Қазақша
Қисса Мұхаммед Расул Алланың дәрул пәниден дәрул бақиға рихлат еткен мәселесі
Хамду бейхадди, биадад айттым сәна,
Лил халиқ арду, самаһ қадым дана.
Өзіңе жалбарынып сөз сөйлейін,
Мендей ғаріп құлыңа болғыл пана.
Иә, Алла, жәрдем бергіл, қағаз жазсам,
Түзу жолға бастағыл, жолдан азсам.
Сен бермесең hидаят, тауфиқ, илhам,
Шығар ма йаза бүйе жерден қазсам.
Иә, Алла, тауфиқ бер дінімізге,
Рахмат қыл өлі менен тірімізге.
Пайғамбардан аз қисса сөз сөйлейін,
Иә, Рахман, медет бергіл тілімізге.
Өзіңе жалынамын, Қадір Жаппар,
Қайтемін жалынбасам, халім нашар.
Пәруардигар, өзіңе жалынғанда,
Медет, илhам берер деп үмітім бар.
Дастан қып Хақ Расулдан сөз бастайын,
Басқа сөз арасына һеш қоспайын.
Екі дүние сәруары – Расул Алла,
Мақтамай шамам келсе тастамайын.
Жиырма үш атасы сушы болған,
Жәбірейіл оларға елші болған.
Садиқул уағди атанған ол Ысмайыл,
Келеді Расул Алла тап солардан.
Мұхаммед – Құдай досы, оның әсілі,
Артық-дүр бұл ғаламнан оның нәсілі.
Екі дүние сәруары – Расул Алла,
Шек келтірген оларға жарамас-ты.
Расул Алла – ғаламға бір бәйтерек,
Ұзыны көкке жетер сондай биік.
Алланың хақ, Хабибі Расулдың
Бек мақтап сипаттарын айтсам керек.
Расул Алла – ғаламның паналары,
Жапырағы сая-дүр, бал татыр миуалары.
Кәлима шаhадатты жары қылған,
Шапағат, үміт қылар жанның бәрі.
Әуелі Пайғамбардың нұрын етті,
Он сегіз мың ғаламнан бұрын етті.
Алла Тағала өзіне досты қылып,
Онан соң оған берді көп үмбетті.
Баршадан артық қылып достым деген,
Дос болған соң Құдайға көп үмбеттің қамын жеген.
Сипаты рахмату лил ғаламин-дүр,
Ләулік ләммә халақатил әфлак тәжін киген.
Достым деп Қадір Алла беріпті тәж,
Құдайға достығымен барған Миғраж.
Шек келтірме, жігіттер, Пайғамбарға,
Өзімен бір Алланың айтысқаны рас.
Достым деп Қадір Алла зейнет берді,
Күнәһар үмбетіне шапағат қылды.
Жарандар, құлақ салып тыңдасаңыз,
Хазірет Расулдан бір сөз келді.
Не іс болса Жәбірейіл хабар берген,
Ғарыш шығып достығымен дидар көрген.
Екі дүние сәруары, шапағатшы,
һеш пенде қор болмайды оған ерген.
Сөз сөйлейін Расулдың турасында,
Жәбірейіл елші болған арасында.
Пайғамбарға иланбаған кәпір болды,
һеш күмән жоқ бұл сөздің расында.
Бір күні Жәбірейіл келді жетіп,
– Сәлем айтты Алла құрмет етіп,
Бұл опасыз дүниеде көп тұрмасын,
Рахат көрсін мехнаттан сапар етіп.
Хабибім, шын дүниеге келсін, – дейді,
Шапағат мүбах қылдым, білсін, – дейді.
Мехнат, қайғы, жападан құтылады,
Разы болып жан ғазизін берсін, – дейді.
Хақ Расул Жәбірейілден хабар білді,
Хақ сәлемін естіп күлімдейді.
“Мен кеткен соң, үмбетім не болады?!” деп,
Аh ұрып, үмбеті үшін қайғы жейді.
