Қисса Садуақас

Әуелде сөз айтайын бисмилладан, Өлмей қалмас анадан туған адам. Өлмей тұрып бір қисса сөйлейін мен, Туған жан бәрі де айрылар ата-анадан. Құлдық, тағат қылсаңыз бұ дүниеде, Өлсең иман табарсың о дүниеде. Тәңірі досты Пайғамбар төрт жарменен, Бір күні кеңес қылды Мәдинеде. Әбубәкір, Омар, Оспан бәрі де бар, Пайғамбардың...

Қазақша
Қисса Садуақас
Әуелде сөз айтайын бисмилладан, Өлмей қалмас анадан туған адам. Өлмей тұрып бір қисса сөйлейін мен, Туған жан бәрі де айрылар ата-анадан. Құлдық, тағат қылсаңыз бұ дүниеде, Өлсең иман табарсың о дүниеде. Тәңірі досты Пайғамбар төрт жарменен, Бір күні кеңес қылды Мәдинеде. Әбубәкір, Омар, Оспан бәрі де бар, Пайғамбардың күйеуі Әли де бар. Хазіреті азаншы Біләл менен Сүйікті асхабтардың бәрі де бар. Сыдық айтты: – Тілегім дін-дүр,– деді, Сізден бұрын сөйлеймін мен де,– деді. Тәңірінің сүйер құлы Пайғамбарым, Сенің сүйер жомартың кім-дүр,– деді. – Үмбет десем көзіме келеді жас, Өтірік сөз жаныма болады қас. Қанша ойлап айтсам да, Әбубәкір, Менің сүйер жомартым Сәдуақас. Омар айтты: – Қылкөпір тар ма,– деді, Сізден үгіт сұрасам бар ма,– деді. Жердің жүзін араласаң, Пайғамбарым, Сәдуақастан жомартың бар ма?– деді. – Артынан кәпірлердің ергенім жоқ, һешкімге намысымды бергенім жоқ. Көп халайық аралап жүрсем дағы, Сәдуақастан жомартты көргенім жоқ. Жігіттер, жаман істен сақтаныңыз, Құдайға құлдық қылып мақтаныңыз. – Сәдуақас біздерден артық екен, Одан жомарт ізденіп таппадыңыз. – Сіздердің қой ғарібіме бергеніңді, Артынан жомарттардың ергеніңді. Сәдуақастан жомартты таба алмадым, Мен неге жасырайын көргенімді. Жігіттер, осы сөзім еп пе деді, Аузына һәр алуың көп пе деді. “Жалғыз атымнан жомарттық қылсам да” [деп] ер Әли бабасына өкпелейді. “Тілесең бір Құдайдан берер нәсіп, Кәпірді қойдай қырдым басын кесіп!” Жомарт деп бір мәртебе айтпаған соң, Түгі шықты артынан тесіп-тесіп. “Жомарт деп бір айтпады мені бабам, Менен асқан жомарттығы қандай адам. Мені аузына “жомарт деп алмады” деп, Өкпелеп келе жатыр үйге таман. Тіпті жоқ ер Әлиден болған мықты, Кәпірлерді ер Әли қойдай қырды. Бабасына өкпелеп келе жатса, Алдынан Бибі Фатима қарсы шықты: – Тақсыр, сен ерлік қылдың жұрттан асып, Кәпірді қойдай қырдың басын кесіп. Бабаңнан шаттық көріп келер десе, Кімге өкпелеп келесің өңің қашып. – Мендей болып һешбір адам жүре алмады, Кәпірдің қорғанына кіре алмады. Сәдуақасты “жомарт” деп үш-төрт айтты, Мені жомарт деп аузына бір алмады. Жүруші едім бабамның тілін алып, Кетуші едім көп кәпірді дінге салып. Жомарт деп бір мәртебе айтпаған соң, Сол себептен келемін көңілім қалып. – Өңіңнен тамам кәпір қойдай ығар, Бабамнан сұрайтұғын әділ Омар. Бабам менің өтірік сөз айтпайтұғын, Сәдуақастың жомарт[тығы] рас шығар. – Екі кісі таласса шығар шығын, Өкпе сөзің болады неге тығын. Жалғызы Абдулланың қанын сұрап, Сынайын Сәдуақастың жомарттығын. Башир құл ер Әлиге жалшы еді, – Қолыңа бір шелекті алшы,– деді. Үстіне көк есекті[ң] мініп алып, Үйіне Сәдуақастың баршы,– деді. Келдім мен сәлем сізге берейін деп, Ойлағаным жоқ еді келейін деп. Тақсыр, сізге келіп едім қысылғаннан, Жалғыз ұғылым жатқан соң өлейін деп. Дәрілерге баламды бердім дерсің, Тіліне дәрігерлердің ердім дерсің. Балама балаң қаны ем деген соң, Мен сізге соның үшін келдім дерсің. Башир ерттеп есегін мініп алды, Қарына бір шелекті іліп алды. Әлидің әлгі сөзін есіткен соң, Жалғызын Сәдуақастың іздеп барды. Алласыз айтқан сөзде мін бар дейді, Алла деген пендеде дін бар дейді. Келді де Сәдуақастың қақпасына, Айқай салып: – Осы үйде кім бар?