Қазақша
Қисса қожа Ғаффан
Әуелде сөз айтайын «бисмилладан»,
Өлмей қалмас анадан туған адам.
Өлмей тұрып бiр қисса сөйлейiн мен,
Туған жан бәрi де айрылар ата-анадан.
Сөйлейiн бұрынғы өткендерден,
Бенде болып дүниядан кеткендерден.
Ғашығынан басқаға көңiл берген,
Ахир Құдай тiлегiн бергендерден.
Тыңлай көр, бұл сөзiме құлақ салып,
Дүнияда ғарiптердiң бәрiн терiп.
Көрген соң бұ қиссаны қызық көрiп,
Мен ғарiп жаза салдым тiлiм алып.
Бұрын бiр дәулеттi бай болған екен,
Дәулет перзент, уммаға қорған екен.
Басра деген шаһарда, жамағаттар,
Бiр үлкен, дәулеттi бай болған екен.
Аты екен ол байдың қожа Ғаффан,
Құдай берген дәулеттi алуан-алуан.
Ғарiп менен пақырға қайыры көп болған,
Дүнияға келер ме екен ондай адам.
Ол Ғаффанның алхоры бар,
Һәрне қылса бендеге, Тәңiрiм қылар.
Күнше малы көзiне көрiнбейдi.
Перзент үшiн Аллаға қылады зар,
Ол қожаның дүнияда дәулетi көп.
Құдай мұңсыз бенденi жаратпайды.
Арманы дүнияда – баласы жоқ.
«Малды ал да бала бер, бiр Құдайым.
Перзент үшiн көңiлiм тулады дайым,
Бiр күнi өлсем, алдымда бала қалар,
Иесiз бұ малны не қылайым».
Қожа Ғаффан Құдайға жылап жүрдi,
Ақыры бiр күн тiлегiн Құдай бердi.
Бендеге шын тiлесе Тәңiрi берер,
Малына күнен-күнге науқас кiрдi.
Дәулетi күнден-күнге кеттi кейiн,
Дәулетi судай ақты күн-күн сайын.
«Перзентiм жоқ бұ малым кетпес» деп,
Бейшараға тағы да түстi уайым.
Бұрынғы дос бәрi де безiп кеттi,
Дәулет кетiп, қожаға мехнат түстi.
Қолындан дәулетi кеткен кезде,
Хатуны күмәндi болып, бала бiттi.
Бiреуге мал менен перзент те берұр,
Бiреуге перзент берсе, малын алұр.
Бiреудi бай, бiреудi жарлы қылар,
Кей адамның басына қайғы салұр.
Қожаның танып кеттi алмақтары,
Қожадан безiп кеттi жұрттың бәрi.
Қожаға келе жатып кез келгенде,
Таныған соң бұрылып кеттi әрi.
Бұл қожа мұны көрiп наза болды,
Қожаның көкiрегiне қайғы толды.
Бұрын қорлық көрмеген қожа Ғаффан,
Сарғайып бұ қайғыдан жүзi солды.
Қожаға терiс қарар көрген адам,
Қолынан тiлеп қайыр берген адам.
Құдай салса, көрмейтiн халiң бар ма,
Еркi бар не қылса да ол Құдайым.
Қожа Ғаффан ойлайды «қайтемiн» деп,
Ендi кiмге сырымды айтамын» деп.
Зар илеп, ой ойлайды қожа Ғаффан,
«Құдайым, маған болды не кесiр?» деп.
Бендеге дәулет бiтсе, әуел бiтер,
Адамдан дәулет кетсе, ақыл кетер.
Болғанда ақылы болған адам,
Жарлы болса Құдайым әуара етер.
Қожа Ғаффан ойлайды һәрбiр ойды,
Бар дәулетi қолынан кетiп қойды.
«Хатуным есен-аман бала тапса,
Немдi сойып той қылайым ендi.
Қуанып тойға келсе ағайыным,
Немене анда менiм көрген күнiм.
Бұ шаһардан кетейiн басымды алып,
Тұрғаным жарамайды мұнда менiм».
Қожаға ғарiпшiлiк жаман батты,
Жарлы болсаң, жiгiттер, жанға қатты.
«Бұ қорлықты көргенше өлейiн» деп,
Бiр күн қожа хатунға ақылдасты.
– Хатуным, мен кетейiн басымды алып,
Хатуны зар илейдi онда қалып.
– Бұ қорлыққа шыдамай сен кетесiң,
Мен байғұс күн көрермiн қайда барып?
Қожа Ғаффан жөнелдi жұрттан безiп,
«Жүрмейiн бұ шаһарда көзiм сүзiп.
Бүйтiп жүрiп қорлықты көргенше,
Дым болмаса жүрейiн жаһан кезiп».
Жылай-еңiрей жұртынан безiп кеттi,
Хатунға ғарiпшiлiк жаман түстi.
Үйiнде түгел малы бәрi бiттi,
Баланың туар күнi ендi жеттi.
Хатунның үйiнде бар жалғыз көнегi,
Құлақ салып, жақсылар, тыңла мұны.
Үстiне киетұрған киiмi жоқ,
Ғарiбнiң қиын болды көрген күнi.
Ғарiбнiң көрген күнi болды қиын,
Үйiнде қалған жоқ-ты жалғыз бұйым.
Күңiменен екеуi зар илейдi,
Пақырлар таба алмайды тамақ, киiм.
Хатунның күнi бiтiп туды бала,
Туғызды артық қылып Алла Тағала.
Күнi бiтiп хатуны бiр ұл тапты,
Құдайдың құдiретiне қара-сана.
Үйiнiң iшi, бәрi де нұрға толып,
Бала туды хатундан айдай болып.
Күң екеуi баланы көргеннен соң,
Қайран болып балаға қалды талып.
Есiн жиып қараса, бала жатыр,
Баласын қолына алды хатун пақыр.
Жаңа туған күн мен айдай болып,
Толықсып сары алтындай бала турур.
– Құдайым, көрсеттiң ме мұны маған,
Мен разы болайын, Ием, саған.
Баланы көргеннен соң шыдай алмай,
Жылайды ғарiп хатун қуанғаннан.
Құдайға шүкiр қылды күң мен хатун,
Ғарiп патша баланың қойды атын.
Бұндай болып адамдан жан туар ма,
Баланың көрер болуң салтанатын.
Бiр күнi бала тапты ғарiп хатун,
Таң қаларсыз, көрiңiз салтанатын.
Атасы ғарiп болып кеткен үшiн
Баланың Ғарiп патша қойды атын.
Ол бала қараңғы үйдi жарық қылар,
Үйiнiң iшi бәрi де нұрға толар.
Сейфүлмәлiк, Бәдiғұлжамал көркi сонда,
Көрген жан бәрi де қайран қалар.
Бұлардың iшiп-жейтiн тамағы жоқ,
Адамзат тамақ iшпей болмайды тоқ.
Бес-алты күн аш жүрдi бейшаралар,
Екеуi зар илейдi «қайтемiз» деп.
Емдiрсе, сүт шықпайды баласына,
Хатунның құлағың сал дәмесiне.
«Себеп бер» деп жылайды бiр Аллаға,
Аштықтан қайғы түстi анасына.
Мұны көрiп жылайды ғарiп күңi,
Неше күндер аш болып күнi-түнi.
Хатунға жылайды күң бейшара:
«Базарға алып барып сатшы менi».
Мұны көрiп жылайды күң бейшара:
– Аштан өлiп қалмасын Ғарiп бала.
Сатсаңыз менiм саған пұлым қалар,
Өзiңе бiрқатар күн ауқат болар.
Хатун мұны есiтiп төктi жасын:
– Сен едiң менiң жалғыз жан жолдасым.
Сенен басқа ғарiп басым не болады,
Не болар сенсiз маған жеген асым.
Мен саған ашулансам қатты айтамын,
Көңiлiм мойып, шырағым, жақсы айтамын.
Әр жаман күнiмде мұңдасым сен,
Сенi сатып, шырағым, не қылайын.
Не болар сенi сатып алған пұлым,
Құлағыма кiрмейдi сенiң мұның.
Мен кiмге мұңдасамын сен болмасаң,
Қайтiп өтер дүниядан менiм күнiм.
Дүнияда ғарiблерден жаман бар ма,
Дүнияның ғарiблерге бәрi тар ма.
Күң менен хатун екеуi кеңеседi,
«Ендi бiз[дей] ғарiблерге амал бар ма».
Аш болған соң жылайды Ғарiп бала,
Аны көрiп жылайды ғарiп ана.
Ендi бұ бейшаралар «қайтемiз» деп,
Пақырларға бiрталай болды сәна.
Ғарiпшiлiк бұларға болды дайым,
Бұларды ғарiп қылған бiр Құдайым.
«Осы күнде қасымда болмады» деп,
Ойына алып жылайды кеткен байын.
Қожа Ғаффан жұртынан кетiп қалды,
Хатунға бiр Құдайым ақыл салды.
Күңiн соған жұмсады: – Барып кел,– деп,
Ерiмнiң Құдай дескен досты бар-ды.
Сәлем айтты дегейсiң барып аңа,
Достыңыздың хатуны ғарiп сiзге.
Көп сәлем дегейсiң ғарiп бiзден,
Бiраз пұл керек болды берсiн бiзге.
Күң жөнелдi достысын көңiлiне алып,
Хатунның ақылына қайран қалып.
– Достыңыздың хатуны жiбердi,– деп,
Бибiнiң сол сәлемiн барды айтып.
Сәлемiн көңiлiне алып қайран қалды,
Досты мұны естiп аң-таң қалды.
– Әлi достым келгенi жоқ баян,– деп,
Жүз дiллә алды да алып салды.
– Бер,– дедi,– жүз дiлләнi алып барып,
Бұрын неге келмедiң маған ғарiп.
Бiр жүз дiллә достыма бермегiм бар,
Келiп тұр керегiңдi менен алып.
«Бар ендi» деп, бiрқатар тамақ бердi,
Күң көтерiп үйiне алып барды.
Қуанғаннан жүгiрiп үйге келдi,
Естiген жауаптарын айтып келдi.
– Достыңыз сәлем,– дедi,– бибi, сiзге,
Көп тамақ, бiр жүз дiллә бердi сiзге.
Қып-қызыл жүз дiлләнi алып келдiм,
Бiрқатар ауқат болұр ендi өзiмiзге.
Ғарiп хатун Құдайға шүкiр қылды,
Жақсы-жаман һәр iстi Хақтан бiлдi.
Ендi хатун жылайды қуанғаннан,
Көзiнен аққан жасқа алды толды.
Күң менен хатун екеуi кеңеседi,
Ғарiплер бiрге отырып мұңдасады.
«Базардан жiбек алып, кесте тiгiп,
Сатып ауқат қылайық бiз» деседi.
Базардан күң барды да жiбек алды,
Хатун тiгiп һәр түрлi өрнек салды.
Күң базарға сатарға алып барды,
Көрген адам баршасы қайран қалды.
«Базарға сатайын» деп тұрып барды,
Жұрт жиылды, көрген соң қайран қалды.
Жиылған жұрт бәрi де тамаша етiп,
Сұрағанын бердi де, кеттi алып.
Шәл орамал жiбектен тiгедi алар,
Бұл шәлiнi көрген адам қалып қайран.
Ғарiплер жақсы ауқат қылды дейдi,
Ақыры Құдай тiлеуiн бердi дейдi.
Жалғыз ұлды екеуi таза күтiп,
Баласы екi жасқа келдi дейдi.
Баланың тiлi шықты шекердейiн,
Тал шыбықтай бойы өскен жыл-жыл сайын.
Қуаныш қылып ойлайды ғарiп хатун,
Ендi мұны молдаға оқытайын.
Молдаға баланы оқытпақ парыз екен,
Оқытпаса, мойнына қарыз екен.
«Баламыз оқу оқыр жасқа келдi,
Оқытпаққа молдаға берсек екен».
Молдаға хатун ұлын алып жүрдi,
Өзi қайтты, баласы оқып қалды.
Көрген адам балаға аң-таң қалды,
«Бисмилла» деп молдадан сабақ алды.
Бала оқыр молдадан сабақ алып,
Жұрт қарайды балаға қайран қалып.
«Перiште ме, перi ме бұ бала» деп,
Медресе халқы бәрi де қалды талып.
Тұрдылар бiр заманда есiн жиып,
Кеттi ендi балаға iшi күйiп.
Аң-таң болып отырды бәрi тұрып,
Баладан кете алмайды көзi қиып.
Баладан көз айырмас бала-шаға,
Кәрi-жас, кiшi iнi, үлкен аға.
Баланың көркiне қайран болып,
Жұрт жиылып қарайды тамашаға.
Бала оқыды сабағын «бисмилла» деп,
Қандай қылып айтса да болады деп.
Жарқырап күндей болып отыр бала,
Көз айырмай қарайды жиылған көп.
Мұндай бала туар ма адамзаттан,
Екi көзi қап-қара қарақаттан.
Баланың көркiне ғашық болып,
Тырнақтай есi қалмады жамағаттан.
Тал шыбықтай бойы бар, белi нәзiк,
Мұнан артық тағы да не мақтайын.
Жүз жазсам баланың көркiн жазып,
Мыңнан бiрiн қағазға жазып болмас.
Қастары қара болып сызылып-дүр,
Тiстерi меруеттен тiзiлiп-дүр.
Кiрпiктерi оқтай болып сүзiлiп-дүр,
Қылдан белi жiңiшке үзiлiп-дүр.
Адам бетi көрiнер жан-жағынан,
Iшкен асы көрiнер тамағынан.
Қызыл алма секiлдi иегi бар,
Гүл төгiлiп тұрады-ай қабағынан.
Сөйлесе, бал секiлдi сөзi тәттi,
Сөйлесе, күйдiредi жамағатты.
Тұлымшағы жағында салбырап тұр,
Тырнағы – алтын, қамыстан бармақтары.
Көрмеген соң болмайды мақтағаным,
Не болар мұнан аяп сақтағаным.
Мыңнан жаза алман уасифын аның,
Лұқман Хакiм секiлдi болса жасым.
Ендi бала сабағын оқып болды,
«Қайт, балам» деп молда рұқсат бердi.
Қол қусырып медреседен шықты дағы,
Ғарiп бала үйiне қайтiп келдi.
Балаға жұртның бәрi ерiп келдi,
Ол бала қайтып келiп үйге кiрдi.
Бала қайтып үйiнен шыққанынша,
Жұртның бәрi есiкте қарап тұрды.
Бала қайтып медреседен үйге кiрдi,
Тосып тұрған адам бәрi көрдi.
Балаға шыққан соң қуаныш қылып,
Қойдай шулап артындан бiрге жүрдi.
Iшпек-жемек қайғысы ойдан кеттi,
Сөйтiп жүрiп бiрқатар заман өттi.
Әрi-берi балаға ерiп жүрiп,
Құдайым қанша жұртты әуре еттi.
Сабаққа бала барып жүредi екен,
Жұрт жиылып баланы көредi екен.
Жұрт жиылып есiкте тұрады екен,
Бәрi ерiп артынан жүредi екен.
Шаһарда ғашық болмай жан қалған жоқ,
Жасы-кәрi қалмайды көз салмаған.
Жасы-кәрi, бала, қатын-қыздың бәрi,
Шаһарда жыламаған жан қалмаған.
Жұрт жабылып тұрады мойынсұнып,
«Бала қашан шығар» деп үйiне алып.
Жемек-iшпек қайғысы ойдан кеттi,
Зар болып бейшаралар қайран қалып.
Қайғыда жұртның бәрi зар қылады,
Зар еңiреп тұрады жас мен кәрi.
Бiр күн хатун iңiрден көзiн салды,
Халайықты көрдi де қайран қалды.
Барша мойын салып көрдi жасты,
«Бұлар неге келген?» деп ойына алды.
Ойлайды «Қожа Ғаффан өлген шығар,
Ғарiпке қиын iс болған шығар.
Хатун күңiн шақырды: – Мұнда кел,– деп,
Жиылған халайықты көрдiң бе?– деп.
Қайғылы адам секiлдi көрiнедi,
Бұлар неге жиылған, бiлiп кел,– деп.
