Қазақша
Мұхаммед пайғамбар»
Бисмилла – сөздің нұсқасы,
Баян қылды бір Алла,
Бұл дүниенің қысқасы,
Дүниені шырын қып,
Құдіреттің ұстасы,
Ырысқа иман әзелде,
Өлшеулі қылған күніңді.
Әлемге патша – бір Құдай,
Жаңылдырма тілімді.
Мұхаммедтің ақтығы
Әлемге мәшһүр білінді.
Күндерде бір күн Мұхаммед
Он екі жасқа ілінді.
Жатсаң-тұрсаң, жақсылар,
Бір Алла болсын тіліңде.
Рахым қылып сыйлап жүр
Жетім менен жесірді.
Бұларға қорлық іс қылсаң,
Басыңа салар кесірді.
Ақырға нұсқа болсын деп,
Мұхаммедтей гауһарды
Жетім қылып өсірді.
Мұхаммед үшін жаратты
Он сегіз мың ғаламды,
Әр ісімнен көрсін деп
Лаух пенен Қаламды.
Адам ата, Хауа ана
Досты үшін бұл һәм жаралды.
Күллі кәпір, мұсылман
Сол кісіден таралды.
Түсінсін деп, әуелден,
Түсірді Құран Қаламды.
Нұрын төгіп достына,
Білдірді арам-адалды.
Сол досыңыз басынан
Көрген жәбір жасынан,
Қапалық бастан өткізіп,
Жетім қылып Құдірет,
Машақат жастан көп көрді.
Ержеткен соң Мұхаммед
Кәпірлердің басынан
Бақ-дәулетін көшірді.
Келген түні дүниеге
Шайтан қашып тұра алмай,
Балға, төсін ұра алмай,
Кәпірдің отын өшірді.
Ержетті ақыр тарығып,
Шариғатын жары қып,
Дариядай толқып басылды.
Қаңғыртып ол кәпірді,
Қызыл қанын ағызып,
Жердің жүзін жасырды.
Сайыпқыран не ерлер
Нағып шауып жасырды
Әуелі араб дінге еніп,
Хаққа мойын ұсынды.
Жиһанда барша кәпірлер
Есітіп жаман шошынды.
Алмай, құры қайтпады,
Қай жерге қылса қосынды.
Сол сияқты досты да
Ажалға ақыр тосылды.
Мұхаммедке ақыры
Жетімдікті шарт қылды.
Өз ағасы дұшпан қып,
Жүсіпті тірі құл қылып,
Осыны да сатқызды.
Перғауын кәпір әулетін
Жай дарияға аққызды.
Әзіреті Мұсаны
Тандырға салып жаққызды.
Оттан аман шығарып,
Жай дарияға ағызды.
Шығарып одан саламат,
Өз анасын тапқызды.
Құдіреті күшті Құдайдың,
Дұшпандық қылса біреуге,
Пәруана қылып біреуге,
Қолына алып баққызды.
Бір жақтан айды туғызып,
Бір жақтан күнді батқызды.
Жегізіп құртқа Айубты,
Ақыры мұрат тапқызды.
Құлақ салғын, айтайын,
Құдіреті күшті Алланың
Құдіретімен жаратқан
Діннің аян болғанын,
Мұсылманның толғанын,
Жер жүзінде Мұхаммед
Әуелі ұрыс қылғанын,
Бірнеше заман болғанда
Абат болып дін ислам,
Басына дәулет қонғанын.
Әбділда ұлы Мұхаммед
Он екі жасқа ілінді,
Сейіл қылып Мұхаммед
Шығушы еді далаға.
Жүруші еді бас болып
Өзіндей қырық балаға.
Үшжам еді патшасы
Мәдине, Мекке қалаға.
Намдар палуан Әмзе еді,
Омар палуан және бар,
Ол Үшжамға қараған
Он сегіз ру ел еді,
Бірме-бірге келгенде,
Хашимилер көп еді.
Әуелгі қойған аттары
Әбділда Хашим дер еді,
Одан соң кеткен атанып,
Жәһілдігі асқан соң,
Әбужәһіл дер еді.
Әбужәһіл, Мұхаммед
Жасынан жүрген қас болып,
Бірімен-бірі өшігіп,
Көңілдері тас болып.
Күндерде бір күн Мұхаммед
Жүруші еді сотқар боп,
Қырық балаға бас болып,
Хат-хауматы қасында,
Өзі он екі жасында,
Сейілге күнде барады.
Қырық баласын алады,
Мұхаммедке нанады.
Әбужәһіл сол күнде
Екі жүз бала ертіп ап,
Мұхаммедке ит Жәһіл
Жолығысып қалады.
Мұхаммедтің әскері
Қырық бала болады.
Қырық баланың ішінде
Мұхаммедті көреді,
Әбужәһіл кәпірдің
Ашуы оған келеді,
Екі жүз бала қасында,
Қылайын деді зорлықты.
Әбужәһіл сөйлейді:
– Екі жүз палуан, кел,– деді,
Жалаң аяқ жетімше,
Менімен қайтіп тең, – деді.
Көтерілген көңілі басылсын,
Жазасын мұның бер, – деді.
Жабылып бәрің ұрыңдар,
Жетімшені аямай,
Барлығын да қырыңдар!
Екі жүз бала палуаным,
Айтқанымды қыл, – деді.
Әбужәһіл бетпақтың
Айтқан сөзі ұнады,
Тас кесекпен сабады.
Нөкеріне Мұхаммед:
– Ұрыс! – деп жауап қылады.
Ұрысып кетті Мұхаммед,
Қырық баласы зор беріп.
Менменнің жүрмес тәубесі,
Ақыры көрер қорлықты.
Тәкаппарлық кім қылса,
Сол көреді зорлықты.
Осы ұрыста бұлардың
Әмма жағын күңірентті,
Таяқ жеп әбден тарықты.
Әбужәһілден бөлегі
Таяқ жеді аң болып,
Қашып кірді Меккеге,
Тұла бойы қан болып.
Қапа боп Әбужәһіл
Жүзі сары болады.
Ешбір жанға көрінбей,
Жасырынып барады.
Атаға қарар жүзі жоқ,
Ордасына бара алмай,
Сарайда жатып қалады.
Қырық баласын ертіп ап,
Мұхаммед те жөнелді,
Меккеге қайтып келеді.
Қырық баласы айтады:
– Әбужәһіл бұл, мәлім,
Ертең тағы ұрысар,
Өкіректеген неме еді.
Қырық балаға Мұхаммед:
“Қорықпа, балдар” дер еді.
Қырық бала сонда сөйледі:
– Мұхаммед атты шеріміз,
Қайда жүрсек еліміз.
Ұрыс, жанжал іс болса,
Айналайын, Мұхаммед,
Өзіңнен бұрын өлеміз.
Не де болса көрерсің,
Өкіміңе көнеміз.
Қырық бейшара баламыз,
Сөзіңе құлақ саламыз.
Арам пейіл залымды
Астына қылыш аламыз.
Қырық жыл қырғын болса да,
Сізбенен бірге боламыз.
Ертең тағы ұрыссақ,
Ауқатты қайдан қыламыз?
Көңіліңе ауыр қыласың,
Бір-ақ ауқат – наламыз.
Олар бүгін тоқ болды,
Бізде ауқат жоқ болды.
Қырық баланың бұл сөзі
Мұхаммедке оқ болды.
– Бар болса наһар қылар ек,
Жүрек жалғау қылған соң,
Кешке шейін жарар ек.
Жатарда қылсақ бір наһар,
Ертең тағы, балалар,
Майдан жерге барар ек.
Қарнымыз тағы ашқанша
Әр түрлі ұрыс салар ек.
Ас – адамның арқауы,
Қуаттанып қалар ек.
Балалардың айтқан сөзіне
Мұхаммед қапа болады.
Қырық балаға білдірмей,
Құпия қылып жылады.
