Қазақша
Балықшы мен сиқыршы
Ерте заманда кемпір мен шал болыпты. Кемпір мен шалдың бір қызы болыпты. Өздерінің кәсібі балық аулау екен. Бір күні балық аулап отырса, бір сандық ағып келе жатыр. Сандықты ұстап судан шығарып, үйіне апарып ашайын десе, үшеуі жабылып аша алмапты. Әйтеуір, зор дегенде сандықты бұзып қараса, ішінде бір айдаһар жатыр. Үш ұмтылып жұтайын деп жұтпапты. «Сен маған жақсылық қылдың ғой» деп жұтпапты. Айдаһар айтыпты:
—Сен көш, балық көп жер бар мына жақта, соған алып барайын,—депті. Кемпір мен шал: «Қош болады, көшелік»,—дейді.
Кемпір мен шал үйін тігіпті. Енді балық аулауға судың жағасына барып қармағын салып отырса, бір балық түсіпті. Үшеуі жабылып жүріп зорға дегенде сыртқа алып шығыпты. Және сөйтіп, екі балық алыпты. Үлкен үш балықты сол жердегі ханның үйіне тартыпты. Хан үш табақ алтын беріп жіберіпті. Балықты «ақтатып жейін десе, пісіп келе жатқанда «өз етіңді өзің жеймісің» деп, жоқ болып кетіпті. Содан соң хан шалдың үйіне келіп тағы біреуін пісіртсе, тағы сүйдеп күл болып кетіпті. Содан соң хан қылышын алып суды жағалап келе жатса, судың шетінде басы бас, арты тас бір адам отыр. Хан: «Не қылып отырған адамсың?»—деп сұрады.
Басы бас, арты тас кісі:
—Сұрап не қыласың, қазір келіп қалады, кет,—деп айтты. Хан: «Айт, айт!»,—деді.
Содан соң басы бас, арты тас кісі айтыпты: «Мен өзім үш рулы елім бар, соны билеп тұратын хан едім. Менің қатыным бар еді. Қатыным бір сиқыршы дәумен тамыр екен. Бір күні малайларым жылап отыр. Е, неге жылайсыңдар десем, ойбай, сіздің бәйбішеңіз осындағы бір сиқыршы дәумен тамыр болып, әбден сиқыр оқуын үйреніп алды. Сол енді сиқыр оқуын үйреніп бір күні сізді өлтіреді ғой деп, соған жылап отырмыз деді. Түнде сіз ұйықтап жатқанда байлаулы тұрған тұлпардың біреуін мініп, мына жолмен барып, мына жолмен келеді деді. Күнде кешке жақын барады, бүгін тағы барады деп малайларым сүйдеді. Мен түнде андып, ол қатын кеткен соң, баратын жолымен барсам, қатын қайтып кетіпті. Мен барып дәуді қылышпенен өлтіріп келдім. Үйге қайтып келіп орныма жата бердім. Ертеңіне қатыным жылап отыр екен. Неге жылайсың, соған жылаймысың деп едім, қатыным бір табақ суды шашып жіберіп еді, өзім осындай болдым. Елімді үш айыр су қылып, халықты балық қылып жіберді. Өзі мына жолмен келіп, мына жолмен қайтады. Өлген дәудің сүйегін құшақтап жылайды. Келіп мені шапалақпен салып ұрып кетеді»,—деп сөзін бітірді.
«Қане, баратын жолымен барып өрейін»,—деп дәудің сүйегін құртып орнына хан жатыпты. Бір уақытта қатын жылап келіпті, келсе, орнында кісі жатыр. Қатын: «Ойбай, тірілер күн бар ма екен»,—дегенде, қозғалып: «Мен байыңды сондай қыл деп пе едім. Байыңды орнына келтір, жүр»,—деп қатынды ертіп барып, қатын тағы бір табақ суды шашып жіберіп, байын орнына келтірген уақытта қатынды қылышпен шауып өлтіріпті. Хан тағына мініп, баяғы ханменен дос болып мұратына жетіпті.