Сол уақытта алпыс үшке келген еді,
Өтерін бұрыннан-ақ білген еді.
“Құдайым не етсе де, разымын” деп,
Рұқсат сонда тақсыр береді енді.
Пайғамбар кетпек болды бұ дүниеден,
Шапағат несіп қылсын о дүниеден.
Хақ Расул мұны естіп жатқан түні
Түс көрді сегіз кісі Мәдинеден.
Түс көріп ертең ерте Сыдық келді,
Әдеппен Хақ Расулға сәлем берді.
– Үстімде киген жейдем жерге түсті,
Тақсыр-ау, бұ не түс? – деп сұрайды енді.
Сол түсін Хақ Пайғамбар жорыды енді,
Қаратып бір өзіне жори берді.
– Үстіңде киген жейдең жерге түссе,
Сапары бізге ақырет жақын,– дейді.
Онан соң хазірет Омар жетіп келді,
– Мен дағы бір түс көрдім, Расул, – дейді.
Қолымдағы мөрім екі айырылып,
Мөрім жерге түсіп, ғайып болды, - [дейді].
Онан соң бір түс көріп Оспан келді,
Нәбиге қол қусырып сәлем берді.
– Құраным қолымдағы жерге түсіп,
Қағазы пара-пара болды, – дейді.
– Оспаным, бізге ажал келер екен,
Сахабаға көп қайғы толар екен.
Мен көшіп, бұ дүниеде сіздер қалып,
Асхабым бөлек-бөлек болар екен.
Онан соң Әли келді сәлем беріп,
Таң қалды жылағанын көзі көріп:
– Тақсырлар, не себептен жыладыңыз,
Бізге дағы білдірші хабар беріп?
– Ғажайып әрқайсымыз көрдік түсті,
Құдайым бізге салды қиын істі.
Баршасы – Расул көшпек нышанасы,
Онан соң бәрі жылап қайғы жесті.
Қайғырды Пайғамбардың шаhариары,
“Сіз кетсеңіз, қайтеміз” деп қылды зары.
“Құданың бұйрығына амал жоқ” деп,
Күңіренісіп отырды баршалары.
Әли айтты: – Мен де бір түс көріп едім,
Боларын бір сұмдықтың біліп едім.
Сауытым өзім шешпей жерге түсті,
Мәнісін сізден сұрай келіп едім.
– Әли балам, бұл дәурен өтер, – деді,
Бізден өтіп Сыдыққа жетер, – деді.
Сауытың киіп тұрған жерге түссе,
Бабаңыз бұл дүниеден кетер, – деді.
Мұны естіп батыр Әли жылайды енді,
Көл қылып көзі жасын бұлайды енді.
– Күшім, халім, қуатым, иә, жан баба,
Сіз кетсеңіз, не лаж қылам, – деді.
– Бұл дүние баяны жоқ, бекер екен,
Бұл ажал һәркімдерге жетер екен.
Күш-қуатың менде еді, Әли балам,
Мен кеткен соң қуатың кетер екен.
Бұлар мұны естіп жылайды енді,
Бір түс көріп Расулға Айша келді.
– Басыма қара шадыр салыппын, – деп,
Тағбирін Хақ Расулдан сұрайды енді.
Расул айтты: – Мағшұғым, мейірбаным,
Тәнімнен сапар қылар ғазиз жаным.
Біз өлсек, қара күндер түсер екен,
Басыңа қара шадыр салынғаның.
Сол уақытта Фатима келді және,
Бір түс көріп ішіне болған сәна.
– Түс көріп сізге айта келіп едім,
Рұқсат болар ма екен, тақсыр баба.
Расул айтты: – Айтыңыз, жаным балам,
Фатима айтты: – Тыңдаңыз, жаным бабам,
Түсімде киген күртем дал-дал болып,
Жағасынан айырылып кетті тамам.