Кедейлігі құрысын,
Не дерін білмей тұрады.
Жасын төгіп көзінен,
Сандалып түнде шығады.
“Құдайым, өзің жеткіз” деп,
Мінәжат Аққа қылады.
Мұхаммед өзі ойланды,
Лажын таппай тынады,
Ойланып қанша толғанды.
Әбділдамен туысқан
Бірнеше кісі бар еді,
Әбутәліп дер еді,
Жақсы көрер ағасы,
Әрқашан іске жарарлы.
Сұрауға сонан тамақты
Орнынан тұрып келеді,
Құдайын айтып жөнеді,
Қайғысы тамақ болады.
Келе жатса Мұхаммед,
Іздеп шыққан ағасы
Алдынан қарсы келеді.
Назарын салып ағасы
Мұхаммедті көреді.
Жүзі сары Мұхаммед,
Болмағандай көңілі шат.
Екі көзі қызарып,
Уайымы көп еді.
Ағасы көрді інісін,
Біледі танып жүрісін.
“Неге қапа болдың?” деп,
Былайша сұрай береді.
Ағасы сонда сөйлейді:
– Айналайын, Мұхаммед,
Көрінбей қайда жүр едің?
Амандығың, шырағым,
Бір Алладан тілегім.
Жүзің сары не себепті,
Жайнаған қызыл гүл едің.
Қапаланып, шырағым,
Мұншама неғып жүр едің?
Қатыңқы жаман қабағың,
Тасыған судай өрлеген.
Мұхаммед айтты: – Жан аға,
Қырық баланы нөкер қып,
Шығып едім далаға.
Ақылымнан адастым,
Ауқат тауып бере алмай,
Қысылды нөкер балалар.
Ертең Алла жеткізер,
Бүгінше лаж бола ма?
Кедейлігі құрысын,
Қолымда жоқ болған соң,
Табылмады біздерге.
Бірнеше уақыт табылмай,
Тарылды жаман ниетім.
Іздеп сізге келгенім,
Осы еді, аға, жұмысым.
Осы бір жері болмаса,
Құрбандық жаным дін үшін.
Осыны айтып Мұхаммед,
Көз жасын төгіп жылады.
– Әркім білер өз жайын,
Өзгенің несі құрайды.
Берейін десем ауқат жоқ,
Сақтаймын қайтіп бұларды?
Айналайын, жан аға,
Ақылдан сасып адастым.
Қырық балаға үндетпей,
Бір күнше, аға, қарасқын.
Әбужәһіл кәпірмен
Бір кезекке таластым.
Жанашыр менде аға жоқ,
Ата бір, ана және жоқ.
Ағажан, сізден болмаса,
Мен жетімге шара жоқ.
Құлақ салғын, ағажан,
Қандай амал қыламын.
Құрып тұр арзу, амалым,
Ауқатын таппай балдардың.
Қолыңда малың болмаса,
Болмайды екен талабың.
Осындай ғаріп күнімде
Бір күнше, аға, жарағын.
Айналайын, жақыным,
Бар болса айтқан ақылың,
Атамнан артық көрейін.
Айналайын, ағажан,
Қасымда нөкер баладан
Ұялып әбден барамын.
Алланың өзі сақтаса,
Әбужәһіл не етеді.
Жетім менен жесірдің
Осы ма еді ахуалы?!
Құдіреті күшті бір Алла,
Жаратпасаң не етеді?
Біз бейшара жетімбіз,
Болмаса Алла мейірбан,
Кедейлік пен кемшілік,
Көрінді көзге шыбын жан.
Қысылған жерде көрінер
Өздеріңдей қадірдан.
Бізді төмен қаратпа,
Айналайын, ағажан.
Ағасы сонда сөйледі,
Жоқшылықтың зарынан,
Бұдан қапа тартады.
Мұхаммедтің жөнінен
Бар болса жанын сатады.
Лажын таппай бейшара,
Сандалып басы қатады.
– Айналайын, шырағым,
Қандай лаж қылайын.
Жаныңнан басым садаға,
Болайын құрбан лағың.
Өзім де бүгін аш жаттым,
Табылмады, сұрадым.
Құдіреті күшті Құдайым
Жасымнан алды атамды.
Жүзің сары болған соң,
Біліп едім қапаңды.
Үш күннен бері ауқат жоқ,
Құры сүлде демесең,
Өлімге жаным тақалды.
Осылай, шырақ, мәнісі,
Қорқақтың һәм жазасы,
Жаманның болмас намысы.
Бір туысқан жаманнан
Жоқшылық қашық тартқызды.
Құдіреті күшті Жаппар Хақ
Нұх қауымын суға батқызды.
Алланың сүйер данасы
Жүсіпті құл қып сатқызды.
Біреуін аман тапқызды,
Ніл дарияға батқызды.
Шаң шанаққа кіргізіп,
Ыбраһымды атқа мінгізді.
Жанған айдай тәсілім қып,
Саламат Аққа жеткізді.
Сені мен маған, шырағым,
Аштықтың зарын тартқызды.
Үйімде жалғыз наным жоқ,
Шырағым, сенің жолыңда
Аяйтұғын жаным жоқ.
Бірнеше түгіл, шырағым,
Бір сағаттық әлім жоқ.
Берер ем, болса бір наным,
Үш күннен бері ауқат жоқ.
Алладан тілеп отырмын,
Менен өнер нәрсе жоқ.
Басыңның қамын қыл, жаным,
Үш күннен бері аш болып,
Өшті әлім, дәрменім.
Амалым жоқ, шырағым,
Алладан сұра мұрадың.
Мен сынсам, сенің сынғаның,
Пендесі қайтіп ұзартар
Алланың шолақ қылғанын,
Ішімде кетті арманым.
Бір Алладан басқадан
Күдер үзіп, ағасы
Айтқаннан соң бұл сөзді,
Алланың бір өзінен
Тілейді енді жалбарып,
“Жарылқа, – деп, – бізді өзің”.
Қасына балалардың келді қайтып,
Жөнімен кедейліктің қапа тартып.
Бір жерге балаларды жатқызды да,
Қайғысын бір тамақтың тартқызды да,
Өзі бір ағаш таяқ қолына алып,
Әр түрлі қапалықпен қайғыланып,
Сол ағашты бір уақыт жерге шанышты,
Шанышты да тілей берді басын салып.
Сәждеге қолын қойып қалды жатып,
Қайғының жылай берді дәмін татып.
“Табаққа құдіретіңмен мәуе сал” деп,
Зарлайды мінәжат қып сөзін айтып:
– Құдіреті күшті бір Алла,
Көңілім құрсант болар ма?
Бір кезеңге таластым
Әбужәһіл арамға.
Қанша айтқанмен болмады,
Жазды бұлар Қаламға.
Жүз жиырма төрт пайғамбар,
Бәріңе жылап қылдым зар.
Тарығып тұрған уақытта
Ауқат таппай жарандар,
Ғайыбыңнан жеткізіп,
Ас беруші біреу бар.
Осы шанышқан таяққа
Көгертіп, Алла, миуа сал.
Қызыр Ілияс, біз ғаріптен қабыл ал,
Біз бейшара жатырмыз,
Ауқат үшін ынтызар.
Жан жараттың, Жаппар Хақ,
Бір өзіңе жыладым.
Қасымдағы балдарға
Жүзімді төмен қылмағын.
Падиша қыл, бай қыл демеймін,
Бір күнше ауқат сұрадым.
Балалардан ұялсам,
Болды қандай сияғым?!
Ауқат тауып бермесем,
Нөкерді қайтіп жиямын?!
Құдай, рақым қылмасаң,
Бұл жерде қайтіп тұрамын?!
Әлемге патша бір Құдай,
Әммасын өзің қыласың,
Айтайын несін бұ йағын.
Осындай мінәжат қып жатыр еді,
Намазда жылап жатып, көз ілмеді.
