Қазақша
Сейпілмәлік
Әуелде жад етемiн Тәңiрiм атын, Сұрасаң өзi берер онан датын.
Бұ кiтапты бастай салдым,
Айып қылып оқыма жазған хатым.
Қолыма қағаз бен қалам алдым, Дүниенiң опасына қайран қалдым. Кәрiптер жұрт iшiнде тыңдасын деп, Қиссасын Сейпiлмәлiк хатқа салдым.
Кiсiден бiлген сөзiм сұрамадым,
Жаза бердiм, кiсiге қарамадым. Қалған сөзiн жазарсыз ұлыңызбен, Қайта түзеп жазарға жарамадым.
Сөйлейдi кiм де болса жалған сөзiн, Әр жерде көңiлiне алған сөзiн.
Асығып бұ кiтапты мен жазғанмын, Жаңылсам түзей көршi қалған сөзiн.
Қай жерде жүрсем дағы жалғыз басым, Ағады ойлай берсем көзден жасым.
Сүлеймен патшаның заманында
Бiр патша өттi Мысырда, аты–Қасым.
Төрт жүз шәр Қасымға қарайтұғын, Төрт жүз патша әдiл деп сыйлайтұғын. Жүз жетпiс жасы оның, перзентi жоқ, Алладан перзент бер деп сұрайтұғын.
Бiр күнi Қасым патша ой ойлайды, Өзiнен басқа жұртын еш қоймайды.
«Ажал жетiп бiр күнi өле қалсам, Орнымды ұстап, сөзiмдi кiм сөйлейдi?»
Қырық күн үйден шықпай налыс қылды,
Бiр Алладан басқаны алыс бiлдi.
Қырық күн үйден Қасым шықпаған соң, Билерi, уәзiрлерi iздеп келдi.
–Ойбай, билер, жалғыздыққа Тәңiрiм салды, Жасым жетiп, дүниеден көңiлiм қалды.
Ажал жетiп бiр күнi өле қалсам, Орнымды ұстап кiм алар осы малды?!
Әкесi өлсе, орнында ұлы қалар, Орнын ұстап, дұға қып, көрге салар.
Дүниеден жалғыз жүрiп, жалғыз өттiм,
Кiм бар артымызда дұға қылар?!
Әкесi өлсе, артында ұлы қалар, Ақылды болса, әкенiң орнын алар. Ажал жетiп, бiр күнi өле қалсам, Бiзден жалғыздардың несi қалар?!
Перзент үшiн жанымды қинап жүрмiн, Төрт жүз шәр елiн билеп жүрмiн.
Өзiм өлсем артымда кiм қалады, Мұның үшiн Құдайға жылап жүрмiн.
Не ой қылдым үйiмнен шықпаймын деп,
Дүниенiң бұзық сөзiн айтпайын деп. Алла перзент бермесiн бiлгеннен соң, Жаныммен иман қылып жоқтайын деп.
Билердiң жауабы
Билерi қол қусырып жауап бердi, Ағызып маңдайынан бердi тердi.
– Қырық күн әдiлдiктi қылмаған соң, Мақұл кетiп шәрiге тентек толды.
Тақсыр-ау, бұрынғыдай таққа отыршы, Шәр-шәрдi жиып сен мал алдыршы.
Алла перзент не бере ме, не бермей ме,
Шақырып балгерге бал салдыршы!
Берiңiз, тақсыр хан, бiр тiлектi бiзге, Көрелiк бал аштырып әрбiр iске.
Балгер балменен бiр сөз айтар, Тәңiрiңiз бере ме екен перзент сiзге.
Қасым хан уәзiр сөзiн қабыл көрдi, Билерi патшасын алып жүрдi.
Шәрде балгерлерге хабар берiп, Бәрi бiрдей жиылып үйге кiрдi.
Балгерлер кiтап оқып, бал ашады,
Бәрiнiң айтқан сөзi бiр болады.
«Жамын деген сұлтанның қызы болса, Оны бiз айттыралық» деп ой қылады.
Қасым патша жұрттарын жиды дейдi, Алтын-күмiс жұрты кидi дейдi.
Жамынның патшасына елшi салды, Жiбердi патшасына ендi дейдi.
Елшiден патшаның хат жазғаны
«Елшiменен бiз сiзге хат жiбердiк, Бар екен бiр қызың жақсы көрдiк. Күйеулiкке бiздi жақсы көрсең,
Алтын-күмiс, мал-мүлкiн саған бердiк.
Қызметкердiң жолында құл болайын, Қабыл көрсең, мен саған ұл болайын. Жалғыздықтан дүниеде мұңым бар, Сұрасаң қанша малды мол берейiн».
Жiбердi хан қайғысын хатқа салып, Билерi елшi кеттi жолдас болып.
Бiр-екi айда Жамынға жақын жетiп, Жiбердi патшасына қағаз жазып.
«Мысырдан елшiмiз» деп хабар салды, Бұларды көрген адам таң қалды.
Мысырдан елшiмiн деп есiткен соң, Жамының ханы мұны көңiлiне алды.
Елшiлер рұқсат алып кiрдi дейдi, Алдында қол қусырып тұрды дейдi. Қасында падишаның жұрт жиылып, Елшiге тұрып орын бердi дейдi.
Елшiлер тұрып үйге кiрдi дейдi, Ап келген хатын ханға бердi дейдi.
Келген хаттың жолына құрмет қылып, Ашты да оқып хатын көрдi дейдi.
Оқыды да ол хатты жерге қойды, Жұртына ақылдасып малды сойды. Алтын-күмiс жарлыға қайыр қылып, Көп мал сойып қылды да жұртына тойды.
Жұма күнi тойды ол қылды дейдi, Әр шәрден жұрт тойға келдi дейдi.
Үлкен-кiшi, бай-пақыр көп жиылып, Осы тойда бәрi де тойды дейдi.
Патша қызын ұзатқаны
Ұзатты патша қызын тойын қылып,
Үлкен-кiшi бұ тойда ойнап-күлiп.
Жүз нарға артып құл мен күң, алтын-күмiс, Қанша жасау екенiн болмас бiлiп.
Көп керуен болып бұлар қайтты дейдi, Бiр кiсi ханға хабар айтты дейдi.
–Шүйiншiге келгенмiн шапқанша, Елшiлерiң қызды алып қайтты,–дейдi.
Қасым хан атқа мiнiп қарсы жүрдi, Керуеннiң келер жолын тосып тұрды. Елшiлер барған iсiн бiтiрген соң, Сүйiнiп ол падиша қызды көрдi.
Қызды көрiп падиша көңiлi сүйдi, Көремiн деп ел-жұрт атқа мiндi.
Патшасына бұ қыз келгеннен соң,
«Той қылып, неке қисын ендi» дейдi.
Қызды көрiп падиша көңiлi сүйдi, Неке қылып, той тойлап, малды сойды. Алтын-күмiс жарлыға қайыр қылып,
Көп мал сойып, жұртына қылды тойды.
Ойнап-күлiп хан, ханым қыс-жаз өттi, Бұрынғы ханның қайғысы ойдан кеттi. Ханымның атын сұрасаң Жәмила едi, Алла тағдыр қылды да бала бiттi.
Айы-күнi бiттi де бiр ұл тапты,
Әр жақтан шүйiншi деп кiсi шапты. Жарлыға ат мiнгiзiп, тон кигiзiп, Батаны жақсылардың бәрi қыпты.
Қасым патша әр малдан сойды дейдi, Үлкен-кiшi, бай-пақыр тойды дейдi. Үй iшiнде жиылған жақсылары Сейпiлмәлiк ұлдың атын қойды дейдi.
Бар едi бiр уәзiр Қамыт атты, Жүрiптi хан алдында оның даты. Қатыны оның бiр ұл тапқан екен, Шүйiншi деп әр жерге кеттi хаты.
Қамытты Қасым патша қасына алды, Өзiнiң оң жанынан орын салды.
–Ұлыма сенiң ұлың жолдас болсын, Екеу үшiн той қылып, сойды малды.
Екеуi бiр күн туған құрдас болар, Алла аман сақтаса сырлас болар. Шешесi бiр-бiрiне сүт емiзсiн, Жүргенде олай-бұлай жолдас болар.
Қасым хан уәзiрiмен малды сойды, Жиылтып бай-жарлыны бәрi тойды. Үй iшiнде отырған ақсақалдар Қамыттың ұлының атын Сейiт қойды.
Сейiт пен Сейпiлмәлiк бiрге тұрды, Бiрiнен-бiрi айрылмай өмiр сүрдi. Екеуi үш жасына жетiп едi, Оқытуға бұларды мақұл көрдi.
Екеуiн бiрдей бердi молдасына, Сиынды оқырмыз деп Алласына.
Бес-алты жыл молдасында оқып жүрiп, Тең келдi ұстаз болған молдасына.
Оқудан бұлар ендi өнер тапты, Әр жақсыларға қарсы шапты.
Жолдассыз бiр-бiрiнен ас iшпейдi, Батаны жақсылардың бәрi қыпты.
Әр елдiң өнерiнен өнер алды,
Лашын, сұңқар, қаршыға, бүркiт салды. Қылғаны күннен-күнге ойын-күлкi, Бередi қайыр қылып жұртқа малды.
Жүредi үйден-үйге майдан iшiп, Құс салып, аң аулайды дария кешiп.
Қылғаны жақсылардың көп тамаша, Әр күнде бiр өнерден үлгi пiшiп.
Қасым хан жалғызына үй қылдырғаны
Қасым патша ұлына үй қылдырды, Қай өнерден ұлына бұ бiлдiрдi.
Ұлы үшiн алтын-күмiс көп берiптi, Той қылып, жақсыларға ат мiндiрдi.
Алтын менен күмiстен үй қылды, Шәрiне ұсталардан бәрi келдi.
Дүниенiң қымбатының бәрi сонда, Бiр үйге хан шығарған сансыз малды.
Кiрпiшiн күмiс қылды алтын жағып, Әр жерге гауһар тастан шеге қағып. Дүниенiң қымбат нәрсе бәрi сонда, Түспейдi көрген адам оған бағып.
Не түрлi сауық десең iшiнде бар, Әр түрлi жақсы ағаш тысында бар. Бұлбұл, сандуғаш сайрап тұрды, Не түрлi сурет десең жүзiнде бар.
Той қылып Сейпiлмәлiк үйге кiрдi, Жан досы Сейiт оның бiрге кiрдi.
Күн өткенiн бiлмедi, ай өткенiн, Ойнап-күлiп бiраз күн өмiр сүрдi.
Қасым ханның тон, жүзiк бергенi
Он екi Сейпiлмәлiк жасқа жеттi, Бұрынғы хан қайғысы ойдан кеттi. Қасым патша ұлының жүзiн көрiп,
Бұрынғы жылағаны ойдан кеттi.
Бiр күнi ұлын шақырды: – Көрейiн,– деп, Бiр жүзiк, бiр тон оған берейiн,– деп.
Қанша күн өмiрiм барын Тәңiрiм бiлер, Жалғызым қуанышпен жүрейiн,– деп.
Шақырды хан баласын көңiлi сүйiп,
Той қылып, жалғызы үшiн жұртын жиып. Тапсырды баласына екi бұйым:
– Жүзiктi қолыңа сал, тонды киiп.
Жалғызым досы мұнда келсiн,– дейдi,
Екеуiнiң көңiлi бiрдей тынсын,– дейдi. Пайғамбардан қалған бiр қанатты ат Тапсырдым, Сейiт оны мiнсiн,– дейдi.
Ат, тонын бұлар алып үйге қайтты, Бергенiн әкесiнiң жұртқа айтты.
Өлең айтпай бекер, сөзiңдi айт, Өлеңменен әке-шешесiн кiм байытты.
Сейпiлмәлiк[тің] тон, жүзiктi көргенi
Жүрдi де үйден-үйге ойын қылды, Ойнап-күлiп жүргенiн қызық көрдi. Әкем берген бұ киiм қандай екен, Көргелi тонын үйге алып келдi.
Әкесi берген тонды үйге алды,
Әкесi жүрген жерде ұйықтап қалды. Тас үйге келдi жалғыз, жолдасы жоқ, Көргелi берген тонды жайып салды.
Сейпiлмәлiк сол тонды ашқан екен, Бiр сурет тон iшiнде жазған екен.
Со суреттi көрiп асық болып,
Не қыларын бiлмеймiн деп, сасқан екен.
Қызыл гүлдей ақ жүздi, белi үзiлiп, Қарайды Сейпiлмәлiк көзiн сүзiп. Бұ суреттi көрген соң асық болды, Екi көзiнен жас ақты, бет бұзылып.
Суреттi жад қылғаны
Болар ма мұндай көркем туған адам, Табар ма бұ суреттi көрген адам.
Мал мен жанды бiрдей құрбан қылып, Жетер ме дүние кезiп, соған адам?!
Суреттiң көркiн айтсам қалға келмес, Iздемей көрген адам тiрi қалмас.
Бiреуден сондай бiр қыз туған екен,
Сұрасам, ешкiм оның жөнiн бiлмес.
Таң атқанша жылайды ұйқы көрмей, Ұйықтап қалды жан досы бiрге жүрмей. Алдына алып суреттi құшақтайды:
–Жолыңда өлсем ендi өмiр сүрмей.
Жылағанын естiп Сейiт келгенi
Жылағанын естiп досы келдi, Ұйқысынан оянып түрегелдi.
Екi көзiнен жасы ағып досы жатыр, Өзi ылажы таппай сасып қалды.
– Не болды бiр сағатта, досым, саған,
Не қайғы-дүр, не болды, айтшы маған. Не iс болса да жолыңда мен өлейiн, Жалған дос мен емеспiн, айтшы маған.
Жылап досы сұрайды, сыр айтпайды, Баяғы ақылға еш қайтпайды.
Досы үшiн жүз ойланып, жүз толғанып, Аузын ашып, сырын бiр айтпайды.
Әкесiне келгенi
Жан досы әкесiне хабар қылды, Әкесi мен шешесi жылап келдi.
Патша жұртынан тәуiп пен дәрiгер жиып, Сейпiлмәлiк қасына бәрi келдi.
Әке менен шешесi сөз сұрайды:
–Жалғызым, сырың айтсаң нең құрайды? Қанша зарлап сұраса да, бiр айтпайды, Ылажын таппаған соң, жұрт жылайды.
Ылажын таппай Қасым хан қайтты дейдi, Сейiтке: – Ылаж тап,– деп айтты дейдi.
–Айтса балам бұ сырын саған айтар, Жан досына қайғысын айтсын,– дейдi.
Жан досы сақтап бұ үйде қалды, Сейпiлмәлiк сыр айтпай үш күн болды. Жан досы еш ылажын таппаған соң, Қолына ашуланып қанжар алды.
–Бiр күн туып-өсiп, екеуi құрдас болып, Неше жыл өмiр сүрдiк сырлас болып.
Қанша сұрасам да сыр айтпадың, Ойладың ба жүрерге жолдас болып?
Ойлап едiм өмiр бiрге сүрейiн деп, Жамандық келсе, алдыңда көрейiн деп. Сен өлiмге жетiп келдiң бұл қайғыдан, Ойлаймын сенен соң қайтiп жүрейiн деп.
Жамандық келсе алдыңда мен жүрейiн, Сен көрме жамандықты, мен көрейiн.
Алдыңда мен досың құрбандығың, Сенен соң осы жанды не қылайын?
Қолына өлемiн деп қанжар алды,
– Сенен соң не етейiн осы жанды. Шаншуға өзiн-өзi қол көтерсе, Жүгiрiп келiп, жан досы ұстай алды.
Досына сыр айтқаны
– Айтпасам бұл сырымды сен өлерсiң, Жан қиып бiздiң жолда бiр боларсың. Жас уақытта басыма бiр iс түстi, Кәрiп жан мұнан қайтiп құтыларсың?
Бұ сырымды айтсам да, айтпасам да, Бұ жолдан қайтсам да, қайтпасам да. Бұ сырымды айтпадым ойлағаннан, Болмас-ты ендi айтпасам да.
Әкемнiң берген тонын алып едiм, Iшiне ашып көзiмдi салып едiм. Iшiнде бiр суреттi көрiп едiм, Көрген соң оған асық болып едiм.
Iшiнде хаттары бар жазып қойған, Болар ма ол суреттi көрсе тойған. Патша Сүлеймен тәжiнен хабар тауып, Көркiне көрiп оның, сiрә, тойған.
