Қисса Шеризат - Күлшат

Шабытым көкке шарықтап, Құмармын дастан, нақылға. Домбыра, сырнай үйренiп, Болып ем үйiр басында. Қалам алып қолыма, Әр сөздiң болдым нәшiнде. Өлеңiммен таныстым Алыс пенен жақынға. Жастайымнан көп болдым Жақсылардың қасында. Бұл дастанды шығардым Алпысқа келген жасымда. Көркiнше шықты патша боп Үндiстан деген қаладан,...

Қазақша
Қисса Шеризат - Күлшат
Шабытым көкке шарықтап, Құмармын дастан, нақылға. Домбыра, сырнай үйренiп, Болып ем үйiр басында. Қалам алып қолыма, Әр сөздiң болдым нәшiнде. Өлеңiммен таныстым Алыс пенен жақынға. Жастайымнан көп болдым Жақсылардың қасында. Бұл дастанды шығардым Алпысқа келген жасымда. Көркiнше шықты патша боп Үндiстан деген қаладан, Жәмшид пенен Кейқауыс Нәсiлiнен соның тараған. Әдiлдiкпен халқының Қабағына қараған. Бiр кемдiгi дүниеде, Қайғылы едi баладан. Болмаған соң перзентi, Ашылмас көңiлi жарадан. Жасы елуге келгенше Бiр перзент деп жылады. Бiр күнi тақта отырып Бұзылды жаман қиялы. «Өзiн кессе ағаштың Орнынан шыбық шығады. Бiр перзенттiң өзi өлсе Өшкенi жанған шырағы. Өзiм өлсем тағыма Кiм иелiк қылады?!» Көзiнен жасы тамшылап, Екi бетiн жуады. «Елдегi сорлы мен бе» деп, Маңдайына ұрады. «Аһ, дариға, перзент» деп, Тағынан патша құлады. Үстiне келдi патшаның Пархизат деген iнiсi. Әкесiмен әкелес, Сол едi жақын туысы. Әйелi тумай мұның да, Оңалмай жүрген жұмысы. Патшаның көрiп жатқанын, Қалады бiтiп тынысы. Бiр сұмдықтың болғанын, Iнiсi де бiледi. Қайғысы деп баланың, Зар жылап, iшi күйедi. Аң-таң болып Пархизат, Патшаның басын сүйедi. «Қайғысы кетiп көкемнiң, Болғай да қабыл тiлегi». – Айналайын, падиша, Сенсiз менiң күнiм жоқ. Сүйенгенiм сен едiң, Артымда ерген iнiм жоқ. Құйрық-жалым қуарып, Менiң де ұл мен қызым жоқ. Көшiп кетсем жалғаннан, Артымда қалар iзiм жоқ. Көркiнше айтты: – Пархизат, Тiлектi Құдай берер ме, Екi мұңлы зарласақ, Көздiң жасын көрер ме?! Соңымыздан аталап, Бiздiң де перзент ере ме. Осыны айтып Көркiнше, Орнынан қарғып тұрады. Күнi-түнi зар жылап, Бiр перзент болды сұрағы. Тiлегiмдi бергiн деп, Мiнәжат Аққа қылады. Көркiнше айтты: – Пархизат, Бiр шикi өкпе көре алмай, Болмады сенiң көңiлiң шат. Не көрмейдi дүниеде Қам сүт емген адамзат. Берер болса Құдайым, Екеумiзге бiр перзент. Менен ұл, сенен қыз туса, Бiр-бiрiне қосалық, Қабыл көрсе жалғыз Хақ. Менен туса егер қыз, Ұлыңа сенiң берейiн. Қызыма күйеу болған соң, Мен неге бөтен көрейiн. Тiлегiмiз қосылып, Болғай да үстем мерейiм. Қабыл көрсе Жаратқан, Уайым-қайғы жемейiн. Пархизат айтты: – Көркiнше, Туысқаның мен,– дедi. Қабыл еттiм, я, тақсыр, Бұл сөзiңiз жөн,– дедi. Бұ тiлектi, Жаратқан, Өзiң қабыл көр,– дедi. Күнi-түнi зар жылап, Бiр перзент деп еңiредi. Раушан болды бiр күнi, Кiсi едi патша ақылды. Жүктi болды әйелi, Той қылып, халқын шақырды. Жамбы тiгiп айттырып, Күрестiрдi батырды. Ырза қылып қайтарды Алыс пенен жақынды. Бiр перзент деп зар жылап, Неше жылдай зарықты. Қуаныш түбi тарық-ты, Қараңғы түбi жарық-ты. Падишаның әйелi Туарға аз күн қалыпты. Көңiлiнен патшаның қайғы шықты, Дос көркейiп, дұшпаны тiзе бүктi. Әйелi Пархизаттың көп ұзамай Көтерiп бұ да бала, болды жүктi. Бiр күнi патша жазған қысылады, Қандай ғып ендi бұдан құтылады. Айымның күнi бiтiп отырғанда, Көркiнше бiр кеселге ұшырады. Падиша қапа болды кеселiне, Дүниенiң жетпейдi ешкiм есебiне. Хан, уәзiр, бектерiн алды жинап, Жалғаннан көзi жетiп өтерiне. Көркiнше тапсырады кәрi-жасқа, – Пархизат өз орныма болсын патша. Балама алтын тақты қайтып берсiн, Әйелiм мен өлген соң ұғыл тапса. Уақтынша отырсын патша болып, Толғанша туған балам он бiр жасқа. Қыз туса Пархизаттың әйелi де, Балама бермекшi едi менiң баста. Қыз туса, балама алып берiңiздер, Қалыстық етiңiздер сөзден қашса. «Мақұл» деп, барлық халық тақ тұрады, Қағаз қып, бұған пешет бастырады. Уәзiр, сардар бәрi де қолын қойып, Бұл жұмыс бұзылмасқа ант қылады. Парс деген бар едi дана уәзiр, Қағазды аманат деп тапсырады. Әлқисса, «халық» деп пешет басылып, қол қойылған қағазды Парс данаға тапсырып, Көркiнше дүниеден көштi. Пархизат патша болды. Әйелi Пархизаттың жүктi болды. Уақты күнi бiткен соң, Дүниеден патша жөнедi. Сұм қара жер, ойласақ, Кiмдердi жалмап жемедi. Жалғаннан тайды табаны, Патшаның болмай дегенi. Тiрлiгiнде перзент деп, Уайым-қайғы жегенi. Тiлеген ұлын көре алмай, Кездестi өлiм кезеңi. Мұнымен бұл сөз тоқтасын, Патшадан айтып берелi. Патша болды Пархизат, Көркiннiң мiнiп тағына. Әдiлдiк қылып отырса, Кiм таласар бағына. Үкiм қылып отырды, Қол астындағы барына. Көңiлiн шайтан азғырып, Қарайды жаман қанына. Парс деген уәзiрiн Шақырып алды жанына. Парс кеп сәлем берiптi, Айтайын деп бiр сөздi, Екпiндеп патша демiктi. «Аулақ үйге жүргiн» деп, Уәзiрдi патша ерiттi. Еш адам жоқ оңаша Бiр үйге алып келiптi. Алтын, гауһар, жiбек тон Уәзiрге патша берiптi. Бiр бүлiк елге салмаққа Пархизат патша желiктi. Уәзiр айтты: – Падиша, Көңiлiңде қандай жұмыс бар? Қолдан келер iс болса, Уәзiрiң бәрiн дұрыстар. Кеудеде басым тұрғанда, Дұшпанға кетпес намыс-ар. Айтпақшы болды қиялын, Патшаға тиiп ықтияр. Пархизат