар, қандай ем қылса да жазылмайды, және де оның емін ешкім білмейді. Бірақ, мен білемін, ол қызды жазатын ала тоқты. Ала тоқтыны сойып, өкпесін жегізсе, жазылады. Тағы да ол бай жар салған: «Кімде-кім осы қызымды емдеп жазса, соған осы қызымды беремін»,—деп. Бірақ, оның емін әлі ешкім тауып айтқан жоқ, тауып айта алмайды да,—дейді. Кезек келген соң арыстан тұрып: Мен де түнде барып, түген байдың жылқысының біреуін жеп келіп жүрмін. Ол бай мені еш уақытта ұстай алмайды және маған оның ешбір жылқысы қуып жете алмайды. Жететін бірақ тайы бар. Ол тай пәлен тоғайдағы жылқының ішінде. Сол тайдан басқасынан мен құтылып кетемін. Және ол байдың жар салғаны бар: «Кімде-кім менің жылқымды жеп жүрген арыстанды ұстап берсе, соған бір үйір жылқымды беремін»,—деген деп, әңгімелерін аяқтап, ұйықтап қалады да, азаннан тұрып, бет-бетіне кетеді. Жақсылық олардың барлық әңгімелерін естіп алып, адам емдеуші боп, байдыкіне келеді. Бай оның түріне қарап: «Осы емдеуші шығар»,—деп ойлап: —Жоғары шық!—дейді. Жақсылық отырған соң, бай: —Қызыма бал ашып бер!—дейді. Жақсылық: «Мақұл»,—дейді де қызды қарап: —Баланы емдетпей, босқа қинапсыздар ғой! Әкел анау үлкен ала тоқтыны. Мұның ауруы соның өкпесінде,—дейді. Бай дереу, қойшыларды жіберіп, тоқтыны алдыртады. Жақсылық қызға тоқтының өкпесін жегізіп, емдейді. Жазылған соң қызды өзі алады. Бұдан кейін Жақсылық бағанағы қыстауға келеді. Қораның ортасын бір сүйемдей қазса, бір құмыра алтын шығады. Оны алып, арыстанның айтқан жеріне барады. Барса, бай әлі арыстанды ұстаған жоқ екен. Мұны білген соң Жақсылық байға: —Мен сол арыстанды ұстап берсем, сен маған не бересің?— дейді. Бай: —Егер ұстап берсең, саған бір үйір жылқы беремін,—дейді. Жақсылық: «Жарар»,—деп, тоғайдағы жылқыларының ішіндегі ала тайды ұстап алып, арыстанды күтіп тұрады. Арыстан келіп, жылқыны алып қаша бергенде, Жақсылық әлгі ала таймен қуып жетіп, арыстанды ұрып жығып, байдың бір үйір жылқысын алып, келген жолына түседі. Неше ай, неше жылдар өткенде, бір күні бұған Жамандық келіпті. Жақсылық Жамандыққа қараса, үсті басында түк жоқ, қайыршы, диуана секілді екен. Ол Жақсылықты көріп: —Жақсылықжан! Мен саған жамандық қыламын деп, мұндай күйге ұшырадым. Енді сен мені адам қыл. Сен бұл малмүлкіңді қай жақтан таптың?—дейді. Сонда Жақсылық: —Не де болса, адамзатсың ғой! Сен жамандық істегенмен, мен саған жақсылық істейін,—деп, өзінің көрген оқиғасын айтыпты. Сонан соң тұрып: —Пәлен төбеде күрке бар. Сен қазір соған жет. Оның ішінде асулы бір қазан ет бар. Бірақ, оның ішіндегі еттен жеме, тек бір саусағыңды батырып, дәмін көр де күркенің үстіне шығып жат. Сонда түлкі, қасқыр, арыстан келеді. Сен олардың әңгімесін тыңдай бер. Олар кеткеннен кейін естіген сөздеріңді істесең, сен де осындай боласың,—дейді. Жамандық: «Жарайды», дейді де, баяғы күркеге барып кіреді. Жақсылық айтқандай, қазан толы ет асулы тұр екен, көзі қызығып кетіп, шыдай алмай: «Мына бір жілігін жейінші»— деп, еттен жеп, сорпасын да бес алты ұрттап алыпты. Сөйтіпті де, күркенің төбесіне шығып жатыпты. Бір уақытта түлкі, арыстан, қасқыр—үшеуі күркеге келіп кіреді. Түлкі тамақты көре сала: —Ойбай, мына еттің тоқпақ жілігі жоқ, омыртқасы жоқ, сорпасы жоқ, біреу жепті!—дейді. Оған арыстан мен қасқыр: —Кім жеуші еді? Бұл жерге адам келуші ме еді?—деп, көнбейді. —Жоқ! Бір бәле бар! Мен түс көрейінші,—деп, түлкі жата қалыпты да, аздан соң қайта тұрып:—Осы күркенің үстіне шығайықшы, сонда бір пәле бар секілді,—депті. Бұл сөзін қасқыр мен арыстан да мақұл көріп, түлкі төбеге шықса, Жамандық жатыр екен. Үшеуі Жамандықты бас салып жеп қойыпты. Сөйтіп, Жақсылық жақсылығынан өмір сүріп, мұрат-мақсатына жетіпті. Жамандық жамандығынан ит-құсқа жем болып кетіпті.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.