Майқы (Қазақ) туралы шежіре

Қазақ туралы Жамағат, көңіл қойып салсаң құлақ, Жазайын аз әңгіме Хаққа жылап. Айтамын естіген мен ұққанымды Қоспаймын бөтен сөзді ойдан құрап. Дәлдігін ұққан істің айтқан жақсы Жөні жоқ монтансудың сипап-сылап. Қазақ кім, қай нәсілден жаралды деп, Біреуден біреу жөнін жүр ғой сұрап. Бұл өзі ертек емес, кітап сөзі, Көш...

Қазақша
Майқы (Қазақ) туралы шежіре
Қазақ туралы Жамағат, көңіл қойып салсаң құлақ, Жазайын аз әңгіме Хаққа жылап. Айтамын естіген мен ұққанымды Қоспаймын бөтен сөзді ойдан құрап. Дәлдігін ұққан істің айтқан жақсы Жөні жоқ монтансудың сипап-сылап. Қазақ кім, қай нәсілден жаралды деп, Біреуден біреу жөнін жүр ғой сұрап. Бұл өзі ертек емес, кітап сөзі, Көшірген бірнеше адам басын құрап. Мәнісін баяндадық өз кезінде Көбейіп қайталасақ кетер ұзап. Кетейін мұны да айтып сөз басында, Болса айып – мен жауапты өз басымда. Көпшілік, қате жерін өзің түзет, Жатпайды қисық ағаш тез қасында. Кейбіреу қазақ тегі араб дейді, Келіпті содан бері тарап дейді. Нәсілі Ғакашаның Аннас ұрқы Таралды осы тектен қазақ дейді. Кейбіреулер айтып жүр өзбек деп, Әрбіреу апармақшы өзіне ептеп. Бәрін де көрген жан жоқ, естіген көп, Ел айтар бәлендерден естіп ем деп. Аңызды ел ішінен сұрастырып, Бірталай бұл туралы еттім еңбек. Тарихты жазғандардан алып оқып, Тырыстым дәл шындыққа жеткізем деп. Кейбіреу ала қашып арындап жүр, Мен сенен қайтсем дағы көп білем деп. Дәріптеп әртүрлі ойды таратып жүр, Аузына момын елді қаратып жүр. Мен ұқтым бәлендерден, шындық бұл деп, Әрбіреу әртүрлі айтып, таласып жүр. Көпшілік, сарапқа сал, өлше ойыңмен, Демеймін ешбіреуі адасып жүр. Шығайын тыңда, жұртым, жауап беріп, Кетпеңіз дәлелі кем сөзге еріп. Көпке ортақ, келелі іске пакт керек, Қайсысы дұрыс десең, өзіңде ерік. Мынау деп кесіп айту жөн-ақ еді, Отырсақ қолмен ұстап, көзбен көріп. Алдымен араб деуші азаматтар* Ми жұмсап, мынаған көз жіберелік. Ұстаған Хақ пайғамбар ислам туын, Ел өтті сонан бері неше буын. Отырмыз көп сынына, сарапқа сап, Тыңдаушым, алаң болмай, сөзімді ұғын. Ғакаша пайғамбарға серік еді, Расулдың айтқанына сеніп еді. «Алла – бір, Құран Кәлам – ақиқат» деп, Дініне исламның еніп еді. Көтеріп мәртебесін ықылас беріп, Ақ туын Ғакашаға беріп еді. «Тарихын әнбиенің» оқығандар Талайы мұны көзбен көріп еді. Пайғамбар – исламның қорғаны ғой, Қамқоршы үмметінің қормалы ғой. Қазақ тегі Ғакаша болған болса, Сол кезде шын мұсылман болғаны ғой. Бұл сырды халайықтың көбі білед, Хақ дінге қазақ кірді кейінірек. «Туған күні мұсылман екенбіз» деп, Еш адам тұра алмайды табан тіреп. Кете ме араб болсақ, тіл өзгеріп, Азған жоқ исламның діні өзгеріп. Мұсылман кейін қазақ болуы анық, Қайтеміз жаңсақ айтқан сөзге еріп. Бір нысан адам тектес бізде бар ма, Қаншалық айтқанменен сөзге өң беріп. «Киізден туырлықты тіккеміз» деп, Жармасты бір