айтты: – Уәзiрiм, Сөзiме құлақ салыңыз, Бұл тiлiмдi алыңыз. Бiр қиялды ойланып, Қапа боп отыр ханыңыз. Патшалық бiзге аманат, Бiлесiң мұны бәрiңiз. Патшаның қатыны ұл туса, Менен тақты алады, Қайғы-қамға салады. Осыған өзiң ақыл тап, Амалы қандай болады. Туарға қалды жақындап, Өзiне болсын обалы. Өлтiрсем деп әйелдi, Көңiлiм соған соғады. Уәзiрiм, өлтiр қатынды, Берейiн сенiң ақыңды. Мәртебеңдi асырып, Шығарайын атыңды. Бұл айтқаны патшаның Уәзiрге қатты батқаны. Не деп жауап айтудың Амалын қиын таппағы. Көркiншенiң тұзын көп татқан, Аруағын сыйлап сақтады. Сақтағанмен не пайда, Бұзуға сөзiн қорқады. Уәзiр айтты: – Я, тақсыр, Ұнаттым айтқан сөзiңдi. Қайғы түссе басыңа, Құтқарайын өзiңдi. Ардақтаймын өлгенше Өзiңдей асыл тегiмдi. Он жiгiт маған берiңiз, Бұзылмасын сөзiңiз. Олай десең, падиша, Келемiз жамдап оны бiз. Падиша айтты: – Уәзiрiм, Ырза болдым сөзiңе. Еш адамның әйелдi Көрсетпей әкет көзiне. Бiр адам мұны сезбесiн, Қалмайық елдiң сөзiне. Әлқисса, патша уәзiрге он жiгiт қосып бердi. Парс дана Көркiнше үйiне жақын келiп, өзi көрiнбейiн деп, сыртта қалып, он жiгiтке «Көркiнше қатынын байлап алып шығыңдар» деп әмiр қылды. «Орман-тоғайға алып барып өлтiремiз» дедi. Падиша бұлай дегенде «Мақұл» деп Парс жөнедi. Уәзiрдiң қолына Он жiгiт сайлап бередi. Көрiнбейiн өзiм деп, Көңiлiне осы кеп едi. Жiгiттерге әмiр қып, Уәзiрдiң мынау дегенi: «Көркiншенiң әйелiн Алып шық байлап» деп едi. Кiрiп барып сарайға, Әйелдi жатқан көредi. Жатыр едi толғатып, Үйiнде ешкiм жоқ едi. Байлап алды бас салып, Ешбiрi пәлен демедi. Алып кеттi өңгерiп, Түн ортасы боп едi. Ортасында дарияның Аралға үлкен келедi. Көрмеген адам жер едi, Аю, қабылан, жолбарыс, Айдаһары көп едi. Көрмейiн деп уәзiр, Жағада тұрып қалады. Қалың орман, тоғайға, Жалладтар алып барады. Сонда Айым зар жылап, Көзiнен жасы тарады. Толғақ та қысып жиiлеп, Сабыр-тақат қалмады. Қай пейiлiмнен таптым деп, Сондағы айтқан ғазалы. – Айналайын, Жаратқан, Нағылып мұнша қинадың. Ерiм патша болса да, Менмендiк, сiрә, қылмадым. Жетiм-жесiр, ғарiптi Алдыма келсе сыйладым. Тым болмаса баламды Бiр сағат бұрын тумадым. Жылаған дауысын есiтiп, Көре алмай кеттiм дидарын. Осыған денем дуылдап, Жүрегiм қатты суылдап, Ашиды удай тырнағым. Шикi өкпем шықса сыртыма, Садаға болсын бiр жаным. Падишадан айырылып, Тасыған көңiлiм болды пәс. Өзегiме өрт түсiп, Өз жақыным болды қас. Қылмас едi мұндай iс, Егер де болса жатырлас. Өлiмге қалай қиды екен, Әттегене, жарамас. Жабайы аңға жем болып, Қалдым-ау елсiз аралда. Далада қалды сүйегiм, Қосылмай кеттi мазарға. Өзiм өтiп жалғаннан, Артымда балам қалар ма?! Ақтың отын өшiрген, Кездессiн залым зауалға. Бұл осылай дегенде, Он жiгiт тұра жүгiрдi, Анталап бәрi үңiлдi. Шашынан сүйреп бiреуi, Қынаптан қылыш суырды. Құлағының астынан Қылышпен дәлдеп бiр ұрды. Омыртқасын опырып, Өтедi кесiп жұлынды. Артына басы салбырап, Тамырға жалғыз iлiндi. Тыпырлап жатты қорылдап, Жан шықпақ өте қиын-ды. Жолбарыстың ыңыранған Қалыңнан даусы бiлiндi. Жiгiттер қатты шошынып, Кейiн қарай жүгiрдi. Парстың барып алдына, Қол қусырып кiдiрдi. – Өлтiрдiк,– дедi,– бiр шауып, Бiр бөлек басы үзiлдi. Бұлардың сөзiн есiтiп, Уәзiр iштен тыныпты. Көрейiн деп көзiммен, Тоғайға өзi жүрiптi. Қалыңға кiрдi асығып, Он жiгiт тоқтап тұрыпты. Уәзiр қайтып барғанша, Ханымның жаны шығыпты. Жан шығарда қиналып, Ұл бала әйел туыпты. Әлқисса, уәзiр әйелдiң өлгенiне қатты күйiнiп, баланы жерден алып құшақтап, баланың өмiр тарихын қағазға жазып, тұмар жасап, баланың бiлегiне байлап жатқаны: Уәзiрдi көргеннен соң қайғы басты, Көзiнен шыдай алмай төктi жасты. Баланы жерден алып, жүзiн сипап, Құшақтап бауырына, мауқын басты. Жылады өткен iске iшi күйiп, Баланың аймалады бетiн сүйiп. Қолына қалам менен қағаз алды, Көзiнiң ендi уәзiр жасын тыйып. Қағазға болған iстiң жазды бәрiн, «Шешеңнiң сорладым,– деп,– жүктеп қанын. Пархизат iнiсiне орнын берген, Өлерде бұйрығы боп Көркіншенiң. Шырағым, сенiң әкең Көркiн патша, Жоқ едi еш перзентi сенен басқа. Пархизат дұшпандықпен мұндай қылды, Жан ашып, рақым етпей сендей жасқа». Жазады бұл тоғайға келтiргенiн, «Басымда болмады,– деп,– еркiм менiң». Патшаның әмiрiнен қорыққанынан, Анасын тоғайға әкеп өлтiргенiн. Он дана қалтасынан алды гауһар, «Шырағым, достығым деп саған айтар». Қағазды тұмар жасап, сыртын қаптап, Деп жатыр «тiрi жүрсе, кейiн байқар». «Әкеңнен қалған мынау жаднама» деп, Байлады бiлегiне баланың кеп. «Құдай сақтап дүниеде тiрi жүрсең, Есiңнен мұны, сiрә, тастама,– деп. Патшаға сенiң жаның қас көрiндi, Көркiнше, көрмей кеттiң жас бөрiңдi. Бiр Алла, мұны сiзге тапсырдым» деп, Көзiнен қан аралас жас төгiлдi. Қайтады уәзiр жылап етiп арман, Жiгiттер тұрған жерге қайтып барған. Опат қып он жiгiттi жеп кетiптi Жолбарыс, тоғайдан кеп шерi, қабылан. Уәзiр мұны көрiп қатты састы, Атына мiнiп алып, қамшы басты. Тоқталмай Пархизаттың алдына кеп, Көрiсiп патшасымен амандасты. Патшаға болған iстi мәлiм еттi, «Жолбарыс жiгiттердiң бәрiн жептi. Әйелдi баласымен өлтiрдiм» деп, Көңiлiне падишаның шаттық жеттi. Барайық Көркiншенiң