Зарқұм

Мұхаммед пайғамбардың сахабаларының кәпірлермен соғысы баяндалады

Қазақша
Зарқұм
Бисмилла деп қозғайын, Шешендер білер сөз жайын. Дүние, тірлік бейопа, Адамзат қалмас тозбайын. Көбейді қылған күнәһым, Кешіргей Тәңірі, Құдайым. Халім қандай болады, Ақырет – қайғы-уайым. Қараңғы күннің тары бар, Қайлеттіктің зары бар. Мұқамбетке біз үмбет, Досым деген шаһариар. Құдайдың айттым достыны, Білдім дүние бостыны. Бізден соңғы үмбеттер Әмірін Хақтың ұнасқан, Қиналып бәрі жыласқан, Дін үшін ғиззат қылысқан. Пайғамбары Құданың, Қолдай гөр барша қостыны. Сіздерден жәрдем сұрадым, Сіздерде көп керемет, Бізге болғай дәремет. Әзиз жан, тән де аманат, Айырылар жер қабағат. Кәміл пірлер, сақтай гөр, Қиямет күннен саламат. Құдайдан қорқар жан жақын, Жан барында мал жақын. Сұрауы қандай болады, Есепсіз алдық пенде ақын. Артыма сөзім қалсын деп, Аңлаған құлақ салсын деп, Шапағат қылар ерлерден Бастады дастан енді ақын. Өзбек, қазақ тіліміз, Оқыған ерлер, біліңіз. Біреудің зейіні пәсірақ, Біреудің зейіні хасырақ. Өзім айтсам ұқтырып, Үйретер едім машықтап. Өмірім тұрыс бере алмас, Қара жер кетер астына ап. Тәжікелесе басқалап, Нақты сөзін шырғалап. Өзіне күнә ойласқан, Оқыса һәркім сартшылап. Заман-заман болғанда, Мұсылман абад болғанда, Дін қылышын шабысып, Дүние талан болғанда Қырық жасында Пайғамбар, Күшейіп әбден толғанда Зарқұмменен ұрыспақ, Жол жүру әмір дін үшін, Пайғамбары Құданың Өзінің қылған жұмысын. Кәпір Зарқұм патшасы, Жасалып тұрған құрышын. Соларды да қоймады, Дүниесі құрысын. Пайғамбары Құданың Етейін баян бір ісін, Аяғында айтылар, Қызық майдан ұрысын. Маңдайынан сипаңыз Жетім менен жесірді. Оған зұлмат көрсетсең, Ол дүние кесір-ді. Аш-арыққа жәрдем қыл, Ақырет болсын есіңде. Соңғы үмбет білсін деп, Естіп ибадат қылсын деп. Пайғамбарды басында, Жаратқан жар Құдайым, Жетім қылып өсірді. Солардың да басынан Мүсәпірлік кешірді. Ер жеткен соң, кәпірдің Жанған отын өшірді. Пұтханасын әрдайым, Бүліндіріп көшірді. Алмай құры қайтпады, Әр жұртқа қылса қосынды. Сақыпқыран мард ерлер, Сайманданып қосылды. Тәуекелге берік байла, Майлықожа, сөзіңді. Өлім келсе бір күні, Оратып шығар жүзіңді. Айтып өткен сөз қалсын, Өмірің тірі кезіңде. Қазылардың мақшарда Болғаймыз да көзінде. Табысым үлкен һәр қызмет, Ғазат қылған кезінде. Ерлер тәсбі етеді, Қатерлі жерге кетеді. Ажалдан айлаң қалдырмас, Болжалды өмір өтеді. Ғазылардың баршасы Ғаламнан өтті ертеде. Пайғамбарым бір күні Оқиды памдат Меккеде. Насихат айтты бірталай Үлкен менен кішіге. Сахабалар тақ тұрды, Хақтың бұйрық ісіне. Пайда болды бір сәуле, Мешіттің келіп ішіне. Сахабалар көрісті Мешітке жарық енгенін. Пайғамбарым аңдады Жәбірейілдің келгенін. Құлағына тиеді, Пайғамбар алып бір жеңін. Өзгелер пайым қылысты, Орнынан тұрысты. Қол қусырып баршасы, Жәбірейілді білісті. Жәбірейіл айтты құпия: – Алланың досты Мұқамбет, Құдайың айтты бір істі. Салауат етіп періште: – Сәлем деді Құдайың, Құдайыңның сәлемін, Саған баян қылайын. Қылсын ләшкер саранжам, Ол досымның сарасы. Күнбатыста бір шаһар, Ирақ деген қаласы. Күтініп ләшкер жол тартсын, Үш айлық жол арасы. Кәпір Зарқұм патшасы, Көңілінде жоқ санасы. Барсын сонда аттанып, Қылсын діннің таласы. Сіздер бармай, ол келсе, Бұл жұртыңды аласы. Ілгері қылғын айланы, Өзіңе болар пайдасы. Еш ықылымнан табылмас, Оның жарақ, сайманы. Құдайың мені жіберді, Бұ сырды сізге айтқалы. Үш айда жүрсе жетесіз, Зарқұмды һәлак етесіз. Әмірі бұл Алланың, Аттанып сонда кетесіз. Пайғамбар айтты: – Жәбірейіл, Бармаққа онда біз мәйіл. Сахабалар ауқаты, Қандайлықпен өтеді? Қымбатшылық жыл биыл, Жер бармаққа жазық-ты, Елімнің әлі нәзік-ті. Алып жолға бармаққа, Табады қайдан азықты? Дерегі жоқ зерлердің, Деркері жоқ жерлердің, Дүниесі жоқ қолында, Ұрысқа керек ерлердің. Ғазатқа малын жаратса, Қалғаны мұнда жылайды, Қайдан ауқат сұрайды? Жәбірейіл айтты: – Қам жеме! Асыраушы Құдай-ды. Қымбаттықты кеткізер, Қошлықпенен өткізер. Аттанған азық алмасын, Ризығын Алла жеткізер. Бұл сөзді айтып Жәбірейіл, Пайғамбары Құдаға, Қайтып кетті самаға. Уахидан парық болған соң, Құданың досы Пайғамбар, Сөйледі асхаб жамаға: – Жамағаттар, тыңдағын, Бір мәслихат айталы. Тірлігімде дін ашып, Қазы болып өтелі. Өзі берген бұл жанын, Қызметтен аяп нетелі? Өзгесі әзір боп еді, Ол жерде Әли жоқ еді. Он сегіз ұлы Әлидің Ер жетіп еді сол уақта, Ұрысқа жарар боп еді. Шақырып алып Пайғамбар, Бұл сырды айтты Әлиге. Әр жерге адам жіберіп, Әшкере қылды бәріне. – Аттан сайлап мінсін, – деп, Сауыт сайлап кисін, – деп. Ирақ деген бір шаһар, Патшасы Зарқұм білсін, – деп. Үш айлық жол жүреді, Жүрмектің қамын қылсын, – деп. Пайғамбары Құданың Жайылды жұртқа жарлығы. Алты күнде даяр боп, Жүз мың ләшкер барлығы. Үхүт таудың түбінде, Етектен қоршап тұрады. Жиылды барша ләшкері, Әмзе сақыпқыранның Шаһид болған жерінде. Жүз мың ләшкер болған соң, Есебіне толған соң, Пайғамбарым Мұқамбет Меккеден шығып аттанды, Ғазатқа көңлі шаттанды. Әбубәкір оң жақта, Хазірет Омар сол жақта, Хазірет Оспан алдында, Хазірет Әли артында. Он сегіз ұлы Әлидің Ер жеткен еді сол уақта. Батыр Әли қалдырмай, Ертіп шықты ұлдарын. Әрқайсысы бір шерідей, Қараса көріп сындарын. Ортаға алып келеді Пайғамбары Құданың Көтеріп ұстап туларын. Мұны көріп отырған Барша ләшкер түсінді. Тауда таста жазылған, Бір демде топ боп жиылды. Түйелерге шатырын Артып алып сүйінді. Отыз үш мың сахаба Әуелі өтті тобымен, Күнбатыс жақта Зарқұмға Баратұғын жолымен. Жүз мың ләшкер Шерінің Жасанып жүрді соңынан. Әзірге Салман бастары, Шақырлап таудың тастары, Тәуекел етіп барады Дін исламның ләшкері. Дүмбірлеп дала күңіреніп, Жолдарда судан күрмеліп Бара жатыр Зарқұмға Жасанған ләшкер түрленіп. Неше күн қонып көшеді, “Жетеміз қашан?” деседі. Несібе Құдай жеткізіп, Ауқатты жолда кешеді. Жол мазасын кеткізді, Жол жүріп екі ай өткізді. Бір күндерде Құдайым, Қайнап аққан құйындай, Бір дарияға жеткізді. Сол дарияның бойында Қонып демін алысты. Кісі өтер дария емес, Суына назар салысты. Енді судан өте алмай, Матал болып қалысты. Орнатып тікті шатырын, Неше күн жатты арада, Өтпектің таппай ақылын. Пайғамбарым айтады: – Мына дария-су үшін, Қам жемеңдер бұл үшін, Сахабалар, шаһариар, Екі әлемде ол біздің Қамқорымыз Құдай бар. Сау-саламат өтерміз, Жатыңдар Хаққа болып зар. Кәпір патша Зарқұмның Қарауылы бар еді, Бұл ләшкерді көреді. Жолға тартқан белгімен, Барып хабар Зарқұмға Қарауылы береді. – Арыз етем, иә, тақсыр, Есітіңіз сөзімді. Дүрбіменен тұр едім, Жаһанға салып көзімді. Мәдинеден Мұқамбет, Ләшкері бейхад қабағат, Араб деген жамағат, Ол дарияға келіп тұр, Судан матал болып тұр. Дүркін-дүркін ләшкері Дамылсыз шұбап төніп тұр. Қамыстай қалың көрінді Байрағы менен тулары. Өткізбей мұхтал қылып тұр Дарияның сулары. Шаңы шаңға жамалып, Өте алмай жатыр қамалып. Зарқұм сонда қуанды, Бір ермек бізге келді, – деп. Іздейтұғын дұшпанды, Келтіріп Латым берді, – деп. Сөйтіп айтқан гәбіне, Пәрмен қылып хат жазды Кемешінің бегіне. Жіберген кісі келеді, Зарқұмның хатын береді. Кемешілер жиылып, Төрт мың кеме әзір қып, Дарияға алып жөнеді. Пайғамбарым ертемен Назар салып көреді, Дарияның бетінде, Бір-біріне тіркелген, Бұлттай тамам немені. Төрт мың кеме бірлесіп, Судың беті күрлесіп, Бәрі кәпір қараса, Сөз сұрауға тілдесіп. Жақын келіп тұрады, Кемені кейін бұрады. Өзгесінен біреуі Оқшау болды ілгері, Пайғамбары Құданың Қайсы екенін білгелі, Сөз айтады ол келіп: – Е, мұсылман, сен тұрған, Мұқамбет патша қайсы? – деп, Кел, – деп жауап сұрады. Пайғамбарым айтады: – Біз – сұраған кісіңіз, Бар болса айтқын ісіңіз. Сонда кәпір сөйледі: – Зарқұмнан келген кісіміз, Мына төрт мың кемені Зарқұм патша жіберді, Сіздер үшін келгелі. “Жанынан безген арабтар Тез өтсін судан дегені, Шапшаң өтсін ләшкері, Қанша болса көп, – деді. Барһам қылып қырармын, Қорқынышым еш жоқ”, – деді. Пайғамбарым айтады: – Біз де іздеген кісіміз, Ұрысты сүйер ішіміз. Қорықсақ келмей жатар ек, Сыналар ақыр күшіміз. Кәпірлер берді кемені, Бұлар ұстап алысты. Кемені беріп тапсырып, Кәпірлер қайтып жөнелді. Әмір қылды Пайғамбар: – Ләшкердің бәрі келсін, – деп, Құдіреттің әрқандай, Тағдыры болса көрсін, – деп, Тәуекел қылып, кеменің Ішіне бәрі кірсін, – деп. Жүз мың ләшкер жиылып, Бір Құдайға сиынып, Төрт мың кеме ішіне Бірден кірді сыйылып, Сонша сіреу көп қолы Тегіс өтті бір жолы. Судан өтіп киінді, Бөленіп бәрі темірге. Жақын деп жүр көңілге, Бас-аяғы жиналып, Түзеді дәста со күнде. Көшкенде дәста түзетіп, Қонғанда түнде күзетіп, Шалғынға қонса жайқалған, Тозаң қып шаңын шығарған. Тынбай жүріп жолына, Қарауыл қойып алдына, һәм оңына, солына, “Әзір бол” деп бәріне. Даланы басып сарыны, Бір айдан соң жүз мың қол Зарқұмның жетті шәріне. Ләшкерімен қарады Пайғамбардың сарабы. Бұлттай қалың көрінді Ирақ шаһар қаласы. Ол ені мен бұл ені, Қырық тас жол деп арасы, Ол ұшы менен бұл ұшы, Жете алмайтындай көз ұшы. Қараған кісі болжамас, Айнадай жалтыр шемен тас. Көрікті қала етілген, Мұнара биік жетілген, Саранжам, сайман етілген. Қандегі терең алынған, Бетіне көпір салынған. Қос араба жүргендей, Еш қатерсіз қалыңнан. Көмілген тамам дарбаза, Саранжам, мылтық андаза. Мұны көріп Пайғамбар, Ләшкеріне бұйырды: – Осы жерге қоныңдар. Бүгін енді ұйықтамай, Өзіңе әзір болыңдар. Бір Құдаға такия қып, Ісіңді Тәңірім оңдасын. Түнде тиіп кәпірлер, Мұсылман набыт болмасын. Жүз мың ләшкер масала, Шырақ жақты түнімен. Ұйқы көрмей қарауыл, Таң атырды зейінімен. Сонша ләшкер сергек боп, Бәрі ықылас шынымен. Апақ-сапақ таң атты, Өзі имам боп Мұқамбет Оқыды намаз памдатты. Күн шашырап шыққанда, Дабылдың даусын аңдапты. Дүңкілдеген дабылдың Құйылып келді дабысы. Шаһардың іші шақырлап, Ғұлғұла болды бар ісі. Ләшкердің екен сарыны, Байқап тұрса мәнісі. Пайғамбарым Мұқамбет Жарақтарын тіледі. Жарақтарын күтуші Салман деген ұл еді. Ақырап, самсам, зұлхажа, Біреуі қамқам бұл еді. Бұл жарақты саймандап, Пайғамбарым киеді. Және сауыт-жарағын Төрт жарлар да киеді. Он сегіз ұлы Әлидің Бастан-аяқ киімі, Темірден еді бәрінің. Осылай еді мәнісі, Киінді жарақ бәрісі. Сол уақытта кәпірлер Келеді гулеп дабысы. Дүңкілдеп дабыл қағылып, Темірлер күнге шағылып. Қаладан шықты далаға Зарқұмнан ләшкер ағылып. Кәпірлер шұбап келеді, Көшелерге сыйыспай. Бұлар да сабын түзетті, Шығалық деп ұрысқа-ай. Туын балант көтерді Пайғамбары Құданың. Ту түбінде тұрыспай, Жауға көзін жіберді. Шамаласып келеді, Зарқұмшаның бағулы Жүз мың пілі бар еді. Зінжір байлап мойнына, Алып шықты әр пілін. Даң ерінің дауысы, Әлемді алар салдырлап, Қоңырауының дабысы. Көшеден шықты майданға Пілдерінің бәрісі. Жүз мың еді зәңгісі, Зәңгінің еді әлдісі. Ешкім тұрыс бермес-ті, Олардың тисе дабысы. Ақылынан сасқан-ды, Айбатын көрсе һәр кісі. Пендеге душар болмасын Олардың майдан жеңісі. Сипаты зәңгі қаралар, Басы үлкен көз алар. Олар да келіп сап тартты Дін исламға барабар. Сексен мың еді әдісі, Әдінің үлкен задысы. Зәңгіден де биігірек Бой тұлғасы, қадысы. Біреуі пәлак бойы бар, Жаман пиғыл ойы бар. Бағзысына қараса, Жүз сексен кезден бойы бар. Аузы үңгірдей ашылған, Түтіндей демі шашылған. Бәрінің алмас жарағы, Жарқырар күнге сабағы. Зәңгіден соң сексен мың Әді келді бұ дағы. Онан соңғы бір ләшкер, Есебі жоқ бұ ләшкер, Қызыл-жасыл жалбырап, Сансыз байрақ қосылды. Шаң, түтіні тұмандай, Шапшаңдығы самалдай. Зарқұмның үлкен ұлы еді, Жанәбіл деген бұл еді. Алысқанда тізесі Мүдірмеген кісіден, Арыстандар мерт болған, Оның ерлік ісінен. “Маған теңлі ер жоқ” деп, Мағзұр болған күшімен. Аты шыққан ерлікке Сан мың ләшкер ішінен. Жанәбіл келіп сап тартты Жиырма жеті лек кісімен. Артынан шықты бір ләшкер, Асқал болып жүрісі. Үміт үзді жанынан Мұсылманның бәрісі. Он лек кісі Махәбіл, Жанәбілдің қасына Бұ да сабын түзетті Жанәбілдің інісі. Мұнан соң шықты бір ләшкер, Қыртас деген ер еді. Он алты лек ләшкері, Соны билер бек еді, Зарқұмның бұ да ұлы еді. Онан соң шықты бір ләшкер, Зарқұмның бұ да баласы. Атын Хашам дер еді, Жүз мың ләшкер қарасы. Онан соң шықты бір ләшкер Жиырма мың лек шамасы. Төртеуінен кішісі, Зарқұмның ұлы ер Қайсар Жиырма мың лек кісімен, Ғажайыппенен ол Қайсар, Жетінші бұ да сап тартты Дін исламға барабар. Және екі Зарқұмның Немересі бар еді. Хаман, Сұлтан аттары, Жаңа талап бала еді. Әрқайсының ләшкері Он бір лектен бар еді. Жиырма екі лекпенен Майданға о да келеді. Бұл ләшкердің соңынан Жеті бөлек қол шықты. Әр бөлігі үш мыңнан, О да шері мол шықты. Жеті атақты палуан Жеті бөлек боп шықты. Және Зарқұм патшаның Сыпайылы сәркардан, Жүз отыз еді сапасы. һәрқайсысында он мыңнан, Бәрінің темір лыпасы. Асқан еді жаһанда Салтанатпенен нұсқасы. Және маншы молдадан Мырзалары жүз еді. Бұл майданға шықпаққа Олар да даяр тұр еді. Зарқұмның шықты жанында Жүз уәзірі бар еді. Өзі болса жүргуші, Мәслихат болса қылғушы, Білмеген ақыл білгуші Жүз уәзірі бар еді. Бұлардың да адамы Әрқайсысы мың еді. Тамашаны көрмекке Олардың көңілі тіледі. Мұнан басқа және көп, Пенденің ақылы жетпейді, Есебін Алла біледі. Зарқұм шығып келеді Ертіп жүз мың сапасын, Жарқыратып лыпасын. Бағзылары піл мініп, Мойнына қару зіл қылып, Бағзылары керік мініп, Майданға өзін берік қылып, Бағзылары пиада, Екі етегін белге түріп, Бағзылары мінгесіп, Түйелерін желдіріп. Ол кәпірдің ләшкері Жетпіс сап болды ығысып. Жол тимеген кәпірлер Балант жерге шығысып, Мергендері сап-сап боп, Майыспай жатты бұғысып. Артынан және келеді, Ол кездерде болмаған, Асығыстап жүгіріп, Қаламыз деп ажалдан. Зарқұмның өзі келгенде Басып қалды шаң-тұман, Қараңғы болды жер-жаһан. Қарсы қойды бір-бірін Кәпір менен мұсылман. Даңдама келді даңменен, Үміт үзді жан неден? Аттанып барған мұсылман Бірінен-бірі адасып, Жығылар болды шаңменен. Мұны көріп қысылды, Өлімге мойын ұсынды. Құдіретімен Құданың Жаңбыр жауып әуеден, Шаң-топырақ басылды. Бұлт ашылып күн шықты, Көтеріліп тұман, түн. Мұсылман, кәпір білінді, Бір-бірін парық қылынды. Пайғамбарым төрт жарды Төрт тарапқа бұйырды. Өзі тудың түбінде, Әбубәкір оң жақта, Хазірет Омар сол жақта, Оспанды қойып араға, Әлиді “жүр, – деп, – ілгері”, Алдына салды сол уақта. Тулары қарсы тігілді, Жекеге қылыш шағылды. Он сегіз ұлы Әлидің Пайғамбардың қасында, Тудың тұрды түбінде. Сол уақыттар болғанда, Мұсылмандар қараса, Көзін тігіп қараса, Ол Зарқұмның ләшкері Есебі жоқ, саны жоқ, Бәрі бірден жұмылса, Жерге тиер қаны жоқ. Қашарға тесік жері жоқ, Жақын жерде елі жоқ, Ортаға алып дұшпан тұр, Ұрысарға шәні жоқ. Көріп қайран қалды да Ақыл-есін ұмытты, Ұрыстан көңілін суытты. Сыбырласып сөйлесті Екеу-екеу, бірме-бір: – Мұның өзі қалай сыр? Алдымызда бұл ләшкер, Арқамызда дария тұр. Мүсәпір болды халіміз, Құдай-а, өзің дағым қыл. Әрбіріміз жетпейміз Бір легіне телімге. Бұл өлімнен құтылмас, Мүшкіл болды көңілге. Үш ай жүріп, басымыз Жеткен екен өлімге. Арқамызда дария бар, Амандық жер қайда бар. Бұл бәледен, Құдай-а, Құтылмақ қандай амал бар? Енді бізді майдалар, Елден нешік пайда бар? Айналайын, Құдай-а, Бір өзіңсің қайырылар. Барша ләшкер бұл жерде Тірліктен үзді күдерді. Бір-бірімен көрісіп, Арыздасып тұрады. Сол уақытта Құдайым Мұсылманды есіркеп, Пайғамбардың алдына Жәбірейілді жіберді. – Иә, Мұқамбет Мұстафа, Сәлем айтты Құдайың. Құдекеңнің сәлемін Саған баян қылайын. Ұрыспаққа көңілі жоқ, Ләшкерді басты уайым. Білмеген кәпір бұл сырын, Бәрі айтсын зікірін. Зікір тәсбі тоқтатар Көңілдің қорқыныш пікірін. Бұл сөзді айтып Жәбірейіл Пайғамбары Құдаға, Қайтып кетті самаға. Уахидан парық болған соң, Пайғамбарым Мұқамбет Сөйледі асхаб жамаға: – Мұсылмандар, қорықпаңдар, Машқұл бол хамд санаға. Ол Зарқұмның діні жоқ, Өлсе рахат күні жоқ. Жаны