Қисса Сейпілмәлік шаһзада - Бәдіғұлжамал перізат

«Бисмилла» деп Сейiтгерей қалам алар, Алла деп ақ қағазға назар салар. Сейпiлмәлiк, Бәдiғұлжамал екi ғашық, Ғаламға мысал болған шаһзадалар. Қолыма хат жазарға алдым қалам, Аллаға хамду сәна болсын тамам. Бiр қисса жазайын деп ойға түстi, Медеткер жар болғайсың, Алла Тағалам. Қаламды жазбақ болып алдым қолға, Қатасын Т...

Қазақша
Қисса Сейпілмәлік шаһзада - Бәдіғұлжамал перізат
«Бисмилла» деп Сейiтгерей қалам алар, Алла деп ақ қағазға назар салар. Сейпiлмәлiк, Бәдiғұлжамал екi ғашық, Ғаламға мысал болған шаһзадалар. Қолыма хат жазарға алдым қалам, Аллаға хамду сәна болсын тамам. Бiр қисса жазайын деп ойға түстi, Медеткер жар болғайсың, Алла Тағалам. Қаламды жазбақ болып алдым қолға, Қатасын Тәңiрiм салсын түзiк жолға. Махмұди хан талап етiп бұйырған соң, Болсам да бұрын шабан, болдым жорға. Көңiлiм қисса жазсам ашылады, Латафат бахри гүл шашылады. Қиссасын Сейпiлмәлiк талап етiп, Жазуға көңiл хоштап асығады. Көңiлiм үшбу күнде неше пара, Бұлбұлдай бағы Ирамда қылсам нала. Құйрығы дүниенiң Мысыр шаһар, Ағалар, құлақ салып тыңда-сана. Мысырда бұрын өткен неше хандар, Әуара жаһан кезген ғашық жандар. Перiге ғашық болып жаһан кезiп, Қыз алған Ирамбақтан көп адамдар. Адамзат не көрмейдi қайғы батса, Азар ма пенде жолдан ақыл тапса? Сүлеймен өткеннен соң, ей, жарандар, Мысырда шыққан екен ұлық патша. Сұрасаң ол патшаның аты Қасым, Хан қылған бұ жаһанға ғазиз басын. Билеген қол астында төрт жүз шаһар, Құдайым артық қылған тамашасын. Ұстаған жетi ықылым хүкiм сөзiн, Билеген әдiлдiкпен дүние жүзiн. Сүлеймен пайғамбардан мирас қалып, Хан қылған бұ жаһанға жалғыз өзiн. Келсе де жүз жетпiске бала көрмей, Сарғайтқан қайғы бiрлән нұрлы жүзiн. Иесiз өлсем тақтым қалады деп, Толтырған қанды жасқа екi көзiн. Бiр нәрсе мұнан үмiт бола ма деп, Иеменнiң патшасының алды қызын. Бұралған тал шыбықтай сұлу екен, Атаған Жәмила деп оның өзiн. Ханымы патшаның хәмлә болды, Айтайын бiр перзент көрген кезiн. Толды да айы-күнi бiр ұл тапты, Той қылып жамағаттар атқа шапты. Көңiлi падишаның жаңа толды, Бiр күнде ұмытып едi алтын тақты. Сәжде ғып қуанғаннан жасын төктi, Жаратқан, мың шүкiрлiк Алла дептi. Ат қойды Сейпiлмәлiк баласына, Баяғы қайғы-қасiрет ойдан кеттi. Келгенде жүз жетпiске шаһ Қасым, Бiр жалғыз әрең көрдi өлiп-талып. Ағалар, сөзiм тыңла құлақ қойып, Әзелде хүкiм еткен Жаппар Халиқ. Бар едi падишада бiр жақсы уәзiр, Болады аты Хамит, жоқ һешбiр нәзiр. Барабар шаһзадамен жасы құрдас, Хамиттың бiр ұғылы болды қазiр. Сағит деп баласының атын қойды, Ойлайды шаһ Қасым һәрбiр ойды. Екеуiн дост болсын деп бiрге қосты, Қуанып бұған дағы қылды тойды. Екеуiн асыратты таза күтiп, Патшадан қайғы кеттi перзент бiтiп. Екеуi ғылым оқып, молда болды, Жасынан зеректiктiң жолын тұтып. Үйрендi ойынменен түрлi өнер, Жасаған не қылса да пенде көнер. Бiр сарай салдырайын балама деп, Шаһарға шаһ Қасым жиды шебер. Ойлайды жақсы сарай салдырайын, Шебердi неше түрлi алдырайын. Салдырып бақша шарбақ қарағыма, Ойынын таң-тамаша қалдырайын. Салдырды көшiк сарай, бағы майдан, Сипаттап неше түрлi әлдеқайдан. Бек ғажап бина қылды бағы-бустан, Салсын деп Сейпiлмәлiк онда сайран. Жасады жанға рахат бағы-бустан, Құп райхан шығар осы тұстан гүлдер. Жүз түмен гүлдер шашып, су ағызып, Сайратты бұлбұл құстар тас қапастан. Ирамбақ жаннат мысал тамашасы, Саф алтын, қызыл жақұт тарантасы. Өстiрдi гүлдi шешек жемiс ағаш, Жасаған ұстасына қарасаңшы. Сандуғаш нала қылар бұлбұл сайрап, Сайратып қапасымен қойған байлап. Тастары гауһар, жақұт, iнжу, маржан, Жалтырап тамашалы тұрар жайнап. Iшiнде гүлiстандар фариад қылып, Бұлбұл құс оны жақсы тұрар ойнап. Ортасы–көшiк, әли-биiк сарай, Қарайды көрген пенде бойлап-бойлап. Жасаған тамашалы бұ жаһанда, Зағыпыран топырағы Құдауанда. Көңiлден қайғы кетiп хош болады, Ол баққа тамаша етiп кiрген пенде. Шаһзада жеттi он екi жастарына, Ғишрат қиял түстi бастарына. Ойынды ғейiш-ғишрат ендi салды, Сағитты бiрге алып қастарына. Сағитқа жан, дiл бiрлән сырлас едi, Сағитсыз қарар қылып тұрмас едi. Дост едi ақыреттiк екi сандал, Көңiлi бiр-бiрiсiз тынбас едi. Аң аулап, құс салады күндiзiнде, Ойнайды тақытқа кеп ұзын түнде. Шаһзада ләбi лағыл шекер балдай, Нұры бар толған айдай қызыл жүзде. Алдында қызмет еткен көп адамдар, Құп нәзiк жолдас болған зерек жандар. Тамаша күндiзiнде, түнде ойын, Кеш болса жақтырады лағыл шамдар. Мағрифат нұры жайылған жүректерi, Секiлдi ақ күмiстей бiлектерi. Ақ жүздi, алжанақты шаһизада, Жаралған саф алтыннан сүйектерi. Қамари бұлбұлдары сайрар онда, Сарайда һәр сабахта болар пайда. Таң атса, үй безенiп әуез салар, Жасаған ұсталары қандай хайла. Тұлымы жарқырайды қызыл жүздi, Киiктей көзi ойнайды, аузы сөздi. Құданың әлемдегi бар сұлуы, Болмаған ондай пенде осы кезде. Аллаға шаһ Қасым қылды шүкiр, Сабах-шам хамду сәна, айтар зiкiр. Сүлеймен берген екен тон мен жүзiк, Балама берейiн деп қылды пiкiр. «Келсiн» деп әмiр қылды баласына, Қуаныш–ай мен күнi данасына. Шақырған соң шаһзада кешiкпестен, Ата мен жүгiрiп келдi анасына. Қасында Сағит досы бiрге келдi, Хош уақыт патша-хан болады ендi. Ап келiп пәлен сандық аузын аш деп, Қазынашы адамды жiбередi. Сандықтың алып келiп аузын ашты, Салады нендей күйге ғазиз басты? Iшiнен бiр тон менен жүзiк алды, Алтын тон, асыл жүзiк гауһар тасты. Бередi баласына тон мен жүзiк, Бұл тоннан тамашалы шығар қызық. Сағитке әкеп бердi бiр жақсы атты, Таңданар көрген пенде көзiн сүзiп. Сүйiнiп бау-шарбаққа келдi қайтып, Атасы сый көрсеттi бағасы артық. Арақ-шарап iштiлер қуанысып, Саз ойнап, тамаша ғып сырнай тартып. Жығылды жанның бәрi есiн бiлмей, Мас болып ойын ойнап ұзын күндей. Тонды ашып тамаша ғып көрейiн деп, Шаһзада ұйықтамады ұзын түнде-ай. Шаһзада тамаша еттi ол тонды ашып, Көре-тұра есiнен кеттi адасып. Бiр қыздың осы тонда суретi бар, Биһұш боп жан-тән бiрлән болды ғашық. Есiн жиып тағы да көзiн салды, Көрген сайын қайран боп күйiп-жанды. Ата-ана, елi-жұрты естен шықты, Шаһзада неше минут естен танды. Патшаға қатты қайғы кез болады, Зауалы бейнетiнiң тез болады. Жазулы үшбу тонда қыз суретi, Тағрифы ол суреттiң сөз болады. Қараса ол суретке бейне күлер, Бiр қарап, көре берсе жаны күйер. Қалмады ақыл-есi шаһзаданың, Ғашығы бұ суреттiң жанға тиер. Оқ атып, жақ тартқандай қара қасы, Көрiнген тамағынан iшкен асы. Тiгiлген кiрпiктерi қылыштайын, Әлемнiң бiр өзiнде тамашасы. Ләбi лағыл, шекердей шырындығы, Әлемде жоқ секiлдi сұлулығы. Ғұнша гүл, аузы оймақтай, қасы айдай, Пендеге ұқсамаған қиындығы. Тамаша һәр мүшесi алуан-алуан, Сипат жоқ осы күнде онан қалған. Жаһанда мұндай сұлу тумағандай, Көрген жан бұ суреттен бәһра алған. Сипаты бұ суреттiң орта бойлы, Торғындай үлбiреген нәзiк мойны. Иiлер қызыл гүлдей буындары, Аһ, дариға, қандай екен жылы қойны. Шаһзада сурет көрдi жаны күйiп, Жүзiне жүзiн қоя аузын сүйiп. Өртендi тұла бойы шаһзаданың, Жүрекке ғашық оты қатты тиiп. Ұйқыдан сонда Сағит көзiн ашты, Көре алмай шаһзаданы жаман састы. Қай жаққа Сейпiлмәлiк кеттi екен деп, Тың тыңдап, тысқарыға қадам басты. Зарланған шаһзаданың даусын естiп, Есiктен кiрiп келiп төктi жасты. Шыдай алмай Сағит дос жылады ендi, Қайғысын шаһзаданың сұрады ендi. Бермейдi сұраса да һешбiр жауап, Бейшара оған не амал қылады ендi. Жүгiрдi Сағит досты қылмай тұрақ, Қасымға хабар бердi келiп жылап. Падиша тәж-тақытқа қарамастан, Секiрiп орнынан тұрды бiр-ақ. «Бiздерге қайғы түстi ендi» дейдi, Жүгiрiп баласына келдi дейдi. Бейшара ата-анасы жетiп келiп, Баласын халi мүшкiл көрдi дейдi. Жылады бойын құшып ата-анасы, Алланың бұ да болса ирадасы. Сұрады неше қайта «қайғың не?» деп, Сонда да һеш айтпайды шаһзадасы. Ұстады тамырларын тәбип-дәрiгер, Жиылды молда, қожа, бақсы, балгер. Баршасы неше хайла қылса дағы, Дауасын һеш таппады Пәруардигар. Патша айтты Сағитқа: – Сен бiлерсiң, Һәрне шара қылсаң да сен қыларсың. Бұл сырын әгар айтса саған айтар, Қасында кеше-күндiз көп тұрарсың. Сұрады неше күндей Сағит досты, Кетiптi ғейiш-ғишрат, көңiл хошы. Сұрады «өлемiн» деп Сағит қанжар, Дедi де «көрсеткенiң маған осы?» Шаһзада жаман састы оны көрiп, Қанжарды ұстай алды түрегелiп. – Айтайын мен сырымды жасырмастан, Қарағым, Сағит достым, әй, жан серiк! Қайғымды қатты сұрай берме деп ем, Мен көрдiм, сен де қайғы көрме деп ем. Сырымды сенен, достым, аямаймын, Ұялмай не деп айтам елге деп ем. Тонда бар атам берген бiр ай сурет, Өртендi ғашық болып, суымай жүрек. Бәдiғұлжамал атты Шаһбал қызы, Құдайдан тiлегенiм осы тiлек. Өзi перi, Ирамбақ жерлерi оның, Бұралған нәзiк зипа белдерi оның. Жалғанда көремiн бе ғұмыр бойы, Билеген перi жұрты елдерi оның. Жан достым, бар сырымды айттым саған, Ғашық оты қатты түстi, достым, маған. Хабар бер ата-анама, Сағит достым, Өртендiм ғашық отқа, халiм жаман. Жүгiрдi Сағит жылап ханға қарап, Iштерi қайғыменен алап-жалап. Ханға кеп есiткенiн мағлұм қылды, Аһ әйлап, ханның көңлi болды хараб. Естiгеш шаһ Қасым әйлады аһ, Жағасын пара қылып жылады шаһ. Падиша тон асылын баян қылды, Көрсеткен мұндай қайғы Қадiр Алла. – Әй, уәзiр, сұлтан ханым, есiтiң сөз, Айтайын хикаят қып мәнiсiн тез. Бiр күнi жалғыз зiкiр айтып едiм, Алдымда екi кiсi жолықты кез. Болыппын есiм шығып һеш хабарсыз, Қараңғы түн боп кеттi кеше-күндiз. Бiлмедiм қайда екенiм өз басымды, Қарсы кеп екi кiсi сөйледi сөз. «Елшiсi Сүлейменнiң бiз» деп айтты, «Кiсiмiз iздеп келген сiз» деп айтты. «Пайғамбар жарлық қылды, тақсыр, сiзге, Бек әдiл патша болсын, түз» деп айтты. Тағы айтты «сiздi жақсы көремiн деп, Шапағат қияметте беремiн» деп. Бiр жүзiк, бiр тон, бiр ат ап кеп бердi, «Елшi боп пайғамбардан келемiн» деп. «Сүлеймен бердi мұны сiзге,– дедi, Бұлайша шығып едiк түзге,– дедi. Сүлеймен бұ жаһаннан дүние салды, Тапсыр деп айтып кеткен бiзге» дедi. Тағзым қып алдым дағы ашып көрдiм, Суреттi көрдiм дағы көңiл бердiм. Мәнiсiн екеуiнен мен сұрадым: «Жалғанда табармын ба мұны?» дедiм. Олар айтты «бұ сурет перi,– дедi, Гүлiстан Ирамбағы жерi,– дедi. Шаһбал атасы оның жын патшасы, Табылмас iздегенмен елi» дедi. Бұ сөзбен сабыр қылып көңiл үздiм, Шаһбал өз атасы осы қыздың. Аттанып үйге келiп таққа отырып, Неше жыл патшалық жұртқа түздiм. Сүлеймен жерi қайда, хабар бiлсем, Ылажы еш болмайды қайда жүрсем. Алланың құдiретiне шара бар ма, Айта бер, уәзiр, билер, ақыл бiлсең. Кеңесiп уәзiр, билер ақыл салды, Падиша ақыл таппай қайран қалды. –Төңiрек төрт бұрышына елшi салып, Әй, тақсыр, кездiрелiк бұ жаһанды. – Кеңес табылар, не ұмытар,– дедi, Әйтпесе, күнде қайғы жұтар,– дедi. Әй, тақсыр, өстiп елшi жiберелiк, Атағың атырапты тұтар,– дедi. Бұ сөздi шаһ Қасым мақұл көрдi, Билердiң бұл айтқанын ақыл көрдi. Дария жүзiп, ел кезiп iздетуге, Жаһанкез төрт саяқты алып келдi. Шаһзада бұ сөздi естiп қуанады, Сөзiне халайықтың уанады. Хош болып ғишрат етiп бұрынғыдай, Қайғысыз ойын ойнап қуанады. Елшiлер осылайша iздеп кеттi, Арада неше ай, күн, жылдар өттi. Һеш хабар таба алмастан келдi қайтып, Елшiден шаһзадаға хабар жеттi. Елшiлер кезiп келдi жердiң жүзi, Хабар жоқ перiлердiң басқан iзi. Хабарын төрт жүз сұлу алып келдi, Сонда да табылмаған ғашық қызы. Хабарсыз жуық маңда жер қалмайды, Тамам жұрт қайран болып тең таңдайды. Хабарын төрт жүз сұлу ап келсе де, Шаһзада бiрде-бiрiн еске алмайды. Зар қылды және дағы Сейпiлмәлiк, Басына қатты қайғы түстi бүлiк. Уәзiр, билер насихат қылды бұған: – Пендеге лайық емес мұндай қылық. Ол перi бұ жаһанда, сен адамзат, Перiге ғашық деген бiр ғаламат. Перiнi адам алған жол бар ма екен, Шырағым, ойдан кетiр бұ жаманат. Неткен бiр пәленi басқа салып, Перiнi соққан желдей ауызға алып. Бұ жердiң жүзiнде жоқ Ирамбағы, Жетер ме адам ұғылы оған барып? Перiлер құс секiлдi, соққан желдей, Жетедi адам ұғылы қайтiп өлмей? Қосылып от пен топырақ бiрiге ме, Қойыңыз мұндай iске көңiл бөлмей. Алсаңшы төрт жүз сұлу таңдағаның, Көңлiңе қандай қалап арнағаның. Насихат неше түрлi жан айтса да, Құлаққа шаһзаданың алмағаның. Кiрмедi құлағына насихаттар, Қайғыменен түсi сары, нұр сипаттар. Сұрады ижазатты шаһизада: – Ата-анам, елiм-жұртым, жамағаттар! Топырағы аяғының көзге сүрме, Ұмытар деп бұ суреттi, сiрә, бiлме. Iздейiн рұқсат берсең, жан ата, Көз сүзiп жылағанша әлдекiмге. Атасы естiген соң төктi жасын, Қисын ба айы-күнi, асыл тасын. Атасы еңiреп-боздап үйден шықты, Көрiңiз Сейпiлмәлiк тамашасын. Тарқады қасындағы жанның бәрi, Құрыған бiр суретке ынтызары. Мың түрлi афған салып, нала қылып, Сағынып ғашық жарын қылды зары. Сейпiлмәлiк жылайды, Көзiнiң жасын бұлайды. Тағат етiп тұра алмай, Хақтан медет сұрайды. – Бiр ғашықты сағындым, Отқа күйiп жағылдым, Көктегi ұшқан бiр желге Әуре боп нағылдым? Ендi қайда жүремiн, Мекенiн қайдан бiлемiн? Атам берсе ижазат, Тiлсiз жауға мен әмин. Кiсiлiктен жанған от, Табылар деп көңiлiм тоқ. Алтын тақыт, кең сарай, Онсыз маған керек жоқ. Дерт салды маған бiр сурет, Сыртта–жалын, iшiм–шоқ. Қашықта қалқам, маған жоқ, Оны табар заман жоқ. Мекенi оның бағы Ирам, Егер айтсам сәлемiм, Жеткiзетiн адам жоқ. Кiмге айтайын халiмдi, Көремiн бе жарымды? Бағы Ирамнан хабар жоқ. Қайғы түстi басыма, Бәдиғым келмес қасыма. Патшазада күнiмде, Көрген күнiм осы ма? Құдiретi үлкен Жасаған Рақым әйла, Бiр