жағынан қалмақ келіп. Берелік қысқа жауап қалмаққа осы, Қаласы, ұқсайды екен тіккен қосы. Мал бағып сахарада өскен елдің Барлығы шәугім іліп, тіккен мосы. Осының ойланайық, бәрін талдап, Демейік мынау араб, мынау қалмақ. Бәріне дәлел менен пакт керек, Сендірмес жүйесіз сөз ешкімді алдап. Күнәлі боп қайтеміз Алла алдында, Біреуін біреуіне үзіп-жалғап. Кей жанның ойы терең, сөзі сараң, Анадан біркелкі боп тумайды адам. Мұсылман нәсіліміз болуы анық Таралсақ Ғакаша атты сахабадан. Өзбек туралы Ұрқы екен өзбектің Шаһнияз, Бойында Алатаудың құрған сиаз. Қазақ біздің ұрқымыз десе керек, «Өзі зордың сөзі құп» деген рас. Одақтасып кәуірмен соғысқанда, «Өзбек – өз ағамыз» дедік, рас. Ханның ұрқы болуға құштарлықтан, Бірден бірге жалғасып қалған мирас. Осы сөз жайылып жүр елден елге, Таралмауға тиісті құр бекерге. Түсінбей ел бұған да қосылыпты, Бас иген кез құл болып төрелерге. Осы сөз он бесінші ғасыр кезі, Осыған да нана ма тірі пенде. Қазақ бұрын жаралған талай ғасыр, Тарихқа ойлана бер, көз жібер де. Қысқаша берер жауап осы ғана, Араб, қалмақ, өзбек дегендерге. Кейбіреу жүр тізілген қазға теңеп, Қазақ болып қалғандай түсіп жерге. Көңіліңді бөл, жамағат, бұл кеңеске, Мына бір іс түседі бірден еске. Шын құсқа келсе егер теңегісі, Лайығы бәрінен де тырна емес пе? Түрік туралы Қазақтың дейді кітап* тегі түрік, Ұғынуға тырысалық нақтап біліп. Оқушым, айып етпе біз пақырға, Ағат сөз арасына кетсе кіріп. Ұққанымды еліме жаюшымын, Айтарсың әділдікпен өзің билік. Бұл туралы айтысып жүгіністі, Не данышпан ғалымдар, нелер жүйрік. Тайыпта Аннас, Еснас өмір сүріп, Жасапты сахарада көшіп жүріп. Мал бағу, жеміс теру, киік аулау, Жоқ екен одан басқа еш тіршілік. Таралып Аннас ұрқы Әбусақтан, Баласы Әбусақтың Сақғақаптан. Баласы сол Сақғақаптың Махмұттан Нәсілі ауызға алса етер мақтан. Ол кезде ислам діні тарамаған, Хандыққа басыбайлы қарамаған. Көшпенді сахарада халық екен, Кемінде мың жыл бұрын жаңа ерадан. Жаралып қазақ тегі мың жыл бұрын, Тарихтың дәлел қажет айтсаң сырын. Тайыптан Аннас, Еснас шыққан екен, Мұхаммед дүниеге келмес бұрын. Мен өзім ғалым емес, оқуым мол, Қате айту ұғынбаса, емес қой жол. Бертінде қазақ дінге кіруі анық, Шындыққа жүгінемін, қоямын қол. Дін жөні бір тарауда сөз болады, Тыңдаушым, бұл туралы мұқият бол. Қылмайды халық тегі діннен парық, Кетемін мына сөзді мысалға алып. Үй тігіп, малын бағып, көшіп жүрді, Мал бағып түрік тектес барлық халық. Арабтан түрік кейін дінге кірген, Тарихтың түсінеді жайын білген. Басында қарсыласып, қан төгісіп, Дін тапты, тәлім алып Хақ Расулдан. Ол кезде Аннас тегі сахарада, Мал бағып, шығыс жақты кезіп жүрген. Басында мекендепті Тайып шәрін Адам жоқ ол күнгіні көзбен көрген. Тарихтан дәріс берген Сұлтан шәріп, Данышпан, ғалым еді дейді халық. Таралып бүгінгіге жетті қазір Біреуден біреу көріп, жазып