– Бұлардың бәрi ғашық балаңызға,
Көзiң нұры, қуаныш, данаңызға.
Шаһар халқы баршасы қайран болып,
Айтуға бата алмайды мұны сiзге.
Баланы дана қылған бiр Құдайым,
Баланың ақылы бар дайым-дайым.
Зар болды бiр көруге көп халайық,
Көрмекке баланы жейдi уайым.
Хатун ендi баласын жiбермедi,
Баласын үйден тысқа шығармады.
«Баламның оқығаны болады» деп,
Зейiнiмен таныды бiр Құдайны.
Хатун ендi балаға: – Шықпа,– дедi,
Көкiрегiме көп қайғы жақпа,– дедi.
Баланы «шықпайды» деп жұрт қарап тұр,
Хатун ғарiп баласын сақтайды ендi.
Ұстаз байғұс балаға қарап отыр,
Құран оқып баладай шулап отыр.
Жiбердi екi бала «барып кел» деп,
«Неге келмейдi бала, бiлiп кел» деп.
Сәлем берiп үйiне кiрдi алар:
– Жолдасымыз[ды] тез алып барайық бiз.
Хатун айтты: – Жұмысыңды айтыңызлар,
Не жұмысқа келдiңiз, жаным, сiзлер?
Хатун айтты: – Жұмысыңды айтыңызлар,
– Жолдасымыз[ды] алғалы келдiк бiзлер.
– Сәлем айт молдаңызға сiзләр барып,
Медресеге ендi бармас бiздiң Ғарiп.
Ораза, намаз, иманды таныды ендi,
Молдадан ендi жүрмес сабақ алып.
Балалар молдасына қайтып келдi,
Анасының айтқанын айтып келдi.
– Анасы оқуға жiбермедi,
Сабаққа жолдасымыз келмейдi ендi.
Молдасы мұны естiп тұрды дейдi
Амалы халфенiң құрыды ендi.
«Өзiм барып оны алып келейiн» деп,
Аяңдап бала үйiне келдi ендi.
Аны қарап тұр екен жиылған көп,
Қуанды бұ молданы бұлар көрiп.
Қуанысып тұрдылар бұлар қарап,
«Молда барып баланы әкелер» деп.
Рұқсат алып үйiне молда кiрдi,
Ұстазын бала көрiп, сәлем бердi.
Алып келiп төрiнде отырғызып,
Сәрпай жауып молдаға қызмет қылды.
– Жаным, неге сабаққа сен бармайсың,
Анасы, мұны неге жiбермейсiң?
Оқуынан қалдырып бейшараны,
Жауабын ақыретте ойламайсың.
Әлi мұны күтiп тұр жолдаслары,
Бiрге сабақ оқыған мұңдаслары.
Бәрi де «келмейдi» деп жылап отыр,
Өзiнiң ойнап жүрген құрдаслары.
– Сабаққа ендi балам бара алмайды,
Ендi барып сабақты ала алмайды.
Жолдаслары сабақты оқи жүрсiн,
Менiң балам сабақтас бола алмайды.
– Бибi, жiбер сабаққа шәкiртiмдi,
Ұстатымын, ренжiтпе, жаным, менi.
Сауап болар жiберсең балаңызды,
Данышпанды ұрғашыда көрдiм сенi.
– Баламның оқығаны болар сiзге,
Ендi шәкiрт болмайды балам сiзге.
Сәрпай ки де, балама батаңды бер,
Хазiрет, қайтыңыз үйiңiзге.
– Балаңызды көрген адам қайран қалар,
Құдайымның құдiретiн көңiлiне алар.
Балаңызға жұрт бәрi дұға қылса,
Ғұмыры перзентiңнiң ұзын боғлар.
– Тiлiңдi қанша айтсаң да мен алмаймын,
Көңлiмнен сөзiңе көз салмаймын.
Һәр бендесiн Құдайым өзi сақтар,
Сiзден қорқып баламды жiбермеймiн.
Молда шықты үйiнен ашуланып,
Iшi күйiп қайнайды оттай жанып.
Баланың шықпағанын көргеннен соң,
Жұрт жалынды молданы ұстап алып.
– Тақсыр, келiң бiзлердiң қасымызға,
Тәраххам қыл көзден аққан жасымызға.
Әй, молда, естiп кет мұнымызды,
Қатты қайғы iс түстi басымызға.
Сөйлесiңiз хатунға қайтып барып,
Өлермiз бұ қайғыдан бiз сарғайып.
Сұрағанын берейiк бiзлер аның,
Аны бiзге көрсетсiн алдына алып.
Молда тағы хатунға қайтып барды,
Жұрт айтқан сөзлерiн айтып барды.
– Әй, хатун, балаңызды бiр көруге,
Ер басына берелiк бiр дiлләдан.
Көндi хатун насихат еткен сөзге,
– Баламды көрсетейiн ендi сiзге.
Ендi түктен баламды көрсетпеймiн,
Алып келiп алтынын берсiн бiзге.
Әуелгi күн бiр алтын берiп көрдi,
Бiр дiллә берген кiсi үйге кiрдi.
Қуанғаннан он екi алтын бердi,
Пұлы жоқтар көшеде жылап жүрдi.
Көшеде жұрт тұрдылар кезек күтiп,
Ер басына бiр-бiр дана дiллә берiп.
Кейiн тұрған жандарға кезек тимей,
Жамағат бiрiн-бiрi кеттi басып.
Бұрын кеткен дәулетi қайтып келдi,
Хатун тұрып Құдайға шүкiр қылды.
Кеш болған соң алтынды санадылар,
Қанша болған екен күнгi қарадылар.
Бiр күнде жиылған жүз мың алтын,
Құдайға шүкiр қылды ендi бұлар.
Ертең хатун базарға барды дейдi,
Қайтарып көз базарға салды дейдi.
Керек-жарақ нәрсесiн бәрiн алып,
Қырық күң, құл қызметкер алды дейдi.
Сатып алған құлының бәрi нұрлы,
Бұларға киiм алды түрлi-түрлi.
Үстiне түрлi киiм киiндiрiп,
Алтындап күңдерiнiң шашын өрдi.
Өз күңiн қылды күңнiң басы,
Ғарiптiң көл болды көзi жасы.
Құлының бәрiн нөкер қылып,
Таңдап бiрiн қылыпты қазынашы.
Хатун тағы алып керек-жарақ,
Қазынашы базарға келдi барып.
Көңiлi түскен нәрсенiң бәрiн алып,
Киiм, аспап керегiнiң бәрiн алып.
Ендi хатун алтыннан сарай қылды,
Шаһардағы ұстаның бәрiн жиды.
Дүниядағы өрнектiң бәрi сонда,
Бiреуге хараж қылды сансыз пұлды.
Алтын, күмiс ол үйдiң көшелерi,
Маржан, меруерт ол үйдiң дiңгеклерi.
Шегелерi гауһар тас, алтын жаққан,
Iстеген қандай екен ұсталары.
Балаға салды және бiр көк күмбез,
Кеңдiгi сұрасаңыз жүз алпыс кез.
Алтын, жақұт, гауһардан зейнеттеген,
Көз көрмей осы сөздi айтып болман.
Көк күмбезге енедi күнде-күнде,
Ойнап-күлiп отырды күнде-түнде.
Домбыра мен өлеңшi, ойын-күлкi,
Ондай қызық болмайды осы күнде.
Шамшырақтайын қанадил асулы тұр
Ғарiп падиша қызбенен ойнап отыр.
Өлеңшiлер қасында домбырашы,
Нұрын һәммасы билеп отыр.
Кiрдi бала үйдi iстеп болған соң,
Ел жиылып iшiне толған соң.
Алып келiп алтын-күмiс безендiрдi,
«Көрем» деп жүзiн көңiл қиылған соң.
Ғарiп хатун баласын жуындырды,
Белiне алтын-күмiс буындырды.
Басына тәж кигiзiп, шашын өрiп,
Үстiне түрлi киiм киiндiрдi.
Баланы отырғызды алтын таққа,
Құдайның кiм таласар берген баққа.
Ондай бала туар ма адамзаттан,
Нұры балқып көрiндi һазар шындан.
Бала тағы нұрланды бұрынғыдан,
Көрсең бәһа қыларсың шамшыраққа-ай …
Құлдары алдында тұрар қол қусырып,
Жаның пида қыларсың аны көрсең.
Жамағат барды кезек-кезек,
Тағы да бала отырды бойын түзеп.
Көрсең пида қыларсың жаныңызды,
Тағы да бала отыр бойын түзеп.
Екiншi күн, үшiншi күн, төртiншi күн,
Һәр күнде берiп жатыр бiр-бiр алтын.
Шаһардың кедей қылды тамам халқын,
Сыймайды сарайларға күмiс-алтын.
Алтын қисап болмайды малы барға,
Мұның аты жайылды тамам елге.
Пақыр, мiскiн көрмесе шыдамайды,
Бұл қайғы қиын болды пақырларға.
Һәрбiр елге баланың даңқы кеткен,
Шаһар халқы бәрi де келген екен.
Баршасы ғашық болды бiр көрерге,
Шаһар халқы бәрi де келген-кеткен.
Алып келiп алтынды берген екен,
Баланы бiр көруге ғашық болған екен.
Адамдар бұ шаһарда болды кедей,
Кете алмай сол шаһарда жүрген екен.
Үлкен шаһар бар екен жақын жерде,
Жүз мың жүһүд бар екен ол шаһарда.
Жүһүдтерден балаға ғашық болып,
Падишаһы бас болып келдi бiрге.
Жүз мың үйлi жүһүдтiң ердi басы,
Қожа Ғария патша едi аның аты.
Аның жұрттан көп едi қазынасы,
Өзi ақыл[ды], халыққа дана едi.
Ғарiп, мiскiн, пақырға қайырлы едi,
Бұлардың өздерi бәрi де табиб едi.
Бұл сөздi құлақ салып есiтiлер,
Iздейдi бұ баланы бұлар дағы.
«Көрелiк» деп ойлайды бейшаралар,
Жүз мың жүһүд бәрi де атқа мiндi.
«Тамаша етiп келелiк барып аны»,
Бұлар бәрi атқа мiнiп жүрдi дейдi.
Бұлар бәрi атқа мiнiп жүрдi дейдi,
Аз заманда шаһарға келдi дейдi.
Баланың есiгiне нұр төгiлiп,
Хатунға бала хабар бердi дейдi.
– Қожа Ғария келiп тұрар есiгiңде,
Жiбердi «хабар айт» деп ендi бiзге.
Бұған қызмет қылыңыз жақсы күтiп,
Мұнан артық бала жоқ осы күнде.
Бұларды түсiрiп үйге кiргiздiлер,
Патшасын алтын таққа мiнгiздiлер.
Құлдары мұнда келiп қызмет қылып,
Түрлi тағам әкелiп жегiздiлер.
Бала келiп бұларға қызмет қылды,
Жүз мың жүһүд баланың жүзiн көрдi.
Қалың қара бұлттан шыққан күндей
Үйiнiң iшi бәрi де нұрға толды.
Жүз мың жүһүд бәрi де қайран қалды,
Балаға жамағаттар көзiн салды.
Iшпек-жемек қайғысы ойдан кеттi,
Табаққа салған асының бәрi қалды.
Туар ма мұндай бала адамзаттан,
Қызмет қылып бала жүрер салтанатпен.
Қожа Ғария бибiнi шақырады,
«Анасы қандай екен мұны тапқан».
Шақырған соң бұл үйге келдi хатун,
Қожа тысқа шығарды жамағатын.
– Қожа Ғария патша мен болармын,
Есiткенiң бар ма едi менiм атым.
Қол астымда жүһүд бар жүз мың елу,
Есiткенiң бар ма едi бұрын менi.
Дәулетiм бар, мүлкiмнiң қисабы жоқ,
Ақыл айта шақырдым мұнда сенi.
Тыңласаң ақылымды құлақ салып,
Сен көнсең, ақылыма тiлiм алып.
Жұрт бәрi балаға ғашық болып,
Балаңды алып кетер бұлар тартып.
Көбiнiң берiп көрер пұлы да жоқ,
Баласын көре тұрған күнi де жоқ.
Бiреу тартып балаңды алып кетер,
Бұл ақылды айтамын тiлiмдi алсаң.
Тiлiмдi алсаң айтайын, сен сабыр қыл,
Ойласаң менiң сөзiм бола мақбұл.
Бұл шаһардың байынан жарлысы көп,
Балаңнан айрыларсың, хатун пақыр.
Балаңды маған тапсыр бiр-екi жыл,
Сөзiмдi менiң еткен көрсең мақбұл.
Жаным ашып айтамын сенiң үшiн,
Бұны қалай айтты деп болма мәлүл.
Бала қыла тұрайын берсең маған,
Ақыл қылып айтамын, жаным, саған.
Жұрт баладан көңiлдерiн үзгеннен соң,
Өзiңе тапсырайын есен-аман.
Қызығын аз ғана күн көр ендi,
Тiлеуiн медет тiлеп жүрейiн де.
Алтын тақтың үстiне отырғызып,
«Балам» деп қуаныш қылып жүрейiн де.
Бермесең, бұ саған болмас бала,
Ақ сұңқар қолдан ұшса, қайтып қонбас.
Арғымаққа мiнгiзiп киiндiрiп,
Үйiме алып барайын жолдас қылып.
Мен ойлаймын, әй, хатун, заман жаман,
Сапардан ерiң келсе есен-аман.
Күнде көрiп тұрарсың балаңызды,
Қауiп қылмай, бейшарам, берсең маған.
Сөзiмдi менiң айтқан ойлағайсың,
Ендi мұнда балаңды қоймағайсың.
Маған қиып балаңды бермесең де,
Қауiпсiз ендi, байғұс, болмағайсың.
Хатун байғұс, бейшара ой ойлайды,
«Бермесем де баламды жұрт қоймайды.
Құдайға тапсырайын мұған берiп,
Ұрғашылық қылғаным жарамайды».
Ой ойлайды «баланы берейiн деп,
Құданың не салғанын көрейiн деп.
Мен аманат баланы тапсырайын,
Һәр күнде барып көрiп мен тұрайын».
Ойлап-ойлап баласын бердi дейдi,
Аның айтқан сөзiне инанды дейдi.
Баланың ауырлығындай алтын берiп,
Баланы үйiне алып жүрдi дейдi.
Баланы алып жүрдi қызық көрiп,
Нұрына баланың көңiлi толып.
Алтын,күмiс, гауһардан, жақұт, асыл
Баланың ауырлығы[дай] алтын берiп.
Меруерт, маржан бәрiн де бердi алып,
Анасы баласына көңiлi ауып.
Қайыр дұға қылып тұр «бейшара,– деп,
Байғұстың сүтi емген ақың бар» деп.
Баланы қожа Ғария алып жүрдi,
Қуанысып баланы алып келдi.
Баласын алтын таққа отырғызып,
Жұртына «той қылам» деп хабар бердi.
Қожа Ғария көп елдi шақырдылар,
– Көп жұрт мұнда келсiн, мұсылманлар.
Ертең қалмай келiңiз бiреуiң қалмай,
Қырық күн-түн қылатұғын тойымыз бар.
Қожа Ғария жұртына қылды тойды,
Һәр түрлiктен мол қылып барын сойды.
Жарлыға алтын-күмiс қайыр қылып,
Бұл тойда жарлы байғұс майға тойды.
Жұрт тарқайды қырық күн өткеннен соң,
Тамашаның бәрi де бiткеннен соң.
Тарқаған соң жұртына жарлық қылды,
Уағдалы айтқан күнi бiткеннен соң.
Баланың қарап тұрсаң ақылы кең,
Дүнияда адам болмас аныменен тең.
Қожа Ғария сұрайды баласынан:
– Шырағым, не оқуды оқисың сен?
– Үмметпiн Мұхамедке, Құдайға құл,
Ислам дiнiн бiлмеген болмайды құл.
Мұсылманның оқуын мен оқимын,
Менiң айтқан сөзiмдi қылсаң мақбұл.
Балалар бәрi келдi атасына,
Қарашы ақылының данасына.
«Мұсылманның оқуын оқытың» деп,
Бiр молда қосып қойды баласына.
