Корпусқа оралу

Сырттандар

Бұрында бір байдың жалғыз баласы болыпты. Байдың қадірлі ұлы да, қызы да сол екен. Күндерде бір күн әлгі байдың баласы ұйықтап жатып, түс көреді. Түсінде бір қара қасқыр жейін деп, баланың аяғына аузын сала бергенде, бала шошып оянады. Ертеңіне осы түсті тағы да көреді. Сөйтіп, бала осы түсті күн сайын көретін болады....

Қазақша
Сырттандар
Бұрында бір байдың жалғыз баласы болыпты. Байдың қадірлі ұлы да, қызы да сол екен. Күндерде бір күн әлгі байдың баласы ұйықтап жатып, түс көреді. Түсінде бір қара қасқыр жейін деп, баланың аяғына аузын сала бергенде, бала шошып оянады. Ертеңіне осы түсті тағы да көреді. Сөйтіп, бала осы түсті күн сайын көретін болады. Қасқыр баланың аяғынан тістей бергенде, бала шошып ояна беретін болады. Бала түнде ұйқы, күндіз күлкі көре алмайтын болады. Әке-шешесі: «Осы біздің баламызға не болды?» – деп, бір күні баласынан сұрайды. Баласы көрген түсін айтады. Әке-шешесі мұны естіп, қатты қорқып, жан-жақтан түс жоритын сәуегей адам іздейді. Бірақ ешбір сәуегей, баланың түсін дұрыс жори алмайды. Ақырында, бір қария сәуегей жорып: – Сол қасқыр сенің балаңды жемей тоқтамайды екен. Тас пен темірден үй салып, соның ішіне қойсаң да, ол қасқыр сенің балаңды жейді, беті бері қарап шыққан екен, – дейді. Мұны есіткен соң, әке-шешесі қатты қорқып жылайды. – Бұдан құтылуға амал бар ма? – деп жорушыдан сұрайды. Сонда сәуегей тұрып: – Мүмкін, қашып құтылса, ғажап емес, – дейді. Мұны естіген әке-шеше қалай шыдап отырсын? Баласын қашыруға ат іздейді. Әкесі көп жылқының ішінен баласы мініп қашарлық бір жарамды ат таба алмайды – бәрі де жабы екен. – Балам, өзің барып, тауып мінбесең, саған жарайтын атты мен таба алмадым, – дейді. Сонсын бала қолына жүгенін алып, жылқыға келеді. Көп жылдан бері жылқысын бағып жүрген бір шал бар екен, соған көрген түсін айтып: – Қашып құтылатын маған бір ат тауып берші, – дейді. Сонда шал тұрып: – Шырағым! Мен осы жылқыны баққаныма көп жыл болды, сені құтқарарлық жүйрік бар деп айта алмаймын, бұл жылқының бәрі де жабы. Жалғыз-ақ осында бір кербесті бар. Оның жабағы күніндегі өлі жүні әлі үстінен түскен жоқ, қырып аларға қызылы жоқ, жөнді от оттамайды, бауырынан жарайды да жүреді. Одан үміт қылатыным: түнде жүргенде тұяғынан от шығатын еді. Мен білсем, кербестіден басқа жылқы құтқара алмас. «Қас тұлпардың баласы аз оттап, көп жусайды, асыл тектің баласы аз сөйлеп, көп тыңдайды» дегендей, сенің бағыңа тұлпар болып шықса, ғажап емес. Не болса да кербестіні ұстап мін, – дейді. Бала кербестіні жүгендеп, үйіне алып келіп, әке-шеше, ел-жұртымен қоштасып, жолға шығады. Бала жүріп келеді. Кербестіні басы ауған жағына қарай, еркіне қоя береді. Осымен бірнеше күн жүрді. Бір күні бала артына қараса, көз ұшында бір шаң көренеді. «Ал, мені жейтін қасқыр осы болар ма?» – деп, жүрегі