Қазақша
Қисса Қаһарман
Жаратқан барша жанды Алла Тағалам,
Жаралған Ғаршы Күрсі, Лаух Қалам.
Жарандар, сал құлақты үшбу сөзге,
Бастаймын бір азырақ Қаһарманнан.
Естісең, көз жетпейді амалына,
Салдылар тамам диюды табанына.
Қаһарман, Қатыран деген ер өтіпті
Бұрынғы Ұшан патша заманында.
Жөн болар не қылса да Құдай ісі,
Құдіреті, әмірі көп, келер күші.
Қаһарман, Қатыран деген екі балуан,
Бұрынғы Нұх пайғамбар немересі.
Дүниеге Қаһарманды Құдай берді,
Перілер кітап көріп атын білді.
Жетпіс жыл бұрын кітаптан атын біліп,
Жиылып кеңес қылып зар еңіреді.
– Қаһарман біздің үшін туар, – деді,
Біздерге белін махкам буар, – деді.
Дүниеде ол туған соң күн көрмейміз,
Біздерді бұ мекеннен қуар, – деді.
Қырық балуан перілерге әмір қылды,
Туғанын Қаһарманның аңдыды енді.
Жетпіс жылдай Қаһарман һеш тумайды,
Сарғайып сол қайғыдан зар жылайды.
Сөйлейді Екуал патша тіл мен жақтан:
– Күн көрер сол Қаһарман біздің жақтан.
Кітаптан оқып атын кәміл білді,
Шаһарында туар, – деп, – Ағанақтан.
Перілер қырық балуан мұнда келді,
Шаһарын Ағанақтың аңдыды енді.
Жетпіс жылдай Қаһарман һеш тумайды,
Перілер мәжнүн болып зар еңіреді.
Оқыпты көп перілер күнде қағаз,
Еркелеп тірі жанға қылмайды наз.
Күнде аңдып бұ шаһарға келеді екен,
Шешесі Қаһарманның болды буаз.
Жаратты барша жанды Жаппар Құдай,
Перілер болып жүрді сұмырайдай.
Дүниеге Қаһарманды Құдай берді,
Анасы буаз болды жетпіс айдай.
Тамаша табылар ма, сірә, мұндай,
Перілер аңдып жүрді күні-түндей.
Тууы Қаһарманның болып еді,
Шешесі толғатыпты жетпіс күндей.
Дүниеге Қаһарманды Құдай берді,
Анасының қарнынан шығады енді.
һәр сағатта он кезден шығады екен,
Болғанда жеті сағат әрең келді.
Осылайша туыпты қамқор бала,
Қаһарманды жаратты Алла Тағала.
“Тазалап бұ баланы аламыз” деп,
Жетпісі алып кетті дарияға.
Алтын кілем орады ортаға алып,
Көргендер бұ сипатқа қайран қалып.
Жетпіс қатын көтере алмай, жұрты келді,
Бәрісі алып барды әзер талып.
Жиылып төрт жүз шаһар бәрі келді,
Ұлық-кіші, жамағат, кәрі келді.
Құндаққа жас баланы орап қойып,
Жиылған көп жамағат ойнап-күлді.
Көп тамаша жамағат ойын етті,
Ойнап тұрып азырақ ұйықтап кетті.
Сәмөн деген дию үлкен балуан
Таңға жақын болғанда аңдып кепті.
Сәмөн таңға жақын үйге кірді,
Ұйықтаған жамағатын көзі көрді.
Орнына ақсақ, соқыр пері тастап,
Қаһарманды көтеріп жөнелді енді.
Ойнаған көп жамағат қалды ұйықтап,
Жөнелді Қаһарманды [Сәмөн] бастап.
Қуанысып перілер алып кетті,
Орнына ақсақ, соқыр пері тастап.
Таң сарғайып сол уақытта сабах кірді,
Анасы емізгелі түрегелді.
Құндағына баланың барып еді,
Құндақта ақсақ, соқыр пері көрді.
Анасы оны көріп жылайды зар,
Жүректері тітіреп тысқа шығар.
Ұшан патша намаздан келеді екен,
Дауысқа зарлаған құлақ салар.