Қызыл гүлдей перiзат, сүттей ағы, Тiлменен айтып болмас көрсем дағы. Көркем жүзi оттай қызыл ол қыздың, Шәрдiң аты екен Ирамбағы.
Бұл суреттi көрген соң асық болдым, Бойына, қызыл жүзiне қайран қалдым. Ұйқым дағы келмедi, ас есiме,
Оның үшiн бұ жанды отқа салдым.
Сiздерге о жалғаннан сөз қатпадым, Ол үшiн күндiз жылап, еш жатпадым. Күндiз ойдан кетпедi, түнде түстен, Сөйтсем де көпке айтуға ұқсатпадым.
Ас iшпес, ұйқы ұйықтамас дертiм осы, Басылмас мұны iздемей көңiлiм хошы.
Осы сөздiң, жан досым, ақылын тапшы,
Сұрасаң, айтсам осы сөз мәнiсi.
Сейiт әкесiне бiлдiргенi
Бұл сөзден әкесiне хабар болды, Мәнiсiн мұның ендi бәрi бiлдi. Қасым патша елi мен жұртын жиып, Сейпiлмәлiк қасына бәрi келдi.
Қасым патша жұртына сөз бастайды:
– Ақылын тауып бұ сөздi кiм қостайды? Мұның асық болғаны–перi қызы, Аспанға ұшқан құсты кiм ұстайды?
Сүлеймен патша бiздi көңiлiне алды, Досым деп өзi өлген соң хабар салды. Жiберген осы тонды, жүзiк пен ат, Үш бұйым онан бiзге мұрас қалды.
Үш бұйым бергеннен соң алып едiм, Тонды ашып, көзiмдi оған салып едiм. Тон iшiнде суреттi көргеннен соң, Бұрында мен де асық болып едiм.
Сол заманда бұл сурет туған емес, Табамын деп еш адам қуған емес. Ол перiзат болғанда, бiз адамзат, Перiге еш адамзат қосқан емес.
Көп жыл болды ол сурет ойдан қалды, Пайғамбардың мұрасы деп балам алды. Ойымда сурет болса берер ме едiм,
Не қылса да бендеге Тәңiрiм салды.
Бұл iске, жақсыларым, ақыл табың, Iздеп мұның ылажын елге жайың.
Баланың алдында жұрт жылады,
«Жалғызым, қайтiп табамын сенiң бабың?»
Уәзiр менен билерге кеңес қылды, Еш ылажы баласына болмас, бiлдi.
«Төрт жүз кiсi дүниенiң төрт бұрышына Елден-елге аралап, қызды тапсын» дедi.
Қызды iздеп төрт жүз кiсi атқа мiндi, Жүз кiсiден әр жақтан iздесiн ендi.
Бұрынғыдай болмады Сейпiлмәлiк, Кеткен кiсi келгенше көңiлi тынды.
Төрт жақтан төрт жүз кiсi бiр жыл жүрдi, Көрмеген шәр мұнан бұрын бiр жылда көрдi. Iздеген шәрiден хабарын таппай,
Бiр жылдан соң қайтуға бетiн бұрды.
Сейпiлмәлiк бұларға қарсы келдi,
Қарсы келiп төрт жүз кiсiден хабар бiлдi.
«Бiр жылда ол қыздан хабар таппадық» деп, Айтқаннан соң көңiлi жаман болды.
Қасым патша жұртына хабар салды, Уәзiрлер мен билерiн қасына алды. Бәрi жиылып ақыл айтып едi,
Еш ылаж таппағанға қайран қалды.
– Жiберген көп кiсiмiз қайтып келдi, Төрт жүз ханның қызынан хабар бiлдi. Ирамбағы шәрiнен хабар таппай, Қоймады төрт бұрышын да елдi кездi.
Перiзат қанаты бар, ұшып кетер, Қуған адам оларға қашан жетер.
Төрт жүз бидiң қызынан айттыралық, Сөзiмiз бiздiң айтқан алсаң не етер?
Қартайғанда әкеңе қайғы салма, Ұшып жүрген құсты көңiлiңе алма. Сүйген жерден айттырып қыз алалық, Болмас iске бой салып, қайғы қылма.
Сейпiлмәлiк жылайды, көз қақпайды, Билердiң айтқан сөзi бiр жақпайды.
Уәзiрлер мен билерi ақыл айтып едi, Тоқтатуға еш ылажын таппайды.
Онан соң Сейпiлмәлiк өзi тұрды, Әкесiнiң аяғына басын ұрды.
– Сiзге бiр қайғы үшiн тудық, әке, Бiр iс басыма түсiптi, көңiлiм бұрды.
Барлық бейiш қыздарын келтiрсең де, Алтын-күмiс алдыма толтырсаң да, Онан басқа еш жарға болмас көңiлiм, Өзiң бiл өлтiрсең де, күлдiрсең де.
Ай мен күндi бiрдей алып келсең, Алдыма алып келiп арыз қылсаң, Со суреттiң иесiн iздеп таппай, Еш ылаж табылмас әкем болсаң.
Тұрса алдымда төрт жүз бәрi келiп, Ерiмес осы көңiлiм оны көрiп.
Рұқсат берсең, әке, мен iздер едiм, Қырдан iздеп таппасам, дария кезiп.
Рұқсат берсең, әке, мен кетейiн де, Жолында жүрiп тау-тас өтейiн де. Рұқсат, әке, бермесең оны көрмей, Бiр шыбындай жанымды нетейiн де.
Алдыңда, әке, бiр сөз сөйлеп пе едiм, Тiлiңдi қайтарайын деп ойлап па едiм. Әр нәрсеге, әкем, көңiлiме аламын деп, Көзiңше, әке, сенiң ойнап па едiм?!
Қасым патша ұлына рұқсат бергенi
Баласы әкесiне арызын айтты,
Әкесi ылаж таппай жылап қайтты.
Баласын қимағаннан көп күн тұрды, Ақыры рұқсат бердi, жарлық айтты.
– Баламның жоғын жұртым тапсын,– дейдi, Төрт жүз кеме ұсталар шапсын,– дейдi.
Әр кемеге мың кiсi отырғандай, Төбесiн бiтеу қылып жапсын,– дейдi.
Шәрден кеме қылып, елдi жиды, Қай жерде ұста болса, бәрi келдi.
Қасым ханның көңлi үшiн жұрт жиылар, Алдында қызмет қылып, аттай желдi.
Сейпiлмәлiк Сейiт пен жүрмек болды, Әкесi тiлектерiн бермек болды.
Мұхит дариясына кеме ұзатып,
Жүз мың кiсi жолдас болып жүрмек болды.
Төрт жүз кеме iшiнде жүз мың кiсi, Жолында құрбан болды ол кiсi.
Қасым патша бекiтiп белiн буды, Не қылса да бендеге Тәңiрiм iсi.
– Жалғызым, ендi қайтып көрермiн бе, Сен келгенше тiрi болып жүрермiн бе?! Аман болсаң келерсiң қайтып мұнда, Қартайғанда ендi өмiр сүрермiн бе?!
Жiгiттiк дәурен бiзден кетiп едi, Жасымыз екi жүзге жетiп едi.
Жүзiңдi көрерiмдi Алла бiлер, Күш-қуатым, дәуренiм кетiп едi.
Жабдығың ылаж таппай мен сайладым, Iшiм күйiп, қазандай мен қайнадым.
Айрылам деп, қайтейiн, ойлап па едiм, Аллаға тәуекел деп бел байладым.
Бұ дерттен өлер болдың мұнда тұрсаң, Жарыңды тапқандай сен iздеп жүрсең. Жаратқанға мен разы болар едiм,
Аман болып, қайтып келiп, жүзiңдi көрсем.
Не қылсам да Аллаға салдым, балам, Жылай-маңырай артыңда қалдым, балам. Тiрi болып жүзiңдi бiр көрсем,
Кетпес қайғы көңiлiме алдым, балам.
Қолымнан кеттiң, балам, құстай ұшып, Ағады көзден жасым көңiлiм түсiп.
Әкесi мен шешесi зар жылайды, Жалғызым деп ұлының мойнын құшып.
Сансыз әскер ұзатты атқа мiнiп, Сейпiлмәлiк жөнелдi көңiлi тынып. Амандасып айрылды екi әскер, Кетiптi жүз мың әскер дария кешiп.
Мұхит деген дарияға түстi кеме, Судан басқа көрiнбес ешбiр неме.
Жалғызы үшiн Қасым хан зар жылайды, Ажал тимей адамзат өлер деме.
Бiр шәрге келгенi
Төрт жүз кеме бес-алты ай жүрдi дейдi, Түзу жел арттан алдыға сүрдi дейдi.
Бiр аралда бiр шәр көрiнедi, Кеменiң басын оған бұрды дейдi.
Шәрдiң патшасына хабар болды, Дариядағы төрт жүз кеме әскер толды. Бұлардан шәрдiң халқы қорқысады, Қорыққаннан бекiтiптi келер жолды.
Шәрi халқы бұларға елшi салды:
– Ел ме, жау ма, жұртымыз қайран қалды.
Бiлгелi келген бiздер елшiлермiз, Патшамыз жау болар деп ойына алды.
Сейпiлмәлiк елшiге жауап бердi:
– Бiз жай жүрген жолаушымыз алыс жерде. Ұрыс пенен таластан ойымыз жоқ, Шығардың бiзден қорқып бекер тердi.
Елшiлер жауап алып қайтып келдi, Патшасына бұ сөздi айтып келдi.
–Жай жүрген Мысыр шәрдiң патшасы екен, Қорықпаңыз, ол жау емес, жай,– деп келдi.
– Кемемен бұлар тұрып жүрдi,– дейдi, Алдында арызы бар сөз сұрайды,– дейдi. Есiткен бар шығар бұ падиша,
Мейман қылсақ үш-төрт күн ұнайды,– дейдi.
Патша елшi сөзiн қабыл көрдi, Шақырып «мейман болсын келген» дедi. Уәзiрiмен бұларға хабар салды, Қызметкер қылды алдында тамам елдi.
Бұл шәрдiң падишасы қарсы жүрдi, Алыстан қол қусырып, сәлем бердi. Шәрдiң атын сұрасаңыз – Пағпұршын, Сейiт пен Сейпiлмәлiк үйге кiрдi.
Үш-төрт күн бұларды ел сыйлады,
– Арызың бар ма?– деп хан сөз сұрады.
– Iздеп жүрген шәрi Ирамбағы, Мұның жөнiн елiңде кiм бiледi?
Пағпұршын естiп құлақ салды, Шәрдегi қарттарды жиып алды. Ирамбағы деген шәрдi ешкiм бiлмес, Естiп, көрмедiк деп қайран қалды.
Көп iшiнде бiр кәрi сөз айтады, Есiткен, көрген шәрiлерiн қос айтады.
– Естiп едiм Қатына деген шәрдi,
Бiр жылдық жолы оның,– деп сөз айтады.
Бұл дариямен барғандар табар жолын, Жыл жетпек боп көрмесе дұшпан қолын. Көп жасқа кел[ген] сонда қарттар бар, Тапса солар табады мұның жолын.
Бұл дариямен барғандар табар оны,
Дарияда өтер оның бiр жыл күнi. Кәрiлерi есiткен бар, табар соны Күншығыста болады оның жөнi.
Пағпұршын шәрiнен шыққаны
Сейпiлмәлiк Сейiтпен жүрмек болды, Көрсеттi баяғы шал барар жолды.
Қатына шәрге бармақ болып ендi Жүргiздi ендi артынан жүз мың қолды.
Төрт жүз кеме дариямен күн-түн кеттi, Аралдан олар қонып, жүрiп өттi.
Алты ай олар күн-түн жүрiп едi, Бұларға ендi Алладан қаза жеттi.
Жүрдi олар ойнап-күлiп, қармақ салып, Қызықпен дариядан балық алып.
Күн өткенiн бiлмейдi, ай өткенiн, Барады арттарында тау-тас қалып.
Әуеден күн жел шығып қатты болып, Дарияда кеме жүрдi шыр айналып.
Күн күркiреп, жел болды, қар-мұз жауып, Бiрiн-бiрi бiлмейдi тiл байланып.
Күндiз күн қараңғы түндей болды, Төрт жүз кеме бұзылып жүндей болды.
Алланың күшiмен көп әскерлер, Бiрiн-бiрi көрмес күндей болды.
Бiр кемеге бiр кеме соғылады, Кеме сынып ел суға жығылады. Жүз мың кiсi бәрi де суға кетiп,
Алланың тағдыры, [кәрi не] қылады.
Кәрiптердiң налысы көкке шықты, Бiр кеменi бiр кеме суға тықты.
Кеме сынып, күн жауып толқын болып, Жүз мың ердiң бәрi де суға түстi.
Дария толды бұлардың көз жасына, Ешкiм ылаж таппайды өз басына.
Сайлап алған жүз мың ер суға кеттi, Қайрылмастай күн болды өз басына.
Ажалынан бәрi өлдi ылаж қылмай, Тақтайда қалды ажалсыз есiн бiлмей. Сейпiлмәлiк қараса көзiн ашып,
Елу-алпыс кiсi қалды қасында өлмей.
Пәре-пәре болыпты төрт жүз кеме, Қалған жоқ жүз мың ерден жалғыз неме. Қалыпты бiр тақтайда алпыс кiсi, Ажалсыз оларды өлер деме.
Сейпiлмәлiк көрсе, тақтайда отыр, Елу-алпыс кiсi бәрi қасында отыр. Қараса, көп iшiнде жан досы жоқ, Бiр сағатта Алланың тағдырын көр.
– Төрт жүз кеме iшiнде досым қайда, Мұңды күнде мұңдасқан досым қайда? Тәңiрден мұндай жарлық болған екен, Ендi менiң сырласар кiсiм қайда?
Жылай-жылай «досым» деп ойына алып, Алланың тағдырына қайран қалып.
– Бiрге өсiп, бiрге жүрген сырласым-ай, Қайда бардың досыңды жалғыз салып.
Жөнелдi тақтайменен бел бүгiсiп, Оны тақтай алдына желмен күтiп. Бұл тақтайда үш ай ағып едi, Болды қайран айналма суға жетiп.
Тақтай ағып айналма суға түстi, Бәрiнен бiр Алланың әмiрi күштi. Айналманың iшiнде үш ай жүрдi, Жыласып жандарынан үмiт үздi.
Сейпiлмәлiк жылайды көкке қарап, Жар үшiн, ел-жұрты үшiн аттай жарап. Жылайды жалбарынап қол көтерiп,
«Азаптан құтылсам» деп жәрдем сұрап.
– Ойбайымнан пайда жоқ iс өткен соң, Қайтып жiгiт болмайсың күн өткен соң. Сейпiлмәлiк Аллаға мойын ұсынды,
«Қайтiп өмiр сүрейiн дем жеткен соң».
Алпыс кiсi қасында сөз айтады, Ажал болса ойбайменен не табады?!
«Неше-неше жақсылар жолдас болған, Төрт жүз кеме iшiнде досым, кәне?!»
– Елiнде әке-шеше қалды жылап, Есен-аман көрсет деп Құдайдан тiлеп. Бiр сәт отыз тау өтiп, дария кешiп, Қиын болды жүз мың ер жанын қинап.
Ажал жеттi дүниеден өмiр сүрмей, Олар сiз үшiн арманда елiн көрмей. Әрқайсының үйiнде туғаны бар,
Болмайды Құда әмiрiне мойын ұсынбай.
Сейпiлмәлiктiң өз мiнәжаты
– Тәңiрiм өзi жаратты Он сегiз мың әлемдi, Бiр өзiне қаратты, Шешеден туған адамды
Күн көрсiн деп жаратты. Бiз құлыңды жараттың, Шеше iшiнде қан қылып, Жылатып жерге түсiрдiң, Өмiрi зарлап өтсiн деп, Он айдан соң жан қылып, Аяқ берiп, қол берiп.
Мен құлыңды жараттың, Өмiрi зарлап өтсiн деп, Бiр суреттi көргiздiң.
Жаман қылып жаратсаң, Еш жақсы болуым жоқ. Ажал болса бұйырдың, Қайғы етсем де, ылаж жоқ. Бiз құлыңды жараттың, Тағдырымды көрсiн деп, Шарам бар ма, қайтейiн, Бұ дарияда өлсiн деп.