шықпас тозақтан, Құтылмайды азаптан. Әгар өлсе мұсылман, Жәннат орны жайылар. Нәсіп болғай ке, Хауыз кәусар қайнары. Олар мақтұл, біз қатыл, Оның анда әлдері. Ағап атын шапқылап, Оңы менен соңынан, Шауып жүріп дауыстап, Жүз мың ләшкер қолында, Мінәжат қылды ол күні. Тәсбі айтып көбіне, Дұға қылды Пайғамбар Тудың келіп түбіне. – Жан жаратқан, иә, Алла, Он сегіз мың әлемнің Ырзығын берген сен, Құда, Әзіздерге бер медет. Хадден асты бұл ғауға, Бұл кәпір де, Құдай-ай, Бір жаратқан мақұлықтың. Мұсылманды кәпірден Саламат әйла, Хақ, бүгін, Қорқыныштарын сап қылғын. Тілек берер сұраса-ай, Шыныменен жыласа-ай. Пайғамбары Құданың Қабыл болды дұғасы-ай. Қорқыныш кетіп мұсылман Көңілі болды араса-ай. Сол уақыттар болғанда, Мұсылманның ләшкерін Көрдідағы ол Зарқұм: – Үмбетін мұның қара, – деп, Көңілінде қылды тобасын. Бір баламның тойындай Ләшкерінің қарасы-ай. Үміт қылып келіпті, Үш айлық жол арасы-ай. Бұл бейшара арабтар, Келеді қайтіп шамасы-ай. Арық аты кілдіреп, Тамам кедей кәлдіреп, Бұ да әліне қарамай, Тұрғандарын қарашы-ай. Тамам кедей, бұқалаш, Арпасына болып мас, Ажал айдап келді ме, Жетімшесін қылып бас. Бұл ләшкерден біріңіз, Майданға барып кіріңіз, Айдаған ажал арабтың Алмадай мойнын үзіңіз. Алдарынан қамармыз, Атпас таңға салармыз, Арық атты олжалап, Ермекпенен алармыз. Бұл сөзді Зарқұм айтқан соң, Бір батыры қайырылып, Тобынан шықты айырылып, Қызыл ат мініп, безеніп, Қызыл тон киіп, түзеліп, Қызыл найза қолында, Шаншайын деп кезеніп. Майданға келіп ойнады, Саптарынан ұзалып. Талапкер деп шақырды, Шоқтай болып қызарып. – Сілтесем алмас қылышым, Майданға келіп тұрысым. Иә, Мұқамбет, тез жібер Адамыңның бірісін. Бұл сөзді аңдап Пайғамбар Әлиге қарап сөйледі: – Тез біреуді жібергін, Ол кәпірді өлтірсін, Мейманасын толтырсын. Батырлықтың қызметін, Орнына келтірсін. Ұрыспаққа біздің араб, Атағы шыққан қатты зарап. Ер Әмзенің жолдасы, Аты – Омар Мәди Кәрап. Әмзеге жолдас ер еді, Бұл кәпірді көреді. Пайғамбары Құдадан Келіп бата тіледі. Көпті көрген өзі қарт, Көп кәпірге салған дерт. Пайғамбары Құдадан Бата тілеп шықты мард. Ер қайнатар зердесін, Тәуекел ашар пердесін. Бір шабысқан уақта, Кәпірдің үзді кәлласін. Өлтірді Омар мұны ұрып, Ұшырды күлін суырып. Саясатпенен бір кәпір Және келді піл мініп. Мұны да Омар қылышпен Екі бөлді бір ұрып. Пілін босқа жөнеді, Ол жерде тұрмай кідіріп. Сонда Зарқұм сөйледі: – Біреуің бар бұл ерге, Қосына аман жібермей. Бізге намыс болды ғой, Не үшін келдің бұл жерге? Лақтырып жіберсін, Ол майданға келмесін, Көңлімізді бөлмесін. Қандай зат болса бәріне, Құр батыр қылмай өңгесін. Зарқұм былай айтқан соң, Палуандығын оздырған Үлкен ұлы Жанәбіл, Намыспенен майданға Керік ойнатып шықты бұл. Күрзі, сайман араса, “Майданыма келсін, – деп, Әркім ажал сұраса”. Көтеріп күрзі келгенде, Сасқанынан ол Омар, Қалқанын қылды жүз таса. Көтеріп қайрат дәстімен, Шоқпарын ұрды қастымен. Қалқанынан от шықты, Көзі парлап жасымен. Шіренгеннен атының Белі үзілді астымен. Мінді Омар бір атты, Құдайдан тілеп қуатты. Және ұрып Жанәбіл, Бұл атты да құлатты. Бұл тартыспен Омардың Жеті атын құлатты. Мінді аттың сегізін Жанәбілдің жолына. Қайым қылып келді өзін Және ұрды Жанәбіл, Жақын келіп қасына. Тау менен тас жаңғырықты Бұл күрзінің даусына. Басын аман сақтады Шарайна қалқан полаты. Жегеннен зақым Омардың Және өлді ол аты. Зарып етпей дінінен, Саламат тұрды ділімен. Жанәбілге ұмтылды Өткен уақытта теңінен. Ұрғызбай-ақ Жанәбіл, Еңкейіп алды белінен. Қаһарланып Жанәбіл, Кіріп еді күшіне. Керік үстінде қолының Көтеріп алды ұшына, Лақтырып жіберді Мұсылманның ішіне. Саламат қалды ол Омар, Соқтығып қалың кісіге. Бұл секілді жаһанда Бар екен деп палуан, Тамаша қылды бұл істі Кәпірлер менен мұсылман. Құдай сақтап Омарды, Өлмей қалды жан аман, Пайғамбардың алдына Жүгіріп барды сол заман. Омар айтты: – Мұқамбет, Айналайын, бер рахмат. Майданда тұрған мына мард, Палуан екен қабағат. Сізден болды кәрамат, Өлмей қалдым саламат. Кетірді әбден жайымды, Көрмедім ондай қайымды. Енді барғын демеңіз, Қайратты палуан, ер екен. Жүрегім әбден шайылды, Сол палуан күшті екен. Сол уақытта Жанәбіл Мұсылманға сөйледі, Өктем-өктем айтып сөз: – Иә, Мұқамбет, тұрма һәр кез, Палуаныңды жібер тез. Болмаса мен қайтамын, Палуаның жоқ, біліңіз. Мен Жанәбіл піл батыр, Халық қатарлы білмеңіз. Кәпірдің һәр сөз шұддаты, Асып кетті міннәті. Мына сөзді есітіп, Мәлікаждар палуанның Келіп кетті қайраты. Арабтарға патшалық, Үкіметке ілінген, Пайғамбары Құданың Назарына білінген. Пайғамбардан бата алып, Мәлікаждар келді бұл. Бұрын ұрды Жанәбіл, Бұл күрзінің зарпынан, Беймар болды екі қол. Мәлікаждар палуанды Ауырламай меңгерді, Алдына алып өңгерді. Жоғарырақ көтеріп, Лақтырып жерге ұрды, Жер дүңкілдеп тербелді. Және жерден көтеріп, Атасының алдына Лақтырып жіберді. Мұны көріп мұсылман, Жаннан үзді күдерді. Қуанышпен Зарқұм тұр, Ағашына табынып. Майданда тұр Жанәбіл, Нар бурадай шабынып. “Мұсылман, келе бергін” деп, Ұрыспақты сағынып. Қуанар кәпір жабылып, Аждаһадай толғанып, Ұрмаққа күрзі оңданып. Мұсылманнан сол кезде Талап ер шықты майданға, Бір күрзіні қолға алып. Талаптан бұрын Жанәбіл, Қарсы шауып келді бұл. Жалтаруға қоймады, Кідіруге болмады. Талап сынды батырды Салып қалып күрзімен, Аударып алып атымен, Оны да сөйтіп байлады. Енді қорқып көп ерлер, Жанынан қайғы ойлады. Біраз жайда хабар бар, Сады деген бегінен. Ақ жолына баласын Басын кесіп берген жан, Жаһаннан асқан сақи жан, Пайғамбары Құдадан Келіп бата тіледі Садуақас палуан. Қолында алмас қылышы, Атақты ердің бірісі, Жер-жерде мәшһүр ұрысы. Жанәбілден тоқталмай, Жетіп барды қасына. Көтеріп тұрған күрзісін, Жанәбіл ұрды басына. Тау-тастары жаңғырықты Бұл күрзінің даусына. Мең-зең болып тұрғанда, Қолының алып ұшына Лақтырып жіберді, Ол Зарқұмның бұдағы Барып түсті қасына. Жанәбіл және сөйледі: – Арабтар, тыңда сөзімді, Көріндім қалай көзіңе? Мұқамбет, жібер біреуді, Келмесе кезек өзіңе. Палуаның жоқ болса, Өзің келгін өзіме. Бұл сөзді бәрі есітіп, Мұсылмандар ығысты, Бойы ұзындар бұғысты. Үш мәртебе айтқанда, Пайғамбары Құдаға Бермеді ешкім дыбысты. Ерлердің бәрі егілген, Еңсесі екі бүгілген. Ол майданға бармаққа Бәрі жаннан түңілген. Үш мәртебе айтқан соң, Әли келді ділімен. Келіп бата сұрады, Түсіп тұрып Дүлдүлден. Пайғамбарым онан соң Көтерді қолын дұғаға: – Барғын, балам, тапсырдым Жаратқан Жаппар Құдаға. Сүйініп дұға алғанға, Майданға өзі барғанға, Дүлдүл атын секіртіп, Әли барды майданға. Жанәбіл сонда Әлидің Сияғына қараса, Мінген аты пырағы, Келеді бәрі жараса. Өзге көрген адамнан Бәрінен де араса. Бір нұр жігіт, қызыл өң, Маңдайлары жазық, кең, Кең көкірек, кеуделі, Көлденең мен бойы тең. Сақыпқыран бойына, Шерідей пейіл тойына, Әлиді көріп Жанәбіл, Уайым түсті ойына. Бірі емес кәпірдің, Тамаша қылды бәрісі. Болмаса бұл Әлісі, Әгар Әли бұл болса, Лайық екен дабысы. Осылай ойлап кәпірлер, Бәрі де қауіп қылады. Жанәбілдің көңліне Ғажайып қайғы болады. Қасына жақын келгенше, Сыр берместен тұрады. – Талапкерім, кімсің? – деп, Әлидің атын сұрады. Сонда Әли сөйледі: – Келіп тұрмын өзіңе Үш айлық жер жолменен. Атым менім Әли-дүр, Арабтардың ері мен. Сақыпқыран жаһанда, Бір Құданың Шері мен. Дін исламның жарымын, Жар бергуші Әлимін. Жанәбіл сонда кідірді, Ішінен ойлап пікірді. Көтеріп алып күрзісін, Әлиді сонда бір ұрды. Тау-тастары жаңғырып, Қара жер қылды қимылды. Оттары шығып көзінен, Бихұш болып өзінен, Дәрмені кетіп Әлидің, Ләшкерге қарап бұрылды. Пайғамбарға айтты бір сырды: – Иә, Мұқамбет, Жанәбіл Күрзісін ұрды өзіме Тау-тастары жаңғырып, Көшкендей болды көзіме. Қабағат екен ерлігі, Палуанға ұқсайды белгілі. Сенсеңіз сөзіме, Күшінің келдім кезіне. Иә, Мұқамбет Мұстафа, Дұға қыл маған тезіне. – Апу қыл! – деп Мұқамбет, Бір дұға қылды Әлиге, Сахып тұрған уәлиге. – Барғын, Әли, бір Алла Басыңның болсын панасы. Бұл сырыңды білмесін Адамзаттың баласы. Пайғамбар дұға қылған соң, Қаһарланып Әлидің Сахат тауып денесі, Майданға қайтып келді енді. Жанәбілге сөйледі: – Е, Жанәбіл, кел енді, Хабардар бізден бол енді. Әуелі ұрдың, мен тұрдым, Маған кезек бер енді. Нәубетін беріп Жанәбіл, Әлидің келді қасына. Әли ұрды күрзісін Жанәбілдің басына. Жер-жаһан кетті жаңғырып Ол күрзінің даусына. Бұл күрзіден жеді зіл, Әлидің ұрған зарпына. Тағат қылып тұра алмай, Әлиге мойын бұра алмай, Біраз уақ болған соң, Қайтып келді лебіне. “Барабар маған екен, – деп, Ұрысы мұның бөтен деп. Ұрысқандар Әлимен, Дәл басына қатер”, – деп. Қайыл қалды Жанәбіл, Есі кетіп күшінен, Өзінен-өзі болды зіл. Онан кейін екеуі Күрзілесіп ұрысты, Неше айла қылысты, Күні болсын, түн демей Сабаласып тұрысты. Күрзімен де болмады, Суырысты қылышты Шарайна мен қалқанды Тілім-тілім қылысты. Қылышпен де болмады, Ат үстінен жұлысты, Аударысып тұрысты. Ат аяғы шалынып, Тізерлеп қалып жүрісті. Жанәбіл сонда сөйледі: – Аттан түсе қалалық, Қоян-қолтық болалық. Екеуі түсті атынан, Бұл сөзді қабыл алысып. Бел ұстасып күресті, Панжаларын салысып. Жанәбілдің панжасы Көрініп жүрді қарайып, Әлидің салған панжасы Көрінбей қалды ол ғайып. Неше жерде сілтейді, Аяқтары тарбайып. Кәпірлер пұтқа табынар, Мұсылман Аққа қол жайып. Екі ләшкер қарасты, Ортада екі ер таласты. Бірін-бірі сілтесіп, Опыр-топыр шаң асты. Бірін-бірі жықпады еш, Болып кетті күн де кеш. Екі ләшкер панарды, Екі жақтап жағысты, Күндізгідей болды жер. Екі палуан бірдей боп, Тақасып жүр кемеңгер. Ортада бұлар алысты, Тілеуін көпке тілетті, Тірестірді білекті. Апақ-сапақ таң атты, Бұл күреспен түн өтті, Күресті ерлер үдетті. Үзіліспей күресіп, Үш күн, үш түн бұл өтті. Төңіректеп ләшкер тұр, Төртінші күнге жетеді. Жанәбілдің қарны ашып, Ауқатқа мейілі кетеді. Жанәбіл айтты Әлиге: – Бір сөзім бар, иә, Әли, Қабыл көрсең нетеді. Айтпай сені таныдым, Ашып, азып, арыдым. Аласың ба арманда, Ашты менім қарыным. Мұхлат бергіш деуші еді Алыстағы сарының. Ықылымдағы палуансыз, Күшіңіз екен жалғаусыз. Тамақ ішіп мен келіп, Күресейін армансыз. Мұның сөзін есітіп, Тасыды Әли орнынан. Жанәбілдің сөзінен Жауап берді тезінен. Айтқанын қабыл болғызып, Көңілін онда толғызып, Рұқсат беріп қайтарды Жанәбілдей батырды, “Қарныңды кел, – деп, – тойғызып”. Асқа тойып келмекке, Жанәбіл барды қосына, Көрісті жары, досына. Қырық қап нан жеді отырып, Жүз сексен көзе хауыздан Ішті суды толтырып. Даярлады аспаздар, Қырық қойды өлтіріп. Бәрін жеді Жанәбіл, Күшін рәса келтіріп. Асқа тойып Жанәбіл, Майданға және келеді. Бағанағы жерінде Әлиді және көреді. Сөйледі сонда Жанәбіл: – Өз қосыма бардым да, Тойып келдім мен, – деді. Қарыныңды тойғызып, Наһар қылып, иә, Әли, Келмедің бе сен, – деді. Әли айтты: – Бұл жерде, Біздің рәсім ұрыста, Тағам татар кем, – деді. Ұрыс, соғыс уақытында Тамағымыз тоқ, – деді, Ас ішпек бізге жоқ, – деді, Ақ дінге Құдай жақ, – деді. Бұл сөзден соң екеуі Және қылды күресті, Күрес қылып жүрісті. Әрмен-бермен жүрісіп, Сілкілесіп тұрысты, Сүдігер болды жер үсті. Айқайласып күштесіп, Күшпенен жүріп сүрісті. Сол кездерде Әлидің Оты шықты жүректен. Үш жүз алпыс тамырдан Тартып алды күштерін Және қырық төрт сүйектен. Жанәбілді атты аспанға, Түктері шығып білектен. Жанәбілдің үстінде Жеті жүз батпан жарағы, Артықша ауыр жаңағы. Лақтырған барабар Бұлттан өтті жоғары. Қарағанға аңғарып, Көрінбей кетті шамалы. Біраздан соң келе атыр Тарбаңдап екі аяғы. Мұны көріп барлық жұрт, Біріне-бірі қарасты, Ақылынан адасты. Кәпір діні жалғандар, Екі тарау болғандар. Баяғы кеткен Жанәбіл, Түсуінен хабар ал. Назар салып Әлиге, “Ұста” деді Пайғамбар. Бағанағы ісімен, Ашуланған күшімен, Ұстап алды көтеріп Жанәбілді ер Әли, Бір қолының ұшымен. Мұны көріп сахаба, Байлады бәрі жабыла. Мұсылманның ләшкері Ортаға бәрі алады. Жанәбілдей батырдың Мойнына зінжір салады. Машақатпен ап барды Пайғамбардың алдына. Пайғамбар айтты сол жерде: – Иман айтқын, Жанәбіл, Аққа уәсіл боласың. Жаратқанды бір білсең, Насапқа жақсы келерсің. Кәлиманы айтпасаң, Имансыз болып өлерсің. Жаһанды Құдай жаратқан, Бекер сурет ағашың. Менім алсаң тілімді, Жақсылыққа жетесің. Жыласаң рақым қылушы, Тілесең тілек беруші, Екі әлемде қамқорың, Қамыңды Алла жегуші. Жоқты бар қып жетірер, Барды жоқ қып бітірер, Тірілерді өлтірер, Тірілтіп және келтірер. Жан жаратқан мақлұқтың Ризығын және жеткізер. Аты мың бір, өзі бір, Қайда барса әзір-дүр, Сүйген құлға нұр төгер. Ол пейіште хор жайлар, Шырын-шекер, нұр жайлар. Кісі иман келтірсе, Онда барып тұрғайлар. Ол тозақта от жанар, Бүйен, шаян көп болар. Асылықпен өткендер Сонда барып тоқталар. Маған үмбет болсаңыз, Бұл Манат сізге жоқ болар. Менмендік пайда қылмайды, Таныңыз Тәңірі, Құдайды. Пайғамбардың бұл сөзі Жанәбілге сонда ұнайды. Нұр төгіліп көңіліне, Таныды сонда Құдайды. Жанәбіл тұрып сөйледі: – Ақ екен сіздің дініңіз, Енді кетті зейініміз. Ғаплатпенен бірталай Өткен екен күніміз. Пайғамбарым айтты иман, Рақым қылды сонымен. Жан-ділімен Жанәбіл Сонда болды мұсылман, Зәлімдігі тыйылып, Қол қусырып иіліп, Мұсылман болды сүйініп, Көңліне иман үйіліп, Құданың нұры құйылып. Кәпірлер қайғы қылады, Реңкі қашып сынады. Зарқұмның жүзі қуарды, Аң-таң болып тұрады. Ал сонда енді Жанәбіл Бір қызмет қылмаққа, Пайғамбары Құдадан Түрегеп рұқсат сұрады. – Мүшкіл еді уайым, Жеткеріп берді Құдайым. Бейәдеп болдым, Пайғамбар, Сізге бір қызмет қылайын. Арттағы қалған кәпірге Қайғы, уайым салайын, Нешесін аттан алайын. Маған жауап беріңіз, Кәпірге қарсы барайын. – Барғын, – деді Пайғамбар, Болсын, – деп, – Құда панаһың. Жарақтарын жидырып, Керігін алып міндіріп, Ұрысқа керек-жарағын Жанәбілге кидіріп. Саранжамын сайлатып, Кәпірге қайғы ойлатып. Майданға шықты Жанәбіл, Мінген керігін ойнатып. Мұны көріп ол Зарқұм, Көңілін басты уайым. Жанәбілге сөйледі: – Не болған саған, жан ұлым? Мұқамбетке кеттің, – деп, Біз көрінбей көзіңе, Әлі де болса иланба, Алдаған оның сөзіне. Қылыш тартып келдің бе, Латтан қорықпай жүзіме. Бір қиялмен, шырағым, Келгенсің-ді әшейін. Әлде болса мұнда кел, Күнәһыңды кешейін. Қазынам аузын ашайын, Басыңа тілла шашайын. Жанәбіл сонда сөйлейді: – Тәубе қыл, Зарқұм, тіліңе, Көзім жетті менім де. Ұрыспай-ақ, өзің кір Мұқамбеттің дініне. Сенің дінің жарамас Қияметтің күніне. Жанәбіл соны айтқан соң, Зарқұм үзді күдерін. – Ағаңменен ұрыс! – деп, Жанәбілдің інісі, Махәбілді жіберді. Екі ләшкер қарасып, Аға-іні екеуі Ұрыспаққа жақындап, Екі ер келді жанасып, Батырлық қылды таласып. Бір-біріне болды кез, Махәбілден бұрын Жанәбіл Көтеріп күрзі алды тез. Екі палуан егеспен Келіп қалды жүзбе-жүз. Пұшайман болды Махәбіл Шыққанына қарсыға. Көтеріп тұрған күрзісін Жанәбіл ұрды басына. Тау-тастары жаңғырықты Бұл күрзінің даусына. Атыменен Махәбіл Аяқ серіппей құлады Ол күрзінің зарпына. Махәбілдей батырдың Сүйегін ұндай ұсатып, Майда-майда қылады. Мұны көріп ол Зарқұм Екі қолын шапаттап, Жағасын жыртып жылады. Махәбілдің өлгенін Тамам ләшкер байқады. Бармағын тістеп бәрісі, Бастарын бір-бір шайқады. Ишарат қылды ол Зарқұм, Жанәбілдің інісі Қыртасқа “бар” деп айтады. Жөнеді Қыртас тоқталмай, Құйындай аты жүгіріп, Аяғы шаңды суырып. Қыртас шығып келеді, Қорықпастан кідіріп. Мұны да жықты Жанәбіл, Күрзіменен бір ұрып. Майда-майда боп қалды, Бір ұрғаннан жығылып. Екі ұлын бірдей қабаттап, Жанәбіл барад апаттап. Мұны көріп ол Зарқұм, Өртеніп іші барады, Көзінің жасы тарады. – Сен де барып ұрыс, – деп, Ұлына Хашам қарады. – Барғын, балам, тұрмағын, Өзің де қапыл болмағын. Өзімнің ағам екен деп, Аянып күрзі ұрмағын. Бұл сөзді Зарқұм айтқан соң, Майданға Хашам оңданды, Барайын деп толғанды. Жеті батпан сауыты, Дулыға асып қамданды. Жанәбілдің алдына