– Бәрімізді жаратқан Жаппар Құда,
Ғазизім, көзім нұры, жаным пида.
Жағасы күртеңіздің айырылғаны,
Ғаріп болып бабаңнан, болдың жүдә.
Хасен келді: – Мен бір түс көріппін, – деп,
Тамаша, ғажайып іс көріппін, – деп.
Баста – бөркім, аяқта кебісім жоқ,
Табаныма тас батып жүріппін, – деп.
Мұны естіп Пайғамбар жылады зар:
– Мен өтіп көп дұшпандар зорлық қылар,
Қабырғасы қайысып басын сипап,–
Қайтемін, жәрдем болсын Пәруардигар.
Хұсайын айтты: – Түс көрдім, бабам, – дейді,
Бір тақыт зейнеттеген тамам,– дейді.
Сол тақытқа сіз мініп ғайып болдың,
Келмеді бір ұстауға шамам, – дейді.
– Бұл дүние енді бізден қалады екен,
Біздегі жан аманатын алады екен.
Түсіңде таққа мініп көкке ұшсам,
Бабаңыз енді дүние салады екен.
Баршасы мұны естіп зар жыласты,
Көзінен қан аралас төкті жасты.
“Тақсыр-ау, сіз кеткен соң қайтеміз” деп,
Сол жерде Хақ Расулмен амандасты.
Ол түні аман-есен жатты сонда,
Азанды тақсыр Біләл айтты сонда.
Хақ Расул сахабамен, бәрі келіп,
Мешітте таң намазын етті сонда.
Оқыды парыз бенен hәм сүннетін,
Есіне алып жылайды көп үмбетін.
Мінберге шығып отырып Расул Алла,
Айттылар асхабына насихатын:
– Тыңдаңыз, насихатым, асхабтарым,
Жасымнан жолдас болған шаhариарым.
Бизарурат қоймаңыз сүннетімді,
Қаза қылма рузе, намазыңды.
Тілеңіз жақсы жайды о дүниеден,
Жидырып тамам жанды Мәдинеден.
Өлім деген Құданың бір парызы,
Көшетін уақытым болды бұ дүниеден.
Арыздасты: –Қош, аман қалыңыз, – деп,
Көзіңді ғаріптерге салыңыз, – деп.
– Ақыретке барайын қарыз қылмай,
Бар болса менде хақың, алыңыз, – деп.
“һеш хақымыз жоқ” дейді жанның бәрі,
Қасында бірге отырған шаhариары.
Ішінде бір сахаба үндемеді,
Шулады онан басқа баршалары.
Жидырды Мәдинеде асхабтарын,
– Ойлаңыз ақыретте азап барын,
Берейін хақыңызды осы күнде,
Ұялмай-ақ айта бер хақың барың.
Үндемеген сахаба Акаша атты,
Сахаба дәулеті үлкен, салтанатты.
– Барғанда бір сапарға ұрып едің,
Тақсыр, сізде сол хақым бар, – деп айтты.
– Әрқашан уағдада тұрғансыз сіз,
Мойныңды үмбет үшін бұрғансыз сіз.
Сүйкеніп менің түйем түйеңізге,
Сонда маған бір қамшы ұрғансыз сіз.
Біз дағы ақыретке барсақ керек,
Сіздерден ренжімей қалсақ керек.
Сіздерден ақыретке қарыз қылмай,
Берсеңіз ол қамшыны, алсақ керек.
Сол жердегі отырған жамағат көп,
һешбірі айта алмады “қойыңыз” деп.
Пайғамбар Акашаға рұқсат берді,
“Болса да қанша хақың, алыңыз”, – деп.
– Қамшыны алып келші, Біләл, барып,
Акаша разы болсын өшін алып.
Пайғамбар айтқаннан соң барды дағы,
Қамшыны Біләл келді қолына алып.
Қамшыны сонда Акаша қолына алды,
Жиылған жанның бәрі қайран қалды.