Баласын қожа Ғария жақсы күттi,
Қасынан һеш кетпейдi өзi тiптi.
Һәрбiр жұрттан қасына молда қосып,
Жетпiс екi, балаға тiл оқытты.
Ендi бала сабағын оқып жүрдi,
Ендi жұрт көре алмай еңiреп жүрдi.
Хатунға «балаңды қайда еттiң» деп,
Жиылған көп есiкте зары қылды.
Пақыр қожа бұларға ақыл салды,
– Сiзлерге менiм айтқан сөзiм бар-ды.
Есен-аман келген соң көрсетейiн,
Сапарға барып келсiн ендi,– дептi.
Барып келсiн бiр жұртқа зауық қылып,
Жол жүрiп, сауда қылып, ел аралап.
Сiзлер мұнда тiлекте тұрыңызлар,
Баршаңыз келгеннен көрiң келiп.
Ойнап-күлiп асан жасырмайын,
Аман сақтап келтiрсе бiр Құдайым.
Мен сiздiң пұлыңызды не қылайын,
Алтын алмай мен сiзге көрсетейiн.
Бұл сөздi естiген жұрт жылайды,
Баршалары жад қылып зар еңiреп.
– Балаңызды бұ елден бөтен елге
Не себептен жiбересiз, тақсыр?– дейдi.
Астық сатып бiр елге барып келсiн,
Жол жүрiп, жұрт аралап танып келсiн.
Қырық дүкен толып-дүр астығым бар,
Мұны сатып, мал қылып алып келсiн.
– Қырық дүкен толып тұрса астығыңыз,
Баланы астық сата жiбермеңiз.
Таразының бiр жағына алтын салып,
Теңерiп осы жерде алайық бiз.
Астығыңды алтынға теңгерейiк,
Астық алып, алтынды бiз берелiк.
Балаңыз өз қолынан өлшеп берсiн,
Жұрт жиылып балаңды бiз көрелiк.
Қожа Ғария бұ сөзге көндi дейдi,
Таразыны балаға бердi дейдi.
Қырық дүкен кiлтiн қолына алып,
Ғарiп падиша дүкенге кiрдi дейдi.
Бала келiп дүкенге кiрдi дейдi,
Жұрт жиылып дүкенге келдi дейдi.
Таразының бiр жағына алтын салып,
Өлшеп бала бұ көпке бердi дейдi.
Қуанғаннан келдi бұлар алтын алып,
Өлшеп бердi бiр жағына алтын салып.
Нұрына бұл баланың қайран қалып,
Бұрынғы көргендер қалды талып.
Таразының бiр жағына алтын салып,
Астықтың алды бәрiн алтын қылып.
Екi күнде түгел салды қырық дүкен,
Астық жұртының көбiне жетпей қалып.
Байлар көрдi, жарлылар көрмей қалды,
Пұл жоқтар һеш нәрсе бере алмайды.
Жылағанын көрген соң рахымы келiп,
Қожа Ғария баласын жасырмайды.
– Ендi сiзлер көрiңiз бата берiп,
Бiр жиылып көрiңiз қайда барып.
Көргенiне жалпың дұға қылып,
Күнде келiп жүрiңiз ойнап-күлiп.
Жұрт бәрi ойнап-күлiп жүрдi дейдi,
Күнде келiп баланы көрдi дейдi.
«Құдай сенi саламат сақтасын» деп,
Балаға көп батаны бердi дейдi.
Ғарiп патша құрады салтанатын,
Күнде келiп тұрады бибi хатун.
Көп астықты сатқан соң Ғарiп патша,
«Сақар» деп баланың қойды атын.
Балаға қойды ендi Сақар атты,
Жетпiс екi тiлменен жазды хатты.
Айдай-күндей балқыды нұры аның,
Құдайым оған бердi көп салтанат.
Бұ кеңес осы жерде тұра тұрсын,
Көңiл ашар аз ғана кеңес келсiн.
Қожа Ғаффан бейшара жұрттан безiп,
Құрып жүрген шығар ендi келсiн.
Қожа Ғаффан жұртындан безiп кеттi,
Бұ ортада бiрқатар заман өттi.
Екi айлық жол бар екен екi ортасы,
Мысыр деген шаһарға барып жеттi.
Ғарiптiң жейтiн тамағы жоқ,
Үстiнде киетұғын киiмi жоқ.
Һәркiмге тамақ үшiн қызмет қылып,
Ғарiптiкте ғұмыры өттi жасын төгiп.
Шаһарды олай-бұлай аралайды,
«Кiмсiң» деп бұған адам қарамайды.
«Қайдан жүрген бейшара ғарiпсiң» деп,
Һеш адам бұның халiн сұрамайды.
Құдайым жiгiтлiкте бейнет берме,
Аның көрген бейнетiн айта көрме.
Әуелде бай, ақырда кедей қылып,
Ғарiп қожа тiлегiне бiр жетер ме.
Әй, жақсылар, тұра тұр дат қылайын,
Көредi қызмет қылып бейшара күн.
Жаман-жақсы һәр iстi Хақтан бiлiп,
Ғарiптiкпенен өткiздi көп өмiрден.
Көз жасы, көкiрегiне қайғы толып,
Ғарiпке Тәңiрiм өзi жәрдем берiп.
Ем болмас ғарiптердiң айтқан сөзi,
Һәркiмге тамақ үшiн қызмет қылып.
Жат жерде жүредi екен мұның өзi,
Ғарiптiң жаудырайды екi көзi.
Ғарiптiң көрген күнi заманақыр,
Бiр жерде қызмет қылып жүрдi өзi.
Бiр адам болыпты жолдас мұған,
Жолдасының сарғайып жүзi жеткен.
Бейшара өлетұғын халге жеткен,
Қожа Ғаффан сұрайды жолдасынан:
– Ғарiбiм, аурумысың саған неткен?
Жалғыз сағат екеуi ойнап-күлген.
– Бейшара жүре алмайсың қызмет қылып,
Қайғы адам секiлдi аһ ұрарсың.
Шаһарда сен қайдан келiп,
Шаһарыңнан келесiң не тағы бiлiп?
Сен сырыңды айтсаңшы, замандасым,
Не қайғың бар, жүресiң нелер көрiп?
– Көрiп сенi бейшарам күйдi жаным,
Аһ, дариға қайғы салма, бар Құдайым.
Көрмеген соң айтқан бәрi жалған,
Басра деген шаһарда бiр бай едiм.
Дүнияда ғарiп бар ма мұңды болған,
Құдайым, қайғы салма өзiң маған.
Жаным күйдi көздегi жасыңызға,
Басрада азырақ едiм тұрған.
Сөйлешi мұнда келiп, замандасым,
Басрада азғана тұрған едiм.
Бiз кеткелi көп заман, жетуiң қалай,
Кiм жақсы, кiм жаманын бiлсем едiм.
Аралап сол шаһарды жүрiп едiм,
Жұртның айтшы, кiм жақсы, жаманлар кiм?
Ендi сенен сұрайын жұрттың жайын,
Сен сырыңды айтсаңшы, мұсылманым.
– Сұрасаңыз сырымды айтайын мен,
Басрада жарлы кiм, дәулеттi кiм.
Бiр баланың дертiнен диуана мен,
Жұрттың бәрi кедей болды естiген соң.
Басраның ғарiп болды адамдары,
Қайғылы, баршасының жүзi сары.
Бiр балаға баршасы ғашық болған,
Қожа Ғаффан секiлдi болды бәрi?
– Тәңiрi айдап кез келдiк сiз мен бiз,
Дәм бұйырып қосылдық екеумiз.
Сен, маған сырыңды айтшы, жақсы қылып,
Қожа Ғаффан дегенiң не деген сөз.
Қожаның не көрмейдi ғарiп басы,
Ғарiптiк менен ағады көзден жасы.
Жолдасынан бұл сөздi естiген соң,
Қатра-қатра көзiнден ағады толы жасы.
Балаға естiген соң ғашық болды,
Сарғайып зағыпырандай жүзi солды.
Дертiнден бұ баланың диуана болып,
Көзiнден аққан жасқа алды толды.
Естiп ғашық болды бұ балаға,
Зар илеп шығып кеттi айдалаға.
«Жылағанға жұмырық бар» деген сөз бар,
Бұл қайғы қиын болды бейшараға.
Құдiретiн Құдайымның көрiп қара,
Сарғайды ғашықтықтан бара-бара.
Естiген соң балаға ғашық болып,
«Бiр көрсем» деп тұрады ол бейшара.
Шаһарда бiр бала бар жүзi нұрлы,
Үстiне киiм киген түрлi-түрлi.
Ғарлi заты ма бұ бала, перi заты ма,
Айтарсың көрсеңiз бәһәшт жүзлi.
Шашын тарап, беттерiн жуындырған,
Белiне алтын кәмар буындырған.
Ай-күндей балқыр жүзi аның,
Һәмма жұрт көрген соң ғашық болған.
Көрген адам мал-жанын пида қылған,
Көрмеген соң, жамағат, бәрi жалған.
Көрген соң пида қылды жанын, малын,
Көргенiмдi сыйлайын ендi саған.
Көрген, мал берiп түгесiлген,
Мен де малым түгесiп соған бергем.
Малым кеткеш, басымды алып кеттiм,
Түгесiлiп бар малым, жасым жеткен.
Мал бiтсе, тағы барып көрер едiм,
Кетпейдi, замандасым, һеш ойымнан.
Қожа Ғаффан естiп ғашық болды,
Күнен-күнге сарғайып жүзi солды.
Сонша жүрiп тапқан малы бес дiллә екен,
«Мен де барып берейiн тапқан пұлды».
Қожа Ғаффан ойлайды «Барсам екен,
Бiр барып сол баланы көрсем екен.
Мұнда жүрiп арманда өлгенiмше»
Жөнелдi «барайын,– деп,– ендi оған».
Көрмесем бұл дерттен өлем тақ,
Азығы жоқ ғарiп – ғарiптiң тамағы жоқ.
Келе жатыр қолында жалғыз таяқ,
Ендi халi ғарiптiң кеттi тым-ақ.
Бұл ортада көп заман өттi дейдi,
Тағдыр жетпей, ажалсыз кiсi өлмейдi.
Бiр заманда Басраға жеттi ендi,
Арып-шаршап шаһарға жетiп келдi.
Һәр үйден келедi хабар сұрап,
«Хатуным мен перзентiм қайда екен?» деп.
Соларды көңiлiне алып жылап келдi,
Қоржын алып, қолына таяқ алып.
Күпісi бар үстiнде, қолда таяқ,
Көзiне шашы түскен, сақалы ақ.
Тырнағы өскен, көргендер бәрi аяйды,
Табандары ойылған, халi бiткен-ақ.
Ғарiп жанын бала үшiн пида қылып,
Бейшара шашы менен мұрты өсiп.
Өз үйiнiң алдына келдi жетiп,
Үйiне көзiн салды тоқтап тұрып.
Ол үйге қайран қалып, есi кеттi,
Адам қайран қалғандай үй салыпты.
Бұл үйге аң-таң қалды,
Iшi күмiс, сыртына алтын жағыпты.
Ұсталар iстеген мұны нағылып,
Қарайды бұл үйлерге қайран қалып.
Көркiне бұл үйiнiң қайран қалып,
Өзiнiң тұрғандарын ойына алып.
Бейшара жылай-жылай қалды талып,
Үйлерiнiң жан-жанын ендi қарап.
– Бұл жер менiм жерiм, бiз бейшара,
Мен кеткен [соң] орнына үйiн салды.
Әлде кiмге бұйырды Алла Тағала,
Зар-зар жылап төмен салды басын.
Көзiнден қатра-қатра жасын төгiп,
Дарбазаға жазулы хатты көрiп.
Һәрбiреунiң үйi бар замандасының,
Көз жасын төгедi зары қылып.
Есiктегi жазуды оқып жылап,
«Тойсаң, тобаң жаңылма» деген сөз бар.
Көзде жасы, көкiрегiне қайғы толып,
Қожа Ғаффан жылайды түсi кетiп.
Күзетшi келдi бұлардың қатарларына,
Таң қалды көзден аққан жастарына.
Жастық қойды күзетшi бастарына,
Есiн жиып көтердi бейшара бастарын.
Көзiнден қан аралас ағады жас,
Дарбазаның iшiне алып келдi.
– Бейшара, қарның аш па, берелiк ас,
Көп жылайсың, бейшара, не мұңың бар?
Мұңыңды бiтiретұғын шамамыз бар,
Бибiмiздiң жарлығы сондай бiзге,
Керегiңдi берелiк, жаным, сiзге.
Оңаша үйге, бейшарам, алып барып
Қалағаның берейiн сiзге.
– Келемiн Мысыр жақтан мен бiр ғарiп,
Өзiм аш, жаяу келдiм мұнда арып.
Көзiнден жасын төгiп, төмен қарап
Меһманхана үйiне барды кiрiп.
Алдына қызмет қылып келдi алар,
Қызмет етiп тұрады бұған құлдар.
Көп салтанат көрген соң ойына алып,
Ғарiп, мiскiн тағы да жылайды зар.
Хабар бердi бибiге бiр құл барып,
«Бiр меһман келдi бiзге мiскiн, ғарiп.
Аты жоқ, киiмi жоқ, тамағы жоқ
Жаяу келдi бейшара таяқ алып.
Жаяу жүрiп табаны бiткен екен,
Үстiне жаман шекпен киген екен.
Арқасында торсық бар, қолда таяқ,
Сөйтiп жүрiп күндерi жаман екен».
Бибi хатун жылайды естiп аны,
Көзiнiң бұлады ендi жасын төгiп.
«Ғарiп болып бейшара жүр ме екен» деп,
«Қандай адам екен?» деп сұрайды ендi.
Бибi хатун жылайды мұны көрiп,
«Бiзлер мұнда отырамыз алтын тақта.
Ғарiбiмдi, Құдайым, өзiң сақта,
Бұ кiсi ғарiп болып жүредi екен,
Қожа Ғаффан жүредi екен қайсы жақта».
– Шақыр мұнда ғарiптi мен көрейiн,
Үстiне киiм, астына ат берейiн.
Бейшараның көңiлiн аулап, халiн сұрап,
Қуандырып бейшараны жiберейiн.
Бiзге дүния тiлеуiн берер ме екен,
Жыласақ, көзiнiң жасын аяр ма екен.
Бибi хатун қожаны үйiне алып,
«Қожа Ғаффан бұ жерге келер ме екен».
Ғарiп хатун қожаны көңiлiне алды,
Бейшара жылай-жылай талып қалды.
Меһманға бiр оңаша үй даярлап,
Жорған мамық төсек iшiне салды.
Шақырғалы бiреу кеттi ғарiп жаққа,
Хатун мiнiп отырды алтын таққа.
Жылай-жылай олтырды ғарiп хатун,
«Құдайым, ғарiбiмдi өзiң сақта».
Шақырған соң аяңдап ғарiп жүрдi,
Құлменен барып екеуi үйге кiрдi.
Шымылдықтың iшiнде хатун отыр,
Кiрдi де қожа Ғаффан сәлем бердi.
Батпады отыруға қорқып жаны,
Төсекке келмейдi отырғалы.
Алтын таққа отырған бибi хатун,
Айтайын таң қалсаңыз сiзләрге аны.
– Құдай-а, шақырғаным өзiм байым,
Жаныңа пида болсын малым-жаным.
Дүнияда аш, жалаңаш кезiп,
Ажал жетпей шықпайды ғарiп жаным.
Отырды сәлем берiп қожа Ғаффан,
Таныды хатун көрiп байы екенiн.
– Қай жерден, қайсы елден жүрiп келдiң,
Ғарiп? – деп шақырады өзi байын.
– Құдайым, осы көрген өз байым ба,
Жүгiрiп келiп құшақтайды ол бейшара.
– Күнi-түнi сенiң үшiн зар иледiм,
Мұны есен көрсеткен Құдайым ба?
Құдайым, көрсеткенiң байым ба екен,
Құдайым бұл көргенiм өңiм бе екен?
Жүгiрiп келiп хатуны құшақтайды,
«Көрiсер күн бiзлерге болады екен?»