Шешенiң iшiнде жараттың, Жоқтан бiздi бар қылып, Әке-шеше көргiзбей,
Бұл суретке зар қылып.
Бiр күн тымық, бiр күн жел, Тағдырыма будым бел, Кәрiптiкке қалыппын, Көрiнбейдi көзiме ел.
Жiбермейдi айналма Мына[дан] қайтiп өтейiн? Мысыр менен Ирамбағы Ендi қайтiп жетейiн.
Жерiм қалды артымда,
Арызым кiмге айтайын?! Жүз мың бәле алдымда, Амалым жоқ, қайтейiн. Дария iшiнде сәргардан, Өмiрiм зарлап өтер ме?
Желден сәлем жiберсем, Әке-шешеме жетер ме? Құбыла жақтан ескен жел, Сенен сәлем айтайын.
Кәрiптiкке қалдым мен, Алла әмiрiн қайтейiн.
Дария iшiнде жол болдық, Жар жолында мүптала, Теңiз бенен көл болдық, Кетпес бiзден бұ пәле.
Төрт жүз кеме iшiнде Бiр адам да қалмады, Iздегенге жетпедiк, Дертке дәрмен болмады. Бұл суреттiң жолында
Жан шыбындай ойнайды, Ақыры осы айналма Қалғанын да қоймайды. Сәлемiмдi кiм айтар
Кәрi болған әкеме, Бiздiң үшiн сарғайып, Мұңды болған шешеме. Дария iшiнде айрылған,
Жаннан тәттi жан досым, Тiрi болса бейшара,
Алла елiне қосты ма?! Iздегенiм бiр сурет, Ажал жетсе Алладан,
Жолыңда жүрiп сәргардан, Бiр көрмедiм, қайтейiн.
Патша едiм бiр күнде Мысыр шәрдiң iшiнде. Ажал жетсе, амал жоқ,
Бұ дарияның жүзiнде. Ылаж қайтiп табайын, Дария толқын болғанда, Жарым қайтiп табайын.
Өмiрiм тұтам қалғанда, Бiр тақтайда алпыс ер, Ақыр ажал жеттi ғой. Үй орнында айналма Ақыр оны жеттi ғой, Үш ай өмiр өттi ғой.
Ажал жетсе шара жоқ, Белiңдi берiк буарсың. Құдайдан басқа дәрмен жоқ, Жыласаң бетiң жуарсың.
Әрбiр түрлi сөз айтып Сейпiлмәлiк жылайды. Ешкiмнен дәрмен жоқ, Бiр Алла деп жылайды. Кәрiп көзiн қоймайды, Сөзi iшiне сыймайды.
Кiтаптағы сөз үшiн Өзi жанын қинайды.
Шәрде отырған молдалар Онан жаман бұлғайды.
Әрбiр жерде еңiреп, Бекер жанды қинайды.
Қасындағы жолдастың айтқаны
– Баламыз жүргенiмiз көрмей қалды, Шешемiз, туғанымыз бiлмей қалды.
Сiз үшiн бiз жүрмiз құрбан болып, Не қылса да бендеге Алла салды.
Бiз де жүрмiз алпыс жан арман болып, Бiр сiз үшiн жолыңызда құрбан болып.
Жыламайық, Аллаға сабыр қылсаң,
Не қылса да еркi бар Алладан пәрмен болып.
Тисе ажал қиын болып бiз өлермiз, Жетпесе ажал мұнан құтылармыз. Досың үшiн жылама әке-шешеңе, Тiрi болсақ оны тағы бiр көрермiз.
Көңiлiн аулап сөз айтады жолдастары, Патша үшiн сәргардан жолда мұңдастары. Бұ жерде үш ай тұрды ылаж таппай,
Қан аралас ағады көзден жастары.
Айналмадан құтылғаны
Сейпiлмәлiк бiр күн жатып көз iлiндi, Түсiнде бiр адаммен сөз қылынды.
Сүлейменнiң қолында жүзiгi бар, Жүзiктен керемет көп болды.
«Пайғамбардың жүзiгiн қолға аларсың, Жүзiкпенен айналманы үш саларсың. Жүзiкпен айналманы салған соң,
Бұл пәледен сен ендi құтыларсың».
Ұйқыдан Сейпiлмәлiк тұрды дейдi, Жүзiктi алып суға ұрды дейдi.
Айналма қазандай қайнай-қайнай, Тақтайды ендi жөнге бұрды дейдi.
Сүйiнiп бейшаралар салын бұрды, Бiраз күн ойнап-күлiп аман жүрдi. Көрiнедi алдынан бiр үлкен кеме, Бiздiң кеме болар деп салын бұрды.
Зәңгiлермен соғыс қылғаны
Баяғы көп кемеден қалған шығар, Бәрiмiздi пәлеге салған шығар.
Не болса да болармын, қосылалық, Олар бiздi ойына алған шығар.
Кеттi бейшаралар салын бұрып, Жеттi бiр заманда оған жүрiп.
Бiр кеме[де] жетпiс жан зәңгi батыр, Қорықты бейшаралар оны көрiп.
Бейшаралар дос iздеп дұшпан тапты, Зәңгiлер оны көрiп қарсы шапты.
Ұрысында бейшаралар қаласың деп, Олай-бұлай жан қамын қылып бақты.
Дария iшiнде зәңгiмен ұрыс болды, Таппады бейшаралар қашар жолды. Аузынан зәңгiлер от шығарып,
Көп адам күйiп, дария түтiн болды.
Алпыстан он екi адам тiрi қалды, Зәңгiлер мұны көрiп ұстап алды. Әзіз жаннан түңiлiп бейшаралар, Құтылмастай пәлеге ендi қалды.
Зәңгiлер патшасына алып келдi, Оларды бейшаралар ендi бiлдi. Патшасы арақ iшiп отыр екен, Қуанғаннан отырып қарқ-қарқ күлдi.
– Тоғызын мұның шапшаң сойың,– дейдi, Ойласып ендi бұған тойың,– дейдi.
Бар екен бiр олардың жалғыз қызы,– Үшеуiн оған тiрi қойың,– дейдi.
Сейпiлмәлiктiң жылағаны
– Жаратқан Тәңiрiм, өлер жерге келдiк, Әр жерде медет қылған өзiң, бiлдiк.
Өзiңнен басқа дәрмен еш қылмайды, Не қылсаң да рахматыңа бiз сүйiндiк.
Тiлеген Тәңiрiнен құры қалмас, Ойбайым, бұл әлiмiздi ешкiм есiтпес. Тұс болдық рахматы жоқ көп кәпiрге, Аяғына бас ұрсаң райдан қайтпас.
Әр жерде жад етермiн, Тәңiрiм, сiздi, Қор қылмасын зәңгiлер кәрiп бiздi. Мұнан басқа өлмеймiн, жанымды ал, Жегiзбе кәпiрлерге етiмiздi.
Зәңгiлер тоғыз ердi сойды дейдi, Асыл жандар денесiн қойды дейдi. Сейпiлмәлiктi екi ермен аман сақтап, Қызы үшiн зәңгi тiрi қойды дейдi.
Зәңгiнiң қызына алып барғаны
Зәңгiлер бұл үш ердi алып кеттi, Қыз тұрған аралға жақын жеттi. Зәңгi қыз үш ердi үйге енгiзiп, Жолына екеуiнiң көп құрмет еттi.
Сейпiлмәлiкке зәңгi қызы көп қарайды,
– Өлтiрмесем бұларды нем құрайды? Сейпiлмәлiктi көрген соң асық болды, Жүрген-тұрған жерлерiн көп сұрайды.
Зәңгi қыз Сейпiлмәлiкке көзi түстi, Асығы зәңгi қызының болды күштi. Зәңгiлердi қайтарды соямын деп, Бейшаралар жандарынан үмiт үздi.
Сейпiлмәлiктi зәңгi қызы көңiлi сүйдi, Сыртына шығармайды, iшi күйдi.
Еш адамға бiлдiрмей, бұ үш ердi Бiр аралға келтiрiп жасырады.
Зәңгi қызының асық болғаны
Ойлады зәңгi қызы сүйемiн деп, Ендi мен Сейпiлмәлiкке тиемiн деп. Кiрпiшпенен ағартып қара бетiн, Бой түзедi аралға жүремiн деп.
Көзiне сүртпек болды қара көмiр, Аяқ-қолын ұстасаң бәрi темiр.
Айтса ешкiм бiлмейдi оның тiлiн, Өтпесiн оның қасында бiр күн өмiр.
Қызыл қанмен бетiне опа жағып, Бойына сарымсақтан түйме тағып. Қолындағы жүзiгi мыс, қола, Ешбiр адам болмайды оған бағып.
Бойының ұзындығы бiр мұнара, Денесiнiң ақ жерi жоқ, бәрi қара. Құлақтары пiлдiң құлағындай, Бiр көзiнiң ауданы үлкен шара.
Жуан пiлге ұқсайды тырнақтары, Қара қазға ұқсайды бармақтары. Үлкен-үлкен қазандай емшегi,
Он пұт ұндай бар шығар салмақтары.
Жүрсе аяғының басқаны түйедейiн, Өне бойы қап-қара күйедейiн.
Зәңгi қызы тиемiн деп ой қылады, Сейпiлмәлiктен пайда жоқ жалғыз тиын.
Аузы ағаш үйдiң есiгiндей, Құлағы қазақ үйдiң түңдiгiндей.
Қашау дерсiз, көрсеңiз, оның қасын, Мұрнының тесiгi қазған iндей.
Айтса ешкiм бiлмейдi тiлiн оның, Әкесiнiң моласы мұрны оның.
Зәңгi қызы қасында мақтайды екен,
– Кәнеки, табылмайды сенiң құрбың.
Зәңгi қызы отырып мақтанады:
–Бойымды көрген адам таң қалады. Мұндай сурет дүниеде кiмден шығар, Жүзiмдi көрсе Сейпiлмәлiк бiр талады.
Зәңгi қызы: – Бойыма асық,– дейдi, Жақпайды бәрi бiзге, сасық,– дейдi.
«Сейпiлмәлiкпен қосылып ойнаймын» деп, Мол қылып алдырады азық дейдi.
Зәңгi қызы Сейпiлмәлiкке келгенi
Қасына қыздар алып келдi дейдi, Аралға жетiп үйге кiрдi дейдi.
Зәңгi қызы есiктен келген соң, Сейпiлмәлiк шарасыз тұрды дейдi.
Келген қыздар отырып төсек салды, Зәңгi қызы Сейпiлмәлiктi қасына алды. Зәңгiлерi бәрi де сасық болған, Иiстерiнен хан ұлы талып қалды.
Көп қыздар: – Сiздi ойына алды,– дейдi, Сiздiң бойыңызды көрген соң талды,– дейдi. Дүниеде сiздей туған сурет бар ма,
Көрiп жүзiңе асық болды,– дейдi.
Зәңгi қызы: – Айттым,– деп мақтанады, Жүзiмдi көрген адам таң қалады.
Тiзесiне басын қойып Сейпiлмәлiктiң Құшақтап «өз жарым» деп қуанады.
Тақайды ай жүзiне бұлт жүзiн, Бiлмейдi адам ұлы айтса сөзiн. Ғашық болып құшақтап хан ұлын, Еш бұрмастан қарайды екi көзiн.
Бiр заманда Сейпiлмәлiк ақылын жиды, Зәңгi қызы асық боп жанын қиды.
Зәңгiлердiң заңынша некесi бар, Қыздар тұрып аяққа суды құйды.
– Сейпiлмәлiк, менi көрiп ойыңа алдың, Сымбатымды көрдiң де талып қалдың.
Ақылыңды жи дағы қасыма отыр, Ендi бiздi алғаннан соң күйеу болдың.
Сейпiлмәлiктiң жауабы
– Көп сақтаймын сен қыздан мен өзiмдi, Қара бұлт жүзiңнен ай жүзiмдi.
Бетiме қарай берме, шығар жаным, Жақтырсаң да, жақтырмасаң да бұ сөзiмдi.
Әуелден жарым үшiн жанып едiм, Қайғыға мұнан бұрын қанып едiм. Қайғы үстiне қайғы қоса берме, Бойыңнан шошығаннан талып едiм.
Зәңгi қызы, азар болса басты аларсың, Жерге тамса қанымды жаларсың.
Зәңгi қызы[н] адамзат алған емес, Дәме қылма, бекер сен қиналарсың.
Iзденгенiм перiзат қызы едi, Сендей көмiр қыз емес, ақ қыз едi. Қан iшiп, адам етiн жеушi емес, Мұсылман, кәпiр емес, ақ қыз едi.
Мойныма қолың салма, көңiлiм сүймес, Жанады iшiң оттай, iшiм күймес.
Тиемiн деп, зәңгi қызы, ойыңа алма, Менен саған бiр тиын пайда тимес.
Бiз жүрген бiр бейшара өмiр сүрiп,
Бiр жар үшiн сәргардан жаным құрып.
Сенi мен көрем деген ойым бар ма, Қайтейiн, душар болдым тағдыр бұрып.
Зәңгiнiң ашуланғаны
Зәңгi қызы отырып ашуланды, Сейпiлмәлiк сөзiне ендi қанды.
«Ертең келiп басыңды кесейiн», деп, Өкпе қылып бұ сөзге оттай жанды.
Өлтiрерге қимайды жүзiн көрiп, Жұмсайды «отын шап» деп балта берiп.
«Жарма тарт» деп отынға жұмсайды, Запырандай сарғайды күн-түн жүрiп.
Зәңгi қызы: – Көп қинасам, алар,– дейдi, Менiң айтқан сөзiме болар,– дейдi.
Менiң айтқан сөзiмше болмаса олар, Өмiрiн бұ менiмен сүрер,– дейдi.
Бейшара сарғайды жарма тартып, Жауыр болды арқасы жарма тартып. Табандары ойылып, қолы сойылып, Асты дағы бермейдi еш жарытып.
Күндiз болса қызметiн оңдасады, Түн болса бейшаралар мұңдасады.
«Көрмегендi көрдiк» деп бейшаралар, Бiр-бiрiн құшақтап жыласады.
– Кетпейдi кәрiпшiлiк басымыздан, Еш қайғысыз жүрмедiк қасымыздан. Кәрiптiкке түскенде жан қиналып, Дүниенiң бәрi кеттi қасымыздан.
Кеңесiп қашқаны
– Бiздiң бүйтiп жүргендi ешкiм бiлмес, Әлiмiздi сұрауға ешкiм келмес.
Өлсек, бiздер өлейiк дария iшiнде,
Еш адам Құдайдан басқа жарлы қылмас.
Неше жыл өмiр өттi жан қиналып, Бұл пәледен қашалық бiз сайланып. Ажал жетiп өлмесек, жұртымызды Құдай көрсетсе, көрермiз бiр айналып.
Сал байлап сумен бұлар кеттi дейдi, Зәңгiлерден зиянсыз өттi дейдi.
Дариямен күн-түнi қашып бейшаралар, Бiр аралға айдан соң жеттi дейдi.
Бiр жақсы арал тапты жемiсi бар, Қыстайды со аралда, көрмейдi қар. Ағашы сондай қымбат болған, Алтын-күмiс көрсе бұлар алмас.
Жемiстен алды бұлар азық сайлап, Түстiлер дария iшiне салын байлап. Түн-күн бұлар дариямен тынбай жүрдi, Келдiлер бiр аралға салын айдап.
Маймылдардың ұстағаны
Салын тастап аралға бұлар кiрдi, Бiраз күн жемiсiн тауып өмiр сүрдi. Маймыл елi бұларды тауып алып, Аяқ-қолын бекiтiп алып жүрдi.
Бейшара ұстауға тағы түстi, Әзиз жаннан үмiтiн ендi үздi. Маймыл ұстауына түсер болып,
Бәрiнен бiр Тәңiрiнiң әмiрi күштi.
Патшасына бұларды алып барды,
«Үш адам ұстадық» деп арыз қылды. Маймылдың патшасы адамзат, Адамдар екенiн ендi бiлдi.
Маймылдың патшасымен көрiсiптi, Бiр-бiрiнiң халдерiн сұрасыпты.
Аман деген шәрдiң патшасының ұлы Мысырдың патшасымен душарласыпты.
Сөйледi бiр-бiрiне халiн бұлар, Неше жыл өмiр сүрдi дария сулар:
– Бiр пәледен құтылсақ, бiр пәлеге, Қашсақ та құтылмадық, болдық душар.