Ақырып Хашам бұл барды. Екеуі жайлап тұрғанда, Хашам барып сөйлейді: – Е, Жанәбіл, неттің сен? Бізді тастап кеттің сен. Бізден кетіп тіледің Мұсылманның тілеуін. Ойламадың атамның Қарғысы менен сілеуін. Әгар сенің денеңде Екі жүз жаның болса да, Қоймаймын бірде-біреуін. Жаман туған жатым, – деп, Берілген жауға қатын, – деп, Есітпеймін датың, – деп. Ағам деп қарап тұрмастан, Жанәбілді ол Хашам Семсерімен бір ұрды, Енді берді Латым, – деп, Ұрып енді асығыс. Жалтарып кетті Жанәбіл, Басына семсер тигізбей. Күрзіменен сілтеді, Теңінен асып жүргізбей. Қаһарменен күрзісін Көтерген екен белгілі. Ұрысқан Хашам кәпірдің Болмады қабыл тілегі. Хашам аттан жығылды Ұсатылып сүйегі. Салауат айтып Жанәбіл, Мүбәриз деп тіледі. Қошуақ болды мұсылман, Жанәбілге бармаққа Түңілді кәпір жанынан. Зарқұмнан рұқсат тіледі Мехрап деген палуан. Рұқсат беріп ол Зарқұм, Мехрапқа айтады: – Жанәбілді өлтіргін, Қанжарменен бастарын Кесіп мұнда келтіргін. Бізден кеткен арамның Басына апат жеткергін. Рұқсат алып Мехрап, Масаттанып келеді, Жанәбілді көреді. Мехрап түзеп жүрісін, Сілтейін деп қылышын. Оның дағы Жанәбіл Келтірмеді құрысын. Басына ұрды күрзісін, Мұндай қылып айласын. Алмадай басы үзіліп, Шығарды оның майдасын. Мехрап атты палуанның Тозаққа жаны жөнеді. Хаман деген палуан Атақты ердің бірі еді, Жанәбілмен ұрыспаққа Зарқұмнан бата тіледі. Жауатұғын бұлттай Ақырып Хаман келеді. Кәпір менен мұсылман Тамашаға тұр қарап. Бұрын ұрды Жанәбіл, Күрзісін және бұлғалап. Хаман ердің денесін Тастады сонда мылжалап. Жанәбіл тасты күшіне, Зарқұм күйді ісіне. Жанәбіл керігін ойнатып, – Палуандар, тез кел, – деп, Майданның барды ішіне. Кәпірдің болмас сұрағы, Жарылып қалды жүрегі. Зарқұм сонда айтыпты: – Бұрынғыдай адамның, Бармасын, – деді, – біреуі. Кәні, Мехрап, Қиртас, Хашам, Хаман, Махәбіл, Бәрін набыт қылды бұл. Бірін-бірін бармаңдар, Көбің болып жабылғын. Жекеме-жеке барсаңдар, Қырып тастар Жанәбіл. Жалғыз барсаң қылар мат, Көңілі бізден болған жат. Бәрің бірден қойғын ат, Жанәбілді бергей Лат. Бұрынғыларды не қылды, Бір-бір барған жеңілді. Бұл сөзді Зарқұм айтқан соң, Отыз лек кісі тобымен Ат қойып бірден төгілді. Кәпірден ләшкер ағылды, Жанәбілге жабылды, Ортаға алып қамады. Көп түлкіге жалғыз шер Аянбай қылыш шабады. Аш арыстандай үңіліп, Қыза-қыза қызығып, Қылыштар қанға көміліп, Келгендері қырылып, Денелері бөлініп, Күрзіменен Жанәбіл Нешесін майда етеді. Көп кәпірдің жандары Жаһаннамға кетеді. Алды келіп қырылса, Артынан және жетеді. Пайғамбар Құда ләшкердің Бәріне жарлық етеді: – Мына тамам кәпірдің Жабылғанын көрдіңдер. Жанәбілге сендер де Барып жәрдем етіңдер. Пайғамбар мұны айтқан соң, Мұсылмандар ат қойды, Зарқұмға қарай төгілді. Жанәбілден кәпірлер Сол кезде бір серілді. Бір лек кәпір ат қойды Зарқұм жақтан сол күнде. Қыза-қыза қызығып, Отыз үш мың сахаба Баршасы кірді майданға. Айтарлық ұрыс болғандай, Зарқұм да кірді майданға. Ұрысқа кіріп бар кәпір, Көбісі жара жеп жатыр, Кез болған көп ажалға. Мұны көріп Пайғамбар, Өзі де кірді майданға. Мұсылман, кәпір ұрысты, Ұрысқа кірмей тұрғандар, Балант жерге шығысты. Кәпір менен мұсылман Бірін-бірі сүрісті. Төрт жар да кірді майданға, Он сегіз Әли ұлдары, Алланың әзиз құлдары, Баршасы бірден ат қойды. Жаңғырықты тау-тасты Алла деген ұраны. Кез келгенін бір шауып, Қиратып кетіп барады. Шаң-топырақ тұман боп, Аспанға шығып тарады. Сайдан атқан бұлақтың Қызыл қан болды сулары. Екі патша кірген соң, Ұрыспай адам қалмады. Қабағат қатты қырғын боп, Майданның ішін шаңдады. Жан сатар ерлер намысқа, Жаманда зәре қалмады. Жердің жүзі қимылдап, Адам болып аңдады. Ілгері ерлер емініп, Қорқақтар кейін шегініп, Екі ләшкер ұрысты Үсті-үстіне төгіліп. Полат қалқан, сауыттар Шығырдан кетті сөгіліп. Не алмастар қирады, Қан ішіне көміліп. Біреуге біреу телміріп, Біреуді біреу жерге ұрып, Қашып шығып майданнан, Есірік болып кеңгіріп. Қылыш сілтеп ұсынып, Бағзыларын түсіріп, Нешелер қорқып қысынып. Талай кісі атының Жантайып барад жанында. Аттары болып жосадай Шашыраған қанына. Алысқан көп тармасып, Бір-бірімен жармасып, Кез келген жерін ұстап жүр, Қарсы келсе қармасып. Темірге темір шақылдап, Күрзіге күрзі тақылдап, Найзаға найза қағылып, Қылышқа қылыш шапылдап. Аяныспай шабысып, Қызыл қан жосып ағысып, Баһадүрлер алысып, Бет алдымен алысып, Құшақтасқан уақта Қанжарменен жарысып. Осындай ұрыс болып жүр, Сауытқа найза шақырлап. Сынығы жерде қатырлап, Қызды да әбден бұл ұрыс, Қамшыдай қылыш шапырлап, Жығылып қалған адам көп, Миы айналып тапырлап. Зеңбіректер күрсілдеп, Дамылсыз тура атылып. Ата алмаған жамандар Оққа жатыр батылып. Мылтықтан әскер қырылып, Қаша алмай жүр бұрылып. Екі ләшкер ұрысты, Қыла берді жұмылып. Екі ту қарсы тігіліп, Жайылып түсіп атынан, Не ерлер қалды бүгіліп. Талай ер жаяу ұрысар, Пиада қылып жүгіріп. Нешелер аттан қисайып, Нешелер аттан жантайып. Бұл соғысты көргендер Қайран қалар аңқайып. Ерлер тасып, еркейіп, Баһадүрлер көркейіп. Дегбірсіз қашты далаға, Жанынан қорқып еңкейіп. Салысып тұр тайсалмай, Арасат болды бұл ұрыс, Қиямет болған қайымдай. Пайғамбар жүр ұрыспен, Кәпірлер қашар ығыспен. Ұрыста сілтер Пайғамбар Қамқам деген қылышпен. Нешені шауып басынан, Нешені шауып белінен, Сілтегенде қылышы Тартар еді демімен, Қырар еді жексен қып, Кәпірлердің елінен. Ұрысар еді ерінбей, Пайғамбарым ұрыстан Жүрер еді жиренбей. Атқанында аспанға Кетер еді көрінбей. Келер еді аспаннан, Көрініп көктің жүзінен. Келген кезде қылышпен Бөлер еді тезінен. Көрсетіп қара күндерін, Салып төмен жүздерін, Екі кәпір қолына Бірдей түскенде, Соғыстырып кәлласын, Шығарар еді миларын. Бәкір Сыдық бір жақтан, Хазірет Омар бір жақтан, Қырар еді апаттап Хазіреті ол Оспан. Хазіреті ер Әли Зұлпықарын суырып, Қылар еді бұл жексен. Хасен менен Хұсайын Қиратар еді бөлектеп, Он сегіз Әли ұлдары Бірінен-бірі айырылып. Қарсы келген кәпірлер Кетер еді қаймығып. Әнапия-Мұқамбет Жүрді ұрыста шердей боп, Қарсыласып ұрысқан Қалар еді жердей боп, Әлименен қайраты Қалар еді бірдей боп. Он сегіз Әли ұлдары, Алланың әзіз құлдары, Бұлар жүрген жағынан Судай болып төгілді Кәпірлердің қандары. Жыртылды тулар парылдап, Қан ақты селдей сарылдап. Адам ата бері қарай, Мұндай болып еш жерде Ұрыс болған жоқ екен. Жазық дала, құла дүз Өлікке толған жоқ екен. Өлген өлік ол күнгі Есебі жоқ көп екен. Бұрынғы Дастан, Рүстем, Бұлар да талай ұрысқан. Еш қырғында олар да Қалмаған екен жұмыстан. Нариман, Сам, Ескендір, Үсіт, Құсрау, Шам, Жахан, Көп падиша, қаһан жан, Сұхраб, һарун Рашид, Пірідүн, Зухак, Жамшид, Ескендіриар, Сақ Қайсар, Бұрынғы өткен осылар. Бірде-бірі олардың Осындай ұрысқан жоқ екен. Бұл секілді жаһанда Болмаған екен ұрысы, Ол өткен ердің бірісі. Бөлектеп кәпір іштерін, Көрсетіп қайрат күштерін. Құлақ салып тыңдаңыз, Құдаға Шері атанған, Пайғамбардан бата алған, Хұсусан ол ла ғалам, Әлидің қылған істерін. Атымен кірген ер Әли Ләшкеріне кәпірдің. Жалғыз келіп білмей жүр Не болғанын артының. Қырылды кәпір топырлай Қиямет күні болғандай. Шерінің ұрған кәпірі, Мысалы бидай бауындай. Төбе-төбе үйіліп, Өліктер болды қырмандай. Екі жүзді қылышы Кесер еді ұрғанда-ай Жүз отыз мың тамырды. Бәрі сауыт киінген, Тоқсан екі мың әдіні Ұрысқа айдап сүйреген. Он екі мың піл махмұйт, Жетпіс екі мың зәңгіні, Ұрысқа айдап жүрілген. Осындай ұрыс ішінде, Бір Әлиді ортаға Алмақшы бәрі күшімен. Күн тітіреп, мұнартты Олардың айбат түрінен. Әлиді ортаға алады, Жанасып зарпын салады, Бір Әлидің үстіне Бәрі топыр болады. Шаң-топырақ бұрқырап, Тұмандай болып қалады. Ұрыс хадден асады, Алдын қырып тастаса, Арты ұмтылып басады. Осындай ұрыс болғанда, Алпыс екі тамыры Хазіреті Шерінің Күші қыштап барады. Дүлдүлден түсе қалады, Әли болды пиада. Дүлдүлге айтты насихат: – Әзір боп тұр өзіңе, Сен тістелеп, тепкілеп, Кәпір келсе кезіңе. Бір піл үлкен аяғы, Сонша пілден Әлидің, Көрініп үлкен көзіне. Әли қылды қайратын Осы үлкен пілдің өзіне. Бір Құдайға сиынды, Жалбарып Әли со күнде. “Иә, Ханнан да, иә, Маннан, Жолыңа кештім мен жаннан. Тәуекел қылдым өзіңе, Медет бермек берсе нән”. Мұны айтып ер Әли, Кәпірлерге сөйледі: – Менім атым – Әли Шер, Шерім деген бір Құдай. Ұрысқанмен неше ер, Көтерер едім, піл түгіл, Тұтқасы болса қара жер. Мият қылған піліңнің, Кәпірлер, енді халін көр. Бұл дәулеттің бәрі де Мұқамбеттің дәулеті. Бұл жанжалдың бәрі де Кәпірдің қаза мехнаты. Осыны айтып болды да, Ұстай алды аяғын. Көтеріп қолға алғанда, Халық қарады сияғын, Бастайды Әли баяғын. Атқан оқтай зырлайды, Көтеріп алып басына Лақтырып жіберді, Көп пілдің түсті қасына. Құдіретімен Құданың Пілге сонда тіл бітті, Пілдерге қарап айтады: – Әуре болма, көп пілдер, Жаман болар істерің. Меніменен барабар Емес еді күштерің. Лақтырып жіберді, Міне, келіп түскенім. Адамзат сондай шері екен, Ұстап ап атып жіберді, Жаһаннан асқан ер екен. Лақтырды қаңбақтай, Дүниеде зор екен. Бәлеге қалар басыңыз, Жақын бармай қашыңыз. Бұл сөзіме наныңыз, Бойыңды аулақ салыңыз. Бұл тілімді алмасаң, Апатта қалар жаныңыз. Мұны естіп ойға қап, Пілдердің көңілі қайраңдап. Өздерін қылып араса, Ұрысқа келген саймандап. Мұны естіген пілдердің, Бәрінің кетіп зәресі, Қаша берді тайраңдап. Бет алып қашқан уақта, Соқтығысты соқырдай. Қарсы алдына келгенін Қиратып кетті отындай. Бәрі қашып барады, Бұрыла алмай артына-ай. Көп кәпір жерге тығылды, Пілдердің қашқан зарпынан. Желігіп қашқан көп пілдер Алысқа барып тоқтады. Астында қалған өліктер Төбе-төбе боп қалды. Қаһарланып Әли Хайдар Мінді тағы Дүлдүлге, Зәңгіге қарай жол тартты, Бір ұрыс болар бұл қатты. Жалғыз өзі айқайлап, Ортаға ұрды зырқырап. Зұлпықар кескен зәңгіден Қан төгілді бұрқырап. Зәңгілер қашты далаға, Алды-алдымен тырқырап. Жүз қайтармай оғынан, Қауіп етпей жанған шоғынан. Тоқсан екі мың әді Бір Әлиге жабылып, Ұрыс қылды төгіле. Мұны көріп сол уақта, Сөйледі Зарқұм көбіне, Көп баһадүр, бегіне: – Құлақ салып, халайық, Тыңда менім кебіме. Әр түрлі ұрыс қылсақ та, Келмеді бұл іс ебіне. Ерлігін Әли асырды, Шынымен бізді састырды, Жалғыз Әли қуалап, Киіктей айдап қашырды. Қисапсыз халық қырылып, Майданды өлік жасырды. Ат басын тартып тоқтаңдар, Қылалық тағы тәсілді. Быж-тыж болып қаша алмай, Топтаныңдар шашылмай. Ортаға алғын Әлиді, Қаңғырып жалғыз жүргенде, Адамына қосылмай. Жүз мың лек кәпір ат қойды, Сөздері болып осылай. “Қырылғаны қырылсын, Әбүйір алсын тірісі. Бүгін болсын арасат, Ысрапыл сорысы”. Мұны Зарқұм айтқан соң, Ләшкердің бәрі ағылды, Шымалдай қаптап жабылды. Жалғыздық түсіп Әлиге, Жар-жолдасына шағынды. Батыр Әли тарығып, Бір Құдайға жалынып Көзі толды жасына. Басқа жан жоқ қасында, Өршіндеп, өрлеп қарғып жүр, Дүлдүл аты астында, Қажымай қарсы шауып жүр. “Иә, Алла,– деп, – медет бер”, Өзі жеке жүрсе де, Көп ләшкердің қамын жер. Осылай деп жүреді, Құдадан тілеу тіледі. Қып тұрған бәрін бір Алла Құдіретімен біледі. Пендеге бұл іс қиын-ды, Жаһанға кәпір жиылды. Тірілері жарадар, Қырмандай өлік үйілді. Пайғамбар халі не болды, Қай тарапта жүрілді, Барша әскер мұсылман, Отыз үш мың сахаба. – Құдай-а, өзің қоспасаң, Дидарын көрмек қиын-ды. Күннің көзі тұтылды Кәпірлердің оғынан. Жүрсе екен Хасен, Хұсайын, Бір-бірінен айырылмай, Бабасының соңынан. Ат шылауын айырмай, Он сегізі тобымен Бәкір, Мұса, Әнапия, Көзімнің ақ-қарасы. Бірде-бірін көрмеймін, Қалың ләшкер арасы. Дидарын балдар көрмесем, Қияметтегі жарасы. Берік байладым белімді, Көп жарақат тәнімде. Оққа тұтып көксімді, Мойныма алып ұлықты, Балаларым-ай, не болды? Дін мұсылман ләшкерді, Құдай-а, сақта елімді. Бұл ұрыс болды аламат, Қарқыны болды қабағат. Ислам елін, Құдай-а, Аман етіп кәпірден, Өзің сақта саламат. Дін үшін жүрген бұлар да, Бұған рахат сұрай ма? Уайым балдар болып тұр, Қабағат мұндай ұрыста, Өзі үшін Әли жылай ма? Тіліне тәсбі келтіріп, Мінәжат қылды Құдайға. – Иә, Пәруардигар, сен дана, Мен Шеріңе бол пана. Мұсылманға медет бер, Пәруардигар Алла Тағала. Кәпір алып жер жүзін, Мұсылман жоқ боп қалып тұр. Мендей Шердің басына Мұнша жанжал салып тұр. Өзгелердің, япырым-ау, Халдері нешік болып тұр? Пайғамбар Құда төрт жармен, Мұсылман, барша сахаба, Айырылысқан ерлерге, Саламат, Құдай, жолықтыр. Қырғанменен көбісін, Ада болмас бұл кәпір. Ат өлікке сүрінді, Жол тауып жүру қиын-ды. Мендей болса әрқайсы, Біріне мыңы ұрынды. Бір-бірінен айырылып, Мұндай қалың күреңде, Ете алмай жәрдем қайырылып. Жаңа талап, жас жүрек, Қалды ма түге қаймығып? Хасен, Хұсайын, Әнапия, Жас өмір сізге шырын-ды. Уайым етіп шашылып, Барһам болып қырылды. Айналайын, Құдай-ай, Көрер күнім бар ма екен Он сегіз перзент ұлымды. Кезімде сасқан осындай, Кешір, – деп,– Алла, тілімді. Сау-саламат соларға Жолықтыр,– деп,– тірімде. Бір Құдайға жалынып, Мінәжат қылып тұрысын. Осыны айтып болған соң, Бір ақырып шығарды Майданнан Әли дауысын. Самсам менен зұлхажа, Берік байлады қылышын. Қамшы беріп Дүлдүлге, Өзін ұрды кәпірге, “Бір Алла, – деп, – дін үшін”. Барған заман ер Әли Қиратып кетті кәпірдің Біріне қоспай бірісін, Найзамен түйреп шаншып жүр Сүйектері ірісін. Қарсы алдына келген соң, Қоймайды аман бірісін. Қашқандарын қуалап, Не ерлердің бастары Алмадай қалды домалап. Барған сайын асырад Хазірет Әли ұрысын. Кәпірлерді бөлектеп, Алдына салып жүрісін. Қаһан Зарқұм көрген соң Бір Әлидің мұнысын, Тамаша қылды ұрысын. Не палуан кәпірлер Әлиге келіп өліп тұр. Оңы-солын барабар Қылышпен екі бөліп тұр. Шерінің қылған бұл ісін Зарқұм патша көріп тұр. Көп түлкіні жалғыз шер Айналақтап шауып тұр. Аман қалған бірі жоқ, Келгелі қырғын тауып тұр, Қызыл қан жерді жауып тұр. Нені шапса қылышы, Жерді барып қауып тұр. Сонша ләшкер Әлидің Ерлік, қайрат-күшімен Айдауына көніп тұр. Тамаша қылды ұрысын, Апаттап бәрін жүрісін. Зарқұм және сөйледі, Әлидің көріп бұл ісін: – Бір ықылымның тәжідар, Падишасы мен едім. Қарсы келген шаһарды Қара жерге теңедім. Адам нәсілін жаһанда Өзіме тең демедім. Бұл секілді жігітті Осынша жасқа келгенше, Өмірімнің ішінде, Естіп көрген жоқ едім. Сенгені бұл екен Арабтардың жұртының. Әли деген бар еді, Атағы бұрын сыртының. Бұл ер менде болғанда, Жау болса әгар жеті ықылым, Баршасыменен ұрыссам, Құртар едім тұқымын. Мұның әгар ұрысын Рүстем көрсе тахсин дер, Аспандияр, басқалар. Басқа да жерде бар ма екен, Ойпірім-ай, мұндай күшті ер? Латым, саған сиындым, Осы Әлиді қолға бер. Бұл ерді кәйтіп тұтармыз, Зарпынан қайғы жұтармыз. Кәмандаға пәнде қып, Тұзақтап ғамкін етеміз. Өйтпесе кәйтіп алады, Іске асырмас шараны. Мұны берсе Латымыз, Өзгесі қайда барады? Бұл Әли екен, таныңыз, Кәмандазды салыңыз, Ортаға шапшаң алыңыз, Қояйын сөздің ұзағын. Зарқұм мұны айтқан соң, Кәмандаз салды тұзағын. Асқан қайрат басқа еңбек, Көріп жүр жалғыз азабын. Кәмандаз тұзақ салған соң, Торға Әли шырмалды. Қимылдауға шама жоқ, Халі хараб боп қалды. Тіреп тұрып табанын, Олай-бұлай ырғалды. Әй-шәйіне қарамай, Жабыла тартып кәпірлер, Сүйреп кетіп барады. Күшін жиып ер Әли, Ақырып айқай салады. Қалтыратты тау-тасты “Алла!” деген ұраны. Ақырған Шердің даусымен Кәманд быт-шыт болады. Бұл айладан тағы да Әли Шер аман қалады. Бастады сонда бір істі, Бұрынғыдан ер Әли Он есе қатты ұрысты. Бет алдына келгендер Арқасын беріп ығысты. Қорқып қашқан кәпірді Мұсылман да қуысты. Дем алмақ болып сол кезде, Ат басын тартып тұрысты. Әрқайсысы өзінің Мәнзиліне барады. Кәпір менен мұсылман Ашпақшы болды араны. Ұрыстан бұрын белгі қып, Пайғамбар Құда айтқан ед: – Бір жуан шынар бар еді, Үлкен еді белгілі. Әр уақта шыққан майданнан Шынарға келсін, – деп еді. Алды-арты бірдей әскердің, Уағдасымен сол күні Ұрыстан шықты көп ерлер, Жапырып жауын кемеңгер. Денесінен талайы Қызыл қанды