Шыдай алмай бибi келiп бетiн ашты,
Жүгiрiп келiп қожаменен құшақтасты.
– Танымайсың, мен сенiң қатының-ды,
Жылай-еңiрей бейшаралар көрiседi.
Бiрiн-бiрi жылайды солар танып,
Құлдары тұр бұларға қайран қалып.
Көзiнен қан аралас жас ағады,
Ғарiптер жылай-жылай қалды талып.
Қайран қалды бұларды көрген кiсi,
Бендеге һәрне қылса Құдай iсi.
Екеуi есiн жиып жылағанда,
Сел болды көзiндан аққан жасы.
Көрiсiп жыладылар екi зарлы,
Бұрын жалғыз болса да ендi байлы.
Көрмегенлi талай жыл болып кеткен,
Табысты бiр-бiрiне зарлы екеуi.
Бiр-бiрiнiң сұрайды халiн бұлар,
Көптен берi көрген жоқ бейшаралар.
Бибi хатун күйеуiн танығанға,
Құл, кәнизак баршасы қуандылар.
Суға барып қожаны жуындырды,
Алтын кәмар белiне буындырды.
Алтын тақтың үстiне отырғызып,
Торғын маңлық киiмдер киiндiрдi.
Екеуi хатунменен сөйлестiлер,
Ғарiптер мұңын айтып жыластылар.
Көп заман бейшаралар көрiспеген,
Бiр-бiрiне мұңын айтып бiлiстiлер.
– Бұ дәулет қайдан бiттi, хатун, сiзге,
Жылап-еңiреп көрiстiң ғарiп бiзге.
Үлкен байға жетiпсiз, хатун бибi,
Көп құл қызмет қылады өзiңiзге?
Жақын келсе бiзлерге күн болар,
Көзден аққан жасына алды толар.
Ендi сен бiзге немахрұмсың,
Байын көрiп бiзлерге азап қылар.
– Ғарiбiм, бiзлер келдiк елу жасқа,
Ерiм жоқ бұ дүнияда сiзден басқа.
Сенiң үшiн күнi-түнi жылап жүрдiм,
Бүгiн қонды дәулет құсы басымызға.
– Ғарiбiң Мысыр жақтан жаңа жеттi,
Әй, хатун, бұ дәулет қайдан бiттi.
Бастан-аяқ сөйлешi көргенiңдi,
Не себептен бұ дәулет саған бiттi?
– Сiз барыңда iшiме бала бiттi,
Сiзден соң туатұғын күнi жеттi.
Туатұғын мезгiлi болғаннан соң,
Толған айдай бiр бала Құдай бердi.
Құдайым ұғыл бердi айдай қылып,
Үй iшi бәрi де нұрға толып.
Таң қаларсың бiр көрсеңiз балаңызға,
Көрген адам баршасы қалды талып.
Бiр-бiр алтын берiп көрдi келген адам,
Халайықтың бергенiн ала бердiм.
Бұ қисап мал жиылды сол себептен,
Сiз жоқ болғаш, бiзлерге болды уайым.
– Бiзлерге ұғыл бердi бар Құдайым,
Құдайдан тiлеп алған күн менен айым,
Не берсе де Құдайдың құдiретi бар,
Шақыр мұнда, ұғылымды мен көрейiн.
Құлдар алып жүрдi бала жаққа,
Құдайның кiм таласар берген баққа.
Тазаланып, шашын тарап, тырнақ кесiп,
Құлдары алып жүрдi сарай жаққа.
Алып келiп құлдары сәрпай жапты,
Iздеп келген дәулетiн жаңа тапты.
Бибi хатун қожадан бата алып,
Тапсырды қожасына алтын тақты.
– Ғам кеттi, рахат келдi бұ басыма,
Рахым қылды Құдайым көз жасыма.
Құдайдан тiлеп алған ұғылым қайда,
Екеуiң ұғылымменен кел қасыма.
– Ұғылым таудай болғансын тырнағы алтын,
Һүшiң кетер көрсеңiз салтанатын.
Дәулетi сiзден де артық, әй, ғарiбiм,
Көрген кiсi бередi бiр-бiр алтын.
Жетi жыл осы iспенен алтын алдым,
Алланың құдiретiне қайран қалдым.
Неше сандық алтыным толып жатыр,
Қырық құл, қырық күң базардан сатып алдым.
Балама ойған-дүр алтын сарай,
Келе ме деп жолыңызға қарай-қарай.
Сiз жоқта ұғылымды жүһүд алды,
Күнде көрiп келемiн жылай-жылай.
Ұғылыңды алтын таққа Сақара деп,
«Патша қылып етсем де бола ма» деп.
Ұғылы, қызы жоқ екен ол ғарiптiң,
Жанын пида қылады «перзентiм» деп.
Сақараны ұғыл қылып жүрмек болды,
Тiрi сақтап бала қылып тұрмақ болды.
Есен-аман өзiңiз келген шақта,
Таза күтiп баланы бермек болды.
– Ұғылымды шақыртшы бiр кiсiден,
Аллаға шүкiр қыламыз мен бiр надан.
Атасы қожа Ғаффан келдi аман,
Ғарiп болып жүр екен есi жолдан.
Сүйiншiге жiбердi екi құлды,
– Атаң келдi, Сақара, жолың болды.
Сақара, ғарiп болған қожа Ғаффан
Келдi де, үйiңiзге дәулет қонды.
– Сүйiншiге келiпсiң, құлым, бiзге,
Қуансаң, азаттық бердiк сiзге.
Азат қылды екеуiн көп мал берiп.
«Дұға қылып жүрiңiз ендi бiзге».
Қожа Ғария қуанды хабар бiлiп,
Жүрмек болды екеуi ойнап-күлiп.
Алтын жабдық , арғымақ мiнiп алып,
Жолдастыққа тағы да мың құл алып.
Мың құл жолдас алды қастарына,
Кәмшат киiп, тәж орады бастарына.
Атасына жеткенше жылап барды,
Үстiнiң бәрi көл болды жастарына.
Жаяу келдi ата менен анасына,
Парасына ақылының данасына.
«Айналайын, шырағым, қарағым» деп,
Жылай-еңiрей көрiстi баласына.
Ғарияға көрiстiрдi қожа Ғаффан,
Сәрпай жапты үстiне алуан-алуан.
– Ұғыл, қызым жоқ едi бұ дүнияда,
Бiрер күн ұғыл болды балаң маған.
Отырып сөйлестiлер ендi бұлар,
Көп жылап көрiстi бейшаралар.
Мехнатты көргендерiн бәрiн айтты,
Естiген жан бәрi де жыладылар.
Амандаса жиылды барша жанлар,
Басрада қожа, молда, мұсылманлар.
Кiсiлерге сөйлейдi көргенлерiн,
Кеш болған соң үйiне қайтты бұлар.
Қожа Ғария үйiне қайтты ендi,
Қожа Ғаффан бар мұңын айтты дейдi.
Сақара «ұйқым келдi ұйықтаймын» деп,
Барады сарайына ендi дейдi.
Мұны берген уммунның ақылы мол,
Алтын таққа құрдылар алтын шатыр.
Көңiлi тынып Сақара ұйықтап жатыр,
Жақсылық пенен жамандық бәрi Алладан.
Жақсы менен жамандық бәрi Алладан,
Жолықты бейшараға екi кәпiр.
Құдайның құдiретiне көзi жетпей,
Сақара ғапылдық менен ұйықтап жатыр.
Басында келiп тұрды екi шайтан,
Құдайым жолықтырды әлде қайдан.
Ұйықтап жатқан баланың жүзiн көрiп,
Екеуi тамаша етiп қалды қайран.
Бұрыннан адамзатқа шайтан қас-ты,
Ұйықтап жатқан баланың бетiн ашты.
«Мұндай бала дүнияда көрдiң бе» деп,
Екеуi қайран қалып ақылдасты.
– Мұндай болып жан тумас һеш анадан,
Бiр адам мұндан артық қандай болсын.
Сұрайды бiреуi жолдасынан:
– Көргендерiң болса айтшы маған.
Екi шайтан ұрысты қарап тұрып,
Бетiн ашып баланың түрiн көрiп.
– Бұ жаһанда мұндайды көргем жоқ,
Жердiң жүзiн бiлсең де кезiп жүрiп.
Шын-Машын шаһарында бар бiр патша,
Оған бiр қыз берiптi Алла Тағала.
Аның көркi баладан көп зиада,
Сөзiме құлақ салып мұны тыңла-сана.
Шын-Машын патшаның бiр қызы бар,
Оған бiр қыз берiптi Қадiр Жаппар.
Аның уасифын айтайын саған ендi,
Мынау сөзге есiтiп құлағың сал.
Бетi айдай болғанда, көзi қара,
Саған уасифын айтайын пара-пара,
Оған теңдес болмайды һешбiр адам,
Көрсең мен айтайын тыңлап қара.
Бойын көрсең ол қыздың рахаты,
Жаһанда жоқ патша салтанаты.
Бетi айдай болғанда, белi қылдай,
«Мүштарай» деп қойылған аның аты.
Сызылған қаламдайын қастары аның,
Меруерттей тiзiлген тiстерi аның.
Шашы сүмбiл болғанда, даусы – бұлбұл,
Һеш хабары қалмайды көрген жанның.
Жақұтқа ұқсар аның жақтары,
Қызыл алма секiлдi иектерi.
Шамшырақ гауһар тастай нұры аның,
Неше мұндай жаралған соң бәрi.
Жаңа өскен шыбықтай бармақтары,
Гауһардан жаратылған тырнақтары.
Мойыны аның алманың сабағындай,
Һеш көргенiм жоқ едi мұндай жанды.
Бұған ғашық болып-дүр көп бейшара,
Өлдiлер ғашық болып пара-пара.
Нұры балқып шығады үйден тысқа,
Жүзiн көрген жағасын қылар пара.
Қайсы бiрiн айтайын аның нұрын,
Айталман таң атқанша мың да бiрiн.
Жасың үлкен болса да сен көрмеген,
Мұндай жан көргенiм жоқ мұнан бұрын.
Бiр шайтан тұр бұл сөзге құлақ салып,
Дұшпандықты сол жерде ойына алып.
«Қызға мұны сынайын қосып барып,
Құп тамаша қылайын бiрге салып».
Алып ұшты ұйықтаған бұл баланы,
Тамаша етiп келейiк барып аны.
Көзiн жұмып-ашқанша алып ұшып,
Қыз қасына жатқызды бейшараны.
Екеуi қарадылар тамаша етiп,
Нұрына бұ баланың һүшi кетiп.
Қызды ұйықтатып, жiгiттi ойғаттылар,
Ғарiптерге шайтан қастық етiп.
Көзiн ашса, қасында бiр қыз жатыр,
Мойнына қолын салды бала пақыр.
Жүзiк менен орамал қолына алып ,
Тағы да ұйықтап кеттi бала пақыр.
Жiгiт ұйықтап, сол жерде қыз ойғанды,
Сақараны көрдi де қайран қалды.
Құшақтап қыз бейшара оны сүйдi,
Сол сағат тiлге келмей ұйықтап қалды.
Шайтандар Сақараны алып кеттi,
Бiр сағатта Басраға алып жеттi.
Орнына баланы жатқызды да,
Ол жерден екi шайтан қашып кеттi.
Ойғанғанда ұйқысындан бала байғұс,
«Ұйықтап жатқан жерiмде көрдiм бе түс?
Түсiм десем, қолымда белгiсi бар».
Жарын ойлап Құдайға қылды налыс.
«Көргенiм түсiм бе екен, өңiм бе екен,
Көрген жерiм, Құдайым, қай жерде екен.
Перизат бұ көргенiм, адамзат па,
Барсам да мекені қай жерде екен?»
Жылап-еңiреп оянды жарым түнде,
Түнде көрген қызына болып бенде.
Ата-анасы есiтiп зар қылады,
Зар қылып Сақара жатыр сонда.
Ата-анасы көрген соң қылды зары,
Құл, кәнизак таң қалды бұған бәрi.
Шақыруға Ғарияға кiсi кеттi,
«Алланың болды бiзге бiр қаһары».
Анасы құшақтайды келiп жетiп,
«Қарағыма бiр шапағат қалды нетiп».
Ата-анасы зар қылып жылайды,
Қожа Ғаффан жылайды есi кетiп.
Һешбiр жауап бермейдi атасына,
Көз салып қарамайды анасына.
Бибi хатун құшақтап зар илейдi,
Жанын пида қылады баласына.
Анасы бетiн жыртып, шашын жайды,
Құлына пида қылды мал менен жанды.
«Маған тиген бұл менiң сорым ба» деп,
Қожа Ғаффан бейшара жанын қиды.
Қожа Ғария естiп жүгiрiп жеттi,
Сақараны көрдi де есi кеттi.
Бұ көрiп құшақтап алдына алды,
– Шырағым, баршаға дерт айтсаң,– дедi.
Сақара ойбай салып жылап отыр,
Ата-анасы қасында неғып отыр.
Сұрайды қожа Ғаффан: – Көз тидi ме,
Шырағым, саған не болды?– деп жылап отыр.
Бет-аузын топырақ жуып, жар басып,
Аһ, дариға, зар қылып түсi қашып.
Баладан жүз ойланып, жүз толғанып,
Қожа Ғария бейшара қалды сасып.
Қожа Ғария Құдайға жанын қиды,
Дәрiгер менен табибнiң бәрiн жиды.
Жас орнына көзiнден қан ағады,
Жүрегi оттай жанып, iшi күйдi.
Табиб келдi баланың қастарына,
Рақым қылды көзiндегi жастарына.
Тамыршылар, табиблер аң-таң қалды,
Ғашықтық түсiптi бастарына.
– Сақара, не түстi екен басыңызға,
Атаң-анаң бiз келдiк қасыңызға.
Ғашық болған жарыңды бiзге айтшы,
Iздеп табып берелiк, жаным, сiзге.
Қожа Ғария жылайды шашын үзiп,
– Iздеп табып берелiк жаһан кезiп.
Бұ жаһанда бар болса мен табайын,
Бұ дүниядан сен кетпе күдер үзiп.
Сақара, атқа мiн де ойнап-күлiп,
Жарыңды мен табайын сұрап жүрiп.
Ит жүгiртiп, құс салып, ауға шықшы,
Һәр жерге бар шапқылап атқа мiнiп.
Не көрдiң, жан шырағым, түсiңiзде,
Қандай нәрсе жолықты, жаным, сiзге.
Жасырмай айт, шырағым, көргенiңдi,
Бастан-аяқ сөйлей көр ендi бiзге.
– Түсiмде бен көрдiм аппақ қызды,
Көрiне түсiп ол жарым қайда кеттi.
Түсiм десем қолымда белгiсi бар,
Тiлi шекер секiлдi, сөзi бал-ды.
Шекер, балдан көрiнер сөзi тәттi,
Сипаты тамам қыздан салтанатты.
Тал шыбықтай бойы бар, жүзi көркем,
Соны көрiп бұл дертiм болды қатты.
Жылаймын соны көрiп күнде-күнде,
Зар қыламын Құдайға күнде-түнде.
Түсте көрiп мен соған армандамын,
Көзiме бiр көрiнсе осы күнде.
Құдайым, бiр көрсетшi күн менен айым,
Бұ дүнияның қызығын не қылайын.
Дүнияда сол жарыма қосылмасам,
Тiрi жүрiп дүнияны не қылайын.
Ғашық жардан айырылып болды уайым,
Жалынамын зар қылып бiр Құдайым.
Ит жүгiртiп, құс салып баяғыдай,
Бұ суреттi көрсеттi бар Құдайым.
Бұ суреттi көрсеттi бiр Құдайым,
Еңiреп жүрiп ғашығымды мен көрейiн.
Ғашығымды көрмесем бұ дүнияда,
Атқа мiнiп жүрмеспiн, мен өлермiн.
Жарымның бiлерiм бе бiр хабарын,
Жолына тарқатайын малым бәрiн.
Алыс емес бұ дүния жоқ жетер,
Көрмесем бұ дүнияда ғашық жарым.
– Бiзлер iздеп табармыз жарыңызды,
Жылай жүрiп күйдiрме бәрiмiздi.
Бұ дүнияда бар болса, бiз табалық,
Уайымменен күйдiрме жанымызды.