баласына, Орманның тастап кеткен арасына. Шырылдап бала жылап жатыр едi, Аймалап аузын ашып анасына. Тоғайды көп жолбарыс жүрген жайлап, Жеушi едi кездескендi жүндей шайнап. Балаға бiр жолбарыс кез келедi, Көрген соң қалтырады қаны қайнап. Жолбарыс қайғылы едi бұ да көптен, Баласы жоқтығынан қасiрет шеккен. Туса дағы баласы өлiп қалып, Зар жылап екi көзден жасын төккен. Баласы өлгенiне үш күн болған, Жүрегi қапалықпен қанға толған. Емшек iсiп, сүт кернеп, азап көрiп, Құтылмай жүрушi едi қалың сордан. Қалтырап жолбарыстың барлық тәнi, Баласы өлгенiне қайнап қаны. Аузын ашып жас бала шырылдайды, Шыдасын жолбарыстың қайтiп жаны. Балаға жолбарыс та мейiр салды, Қасына шыдай алмай жетiп барды. Емшегiн емiзгелi емiренiп, Баланы бауырына тартып алды. Шерiнiң көзi жанып, рақымы келдi, Исiнiп, ауызына сап емшек бердi. Ажалсызға бiр себеп болады екен, Бала да солқылдатып еме бердi. Табиғат жолбарысқа тапсырады, Көңiлiн «өз балам» деп шат қылады. «Ақ иiлiп сынбайды» деген осы, Бұл сөздi ақылдылар парық қылады. Тоқтасын мұныменен бұл сөз мұнда, Ал ендi басқа жерден сөздi тыңда. Екi-үш жыл бұл ортада өтiп кеттi, Жолбарыс еге болып қалған ұлға. Ақ жұмыс нақақ болмас жыласаң зар, Балаға жолбарыс та болды ықрар. Бағдат деген шаһардың қаласында Есепсiз дүниесi көп саудагер бар. Дейдi екен Қожа Әсет оның намын, Бiлмейдi дүниесiнiң ешкiм санын. Жүредi әр шаһарға сауда қылып, Баһадүр, қасына ертiп палуандарын. Келедi бiр шаһардан сауда қылып, Бiр жерге қонды бұлар шатыр құрып. «Ауасы бұл араның жақсы екен» деп, Бiраз күн тынығады рахат қылып. Саудагер бай кiсi едi дүниесi көп, Артқаны қырық қашарға тiллә мен оқ. Қырық палуан, қызметкер бес құлы бар, Сәулетi мұның қылған патшада жоқ. Бұл жерде көп күн жатып рахат еттi, Бiр күнi аң аулауға көңiлi кеттi. Құсбегi, аңшыларын қасына алып, Тоғайға ендi бұлар жүрiп кеттi. Көредi қалың орман, бадал жердi, Аралап бұлар тура бара бердi. Алдынан бiр жолбарыс қарсы шауып, Қожаның екi бiрдей адамы өлдi. Жабылып жолбарысты ортаға алды, Қылышпен басын шауып, iшiн жарды. Тоғайдан тағы шығып бiр жолбарыс, Ақырып айбатпенен айбарланды. Жолбарыс қайтпай шапты қара шұбар, Үстiнде мiнiп алған баласы бар. Қожа Әсет мұны көрiп қайран қалды, Жүзiнен шұғыла берiп, нұры шығар. Қожа айтты: – Жiгiттерiм, құлағың сал, Жабылып жолбарысты ортаға ал. Тұзақ тастап, тiрiдей бiз ұсталық, Балаға үстiндегi қылмай залал. Қырық жiгiт жолбарысты ортаға алды, Ұмтылып тұс-тұсынан тұзақ салды. Мойнына жетi тұзақ қабат түсiп, Баланы дақ түсiрмей ұстап алды. Баланы алдына алып жүзiн сүйiп, Айрықша Қожа Әсет құрсанттанды. Тазалап жас баланы шомылдырды, Табиғат аямастан берген нұрды. Патшалықтың жүзiнен нұры шығар, Қожа Әсет ақылменен мұны бiлдi. Үстiне таза киiм киiндiрдi, Белiне тiллә кемер буындырды. Бiлегiне байлаған тұмарды алып, Қожа Әсет ашып оқып, сырын бiлдi. Он дана гауһар менен алды хатты, Айтылған жазуменен бәрi нақты. «Әкесi Көркiн патша» деп жазыпты, Болар деп патшазада салтанатты. Қағазды гауһар менен қойды тығып, Бiлдiрмей барлық сырын iшке бүгiп. Өзi де перзентi жоқ адам едi, Артықша қуаныш қып отыр күлiп. Қуанып Қожа Әсет болады шат, Балаға Шеризат деп қойыпты ат. Ендi көшiп ол жерден жүрiп кетiп, Өзiнiң шаһарына барды Бағдат. Қожа Әсет қуанышты баласына, Бағдаттың той берiптi қаласына. Мектепке жетi жаста тапсырады, Қараңдар ақылының данасына. Әлқисса, Қожа Әсет Шеризатты оқытып жата берсiн, ендiгi сөздi Көркiншенiң орнына патша болған Пархизаттан айтамыз. Мұның да әйелi ай-күнiне жетiп, бiр қыз туады. Халыққа той берiп жатқаны: Тағы да бiраз ғана келдi дастан, Айтайын мұны қойып әуел бастан. Iнiсi Көркiншенiң ел басқарып, Пархизат патша болып, көңiлi тасқан. Отырды алтын тақта үкiм етiп, Көңiлiнен қапалығы мұның кетiп. Бiр күнi Пархизаттың әйелi де Бiр қыз туды, уақтылы күнi жетiп. Қуанды қыз да болса ата-анасы, Бұрыннан Пархизаттың жоқ баласы. Зарығып жылап жүрiп сұрап алған, Көзiнiң ағы менен бұл қарасы. Қырық күндей халайыққа тойын бердi, Тамаша халық жиналып ойын көрдi. Билерге ат мiнгiзiп, шапан жауып, Жетiмдi, ғарiп-ғасiр тойындырды. Шаһардан жиып алды ғалымдарын, Қызы үшiн iзет етiп оның бәрiн. Күлшат деп ол қызының атын қойып, Қайтарды риза қылып жанның бәрiн. Бағуға әйелдерге қызды бердi, Он төртке Күлшат қыздың жасы келдi. Жүзiнен нұр шашылған сұлу болып, Тамаша таң қалдырды барлық елдi. Көрiктi болды Күлшат қыз, Алтын жiбек тұлымды. Айнадай жүзi жарқырап, Атадан артық туылды. Жүзiнен нұры тамшылап, Екi бетi жуылды. Хабарлады падиша, Барлық жұрт қалмай жиылды. Күлшатқа сарай салмаққа, Ұсталарға бұйырды. Орнатқан жерi ойласып, Таудың салқын саласы. Көгорай шалғын құлпырған, Дарияның үлкен жағасы. Бұрқылдап бұлақ қайнаған, Бау-бақша соның арасы. Бағбандарды шақырып, Мәуелi ағаш ектiрдi. Айналасын қорғандап, Әр түрлi гүлден септiрдi. Жетi қабат жай салып, Алтыннан қақпа соқтырды. Iшi-сыртын нақыштап, Асырды даңқын халқынан. Сыртын сырлап гүл салып, Су тартты күмiс-алтыннан. Асыл тастардан тұрғызып, Күмiстен суын жүргiзiп. Қазық қағып алтыннан, Гауһардан шырақ iлгiзiп. Кенiштен илеп балшығын, Мүшкi зағыпыранмен сылады. Жақындаса қасына, Иiсi аңқып ұрады. Шеризаттан бастайын, Айтармыз кейiн бұларды. Әлқисса, Пархизат патша Күлшаттың қасына қырық нөкер қосып бердi. Әлқисса, [олар] сарайда тамашасын iстеп жата бер- дi. Ендiгi сөздi Шеризаттан айтайын. Жетiге Шеризаттың жасы жеттi, Қожа Әсет «перзентiм» деп құрмет еттi, «Баламды оқытайын молдаға» деп, Апарып өз қолымен табыс еттi. Оқыды молдалардан сабақ алып, Тұрады Қожа Әсет те хабар алып. Он төрт жаста iлiмдi тамам етiп, Бақ-дәулет бiрдей қонды балаға анық. Шынарға шықты бiр күн бұл Шеризат, Жүз жiгiт қосып бердi мiнгiзiп ат. Аң аулап, ит жүгiртiп, құсын салып, Боп жүрдi күнделiктi көңiлi шат. Ойнайды жүз жiгiтпен атып оқты, Келетiн бұған қарсы адам жоқ-ты. Тiрiдей жолбарысты ұстап алып, Өнерге неше түрлi қайыл бопты. Айрықша Қожа Әсет болады шат, «Баламды қауiп-қатерден қыл,– деп,– азат». Құдайы ғып ғарiпке дүние берiп, Қылады күндiз-түнi көп мiнәжат. Саудагер Үндiстаннан келдi бiр күн, Аралап Бағдаттың көрдi жұртын. Қожа Әсет басшыларын шақырады, «Қонақ боп кетiңдер,– деп,– бiзге бiр түн». Кәсiбi Қожа Әсеттiң әуел бастан, Шаһарға мейман келсе әрбiр тұстан, Шақырып қонақ етiп жiбередi, Хикая, неше түрлi сұрап дастан. Шақырып керуендердi мейман еттi, Сұрайды әр шаһарда болған кептi. Көргенiн керуендер де айтып жатыр, Iшiнде шешендерi аузы ептi. Сұрады Қожа Әсет: – Патшаң кiм?– деп, Халыққа әдiлетi қалай-дүр?– деп. Олар айтты: – Шәрiмiз Үндiстаннан, Пархизат патшамыз, болсаң бiлмек. Патшамыз айтарлықтай жаман емес, Айталық тыңдасаңыз бiраз кеңес. Ұлы жоқ, патшамыздың бiр қызы бар, Келмейдi сұлулыққа ешкiм теңдес. Ол қызын жанынан да артық көрiп, Атақты ұсталарды алды терiп. Дарияның жағасынан бағы бустан, Қызымды шат қылсам деп жай сап берiп. Ғажайып бiр тамаша iстедi бау, Таң қалды барлық адам мұны көрiп. Дүниенiң гүлiнiң бәрi де бар, Ақылын адамзаттың тұрар бөлiп. Бұралып сол бақшада отыр Күлшат, Жүредi қырық қыз нөкер соңына ерiп. Үй салды бау iшiнен бөлек түрi, Мұнара жетi қабат алтын сыры. Жетеуiнiң порымы жетi басқа, Ауызбен айтып болмас ешкiм мұны. Күлшат деп ол қызына қойған атты, Сұлу жоқ бұл сияқты салтанатты. Қасына қырық қыз нөкер қосып берген, Iстейдi бау iшiнде саяхатты. Ол бауға қыздан басқа адам бармас, Қарауыл бағбаны бар өзiне хас. Керуен қатты мақтады Күлшат қызды, Дүниеде сұлу жоқ деп оған ұқсас. Шеризаттың айтқан замат ышқы кеттi, Ашықтық iшке түсiп, ақылын елiттi. Түнiменен сөйлесiп керуендер де Таңертең қош айтысып қайтып кеттi. Шеризат ғашық болды қызға қатты, Түн болса, жастық қойып ұйықтамапты. Шыдамай ашығына күйiп-жанып, Бiр күнi атасына бұл сөздi айтты. – Атажан, қабыл көрсең бұл iсiмдi, Айтайын көңiлдегi жұмысымды. Шаһармен-шаһар жүрiп сейiл еткiзiп, Таныстыр көзiңiздiң тiрiсiнде. Қожа айтты мұны естiп барлық сырын: – Қарағым, жаным перзент, көзiм, нұрым. Шырағым, сенен басқа перзентiм жоқ, Қалаймын шаттығыңды, жалғыз ұлым. Iстейiн айтқаныңды, берейiн мен, Тiрлiгiм, бұл дүниеде қуатым сен. Шаһармен-шаһар жүрiп аралатып, Жан балам, жол көрсетiп келейiн мен. Қожа Әсет жол жүрудiң қамын жептi, Нәрсенi керек-жарақ даяр еттi. Қырық қашырға алтын мен гауһар артып, Үндiстан қаласына жүрiп кеттi. Шеризат жүз жiгiтiн қасына алды, Тiллә жабдық атына егер салды. Бұлардың сәндi-сәулет порымына Бәрi де көрген жанның қайран қалды. Ал, ендi Қожа Әсет кеттi жүрiп, Жолдарда аңын аулап, сейiл құрып. Тынбастан неше күн-түн жолда болып, Бiр тоғай жағасына жатты кiрiп. «Ауасы жақсы екен» деп қонды бұлар, Гүл ашқан, шашма бұлақ, бiткен шынар. Тынығып сол тоғайда бiр күн жатып, Шығады аң аулауға ендi бұлар. Шеризат он жiгiтпен ауға шықты, Атадан ұл тумапты мұндай мықты. Қалың бадал тоғайға кiрген екен, Алдынан бiр жолбарыс қарсы шықты. Суырып алмас қылыш қолына алды, Жолбарыс Шеризатқа пәнже салды. Шеризат қарсы келiп шапқанында, Қылышы ортасынан екi жарды. Артынан бiр жолбарыс тағы шықты, Ақырып Шеризатқа айбат қыпты. Аты үркiп жолбарыстан қаймығады, Атынан сонда бала қарғып түстi. Жолбарыс жақын келдi көзi жанып, Құйрығын сипаңдатты мұны танып. Шеризатты асыраған анасы екен, Сипады маңдайынан мұның барып. Жылады жолбарыс та үнiменен, Жалады Шеризатты тiлiменен. Өз анасы iлгергi асыраған, Үстiне бұрын жаста мiнiп жүрген. Қараңдар Шеризаттың данасына, Жолықты асыраған анасына. Аймалап тiлiменен жалай бердi, Аңсаған жолыққан соң баласына. Шеризат жолбарысты алды мiнiп, Жiгiттер қайран қалып тұрды күлiп. Шеризат, жолбарыс та жүре тұрсын, Айтайын Күлшат қыздан баян қылып. Әлқисса, Пархизаттың қызы Күлшат сұлу ауға шығып келе жатқан жерi: Пархизат падишадан бiр қыз туды, Күлшат та қырық қызбен сонда тұрды. Аты – Күлшат, қырық қыз нөкерi бар, Жағалай дарияны сейiл қылды. Сол күнi аң аулауға көңiлi кетiп, Ат мiнiп қырық қызбенен бұ да жүрдi. Қыздармен сейiл қылып ауға кеттi, Шеризат жүрген жерге жақын кептi. Тоғайдан бiр топ адам шыға келдi, Бұларға сонда Күлшат назар еттi. Бiр жiгiт жолбарысты мiнiп алған, Жүздерi туған айдай раушанданған. Адамзаттан бөлекше, үр мысалы, Күлшат қыз мұны көрiп естен танған. Күлшаттың көрген замат ышқы кеттi, Шеризат мұны көрмей өтiп кеттi. Бiр қызына Күлшат та тапсырады: «Бұлар кiм, барып хабар бiлгiн» дептi. Бiр қызы бұйырған соң шауып кеттi, Қарсы кеп Шеризатқа тағзым еттi. – Жолбарыс мiнген жiгiт, атыңыз кiм? Қай жаққа барасыздар сiздер?