ағызып, Қылыштан қанды тамызып. Пайғамбар шығып майданнан, Шынардың барды қасына. Сау-саламат келе атыр Жығасын шаншып басына, Ілестіріп соңына Әбубәкір, Омарды. Қошуақ боп келе атыр, Құп тарқатып құмарды. Шынардың тұрып түбінде Пайғамбар Құда бұйырып, Дабылдың даусын шығарды. Хазірет Оспан келеді Қуанып көріп бұларды. Онан соң келді ер Әли Қан болып бастан-аяғы, Сауыттың шығып шарасы, Ұрыстың бітіп мәресі. Денесінде бар екен Жүз жеті жерден жарасы. Төрт жарменен көрісті Екі әлемнің сарасы. Хасен, Хұсайын келіпті Ер Әлидің баласы. Олар да келіп көрісті, Ғанимет біліп тірлікті. Бір-бірімен көрісіп, Маңдайынан өбісті. Әнапия келді бұл, Тұрғанда бұлар жәй алып. Күніменен ұрысқан, Еш кідірмей аянып, Кәпірлерден есепсіз Палуандарын жексен қып, Киімі қанға боялып. Онан соң келді Жанәбіл, Күрзісін қылып ол мәйіл. Ерлігіне бұл ердің Баршасы болды көп қайыл. Жиылып ләшкер болған соң, Есебіне толған соң, Хазіреті Оспанға Әмір етті Пайғамбар: – Қалам, дәуіт алыңыз, Есебіне салыңыз. Кәпірлердің қолында Қанша ер болыпты, Анығына қаныңыз. Оспан жазды хаттарын, Аударып қарап дәптерін Соғыста болған ерлердің Піте берді аттарын. Есебіне қараса, Қиямет ұрыс болып тұр. Мұсылманның халқынан Он екі мың өліп тұр. Өліктерін жиып ап, Мұсылмандар көмді бұл, Намазын оқып бәрінің, Жайластырды түнімен. Мүсәпірлік күнімен, Жылады бәрі зейінімен, Жер күңірентіп үнімен. Мұсылмандар халқымен, Мәтім тұтты жалпымен, Мұсылман әдет-салтымен. Бұрынғы болған ұрыста, Бұл сықылды шығынды Еш уақытта көрмеген. Енді бір сөз тыңдаңыз Бұл жақта кәпір Зарқұмнан. Сансыз ерін қырдырып, Жермен-жексен қылдырып, Әскерімен бір жүріп, Қаға-қаға дабылын, Кірді шаһар Ираққа. Қайғыға толып жүрегі, Отырды барып ол таққа. Зарқұм сонда айтады: – Ләшкерімен маған жат Дін исламның бәрі де Ұрыс қылды қабағат. Бізден қанша қырылды, Алыңдар хаттап санаққа. Қалды ма батыр, палуан, Иә, болмаса қалмап па? Жіберді хатқа жүз молда, Санағы сансыз болып тұр. Белгілі ердің өзінен Жиырма жеті лек өліп тұр. Белгісізде есеп жоқ, Жердің беті толып тұр. Мұны естіп ол Зарқұм Бұзылды көңлі ойран боп. Алдына адам кіргізбей, Уәзірін жүргізбей, Екі бүйірін таянып, Зар-зар жылап еңіреді, Қылует жайда білгізбей. Барша кәпір жыласып, Өлгендерін санасып, Шарап ішіп отырды, “Етпейік, – деп, – уайым”, Бәрі осыны ұнасып. Мұсылман жағы жыласып, Ұйықтамай жүр шуласып. Бағзылары айтып жүр Рада іске пұшайман. Емес дейді жинасып, “Бақ, тәуекел, ертеге, Көреміз, – деп, – сынасып”. Мұсылмандар сөйлесіп, “Ұрысамыз” деп ойласып. – Иншалла, ертелеп Шығамыз да ғазатқа. Қайсымыз болсақ та, Кірерміз, – деп, – жәннатқа. Өлген кәпір кірер, – деп, Жаны тозақ, мехнатқа. Айналайын, Жаратқан, Кімге болар тәжі, тақ, Кімге болар дәулет, бақ, Аруақ кімге болар жақ. Біздерге өзің медет бер, Жарылқаушы Жаппар Хақ. Баһадүрдің баршасы Осылай деп отырды, Ұйықтамай таңды атырды. Тағдырдың ойлап азалын, Біләл айтты азанын. Пайғамбар Құда имам боп, Оқыды памдат намазын. Күн шашырап шыққанда, Есітті дабыл ауазын. Тікті һәмма құлағын, Дабылдың даусын есітіп. Пайғамбар киді жарағын, Қылыштарын асынып, Шықпақтың етіп талабын. Барша әскер киініп, Көбісі түйіп қабағын, Майданға келіп сап тартты. “Мүбәрак қылсын қадамын, Мәдине, Мекке арабын,” Осылай деп Пайғамбар, Мінәжат қылды сол күнде. Дұға қылып көтерді, Тудың тұрып түбінде. Жүзі толған айдай боп, Ақ Мұқамбет Мұстафа Нұрланып тұр түрі де, Сәулесі шығып аспанға, Кәпірлерге біліне. Зарқұмның келеді әскері, Көшелерге сыйыспай. Бұлар да сабын түзеді, Жақындап келіп ұрысқа-ай. Екі ләшкер жанасты, Бір-біріне жылыстай. Әуелі сапта найзалы, Екінші сапта оқ пен жай. Үшінші сапта күрзілі, Төртінші сапта қан төгер Қылышты мен қанжарлы. Бесінші сапта әділер, Алтыншы сапта піл, зәңгі. Екі ләшкер шекісті, Екі ту жақын келісті. Шамалы келіп жуыққа, Бірін-бірі тұтты оққа. Атып тұрды ерінбей. Күннің көзі тұтылды, Оқ бұршақтан көрінбей. Зиян етер бұл демей, Атысып тұрды жиренбей, Ерлер сабыр қылмайын, Ойына алмай уайым. Мәлікаждар ұғылы Ат қойды бұрын Ыбраһым, “Медет бер, – деп, – Құдайым” Қарсыласып екі ту, Ат қойып қалды тұрмайын. Екі ләшкер таласты, Майданға келіп шаң асты. Көтере алмас қылышпен Ұстасып тұрып сабасты, Екі ләшкер тоғысты. Күрілдесіп жаңғырығып Екі таудың соғысы. Көзді ашып-жұмғанша, Жоқ болды ердің көбісі. Су орнына шелектеп, Қызыл қан болды төгісі. Себептерменен жоқ болды Жез айылдардың дауысы. Гуілдейді тоғайдың Өртенгендей қамысы. Қорқақтың қамы жанысы, Ер өлімі – намысы. Екі қалың ләшкердің Салып кетті бәрісі. Қылыш-найза ешбірі Қалмады қанға боялмай. Өшігісіп салысты, Ешбірі жанын аянбай. Қызығысып кеткеннен, Сүйекке ашу жеткеннен, Сәскеден кешке салысты, Сайлардан қандар ағысты. Өліктердің қарасы Қыр-қыр болып қалысты, Әр жерге өлік толысты, Айрықша қырғын болысты. Адамның аққан қанына Сулардай болды жер үсті. Не бедеулер желіп жүр, Шаба алмастан жазылып, Шаба-шаба сабылып, Көбіктеніп басылып. Сайлардан қандар ағылып, Біреуге жеке табылып, Біреуге мыңы жабылып, Сүрініп барып тұрып жүр, Өлікке аттар қағылып. Кез келген ерлер ажалға Тыныштықты жатыр сағынып. Өлшеулі өмір біткен соң, “Ұйықтамасын” нағылып. Күн бата ұрыс тоқтады, Қоймады дабыл қағылып. Бір-бірінен ажырап, Екі ләшкер айырылды. Есеңгірер әрқайсы, Өз жайына қайырылды. Жаралысы ыңыранып, Қанға тоқтау болад деп, Оранған әбден шырмалып, Балтамен түбін кескенде, Құлайтын талдай ырғалып. Іске аспай қалды тау-тау боп, Қылыш-найза қиралып. Адамзатқа осындай Қиыншылық болысты. Бір-бірінен ұзамай, Өшігіскен екі жау Екі суға қонысты. Масала жағып майдан жер, Күндізгідей болысты. Өлген өлік көрініп, Майданда жатыр бөлініп. Ұйықтамай таңды атырды, Қалған ерлер желігіп. Бір-біріне тап беріп, Жерді қатты тебініп, Байлаудағы айғырдай Сияқты қалған зерігіп, Тісін қайрап долданып, Ернін ерлер емініп. Осындай сөздер боп жатты, Сүбхі садық таң да атты. Біләл айтты азанын, Оқыды намаз памдатты. Күн шыққан соң мұсылман, Майданға шықты аттанып. Медет сұрап өзіне, Бір Алланы жадқа алып, Сайманданып баптанып, Ұрыс жаққа шақтанып, Туларын жайып бекісіп, Саясатпен шекісіп. Екі дария тасқандай, Шеңберден шығып асқандай, Келеді бәрі жұлқынып, Ілгері қарап ұмтылып. Қоян-қолтық боп қалды, Тоқталмады іркіліп. Машқұл болды ұрысқа, Көзіне көзі түскен соң, Болмады сабыр қылысқа. Еш адамның ойы жоқ, Майданнан кейін тұрысқа. Екі ләшкер ат қойды, Қолдарын салып қылышқа. Дүлдүліне қамшы ұрып, Пайғамбардан бата алып, Әли де кірді ұрысқа. Дүлдүлге қамшы батырды, Санына қамшы тиген соң, Жасындай Дүлдүл атылды. Топтанып тұрған кәпірдің Барып түсті ішіне, Кірді Әли күшіне, Әні-міні дегенше, Талайын аттан түсірді. Сабағынан қиылып, Денеден кәлла ұшылды. Долдықпенен шыдамай, Ер Әли сонда ақырды: – Тоқта, батыр, тоқта, – деп, Қашқандарын шақырды. Қуып өзі жетеді, Жиырма тас жерлерге Бұл айқайы кетеді. Шерінің даусы кәпірдің Құлағынан өтеді, Нешесінің сол жерде Өті жарылып кетеді. Және айқай салғанда, Зарқұмның екі құлағы Самал соққан теректің Жапырағындай тітіреді. Екі ақырып ондан соң, Әли барып майданға, “Талапкер” деп сұрады. Салар деген бір кәпір, Денелері мұнарадай, Найзалары шынардай, “Сен барғын, – деп, – майданға” Әлиге қарсы шығарды. Көрініп көзге қорғандай, Ұрыспаққа толғанды-ай. Айбатына қараса, Тау мен тас ларза болғандай. Әлимен келіп салысты, Шаншысқан найза қолдағы Бір-біріне жетісті. Бірінші харба етілді, Екінші және кетілді. Үш сапар шаншысып, Қағылып қалай ұтылды. Салысты найза барабар, Айласы артық ол карар. Неше сапар шанышты, Найзаны кетті қылмай кәр. Әли алды қаһармен Зұлпықарды суырып, Салар да қылыш суырып, Қарсы келді тігіліп. Шабысты келіп барабар, Қылышпен де болмады, Сындырып алған найзасын. Бір-бірінің шығарды Жарағының майдасын. Әлек болды екеуі, Асыра алмай айласын. Бірін-бірі жықпады еш, Болып кетті күн де кеш. Анда Салар сөйледі: – Кеш болды енді күніміз, Күн өтіп, жетті түніміз, Ертеден бері алмадық Бірімізді біріміз. Енді ертең ұрысалық, Қайтпақтың қамын қылыңыз. Ажырасты екі айырылып, Осыны айтып екеуі, Жаталық деп жәй қылып, Бұл мұсылман, ол кәпір Ләшкеріне қайырылып. Барды Салар қосына, Көрісті жары, досына, Әлидің айтты ерлігін Зарқұмның барып қасына. – Бүгін менімен ұрысқан, Барабар келіп тұрысқан, Кешке шейін майдан қылысқан, Кім еді ондай палуан, Жоқ екен оның теңдесі. Жалғыз өзі қаймықпай, Жаһанға тұрыс бересі. Найзамды ұрсам кәр қылмас, Темір екен денесі, Ердің екен зердесі, Ешкімнің келмес шамасы. Оған ұрған әр найзам Тисе әгар тастарға, Шығушы еді парасы. Мұны естіп Салардан, Отырған барша уәзірлер: – Әли деген сол, – деді, Атақтысы ол, – деді. Қапыл қалма, әй, Салар, Ертең әзір бол, – деді. Мұны естіп ер Салар, Масаттанып сөйледі: – Әгар Әли бұл болса, Аламын ертең мен, – деді. Қараңғы түн өткен соң, Күн нәубеті жеткен соң, Пайғамбар Құда имам боп, Намаз памдат оқиды. Ұрыспақ ердің мұрады, Жасау байлап тұрады. Әли түсіп Дүлдүлден, Асығысып жан-ділмен, Пайғамбары Құдадан Қол жайып бата сұрады. Пайғамбарым Әлиге: “Бар” деп жауап қылады. Дүлдүлін мініп ойнатып, Майданға қарсы шығады. Салар да шығып сөйледі: – Енді сенің, е, араб, Екі жүз жаның болса да, Қоймаспын бірін өзіңде, Лап көрмегін сөзімді. Мұны айтып ол Салар, Қарсыласты Әлиге, Қылышпенен шабысты, Жібермес үшін намысты, Қалқанменен қағысты. Дулыға менен қалқандар Бүктеліп қанша қалысты. Аяныспай ұрысты, Қылыштасып жүрісті, Бір-бірінің қылышын Ұстасып тұрып жұлысты. Жағадан сауыт сытылып, Сыртынан қылыш тұтылып, Ат аяғы шалысты, Ажырамай құтылып. Ұрысқан жерлер шаңданды, Аударысып екеуі, Мінген аты сандалды. Екі ләшкер екі ердің Ұрысына таң қалды. Мықтап ұстап Әли Шер Қылышын жұлып алады, “Алла” деп ұстап белінен Көтеріп алды жоғары. Бұлғалап атып жіберді, Жерге барып құлады. Салмағымен ол Салар Топыраққа көмілді. Денесі үлкен төбедей, Кім көрді мұндай көрімді? “Жайлады, – деп, – мұны да”, Кәпірлер үзді күдерді. Қаһарланып ер Әли, Басын кесіп Салардың, Зарқұмға атып жіберді. Бұл қайратты көрсетті, Алланың Шері пендесі. Көп кәпірді өлтірді, Салардың тиіп кәлласы. Мұны көрген кәпірдің Қорқып, кетті зәресі. Бұл Салардың бар екен Мәлак деген інісі. Ішін жаман өртеді Әлидің қылған бұл ісі. Әбунапра дегені Күтуші еді жарағын. Ишаратын байқады, Майданға шығар талабын. Оның сиясатының Айтып болмас тарабын. Сайлатып әбден киінді Сауыт-сайман жарағын. Қабағы кетті түйіліп, “Бер, Латым” деп сиынып, Жауап алып Зарқұмнан, Әлиге келді тігіліп. Мәлак сонда айтады: – Палуан араб, неттің сен? Жүдә алысып кеттің сен. Басыңды кесіп алайын, Ағамды жексен еттің сен. Мәлактың сөзін есітіп, Ыза боп Әли қаһармен Бір ақырды оңданып. Әли ақырған кезінде, Мәлакшаның жүрегі Жарыла жазды толғанып. Қорыққаннан қылышын Сілтеді бұрын ол барып, Қатты Әли қозғалып, Ұстады барып белінен. Барлық күшін қолға алып, Жұлып алып атынан, Алдына басты өңгеріп. Ишарат қылды ләшкерге, Алып кет деп тез келіп. Мұсылманның ішінен Сексен адам барды да, Мойнына зінжір салды да, Ұстап байлап ап барды Пайғамбардың алдына. Әли өлмей қалған соң, Бітеді кәпір мәресі, Еш қалмайды бәрінің Мұны көріп зәресі. Және шықты майданға Қайраты тасып Әлидің. Қақан көріп бұл ісін, Пенде қылған інісін, Белінен алып мойнына Байлады Қақан қылышын. “Өзім барып Әлидің, Көрейін, – деп, – ұрысын”. Әбу Ысқақ дегені Көтерер еді жарағын, Күніге тартып азабын. Сиясатын Қақанның Айтып болмас тарабын. Қақан келді оттай боп, Керіктің мініп үстіне. Болат еді қалқаны, Байлады оны кептіне. Он екі мың батпан салмағы Қалқанын киді басына. Екі жүз кез найзасы Ұшына болат салынған, Дулығасын көтерді Дүрри, жақұт қағылған. Алтын-күміс жарағы Жалтырап күнге шағылған. Жиырма бір кез қылышы, Жеті кез еді бір алмас, Белгілі еді мұнысы. “Уақытын тауып шапсам” деп, Алды соны қолына, Асты ердің мойнына. Сонша қымбат жарақты Киді жалғыз тәніне. Жаһаннан асты сәулеті, Келді ләшкер ішіне. Қорғандай болып қауметі, Көзіне халық көріне. Мінген керігін ойнатып, Майданның келді жеріне. Айбат етіп сол уақта, Сөйледі Қақан Әлиге: – Мәлакхан, Қақан, ол Салар, Кәні, екі ініміз? Өлтіремін мен сені, Жүректе қалды шеріміз. Жаныңа қайғы салайын, Басыңды кесіп алайын, Сүйегіңді ұндайын. Берірек, Әли, кел, – деді. Болаттан тамам жарағы, Тажалға ұқсас сияғы. Қақанды көріп мұсылман, Шошиды бастан-аяғы, Айбатына қалды қайран, Пікірде болды мұсылман. Саясатпен осындай Сөз сөйледі ол Қақан: – Әуелгі кезде көріп ем, Майданда сен тұр едің. Мен сені онда ойламай, Тамаша қылып жүр едім. Өлтіріп мына екі ерді, Басыңа бәле тіледің. Күшімді енді сынарсың, Сенің өзің кім едің? Осынша істі қыласың, Шақтамайсың әліңді. Салардай қылып төгейін, Бүгін сенің қаныңды. Атағың кімсің, намыңды? Сонда Әли сөйледі: – Менім атым Әлимін, Дарақты, тауды көшірген, Сендей неше кәпірді Жер астына түсірген. Дүниедегі менменнің Өлтіріп намын өшірген. Неше кәпір патшаны Құлатып тақтан түсірген. Қанша да болса дұшпаным, Ешбірі жоқ есірген. Бір Алланың Шерімін, Тәрбият қылып өсірген. Мұндай неше жанжалдың Нешесін бастан кешірген. Астын-үстін қылғанмын, Таулардың атып тастарын. Аждаһа мен дәулердің Кескенмін талай бастарын. Зарқұмдай неше патшаның Қылғанмын жексен ләшкерін. Жер жүзінде қаланы Дал-дал қылған күштерім. Дүниеде саны жоқ Әрбір қылған істерім. Қарсыласып ұрыссаң, Қолыма сен де түскенің. Мұны айтып Әли тұрғанда, Мекерлік Қақан бастады. Қолында үш мың кәмандты Әлиге қарап тастады. Керігін қайырып, кәмандты Кейін тарта бастады. Кәмандына Қақанның Әли Хайдар сол жерде Шырмалып түсіп қалады. Алтын егар үстіне Бір ұшын орай салады. Мінген керігін ойнатып, Тартып Қақан барады, Тебініп керігін жүреді. Шырмалғанын білген соң, Үзеңгіге аяғын Бекітіп Әли тіреді. Кәмандқа Әли түскенін Барша ләшкер біледі, Пайғамбар Құда көреді. “Ессіз менім Әлиім” деп, Көңіліне қайғы кіреді. Бәкір, Омар, Оспандар, Хасен, Хұсайын шаһзада, Жамиғы тұрған сахаба, “Сақтай көр,– деп, – Әлиді”, Құдайдан шындап тіледі. “Тимегей, – деп, – зарары”, Он сегіз ұлы Әлидің Көздерінің жанары. Ол Мұқамбет-Әнапия Суырып қылышын алады. “Рахбарым, атам” деп, Майданға шауып барады. Әлидің халін көрген соң, Қалмады сабыр-қарары. Зарқұмның ұлы ер Қайсар, Ат қойды бұ да сол махал. Әнапияны бағыттап, Майданға келді барабар. Қарсы шауып беттесті Әнапия, ол Қайсар. Жағаласып тіктесті, Ерегесіп шектесті, Бірін-бірі алмаса, Ерегеспен бітпес-ті. Бұлардың төте жанжалы Бітпейтұғын көрінді. Әли, Қақан екеуі Тартып тұр кәмандты. Қамшы ұрып, керігін тебініп, Зор беріп Қақан тартады. Қозғалта алмады Әлиді, Келтіріп күштің бәріні. Халыққа тұр көрініп Жетпеген күштің қарымы. Екі жақта қарап тұр Кәпір менен мұсылман. Неше тартты ол Қақан, Тозаң болды жер, жаһан. Ашулары Әлидің Сонда қатты кеп кетті. Ақырып тұрып Дүлдүлге Екі аяғын берік етті. Қаһарланған ашумен, Барлық қайрат-күшімен Денелерін тербетті. Үш жүз мың батпан арқанды Тарта-тарта екі ер, Пара-пара боп кетті. Сол уақытта Әлидің Долдығына шыдамай, Көзі толды жасына. Зұлпықарын суырып, Қақанға Әли ұмтылды Шабайын деп басына. Сәдуақас сол жерде Жақын келді қасына. Құлағына ақырын, Сыбырлады құпия: – Майданға кірді ұлыңыз Ол Мұқамбет-Әнапия. Қайтарыңыз майданнан, Болды мұндай оқиға. Мұны естіп Әлидің Қалмады сабыр-қарары. Қақанды қойып ер Әли Әнапияға жөнелді. Жеткенінше асығып, Тақаты қалмай келеді. Жетіп барып ұғылына Осы сөзді айтады: – Майданнан қайт, қарағым, Көзімнің нұры, жанарым. Бұл атаңның сырынан Көңіліңнің жоқ па хабары? Қақандай талай дұшпанның Кәр қылмаған зарары. Неше мұндай кәмандты Бұл атаң сенің үзген-ді. Қақан менен Қайсардай Көп баһадүр наханның, Қарғаларға жем қылып, Кәллаларын үзген-дүр. Неше кәпір