алып. Шәріптің тегі түрік, ғалым еді, Болғаны көп жыл ұстаз анық еді. Атақты Құндыбайдың Дәрібайы Уфаға оқу үшін барып еді. Оқыған он екі жыл мезгілінде, Тарихтан содан сабақ алып еді. Қауырсын қаламменен Дәкең жазып, Бұл тарих содан бізге қалып еді. Тұқымы Мәккаридің Аннас, Еснас, Жалғасқан содан бізге тарих еді. Аннастан оныншы ата аты – Ғақап, Кетуге тура келді атын атап. Қалмақтың қысымымен ауған Сырға, Тұқымы Амур бойын көп жыл жасап. Баласы Сақғақаптың Махмұт дана, Артықша Жаратушы берген сана. Қаратау, Сырдың бойын мекендепті, Қалмақпен сыйыса алмай екеуара. Баласы Әбусақтың көп халық боп, Тарапты дүниеге дара-дара. Көшіп кеп Мажиқыда тұрақтапты, Бойында ұлы жоспар боп нысана. Жасақпен елін қорғап көшкен екен, Ылажсыз бұдан бөтен таппай шара. Қалмақтың ең бастығы, аты – Кәуір, Қысымы болған екен тым-ақ ауыр. Ұрқымен Мажиқыға көшіп келіп, Сол жерде елін қорғап, болыпты ауыл. Сол жерде басын қорғап, елін жиып, Мекенін Амур дағы қашты қиып. Орнығып, Сыр бойында көшіп жүрді, Өзіне емін-еркін жер есе тиіп. Бұл жерде елін қорғап, жиын ашты, Басқарып Махмұт дана болды басшы. Шығарып осы орында жеті жарлық, Қалайша атқаруды ақылдасты. Берейін ұққанымша аз түсінік, Тыңдаушым, сөзіме қой ықыласты. «Рисала-и тауарихтан» алды жазып, Бір Алла өзі білер қате-расты. Ғасырдың сегізінші бас кезінде Қалдырған бізге жазып бұл мирасты. Көшірдім ғалымдардың кітабынан Сөз емес анау-мынау алыпқашты. Осылай, тыңдаушылар, сөздің жәйті, Мәнісін түсінбесең, дерсің қайсы. Көп ісіті Мәжиқыда шешкендіктен, Атанған Махмұт дана болып Майқы. Майқы деп Мажиқыны кеткен халық Мұндай іс тарихта көп, емес сайқы. Ежелден көшіп өткен біздің халық, Болса да бізге қате, көргенге анық. Мал айдап қысы-жазы көшіп жүру, Аннастан арғы атадан қалған тарих. Дамыған өнер-білім жүре-жүре, Біреуден-біреу біліп, ғибрат алып. Қазақтың шыққан жері Тайып дейді, Тура айтпау есіткенді айып дейді. Кейбіреу бұл тарихты қате десе, Кейбіреу шындыққа осы лайық дейді. Айтайын сөздің мәнін қысқасынан, Ұғылса түсінікті іс басынан. Аудардым Дәрібайдың кітабынан, «Рисала-и тауарихтын» нұсқасынан. Дүниеден өттік талай белеңменен, Еліне ер танылар өнерменен. Аузына ап жастар жүрсін Майқы атасын, Жазайын бір тарауын өлеңменен. Қайтеміз өнбес іске құр таласып, Көрейік ақиқатпен біз санасып. Атанған Махмұт дана атам Майқы, Сөйлейін біраз жайын болса нәсіп. Даңғыл жол, сүрдек емес, айқын жатса, Жолынан кім айыпты кетсе адасып. Жүргенде жиһан кезіп, құрып сауық, Біліммен ел қорғаған ақыл тауып. Мал бағып, ен далада кезіп жүріп, Келіппіз бір мезгілде шығысқа ауып. Сыйғызбай шығысқа да орын бермей, Қуыпты тағы бізді қалмақ шауып. Өнерсіз, әлсіздіктің салдарынан, Сескеніп көрінгеннен қылып қауып. Кетіппіз одан сырғып Сырға қарап, Босатып теңіз бойын қырға қарап. Әлсізді әлді жеген дәуір бопты, Айтайын