уа Бар, Көзден аққан жасыма. Iздемеске шарам жоқ, Өзiңнен басқа панам жоқ. Қайғы болды жолдасым, Патша мендей болмасын. Бәдiғұлжамал фирағат, Мен көремiн қайғыны, Тәңiрi өзi оңдасын. Сен жатасың тағыңда, Ирам деген бағыңда. Ғашық отың кез болды Патшазада шағымда. Қайғың орын таптырмай, Фирақ отың жақтырмас. Бұлбұл сайрап, гүл жайнар, Алтын гауһар тағымда. Көңiлiм хошы пәруаз, Ғашық отың қайғы наз. Дидарыңды көрмесем, Ғұмырым саған бермесем, Онан басқа ақыл аз. Көрмесем едi суреттi, Күйдiрмес едiм жүректi. Рақым қылып Жасаған, Оң жолына қаратып, Өзi де бергей тiлектi. Шаһзада осылайша жылады зар, Көңiлiнде таудан үлкен қайғысы бар. Жаһанда неше жандар ғашық өткен, Жаратқан Рахим Мәулә Пәруардигар. Ақ тәнi қара болып, реңi күйдi, Ғашықтық ғазиз басқа қатты тидi. Сарғайды ақық ләбi зағыпырандай, Көрер ме жiгiт қайғы патша сынды?! Билеген Мысыр атты елi жиын, Көңiлiне падишаның түстi түйiн. Ата-ана, тату достар естен шықты, Адамға ғашық дертi қандай қиын! Жiгiттер ғашық дертi болса жолдас, Не өлiп, не көрмесе, сiрә, болмас. Таппаса ғашық жарлар мағшұқтарын, Бойында жан тұрғанмен, ақыл қонбас. Қиын дерт ғашық оты адамзатқа, Жазарға мүмкiн емес қалам хатқа. Ғашықтық, аһ, дариға, түпсiз дария, Түсiрер ер жiгiттi жаманатқа. Патшалар кедей болар болса ғашық, Салады неше түрлi ғаламатқа. Ғашықтың ақыл көзi көр болады, Мас болып мәжнүндiкпен шер болады. Ләззаты бұ дүниенiң керек емес, Көңiлi қайғыменен кiр болады. Әлемде от болмайды ғашық оттай, Ғашықтың қайғы дертi жанған шоқтай. Бiреуге ғашық болсаң шалқаяды, Жаһанда онан басқа сұлу жоқтай. Ғашықтар жүре алмайды көңiл бөлмей, Қоймасын Жаппар Құдай тiлек бермей. Шыдамай Сейпiлмәлiк зар еңiредi, Перiге ғашық болып соққан желдей. Сұрады Сейпiлмәлiк:–Рұқсат бер,–деп, Атеке, зар еңiреген қайғым көр,–деп. Басайын өзiм iздеп көңiлiмдi, Болса да алыс-жуық қанша жер,–деп. Ғашық от жүректi өртеп, сөнер емес, Көңiлге һешбiр ақыл кiрер емес. Ай мен күн ұжмақ хорын ап келсең де, Өзге жан бұл суреттен керек емес. Дәл өзiм рұқсат болса кетемiн деп, Ғашыққа несiп болса жетемiн деп. Бiр сағат iздемеске тағатым жоқ, Таппасам түзде жүрiп өтемiн деп. –Қарағым,– патша айтты,– ей, жан балам, Жасыңда қайғы бердi Алла Тағалам. Зар қылып қартайғанда сұрап алған, Артыңда не болады ата-анаң? Пенденiң айтқанына көнбедiң бе, Көңiлiңдi ата-анаңа бөлмедiң бе? Құдайдан тiлеп алған, жан шырағым, Бiздердi бiр суреттей көрмедiң бе? – Салғанын бiр Құдайдың көрмеймiз бе, Шынымен қаза жетсе өлмеймiз бе? Жарымды есен барып алып келсем, Сонан соң сiздi iздеп келмеймiз бе? Бұрынғы соңғыларды көрмей ме екен, Ата-ана бiзге рұқсат бермей ме екен? Баласы ойына алып барып келсе, Қуанышын ата-анасы көрмей ме екен? Падиша жалғыз ұлын қияр емес, Баласы қарар қылып тұрар емес. Тас байлап бауырына шаһ Қасым, Жиып ап жақсыларын қылды кеңес. Билер айтты патшаға: – Сабыр қыл,– деп, Балаңыз тоқтамайды, мұны бiл,– деп. Дариямен әскер бөлiп жөнелтiңiз, Өзiңiз сабыр қылып тұра тұр,– деп. Ерлерге мұндай тiлек Тәңiрiм берер, Ер жiгiт тiрi жүрсе, бәрiн көрер. Құдайым аман сақтап, есен жүрсе, Ақырда Хақ бұйырса, қайтып келер. Ақыл жоқ, патша көрдi, мұнан басқа, Толтырды екi көзiн қанды жасқа. Амалсыз баласына бердi рұқсат, – Құдай-а, оң жолыңа өзiң баста. Рұқсат, жан шырағым, бердiм,– дедi, Қайғыңды қартайғанда көрдiм,– дедi. Баласы дариямен жүрмек болды, «Жасалсын төрт жүз кеме ендi» дедi. Патша көп шеберге бұйырады, Шеберлер ақылдасып жиылады. Патшаның бұйрығымен төрт жүз кеме, Жүз хұжыра әр кемеде үй қылады. Жасады төрт мың хұжыра кеме бiрлә, Шашыпты қазынаны шеберiне. Неше айдай кәмiл жасап кемелерiн, Ап келдi мұхит теңiз кенерiне. Шығарды Қасым жылап тамам малын, Дүр, күллi дафина лағылдарын. Қазына неше түрлiсiн паралар, Босатты падишалық ажынастарын. Көшiрдi салтанатпен жалғыз ұғылын, Ұшырды ай-күнi, гүл бұлбұлын. Қосыпты жолдас қылып жүз мың кiсi, Мысырдың өңшең батыр, көп жүйрiгiн. Кемеге қазынаны ендi салды, Зар жылап Мысыр халқы бiрге барды. Қасында достысы мен жүз мың кiсi, Кемеге Сейпiлмәлiк мiнiп алды. Сол Қасым көңiлiн тыймай зар еңiредi, Қазына жүз мың жанға азық бердi. Қойдай маңырап, қозыдай шуласқанда, Толтырды көз жастары мұхит-көлдi. Патшаның ғазалы Қасым патша жылайды, Көзiнiң жасын бұлайды. – Жүзiңдi көрiп, қарағым, Көңiлiм қашан тынады? Көзiмнiң нұры, шырағым, Ашылмаған құрағым, Ендi халiм не болар, Сен кеткен соң, жан ұғылым? Шарам бар ма, не етейiн, Тәңiрiм жазған бұлайша, Әзелде жазған талиғым. Қанатымнан қайрылдым, Жасыған жездей майрылдым. Өлгенде көрген жалғызым, Сенен нағып айрылдым? Баласыз зарлап өлгенiм, Өлгенiмде көргенiм, Өзiме-өзiм қылғаным, Тонды неге бергенiм? Тәңiрiм жазған тағдырға, Шарам бар ма, көнгенiм. Айналайын Бар Құдай, Мына жасқа келгенде, Қатты қайғы бергенiң! Әлқисса, Жәмила ханым ғазалы Ханым шықты еңiреп, Көрмеймiн деп қайғы жеп, – Аһ, дариға, не етейiн, Iште қайғы, дертiм көп. Жүрегiмнiң санасы, Бағырым, қуат парасы, Жалғызым бүйтiп зарлатқан, Не боламыз бiз мұңлы, Ата менен анасы. Қолда ойнаған киiгiм, Ақылы артық биiгiм, Өле-өлгенше таусылмас, Көзден жасым басылмас, Әй, жан балам, күйiгiң. Күйiгiң сенiң артады, Ата-анаң қайғы тартады. Құдай салды, көнермiз, Есен болсақ, көрермiз. Көре алмасақ егерде, Аһ, дариға, зар тұтып, Қайғыңменен өлермiз. Шаһзаданың жылағаны Һай-һай, ғазиз, ата-анам, Сiздерден рұқсат-бата алам. Патшазада күнiмде Қайғы бердi Жасаған. Рақым қылсын Құдайым, Қайғылы болдым мұндайын. Әуре қылды бiр сурет, Iздемей қайтiп шыдайын. Көрмегей едiм суреттi, Қан қылмас едiм жүректi. Мейiрбан болған ата-анам, Құдайға қылшы тiлектi. Ата-анам, тұрғыл саламат, Жүруге қойдым ниеттi! Сағитқа һәм көрiстi зар жылап, Халайық Мысыр елi қойдай шулап. Жүз мың ерлер бәрi де амандасып, Бет қойды дарияға дуылдасып. Тiккенi кеме үстiнде алтын шатыр, Айлакер жүз мың дана, өңшең батыр. Шаһзада, Сағит досы бiрге мiнiп, Бәрiсi «иә, Аллалап» бара жатыр. Зар жылап Мысыр елi ендi қайтты, Нала ғып қиын қайғы көрдi қатты. Құдайға мiнәжат қып шаһ Қасым, Дұғаға машғұл болып зiкiр айтты. Әлқисса, шаһзада кеме халқы бiрлән Шын уәлаятына жетiскенi Рауаилар рауаяттан сөз бастайды, Бұл Ақыт қалам алып бек қоштайды. «Құдай-а, жеткiзе гөр ғашыққа» деп, Шаһзада қолды бастап ойқастайды. Теңiзде ғишрат қылды жүз мың халық, Ау салып, дария судан алар балық. Өткенiн күндiз-түнi һеш бiлмейдi, Теңiзде қайғы қылмай ойына алып. Шын деген ұлық шаһар, жиһангез деп, Айтады шаһзадаға хабар салып. – Iшiнде жаһан кезген кәрiсi көп, Бiлетiн сурет жайын сондай халық. Тағы да құп нақышты саудагерлер, Сұралық ендi хабар сонан барып. Қытайға бұл сөзбенен қойды беттi, Бес-алты ай жол түзiк боп жүрiп кеттi. Бiр хабар бұ шаһардан алалық деп, Қытай жұрты Шын ханға барып жеттi. Кемеден қырға шықты жүз мың балуан, Тақ құрып, шатыр тiктi алуан-алуан. «Жау келдi ел шетiне қисапсыз» деп, Шапқыншы көре салып ханға барған. Пағпұршын мына сөзге қайран қалды, Бұған кiсi баруға даярланды. «Ел керек пе, мал керек пе, қыз керек пе?» Бұлайша шаһзадаға елшi салды. Шаһзада күлдi дағы айтты жөнiн: – Адамбыз жайға жүрген бекер, тегiн. Зарарсыз қонақ болып бiз кетемiз, Бiр сөзiм сұрайтұғын бар ды менiм. Елшiсi қайтып барады Пағпұр ханға, Патшаның жүзiн көрiп қалды таңға. Шақырып қарсы шығып таққа отыртып, Сый қылды неше күндей тамам жанға. Шаһзада жаһан кезiп бәңзi солды, Бiр жұма Пағпұршынға қонақ болды. Ирамбақ, Шаһбалды баян қылып, Сұрады бұ шаһардан жүрер жолды. Бiлмедi Ирамбақты һешбiр адам, Шаһар халқы, Пағпұршын барша тамам. Бiреу айтты: – Қатина шаһарында Бар,– дедi,– бiлетұғын бiр кәрi адам. Сол адам тұрған дейдi Ирамбақта, Шаһбалға қызмет еткен алтын тақта. Сұрады шаһизада Қатинаны, Жүрмек боп ниет етiп осы жаққа. Кәрi айтты: – Қатина бiр жылдық жол, Болмаса желi түзiк, қатерi мол. Құдайға тәуекел деп шаһизада, Жүрмек боп Қатинаға жiбередi қол. Той қылып Пағпұршын жұртын жиды, Гауһардан, алтын-күмiс қылды сыйды. Ауыр қол кемеменен суға түстi, Пендеге Тәңiрiм салар әрбiр iстi. Бес-алты ай дарияда жүрiп едi, Жел шығып, ендi топан болды күштi. Бұ дүние қараңғы, жел, тар болады, Барша жан дарияда зар болады. Күндiзгi күн қараңғы түндей болады, Бек қатты қияметтей хал болады. Халайық һешбiр шара таба алмады, Кемелер қадақ сынып дал болады. Жан-жақтан көрiнбейдi нәрсе көзге, Қол салса дәнеме жоқ судан өзге. Халайық онан шығып ұрынады, Кемелер талқан болып осы кезде. Халайық, кеме сынып, батып жатыр, Батқан жан һәлак болып батып жатыр. Талқан боп төрт жүз кеме ләшкер батты, Шаһзада қайғы дәмiн татып жатыр. Шаһзада аман қалды Құдай сақтап, Жел шығып, толқын болды екi жақтап. Сүлеймен жүзiгiнiң құрметiнен Жүрсе де аман қалды топан қаптап. Шаһзада биһұш болды жаннан қорқып, Қырылды бар ләшкерi дария толқып. Қараса есiн жиып түк қалмапты, Кеменiң сынығы жүр қалқып-қалқып. Қараса, қасында жоқ Сағит досы, Көңiлдiң дал-дал болып кеттi хошы. Қызметкер елу-алпыс қасында жүр, Көрсеткен бiр Алланың тағдыры осы. Шаһзада есiн жиды өздерiне, Қызыл қан жас толтырды көздерiне. Қан қылды көкiрегiн, жаға талқан, Мұндай iс болғаннан соң кездерiне. Бәрi де жолдастары фариад етер, – Шаһзадам, бәрiмiзге қайғың өтер. Өртейдi мағшұқ оты жанған жерiн, Жiгiттер, ғашық оты әлемдi өртер. Шаһзада зар еңiрейдi демi құрып, Астына сынып қалған кеме мiнiп. Жолықты бiр оқпаға және тағы, Зар болып су бетiмен үш ай жүрiп. Дал болған ол оқпада қалды кеме, Жолығар шаһзада әлденеге. Кемесi сол қадепте қалды тұрып, Алланың құдiретiн қалай деме. Тартпаға кеме айналып тұрып қалды, Зар илеп баршалары афған салды. Сол жерде кеме жүрмей үш ай тұрды, Байлады сонда өлiмге ғарiп жанды. Зарлайды Сейпiлмәлiк уайым жеп, Не шара құдiретiңе қылайын деп. Үш айдай кеме жүрмей құса болды, Еңiредi бiр күн жылап Құдайым деп. – Құдай-а, айналайын, Құдiрет Кәрiм, Бермесең өзiң шара, не-дүр халiм. Ғаламның он сегiз мың құрметi үшiн Көрсеңшi, Патша Құдай, қылған зарым. Тiлегiн патшаның қабыл көрдi, Бiр адам ұйқысында жетiп келдi. «Жүзiгiн Сүлейменнiң суға соқсаң, Жүрмей ме кемең сонда, байғұс» дедi. – Көп үмiт, жамағаттар, үзбе,– дедi, Бiр дәулет келдi ендi бiзге,– дедi. Жүзiгiн дарияға ұрып едi, Кемесi су бетiнде жүзе бердi. Кемемен ендi бұлар бара жатыр, Iс болды сонша азап заманақыр. Бiраз күн бейшаралар жүрiп едi, Кез болды дарияда зәңгi ғапыл. Зәңгiлер ұстағалы оңтайланды. Бұлар да қарсыласып айбаттанды. Дарияда екi кеме соғыс қылып, Ағызды су iшiне қызыл қанды. Тiрiдей он екiсiн ұстап апты, Хайламен сол дұшпандар отқа жақты. Патшаның қол-аяғын мықтап байлап, Апарды өз ханына адамзатты. Теңiзде бiр арал бар Хақ жаратқан, Адам жеп, зәңгi дұшпан қанға батқан. Адам етiн қақтап жеп отыр екен, Қуанып сақ-сақ күлдi қаһар атқан. Тоғызын осы жерде сойғызады, Сый қылып көп зәңгiнi тойғызады. «Жесiн,–деп,–бұл үшеуiн қызым сүйiп», Жемекке шаһзаданы қойғызады. Мiнәжат қылды шаһзат: – Бүйттi зәңгi ақымақ, Керiм Құдай, бiз пақыр, Пендеңе қылғыл шапағат. Саған асан қиындық, Бiр өзiңе сиындық. Тағдырыңмен, Иләһи, Мұндай жолға ұрындық. Сиынып саған жылаймын, Көзiмнiң жасын бұлаймын. Рақым қыл деп құлыңа, Өзiңнен медет сұраймын. Халiмiз келдi өлiмге, Сиынамыз өзiңе. Нәсiп етсең, Қадiр сен, Құлға медет берерге. Шаһзада мiнәжатпен еңiредi зар, Көңiлiнде таудан үлкен қайғысы бар. – Үшеуiн қызым жесiн, апар,– дедi, Бұйырды осылайша зәңгiлер қар. Үшеуiн хан қызына алып келдi, Көңiлi ғарiп жаннан қалып келдi. Патшаға көрген жерден ғашық болып, «Бұ жiгiт бiзге лайық анық» дедi. Елшiлер алып келген қайтып кеттi, «Үшеуiн сойып же» деп айтып кеттi. Өзiнiң тұла бойын әбден жасап, Патшаға зәңгi қызы бiр күн кептi. Қызартып қара жүзге опа жаққан, Басына үкi орнына балдыр таққан. Қасына қара көмiр сүрме тартқан, Емшегiн бiр сабадай салақтатқан. Дұшпанның бойын көрсең мұнарадай, Аузы үлкен үңгiр бейне ғардай. Көзi бар үзеңгiдей, мұрны көрдей, Өзi үлкен құлақтары тебiнгiдей. Шашақтап қара арқанды шашбау қылды, Алғаны шашын түзiп қара құр-ды. Орамал қара түңдiк, сәлiсi өрмек, Патшаға бұ сипатпен келiп тұрды. Судағы салындыдан өзек салған, Қолына ақ қабықтан жүзiк салған. Секiлдi пiл тырнағы, тырнақтары, Қызартып қына кептi бояп алған. Жүрiсi дәл түйенiң жүрiсiндей, Күлiсi айғақ құстың күлiсiндей. Құлаққа сырға орнына сарымсақ сап, Айта алман сипат қылып бiрiсiн де-ай. Жабылып пiл секiлдi құлақтары, Салынып түйе кептi дудақтары. Тiлi оның жаһаннамның қаһарындай, Секiлдi айыр ағаш сирақтары. Бұзылған һәр тесiгi қазған iндей, Жүзi қара бұлттай, айсыз түндей. Бұ суретпен қылады талай қиял, Перi ғашық бойым деп таза Нiлдей. Ғаламда бар ма дейдi мендей сәнем, Бойым таза, жоқ дейдi һешбiр мiнiм. Перiлер бұ жаһанда маған ғашық, Ғаламда маған ұқсар ай мен күнiн. Қасына шаһзаданың келiп кiрдi, Амалсыз тағзым қылып патша тұрды. Шаһзада маған ғашық болады деп, Жанына тұтқынының кеп отырды. Сол дұшпан түсi жаман, тiлi күштi, Құшақтап шаһзаданың мойнын құшты. Дұшпанның сұм жүзiне шыдай алмай, Шаһзада есi кетiп талып түстi. Қыздары қасындағы жиылды көп, Шат болып зәңгi қызы қуанды бек. «Жоқ бұ жаһанда мендей сәнем, Бұл маған ғашық болып жығылды» деп. Шаһзада биһұш болып талып қалды, Дұшпан қыз тiзесiне басын салды. Бас қойыпты ай жүзiне қара жүзiн, Сескенiп патша есiн жиып