Ұшан келді “мәнісін білейін” деп,
Дауысқа зарлаған қайран қалып.
– Айырылдым шырағымнан, тақсыр ханым,
Құндағынан жоғалды Қаһарманым.
Білмеймін қарағымды кім алғанын,
Жетпіс ай зая болды қиналғаным.
Ұшан патша сол жерде әмір қылды,
Төрт жүз шаһарға “жиыл” деп хабар берді.
Мұсылман өңкей балуан, бәрі дана,
Аң-таң қалып жылағанға бәрі келді.
Салады Ұшан көңілін сары белге,
Иә, Алла, тура сілте ұзын жөнге.
“Ерамбағы шаһардан іздеймін” деп,
Шеберлерге қылдырды төрт жүз кеме.
Келді батыр “барамыз” деп көп жамағат,
Өңкей балуан жиылды жүз мұсылман.
“Қаһарман соғысында өлеміз” деп,
Төрт жүз шаһар ішінде жан қалмаған.
Жүз мұсылман адамның бәрі батыр,
Төрт жүз кеме үстінде төрт жүз шатыр.
Амандасып жұртыменен айырылысып,
Дүние айналған мұхитпенен бара жатыр.
Арада жеті жыл тағы да өтті,
Қаһарман жеті жасқа сонда жетті.
Қырық балуан жақсылық қызмет етіп,
Бір күні суға келіп шомылыпты.
Таң қаларсың Құдайдың құдіретіне,
Киініп бала шықты су шетіне.
Бетін көріп дарияға түсіп келіп,
Таң қалды өз-өзінің келбетіне.
– Енді мен Күңкірден сұрайын, – деп,
Мәнісін нәсілімнің білейін, – деп.
Күңкір маған мәнісін һеш айтпаса,
Не болса да сол арада болайын, – деп.
Жүгіріп Күңкірге Қаһар келді,
Қол қусырып алдынан сәлем берді.
– Нәсілім менің сізден бөлек болды,
Иә, Күңкір, менің затым кімнен? – деді.
Жөн болар не қылса да Құдай ісі,
Құдайдың һәр нәрсеге келер күші.
– Сенің затың біздерден бөлек емес,
Сенің атаң Екуалдың немересі.
“Барайын” деп Қаһарман суға кірді,
Суға салып нәсіліне көз жіберді.
“Жасырып Күңкір маған айтпады” деп,
Қаһарман ашуланып жүгірді енді.
– Айтыңыз жасырмай-ақ, Күңкіреке,
Өтірік айтпай, шындығыңыз сөз мереке.
Егер де осы жерде шын айтпасаң,
Тамам жұрттан бөлек өлдің өзің жеке.
Күңкір сонда тұрып ашуланды,
Қызарып екі көзі оттай жанды.
“Қайта-қайта сұрайсың, әдепсіз” деп,
Қаһарманды келді де, салып қалды.
Қаһарман сонда келіп ашуланды,
Қызарып екі көзі оттай жанды.
“Уахид уа әл-Қаһар” деп ұрып еді,
Биік таудай бөлді де құлап қалды.
Ойына Қаһар алды бір Құдайды,
Күңкірдің бас сүйегі бұрқырайды.
Миы ағып, жерге таман бұлақ болды,
Оты шығып кәпір дию шырқырайды.
– Қаһарман, бұзылды ма мінезіңіз,
Сол өліп қалды хайуан Күңкіріңіз.
Миы ағып бір шұңқырға жиылғанда,
Дөңгелек көз жеткісіз болды теңіз.
Тамам дию балуандар мұны көрді,
Жүгіріп Екуалға хабар берді.
– Қаһарман өзін кәміл біліп,
Енді бізді қырар, – деп еңірейді.
– Жоқ екен Қаһарманнан балуан зор,
Перілер, құтылмасаң, боласың қор.
Енді бізді тағы да шаппай тұрып,
Өзінің мекеніне жеткізе көр.
Қаһарман өзін білсе дым қоймайды,
Перінің қанын ішіп һеш тоймайды.
Тоқсан мың өңкей балуан алып кетті,
Тітіреп Екуал ғаріп зар еңірейді.
Тоқсан мың өңкей балуан ортаға алып,
Көтере алмай бәрі қалды есі кетіп.