патшаның Шаһарларын талқан қып, Қалаларын бұзған-дүр. Бұл атаңның, е, балам, Аңдамап па ең шерлігін? Мен Қақанмен ұрысайын, Кейін барып, ей, қозым, Тамашаны көр бүгін. Мен майданға барайын, Ләшкерге қайтып сен бұрыл. Бұл сөзден соң Әнапия Ләшкерге барды қайырылып. Ол Қақанның қасына Әли барды қайырылып. Әлиді Қақан көреді, Қайта жүрді бұрылып, Қарсы келді ұрынып. Әли сонда сөйледі, Көңіліне шаттық кіріліп: – Лағнеті, е, Қақан, Қанша әлің бар, айт маған. Бүгін енді әзір бол, Қылайын сені жер-жексен. Мұны айтып Әли ақырды, Тітіреді кәпір, мұсылман. Қақан да сонда сөйледі: – Менім атым Қақанмын, Қаһарман, Рүстем қатармын. Атым мәшһүр, шыққанмын, Күрескенді жыққанмын. Салтанатты патшаның Шән-саукатын бұзғанмын. Не ерлердің кәлласын Семсерменен үзгенмін. Ерлікпенен Зарқұмға Еріп жүріп жасымнан, Бұл жанжалды мендағы Көп кешірдім басымнан. Шындап ұрыс қылсам, сен Құтылмассың қашқанмен. Қолыма түскен қанша ер, Амандықты қаласаң, Зарқұмға барып сәлем бер. Менім әрне салтанат Шатырымды барып көр. Мұны қабыл қылмасаң, Қылайын сені жексен-жер. Сонда Әли сөйледі: – Көп айтасың сөзіңді, Дәріп қылып өзіңді. Ұрыс керек, сөз бекер, Майданда жүрген кезіңде. Өзіңе мәлім өз әлің, Шошымас менім еш жаным. Бұрынғыңда мен жоқпын, Әзір күшті қыл мәлім. Мұны естіп Әлиден, Қаһарын Қақан келтіріп, Қолындағы найзасын Әлиге салды итеріп, Күрзіменен бір ұрды Найзасын Әли Қақанның. Қағып ұрып сындырды, Найзасы жоқ боп кідірді. Кәрденіне Қақанның, Найзасын Әли бір ұрды. Қылмады оған бұл залал, Бұл найзаны қылмай кәр. Суырып алып қылышын, Салыса берді барабар. Екеуі де сол жерде Қағысты, тәнге жеткізбей, Бір-бірінің қылышын. Екі ләшкер қарасып, Тамаша қылды ұрысын. Онан кейін екеуі Майдандасып жүрісті, Неше харба қылысты. Ұлы сәске уақыттан Кешке дейін ұрысты. Кешке Әли қаһар қып, Бір сілтеді қылышты. Жара түсті Қақанға, Өтпесе де денеге, Қақанның басы кеңгіріп, Бейдәрмен болды көңілі. Керігімен көшкен бұлттай, Қақан қашты көбіне. Әли қуып артынан, Жақындап барып шамалы, Зұлпықармен бір ұрып, Қақанның керігін жығады. Және бір керік мінеді, Және қарсы келеді. Зұлпықармен ұрғанда, Ол керігі тағы өледі. Жаңалап керік мінеді, Дембе-дем бәрі өледі. Қалқан мен өтпей сауыттан, Аттарын семсер бөледі. Кәпірлер пұтқа табынып, Мұсылман Аққа жалынып Ұрса-ұрса палуандар, Өздері қалды сабылып. Мұсылман айтып Алласын, Екі ер майдан ішінде Қылып жүр жанның айласын. Әлиге Қақан сілтеді, Жеткізем деп алмасын. Алмасты ол ұстады, Қалқан қылмай далдасын. Бір алмасқа тартысты, Көбейтіп жанжал-ғауғасын. Ортада тұр бір алмас, Екі ер де күшінде. Жұлып алса қайбірі, Ұрмақшы тездеп ішіне. Неше мәрте жұлқысты Бір алмастың ісіне. Айтарлықтай бұл жолы Әли қайрат келтірді. Бұл таласта ол Қақан Он екі піл, он керік Сындырып белін өлтірді. Бұл тартыста ол алмас Әлидің келді қолына. Жұлып алып ер Әли, Кәпірдің атты тобына. Ол алмас кесіп сол жерде, Жетпіс кәпір өледі. Күн батарға барған соң, Ажырады екеуі. Қақан қалды сол жерде, Әли қайтып жөнелді. Жай-жайына қайтысты, Қарар алып жатысты. Таң атқан соң аттанып, Майданға сапты тартысты. Кәпір менен мұсылман Бір-біріне қарады. Толған айдай Мұқамбет Ту түбінде тұрады. Әли түсіп Дүлдүлден, Пайғамбары Құдадан Қол жайып бата сұрады. Пайғамбардан бата алып, Дүлдүліне қамшы ұрып, Майданға шауып барады. Жер мен көкті тітіретіп, Ақырып айқай салады. Қақан шықты ол жақтан, Әли шыққан кезінде. Сөйледі Қақан со күнде: – Енді сенің, әй, араб, Мыңдаған жаның болса да, Қоймаспын бірін өзіңде. Жауатұғын бұлттай, Қаға-қаға дабылын, Әли келді жуықтай. – Е, баһадүр, кел енді, Ырза бүгін бол енді. Қарсы келіп сен маған, Күшімді менім көр енді. Сонда Әли сөйледі: – Не оттап тұрсың сен, Қақан, Көрсет күшті сен, надан. Қолымда өлген майданда Сендей неше палуан. Бекерге сен де өлерсің, Онан да болғын мұсылман. Әгар қабыл қылмасаң, Түбіңе жетер бұл майдан. Майданда сөз не керек, Ерлігің болса, қыл, Қақан. Сонда Қақан күрзісін Көтеріп алды қолына, Егардың алып қасынан. Ұрғызбастан күрзінің Ұстады Әли басынан. Екеуі жақын жанасты, Бір күрзіге таласты. Кәпір менен мұсылман Тамашаға қарасты. Қақаннан күрзі бөлінді, Әлидің кетті қолында, Келтірді Құдай оңына. Лақтырып жіберді Кәпірлердің тобына. Быж-тыж боп қаша жөнеді Қалың әскер бұрынғы, “Қалмайық, – деп, – астында”. Әрекет бұрын қылынды, Әні-міні дегенше, Күрзі де барып ұрынды. Салмағымен күрзінің Қырық алты кәпір қырылды. Үріккен қойдай кәпірлер, Сүрлігісіп жүрілді. Суырып алып қылышын, Қақанды келіп бір ұрды. Дулығасы Қақанның Үлкен еді қорғандай. Кәр қылмады басына, Бұл қылышты ұрғанда-ай. О да шапты қылышты, Бұ да шауып тұрғанда-ай. Онан кейін екеуі Салысып кетті барабар. Үсті тозаң, шаң болды, Қараңғылық мұнарлар. Қайсысы қалып болғанын, Болмады ешкім хабардар. Ақырған сайын ер Әли, Тітіреп қалар кәпірлер. Алысып жүрген бұлардың Естіледі дабысы. Күрзімен ұрған бір-бірін, Шақылдайды дауысы. Қаһарлары келісіп, Қайраты әбден толысып, Ысқырысқан демдері Аждаһадай жұлысып. Бірін-бірі жықпады еш, Болып кетті күн де кеш. Бірін-бірі жібермей, Тағы да болды көңілі өш. Екі жақтан жарық боп, Масала әбден жағылды. Екі дәудің қылышы Шапылдасып шабылды. Саясатқа ләшкерлер Қағып тұрар дабылды. Таңдар атып, күн шықты, Алысып екі ер бұл шықты. Қыза-қыза екеуі, Ерегесіп өшікті. Бірін-бірі ала алмай, Жеті күн-түн ұрысып, Бірер дамыл алмады. Айырылысып кетпекке, Біріне-бірі болмайды. Әли мінді күшіне, Қақанның көзі қарайды. Денеден кетіп дәрмені, Әлиден жауап сұрайды: – Жеті күндей ұрыстық, Тағам татпай тұрыстық. Ешбір дамыл ала алмай, Ұрыспенен жүрістік. Маған енді жауап бер, Қосыма қарап жөнейін. Кешірімді деуші еді, Ерлігіңе сенейін, Ауқат қылып келейін. Сен менім көн сөзіме, Мен де саған көнейін. Осыдан, әгар, Әли Хайдар, Өтірік айтсам өлейін. Сонда Әли сөйледі: – Лап ұрғаннан жоқ еді, Ешбір, сірә, кеміңіз. Ол уақыттай болмады Бұл уақытта деміңіз. Ұрысқан ер уәдесін, Сырттағы сөзге сенбей, Көріп-біліп сеніңіз. Ұйықтамасаң ас ішпей, Жеңіл тартар денеңіз. Саған берер жауап жоқ, Ұрысқа, батыр, келіңіз. Тағы Қақан сөйледі: – Е, арабтың палуаны, Бәрі сынды ұрыста, Жарағым жоқ қалғаны. Өзің жауап бермесең, Жаңалап қайта алғалы, Бар жарағым сынғаны. Қосқа барып оларды, Қылдырып алар күн, кәні? Киімдерді тастасақ, Жаяу күрес бастасақ. Болмаса бір сөз айтайын, Бұған бар ма көңіліңіз, Мұны қабыл қылғалы. Әли айтты: – Ендеше, Қабыл көрдім сөзіңді, Түс керіктен, көресің, Жеңілте бер өзіңді. Арманменен өлмегін, Майдан қылар кезіңде. Бұл сөзді Қақан есіткен, Қарғып түсті керіктен. Мұны көріп “Алла” деп, Әли де түсті Дүлдүлден. Әли алды батаны Пайғамбары Құдадан. Қақан да сонда қол жайып, Зарқұмнан рұқсат сұраған. Екі палуан ұстасты Қоян-қолтық болысып, Әли мен Қақан екеуі Күрес қылды шынымен, Аяныспай ділімен, Жер сүдігер болады, Сүйрелескен зілімен. Түн болғанша күресті, Қыла берді түнімен. Әлиді Қақан сілтесе, Қара жер болған сүдігер. Қақанды Әли сілтесе, Қимылдар еді қара жер. Түн өтіп, тағы күн шықты, Күресу менен екі ер. Кәпір менен мұсылман Екі ерге тәсілім дер. Ұстасып бұлар тұрғанда, Ұлы сәске болғанда, Әнапия – ұлы Әлидің Белгілі араб еліне Қарап тұрып қайраты, Сыймай кетті тәніне. Жетіп келді майданға, Сыбанып екі білегін. Жыға алмай жүрген атасын Әнапия көрді де, Сұсты етіп реңін, Көрініс беріп халқынан, “Алла ғаләм Бір уа Бар”. Қасына келіп Әлидің, Бұл сөздерді қылды заһир. – Жыға алмадың Қақанды, Қартайдың, иә, атажан, Бұрынғыдай күшің жоқ, Есітерге намың бар. Бұл Қақанның қолында Осынша болдың кіріптар. Жеті күндей ұрыстың, Тамақ татпай тұрыстың. Жеті күн, түн ұрыстың, Барабар болып тұрыстың. Қайратыңның барлығын, Ит Қақанға түгестің. Айналайын, атамыз, Шыдай алмай ісіңе, Жүгіріп келді ботаңыз. Сізден тілек тіледім, Маған жауап беріңіз. Менім қайрат-күшімді Тамаша етіп көріңіз. Медет берсе Құдайым, Бұл Қақанды ертерек Көтеріп жерге ұрайын. Берші маған, атажан, Сүйегін ұндай қылайын. Бермесеңіз рұқсат, Ұрғын жерге Қақанды, Жайыма барып тұрайын. Бұл сөзді естіп баладан, Әли қылып намыс, ар. – Әй, бейәдеп, әрі бар. Ашуы келіп сөзіне, Қалқанынан түктері Тесіп өтті сыртына, Адам қарап болмастай Сол кездегі порымына. Көтеріп алды Қақанды, Қаңбақтай қылып қолына, Келтірді Құдай оңына. Әли Шердің басында Айналып Қақан жүрілді. Тұрмастай етіп қаһармен Лақтырып жерге ұрды. Салмағымен ол Қақан Жерге барып көмілді. Ишаратпен Әли Хайдар Пайғамбарға қарады. Үш жүз әскер қолына Бес кәмандты алады. Даярланып Қақанға Жүгіріп жетіп барады. Машақатпен Қақанды Жабылып байлап алады. Кәпірлерді күңірентіп, Көңілдерін кірлентіп, Пайғамбары Құданың Алдына алып барады. Таудай қылып сүйретіп, Қабырғасын күйретіп, Шақ келмейтін еш адам Мұның қайрат-күшіне. Кәзір енді қараңдар, Басына түскен ісіне. Мұны көріп ол Зарқұм, Басын тартты ішіне. – Ой, Қақаным, балам-ай, Денемнен шықты жаным-ай. Сенігім де сол еді, Барабар келген Әлиге-ай. Ессіз ерлер үзілді, Салтанат бізден бұзылды. Бір-ақ ұрып сол күнде, Екі көзі жұмылды. Әли жарақ киінді, Мұсылмандар сүйінді. Және шығып майданға, Ойнатып тұрды Дүлдүлді. Әли Хайдар сөйледі: – Бұл ұрысты қой,– деді, Мұсылман бәрің бол,– деді. Зарқұмға қарап айтады: – Не себепті ләшкерің Мұнша кеш боп кідірді. Тез шықпаса палуаның, Уақыты соғыс өтеді, Бұл ұрыспақ нәубеті, Өзіңе кезек жетеді. Бұл сөзді Зарқұм есітіп, Мәлакханды бұйырды. Атақты ол һәм ер еді, Тездеп айтып ерледі. Саясат сұсты мұның да Қақаннан да зор еді. Сиынып әді ат мініп, Әлиге жетіп келеді. Әли сонда сөйледі: – Өлсең күнің қараң-ды, Маған сен де келдің бе? Бейхұдайы талапты. Мақсатың қайсы, бейшара, Хал-дәрменің қалмапты. Жақсы еді, болсаң мұсылман, Көңіліңде қалмас ой-арман. Мұсылман болып өлгендер, Бейіште болар шадыман. Сөйледі сонда Мәлакхан: – Мен бұл сөзден қам жемес, Қақаннан күшім кем емес. Алдап оны жыққансың, Алданар ондай мен емес. Сенбеймін кебіңе, Сенің ондай лебіңе. Күрзіменен ұрайын, Қайратыңды көрейін. Латым берсе абырой, Қара жерге теңейін. Маған беріп, е, араб, Нәубетті, тұршы сиынып. Кәллаңды қағып алайын, Күрзіменен бір ұрып. Мұны айтып Мәлакхан, Жетіп келді Әлидің Жақынырақ қасына, Салып кетті басына. Тау мен тастар жаңғырықты Бұл күрзінің даусына. Әлидің басы қаңғырықты, Көзінен жас пен от шықты, Ол күрзінің зарпы ұрды. От пенен су парылдап, Көзі толды жасына. Көшкендей болып тау мен тас, Айналып кетті басы да. Атын бұрып ер Әли, Қайтып келді мең-зең боп Пайғамбардың қасына. Келіп Әли сөйледі: – Пайғамбар, дұға қылыңыз, Зарып болды көзім, біліңіз. Пайғамбар әзиз қолымен Түкірік жақты көзіне, Сахат болды тезіне. “Майданға барғын, балам” деп, Рұқсат берді өзіне. Дұғасымен Мұқамбет Көзі тапты құп сахат. Мәлакханға барды Әли, Ашуы келіп қабағат. – Келгін енді, баһадүр, Бізге нәубет беріп тұр. Әуелі ұрдың, мен тұрдым, Ұрайын мен де сені бір. Кәпір айтты: – Тұрайын, Кезегіңді берейін, Зарпыңды сенің көрейін. Осыны айтып Мәлакхан, Ұстады қалқан басына. Сонда Әли ұмтылды, Зұлпықарын суырып Шапшаңдап барып бір ұрды. Қаһармен Шері салыпты, Екі бөліп зұлпықар, Жерді барып қауыпты. “Зұлпықарды ұста” деп, Жіберді Алла мәлікті. Жетпесе әгар Жәбірейіл, Кесер екен зұлпықар Жердегі өгіз балықты. Мәлакхан тұрып сөйледі: – Күшің сенің осы ма, Бар ма қайтып ұрарың? Лап етіп ең бағана, Кәні, зарар қылғаның? Бит шаққандай болмады, Осы ма Әли дәрменің. Әли сонда сөйледі: – Қылышым менім құп өткір, Өткенін денең білмей тұр. Сенбесең, өзіңді Қимылдатып көрші бір. Мұны естіп Әлиден, Қимылдады ол кәпір. Қарап тұрған жерінде Аты мен өзі айырылып, Денесі екі бөлінді. Жарқырап жайрап қалғаны Халыққа айқын көрінді. Әр тілекті осындай Бергейдағы бір Құдай. Шадыман болып дәл сонда, Мұсылмандар сүйінді, Кәпірлер жаман күйінді. Мәлактың халін көрген соң, Майданнан адам тыйылды. Әли және майданға Ойнатып барды Дүлдүлді. “Талапкер” деп шақырды, Бұл шақырған дауысы Қорқытты тамам кәпірді. “Майданға шапшаң келсін!” деп, Қаһарланып ақырды. Әли айтты кәпірге: – Келгеніңді ұрайын, Мәлакхандай қылайын. Мұсылман әгар болмасаң, Бәріңді де қырайын. Зарқұм сонда Әлидің Бере алмай жауап сөзіне, Тұра алмай қарап жүзіне, Бір-бірімен кеңесіп, Ақыл салды көбіне. Шамақ қылып тұрысты, Атының басын бұрысты, Тегіс қайтып майданнан, Шаһарына кірісті. Дарбазасын бекітіп, Ақиқаттап тиыш қылысты. Көмілді тамам дарбаза, Саранжам, мылтық андаза. Есті, басты адамдар, Бәрі тамам жиылды, Әңгіме болды дандама. Уәзірлерін шақырып, Сонда Зарқұм сөйледі: – Ақылдасқын бәріңіз, Бәріміздің қамымыз. Ұрысынан Әлидің Шошып қалды жанымыз. Күніміз әзір қарап-ты, Заһар қылды шарапты. Басқа еңбек қылдырдық, Сағынып алған арабты. Енді қылсақ болады Қай секілді талапты, Ұрысар палуан қалмапты. Енді кеңес, ақыл не, Көпшілікке мақұл не. Сөзіңді айтып, уәзірлер, Қасыма бері жақын кел. Кеңес қалай, кеп қалай? Енді бұған еп қалай? Бәріңдағы айтыңдар, Ішке бекер сақтамай. Қамалып дәйім жатпаймыз, Ұрысып пайда таппаймыз. Несіп қылып басқарып, Бұл жұртты аман сақтаймыз. Сонда отырып баршасы, Уәзірлер мен сапалар, Ішіне қайғы толтырды. Мойындарын пәс қылып, Пікір ойлап отырды. Бір уәзірі бар еді, Ақылы артық дана еді. Өзгелерден ол уәзір Жоғары басын көтерді, Зарқұмға қарап сөйледі: – Шаһым менім, арызым бұл, Ойласумен болдық сел. Бір сенген еріміз, Әуелі кетті Жанәбіл. Жанәбілді қоймады, Өзгені аман қоймас бұл. Лақтырып көкке атып, Қайтарды соны жұлдыздан. Жанәбіл кеткен уақытта, Күдер үздік ұл-қыздан. Хұсусан бәрібір Әли Баршаны барһам қылғызған. Қыртас, Хашам, Махәбіл, Жанәбіл ісін тынғызған. Хаман менен Сұхрапты, Мұны да барһам қылғызған. Біріңе қоспай біріңді, Екі арасат ұрысты, Сансыз ерлер қырылды. Осы болған ұрыстан Ат өлікке сүрінді. Әсіресе Әлиің Ада қылды түбінде. Көп адамнан дерек жоқ, Күн асқан сайын қиын боп, Көп палуан ерлердің, Ажалы жетті бәрінің. Әділер мен зәңгіні Қаламдады қылышы. Онан аман қалмады Ұрысқан ердің бірісі. Онан кейін пілді атып, Зәңгілерді қырысты. Кәні, Салар, Мәлакхан? Қиямет екен ұрысы, Онан соңғы Қақанды, Талай ер өліп, бұ қалды. Ол ерлер бізге қайда енді. Жалғыз Әли бұ қылып, Аттырмай тұр таңыңды, Дал-дал қылып ордаңды, Қасты бізді қырмақ-ты, Қан саптырып тұрмақ-ты. Сол ерлерді білмеді, Ер деп көзге ілмеді. Не арыстан ұстандар Арманмен өліп жөнелді. Кім ұрысса талап қып, Қанша да болса өледі. Таң атқан соң майданға, Әли тағы келеді. Бұл Әлиге, жақсылар, Ақылды бүгін таппасақ, Басымыз қалар бәлеге. Сіздер мақұл көрсеңіз, Ойыма бір сөз келеді. Басқаны мұнан білмеймін, Адам емес бұл деймін. Бірнеше қандек қазғызып, Басыңның қамын қыл деймін. Кәзірден бастап әскерге Бұйырсаңыз мен деймін. Майдан жерге зәңгіні, Кәмандаз бен тарандаз Ор жағалай жатқызсақ, Түннен шығып орасақ. Майданда таңды атқызсақ, Жасақ байлап сап тартсақ. Ұрысқа дәста түзесек, Мәгәрлік майдан іздесек. “Тез майданға келсін” деп, Бір адамды жіберсек. Қандектен әрмен ол барса, Арабтардың қасына, Айқайласа ақырып, Әлидің салып даусына: – Қайсың бүгін шықсаң да, Өлімге етем ашына. Не қылып тұрсың тез шықпай, Әли, тірі барсың ба? Естіген соң бұл сөзді, Әли шығар ол жақтан. Және мініп қаһарына, Келе жатқан Әлидің Қорыққансып доғынан, Қандек ішін аралап, Қашса көрген жолымен. Қатуланып ондан соң, Әли қуар соңынан. Қандекке келіп жығылар Хабарының жоғынан. Аңдып жатқан кәмандаз Оққа тұтар тобымен. Біз де атты қоярмыз, Қоймаспыз және онымен. Латымыз бізге жар болса, Өлтірерміз сонымен. Көңіліме осы келгені, Көрмеймін мақұл өңгені. Бұл сөзіне әскердің, “Мақұл” деді бәрісі, Үлкен-кіші, кәрісі. Ер өлімі намысы, Қорқақтың қамы жанысы. Көзіне қарсы шыға алмай, Осылай болды мәнісі. Бұл сөзді мақұл көрісті. Түн ішінде зәңгіні Майданға айдап жүрісті. Алла