алды. Патшаға дұшпан қызы: – Жаным,– дедi, Ғаламға сұлулығым мәлiм,– дедi. Бұл елге шаһзада сiз боласыз, Мен болам сiзге тиiп ханым,– дедi. Шаһзада жауап бердi осы қызға: – Қалдым,– деп,– қайдан мұндай жаман сөзге. Дерт тиiп ғашығыңмен талдым,– дейдi, Қайран боп қара түндей түрiңiзге. Көрген соң қара жүзiң болдым қайран, Көрсеттi дұшпан малғұн сенi қайдан. Шаштарың жыландайын салды заһар, Шарам жоқ құтыларға мынадайдан. Шыдайды заһарыңа неткен адам, Қараман өлтiрсең де, дұшпан, саған. Өлемiн заһарыңмен қайғы басып, Жолама,– дедi,– сұмырай, маған таман. Естiдi зәңгi қызы мына сөзiн, Тiкiрейттi қаһарменен екi көзiн. Даярлап өлтiруге қойса дағы, Жағады ғашық оты тағы да өзiн. – Болғанда мен ханша, әкем хан-ды, Бұл менi көз алдымда жамандады. Жүзiң жаман дегендi намыс көрiп, Басыңды кесейiн,– деп ашуланды. Хан қызы өлтiрем деп қаһар төгер, Жүзiн көрiп тағы да мейiрi келер. Қылдырды азаппенен қатты жұмыс, Жанына батқаннан соң ақыр көнер. Жарылып қолдары оның жарма тартар, Көзiнен жас аралас қандар ағар. Отын тасып, қасиды ат арқасын, Шаһзада күн-күн сайын қайғысы артар. Неше жыл жапа шектi отын тасып, Сарғайды нұр сипаты қайғы басып. Ендi үшеуi бiр күнi кеңес еттi, «Өлсек те кетелiк,– деп,– мұнан қашып». Бейшаралар дұшпаннан қашты дейдi, Жанынан үмiт үзiп, састы дейдi. Сал буып, тәуекел деп дарияға, Ағызды көздерiнен жасты дейдi. Неше күн суда мехнат көрдi дейдi, Жазира бiр аралға келдi дейдi. Ғуд, ғанбар, сандал ағаш, түрлiк жемiс, Бiр қысқа бiз тұралық ендi дейдi. Iшiнде аралдың толған нығмат, Сарғайды мехнат көрiп сұлу тұлғат. Күн түссе алтын, күмiс, гауһар туар, Күн батса ғайып болар асыл қымбат. Шер-шарбат бұл аралдан iштi дейдi, Ғұмыры мұнда бiр қыс кештi дейдi. Жаз шыққан соң салменен суға түсiп, Орнынан ендi жылжып көштi дейдi. Неше күн бейшаралар тағы жүрдi, Неше ай жүрiп мехнатпен ғұмыр сүрдi. Iшiнде ол аралдың қисабы жоқ, Құдайым қалың маймұн кез келтiрдi. Маймұндар құтқармайды қисапсыз көп, О дағы дәндеген жұрт адамды жеп. Үшеуiн тағы байлап алып келдi, Шаһарын айтады екен Хәмдуна деп. Үшеуiн алып келдi ханына ендi, Көрiстi хан шақырып жанына ендi. Нәсiлi үшбу ханның адам екен, Зар еңiреп отырғызды тағына ендi. Сұрады хан бейшара мұның халiн, Сөйледi Сейпiлмәлiк мұңын, бәрiн. Мұны есiтiп маймұн шаһы зар еңiрейдi, Пендеге не көрсетпес Бiр уа Барым. Хан айтты:– Сөйлейiн мен сырымды, Тыңдасаң құлақ салып бар мұңымды. Мен дағы сен секiлдi патша едiм, Өткiздiм мехнат бiрлән ғұмырымды. Мен де патша Оманның шаһарынан, Құданың мұнда түстiм қаһарынан. Менiм атам падиша жұрт билеген, Мұндай болдым шомлығым баһарынан. Ойладым кезейiн деп бұ жаһанды, Көрсем деп жақсы-жаман барша жанды. Жүрушi ем тамаша етiп ойды-қырды, Қасыма ертiп алып мың мен санды. Қол бастап, кемеменен суға түстiм, Қайғының ақырында уын iштiм. Жел шығып, кеме сынып, жұрт қырылды, Ғарiп басым мен жалғыз мұнда түстiм. Қаңғырдым жапан түзде жалғыз қалып, Маймұндар менi тауып келдi алып. Патшасы өлiп, тақты иен қалған екен, Өздерiнен хан қоймас осы халық. Өздерiнен хан тұрса өледi екен, Ханы өлсе дүние кезiп келедi екен. Бiреудi тауып ап кеп патша қылып, Тәж-тақтын да, қатынын бередi екен. Менi әкеп бұл дұшпандар патша қылды, Көндiрдi болмасам да осы құрды. Итбас деген бiр шаһар тағы да бар, Маған қарап мал-мүлкiн, қызын бердi. Басы ит, сол қызының кеудесi адам, Мұңым көп, айта берсем, қайғым жаман. Дұшпанға кiрiптар боп зарланамын, Бiлмейдi менен хабар атам-анам. Итбасының қызын да алдым,– дейдi, Ғарбатқа өле-өлгенше қалдым,– дейдi. Құрметтi мекен етсең уәзiрiм бол, Тұра тұр мейман болып, жаным,– дедi. Неше күн Сейпiлмәлiк тұрады онда, Есiттi Итбас ханы бiр заманда. Үйiнде бiр кiшкене қызы бар-ды, Басы-көзi түгел ит, Құдауанда. Патшаға осы қызын ап кеп бердi, «Алмаса, өлтiремiн дереу» дедi. Қасқыр көрген киiктей шошып кеттi, Сейпiлмәлiк мынадай халдi көрдi. Қарады Сейпiлмәлiк жүзiн оның, Һешбiреуiн бiлмейдi сөзiн оның. Қылады фариад, нала, ойбай деп Көргенде қаншық иттi өзiн оның. Елу күн әуара болып бұған өттi, Бойынан сора-сора қаны кеттi. Не болсам да болдым деп Сейпiлмәлiк, Патшадан рұқсат тiлеп зар еңiрептi. Сол ханнан Сейпiлмәлiк жол сұрады, Алдында тiке тұрып зар жылады. Үшбу хан жiберуге қия алмайды, Өзiммен бiрге тұрсын деп ойлайды. Рұқсатты iшi күйiп бередi ақыр, Мас болды арақ iшiп тамам ғапыл. Шығарып шаһзаданы Оман шаһы, – Бар,– дедi,– жолың болсын, әй, адам ақил! Шаһзада мұнан безiп кетiп қалды, Оман шаһ қатты зарлық айтып қалды. Суда жүрiп дұшпанға жолықтық деп, Неше күн жол қуалап кетiп қалды. Ол үшеуi жапанда зар еңiрестi, Құлыңа көрсеттiң деп мұндай iстi. Тағы жаяу жүре алмай және шөлдеп, Сал буып дарияға қайта түстi. Теңiзге келiп түстi патшаһи, Теңiздi қайнатқандай қылған аһи. Ғашықтықпен қайғы оты бiрге келiп, Жылайды «медет бер,– деп,– иә, Иләһи». Әлқисса, шаһзада теңiзде ғажайып жазираларға ұшырап, тамаша құйындар көрiп, жолдастары қалғаны. Сейiтгерей қалам алып бастар сөздi, Шаһзада ғарiп болып жаһан кездi. Құдаға зiкiр айтып «Алла һуа» деп, Салменен алты ай кездi бұ теңiздi. Жолықты бiр жазира және тағы, Кең арал, мұхит теңiз екi жағы. Ғажайып зипа харам бiр жазира, Адамның бастарындай жемiс бағы. Түн болса ағаштары шұғыла ұрар, Мың түрлi, жарқ-жұрқ етiп, әуез қылар. Кей дауыс қаһқаһа күлiп, кейбiрi ұлып, Ғажайып неше түрлi дауыс шығар. Жайнаған жарқ-жұрқ етiп балық екен, Жаратқан Тәңiрiм сондай халық екен. Кiтаптан көрiп жазған ғарiп Ақыт, Жарандар, мұның өзi анық екен. Жемiс көп, би ниһаят мысал сандал, Ғажайып апаты көп түрлi жандар. Жанады түн болғанда көздерi оның, Қарасаң тамаша етiп бейне шамдал. Байғызы үлкендiгi бейне бүркiт, Қорқады бейшаралар онан үркiп. Болғанда байғыз мұндай, ағаларым, Болады ендi қандай үлкен бүркiт. Қарасаң түлкiлерiн бейне қабылан, Көрсеңiз бөрiлерiн–аш арыслан. Құмырсқасы тiстерi шоқпар тастай, Бейне мысық секiлдi бала тышқан. Ол жердiң масалары бейне торғай, Бiр тисе тұра бойдың қанын сорғай. Бойлары арасының қаршығадай, Қайтедi масалары торғай болмай. Торғайлары көрсеңiз бейне қазы, Мысығына қарасаң бейне тазы. Iшiнде сол аралдың мекен етiп, Кетпейдi жануарлар қысы-жазы. Жиылған баршасының мекенi екен, Ғұмыры сол аралда өтедi екен. Құданың неше түрлi санааты бар, Түбi жоқ сұм дүниенiң, бекер екен. Шаһзада жасырынды берiк жерге, Кез болды апаты көп тұйық көрге. Неше күн жасырынып тамаша етiп, Суменен түнде қашып жүре бердi. Неше күн теңiзде жүредi ендi, Тағы кеп бiр аралға кiредi ендi. Аралға тамаша етiп шығады ендi, Ғажайыптар көп екен бұ жаһанда. Күн батып, түн болғанда, ей, жарандар, Көп ғажайып көредi, Құдауанда. Су жүзiнде жарқылдап от жағылды, Дарияның бетi толып әуез қылды. Таң атқан соң бәрi де жоқ боп кеттi, Қорқып жүрiп болады патша сынды. Балықтың жарқылдаған көздерi екен, Әуез шығып сөйлеген өздерi екен. Құдаға хал тiлiмен тәсбих айтып, Балықтың Аллалаған сөздерi екен. Тұра алмай ол аралдан тағы көштi, Неше күн салмен ағып, тағы кештi. Алыстан бiр аралды тағы көрiп, Тұралық бұған шығып ендi дестi. Аты екен Аспандияр онда келдi, Бейшаралар бейнеттiң бәрiн көрдi. Бiр құс тұрып аралды мекен еттi, Жолдастары қимайды үшбу жердi. Әйтеуiр тамағы тоқ жемiсi көп, Тұрады қармақ салып, балық ап жеп. Екi жолдас ауырып болды жаман, Жамағаттар, тыңдасаң, мiнекей кеп. Екi жолдас ауырып дүние салды, Сейпiлмәлiк бейшара жалғыз қалды. Жүрегi пара-пара, бағыры бөриян, Биһұш боп жылай-жылай естен танды. Сүйектi фатиха оқып, дәфiн қылды, Құдайға зар еңiреп болды мұңды. Рухтарына фатиха, дұға оқып, Ес көрiп құр сүйектi бiр ай тұрды. Әуелден ғазиз жанды құрбан қылып, Iс көрдi мәлiкзада осы құрды. Жазады бiз ғарiбiң һәрбiр iстi, Алланың құдiретi бар һазар күштi. Айрылып екеуiнен Сейпiлмәлiк, Сал буып дарияға жалғыз түстi. Теңiзден көтермейдi ендi басын, Көзiнiң тыя алмайды аққан жасын. Сәргардан жапа-жалғыз салға мiнiп, Жылайды, ойлайды да көп жолдасын. Аққанын қай тарапқа бiле алмайды, Адамзат ондай мұңды һеш болмасын. Патшаның жүрегiнде қайғы мол-ды, Жел шығып дария жүзi толқын болды. Дария әуелгiдей толқып едi, Ұшырды буған салын оңды-солды. Жарандар, зар-сәргардан деген сол-ды, Өлем деп падишаға қайғы толды. Дарияның таңғажайып ортасында Құдiретпен бiр қу ағаш пайда болды. Өлуге Сейпiлмәлiк ұсады ендi, Жүрегiнен қан кетiп құсады ендi. Жанынан үмiт үзген ғарiп байғұс Бас салып қу ағашты құшады ендi. Жел айдап кез келтiрдi қу ағашқа, Қараса түк көрiнбес судан басқа. Бiратола жанынан үмiт үздi, Нала ғып, көзi толды қанды жасқа. – Құдай-а, өлгенiм бе бұл арманмен, Ағашқа жабыстырдың жан дәрменмен. Ағашта үш күн, үш түн зар еңiредi, «Күнiмдi өткiздiң бе сәргарданмен?!» Шаһзаданың нала қылғаны – Пәруардигар Кәрiм-а, Құдiретiң кең, Қадiр-а. Бұл ағашта ғарiп құл Зар-сәргардан қалар ма? Сырым саған әшкере, Көзiмнен аққан жас қана. Дарияда өлiп, балыққа Жем боламын, масқара. Жамандықтан кетпедiм, Жақсылыққа жетпедiм. Пәруардигар Кәрiм-а, Жасаған Алла, не еткенiң, Жамандықтан кетпедiм, Жақсылыққа жетпедiм. Есiркесең, жалғызбын, Анадан туған көп пе едiм? Өзiң медет бермесең, Көзiмнiң жасын көрмесең, Бұл арманмен кеткенiм, Үш күн, үш түн салынып, Қу ағашта өткенiм. Ғарiп құлды зарлатып, Қу ағашта сандалтып, Патша Құдай, не еткенiң? Мысырдан мұнда келгенiм, Құлыңа жәрдем бергенiң. Көзiмнен жасым ағызып, Тiлсiз жауға төнгенiм. Өзiң сақта, Иләһи, Сенен жәрдем болмаса, Бұл дарияда өлгенiм. Қу ағашта налындым, Үш күн, үш түн салындым. Құдiретi үлкен Жасаған, Мұнша зарлап не қылдым?! Мұнда жаным қалар ма-ай, Олжалы күн болар ма-ай. Атам менен анамды Көретiн күн болар ма-ай! Ажал, өлiм бiр екен, Әуре-сарсаң күн екен. Бейшара мұңлы мен болдым, Ата-анам қайтiп жүр екен? Бәдиғымды көрмедiм, Көре алмаймын дер ме едiм. Кебiнiм жоқ, көрiм жоқ, Балықтарға жем бе едiм? Әз жанымнан түңiлiп, Тiлсiз жауға үңiлiп, Тiлексiз пенде мен бе едiм? Бақ шырағым сөнген-дi, Тағдырға пенде көнген-дi. Өзiңнен басқа пана жоқ, Рақымың ұлық, Жасаған, Өзiң сақта пендеңдi! Мiнәжат Сейпiлмәлiк қылды қатты, Ағашта иман айтып үш күн жатты. Аспаннан қиқулаған келдi дауыс, Қараса алайын деп бiр құс шапты. Бата алмай құс та қонды ол ағашқа, Пана жоқ ақырында Хақтан басқа. Шап берiп аяғынан махкам тұтты, Патшаның көзi толып қанды жасқа. Осы құс шошыған соң алды да ұшты, Құс екен денесi үлкен, сондай күштi. Мұхиттан бiр күн, бiр түн әрең өтiп, Бiр үлкен тауға келiп, жерге түстi. Болдырып бiр күн, бiр түн әрең келдi, Түсер-түспес аяғын қоя бердi. Сейпiлмәлiк хош жерге келiп түстi, Бiр жерге құс та барып қонады ендi. Көредi Сейпiлмәлiк бiр айдаһар, Ғаламды ашуланса бiр-ақ жалмар. Келдi де балапанға қасад қылады, Болдырып отыр едi құс жануар. Сонда да құс айдаһарға хамлә қылды, Аузынан айдаһардың от шашылды. Ақырда хайламенен жылан жеңдi, Жемек боп балапанға ұмтылды ендi. Шаһзада рақым қылды бұ құсқа ендi, Ұмтылды айдаһармен ұрысқа ендi. Зәңгiлерден ап қашқан темiр тiс бар, Бiр салып айдаһарды екi-үш бөлдi. Жыланды ортасынан екi бөлдi, Жiгiттiң болысқанын бұ құс көрдi. Өз жанын айдаһардан айырған соң, Көңiлiнде дұшпандығын кетiрдi ендi. Айдаһар өлгеннен соң жерге түстi, Жыланды құс ұяға алып ұшты. «Мен де құстың дұшпанын өлтiрдiм» деп, Қуанып шаһзаданың көңiлi өстi. Жолығар Тәңiрi айдаған мүшкiл-зарға, Болар ма Хақтан медет пейiлi тарға. Осындай Сейпiлмәлiк iстер көрдi, Сақтаса, Тәңiрiм өзi пәле бар ма. Шаһзада құс қасынан ендi кеттi, Көрiнген алдындағы тауға жеттi. Райхан иiс гүл лала Тамаша етiп жемiстен қорек еттi. Барарын қай тарапқа бiле алмады, Жол мәнiсiн һеш бiлiп жүре алмады. «Жолдассыз не боламын ендi» дедi, Қарар ғып жапа-жалғыз тұра алмады. Шаһзаданың Аллаға нала әйлағаны Сейпiлмәлiк жылайды: –Айналайын, Құдайым, Бiр өзiңе жылайын, Жалғыздың жары, Тәңiрiм, Өзiңнен пана сұрайын. Сырым саған мағлұм, Тағдырға не амал қылайын?! Зiкiрден өзге сөзiм жоқ, Өзiңнен басқа Iзiм жоқ. Басқа сөздi айту жоқ, Бұ жолымнан қайту жоқ. Далада жалғыз еңiреттiң, Қасымда жолдас, халқым жоқ. Патша қылып әуелде, Мысырға сұлтан жараттың. Қан жұтқызып қаңғырттың, Ризығым шашып тараттың. Көргенiмдi мұң қылып, Көзiмнiң жасын су қылып, Қорлықпен өттi ғұмырым, Патша басым құл қылып. Өзге хандар үйiнде, Тәж-тақытты күйiнде, Менiм көрген мехнатым Һеш көрмейдi бiрiн де. Өзге патша елiнде, Хүкiм қылған жерiнде. Ғашық қылдың сен менi Көктегi ұшқан желiңе. Жолдасым жоқ қасымда, Мехнатым бар басымда, Ғұмырым бойы зарлаттың, Бейнет берiп жасымда. Қосыла алмай досыма, Көңiлi жұмсақ досыма, Мен ғарiпке, Иләһи, Көрсеткенiң осы ма? Биiк тауға жолықтым, Жол таба алмай торықтым. Хаққа мойын сұнғанмын, Зар-сәргардан болғанмын. Ғашық болып бiр желге, Қара ағашта сұнғанмын. ... сабыр қылайын, Құдайдан тiлек сұрайын, Қайтарым жоқ тiлектен, Қан ағызып жүректен, Жаһан кезiп хабар сап, Жүргенiм осы тiлекпен. Шаһзада нигарын жад әйлағаны – Айналайын, Бәдиғым, Желден сәлем айтайын, Дүние кезiп жол жүрiп, Бейнетiңдi тартайын. Сәлем жетпес айтқанмен, Шарам бар ма, қайтейiн! Қайғы болды жолдасым, Патша мендей болмасын. Сәргардан ғып бар Құдай, Саған қоспай қоймасын. Рақымы ұлық бiр Алла, Жүрген жолым оңдасын. Сен жатырсың елiңде, Ирамбағы жерiңде, Қылғаның ойын, тамаша, Хүкiмiң жетер перiге. Сен тағыңда жатқаның, Мен ғашығың тартқаным, Сенi табар