Арада отыз күн алып ұшып,
Абхаят теңізіне барды жетіп.
Жаратқан осылай қылып Құдірет-ті,
Үш айда бұ теңізден әрең өтті.
Онан соңғы дария Қылзам еді,
Қылзамға шуылдасып барып жетті.
Үш айда бұ Қылзамнан аман өтті,
Мұхитқа дүние айналған жаңа жетті.
Алты айда Мұхиттан әрең өтіп,
Сахара жапан түзге тастап кетті.
Сәмөн дию Қаһарманмен амандасты,
Көзінен қан аралас төкті жасты.
“Қайтып келсең, маған қас қылма” деп,
Ат үстінен дос болып құшақтасты.
Сөйледі ер Сәмөн тіл мен жақтан:
– Қайтіп дәурен сүресің біздің жақтан.
Атам Ахмед Ұшанның уәзірі еді,
Шаһары туып едің Ағанақтан.
Қаһарман заманында болды батыр,
Мұхит суын жағалап келе жатыр.
Үш күн, үш түн арада жүріп еді,
Су ішінде келеді алтын шатыр.
Бұларға Құдай тілеуін берген екен,
Баяғы төрт жүз кеме келген екен.
Қаһарманның о да көрді сипаттарын,
Ұшанның қарауылы көрген екен.
Патшаға көрді дағы хабар берді:
– Екі ені екі таудай біреу,– деді.
Нәсілін айтуға тілім келмес-ті,
Көргеннен ғаріп жүрек тітіреді.
Ыза болып ер Ұшаннан шығады тер:
– Бәріңді жұтып кетсін сұм қара жер,
Айдалада құр қорқып келгеніңше,
Біреуің жылдам барып хабарын біл.
Боз арғымақ мінді де біреу келді,
Алдынан қол қусырып сәлем берді.
Қаһарман перілерше тіл сөйлейді,
Ыза болып тілін білмей ұмтылды енді.
Келбетіне шыдамай зәресі ұшып,
Алдынан топырақ болып өліп қалды.
Көк арғымақ мінді де біреу келді,
О дағы адамзатша сәлем берді.
Тағы да тілін білмей ер Қаһарман,
Оны да жалғыз ұрып өлтірді енді.
Ішінде Кардан, Кашан екі батыр,
Өз ағасы Қатыран келе жатыр.
Бұ үшеуі періден сабақ алған,
Неше түрлі періше жауап сөйлер.
“Барамыз” деп патшадан әмір алды,
Үшеуі атқа мініп шығып барды.
Үшеуі перілерше сәлем берді,
Іші жылып Қаһарман қабыл алды.
Өз ағасы Қатыран сөз сөйлейді,
һәр түрлі насихаттап көп сөйлейді.
– Кім сен, ақылың жоқ ашуланшақ,
Екі уәзірді өлтірдің, – деп сөйлейді.
– Қасымда жолдасым жоқ жүрген жанмын,
Адасқан ақылымнан мен бір далмын.
Шаһарымды Ағанақ деп айтып еді,
Жас күнде пері ұрлаған Қаһарманмын.
Өз ағасы Қатыран аттан түсті,
“Қарағым, Қаһарман” деп құстай ұшты.
Қаһарман да құшағын жая берді,
Үшеуі үш жағынан құшақтасты.
Төртеуі қойдай шулап зар жылапты,
Дария айналып қара жер тітірепті.
Бұлардың жылағанын Ұшан көрді,
Төрт жүз кеме көшіп туған келді.
“Қарағым, Қаһарманым, бар ма” деп,
Жүз мұсылман жер көшіп күңіренді.
Көштей [боп] жүз мұсылман өңкей адам,
Жан қалмас көріскенде таң қалмаған.
Жер-көк аралары күңіреніп тұрды,
Он үш күнде көрісіп болды тамам.
Қырық күндей той қылыпты Ұшан патша,
Көңілі қатты қуанды сол уақытта.
Қуанып Ұшан патша сөз сөйлейді,
“Қарағым, Қаһарманым” деп сөйлейді.
Отырды Ұшан патша алтын таққа,
Мінгізді Қаһарманды арғымаққа.