алып ұшып, кербестінің бауырына қамшыны сипай береді. Бұрынғыдай емес, кербесті де бірнеше күн жүрген соң, өлі жүнін тастап, басын жерден көтеріп, оқтаудай болып ширатылып, созылып аяғын пысық басып, көсіле бастады. Үш күннен соң артына қараса, манағы шаң жақындап қалған сияқты. Шаң жақындаған сайын кербестінің шабысы да ширады. Осылай шаңды ертумен тағы екі күн шапты. Бір мезгілде артына қараса, шаңнан бір қара созылып шығып тартып келеді екен. Балада зәре жоқ. Анда-санда кербестінің көзін сүртіп қояды. Қара жақындап, дүбірі де естілген сайын, кербесті құстай ұшады. Кербестінің жүрісіне бір ғана ұшқан құс болмаса, ешбір хайуан баласы еріп болар емес. Кербестіден басқа жылқы болса, келе жатқан қара әлдеқашан қуып жеткендей. Кербесті кербестілігімен ғана баланы қуып келе жатқан ажалға бермей, алып ұшып келе жатыр. Қараны осылай артына салумен кербесті тағы бір күн жүрді. Бала артына бұрылып қараса, бұларға көрінген жақындап қалған екен, қуып келеді екен. Көз тоқтатып қарауға баланың жүрегі тоқтамады. Кербестінің көзін сүртіп, бауырына қамшыны сипап ұрумен болды. Жақындағанын білген сайын, кербесті өршеленіп шабумен болды. Кербестінің осы кездегі шабысына көз тоқтатып болмайтын еді. Бір уақытта бала артына бұрылып қараса, айтқандай түсінде көрген қара қасқыр тілі сала құлаш шығып кеткен сілекейі шұбырып, жағын керіп, аузын арандай ашып, құлаштап ұрып келеді екен. Мұны көрген жан алатын әзірейіл артынан қуып жеткендей көрді. «Жалғыз менен басқа рақым етер ешкім жоқ қой!» – дегендей, кербесті ұшқан құстай алып келеді. Қара қасқыр баланы жеуге құмартып, сілекейін шудадай созып, тілі аузына сыймайды. «Шынымен-ақ осы иттің аузына түсіремін бе?» – дегендей кербесті жануар жан ұшыруда. Қара қасқыр алуға, кербесті алғызбасқа, екеуі таласып келеді. Осылай таласумен шабыс ілгері тағы да ысырыла береді. Жақындаған сайын адамның иісі қара қасқырдың мұрнын жарып барады. Исі мұрнына барған сайын жерік асына құмары артып, қара қасқыр сілекейін ағызып, ілгері ұмтыла түсіп, арс-арс етеді. Өмір бойы бір ішек болып, қатып қалған жануар кер тұлпар да қасқырдың дүбірін естіген кезде дүбір-дүбір етіп, ытып-ытып кетеді. Осы таласқа, осы шабысқа жалғыз кербесті болмаса төрт аяқты жануардың ешбірі де шыдап болар емес еді. Қара қасқырдың аузына жерік асын түсірмей, баланы ажалдан құтқарғалы алып келе жатқан кербестінің бұл жүрісіне сүйсінбейтін жан болмас! «Апыр-ай, жетті-ау, етегімнен алды-ау!» – деп, бала жан-дәрмені қалмай, мойнын бұрып артына қараса, қасқыр құйрық тістесіп жетіп-ақ қалған екен. Екі көзі қып-қызыл от сияқты, үлкендігі тайыншадай қара қасқыр екен, арс-арс етіп өршеленіп, аузын салғалы ұмтылып қояды. «Шынымен-ақ мынаған жем болдым-ау!» – деп, бала өкіріп жылап жібереді. Баладан ес те кетті, зәре де кетті, аттың көзін сүртуге