Ғарияның бағы бар зейнеттеген,
Ол бағының үйi бар алтындаған.
Алтыны бар, iшiнде жұпар да бар,
Топырағы ғұд ғинбар, шөбi бар алуан-алуан.
Дүниядағы жандардың бәрi сонда,
Ұстап кезiп жүредi барша жандар.
Мұндай бақ бола бермес тiрi жанда,
Дүнияда кәпiр, орыс, мұсылманда.
– Бiр түс көрiп басыма болды уайым,
Дүнияда көрсетер ме бар Құдайым.
Бәһәштқа барсам да қайғы кетпес,
Баққа барып сайрандықты не қылайын.
Iздегелi жiбердi екi-үш кiсi,
Бендеге һәрне қылса Құдай iсi.
Қожа Ғария iздеттi елден елге,
Һәмма жұртқа тарап болды көрген түсi.
Келген-кеткен кiсiден сұрайды екен,
«Бiр аман ол балаға болар ма екен».
Қанша iздеп жүрсе де қожа Ғария,
Хабарын һеш адамнан бiлмейдi екен.
Табалмай келдi iздей кеткен кiсiлер,
Аралай кеткен кiсiлер келдi бәрi.
Табалмағанын Сақара есiткен соң,
Бейшараның жүздерi болды сары.
Мұндай сөздер естiттi ғарiп бала,
Зар қылды «мен – пақыр, Хақ Тағала».
Адамзаттың баласына не келмейдi,
Құдайның құдiретiне қарасына.
Сақара мұны көрiп фаған қылды,
«Маған бұл жарық дүния тұман болды».
Ғашық жарын бейшара ойына алып,
Көзiнден аққан жасқа алды толды.
– Құдайым, сабыр бергiл, мейіл болса,
Дүнияда Мүштарай қыз, өңiм болса.
Гүл жүзiм зағыпырандай сарғайды,
Не шараң бар, бендеге Құдай қылса.
Түсiм десем қолымда белгiсi бар,
Қашан болұр Мүштарай маған жар.
Сақара ғашық жарын жадына алып,
Көңiлiне алып, Аллаға қылады зар.
«Халiн сұрай алмадым бұрын соның,
Қай жерде екен, бiлмеймiн жерiң соның.
Тым болмаса жүзiңдi бiр көрмедiм,
Арманда өтiп барады көрген күнiм».
Ас iшпейдi, көзiнде қанды жасы,
Қор болды бейшараның ғарiп басы.
Сақара зар қылып жылағанда,
Қалмайды жыламаған қардашы.
Ата-анасы жылайды бетiн жыртып,
Жалғыз үшiн бейшара жанын қиып.
Қазынаның есiгiн ашып қойды,
Көп мал қайыр қылдылар жұртын жиып.
Қожа Ғария бейшара жылайды екен,
Көзiн жасын көл қылып бұлайды екен.
Орамал менен жүзiктi қолына алып,
Келген-кеткен кiсiден сұрайды екен.
Басраға бiр керуен келдi дейдi,
Қожа Ғария керуенге жүрдi дейдi.
Керуенге қожа Ғария келiп жетiп,
Келдi де керуенге сәлем бердi.
– Бұл болса аламысың, қожаларым,
Екеуi сөйледiлер сөзнiң бәрiн.
– Шыққан жерiм Шын-Машын шаһары едi,
Басып келдiм Шам, Құдыс шаһарларын.
– Әй, керуен, келiпсiз елiмiзге,
Меһман – қонақ болыңыз ендi бiзге.
Бiр ұғылым бар едi қатты дерттi,
Мұңым бар айтатұғын өзiңiзге.
– Құп болар, бiз баралық меһман болып,
Сiзге барып қайталық ойнап-күлiп.
Қырық саудагер бәрi де жөнелдiлер,
«Бiрге барып қайталық көңiл көрiп».
Меһманлар келiп түстi бақ-шарбаққа,
Олтырды керуенлер алтын таққа.
Құлдары қызмет қылып, қол қусырып,
Керуенлер таң қалды салтанатқа.
Меһманға ас келтiрдi алуан-алуан,
Баршасы мүсәпiрлер болды қайран.
Түрлi-түрлi тағамның бәрi келдi,
Меһманға қылады пида жандан.
Ас iшiп, тамақтары болады тоқ,
Тамақ тойғаш, меһманның уайымы жоқ.
Қызмет қылып тұрады қожа Ғария,
Бұндай қызмет дүнияда көргенi жоқ.
– Меһманлар, хош келдiңiз, тыңла сөзiм,
Патша едiм бұ шаһарға менiм өзiм.
Бiр ұғылым бар едi қатты дерттi,
Жаның пида қыларсың көрсең жүзiн.
Ұғылым тақта жатып түс көрiптi,
Түсiнде бiр наздайын қыз көрiптi.
Қыздан белгi жүзiгi, орамал бар,
Сөйдеп жатып шаршап ояндылар.
Түс десек қолында белгiсi бар,
Көрiптi түсiнде сұлу қыз бар.
Оянса, һеш нәрсе жоқ қастарында,
Күнi-түнi Аллаға қылады зар.
Алып келдi жүзiгi менен орамалды,
Бұны көрiп баршасы қайран қалды.
Тасы аның тағдырдың тауқыметiнден,
Мүсәпiрлер бұларды қолына алды.
Көрдiлер мүсәпiрлер қолына алып,
Бәрi бiрдей қарайды қайран қалып.
«Шын-Машын патшаның бiр қызы бар»
Бiреуi жауап бердi мұны танып.
Қожа Ғария естiдi мұның сөзiн,
Алмайды Сақарадан екi көзiн.
– Мұны қайдан табайын, мұны сен айт,
Қуандырдың бiзлердi сенiң өзiң.
Бiз бiлмедiк бұрыннан мұның өзiн,
Құлағыма құп тидi сенiң сөзiң.
Жерi қайда, ол қыздың жөнi қайда,
Жолына пида болсын жаным менiң.
– Сұраған соң айтайын, сiз тыңлаңыз,
Ұғылы жоқ, патшаның перзентi – қыз.
Мүсәпiр Шын патшаның атын бiлсең,
Сөзiме құлақ салып естiңiз.
Мен айтайын сөзiме құлақ салсаң,
Өтiрiк сөз айтпайын меңга инансаң.
Жүзiк менен орамал сол қыздiкi,
Атын да айтайын iздей қалсаң.
Мүштарай – патшаның қызының аты,
Ол қыздың жоқ адамда бой сипаты.
Фағфуршын патшаның бiр қызы бар,
Болмайды адамзаттан салтанатты.
Ол қызға көп патша ғашық болды,
Ғашықтықтан бәрiнiң жүзi солды.
Лайық көрiп бермедi һеш адамға,
Ол қызға берген бақты дая қылды.
Хан бермейдi һеш ханға лайық көрiп,
Ғашықтары зар қылды жаны күйiп.
Үйден балқып шығады тысқа нұры,
Көп адам қайран болып набут болды.
Ол қызға дарияда мекен қылған,
Кәрi кемпiр қасында жолдас екен.
Он ай барады екен қара жерменен,
Баласын барып патша көредi екен.
Он ай барады қара жерменен,
Дариядан өтедi екен кеме бiрлән.
Патшаға жолдастары қызмет қылып,
Патша ол мекенге барады екен.
Жетi күн кешедi дарияменен,
Қыздар бар қасында ойнап-күлген.
Ойыншылар бәрi де анда болар,
Бәрiн де алып барып жолдас қылған.
Ол жүзiктi iстеткен ғарiбiң мен,
Көп нәрсе алайын барып онан.
Жалғыз тасын он екi мың дiлләға алған,
Соның атын, баршасын есiт менен.
Ол қызбенен жүргенмiн жолдас болып,
Қайтушы едiк ол қыздан инғам алып.
Керек-жарақ аспабын iстеп берiп,
Патша барды «Мүштарайны көрейiн» деп.
Патша барды Мүштарайны көрейiн деп,
Керек-жарақ аспабын берейiн деп.
«Шырағым,– деп,– перзентiн жақсы көрiп,
Бiраз күн тұрып, көрiп келейiн» деп.
Кеме бiрлән бiз бардық бес мың кiсi,
Бiлмеймiз ол қыздың көрген түсi.
Бiз барғанда диуана болыпты қыз,
Бендеге һәрне қылса Құдай iсi.
Ата-анасы сұрайды мұны көрiп,
Перзентi қарамайды көзiн бұрып.
«Көзiм нұры, перзентiм, не болды?»– деп,
Ата-анасы зар илеп қарсы тұрып.
Қызы жауап бермейдi аузын ашып,
Сарғайып зағыпырандай түсi қашып.
Перзентi һешбiр жауап бермеген соң,
Ата-анасы бейшара қалды талып.
– Көзiм нұры, не болды бүгiн саған,
Көрелiк деп бiз келдiк атаң-анаң.
Не дертiң бар, шырағым, не мұңың бар,
Керегiңдi табалық, айтшы маған.
Ата-анасы қасындан жылап шықты,
Екi көзден аралас жасы ақты.
– Қарағым, не ауруың, не дертiң бар,
Бiр түнде, жан шырағым, саған неттi?
Көп табибны қасына алып барды,
Табиблер мұны көрiп қайран қалды.
Ата-анасы жандарын құрбан қылып,
Жолына пида қылды бас менен малды.
Табиблер бiле алмайды мұның дертiн,
Ата-анасы аямайды шыбын жанын.
Қазынаның есiгiн ашық қойды,
Дәрiгерлерге аямай бердi малды.
Дәрiгерлер[ге] мал салса да бiле алмайды,
Бұ қызға һешбiр айла қыла алмайды.
Табиблер, дәрiгерлер дәрмен тапмай,
Дертiнен бейшара қыз оңалмайды.
Ата-анасы сұрайды қызын сүйiп,
Жалғыз үшiн ғарiптер жанын қиып.
Күн-күн сайын қыз дертi жаман болды,
Жылайды ата-анасы аны көрiп.
Күн-күн сайын ол қызның халi кеттi,
Бұл ортада бiрқатар заман өттi.
Түнде ол қыз оянды жалғыз шошып,
Дарияның жағасына барып жатты.
Күзетшiлер кеткенiн көрген екен,
Патшаға барып хабар берген екен.
Қыз дарияның жағасына барғанында,
Екi адам балық аулап жүрген екен.
Қызды көрiп үйiне алып келдi,
Бендеге һәрне қылса Тәңiрiм еттi.
Балықшылар екеуi ұстап келдi,
Құтылмастай бәлеге олар қалды.
Аның бiрi – жас жiгiт, бiрi – кәрi,
Мұны көрiп таң қалды жұрттың бәрi.
Патша ойлайды «Бұл – кәрi, екiншi екен» деп,
«Мынау жiгiт – қызымның ғашық жары».
Бұларды ұстап байлап алды дейдi,
Бейшаралар бәлеге қалды дейдi.
«Қызымның ғашық жары бұл екен» деп,
Қылыш менен бастарын алды дейдi.
Падиша барды қызына ашуланып,
«Мұнда жүр» деп хатунын қасына алып.
«Түнде жүрiп не сұмдық қылып жүрдiң,
Қылыш менен өлтірейін сенi шауып».
Хатунын қыз қасына шықты тастап,
Оңаша қыздан сұрады сөзiн бастап.
– Бұ не деген бiзлерге масқаралық,
Екеуiңдi өлтiрейiн бүгiн кесiп.
Анасы айтты: – Перзентiм, сөйлер сөзiң,
Жылай-жылай көр болды екi көзiм.
Көңлiңде не сөзiң, не мұңың бар,
Жасырмай айт, шырағым, бiлген сөзiң.
– Атаң сенiң ашуланды, балам, саған,
Не мұңың бар, шырағым, айтшы маған.
Қызын құшып жылайды ғарiп ана
«Көрмеймiсiң атаңның реңi жаман».
Анасы сөз айтады баласына,
Қызының құлақ сал данасына.
«Һамише дертiм жоқ» деп қыз айтады,
«Қайғым жоқ» деп айтады анасына.
– Атам бекер өлтiрдi ол екеуiн де,
Күнәһсi жоқ бейшара ғарiп құлды.
Бiр күнi суға түсе барғанымда,
Орамал менен жүзiгiм суда қалды.
Екi құлдың үлкенi болды уайым,
Соның үшiн шығамын күн-күн сайын.
Сол жерге iздеп бардым үйден шығып,
Сол менiң түнде шығып барған жайым.
Анасы естiдi мұны тыңлап,
Перзентiн құшақтайды үйге кiрiп.
«Қызым соған қапа болып жүредi екен,
Қызның сөзiн есiт мұнда келiп».
– Орамал, жүзiк табылар онан асыл,
Бұрын неге айтмадың, байғұс басым.
Құшақтап перзентiнiң бетiн сүйiп,
Қуанғаннан төктi көзден жасын.
Бiр зергердi шақыртып алып келдi,
«Қызыма жүзiк iстеп бершi» дедi.
Алып келдi iстетiп шамшырақ тас,
«Бұрынғыдан жақсырақ болсын» дедi.
Бiзлер бердiк ол қызға жүзiк iстеп,
Орамалды бердiлер алып келiп.
Ата-анасы қуанды мұны көрiп,
Сонда да қыз жүрмедi ойнап-күлiп.
Қыз тағы күн-күн сайын жаман болды,
Сарғайып бұл қайғыдан жүзi солды.
Бұған ылаж һеш адам қыла алмайды,
Патша әскерменен кеңеседi.
Ақыры алып келдi елге қызын,
Һешбiр сөз адамға сөйлемейдi.
Патша жар шақырды жұртын жиып,
Шыдамай жалғыз өзi iшi күйiп.
Қазынаның есiгiн ашып қойды,
Табибларға мал бердi барын жиып.
«Мал – жанымды берейiн жазған жанға,
Жар қылды кәпiр, орыс, мұсылманға.
«Жалғызыма бiр айла бола ма» деп,
Бар малын аямайды жиылғанға.
Бiр дәрiгерге жолықтым, сұрадым мен:
– Жазбадыңыз ол қызды не себептен.
Не дертi бар, ол қыздың не мұңы бар,
Не себептен оны мұнша дәрiгер жаза алмаған?
– Ол қыз ғашық болған бiр адамға,
Шақырып сөйлемейдi тiрi адамға.
Ғашығын көрмейiнше жазылмайды,
Бiз дертiн айта алмаймыз, жаным, ханға.
Бiз мұны ғашық десек, басны алур,
Барша табиб, дәрiгернiң жанын алур.
Соның үшiн қыз дертiн айта алмаймыз,
Барша табиб, дәрiгердi қырып салур.
Ол қыздың күнден-күнге халi кеттi,
Бейшара өлетұғын халге жеттi.
Дәрiгерлер дертiне дауа таппай,
Қорыққанынан баршасы қашып кеттi.
Сөйтсе де патша бiр күн ашуланды,
Бар дәрiгердi шақырып жиып алды.
«Бұ қызыма бiр қайла қылмадың» деп,
Жетi жүз дәрiгердi қырып салды.
Осы күнде хан қызы жазылмаған,
Бар мәнiсiн айтайын ендi саған.
Жөн-жобарын қожаға айтып бердi,
«Дәрiгерге айт мұнымызды» қуанғаннан.
Керуен жөнiн айтып жөнеп кеттi,
Бәрiн бiлiп, қожаның көңiлi тынды.
Ат, түйесiн, азығын әзiрлетiп,
Қожа Ғария iздеуге ниет қылды.
Қожа Ғария бiлген соң ендi жүрсiн,
Сақара дұға қылып тұра тұрсын.
«Бұ дүнияда бар болса, мен табайын,
Қосармын Мүштарай менен екеуiсiн.
Пида қылдым жолыңа жан, малымды,
Аямаймын осы жерде мал-жанымды.
Жәбiр қатпа көңлiңдi, жан шырағым,
Iздеп тауып келейiн сол жарыңды.
Үйде тұр, жан шырағым, ойнап-күлiп,
Жалбарып, бiр Құдайдан менi сұрап.
Мал-жаным баласы үшiн пида қылдым,
Заманмен жүре тұр ойнап-күлiп.