– Қарағым, Қаһарманым, арысланым,
Жүресің талап қылып қайсы жаққа.
Сөйлесе Қаһар ердің тілі майда,
“Құдай-ай” деп бір жылайды осындайда.
– Жас күнде құндағымнан әуре қылған
Менің дұшпаным Екуал патша қайда?
Кеудесі Ұшан ердің сондай зерек,
Қап тауы дүние айналған дөп-дөңгелек.
– Қарағым, сапар қылсаң бізден дұға,
Өзіңе неше кісі жолдас керек?
– Жөн болар не қылса да Құдай ісі,
Құдіреті, әмірі көп келер күші.
Кардан, Кашан, Қатыран ағамды алып,
Соныменен керек маған тоғыз кісі.
Кей сопылар жолының қамын жесін,
Кей балуан осылайша “Алла” десін.
“Үш теңізден аман-есен өтеміз” деп,
Кардан, Кашан ойлайды осылайша.
Осы кемені ойына Құдай салды,
Үш күнде бұл кемені қылып алды.
Қаһарман Ұшанмен амандасты,
Көзінен қара нәркес төгіп жасты.
“Есен болсам, он жылда келемін” деп,
Он жылға уағда қылып сөз байласты.
Жөнелді кеме салып дарияға,
Амандасып айырылды қарияға.
Рас ерлік қыспаса осылай болып,
Адамзат өз жұртынан айырыла ма.
Ішінде Мұхит теңізі үш ай жүрді,
Күркіреп бір үлкен жайын келді.
Кемені жұтайын деп келген екен,
Суды талқан қылды да, ұмтылды енді.
Жайын келді кемені жұтайын деп,
Тоғыз жолдас қорқады есі кетіп.
Қаһарман қарсы барды заһар шашып,
Жайын кетті бұрылып кейін қашып.
Бұрылғанда құйрығынан ұстай алды,
Кемені жайын сүйреп ойран қылды.
“Қоя бер, кеме суға жығылар” деп,
Қасындағы тоғыз кісі зар жылады.
Өз ағасы Қатыран және келді,
“Шырағым, қоя бер” деп ұмтылды енді.
Ағасының көңілін қайтармай-ақ,
Босатып Қаһар балуан қоя берді.
Он екі айда үш теңізден аман өтті,
Қап тауының жиегіне барып жетті.
–Мен келгенше кемеден шықпа,– деді,
Шыныменен ұйықтап жатсаңыз,– деді.
Кемеден шыға көрме мен келгенше,
Қадамды баса көрме өле-өлгенше.
Судан шықсаң, перілер қағып кетер,
Он жылда бір айналармын көргенше.
Қаһарман сөз айтады ақыл тауып,
Кемені желімдейді бетін жауып.
Алаң-бұлаң шам намазы болған екен,
Кіреді Қап тауына жаудай шауып.
Бұ келген жалғыз жерге кәрім деді,
Жалғыздықтан алаңдап көз жіберді.
Қаһарман болса өлең айтып келе жатыр,
Бір үйде жеті әйнек көрінеді.
Қаһарман бұл әйнекке жақын барды,
Ішіне сыналап көзін салды.
Жеті дию әңгіме құрып отыр екен,
Сөзіне тыңдай қалып құлақ салды.
– Патшамыз өз-өзінен қатты састы,
Қаһарманнан хабар жоқ, қара басты.
Қаһарман келіп әлек салады деп,
Қап тауының басынан әрмен асты.
Қаһарман сонда тұрып қаһарланды,
“Уахид уа әл-Қаһар” деп айғай салды.
Қап тауы солқылдайды өрім талдай,
Жеті диюдың үстіне там құлады.
Құлаған тамға қарай Қаһар келді,
Көтеріп бір қолымен бұлай салды.
Су бүркіп баршасын тірілтіп алып,
Онан соң сәлем беріп жалынды.
Жеті дию сәлем беріп түрегелді,
“Нұх – нәби Алла” деді де, дінге кірді.
Тимеді өз дініне кіргеннен соң,
Өлтірмей жеті диюды қоя берді.
Келтірді жеті диюды бір Құдайым,
Көңіліме бір дұшпаным болды уайым.