халiм жоқ, Қайғы-ғамға батқаным. Құрбан қылып жолыңа, Ғұмырым бәрiн сатқаным. Қанатым жоқ ұшарға, Жүзiң көрiп құшарға. Қайғылы боп жаһанда, Жiгiт маған ұқсар ма? Сағитымнан айрылдым, Зар-сәргардан қайғырдым. Әуара болып сен үшiн, Сансыз әскер жан қырдым. Ата-анадан айрылып, Ғашық үшiн зар қылып, Жапан түзде қаңғырдым. Ата-анам жылап қылар зар, Рақым қылар Бiр уа Бар. Рақым қылса Құдайым, Қауыштырар күнi бар. Фирақ оты жанады, Iшiмдi өртеп барады, Қайғың кетiп, аһ, дүние, Мейiрiм қашан қанады. Табан етiм ойылып, Маңдай терiм сойылып, Өстiп күнiм өтедi, Басыма ажал жетедi, Мен сорлыны Құдайым, Есiркесе не етедi! Жасаған, пендем десеңшi, Зарлығымды көрсеңшi, Аяқ басар әлiм жоқ, Жан жаратқан, бар Құдай, Өзiң медет берсеңшi! Бұлайша Сейпiлмәлiк зар еңiрейдi, Таба алмай жол мәнiсiн қамалды ендi. Бiр жылы осы тауда шаһизада Тұрыпты бiр жыл кәмiл тамам ендi. Шаһзада бiр жыл тұрып тауды кездi, Тыңдаңыз, жамағаттар, мына сөздi. Айдаһар мен жолбарыс үнiн естiп, Шаһзада бiр шыбындай жаннан бездi. Келедi аш арыстан, қабылан үнi, Апатты аю, бөрi неше түрлi. Айдаһар мен жолбарыс үнiн естiп, Немене ендi соның көрген күнi. Ол тауда Сейпiлмәлiк бiр жыл тұрды, Бұ тауға шығайын деп ендi жүрдi. Сойылып табандары жүре алмай, Шыға алмай тау үстiне демi құрды. Еңбектеп әрең жеттi тау басына, Зар еңiреп сиынады Алласына. Жылайды Сейпiлмәлiк қайран болып, Жылаған тас балқиды көз жасына. Жарандар, тыңдай берсең мiнеки сөз, Алаңдап Сейпiлмәлiк салады көз. Жақындап тау басына шыққан шақта Алдынан бiр жолбарыс жолықты кез. Жолбарыс сонда күндей күркiредi, Патша иман айтып зар еңiредi. Жолбарыс аузын ашып ұшып едi, Бейшара қорыққанынан тiтiредi. Қолға алып темiр тiстi қарап тұрды, Құдайға «қуат бер» деп жылап тұрды. Жолбарыс ұшып келiп жеткенiнде, «Алла» деп жолбарысты мойынға ұрды. Жолықты әрбiр апат мұндай ерге, Құдайым медет берсiн жiгiт шерге. Тiспенен жолбарысты ұрғанында, Күл-күл боп мойын сүйек түстi жерге. Зар еңiреп шүкiр қылды патша ғарiп, Өлтiрдi жолбарысты жалғыз салып. Ойылып табандары қалып едi, Сауырсын белбеуменен қылды шарық. Арқалап Сейпiлмәлiк жемiс алды, Биiктен жан-жағына көзiн салды. Бұ дүниенiң баршасы теңiз екен, Көрген соң Сейпiлмәлiк қайран қалды. Тағы да шығып жаһанның жүзiн көрдi, Келедi тамаша етiп һәрбiр жердi. Жүруге шарасы жоқ болғаннан соң, Түскелi дарияға тағы келдi. Теңiздiң жағасына келедi ендi, Мұнаууара бiр төбенi көредi ендi. Тыңдаңыз, жамағаттар, жаңа келдi, Шаһзада көп тамаша көредi ендi. Әлқисса, шаһзада анда бiр майдан харам көрiп, бiр диюдың шарбағына кiрiп, Мәликеге ұшырап, Бәдiғұлжамалдың хаба- рын тапқаны Жазады Сейiт қисса ғашық жардан, Рауаилар сөз бастаған хош хабардан. Шаһзада оған шығып қарап едi, Бiр харам ендi алдында көрдi майдан. Көредi майдан жердi ол арадан, Қарайды тамаша етiп мұнарадан. Дарияның кенерiнде бағ-шарбақ, Шаһзада мұны көрiп қайран қалған. Шаһзада осы тамға ендi келдi, Көзiне жанды нәрсе көрiнбедi. «Бұл неткен майдан, шарбақ, там болды» деп, Тың тыңдап там үстiне отырды ендi. Ойлайды адам емес перi екен деп, Не перi, не диюдың жерi екен деп. Зәресiз қорыққанынан тiтiрейдi, Не пәле бұған кiрсем жүр екен деп. Шарбаққа тәуекел деп келiп кiрдi, Чиманзар құп рағна нәзiк гүлдi. Қуанышты ойларының бәрi де аян, Бiр уақта ақырып бiреу тұрды. Қараса бiр арыстан айғай салған, Шаһзада Хақ жадыны ойына алған. Ақырып қарсыласып келгенiнде, Қақ басқа патша батыр салып қалған. Ұрған соң басы үзiлiп жерге түстi, Бойынан жаны шығып, күлге ұшты. Дұғамен күзетшi екен тылсымдаған, Хайласы дұшпандардың қандай күштi. Шаһзада алтын құлпы үйге келдi, Есiгiн тiсеменен екi бөлдi. Ортасында бiр көшiк, алтын тақыт, Қисапсыз гауһар-жауһар көредi ендi. Қараса алтын тақта бiреу жатыр, Тiгулi көшiк iшi алтын шатыр. «Япырым-ау, неткен жан» деп бетiн ашып, Сұрады бiр сұлу қыз патша батыр. Бiр сұлу, жүзi айдай, маһи пара, Жағасын, жүзiн көрiп, қылды пара. Оятса еш сескенiп тұрмады қыз, Таппады тұрғызарға һешбiр шара. Өлiк десе аузынан дем шығады, Шаһзада қайран болып қылды нала. Шығады нұры артылып алтын тақтан, Сүмбiлдi қара шашы толқып жатқан. Болғанда қасы жайдай, кiрпiк қындай, Толықсып сары майдай нұрға батқан. – Осы қыз тiрi болса тұрар,– дедi, Ақ жүзiн менi көрiп жабар,– дедi. Аузынан өлiк десем дем шығады, Зар болдым сөйлесе алмай бұған,– дедi. Басында жастаулы тұр алтын тақтай, Тақтайға Сейпiлмәлiк келдi жақтай. «Тұрмастан бұл араға жөнелейiн, Құдай-а, мен құлыңды өзiң сақта-ай». Тақтайды басындағы қолына алды, Қойнына қос уыстай алтын салды. Үйiнен ендi қыздың шықты дағы, Тың-тыңдап есiгiнде тұра қалды. Сонда қыз үй iшiнде бiр түшкiрдi, Қуанып Сейпiлмәлiк қайта кiрдi. Тақтайды бiрге алып кiрiп едi, Қыз талып әуелгiдей көзiн жұмды. Қозғалмастай осы қыз қайта жатты, Көңiлiне патшаның қайғы батты. «Сиқыр ғып бұ тақтайды қойған ба» деп, Тақтайды ашуланып тысқары атты. Ендi қыз қайта кiрсе түрегелдi, Шаһзада кiшiлiк қып сәлем бердi. Қыз айтады: – Жынбысың, адамбысың, Бұ жерге адам келмес бұрын,– дедi. Шаһзада айтты: – Жын емен, адаммын,– деп, Бейшара тентiреген наданмын,– деп. Шаһзада айтты: – Жын емен, адаммын,– деп, Әуелi жөнiңдi айтшы, өзiң кiм?– деп. Қыз айтты:–Адам болсаң, мен де адаммын, Мен дағы сен секiлдi сәргарданмын. Айрылған ел-жұртымнан мен бiр жазған, Тұзаққа түсiп жатқан бейшарамын. «Алланың бiр сызығы бар екен,– деп, Бұ да мендей бейшара зар екен,– деп, Құшақтап шаһзаданы қыз жылайды,– Көрер күн адамды да бар екен» деп. Қыз айтты: – Ендi, жiгiт, сөйле бұрын, Бұ жердi сенен бұрын қылдым орын. Бiр диюдiң қолында әуарамын, Ел-жұртымнан айырған дұшпан зұлым. Жiгiт айтты: – Сөзiм көп олай десең, Кеңесiм түгесiлмес айта берсем. Сол дию бiздi көрсе өлтiрмей ме, Арман болар бiр хабар таппай өлсем. Қыз айтты: – Ендi үш күнсiз дию келмес, Кетер деп қашып-босап дию сенбес. Сиқыр қылып тақтайды қойып кетер, Көзiм ашып сөйлеуге шамам келмес. Тақтайын жастаған соң қозғала алман, Әсте де көзiмдi ашып сөйлей алман. Он бiр жыл болды елiмнен айрылғалы, Падиша, сөзiңдi айт,– деп құлақ салған. – Берер ме Тәңiрiм қуат ғарiп бiзге, Бiр шипа болар ма екен дертiмiзге? Зар жылап нала қылды шаһизада,– Айтайын мен сырымды ендi сiзге. Атым-дүр Сейпiлмәлiк, атам – Қасым, Хан қылған жетi ықлымға ғазиз басын. Шаһарға Мысыр деген патша едiм, Қор болды жаһан кезiп ғазиз басым. Сейпiлмәлiк зар еңiреп халiн айтты, Он екi жылдан бергi зарын айтты. Зар еңiреп көңiлiн тыймай шаһизада, Бейнеттiң өзi көрген бәрiн айтты. – Тәж-тақтымды мен талақ қылдым,– дедi, Бiр суретке ғашық боп жүрмiн,– дедi. Бәдiғұлжамал деуге аузы келмей, Шаһзада Бәдиғым деп зар еңiредi. Бәдiғұлдың атыны қыз есiттi, Аһ ұрып, жүзiн ұрып фариад еттi. Бәдiғұлжамал атын естiген соң, Сол қыздан жылай-жылай ақыл кеттi. Мәлике Бәдiғұлжамалды естiп жылағаны – Уа, Бәдиғым, менiң емшектес, Бiрге өскен еңбектес. Айналайын, Бәдиғым, Ойымнан менiм еш кетпес. Бiр таңда туған қарындас, Ойласам кетер қанды жас. Қалқам менiм, Бәдиғым, Кеше-күндiз зар тұтып, Қайғың естен арылмас. Бәдиғымды сағындым, Темiрден арқан тағындым, Бiр диюге бағындым, Көргенiмдi мұң қылып, Патша Құдай, не қылдым? Диюге болдым кiрiптар, Он бiр жылдай болдым зар. Күнiм де болды қараңғы, Қашайын десем жерiм тар. Бiрге тамақ жейүскен, Ана сүтiн емiскен, Һәй, жан достым, Бәдиғым, Айрылмайық дейүскен, Бәдиғым менiм жар-жолдас, Бiрге туған жан құрдас. Қоймас едi дұшпанға, Хабар айтар жан болмас. Дәуренiм бүйтiп солар ма, Басқа дәулет қонар ма. Айналайын, Бәдиғым, Көрер күнiм болар ма? Бұлай деп бейшара қыз зар еңiредi, «Көрем бе Бәдиғымды жалғанда ендi». Көзiнiң өксiп-өксiп төктi жасын, «Қайтейiн, ғарiп басым байлауда ендi». Шаһзада мына сөздi естiп бiлдi, Биһұш боп есi кетiп фариад қылды. «Өңiм бе, мына хабар түсiм бе?» деп, Аһ ұрып зар еңiредi жүз мың түрлi. – Пәруардигар, Құдайым, Сүйiншi қылып жылайын. Хабарын естiп ғашықтың, Өзiңе шүкiр қылайын. Фирақ салдың iшiме, Көнiп ем тағдыр iсiңе. Ғашықтан хабар алғанмын, Өңiм бе, Тәңiрi, түсiм бе? Ғашық отқа жанғаным, Көңiлге қайғы салғаным. Жаһан кезiп сәргардан, Жаңа хабар алғаным. Атыңды естiп зар болдым, Таусылмаған арманым. Жаһан кезiп кеткенiм, Бәдиғым деп өткенiм, Өңiм болса бұ хабар, Шын дәулетке жеткенiм. Айналайын, Бәдиғым, Ирамбақта тұр ма екен, Һеш хабарсыз жүр ме екен? Әй, қарағым, перизат, Мына сөзiң шын ба екен? Шын айтпасаң қиын-ды, Сөзiңе көңiлiм сиынды. Сөзiң тапты Опадар, Көңiлiмдегi түйiндi. Бәдиғым деп зар әйлап, Су жүрегiм күйiндi. Бек махаббат келедi, Мәлике, өзiңнен. Бек қуаныш келедi Хабар айтқан сөзiңнен. Жөнiңдi айтшы, әй, қалқам, Бәдiғұлжамал ғашығым Көрдiң бе екен көзiңмен? Шаһзада осылайша зар еңiредi, – Көрдiң бе Бәдиғымды көзбен?– дедi. Қыз айтты шаһзадаға: – Құлағың сал, Айтайын мен жөнiмдi ендi,– дедi. Рабиғұлмәлiк патша – менiм атам, Сөзiмде мынау айтқан жоқ-ты қатам. Менiм атам патша едi жұрт билеген, Iнiсi Тәжiлмәлiк тағы сұлтан. Өзiм атым Мәлике бұ жаһанда, Өзiм мұнда болсам да көңiлiм анда. Бәдиғымды сағынам, амалым жоқ, Бiр ойнап, бiрге жүрген көп заманда. Бәдиғым Шаһбал қызы, өзi перi, Гүлiстан Ирамбағы – оның жерi. Дост болып бiр анадан сүт емiп ек, Сағынып тарқамайды iштiң шерi. Анасы Бәдиғымның келген екен, Сарандил жерiмiздi көрген екен. Сөйлесiп анамызбен мұнда келiп, Мейiрi түсiп емшегiн берген екен. Қолына алып жүрген ол Бәдиғым, Менiм анам емшегiн емген екен. Бәдиғыммен екеумiз жасым құрдас, Дост болып апа-сiңлi болдық сырлас. Сүт емген бауырласым, жан досым, Дидарын бiр көрмесем көңiлiм тынбас. Бәдиғым үш айда бiр келiп тұрар, Тамаша жерiмiзге сайран құрар. Бiрге өскен Бәдиғыммен, қайран күнiм, Ойынына он бiр жылдай болдым құмар. Тiлеудi ер жiгiтке Құдай берсiн, Жалғанда қорқынышың жоқ сен бiр ерсiң. Қолыңнан ендi менi өлтiре кет, Жүргенiм бүйтiп тiрi күнiм құрсын. Шаһзада биһұш болды мына сөзден, Тентiреп бiр шыбындай жаннан безген. Хабарды жақсы-жаман естiген соң, Ағызды жүрек қанын екi көзден. Жылады патша естi жиып алып, Көрсеттi талай iстi Жаппар Халиқ. – Бiр-бiрден, әй, Мәлике, айтшы,– дедi, Қолына бұ диюдiң түстiң нағып? Сөйледi қыз сол кезде: – Бекер тұрман, Өлсем де жамандыққа мойын бұрман. Ауласаң ғарiп көңiлiм, падишаһым, Жаным, тәнiм сенiкi, өзiм құрбан. Көрген жан таң қалғандай жас күнiмде, Бұралып тал шыбықтай өскенiмде. Тыңдаңыз құлақ салып, әй, падиша, Айтайын мен диюге түскенiмдi. Жасымда ойын ойнап жүрушi едiм, Сауықты сахарада құрушы едiм. Жапанда Бәдиғымен ойнап жүрiп, Сарайға күн батқан соң келушi едiм. Бұ залым бiздi сонда көрген екен, Ғашық боп дұшпан маған төнген екен. Құдай-а, жаман қылып қойсаң неттi, Түрiме нұр сипатты берген екен. Аулаққа . . . жасайын деп, Көңiлiңдi ғашық болған басайын деп, Сыртымнан қойдай бағып дию дұшпан, Ойлапты менi алып қашайын деп. Бiр күнi қалың қызбен суға түстiм, Бiлмедiм не болғанын, аспанға ұштым. Жер-көк, әлем қараңғы болып кеттi, Бiр шыбындай жанымнан сонда кештiм. Медет берер деушi едi Алла десе, Сипатты сұлу болдым бойым өсе. Бұ дұшпан маған ғашық болмас едi, Қап-қара бұжыр қылып шешек жесе. Ғайып боп ел-жұртымнан кеткенiмдi, Бiлмедiм қандай жерге жеткенiмдi. Өзiмдi осы арада көрiп қалдым, Бiлмедiм неше теңiз өткенiмдi. Дұшпан дию екенiн бiлдiм тамам, Ойбайлап зарлық қылып болдым жаман. Қорқып жылап талықсып жатқанымда, Сол дұшпан тұрып көңiл айтты маған. Дию айтты: – Сен неге зар боласың, Көңiлiңдi маған қоссаң бар боласың. Iздегенмен ендi жоқ елi-жұртың, Бекерге жылай-жылай дал боларсың. Мен – диюдың патшасы, атым – Асут, Неше жыл сенi көрiп болдым ғашық. Екi жылда жетпейсiң өз елiңе, Мұхиттан өте алмайсың кетсең қашып. Мұхиттың ар жағында қалған елiң, Қылзам деген дария–менiм жерiм. Сен түгiл, перiлерге айшылық жол, Жыламай көңiлiң маған қоссаң көрiм. Бұ дию менi сөйтiп көп алдады, «Қарағым, көңiлiңдi қос» деп алдады. Диюге мазақ болып әуара болдым, Жасаған ақ өлiммен неге алмады? Құп сөзiмен дию дұшпан алдады ендi, Мәлике оған көңiл салмады ендi. Дұшпанның ынсаптысын қараңызшы, Көңiл салмай һеш дөрекiлiк қылмады ендi. Сөзiмде, ей, падиша, жоқ-ты жалған, Диюге өлсем дағы көңiл салман. Алланың ақ жолымен өлсем шаһид, Ақ өлiммен өлген соң болмайды арман. Бәдиғыма бұ дұшпан халi келмес, Һеш патша Шаһбалға болмас теңдес. Айрылғалы он бiр жыл болды маған, Һеш пенде хабар айтар менi көрмес. Мәлике халiн айтып төктi жасты, Патшаны естiген соң қайғы басты. Екеумiз де бейшара екенбiз деп, Мұң айтып бейшаралар зар жыласты. Шаһзада айтты бiр амал етелiк деп, Құдай амал бермесе не етелiк деп. Жасаған медет әйлап қуат берсе, Ол диюдi өлтiрiп кетелiк деп. Мәлике айтты: – Қыларсың қандай амал, Аман сақтап құтқарғай, әуел Бiр уа Бар. Ол диюге әлiмiз қайтсе келер, Әл жетсе де, жаны жоқ бойында дал. – Қарағым, жазым болып жеме уайым, Не десең жарлығыңда мен тұрайын. Қалайда бiр амалын бiз қылалық, Жар болса медет әйлап бiр Құдайым. Тағы да әдетiнше дию келсе, Жайымыз қиын болар менi көрсе. Тақтайды жастап тұрған саған жауып, Қояйын тапжылдырмай өлгендерше. Құлыпты есiгiңе салайын да, Өзiм қашып бiр жерге барайын да. Құдайдан зар еңiреп, сәжде қылып, Асуттың жанын тiлеп қарайын да. Сол дұшпан жаны тәнде жоқ-ты болғай, Соның үшiн көңiлi тоқты болғай. Анталап дұшпан саған келгенiнде, Жанын сұрап бiле