ұққанымды, тыңда, қазақ. Бақытқа осы кезде Майқы туып, Соңғыға қалған екен содан сұрап. Өзі есті, өзі батыр, данышпан боп, Өзіне Алла берген таудай талап. Жол салған кейінгіге Майқы атамыз, Осыдан үлгі алмаған қайсы атамыз. Жол-жосық одан бұрын кемшіл екен, Бұлтарып оның несін жайсатамыз. «Тұрақтап, орда салып орнық, – деген, – Көп кезіп сахараны болдық, – деген, – Ел болып біз дағы бір жол табалық, Өнерсіз, іс өнбейді қол күшпенен. Тұрақтап Орнық деген қала салып, Қалмақпен жауласпалық, жарасалық. Кесіліп екі араға бітім жасап, Ұсталық арамызды ауаша қып. Тиімді болашаққа үлгі болсын, Бір ереже шығаралық тамаша қып. Бұл сөзді іс жүзіне асыралық, Бойына Сырдария бара салып. Алдымен алты арысты жүзге бөліп, Әділ жол ел басқарар ізденелік». Үш жүзге Мажиқыда елін бөліп, Орнықты Сыр бойына күзде келіп. Қыпшақ би – Ұлы жүздің болған басы, Ел бермес Қобыланды жан жолдасы. Мөлшерлеп орталыққа Орда тауын Тігілді осы орынға ел ордасы. Сайлады Орта жүзге Көсем биді, Жан екен өте зерек, шешен, милы. Қолбасы Дәулеткелді батыр болып, Маңына өзіне тән елін жиды. Атанған заманында сайыпқыран, Өнерге жетік екен неше қилы. Бас болды Кіші жүзге Жәлменді би, Көрсетті қадыр тұтып, халқы да сый. Қолбасы Қунақ сынды батыр болып, Бар екен қол астында екі мың үй. Жасағы әрбірінің мыңнан асып, Тәртібін ел қорғаудың ұстады ашық. Үш жүздің ел бастығы Майқы болды, Сайлады жұрт кеңесіп, ақылдасып. Төле би осы орданың басы болып, Ақылға жеткен кезі жасы толып. Ел болып, өз алдына жол шығарды, Басына Майқы атаның бақыт қонып. Арабтан сол бір кезде өнеге алып, Нәр алып, жан азығы көмек алып. Арабтың орталығы – Бағдаттан Оқыған он екі жыл Төле барып. Естанай қатарында болған екен, Оқыған Төле биге ере барып. Бытырап сахарада жүргендіктен, Солардан басқарыпты ереже алып. Жылына ел ішіне бір рет кеп, Өнеге оқығаннан келеді алып. Сайлаған ордабасы себебі сол Екеуі осы кезде келе салып. Ұзын сөз айта берсе жатыр толып, Кетейін қысқа-қысқа басын шолып. Ісіміз жөн, жолымыз дұрыс десіп, Жалауы белгіленді ақ ту болып. Төлеге хатшы қылды Естанайды, Ақылды, ойлы адам деп, ес санайды. Әр жүздің өз алдына міндеті бар, Барлығы бір орынға тоқтамайды. Кезінде келелі іске ақыл қосып, Жауабын біреуінің бірі тосып. Басқарып берекемен бәрін Майқы Жұртшылық разы болды, мақұл десіп. Майқы би жария етті мұны жұртқа, Еліне үш кемеңгер болған тұтқа. Ой жұмсап, ақыл қосып, заң шығарсақ, Пайдалы бірдей болса іш пен сыртқа. Сондағы заңы мынау шыққан жазып, Кетпеуге шетке адасып бұдан азып. Білімді Төле бидей данышпан бар, Майқы би барлығына алтын қазық. Майқының жеті жарғы заңы туралы Адам құны Бірінші бітім жолы қалмақпенен, Әр істі ой жүгіртіп, талап көрген. Ереже шығарыпты жеті түрлі Ойласып жан-жақты салмақпенен. Құн заңын бұрынғыдан жеңілдетіп, Тармақтап жікке бөліп, талдапты ерен. Ұсыныс