Ұйқыдан бір уақытта бедер болып,
Сарғайып бір жағынан таң білінді.
Қарады жан-жағына назар салып,
Алған таяқ тұр екен миуа салып.
Жалтырап көрінеді шоқтары да,
Көгеріп ағаш таяқтан миуа пісіп.
Мұхаммед түрегелді көп қуанып,
Балаларды шақырды ұран салып.
Аштықтан ұйықтай алмай жатқан налып
Балалар тұра келді көп қуанып.
Миуаны балалар да көрді барып,
Қасына қуанғаннан келді жүгіріп.
Құрмадан “бисмилла” деп алып жеді,
Мұхаммед алып жеді қолын салып.
– Жегін, – деп балаларға жарлық берді,
Бұл құрма сіздер үшін болған, – деді.
Балалар тұс-тұсынан мұны есітіп,
Тойғанша жабырласып жей берді енді.
Әбден жеп балалардың қарны тойды,
Қайғының ішіндегі бәрін жойды.
Әрқайсысы балалардың шері болып,
Жеріне соғыс қылар қадам қойды.
Жеріне ұрыс қылар тұрды барып,
Көреді кәпірлерді назар салып.
Мұхаммед майдан жерге барып тұрды,
Келеді Әбужәһіл Құдай ұрып.
Ләшкермен Әбужәһіл тұрды барып,
Артынан нөкерлері шыр айналып.
Бұрынғы нөкерлерін тастап кетті,
Қасына үш жүз бала ертіп алып.
Сап тартып Әбужәһіл тұр мақтанып,
Көреді қырық баланы назар салып.
Кешегі қырық баласы аштан тұр деп,
Сөйледі Әбужәһіл қаһарланып.
Әбужәһіл анда сөйледі:
– Ау, жетімше, Мұхаммед,
Майдан жерге кел, – деді.
Үш жүз нөкер жаңадан
Алып келдім мен,– деді.
Күшімді көргін сен,– деді,
Қарсы болсаң менімен,
Өлдің енді сен, – деді.
Күшімді көрмей, алыстан
Есіріп жүрген сен,– деді.
Қаһарлансам шынымен,
Жоқ болмағың демде енді.
Мұхаммед анда сөйледі:
– Келе ғой, келсең, талапкер,
Қайратымды келіп көр.
Қой дейтұғын адам жоқ,
Білгеніңді қыла бер.
Аяма, Әбужәһіл ер,
Майданда көп сөз не дәркер.
Мұхаммед осылай дегенде,
Әбужәһіл ұмтылды.
Екі ләшкер қосылып,
Қырық бала мен Мұхаммед
Араласқан сықылды.
Біреуге жеке табылып,
Біреуге жүзі жабылып,
Жалғанды тұман қаптады.
Күннің көзі шағылып,
Екеуге екеу, бірме-бір
Төбелесті қылып жүр.
Бірін-бірі аямай,
Тас кесекпен ұрып жүр.
Қаңғалақтап кейбіреу,
Есерлері бұғып жүр.
Мұхаммед қырық баламен
Бір түрлі ұрыс бастады.
Өлтірсе де қашпады
Ертеңнен кешке ұрысып.
Намаздігер болғанда
Кәпірлер қаша бастады.
Ұрыстары айрылды,
Кәпірлер қашып жөнелді.
Қапаланып, қайғы жеп,
Әбужәһіл кәпірдің
Үш жерден басы жарылды.
Үш жүз бала дал болып,
Шаһарға қашып қайтады.
Мұхаммедтің қасына
Жиналды қырық балалар,
Қырық баласы саламат.
Әбужәһіл назалы,
Әбужәһіл тараптан
Біреудің сынған аяғы,
Біреуі қолдан айрылды.
Қырық бала болды шадыман,
Үш жүз бала қайғылы.
Қырық бала асығып
Мұхаммед тіккен құрмаға
Барамыз деп қайтадан.
Мұхаммед ол күні жатып демалады,
Зар жылап Әбужәһіл қайғыланды.
Есі жоқ таң атқан соң майдан жерге,
Сап тартып майдан жерге тағы барды.
Сол күні Әбужәһіл қайғыланып,
Әр түрлі қапалықпен тағы ойланды.
Бір мың батпан бір тасты
Ап келді майдан жерге өзі барып.
Қайратын көрсетпек боп көңліне алып,
Ол тасты келе берді таудан алып,
Қойыпты майдан жерге алып барып.
Мұхаммед мұны көріп сөз сөйледі:
– Келді деп мынау қайдан пайда болып.
Бұл сөзге Әбужәһіл жауап берді:
– Мұхаммед, қайратымды көрдің енді.
Бұл тасты Құбайыстан алып келдім,
Көтергін, мықты болсаң, көзімше енді.
– Құбайыстан бұл тасты
Алып келдім мен, – деді.
Бұ тасымды көтеріп,
Күшіңді білдір сен, – деді.
Меніменен, жетімше,
Боласың қайтіп тең, – деді,
Ажалыңа асығып жүрген сен, – деді.
Неше адамдық әлің бар,
Қарамайсың әліңе,
Сен маған қайтіп тең, – деді.
Шақтамайсың әліңді,
Әр жерің-ақ кем, – деді.
Арманда болып өлесің,
Қарамайсың шамаңа.
Шаһзадамен тең болып,
Әліңе қара, қу жетім.
Күмәні жоқ өлесің,
Аталық менен көресің.
Бұған жауап қылмастан,
Үндемеді Мұхаммед.
Қабағат болып түнеріп,
Ашуланып қабағат.
Ыза болып бұл сөзге,
Қасында қырық жамағат.
Мұхаммед нәрсе демеді,
Құбайыс тауға жөнелді.
Көтеріп келді бір тасты
Үш мың батпан келеді,
Келе сөйлей береді.
– Әбужәһіл, кел, – деді,
Бұл тасты көтер сен, – деді.
Одан соң сенің тасыңды
Көтеремін мен, – деді.
Әбужәһіл орнынан түрегелді:
– Әуелгі кезек менікі,
Көтергін тасты сен, – деді.
Мұны есітіп Мұхаммед
Тұрып, тасқа жөнелді,
Көтермек үшін ол тасты.
Қасына барып Мұхаммед,
Құшақтап алып болған соң,
Ұстаған замат Мұхаммед
Көтеріп алған сықылды,
Лақтырып [оны] жіберді.
Атқан оқтай зырқырап,
Тас аспанға барады.
Шаң-тозаңы бұрқырап,
Аспаннан қайтып түседі.
Бір қолымен Мұхаммед
Түсірмей қағып алады.
Мұхаммед анда сөйлейді:
– Тасымды менің көтер тез!
Әбужәһіл ұмтылды,
Құшақтап тасты жұлқынды.
Үш мың батпан ол тасты
Көтермегі қиын-ды.
Зор беріп қанша қармады,
Айқайлап қанша жандады,
Қас-қабағы түйілді.
“Тасты барып бассын” деп,
Жәбірейілге бір Алла
Әмір етіп бұйырды.
Жәбірейіл салды салмақты,
Әбужәһілдің сол уақта
Инедей әлі қалмапты.
Қозғалмады ауыр тас,
Құшақтап қанша қармады.
Қабырғасы сөгілді,
Мұрнынан қаны төгілді.
Әбужәһіл кәпірдің
Көтеруге әлі келмеді.
Нөкерлерін жиып ап,
Шаһарға қарай жөнелді.
Әбужәһіл артынан
Мең-зең болып келеді.
Қырық баламен Мұхаммед
Артынан қуа жөнелді.
Екі жақ та мақтасып,
Мұхаммед палуан дер еді,
Палуан Әбужәһілден
Он есе артық көреді.
Екеуінің қайраты
Барлығын да қайырды.
Ұрыс болмай ажырап,
Жайына қайтады.