Маймыл патшасының халiн айтқаны
– Мен де сiздей бейшара бiр кәрiппiн, Дария жүрiп елiмнен айрылыппын.
Аман шәрiнiң патшасының баласы едiм, Неше жыл тұрып сарғайыппын.
Дарияда толқын болып кеме сынды, Ажалсыз жан амалдап тақтай мiндi. Осы маймыл елiне душар болдым, Ешбiр қайтып көрмедiм туған елдi.
Өлген екен бұлардың патшасы, Өрiк-жемiс бұлардың жеген асы. Өз елiнен патша қоймайды екен, Iздегенi адамзаттан патшасы.
Өз елiнен патша қоймайды екен, Қойса көп өмiр сүрмейдi екен,
Өз елiнен қойса патшаның өмiрi аз, Iздегенi адамнан патша екен.
Дариядан бiз пақырды ұстап алды, Астыма патша бол деп тақты салды. Бiр күн патша болмас [ем] бұ елге,
Қайтайын десем ел-жұртым алыс қалды.
Өмiрiм өттi мұнда патша болып, Көкiрегiм жұртым үшiн қанға толып.
Итбас хан келтiрiп қызын берiп, Күйеу болдым, қайтейiн, қызын алып.
Басы ит, кеудесi адам қарап тұрсам, Ылаж таппадым қайда барсам.
Жақсы едi мұнда патша болғанша, Өз елiмде құл болып өмiр сүрсем.
Бұ шәрдiң сұрасаң Амдан аты, Итбас патша қарайды болса даты.
Бұл елдердiң iшiнде патша болып, Өмiр сүрер жер емес адамзаты.
Сейпiлмәлiк аз күн тұрды жолдас болып, Маймылдың патшасымен сырлас болып. Жатса-тұрса екеуi айрылмайды,
Көңiлiн аулап жүрдiлер мұңдас болып.
Итбас хан қызын жiбергенi
Итбас онда жатып хабар бiлдi, Бұрынғы күйеуiне арыз қылды. Бар екен бiр кiшкене оның қызы, Сейпiлмәлiкке беруге алып келдi.
– Сейпiлмәлiк қызымды алса, үйiм оның, Екеуiңiз бiзге ендi күйеу болың.
Алтын-күмiс, мүлкiм бәрi сiзге, Олай-бұлай демеңiз, қызымды алың.
Қызды алып елшiлер келiп тұрды, Сейпiлмәлiк со қызының жүзiн көрдi. Ит екен басы, кеудесi адамзат, Қарамайды Сейпiлмәлiк оны көрiп.
– Басымды, Тәңiрiм, саған салдым,– дейдi, Құтылмастай пәлеге қалдым,– дейдi.
Iздегенiм бұл ма едi, кәрiп басым,
Бұл пәленi мен қайдан алдым,– дейдi.
Бiлiп болмас бұ қызының айтқан сөзiн, Сейпiлмәлiктен айырмас екi көзiн.
– Кеуде жақтан қарасаң адамзат, Иттен бөлек емес оның жүзi.
Елу күн қыз қасынан кетпес болды, Сейпiлмәлiкке арыз жетпес болды. Сейпiлмәлiктен қыз ендi пақыр едi, Арыз етсе ол қабыл емес болды.
Сейпiлмәлiк қарамайды қыздан шошып, Өлген жақсы, жүргенiнен иттi қосып.
– Қыз, сен пақырлық қылма,– дейдi, Қанатым жоқ қашуға сенен ұшып.
Елу күн Сейпiлмәлiк ас жемейдi, Өз жарынан басқаны сөз демейдi. Алтын-күмiсiмен ит қыз отыр, Тым болмаса үстiне тон кимедi.
Маймыл ханнан рұқсат тiлегенi
Сейпiлмәлiк барып ханға тiзе бүктi, Қан аралас көзiнен жасын төктi.
– Тақсыр хан, рұқсат берсең мен кетейiн, Мендей болған жалғанда мұңлы жоқ-ты.
Бәрiмiз адамзат, тақсыр ханым,
Ит басыңды көрсетпе, шықты жаным. Бұл қайғымен сәргардан отырғанша, Өз қолыңнан өлтiрсең алал жаным.
Жауап бердi маймыл хан көп отырып, Көзiне айрылам деп жас толтырып.
Жылай-жылай оған рұқсат бердi,
– Тым болмаса кетпедiң бiраз тұрып.
Қимаса да оған рұқсат бердi, Артынан өзi отырып бiрге жүрдi.
Амандасып ханменен айрылысып, Жаяу жүрдi бұлар, алыс жер-дi.
Дарияға түстi бұлар жаяу жүрмей, Жаяулықтың азабын ендi көрмей. Үш бейшара бiр жерде жолдас болып,
Дариямен алты ай жүрдi басын бұрмай.
Бiр аралға жеткендерi
Бiр аралға алты айда жақын жеттi, Аралда бiр-екi күн қонып өттi.
Аралға толған екен әр түрлi аң, Тұруға ылаж таппай ақыл кеттi.
Түн болса әр жерлерде от жанады, Аралға әр түрлi аң дем алады.
Көрген аң, көрмеген аң–бәрi сонда, Оның үлкенiне таң қалады.
Түн болса оттай жанған балық көзi, Аузынан айтқаны Құдайға шүкiр сөзi. Аралға толған екен әр түрлi аң, Сақтасын бiр пәледен Тәңiрiм өзi.
Арыстан, жолбарыс, қабылан, жылан, Аю, қасқыр, сiлеусiн, түлкi, қоян.
Аралға толған екен әр түрлi аң, Бiрiн-бiрi қуады оннан, мұннан.
Сонасының үлкенi торғайдай едi, Келiп шақса қаныңды сорғай едi. Әр байғызы оның бүркiттей бар, Сондай жерде қай адам тұрғай едi.
Түлкiсiнiң үлкенi–аш арыстан, Қасқырдың үлкенi–қара қабылан. Әр мысығының үлкенi тазыдай бар, Ақыл жетпес көрген[дi] айтып әбден.
Әр тышқаны оның мысықтай бар, Алты ай қыс аралда көрмейдi қар. Түрлi-түрлi жемiс бар ат басындай, Тұрмақ тәуекел қашуға болды зар.
Қашты ендi, бұл аралда тұра алмас, Сарғайып запырандай ойнап-күлмес. Дариямен күн-түн бұлар бiр ай жүрiп, Келедi бiр аралға еш бұрылмас.
Жаңа бiр аралға келгенi
Ағашы жоқ бiр арал, жемiсi жоқ, Бейшаралар аралда болмады тоқ. Шыдай алмай кеттiлер сол аралдан Сейпiлмәлiктiң қайғысы болды көп.
Сейпiлмәлiктiң қасында жолдастары, Түнi-күндiз бiрге жүрген мұңдастары.
«Жемiстi арал табылса кетпеспiз» деп Жүруге ой қылмайды сырластары.
– Жемiстi арал табылса кетпес едiк, Қиналып тау-тастан өтпес едiк.
Екеуiнiң ақылы осы едi,
«Сейпiлмәлiк болмаса кетпес едiк».
Екi жолдас көңiлiне алған екен, Олардың көңiлiне Алла салған екен. Шарасыз шаһзада сөз айтпайды, Оның үшiн бұ жерде қалған екен.
Жаңа бiр аралға келгенi
Бiр аралға жеттi де тапты да ас, Бар екен сол аралда қымбат тас. Асқанда жар-жар басы аралапты, Бiр жыл онда өмiр сүрдi қысы-жаз.
Жүрдi бейшаралар қармақ салып, Түрлi-түрлi жемiстен қолына алып. Жолдастары жүргендi жақтырмайды, Сейпiлмәлiк жылайды қайран қалып.
Екi жолдасының айрылып өлгенi
Бiр жылдан соң бiреуi науқас болды, Сейпiлмәлiктiң қайғыға көңiлi толды. Артынан тағы бiрi болды науқас, Науқастан күннен-күнге жүзi солды.
Жылайды Сейпiлмәлiк жалғыз болып, Күннен-күнге қайғыдан жүзi солып.
Бiр жағынан шаршайды, болды науқас, Бұ қайғыдан көкiрегi қанға толып.
Бередi науқастарға жемiс тауып, Жүре алмайды қайғыдан аяқ басып. Екеуiнiң науқасы қатты болды, Жылайды бiр-бiрiне арыздасып.
– Науқастан жаман болдың, жолдастарым, Айрылам ба сiздерден, мұңдастарым.
Жалғыз қайтiп жүрейiн дария iшiнде, Өмiрiмдi қайтiп сүрейiн, сырластарым.
Өмiрiм қайтiп өтедi дарияда жүрсем, Жалғыз қайтiп жүрейiн шөлге кiрсем. Көбiң кетiп қасымнан, жалғыз қалдым, Өмiр қайтiп сүрейiн жүрсем-тұрсам.
Қайда жүрерiм бiлмеймiн, еш те жөнiн, Жалғыздығым өтедi мұңды күнiм.
Кәрiп басқа түстi кетпес қайғы, Зарлай-зарлай өтедi күнiм-түнiм.
Науқастардың Әзiрейiл жанын алды, Бiр күн өлдi екеуi, жалғыз қалды.
Жылай-еңiрей бейшара жолдасына, Жаназасын оқып, екiсiн көмiп салды.
Қайғыдан адам өлмес, ақыл танар, Аузынан түтiн шықпас, көкiрек жанар. Өмiрiн ерте етер ме, кеш етер ме,
Тiрi адам бұл жалғанға қайтiп тынар.
Дарияға түстi, есiн жия алмайды, Жылайды, жолдастарын таба алмайды. Бiлмейдi жөннiң дағы қайсы екенiн, Басы тiзеде, көз жасын тия алмайды.
Тiзесiне басын қойды iш күйгенге, Кәрiпшiлiк көп көрдi жар сүйгенге. Ас ойына келмедi, дүние ойына, Тамағына iшкен асы түйiлгенде.
Сейпiлмәлiктiң салы бұзылғаны
Бiр қатты жел келдi де салын бұзды, Ескi жiбi үзiлiп бөлек түстi.
Бiр ағашқа салдан түсiп мiнiп алды, Әзиз жаннан бейшара үмiт үздi.
Ескен жел сындырды мiнген салды, Ылажын таба алмай қайран қалды. Бiр қу ағаш бар екен дария iшiнде, Жан қамы үшiн ағашты ұстай алды.
Қу ағаштың басына шықты шаһзат, Тәңiрiне жылай-жылай қылды көп жад:
– Болмаса, Тәңiрiм, сiзден ешбiр себеп, Со жердi көрген емес еш адамзат.
Сейпiлмәлiк сол жерде үш күн тұрды, Жылай-жылай көзiне қан жасы толды.
– Ел-жұртымнан айрылдым бiр жар үшiн, Кәрiп менiң басыма не күн болды.
Не жаздым, не жаңылдым еш бiлмеймiн, Жамандықтан басқа еш көрмеймiн.
Тәңiрi, сiзден болса бiр себеп,
Ақыр бұ дарияда мен күн көрмеймiн.
Бұрынғыдай болмайды, дәрмен кеттi, Әке-шеше, қарындас арман кеттi.
Жаратқанның жарлығына мойын ұсындық, Бiздi бұлай болсын деп тағдыр еттi.
Жалынсақ, Жомарт Патша рақым етер, Жүзiме пәле кез келсе аман кетер.
Тәңiрi алдында тiленсе намыс болмас, Ақыры мұратына бiр күн жетер.
Құс келiп ұшырғаны
Аяды Кәдiр Сұлтан кәрiп құлды, Әуеден бiр үлкен құс пайда болды. Сейпiлмәлiктi алуға қасты қылып, Қу ағаштың басына келiп қонды.
Сейпiлмәлiк ойлапты «өлемiн» деп, Құс ұмтылды кәрiптi аламын деп. Құс жеткенде аяғынан ұстап алды,
«Не тағдыр болса боламын» деп.
Көтерiп Сейпiлмәлiктi алып ұшты, Ұстайды Сейпiлмәлiк бiрге құсты. Дарияда бiр күн, бiр түн алып ұшты, Ұясына келгенде талып түстi.
Сейпiлмәлiк кәрiп жанын қайғы қылды, Шаршап құстың түскенiн ойлап бiлдi.
Тау-тастың арасына жасырынып, Құс келiп таппасын деп бiр iнге кiрдi.
Бiр жақтан жылан келдi аузын ашып, Сейпiлмәлiк қорықты қаны қашып.
Құс баласын бiр жылан жейдi екен, Ұмтылды құс жыланға қанат жайып.
Жылан өттi Сейпiлмәлiктiң жанын басып, Қашырды құсты жылан аузын ашып.
Сейпiлмәлiк жыланды көргеннен соң, Не қыларын бiлмейдi, қалды сасып.
Жыланды өлтiргенi
Қолына алды айбалтасын белiндегi, Қалғаны зәңгiлердiң елiндегi.
«Бекер қарап тұрғанша ұмтылайын, Ажал тағдыр болса өлдiм дағы».
«Иә, Алла» деп балтасын қолына алды, Көтерiп айбалтасын белге салды.
Балтамен айдаһарды екi бөлiп,
Сол жерде жылан дұшпан өлiп қалды.
Жыланды құс келдi де жоғары алды, Баласына жем қылып бере салды.
Сейпiлмәлiкке құс ендi қастығы жоқ, Баласы айдаһардан аман қалды.
Жер жүзi дұшпан болса зиян қылмас, Сақтайды Тәңiрi өзi, бенде бiлмес.
Тәңiрiм тағдыр етпей ажал жетпес, Су iшiнде жатса да бенде өлмес.
Сейпiлмәлiктiң жаяу жүргенi
Сейпiлмәлiк жаяулап шөлге кiрдi, Көрмеген ғажаптарын сонда көрдi. Запырандай сарғайып қызыл жүзi, Бiр жыл жолмен жүрiп өмiр сүрдi.
Қиын iс болмас жұрттан айрылмақтан, Қалмайды көзден жас зар қылмақтан.
Жалғыздық пен жаяулық басқа түстi, Бiр тағдыр болса керек бар қылмақтан.
Сейпiлмәлiктiң мiнәжаты
– Түзу жолға сал, Тәңiрiм, жазған құлыңды, Күнәсi көп басынан асқан құлыңды.
Бiзге сiзден басқа дәрмен жоқ,
Әр жерде жалғыз жүрiп сасқан құлыңды.
Мысырға бiз құлыңды патша қылдың, Менi бiр жар үшiн мұңды қылдың.
Әуелде патша қылып жаратсаң да, Қайғының қылышымен бауырым тiлдiң.
Бiзден басқа патшалар жұртын сақтап, Әрқайсысы ойнап-күлер өзiн мақтап.
Не қылса да тағдырыңа мойын ұсындық, Пәледен құтылмадым дүние ақтап.
Жүз мың пәле көрсем де бiр жарым жоқ, Су орнына қан жұтып қанарым жоқ.
Осынша кәрiпшiлiк көрсем дағы, Асық жардың жолында арманым жоқ.
Жаратқан, өзiң жеткiз iздегенге,
Он үш жылдан артық күн-түн сөйлегенге. Жалғыз жүрiп жар үшiн сәргарданмын, Осы күнi үмiтiм үзбегенге.
Жас күнiмде басқа түстi iстiң ауыры, Қалмады сенi iздеп дария, тау да.
Сен перiзат, еш жерде хабарың жоқ, Жолыңда құрбан болдым денiм сауда.
Ескен жел апарар ма сәлемiмдi, Жолыңда құрбан қылдым бұл жанымды. Бiзден ақыл шығар тау үстiнде,
Кiм айтар өлсем мұнда бұ жанымды.
Елiнде жүрген шығар сейiл құрып, Бiз жылаймыз ол үшiн жалғыз жүрiп.
Жолыңда қыс-жаз жүрген мен бiр мiскiн, Жетермiн бе мұратқа жүзiң көрiп?
Суретiң әуел сенiң өзiм көрдiм, Таппадым еш хабар мұнша жүрдiм. Түнi-күндiз сенiң үшiн зар жылаймын, Кәрiптiкпен мұнша өмiр сүрдiм.
Зынданнан қатты болды жолым, Жарылды ыстықтан аяқ-қолым. Қанша жыл кәрiпшiлiк көрсем дағы, Болар ма дидарыңды көрер күнiм.