“Берейін бір жүз теңге, кешіңіз” деп,
Сол жерде Әбубәкір Сыдық жалынады.
– Акаша, сөз айтайын, тыңдап тұрғыл,
Азырақ сабыр қылып мойның бұрғыл.
Досына бір Құданың қарыз қылмай,
Жүз қамшы бір қамшы үшін маған ұрғыл.
– Мен жала бекер жанға қылғаным жоқ,
Мойнымды жаман іске бұрғаным жоқ.
Ұрмаймын сізді бекер, Әбубәкір,
Сіз мені өміріңізде ұрғаның жоқ.
Омар айтты: – Көңіліңе сабыр сал, – деп,
Сабыр қып ашуыңнан кейін тұр, – деп.
Маған ұр бір қамшы үшін он бес жүзін,
Разы болып Расулмен тату қал, – деп.
Акаша айтты: – Пенденің бәрі де өтер,
Адамды қаза жетсе алып кетер.
Керек десе бір ауыз сөз айтпадың,
Алланың бұйрығына мойын бұрғын.
Оспан айтты: – Акаша, тыңдап тұрғын,
Алланың бұйрығына мойын бұрғын.
Құданың достысына қарыз қылмай,
Өлшеусіз тойғаныңша алтын алғын.
– Мойнымды жаман іске бұра алмаймын,
Хақымды алмай бұл жерде тұра алмаймын.
Бермегенде қарыз боп кете берсін,
Қарыз қып бір тиынды ала алмаймын.
Әли айтты: – Көңіліңе сабыр салғыл,
Разы болып Расулмен тату қалғыл.
Бір қамшы үшін маған ұр бес мың қамшы,
Мың мысқал тағы менен алтын алғыл.
– һешкімнен өшім алмай тұрман, – дейді,
Мойнымды жаман іске бұрман, – дейді.
Керек десе тиген жоқ қатты сөзің,
Күнәсіз, тақсыр, сізді ұрман, – дейді.
– Ашудан қайтпаған жан жақсы болмас,
Қайтпасаң ашуыңнан хайла болмас.
Құданың сүйер досын ренжітсең,
Өзіңе ақыретте пайда болмас.
Расул айтты: – Акаша, өшіңді алғын,
Бермедің тілегіне жанның бәрін.
Акаша, разымын ұрғаныңа,
Мойныма қарыз қылмай ашуларың.
Акаша айтты: – Ғапылдар дінін күтпес,
Бір қамшы ұрғанына еш нәрсе етпес.
Жалаңаш мені, тақсыр, ұрып едің,
Киіміңнің сыртынан көңілім бітпес.
– Бермедің сұрағанға күніменен,
Дұшпанның ерегеспе тіліменен, –
Сахабаның бәрі де шуылдайды,–
Акаша, ұрамысың шыныңменен?!
Акаша айтты: – Сіздер неге қайғы жерсің,
Пайғамбар мен пақырдың хақын берсін.
Киімін шешіп еңкейсін маған таман,
Ұрғаным, ұрмағаным көзің көрсін.
Мүбәрак Расул сонда тәнін ашты,
Бұрын, сірә, көрген жоқ жалаңашты.
Пайғамбар “ашуыңды ал” деп еңкейгенде,
Жер мен көк, Ғаршы Күрсі, Лаух Қалам тітіресті.
Мүбәрак хақ Пайғамбар ашты тәнін,
Неге ұрсын ер Акаша Пайғамбарын.
Мөрін көріп жауырынан сүйіп алды,
Бұрыннан біледі екен мөрі барын.
Жамағат жауырында мөрін көрді,
Данышпан ер Акаша асқан ер-ді.
Көргенге дозақ оты харам екен,
Мөрінен сүйіп алған соң қоя берді.
Көрмекке бұрыннан ол ынтызар-ды,
Көңліне салды Құдай осындайды.
Көргенге дозақ оты харам болып,
Құдайым бәрін бірдей жарылқады.
Мөрін ер Акаша сүртті көзге,
һешкім білген жоқ екен мұнан өзге.
– Күнәмді мен ғаріптің кеше көргіл,
Бір талай сөз қайырдым, тақсыр, сізге.
Қалған жоқ һеш адамда өшіңіз, – деп,
Байлаулы мен пендеңді шешіңіз, – деп.
Аяғын Пайғамбардың құшақтайды,
Күнәмді, тақсыр, менің кешіңіз, – деп.
Қуаныш Акашаның тапты жаны,
Ол жерде жарылқады Тәңірім оны.
Ол қылғанын көңліне кек ала ма
Он сегіз мың ғаламның мейірбаны.
Мешіттен сонан үйіне қайтып келді,
Жанына ауруы батып келді.
Бұрын мөрін көрмеген халайықтар
Расулдың мөрін көріп айтып келді.
Құдайым Әзірейілге жарлық етті:
– Досыма сәлем айтып барғыл, – депті.
Досы досқа келетін уақыты болды,
Рұқсатсыз кірмегейсің, барсаң, – депті.
Құдай айтса Әзірейіл тұрсын нағып,
“Сөйлес” деп жауап қылды есік қағып.
Фатима қарсы шықты сөйлескелі,
Есікте кім екен деп көрді бағып.
Сонда тағы Жәбірейіл келді дейді,
Есікте Әзірейілді көрді дейді.
“Бұл жерге не себептен келдіңіз?” деп,
Жәбірейіл Әзірейілден сұрады дейді.
Әзірейіл айтты сонда: – Хақ пәрманым,
Бұл жерге мен айтайын келген мәнім.
Расулға рұқсатсыз кіре алмаймын,
Алармын рұқсат болса ғазиз жанын.
Мұны естіп Жәбірейіл қылды зары,
Жылады періштенің баршалары.
Жәбірейіл даусы қатты шығып еді,
Есітті адамнан басқа жанның бәрі.
Жылады құрт-құмырсқа, жер менен көк,
Тау мен тас, су мен ағаш, жануар көп.
Құданың барша мақұлықтары қылды зары,
“Пайғамбар жер жүзінен кете-дүр” деп.
Мұнан соң Жәбірейіл үйге кірді,
Расулға жылап келіп сәлем берді.
Жылап келіп сәлемді бергеннен соң,
– Неге жылап келдіңіз, достым? – деді.
– Сіз үшін көп әңгіме құрамын, – дер,
Мойнымды сіз тарапқа бұрамын, – дер.
Дүниеде жыламаған жан жоқ екен,
Мен қайтіп тағат қылып тұрамын, – дер.
Қараса, үш адам тұр сөйлес қылып,
Фатима сәлем берді оны көріп.
Бәрінің жүзі көркем, қайран қалды,
“Кімсіздер?” деп сұрады қарсы келіп.
– Біз келдік Пайғамбардың әулетіне,
Қарайды Фатиманың келбетіне.
Мекайыл, Ысрапыл мен ол Әзірейіл
Көрінді бір жақсы адам суретінде.
Үшеуі сонда тұрып әлік алды,
Сөйлейді қуанышты, жақсы халді.
– Пайғамбар Құдай досты қайда екен,– деп,
Көргелі келіп ек, – деп айтып салды.
– Жарқыным, құлағың сал мына сөзге,
Құп, тәуір көрінесің көзімізге.
Расулдың көңілін сұрай келіп едік,
Кірерге рұқсат бар ма енді бізге.
Тағы да айтты: – Біз келген ағрабимыз,
Алыс жерде болады тұрағымыз.
Хақ Расул рұқсат берсе енді бізге,
Көңілін сұрап қайтатын бейшарамыз.
Фатима айтты: – Бейшара, төзіңіздер,
Сабыр қылып тұра тұр, бабам ренжір.
Алыс жерден келдің бе, ағрабилер,
Деміңді алып бұл жерде тұра тұрғыл.