кәуірге арнап жазған екен Осындай қысылтаяң зардаппенен. Жан болмас өлім десе, налынбайтын, Жауына күші жетсе, жасынбайтын. Бұрынғы ескі жаза күшінен қап, Қанға қан болсын депті алынбайтын. Ел құптап бітім жолы осы десті, Мынау ақыл болды деп табылмайтын. Шындыққа екі жақ та болу керек, Жалған, жала, өтірік таңылмайтын. Майданда өлген ерлерге бір жүз бесті, Бұрынғы жол күшінен қалсын десті. Аралас соғыста өлген екі жақтың Адамы түгел құнсыз болсын десті. Төреге қарашадан қос құн берген, Мысалға ап әр нәрседен, көп күндерден. Бек пен байға жарлыдан екі құн ап, Шыдамай талай адам босқын көрген. Қай мүше зақымдалса, жоғарыдай, Бәріне нақты төлем болсын деген. Бәріне салыстырып құн төленсін, Сынған қол мен аяққа, шыққан көзбен. Осындай ереже қып ұсыныпты, Қалмақты көндіруге айтқан сөзбен. Жесір туралы Біреу егер біреудің қызын алса, Яки тартып, яки бұзып алса. Орынға сол орнына қыз төлейтін, Деп ұйғарды күшінен мұны қалса. Сондықтан айып берсін атасына, Өзінің мойындасын қатасын да. Жол ашып ынтымақ пен татулыққа, Ықылас қол жеткізсін батасына. Егер де қызы қашса ерікті боп, Қыз бен жігіт ұнасса келісті боп. Татуласып, малменен бітім болсын, Енжарласып, қайтеді, көп істі боп. Неке бұзу туралы Біреудің біреу бұзса некелесін, Кім қолдайды бұзықтың бекер ісін. Етпесін жаламенен босқа зәбір Біреудің еліктірген өсегі үшін. Ауыр іс бұл туралы келген болса, Арада сеніспестей тергеу болса. Өші жоқ, есі дұрыс, мүшесі сау, Үш адам ең азында көрген болса. Соғылсын қырық қамшы азаматқа, Жол бермеу – қатаң тәртіп жаман атқа. Жүз қамшы бұрынғыдай ұрылмасын, Осыны ұқтырған жөн жамағатқа. Берілсін осы жаза жалғаншыға, Өтірік ер-әйелге жала жапса. Бәріне шындық пенен дәлел керек, Жалған іс жазым етер араласса. Егер де әйелді ері «талақ» десе, Бұрынғы неке күшпен қалады десе, Ақыл айтып, көндіріп, қосу керек, Өзі көніп, халайық алад десе. Бұрын біреу әйелді алатұғын, Ықтиярсыз әйелдер баратұғын. Ол адамға талақ қып шығарғызып, Неке қиып қайтадан алатұғын. Мұның бәрі күшінен қалдырылсын, Болмас істі қиусыз таңатұғын. Күшті болса даугері әлсіздердің Аяқ-қолын талқандап шағатұғын. Әйелге қырық шелек су құйғызып, Мұны дағы күнәға жазатұғын. Шын болса егер, шықпасын екінші ерге, Айту керек ұқтырып мұны да елге. Нәпсіге азған, обал жоқ қиянаткер, Осыны қатал ұста, ерік берме. Жер туралы Жарлықтың үшіншісі жер туралы, Жер үшін қан төгіскен ер туралы. Жоқ екен жерге ереже бұдан бұрын Мөлшерлеп айыратын жөн туралы. Сондықтан былайша деп кесіп айтқан, Жол емес, дәлін айтпай өсіре айтқан. Кім бұрын иеленіп, еңбек етсе, Жер сонікі болсын деп шешім еткен. Жердің шөбі, суаты, аз-көптігі, Жайылымда құнардың бар-жоқтығы, Қыс пен жазда қанша мал асыраса, Осыны өлшем етудің бар септігі. Қанша малды шығарса қыстан бағып, Құн төлесін қайтарып, бұған шағып. Көкірекке қонымды