берсін ақырын, Кәпірлер қылды бір істі, Қазды екі жүз құдықты. Тереңдігін құдықтың Екі жүз кезден қылысты. Қандекті терең берік қылды, Жағасына арық қылды. Шөп-шалам салып бетіне, Тосын кісі білместей, Айласын кәпір асырды. Кәмандаз бен тарандаз, Шұқырға бәрін жасырды. “Жатыңдар,– деп, – әзір боп, Білмесін, – деп, – бұл сырды”, Осылай деп айтыпты. Саранжам қылып болған соң, Шаһарына қайтыпты. Құдіреттің әзелде, Әркімге болса тағдыры. Сол тағдыры біткенше, Пенденің қалмас қабдылы. Берген дәмнің баршасы, Жаратқан Жаппар Құдайдың, Өзіне аян барша ісі. Есерлігің қайтармас Алланың берген дәулетін. Ақыл, айла қандырмас, Ажал менен мехнатын. Айдап жүрер әр жерге, Бұйырса ішер шәрбатын. Көруге тағдыр болған жер, Көргенше қашан базардай. Несібең ада болған жер, Құтылғанша мазардай. Мұның бәрін бір Алла Пешенеңе жазардай. Бітіп қояр әзелде Құдіреттің қаламы-ай. Ұнауынан Құданың, Еш артық-кем болар ма-ай. Әзелде тағдыр болған соң, Пайғамбар қалды болжамай. Әй, жамиғат, мұны көр, Алладан тағдыр болмаса, Қазылар ма еді-ай қара жер? Жаратқан Жаппар Құданың Құдіретіне тахсин дер. Бірі де бөтен болмады, Алланың сүйер пендесі, Біреуі досы, бірі шер. Таңға жақын уақытта, Қандекті қарап қайтқан соң, Біләл азан айтқан соң, Пайғамбарым имам боп, Оқиды намаз памдатты. Түн өтіп, таң атқан соң, Уақтылы күн шықты, Жалбырап тамам ту шықты. Ұрысқа дәста түзетіп, Кәпірлерден есепсіз Сарынменен шу шықты. Зарқұмнан ләшкер ағылды, Сап тартып қақты дабылды. Мұны көріп мұсылман, Келді майдан жеріне. Пайғамбар Құда нұрланып, Тұрды тудың түбінде. Зарқұм да тұр үміт қып, Басшылық етіп көбіне. “Жасырын қылған ісіміз, Келгей де, – деп, – ебіне”. Мұсылмандар келіп тұр, Зікір айтып тәсбімен. Қарсы келіп Зарқұм тұр Мың бір қиял пікірмен. Бір палуаны бар еді, Атын Хашам дер еді. Соған айтты неше сөз: – Сен майданға барғын тез. Абайлап өткін қандектен. Сен майданға барған соң, Әли де келер ол жақтан. Біраз ұрыс қылған боп, Бұрылып кейін қаша гөр. Ұстап алып қалмасын, Атыңа қамшы баса гөр. Сен өтерсің өзіңнің Бұрын көрген жолыңмен. Атына о да қамшы ұрып, Әли қуар соңыңнан. Қандекке келіп жығылар Хабарының жоғынан. Біз де атты қоярмыз, Қоймаспыз және оныңмен. Сонда Хашамға ұнады: “Латымыз жар болса, Өлтірерміз сонымен”. Көңіліне бұл сөз түйініп, Шауып кетті сүйініп. Сәулетпен барды майданға, Жарақтарын киініп. Бір ақырды ол Хашам, Майданға барып сол заман: – Тез келгін, – деп, – мұсылман, Майдан ығын қылғалы, Келдім, бүгін қызыл қан. Көңілімдегі талабым, Келсе әгар алдыма Әли деген палуан. Естіледі Әлиге Хашамның айтқан хабары. Әлидің тағат қыларға Қалмады сабыр-қарары. Самсам деген қылышын Суырып алып белінен, Кәпірге қарап жөнеді, Қаһарланған демімен. Адам қарап болмайды, Ызғарлы айбат беттері. Мұны көріп Хашамның Жүрегі тоқтау етпеді. Бұрылып кейін жөнелді, Қандегіне жеткелі. Қашты Хашам зырқырап, Сақтанып тұрған бұрыннан, Қандек ішін аралап, Өтті аман жолымен. Ұстамақ болып тығыздап, Әли қуды соңынан. Екі көзі Хашамда, Қандектен хабар жоғынан. Тоқталып Дүлдүл кідірді, Ілгері баспай мүдірді. Ашуы келіп Дүлдүлге Қамшымен Әли бір ұрды. Ілгері Дүлдүл жүрмеді, Әли мұны білмеді. Және қамшы көтеріп, Дүлдүлге қарап сөйледі: – Тоқтамаушы еді еш жерге Мұнан бұрын тұяғың. Бұрынғыдай болмады, Бұзылды сенің сияғың. Лайық па деп өзіңе, Осы жеген таяғың? Жете алмай қуып қашқанды, Қырқылды ма аяғың? Осыны айтып ер Әли, Қаһарланып Дүлдүлді Қамшымен және бір ұрды. Санына қамшы тиген соң, Көзі жанды от болып, Кідіруге шегініп, Енді шара жоқ болып, Шашырап Дүлдүл қарғыды, Төрт аяғы топ болып. Екі жүз қандек үстінен, Бір секіріп өткенде, Екі аяғы алдыңғы Жағасына жеткенде, Шөңгеріліп зынданға Құлап кетті жоқ болып. Кәмандаз бен тарандаз Тұс-тұсынан жүгірді, Зынданға барып үңілді. Қатар-қатар кәпірлер Ат қойысып ағылды. Зынданда байлап алмақ боп, һәмма ләшкер жабылды, Бәрі ойлап бұл ойды. Мұны көріп Әлидің, Тағат қылып тұра алмай, Он сегіз ұлы ат қойды, Кетіріп тағат-сабырды, “Атамызға кәпірлер, Қылмағай, – деп,– жәбірді”. Бұл әдісті көрген соң, Паришан болды Пайғамбар. “Теңсіз шері Әли” деп, Көңіліне келді көп малал. “Жау ішінде Әлиді Сақта, – деп, – өзің, Бір уа Бар, Кәпірге қылма кіріптар”. Жүректері езілді, Сахабалар, ол үш жар, Бір Аллаға қылып зар. Он сегіз ұлы Әлидің Түгел жетті қандекке, Тамам барша әзиздер Ұрыс қылды тобымен, Жүз қайтармай оғынан. Жиырма екі мың кәмандаз Ұрысты оңы-солымен. Бұзып-жарып бара атыр, Сеңді ашқандай қолымен. Әли түскен қандектен Кәпірлерді қуады, Бұлттай қылып сырады. Кәпірлер жүр сыртқары, Қандектің қашып лабынан. Он сегіз ұлы Әлидің Қалған жоқ күшін аянып. Шах түбіне қарамақ, Қандектен келіп жәй алып, Қылыш қанға боялып. Әлидің палуан баласы, Баһадүрдің марасы. Атасынан кем емес, Ұрысын мұның қарашы. Кәпірге қырғын салады, Қамысқа қойған алаудай, Жапырып кетіп барады. Қандекке барды шамалы, Өзінен басқа сол кезде, Қандекте ешкім қалмады. Ол Мұқамбет-Әнапия Әли түскен қандекке Еңкейіп келіп қарады, Екі бүйірін таянып: – Шах түбінде қалғаның, Алланың көріп салғанын, Атажан, жауап беріңіз, Сөйлеуге келсе мажалың. Құдықтың аузы аламат, Қырғын боп тұр қабағат. Жаным сізден садақа, Мен ұлыңмын Мұқамбет. Тезірек жауап беріңіз, Бармысыз, ата, саламат. Осылай сұрақ болғанда, Жиырма екі мың кәпірден Жүгіріп еді барлығы. Не дегенін Әлидің Білдіртпеді жаңғырығы. Балалардың басына Түсті күннің тарлығы. Болды заманақырлар, Сілтеген қылыш шапырлар. Әли түскен қандекті Тағы алып қалды кәпірлер. Атына мінді “Алла” деп, Әнапия кемеңгер, Өзіне тартқан Әлидің, Жаңа өспірім бала шер. Алдынан қарсы шығады, Кез келгенін ұрады. Қандекке адам жеткізбей, Қан саптырып тұрады. Жиырма екі мың еді жау, Беттетпеді бұларды. Қандекке кәпір жеткізбей, Қайтарып тұрды бұларды. Қандекті жүрді айналып, Бәрі шердей сайланып. Он сегізі бас қосып, Қарсы тұрды майдан қып. Қойға қасқыр шапқандай, Қамысқа алау жаққандай, Аянбай қылды ұрысты. Бұрынғыдан он есе Балалар қырғын етісті. Ол Мұқамбет-Әнапия Орасан қырғын етеді, Кәпірлерді бөлектеп, Әр жаққа қуып кетеді. Зынданға келген кәпірді Тұмандай қылып көтерді. Он сегіз ұлы Әлидің, Күші басым бәрінің, Аждаһадай ұрысты, Құдықты алып тұрысты. Ләшкерге Зарқұм ақырды: – Көрдің бе,– деп, – бұл істі? Тартынбастан бәрің де, Ат қойғын, – деді,– Әлиге. Енді осыдан болмаса, Күлкі болдық, жақсылар, Айдай әлем бәріне. Мұны естіп ол кәпір, Мұны естіп кәпірлер, Ат қойды бәрі ағылып. Он сегіз ұлдың үстіне Қонды бәрі жабылып. Тағы бұлар ұрысты, Тұра алмады аңырып. Құдықтың аузын бермеді, Аянбай қылыш сермеді. Алдын бұлар қайырса, Артынан және кернеді. Қалың ләшкер қамасты, Көтере алмаспен, қылышпен, Қамшыдай сілтеп сабасты. Әли түскен қандекке Қиямет болып таласты. Қызыл қан судай төгілді, Ат тұяғы көмілді. Әні-міні дегенше, Талай ер көрді өлімді. Бет-бетімен ұрысып, Он сегіз ұлы Әлидің Бір-бірінен бөлінді. Айтарлықтай құрыштап, Күшейді соғыс со күнде. Қалың ләшкер қорлады, Екі жақ таласы зорлады. Қандекті балдар қорғады, Қорғаса да болмады. Шауқым салып кәпірлер, Бұлттай болып орнады. Жанәбіл айтты: – Иә, Пайғамбар, Бұл сөзді қылғын ықтимал. Ат қойсақ біз де болмай ма, Кәпірлер бірлә барабар? Сабыр қылып тұруда, Бізде қандай себеп бар?! Пайғамбар Құдаға ұнады, “Барғын” деп жауап қылады. Бәрі бірден ат қойды, Барша асхаб, жамағат, Болды қырғын қабағат. Асып кетті жүз есе, Ұрыстардан бұрынғы. Мұсылмандар сол күнде Әрбірі мыңға ұрынды. Жел айдаған бұлттай, Қандектен кәпір түрілді. Судай ағып қызыл қан, Шұқырларға құйылды. Шымалдай қалың кәпірлер Қандектен зорға құтылды. Қандекті жеңіп алғанға, Мұсылмандар сүйініп, Бәрі келді жиылып. Үріккен қойдай еліріп, Қашқан кәпір тоқтады, Әскерін жиып топтады. Кейін бұрып ат басын, Майданға қарай оқтады. Тағы бір қиял ойланып, Мұсылмандар сол кезде, Қандектен қалды жәй алып. Атынан түсіп Пайғамбар, Дауыстады қандекке, Екі қолын таянып: – Иә, Әли Шер, Арыслан, Шах түбінде қалғаның, Бармысың аман-саламат? һәммадан артық, қабыланым, Басымда көп жанжалым. Хабар білмей өзіңнен, Тарылып тұр заманым. Мен – Мұқамбет Мұстафа, Басыңа келіп тұрғаным. Құдыққа Шерім түсіріп, Кетіп тұр беттен ажарым. Сөйлеуге болса мажалың, Сөзіме жауап бер, жаным. Хал қалай, сақыпқыраным, Құданың Шері, палуаным. Мұны айтып тұрғанда, Кәпірлер тағы ат қойды. Бұлттай болып күркіреп, Мұсылманға жабылды. Есебі жоқ дүркіреп, Сөйлесуге болмады, Ұрыстың қамын ойлады. Әлиден жауап ала алмай, Көңілі қарар таба алмай, Пайғамбарым Мұқамбет Мінді сонда атына, Найзамен жерді бір тіреп. Есіттірмеді дауысын, Не баһадүр айқайлап, Нар бурадай күркіреп. Екі жақтың таласы, Бәрінікі бір тілек. Кәпір ердің сыңайын Пайғамбар Құда байқады, Балаларға айтады: – Балаларым, барыңыз, Жанәбілмен бас қосып, Осы жерде тұрыңыз, Келгені болса қырыңыз. Жоламасын кәпірлер Атаңыздың қасына. Орнатайын мен барып Ақырзаман күндерін Кәпірлердің басына. Мұсыбат күнді салайын, Кегімді сөйтіп алайын. Мұны айтып Пайғамбар, Қамқамын алды суырып. Қамшы ұрып атына, Кез келгенін бір шауып, Апшысын қойды қуырып. Сахабалар жөнелді Пайғамбардың соңынан. Бұлар да еріп келеді, Ат қойып бәрі тобымен, Ұрысты Зарқұм қолымен. Жердің жүзі қимылдап, Адам көп кетті со күнде. Не алмастар тұтықты, Қан ішіне көміле. Не сауыттар сытылды, Шығыршықтай сөгіле. Тобымен барып дүркіреп, Кәпірдің ұрды көбіне. Қырып-жойып апаттап, Тудың келді түбіне. Қашқаны болса қуысты, Қарсы келген ерлерге Жан аянбай тұрысты. Он тоғыз шері бас қосып, Айналып жүріп қандекті, Көп кәпірмен ұрысты, Жүз қайтармай жүрісті. Кәллаларын қаламдап, Сілтесіп жатыр қылышты. Қырылып қалды адамдар, Сан мың аттар бос қашып, Далаға қашып лағар. Ашып көзді жұмғанша, Көп ердің басы домалар. Белден соққан жыландай, Не ерлер екі бұралар. Қорқақтар өзі жығылар, Қалыңға қашып тығылар. Алтын ерлі тұлпарлар Ойнап бос-бос шығылар. Мұсылманның әрқайсы Біреуі мыңға ұрынар. Ұрыса-ұрыса ақыры, Есірік болып қаңғыды. Екі жақтың батыры Төбе-төбе өліктен Жол таба алмай бекілді. Пайғамбар Құда Зарқұмның Туларына сол кезде Жақын келген секілді. Ажалы жеткен талай ер Атымен екі бөлінді. Пиада қалған көп ерлер, Бұлар да қарап тұра алмай, Бір-біріне жүгірді. Еркін басып шаба алмай, Ат өлікке сүрінді. Ысрапыл сорын тартқандай, Есепсіз ләшкер қырылды. Бермелік деп намысты, һәмма адам жұмылды. Он екі лек кісімен Қайсарды Зарқұм бұйырды. Бұлар келіп тобымен Жанәбілге ұрынды. Шектесіп Қайсар түрілді, Сонда Қайсар сөйледі: – Көбінің жоқ мазасы, Жанәбілден басқасы, Бәрі Әлидің баласы, Баһадүрдің марасы. Жанастырмай бұл жақты, Алыстан кәпір атты оқты. Бұл тұрғанның бәрі шер, Әлидің ұлы қанішер. Жақын барсаң апаттар, Алыстан оққа тұтып көр. Бұл сөзбенен кәпірлер, Келмеді жақын жуыққа. Нысана адым жерге кеп, Патырлатып алды оққа. Қар, жаңбырдай оқ жауды Сауыт, жарақ, жабдыққа. Жақын келмей кәпірлер, Өртеп тұрды шоғымен. Нысанаға тұтылды Сахабалар тобымен. От болып жанды аспан-жер Кәпірлердің оғынан. Мұса ырза түтігіп, Жан көрінбей көзіне, Ілгері жүрді жақындап, Қалқанын тұтып жүзіне. Бір оқ атып жіберді Кәпірлердің өзіне. Шаһзаданың бұл оғы Қайсардың тиді қолынан. Шарайна қалқан, сауытын Көктеп өтті жонынан. Дарымапты сүйекке, Ажалының жоғынан. Тасқа барып қадалды, Мұса ырза Қайсарды Нысанаға тағы алды. Ол оғын Қайсар тигізбей, Жалт беріп әдіс етеді. Мұны көріп ол Қайсар, Қаһары келіп кетеді. Кегін бұ да алмаққа Өзін қайым етеді. Мұсаға бұ да оқ атты, Оғы бітіп Қайсардың, Мұсаның атын құлатты. Аты өліп Мұсаның, Өзі аман қалады, Пиада болып тұрады. Ер Мұқамбет-Әнапия Қасына жетіп барады. Қаһарланып Қайсарға, Қазаппенен қарады. Атып еді бір оқты, Жалт беріп Қайсар қалады. Әнапия Қайсарды Нысанаға алады. Бұл оғы келіп атының Миынан етті жаралы. Шыр айналып қарғылап, Көп ұзамай құлады, Пиада бұ да болады. Тұрмады қарап мұнымен, Қарсы барды екеуі Ұстаспақ үшін қолымен. Сол уақытта кәпірлер Ат қойды бәрі тобымен. Бұларды көріп сол уақта, Хасен, Хұсайын ат қойды. Жапырып кетіп барады, Қырғандай қасқыр көп қойды. Жанәбіл кетті апаттап, Өзгеше болып ұрысы. Араласып кетті ми-ми боп, Жай тұрмады бірісі. Қызыл қанға боялған Бәрінің алмас қылышы. Майдан жердің һәммасы Өлікке тегіс толыпты. Қамысқа қойған алаудай, Өршіндеп өрлеп гуледі. Бет-бетімен ұрысып, Ешкім қарап жүрмеді. Жанәбілге кездесіп, Сонда Қайсар сөйледі: – Жанәбіл, қайда барасың? Сені Латым бергені. Әли қалды қандекте, Біздің аруақ жеңгені. Менім атым ер Қайсар, Танисың ба сен мені? Семсерменен алайын Денеңдегі кәлланы. Жанәбіл, кәзір сені алсам, Қоймаспын кейін өңгені. Өліп кетті қолымда Не ерлердің сарасы. Қашып қайда барады Әлидің бес-он баласы? Осылай деп ер Қайсар, Өктем-өктем айтып сөз: – Тұзы тұтып атамның, Сені Латым берді тез. Сабаласып қалысты, Бір-біріне болып кез. Қарсыласып алысты, Жан аянбай салысты, Күрзілерін қағысты. Тау мен тасты көшірді Шақылдаған дабысы. Майданның іші шаңменен, Талатоп болып қалысты. Аяныспай ұрысты, Жығыса алмай тұрысты. Әрі-бері кимелеп, Бірін-бірі сүрісті. Қаһарланып ол Қайсар, Қайратына мінеді. Пәйін тауып туралап, Алмасын қылыш сермеді. Жанәбілдей батырдың Денесін екі бөледі. Керігінен құлап Жанәбіл, Шалқалап жанын береді. Өлген заман жәннатқа Рухы барып енеді. Жанәбілді өлтіріп, Мастанды Қайсар шалықтап. Ілгері және жөнеді, Мінген керігін қамшылап, Қанжардан қаны тамшылап, Хасенге жетті жылысып, Рубару боп қалады. Қылышын Хасен суырып, Қайсарға қарап оқталды. Бірін-бірі екеуі Шабыспаққа шақталды. Сынаспаққа екеуі Баһадүрлер ұнады. Бірін-бірі сескенбей, Жүзбе-жүз болып тұрады. Сонда Қайсар Хасенге: “Атың кім?” деп сұрады. Сонда Хасен айтады: – Менім атым – Хасен ер, Әлидің үлкен ұлы-дүр. Өз атам аты – Әли Шер, Ләшкеріңе ұрынған, Сақыпқыран кемеңгер. Үлкен ұлы боламын, Атым шыққан бұрыннан. Бейтаупықтың көбісі Қолымда менім қырылған. Атымды сұрап нетесің, Келгенін қылғын қолыңнан. Сонда Қайсар тездікпен Қылышын алып оқталды. Хабардар болып сырынан, Хасен қақты тигізбей, Қалқанын тұтып қолымен. Хасен де шапты қылышын Нәубетпенен соңынан. Ауып түсіп жантайып, Тигізбеді шалқайып. Кесіп түсті қылышы Мінген керігін мойнынан. Төңкеріліп төбедей, Атымен Қайсар құлаған. Басы-көзі топырақ, Өзі аман тұрады. Мінген атын Хасеннің Бір кәпір ұрып жығады, Қайсардың барып қасына, Хасен һәм барып құлады. Бір-бірінің екеуі Жағасынан ұстасып, Орнынан тұрады. Жәрдемші көп боп Қайсарға Ортада Хасен қалады, Кәпірлер кәманд салады. Көптеп жығып ақыры, Пенде қылып алады. Он жеті ұлы Әлидің Бұдан болды хабары. Болғанын пенде көрген соң, Еш сабыры қалмады. Жан аянбай ұрысып, Ер Хасеннің жолына Өз жандарын қиысып, Келгенін қарсы өлтіріп, Қашқаны болса қуысып. Айбатынан бұлардың Кәпірдің бәрі сескенді. Қойдай қырып бөлектеп, Салып жүр бәрі жексенді. Жер қалмады боялмай, Бір дем ұрысын қоя алмай, Он жетісі салысты, Аңырып ешбір дем алмай. Қаша ұрыс бастады, Сонша ләшкер Әлидің Он жеті ұлын жеңе алмай. Және Зарқұм бұйырды Бір күрең лек әдісін. Жақын келмей алыстан, Істеді бұлар әдісін. Мылтыққа тегіс алғызды, Қар-жаңбырдай жауғызды. Балалардың бәрінің Кәпірлер атып аттарын, Баршасын жаяу қалғызды. Шерінің өңкей ұлдары, Алланың әзиз құлдары. Тағы бірі ұрыстың Арасат болды бұл күнде. Зор беріп ұрыс қылып жүр, Әр күреңде бір ұлы. Бұл ұрысқа қарасаң, Ойыншық екен бұрынғы. Сан мың қолға араласып, Бұлар жаяу жүрілді. Алдын қырып азайтса, Артынан және жабылған. Әрбірінің үстіне Лек-лек болып ағылған. Күніменен ұрысты, Рүстем көрсе тахсин дер, “Апырын!” деп бұл істі. Ат таба алмай мінуге, Жаяулап бәрі жүрісті. Бір-бірінен ажырап, Ақыры шаршап тұрысты. Бірін-бірі кәпірлер, Жабылып жүріп қамалап, Ақыры пенде қылысты. Пенденікі баһана, Қылып