Диюға айтты: – Қанатың бар ұшатұғын,
Қап тауынан асыратын бар ма жайың?
– Біз дағы ұшайық деп тауға бардық,
Үш айда ортасына жете алмадық.
Қап тауының жиегінде дәнеме жоқ,
Әуре болып аса алмай мұнда қалдық.
– Басайын аяғымды қадам-қадам,
Дұшпаннан құтылды ма пері надан.
Жетеуің, ақылдасып жөнін әйла,
Енді мені асырар қандай адам?
– Бар,– деді, – мына жерде Самұрық құс,
Сіз барып Самұрықпенен болыңыз дос.
Самұрық өзі мықты, өзі ұшқыр,
Тау басынан келеді ертелі-кеш.
Сен бізді дос десеңіз, тіл аласың,
Тіл алмай шықсаңыз қиналасың.
Жасырынып бір айдаһар жылда-жылда
Ұядан жеп кетеді үш баласын.
Жүгіріп құрма ағашқа Қаһар келді,
Ұясы үлкен таудай көрінеді.
Үш балапан ойнақтап ұяда жүр,
Тау басынан ауыз ашып жылан келді.
Қаһарман жақын келді маң-маң басып,
Үш балапан қорқады шуылдасып.
Өрмелеп бәйтерекке бара жатыр,
Үш балапан қорқады шырылдасып.
Қаһарман жақын барды тұра келіп,
Айдаһардың құйрығынан ұстай алып.
Қап тауына көтеріп ұрып еді,
Айдаһар талқан болып қалды өліп.
Қойыпты Қаһарманды Құдай мақтап,
Құбыладан бұлт шықты көзді байлап.
Бұлттың екпіндері қатты тиіп,
Құрма ағашы солқылдайды сандырақтап.
Самұрық келе жатып ерді көрді,
Ілемін деп Қаһарманды ұмтылыпты.
Қаһарман сирағынан ұстай алды,
Қаршыға деп қолына қондырыпты.
Самұрық түрегеліп сәлем берді:
– Сирағымды аз босат, тақсыр, – деді.
Қаруың тамам жұрттан бөлек екен,
Жөніңді айт, мықты кімсің? – деді.
– Қасымда жолдасым жоқ, жүрген жанмын,
Адасқан ақылымнан мен бір далмын.
Екуал атты періні білесің бе?
Адамзаттың балуаны Қаһарманмын.
– Екуал сізден қорқып таудан асты,
Зәресі ұшып сізден қашты.
Бұ жақта сипат қылып тұра алмай,
Қап тауынан ұшып әрмен асты.
– Айтамын, құс Самұрық, азғана дат,
Қап тауы адамзатқа болар қымбат.
Ер едің құс та болсаң жұрттан асқан,
Біздерді асырарға бар ма қуат?
– Қап тауы дүние айналған дөп-дөңгелек,
Өзіңнің һәр нәрсеге кеудең зерек.
Мойынға мойныңды байлап алар едік,
Перінің сіңірінен сегіз жүз құлаш арқан керек.
Қаһарман жеті диюға және барды,
Ақылдасып айтады арқандарды.
“Өлген пері Ерамбақта жатыр толып,
Кесіп, есіп алайын” деп қабыл қылды.
Ерамбағы шаһарына бұлар барды,
Өлген пері сіңірін кесіп алды.
Жеті дию ақылдасып, сегіз күнде
Арқанды тамам қылып есіп алды.
Көтеріп Самұрыққа алып барды,
Самұрық мұны көріп қабыл алды.
Мойындарын бір-бірінің қатты байлап,
Қап тауының басына қанат салды.
Құдай қуат беріпті мұндай ерге,
Тамашаға жүреді һәрбір жерге.
Күні-түні сегіз ай әрең ұшып,
Жер-аспанның жетті бұлар кезең жерге.
Қап тауынан асуға барды жаңа,
Қаһарман сонда тұрды қайран қала.
– Ай, достым, екі аяғымнан мықтап ұста,
Төмен қарай ұшамын қанат қаға.
Қаһарман екі аяғын байлап алды,
Самұрық қалай ұшарын біліп алды.
Төмен қарай ұшқанда әлім кетер,
Тәуір қылып ұшарын ойлап алды.