Әбужәһіл зар жылап
Атасына айтады:
– Қапа болып жылаймын,
Өзі тиген болмаса,
Кісіге зиян қылмаймын.
Бұл қорлыққа, жан ата,
Қандай қылып шыдаймын.
Көп зорлық қылды нөкерге,
Боз шыбық түсті кілемге.
Жалаң аяқ жетімнен
Жарақат түсті етіме.
Падиша түгіл, құл болса,
Бұл зорлыққа көне ме?
Өшігіп қалып соғыста,
Таба алмадым амалды.
Ақсақ, соқыр қып кетті
Үш жүз нөкер баламды.
Бір жақты мұны қылғанша
Ойын-күлкі арам-ды.
Жақсы көрсең балаңды,
Мен үшін, ата, той қылып,
Жинаңыз барша адамды.
Тоқтаусыз оны жығамын,
Байқадым өзім күшімді.
Пәлен күні жинал, – деп,
Шаһарға бергін хабарды.
Үшжам сонда сөйлейді:
– Әбутәліп кім, – деді,
Менімен қайтіп тең, – деді.
Мен халыққа тәжідар,
Падиша болсам мен, – деді.
Кедейлермен теңдесіп,
Келмей ме барша ел,– деді.
Шаһзада, жетім Мұхаммед,
Шаһзадасың сен, – деді.
Өз қатары болмаса,
Көрмейді һешкім жөн,– деді.
Осылай Үшжам дегенде
Әбужәһіл сөйледі.
Қолын қойып көксіне,
Тағы да арыз қылады.
Қайта-қайта өтініп,
Өксіп жылап өкіріп,
Бұл сөзді айтып тұрады.
– Айналайын, жан ата,
Бұл сөзімді қылмасаң,
Қапа боп ақыр өлемін.
Жылауменен бір күні
Білінбей кетер дерегім.
Бала орнына көрмесең,
Бір тілекті бермесең,
Зар жылап келген балаңды
Бір көзіңе ілмесең,
Жетімнен көріп зорлықты,
Кемшілік осы көргенім.
Көп болар менің, жан ата,
Бұл дүниеде жүрмегім.
Оздырар деп жылаймын.
Алдыңда жылап тұрғанда,
Бұл мақсатым болмаса,
Оп-оңай менің құрымағым.
Қорлық көріп жетімнен,
Бұл шаһарда тұрмадым,
Арам менің тамағым.
Бұл сөзі баласының қатты батты,
Ойланып Үшжам патша басы қатты.
Айтқанын баласының қылайын деп,
Той қылып, барша жұртқа хабар айтты.
Падиша жұрт шақырып тойын қылып,
Қуанды Әбужәһіл көңілі тынып.
Меккеде үлкен-кіші, барша халық,
Бұл тойға бәрі келді хабарланып.
Тойына падишаның жұрт жиналып,
Қалдырмай тамақ берді барша жанға.
Мұхаммед бір қиялдан қапаланып,
Үйінде тойға бармай қалды жатып.
Тойғызды көп халықты табақ тартып.
“Алып кел Мұхаммедті, күрессін” деп,
Тұрады Үшжам патша әр сөз айтып.
Меккелік бәрі бірдей хашим, арап,
Халайық сап тартып тұр екі тарап.
“Балаңды алып кел” деп, Үшжам патша
Айтады Әбутәліпке қарсы қарап.
Үшжам анда сөйледі:
“Әбутәліп, мұны көр,
Жиналды барша қауым ел”.
Падишадан мұны естіп,
Әбутәліп жөнелді,
Мұхаммедке келеді.
Бүркеніп жатыр Мұхаммед,
Жылап жатыр, көреді,
Мұхаммед жауап береді.
– Бейшара жетім баламын,
Белгілі, ата-анам жоқ,
Жанашыр менде ағам жоқ.
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Екі көзден ақты жас,
Үстімде киім және жоқ.
Мәдине мен Меккеде
Менен жаман адам жоқ.
Зарымды кімге айтайын,
Жайымды сұрар адам жоқ,
Жаратқан Егем болмаса.
Оған қылар амал жоқ,
Бейшара жетім баламын.
Сіз болмасаң, жан аға,
Жаны ашымас даланың.
Үстімде жарар киім жоқ,
Тойға қайтіп барамын.
Менен жаман адам жоқ,
Ағажан, осы заманда.
Осындай азып жүрер ме ем,
Ата-анам болғанда.
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Той іздеуге бола ма.
Келіпсіз, аға, желіктеп,
Жоғалып кетсем далаға,
Жанашыр жоқ, сұрарым
Іздейтұғын деректеп.
Атам менен туысқан,
Он сегіз ата бар еді,
Қоясыңдар бөлектеп.
Мәртебе болмас сіздерге
Жалаң аяқ барғаным,
Көп ішінде дедектеп.
Халімнен хабар алмайсыз,
Келіпсіз мені керек деп.
Көзінен жасын шығарды.
– Жылама, жаным, Мұхаммед,
Әр істі Құдай қылады.
Айналайын, шырағым,
Болайын құрбан лағың.
Жаныңнан басым садаға,
Қандай амал қылайын?
Менде де жарар киім жоқ,
Табылмады, сұрадым.
Қолы қысқа кедейдің
Еш ісі келмес ебіне.
Шырағым, сені бермеймін
Басқаның мырза, бегіне.
Дүние болса қолымда,
Қылар ем сарып жолыңа.
Мені Құдай жоқ қылды
Осындай іске, шырағым.
Мені мен сені еп қылды,
Ақырын берсін Жаппар Хақ.
Көңілімнен кетпес дақ,
Көз көргенге қол жетпес.
Ішімде арман көп болды,
Жүрмесең, шырақ, болмады.
Келмеді деп Мұхаммед,
Үшжам патша мат қылды.
Ерегіс жерде ер өлер,
Осындай патша кеп қылды.
Мұхаммед сонда сөйледі:
– Барсаң, өзің бара бер,
Бармаймын анда мен, – деді.
Атам, анам бар болса,
Жүрер едім қуанып.
Өзінде жоқ болса да,
Табар еді сұранып.
Көп ішінде сынағанша,
Аулақ жерде сыналық.
Жалаңаш тойға барғанша,
Үйде жатып жылайық.
Әлді ит үрер әупілдеп,
Бұралқы жатар бұралып.
Атадан тоғыз тусаң да,
Ынтымақты болмайсың,
Бас-басыңмен лағып,
Қорлықтан басқа көрмеймін.
Бұлар тұрсын мұнымен,
Қадиша деген қатыннан
Бір хикаят қылайық.
Мұхаммед тойға бармады,
Мойынынан құшақтап
Әбутәліп зарлады.
Көреді екен Қадиша
Кітаптан бір сөз аңғарып.
Қадишаның түсінде
Қойнына бір ай кіреді,
Жап-жарық болып жан-жағы.
Еш адамға сыр айтпай,
Сахарменен тұрады.
Өзіменен туысқан
Ораханның баласы
Нәупілге барады.
Көрген-білген жұмысын
Құлағына салады:
– Бүгін түнде түсімде
Қойныма келіп ай кірді.
Көрген адам қорыққандай,
Түсі суық, айбынды,
Қорқытып алды зәремді.
Бір түрлі болып көңілім,
Үлбіретті денемді.
Көкірегім сол күнде
Болмады адал, арам-ды.
Сәулесіне денемнің
Жап-жарық болды аспан-жер,
Теп-тегіс болды ылди-өр.
Айналайын, жан аға,
Жақсылыққа жори көр.
Нәупіл айтты: – Қадиша,
Түсіңді баян қылайын.
Бұл түсіңнің жөнінен
Жарылқар екен Құдайым.
Қойныңа келіп ай кірсе,
Пайғамбар болар жұбайың.
Қорқытып алса зәреңді,
Боларсыз намлы зор айым.
Сіздер бибі болған соң,
Біз болармыз қайыны.