шамасы келмеді. Қамшыны әлсін-әлсін артына сілтеумен болды. «Енді өлдім ғой, қара қасқырдан құтыла алмадым ғой! Енді не қайран қылайын?» – деп, баланың жаны алқымға тығылады. Жануар кербесті де қажиын деді, өзінен ешбір дәрмен жоқ аттың көзіне тер құйылып, кербесті де қиналуға айналды. Атаңа нәлет қара қасқыр тақымдасып, аузына әне салдым, міне салдым деп келеді. Бала мен қасқырдың тұмсығының арасы бірақ сүйем қалды. «Ауызды көміп, тұмсықты қандап, бытыр-бытыр шайнап, жерігімді бассам екен», – деп, құмартып, қасқыр мойнын созып тағы арсылдады. Мезгіл сабақтас. Дәл осы сағатта бір минуттік өмір балаға мың жылдай көрінді. Жалғыз кербестіден басқа балаға болысарлық жақында ешкім жоқ, кербестінің көзіне тер құйылып келеді. «Енді жем болдым ғой!» – деп, бала жаннан үміт үзді. Көз алдына өмір емес, өлім елестеді. Қара қасқыр ауызды енді сала бергенде, кенеттен маңқ етіп үрген, бір иттің даусы естілді. Иттің даусы естілгенде қасқыр кідіріңкіреп қалды, кербесті ілгері басып кетті. Атаңа нәлет қара қасқыр соңына тағы түсті, тағы да жетті. Ауызды тағы сала бергенде, маңқ етіп үрген иттің даусы тағы естілді. Қасқыр кідіріп қала берді, кербесті ілгері асып, тарта берді, не керек қара қасқыр қоймады, тағы қуды, қуа-қуа тағы жетті. Жетіп, енді ауызды сала бергенде, бағанағыдай емес, жақынырақ жерден, маңқ етіп, ит тағы да үріп кеп қалды. Иттің мына даусы естілгенде, қара қасқыр пышақ кескендей тоқтады да қалды. Баланы алып ұшып кербесті ілгері ұша берді. Сол шапқаннан шауып отырып, ми далада отырған жалғыз үйге келіп жетті. Үйдің алдына келіп, кербесті кілт тоқтай қалды, ат тоқтай қалғанда бала анадай жерге ұшып түсті. Есі жоқ, жатыр. Жатқан баланың қасына бір ит келді. Үлкендігі тайыншадай, алқымы даладай, екі құлағы тебінгідей, екі көзі қып-қызыл, екі езуі салбыраған ұзын тұмсық, жүндестеу келген қара ауыз, көк ит екен, баланы иіскеп қасына жетті. Бір уақытта үйдің адамдары көріп: «Бұл не қылған жан екен?» – деп үйге алып кірді. Бірақ балада ес жоқ, сұлқ жата берді. Кешке жақын үйдің иесі келді. Жасы 26-27-лер шамасында, еңгезердей, ұзын бойлы, екі жағына екі кісі мінгендей, қақпақ жауырын, ат жақты, көзі өткір, түсі суық, қарасұр жігіт екен. Келген жерден: – Бәленше байдың баласысың ба? – деп сұрай бастады. Бала көргенін бастан-аяқ айтып берді. «Сені қуған қара қасқыр адамға жерік еді. Ол қасқырдың сырттаны еді, сені алып қашқан кербесті жылқының сырттаны еді. Қара қасқырдың саған жерік болатынын кербесті құлын күнінде білді. Егер сол қасқырдың сырттаны келетін күн болса: «Сені алып қашсам-ау!» – деумен жүруші еді. Соны арман қылып, өмір бойы өзін-өзі жаратты, аз оттап, көп жусады. Үстінен өлі жүні түспеді. Ақыр алып қашқан екен, кербестіден басқа жылқы болғанда, қасқырдың аузына түсіп едің. Мынау жатқан қара ауыз иттің сырттаны