Құдайым, мұратыма жеткiз менi, Бендеңнiң қиналады кәрiп жаны. Тағдырыңа, Құдайым, риза болдым, Неше азап көрерiм, көрсет оны.
Бiр тауға келгенi
Жаяулап биiк тауға жақын жеттi, Тау үстiне шыға алмай есi кеттi. Тау басына шығуға ылаж таппай,
Бiр жылдай зарлай-зарлай өмiр өттi.
Тау басынан шығады қабылан үнi, Ойнайды әр түрлi аң күнi-түнi.
Қанша ой қылса да, тау басына Шығуға табылмайды ешбiр жөнi.
Тау басында әр түрлi аң шақырады, Аю, қасқыр, жолбарыс ақырады.
Биiк тауға шығуға ылаж таппай, Бiр жылдай сол жерде тоқырады.
Ұмтылды тау басына қуат қылып, Киiк те түседi тастан тайып.
Ақыр бiр жан қайғы үшiн тауға шық[ты], Әр төбенiң басына тынып-тынып.
Тау басына шықты да ақыл жиды, Не болса да жар үшiн жанын қиды. Жан шыққанша нәсiп таусылмайды, Бұлақтан су iшiп, жемiс жедi.
Бiр жағы су сол тауының, бiр жағы шөл, Жүрген адам сол жерден таппайды жол. Ендi шөлмен жаяулап жүре бердi, Кәрiптiктен жарылды аяқ пен қол.
Тәуекел Аллаға мойын ұсынып, Шаршаған соң әр жерге бiр күн қонып. Бiр Аллаға жалынып зар қылады,
Бiр жар үшiн жолына кәрiп болып.
Жолбарыс өлтiргенi
Бiр жерде жолбарыс шықты аузын ашып, Қасты қылды Сейпiлмәлiк топырақ шашып.
«Бiр бәледен құтылсам, бiр бәле» деп, Қорқады Сейпiлмәлiк қаны қашып.
Айбалтаны бойға алып, бойын түздi, Жолбарысқа түзеттi екi көздi.
Жолбарыстан жан аман құтылған соң, Аллаға жалынады, жаяу жүрдi.
Жөнелдi жаңа айдай бел бүгiлiп, Екi көзден жас ақты қан төгiлiп. Әр жерде қорыққандай бiр iс болса, Қалады әзiз жаннан ендi үзiп.
Қайсын мұның айтайын, көп күн өттi, Қайсыбiрiн жазайын есiм кеттi.
Сейпiлмәлiк бiрнеше күн жүрiп едi, Бiр шарбаққа жаяулап жақын жеттi.
Адамзат сондай шарбақ көрген емес, Сол жерде адам, перi жүрген емес.
Жаралған жануарлардан дүниенiң жоқ, Ойласаң, көрсең еш тұрған емес.
Ойлайды Сейпiлмәлiк жалған емес,
«Бұ үйдi еш адамзат салған емес. Ол мында перiнiң жерi шығар, Бұлардан тiрi адам қалған емес».
Сейпiлмәлiк ойлайды көремiн деп, Шарбаққа ендi қарсы жүремiн деп. Бұ мында перiлердiң жерi шығар, Не болса да үйге кiремiн деп.
Арыстан келiп ұшырағаны
Жөнелдi Сейпiлмәлiк үйге таман, Шарбақтан шықты ендi бiр арыстан. Келгенде айбалтамен шауып едi, Құлап түстi арыстан, ақпайды қан.
Сол жұрттар перiнiң жұрты дейдi, Арыстан күзетшiге тұрды дейдi. Жарлықпен арыстан қылған екен, Ақыры Сейпiлмәлiк ұрды дейдi.
Сол жерден Сейпiлмәлiк жүрдi дейдi, Шарбақтан бiр үлкен үй көрдi дейдi. Алтын кiлт есiкке салған екен, Айбалтасын қолына алып ұрды дейдi.
Үй сымбатты, айтуға тiлге келмес, Алтын-күмiс сарай бар, адам бiлмес. Адамға перiзатпен жетпес ажал, Қандай-қандай тар жерде жүрсе өлмес.
Үйде бiр қыз көргенi
Алтын тақтай құрыпты асыл шатыр. Шатырды ашып көрдi, бiр қыз жатыр. Жүзi айдай жарқырап тақ үстiнде, Адамзатқа ұқсайды бiр қыз жатыр.
Қозғайды қызды әр кез, оянбайды, Тастап қызды кетуге қия алмайды. Өлi десе бұ қыздың жаны бар деп, Тiрi десе ақылын бiле алмайды.
Қыздан хабар таппайды және шықты, Гауһар тастан қолына ала шықты.
Қыз басында жазулы тақтай жатыр, Қалдырмай оны тағы ала шықты.
Ойлайды «қыз өлi ме, тiрi ме?– деп, Бұл шарбақ дұшпанның жерi ме?– деп. Иесi келсе, ол маған зиян қылар,
Дәу ме [деп] ойлайды, бұл перi ме?» деп.
Үй iшiнде Сейпiлмәлiк сейiл құрды, Тақтайды алып шығып тыста тұрды. Есiктен бiраз тыңдап тұрып едi,
Қыз пақыр үй iшiнде бiр сөз айтып тұрды.
Сейпiлмәлiк со үйге қайта кiрдi, Қыз басын көтердi, сәлем бердi. Тақтайды көрген соң қыз жылайды,
«Тақтайда сұмдық бар» деп ойлап бiлдi.
Тақтайды тысқа тастап үйге кiрдi, Қыз басын көтердi, сәлем бердi.
– Дәусiз бе, перiсiз бе, мен сұрайын, Бiз жүрген бiр бейшара алыс жерде.
Қыз пақыр жауап бердi, сәлем алып:
– Бiз де адамзат, жүрiппiз кәрiп болып.
Дәу қолында он бiр жыл сәргарданмын, Қорықпай сiздер бiзден қайран қалып.
Түрегелiп көрiстi екi зарлы, Бұрынғы жалғыз едi, болды жарлы.
Қыз пақыр: – Жiгiт, сөзiң сөйле,– дейдi, Не себептен мұнда сен ынтызарлы?
Жiгiттiң сөзi
Сейпiлмәлiк қыз пақырға сөз бастайды:
– Сөз айтсам iздегенiм әз Құдай-ды. Үйге келе ме деп мен қорқамын, Перiзат адамзатпен жүз қарайды.
Қыз жауабы
Дәу малғұн жетi күн бiзге келмейтұғын, Айтса тiлiң еш адам бiлмейтұғын.
Үш күн қал, қорықпа, сөзiңдi сөйле, Сөзге нансаң, не сөз бар жылайтұғын.
Жерiмнен бұ дию малғұн қашты алып, Он бiр жыл сәргарданмын қайран қалып. Кеткенiмдi бiлмеймiн, келгенiмдi, Тақтайды басқа қойса қалам талып.
Есiтiп Сейпiлмәлiк сөз бастады:
– Мен едiм Мысырдың патшазаты,
Ел-жұртымнан айрылып, мал-мүлкiмнен, Тәңiрден Бәдiғұлжамал құлдың даты.
Бiр суреттi көрдiм, асық болдым,
Жүз мың ерден айрылып жалғыз қалдым. Он екi жыл жолында сәргарданмын, Бұрын патша болсам да кәрiп болдым.
Бiр жан досым бар едi, айрылғанмын, Ойымнан еш кетпейдi, зар қылғанмын.
Патшалықтан айрылдым, ел-жұртымнан, Жалғыз басым қайғымен жарылғанмын.
Сөйледi сөздiң бәрiн бастан-аяқ:
– Ел-жұртымнан айрылып жүрдiм саяқ, Бәдiғұлжамал ойымнан еш кетпейдi, Тәңiрiм салды қайғыны аямай-ақ.
Жолында оның iздеп жүрсем де мен, Таба алмасам жолында өлсем де мен. Осы қайғы бәрi де кетер едi,
Асық жардың жүзiн бiр көрсем де мен.
Қыз пақыр атын естiп көп жылады:
– Анадан бiр тусам да не қылады,
Асық сенiң жарыңның мен құрдасы едiм, Ендi бiздiң бұ халдi кiм бiледi?
Сейпiлмәлiк есiтiп күлдi дейдi, Асық жардың хабарын бiлдi дейдi.
Айтқан сөз құлағына жаққаннан соң, Қыз қасына жақынырақ келдi дейдi.
–Сен маған сөз айттың ба, жолдасым-ай, Өзiмдей кәрiп болған мұңдасым-ай.
Бұ хабарды ешкiмнен бiлгенiм жоқ, Шын болса айтшы маған, сырласым-ай.
Бәдiғұлжамалдың айтқаны
– Ойбай, жiгiт, нанбасаң мен нандырайын, Сөзiмдi бастан-аяқ қандырайын.
Бұ хабарды бұрын сен бiлмесең, Шырағыңды ендi мен жандырайын.
Рабүлмәлiк әкем-дүр Сарандилда, Iнiсi дағы патша болып жұрт iшiнде. Екеуi екi жерде патша болған,
Олар онда, бiз кәрiп қалдық мұнда.
Перi шәрi бiзден алыс емес, Әкемiз Шабалмен таныс емес. Ол перiзат болғанда, бiз адамзат,
Бiр-бiрiмен дос болып сарпай кимес.
Қатыны Шабалдың келген екен, Бiздiң елде бiраз күн тұрған екен. Бiздiң елде жүргенде сейiл құрып, Бәдiғұлжамал со жерде туған екен.
Бiздi шешем со күнi тапқан екен, Шүйiншi деп әр жаққа шапқан екен. Шүйiншi деп айтқан даусынан, Алтын-күмiс үстiме шашқан екен.
Бәдiғұлжамал шешесi сонда келiп, Ел жиып кәрiптерге ас жегiзiп.
Бәдiғұлжамал шешемнiң сүтiн емiп, Бiздердi сүт емiзiп бала қылып.
Екеумiз бiр күн туған құрдас едiк, Ел iшiнде бiр жүрген сырлас едiк.
Алланың үкiмi болып ендi айрылдық, Қайтейiн, айрылмастай жолдас едiк.
Бiр күнде ойнап жүргенде тұман болды, Ұстайды бiр дәу келiп бiздiң қолды.
Дәу қолында он бiр жыл кiрiптармын, Ел-жұртымнан көргенiм сол-ақ болды.
Бұ дәуге тұтқын болдық бiз жолығып, Еңiреп бiздi жүрiптi асық болып.
Он бiр жылдан қолында кiрiптармын, Ел-жұртымнан сәргардан қайран қалып.
Дәу малғұн дәу патшаның ұлы дейдi, Қазынаға ел-жұрттың молы дейдi.
Атасы Шабалмен дұшпан екен, Әр жылда аттанады қолы дейдi.
Алып қашса да мен бой бермедiм, Өлсем де қосылуға ой бермедiм.
Он бiр жылдан берi алдайды дәу малғұн, Өлтiрсе де ол мен сөз демедiм.
Көп сөз маған айтады көңiл берiп, Жақсы сөз мен айтпаймын көңiл берiп. Бiрде өкпе қылады, бiрде ашу,
Кетедi өз елiне үш күн тұрып.
Жетi күнде келедi елде жүрiп, Тағы бiздi алдайды үш күн тұрып. Ұмтылады бiздерге қастық қылып,
Жылаймын «өлемiн» деп өзiмдi ұрып.
Барсаңыз бiздiң елге, көрдiм деңiз, Қызыңыз Мәликемен тұрдым деңiз. Дәу қолында он бiр жыл тұтқын екен, Сырласып бiр күн бiрге жүрдiм деңiз.
Бiлмейдi олар менiң жатқан жерiм, Дәу қолында зәрдi татқан жерiм.
Бiлсе менi сол жерде қоймас едi, Өлiмге байлап басымды сатқан жерiм.
Басқа түскен қайғы тарқамайды,
Жас күнде тұтқын болып бағым тайды. Бiзден сәлем айта бар ел-жұртқа, Көрер күнiм болар ма күн мен айды?
Әке-шешем [мен] үшiн бауырын берген, Жалғызым деп жылайды көзi көрген.
Олар да онда жылайды, көздерi қан, Бiздер дәу қолында қиналып жан.
Әр сөзге Сейпiлмәлiк қанды дейдi, Мәликенiң сөзiне ендi нанды дейдi. Хабарын есiткен соң қуанады,
Бiраз жарын ойға алып жанды дейдi.
Сейпiлмәлiктiң сөзi
Сейпiлмәлiк сөз айтады: – Бiз ойлайық, Бұрынғыдай есiткендi бiз байлайық.
Дәуiңнiң жаны қайда екенiн сiз сұраңыз, Бiр қайла табылар ма, оны қылайық.
Тұрайық бiз бiр жерде жасырынып, Сұраңыз жанын оның көңiл ерiп.
Ашуланып сөз айтса, өкпе қылса, Айтпас па екен ол сiзге жанын қиып.
Бiр қайла қылар едiк жанын бiлсек,
Не қылса Алла әмiрiне мойын ұсынсақ. Тәңiрi берiп дәу жанын қолға берсе, Дәу малғұн бұ жерде бiз өлтiрсек.
Қыздың жауабы
– Дәу жанын мұнан бұрын сұрағанмын, Ашуланып мен оған дау қылғанмын.
Ашудан қайтып маған жанын айтқан, Жаным суда дегенде таң қалғанмын.
Жанымызды бұ дарияға салдық деген, Бiр құдық, бар iшiнде сандық деген.
Со сандықтың iшiнде менiң жаным, Ел таппас жаралған жанымды деген.
Қолы тимес адамның бiр жаныма, Өлiм жоқ жетсе жасым болса мың да. Дәу жаны суға ұрып шығар едi, Сүлеймен жүзiктiң барлығында.
Бұ күн табылмайды дәудiң жаны, Жүзiк тәуекел, Сүлеймен өзi, кәнi? Заманында бiз оның құлы едiк, Өлгеннен соң құтылды дәудiң жаны.
Дәу айтқандай Сүлеймен өзi кәнi, Жүзiктi қолына кiм ұстар оны?
Бiзден сәлем айта бар ел-жұртыма, Қанша айтсам табылмас дәу жаны.
Естiп Сейпiлмәлiк күлдi дейдi, Мәликеден шүйiншi сұрды дейдi.
– Тақ Сүлеймен жүзiгi менде әзiр, Жақсылыққа Құдайым бұрды,– дейдi.
Мәлике естiп қуаныш қылды, Көрген соң жүзiктiң барын бiлдi. Азық пен алтын-күмiс үйден алып,
Бiр медет болар ма деп екеуi суға келдi.
Ұсындылар Алланың көп атынан, Сүлеймен жүзiктiң құрметiнен.
– Дәу жанын бiздерге шығарып бер, Кетейiк дәу малғұнның бiз қасынан.
Жүзiктi қолына алып суға ұрдылар, Алланың әмiрiне бел будылар.
Бiр уақытта су қайнап сандық шықты, Сандықты көтерiп бiр қойдылар.
Сандықты ашып едi кептер шықты, Кептердiң мойнын үзiп жерге тықты. Аспаннан қып-қызыл қан қардай жауып, Кептердiң кесапаты дәуге жұқты.
Таудай болып дәу келiп жерге түстi, Дәу пақырдың өлерде үнi шықты.
Бейшаралар көрген соң қуанады, Бәрiнен бiр Тәңiрiнiң әмiрi күштi.
Дариямен кеттi бұлар салын байлап, Алдылар дәу үйiнен азық сайлап.
Қуанғаннан бейшаралар жыласып, Кеттiлер үш ай, үш күн-түн сал айдап.
Екi бiрдей бейшара жолдас болып, Бәдiғұлжамал жөнiнен құрдас болып. Бiреуi–аға, бiреуi сiңлiсi болып, Жүрдiлер бiр-бiрiне сырлас болып.
Бiр үлкен жайын шықты аузын ашып, Бұларды жұтайын деп суларды шашып. Сейпiлмәлiк ұйықтап едi, қыз оянды, Қорықты бейшаралар қаны қашып.
[Жайын] басын көрген соң жыласады, Қолдарын көкке жайып еңiреседi.
«Пәледен құтылдық деп ойлап едiк», Алладан жылап медет тiлеседi.
Жайынды өлтiргенi
Сейпiлмәлiк балтасын қолына алды, Жайын дұшпан басына қатты салды. Алланың әмiрiмен басқа тиiп, Айналып жайын дұшпан кейiн қалды.