– дейді. Есітіп Сәдуақас шыға келді, Башир тұрып алдынан сәлем берді. Есітіп не ғажап, сенің өңің қашты, Үйге түсіп қонақ бол, мырза,– деді. – Келіппін сәлем сізге берейін деп, Ойлағаным жоқ еді келейін деп. Тақсыр, сізге келіп едім қысылғаннан, Жалғыз ұғылым жатқан соң өлейін деп. Сөзімді аузым барып айта алмайды, Сөйтсе де сөзім айтпай қайта алмаймын. Басымда үлкен қатты жұмысым бар, Тақсыр, сізге айтуға бата алмаймын. – Қатты-қатты шығаршы дыбысыңды Мұнша неге тар қылды тынысыңды. Азар болса сұрарсың жалғызымды, Қалап келген айт жомартқа жұмысыңды. – Ендеше Башир құлмын, таны,– деді, Сұрасаңыз айтайын оны,– деді. “Алып келсең Абдулланың қанын деді, Балаңның жаны қалар сонан” деді. – Ендеше берейін,– деп айтып салды, Алып келіп берейін деп іздеп барды. Анасының көңілін аулайын деп, Баласын қимай ма деп үйге кірді. Жөнелді беремін деп баласына, Жолықты келе жатып анасына: – Балаңды бір мейманға беріп келдім, Алғаным, жомарттығым жараса ма? – Маған неге қарайсың оның несін, Бір баланың есесін Тәңірі берсін. Бір балаң бір мейманға жарап кетсе, Құдайдан одан артық не сұрайсың. – Сен қатын сол сөзіңнен танба,– деді, Ақыретте өзіңе пайда,– деді. Берейін өз қолымнан алып барып, Шақырып Абдулланы “қайда?”– деді. – Қараушы едім Абдулланың қабағына, Кетіпті оқимын деп сабағына. Қолына Құран менен кітап ұстап Отырған “барамын” деп мана ғана. – Тиді ме құлағына сөзім барып, Ғайыпты болжаймын ба көзім барып. Мейманым ренжітпей жөнелтейін, Ізінше шақырып кел өзің барып. – Мен сені іздеп келдім, балам,– деді, Ішімде толып жатыр сәнам,– деді. Ала жүр Құраның менен кітабыңды, “Келсін” деп шақырады бабаң,– деді. Абдулла еріп жүрді анасына, Қарашы ақылының данасына. Қасына Абдулланы шақырып алып, Сәдуақас сөйлейді баласына: – Сені іздеп тұра мынау Башир,– дейді, Мен болдым осы күнде нашар,– дейді. Сенің қаның ем дейді баласына, Апарып баласына шашам,– дейді. Сені мен өксіп жүріп көрдім, бала[м], Тіліне бір мейманның ердім, балам. Тілімді алармысың, алмаймысың, Сыртыңнан сені байлап бердім, балам. – Әй, ата, бұйрығыңнан мойным бұрман, Тіліңізді алмасам мұнда тұрман. Баласы ата сөзін алмай ма екен, Қылайын жолыңызға жаным құрбан. Баласы тілін алып көнді дейді, Қолына Абдулланы берді дейді. – Мейманым, енді маған риза бол,– деп, Мен аяп сенен тұрмын немді,– дейді. – Балаңның мен жемеймін қамын,– дейді, Балаңның маған қидың жанын,– дейді. Бауыздап өз қолыңменен басын кесіп, Құйып бер шелегіме қанын,– дейді. “Баламның сен білерсің санын”,– деді, Мейманға жалғызының жанын қиды. Мейманның көңілін аулайын деп, Шелегіне басын кесіп, қанын құйды. Баласын кескеннен соң талып қалды, Башир үйге жеткенше налып барды. Шелегіне Абдулланың қанын құйып, Үйіне ер Әлидің алып барды. – Берді ме баласының қанын?