Қожа Баһауидин хазіретінің қиссасы

Әуелі сиынамын бір Құдайым, Падиша пендесінің білер жайын. Пайғамбардың мирасқор үмбетінен, Бір жақсыны жазуға ойланайын. Илһам бер тіл мен жаққа, Жаппар Халиқ, Қарайын көп кітапқа көзім салып. Жәрдем бер үмбетіңе иә, Мұхаммед, Қожаны мен жазайын қалам алып. Және медет тілеймін, шаһариарым, Кім біледі дүниенің кеңі-тар...

Қазақша
Қожа Баһауидин хазіретінің қиссасы
Әуелі сиынамын бір Құдайым, Падиша пендесінің білер жайын. Пайғамбардың мирасқор үмбетінен, Бір жақсыны жазуға ойланайын. Илһам бер тіл мен жаққа, Жаппар Халиқ, Қарайын көп кітапқа көзім салып. Жәрдем бер үмбетіңе иә, Мұхаммед, Қожаны мен жазайын қалам алып. Және медет тілеймін, шаһариарым, Кім біледі дүниенің кеңі-тарын. Илһам берсе көңілге бар Құдайым, һәр қисса көңілде тұр дайын-дайын. “Рисала азизада” көріп едім, Қожаны қисса қылып шығарайын. Құлақ салып тыңдаңыз, жамағатым, Өлгеннен соң қалады жазған хатым. Жеті жылда қожаның бөрік тіккенін, Қисса қылып сөйлейін хикаятын. Асыл есімі қожаның Мұхаммед-ті, Өзі әулие кісі еді, кереметті. Нақышбанди деп қойған бір аты бар, Жаһаннан өнер қылып өтіп кетті. Шығыпты бұл әулие Бұхарадан, Кереметті болғаны әлденеден. Өнерпаз бұ дүниеде болған үшін, Атын қойған екен қожа Баһауидин. Мұхаммед – қойған аты әуеліде, Бек ұста деп айтады бір қолы да. Өзінің өнерімен безек салып, Бір бөрік тіккен екен жеті жылда. Сөйлейін тыңдасаңыз мұның жайын, Тағат қыл, болмай қалмас қиямет-қайым. “Лә иләһа иллә Алла, Мұхаммед Расул Алла” деп Жетпіс айтты инені шанышқан сайын. Қожадан ұсталыққа кім өтіпті, Ойлаған қиялына бек жетіпті. Кімде-кім жеті тамұқ мәліктенсе, Сол бағаға сатам деп ант етіпті. Сұрасаң ғылым айтар шариғат жол, Күнә кешсе Құданың рахматы мол. Кімде-кім жеті тамұқ билеп сатса, Қожа айтады бөркімді алады сол. Әулие кереметті өзі ғалым, Қожаның жайын білмес кейбір залым. Қожаның бір ниетпен бөрік тіккені, Құдайдың құдіретіне болды мәлім. Кітаптан пайымдасаң шығар мағына, Қожаға керек емес дүние малы. Құдіретімен зәңгінің суретін қып, Сауда қыл деп жіберді періштені. Сол қожа уағдаға берік-ті дейді, Не қылса да Құдайға ерікті дейді. Жіберді зәңгі қылып періштені, “Сатып ал сауда қылып бөрікті” дейді. Періште бұйрықпен шығып келді, Қожаға тағзымменен сәлем берді. “Мен Зәңгістан жұртынан келермін” деп, Періште Қожа істеген бөрікті көрді. – Әй, қожа, дүние үшін керек мал ма, Аузыңнан шыққан сенің сөзің бал ма? Басымда киген тәжім тозып еді, Сатарлық сізден бізге бөрік бар ма? – Әй, зәңгі, дүние үшін керек қой мал, Бәсі қымбат қолымда бір бөркім бар. Жеті тозақ баршасын билеп келсең, Беремін сол бағаға, сен сатып ал. Періштеге бөріктің бәсін айтты, Азиз болып үйінен шығып кетті. “Жеті тамұқ Тәңірінің өзінде” деп, Жанабына Құданың қайта қайтты. Періште кідірмей-ақ тез қайтады, Қожадан естіген көп кепті айтады. “Сауда қыл” деп бөркіне жіберіп ең, Бағасы қымбат екен ғой деп, айтады. Тәңірім айтты: – Періште, сен мұнда кел, Қожаның тілегенін білермін дер. Жетісін бірдей берсем пендем қорықпас, Бер дағы алты тамұқ сатып ап кел. Сөзіне еселеген ерме деді, Бұйырса сатып алмай келме деді. Алтысына тозақтың берер бір күн, Сұраса онан артық берме,– деді. Құдайым алты тозақ берді дейді, Періште құдіретін көрді дейді. “Бұйырса бөрікке сауда қыламын” деп, Қожаға және қайта келді дейді. – Мен әуелі бөркіме сауда қылдым, Саудагер болып келген сені көрдім. Әй, зәңгім, халің келмей кетіп едің, Тағы қайтып бұ жерге неге келдің. – Әй, Қожа, сенің өзің білемісің, Менің айтқан сөзіме нанамысың. Және қайтып келгенім сауда үшін, Берейін алты тамұқ, аламысың? – Саудаңыз келіспеді кетші жырақ, Жүре көр ренжідім әрменірек. Саудамыз екеуіміздің біте алмады, Сұрайсың сен бөркімді арзанырақ. Қожадан періштенің сағы сынды, “Бөркіңді алмаймын” деп, көңілі тынды. Бермесең өзіңізде тұрып қалсын, “Керегі жоқ” деп періште қымбатсынды. Саудасы бір-бірінің бей боп қалды, Бөркің үшін бермеймін сізге малды. Жеті тамұқ деген соң қымбатсынып, Періште қайтуына оңтайланды. Бұйырғанын Құдайдың көрмек болды, Мұның айтқан сөзіне ермек болды. Періште айтқанынан жылмаған соң, Ылажсыз Қожа бөрікті бермек болды. Алмады бөркі үшін Қожа малды, Алты тамұқ зәңгіден сатып алды. “Бөркім үшін алтысы өз мүлкім” деп, Падиша алтауына болып қалды. Құдайым жарылқаса рахматы мол, Періште бөрікті сатып әкетті ол. “Мұхаммед үмбеттерін кіргізбен” деп, Қожаның бөрікті тіккен ниеті сол. Тыңдасаңыз осы сөзге түсер хошың, Өтірік емес, кітапта жазылған шын. Қожаның бөркін сатып тамұқ алған Себебі – Пайғамбардың үмбеті үшін. Адамзат, бола алмайсың Қожадай ер, Жолына нәдір айтып, садақа бер. Өз мүлкіне өзінің халі келмей ме, Алты тамұқ ішіне кіргізбен дер. Берді Құдай алтысын, бірін бөліп, Тыңдаңыздар бұ сөзімді майдай еріп. Рахмат етті алтауын бірдей беріп, Қожаның іш пиғылын дұрыс көріп. Сұраса да бермеді тамұқ бәрін, Қожа қабыл қылмады дүние-малын. Бермеген жеті тамұқ себебі сол, Қорықпас деп қаһарымнан пенделерім. Жаратқан Жаппар Құдай рахматың мол, Құдайға пенде болсаң, әмірінде бол. Баһауидин бөрік тігіп сатқан екен, Қиссасы жеңілірек болғаны сол. Бұхарада әулие болыпты өзі, Ғайыпты болжайды екен батин көзі. “Рисала азиза” кітабында Бір бөлек айтқан екен осылай сөзді. Тамам
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.