тұр Алла бұл істі. Атасы қалып қандекте, Балалары көрді бұл істі. Ақыры жақсы болғай да, Ауыр халге кездесті. Айтарлықтай болды бұл Бір Мұқамбет-Әнапия, Жалғыз өзі қалды бұл. Ұстаймыз деп кәпірлер, Бұған да күшін салып тұр. Шыр айналып ортада Айналақтап шауып тұр. Сілтеген сайын қылышы Жерді барып қауып тұр. Кәпірлер қоршап кернеді, Өршіндеп ұрыс өрледі. Ер Мұқамбет-Әнапия Қолына алып қос қылыш Оңды-солды сермеді. Есепсіз қалың кәпірдің Бәріне өзі кез келді. Есепсіз қалың кәпірге Секіріп жетіп барады. Топтанып тұрған қалыңға Жамсатып кетіп барады. Сескеніп ешбір тайынбай, Қамағанмен кәпірлер, Күші жетіп ала алмай. Жалғыз өзі болса да, Шамалы келген кәпірді Қырып-жойып тастады. Бет келгенін апаттап, Әлидің ойынын бастады. Өзінің бойын берік салып, Жалтақтап ешбір қашпады. Жағасынан қандектің Бөтен жерге баспады. Іріктеліп кәпірден Атақты палуан жиылып, Әнапия балаға Неше кәманд тастады. Түсіріп торға шырмады, Шырмалып бала тұрмады. Шүберектей айырып, Кәмандіне болмады. Қанша кәманд салса да, Талқандайды күйретіп, Ала алмады сүйретіп. Қылыш пен қанша найзасын Сындырып тұрды қиратып. Әнапия шаһзада Құдіретімен Құданың Көп кәпірге жолықты. Неше жерден денесі Жарақат сонда болыпты. Елең қылмай жарасын, Нағыра тартып ұрысты. Бет келгенін қиратып, Қашқанын қуып сүрісті. Әнапия қарғып жүр, Жанын Хаққа тапсырып. Жердің жүзін қызыл қан Көрсетпей кетті жасырып. Сонда Қайсар сөйледі: – Бұған иланбаңдар еш, Болып қалды күн де кеш. Жер жүзінің адамы Қамағанмен жабылып, Бұл Шер патша бой бермес, Күшіне ешкім тіркелмес. Бұны Қайсар айтқан соң, Көтерілді тұмандай. Өлген жанда қисап жоқ, Тірілері шымалдай, Жел көтерген бұлттай, Қайтты бәрі жылыстай. Мұндай өмірі болмаған Күнбатыс пен шығыста-ай. Кәпірлер қайтып кеткен соң, Уақыты тыныштық жеткен соң, Ер Мұқамбет-Әнапия Отырды жалғыз дем алып. Бастан-аяқ киімі Қызыл қанға боялып, Есеңгіреп, қансырап, Қапалығы тығыздап, Көзінің жасы тамшылап, Отырды жерді таянып. Қоя тұрып бұл ерді, Және бір сөзді, жақсылар, Мен айтайын баян қып. Зарқұм менен Мұқамбет Күніменен ұрысып, Жан аянбай ұрысып, Жан аянбай тұрысып, Арасат майдан құрысып, Араласқан ми-ми боп, Оңды-солды жүріліп, Есепсіз адам қырылып, Кеш болған соң ажырап, Қайтқан еді бұрылып. “Тоқтаңдар” деген әскерге Дабылдары ұрылып. Екі әскер ажырап, Екі жаққа бөлініп. Сахабалар қарады, Он жеті ұлын Әлидің, Пенде қылып баршасын Ұстап алып барады. Қосынымен ер Қайсар Қарсы келіп қалады. Кәпірлердің қолында Перзенттерін сол кезде Пайғамбар көзі шалады, Оқиға мұндай бопты деп, Қалмады сабыр-қарары. Қиын бопты жұмыс деп, Жарлық етті бәріне: – Жан аянбай ұрыс,– деп, Өлтірмей тірі ұста, – деп, Қолыңа түскен кәпірді. Сахабалар ат қойып, Тұс-тұсынан ақырды. Мұсылмандар жұмылды, Әрқайсысы мыңға ұрынды. Азға топ, ерге гәп емес, Қарсы келген кәпірдің Көпшілігі қырылды. Жетерміз деп балдарға, Ілгері қарай үңілді. Асып кетті бұл соғыс Бұрынғыдан бүгінгі. Шаң-топырақ тозаңмен Күннің көзі тұтылды. Көпшілік қамап жол бермей, Балалардың баршасын Алып қашып құтылды. Алды қашып кеткенмен, Арт жағы қашпай іркілді. Тау менен тас күңіреніп, Жердің жүзі сілкінді. Қылышқа қылыш шапылдап, Күрзі мен күрзі қағылды. Біреуге мыңы жабылды, Біреуге жеке табылды. Судай ағып қызыл қан Топыраққа қарылды. Әр сахаба үстіне Жүздеген жара дарыды. Бидайдың өлік бауындай, Топ-топ болып қалынды. Шабыстан ат барлықты, Айқайдан дауыс қарлықты. Жаралы тартты зарлықты, Замана қылды тарлықты. Үйіне бос-бос барады, Сан мың бедеу жабдықты. “Қарама, – деп, – олжаға”, Патшалар айтқан жарлықты. Атысып тас алысар, Екі ләшкер таянып. Шалғылайды не ерлер, Шала-жансар боялып. Шаршаған шығар елінен, Ісі жоқ күннің кешімен. Бұл ұрыстан бас тартқан Бір мұсылман болмады. Ажыратып алсақ деп, Балаларды ойлады. Қашып кетті жеткізбей, Бұл ойлары болмады. Сүре қуып артынан, Салып жүр бәрі ойранды. Найза тиер түйреліп, Қырылып қалды кәпірлер, Отындай болып күйреліп. Аяқтарын баса алмай, Көп адам қалған сүйреліп. Жүруіне дәрмен жоқ, Құтыла алмай тырбанып, Белден соққан жыландай, Қаша алмайды ырғалып. Қызыл қанға былғанып, Жарадар болған киіктей Шалғылап жатыр ыңыранып. Сау кісілер соғысты, Қып-қызыл қан болысты. Екі дария айналып, Шарықтап тасып лайланып, Күшейіп әбден толыпты. Кез келген жанды қарық қылып, Қайтпайтындай болыпты. Көп ерлерін сап қылып, Әді деген ат мініп, Пайғамбары Құдаға Палуан Қайсар жолықты. Екеуі де тайсалмай, Қарама-қарсы болыпты. Бірін-бірі алмақ боп, Аш арыстандай үңілді. Қайсардың атын Пайғамбар Қылышпенен бір ұрды. Аты екі бөлініп, Жерге Қайсар жығылды. Орнынан тұра бергенде, Аяғын баса бергенде, Белінен ұстап көтеріп, Пайғамбарым Мұқамбет Аспанға атты сол күнде. Назарын салған кісінің Көрінбеді көзіне. Әуеден Қайсар келгенше, Қара жерде ләшкерін, Домалатты қамқаммен Талайының бастарын. Пайғамбардың бет алды Апатталып қалады. Зырқырап қаша жөнелген, Қалғаны тірі шамалы. Ұрыстан кәпір серілді, Шартарапқа бөлінді. Азайып қалған тірісі, Көбісі көрген өлімді. Бір демнен соң аспаннан, Қарайып Қайсар көрінді. Қайтып келе жатқанын Көрді тегіс жарандар. Арқан бойы келгенде, Ұстады түсіп Пайғамбар. Көтеріп тұрып жоғары, Былайша сауал сұрады: – Бір ұрсам қазір өлесің, Бір Алланың өзінің Аманатын бересің. Мұсылман болсаң тілімді ап, Жәннатқа барып енесің. Тезірек, батыр, қыл жауап, Ықтияр сенде, не дерсің? Сонда Қайсар сөйледі: – Тіліңді, тақсыр, алайын, Сізге ықтияр салайын. Түсіріп жерге, дұға қыл, Мұсылман енді болайын. Сеніп сонда Пайғамбар Қайсардың айтқан сөзіне, Ақырын ғана көтеріп, Жердің қойды жүзіне. Кәлиманы айтқызып, Мұсылман қылды тезіне. Бір атты әкеп міндірді Ылайықтап өзіне. Түрлі сайман-жарақтан, Қарасып жатыр жағысып. Тауып берді жоқтарын, Барлығы назар салысып. Жауаптасып сөйлесіп, Жар, жора болып қалысып. Бара жатыр Қайсарға Тамам ләшкер қуанып, Ортасына алысып. Майданға келіп қараса, Өзгесінің бәрі жоқ. Өліп жатыр Жанәбіл, Жәннатқа болып уәсіл. Ер Мұқамбет-Әнапия Боялып қанға қып-қызыл Пайғамбардың алдынан Жүгіріп жаяу шықты бұл. Пайғамбарды құшақтап, Өксіп-өксіп жылады. Есіткен ерлер сөзіне, Бәрі де жылап тұрады. Бастан өткен күндерін Бір-бірлеп баян қылады. – Жаһанға Шері атанған, Айырылдым, баба, атамнан. Атамды көрер күн бар ма, Құтылып зындан қатардан. Ажырап тұрмын мен жалғыз, Туысқан, тамам бауырдан, Хасен, Хұсайын ағамнан. Барлығы діннің таласы, Қиямет қайым болып тұр Мұсылман-кәпір арасы. Пенде болды баршасы, Бір Құда болсын панасы, Болғай-да қабыл тәубасы. Есірік болып кеңгіріп, Ажырап қалдым атамнан. Кейіндеп тұр талиғым Әуелі алған бағамнан. Есепсіз ағып қызыл қан Денемдегі жарамнан. Мұндай қорлық көрмеп ем Туғалы бері анамнан. Жүзіңді көрдім, жан баба, Тәнімде қалып жан аман. Жалғыздық түсіп басыма, Осы жөнде қапамын. Айырылдым, баба, бәрінен, Он жеті бауыр жігерден. Атамыз Әли есен боп, Шығар ма екен бұл жерден? Бәрінен тегіс айырылсам, Қайтіп, баба, жүрермін? Жолықпасақ тезірек Құсаменен өлермін. Арманым қатты, дертім зор, Дидарын қашан көрермін? Пайғамбар айтты қамығып, Қабағы төмен салынып: – Жыламағын, әй, ботам, Қандекте аман бар атаң. Саламат бәрін көрерсің, Көңіліңде қалмас еш қапаң. Зарқұм да кәзір сасады, Қара уайым басады. Біз де алдық пенде қып, Зарқұмның палуан баласын. Өлтіруге біреуін О да Әлиді қарасын. Шегініп бізден тайсалды, Беріп қашты Қайсарды. Қапа болма, ей, қозым, Мінгін атқа енді өзің. Иншалла, атаңның Көрерсің, балам, ақ жүзін. Бұл сөзді айтып Пайғамбар, Бір топшақ міндіріп, Көңілін жақсы тындырып, Бас қосып бәрі кідірмей, Зынданға келді бір жүріп. Ендігі сөзді айтайын Зындандағы Әлиден. Сақыпқыран уәлиден Мәлім қып баян айлайын, Ол зынданның ішінде Нешік кешкен халінен. Шерінің түскен зынданы Терең еді қабағат, Алладан болды кәрамат. Көзін ашып қараса, Дүлдүлінің үстінде Өзін көрді саламат. Атқылады таспенен, Кәпірлер қалың қабағат, Біреуі барып тимейді, Бұл не деген кәрамат. Киелі қандай кісі еді, Туралап атса үстінен, Астына барып түседі. Ауызы кең болғанмен, Зынданның еді түбі тар. Періштелер қағып тұр Кәпірдің атқан тастарын, Әли Шерге болып жар. Зынданның аузы аз мезгіл, Аз демалыс болды сәл. Көзін ашып жұмғандай, Ұйқыдан жаңа тұрғандай, Бұл сырдан болды хабардар. Мінәжат қылды ер Әли, Бір Құдаға қылып зар. – Білесің, Тәңірім, сырымды, Қандектен атым сүрінді. Мұсылмандар не күйде, Қалдым құдық түбінде. Айналайын, бір Құдай, Жолдасым өзің бүгінде. Жаңылдым қате сөзімнен, Ашудың келген кезімен. “Аһ” дегенше жоқ болып, Кеттім жердің жүзінен. Жаратушы жан Алла, Болғай да медет өзіңнен. Мен өзіңе сиындым, Иә, Рахым, иә, Рахман, Иә, Самағ, иә, Сұбхан. Иә, Қадір, иә, Мәулам, Иә, Ханнан, иә, Маннан. Халімнен хабар алушы, Жарылқаушы Құдасың, Жалбарындым мен саған. Иә, Кәрім, иә, Жаппар, Иә, Қаһар, иә, Саттар. Мүшкіл түсті басыма, Жарылқаушы сен, қамқор. Иә, Зұлжалал, иә, Кәрім, Өзіңе мәлім бұл халім. Әуел-ақыр Пайғамбар, Өзің едің рахбар, Болғайсыз бізден хабардар. Иә, Мұқамбет Мұстафа, Зынданда Шерің қалып тұр, Халім забун болып тұр. Қапалық келіп тығыздап, Ішіме қайғы толып тұр. Жүдә болған ерлерге Саламат, Құдай, жолықтыр. Басыма салдың көп істі, Айласымен кәпірдің Арам боп тұр жер үсті. Кез болған маған төтен іс, Ақыл-есті бөлісті. Түскеннен Әли зынданға Жолдасы еді періште. “Дұғаң қабыл, иә, Әли, Уайым қылма бұл істі”. Шерінің көңілін шат қылып, Жауап берді мәліктер. Бұл сөзді айтып тұрғанда, Қасына ертіп көп ләшкер, Қандекке келді Пайғамбар. Ақап атын қаңтарып, Жаяу түсіп барады, Құдықтан төмен қарады. Алыс екен бейқисап, Жақын емес шамалы. Қарауытып көзіне, Көрінбестен тұрады. – Бармысың,– деп,– ер Әли? Пайғамбар Құда сұрады. – Жаһанда сақыпқыраным, Өзіңнен болды күмәнім. Мен, Мұқамбет Мұстафа, Басыңа келіп тұрғаным. Естігенше бір жауап, Болмай тұр менім шыдамым. Халіңнен хабар алғалы, Жаңа іздеп кеп тұрмын, Ажырап бастан тұманым. Шах түбінде, иә, Шерім, Қандай болды заманың. Қандекке жетпес көзіміз, Құлағыңа бара ма Осы айтқан сөзіміз. Кәпірді қуып шаһарға, Босанып келген кезіміз. Пайғамбардың сөзіне Жауап берді ер Әли: – Ләббай, тақсыр, аманмын, Бұрынғы құрбы, заманым. Құдықтың тұрып түбінде Азын-аулақ дем алдым. Аман-есен отырмын, “Зынданнан аман шығар” деп, Бір Аллаға өтіндім. Түсім бе, менім өңім бе, Көрініп тұрсыз көзіме. Зынданның түбін сәуле етті Айдай жарық жүзіңіз. Құлағыма келіп тұр Маған айтқан сөзіңіз. Алланың бар хақ Хабибі, Болыңыз дертім табибі. Тартып ала көріңіз, Рақым қылып өзіме. Ғамкін болды Пайғамбар Әлидің айтқан сөзіне. Зынданның түбі қарайып, Көрінбеді көзіне. Аллаға қылды мінәжат: – Иә, Ахад, иә, Самад, Өзіңе қылдым мінәжат. Бұл зынданнан Шеріңді Шығарғайсың саламат. Осылай деп Пайғамбар, Көзінің жасы төгілді, Шынымен састы со күнде, – Арқаным жоқ қолымда, Құдықтың тұрмын лабінде. Енді нешік қылайын Бұл арада Әлиге? Өзің жәрдем қылмасаң Бұл Шеріңнің халіне. Мұны айтып болғанша, Көзінің жасын тыйғанша, Үн де келді Алладан. Осы сөзді айтыпты Жәбірейіл сол замат: – Иә, достым Мұқамбет, Құп білемін халіңді. Өзім жермін қамыңды, Қауіп етпей ұзат қолыңды, Аларсың тартып Әлиіңді. Естіген соң бұл сөзді, Ақ Пайғамбар сүйінді. Еңкейіп қолын ұзатып, Қармады қандек түбіне. Құдіретімен Құданың, Пайғамбар қолы ілініп, Тартып алды Әлиді, Періштелер жәрдем қып. Батайын деп тұрғанда, Күннің көзі қызарып, Дүлдүлімен Шеріні Қандектен алды шығарып. Пайғамбар Құда көрісті, Жап-жасыл болып құлпырып, Жер жүзі кетті нұрланып. Хазірет Омар, молда Оспан, Әбубәкір Сыдықпен Тұла бойы қызыл қан, Бұлар да келіп көрісті, Беттерінен өбісті, Бәрі келіп көрісті. Отыз үш мың сахаба Қол алып сәлем берісті, Нәубетімен келісті Зарқұмның ұлы Қайсар да. “Аһ” дегенде аптығып, Жол таба алмай қақтығып, Әнапия көрісті Атасымен барабар. Көрінбеді көзіне Онан басқа балалар. “Қайда?” деп Әли жоқтады, Түспеген соң жүзіне, Жүректе қайғы тоқтады. Ол Мұқамбет пайғамбар, Екі әлемнің аптабы, Әлидің айтқан сөзіне Беруге жауап таппады. Атасының сөзіне Әнапия жылады. Шер Арыслан тығыздап, – Не болды? – деп сұрады. Жылап тұрып баласы, Бастан өткен оқиғаны Бір-бірлеп баян қылады. Жанәбілдің өлгенін, Балалар пенде болғанын, Есепсіз жеп жарақат, Жалғыз өзі қалғанын. Күллі кәпір жабылып, Басына мүшкіл салғанын. Сөйтіп ада қылмады, Көңіліндегі арманын. Мұны естіп Әлидің Шыңылдап кетті құлағы, Сарғайып жүзі сынады. Реңі неше құбылып, Қалмады сабыр-қарары. “Ой, ботам” деп Әли Шер, Көзінен жас парлады, Сақалына тарады. Безгек болған кісідей Дірілдеп кетіп барады, Реңін болжап болмайды. Сол күндегі кезінде Жаңылды айтар сөзінен, От тұтанды жүректен. Түктері шықты сыртына, Құрыштанып білектен. Жан көрінбей көзіне, Дүние кетті қарайып. Қызарып неше сазарып, Ақыл-есін ада қып, Долдықпенен шыдамай, Жағаларын пара қып. Найылаж Шері тоқтады, Ләшкермен бірге аттанды. Екі бүйірін таянып, Түніменен жатады, Аллаға қылып наласын, Ойлап жылар баласын. Асығып “таңды атса” деп, Көрмекке майдан арасын. Көзімен таңды атырды, Біләл азан шақырды. Памдат намаз өтеп ап, Пайғамбар Құда аттанды. Ұрысқа дәсте түзетіп, Реттеліп саптанды. Әзірет Әли майданға Шығайын деп шаттанды. “Шығыңдар” деген Зарқұмның Даңғыра дабылы қағылды. Қолына ұстап ту-байрақ, Қалың ләшкер ағылды. Жетпіс екі сап болып, Көбейіп кәпір қағынды. Әли шықты тілекпен, Көтеріп найза білекпен, Алдымен шықты сүрекпен. Кәпірлердің ызасы Өткен екен сүйектен. Дүлдүл атын ойнатып, Қарғытып ойпаң биіктен, Майданға келіп ақырды, Оты шығып жүректен. Әли сонда сөйлейді: –Нағылеті кәпірлер, Мұнша қалың күреңсің. Қалмассың аман бірің сен, Тамашаны көрерсің. Көп ләшкерің қырылсын, Қылыштан қанды тамызбай, Ат баурынан ағызбай, Қайтсаң бүгін майданнан, Әли атым құрысын. Балаларды көргенше, Тарылып тұр тынысым. Зарқұм, сенен дәл бүгін, Алам енді өшімді. Осылай деп ақырды, Әли Шердің дауысы Жер мен көкті көшірді. Олай-бұлай ойқастап, Дүлдүл атын секіртіп, Әли нағып шыдасын, Перзенттерін бекітіп. Зарқұмға Әли сөйледі: – Біреуі өлсе баламның, Қырылар күллі адамың. От қойып бәрін өртеймін Дәш елің мен қалаңның. Ойының ба, шының ба, Зарқұм, сені алмаймын, Балалардың бірінің Шөметейінің қылына. Мұсылман болсаң қояр ем, Кәпірлігің көндірмес, Азғырып шайтан сорыңа. Жолдан азған кәпірсің, Қандектен мені шықпас деп, Бәнитке салған екенсің. Қолыңа сенің барыпты Көзімнің өңкей жанары. Сабыр-тағат менде жоқ, Балдардың болмай хабары. Тепсініп жерді қазып тұр Дүлдүлінің тұяғы. Кәпірді төмен қаратты Әлидің айбат сияғы. Майданға ешкім шықпаған, Бірінің болмай талабы. Дағдарыпты шамалы, Айтарлық таппай жауабы. Естімеген кісідей, Керең болып құлағы. Сонша ләшкер ішінен Қонашшам деген бір әді Зарқұмнан жауап сұрады, Талабын қабыл қылады. Рұқсат алып Зарқұмнан, Атыла қамшы ұрады. Қонашшам келіп Әлиге Қарсыласып тұрады, Әли келді бұдағы. Әлиден бұрын Қонашшам Асырмақ болып айласын, Туралап салды найзасын. Найзасын Әли тигізбей, Тартып алды қолынан, Қорықпады доғынан. Мықтап ұстап белінен, Қаһарланған демімен, Көкке атып жіберді, Ғайып қып жердің жүзінен. Біраздан соң Қонашшам Көтінен қайтты қараңдап. Келе жатыр құлдилап, Аяқ-қолы далаңдап. Шамалы жақын келгенде, Қылышын Әли сермеді, Денесін екі бөлгелі. Таудай болып ажырап, Жерге түсті жарылып. Дөңестеу еді түскен жер, Сай боп қалды қазылып. Басылмады бұған да, Әли Шердің арыны. Жұлып алып кәлласын, Танауларын тілгілеп, Аузынан екі айырды. Және мінді Дүлдүлді, Кәпірге салды құлқұлды. Пайғамбары Құдадан Тіледі бата сол күнде. Ат бауырына қан аққан, Қыламын деп қырғынды. Мұны көрген кәпірлер, Жанынан бәрі түңілді. Сонда Зарқұм патшаның Тапқан оғы бұл еді. Төрт жағынан ұрыс деп, Төрт палуан жіберді. Төрт палуан келгенде, Ойынын