Осылай деп жору бар,
Кітапта оқылған жолы бар.
Қалтыраса денеңіз,
Қызмет қылар, мәнісі,
Осылай болды түсіңіздің хабары.
Тәуекел қылып тұрыңыз,
Көп ұзамай жолығар,
Аққа мойынсұныңыз.
Демде-ақ айым боларсыз,
Ықылас дінге қылыңыз.
Осыны айтып Нәупіл
Қадишаны қайтарды.
Мұхаммедтің шырағын
Ақылменен байқады.
Үйіне келіп Қадиша,
Майсараға айтады:
– Майсара, бері келіңіз,
Үйінде ме екен Мұхаммед,
Тезірек барып көріңіз.
Барғын, жаным, жылдамдап,
Хабарын маған беріңіз.
Майсара құп деп жүгірді,
Әбутәліп үйіне
Асығыстап келеді.
Әбутәліп, Мұхаммед
Құшақтасып екеуі,
Жылап жатыр, көреді.
Майсара кейін қайтады,
Киімнен қапа болғанын
Расулдың байқады.
“Мұхаммед жылап жатыр” деп,
Қадишаға айтады.
Қадиша айтты: – Майсара,
Үлкен теңді ақтарып,
Ішіндегі боқшаны ал.
Исадан қалған нұсқа бар,
Қызыл-жасыл құлпырып,
Түрлі нақыл арасы.
Қымбат баға асыл тон,
Бізге түскен таланда,
Бес мың тілла бағасы.
Жүгіріп барып Майсара
Алып келді боқшаны.
Қадиша шешіп боқшадан
Тілла бір тонды алады.
Қойнына тығып Майсара
Мұхаммедке барады.
Әбутәліп, Мұхаммед
Аң-таң болып қарады.
Ол заманда ондай тон
Ешкім көрген жоқ еді.
Тілла тонды киіп ап,
Мұхаммедтей палуан
Майданға қарай жөнелді.
Мәдине мен Меккеде
Он сегіз ру ел еді.
Мұхаммедтің тобынан
Бір мыңша адам бар еді.
Мұхаммедті көрген соң,
Шер Әмзе шықты алдынан.
– Құтты болсын тоныңыз,
Ашылар енді жолыңыз.
Асып кетті патшадан
Хашимлердің әулеті.
Жер-жиһанды сәуле алып,
Күннің көзі шағылар,
Мұхаммедтің сәулеті.
Әмзе айтты: – Шырағым,
Көтерсін Құдай бағыңды.
Мұхаммедті ортаға ап,
Түзегін енді сабыңды.
Келмеді деп отыр кәпірлер,
Мұхаммед назар салады.
Мұхаммедке отыр деп
Хашимилер ұсынды.
Ыза болып бұл іске,
Отырмай толқып тұрады,
Хашимнің тілін алмады.
Тамашаға жиналып,
Үйінде адам қалмады.
Қатын-қыздар бір бөлек,
Там басына шығады.
Биіктен қарап Қадиша,
Бұл нәрсені аңлады.
Майсараны шақырды,
Сыбырлап айтты ақылды:
– Ешкімге айтпа сырыңды,
Азат қылып қайтарам,
Қайтармасаң тілімді.
Кішірек ауыр бір тең бар
Тамам теңнің ішінде.
Көтеріп соны алып кел,
Қор қылмаймын тіріңде.
– Құп, Қадиша, мақұл, – деп,
Майсара тұра жөнелді.
Асығыстап Майсара
Үш тұрып, үш жығылды.
Майсара ол боқшаны
Келеді алып жүгіріп.
Қадиша ашып көрді қолын салып,
Бір кілем ол боқшадан келеді алып.
Аспанға нұры шықты сәулеленіп.
… … … ... ... ... ... .......
Қайран боп көрген адам жаннан кешкен.
Жәбірейіл Мекайылмен намы еді,
Ысрапыл Әзірейілмен жібін кескен.
Періште мұқарраб тұр, тақалады,
Көп заман содан бері аталады.
Аятпен неше түрлі нақышланып,
Құдайдың құдіретімен бітіп еді.
Бір Алла құдіретімен хабар берген,
“Бір кілем достым үшін тоқы” деген.
Бұ кілем тоқылғанда, дүниеге
Адам Ата да тіпті келмеген.
Жазылған: “Достым үшін тоқылған деп,
Басқа жан отыруға болмайды” деп.
Меккені абашылар талап алған,
Абашы падишасы дінге нанған.
“Мұхаммед достым шығар бұл кілемге”,
Жазылған аят, хадис осылай деп.
Даладан Мекке халқы алды тауып,
Әрқайсысы алсам деген көңілі ауып.
Қадиша қырық мың тілла беріп алған,
Үстіне катталардың сарпай жауып.
Қадиша сақтап жүрген сатып алып,
Жан түскен қайдан түскен хабарланып.
Береді сол кілемді Майсараға,
“Төсе, – деп, – Мұхаммедке алып барып”.
Майсара бұл кілемді алып барып,
Астына Мұхаммедтің берді салып.
Қолына ол қағазды және берді,
Айтады өзі бір сөз құрсанттанып.
Сөйледі сөз Майсара:
– Мұхаммед атты падиша,
Сәлем айтты Қадиша.
Үшжам қапа болар деп,
Бұл кілемді таныса.
Қарсылық қылған пәс болар,
Мұсылман болып бір тарап,
Кәпірдің жолы қысқарар.
Сәлем айтты Қадиша,
Мұхаммед, құлақ салыңыз.
Ашық бопты бибіңіз,
Таураттан шығып намыңыз.
Періштелер “әумин” деп,
Құтты болсын бағыңыз.
Бұл кілемді басында
Алла сізге бұйырған.
Ілгері басып бағыңыз,
Өзіңіз оқып көріңіз.
Қағаз беріп жіберді
Ғайыбана жарыңыз.
Сол уақытта Мұхаммед
Қағазды қолға алады.
Бетін ашып қағаздың,
Сөзіне назар салады.
Назар салып қараса,
Былайша екен өлеңі:
– Мұхаммед атты шеріміз,
Таураттан көріп намыңды,
Қуанышпен кеп тұрмын.
Оқып сауат, санаңа,
Ғайыбана сыртыңнан
Бағыштадым тәнімді.
Келісті халық жетім деп,
Мен білдім сенің бағыңды.
Жайдан туған боларсың,
Көз көрген ата-анаңды.
Пайғамбар Құда шығарған,
Бәрінен абзал болар деп,
Көпшілік дұшпан болар деп,
Таураттан көрдім хабарды.
Бір түрлі тағы түс көріп,
Жақсылыққа жорыдым.
Қасиеті жүдә көп
Кілем менен тоныңның.
Құтты болсын, бара гөр
Патшаның қылған тойына.
Бұл кілемге көп патша
Сауда қылып жүр еді.
Қуанысып хашимдер
Шат болысып келеді.
Көп заман өтті арада,
Қызылбастың патшасы
Меккені келіп қамады.
Қабағат қатты соғыс боп,
Талапсыз ел қалмаған.
Мұсылман болып патшасы,
Қырылып қайта қашады.
Алынған тауып арадан,
Осындай істің боларын,
Тауратта Құдай шығарған.
Әуелі шатты қапа боп,
Күледі ақыр жылаған.
Қырық мың тілла пұл беріп,
Алып едім халықтан.
Құтты болсын, Мұхаммед,
Тоның менен кілемің.
Түсімде көрген жұбайым,
Қуаныш қылып жүремін,
Мұнан басқа ісім жоқ.
Қуантқайсың, Құдайым,
Пайғамбармен бір жүріп,
Ашылғай да шырайым.
Жұмысым – сіздің тілегің,
Шүкір Аққа қылыңыз.
Жетімше, жаңа теңелдің,
Жарыла жаздады жүрегім.