еді. Кербестімен сенің қашып келе жатқаныңды, қара қасқырдың сені қуып келе жатқанын, екі сырттаның дүбірін қара ауыз күндік жерден естіді. Соны біліп, бұл үріп жіберді. Егер қара ауыз үрмегенде, қасқыр саған аузын салып еді. Егер қара қасқыр жеген болса, барлық қасқыр атаулы адамға жерік болар еді. Өмір бойы қасқыр адамды қойша домалатып жей беретін еді де, адамға қасқыр қожа болатын еді. Ал енді мен болсам, мен жігіттің сырттаны едім. Қара ауыз бен менің осы жақта екенімді кербесті білді. Ол шыққаннан-ақ осылай қарай бастап алып келді. Саған жерік болған қара қасқыр әлі кеткен жоқ, мына төбенің басында сені күтіп жатыр. Ол сені жемей тоқтамайды, сенің осында екеніңді біледі, бірақ кербестінің, қара ауыздың, менің осында екенімді біліп, үш сырттаның үстіне батып келе алмайды. Таң атқан соң қара ауызды ертіп, ол қасқырдың, соңына түсеміз. Өзің шаршап келдің ғой, бүгін дем ал», – деп, баланы сыйлап жатқызады. Ертеңіне, таң атып күн шыққан соң, балаға жігіт айтты: – Сен кербестіге мін, мен қара ауызды жетектеп, екеуміз мына төбенің түбіне барайық. Барған соң қара ауызды қоя берем. Бұл барып саған жерік болған қасқырмен арбасады. Бұлар арбасып жатқанда, мен ит жағынан барармын, сен кербестімен қасқыр жағына кел, сол уақытта қасқыр сенің исіңді біліп, саған қарай бұрыла берер, ол бұрыла берген кезде аңдып тұрған қара ауыз барып, қасқырдың мойнын бұрап тастайды. Сөйтіп, қара қасқырды өлтірмесек, ол тірі жүрсе, сені жемей қоймайды. Кербестіге мініп, қара ауызды ертіп, қара қасқырды қуар едім, бірақ кербесті мені көтеріп шаба алмайды. Ал сені қасқыр жеп қояды екен деп қорықпа. Ілгері ұмтылып, қасқырға таман барып қал, ол саған ұмтылады. Саған жетпей-ақ қасқырдың мойнын бұрайды, – деді. – Егер сенен бұрын мен барып қалсам, менің келгенімді біліп, қара ауыз маған қараған кезде, қара қасқыр қара ауыздың мойнын бұрап тастайды. Қара ауыздың мойнын бұраған соң сені де жейді, сені жеген соң бүкіл қасқыр адам атаулының бәрін жейді. Егер сен қорықпай барып қалсаң, ол сені жеуге ұмтылғанда, оны қара ауыз өлтіреді. Қайтсеңде қасқыр жақтан менен бұрын бар, қорықпа! – деп, әбден үйретіп келеді. Төбеге жақындап түбіне барған кезде жігіт қара ауызды қоя берді. Қара ауыз төбенің басына қарай жөнелді. «Қасқырдың артынан барып қалайын», – деп кербестімен бала да төбені айналып жетті. Жігіт иттің артынан ақырын жүгіріп келеді. Қара ауыз төбенің басына жеткенде қасқыр да оны көріп қалды. Екеуі бірін-бірі көрген соң жүндерін тікірейтіп, көздерін біріне-бірі қадап, ырылдасты да жатты. Екі сырттан бірі-бірі ала алмай, ырылдасып арбасумен жата берді. Бірінің қозғалғанын бірі байқайды. Әлдеқалай біреуі қылып етіп, қозғалса-ақ, біреуі барып бассалғалы тұр. Қара қасқыр жалын тікірейтіп, тұмсығын созып, көзін қадап ырылдағанда ешбір жүрек тоқтатып шыдап тұрар