– Тіліне бекер жанның ермегенбіз,
Расулды көптен бері көрмегенбіз.
Жүзін көрмей қайтуға әмір жоқ-ты,
Бұйрықсыз біздер бекер жүрмегенбіз.
Фатима мұны естіп қайтып келді,
Расулға жылдам барып хабар берді.
“Үш адам көңіліңіз сұрап келген екен,
Рұқсат сұрап тұр” деп айтып келді.
Жәбірейіл Пайғамбарға айтты сонда:
– Мен келгенде тұр еді есігіңде.
Сізге қызмет қылғалы келіп еді,
Әзірейіл, үш періште осы күнде.
– Әй, балам, ағраби емес, Құдай білер,
Біз білсек, үшеуі де періштелер.
Мекайыл, Ысрапыл мен ол Әзірейіл,
Бәрі де бір Құдайға жұмыскерлер.
Әй, балам, есік ашқыл, үйге кірсін,
Пақырдың жай-мәнісін көзі көрсін.
Досыма әрне қылса разымын,
Құдайым не қыларын өзі білсін.
Үшеуін шақырған соң келді кіріп,
Отырды хақ Расулға сәлем беріп.
“Бір Алла сәлем дейді” дегеннен соң,
Фатима ішін тартты мұны көріп.
– Бір Алла сәлем дейді, тақсыр, сізге,
Барғыл деп бұйрық қылды үшеумізге.
Хабибім үмбеті үшін қайғырмасын,
Келді деп айып қылма енді бізге.
Естіп сонда Расул жылады зар:
– Үмбетіме рақым қыл, Пәруардигар.
Атасы өліп, үмбетім жетім қалды,
Тапсырдым бір өзіңе, Қадір Жаппар.
Әзірейіл дейді жылап Пайғамбарға:
– Бір ажал келмей қалмас баршаларға.
Падишаһым, сізге бар деп әмір қылды,
Әмірін тұтпай тұруға амал бар ма?!
Құданың қарсылық жоқ пәрманына,
Жеткермес кейбір жанды арманына.
Пендеге ажал осы жақын келсе,
һешкімнің қарамайды дәрменіне.
Құданың бұйрығына амал қанша,
“Баршаның жанын ал” деп әмір қылса.
Сізге келіп тұрғаннан жылдамырақ,
Тіптен оңай аламын дем алғанша.
Расул айтты: – Разымын сізге, – дейді,
Құданың әмірі болмас өзге, – дейді.
Иә, асхаб, жараныма зарласайын,
Рұқсат болар ма екен бізге, – дейді.
Әзірейіл айтты: – Хақ Расул Құдай досты,
Сізге рұқсат қылғанша көп жұмысты.
һеш армансыз зарлас қып асхабыңа,
Сізге рұқсат бермесек жарамас-ты.
Сонда Айша жылайды мұны біліп,
Расулға арыздасты жақын келіп:
– Құдайдан үшбу сағат пәрмен болды,
Кетіңіз мен ғаріпке разы болып.
Мағшұғым, мейірбаным, тәнде жаным,
Не қылам сіз кетсеңіз жайым менің.
Құдайым сізді бізден құдіретімен
Айыратын бола ма, Зұлжалалым?
Расул айтты: – Құдайдан болды пәрмен,
Құдай пәрмен қылған соң, не-дүр дәрмен.
Алланың бұйрығына һеш шара жоқ,
Дүниенің баяны жоқ, қылма арман.
– Біз қалсақ, сіз кетсеңіз дүние салып,
Артыңда не боламыз жесір қалып.
Тым болмаса қалмады бір мирасқор,
Соны қайғы қыламын есіме алып.
Әли мен Фатима келді түн ішінде,
Айша зар жылап тұр үй ішінде.
Бұлар көріп бұл халді зар жылайды,
Расулдың кім жыламас күйігінде.
Бұлар келіп тағы да жылайды көп,
Бәрі де Расул үшін уайым жеп.