Арманым жоқ жалғанда,
Мойныңда сынса білегім.
Алла маған білгізді
Пайғамбарлық дерегін.
Шырағым, маған сен керек,
Алады һәркім керегін.
Мұхаммед ол кілемге отырады,
Орнынан Әбужәһіл тұра берді.
Айқайлап айтты Мұхаммедке бір сөздерді:
– Мұхаммед, жетім, түрегел,
Бұл сөзіме жауап бер.
Талқан-талқан қыламын,
Жұтпаса егер қара жер.
Осыны айтып болды да,
Әбужәһіл ақырды:
– Палуан, кел, – деп шақырды.
Бір палуаны бар еді,
Таулардан тас көтерген.
Ол палуанның інісі
Ағасынан зор еді,
Жүруші еді нөкермен.
Бір зәңгісі бар еді
Асып туған қайратты,
Мәдине мен Меккеден
Әуелгі палуан тәуір еді.
Әбужәһіл шығады,
Намыстанып інісі
Оны жерге ұрады.
Күреспекке көңілі ауып,
Орнынан зәңгі тұрады,
Әбужәһіл зәңгімен
Азырақ күрес қылады.
Әбужәһіл қайраты
Көрген адам қашқандай,
Әрі-бері күресіп,
Зәңгіні атты аспанға.
Зәңгіні жығып Жәһіл ер,
Әрбірісі мың батпан
Көтерді таудай тастарды.
Әбужәһіл долданып,
Мұхаммедке сөйледі:
– Мұхаммед жетім, кел, – деді.
Мұхаммед сонда сөйледі:
– Әбужәһіл, ақымақ,
Бүгінше жатқын деміңді ап,
Бұл деміңнен түсерсің,
Медеткер болса Жаппар Хақ.
Жауырыныңды жазармын,
Әркімге тидің, ұрыншақ.
Жығыласың арманда,
Ұялмастан, ақымақ.
Жалғанда уағда бір, Құдай бір,
Кәпір халқы, қауіп қылма,
Әлі бүгін күрес жоқ.
Әбужәһіл, қамдай бер,
Қамыңды жегін, палуаным.
Ертең сахар болғанда
Сенімен күрес қылғаным,
Айналар ұрыс-жанжалға.
Күйіңнің жоғын білмейсің,
Жығылдым дерсің арманда.
Үш палуанмен күресіп,
Көтердің таудың тастарын.
Екі палуан, бір зәңгі
Біріне-бірін қоспадың,
Боп тұрсың мас деміңе,
Халықтан күшің асқанға.
Жазым болып сен жықсаң,
Мақтанарсың шынымен.
Егер сені мен жықсам,
Шаршадым дерсің бұрыннан.
Бүгінше жатып, деміңді ал,
Сахармен күрес тыңыңнан.
Осыны айтып Мұхаммед,
Әбужәһілге қарады.
– Бас салып тамақ жеп,
Деміңді алып жат, – деді.
Күрессең ертең келер, – деп,
Бүгінге табың жоқ, – деді.
Әбужәһіл сөйледі:
– Бұл сөзді бекер айтқаның,
Жомарт болсаң, жәдігөй,
Айтқан сөзден қайтпағын.
Менің айбат сұстымнан
Мәлім болды қорыққаның.
Балаға қылған қорлығың
Ойыма түсті, оңбағын.
Бір күніңе шыдаймын,
Уағдаңды сынаймын.
Әр уақта күрессең,
Майда-майда қыламын.
Қайдан алдың, жетімше,
Кілем менен тоныңды?
Қадан патша бұзар ма
Қуған ата жолыңды.
Он үшіңде бір мал жоқ,
Қайнатармын сорыңды.
Қоразданып көтерме
Аласа ғана бойыңды.
Өзім болдым шаһзада,
Атам патша, бұ қалай?
Өңкей кедей орынды,
Таныған оң мен солыңды.
Кілем мен тон кімдікі,
Киім тауып кисейші
Өз бойыңа қонымды.
Бізге жақын Қадиша,
Ол да менің кілемім,
Тоныңыз да біздікі.
Жаман жарғақ – сіздікі,
Ақылменен таныдым.
Басылар ақыр, жәдігөй,
Көтерілген жүрегің.
Өзіңнен қымбат кілемді
Ұялмай нағып төседің.
Кейін екен қайратың,
Ілгері деп жүр едім.
Есітіп осы сөзді уәде етті,
Екі жақ жай-жайына қайтып кетті.
Жайына олар барып, қаһар етіп,
Майданға таң атқан соң келді жетіп.
Майданға жұрт жиналды таң атқан соң,
Сап тартып барлығы да әзір болды.
Қабағат Үшжам патша,
Қапаланып былайша…
Үшжам патша көп ішінде тұр сандалып,
Қандай сөз енді айтамын деп,
Әр түрлі қапалықпен қайғыланып.
Көңліне ашу кірді ызаланып,
Сөйледі хашимдерге ашуланып.
Хашимдерге қол көтерді қарсы қарап,
Бұл сөзді айтты сонда ауазланып.
Үшжам патша сөйледі:
– Хашимдері жиналып,
Палуанға шықты Мұхаммед
Мәдине, Мекке шаһардан.
Алтын тауып алғандай,
Бейшара кедей хашимлер
Көңілдері шат болып.
Өңкей кедей жиналып,
Балаға тон бересің
Падишаға лайық,
Кімді кімге еп көрдің.
Жандарыңа, кедейлер,
Қанша тілла сап келдің.
Әркім білер өз жайын,
Шашуына баламның
Бір қап тілла ап келдім.
Мұхаммед менің баламды
Жығады деп ойыңа,
Балаңыз жықса баламды,
Не соясың тойына?
Сенің балаң жығылса,
Екі жүз қой ап келдім.
Әбутәліп есітіп,
Төмен қарап мұңайды.
Үшжам мұны айтады,
Әр істі қылған Құдай-ды.
– Үшжам, бекер мақтанба,
Жұмыстың жөні былай-ды.
Пенде болсам ықтияр,
Әзелден Құдай жазылған.
Жаппар Хақ нені ұнайды,
Мұның несін айтасың.
Жұртқа мәлім, кедеймін,
Алланың өзі жеткізер,
Күннен бұрын не дейін.
Пешенемде барымды
Мен де той қып берейін.
Айтайын саған, падишам,
Мұхаммед сенің балаңды
Жыққанын әуел көрейін,
Айнып қалсам көрерсің.
Мұхаммедтің жолына
Құрбандық болып өлейін.
Алланың өзі жеткізсе,
Қыламын үлкен той, – деді.
Алладан тілеп отырмыз,
Басқа жоқ бізде ой,– деді.
Намыстанып сол уақта,
Үшжам патша “қой” деді.
Аббас батыр сөйледі,
Үшжамға қарап ұмтылып,
Жағасын шешіп жұлқынып,
Ашуы қысып Аббасты,
Бір отырып, бір тұрып.
– Падиша, маған қара, – деп,
Сөйледі Аббас жұтынып.
Аббас сонда сөйледі:
– Үшжам, менен бай ма едің,
Ілгеріде қайда едің?
Патша бопсың бұл күнде,
Ағайынға сай ма едің?
Нағып шықты есіңнен,
Емек қана жайда едің.
Қара ғып Үшжам ойланып,
Бес атаға іліндің.
Келесің әлі жалғызда,
Жүз үйден астық енді біз.
Сенің өзің жалғыз-ақ,
Есіңнен шығып мас болдың.
Түйемді бағып жүруші ең,
Жалаң аяқ зар жылап.
Бір атадан нашарсың,
Неғыласың мал санап.
Қателік еттің өзіме,
Қойып ем өзім патша қып.
Шүкір Алла Құдайға,
Хашимді деген намым бар.
Ұрыс-жанжал іс болса,
Бір патшалық әлім бар.
Аман болса ағайын,
Тоғыз мыңнан малым бар.