– дептi. Шеризат айтты: – Елiм Бағдаттан, Сауда қып келе атырмыз Үрiм жақтан. Көшемiз екi-үш күнде елге қарай, Мейманбыз шатыр құрып, қонып жатқан. Қызға айтты: – Бiлдiр маған өздерiңдi, Бұл жерге не жұмыспен келгенiңдi? Жүрсiңдер бұл тоғайда қыздар нағып, Баяндап айтып кетшi өз жөнiңдi. Қыз айтты: – Шаһарымыз бiздiң жақын, Пархизат патшамыздың дейдi атын. Ұлы жоқ, Күлшат деген бiр қызы бар, Ауызбен айтып болмас салтанатын. Қызына бұл жақыннан жай сап берiп, Ол қызға адамда жоқ бiткен көрiк. Аң аулап бұл араға келiп едiк, «Бiлiп кел» деп жiбердi сiздi көрiп. Келген қыз өз жайына қайтып барды, Күлшатқа көрген iсiн айтып барды. Шеризат қыздың атын естiген соң, Ғашықтық iшке түсiп, күйiп-жанды. Жолбарысты мiнiп ап ер Шеризат, Қайтып кеп атасының қолын алды. Бала айтты: – Мен тоғайды қылдым сайран, Қожа Әсет мұны көрiп қалды қайран. – Шырағым, өмiрiңдi берiк қылып, Сақтасын панасында сенi Аллам. Шеризат қоя бердi жолбарысты, Қайтқалы өзi келген жолға түстi. Жолбарыс Шеризатпен ырзаласып, Көтерiп оң аяғын қолға қысты. Кеш болып, тамақтанып жатты бәрi, Ұйқыға жан рахат батты бәрi. Күлшат түсiп есiне Шеризаттың, Жандырып ғашық оты жатқызбады. Ғашықтық iшiн өртеп жаққан шамдай, Отырды таң атқанша ұйықтай алмай. Шеризат мұндай халде жата тұрсын, Ал, ендi тыңдаңыздар Күлшат қандай. Күлшат та ғашықтықтан жатып қалды, Әр заман «Шеризат» деп «аһ» ұрады. Күлшаттың тамақ iшпей жатқанына Бәрi де қырық қыз нөкер қайран қалды. Күлшатқа сонда қыздар сөйлейдi кеп: – Ас iшпей бүйтiп неге жатырсыз?– деп. Күлшат жауап бермейдi бұл қыздарға, «Жайымды менiң сұрап не етесiз?» деп. Қоймады қой дегенмен ол қыздары, «Сырыңды айтыңыз» деп көп қинады. «Қыздарға айтпағаным болмас-ты» деп, Ғашықтық қасiретiн көп жырлады. «Жiгiтке ғашықпын» деп қасiрет шектi, Қыздарға барлық сырын мәлiм еттi. – Ал, қыздар, мұның жолын табыңыздар, Қалай қып жолығамыз бұған,– дептi. Ақыры қалам менен қағаз алып, Жазумен мәлiм еттi барлық дерттi. Бiр қызына тапсырды бұл қағазды, «Апарып сол жiгiтке бергiн» дептi. Қағаз ап, бiр қыз кеттi мiнiп атқа, Шатырға жетiп келдi шай уақытта. «Бұл қағазды мәлике жiбердi» деп, Тапсырды өз қолымен Шеризатқа. Қағаздың мазмұны мынау екен: Күлшаттың жазған қағазы, Шеризат, мұны оқып көр. Құлағыңа мазалы, Бағы бустан бiзде бар, Мысалы жәннат базары. Iшiнде гүлдер ашылған, Атырапқа сулар шашылған. Бiр көрген адам екiншi Көрсем деп көңiлi жосылған. Iшiне кiрген адамның Көңiлiнiң кiрi ашылған. Жетi қабат үйiм бар, Бiрiнен-бiрiн асырған. Сырты күмбез безенген, Төбесi көкке асылған. Сiзге айтар сөзiм бар, Бұл жаққа қадам бұрыңыз. Гүл бағымды аралап, Тамаша бiзбен қылыңыз. Өмiрiңдi хош қылып, Сұлумен ойнап-күлiңiз. Жетi күмбез үйiм бар, Iшiне келiп кiрiңiз. Алтыннан құрған тағым бар, Үстiне соның шығыңыз. Бұлбұл сайрар бағым бар, Бұл сөзiмдi бiлiңiз. Қаласа егер көңiлiңiз, Келудiң қамын қылыңыз. Осымен сөздi тоқтаттым, Иә, келерсiң, келмессiң, Ендi өзiңiз бiлiңiз. Әлқисса, Шеризаттың қайтарған жауабы: Күлшаттың мынау ғазалы Құлағыма жақты ғой. Сөзiңiз шырын мазалы, Қуаныш мен де етемiн, Жарымның түссе назары. Қолыма тидi ғазалың, О басыда керуеннен Есiтiлген хабарың. Керуен болып бұл жерге Келгенiм – сенiң себебiң. Бiр Алла нәсiп әйласа, Қосылмақ едi талабым. Өзiңнен тiлек болған соң, Тоқтауға жоқ қой амалым. Тоқтауға менде тағат жоқ, Жаннан артық жанатным. Осылай менiң пiкiрiм, Мәнiсiн оқып қарағын. Хат жазып мен де жiбердiм, Артынан өзiм барамын. Келген қыз қағазды алып қайтып кеттi, Күлшатқа алып келiп табыс еттi. Жазғанын Шеризаттың оқып көрiп, Көңiлiне Күлшаттың да шаттық жеттi. Шеризат таң атқан соң атқа мiндi, Қасына он жiгiттi ертiп жүрдi. «Аң аулап келемiн» деп атасына, Басқа сыр бiлдiрместен жолға кiрдi. Ат мiнiп Шеризат та жүрiп кеттi, Дарияның жағасына келiп жеттi. Ғажайып неше түрлi бағы-бустан, Көрмеген адам, сiрә, «бұл не?» дептi. Айнала баудың сыртын қорған құйған, Бiр жерден дарбаза қып, құлпын ұрған. Iшiнде неше түрлi миуалы ағаш, Гүл ашылып, бұлбұлдар сайрап тұрған. Сарайдың жетi қабат көрдi бәрiн, Тiлләмен нақыштаған сыртын оның. Келгенiн Шеризаттың Күлшат көрiп, Алдынан ертiп шықты қырық қыздарын. Қасына қырық қыз нөкер ертiп шықты, Күлшат кеп Шеризатпен көрiсiптi. Iзетпен құрмет етiп тамам қыздар, Ордаға ортаға алып келiсiптi. Шығарып Шеризатты алтын таққа, Қыздар тұр қол қусырып екi жақта. Ашық-машық екеуi отырады, Кiрiсiп неше түрлi сұхбатқа. Сыбызғы, сырнай шалып құрды ойын, Күлшат қыз қиғаштады бұрып мойын. Шыдамай ашықтықтың әсерiне, Бiлегiн айқастырып ашты қойнын. Тартылып керней-сырнай құрды бәзiм, Әр түрлi iстеп отыр сұлу назын. Қыздар тарқап ойыны аяқталып, Iледi лашын құс көлдiң қазын. Күлшаттың жайнап жатыр көзi жанып, Қармаққа iлiнгендей жайын балық. Айдыннан аққу iлген