– Артыңда біздер қалып не боламыз,
Сіз кетіп жетім болып қалам-ау, – деп.
– Аман-есен қалыңыз, шырағым, – деп,
Фатиманың жүзіне қойды жүзін.
Көрісіп Фатимамен зар жыласты,
“Құдайға тапсырдым” деп бақұлдасты.
“Дүниеде енді бізге жүрмек жоқ” деп,
Көзінен қара наркес төкті жасты.
Фатима айтты: – Тірі боп жүрем нағып,
Зар жылап Әли батыр тұрды бағып.
Фатиманың көзінен аққан жасы
Расулдың беттеріне тұрды ағып.
Әли айтты Фатимаға: – Жылама, – деп,
Көл қылып көзің жасын бұлама, – деп.
Расулдың беттеріне тамып кетті,
Расул айтты: – Жыласын, сұрама, – деп.
Фатима одан бетер жылады зар,
Қалмады бабасы үшін сабыр-қарар.
“Құданың жарлығына шара жоқ” деп,
Сөйлейді Тәңірі досты хақ Пайғамбар.
Хасен менен Хұсайын кіріп келді,
Боларын бір сұмдықтың біліп келді.
Көзінен жасы ағып, зар еңіреп,
Балқыған қорғасындай еріп келді.
Қасына шақырып ап, сүйді бетін,
– Бұлардан қалар менің жұрағатым.
Сіздерден менің нәсілім болар,– дейді,
Сыйлаңыз екеуінің асыл затын.
Қалыңыз, екі ұлым, аман-есен,
Бұл екеуін күтіңіз, мені десең.
Кім бұларды күтпесе, разы емеспін,
Бұларға сиыныңыз, қайғы жесең.
Бұлар жылап отырды, таң кеп атты,
Біләл тұрып “салауат” деп азан айтты.
– Әбубәкір имам боп оқысын, – деп,
Сахабалар ұйысын, – деп жарлық етті.
Мешітке сахабалар жүрді дейді,
Сыдық имам болғалы тұрды дейді.
Қараса, хақ Расул жоқ өз орнында,
Қарасып сахабалар көрді дейді.
Сыдықтың бәрі келді қастарына,
Мешітті шулап көтерді бастарына.
Бәрі жоқтап Расулды “қайда екен” деп,
Бетін жуды көзінің жастарына.
Расул мұны естіп білді дейді,
Есітті фариад қылған елді дейді.
Әли мен ибн Аббас екеулері
Көтерісіп мешітке келді дейді.
Асхабқа Расул сонда болды имам,
Отырып намаз қылды хайрул әнам.
Сахабалар жыласып ұйып тұрды,
Қысқа-қысқа сүремен қылды тамам.
Көтеріп тағы үйіне келді алып,
Амандасты асхабын жиып алып.
Мәдинеде ұрғашы-еркек, бәрі зарлап,
Есігінің алдында тұрды налып.
Баршасы зар жыласып төкті жасты,
Сахаба сол уақытта жаман састы.
Сүйікті сахабаның бәрі келіп,
Расулмен кезек-кезек амандасты.
Барша жұрт сол уақытта жылады зар,
Ұшқан құс, жүгірген аң, жан-жануар.
Жиылып Мәдинені төңіректеп,
Жайылып шөп жеместен тұрды олар.
Сонда Расул сөйлейді насихатын:
– Құлақ салып тыңдаңыз, ей, үмбетім!
Сыдыққа айтты: – Сәлем де үмбеттерге,
Үлкен-кіші, кәрі-жас, жамағатым.
Үмбет болса, Хақ әмірін тұтсын, – дейді,
Парыз, уәжіп hәм сүннет етсін, – дейді.
Кім сүннетін тұтпаса, үмбет емес,
Дінін күтіп, мұратқа жетсін, – дейді.
Зорлық қылып кісі хақын алмасын, – деп,
Ақыреттен ғапыл боп қалмасын, – деп.