Мал дегенің табылар,
Мал майданға кіре алмас,
Мақтанбағын, падиша,
Жалғыз шыбын жаның бар.
Ағайынға сай болсаң,
Дүние шіркін табылар.
Мұхаммед жықса балаңды,
Қылатын үлкен тойым бар.
Тоқсан батпан күріш пен
Салатұғын сойысым –
Екі жүз түйе, үш жүз қойым бар.
Әр істі Құдай қылады,
Тәуекел етіп, падиша,
Пешенемді сынадым.
Қайсымыз алсақ бәйгені,
Осылай тойды қыламыз.
Қолыңды ап кел, падиша,
Шартнама қылып бұл іске,
Уәдеде тұрамыз.
Малым, жаным садаға
Мұхаммедтің жолына,
Бәтшағар бұны жығар-ды.
Бұл сөздің бәрін тыңласа,
Үшжам патша қапа боп,
Ішінен қатты тынады.
Не айтарын біле алмай,
Жан-жаққа иін бұрады.
Халайықтың баршасы
Сөздің шыны осы деп,
Бастарын салып тұрады.
Жауап таппай айтуға,
Біраз тұрды сандалып,
Ешкім сөзін қоштамай,
Патшаның көңілі сынады.
Сол уақытта хашимнің
Зор палуаны Әмзе Шер,
һәм атасы қадірдан.
Мұхаммед анда сөйледі:
– Батаңызды беріңіз,
Айналайын, Әз аға,
Бір алысып көрейін,
Тәуекел етіп Құдайға.
Алла берсін ақырын,
Қысқа қып тілек сұрама.
Медет беріп Жаппар Хақ,
Құдайым өзі сақтаса,
Осы жолғы бір сында,
Жіңішке мен жуанға,
Ақырын берсін әр істің,
Әуеліне қуанба.
Біз – мүсәпір, кәпір – зор,
Үміт қылып жайдық қол.
Мұсылман – аз, кәпір – көп,
Медеткер боп осы жол,
Тілеулес болып тұрыңдар,
Баршаңыз дұға қылыңдар.
Біз бейшара жетімді
Масқара қылма, бір Алла,
Баршаңнан медет сұрайын,
Жүз жиырма төрт пайғамбар.
Әмзе сонда қол жайып,
Мінәжат қылып Құдайға,
Кәпірлерге сыр бермей,
Құпия қылып жылады.
– Айналайын, Құдай-ай,
Бұл жетімнің жолын аш.
Ешкім мұндай қылмаған,
Өзі жетім, өзі жас.
Бұрынғы өткен пайғамбар,
Бұл жетімге медет бер.
Шынымен ықылас қыламын,
Падишамен күресіп,
Бір кезеңге бердік бас.
Шырағым, сені сүйесін
Бабамыз Қызыр Ілияс.
Қолтығыңнан дем берсін,
Бабаңыз нәби Ыбраһым.
Жәбірейіл мен Мекайыл,
Ысрапыл, анда Әзірейіл,
Қабыл болып батаңыз,
Әзір болсын, шырағым,
Ысмайыл, Ысқақ атамыз.
Іркілмей тұрған иіріліп,
Салмақты ауыр салғанбыз.
Күліп барып орын қып,
Әбужәһіл қаншықты
Абырой қылып жығып кел.
Дәргаһынан Алланың
Болып отырмыз үміткер.
Медет сұрап Алладан,
Қорықпай ұста, шырағым,
Болайын құрбан лағың.
Жазатайым іс болса,
Болды қандай сияғым.
Талабым осы, бір Алла
Жеткізер сені, мұрадым.
Әзір боп тұрсын жігіттер,
Қатын-қыз там басында.
Биіктен қарап Қадиша,
Ол һәм көз жіберді.
Сыртынан Мұхаммедтің тілеулес боп,
Қадиша мінәжат қып бірер сөзді
Жылады мінәжат қылып бір Аллаға,
“Жан салған махшар күні барша жанға,
Медет бер бір Алладан Мұхаммедке”.
Қадиша бұл сөзді айтып зарланады.
Қадиша сонда сөйледі:
– Жаратқан едің, иә, Ахад,
Жараттың қанша үмбет.
Бір өзіңнен тіледім,
Мұхаммедке бер медет.
Палуанға түсті үмітпен
Әбділда ұлы Мұхаммед.
Арманы жоқ пенде жоқ,
Әулетің, Жаппар, өзің жақ.
Есірке, Алла, жесірді,
Жарылқағын сағырды.
Баста алып ата-анасын,
Тартқыздың, Алла, жәбірді.
Мұхаммед жетім – палуан деп,
Есітті жиһан бұл ерді,
Бейшара жетім баланы.
Ашсын Құдай бағыңды,
Пендеміз, қолдан не келер,
Құдай жесін қамыңды.
Медет берсін Жаппар Хақ
Бір ерден қалған тұяққа.
Ашсын да Құдай жолыңды,
Жарамас пенде миятқа.
Алладан әмір болмаса,
Ұшырар жетім бір атқа.
Жетім аты аз емес,
Әлемге патша бір Құдай,
Жетімшеңді ұялтпа.
Осыны айтып Қадиша,
“Әумин” деп бата қылады.
Ғайыбана сыртынан
Тілеулес болып тұрады.
Әбужәһіл, Мұхаммед
Майданға қарсы шығады.
Әбужәһіл ұстады,
Мұхаммед қолын созбады.
Әбужәһіл құшақтап,
Олай-бұлай қозғады,
Күлімсіреп Мұхаммед
Қусырған қолын жазбады.
Әбужәһіл ақырып
Үш мәртебе ұмтылды.
Тербелмеді Мұхаммед,
Құшақтап қысып, жұлқынды,
Әбужәһіл ентігіп,
Шаршап қалған сықылды.
Мұхаммед айтты: – Палуаным,
Осы ма батыр болғаның.
Маған пістей болмады,
Құшақтап қанша қармадың.
Маған нәубет беріңіз,
Болмасын әбден жанжалың.
Бір көтеріп көрейін,
Келеді қанша салмағың.
Әбужәһіл айтады,
Әбден шаршап болыпты,
Ақылменен байқады.
– Ау, жетімше, кел, – деді,
Алыстым, әлім келмеді.
Сен де ұмтылып көр, – деді,
Берейін нәубет мен, – деді.
Жүгіріп барды Мұхаммед,
Мықыннан қолын салады.
Қаһарланып Мұхаммед
Құшақтап сығып алады.
Әбужәһіл шошаңдап,
Безгек болған адамдай,
Қозғалып кетіп барады.
“Е, Алла” деп, Мұхаммед
Жан-жағына қарады.
Жоғары өрге көтеріп:
– Медет бер, Зұлжалалым,
Біз ғаріпке дұға қыл,
Үлкен-кіші ағалар,
Шаттанып көңлім қатайсын,
“Аллалап” бәрің айқай сал.
Хашимдері жиналып,
Айқай сап дұға қылады.
Шер Әмзенің дауысы
Аспан-жерді жарады.
Жеті дозақ бекітіп,
Сегіз пейіш ашылды,
Үр қыздары қарады.
Сол уақытта Мұхаммед
Әбужәһіл кәпірді
Жерден жұлып алады.
Айналдырып жыраққа
Лақтырып жіберді.
Аяқ-қолы дірілдеп,
Көрінбей көкке барады.
Үшжам патша ақырды:
– Жалғызым көкке кетті, – деп,
Жетімше түпке жетті, – деп.
Секіріп түсті тағынан,
Айырылып дәулет бағынан.
Аяғын жерге тепкілеп,
Патша тақтан секірді,
“Жалғызым” деп өкірді.
Мұхаммедтің қасына
Жүгіріп келген секілді.
Мұхаммед айтты: – Ау, жан аға,
Мінеки, менікі ұрысыңыз.