– деді, Жомарттығы рас па екен оның,– деді. Сен барып сұраған соң кешікпей-ақ, Қиды ма баласының жанын,– деді. – Еш көшпей-ақ бауыздады … ,– деді, Көзімнен бітпей кетті жасым,– деді. Бауыздап шелегіме қанын құйды, Қанжарменен кесіп алды басын,– деді. – Бабамды сынаймын деп кетті санам, Тозаққа қарық болды ғаріп жаным. Сол жерде тақсыр Әли зар жылайды, “Мойныма жүктедім” деп адам қанын. Аһ ұрып, тақсыр Әли налып салды, Тамам жұрт қойдайын шулап қалды. Сол күні Пәруардигар Мұхаммедке Жәбірейілден хабарды салды дейді. “Мұхаммед сүйер достым сенсің,– дейді, Жетім, пақыр, көңілін барып алсын,– дейді, Бүгін қонақ болуға уақыт жетті, Үйіне Сәдуақастың барсын” дейді. Достына Жәбірейілден хабар барды, Ендеше барайын деп қабыл алды. Қасына асхабтарын ертіп алып, Үйіне Сәдуақастың жетіп келді. Тұсына қақпасының жетіп келді, Сәдуақас “қош келдің” деп қабыл қылды. “Пайғамбар көргеннен соң ренжір” деп, Баласын шапаныменен жаба салды. Алдынан Сәдуақас қарсы келді, Әдеппенен Пайғамбарға сәлем берді. Сәлемін әлік алды Нұр Мұхаммед, Аман ба мал-жаның, мырза?– деді. “Шүкірміз, үйге жүр” деп шақырады, Күн сайын жомарттығын асырады. “Пайғамбар есіткен соң ренжір ме” деп, Өлгенін баласының жасырады. Таң қалар жомарттығын көрген адам, Осы сөзді тыңдамас кейбір надан. Пайғамбар келгеніне құрмет қылып, Пісіріп алып келді түрлі тағам. Тағамын дастарқанға алып келді, Пайғамбар қолын жайып дұға қылды. Табақтан қолын тартты Нұр Мұхаммед, Таң қалып тұра қалды көп жамағат. – Суынсын тағамың, сабыр,– деді, Ішерміз суыған соң ақыр,– деді. Жегенім жалғыз тағам жарамайды, Бірге жейік, Абдулланы шақыр,– деді. – Құдай артық жаратқан басыңызды, Көп жылға еріштіргей жасыңызды. “Оқимын” деп кетіпті сабағына, Тоқтамай-ақ ішіңіз асыңызды. – “Соң оқырсың” деп шақыр сабағынан, Оның үшін шытпағыл қабағыңды. Жесін десең, тез барып шақырып кел, Абдулласыз жемеймін тамағыңды. Қысылып шынын айтты Сәдуақас: – Өтірік жаныма болады қас. Бүгін өлген Абдулла, қайтып келмес, Жамағат, ренжімей асаңыз ас. Есітіп ашуланды Нұр Мұхаммед, “Бұрыннан неге айтпадың сен маған?” деп. Мұнда кел бірге тағам желік деп, Үш мәртебе шақырды “Абдулла” деп. Абдулла сәлем беріп кіріп келді: – Кешікті деп сөкпеңіз, тақсыр,– деді. Қуалап, ұстаймын деп хор қыздары, Күніменен әлек қылып жібермеді. – Көп жаса, бәрекелді, балам,– деді, Атаң менен сені берген анаң деді. Пайғамбар қолын жайып бата берді, Енді бірге желік тағам деді. Асын жеп үйіне қайтты Пайғамбарым, Қылмайды Мұхаммедтей жұрттың бәрін. Мадақтап Сәдуақастың жомарттығын, Жиып алып сөйлейді жұрттың бәрін. Тыңдайды айтқан сөзін жұрттың бәрі, Баршасы сөзін қоштап деді “бәлі!” “Мен бір қатты күнәні жүктедім” деп, Мешітке жылап келді хазірет Әли. – Бір күні айтып ерді бабам сөзін, Сөйлейді асхабтарға тамам сөзін. Жүктедім мойныма адам қанын, Инанбай сынаймын деп бабам сөзін. Осындай – сондай қанды ісім бар, Күнәһім кешіре гөр, Пәруардигар. Жығылып Пайғамбардың аяғына, Кешір деп қолын тұтып жылайды зар. Пайғамбар дұға қылып Хақтан тілеп, – Құдай кешсе күнәһің кештім, – деді. Бұ Әлидің күнәһін шештім, – деді, Айтқан сөзге инанарсың енді, – деді. Тамам
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.