Қазақша
Қисса Үхүд
Бисмилла рахман-ир рахим
Бұйрықпенен Расул Алла көшіп кетті,
Өзіне Мәдине Мұнаууара мақам етті.
Хижрадан үшінші жыл болған уақыт,
Уақиға болды бір соғыс Үхүд атты.
Бәдірде мүшіріктер мағлұб болды,
Жиылып Әбусуфиан және келді.
– Интиқам алмақ біздерге зарури,– деп,
Исламдар шарифтарымызды өлтірді,– деді.
Осында керуендегі малдарыны
Иелеріне бермеңіз болар, – деді.
Баршасы осылайша ақылдасып,
Әскерге сарп етеміз енді деді.
Бұл сөзді бастады Әбусуфиан,
Ойланып осында лайық көрген.
Керуендегі қайтқан малдарын
Сатарға осында әмір қылған.
Омар менен ол һубайра,
Және де екі кісі мұнан басқа,
Соғысқа жияр үшін баршалары,
Шықтылар әрбірісі әр жаққа.
Ел ұруға баршасы бұлар барды,
Мың қадары әскерді және жиды.
Меккенің және де өз ішінен,
Мың шақты әскері және болды.
Мүшіріктер және де бір жиылды,
Он үш мың бәрі де бұлар болды.
Осылайша бәрі де ол Меккеден
Соғысқа жиылып бұлар шықты.
Әбусуфианның бір қатыны,
Жазайын Ханд [оның] аты.
Мұнан басқа он төрт қатын
Әскерменен бірге шықты.
Бұл қатындар өлең айта,
Бәдірде өлгендерді зікір ете.
Өлең айтып бұ қатындар,
Халықты соғысқа тахриз ете.
Хазірет Аббас осы заман
Меккеде екен, бұл бармаған.
Бір қағазға жазу жазып,
Пайғамбарға кісі жіберген.
Пайғамбарымызға жазу барып жетті,
Осында халді һәм біліпті.
Анықтан бұл халді білер үшін,
Хабабты һәм жіберді енді.
Бұ Хабаб жылдам барды,
Құрайыштар Үхүд тауына жақын жетті.
Бұ істі Хабаб біле салып,
Расулға тез заман келіп жетті.
Осында көргенін бұл сөйледі,
Расул Алла асхабына ақылдасты:
– Соғысарға біздерге енді мұнда,
Мәдинеден шықмайын лайық,– деді.
Бұ сөзге асхабтан кейбіреуі:
“Жарайды осы іс, тақсыр”,– дейді.
Кейбіреуі айтады: – Мәдинеден,
Шығамыз соғысқа, тақсыр,– дейді.
Бұ сөзді сөйлеуші көп болды,
Расул да осыған қарар берді.
Хазірет Расулменен барша асхаб
Осында соғысқа әзірленді.
Осында мың шақты сахабалар
Мәдинеден соғысқа бір шықтылар.
Мәдиненің қасында Үхүд тауы
Жақынына жиылып бір келділер.
Үхүд тауы жақынында екі әскер
Бір-біріне қарсы келістілер.
Екі әскер бір-бірін енді көріп,
Саптарды түзетісе бастадылар.
Айтайын исламның әскерін,
Үхүд тауын арттарына бұлар қойды.
Осылайша жиылып баршалары,
Мәдинеге қарсы бұлар тұрды.
Әскердің сол жағында бір аралық,
Елу кісі белгіледі мұны біліп.
Жәбирұғлы Абдолланы бастық етіп,
– Кетпейін тұр,– дейді,– бұ аралық.
Мұнан кейін Расулымыз қылыш алды:
– Ада қыла қылыштың кім хақыны.
Бұл сөзді естіп сахабалар,
Бәрі де “мен алам” деп айқай салды.
Пайғамбар Расул Алла және айта:
– Қылыштың хақыны кім опа ете.
Осында хазірет Әбу Дажана,
– Иә, тақсыр, қылыштың хақы не?– деп айта.
Осында Расул Алла жауап айта:
– Қирап біткенше қылыш,– деп айта,
Соғыспақ осында қайратпенен,
Қылыштың хақы осы, – деп айта.