Ашуланба, падишам,
Уәдеде тұрсаңыз,
Көрейін сізбен күресіп,
Падишам, талап қылсаңыз.
Үшжам сонда сөйледі:
– Жәдігөйлік қабағат
Жалғызымның жолында
Төгейін қызыл қаныңды.
Қоймаймын сені саламат,
Тас боран қылып жаныңды.
Нағып тұрсың, жамағат.
Патша осылай дегенде,
Барша адамдар жұмылды.
Бас-басына тас алып,
Тұс-тұсына жүгірді.
Хашимилер ортада,
Кәпірлер сырттан үңілді.
Сол уақытта қаһармен
Әмзе палуан бақырды.
Тітіретті дауысы
Аспан менен жақынды.
Есіткен соң падиша,
Айдаһардай манапты.
– Белгілі, хашим – араб-ты,
Мың кісіге – біріміз.
Ұрысқа талап қылсаңыз,
Үшжам патша, тоқтаңыз.
Қыла бергін, падишам,
Ұрыстан пайда қылсаңыз.
Хашимнің жайын білесіз,
Бабамнан мұрас алады.
Палуандық көрсең менімен,
Меніменен жау боласың.
Күмәні жоқ, өлерсің,
Ойлап қара, падиша,
Қорлықты бізден көресің.
Ағайын болсаң, падиша,
Тағыңа қайта мінесің.
Бұл сөзді Үшжам патша тұр есітіп,
Сандалды қорыққаннан есі кетіп.
“Өлтірмей жалғызымды ұстап бер” деп,
Жалынды Мұхаммедке зар еңіреп.
Жолықты Мұхаммедке қайта барып,
Білмейді не қыларын басы айналып.
Әмзеден қорыққанынан Мұхаммедке
Падиша бұл сөзді айтып тұрды жылап:
– Айналайын, шырағым,
Болайын құрбан лағың.
Жалғызымнан айрылып,
Қайтіп сабыр қыламын.
Өлтірмей ұста, болмайды,
Бір ашуды сұрадым,
Енді ұрысты қоямын.
Менің балам болғанда,
Мұхаммед, сізге ағайын.
Ал болмаса, ағайын,
Дос-дұшпанға бұл айып.
Тас бауыр болмас адамзат,
Өлтірмей ұста баламды,
Жалғызымнан айырылсам,
Көрген күнім қараң-ды.
Лақтырып жібердің
Шыбындай көрмей палуанды.
Ілгері екен күшіңіз,
Түбі бірге түртпейді,
Бір туысқан кісіміз.
Шырағым, қылғын жақсылық,
Кетпесін шарға ісіміз.
Осыны айтып падиша
Көзінің жасы төгілді.
Кейіншектеп көп адам
Жақын тұрмай шегінді.
Сол уақытта қараса,
Бозторғайдай айналып
Аспаннан Жәһіл көрінді.
Қолын тосып Мұхаммед
Белдіктен алып бір қолын,
Бір қолымен ұстады.
Жоғары, өрге көтеріп,
Түсірмей жерге ұстады.
Падишаға нұсқады,
Үзіліп кетті кемері,
Мұхаммедтің қолынан,
Әбужәһіл салмақпен,
Жерге түсті сонымен.
Байқамай қалды Мұхаммед,
Өзге жері саламат,
Қарайды аяқ-қолына,
Кілемге орап көтеріп,
Падиша қайтты сонымен.
Сол уақытта хашимдер,
Қуанып тойды бастады.
Тоқсан батпан күріш пен
Екі жүз қой, жүз түйе
Апарып сойып тастады.
Екі жүз қой, жүз түйе –
Аббасының қосқаны.
Қадиша және бір табақ
Тілла алып келді шашқалы,
Мұхаммедке қуанып,
Шашу қылып шашқалы.
Әуелі той осы деп,
Жұртты жинап той қылмақ.
Солардан мұрас болады,
Қадиша да шат болады.
Мұхаммед те көңілді,
Ақыры соны некелеп,
Қиылды жолдас өмірі.
Бұл дастанның аяғы,
Күрестің ада болғаны.
Қос асылдан табылар,
Бұл атқарып, қылғаны.
Ұзатыпты бұл дастан,
Қадишаны некелеп
Мұхаммедтің алғаны.
Есіткен мұны, жақсылар,
Пайғамбардың сөзінің
Болмаса керек жалғаны.
Әзір жасы – он екі,
Он сегізде деп айтады
Қадишаны жақсылар,
Жерге алыс Шамға барғалы.
Он сегізде Қадиша
Мұхаммедке қосылып,
Көңілде қалмай арманы.
Қадишаға нұр жауды,
Алланың болып пәрманы.
Қадиша ана туыпты
Әзіреті Бибі Патиманы,
Үш ұл, төрт қыз болғаны,
Патимаға беріпті
Екі нұр қызыл алманы.
Мүсәпірге хикаят
“Сайхал” деген кітаптан,
Осылай екен сөз мәні.
Айып көрме қатасын,
Осы сөздің нұсқасын
“Сайхалдан” алып жөндедім,
Арабы сөзін түркі қып,
Түсінікті қып өңдедім.
Алланың болар айтқаны,
Алланың өзі біледі,
Пенденің сөзі жалған-ды.
Он екі жаста Мұхаммед
Қылыпты ұрыс-жанжалды.
Кедейлерді кемсітпек –
Бұрынғыдан қалғаны.
Аштықтың тартқан азабын,
Мұхаммед қылған арманды.
Осындай қылып, жақсылар,
Зорлық қылма, ашынар,
Аз кісіні көпсініп,
Әуелі қуаныш болса да,
Ақыры көрер зорлықты.
Нәсіліміз адам болса да,
Бойымызда көп мініміз.
Мұхаммедтің достары
Жақындаған сияқты,
Мұны есіткен жақсылар,
Қол жайып дұға қылыңыз.
Есіткен барша жарандар,
Бәрің тамам қылыңдар.
Кейінге сөз болсын деп,
Жазып мұны, жөндедім.
Қадірін білген бұл сөздің,
Дұғаға қызмет қылыңыз.
Айтып-айтып сіздерге
Пайғамбардың дұғасын,
Дұға қалса сіздерден,
Есітіңдер, жамағат.
Сөз қадірін, жақсылар,
Айтқызбай өзің білесің.
Тыңлаған барша жарандар,
Сөз қадірін біліңіз.
Шапағат қылсын Пайғамбар,
Сол кісіге үмбетпіз,
Бір Құдайдың құлымыз.
Күтемін сауаптар қылса,
Құдай бір болар күніміз.
Пайғамбар сонда дәргаһы,
Таразыға тартылар
Күнәміздің көп-азы,
Айналар оңға ісіміз,
Айдаса Сират көпірге,
Шапағат етіп Пайғамбар,
Болмасын тоқтау жолымыз.
Ғибрат етіп, жақсылар,
Жаннатқа әбден кірген соң,
Ұстасын оң қолымыз.
Шапағат етсе Пайғамбар,
Жаннатқа нағып кірмейміз.
Болмаса қалып сөзіміз,
Бұл қиссаны есіткен
Барша енді жарандар,
Қайыр қош, аман болыңдар,
Естен бізді шығарма,
Қайратты болсын деніңіз.
Алладан ғапу жеткізіп,
Шат болғай да күніміз.
Мұхаммедтің үмбеті,
Құдайдың құлы – біз,
Қуатты болғай дініміз.
Ақыретке барғанда
Өтірік, жалған сөйлесек,
Ашылар бастан сырымыз.
Алла ғапу етпесе,
Тұта алмас қолдан піріңіз.
Зар жылаймын, Жаратқан,
Ақыретке барғанда
Қандай болар күніміз.
Айналайын, Құдай-а,
Жолдас қылып иманды,
Ақыретте, Құдай-а,
Ақ Расул пайғамбардың
Көрсеткейсің дидарын!