билік айтса, Тоқтамасын халайық бұған нағып. Жер бөлігі Ұлытау, ұлы дария, ағынды өзен, Немесе асқар таудан асқан кезең. Даңғыл жол, ел жүретін жұртқа әйгілі Осылар жер бөлігі болсын деген. Екі жақ ақылдасып, бірлікке кеп, Онан соң мекен етіп қонсын деген. Ұрлық туралы Бұрын егер кейбіреу ұрлық қылса, Немесе тартып алып, зорлық қылса. Барған аяқ, ұстаған қолын кесіп, Аямай қинау екен мойын бұрса. Күшінен мына билік қалсын деді, Сарапқа нақ тексеріп салсын деді. Мүшесін адамзаттың зақымдамай, Төлемін айыбымен алсын деді. Өйткені ұрлағаны мал емес пе, Қылмысы ұрлаушының бар емес пе? Ақ малын артығымен алып берсе, Осы үкім ойластырсақ дәл емес пе? Тартып, талап алғаны рас болса, Оған да қырық қамшы бар емес пе? Барымта туралы Біреудің малын алса барымталап, Жұмысы тура болса барынша ақ. Ыңғаймен тоқтам қып, түзеткен жөн, Жүйесін кім таласар, табылса нақ. Барымта алар, бетім ала алмаған, Келмес-ау деп ойланып залал маған. Жалған болса себепсіз, ол да ұрлық, Өз обалы өзіне арандалған. Куәлік туралы Халықта әрбір түрлі дау болады, Шешпесе, даудың арты жау болады. Әрбіреуі өз ісін тура дейді, Таластан қалай адам сау болады. Таразы сөзді өлшейтін шындық керек, Кейбіреу дауға шебер нау* болады. Кезінде ушықтырмай шешпегенде, Үйіліп, бара-бара тау болады. Би керек осыларды шешетұғын, Туралап әділ билік ететұғын. Зұлымдыққа жол беріп, кеңдік етсе, Көзінің ноғаласы өсетұғын. Зәр жұтқанын біле алмай, бал жұттым деп, Құрсағын пара-пара тесетұғын. Білетін әрбір іске куә керек, Жалынсыз даудың оты өшетұғын. Бар екен бұдан бұрын жолсыз үкім, Жалған айтса тіл ұшын кесетұғын. Өтірік көрдім десе, көзін ойып, Өмір бойы мүгедек ететұғын. Алдымен мынаны алып тастау керек, Халықты шындық іске бастау керек. Нақ болсын, шындық болсын дәлелімен, Айта берсе, бір үлкен дастан керек. Талапкер даугер менен куәшінің, Әр сөзін салмақпенен растау керек. Жауапкер малын берсін, алған болса, Куәші айып төлесін, жалған болса. Барлығы малмен бітім, тыным болсын, Бұйырылсын кешірімге аздау болса. Мал құны туралы Жетінші бір тармағы – малдың құны, Барынша қажет етер халық мұны. Бұған да нарық кесу тура келді, Дәл онсыз болмаған соң тіршілігі. Жылқы, сиыр, түйе мен ірі қара, Бағасы мән жағынан дара-дара. Барлығының бағасы бұрын ұқсас, Емес-ті біреуінен біреуі ала. Бағалы ел ішінде нарқын өлшеп, Бағаны барлығына кесті жаңа. Ең жорға ат, озған бәйге тұлпарларды, Қуса жетіп, қашқанды құтқарғанды. Бұлардың ең үздігі жүз қой болсын Дегенде, дәл-ақ десіп жұрт таң қалды. Сабаз атан, нар түйе бірдей болсын, Бұларға теңемейік еш малдарды. Бұларға жиырма бес қой құн берілсін, Пайдасына қарата ой бөлінсін. Жер қайығы, әзіргі жұрт көлігі, Ұнады халыққа да бұл келісім. Үшінші, тақ қара мен атан өгіз, Барлығына бір баға болсын негіз. Бағасы осылардың он қой болсын, Бір бесті үшін берілсін