Осында хазірет Әбу Дажана,
Жан-тәнменен бұ сөзге разы бола.
– Олай болса, қылышты маған бер,– деп,
Расулдан қылышты қолына ала.
Осында айтады: – Иншалла,
Хақын шығарармын бұл майданда.
Хазіреті Расулдың мұраты екен,
Қылышты бермегі Әбу Дажана.
Әбу Дажана ғайтта батыр болған,
Мысалы дүниеде нәдір болған.
Бұрынғы қылыш кедейлігінен,
Бұл уақыт майданда өтпес болған.
Мұны біліп Расул Алла қасад еткен,
Өткір қылыш беруді лайық еткен.
Қылыштың иесін тауып бұ майданда,
Мүбәрак қолынан айырып берген.
Мүшіріктердің әлемі осы уақыт
Талһенің қолында болған уақыт.
Әскердің оңында тұрады екен
Уалид ұғлы мәшһүр Халид.
Солында Әкірам бин Әбу Жәһіл,
Исламның әлемі осында, біл.
Әмірұғлы Масаптың қолында еді,
Осылайша соғыстылар бәрі де, біл.
Ислам әскерінің оң жағында,
Хазірет Хамза тұрған мұнда.
Солында хазірет Әли,
Расулымыз әскерінің ортасында.
Жараһұғлы Әбу Үбайда хазіреттері,
Сағид бин Әбу Уақас хазіреттері.
Мақдад, Акаша хазіреттері,
Абдаласадұғлы Әбу Салма хазіреттері.
Осылардың баршалары,
Расулымыздың атырапта сақшы болды.
Мұнан соң екі әскер қатарласып,
Бір-біріне тақасып тамам болды.
Бұл уақыт мүшіріктерің әлемді тұтқан,
Екі саптың ортасында Талһе тұрған.
Бұ Талһе саптың ортасында тұрғанында,
Осында хазірет Әли қарсы шыққан.
Осында хазірет Әли келіп шықты,
Талһенің қылышпенен мойнын үзді.
Басы кесіліп бұ майдан ол Талһе,
Жанын дозаққа елітіп қойды.
Мұндан соң мүшіріктердің әлеміні
Осман бин Әби Талһе алды оны.
Бұл Османды хазірет Хамза шыға салып,
Осында пара-пара қылды оны.
Мұндан кейін мүшіріктердің әлеміні
Әбу Сағид майданда алды оны.
Мұнда шыға салып ибн Әбу Уақас,
Оқты атып осында өлтірді оны.
Ондан кейін мүшіріктердің әлеміні
Талһеұғлы Рафиһ алды оны.
О дағы әлем тұтып бұл майданда,
Денесі пара-пара болып қалды.
Ондан кейін екі жақтан екі әскер
Осында соғыспаққа тұтындылар.
Исламдардан Алланың Арысланы
Хазірет Хамза саптарды бір бұздылар.
Екінші жақтан тым батыр хазірет Әли
Бұзыпты мүшіріктердің саптарын.
Және де Әбу Дажана хазіреттері
Мүшіріктерді жапырақ-жапырақ етер еді.
Осылайша Үхүдтің бауырында
Исламдар қырады әбден мұнда.
Кейіннен құрайыштардың қатындары
Болдылар соғысқа әзір мұнда.
Бұл күнде Әбу Дажана хазіреттері,
Жүреді өлтіріп арыслан кебі.
Бір жақтан хазірет Хамза мүшіріктерді
Бәдірдегідей қырады арыслан кебі.
Хазіреті Хамзаға ыза болыпты,
Мүшіріктер баршасы жиылыпты.
Матамаұғлы Жабирдің бұл майданда
Уахша атты бір құлы бар болыпты.
Жабир айтты бұ құлына хатаб етіп,
“Хамзаны өлтірсең – азатсың” деп.
Осында Ханд атты бір қатын да,
Айтыпты “Мен дағы көп ақша берермін” деп.
Мұндан кейін баяғы Уахша құл болған,
Хазірет Хамзені өлтірмекті талап қылған.
Хамзаға қанша-қанша ұмтылса да,
Мұратына бұ Уахша жетпей қалған.