Меңга, әй, жамағат, батаңды бер,
Жақын емес, Шын-Машын бiрқатар жер.
Қырық нарға артайын алтын-күмiс,
Бiрқатардай дәрмен алайын дер.
Қырық құл алайын қасымызға,
Мұндай қатты iс түстi басымызға.
Iздеуге қожа Ғария жүрмек болды,
«Құдай-а, тәраххам қыл басымызға».
Қожа Ғария iздеуге жүрмек болды,
Құдайның бұйырғанын көрмек болды.
Қырық нарға жүк артады алтын-күмiс,
Қырық кiсi қасына жолдас болды.
Жолдастары арғымақ мiнiп алды,
Алтын жабдық үстiне тұрман салды.
Қырық құлдың қолына гауһар жүзiк,
Үстiне торғын маңлық киiп алды.
Қожаның өзi арғымақ мiнiп алды,
Басына алтын тәжiн киiп алды.
Не десең де өзiнде табылғандай,
Шын-Машын шаһарына жүрмек болды.
Алтын шатыр үстiне тiкпек болды,
Қожаменен қырық жолдас жүрмек болды,
Патша салтанатын тамам алып,
Шын-Машын шаһарына жетмек болды.
Орамал менен жүзiгiн алады ендi,
Шын-Машын шаһарына барады ендi.
«Бiр болғанда осылардан бола ма» деп,
Қыз алдына жүзiктi салады ендi.
– Жан шырағым, мен ендi жөнелейiн,
Мың дiллә, Құдай үшiн, мен берейiн.
Құдайға тапсырайын ендi сенi,
Алланың не салғанын мен көрейiн.
Қожа Ғария жұртына амандасты,
Жұртменен амандасып көп жыласты.
Бiр күнi жөнелдi қожа пақыр,
Бибi, екi қожа, Сақара кейiн келе жатыр.
Бiр сыпыра жер одан бар едi күндiк жерде,
Сол жерге келдi дағы тiктi шатыр.
Сулары ағып жатыр, ағашы көп,
Қанша мақтап айтсам да болады айып.
Бұлбұл, сандуғаш сайрап тұрған,
Үш күн жатты сол жерде есiн жиып.
Үш күн жатты тамаша етiп анда,
«Аһ» ұрады жамағат анда-санда.
«Күйеу қашан алур» деп жадына алып,
Қан ағады көзiнден жылағанда.
– Әй, ұғылым, көп жылама қапа болып,
Көп жыласаң, қаларсың өзiң өлiп.
Жан шырағым, жылама жарыңды ойлап,
Мен келгенше жүре тұр ойнап-күлiп.
Үш жүз алпыс күн болғаш келемiн деп,
Мен келгенше жүре тұр күлiп-ойнап.
Сенiң үшiн жанымды пида қылып,
Жарыңды қолға алсам Құдай оңдап.
Құдай оңдап жарымды қолыма алсам,
Күн-түн қатып, шырағым, есен жүрсем.
Қожа Ғаффан үшеуi жылағанда,
Қалмайды жыламаған жалғыз адам.
«Иә, Алла!» деп сапарға жүрдi бұлар,
Жылай-еңiрей айрылып бейшаралар.
Қожа Аффан, Сақара, бибi хатун,
Бiр-бiрiнден айрылды ендi бұлар.
Қожа Аффан, Сақара келдi жылай,
Мүштарайды қауыштырсын Жаппар Құдай.
– Ғашығымды көзiме көрсетпесең,
Атқа мiнiп жүрмеспiн олай-бұлай.
Қалқам-ау, сағындым жүзiңiздi,
Тал шыбықтай бұралған өзiңiздi.
Естiмей арманда кетермiн ме,
Балдан тәттi сөйлеген сөзiңiздi.
Аһ, дариға аппақ қардай бетiң,
Қызыл алма секiлдi бетiңiз бар.
Зифа бойың алманың сабағындан,
Көзiне түсiп бiздердi қылдың қуар зар.
Екi емшегiң төсiңде қандай екен,
Қарасы қолаңдай шашың, қылдай белiң.
Күйдiрдi ғой iшiмдi оттай жанып,
Уай, жарым, жылай-жылай мен жатайым.
Әй, жарым, жылай-жылай мен жатайын,
Көрiнбесең көзiме мен нетейiн.
Тiрлiкте көзiме бiр көрсетiп,
Құдайға мал-жанымды мен етейiн.
Бұ дүнияда жарымды көрсем екен,
Армансыз бiр көрiп өлсем екен.
Жай намаздың үстiнде зар илейдi,
Құдайға зар қылып жылайды екен.
Сақара зар илейдi күнде-түнде,
Ұйқысы жоқ, ас iшпес күнде-түнде.
Бiр күн өтсе, ағашқа кертiк жонып,
Жылай-еңiрей Құдайға жатты сонда.
«Мүштарай менiм халiм бiле ме екен,
Қараңғылық өзiне болды ма екен».
Ата-анасы айтады: – Екi көзiм,
Дертiңнiң түбi қандай болар екен?
Ата-анасы айтады: – Екi көзiм,
Мехнатсыз жар табылмас, сен, тыңла сөзiм.
Өзiн аштан өлтiрген жаман,– дейдi,
Аштан өлiп қаларсың сенiң өзiң.
Сақара сегiз күнде бiр дәм татты,
Құдайға зары қылып, жылап жатты.
Адамға сөйлемейдi, жоқламайды,
Күннен күнге бұл дертнi қатты болды.
Аз әңгiме айтайын құлағың сал,
Айтқан соң бұл сөзiме бiр пiкiр сал.
Құдайдың құдiретiне иман келтiр,
Бұ қиссадан, жамағат, ғибраттар ал.
Тыңлайтұғын аңа жаңа келдi,
Қожа қырық құлменен жөнеледi ендi.
Неше күндер жүрдi де қожа Ғария,
Бiр әңгiме шаһарға жаңа келдi.
Қожаға аң-таң қалды көрген адам,
– Жүрiсiн қырық құлменен сен неткен жан?
Патшамысың бiр жүрген жаһан кезiп,
Не жұмысқа келiпсiн, айтшы маған?
– Мен бiр дәрiгер жаһанда кезiп жүрген,
Ауру адам бар болса жазып жүрген.
Құдай үшiн ауруды мен бағамын,
Аурудың баршасына дәру берген.
Мұны естiп аурулар келдi дейдi,
Мұның дәрiгер екенiн бiлдi дейдi.
Бiреудi бағып алар үш жүз дiллә,
Қожаға Құдай бердi жақсы жолды.
Бұ шаһардан көп ауру жазып кеттi,
Андан соң бiр шаһарға барып жеттi.
Неше-неше шаһарды кезiп өттi,
Көп шаһардың ауруның жазып кеттi.
Неше айлар жаһанды кезiп өттi,
Шын-Машын шаһарына барып жеттi.
Ол шаһарда қожекең жатып алып,
Бiр дарияның түбiне шатыр тiктi.
Түскенiн бiр адам көрiп тұрды,
Ұлығына келдi де хабар бердi,
«Алтын шатыр тiктiлер дарияға,– деп,
Арғымақ мiнген» деп сөйлеп келдi.
– Алтын менен торғыннан тiккен шатыр,
Осы жолдан мүсәпiр келе жатыр.
Не патшадай өзлерi, не елшiдей,
Өзлерiн көрер болса, өңкей батыр.
– Барып келшi, кiм екен бұ адамлар,
Қай жақтан сапар шегiп келдi алар?
Бұлардың салтанатын көргеннен соң,
Аң-таң қалды бұларды көрген жанлар.
Бiреу барды шақыруға аяқ басып,
Сәлем берiп қожаға амандасып.
Салтанатын көрген соң қайран қалып,
Не айтарын бiлмейдi ендi сасып.
– Әй, жiгiт, неге келдiң қадам басып,
Не айтарың бiлмейсiң өзiң сасып?
Не жұмысқа келiпсiң сөзiңдi айт,
Ендi неге тұрасың өңiң қашып?
– Мен сiзге келiп едiм көрейiн деп,
Сiзлерден сұрағаным бола ма деп.
Көрген адам бар едi патша дейдi,
Ұлығымыз жiбердi «бiлiп кел» деп.
– Атымды сұрасаңыз, өзiм – дәрiгер,
«Патша екен» деп кетедi көрген жанлар.
Һәммә жұртқа дәрiгерлiк қылып жүрмiн,
Дүнияда дәулетiм көп, құлдарым бар.
Ойладым мен дәрiгерлiк қылайын деп,
Құдай үшiн жанымды бұлайын деп.
Ауруды мен бағамын ақы алмай,
Дүнияда жаһан кезiп жүрейiн деп.
Ол жiгiт мұны естiп қайтып кеттi,
Ұлығының алдына барып жеттi.
Бастан-аяқ сөйлейдi есiткенiн,
Бұл сөзлердi ұлығқа мағлұм қылды.
Бар едi ол ұлығтың жалғыз ұлы,
Он жылдан берi сыздайды аяқ-қолы.
– Алып барып баламды көрсетейiн,
Кiм жазса да болар едiм аның құлы.
Ұлығ келiп қожаға сәлем бердi,
Аттан түсiп шатырға ұлығ кiрдi.
Амандасып екеуi есендестi,
Қожаның дәрiгерлiгiн ендi бiлдi.
– Әй, дәрiгер, ауырып жатқан бiр балам бар,
Көп табиб жаза алмайды көп дәрiгер.
Он үш жыл аяқ-қолы мешел болды,
Аяғын бiр басуға болады зар.
Бағамысың ұғылымны дәрi бiрлән,
Бiр жақсылық қылсаңшы, дәрiгер, маған.
Құдай оңдап бұ бала тұрып кетсе,
Бар малымды берейiн ендi саған.
– Ауруың мен бағамын ақы алмай,
Балаңды қарайын һешбiр нәрсе алмай.
Балаңды қарайын Құдай үшiн,
Алтын менен күмiске көзiм салмай.
Бiр жүз дiллә берсең оны да алмай,
Есiткен соң қожаға құлдық қылған.
Баласын барды да алып келдi,
Дәрi берiп, балаға бәлен бата берген.
Құдай оңдап, баласы тәуiр болды,
Тәуiр болып, ендi бала атқа мiндi.
– Құдай үшiн һешнәрсе мен алмаймын,
Науқас болса шаһарда, келсiн,– дедi.
Науқас болса, жиылып келсiн,– дейдi,
Шаһарда екi жүз ауру жазды дейдi.
Қожаға баршасы құлдық қылып,
Қожаның аруағын жұртқа шашты дейдi.
Ұлығының ағасы уәзiр екен,
Патшада уәзiр болып тұрады екен.
«Бiр қызы ауру екен Фағфуршынның»,
Ойлайды «бiр хабар берсем екен».
Фағфур ханға ол бала жүрдi дейдi,
Барып уәзiр ағасын көрдi дейдi.
Өзiнiң жазылғанын барып айтып,
Патшаға «сүйiншi» деп хабар бердi.
Бiр арғымақ мiндi де жүре бердi,
Ара қонып шаһарға жетiп келдi.
«Iнiңнiң ұғылы кiрейiн» деп,
Бiр жасауыл келдi де хабар бердi.
Уәзiр шақырып жасауылды қолына алды,
– Неге бiзге күлесiң?– деп ашуланды.
– Он үш жыл ауырып жатқан менiң iнiм,
Қайдан келсiн мұнда?– деп ашуланды.
– Әй, уәзiр, сен меңа ашуландың,
Не себептен сен бiзге жаман бақтың?
– Ғұмырымда ашуланып көргенiм жоқ,
Уәзiр айтты: – Мен саған аң-таң қалдым.
Уәзiр айтты: – Жасыңыз ұзын болсын,
Дәулет құсы басыңдан һеш ұшмасын.
Ауруымды келдi деп хабар бердiң,
Ашулантып саған күлкi қылған үшiн.
Айт, баланы жасауыл алып келсiн,
Осы тұрған жамағат бәрi көрсiн.
Айтқаны ол жiгiтнiң шын бола ма,
Уәзiр көрiп iнiсiн танып бiлсiн.
Жасауыл ол жiгiттi алып келдi,
Есiктен кiрдi дағы сәлем бердi.
Сәлем берiп патшаға кiргеннен соң,
Өз iнiсi екенiн танып бiлдi.
Iнiсi менен екеуi амандасты,
Таң қалып iнiсi менен құшақтасты.
– Қашан, iнiм, жазылдың, қарағым?– деп,
Зар еңiреп екеуi құшақтасты.
– Бiр дәрiгер бiздiң елге келдi жаңа,
Осы сөзiм құп есiт, ғарiп аға.
Сол дәрiгерден жазылдым менiң өзiм,
Хабар айта мен келдiм халифаға.
Фағфуршын есiттi бұл хабарды,
– Барып шақырып кел,– дедi бiр адамға.
Бала айтады: – Патша салтанатты,
Шақырғалы жiберме жаман жанды.
Фағфуршын жiбердi бiр адамды,
– Барып шақырып келiң сiзлер аны.
Жақсы құрмет қылыңыз келгенiмше,
Тез барып, алып кел, шақырып аны.
Ара қонып ол уәзiр жетiп келдi,
Көрген соң салтанатын тамаша қылды.
– Патшамыз сiзлердi келсiн дейдi,
«Келе ме деп» сiзлерге есi кеттi.
Патша шақырады қастарына,
Даудан үлкен iс түстi бастарына.
Сiздерге айтатұғын бiр мұңы бар,
Ойпаң жерлер көл болды жастарына.
Айтатұғын сiзлерге бiр мұңы бар,
Перзентi үшiн Аллаға қылады зар.
Қанша табиб, бақсылар жаза алмады,
Дүнияда кәпiр, орыс, мұсылманлар.
Қожа айтады: – Патшаға бiз барамыз,
Хан шақырса, бармайтұғын не шарамыз.
Әмiр, патша бiзлерге не бұйырса,
Не қылса да патша ықтиярмыз.
Түйеңдi арт, жiгiтлер, бiз баралық,
Мұңын, зарын патшаның бiз сұралық.
Фағфуршын – Шын патшаға бiзлер барып,
Патшаның жүздерiн бiз көрелiк.
Мiнiп алып аттарына жөнеледi,
Екi-үш күнде патшаға бұлар барды.
Мұндай шаһар дүнияда көргенi жоқ,
Сонда тұрып қожалар аң-таң қалды.
Барып уәзiр патшаға хабар бердi:
– Шақырған соң бiзлерге дәрiгер келдi.
Алтын шатыр тiккенi Топшақ аты,
Салтанатты көрмедiм мұндай ердi.
Уәзiр шақырып дәрiгердi, қылды меһман,
Дәрiгердi көрдiлер жиылған жан.
Тақтына отырды тәжiн киiп,
Патшамыз олтырды салтанатпенен.
Уәзiр барып шақырып алып келдi,
Дәрiгер келiп патшаға сәлем бердi.
Тақытқа жүзiн сүрттi дәрiгер барып,
Жанына патшамның ендi отырды.
– Жол болсын, қайдан жүрсiң, меһманларым,
Сөйлешi, дүнияда көргендерiң.
Шаһарың қайда, меһманым, жерiң қайда,
Қалдырмай айт, бiзлерге сөзiң бәрiн.
– Шаһарым – Басра, Ғария – атым,
Патшадан кем емес салтанатым.
Мал, аспап, алтын, күмiс не қисапсыз,
Көп дүнияға кiм қарайды, жамағатым.
Гауһар, жақұт, асыл тас қисабы жоқ,
Құл, кәнизак көп едi һеш мұңым жоқ.
Құдайдан тiлеп алған бiр ұғылым бар,
Андайын басқа қолда перзентiм жоқ.
Перзент деген қолымда бiр балам бар,
Дүнияға келе бермес андай жандар.
Көркiн көрсең қыларсың жаның пида,
Құдайдан тiлеп алдым мен қылып зар.
Жетпiс екi құлменен оқыттылар,
Данышпанның ақылы, жұрттан асар.
Жұрттан асқан мұндайын данышпаным,
Өзiм де дәрiгерлiктiң бәрiн бiлдiм.