емес. Арқа жүнін тікірейтіп, көзін төңкере қадап, екі езуін ырситып, азуларын ақситып ырылдағанда, қара ауыздың да бет алдына, қара қасқырдан басқа ешбір хайуан шыдап тұрар емес. Екеуі осылай арбасып, бірін-бірі ала алмай, әбден ызаланды, көздері қып-қызыл оттай жарқ-жұрқ етіп кетті. Ызаның кернегендігі сондай, мойындары терісіне симай буынып барады. Арбасқан қалпында екеуі де орындарынан тұра келді. Бір-біріне қимылдауға таянып тұр. Екеуі де жақтарын керіп, ырылдасып бір-біріне жақындасып қалды. Сөйткенше болмады бір-біріне тап берді, алдыңғы екі аяқтары бір-бірінің иығында, езулерін ырситып, азуларын ақситып ырылдасты да тұрды. Бір-біріне ауыз салғызбады. Қарама-қарсы тіресті де қалды. Біреуі қылып етіп қозғалса-ақ, құлақ-шекені өрлей, кеңірдекті қапсыра, ауызды басқалы тұр. Осылай тіресе ырылдасып, арбасумен тағы біраз тұрды. Бір-бірін ала алмады. Бұрынғы арбасудан мынау әлденеше қиын болды. Алдыңғы аяқтарымен бір-бірінің кеңірдектеріне тіресіп тұр. Ұзын тырнақ кеңірдектеріне кіріп барады. Енді біріне-бірі ауыз салғалы тұр. Бірі өлтіріп, бірі өлгелі тұр, көздері қанталап кетті. Енді тек бір-бірінің кірпік қағысуын ғана аңдып тұр. Қасқырдың сырт жағынан келе жатқан бала, екі сырттаның ырылдағанын естігенде, жақындауға жүрегі тоқтамады. Қара қасқырдан әбден қорқып қалған. «Жақындасам, жеп қоя ма?» – деп, ілгері баспады. Тым болмаса, айқасып тұрған екі сырттаның төбесі көрінетін жерге де келмеді, анда-санда бір аттап, аяғын ілгері баспады. «Бала аржағынан келді ме екен? Итіме не боп қалды екен?» – деп, жігіт тез ұмтыла басып төбеге шыға келсе, онда әлі көрінбейді. Қасыр мен ит айқасып тұр екен. Баланың төбесі жаңа көріне бергенде, артына келіп қалған иесін біліп: «Ием келді ме екен?» – дегендей ит мойнын бұрып қалды. Сол уақытта аңдып тұрған қара қасқыр, қара ауыздың шықшытына басып жіберді. Мынаны көрген иттің иесі не боларын білмеді. Беліндегі қанжарын ала жүгірді, қара қасқыр иттің құлақ-шекесіне қарыс батып кеткен тісін жұлқылап суырғанша, жігіт те келіп жетті. Келе-ақ қара қасқырдың ішін қанжармен есіп кеп жіберді. Сол жерде ит те өлді, қасқыр да өлді. Жігіт иттің өлгеніне қатты өкінді. Иттің өлігін құшақтап, зар жылап еңіреді... Балаға: – Неге менің айтқанымды істемедің! – деп, бармағын шайнап ұрысты. Ұрысқанымен не? Болар іс болып, ит өліп қалған соң. – Қайтейін! Қара қасқыр тура маған бассалады ғой деп, қорықтым! – деуден басқа не айтсын бала. – Қара ауыз ит өлтірген болса, ит атаулы қасқырға қожа болатын еді. Енді иттің ілуде біреуі-ақ қасқыр алатын болады. Әрине, қасқырдың да итті алатыны санаулы болады. Егер қара қасқыр сені жеген күнде, қасқыр атаулы адамға қожа болатын еді. Оны енді мен өлтірдім, енді адам қасқырға қожа болады, – деп, сырттан жігіт сөзін тоқтатты.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.