Ақырында исламдар ғалиб болған,
Мүшіріктер қашарға жүзін тұтқан.
Соғысқа қыздырушы ол қатындар,
Тауларға бәрі де қашып кеткен.
Исламдар соғыстың мұқамында
Мал, сайманнан бәрін де алды мұнда.
Мүшіріктер қашқан соң қалып еді,
Ғанимат исламдар алды мұнда.
Мұнан кейін исламдар көшіп кеткен,
Аралықта әскердің қасына жеткен.
Абдолла ибн Жабир “кетпе” десе де,
Исламдар аралықтан кете берген.
Исламдар бұ Жабирден кетіп қалыпты,
Аралықтан сегіз кісі бәрі қалыпты.
Мүшіріктерден баяғы мәшһүр Халид
Аралықтан келуді мұрат етті.
Халидтің қасында елу кісі,
Ибн Жабирдің қасында сегіз кісі.
Аралықтан ол Халид келіп шықты,
Жолдастарыменен өлтірді ибн Жабирді.
Мұнан соң және де осы Халид
Исламдар артына түсті барып.
“Соғысам” деп осында әлгі Халид
Исламдар артынан жетті барып.
Исламдар бұ Халидтен қайран қалды,
Осында соғысып бәрі қалды.
Осында мүшіріктер ғалиб болып,
Исламдар осында бір таңқалды.
Бұл уақыт Жабир құлы баяғы Уахша,
Хазірет Хамзаны шаһид етті.
Пайғамбар Расулымыз Алла досты,
Асхабыменен орнында тұрып қалды.
Мүшіріктер көп уақыт қасад қылдылар,
Мүшіріктерге хазірет Әли қарсы тұрдылар.
Кім келсе онысын ұстай алып,
Бір-бірден аспанға лақтырдылар.
Сөйтсе де Үхүдтің соғысында
Еріні жарылып, бір тісі түсті мұнда.
Мүбәрак жаңағының бір басы,
Аз ғана жарақат тапты мұнда.
Бұ күні хазірет Әли көп соғысқан,
Батыр әммі Хамзадай бір арыслан.
Бұл күні малғұн бин Қамие
“Пайғамбар қайда?” деп бір сөз айтқан.
Осылай деп бұл малғұн ізденіпті,
“Өлтірем” деп осында көп жүріпті.
Пайғамбарға Масап сахаба ұқсағаннан,
Пайғамбар деп осында шаһид етті.
Мұнан соң жүгіріп ол кетіпті,
“Пайғамбарды өлтірдім” деп айтыпты.
Осылайша Әбусуфиан қасына барып,
Ол надан бір мақтаныпты.
Бұ сөзі осылайша таралыпты,
Исламдардың құлағына естіліпті.
Мұнан кейін исламнан кейбіреуі,
“Пайғамбар болмағаш” деп қашысыпты.
Айтыпты исламнан кейбіреуі:
“Расул өлсе де, Алла бақи”.
Осылайша десіп баршалары
Майданда және де бір соғысты.
Халбүкі Пайғамбар Расул Алла,
Қозғалмай тұрыпты ол орнында.
Сахабадан қасында батырлары
Тұрыпты Пайғамбар атырабында.
Осында қасындағы сахабадан
Хазірет Әбубәкір, Омар болған.
Және де Әбдірахман бин Әуіф,
Хазірет Әли, Әбу Дажана болған.
Бұл заттардан басқалары
Он бес сахаба болған бәрі.
Мүшіріктердің әскерінен,
Ұсынды қылышпенен келгендерді.
Хазірет Әли менен Әбу Дажана
Мүшіріктерді етер еді пара-пара.
Үхүдтің осы соғысында
Исламнан шаһид болды жетпіс дана.
Үхүдтің қиссасы бұл орында,
Қысқаша тамам болды енді мұнда.
Қысқа ғана болса дағы бұ кітабым,
Көріп жаздым кітаптар тахқиқында.
Жазбақ болдым осында бір замима,
Қысқа болғаш кітабым бір аз ғана.
Оны да жазайын жыр хақында,
Анығы болғанын бұл заманда.