қаршығадай, Жұмарлап жатыр бала бауырға алып. Ғашықтық ештеңенi елемедi, Тарқады күй құмары денедегi. Бағбаны Күлшат қыздың мұны көрiп, Патшаға айтайын деп жөнеледi. Күлшатқа бұрын ғашық бағбан болған, Жүрегi ғашықтықпен қанға толған. Көрген соң бұл жұмысты бастан-аяқ, Патшаға айтайын деп шықты жолдан. Ойланды падишаға барайын деп, Бетiне қыздың күйе жағайын деп. Ақыр маған бұл қыздан еш пайда жоқ, Кегiмдi сөйтiп бұдан алайын деп. Бағбанның бауыры жанып, iшi күйдi, Патшаға дереу барып арыз қылды: – Иә, тақсыр, дәулетiңiз ұзын болсын, Қызыңды бүгiн түнде Құдай ұрды. Қызыңыз бiр жiгiттi алып кiрiп, Күндiз-түнi шарап iшер, бәзiм құрып. Ышқы барлық қылады ол жiгiтке, Тақтында кешке-күндiз бiрге отырып. Падиша мұны естiп қатты састы, Кеудеден жан шығуға жақындасты. Реңi ұшып, патшаның есi кетiп, Халқына «жиналсын» деп хабар шашты. Бар едi падишада екi палуан, Жүрегi қайтқан емес ешбiр жаудан. Алмас, Қоймас аттарын дейдi оның, Падиша екеуiне ақыл салған. – Тез барып қызым менен ол жiгiттi Ұстап ап, қол-аяғын байла мықты. Екеуiн дарға тартып өлтiрейiн, Жинап ап дар астына барлық жұртты. «Мақұл» деп, екi палуан атқа мiнiп, Асынды жарақ-сайман, сауыт киiп. Екi жүз тағы артынан әскер ертiп, Күлшаттың сарайына барды кiрiп. Күлшатқа бiр қыз келiп сәлем бердi: – Иә, Күлшат, атаңыздан адам келдi. «Атаңның Алмас, Қоймас палуаны Кеп тұр,– деп,– әскер ертiп» хабар бердi. Бiр дұшпан Шеризатты көрген шығар, Патшаға барып хабар берген шығар. Болмаса, бұл палуандар келмес едi, Атаңның әмiрiмен келген шығар. Күлшаттың мұны естiп есi кеттi, Қыздардан Шеризатқа хабар жеттi. «Жiгiттiң обалына қалдым ғой» деп, Көзiнен жасын төгiп зар еңiрептi. Күлшаттың бала көрiп жылағанын Сұрайды: – Не болды,– деп,– саған, жаным? Қыз айтты: – Атам бiзден хабар тауып, Көп әскер, жiберiптi палуандарын. Дариға, құныңызға болдым серiк, Ұсталып не боламыз кетсек өлiп. Мен болмасам, бұл жерге келмес ең,– деп, Жылайды екi көзден жасын төгiп. Шеризат айтты қызға: – Зар еңiреме, Күлшатжан, қайғырасың мұнша неге?! Не келер дейсiң оның қолдарынан, Қапа боп, ғашық жарым, қайғы жеме. Шеризат осыны айтып түрегелдi, Жарақ-сайман сауытын кие бердi, – Оларды iздеп келген көрейiн,– деп, Күлшатжан, қарап тұр,– деп күле бердi. Ол келген палуандар сыртта тұрып, Сөйлейдi Шеризатқа ашу қылып: – Берi шық, патшаға айдап бiз барамыз, Iстепсiң бейәдептiк бауға кiрiп. Есiтiп мұның сөзiн бала күлдi, Есiрiк екендiгiн ендi бiлдi. «Иә, Күлшат, бiр пиала шарап келтiр, Iшiп, жауап қылам» деп қарсы тұрды. Шарапты Күлшат сұлу алып келдi, Кесесiн iшiп бала қайтып бердi. Екi палуан алыстан мұны көрiп, Қапа боп, iшi күйiп қайғы ендi. Алмас айтты Қоймасқа: – Берi қара, Қылды ғой бiздi мазақ мына бала. Аттан түсiп, сен барып ұстап ап кел, Қылайық байлап алып хас масқара. Шеризат езу тартып қарғып тұрды, Тұрғанын түлен түртiп ендi бiлдi. «Аулаққа шатырымды тiгiңдер» деп, Шақырып жiгiттерге әмiр қылды. Жiгiттер қызметiнде тiке тұрған, Шатырын сыртқа апарып, тiктi жылдам. Шатырда шарап iшiп отырады, Олардан уайым қып, жемедi қам. Шеризаттың Қоймас көрiп бұ қылғанын, Аузынан ашуланып шықты жалын. Шеризаттың қасына жетiп барды, Суырып қынабынан қылыштарын. Балаға Қоймас келiп қылыш салды, Шеризат ашуланып ұстай алды. Қылышын жұлып алып өзiне ұрып, Қоймасты ортасынан екi жарды. Табиғат Шеризатқа берген күштi, Қақ жарып ұрған қылыш бөлiп түстi. «Маған да ажал жақын келдi ме» деп, Алмастың мұны көрiп зәресi ұшты. Арсылдап Алмас келдi аузын ашып, Балаға найза ұрды көңiлi тасып. Айқайлап Алмасты да масқара еттi, Найзасын жұлып алып, өзiн шаншып. Ұстап ап айналдырып аспанға атты, Ашуы Шеризаттың келдi қатты. Сүйегi төрт жүз қырық төрт уатылып, Қырық қадам жерге түсiп, қаза тапты. Екеуiн өлтiрген соң ойран қылып, Әскерге қарсы шауып, нағыра тартты. Алақтап алдындағы қаша бердi, Алмастың әскерiнде жан қалмапты. Патшаға тоқтамастан барды қашып, Сөйлеуге мажалы жоқ аузын ашып. – Өлтiрдi Алмас, Қоймас палуаныңды, Құтылдық бiздер қашып асып-сасып. Күлшат та отырады тамға шығып, Зар жылап уайым қып iштен тынып. Қайратын Шеризаттың көргеннен соң, Жалынды Жаратқанға шүкiр қылып. Қуанды жаңа ашылған жайнап гүлдей, Тұра ма Күлшат сұлу ендi күлмей. Табақ-табақ шашады тiлләләрiн, Бетiне нұр шашылып сәуле гүлдей. Шеризат отырады таққа мiнiп, Күлшат та қызмет қылды тiке тұрып. Бәзiм қып Күлшатпенен шарап iшiп, Ол түндi өткiзедi ойнап-күлiп. Көңiлiне падишаның қайғы енiп, Әскерге «аттан» дедi хабар берiп. Өзi бас боп аттанып падишаның, Сап тартып бау алдына тұрды келiп. Келгенiн падишаның қыздар көрiп, Айтады Шеризатқа хабар берiп. Есi шығып қыздардың қалтырайды, «Патшадан өлемiз» деп қорқу енiп. Шеризат мұны естiп атқа мiндi, Патшаның әскерiне қарсы жүрдi. Пархизат Шеризатты көргеннен соң, Айтады уәзiрге осы сырды. – Құлақ сал,– патша айтты,– уәзiрiм, Баланың байқадың ба қандай түрiн. Сен барып ила ғып бiр алдамасаң, Амалы табылмайды басқа мұның. Патшаның Парс уәзiр тiлiн алды, Алдына Шеризаттың жетiп барды. Келедi Көркiншеге барлық түрi, Бетiне тура қарап, назар салды. Балаға сәлем