Жұрттан асқан мен болдым үлкен,
Бала бердi бiзлерге бiр Құдайым.
Атқа мiнiп дүнияны аралайын,
Құдай үшiн дәрiгерлiк мен қылайын.
Жалғыз перзент Құдайым берiп едi,
Қайыр берiп малымды мен болайын.
Бұл ниетменен мен шықтым жаһан кезiп,
Хатун, бала, жұртымдан шықтым безiп.
Һәр шаһардан ауруды бағып жаздым,
Келемiн жұрт аралап, жұртты кезiп.
Жүрiп келiп жолықтым кезiңiзге,
Шақырған соң мен келдiм ендi сiзге.
Жөн-жобарым сұрасаңыз осы менiң,
Мұндан басқа сөзiм жоқ ендi сiзге.
Патша ас келтiрдi алуан-алуан,
Не көрмейдi дүнияда бейшара жан.
Асын iшiп болған соң патша байғұс:
– Бiр мұңым бар айтайын, дәрiгер, саған.
Дәрiгер, мен айтайын тыңла сөзiм,
Тiлеп алған бар едi жалғыз қызым.
Андай көркем дүнияда жан келмейдi,
Жаным пида қылушы едiм менiң өзiм.
Андай көрiктi көрмедiм бұл жаһанда,
Дүнияда кәпiр, орыс, мұсылманда.
Перзенттен артық-ды аның көркi,
Жаның пида қыларсың көрсең анда.
Жанымның рахаты көргенiмде,
Нұрын көрген адамдар болар пенде.
Құдайым сол қызыма бiр дерт берген,
Табиблер бiлмейдi бұ жаһанда.
Жалаң бас, жалаң аяқ жылап жатыр,
Ас iшпес, сөз сөйлемес болды пақыр.
Ауырғалы жетi жыл болды оған,
Басыма түстi маған заманақыр.
Сол қызыма бiр дәрмен қылып қара,
Қызым үшiн жүрегiм болды пара .
Жарым мүлкiм берейiн қызым жазсаң,
Бұйрығыңдан шықпайын мен бейшара.
– Ақы алып бақпайын жалындырып,
Менiң ақы алғаным болмай айып.
Құдай үшiн қызыңды мен бағайын,
Баққаным ем болса, Құдай оңдап.
Дүния малы, әй, тақсыр, бар өзiмде,
Құдай айдап келдiрдi менi мұнда.
Құдай оңдап қызыңды жаза қалсам,
Бiр мұңым бар айтайын, тақсыр, сiзде.
– Есiтейiн мұңыңды, айтып қара,
Қуанғаннан көңлiм болды пара.
Жарым пұлым берейiн бөлiп саған,
Жазама қожа аңа қыз бейшара.
Мен қызыңды бағайын аяғандан,
Мұңым бар айтайын, тақсыр, саған.
Құдай оңдап, қызыңыз жазыла қалса,
Келiндiкке берсеңiз, тақсыр, маған.
– Бұл сөздi не деп айттың, ақымақ надан,
Қорықпай, нағып сен айттың маған!
Қазынадан бермек болдым жарым пұлым,
«Қыз берем» деп мен саған айттым қашан.
Ашуланды дәрiгерге патша отырып,
Уәзiр келдi патшаға қол қусырып.
– Арызым бар, әй, тақсыр, дат қылыңыз,
Тыңлаңыз бұл сөзiме құлақ салып.
Берсеңiз, бермесеңiз сiз бiлесiз,
Өлсе қызды қабiрге сiз қоясыз.
Қара жерге қойғанда қызыңызды,
Ерге бермей, әй, тақсыр, не қыласыз.
Қызыңыз сiздiң көркем көрер көзге,
Ұғылын мақтап айтады ол да бiзге.
Екеуi бiр-бiрiне лайық болса,
Ашуменен көңлiңдi қылма өзге.
Әй, тақсыр, осы сөзiм болса мақбұл,
Осы күннен сiзлерге келсе ақыл.
Құдай оңдап, қызыңды жаза қалса,
Берейiн деп қызыңды уағда қыл.
«Уәзiрнiң бұл кеңесi мақұл екен,
Осы қызым қара жерде жатады екен.
Екеуi бiр-бiрiне лайық болса,
Қызны бермек болғаным жарайды екен».
Патша қызын дәрiгерге бермек болды,
Аққан жасқа көзiнен алды толды.
– Қыз жазылса, балаңа берейiн,– деп,
Патша дәрiгерге уағда қылды.
Патшаға құлдық қылды тұра келiп,
– Әй, жамағат, бұл iсiм бола ма айып?
Құдай оңдап жазылса перзентiмiз,
Хат бердi қолдарына мөһр басып.
– Құдай өзi бередi оңдар жанды,
Қызыңды маған көрсет, тақсыр патша.
Құдiретiне Құдайымның шек келтiрме,
Құдай өзi бередi оңнан сонда.
Патша айтады: – Әй, уәзiр, көрсет қызым,
Құлақ салып тыңлай көр менiң сөзiм.
Не қылса да дәрiгерге ықтиярмыз,
Келiн болды өзiне нұрлы қызым.
Уәзiрменен жүрдiлер қожа батыр,
Қыз үйiне екеуi келе жатыр.
Екеуi үйге кiрсе, анасы бар,
Қызмет қылып тұрады қыздар пақыр.
«Аһ» ұрады қыз пақыр көзi жасты,
Жүзi нұрлы ол қыздың қара қасты.
Жалаң бас, жалаң аяқ жылап жатыр,
Тал шыбықтай бұралып ұзын шашы.
Көрдi де қыз пақыр[ды] аң-таң қалды,
Айдап үйден шығарды бiткен жанды.
Қожа айтқан соң қыз-қатын шығып кеттi,
Қыз-қатында қожекең жалғыз қалды.
Қожа айтады: – Пақыр қыз, көтер басың,
Сабыр қыл, төге берме көзден жасың.
Ғашық жарың сiзлерге сәлем айтты,
Өзiңнiң түсте көрген жас жолдасың.
Қыз басын көтердi, көзiн ашты,
Ұялып қолыменен бетiн басты.
Қожаны көрген соң қатты ұялды,
Бар денесiн көрсетпей, шашын жапты.
Қыз көтердi бастарын қайран қалып,
Жүзiктi көрсетедi қолына алып.
Орамал менен жүзiктi көргеннен соң,
Қыз пақыр жылай-жылай қалды талып.
– Өңiм бе, түсiм ме екен бұ көргенiм,
Бар мекен бұ дүнияда ғашық жарым.
Орамал менен жүзiктi көргеннен соң,
Кiм едiң алып келген хабарларын?
– Әй, қалқам, көрем бе жүзiңдi,
Қарақаттай қап-қара көзiңiздi.
Жолына пида болсын, шыбын жаным,
Балдан тәттi айтсам сөзiңiздi.
Ғашық болдым бұралған бойыңызға,
Уайымды түсiрдiң ойымызға.
Һеш армансыз дүнияда болар едiм,
Бiр көрiп, мен жатсам қойныңызға.
Өлгенше хабар сiзден мен күтермiн,
Үмiтiм бар келер деп ендi сiзден.
Һеш арманым бұ дүнияда болмас ердi,
Құшақтап, сүйiп жатсам тiлiңiзден.
Әй, жарым, тұтып жатсам белiңiздi,
Осы қайғы басымнан кетер едi.
Тал шыбықтай белiңнен құшып жатсам,
Бұ дүнияда тарқатсам құмарымды.
– Жүзiң көркем, әй, жарым, замандасым,
Ұрғашымын қайтейiн байғұс басым.
Жiгiт болып, ел кезiп мен жүрмейiн,
Келмедiң менi iздеп ғашық жарың.
Ғашық жарым, көрмедiң менi келiп,
Қыз қарайды көзiн салып.
Орамал менен жүзiктi көргеннен соң,
Пақыр қыз есi кетiп қалды талып.
– Жүзiктi көрген соң көзiм тойды,
Қуанғаннан аяғын құшақтады.
– Жаным кiрдi сөйлеген сөзiңiзге,
Қайдан алдың, қожеке, айтшы ендi.
– Алып барып қосайын жарыңызға,
Хабар айта мен келдiм, жаным, сiзге.
Құдай қосса, жарыңа мен қосайын,
Көңлiңдi қыла көрме менден өзге.
Түсте көрген жарыңыз менiм балам,
Хабар айта мен келдiм сiзге, жаным.
Құдай оңдап, дертiңнен жазылған соң,
Ұғылыма бермек болды атаң, балам.
Атаң маған хат бердi мөһр басып,
Көрсеттi қыз балаға хатты алып.
Бiреуi – ата, бiреуi – келiн бала,
Екеуi тұрады көп кеңесiп.
– Мен саған жүрейiн дәрi берiп,
Сен жазыл күннен-күнге тәуiр болып.
Жазылған соң уағданы хилаф қылмай,
Жөнелемiз жарыңа ойнап-күлiп.
Жөнелсек, тез барамыз бiр-екi айда,
Қожа сөзi тиедi қызға пайда.
«Олай болса, жазылып жүрмек керек,
Осы ақыл өзiме болды пайда».
Қыз жазылды дәрiден жетi күнде,
Қожа келiп жүредi күнде-түнде.
Қыз жазылды дәрiгерден айдай балқып,
Ендi тумас мұндай жан осы күнде.
Қыз жазылды дәрiгерден тәуiр болып,
Үйiнiң iшi бәрi де нұрға толып.
Сүйiншi алды патшадан бiреу барып,
Ата-ана жүгiрдi қуаныш қылып.
Қуанып ата-анасы келдi де,
Қыз байғұс құшақтап жылайды ендi.
Ақыл нұры артыпты бұрынғыдай,
Әкелдi Құдай Жаппар бұл дәрiгердi.
– Ақыл нұры артыпты бұрынғыдан,
Бұл дәрiгердi келтiрдi бiзге Құдай.
Сенiң қайғы дертiңден бiз қартайдық,
Екi көз көрмес болды жылай-жылай.
– Әй, ата, мен жазылдым бұ дәрiгерден,
Қадiрiн бiлмейдi кейбiр надан.
Не берсең де дәрiгердi риза қыл,
Көңiлiм жақсы болды ғой бұрынғыдан.
– Жазып берген дәрiгерге, қызым, берем,
Көзiм нұры, қуанышым, шүкiр пендем.
Сен бара алсаң ұғылына бермек болдым,
Ал, не деп айтасың, әй, перзентiм?
Қыз қуанды бұ деген сөздерiне,
Ұялып, орамал тұтты жүздерiне.
Үндемей ғашық жарын ойына алып,
Жас толды қан аралас көздерiне.
– Бұ дерттi басыма Алла салған,
Баласы дәрiгердiң үйде қалған.
Баласы адамзаттан артық екен,
Иншалла, айтқаны болмас жалған.
Не болса да, әй, балам, бермек болдым,
Алланың бұйрығына мойынсұндым.
Өлсең сенi, әй, балам, қайтер едiм,
Уәзiрлер айтқан соң мен де көндiм.
Баласы лайық дейдi өзiңiзге,
Ұялып, орамал тұтпа жүзiңiзге.
Алла бұйрық қылған соң халiң бар ма,
Құлағың сал, перзентiм, сөзiмiзге.
– Тағдыр жетсе, бұ сөзден өлер ме едiм,
Ауырмасам, сөзiңе көнер ме едiм.
Һәр не болса мен көндiм айтқанға,
Өлсем, бәнен айрылып көмер едiң.
– Жақсы қылып мен сенi ұзатайын,
Тағдыр болса Құдайдан мен қайтейiн.
Қырық нарға қазына артып, қырық құл берейiн,
Көп мал менен өзiңдi жөнелтейiн.
Жар шақыр, тамам жұртқа бiлсiн,– дедi,
Жұрт жиылып бұ тойға келсiн,– дедi.
Қырық күндей қызыма той қылайын,
Қызық, қызмет жамағат көрсiн,– дедi.
Жетi күндей Фағфуршын малын сойды,
Сырнай, керней тарттырып қылды тойды.
Iшкенi арап-шарап жамағаттың,
Өңкей кедей байғұстар майға тойды.
Бұ тойда iшкендер, жегендер-жегендер тоқ,
Қызық, қызмет той көрдi жиылған көп.
Қазынаның есiгiн ашып қойды,
Мұндай тойлар жаһанда болғаны жоқ.
Жетi мың меһманхана қойды салып,
Ендi тойға жиылмас мұндай халық.
Дастарханы салулы, ас қоюлы,
Жұрт керегiн сұрамай кеттi алып.
Кей адамдар ат мiнiп, шапан кидi,
Патша «шапан жабам» деп жұртын жиды.
Қырық күнден той қылып ойын салып,
Аямай жалғызы үшiн малын қырды.
Той тарқап, жөнелдi жұрттың бәрi,
Жиылған үлкен-кiшi, кәрiлерi.
Жұртына бастан-аяқ сәрпай жапты,
Ат мiнiп, шапан кидi қызметкерi.
Жөнелтуге қызына жарлық қылды,
Шаһардағы қатын-қыз бәрi келдi.
Iшкенi арап-шарап, ойын-күлкi,
Үш күнгеше ортада ойын болды.
Қырық нарға артыпты жабдықтарын,
Аямай алтын-күмiс бердi малын.
Қырық құлды мiнгiздi арғымаққа,
Жалғызындан аямай бердi малын.
Қырық күңi маңлық торғын киiп алды,
Алтыннан асыл тас жүзiк салды.
Көрсеңiз һәрбiрсi берер заттан,
Көрген жанның бәрi де аң-таң қалды.
Қырық құл үстiне шатыр тiктi,
Алтын қортырып көңiлi тынды.
Торғын маңлық үстiне төсек салып,
Қызмет қылып қасына қырық қыз кеттi.
– Перзентiм, бiр Аллаға тапсырайын,
Малды аяп, мен сенден не қылайын.
Құдай қосқан жарыңа жеткенiңше,
Есен-аман сақтасын бiр Құдайым.
Жалғызымыз кеткен соң бiз нетермiз,
Көрмей жүрсек бiз сенi сағынамыз.
Хор қызындай нұрларың еске түссе,
Һәр күнде үш уақыт зар қыламыз.
Ата-анасы келдi де қастарына,
Киiмдерi су болды жастарына.
Артында ұлы да, қызы да жоқ.
Мұндай үлкен iс түстi бастарына.
– Мүштарайжан, қашан көрем ендi сiздi,
Бiр кiсiге бiз бердiк баламызды.
Тым болмаса қасында күйеуi жоқ,
Көз қуанышым, шырағым, баламызды.
– Ата-анам, аман бол, қалдың кейiн,
Хабар бiлiп тұрғайсыз жыл-жыл сайын.
Патшаларға жат па екен менiм басым,
Дәрiгердiң баласы болды байым.
Ата-анам, есен бол менен қалып,
Жүзiн көрген адамдар қалды талып.
– Құдай қосқан жарыма мен жүрейiн,
Жыл-жыл сайын тұрғайсыз хабар алып.
Хабар алып тұрғайсың жыл-жыл сайын,
Патшаларды мен өзiм не қылайын.
Сақараны көрсетедi кешiктiрмей,
Кешiкпей мен ендi жөнелейiн.
Ата-анасы зар қылды кешке дейiн,
– Амандасып, шырағым, жөнелейiн.
Артымда ұғылым да жоқ, қызым да жоқ,
Сондайын соң патшалықты не қылайын.
– Әй, ата, менiң сөзiм тыңлап қара,
Бұ қайғыдан жүрегiм болды пара.
Бала берсе, Құдайға қиын емес,
Қайыр берiп, Құдайдан тiлеп қара.
– Көзiм нұры, шырағым, шүкiр бендем,
Сенсiз қайтiп жүрейiн, әй, перзентiм.
Ата-анаңның хақны құрмет қылып,
Күйеуiңдi құрмет қыл ендi, балам.
Үшбу қызым, әй, қожа, тапсырайын,
Хабар жазып тұрғайсың жылда маған.
Баламды бiр Аллаға тапсырайын,
Құдай өзi сақтасын есен-аман.
Мүштарай тәж оранды бастарына,
Ойпаң жерлер су болды жастарына.