Әли бастады. Көзді ашып-жұмғанша Бастарын кесіп тастады. Мағлұм болды һәммаға Қайратының асқаны. Сонан кейін палуан Бестеп-ондап келісті. Қанша болса соншасы Қырғын тауып өлісті. Ұрысқаны жайланды, Іс керіске айланды. Енді Зарқұм “Бұл ерге Қайтемін?” деп ойланды. Зарқұм және сөйледі: – Бәрің бірден ат қойып, Қылыңдар, – деді, – майданды. Тегіс кеп кәпір қамады, Тартынып қалған болмады. Жуықтап тұрып шамалы, Жақындап келіп қасына, Оқ жаудырды басына. Әлидің қолы тигені Өлімге болды ашына. Жүз-жүз болып, мың-мыңдап, Қырылар еді қырғын боп. Қуып жүр Әли бөлектеп, Алдында кәпір дедектеп. Кіруіне көр таппай, “Бұл араб қайдан кеп ед!” деп. Қырып жүр Әли апаттап, Түсіріп кетіп бара атыр, Кез келгенін қаламдап. Алдына салып қуып жүр, Оңды-солды тықсыртып. Қиратып кетті отындай, Төсек қып жерге қапсырып. Кездесті кәпір жылауға-ай, Көбісін Әли өртеді, Қалыңға қойған алаудай. Бет қаратпай екісін, Үшінші сапқа ілінді. Төтеп беріп тұра алмай, Бұлар да қашып бөлінді. Бұдан аман өткен соң, Төртінші сапқа ұрынды. Әлидің тиіп қылышы, һәммасы тегіс қырылды. Басқамен қылып қалғаны Шартарапқа бұрылды. Есірік болған құландай Қаңғырып көбі жүрілді. Қуа-қуа Әли Шер Кәмандазға жеткерді. Кәмандазды зәңгі мен Пілден ары өткерді. Жетпіс екі сап кәпірлер Қашпаққа бәрі бет берді. Осы жолғы Әлидің Айрықша болды жұмысы. Сілтегенде кесіп жүр Екі жүзден қылышы. Ол сапарға қабағат, Қиямет болды ұрысы. Жетпіс екі сап еді Кәпірлердің қарасы. Бәрі кетті бірігіп, Әлиден қалмай зәресі. Қашты қойдай дүркіреп, Лашындай сыпырып, Сауғалап қашқан қорқақтар Кете алмады құтылып. Қарамайды артына, Ілгері қарап ұмтылып. Қолына түскен кәпірлер Шүберектей жыртылып. Ат өлікке сүрінді Бұған да Әли ырза емес, Есінде серті бұрынғы. Үстін-үстін ақырып, Салып жүр Шері көп айқай. Аққан қаны адамның Ат баурына жете алмай, Сертінен Әли кете алмай, Орындар шартын бүгінгі. Тізесінен қан кешіп, Дүлдүлмен шауып жүрілді. Сертіне Шерім жетсін деп, Көңілінен арман кетсін деп, Жаратқан Алла құдіретпен Нөсер қып жаңбыр төктірді. Көбіктеніп аққан қан Ат бауырына жеткерді. Айтқан сөзі болған соң, Сай-салаға құйылып, Қызыл қан әбден толған соң, Күн қиямға барған соң, Тоқтады Әли демін ап, Арқа, басы жадырап. Кәпірлер қашып зырлады, Бәледен басы ажырап. Ұясына кірді күн, Көз байланып болды түн. Арманы тарқап ер Әли, Аман-есен жолықты Пайғамбары Құдамен. Денелері қызыл қан, Сіз-біз десіп отырды, Баршасы болып шадыман. Шаттықпен түні өтеді, Ертеңгі таңға жетеді. Памдат оқып болған соң, Пайғамбардан бата алып, Майданға Әли кетеді. Зұлпықарын жайнатып, Дүлдүл атын ойнатып, Қаһарланып келеді. Кәпірге қайғы ойлатып, Майданға келіп ақырды. Қалтыратты дауысы Алыс пенен жақынды. Қаһары келді қатты деп, Ысрапыл сорыны тартты деп Қайғырды Зарқұм жабығып, Қабағы төмен салынып. Зәңгінің бәрі шулады, Патшасына жалынып, Өтініп тұр арыз қып: – Еш кісінің сенімен Емес ед күші барабар. Өзің шықсаң Әлиге, Абырой алсаң ықтимал. Мұны естіп барымен, Емхатланды ол зәңгі. – Неме деп адам перзенті, Әли қандай, мен қандай, Көрмеймін оны шыбындай. Мен майданға барған соң, Тұрар ма екен қорықпай. Бар күшімді салайын, Қызметке жарайын. Жүзімді төмен қылып тұр, Мен де несін аяйын. Бір тарпысам жоқ қылам Мұндай ердің талайын. Сөзің, Зарқұм, өлмесін, Әлиге өзім барайын. Ол зәңгінің қарасаң, Кілемнен жазық құлағы. Төңкерілген қазандай Лағынеттің қабағы. Панжалары әдетсіз, Шынардай қол мен аяғы. Басы үлкен қорадай, Танаулары науадай. Қолын созса жоғары, Жетейін деп хауаға-ай. Мыңдаған аршын келгендей Жауырынының жалпағы. Арқасына байланған Алты жүз батпан қалқаны. Әлиге келді ол зәңгі, Ұрыспаққа оқталды. Жақындасып екеуі, Рубару боп қалады. Көрімнен көрім сияғы, Тілге келіп және һәм, Әлиден жауап сұрады. “Менім атым – Әли”, – деп, Шері һәм жауап қылады: – Көрдім талай ұрыста, Сен секілді надандар Ұрынар өзі қылышқа. Мұсылман бол, ақымақ, Меніменен ұрыспа! Мен сияқты палуанға Сендей зәңгі жұмыс па? Қоқаңдаған доңыздай Сен сеніп денеңе, Мақтанғаның дұрыс па? Қолыңнан келсе аяма, Барлығыңды қарышта. Бұл сөзді зәңгі есітіп, Тырысқансиды намысқа. Сол уақытта ол кәпір Қаһарланып Әлиге, Бір сілтеді қылышты. Кәлласын кесіп кетер деп, Ойлады осы жұмысты. Зәңгінің Әли қылышын Қалқанмен қағып жіберді. Зұлпықарын көтеріп, Қайратына кіреді. Әли айтты зәңгіге: – Маған нәубет бер енді. – Кезегіңді алғын,– деп, Қалқанын тұтты басына. Зұлпықармен зәңгіні Қатуланып бір салды. Денесі екі бөлінді, Халыққа аян көрінді. Өкіріп жатыр шалғылап, Кім көрді мұндай көрімді. Зарқұм көріп бұл ісін, Екі бөлек қылысын, Зарқұм және жіберді “Әлименен ұрыс” деп, Зәңгінің Баһар інісін. Баһар шықты майданға, Өлімге байлап бір басын. Сасқанынан ақырды, Әлиге “кел” деп шақырды, Аламын деп ызасын. Ағасынан айырылып, Тағаты нағып шыдасын. Әй-шәйіне қарамай Шауып келіп Әлиге Салғансиды найзасын. Қалқанмен қағып жіберді, Асырып Әли айласын. Қаһарланып ер Әли, Ұрды оның басына. Кәлласы кетті домалап, Өлімге болды ашына. Сол уақытта кәпірдің Шошиды қатты жүрегі. Майданға қарар беті жоқ, Бәрі тегіс жүдеді. Пиғылын танып халқының, Сонда Зарқұм сөйлейді, Сөйлеген сөзі бұл еді: – Лағыл, жақұт төгейін, Баламнан артық көрейін, Өтірік айтсам өлейін, Талапкер бар ма осыған, Әлименен ұрысар, Қызымды соған берейін. Уәзір қылып және һәм Асырайын мерейін. Мұны естіп Зарқұмнан, Қарабас деген палуан Ашық еді қызына, Жетіп келді қасына. – Айтқан сөзің, әй, шаһым, Өтірік пе, рас па? Қызыңыздан басқа сөз Еш кірмейді құлаққа, Мұның жөні бір басқа. Мақұл десең, падишам, Әлиге өзім барайын. Ісініп, асып тұрғанда Ақырзаман салайын. Әлиді бүгін өлтіріп, Қызыңызды алайын. Арманым жоқ менім де, Сүйікті болса жұбайым. Орнына келтірем, Мұны уайым қылмағын. Жақсы ләпес есітіп, Менім де кетті шыдамым. Күшімді бекер сарып қып, Құр әуреге қылмағын. Бәрінен де жоғары Уағдада тұрғаның. Апырақтап, аптығып, Жан көрінбей көзіне, Осы еді айтқан сөзі де. Қол қусырып тұрады, Зарқұмнан бата сұрады. Сонда Зарқұм қуанып, Үсті-үстіне жеті қат Кидірді сауыт тәніне, Ілдіріп қылыш беліне. – Жауап беріп сол күнде, Барғын, – деп, – балам, Әлиге, Бұрын қылғын әрекет, Келгеннен жақын шеніңе. Пысықтап әбден жіберді, Түспегін деп қолына. Шауып келіп Әлидің Көлденең тұрды жолына. Әли сонда сөйлейді: – Тез мұсылман болмасаң, Төгемін,– деді, – қаныңды, Шығарармын жаныңды. Е, бейхұда, ақымақ, Шақтамайсың халіңді. Айтқаныма көнбесең Жей бергін енді қамыңды. Мұны естіп ол кәпір Жетіп келді қасына. Үш жүз батпан күрзісін Әлидің ұрды басына. Бұл күрзінің шұддаты Денелерін зіл қылды. Есін жиып алған соң, Әли де мұны бір ұрды. Аяғы кетіп аспанға, Бұ да һәм аттан жығылды, Денеден жаны үзілді, Қыла алмады қимылды. Әли және майданда Ойнатып тұрды Дүлдүлді. Кәпірлер көріп бұл істі, Уайым басып тұрысты. Енді барып Әлимен Қылмас деп ешкім ұрысты. Көрмесін деп Зарқұмды, Бойы ұзындар бұғысты. Бірін-бірі паналап, Суға аққан қойдай ығысты. Күші басым һәммадан, Болса да кіші көрнегі. Талапкер болып ұрысқан, Күмәні жоқ өлмегі. Баршасының ойына Бұл қиял еді келгені. Сонда Зарқұм ойланды Майданға өзі кіргелі. – Әлиге өзім барайын, Өшімді сөйтіп алайын. Оңашалап тұрғанда Күшін мен де сынайын. Ретіне кеп қалса, Көтеріп жерге ұрайын, Майда-майда қылайын. Әгар әлім жетпесе, Өлейін де тынайын. Жарамды ерді тауыстым, Мен несіне қалайын. Әліміз болды шақ, Не ғанимет көрермін, Жалғыз өзім қалып тақ. Әлимен барып ұрысайын, Басымнан кәзір кетпей бақ. Беймағлұм боп қалды Кімге болар алтын тақ. Осыны айтып падиша, Жарағын алды келтіріп. Қорыққаны ма, састы ма, Қай жағынан болса да, Ала алмай демін ентігіп. Басына киді пана қып, Дулыға болат бір зерін. Лағыл, жақұт өткерме, Беліне буды кемерін. Ықылымнан асқан ұсталар Төккен екен өнерін. Сонда Зарқұм шақтады, Әлиге қарсы келерін. Аспап, сайман атының, Салды жабдық егарын. Бір қылышы бар еді Суғарылған заһармен. Атын шахар дер еді, Байлады соны қаһармен. Он мың батпан күрзісі, Ауырлығы бар еді, Өткермелі ілгектен, Мұны да іле салады. Сипатына Зарқұмның Көргендер қайран қалады. Атын Зарқұм ойнатып, Алтын асыл жарағын Майданға барды жайнатып. Зарқұмның өзі екенін Көрген жан айтпай білісті. Жарағына, атына Тамаша әркім қылысты. Жел тимеген бойы пәс, Балант жерге шығысты. Таңға келіп майданға, Ойнатып тұрды қылышты. Пайғамбар Құда қараса, Зарқұм кірді майданға. – Жарағымды келтір, – деп, Әмір қылды Салманға. – Өзім ұрыс қылайын Кәпір діні жалғанға. Патшасы келді кәпірдің, Майданға мен де шығайын, Өзім ұрыс қылайын. Медет берсе Құдайым Оны дінге салайын. Жеті қабат аспаннан Өтті дидар нұрлары. Перделерін көтеріп, Бәрі қылды тамаша Сегіз пейіш хорлары. Ақап атын бір ұрып, Майданға жүрді бұрылып. Жеткенінше асығып, Қамқамын алды суырып. Пайғамбар Құда келе атыр, Іркілген жоқ кідіріп. Басына шаншып жығайын Зарқұм өзі шыққан соң, Бұ кісі нағып шыдасын. Әлемді алды нұрлары, Айдай болып дидары. Пайғамбарды көрген соң, Әли кейін тұрады. – Нәубетті бізге бергін, – деп, Расулы Мұқамбет Әлиден жауап сұрады: – Құданың Шері Хайдары, Ұрыстың талай сен, – деді, Кезекті маған бер, – деді. Құдіретін Құданың Тамаша қылып көр, – деді. Пайғамбар Құда айтқан соң, Ұрыстан шықты Әли Хайдар. Атының басын тартады, Бұрылып кейін қайтады. Зарқұм сонда сөйлейді, Пайғамбары Құдаға Айтқан сөзі бұл еді: – Бір Әлиден бұзылды Салтанат пен бақ, тәжім. Ойран болып шаһарым, Өлікке толды тау-тасым. Неге оны қайтардың, Бар еді онда қысасым. Бүгін өзім келіп ем, Салайын деп аламат. Қандай қып сабыр етемін, Әли менім басыма Қайғы орнатты қабағат. Қайтарып қосқа Әлиді, Неге өзің келдің, Мұқамбет? Осылай Зарқұм дегенде, Жауап берді Пайғамбар: – Еш кісінің Әлимен Тіркелмес күші барабар. Пайғамбар атым болмаса, Әлиден күшім кемірек. Екі патша күрессек, Шәнімізге жөнірек. Асып-тасып сөйлейсің, Ақылың шығар кемірек. Барыңды, Зарқұм, қарышта, Майданға кеңес не керек. Мұны айтып Пайғамбар, Қайым болды жолына. Сілтейін деп найзасын Зарқұм алды қолына. Мұны көріп Пайғамбар, “Бір найзаны жеткіз” деп, Ишарат қылды соңына. Әли әкеліп найзасын, Беріп қайтты тобына. Екі патша жүзбе-жүз Найзаларын салысты. Біріне-бірі тигізбей, Неше мәрте қағысты. Екі ләшкер тыңдап тұр Шақылдаған дабысты. Кезек-кезек нәубетпен Күрзіменен ұрысты. Бір-біріне екеуі Әр қилы өнер көрсетіп, Суырысты қылышты. Қалқанменен қағысты, Және өткерді бұл істі. Сол уақытта екі ат Соқтығысып тұрысты. Кез келген жерден ұстап ап, Ат үстінен жұлысты. Келген уақытта теңіне, Пайғамбар Құда Зарқұмның Қол ұзатты беліне. Зарқұмды аттың үстінен Жұлып алды со күнде. Үзеңгіге Пайғамбар Екі аяғын тіреді. “Тозақты көріп қайтқын” деп, Аспанға атып жіберді. Екі ләшкер қарап тұр Екі жақта топ болып. Барабар кетті аспанға, Көрінбей Зарқұм жоқ болып. Тұра алмай кәпір жайланып, Жанының қамын ойланып. Бір уақытта қараса, Бұлттай бері келе атыр. Қарап Зарқұм иланып, “Патшамыз майда болды” деп, Кәпірлер тұрды қайғы алып. Көшкен таудай сияғы, Қараңдап екі аяғы. Арқан бойы келгенде, Пайғамбар қолын созады. Түсірмей жерге көтеріп, Ақырын ғана қояды. Бұл істерді ол Зарқұм Көргендей болды түсінде, Тахсин қылды ісіне, Кәпір менен мұсылман Қайыл болды күшіне. Насихат айтты, Зарқұмның Нұр төккелі ішіне: – Бұл сөзімді шын тұтқын, Дос болып мені пір тұтқын. Жаратқанды бір білгін, Кітап сөзін шын білгін. Кәлимаға келтір тіліңді, Жолыңды таста бұрынғы, Қабыл алғын дінімді, Табарсың пайда түбінде. Дос болалық екеуміз, Зарқұм, болғын мұсылман. Кім ағашқа табынса, Иманынан ұтылған. Жалғыз Құдай, өзі тақ, Бұл сөзіме енді бақ. Жүйелі сөзге келісіп, Қылалық, батыр, ынтымақ. Сонда Зарқұм сөйледі: – Дініңіз екен сіздің хақ. Мені көкке атпас ең, Атсаң да қайтып алмас ең, Дініңіз күшті болмаса, Мұнша күшті болмас ең. Үмбетпен жан-діліммен, Бұрынғы қайттым күнімнен. Сеніңіз, Пайғамбар, Мұсылман болдым зейініммен. Мұсылман болды тезіне, Ішіне иман нұр толып. Шариғатқа езілді, Мұсылманның белгісі Сезілді дереу жүзінде. Мұсылман болды сүйініп, Қол қусырып иіліп. Зарқұм шаһтың ләшкері, Бәрі келді жиылып, Болды бәрі мұсылман, Көңіліне иман құйылып. – Пайғамбар хақ, Құдай бір, Раушан болды көңіліміз, Бұл сөзіме сеніңіз. Мен қызмет етейін, Шаһарымды көріңіз. Әдеп тартып, иә, тақсыр, Тағлым бізге беріңіз. Көріңіздер үйімді, Жолыңызға төсейін Атлас, шәйі бұйымды. Ортамыздан мешіт сап, Оқытқын Құран, ғылымды Мен сияқты ақымаққа. Мұны естіп Пайғамбар, Ертіп жүрді ләшкерін, Мейман болып бармаққа, Дін жолына салмаққа, Қаратып тегіс алмаққа. Зарқұм адам шаптырып, Тазалатты көшені, Қайдағы қымбат паластан, Төседі қаттап нешені. Дарбазадан ордаға Жеткенінше төседі. Алтын үйге кіргізді, Ізет, құрмет қылғызды. Өңкей жақсы қосылып, Мәжіліс келді бабына. Пайғамбарды ол Зарқұм Міндірді алтын тағына. Ішке пікір сақтамай, Айтысты әбден шындарын. Алып келді Әлидің Он жеті әзиз ұлдарын. Ата-бала көрісіп, Сұрасты жақсы халдерін. Отырғызды реттеп, Төрт жар менен Әлидің Он сегіз шаһзат балдарын. Айырылған ерлер көрісті Бірін-бірі дидарын, Қуаныш қылды күндерін. Қақан, Қайсар, Мәлак та Зарқұмның жақын адамы. Бұлар да барып көрісті, Оңынан тұрып самалы. Зарқұмның қауымы бәрі кеп, Ұрғашылы, еркекті, Мұсылман болды тамамы, Айқайлап бәрі Аллалап. Діннің жолы ашылды, Шариғат жары шашылды. Мәртебесін биік қып Пайғамбары Құданың, Бұрынғыдан асырды. Бір ай әдеп көрсетті Үлкен менен кішіге. Тәртіп болды жұмысы Шаһарының ішіне. Пұттан қоймай сындырды, Медресе, мешіт қылдырды. Зарқұм ашып қазынасын, Алтын-күміс ажынасын, Аяқты жәндік малынан, Қазынадағы бәрінен Пайғамбарға нам қылды, Ықыраж, зекет алдырды. Есепсіз малдар үйілді, Қырмандай алтын жиылды. Не айтса да Пайғамбар, Ықылас қылды сөзіне. Бір айдан соң Зарқұмның Тағын берді өзіне. Енді ләшкер сүйінді, “Қайтамыз, – деп, – тезіне”. Қолқа қылып саранжам, Буынып бәрі түйінді. Ілгері өткен шаһидке Дәпін қылды киімді. Оқиды намаз Пайғамбар, Өзгесі тегіс ұйыды. Тәртіпті өзге қысқартып, Оңайлатты қиынды. Қандай сөз айтса Расул, Бәрі тегіс “құп” деді. Аяқты малды айдатып, Қазынадан алған тілладан Сегіз жүз түйе жүктетіп, Дайындады әскерін. Бір ай күтіп күзетіп, Шығарғалы ұзатып, Зарқұм қолын қусырып, Неше уәзір сөз айтып: – Екі дүние рахбарым, Қай уақытта бар екен Енді сізді көрерім. Сіз тұрыңыз тағымда, Мен қызмет етейін, Болғанша ада өмірім. Сіз қайтпақшы болған соң, Паришан болды көңілім. Насихат айтты Мұқамбет: – Біз Пайғамбар, сіз үмбет, Айнымаса пиғылың, Әрқашан етем шапағат. Таза болсын тамағың, Құранның оқы сабағын. Бәрін бірдей көргейсің, Мұсылман қауымы адамын. Бәрін саған тапсырып, Тастап кетіп барамын. Бес уақыты намазда Дұға қылып тұрамын, Халіңнен хабар алармын, Құдіретімен Құданың. Асығып жұмыс қылмағын, Сабырлық қылып тұр, жаным. Ырза болмай қазаға, Тәубе қылмай балаңа, Өзіңді отқа ұрмағын. Көрген соң артық өзгеден, Дос болдық біз сізбенен. Қиямет күні боларсыз Қоңсы, жолдас бізбенен. Құда бір, Расул бар хақ-дүр, Үмбет болдық, әй, Зарқұм, Бұғандағы шүкір қыл. Пайғамбардың бұл сөзін һәммасы тегіс есітті. Дұға қылды бәріне Қол көтеріп мешітте. Шат болып тегіс адамдар Далаға шықты барабар. Пайғамбары Құданың Соңынан еріп шаһариар “Қайыр, қош!” деді халыққа. Күндік жерге шығарып, Арабтарды ырза қып, Зарқұм қайтты Ираққа. Пайғамбар Құда жөнелді Мәдине бетарапқа. Аз жүріп жетті еліне, Туып-өскен жеріне. Ырғап-жырғап енеді Мәдиненің шәріне. Апарған малды таратты Қаріп-қасер, жетім мен Шайқы-бұрқы, заһидке. Тылауат Құран түсіпті Соғыста өлген шаһидке. Арабтарды бай қылды Ирақтан келген олжа мал. Жарлылары бай болып, Қошуақ болып шаттанар. Шаһидтерге жанашыр Көз жасы қылып қамығар.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.