бердi уәзiр барып, Қарады Шеризат та назар салып. Уәзiр айтты: – Иә, жiгiт, жолың болсын, Патшаның шарбағында жүрсiң нағып? – Мен өзiм баласымын бөтен елдiң, Бағдаттың шаһарынан мұнда келдiм. Күлшаттың ғашық болып ажарына, Алуға сапар шегiп қызға келдiм. Патшаның қызын берсе, аламын деп, Күлшат қыз қаламаса, амалым жоқ. Жақсылықпен бермесе егер қызын, Халқына тұрмын ойран саламын деп. Уәзiр айтты: – Қалай жалғыз жүрiс? Қыласың жалғыз басың қайдан ұрыс? Көпке топырақ шаша ма жалғыз адам, Бұл сөзiң айтқанменен емес дұрыс. Балалық қылмасайшы, мырза,– дедi, Сөзiмдi менiң айтқан тыңда,– дедi. Күнәңдi падишадан мен тiлейiн, Сен ұрыс жалғыз басың қылма,– дедi. Күнәңдi падиша да сенiң кешер, Өзiңдi әскер басы, сардар етер. Парс уәзiр айтады насихатын: – Құр әуре ұрысамын деп болма бекер. – Келмейдi алдасаң да менiң қашқым, Халқынан ерегiссем түк қоймаспын. Жалғыздың жары Құдай болып тұрса, Неше мың әскерiне өзiм баспын. Уәзiр Шеризаттан мұны естiп, Нәйүмiт боп патшаға келдi жетiп, Баладан бастан-аяқ есiткенiн Айтады бiрiн қоймай мәлiм етiп. Падиша мұны естiп ашуланды, Қызарып екi көзi оттай жанды. «Тез барып байлап алып келiңдер» деп, Атақты жiберiптi палуандарды. «Мақұл» деп, бiр палуаны қарғып тұрды, Мақтанып өзiн-өзi көп лепiрдi. Қаһарланып ақырып айбатпенен Аямай Шеризатқа найза ұрды. Найзасын тартып алды зорлық қылып, Тұтасып күш-қайраты, көзi тұнып. Ат үстiнде қол салып карданына, Тұмақтай жiбередi лақтырып. Палуанды жiгiттерi алды байлап, Шеризат айқайлады қаны қайнап. «Түбiме осы бала жете ме» деп, Бармағын падиша да қалды шайнап. Содан соң бiр палуаны тағы барды, Қарсы кеп Шеризатқа қылыш салды. Қылышын жұлып алып өзiне ұрып, Қауындай ортасынан екi жарды. Палуандар бiрте-бiрте келе бердi, Келгенi Шеризаттан өле бердi. Ұстап ап, бiреуiне-бiрiн қоспай, Келгенiнiң сыбағасын бере бердi. Падиша уайым жеп қысылады, Шеризат аш қасқырдай құтырады. Бәз бiреуiн бiр ұрып жұмырықпен, Кәлләсiн алмадай қып ұшырады. Сол күнi елу палуан қолға түсiп, Ақылдан ендi патша ұтылады. Кеш болып, осыменен күн де батты, Тарқасып жай-жайына бәрi қайтты. Патшаға түнiменен қайғы түсiп, Ұрыстың таң атқан соң найын тартты. Сап тартып екi жаққа тұрды барып, Майданға шықты бала айқай салып. Шыдамай Шеризаттың айқайына, Әскерi падишаның тұр қамалып. – Жекеге қорықпасаңдар келшi бiрiң, Оның кел, маған десең келгiн жүзiң. Жүзiң қорықсаң, мыңың кел,– деп айтады, Тиемiн әскерiңе өзiм бүгiн. Патшаның әскерiнен жүзi барды, Қамалап айналасын ортаға алды. Бiрiн ұрып қылышпен, найза шаншып, Бұл жүздi бiр сағатта қырып салды. Падиша мұны көрiп естен танды, «Жабылып, тұзақ сал!» деп айқай салды. Көтерiп үш жүз адам тұр тұзағын, Тастауға Шеризатқа ыңғайланды. Тұзағын үш жүз адам туралады, Шырмауға Шеризатты илалады. Көптiк қып қанша қайрат қылғанменен, Бойына үш жүз тұзақ шырмалады. Шеризат нағыра тартып жүгiредi, Жанынан көрген адам түңiледi. Домалап үш жүз адам құлап қалды, Быт-шыт боп шынжыр арқан үзiледi. Босанып бұл арқаннан бала тұрды, Айқайлап ендi әскерге өзiн ұрды. Қойға қасқыр шапқандай дал-дал қылып, Әскердiң қарсы келген бәрiн қырды. Атасы Қожа Әсет те жетiп келдi, Жүз баһадүр жiгiттi ертiп келдi. Шеризат жалғыз өзi қырғын салып, Бояды қызыл қанға қара жердi. Қожа Әсет жүз жiгiтпен қойды атты, Аралас бұлар да кеп қырғын сапты. Жүз жiгiт қасындағы бәрi палуан, Өлiктер төбе-төбе болып қапты. Падиша мұны көрiп жаман састы, Тұра алмай қарсыласып бұлар қашты. Iшке кiрiп бекiтiп қақпаларын, Хан уәзiр, бектерiмен ақылдасты. Ұрыстан Шеризат та қолын тартты, Бiрқанша олжаменен кейiн қайтты. Бау iшiне тiктiрiп үлкен шатыр, Қалдырмай атасына сырын айтты. Баласы атасымен бiрге болды, Күлшаттың Шеризатқа көңiлi толды. Жамалын Күлшат қыздың көргеннен соң, Айрықша Қожа Әсет те риза болды. Отырды сұхбат құрып бұлар әнша, Айтылып неше түрлi сөздер қанша. Ахуалын падишаның бiлдiрейiн, Тамаша еттi бұлар таң атқанша. Әлқисса, патша уәзiр, бектерiмен ақылдасып: – Бұған қандай ақыл айтасыздар?– дейдi. Парс дана уәзiр «мен барып бұл баланың жай-күйiн бiлейiн» деп, Шеризатқа келiп уәзiрдiң айтқан сөзi: Былай деп Қожа Әсет сөз қайырды, Дастарқан түрлi тамақ кең жайылды. – Не жұмыспен келдiңiз бұл араға? Уәзiр, айта бергiн сен жайыңды. «Мақұл» деп Парс уәзiр сөзге келдi, Жұмысын ойындағы сөйлейдi ендi. – Атақты, ел басқарған падишамыз Қаратқан үкiмiне талай жердi. Патшаға қарсы болып тұрмаңыздар, Сөзiмдi менiң айтқан тыңдаңыздар. Сiздер – жүрген саудагер адамсыздар, Халықты әуре-сарсаң қылмаңыздар. Шеризат, ұрысты қой, болалық ел, Сендер менiң бұл айтқан сөзiме ер. Патша қызын бермейдi сiзге, тегi, Бұл жерден көп кiдiрмей жөнеңiздер. Уәзiрдiң мына сөзi келмедi оңға, Жақсылап қоя алмады сөзiн жолға. – Патшаның қызы түгiл, тақытын алам, Уәзiр, қапа болма маған онда. Былай деп Қожа Әсет келдi шынға, – Сен, Парс, құлақ салып сөздi тыңда. Айтайын Шеризаттың ахаулын, Ұзақ қой хикаясы бұл мазмұнда. Бiлсеңiз бұл Шеризат – патшазада, Әкесi болған екен бәрiңе аға. Кияншаһтың нәсiлiнен арғы атасы, Көркiнше өз әкесi мұның және. Бiлесiз әкесiнiң