Құнысқанда болды тұрымтайдай,
Қаһарман қона салды Самұрыққа-ай.
Сегіз күнде түбіне барып жетті,
– Жауырынымнан жерге түс, достым, – депті.
Ар жағыңда алтын шаһар көрінеді,
Іздеген перілерің мұнда, – депті.
Екеумізді дос қылған бір Құдайым,
Үш күнгеше осы жерде мен тұрайын.
Үш күнгеше келмесең, мен кетейін,
Кешіксең, саған, достым, қарамайын.
Қаһарман заманында болды батыр,
Аяңдап сол шаһарға келе жатыр.
Жақындап бұ шаһарға келіп жетті,
Алдында тігулі тұр алтын шатыр.
Шатырға ер Қаһарман келіп еді,
Алты аяқты байлаулы атты көрді.
Сол атты шешіп алып кірді қайтып,
Бір аяқ сусын тұр, мұны көрді.
Сол атты ғайыптан Құдай берген,
Қылышты қанжығада және көрген.
Қылышты оң қолымен ұстап алып,
Аяңдап шаһарына жүре берген.
Намазшамда шаһарға Қаһар келді,
Бұ сағатта екі дию мұны көрді.
Біреуі қарағанда тани салып,
“Қарағым, жан достым” деп жүгірді.
– Келдің бе есен-аман, Қаһарманым,
Қиналды сіз кеткен соң ғаріп жаным.
Келгелі бұ жерге үш ай болды,
Кешігіп мұнша, тақсыр, не қылғаның?
Қаһарман адамзаттан шыққан ері:
– Түгесілді ме Екуалдың өз жері.
Есен бе білдің бе, Сәмөн достым,
Жиылды бұ шаһарға қанша пері?
Сәмөн дию бұ сөзге қайран қалған,
Сол жерде қисабын есіне алған:
– Он күннен бермен білмей қалдым,
Онан бұрын төрт жүз миллион.
Қаһарман сонда тұрып ашуланды,
“Уахид уа әл-Қаһар” деді де айғай салды.
Қап тауы солқылдайды қышқырғанда,
Тәсбиғын періштелер таңдады.
Қаһарман заманында болды батыр,
Қылышын екі қолдап келе жатыр.
Алтын үйдің сыртынан қылыш тиіп,
Ішіндегі перілер өліп жатыр.
Шошымай ат тұра алмас қызыл қаннан,
Алаңдап жан-жағына көзін салған.
Сәмөн дию ер қасына жақын барып,
Жетелеп бұ шаһардан алып барған.
– Екеумізді дос қылған Жаппар Құдай,
Сәмөн дию, мен сөйлеймін, мұны тыңда.
Жан достым, хабарын білдің бе екен,
Бұ өлімнің ішінде Екуал бар ма?
– Екуал бұ мекеннен бұрын қашты,
Зәрелері қалған жоқ, жаман састы.
Дария ішінде бар еді жын шаһары,
Барды да со перілерге араласты.
Сол сағатта тоқсан дию балуан келді,
“Нұх – нәби Алла” деді де, дінге кірді.
– Тоқсан дию, жақсы көріп дінге кірдің,
Дарияға кіргізші мені, – деді.
Тоқсан дию бұ сөздерді қабыл алды,
Тоқсан диюдың терісін сойып алды.
Дарияның ішінде жын шаһары,
Қаһарман мұны көріп қайран қалды.
Таң қалды тамаша ғып Қаһарманым,
Ішінде тоқсан дүкен бар базары.
Дария толқып, перілер кетті қашып,
Су астында бір нәрсе аузын ашып.
Бар екен бір денесінде жетпіс басы,
Қаһарманым қорқады қаны қашып.
Мойнынан Қаһарманың ұстай алды,
Қаһарман мойнын үзіп тастай салды.
Қылышпенен көтеріп салып еді,
Қолы үзіліп салбырап, мойны қалды.
Бір жалмауыз жылда-жылда келеді екен,
Перілер келер күнін біледі екен.
Он екі айда періні қағып салып,
Қорек қылып жалмауыз жүреді екен.
Жалмауыз су астына қайтып кетті,
Тоқсан дию мұсылмандарына кетті.