Тәуекел деп Аллаға бет қояды, Салмен ағып тағы да жөнеледi. Бiр аралға сал байлап енiп едi, Саудагер көп керуенге кез болады.
Керуенге ұшырағаны
Керуен қорықты бұларды ұры ма деп, Бұлар қорықты бiр дұшпан болар ма деп. Керуен халқы бұларды тағы ойлайды, Бiздей елге сауда қылып жүрер ме деп.
Келдi керуен бұларға қарсы жүрiп, Бұлар сәлем бердi қол қусырып.
Қасына көп керуен келiп едi,
Таң қалдылар бұлардың жүзiн көрiп.
Керуендер таң қалып оларға пұл бердi, Не болса да ұжмақтың нұры дейдi.
Осында запырандай сарғайғанда, Беттерiнде нұры жайнап тұрды дейдi.
Бiрiн-бiрi сұрасып жыласады, Бәрi бiрдей мұсылман танысады. Шүршіттен шыққан олар керуен, Бiр-бiрден сөзiне қанысады.
Керуендер таныды Мәликенi,
– Ағасы Сарандилда жұрттың ханы. Он бiр жыл ханның қызы ғайып болған, Ағасы бiздiң елде жұрт сұлтаны.
Таныған соң бiр-бiрiн жыласады, Көп керуен бiр-бiрден сөйлеседi.
– Әкесiнiң iнiсi бiзге жақын, Шүйiншiге шапқыншы оңдасады.
– Үш айда ағаңызға қайтсақ керек, Со жерге кемеменен жетсек керек. Аман болып шәрге жақын кетсек, Кеме тастап бiр қырға өтсек керек.
Жеттi де шығар жерге сумен жүрiп, Кемелерiн шығарды қырға барып. Шүйiншiге бес кiсi кетiп едi,
Шәрге жеттi бұлар күн-түн жүрiп.
Мәлiке ағасыны көргенi
Сұлтанға елшi хабар бердi дейдi, Сәлем берiп есiктен кiрдi дейдi.
«Ағаңыздың жоғалған жалғыз қызы, Аман-есен керуенмен келдi» дейдi.
Шүйiншi берiп, бұлар ендi сөйлеседi, Келер деп Мәлике ойласады.
«Той қылып, жұртқа хабар бiлдiргін, Алдына барамыз» деп сайласады.
Жұртпен келдi ағасы қыз алдынан, Көрiстi ағасымен есен-аман.
Ағасы Мәликемен көрiскенде, Жыламаған қалмайды әскер, жаннан.
Ойнап-күлiп он күн той қылады, Түрлi-түрлi ойынмен ойнады.
Тәжiлмәлiк Сейпiлмәлiкке барған екен, Алдында қол қусырып сөйледi.
Мәлике[нің] әкесiне қосылғаны
Шүйiншiге билер кеттi әкесiне, Он төрт күнде жеттi қаласына. Есiткен соң шеше мен әкесi,
Қуанады екеуi жыласып баласына.
Малды сойып, той қылып, жұртты жиып, Көрiсiп әке-шешесi қалды талып.
Сейпiлмәлiктi билер құрмет қылып, Ап келдi Сейпiлмәлiктi таққа салып.
Ап келдi Сейпiлмәлiктей, ай мен күндi, Той қылып, бiлмедi күн мен түндi.
Ұшқан құс қайтып елге келген, Бәрiнiң бiрдей iшiнде көңiлi тынды.
Шешесi: – Жаным, тiрi келдiң,– дейдi, Он жыл қайғымен өлдiм,–дейдi.
Әкесi мен шешесi амандасып,
– Аллаға шүкiр, жүзiңдi көрдiм,– дейдi.
Қуанып әкесi мен шешесi отырмайды, Мәлике күн-түн сөйлеп болдырмайды. Он бiр жыл әкесiнен айрылған соң, Көргенiнiң бәрiн де қалдырмайды.
– Себебiнен Сейпiлмәлiктiң мұнда келдiм, Шарапат қып өзiм мұны аға қылдым.
Алладан соң, себеп бәрi мұнан, Жүзiңдi көрдiм дағы көңiлiм тындым.
Құдай сақтады, дәуден аман жүрдiм, Дәу қастық қылса, өлiмге бетiм бұрдым. Күн-түн бiрдей Аллаға жылаушы едiм, Құдай сақтады, дәуден аман жүрдiм.
Мәликенiң сөзi
– Қолы еш жетпедi дәудiң маған, Кәпiр болсын сөзiме нанбаған.
Мойынсұнып келсе де дәу малғұн, Ашулансам қайтады жетпей маған.
Серт қылып айтып оған: «Тиме маған, Он бес жыл болмай тұрып тимен саған. Өктемдеп зорлықпенен алам десең, Өлем,– дедiм,– со күнде, нансаң маған».
Дәу малғұн бұ сөзiмнен қайтушы едi, Кегiн өкпе қылып айтушы едi.
Ол уақытта Сейпiлмәлiк маған келген, Дәу өлтiрiп ол жерден алушы едi.
Естiп хан менен жұрттың бәрi бiлдi, Жалғыздарын көрген соң көңiлi тынды. Ұл қылып Сейпiлмәлiкке орын бердi, Қолына ендi бердi қалың елдi.
Сейпiлмәлiк бұрынғыдай патша болды, Хан тапсырған ұлына iсiн оңдайды.
Жұрт iшiнде көрсетiп әдiлдiгiн, Тәңiрi өзi оңғарады ендi жолды.
Қызметкерлер алдында әзiр тұрды, Бекзада мен патшалар бiрге жүрдi.
Ойыншы мен жырлаушылар бәрi сонда, Түнде ойын, күндiз далада сейiл құрды.
Сейпiлмәлiктiң досын сағынғаны
Досы оның бiр күнi еске түстi,
Екi көзден жаңбырдай жасын ағызды.
– Суда өлдiң бе, жан досым, қырда өлдiң бе, Дүниеде ұмыта алмаймын көрмей сенi.
Баяғыда осындай ойнаушы едiк, Айырылуға бiр күнде қимаушы едiк. Осындай болмадық, жан досым-ай, Жағада ойнап-күлiп жүрушi едiк.
Көңiлiмнен, көзiмнен ендi кеттiң, Алтын жүзiк қолымнан тайып кеттiң. Осы кездер көзiме көрiнбейдi,
Бiр қайғыны бойыма жиып кеттiң.
Қасымда болсаң сенi көрмес пе едiм, Ойнап-күлiп бiр жерде тұрмас па едiм. Тiрi болып көзiме бiр көрiнсең, Артыңа қайда жүрсең ермес пе едiм.
Көрушi едiм, е, досым, сенi жандай, Iшкен ас маған сенсiз қызыл қандай. Өтiп кетер заманың жасымыздан, Болмайды қызығымыз көз жұмғандай.
Сенсiз маған бұ ойын бәрi арам, Жалғыз қайтiп сенсiз мен сейiл құрам. Осы күнде ойымнан еш кетпейсiң, Жүзiңдi ендi сенiң қайда көрем.
Сенсiз маған болмайды осы жиын, Дүниенiң сенсiз маған бәрi қиын. Таққа отырып патша болсам дағы, Сенсiз маған пайда жоқ жалғыз тиын.
Еске түссең жылаймын мен осында-ай, Тақ үстi сенсiз маған бiр тұтқындай.
Ойласам сен есiме түскенсiн,
Болады маған өмiрiм мың жыл оттай.
Кетер едi бұ қайғы жүзiң көрсем, Хабарын елден тауып қайдан сұрсам. Жан тәттi жан досым, мұңдасым-ай, Дүние не керек маған, бiрге жүрсем.
Хабар болсам жүзiңдi көремiн бе, Жоқ дүниеден көрмей-ақ өлермiн бе? Өлгенiңдi естiсем, мен өлермiн,
Бұ қайғыға сарғайып жүрермiн бе?
Мiнәжат қылғаны
– Әр жерде медет қылған Құдайым, сен, Тiлеймiн жазықтықпен кедейiң мен.
Досымды тiрi болса бiр көрсетсең, Жолыңда жанымды құрбан етейiн мен.
Досы үшiн Сейпiлмәлiк бiр күн жанды, Запырандай сарғайды, ақылын танды. Шаһзаданың зарлығын есiткен соң,
Бұ жерге ендi жиылды жұрттың бәрi.
Мәликенiң келгенi
Көп қыздармен Мәлике келдi дейдi, Шаһзаданың қайғысын бiлдi дейдi. Шаһзаданың көп қыздар көрдi жүзiн, Айырмайды бәрi де екi көзiн.
– Мойын ұсын Алланың салғанына, Айрылып досың[нан] сен қалғаныңа. Тiрi болса көрерсiң, өлсе өлген, Қайтерсiң бұ дүниенiң жалғанына.
Бұрынғы күйгенiмiз бiзге батар, Алланың әмiрiне бенде не етер. Бұ дүниеден кiсiге еш пайда жоқ, Жаралған жан болса бәрi де өтер.
Жолыңда бiз бейшара құрбандығың, Не етерге айтып қойған бiр жандығың.
Сiз өлгенге мен де өлейiн, күйдi жаным, Тiлесең керек ендi амандығың.
Келедi он күннен соң асық жарың, Он үш жылдан сақтаған ынтызарың.
Ашылсын көңiлiң сенiң, Сейпiлмәлiк, Тiрi болса табылар бiр жолдасың.
Мәлике көп жылайды көңiлiн аулап:
– Кетiңiз бiр-екi күн киiк аулап, Ашылсын көңiлiң жұртпен аңға шығып, Тазы менен қаршыға, бүркiт салып.
Бұ сөз тыңдап Сейпiлмәлiк атқа мiнiп, Шәрден өттi бұлар көңiлi тынып.
Шаһзаданың сол жанынан өтiп едi, Бiр жiгiт сәлем бердi қарсы жүрiп.
Сейпiлмәлiк сәлемiн анда сүйдi, Ойлайды «Сейiт пе?» деп, iшi күйдi.
«Сейiт қайдан келсiн» [деп] тағы ойлайды, Сүйтсе де бiлмедi көңiлiн қойды.
Жұртына: – Бұ кәрiптi көрiң,– дейдi, Бiздiң үйге алып жүрiң,–дейдi.
Бiз келгенше оны сiз құрмет қылып, Бiз қайтқан соң қолыма берiң,– дейдi.
Мiнезiм бар кәрiп қимайтұғын,
Бiр-екi күн қонақ қып сыйлайтұғын. Бiз келгенше сақтаңыз құрмет қылып, Болмаңыз әр кез оны қинайтұғын.
Екi кiсi келдi де ұстады оны, Қалмайды бейшараның қорқып жаны.
– Патшамыз бұйырды алып кел деп, Керек қылды аң аулап қайтса сенi.
Қорыққаннан бейшара жүзiн бұрмайды, Көзiнен ағып жасы құрымайды.
Бармаймын деп тырысып бағып едi, Екi кiсi, жалынса да, айрылмайды.
Кiсi туған дүниеде жүрер үшiн, Кiм көрiнсе аяқтан сүйрер үшiн. Бейшара бұ кiсiден қашты ендi, Бұ пәледен ендi өтер үшiн.
Әуелi екi кiсi боқтап алды,
Бiр-екi ұрды дағы жолға салды. Көзiнен жасы ағып бейшараның, Ешбiр ылаж таппайды, қайран қалды.
Қорыққанынан бейшара кеттi қашып,
«Не пәлеге түстiм?» деп қорқып, сасып. Iздеп жүрiп тапқан бейшараны
Ап кеттi, аяқтан жоғары асып.
Бейшараны алды да ұра-ұра, Алып барды зынданға алып тура. Бұ бейшара қорқып ойлайды ой,
«Қашар едiм табылса бiраз қора».
Жылайды бұ бейшара қаны қашып:
–Қалыппыз еш күнәсiз зындан түсiп, Болмас едi кәрiптiкке көңiлi бұзық, Жылайды «өлемiн» деп, үмiт үзiп.
Кәрiптiктен жаман iс болмас өмiр, Жылайды өлемiн деп жалғыз пақыр. Кәрiптердiң, күтсеңiз, көп сауабы,
Бар жерде кәрiп көрсең жылайды ақыр.
Кәрiптiң көңiлi сынық болар ма екен, Кәрiптi үйiне кiсi алар ма екен.
Қайғысы көп адамдар қарсы келе, Кәрiптердiң сөзiне нанар ма екен.
Дүниеде кәрiптерден қайғылы жоқ, Бiлмейдi кәрiп алған өздерi тоқ.
Өз халiн бiлмейдi сау адамдар, Тиесiлi кәрiптерге күнде бiр оқ.
Жылайды кәрiп әр күн жасын төгiп, Алласына зар қылып белiн буып.
Кiрiптарға пайғамбар жәрдем деген, Болар ма, әй, жарандар, аса сөгiп.
Бiр кiсi кәрiп көрсе жылайтұғын, Қолына қалам алып жырлайтұғын. Кәрiптер де Алланың құлы емес пе, Болар ма кәрiптер ойын ойлайтұғын.
Сейпiлмәлiктiң сөзi
Сейпiлмәлiк со түнi ұйықтамайды, Ойына кәрiп түсiп тоқтамайды.
Таңда атқа мiнiп елге келдi, Кейiнгi қалғандарын жоқтамайды.
Жарлық қылды жұртына: – Келiң,– деп, Кешегi аманатым берiң,– деп.
Қай елден жүрсе дағы кәрiп шығар, Ренжiтпей оны алып жүрiң,– деп.
Айттылар: – Патшамыз, қашып едi, Табылмаса есiмiздi ашып едi.
Күн iздеп жүрiп артыңнан, Ұялып жүрiп сiзден сасып едi.
Келтiрдi бейшараның қолын байлап, Кiсi өлтiрген кiсiден арман етiп.
Сейпiлмәлiк көрген соң көп ұрысты:
– Кәрiптi ренжiтiпсiз, не себеп?
Аяқ пенен қолына темiр шұлғап, Бетi-көзiн бiрдей құмға былғап. Сiздерге қанша күнә қылып едi, Жүрiңiз демедiм [бе] көңiлiн аулап.
Кәрiптi кiсi мұндай болмас болар, Кәрiптiң қатты жүзге көңiлi қалар. Кәрiптерге Тәңiрiм жәрдем деген, Кәрiптiң қарғысына жер сiлкiнер.
Бұ мiскiн қорыққаннан қашқан екен, Халiм қалай жығылар деп сасқан екен. Кәрiптердiң көңiлiн әзiз қылың, Перiштелер жазуға жазған екен.
Жылайды Сейпiлмәлiк оған қарап, Аулайды көңiлiн оның халiн сұрап.
– Жасырма, е, жiгiт, қай жерiң екен,
Бар шыныңды айт, қай жерден келдiң орап?
Сейiттi танығаны
– Он үш жыл елден шығып, кәрiп болып, Мен жүрдiм бейшара кәрiп болып.
Атым – Сейiт, шәрiм – Мысыр едi, Күннен көз еш жақсы көрмей солып.
Көрiскенi
Сейпiлмәлiк орнынан ұшып тұрды, Сейiттi «досы[ң] мен» деп құшып тұрды. Жыласып екi жан дос көрiскен[де],
Ел-жұрты таң қалып шошып тұрды.
Күнi бойы құшып қоймайдылар, Азғана көрiскенге тоймайдылар.
Жетi күндей бұлардың тойы болды, Қол қусырып бiр-бiрiн сыйлайдылар.
Сұрайды Сейпiлмәлiк: – Қайда жүрдiң, Бiздерден айрылған [соң] не күн көрдiң? Бiздерден айрылғанға он екi жыл, Сөйле, ендi, қай жерде сен жүрдiң?
Сейiттiң зәңгiнi көргенiн сөйлегенi
– Төрт жүз кiсi едiк зәңгiлер ұстап алып, Үш жыл анда тамам өттi қызмет қылып. Қызмет қылдық оларға кәрiп болып, Көзiмiзге жас, көкiрекке қайғы толып.
Үш жылдан соң бiр мейман келiп едi, Бiрiмiздi сойды оған құрбан қылып.
Зәңгiден үш ер қашып дария түсiп, Аралдан бiр аралға қонып шошып. Қорыққанша бiр аралға еш тұрмаймыз, Әр жерде жүрдiк жаннан үмiт үзiп.