Рузе, намаз, тағаты қабыл болмас,
Аузына харам асты салмасын, – деп.
Падишалыққа тапсырды шаhариарын,
Олар да қимай жылады Пайғамбарын.
– Жалғаннан ақыретке сапар қылдым,
Тапсырдым бір Аллаға баршаларың.
Тәнімді бұрын ашқан Әли жусын,
Ибн Аббас құманмен суды құйсын.
Өзге қалған шаhариар, асхабтарым
Иман айтып тұсымда қарап тұрсын.
Онан соң сөйлемей дүние сөзін,
“Үмбетім, үмбетім” деп жұмды көзін.
Дүниенің гауhар шамы өшіп кетіп,
Зар қылды үмбетіне басқан ізін.
Сол уақытта бұ дүниенің кетті сәні,
Он сегіз мың ғаламның мейірбаны
Оң қолымен көтеріп жүзін сипап,
“Уа, дариға, үмбетім” деп шықты жаны.
Пайғамбар алпыс үште сапар қылды,
Дүниенің опасызын өзі білді.
“Өлім деген Құданың парызы” деп,
Алланың тағдырына мойынсұнды.
Расулды Әли Арыслан өзі жуды,
Ибн Аббас үстіне суды құйды.
Ай мен күн hәм жұлдыздар жарық болмай,
Бір айдай қараңғы боп күйіп тұрды.
Хақ Расул сапар қылды дүйсенбі күн,
Күйігіп білінбеді күн менен түн.
Сонан бері дүниеге бәле толды,
Пайғамбар жер жүзінен кеткеннен соң.
Жылады сахабалар қылмай ирам,
Жас ақты көздерінен тарам-тарам.
Пайғамбар жер жүзінен кеткеннен соң,
Дүниеге бәле толып, болды қараң.
Қам-қайғыға толтырды сахабасын,
Ағызды қасіретпенен көзден жасын.
Періште бұ дүниеге сыймай кетті,
Оқысты Хақ Расулдың жаназасын.
Жаназасын оқысып, көрге қойды,
Топырағы бұйырған жерге қойды.
Расулға дүр уа маржан, жауhар шашып,
Бейіштен хор қыздары қылды тойды.
Аяғы бұл қиссаның болды тамам,
Салауат дұға қылар білген адам.
һәр кітаптан көрдім де өлең қылдым,
Мұнан артық сөйлеуге келмес шамам.
Екі қисса шығардым Пайғамбардан,
Құдай безер уағдадан тайғандардан.
Құда, рақым, Пайғамбар, шапағат қыл,
Көп қуған күнә ісін мен бір надан.
Аралап тұзын таттым талай жердің,
Кітаптан әуелі оқып нұсқа көрдім.
“Бастыруға Қазанға жібергін” деп,
Ахмет Кәрім ноғайға жазып бердім.
Әуелі кітаптардан көрдім ізін,
Расулдың қисса қылдым екі сөзін.
“Пайғамбарды өлең қып жазамын деп,
Ғасы болдым ба” деп қорқам менің өзім.
Расулдан шапағат тілеп, жаздым мұны,
Бар шығар мендей ғасы неше құлы.
Рахман, Рахим, ғафу қып күнәһымды,
Иә, Расул, шапағат қыл махшар күні.
Нұсқасын һәр кітаптан көріп едім,
Көңілім оқығанда беріп едім.
Арлы-берлі өлең қып жазып алып,
“Бастыр” деп Ахмет Кәрімге беріп едім.
Тамам қып бұл сөзімді болған жерім,
Расулдың Миғражы мен өлген жерін.
Оқыған жан, маған да дұға қылғыл,
Обал-сауап арасын білгендерің.
Жазғалы бұ қиссаны қалам алдым,
Жақсылардан мен дұға таңдап алдым.
Шайхыслам ұғлы Жүсіпбек деп,
Оның үшін кітапқа атым салдым.