гөр, тiптi қоймай. Сол дұшпан келгенiнде жыла,– дедi, Ұмыттым деп ел-жұртымды сұра,– дедi. Жаныңа жаным қосып тиемiн деп, Хайламен дұшпан жанын сұра,– дедi. Сұрашы, көңiлiм қосып жар болдым деп, Диюдiң неше жаны бар болды деп. Күйген боп ептеп-септеп жанын сұра, Кiм алұр сенiң жаның таң болдым деп. Диюдың көңiлiн аула мәз қылған боп, Өзiңнiң ғұмырыңды аз қылған боп. Ең жаман сол дұшпан ашуланса, Өп-өтiрiк жылашы наз қылған боп. Мәлике айтты: – Сұрадым оның бәрiн, Әбден сұрап түңiлдiм дию жанын. Бiр күнi дию дұшпан көңiл қос деп, Құрытты маған келiп ынтызарын. Мен айттым сол дұшпанға босайын деп, Көңiлiңдi ғашық болған басайын деп. Мен сендiк болар едiм, жаныңды айтсаң, Жаныңа жаным бiрге қосайын деп. Дұшпаннан қатты қысып сұрадым бек, Ол дұшпан жауап бермей отырды тек. «Ей, мүрдар, құр жанымды не етесiң?» деп, Сол дұшпан ұрды менi табанша кеп. Сонда мен зар еңiреп жыладым көп, «Жаныңа жан қосқалы сұрадым деп. Мен бейшара ғарiптi неге ұрасың, Қорқасыз ба жанымды ұрлайды деп. Қойдың ба, менi бүйтiп әуара қылып, Мен өлсем сен қаларсың иттей ұлып. Саған жұмыс болармыз бұ жапанда, Өлермiн де кетем деп көзiм жұмып». Бiр уақытта сол дұшпан тұра келдi, Қолын созып мойнымды құшты ендi. «Жылаған көз жасыңа болсын құрбан, Ендi саған айтайын, жаным,–дедi. Менiм жаным дария түбiнде едi, Iздесең де табылмас бұ күнде ендi. Дария түбi – құдықта алтын сандық, Сол сандықта жанымыз тұрұр,– дедi. Бұ дию айтты зарлығымен, Өзiнiң салтанатты хандығымен. Жүзiгiн Сүлейменнiң суға салсаң, Шығады жаным сонда сандығымен. Жаныма сенiң әлiң қайтып жетер, Жанымды адам бiлсе қастық етер. Жанымды айтпан деген айттым саған, Көңiлiңдi уағдаңмен қоссаң не етер». Мен айттым қосайын деп көңiл саған, Жаныңа жаным қосам ап кел маған. Дию айтты: – Құтылдық Сүлеймен, Ап келгенiм жанымды болар жаман. Табылар қайдан мөһiр Сүлейменi, Асуттың шығар едi судан жаны. Шаһзада, менi ап кетер амалың жоқ, Айта бар Бәдиғыма ғарiп менi. Әлқисса, шаһзада Мәликеден сүйiншi тiлеп, Асут диюдi өлтiрiп кеткенi Шаһзада бұ сөздi естiп өре тұрды, Қуанды һазарчандан жүз мың түрлi. Сүйiншi Мәликеден алайын деп, Аллаға зар еңiреп шүкiр қылды. Патша айтты: – Тiлiме еремiсiң, Сен менi Бәдиғыңдай көремiсiң? Жүзiгiн Сүлейменнiң Құдай берсе, Сүйiншi, Мәликежан, беремiсiң? – Сөзiңе не десең де көнер едiм, Артығырақ Бәдиғымнан көрер едiм. Жүзiгiн Сүлейменнiң Құдай берсе, Ойбай-ау, не тiлесең берер едiм. – Мәлике, жүйрiк аттай тасар ма едiң, Көңiлiңе қайғы түсiп босар ма едiң? Жүзiгiн Сүлейменнiң Құдай берсе, Барғанда Бәдиғыңа қосар ма едiң? – Перiге ғарiп басым жем болсам да, Ойламан бiр сен үшiн кем болсам да. Елге Құдай сақтап жетер болсақ, Қосар ем Бәдиғыма не болсам да. – Мәлике ал, көңiлiңдi бекiтiп ал, Қолымда Сүлейменнiң жүзiгi бар. Асуттың жанын бiзге Құдай бер деп, Тез барып дарияға буады сал. Диюдiң бар асылын алды дейдi, Жүзiктi суға салып малды дейдi. Жарқырап алтын сандық шыға келдi, Тiлегiн екеуiнiң Құдай бердi. Сандықтың аузын бұзып ашып едi, Көредi ол сандықта бiр кептердi. Екеуi сол кептердi ұстап алды, Құданың құдiретiне таңға қалды. Мәлике ол кептердiң жұлды басын, Қылышпен шаһизада бiр-ақ салды. Айрылды денесiнен дию жаны, Құйылды жапалақтап көктен қаны. Сүйегi айналып кеп жерге түстi, Өне бойы қайқайып берi түстi. Диюдың зорлығына қараңызшы Теңiзден кеудесi озып берi түстi. Көңiлi екеуiнiң өседi ендi, Құтылдық бұ дұшпаннан деседi ендi. Құдаға тәуекел деп бейшаралар, Сал буып дарияға түседi ендi. – Дарияға түсерiм қиын маған, Көп жолдастан айрылып болдым жаман. Талай-талай бейнеттен шықты басым, Есен-аман сақтай гөр, Алла Тағалам. Құданың көп сиынды құдiретiне, Тәңiрiм сақтар зарланған ниетiне. Һәр пәледен Құдайым сақтады аман, Сүлеймен жүзiгiнiң құрметiне. Ендi бұлар суменен үш ай жүрдi, Күндiз-түнi демедi, тынбай жүрдi. Шаһзада бiр күн ұйықтап жатыр едi, Мәлике ойбай салып, фариад қылды. Сасқаннан мәлiкзада түрегелдi, Көзiнiң жасын көл қылып бұлады ендi. Бiр жайын жетiп қапты жұтайын деп, Қақ басқа тiсесiмен ұрады ендi. Жайынның бас сүйегi пара болды, Әуара жайын тулап жара болды. Толқынмен шыға келдi бiр аралға, Бұларға Жаппар Құдай пана болды. – Мәлике, шүкiрлiк қыл Тәңрiмiзге, Сиыналық Жаратқан Мауләмiзге. Бiрқатар осы жерде тынығалық, Құдайым тыныштық бер,– дейдi,– бiзге. Жарайды деп аралға келдi дейдi, Қорек қып балық аулап жедi дейдi. Аралда тамаша етiп жүрген шақта, Алыстан бiр топ қара көрдi дейдi. Жарандар, ашып тыңда көңiл көзiң, Кiтаптан бұрыс емес үшбу сөзiм. Топ қара Сейпiлмәлiк көргеннен соң, Жау ма деп қорыққанынан жасырды өзiн. Топ қара сол аралға тағы түстi, Шаһзада жанынан қорқып, қайғы күштi. Су жүрек болып қалған екi байғұс Тағы да жау болар деп зәресi ұшты. Алыстан аңысын байқап көп ойлады, Анықтап әбден болжап бек аңдады. Кейпетi мұсылмандай көрiнедi, «Баралық ендi бұған» деп ойлады. Салынан алып шықты һәрне барын, Пәледен сақтай көр деп, Жаппар, Кәрiм. Қастарына барады сәлем берiп, Олар дағы көредi екеулерiн. Екеуiн керуен көрiп қалды қайран: – Келiп едiң, бейшаралар, мұнда қайдан? Хоры ма, перiште ме, немене екен, Сарғайып нұры тамған не деген жан? Бейшара, жүзiң сары, жаман,– дедi, Бiз жүрген керуенбiз тамам,– дедi. Жөнiңдi, бейшаралар, айтшы бiзге, Жапанда нағып жүрген адам?– дедi. – Тентiреп сапар жүрмiз жапан түзге, Зиянды болмасаңдар ғарiп бiзге. Бiздерге, керуендер, қас қылмасаң, Айталық жөнiмiздi ендi сiзге. – Жапанда Құдай деген сен бiр некен, Алланың жүзiн көрмес сенi жеккен. Бiздердi қас қыла-дүр деп ойыңа алма, Керуенбiз мүсәпiр Құдай деген. Падиша не көрсе де саспайды ендi, Қазадан Құдай салған қашпайды ендi. Мүсәпiр керуенбiз дегеннен соң, Бiр-бiрден көрген сөзiн бастайды ендi. Керуен құлақ салды сөз екен деп, Кезерген ер жiгiттiң өзi екен деп. Бiр жiгiт Мәликенi таныды ендi, Бұл бiздiң ханымыздың қызы екен деп. Ол жiгiт танығанын қылды кеңес, Бiреудiң ғам-қайғысын бiреу жемес: – Кеткелi ғайып болып болды он бiр жыл, Екенiн өлi-тiрi адам бiлмес. Көп болды көргенiмнен көрмегенiм, Бетiмде қан қалмады еңiрегенiм. Мәлике керуеннен сөз сұрады: – Билеген елiңiздi ханыңыз кiм? – Ата-анаң зарлық пенен жүрiп едi, Көңiлiн саған жылап бұрып едi. Қайырып өтiрiк деп сұрадың ба, Сенiң атаң Рәбиғұлмәлiк едi. Мәликенiң көңiлi тынады ендi, – Ата-анам аман ба?– деп сұрады ендi. Сорлы қыз ғайып болған мен едiм,– деп, Көрiсiп керуенге жылады ендi. Сөйледi керуендер ендi тамам: – Замана жылдан-жылға болар жаман. Мәлике, көп жыламай көңiлiңдi тый, Ата-анаң, елi-жұртың, бәрi де аман. Базарға былтыр шығып барып едiк, Не асыл сол базардан алып едiк. Үш айда аман болсақ бiз барармыз, Бұ жолға бұрын жүрген қанық едiк. Өзiмiз Хатай жұрты, саудагермiз, Бес-алты ай дарияда бiз келермiз. Талапкер бәрiмiз де мұсылманбыз, Тағы да мұнан көшiп жөнелермiз. Керуен кемеменен жүредi ендi, Екеуi керуенге кiредi ендi. Үш айдай тыным алмай керуендер, Бiр күнi ел хабарын бiледi ендi. Кеңестi керуендер түнелiк деп, Бiр-екеу бұрын барып көрелiк деп. Ағасы Тәжiлмәлiк жолында едi, Хабарын Мәликенiң берелiк деп. Бiр-екеу керуеннен шабады ендi, Сұлтанның ордасын кеп табады ендi. «Ағаңның ғайып қызы келедi» деп, Сұлтанға Тәжiлмәлiк хабар бердi. Ағасы естiген соң зар еңiредi, Керуен көп сүйiншi жияды ендi. Алдынан Мәликенiң қарсы шықты, Қасына жиып алып тамам елдi. Ағасы Мәликеге барып жеттi, Көрiсiп қыз Мәлике зарлық еттi. Қайсыбiрiн айтайын осылай деп, Халайық қойдай шулап зар еңiрептi. Той қылды Тәжiлмәлiк қуанғаннан, Бұлардың қайғысы артқан барша жаннан. Он күндей Мәлiк сұлтан той қылады, Ағекем құтылды деп бұл арманнан. Жiбердi ағасына елшi кiсi, «Құданың бiзге келдi дәулет iсi». Еңiредi естiген соң ата-анасы, Сарғайған перзентiне есi-түсi. Еңiрейдi атасы мен анасы ендi, Келедi деп перзентi данасы ендi. Еңiреп-боздап аттанды ата-анасы, Бұлардың зарлығына қарашы ендi. Көңiлi шешесiнiң кеттi тасып, Көрiстi баласыны құшақтасып. Сағынып перзентiн қалған екен, Көрiстi афған әйлап, зар жыласып. Әлқисса, анасының жылағаны – Әй, Мәлике-ау, шырағым, Бауырымдағы лағым. Қарап тұрған қарағым, Жанып тұрған шырағым. Көрiп тұрған қуанышым, Алданып тұрған жұбанышым. Сенi көрем деп пе едiм, Аз ғана күнгi уанышым! Қарағым, көрем деп пе едiм, Көкейiмнен кетпедiң. Мен бейшара анаңды, Зарлатайын деп пе едiң? Әй, Мәлике, құлыным, Қолқама бiткен жұлыным. Күнiм өттi зарлықпен, Еске түсiп қылығың. Мен байғұс жүдеп өлдiм ғой, Көрмегендi көрдiм ғой. Iшiме толды сары су, Шашыма нысан кiрдi ғой. Қарағым, сенен айрылып, Күндiз-түнi зар қылып, Қатты зарлық қылдым ғой. Өлiп едiм, тiрiлдiм, Көзiме тiрi көрiндiң. Тамам жұртты сал қылып, Күнi-түнi зар қылып, Он бiр жылдай егiлдiм. Күйiп те болдым қызыл шоқ, Құдайдан басқа дәрмен жоқ. Көремiн деген ойым жоқ, Бүгiн өлсем арман жоқ. Айналайын, Мәлике-ау, Ендi арманым қалған жоқ. Тарқатты сол анасы құмарды ендi, Жалғызын көргеннен соң уанды ендi. Анасы еңiреп-боздап қылды зарды, Лебiзiн Мәлике де шығарды ендi. – Меһiрбаным, жан ана, Мен дағы зар болдым ғой, Сарғайып жүдеп солдым ғой. Құдiретi үлкен Құдайым, Мұңлық қылып қойды ғой. Шешекем, зар боп сағындым, Темiрден арқан тағындым. Қызметтi күнiм өткiзiп, Жаздым неден, жаңылдым. Тұрған жерiм жар ма екен, Айналуға тар ма екен. Ойлап тұрсам, шешеке-ау, Бiзден мұңлық бар ма екен? Мен мұңды емей, немене, Қайғысыз жанға теңеме. Достыммен бiрге жүрушi ем, Қызметiңдi қылушы ем, Жалғыз сағат көрмесем, Анам қайтiп отыр деп, Қасыңа жылап келушi ем. Жақсылық күн көрмедiм, Дұшпанға көңiл бермедiм. Зарлықпен күнiм өткiзiп, Елдегi сорлы мен бе едiм? Ғарiп болдым жасымнан, Қайғы кетпей басымнан. Өттi қайран күнiм-ай, Айрылдым нешiк досымнан? Мұндай да күн бар екен, Құдайдың iсi тар екен. Шын көрдiм бе, шешекем, Көрiсер күнiм бар екен? Сөйлейiн ендi барымды, Кiм бiлер менiм зарымды. Қайран, елiм, жұртым-ай, Сағындым, ойбай, бәрiңдi! Анасы алдыменен бұрын кеттi, Аулақта мауқын басып зарлық еттi. Қасына нөкерлерiн ертiп алып, Атасы қызметшiмен тағы жеттi. – Һай-ай, ғазиз атекем, Көремiн сенi деп пе едiм. Көкейiмнен кетпедiң, Мен жалғызды еске алмай, Анадан туған көп пе едiм? Көп болды менiм арманым, Кәпiрге зар боп барғаным. Ел-елге хабар салмадың, Еске менi алмадың, Әкеке, көңiлiң қалды ма, Соңымнан iздеп бармадың. Достыма бар деп айтпадың, Мен үшiн күйiк тартпадың. Қайғы әйлап қам жемедiң, Достыма iзде демедiң. Перiнiң жүрмес жерi жоқ, Қолынан келмес iсi жоқ, Менi қойдың зарлатып, Бiр диюге алдатып. Күнiм өттi осылай, Есiм де кеттi көп жылай. Зарлағанмен өлмедiм, Маған көңiл бөлмедiң. Мейiрбаным, жан ата, Жек көргенiң мен бе едiм? Атамды көрсем арман жоқ, Көретұғын заман жоқ Деп ойлаушы ем мен сорлы, Жүзiңдi көрдiм, жан ата, Ендi арманым қалған жоқ! Мәлике жамандыққа көңiл бұрмай, Болды ғой ақырында көңiлi жай. Мәлике сөзiн айтып болғаннан соң, Жылады атасы да жасын тыймай. – Әй, Мәлике, қарағым, Сенi балам демесем, Сенен қайғы жемесем, Ақылымнан адастым. Тiрi жүрдiң демесең, Ақылым, балам, кеттi ғой, Қорлық басқа жеттi ғой. Құса болдым, жан балам, Зарлықпен күнiм өттi ғой. Ел-елден кiсi алдырдым, Төңiректi шалдырдым. Ел-елге хабар салдырдым, Қанша iздетiп таппадым. Шарам бар ма не етейiн, Көңiлiм сөйтiп қалдырдым. Ойлай-ойлай санам жоқ, Сенен басқа балам жоқ. Қарағым, iздеп таппадым, Құрметiңдi сақтадым. Хабарың адам бiлмедi, Арсыз жаным өлмедi. Кеңес қылдым күнде топ, Мен сорлыда ақыл жоқ, Мен де сенен айрылып, Зарланайын деп пе едiм? Шарам бар ма Құдаға, Не қылса да амал жоқ, Айналайын, Мәлике-ау, Ендi менде арман жоқ. Падиша осылайша зарлық қылды, Баласын көзi көрiп көңiлi тынды. Терейiн қайсыбiрiн осылай деп, Алдымен шуылдасып көрiстi ендi. Ендi хан шаһзаданы көзi көрдi, Жиылып елi-халқы көрiстi ендi. Халайық екi затты алып келiп, Тамаша үлкен тойлар қылысты ендi. Ата-анасы қуанып жылады ендi, Көздiң жасын көл қылып бұлады ендi. – Ғұмырыңда жер жүзiн көрдiң бе?