Бiр халыққа кез болдық, ұстап алды, Көрген адам оларға таң қалды.
Жүздерi адам оның, сырты жалдай,
«Семiрсiн» деп бiздi түрлi жемге салды.
Қайғыдан мен, жан досым, ас жемедiм, Семiртiп жолдасымды сойып алды.
Екi жыл ас жемедiм, сонда тұрдым, Өлiм, ажал жетсе сөз демедiм.
Жылағаным көрiптi бiр күн, Күңге қабыл болды ендi датым.
Есiктi ашып күң жол көрсеттi,
Сол елден күнi-түнi қаштым қатты. Құтылдым ба дегенде бiр жұрт ұстап, Сүйенгенiм әр жерде Тәңiрiм аты.
Бойы биiк бiр елге душар болдым, Тiлдерiн ешкiм бiлмес, қайран қалдым. Адам етiн мұқым жемейдi екен,
«Тәуекел» деп Аллаға басым салдым.
Сайрасын деп қапасқа салды менi, Екi жыл тұрды достың қалмай жаны. Жылағаным есiтiп басын шайқап,
«Қандай жақсы,– дедiлер,– сайрағаны».
Сайрағаным жақсы деп алып жүрдi, Жылағаным жақсы деп қызық көрдi. Тойда арақ iшiп мас болдылар, Қашуға ол күн маған жәрдем бердi.
Қашып онан сал байлап суға түстiм, Әзіз жаннан әр жерде үмiт үздiм.
Дариямен екi-үш ай жүрiп едiм, Көкiрегiме қайғы толып қандар құстым.
Бiр керуенге ұшырап жолдас болдым, Жад етiп сiздi күннен-күнге көңiлiм. Керуеннен айрылған соң сұрай-сұрай, Ақыры ендi осы елге душар болдым.
Жүрушi едiм сәргардан хабар таппай, Дұшпаннан қорқып, қашып елiне жақпай. Жаңа келiп тұрсам да бұ шәрiде,
Тағы да алды ортаға бiздi қаптай.
Аллаға жүз мың шүкiр, жүзiңдi көрдiм, Он екi жыл жолыңда iздеп жүрдiм.
Ендi бiздi өлгенше айырмасын,
Неше жыл қандар жұтып өмiр сүрдiм.
Сейпiлмәлiк досына ас жегiздi, Түрлi-түрлi үстiне тон кигiздi.
Он күнге шейiн той қылып жұрттарына, Досым болды деп жұртына бар бiлгiздi.
Жұрттары бұларға таң қалады, Сейпiлмәлiк досына қуанады. Әкесi мен Мәлике қуанысып, Табылды шаһзаданың қолғанаты.
Мәликенiң келгенi Ирамбағы, Бәдiғұлжамал жұртымен келдi дағы. Құрдастар көрiсiп жас ағызып,
Бiр-бiрiне табылды қолғанаты.
Құрдас көрiсiп шуластылар, Адамзат пен перiзат жыластылар.
Күн-түн ойын қылды олар он күндей, Мәлике мен Бәдiғұлжамал сырластылар.
Бәдiғұлжамал айтады: – Құрдасым-ай, Ана сүтiн емiзген, сырласым-ай.
Күнде екеумiз гүл болып жүрушi едiк, Көрдiм ендi жүзiңдi, мұңдасым-ай.
Сөйлеседi екi бұлбұл ондай болып, Бiреуi ай, бiреуi күндей болып.
Мәлике сырын айтты бастан-аяқ, Бередi Тәңiрi қайғы пәрмен болып.
Мәлике сырын айтты: – Солай-солай, Шаһзада жоқ болса өлер едiм-ай.
Қанша мақтап айтса да шаһзаданы, Бәдiғұлжамал жүрiптi ойға алмай.
Бiр күн тысқа шыққанда шатыр көрдi, Мәликеден:–Шатыр кiм[дiкi]?– деп сұрайды,
–Бiздi ап келген шаһзада осы,– дейдi, Табылмас еш адамзат мыңда ондай.
Абдан сөз айтуға бата алмайды,
Айтса да Бәдiғұлжамал ойға алмайды. Айтса да әр өнерiн мақтай-мақтай, Шаһзадаға айналып көз салмайды.
Мәлике шаһзаданы айтып едi, Бәдiғұлжамал бұл сөзге өкпеледi. Бәдiғұлжамал Мәликеге: – Жыр айт,– дедi,
Бiреу[дi] жырлап айтсаң, ондан нең құрайды.
Саған мен олай айт деп айтпадым, Маған жырды айтпақ қой деп едiм.
Көңiлiм сүйген құрдасым, мұңдасым-ай, Жыр емес деп осы сөзiм айтып едiм.
Адамзат пен перiзат қосылмайды, Көп өмiр адамзат жасамайды.
Сағынып көрермiн деп келiп едiм, Айтпаңыз бұ күннен соң бiзге байды.
Шешесi Мәликенiң тағы келдi, Алдында о да бұған арыз қылды.
– Бiр көрiнсең саған бiз разы едiк, Жолында құрбан қылсақ осы елдi.
Суретiңдi көрiп сiздi сүйген адам, Он үш жыл соңыңда жүрген адам. Сыйласаң, бiр көрiнсең болар едi, Көңiлiн бiр-ақ сiзге бұрған адам.
Шырағым, жүзiңдi көргiз,– дейдi, Ойдан өлдiк, бiздi тiргiз,– дейдi.
Ел-жұртынан айрылып, мал-мүлкiнен, Iздегенi шаһзаданың сен қыз едiң.
Көп сөздер айтса да бой бермедi, Шаһзаданы көруге ой бермедi.
Бiр күн жатып Мәлике өкпе қылып, Ұйықтамай перi қызы ұға алмады.
Шаһзаданың ерлiгiн ойына алып, Ойлайды «келсем қайтер жүзiн көрiп». Жүрген менен тұрғанын ойына алып, Көруге барып жүрегi, көңiлiне салып.
Есiткен ерлiктерiн ойына алды, Баяғыдай болмайды, ұйқы қалды. Сүйтсе де көңiлi елден ұялады, Сырын ешкiмге айтпай наз қылды.
«Жасырып көрсем» деп ойына алды, Мәлике бiлмей оны ұйықтап қалды. Түн iшiнде ақырын басып келiп, Шаһзада үйiне құлақ салды.
Мәликеден Бәдiғұлжамал жасырынып, Сейпiлмәлiкке келiп құлақ салды.
Жұрт бәрi, бәрi бiрдей қорылдап жатыр, Толыпты бозбалаға алтын шатыр.
Шаһзададан басқа еш ояу жан жоқ, Ғашық жарын ойға алып жырлап жатыр.
– Анадан айдай болып туған жарым, Он үш жылда мен жолыңда бiр жарың. Рахым қылып жүзiмдi бiр көрмедiң, Қайтейiн, мен жолыңда ынтызармын.
Бұ қайғыны басыма Алла салды,
Сенiң үшiн құрбан қылдым жүз мың жанды. Әкем-шешем, ел-жұртым алыс қалды, Ешкiм келiп сұрамас бiздiң халдi.
Ел-жұртым қайт десе бiр қайтпадым, Су орнына қан жұтып бiр қанбадым. Алдымнан жүз мың пәле шықса дағы, Жолыңда өлiмдi бiр ойға алмадым.
Жолыңда он үш жыл мен жетпей жүрдiм, Сенен басқа ойым [жоқ], күлмей жүрдiм. Жүз мың пәле алдымнан шығып едi, Ажалым жетпеген соң өлмей жүрдiм.
Арызым айтсам саған жетпес болды, Осы қайғы басымнан кетпес болды.
Жүз мың пәле алдымнан шығып едi, Ажалым жетпеген де денем өлмес болды.
Бәдiғұлжамалдың көз салғаны
Бәдiғұлжамал тыңдады тысында тұрып, Қарады бiр тесiктен көңiлiн берiп.
Қасын, көзiн, сипатын көрiп едi, Талып түстi кешiкпей көңiлi ерiп.
Шықты шаһзада көңiлiне алып, Алыстан көрдi: бiр қыз жатыр талып. Келiп қызды қараса, перiзат,
Басын салды тiзесiне жарын танып.
Шаһзада қыз басына жасын шашты, Ақылына қыз келдi де, көзiн ашты. Шаһзада қызды көрiп таныған соң, Ұялып шыныменен көзiн ашты.
Қыздың сөзi
– Сiз кiмсiз, сiздi перiзат бiлер,– дейдi, Бiздерге үлкен ұят болар,– дейдi.
Перiлер екеумiздi көре қалса, Әкемiзге айтпай ма олар,– дейдi.
Сейпiлмәлiктiң сөзi
– Он үш жыл сенен басқа сөйлерiм жоқ, Өлсем сенiң жолыңда, көмерiм жоқ.
Жолыңда құрбан болған мен көбелек, Отқа түссем жанғаймын, өлерiм жоқ. Жанбағанын бұрындағы жандырмашы, Бұзылған көңiлiмдi қалдырмашы.
Iздеушiмiн бейшара, мейiлiң болса, Көңiлiңдi олай-бұлай еш бұрмашы.
Қыздың сөзi
– Адамзат перiзатқа асық болса, Сертiне қылған дейдi оған тұрса.
Перi оттан жаралды, адам–топырақ, Жарасар ма перiзат ойына алса.
Шаһзаданың жауабы
– Перiге адам асық болса,– дейдi, Келсiн адам, оны алсын,– дейдi.
Уәделерi
Қыздың ендi айтар сөзi бiттi, Шаһзаданы көрген соң көңiлi кеттi. Бiр-бiрiне ендi асық болып,
Айтқан уәделерi ендi бiттi.
Сөйледiлер екеуi құшақтасып,
Бiр жерге сөз қойдылар ақылдасып. Ойын мен күлкiсi бiр болған соң, Мәлике қызға келiптi ақырын басып.
Мәлике қыз оянды, бiр күрсiндi, Қайдан бiлсiн шаһзаданың көңiлi жеттi. Бәдiғұлжамал сұрайды Мәликеден:
– Айтшы маған, не себептi күрсiндiңiз?
Өкпе қылды Мәлике: – Сөз алмадың, Көңiлiңдi құрдасыңа бiр салмадың. Шаһзадаға көрiн деп айтып едiм, Сөзiмдi тыңдап есiңе бiр алмадың.
Бәдiғұлжамал айтты: – Мен ойлаймын, Перiлер есiткен [соң] сөз болармын.
Осы сөз бұлай қалса жұртым бiлiп, Ел iшiнде ұятқа мен қалармын.
Мәлике сөзi
Мәлике: – Еш ұяты болмас,– дейдi, Бұл iстен ешкiм хабар бiлмес,– дейдi. Шаһзаданы сiз мұнда шақырыңыз,
Сұрағыңыз ешкiм мұнда келмес,– дейдi.
Бәдiғұлжамалдың сөзi
Бәдiғұлжамал хабар бердi: – Келсiн,– дейдi, Сөзiне дұшпан мойын ұсынсын,– дейдi.
Айтқан сенiң сөзiңе жаным құрбан, Алып кел, ендi көңiлiң жетсiн,– дейдi.
Мәлике есiткен соң тұрды дейдi, Қуанып шаһзадаға жүрдi дейдi.
«Бәдiғұлжамал шақырды» дегеннен соң, Артынан Мәлике қыз жүрдi дейдi.
Есiктен Сейпiлмәлiк кiрдi дейдi, Артынан Мәлике қыз жүрдi дейдi. Бәдiғұлжамал орнынан тұра келiп, Бұлардан бұрын сәлем бердi дейдi.
Екеуi көрiстiлер құшақтасып, Бiр-бiрiнен сүйiстi ауыздасып.
Мәлике бұрынғысын қайдан бiлсiн, Мархабат қылды бұларға асын тасып.
Онан соң түрлi iсiн нандырды, Бәдiғұлжамал шаһзадаға көңiл бұрды. Бiр-бiрiне сүйенiп аяқтарын,
Со жерде ойнап-күлiп бiраз тұрды.
Наз қылып бiр-бiрiмен сөйлестiлер, Құшақтап бiр-бiрiмен сырластылар. Ойнап-күлiп со жерде мұратына, Екi асық айрылмасқа сырластылар.
Таңға жақын шаһзада үйге қайтты, Жарына айтар сөздiң бәрiн айтты. Шаһзаданы үйiне алып барып, Ойнап-күлiп өткiздi, құрсант қылды.
Бәдiғұлжамал күннен-күнге асық болды, Көндiрсе Құдайым деп қайғы қылды.
Бар едi бiрге келген аналығы, Жылап оған айтыпты осы жолды.
Аналығы келгенi
Аналығын шақырып: – Ана[м],– дейдi, Анасы: –Не сөзiң бар, балам,– дейдi.
– Басыма түскен менiң бiр iсiм бар, Құлағыңа бұ сырымды салам,– дейдi.
Бiр қайғы басқа түстi кәрiп болып, Бiр адамды көрдiм көңiлiме алып. Түнде түстен кетпейдi, күндiз ойдан,
Ылажын таба алмадым қайран қалып.
Бұ iсiмнiң ылажын тапсаң, анам, Көңiлге бiздi сен алсаң, [анам].
Бұл iстiң ылажын таппас болсаң, Бұ қайғыдан ақыры өлiп қалам.
Аналығының сөзi
–Қайдан түстiң бұ iске, жалғызым-ай, Қараңғы түндi жарық қылған, жұлдызым-ай. Әкең мен шешеңе не деп айтам,
Бұ iске ұшырадың сен, қызым-ай.
Ей, балам, сен бұ iске қайдан қалдың, Қай жерде жүрiп оған көзiң салдың. Әке-шешенiң бетiне қарай алмай,
Бұ iс үшiн жұртыңнан ұят алдың.
Ондай-мұндай сөздердi айта бердi, Ақыры сол ашудан қайта бердi.
Шаһзаданы ақырын шақырып алып, Пердесiн ашып оның жүзiн көрдi дейдi.
Жүзiн көрдi, басқаны сүймес болды, Қызынан басқа адамға қимас болды. Аналық бiр көрiп бауыр жарған соң, Қызы тағы басқаға тимес болды.
– Бұ iсiң сенiң, балам, айып емес, Алла тағдыр қылса қиын емес.
Жүзiн көрмей бұ сөзiнi айтса дағы, Әке-шешең көрген соң жаман демес.
Аналығы[на] ап келгенi
– Шаһзада бiздiңменен жүрсiн,– дейдi, Әке-шешең ай жүзiн көрсiн,– дейдi.
Арызыңды әке-шешеңе бiз айталық, Шық жолымыз түзуге жүрсiн,– дейдi.
Аналығы күйеуiн алып кеттi, Перiлер көз жұмғанша ұшып кеттi. Өзi кеттi аналық арыз айта,
«Шаһзада ел шетiнде тұрсын»,– дедi.
Аналық сәлем берiп енiп келдi, Сұрады сөз басын:–Қызым кәне?
– Қызыңыздың басында аз мұңы бар, Жiбердi бiздi сiзге таман,– дедi.
Бiр адамзат суретiн көрген екен, Он үш жылдан iздеп жүрген екен. Сарандилда тұрғанда көзiне түсiп, Қызыңыз оған көңлiн берген екен.
Мысырдың патшасының жалғызы екен, Қараңғы түнде жүзi жарық екен.
Жүзiн көрiп тұрсаңыз бiр адамзат, Баста шұға, маңдайда құндызы екен.
Қызыңыз асық болып көңiлi сүйдi, Ұмытты асықтықтан жұрт пен үйдi.
«Әке-шешеме арызым бар айтар» деп, Зарлық қылып алдымда оттай күйдi.
Қызыңыздың асықтығын анық бiлдiк, Арызын сiзге айтуға аттай желдiк.
Жаратсаң, жаратпасаң бiр күшiң деп, Ел шетiне сонау бiз алып келдiк.
Көрсеттi шаһзаданы алып келiп, Сәлем бердi шаһзада қол қусырып. Құлдық қылды шаһзада ол алдында Тұрды алдында күйеу құрмет қылып.
Шәрбану көрсеттi көңiл берiп, Көрсеттi шаһзаданы жұртын жиып. Жаратып жұрттың бәрi айтқаннан соң, Ұлына бармақ болды киiм киiп.
Шәрбану[дың] ұлына барғаны
Шәрбану күйеуiн алып кеттi,
«Ұлыма көрсетейiн» деп көңiл еттi. Шаһзаданы түсiрiп бiр шарбаққа,
«Бiз келгенше тұрың мұнда» дептi.