шаһары бұл, Бұл уаққа шейiн мен де айтпадым сыр. Айтайын мұның жайын ендi саған, Уәзiр, құлақ салып тыңда да тұр. Бастады бұл тоғайға барған жайдан, Баланы жолбарыстан алған жайдан. Он дана бiлегiнде гауһарымен, Қағазға барлық iстi жазған жайдан. – Патшаның дұшпандығы сiзге аян, Анасын өлтiргенiн қылды баян. – Он сегiз содан берi жыл болды,– деп, Қожа Әсет әңгiмесiн қылды тамам. – Шеризат бұл баланың қойдым атын, Көрсетпей тығып қойдым жазған хатын. Қағазды алып қолына бере салды, – Мiнеки, оқып көр,– деп,– хикаясын. Қағазға уәзiр ашып назар салды, Хаты екен өзi жазған тани қалды. «Шырағым, айналайын, перзентiм» деп, Құшақтап Шеризатты естен танды. – Басымда,– Парс айтты,– күнәһым көп, Сен үшiн көп жыладым уайым жеп. Атаңның қызметiн көп қылып ем, Бұл iстi ендi баян қылайын,– деп. Көркiнше халайыққа болған әдiл, Пархизат iнiсi едi тұрған әзiр. Қатыны өлерiнде жүктi қалды, Қожа Әсет, тыңда сөздi, қылып сабыр. Көркiнше өлерiнде халқын жиып, Iнiсiн өз орнына патша қылып, «Қатыным мен өлген соң ұғыл туса, Орнымды берiңдер,– деп,– уәде қылып, Хат жазып, көп алдында пешет ұрған, Өлген соң, iнiсi жоқ оны қылған. «Қатынын падишаның өлтiргiн» деп, Бiр күнi мен байғұсқа жарлық қылған. Лажсыз оның сөзiн қабыл еттiм, Әйелдi бiр тоғайға алып кеттiм. Қасымда құлдарыма өлтiргiзiп, Нақақтан бейшараның қанын төктiм. Өлгенiн көрейiн деп бардым және, Туыпты барсам қатын ұғыл бала. Он гауһар мен хат жазып тағып кеттiм, «Шығар,– деп,– тiрi жүрсе» мен бейшара. Мұны айтып зар жылайды уәзiр ғарiп, Көзiнен жылағанда жасы ағып. «Күнәмдi кешiңiз» деп зар жылайды, Танады болған iстен ендi нағып. Әлқисса, Шеризат Парс уәзiрге: – Күнәңiз болса кештiм. Сiзде күнә жоқ,– дедi. – Ендi патшаңызға барып айт[ыңыз], жақсылықпен атамның орнын берсiн. Халықтың обалына қалмасын,– дейдi. Сонда Парс патшаға барып айтып тұрған сөзi бұл: Шеризаттан рұқсат ап, Уәзiр жүрiп кетедi. Ешбiр жерге қайрылмай, Ордаға тура жетедi. Патшаның келiп алдына, Көргенiн баян етедi. – Рұқсатыңмен, тақсыр-ау, Шеризатқа барғаным. Жағдайына түсiнiп, Сөзiне әбден қанғаным. Атасының орны екен, Ол баланың таласы. Сөзiне, тақсыр, қараса, Көркiннiң екен баласы. Өлтiргенде аралға Туған екен анасы. Туғанын өзiм көрiп ем, Өлтiрмей тастап келiп ем. Болған iстi хатқа сап, Тұмар ғып байлап берiп ем. Тiрi жүрсе дүниеде, Шығарын сонда бiлiп ем. Қожа Әсет саудагер Ол тоғайға барыпты, Жолбарыстан баланы Ажыратып алыпты. Iлiм-бiлiм үйретiп, Жақсылық жолға салыпты. Қызыңызға ғашық боп, Iзденiп келiп қалыпты. Жалған емес, иә, тақсыр, Бұл сөзiм менiң анық-ты. Мұны есiтiп падиша, Ақыл-естен танғаны. «Жүзiқара болдым» деп, Бетiнде қаны қалмады. Өткен iске өкiнiп, Боларын iстiң аңлады. – Уәзiрiм, қалай сақтайсың Қарабет мендей пенденi? Амалын өзiң таппасаң, Сен едiң менiң сенгенiм. Шеризаттың қолында, Ендi менiң өлгенiм. Падиша бұлай дегенде, Дана уәзiр сөйледi: – Тағын берсең баланың, Болады сонда жөн,– дедi. Патша айтты: – Сонда қоя ма, Тағын берсем қолына. Атасының ол шығып Отырса, егер, орнына. Ақыры менi өлтiрер, Анасының құнына. Амалым жоқ, қайтейiн, Түскеннен кейiн қолына. Тәж-тағын берiп кетейiн, Басымның қамын етейiн. Шеризаттың көзiне, Көрiнiп мұнда нетейiн. Уәзiр айтты: – Падиша, Сабырлық бұған қылыңыз, Сөзiмдi айтқан бiлiңiз, Шеризаттың алдынан Өзiңiз әуел шығыңыз. «Күнәһымды кешкiн» деп, Өтiнiш, арыз қылыңыз. Шеризат кешер күнәңдi, Бұл сөзiмдi бiлiңiз. Шеризат, егер, кешпесе, Тiлеп алар қызыңыз. Парстың айтқан бұ сөзiн Падиша мақұл көредi, Шеризатқа тарту ап, Уәзiрмен бiрге жөнедi. Бұлардың келiп қосына, Келгендiгiн бiлдiрiп, «Кiрелiк iшке» дегенi. Шеризатқа бiлiндi Бұлардың келген дерегi. Баладан рұқсат болған соң, Уәзiр мен патша кеп едi. Падишаның күнәсiн, Шеризаттан уәзiр тiледi. Падишаны көрген соң, Шеризаттың долданып, Ашуы қатты келедi. Шеризат айтты уәзiрге: – Сөзiме менiң қарағын, Шаһардың жина адамын. Патшаны менен сұрама, Амалын өзiм табамын. Әлқисса, уәзiр «мақұл» деп, ордаға келiп, барлық жұртты жинап, Қожа Әсет, Шеризатты келтiрiп, барлық жұртқа жар салды. Пархизаттың барлық iстеген жұмысын әшкереледi. Көркiншенiң әйелiн өлтiргенiн, Шеризатты жол- барыс асырағанын, Қожа Әсет оны бала қылып алғанын, қызға қосылғанын айтты. Халық «Пархизатты өлтiремiз» дегенде Күлшат атасының қанын сұрап, былай дедi: – Әкемiз, ер Шеризат, бiр туысқан, Мен доспын қияметтiк, әкем – дұшпан. Болып ең, Парс уәзiр, жұртқа аға, Сенiң де хабарың бар бұл жұмыстан. Әкемнiң әрi қызы, баласымын, Көзiнiң ағы менен қарасымын. Әкемнiң қамқорлығын ақтамасам, Мойныма қаны жүк боп қалатұғын. Бұл жерде жасыңыз бар, кәрiңiз бар, Бұл iстi шариғатқа салыңыздар. Өлмесе әкем, тiрi жаза тартса, Сiздерге зорымыз жоқ, зарымыз бар. Осылай деп Күлшат жылады, Көзiнен жасы шұбады. «Қанын бер,– деп,– әкемнiң», Қожа Әсеттен сұрады. Қожа Әсет пен ер Парс Мақұл деп мұны ұнады Пархизатты он жылға, Бадарғы зындан қылады. Патша болып Шеризат, Алтын таққа шығады. Ынтымақпен Парсты, Най уәзiр қылады. Осылайша баланың Әсiл болды мұрады.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.