– деп, Атасы Мәликеден сұрады ендi. Жүрдiң бе көңiлiңмен иман ұйып, Жүре алмас, сiрә, адам көңiл тыйып. Қосылсаң шаһзадаға, айтшы маған, Қосайын бiржолата неках қиып? Сөзiнен адам айтқан жаңылар ма, Бұл бiзге қызмет қылса бағынар ма? «Теңiн тапса тегiн бер» дегендейiн, Iздесек мұндай күйеу табылар ма? Мәлике ел-жұртына сөз сөйледi: – Айтайын өз халiмдi, ата,– дедi. Берерсiң билiгiңмен бата,– дедi, Сөзiмде болмас менiм қата,– дедi. Пiкiр ғып ойламаңдар, сүттен ақпын, Халайық, сөз қылмаңдар, судан пәкпын. Қолында бiр диюдың тұтқын болып, Неше күн зарлық көрген мен бейбақпын. Қолыма жеңнен өзге тиген емес, Ләбiмнен бiр пенде сүйген емес. Үстiмде бар бөтенiм киiлген киiм, Көңiлiм һеш нәрсенi бiлген емес. Диюға һеш болмадым көңiлдi ендi, Дұшпаннан неше зарлық көрдiм,– дейдi. Бiздерге о да қылды бiз де қылдық, Ол қылды қараңғы күнiмдi ендi. Жылайды қыз Мәлике сонда тұрып, Шаһзада ойламайды көңiл бұрып. Көңлiнде ғашық оты қайғысы бар, Не қылсын басқа жанға көңiл қойып. – Мен қарындас, шаһзада ағам,– дейдi, Әуелден аға болған маған,– дейдi. Келмейдi көңiлiмiзге жаман,– дейдi, Халайық, есiтiңiз тамам,– дейдi. Сөйлейдi қыз Мәлике көрген зарын, Жылайды атасы естiп оның бәрiн. Мысыр шаһар сұлтаны жаһан кезiп, Бiлгiздi атасына барша халiн. Атасы естiген соң зар еңiредi: – Шаһзада ақыреттiк балам,– дедi, Мен саған, шаһзада, болдым ата, Тапсырдым мал-мүлкiмдi саған дедi. Шаһзада қабыл көрiп болды бала, Хан қылды бұл елге де Алла Тағала. Мал-мүлiк, сұлтанатын бердi патша, Мәлике сiңлi болды, шаһзада–аға. Мәлике Бәдiғұлға хат жiбердi: «Әй, достым, есен-аман келдiм,– дедi. Тез келшi, көңiлiңе алсаң, маған, Мен ғарiп бек сағындым сенi» дедi. Мәлике ендi бiр күн сейiл қылды, Тамам қыз Мәликеге көп жиылды. Патшаның Сағит досты еске түсiп, Бiр күнi нала қылып бек күйiндi. – Атыңнан айналайын, Алла Құдай, Зарлықты достым үшiн көрдiм мұндай. Сағитым, айналайын жан қарарым, Еңiреймiн iшiм жанып тақат қылмай. Еңiреймiн достым үшiн iшiм жанып, Қаңғырдым жапан түзде жалғыз қалып. Құдай-а, тiрi болса көрсет маған, Не болам өлген болса мендей ғарiп? Құдай-а, зар еңiреймiн достым жанға, Ұқсайды iшкен асым қызыл қанға. Достымды тiрi болып көре алмасам, Не болам тiрi жүрiп бұ жалғанда. Мәлике сауық қылып жүредi ендi, Шаһзада Хақтан тiлек тiледi ендi. Зарланған шаһзаданың даусын естiп, Мәлике қалың қызбен кiредi ендi. Ол қыздар шаһзаданың жүзiн көрдi, Көздерiн бәрi қарап, кетiрмедi. Тiзесiн шаһзадаға жастық қылып, «Мәлике жылама» деп зар еңiредi. – Жыламай, жасыңды тый, ғарiп ағам, Зарлансаң ғарiп көңiлiм болар жаман. Құдайың жәрдем әйлап, медет берсе, Табылар тiрi жүрсе достың саған. Жылама, ей, шаһзадам, төкпе жасың, Қор болар қайғырсаңыз мұңлы басың. Он күнде келедi деп хабар жеттi, Бәдиғым мағшұғыңыз, жар жолдасың. Бұ дүние баяны жоқ ала, өтер, Зарланып күйдiрмеңiз менi бекер. Аң аулап, қырға шығып атқа мiнiп, Шаһзадам, ертең шығып көңiл көтер! Мына сөзге шаһзада көңiлi өстi, Мәлике ғам-қайғының бәрiн шештi. «Базарды атқа мiнiп аралайық, Аң аулап, тамаша етiп бүгiн» дестi. Жарандар, бек тамаша сөз болады, Бейнетi ажалдының тез болады. Шыққалы сахараға бара жатса, Алдынан бiр мүсәпiр кез болады. Қараса, ол мүсәпiр Сағит өңдес, Сұрарға падишаға ебi келмес. Сағитым деп айтайын десе патша, Бекер бiреу болұр деп көңлi сенбес. – Жарандар, Ақтан тiлеп Алла деңiз, Алланың құдiретi көп ұшан-теңiз. Бiз барып сахараға тез келемiз, Келгенше мүсәпiрдi жiбермеңiз. Шаһзада бұ сөздi айтып аңға кеттi, Бiр-екеу мүсәпiрдi жiбермес-тi. Бейшара дағы қорқып жүрмеп едi, Байғұсты ұрып-соғып тентiреттi. Мүсәпiр ақыл таппай сасады ендi, Зар жылап ғайып болып қашады ендi. Әрең тауып қатты ұрып, басын жарып, Зынданға алып барып тастады ендi. Патша һеш хабарды бiле алмады, Далада сабыр қылып жүре алмады. Асығып ордасына қайтып келiп, Шақыртып мүсәпiрдi қасына алды. Байғұсты қолын байлап алып келдi, Қан болып басы-көзi налып келдi, «Байғұсты халiн сұрамай ұрдыңдар» деп, Шаһзада көңiлiн тыймай зар еңiредi. – Сұрайын сенен сөздi, ғарiп,– дедi, Жүремiн он үш жылдай налып,– дедi. Атың кiм, ей, мүсәпiр, шаһарың кiм, Келiп ең осы жерге нағып?– дедi. – Атым Сағит,– дедi,– Мысыр шаһарымыз, Ашылмай он үш жылдай баһарымыз, Айрылған достымыздан сәргарданбыз, Дарияда ойран болған сапарымыз. Шаһзада құшақтады ұшып келiп: – Жүрдiм ғой сенiң үшiн уайым шегiп, Сенi де көрсетер күн бар екен деп, Жан достым, менiм атым – Сейпiлмәлiк. Неше жыл зарлықпен жүрiстi ендi, Мiне екеуi табысып бiлiстi ендi. Сағит достын құшақтап Сейпiлмәлiк, Зар еңiреп қатты зарлық қылысты ендi. Сейпiлмәлiктiң достысына жылағаны – Атым Сейпiлмәлiкпiн, Жарлық көрiп жүрiппiн. Сенсiз менде қарар жоқ, Және жансыз өлiктей, Қайғымен дәурен сүрiппiн. Ақыл таппай сал болдым, Өлмедiм тiрi, бар болдым, Қарағым, достым Сағитым, Ойлап сенi зар болдым. Өлiп едiм, тiрiлдiм, Көзiме тiрi көрiндiң. Бiздi бүйтiп айырған, Аллаға зар боп егiлдiм. Сенi ойлап зар боп жүргенiм, Сарғайып жүдеп өлгенiм. Өңiм бе, менiм түсiм бе, Достым, сенi көргенiм? Азаппен дәурен сүрiп ем, Жапанда зар боп жүрiп ем. Сағитымды көрсет деп, Аллаға зарлық қылып ем. Екi де жерде зар қылдық, Жолдастан мүлде айрылып, Нешiк жаздық Аллаға, Екi жерде қаңғырдық. Терезем менiм тең үшiн, Сен қайғырдың мен үшiн. Жаным да саған құрбандық, Өлсем шаһид сен үшiн! Бұлайша Сағит байғұс жылады ендi, Көз жасын екi ғарiп бұлады ендi. Сарайға Сағит достын алып келiп, Тамаша қызық тойды қылады ендi. Жыласып екi дост халiн айтып, Бейнетiн бiр-бiрiнiң сұрады ендi. Хикая Сағит – Достым-ау, бұ дүниенiң түбi жалған, Табылмас оңайлықпен көңiлге алған. Жан достым, бар халiңдi айтшы маған, Бейнеттi басымызға Тәңiрi салған. Шаһзада бұ Сағиттiң халiн бiлдi, Кеңес қып Сағит халiн баян қылды. Сөйлейдi әуел бастан шаһзадаға, Жамағат құлақ салып тыңдап тұрды. Сөйлейдi Сағит байғұс әуел бастан, Тұздары арылмаған қанды жастан: – Сол уақыт дария жүзi топан болып, Кеменi дал-дал қылып алып қашқан. Теңiзде көрмегендi көрдiк,– дейдi, Құданың салғанына көндiк,– дейдi. Төрт кiсi бiр кемеде қалып едiк, Зарлық қып дарияда өлдiк,– дейдi. Дарияда оңды-солды көп күн жүрiп, Бiрқатар зәңгi дұшпан көрдiк,– дейдi. Зәңгiлер төртеумiздi ұстап алды, Үйiне өздерiнiң алып барды. Құдайым салғаннан соң көнбейiк пе, Отынға екi-үш жылдай құл ғып салды. Тентiреп сәргарданмен өлдiк ендi, Қорлыққа шара жоқтан көндiк ендi. Бiр күнi бiреумiздi сойып жедi, Сойғанын қонағына көрдiк ендi. Үшеумiз сол дұшпандан ендi қаштық, Жан-дәрменмен дарияға келiп түстiк. Дұшпандар бiреумiздi жегеннен соң, Үмiт үзiп бiр шыбын жаннан кештiк. Бiрде былай ағамыз, бiрде былай, Ғарiп болып Аллаға жылай-жылай. Жазира арал көрсек бiз қашамыз, Көрсеттi тағы пәле Жаппар Құдай. Құтылып зәңгiлерден кеттiк ендi, Зар болып дүниеден өттiк ендi. Пәледен сонда дағы құтылмадық, Тағы да бiр дұшпанға жеттiк ендi. Сол мақұлықтың есектей бастары бар, Адамдай бетi, көзi, қастары бар. Аяқ-қолы, тұлғасы бейне адамдай, Тiлiн адам бiлмейдi нәжiс мүрдар. Бурадай адам кептi сирақтары, Мал да емес, адам да емес құлақтары. Мойнында сиғыра жалдары бар, Бiзге ап келiп төгедi нығметтердi. Ұстап ап үшеумiздi алып келдi, Ап келiп неше түрлi жемiс бердi. Екi айдай неше түрлi жемiс берiп, Бордаққа бiздi байлап семiрттi ендi. Бередi су орнына шекер-шәрбат, Жемiстiң бәрiн бердi басын санап. Екеуi қасымдағы құп семiрдi, Сенi ойлап мен жүремiн аттай жарап. Өзге қайғым көп болды басым аман, Сен үшiн он үш жылдай болдым жаман. Екеуi қасымдағы семiрген соң, Сол дұшпан сойып жедi ақырзаман. Сол дұшпан менi арық деп жемедi ендi, Қолтықтап патша Құдай демедi ендi. Бiр үйде екi жылдай тұрып едiм, Қатыны бiр күн маған келедi ендi. Жылаған көз жасымды қатын көрдi, Босатып, қаш дегендей қоя бердi. Қашып шықсам, қараңғы жерi тұйық, Бiлмедiм ғарiп басым қашар жердi. Амалсыз тағы түстiм тiлсiз жауға, Қуандым ғарiп басым денiм сауға. Адастым неше күндей жөнiн бiлмей, Шарам жоқ һеш бұрылып, қимылдауға. Дарияда жөнiн бiлiп жүре алмадым, Екенiн халiм нешiк бiле алмадым. Бiр дұшпан бiр аралдан тағы шықты, Еш хайла құтылатын қыла алмадым. Сол мақұлық ұстап алып барды анда, Жасаған нелер жандар бұ жаһанда. Кiсi бiлiп болмайды тағы тiлiн, Жаратқан ғажайыптар Құдауанда. Бойлары көрiп тұрсаң мұнарадай, Қолы шынар ағаштай, көзi шарадай. Киiздей бiр орау құлақтары, Һәрбiрi тесiгiнiң бейне ғардай. Өздерi хорлар да емес, адам да емес, Нәрсенi харам, нәжiс, әсте, жемес. Мен оларды таң көрдiм, олар менi, Қылайын көргенiмдi бәрiн кеңес. Тамға ап кеп асты менi ұстап алып, Жылаймын асқаннан соң ойбай салып. Бұлбұл құс мен жыласам сайрайды деп, Әуес қып күлiседi қайран қалып. Екi жылдай менi асып бұлбұл дедi, Бiр күнi мақұлық жиылды ендi. Менi тағы асқалы алып келдi, Бәрi де арақ iшiп жығылды ендi. Пәлеге екi жылдай қалдым ендi, Не түрлi жемiстерден алдым ендi. Су шетiнен бiр ескi кеме тауып, Тәуекел деп дарияға салдым ендi. Кемеге тәуекел деп жалғыз мiндiм, Алла деп дарияда екi ай жүрдiм. Ажалсыз адам өлмес болады екен, Бiр керуен кез келiп соған ердiм. Керуен менi бiрге алып келдi, Әбден-ақ бұ сөзiме қанып келдi. Һәрбiр елден сұрадым, достым, сенi, Жүремiн бiр сен үшiн налып,–дедi. Сахараға шығып кездiм бұ жаһанды, Қинадым саяқ болып ғарiп жанды. Келiп ем үшбу күнi бұ шаһарға, Хаққа шүкiр, мен көрдiм шаһзаданы. Шаһзадам, осы,– дедi,– менiм халiм, Естiдi мәлiкзада оның бәрiн. – Әй, достым, көрген iстi көңiлiңе алма, Тiлектi бердi бiзге Бiр уа Барым. Шаһзада қуанышпен сауық қылды, Жәй болып Мәлике де көңiлi тынды. Қауышып екi жан дост бiр-бiрiне, Көзiнiң зар еңiреген жасын тыйды. Шаһзада қайғы кетiп нұрланады, Хорлардай ұжмақтағы түрленедi. Нұрына қайғысыз боп кiрген шақта Көргендер ғашық болып таңданады. Дүниеден қандай қатты жапа тартқан, Ақырда балдан тәттi опа тапқан. Жамағат, құлағың сал үшбу сөзге, Бастайын ендi кеңес перизаттан. Әлқисса, Бәдiғұлжамал Мәликенi естiп, Сарандилге келiп шаһзада мағшұғын көрiп уа һәм басқа ахуалдарды көргенi Рауаилар рауаятын сөйлер ашып, Қылады Сейiт назым сөздi машық. Көрiсер жерi келдi жаңа жетiп, Бәдiғұл–Сейпiлмәлiк екi ғашық. Бәдiғұлжамал Мәликеден хабар алды, О дағы көрген екен қайғы-зарды. Достымды ендi барып көремiн деп, Қуанып перi қызы бек шаттанды. Қуанып ата-анасы рұқсат бердi, Жолдасқа перi қызы жиыпты елдi. Тақтымен көтердiлер қанша перi, Қалың қыз бенен жетiп келдi. Естiдi шаһ Сарандил бұ хабарды, Жасады бағ манзил ғуд ғанбарды. Салтанат неше түрлi көшiк сарай, Зейнеттеп түзетедi баршаларды. Алдынан қыз Мәлике қарсы шықты, Қайғысы қатты болған, сiрә, тiптi. Екi жанан мейiрбан қосылысып, Мәлике зар жыласып көрiсiптi. – Әй, Бәдиғым, қарағым, Емшектесiм жананым, Жыламайын десем де, Өртенiп, жанып барамын. Бәдиғым, достым сен едiң, Мейiрбаның мен едiм. Бiр сағатта зар болып, Бәдиғым қайда дер едiм. Үйiңе барып келгенше, Нұр жүзiңдi көргенше, Қатты қайғы жер едiм. Сөйткен қайран Бәдиғым, Сенен зар боп айрылдым, Қанатымнан қайрылдым, Гауһар едiм бiр күнде, Зарлай-зарлай жүн болып, Жасыған жездей майрылдым. Ойлап естен жаңылдым, Бiр диюға бағындым, Темiрден арқан тағындым. Өзгенi ойлап не етейiн, Бәдиғым, сенi сағындым. Он бiр жылы жатқаным, Қайғы-ғамға батқаным. Бәдиғым деп зар илеп, Қу ағаштай қатқаным. Диюға болдым кiрiптар, Iшiм толған дертiм бар. Бәдиғым iздеп келүр деп, Күнi-түнi болдым зар. Хүкiмiң жүрмес жерiң жоқ, Қолыңнан келмес iсiң жоқ. Бәдиғым келiп алар деп, Жаттым, ойбай, көңiлiм тоқ. Достым, iздеп келмедiң, Маған көңiл бөлмедiң. Айналайын, Бәдиғым, Жек көргенiң мен бе едiм? Сен үшiн, қалқам, зарладым, Диюға көңiл салмадым. Һеш болмаса, Бәдиғым, Бiр iздеп неге бармадың? Диюға қойдың алдатып, Мен ғарiптi зарлатып, Күнiм өттi зарлықпен, Достыңды қойдың сандалтып. Бәдиғым, сенi тiледiм, Көрсем деп зар боп жүр едiм. Көрсеттi, шүкiр, Құдайым, Iшiм толған уайым, Iшiмдегi дертiмдi Тарқатпай нешiк шыдайын? Диюға түсiп көп жаттым, Бәдиғым [iздеп] келер деп. Жолыңа қарап үңiлдiм, Келмеген соң түңiлдiм, Қайсыбiрiн терейiн Зарлап өткен ғұмырдың. Диюда жаттым он бiр жыл, Бұ сөзiме мойын бұр. Таусылар ма зарлық сөз, Мұңлықта болдым жазы, күз. Ғарiп болған бейшара Бiр адамзат болды кез. Сол адам менi келтiрдi, Ол диюды өлтiрдi. Себепшi болды бейшара, Неше теңiз кешiрдi. Көрiстiм бе, досым-ай, Көзiмнiң жасы жосымай, Бәдиғымды Құдайым Көрсеткенi осы ма-ай! Сен жылама, Бәдиғым, Айналайын, досым-ай! Мәлике жылама деп зарлық еттi, Жаратқан мың шүкiрлiк Алла дептi. Екi дост сағынысып қалған екен, Қайғырып Бәдiғұл да зар еңiрептi. – Һай, жан достым, шырағым, Қайғылы боп тұрамын. Жаннан тәттi жананым, Болайын құрбан лағың. Сен үшiн, қалқам, жыладым, Көзiмнiң жасын бұладым. Һәрбiр елден, Мәликем, Бiлiнер деп бiр хабар, Елшi салып сұрадым. Сұрасам да бiлмедiм, Қайғысыз болып жүрмедiм. Сен кеткен соң, жан достым, Һешбiр ойнап күлмедiм. Күн-түн зарлық еткенiм, Зарлықпенен кеткенiм. Маған қиын iс болды, Ғайып болып кеткенiң. Iшiме қайғы толтырып, Гүл жүзiмдi солдырып. Қанша жердi iздедiм, Таппай да қойдым болдырып. Базардан шыққан нәсiл-дi, Болаттан шыққан асыл-ды. Тектiден туған қарағым, Жұмылған көзiм ашылды. Сенi көрiп, жан достым, Қайғылы көңiлiм басылды. Ойлай-ойлай мұң болдым, Ауруменен тең болдым. Күндiз-түнi көп зарлай, Сенен жаман мен болдым. Бұрынғы күнде қандай ем, Миуа ағаштай бүрленiп, Бәйшешектей түрленiп, Жас күнiмде толғанмен, Әй, қарағым, сенi ойлап, Қу ағаштай солғанмын. Ендi неге солайын, Бұрынғы күндей толайын. Айналайын, жан достым, Құрбандық саған болайын! Екеуi өксiп-өксiп еңiредi зар, Кең дүние зарлығына болады тар. Қояды жүзге жүзiн, аузын өбiп, Той қылып, ойын салды перизаттар. Жүзiнен айырмайды назнин көзiн, Қосады латафатпен шырын сөзiн. Тамаша бау-шарбақта екi көркем, Ұқсатсам ай мен күн деп болады өзiн. Мәлике шаһзаданы айта алмады, Перденi көңiлiндегi аша алмады. Достымның көңлi қалып кете ме деп, Айтуға Бәдiғұлға бата алмады. Бiр күнi екi жанан отыр едi, Бәдiғұл Мәликеден сөз тiледi. – Ашылсын көңiлiмiз, бiр әңгiме айт, Естiген-бiлгенiң көп, достым,– дедi. Ғажайып сол әңгiме болсын қызық, Не түрлi жақсы-жаман, бұзық-түзiк. Қосылып достысына перi қызы, – Айт,– дедi,– ендi әңгiме бойы қызып. Мәлике әңгiменi көп ойлады, Көңiлi айтайын деп бек ойлады. Айтуға сылтау таппай жүрген байғұс, Айтайын шаһзаданы деп ойлады. Ал Мәлике хикаят қылды сөздi, Мәлике қыз да болса жаһан кездi. – Сөйлейiн бастан-аяқ көргенiмдi, Әй, достым, тыңда,– дедi,– мына сөздi. Жапанда зарлықпенен өлдiм,– дедi, Алланың құдiретiне көндiм,– дедi. Бейшара жаһан кезiп ғарiп болған, Бiр назнин шаһзада көрдiм,– дедi. Наһалы таза