Жөнелдi аттарына мiнiп алып,
Қырық жолдас алды қастарына.
Қыз жөнелдi пiлiне мiнiп алып,
Амандасып жыласты тамам халық.
Жылап-еңiреп жұртменен қыз жөнелдi,
Айырылып ата-анасы қалды талып.
Амандасып қыз, қожа жөнеледi,
Жол ортада бiрқатар заман өттi.
Екi ортада ғарiптер көп күн жүрiп,
Басра шаһарына жақын жеттi.
Қожа ойлайды «Басраға жетсем екен,
Өзiм барып сүйiншi алсам екен».
Қисап қылса қожаның шыққанына,
Үш жүз елу тоғыз күн болған екен.
Таңертең жөнелiп кеттi қожа тұрып,
Басраға барып жеттi ара қонып.
Жұрт барып бәрi қара киген, шашын жайып,
Тұрды қожа көрген соң қайран қалып.
Қожа сұрайды: – Не болды?– деп,
Қара киген, шаш жайған бола ма?– деп.
Бiр молада, жұрт бәрi зар еңiрейдi,
– Маған айтсаң, бұларың не деген гәп?
– Бiр жар үшiн Сақара өлiп қалды,
Соның үшiн жұрт қара киiп алды.
Бiр көруге зар болып жүрушi едiк,
Алла жұртның басына қайғы салды.
Естiп қожа Ғария зар илейдi,
Зар қылып ойына алып бiр Құдайды.
Атдайын өзiн қара жерге атып тастап,
Сақараның моласын құшақтайды.
– Әй, Сақара, жүзiңдi көрсем неттi,
Сенiң үшiн көрiп келдiм көп мехнатты.
Ғашығыңның жүздерiн бiр көрмедiң,
Көрген мехнат баршасы желге кеттi.
Әй, Сақара, көрмедiң ғашығыңның жүзiн,
Естiмедiң сөйлеуiн ғашық сөзiн.
Тiрiклiкте екеуiң қоспадым,– деп,
Топыраққа бұлғайды басы-көзiн.
Сақара, ажал жетiп өлгенiң бе,
Уағдалы айтқан сөзге жетпедiң бе?
Бiр сөйлескен қызыңды көре алмадың,
Сонша мехнат далаға кеткенi ме?
Қожа Ғария сақалын жұлып алды,
Халайық мұны көрiп зар илейдi.
Қожа Ғария ақылсыз бiр күн жатты,
«Сенен қалып шыбын жан не болады».
Ата-анасы жатыпты күйiк қылып,
Қалды көзнiң бәрi де қанға толып.
«Сенен қалып, шырағым, не болам?– деп,
Бiр жар үшiн, шырағым, қалдың өлiп».
Бiр күн жатты Ғарияның есi кетiп,
Кейiннен Мүштарай көрдi келiп.
Бiр моланың басында жұрт жылап тұр,
Қайран қалды бейшара мұны көрiп.
Тiрi жан жоқ бұларға қарсы келген,
Ойлайды «Бұларға не болды екен?»
Бұларның келгенiне көзiн салып
Амандасқан бiр жан жоқ, сәлем берген.
Қара киген, шаш жайған жиылған көп,
Жыламаған бұларда тiрi жан жоқ.
Қатын-қыз, бала-шаға, ұрғашы-еркек,
Баршасы жылайды «Сақара» деп.
Қыз қарап пiл үстiнен көзiн салды,
Халайықты көрдi де қайран қалып.
Бiр адамды шақырды: – Бермен кел,– деп,
– Бұ кiмдер?– деп сұрайды ойына алып.
– Берi кел, – деп, – әй, жiгiт, қасымызға,
Не iс түстi, жамағат, басыңызға.
Бiр моланың басында зар еңiрейсiз,
Ойпаң жерлер көл болған жасыңызға.
– Шаһарымызда бар едi бiр сұлу жар,
Аның аты – Сақара, құп нұры бар.
Ғашықлықтың дертiнен өлiп қалды,
Жамағат соның үшiн жылайды зар.
Қыз пақыр мұны естiп, байғұс болды,
Зағыпырандай сарғайып жүзi солды.
Пiлiнен өзiн жерге атып ұрып,
Екi бетiн жыртқалы қолын салды.
Молаға келiп жетiп айғай салды,
Өлгенiн ғашығының ойына алды.
Жүгiрiп келiп моланы құшақтады,
Қыз пақыр жылай-еңiрей талып қалды.
Ата-анасы келдiлер қастарына,
Тiзесiн жастық қылып бастарына.
Құшақтап ғарiп қызды көп жылайды,
Ойпаң жерлер көл болды жастарына.
Зар қылды мұны көрiп жұртның бәрi,
Ұрғашы-еркек жиылған кәрiлерi.
Сонда болды, жамағат, ақырзаман,
Жиылған жұрт бәрi де қылды зары.
Есiн жиып қыз пақыр айғай салды:
– Әй, менiм аға жұртым қайда қалды?
Тiрлiгiнде жүзiңдi көре алмадым,
Жан шырағым, мағшұғым өлiп қалды.
Жүзiңдi көре алмадым қай етейiн,
Сенен қалған бұ жанымды не қылайын.
Сен сүрмеген бұ дүния болсын харам,
Ақыретте мен саған табысайын.
Сақара, бейнет шегiп келдiм саған,
Қарамай өлiп қалдың өзiң маған.
Қырық құл, қырық күң, қырық нар
қазына артып, Сен өлген соң қазына болды ойран.
Қырық құл, қырық күң үйге қайтсын,
Сенсiз маған бұ дүния харам болсын.
Тiрi жүрiп дүнияда не қылайын,
Ақыретте мен саған табысайын.
Таң қалды халайық мұны көрiп,
Баршасы зар қылды қолын жайып.
Қыз пақыр зар илейдi шашын жұлып,
Таң қалды мұны көрiп жиылған көп.
«Ғашығым» деп Мүштарай жанын бердi,
Кеудесiнен жан шығып жүре бердi.
Ай секiлдi балқыпты аның жүзi,
Жұрт жиылып ол қыздың жүзiн көрдi.
Сақара Мүштарайменен ғашық өткен,
Бұ дүнияда қосылмай өтiп кеткен.
Екеуi тiрiсiнде қосыла алмай,
Ондай ғашық һеш болмас арманда өткен.
Екеуiн бiр қабiрге көмдi алар,
Арманда өттi екеуi бейшаралар.
«Оларды, тiрiсiнде қоспадым» деп,
Күнi-түнi қожекең қылады зар.
Құдай жолына тарқатып малының бәрiн,
Азат қылды қожекең құлының бәрiн.
Фағфуршынға жiбердi он мың кiсi,
Бiлдiрдi екi ғашық өлгендерiн.
Қожа Ғария молада зар илейдi,
Ойына алып жылайды бiр Құдайды.
Қырық күн молада жылап жатты,
Күнде, түнде бейшара ұйықтамайды.
Қожа Ғария молада жылап жатты,
Көзiнен жас орнына қандар ақты.
Ғарiптерге малының бәрiн бердi,
Мүкаммалын бәрiн де талқан қылды
Алтын тақты қожа Ғария отқа жақты.
Һеш ас iшпей күнде-түнде зар илейдi,
Ертең – кеш те тiлегiм һеш болмайды,
Бұндай адам дүнияда һеш болмайды.
Сақалын түгестi бәрiн жұлып,
«Жанымды ал» деп жылайды зары қылып.
Көзiнен жас аралас қан ағады,
Бет-аузын бәрiн де топырақ басып.
Көргеннен соң бiр адам келдi жетiп,
Күнi-түнi жыласып зарлық қылды.
– Не мұңың бар, не дертiң бар, айтып қара,
Сенi көрiп, мен келдiм есiм кетiп.
Күнi-түнi, сен, неге зар илейсiң,
Күнi-түнi зар илеп отырасың?
Зарыңды перiштелер есiтедi,
Құдайдан зар қылып не сұрайсың?
– Екi ғашыққа жылаймын қылып зар-зар,
Дүнияда қосылмады бейшаралар.
Бiрiн-бiрi көре алмай өтiп кеттi,
Сондай үлкен басымда бiр мұңым бар.
Екеуi бiрiн-бiрi көре алмады,
Дүнияда ойнап-күлiп жүре алмады.
– Сен, әуелi иман келтiр, мұсылман бол,
Тiлегiңдi Құдайым қабыл етедi.
Мен бiр бата берейiн, қолыңды жай,
Иншалла, тiрiлiп тұрып қалғай.
Мұсылман болып Ғария дiнге кiрдi,
Қолын жайып ол адам бата бердi.
Құдайның құдiретiменен көр жарылды,
Екi ғашық тiрiлiп тұра келдi.
Тұрды да отырды бейшаралар,
Қожа аларға үндеместен сәлем бердi.
Екеуi тұра келiп отырдылар,
Бейшаралар көзiне жас толтырдылар.
Қожа Ғария сұрайды ол адамнан:
– Не себептен сөзлемей отырар бұлар?
– Бұ дүниядан бұл екеуi өтiп кеткен,
Несiбесi таусылып күнi жеткен.
Бұ дүнияда қалған жоқ ғұмырлары,
Тағдыр жетiп, дүниядан өлiп кеткен.
Қожа Ғария көзiнден төктi жасын,
Зар илеп аяғына қойды басын.
– Мен жолына жанымды пида қылсам,
Ғарiплер тiрiлер ме, отағасым.
– Ғұмырлары бiткен соң жанын алған,
Бұ iстернi басына Алла салған.
Жаныңды бөлiп бермесең, тiрiлмеслер,
Дәл алпыс жыл өзiңнiң ғұмырың қалған.
Ол кiсi ендi: – Мен сiзлерге дұға қылсам,
Жиырмадан жасыңды бөлiп берсем.
Және тiрiлiп екеуi тұра келер
Қырық жасың екеуiне бөлiп берсең.
– Сенiң айтқан сөзiңе ердiм,– дедi,
Бар Құдай, қабыл әйлә мұны,– дедi.
Бар жамағат тұрдылар «әумин» айтып,
Қарт байғұс Құдайға дұға қылды.
Қабыл болып дұғасы ғаршы кеттi,
Құдай Тағала тiлеуiн мұның бердi.
Екi ғашық тiрiлiп сәлем берiп,
Қожа Ғария[ны] құшақтап бас салады.
Ата-анасы көрген соң қалды талып,
Бiраздан соң естерiн жиып алып.
Баласыменен құшақтап амандасты,
Андан соң көп елiне хабар айтып.
Шыныменен тiледi қожа Ғария,
Тiлегiн берiптi Алла Тағала.
Шын тiлесе, Құдайым бередi екен,
Қырық күндей той қылды жамағатқа.
Тұра тұрсын бұл сөз осы жерде,
Жетi мың кiсi жөнелдi Құдауанда.
Фағфуршын елiне жақын келiп,
Кешiкпей-ақ келдiлер күнде-түнде.
Дарияның жанына қонып алды,
Патшаның бiр құлы суға келдi.
Жетi мың кiсi жатыр су жанында,
Көргенiн патшаға айтып барды.
Бiр кiсiнi жiберiп: – Бiлiп кел,– деп,
Не себептен келгенлер көрiп кел,– деп.
Барған соң оларға сәлем деңiз,
Арызы бар болса айтсын келiп.
Бiр құл шапшаң есiктен шығып кеттi,
Жақын келiп жамағатқа сәлем бердi.
– Патшамыз жiбердi бiлiп кел,– деп,
Арызы болса айтсын, сәлем айтты.
– Басрадан түн-күн жүрiп бiз келемiз,
Патшаға қайтып жауап бiлдiремiз.
Мүштарайның Сақара ғашық жары,
Сол екеуден хабарны бiлдiремiз.
Сақара Мүштарайға ғашық болған,
Шыдай алмай ғашықтан өлiп қалған.
Сақараны жамағат көмiп болғаш,
Мүштарай сол уақтыда жетiп барған.
Мүштарай көргенен соң «бұ не» дейдi,
Сансыз көп жамағат келген дейдi.
Жамағат Сақара деп айтқаннан соң,
Мүштарай айғай салып, талып қалды.
Замандан соң бала есiн жиып алды,
«Мағшұғымды көрмедiм» деп зар еңiредi.
«Сақарасыз керек емес бұ дүния,– деп,
Ата-анама сәлем айт» деп жанын бердi.
Құл барып патшаға сәлем бердi,
Естiгенiн бәрiн де айтып бердi.
Ата-анасы бұл сөздi есiткен соң,
Зар еңiреп сол жерде талып қалды.
Ата-анасы бiраздан соң есiн жиды,
«Заманақыр бiзлерге ендi болды.
Патшаның кеп-кеткiсiн не қылайын»,
Шерiк алып Басраға жөнеледi.
Бiр күнi Басраға келiп жеткен,
Жылай-жылай көзiнде жасы бiткен.
Екi ғашықтың тiрiлгенiн қайдан бiлсiн,
Ата-анасы баласынан үмiт үзген.
Мұны есiткен адамдардың мұңы тарқар,
Естiгенде баршасы тамаша айтар.
Екi ғашық жар, қожа Аффан, қожа Ғария,
Шерiк менен алдынан қарсы келер.
Фағфуршын мұны көрiп аң-таң қалды,
Бәрi де сол жерде құшақтасты.
– Екi ғашық өлдi деп мазақ қылдың,
Фағфуршын бұларға ашуланды.
Қожа Ғария айтады «Сабыр» дейдi,
Фағфуршын құлақ салды ақыр дейдi.
Қожа Ғария баладан не көргенiн,
Жылай-еңiрей сөйлейдi пақыр, дейдi.
– Инансаң екi ғашықтың өлгенi анық,
Екеуiн бiр көрге қойдық салып.
Сол жерде қырық күн зар еңiредiм,
Бiр шал келдi қасыма таяқ алып.
«Мұнша неге жылайсың, қожа Ғария?
Мұңың болса айтып қара ендi маған.
Шыныңменен тiлесең, мұсылман бол,
Сұрағанын бередi Алла Тағала».
Мен айттым «екi ғашық өлдi дедiм,
Заманақыр басыма келдi» дедiм.
Шал сөзi құлағыма жақсы кiрдi,
Шапшаңнан мұсылман ендi болдым.
Қолын жайып шал байғұс дұға қылды,
Көр жарылып екi ғашық тұра келдi.
Ол екеуi һешнәрсе сөйлемейдi,
Өзiме ендi сөйлейтұғын кезек келдi.
Мен айттым «не себептен сөйлемейт» деп,
«Екеусiнiң ғұмырлары бiткен» дейдi.
«Дәл өзiңнiң алпыс жыл ғұмырың бар,
Жиырмадан жасыңды бершi» дейдi.
Жиырмадан қырық жасым бердiм ендi,
Алланың бұйырғанын көрдiм ендi.
Екi ғашық көрiнен тұра келiп,
Қол қусырып сәлемiн ендi бердi.
Екi ғашыққа жиырмадан жасым бердiм,
Жиырмасын өзiме алып қалдым.
Ашулансаң, меһманым, ендi өзiң бiл,
Көргенiм бәрiн де айтып салдым.
Фағфуршын қуанғаннан «шүкiр» қылды,
Сол жерде мал сойып, тойлар қылды.
Сансыз көп мұрадына жетiп алып,
Фағфуршын үйiне қайтып кеттi.
Екi ғашық мұрадына жетiп алып,
Мехнат кетiп, бұларға дәулет жеттi.
Сақара, Мүштарай менен қожа Ғария,
Жиырма жыл болған соң бiрдей өттi.
Дүниядан бұл үшеуi бiрдей өттi,
Осы күнде өлгендер тiрiлмейдi.
Несiбесi таусылып, ғұмыр бiткеш,
Бiзлер түгiл солардан ғұмыр өткен.
Мұны жазған Зай-ал-нур-дүр – менiм атым,
Өзiм өлсем, қалады жазған хатым.
Оқығанда бiр дұға қыла ма деп,
Соның үшiн қолыма қалам алдым,
Бұ кiтапты көрген соң жауып алдым,
Бұ кiтапқа өз атымды дахи салдым.
Төрт қағазы әнi жоқ сөйлемеген,
Соны да әнге салып, сызып алдым.