Шәрбану ұлына кеттi дейдi, Сөйледi баласына сөзiн дейдi.
– Қызыңызға бiр күйеу тауып келдiк, Қызмет бiзге қылуға ептi,– дейдi.
Әкесi Мысырда хан болған екен, Тақ Сүлеймен орнында қалған екен. Өзi – адамзат, аты – Сейпiлмәлiк,
Он үш жыл қызыңызға асық болған екен.
Екi жыл өз үйiнде жатқан екен,
Өз басын құрбандыққа салған екен. Он үш жыл жолында кәрiп болып, Жүремiн деп әр жолында болған екен.
Сөйледi кемпiр сөзiн бастан-аяқ, Мақұл көрдi баласы ойланбай-ақ.
– Қызыңыз тағы асық болған екен, Берсеңiз қайтер оны қимай-ақ.
Баласы шаһзаданы көрмек болды, Шешесiнiң сөзiне ермек болды.
Көрмей-ақ шаһзаданы жақсы көрiп, Той қылып қызын оған бермек болды.
Сейпiлмәлiктi дәу[дiң] ұшырғаны
Шарбақта Сейпiлмәлiк жалғыз едi, Көңiлiнде ойлағаны хан қызы едi. Бiр-екi дәу аспаннан ұшып келдi,
«Осында дұшпанның iзi» дейдi.
Шаһзаданы дәу iздеп жүрген екен, Осы дәу қолында өлген екен.
Осы дәудiң әкесi дәу патшасы Ұлын өлтiргенiн бiлген екен.
Естiптi баласын өлтiрдi деп, Мәликенi сол жерден келтiрдi деп.
«Алып кел» деп дәулерiн жiберiптi,
«Менiң қолғанатым сындырды» деп.
Дәу келдi шаһзадаға сәлем берiп:
–Шақырды сiздi жарың жақсы көрiп, Мәликенi алып келген сiз болар ма?
«Бiз» дейдi бейшара алдына бiлмей ерiп.
Кеттi олар аспан-көкке алып ұшып, Бiлмейдi Сейпiлмәлiк дәудi қосып.
Дәу оны көтерiп келгеннен соң, Өлiмдi мойнына алды жаны шошып.
– Ұлымның қайтiп алдың жанын,– дейдi, Алайын ендi сiздiң жаның,– дейдi.
Мың жаның болса да құтылмассың, Олжа қылдың өлтiрiп малың,– дейдi.
Ашуы кеудесiне еш сыймайды, Жылайды, көзiнiң жасын бiр тыймайды. Шаһзаданың тағы жүзiн көрiп,
Өлтiруге тағы да еш қимайды.
Ойлайды дәу «Шабал келер,– деп, Естiп бiзбен ұрыс қылар,– деп.
Қызын оған бергенi дұрыс болса, Жау болып, ел қырылып өлер» деп.
Дәу патшасы көңiлiне алды дейдi, Шаһзаданы зынданға салды дейдi. Кешегi ойнап жүрген Сейпiлмәлiк Тұтқын болып зынданда қалды дейдi.
Шаһзаданың мiнәжаты
– Құдай-ау, пәлеге мен түстiм,– дейдi, Әзиз жаннан үмiт үздiм,– дейдi.
Тiрiлiкте пәледен құтылмадым, Пәленiң дариясына жүздiм,– дейдi.
Үмiттi едiм көп қайғы тарқар ма деп, Жаратқан Құдайым жарылқар деп. Аз көрген бұл күнiм дос болды ма,
Ойлаушы едiм жақсылық болар ма деп.
Бұ дұшпанды перiзат бiлмей қалды, Асық жар қосылар деп ойлап қалды. Он үш жылдай айрылып жүрiп едiм, Жүзiне досым Сейiт түспей қалды.
Құдайым, тағдыр сiзден болса керек, Ажал жетсе пендесi өлсе керек.
Жетпеген ажал болмаса осы жерде, Бiр себеп Құдайдан болса керек.
Шабалдың сөзi
Шабал шаһзаданы «күтемiн деп, Қызымды ақыр оған беремiн» деп. Шаһзаданы шарбақтан таппаған соң, Ашу қылды құлдарын «ұрамын» деп.
– Оны сiз iздеп шапшаң табың,– дейдi, Күн шыққанша, батқанша бiтiң,– дейдi. Бiреуiң оны тауып келе қалсаң, Толтырайын алтынға, табың,– дейдi.
Таба алмай екi жұрт қайран қалды, Iздеушi бiр жерлерге дала толды.
Iздеушiлер хабарын таппаған соң, Шабалдың көңiлiне қайғы толды.
Бәдiғұлжамал, Мәлике, Сейiттiң айтқаны
Бұ хабарды есiттi асық жары, Жолында сақтап жүрген ынтызары. Мәлике Сейiтiмен естiген соң,
Бәрi де бiрдей шулап қалды.
Бәдiғұлжамал есiтiп кеттi жаны,
Бiр жар үшiн қиналды шыбын жаны. Көздерi қан жас болды жылай-жылай, Өлiм болды көрмесе ойлағаны.
Сейiт досы аяғын баса алмайды, Көкiрегi толды қайғы қызыл қандай. Досы жүзiн осы кез көрмесе,
Өлiмге жүзiн қиып жанды.
Мәлике тағы жылап шешесiмен, Жақсылары жылайды нешесiмен. Жылай-жылай көзi толды қан жасына, Күндiз-түн зарладылар ол қайғыдан.
Есiттi ендi Шабал жылағанын, Қызының өлейiн деп бет қойғанын. Ұшырып әр жерлерге iздеушiнi, Өлетұғын болды ендi ойлағаны.
Бiр перi[нiң] хабар бергенi
Бiр перi сәлем бердi ханға келiп,
«Жатыр едiм тыста ауру болып, Бiр-екi дәу келiптi, жерге түстi,
Бiр адамды ұшырдылар жоғары алып». Бұл хабарға Шабал: – Дұшпан,– дейдi, Сол заманда дәу бiзге дұшпан,– дейдi. Бұ дұшпандық қылса да олар қылды, Жазылып жау болғалы ұшам,– дейдi.
Шабал[дың] дәуге аттанғаны
Шабал ашуланып жұртын жиды, Ұрысқа көп әскердiң жанын қиды. Батыр менен ерлерiн қасына алып, Сарпай жауып олар[ға] қылды сыйды.
Жөнелдi Шабал патша жұртын айдап, Ұштылар аспан менен күндi қаптап.
Бiр сағатта жеттiлер айлық жерге, Түстiлер дәу жерiне шыбын таптап.
Дәуге елшi жiбергенi
Шабал елшi салды дәу ханына,
«Разы емен кiсiмдi алғанына,
Кiсiмдi келтiрiп шапшаң берсiн, Өкiнер бiз ұрыссақ . . .
Тату болып, кiсiм берсе, мен қайтармын, Бермесе бұ әскерiм жау етермiн.
Кiсiм үшiн бұ жерде жаным құрбан, Сен дәуге қызығымды көрсетермiн».
Дәу ханына елшiлер алып барды,
«Берсiн дейдi патшамыз бiздiң барды. Тату болып ұрыспай кiсiм берсiн, Қылмасын бiздi оған ынтызарлы».
– Ол адамзат өлтiрiп жерге салдым, Қылыш тартып алдынан жанын алдым. Ол адамзат артынан кiсi келсе,
Алса оның сәлемiн, құнын алдым.
Кеткен елшi Шабалға қайтып келдi, Сәлемiн өз ханына айтып келдi.
Өз ханына сәлемiн айтқаннан соң, Дәу ханының жауабын айтып бердi.
Дәу[лердiң] перiлермен ұрысқаны
Перiлер ұшты аспанға жауға қарай, Болмайды ел көп келген жұртқа батпай. Перi мен дәулер шығып ұрыс қылды, Дарияның суы болды қызыл қандай.
Қылыш, найза аспанда шақ-шұқ болды, Дәулер сасып таппайды қашар жолды. Бiрiн-бiрi өлтiрiп дәу, перiлер,
Қан менен кеуде, басқа дария толды.
Аспанда дәу, перiлер көп байланып, Түседi дәу кеудесi жерге айналып.
Дәудiң қанатында мойны сынып, Жерге түсiп өлдi жан қиналып.
Аспанда жарқырайды қылыш, найза, Жылтырады кеудеден жер де майса. Қанаттары сынады қылыш шапса, Қылыш басқа тиедi қылдан тайса.
Жеттiлер дәуге перi айғай салып, Қаштылар дәудiң бәрi жанын алып. Перiлер дәу патшасын ұстап алды, Аяғы мен қолына темiр салып.
Шабал:–Оның көзiн ойың,–дейдi, Терiсiн тiрiдей-ақ сойың,–дейдi.
Терiсiне аңша сабан тығып, Көшеге асып оны қойың,–дейдi.
Қиналуға келгенде дәудiң ханы Жалынады қала ма деп кәрiп жаны.
– Кiсiлерiңдi мен тауып берер едiм, Серт қылып өлтiрмеймiн десе менi.
Дәу[дiң] Сейпiлмәлiктi бергенi
Дәу патшасы Шабалға ермек болды, Серт қылып кiсiлерiн бермек болды. Серт қылды, уәде қылды ұрыспасқа, Тату болып бiр-бiрiмен жүрмек болды.
Құтылар бiр-бiрiнiң қан қасiретiнен, Таптылар шаһзаданы су астынан.
Тасқа байлап, сандыққа салған екен, Болмаса айырып едi жан досынан.
Шаһзаданы сандықтан бұзып алды, Көрген адам жүзiн көрiп таң қалды.
Ас берiп, су iшкiзiп шаһзаданы, Құдай Тағала сақтады, аман қалды. Қол қусырып қайнына сәлем бердi, Шабал оның жүзiне қарап тұрды.
Көзi көрiп, қарап тұрып шаһзаданы, Өз жұртына ұшырып алып жүрдi.
Шабал қызын берiп, той қылады
Шабал келiп жұртына жарлық қылды,
«Той қылыңдар!» деп мал сойып, елдi жиды. Той қылды Шабал патша жұртын жиып, Шаһзадаға бермек болып қызы тидi.
Бұ хабарды Сейiт досы естiп алды, Iздеп жүрiп қыздармен бiрге келдi.
Перiзат пен адамзат көп жиылып, Әр жерден жақсы келдi алтын киiп. Көрген адам жүздерiн таң қалды, Сейпiлмәлiк жүзiктi қолға салып. Алтын тондар кигiзiп жан досына, Нөкер қылып шақырды өз қасына.
Қалмайды үлкен-кiшi қозғалмаған, Осы тойда май iшiп, мас болмаған.
Қалмайды қатын мен қыз, ұрғашы-еркек, Бiр-бiрiмен сөйлесiп мас болмаған.
Жарлық қылды Шабал: – Келiңiз,– деп, Күйеуiнiң үйiне кiрiңiз,– деп.
Алдында ойын-күлкi қызмет қылып, Көрмегенiң бар болса көрiңiз,– деп.
Көрдiлер шаһзаданы бәрi келiп, Алыстан қол қусырып сәлем берiп. Жыршы менен ойыншы бәрi сонда, Шығуға қимайды олар жүзiн қиып.
Қызды алып келгенi
Келдiлер аналықтары қызын алып, Қамқоршы атаулысы тұзақ салып. Тапсырып қызын жұртына қайтты дейдi, Жеттiлер мұратына жалғыз қалып.
Тартады ойын-күлкi неке болып, Үлкен-кiшi, қатын-қыз үйге толып. Күннен-күнге бұлардың ойын-күлкi,
Қыздарға той қылмағы бұрындай болып.
Мәликенi Сейiтке бергенi
Бiр айдан соң досына қыз айттырды, Мәликеге «жетсiн» деп сөз салдырды. Тәжiлмәлiк те қызын берейiн деп,
«Ерге тисiн» деп тағы алдырды.
Сейiтке бердi қызын көңiлi сүйiп, Мұратына Мәлике жеттi жетiп.
Шаһзада Бәдiғұлжамал жарыменен Сарандилға келдiлер жұртын жиып.
Тарқаттылар тойларын ойнап-күлiп, Бiр жыл тұрды шаһзада қайтып келiп. Ойнап-күлiп жүргенде Сейпiлмәлiк Жұрты ойға түсiптi «бiр көрсем» деп.
Бәрi оның көрiскенiн ойға алады,
«Сүйгенi бар екен» деп өкпеледi.
«Бiр менде сiзден басқа ойларым жоқ», Қимай жарын басқадан көп күндейдi.
Сейпiлмәлiк жауабы
Сейпiлмәлiк айтады: – Қоймай қалдым, Баяғы көп керуенiм ойға алдым.
Сенен басқа сүйерiм, күйерiм жоқ, Ескi дертiм шықсын деп «аһи» салдым.
Өкпесi Шабалға жеттi дейдi,
Хабар айтып жұртын, елiн жиды дейдi.
– Күйеуiмiз ел-жұртын сағыныпты, Қылыңыз осы қайтарынды,– дейдi.
Шабал күйеуiн қайтарғаны
Жұртын жиып қызына сайман түзедi, Алтын менен күмiстен көп бердi.
Сансыз құл мен күң жолдас болып, Жас жiгiттер бәрi де қызыл жүздi.
Сарандилда патшасына хабар бердi, Айтқан сөзiн бұлар да қабыл көрдi. Қорлықтан мал-мүлкiн иесiне, Қазына-қазынасын бәрiн бердi.
Ұзаттылар қыздарын той қылып, Жөнелттiлер қыздарын Хаққа жылап. Он күң, алтын-күмiс қазынасымен, Тапсырдылар шаһзадаға алып келiп.
Ойын-күлкi қылып тойлады, Үлкен-кiшiсi әр жерде ойнады. Перiнiң мықтысы Шабал едi,
Қай жерде мықты болса да қоймады.
Жөнелдi Шабал қызына амандасып, Үлкен аға, кiшi iнi бiр жандасып.
Алтын тақта отыртып қыз, күйеуiн, Жылау жоқ, ойын-күлкi қалжыңдасып.
Ұша-ұша перiлер тақты қосты, Құмдай болып аспанға алып ұшты. Сырнай, керней, айғайы перiлердiң Бiр сағатта Мысырға алып ұшты.
Сансыз әскер Мысырға жақын түстi, Мысыр елi жау бар деп бұ қорқысты. Қасым хан «бұл әскердi бiлiп кел» деп, Бiр уәзiрiн жiбердi жолдас қосып.
Кеткен уәзiр қуанып қайтып келдi,
«Шүйiншi» деп патшаға айтып келдi. Қуанғаннан Қасым хан ат келгенше, Ел алдына түстi де жаяу жүрдi.
Көрiскендерi
Қасым ханға мiнгiздi ат әкелiп, Бәрi келдiлер мұны есiтiп.
Сейпiлмәлiк алдына жаяу келiп, Жығылдылар алдына құлдық етiп.
Шәрге алып келiп тойды тойлап, Кейiнгi келiн менен қыздар ойнап. Сейiт тағы қосылып әкесiне, Шақырды Мысыр елiн бәрiн сыйлап.
Қасым хан менен уәзiр уанбайды, Баласынан басқаға жұбанбайды. Шаһзада бiр өлең сөйлеп едi, Естiп көз жастарын тыя алмайды.
Қасым хан баласына орын бердi, Шаһзада досыменен сейiл құрды. Мал да ортақ екеуге, жан да ортақ, Татулықпен дүниеден өмiр сүрдi.
Бiрде сейiл құрады Ирамбағы, Тұрады Сарандилда аз күн тағы. Қызметкер, бәрiлерi қайғысы жоқ, Ойнағаны, күлгенi қызық тағы.
Өмiрi өттi бұлардың жаңа жардай, Көкiректерi бәрiнiң аппақ қардай.
Көрсетпесiн бендеге Құдай зары, Төртеуi көкке қонған төрт бұлбұлдай.
Көп жасап өттi бұлар өмiр сүрiп, Қылдылар патшалықты әдiл тұрып. Азабының соңында жақсылық бар, Жеттi мұрадына көп жыл тұрып.
Айрылуға келгенде қимай өттi, Жаңа келген қонақтай сыйлы өттi. Дүниеден өттi, арманы жоқ, Қуаныштары қойнына сыймай өттi.