гүлдей, көңiлi гөриян, Болыпты ғашықтықпен бағыры бөриян. Мысырдың толған айдай шаһзадасы, Нұрына ай мен күн сайран қылған. Адамның асып туған падишасы. Көргендер ғазиз жанды қылар құрбан. Биғаят жүзi көркем, халi нәзiк, Сарғайған ғашық болып жолдан азып. Әгерде сұлулығын айта берсем, Кiтапқа бiтпес едi қалам жазып. Перiге он үш жылдай ғашық болған, Ғам-қайғы ғұмырынша азық болған. Айтады әуел-ақыр көргендерiн, Дарияда жолдасының өлгендерiн. Айдаһар, жолбарыс пен Асут дию Өлтiрiп, өзiн алып келгендерiн. Бек қатты көңiлiнде арман,– дедi, Жүрегi ғашық отқа жанған,– дедi. Iштегi ғашық дертi сондай қиын, Өртенер аһ дегенде жалған,– дедi. Ей, достым, құлағың сал,– дедi,– бiзге, Көргенiм сiзге лайық жапан түзде. Қайғыңмен он үш жылдай күйiп-жанып, Ақырда ғашық бопты,– дейдi,– сiзге. Бiр тоннан суретiңдi көрген,– дейдi, Жолыңа жанын құрбан берген,– дейдi. Мен үшiн, достым, соған бiр көрiнгiн, Сен үшiн жапа шегiп келген,– дейдi. Бәдiғұл мына сөзге әбден қанды, Есiттi өз басына ғашық жанды. «Жан достым, не деп айттың бұ сөздi» деп, Бәдiғұлжамал ыза болып ашуланды. – Тiледiм, достым, сенен әңгiме айт,– деп, Мен саған қашан айттым күйеу тап,– деп. Әй, достым, мына сөзiң естiмейiн, Шығарма бұ сөзiңдi, ендi жап,– деп. Мәлике айтты:–Ғашығын бiлдiм,– дедi, Көп заман жолдас болып жүрдiм,– дедi. Барған соң Бәдиғымды көрсетем деп, Уағда шаһзадаға қылдым,– дедi. Мәлике бұ сөздi айтып бек тiледi, Жегiзбе маған қайғы деп тiледi. «Бұ сөздi маған неге айтасың» деп, Бәдiғұлжамал онан арман өкпеледi. – Сөйлеме бұ сөзiңдi, бекер тұрсын, Айтайын саған не деп, бекер тұрсын. Перiге адам ғашық болар ма екен, Бұ сөздi не деп айттың, ей, жан достым. Мәлике айтты: – Өлiкпiн, тұрғыза көр, Жүзiңдi падишаға көргiзе көр. Көзiне падишаның бiр көрiншi, Онан соң не қыларың өзiңiз бiл. Анасы Мәликенiң тағы келдi, – Көзiне шаһзаданың көрiн,– дедi. Мәлике оның сiңлi, ол ағасы, Шерменде бiз мiскiндi қылма,– дедi. Бәдiғұл неше айтса да болмады һеш, Ұялған перi қызы бiр атақ ес. Көңiлi Бәдiғұлдың бiр баспады, Отырып соныменен болыпты кеш. Ол Мәлике өкпеледi, нала болды, Ұйықтағыш жастыққа басын қойды. Жатқан соң аһ ұрып жылап едi, Мәликенiң жастығы жасқа толды. Ұйықтады ол Мәлике ендi жатып, Талықсып шаршаған соң қалды қатып. Бәдиғаның көзiне ұйқы келмес, Жатқаннан соң көңiлiне қайғы батып. Қыз көңiлiне ғашықтық оты келдi, Естiген соң қыз iшi қайнайды ендi. «Көрнеу барсам ұят-ты ел-жұртымнан, Оңашалап жiгiттi көрсем» дейдi. Көзiн зорға жұмса да ұйқы келмес, Ұйқышы жан бiтпеген оған теңдес. «Достым зар боп тұрғанда барсам неттi, Тiлiн неге алмадым мен жарымес?» Ояу жан жоқ, бәрi де ұйықтап қалды, Бәдiғұлжамал төсегiнен тұрып алды. Дыбысын тiрi жанға бiлдiрместен, Үйiне шаһзаданың жетiп барды. Бәдiғұлжамал үй жанынан сығалайды, Ғашық оты ұйықтатпаған құралай-ды. Қайран боп перизаттың есi кеттi, Көрген соң тамаша етiп туған айды. Бәдiғұлжамал үй сығалап тұрады ендi, Кеңесiн Сейпiлмәлiк құрады ендi. Мас болып жолдастары жатыр бiлмей, Сейпiлмәлiк сарғайып жылады ендi. – Ей, перизат, Бәдиғым, Патшалардың тәжiсiң. Таза гүлдей назысың, Бiздей ғашық мәжнүннiң Бойындағы жанысың. Перi бiрлә адамның Ортада туған айысың. Бiздей ғарiп ғашықтың, Бiле алмайсың жайын сен. Қайғың естен кетер ме, Зарлық күнiм өтер ме? Көктегi тұрған сен жұлдыз, Сермесем қолым жетер ме? Жапанда зар боп өлермiн, Тәнде шырын ғазиз жан, Жолыңда құрбан болармын, Зағыпырандай сарғайып, Ендi қашан көрермiн? Бақ Ирамның гүлiстан, Перiлердiң сұлтаны, Затың артық тобысқан. Ұжмақтағы хорлардай, Перiнiң шаһы сен едiң. Бәйшешектей сарғайып, Саған ғашық мен едiм. Өз елiмде тұрғанда, Қай патшадан кем едiм? Сен – шаһзада, мен –ғарiп, Ғарiп те болдым сарғайып, Тәңiрi саған қосар ма, Көзiмдi жасы жосар ма? Ғұмырым бойы зар болып, Жiгiт маған ұқсар ма? Ғашық дертi iшiмде, Тiлсiз жаудың үстiнде, Пәруана боп күйемiн, Зарлай-зарлай жүремiн. Жолында жаным құрбан ғып, Мехнатпен ғұмыр сүремiн. Назнин көзiң сүзiлiп, Жiңiшке белiң үзiлiп, Халiмдi менiм көрсеңшi, Қасыма менiм келсеңшi, Айналайын, Құдайым, Өзiң тiлек берсеңшi! Аһ, дариға, не етейiн, Қай тарапқа кетейiн. Тәңiрiм рақым қылмаса, Мұратқа нешiк жетейiн? Тәңiрiм рақым қылар ма? Ғарiп көңiлiм тынар ма? Бәйшешектей сарғайдым, Көңiлден қайғы шығар ма? Көрсетiп қалқам дидарын, Халiмдi менiң сұрар ма? Бәдiғұлжамал шаһзаданың халiн көрдi, Еңiреген ғашықтықпен зарын көрдi. Дидарын шаһзаданың көргеннен соң, Өтедi ғашық оты жанына ендi. Қасы-көзi, гүл жүзiнiң көрдi бәрiн, Құртты көрiп тұра ынтызарын. Бәдiғұлжамал ақылы кетiп биһұш болды, Көрген соң шаһзаданың нұр дидарын. Шаһзада үйде жалғыз бек зарланды, Бiлмедi шығарда ғашық жарды. Жата алмай тысқарыға шыққан екен, Көредi талып жатқан назнин жанды. Көрiптi патша қарап ынтызарын, Таныды тiктеп қарап ғашық жарын. Бас салды аһ деп кеп Сейпiлмәлiк, Iздеген таптым ба деп назнин жанын. Шаһзада тiзесiне салды басын, Жүзiне талған қыздың төктi жасын. Сескенiп, ақыл кiрiп жүзiн басты, Наз қылған қарай қойшы тамашасын. Қыз айтты: – Әй, адамзат, бұ неткен кеп, Перiге адам лайық болмайды еп. Бiрiгiп от пен топырақ қона ма екен, Өзiңдi бiр жын көрсе өлтiрер,–деп. Шаһзада ол ғашығын танып бiлдi, Құдайым оңаша жолықтырды. Пәруана сенiң үшiн болғанмын деп, Зар еңiреп халi-жайын мағлұм қылды. – Ей, Бәдиғым, қарағым, Ғашық болған жананым. Мен топырақ, сен отсың, Шоғыңа күйiп барамын. Саған ғашық болғанмын, Бәйшешектей солғанмын. Сен жалынсың, мен – тозаң, Жалыныңа қонғанмын. Суретiң тонда көргенмiн, Саған көңiл бергенмiн, Сансыз әскер жан қырып, Жаһан кезiп зар қылып, Бiр сен үшiн келгенмiн. Маған рақым қылмасаң, Шерлi болып өлгенмiн. Он үш жылдай болдым зар, Жүрегiм жанып қан жылар. Қайғыңа болдым кiрiптар, Iш-бауырым елжiреп, Нұрыңа болдым жан құмар. Тiлегiм жалғыз өзiңсiң, Көре тұрған көзiмсiң, Он үш жылдай еңiреген, Аузымдағы сөзiмсiң. Тыңда мұңлы сөзiмдi, Жат көрмеңiз өзiмдi. Рақым қылып Құдайым, Ғұмырым бойы еңiретiп, Кез келтiрдi өзiңдi. Бәдiғұлжамал зарлық сөзiн естiп бiлдi, Перизат ай мен күндей жүзi нұрлы. Балқиды тұла бойы перизаттың, Сүзiлiп қарады да ендi күлдi. Ғашығын падишаның бiлген анық, О дағы ғашық болған iшi жанып. Екеуi зар жыласып көрiстiлер, Мас болып бiр-бiрiне мейiрi қанып. Жылайды махаббатпен уағда қылып, Ғашығын бiр-бiрiнiң әбден бiлiп. Қолдарынан ұсынып шәрбат iштi, Өбiсiп, құшақтасып үйге кiрiп. Бәдiғұлжамал шаһзадаға сөз сөйледi: – Сырымды Мәликеге айтпа,– дедi. Көңiлiңiз қалмасын деп келдiм сiзге, Достымның бiлсе қалар көңiлi ендi. Шаһзада айтты: – Жүрдiм ғой қайғы жеп, Бәдиғым, айта берсем сөздерiм көп. Достыңа сөзге сынық қылдырмаймын, Жан достым, ендi менi ұмытпа,– деп. Шаһзада Бәдiғұлды қоя бердi, Бәдiғұл өзi жатқан үйге келдi. Мәликенiң қойнына жатып едi, Мәлике оянды да аһ ұрды ендi. Бәдiғұл айтты: – Жан достым, мейiрбаным, Бiр сенiң күйгенiне күйдi жаным. Жан достым, әлденеге құса болдың, Бетiме оттай тидi шыққан демiң. Мәлике айтты: – Көрмедiң өзiмдi ендi, Жерге қарап мүлгiттiң көзiмдi ендi. Бүйтiп тiрi жүргенше неге өлмедiм, Патшаға не деп айтам сөзiмдi ендi. Көңiлiм бiратола қалды, достым, Көрушi ем жаннан артық өзiңдi ендi. Бәдiғұлжамал сөз сөйледi Мәликеге, – Көңiлiң бiратола қалды неге? Анам бiлсе не дермiн, әй, жан достым, Беремiн не деп жауап бiлгендерге? – Анаң бiлсе ұятын бiзге салсаң, Өлсем де мен көремiн маған нансаң. Арадағы бәдбахт нағылады, Егер бiлсе дұшпанның мойнын алсаң. – Берейiн тiлегiңдi, ей, жан достым, Сынғанша сөзiн дұшпан мойны сынсын. Ондай барша ұятын өзiң бiлсең, Алып кел, шаһзаданың көңiлi тынсын. Көңiлiңдi, әй, жан достым, тындырайын, Көзiнше оның халiн мен сұрайын. Егер менi бiлмесе, танымаса, Өзi жаман болса, оны нағылайын. Мәлике шаһзадаға жетiп келдi, «Ғашық болған жарыңа жүршi» дедi. Алтын тәжiн оранып жолға шықты, Келдi де Бәдiғұлға көрiстi ендi. Ояу жан жоқ, халайық ұйықтап қалды, Араға жүргiзбейдi тiрi жанды. Екi күндей сөйлесiп ғашық жармен, Абхаят iшкендей мейiрi қанды. Отырды екi жанан лағыл дүрдей, Басқа жан Мәликеден қалды бiлмей. Қараңғы үйдiң iшi болұр жарық, Бiрi хор, бiрi перi–ай мен күндей. Иiстi отқа жақты лағыл шамдал, Мүштәри–Зүһрә жұлдыз екi сандал. Шаһзада таң атқан соң үйге барды, Сезбедi һешбiр хабар басқа жандар. Мәлике де хош болып көңiлi тынды, Солардың тамашасын ғалам таңлар. Ал ендi Бәдiғұлға қайғы түстi, Қайғысы ғашықтықпен болды күштi. Айтады Мәликенiң анасына: – Көрдiм,– деп,– жан шешеке, мұндай iстi. Шешеке, басым түстi ғашық отқа, Көңiлiм раушан едi қайғы жоқта. Елжiреп iш-бауырым бара жатыр, Күйедi iшi-тысым жанған шоққа. Емiзген емшегiңдi бiр анамсың, Iшiме үшбу мүшкiл мейiрбансың. Зарланды нұрлы жүзiн жерге қойып, Шешеке, бұ дертке бiр дәрменсiң. Шешесi Бәдiғұлға жылады көп: – Жүрегiм тiлдiң, балам, уайым жеп. Көңiлiме қайғы салдың, ей, жан балам, Не жауап ата-анаңа қылайын,– деп. Анаңа қайтып тура бағармын деп, Ирамбаққа нешiк от жағармын деп. Анасы ақырында ой ойлайды, Бiр ақыл ендi бұған табармын деп. Анасы айтты: – Жасырсаң жақсы болмас, Бұ күнде жасырғанмен ақыры оңбас. Атаңа ептеп-септеп бiлдiрелiк, Ақырда бiр жын мұны айтпай қоймас. Бар едi Ирамбақта үлкен анаң, Соған айтсақ бiтiрер бәрiн тамам. Шаһзаданы қосып бiр апарайын, Бәдiғұл да «Жарайды,– дедi,– анам». – Үлкен анаң арызың мақұл бiлсе, Жаратқан рақым қылып Құдай исе. Атаңыз Шаһбал дағы хош көредi, Егерде үлкен анаң көңiлi сүйсе. Бәдiғұл айтұр: – Не болар менiм жайым, Iшiнде қызыл гүлдер толған айым. Шаһзаданы тапсырдым, енем, сiзге, Есен-аман сақтасын бар Құдайым. Көрмесем жалғыз сағат тақатым жоқ, Қайғырып сiз келгенше мен тұрайын. Шаһарбану Шаһбалдың анасы едi, Шаһар Самин мекенi, панасы едi. Жасаған Ирамбақты Шаһрух патша, Самин деген Ирамбақтың арасы едi. Енесi шаһзаданы алып барды, Шаһзада тысқарыда тұрып қалды. Шаһарбану сұрады Бәдiғұлды, Енесi Шаһарбанға арыз қылды. Енесi жылап көзiнен төктi жасын: – Қызыл қан қайғы,– дедi,– iшкен асым, Бәдиғыңыз қайғыда деп сөйледi, Ғашық оты күйдiрген ғазиз басын. Қызыңыз бiр адамға ғашық болған, Сарғайып зағыпырандай төгер жасын. Ғашық боп қызыңызға iздеп келген, Мысырдың алып келдiм шаһзадасын. Екеуi қатты ғашық, маған сенсең, Сипаты түгесiлмес айта берсем. Әй, тақсыр, өз алдыңа алып келдiм, Нұр жүзiн көзiңiзбен өзiң көрсең. Шаһзаданы Шаһарбанға алып келдi, Иiлiп шаһизада сәлем бердi. Көрген соң Шаһарбану мейiрi түсiп, Көрiсiп, өз қасынан орын бердi. Шаһарбан шаһзаданың сұрады мұңын, Не көрген жақсы-жаман өткен күнiн. Перi халқы көрмеген мұндай ердi, Құрмет көрсеттi қайран қалып. Шаһарбан шаһзаданы көңiлi сүйдi, Өзi көрiп қызына лайық қылды. Балама өзiм барып айтайын деп, Анасы Шаһбалға өзi жүрдi. Анасы енесiмен қалды кетiп, Патша жүр Ирамбақты тамаша етiп. Шаһзада сол арада жалғыз қалды, Рахат кеттi патшаға мехнат жетiп. Ирамбақты көрген соң қайран қалды, Дүниеде қызық болмас онан өткен. Әлқисса, шаһзаданы диюлар алып ұшып кетiп Шаһбал шаһ диюлар бiрлән соғыс қылғандары Рауаилар рауаят қып қиссаны ашар, Қиссаны өлең қылған мен бiр нашар. Бағана Асут дию өлгенiнде, Ойран боп қалған екен артқы шаһар. Бiр тамға шаһзада онда келiп едi, Сол жерде Мәликенi көрiп едi. Шаһзада Мәликенi алып кетiп, Асут дию бұлардан өлiп едi. Диюлар кезiп жүрген көк пен жердi, Бiр күнi шаһарына ендi келдi. Асут дию өлгенiн ендi бiлiп, Мәликенi жоқтасып зар еңiредi. Тамам дию шуылдап жыласыпты, Көзiнiң жасын төгiп бұласыпты. Мұны өлтiрген адамды табалық деп, Тамам елдi аралап сұрасыпты. Бiр жылы мүлдем iздеп бағады ендi, Көңiлiн қайғыменен жабады ендi. Бiр топ дию аспанменен ұшып жүрiп, Патшаны Ирамбақта табады ендi. Диюлар падишаға сөз сөйледi: – Сiздi еркiн танымадық бiз де,– дедi. Асут деген диюды һәлак қылып, Ап келген Мәликенi сiз бе?