Өлген месін басына кигізіп алып,
Қап тауына алып тағы жетті.
– Құдай деп бір айтады осындайда,
Баяғы қас дұшпаным Екуал қайда?
Мұның жөнін білдің бе, Сәмөн достым,
Жанымды тапсырамын бір Құдайға.
– Екуал бүгін сізден қашайын деп,
Есі шығып кетіпті сасайын деп.
Тақсыр, Қап тауына көзіңді сал,
Ойлап жүрмін қалайша асайын деп.
Қаһарман саспаймын деп жетіп барды,
“Уахид уа әл-Қаһар” деді де айғай салды.
Қап тауы піл-піл болып қимылдайды,
Қанаттары сынып, диюлар жерге құлады.
Екуал перілерді жиып алды,
һәммалары мұсылман болып қалды.
Төрт жыл жүрді Қап тауының ар жағында,
һәр шаһарға медресе, мешіт салды.
– Қаһарман, көп адамнан кеудең зерек,
Қап тауы өзі биік, дөп-дөңгелек.
Бұ мекен енді бізге мекен болмас,
Қап тауынан асуға ақыл сізден керек.
Қаһарман сонда тұрып тауға барды,
“Уахид уа әл-Қаһар” деді де айғай салды.
Қап тауының ортасы сытыр етіп,
Омырауға көтеріп алып барды.
Бір Құдай Қаһарманға берген дауыс,
Қап тауы көтергенде болды қуыс.
Әмір қылды періге “жөнел” деді,
Шұбырып көп перілер қылды жүріс.
Үш күнде перілер өтіп, болды тамам,
Ар жағында Қаһарман өзі қалған.
Екі қолдап көтеріп Қап тауларын,
Өзі де есен-аман өтіп барған.
Өткен соң Қап тауларын қоя берді,
Үш күннен соң жерге сонда тиді.
Көкше мұздай сол заман жер қайысып,
Зақымы көк өгізге барып жетті.
Жер астында көк өгіз шыр айналған,
Шайқалып құлайтындай болып талған.
Жәбірейіл алып келіп шашқан екен,
Бұл айналма сиырға сонан қалған.
Ераспағы шаһарға және келді,
Түзеттіріп перілерге әмір қылды.
Көшелерін түзеттірді меруерт тастан,
Шаһарларын қылдырды гауһарлардан.
һәрбір жерден шеберлерден іздеттірді,
Бұрынғыдан зиада түзеттірді.
Жетпіс мың мешітті бұған салып,
Есігін тоқсан диюға күзеттірді.
Диюларға “алып жүр” деп әмір қылды,
Тоғыз жолдас кемеге және келді.
Есен-аман ұйықтап жатыр екен,
Қаһарман келген соң түрегелді.
Перілерге Қаһарман амандасты,
Көзінен қара нәркес төкті жасты.
“Мен барған соң, сіз келіп қонақ бол” деп,
Қол ұстасып жұртымен уағдаласты.
Үш айда үш теңізден аман өтті,
Ағанақ шаһарына жақын жетті.
Бір малшы көрді дағы, қуанғаннан
Патшаға “сүйінші” деп жүгірді.
Ұшан патша жұртына хабар берді,
Төрт жүз шаһар жиылып енді келді.
Қаһарманға жиылып жамағаттар,
Алдынан қойдай шулап бұлар келді.
Өз анасы зар жылап бұрын келді,
Кемесінен Қаһарман жүгірді енді.
Алдына анасының келіп еді,
Оң емшегін басына сүйей салды.
Алдынан бала келді “шешекелеп”,
Қисайып жата кетті бір еркелеп.
Тамағынан иіскеп “қарағым” деп,
Емізіп отыр баласын көлеңкелеп.
Көңілі атасының бұзылыпты,
Емшегі анасының созылыпты.
Үш иіскеп Қаһарманның тамағынан,
Анасы ғаріп-міскін үзіліпті.
Жаназалап анасын көміп салды,
Қонақ бола дию және келді.
Қаһарман заманында болды батыр,
Перінің қырып-жойып дәмін татты.
Көз жетпейді Қаһарманның жүрісіне,
Қиссасы түрлі-түрлі болып жатыр.