– дедi. «Сағындым тауып әкел жылдам барып», Мәлике әмiр қылды бiзге,– дедi. Жылап отыр барсаң деп алдады ендi, Шаһзада онан хабар алмады ендi. Дұшпанның iш пiкiрiн қайдан бiлсiн, «Бәдиғым сағынған» деп ойлады ендi. – Айланған төрт фасылға жаз бенен күз, Кезгенi шаһзаданың жапан мен түз. Сағынса ол Мәликем бiз барамыз, Өлтiрген ол диюды пақырың бiз. Пақырың бiз деген соң ұшырды ендi, Патшаға қайғы суын iшiрдi ендi. Асуттың қаны мұны тұтты дедi, Мұхиттан ары апарып түсiрдi ендi. Асуттың әкесiне алып барды, Патшаның жүзiн көрiп қайран қалды. Өлтiруге қимайды һәм қорқады, Зынданға шаһзаданы ап келiп салды. Диюлар бiр ақылды құралық деп, Жасырып аз ғана күн тұралық деп. Перiлердiң өлкесiн аңдап тұрып, Сонан соң не қылсақ та қылалық деп. Зынданға ғарiп патша тағы түстi, Түңiлiп ғазиз жаннан зәресi ұшты. Аллаға мiнәжат қып зар еңiредi, «Жасаған, кез келтiрдiң мұндай iстi». Шаһзаданың жылағаны – Айналайын, Құдайым, Iшiмде толған уайым. Жарығым болды қараңғы, Қайғыға түсiп мұндайын. Көнiп ем тағдыр iсiңе, Фирақ оты iшiмде, Өңiмде көрген Бәдиғым, Кiргендей болды түсiме. Қиялымда кезгендей Ирамбақтың iшiне. Тәңiрiм жәрдем берер ме, Көзiм жасын көрер ме? Абхаятқа жақындап, Қайтадан түстiм өлiмге. Күнi-түнi қылдым зар, Ғарiпке болмас һешкiм жар. Жанымды аман құтқарсаң, Рақым Алла, еркiң бар. Бәдиғым менiм, жан-жарым, Өлсем көп-дүр арманым. Хабар айтар адам жоқ, Мұнда зарлап қалғаным. Достым қалды айырылып, Мәлике жылар қайғырып, Арманда менiм Бәдиғым, Күнде жылар зар қылып. Фазылы ұлық Құдайым, Өзiң сақта құлыңды, Жаратып ең жан қылып. –Қызыңды ғашық болып төнген,– дедi, Мәликенi ол алып келген,– дедi. Өлтiрген айдаһар мен жолбарысты, Асут дию осыдан өлген,– дедi. Көргенiн шаһзаданың айтты тамам, Ғұмырынша көргенi нешiк жаман. Шаһбал көрмесе де көңiлi сендi, – Ей, ана, қайда,– дедi,– осы балаң? Балаңды кешiктiрмей берi алып кел, Қойдыңдар неге жалғыз, Пәруардигар. Қате қылып қойыпсыз айдалаға, Егер көрсе бiр дұшпан қастық етер. Патшаны ап келгелi қайтып барды, Қанша iздеп көп перiлер таба алмады. «Шаһзада ғайып болды, жоғалды» деп, Шаһбалға сол арада хабар барды. Аһ ұрып Шаһбал айтты: – Шара болмас, Бiр дұшпан айдалада қылған-ды қас. Бәдиғымның шын сүйген жары болса, Артынан ол да бiр күн тоқтап тұрмас. Әй, ана, Бәдиғымды уата көр, Көңiлiн һәр сөзбенен жұбата көр. Күйеудi өлгенiмше iздетейiн, Iс болды маған қиын, Пәруардигар. Жан-жаққа шапқыншысын таратады, Патшаны көп перiге қаратады. Шаһарбану өкiндi, Шаһбал ыза, Тамам шерiк талқан боп қарасады. Естiлдi Бәдiғұлға мына хабар, Жоғалған патшаны ол қайдан табар. Бәдiғұл мен Мәлике, Сағит досты, Баршасы фариад әйлап, афған салар. Бәдiғұл қылды көксiн пара-пара, – Қарайдым қайғыменен, жүзiм қара. Биһұш боп естен танып қанға батты, Афған әйлап һәрдайым қылар нала. Перiлер таба алмай жүр жердi жортып, Өз тонын Сағит жұлар өзi жыртып. Қызыл қан бастан-аяқ тұла бойы, Қыз Мәлике өртендi зарлық тұтып. Үшеуi биһұш болып көп зарланды, Рабиғұлмәлiк дағы оттай жанды. Екi жұрт қатты көрiп қиындықты, Адам, перi, бәрi де афған салды. Шаһбалға бұ қызынан хабар барды. Қиғандай перзент үшiн ғазиз жанды. Шапқыншы күнде неше шаптырады, Бiр жыннан ақырында хабар алды. Бiр жын кеп Шаһбал ханға хабар бердi: – Ауырып жатыр едiм,– дедi-ау,– ендi. Бiр топ дию аспанмен айналдырып, Ұстап алып кеттi,– деп,– жалғыз ердi. Шаһбал айтты: – Ол Қылзам диюы,– деп, Шаһзада өлiп қалса қиын-ды,– деп. Қаһарланып шақыртты Шаһбал патша, Перiнiң ләшкерiне «жиылың»,– деп. Бұлттай көк бетiнде ләшкер қайнап, Диюмен соғысуға басын байлап. Қылзамға Шаһбал хан барып қалды, Ләшкерiн даяр қылып алды сайлап. Диюлар да шерiгiн жиып алды, Даярлап перi, дию бәрiн жайлап. Шаһбал диюларға елшi салды: – Берсiн,– деп ұстап алып барған жанды. Тұралық тату болып дию, перi, Төкпелiк қырылысып қызыл қанды. Дию айтты: – Ол адам өлдi,– дедi, Неше қиын азапты көрдi,– дедi. Өлтiрдiм құны керiм болғаннан соң, Перiлер қырылмасын ендi,– дедi. Елшiсi Шаһбалдың қайтып барды, Шаһбал хан естiген соң ашуланды. Қаһарланып ақырды ләшкерiне, Бұ жолдан аяма деп шыбын жанды. Перiлер қар, жаңбырдай құйылады, Диюлар да соғысқа жиылады. Екi ләшкер соғысып жаман қатты, Талай бастар кеудеден қиылады. Екi жұрт соғыс қылды жаман қатты, Өлiмнiң перi, дию дәмiн татты. Қараңғы жердiң жүзi тұман болып, Қызыл қан дарияда судай ақты. Ұрады күрзiменен қылыш шауып, Жоғалды талай жындар жердi қауып. Дария жүзi қып-қызыл өрт боп кеттi, Қашқандары шығады көкке шауып. Дию, перi белгiсiз афған салып, Қырылды қисабы жоқ қаза тауып. Екi жұрт та қырылып болды талқан, Бiтiредi талай сауыт, темiр, қалқан. Диюлар жеңiлген соң ақыр қашты, Ақ дария қып-қызыл боп қанмен тасты. Құдай-а, дүние жүзi неткен қан деп, Көрген мақұлық бәрi де жаман састы. Перiлер жеңгеннен соң қашырды ендi. Бiр қабат таудан әрмен асырды ендi. Диюлар қырылса да һеш айтпайды, Өлгенше падишаны жасырды ендi. Диюдың падишасын ұстап алды, Мойнына шынжыр-темiр арқан салды. «Иттей қор ғып кескiлеп өлтiрем,–деп, Кiсiмдi айтпадың» деп қинауға алды. – Өз етiңдi өзiңе берем,– дедi, Бiр сенiң азабыңды көрем,–дедi. Дию айтты: – Кiсiңдi табар едiм, Сүйтсем де, өлемiн ғой сенен,– дедi. – Осылай жөнiңе түс, өлмен десең, Көп азап тiрiлiкте көрмен десең. Мен сенi өлтiрмеске ант берейiн, Кiсiмдi аман-есен тауып берсең. Сенедi ант еткен соң дию ғарiп, Сүңгiдi дарияға түсiп барып. Бiр диiрмен тасқа байлап салған екен, Бiр сандықпен патшаны шықты алып. Шаһзада жылай-жылай болған екен, Сары су жүрегiне толған екен. Қараңғы шах iшiнде ойдан жүдеп, Жанынан үмiт үзiп, солған екен. Шаһзада Шаһбалға тағзым қылды, Алдында дұға қылып тiке тұрды. Қуанып Шаһбал хан мейiрi түсiп, Құрметтеп бек мейiрбан халiн сұрды. Перiлер ғашық болды есi кетiп, Күйеудi ақыр тапты сөзге жетiп. Тамам перi көтерiп шаһзаданы, Түсiрдi Ирамбаққа құрмет етiп. Бәдiғұлға сүйiншi хабар барды, Беруге ол таяныпты ғазиз жанды. Бойына ес кiрiп перизаттың, Қуанып жасын төгiп бек шаттанды. Сағит пен Мәлике де қуанады, Көзiнiң жасын тыйып уанады. Көңiлден қайғы кетiп шаһзадалар, Нұрланып тал шыбықтай бұралады. Бәдiғұлжамал қуанды көңiлi тынып, Уайымы естен кеттi ойнап-күлiп. Бәдiғұлжамал Мәликемен нөкер бiрлән, Жиылды Ирамбаққа сейiр құрып. Қосылды шаһзадаға Сағит досы, Кез болды ғейiш-ғишрат көңiл хошы. Көп шүкiрлiк қылады екеулерi, Құданың ғанибетi дедi-ау осы. Әлқисса, Шаһбал шаһ қызына тойлар еткенi Рауаят қылды рауаи жақсы дастан, Ұстаған Сейiт қалам әуел бастан. Тыңдаңыз қосылғанын тамаша етiп, Бәдiғұл–Сейпiлмәлiк екi жастан. Құрыпты Шаһбал патша алтын тақты, Жасады безендiрiп Ирамбақты. Жайдырып атлас, харир көшесiне, Орнатып көшiк сарай гауһар жапты. Пенденiң жетер емес ақыл-ойы, Безентiп бейне ұжмақтай лағыл жақты. Түрленген тоқсан түрлi шатыр тiгiп, Отыртып шаһзадаға құрды тақты. Жияды ендi тойға рулы елдi, Сарандил елiменен бәрi келдi. Гауһармен тұла бойын безендiрiп, Ап келдi қыз Бәдiғұл бұраң белдi. Сөйлесе сөзi сахих тоты кептi, Асылзат арғы атасы сұңқар тектi. Шаһарбану: – Той қылам,– дедi,– өзiм, Шаһзада өзi менiм балам,– дептi. Түзетiп Шаһарбану қылды тойды, Ап келiп неше түрлi малдар сойды. Шатырда алтын тақыт, атлас көрпе, Ойыншы шаһзадаға ап кеп қойды. Ғажайып шаһзаданың өздерiнде, Сүрмесi Сүлейменнiң көздерiнде. Тамам перi көзiне көрiнедi, Құлақ салып тұрады сөздерiне. Жүзiк бiрлән сүрменiң құрметiнен, Тамам перi құл болды өздерiне. Патша айтты: – Мiне, Сағит, меһiрбандық, Көрiс деп көп перiге қылды жарлық. Сағитке көрiстiлер перi жұрты, Еркiнше бастарына тидi хандық. Перiлер тамаша етiп көп ойнайды, Көрген жан қызығына һеш тоймайды. Жиылды көп перiзат, күллi адамдар, Жаһанда ондай қызық һеш болмайды. Рабиғұлмәлiк барды елiменен, Көшкендей болды бәрi жерiменен. Неше күн Ирамбақта араласып, Адамдар сайран салды перiменен. Шаһбал тамашалы қылды тойын, Жаңылды адам-перi ақыл-ойын. Құтпа оқып, ғашықтарға неках қиып, Қосылды екi ғашық жылы қойын. Тапсырды Бәдiғұлды алып келiп, Шаһзада толықсыпты жүзiн көрiп. Балқыған сары майға қорғасындай, Көңiлi екеуiнiң кеттi ерiп. Сұңқардай үйрек iлген домалатты, Тiлегiн шаһзаданың Құдай берiп. Қосылып екi ғашық көңiлi тынды, Ұялып фәлак жұлдыз мойнын сұнды. Шат болып достары ойынына, Дұшпандар көре алмаған iшi күйдi. Бәдiғұлжамал нұры толып көңiлi ашылды, Қайғысы шаһзаданың һәм басылды. Кiлтiн қазынаның ашқандай-ақ, Қызыл қан лағыл диуан дүр шашылды. Дүниенiң қызығы бар, мiне, осындай, Жалғанда кiм кетедi бiр тосылмай. Жеткiзгiл һәр пенденi мұратына Бұлардың құрметiне, Патша Құдай. Қылғаны шаһзадалар күнде сауық, Қосылды бiреуiмен теңiн тауып. Жаһанда ғашық, мұңлы бейшаралар, Болсайшы бәрi сондай заман ауып. Шаһзада хүкiм қылды көңiлi тасып, Бiр күнде ғарiп болды жүндей жасып. Ойлайды достының ендi қамын, Жеткен соң мұратына патша ғашық. Шаһзада Шаһбалменен қылды ақыл: – Бұл сөзiм, падишаһым, болса мақұл, Сағитке Мәликенi алып берсек, Шат болар қайғы кетiп бiз мүсәпiр. Шаһбал шаһ мына сөздi қабыл алды, Рабиғұлмәлiк ханға елшi салды. – Достылар бiр-бiрiнен айрылғанда, Неше жыл көрген,– дедi,– қайғы-зарды. Бәдiғұлжамал Мәликемен сырлас едi, Жасынан емшек емген құрдас едi. Екi дост бiр жерде болса не етер, Бұ дүние бiр орнында тұрмас,–дедi. Бұлайша Сарандилге жаушы барды, Бұ сөздi Рабиғ патша қабыл алды. «Сағитке Мәликемдi беремiн» деп, Атырапқа той қылуға кiсi салды. Iнiсi о да келдi Тәжiлмәлiк, Шаһбал шаһ және келдi Сейпiлмәлiк. Той қылды адам, перi неше күндей, Қойылған неше алуан шатыр тiгiп. Той қылды тамашалы неше күндей, Бәрi мас, адам, перi есiн бiлмей. Мұратқа ақырында жеттi Сағит, Қосқан соң бiр сұлуды ай мен күндей. Екеуiн неках оқып ендi қосты, Мәлике Сағит бiрлән екi досты. Бұзылып жақұт сандық Мәликенiң, Шашқандай лағыл-маржан қаны жосты. Ашылды қонақтарға қызыл гүлi, Қылғаны ғейiш-ғишрат күндiз-түнi. Кез болды шаһзада мен достысына Бағы Ирам мен Сарандил қос бұлбұлы. Ақыры мұратына жеткен жерi, Ойынан қайғы-қасiрет кеткен жерi. Той қылып перi, адамдар Ирамбақта, Гауһарды, лағыл, жақұт төккен жерi. Шаһзада көп жыл тұрды Ирамбақта, Тұрады Сарандилде кейбiр уақта. Сағынып ата-анасын аһ ұрады, Тұрса да патша болып алтын тақта. Бәдиғ айтты: – Қарағым, шаһизадам, Бұ түрлi аһ ұрасың қатты жаман. Сiз үшiн аһ ұрғанда күйдi жаным, Көңiлiңде не қайғы бар, айтшы маған? Шаһзада айтты: – Шүкiрлiк, сенi таптым, Кең екен құдiретi Жаппар Хақтың. Ата-анам, елi-жұртым еске түстi, Тұрсам да қызығында Ирамбақтың. Шаһбалға мына сөзден хабар барды, Шаһбал шаһзаданы шақырып алды. – Сағынсаң ел-жұртыңды бердiм рұқсат, Ендi барып көр,– дедi,– ата-анаңды. Бәдiғұлжамалға насихат қылды сөзiн, – Шаһзадаға құрбан бол,– дедi,– өзiң. Ирамбақ шаһзадасыз тiкен болар, Ойыңа алмай бара көр, әй, жан қызым. Бәдиғ айтты:–Патшамен мен боламын, Кеткенменен мен неден кем боламын. Қалмаймын шаһзадамнан қайда барса, Онан қалып мен мұнда кiм боламын. Бұ сөзбен жүрмек болып даярланды, Үстiне алтын тақтың жасау салды. Ләшкербасы бiр жынды басшы қылып, Неше сұлу қыз-кәнизак қыздар алды. Көп қылып ләшкер алды перiлерден, Атасы Мәликенiң дағы келген. Алтын тақтың үстiне падишалар, Бұларға неше сарай жасап берген. Қисабы жоқ бердiлер алтын-күмiс, Ақыры талап еткен мұндай бiр iс. Ел-жұрты қойдай шулап амандасып, Мысырға шаһзадалар қылды жүрiс. Хайласы жын-перiлер сондай күштi, Тақытымен патшаларды алып ұшты. Жауһар мен алтын-күмiс, қанша гауһар, Мысырға кешiкпей-ақ келiп түстi. Бiр тақыт аспан-көктен келiп қонды, Ғажайып Мысыр елi қайран болды. «Япыр-ау, бұ не деген нәрсе екен?» деп, Бүлiнiп халайық та ғауға тұтты. Патшаға осылайша хабар барды, Халайық тамаша етiп қайран қалды. «Бұ нағылған жан екен, бiлiп кел» деп, Сол жерде шаһ Қасым елшi салды. Патшадан шаһ Қасым елшi келдi, Келдi де шаһзаданың жүзiн көрдi. Тани салып жаяулап, жүгiрiп кеп Зар жылап шаһзадаға көрiстi ендi. Шаһзада айтты: – Аман ба, ата-анам, Қараған төрт жүз шаһар барша тамам. Елшi айтты: – Саламаттық баршалары, Қайғырып сiздiң үшiн болған жаман. Аттанып елшi сонда қайта шапты, «Жалғызың келiптi,–деп,–асылзатты». Жүгiрдi естiген соң хан мен ханым, Астында тастай берiп алтын тақты. Падиша жылай-жылай болған екен, Сары су жүрегiне толған екен. Биһұш боп қуанғаннан есi кеттi, Сарғайып һәм қартайып солған екен. Зар еңiреп шаһ Қасым жүгiрiп келдi, Жаяулап баласы да жүгiрдi ендi. Ата-ана баласымен құшақтасып, Егiлiп бейшаралар зар еңiредi. Көрген соң ата-анасы зар еңiрейдi, Сабырсыз қарар қылмай бала еңiрейдi. Мысырда неше түрлi адамдар жоқ, Бұлардың зарлығына бәрi еңiрейдi. Сағит те һәм көрiсiп жылады зар, Халайық афған әйлап болады дал. Көрiсiп кезек-кезек адам, перi, Қуанып Мысыр аһлы жыладылар. Қуанып Мысыр елi тойын қылды, Неше күндей тамаша ойын қылды. Перiсiн Ирамбақтың бек сыйлайды, Құрметтеп Мәлике мен Бәдiғұлды. Қуанар Бәдiғұлжамалға ата-анасы, Жеткен соң мұратына шаһзадасы. Қуанып елi-жұрты тойлар еттi, Мәлике, Бәдиғ үшiн кәрi-жасы. Нұрларын екеуiнiң тамаша етер, Көргендер дидарына есi кетер. Тумаған бұ ғаламдан сұлулығы, Саф гауһар сүйектерi, тiлi шекер. Көңiлi шаһзаданың ендi толды, Тақ мiнiп адамзатқа патша болды. Бәрiне төрт жүз шаһар хүкiм жайып, Көрсеттi жетi ықылымға түзiк жолды. Шаһзада перi, адамға хүкiм қылар, Кей уақыт Ирамбаққа барып тұрар. Мәликенiң атасы Сарандилге, Кей күнi анда барып сейiр құрар. Кей уақыт өз жұртында болушы едi, Кей заман Ирамбаққа қонушы едi. Өзi перi жұртына кеткенiнде, Сағитты өз орнына қоюшы едi. Осындай хүкiмi жеттi тамам елге, Перiлер ұшырады талай жерге. Ақыры мұратына өстiп жеттi, Болса да бұрын ғашық соққан желге. Һәр iстiң Алла бiлүр асыл сырын, Шыққан жоқ қисса болып мұнан бұрын. Сұлтанды жаһан кезген қылдым кеңес, Олардың рухтарына дұға қылың. Ғашықтар мұратына жеткеннен соң, Дәулетке шаттық қонып мен де толдым. Жазсаң деп талап еткен Махмұди хан, Иншалла, тамам қылып мен де болдым. Құдайым бiздi сондай етер ме екен, Ғам-қайғы ойымыздан кетер ме екен?! Мұратқа шаһзадалар жеткен екен, Жазған кiсi мұратқа жетер ме екен?! Жаздырған Махмұди хан талап етiп, Ағалар, айып етпе хараб етiп. «Жәдiгер қалсын,– дедi,– сiз бен бiзден, Бұ дүние кетедi әлi-ақ өтiп». Сұлтандар жаһан кезген арып-азып, Кеңес қылған бола ма менде жазық. Бұруға пәрманыңыз бiзге айып, Әмiрiңiзше қиссаны болдым жазып Асылзада Махмұди сенiң атың, Артылған һәр пендеден салтанатың. Бар шығар арасында қаталары, Қатасын айып етпе, асылзатым. Асылзада Махмұди хан сен емес пе, Патшамен ғазиз басың тең емес пе?! Кiсi жоқ қадiрiн бiлер демесеңiз, Бұлбұлың қаламдағы мен емес пе?! Жазылып бiттi, Хаққа шүкiр, есен-аман, Мың үш жүз жиырма екiде болды тамам. Бұл пақырға дұға қылың, оқығандар, Тартылсын жүре бермей ендi қалам.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.