қойдан сегіз. Қараның орта өлшемі бесті болсын, Ұсақта тоқты менен ешкі болсын. Барлығы осыларға сындырылып, Өлшемі барлығының есте болсын. Осымен ел ішінде бітім болып, Сызылған тозбайтұғын кесте болсын. Біз үшін осылайша бас қатырған, Бұрынғыға қалайша өкпе болсын. Дейді екен жоғарғыны жеті бітім, Қолданды қазірге шек халық бүтін. Әр дәуір таразысын өзі құрған, Кейі жөн, кейі қате дерсің бүгін. Не артық атқарамыз, немесе кем, Үлкендер артып кетті бізге үмітін. Басында жазған екен қалмақ үшін, Қалмақтан тиісті үлес алмақ үшін. Жасасты кәуірменен Майқы бітім, Кейінгі ел атқарды қалған ісін. Осымен аз уақыт тыныш тұрып, Орнықты өмір сүрді тыныш қылып. Қазақты тағы қалмақ қырғындапты, Қуғындап, тұс-тұс жақтан ұрыс қылып. Қазақтың осы кезі – толған кезі, Басалға Майқы биі болған кезі. Өмірдің толқынымен апат жайлап, Тағы да болған екен солған кезі. Өтіпті данышпан боп атам Майқы, Кейбіреу түсіне алмай қылар сайқы. Қойылған осы лақап бірнешеу бар, Екенін ұғушым аз заты қайсы. Дәуірін жасаған кез аңғармаса, Ұғымы тыңдаушының болар қайшы. Және көп Жәнібек, атты Төре, Барақ, Шаттанар аты аталса түгел қазақ. Матайда аты ұйқас біреуі-ақ бар, Жалғыз жүр ер Қабанбай мен мұндалап. Айтқан сөзі аят пен хадистей боп, «Сөз атасы – Майқы би» дейді қазақ. Қазақ қаласы, діні, қақтығысы, ұраны туралы «Орнық» қаласы Майқы атам «Орнық» деген қала салған, Орынын Азиядан тамаша алған. Үмітпен орнықсын деп атын қойып, Есімін өз тілінше жаңаша алған. Бұл орын көпке дейін мекен болған, Қаланың төңірегі екен қорған. Кезекпен өзі өлген соң хандық құрып, Бұл жерге қазақ түгіл, шетел қонған. Шетелдік келген жауын маңайлатпай, Қорғаған төңірегін жасақ молдан. Шыңғыстың лаңында талқандалып, Шыққан күш, еткен еңбек бекер болған. Қазақ та сол бір кезде білім алған, Біреу шын дер бұл сөзді, біреу жалған. Күлін көкке ұшырып жоқ қылыпты, Кейінге жоқ сияқты бірі қалған. Шыңғыспен алғашында қарсыласып, Ұрысқа түгел қазақ жалпыласып, Типыл қып Орнық шәрін тоздырыпты, Қалдырмай орнында жарты лашық. Арабтан сол бір кезде үлгі алыпты, Екені осылайша бізге анық-ты. Дүниеден Майқы да өтті, Төле де өтті, Кім тұрған дүниеде бірқалыпты. Бар болса қай орында ескі мұра, Барлығын жоқ қылуды ұйғарыпты. Қазақтың бар мұрасын күл қып өртеп, Тарихтан кейінгілер құр қалыпты. Ауыздан естіген сөз аңыз қалып, Осыдан тарих қайта құралыпты. Сондықтан кейі – анық, кейі – жаңсақ, Күтеді нақ болса деп халық аңсап. Ендігі қалған міндет жастарға тән, Халықтың бұл талабы емес алшақ. Болыпты үкен шаһар Ажамдағы* Ұққанды есіткенмен жазам дағы. Жанымнан жалған сөйлеп жауап берсем, Бұл менің әруақ үшін қазам дағы. Аудартты Ыбырайым рисаладан, Баспаға бермек болып Қазандағы. Бұзылды бір-ақ заман толқын болып, Баспаға сол себепті бара алмады. Ел ауып ақ патшаның лаңыменен, Сондықтан жұрт ішіне таралмады. Баласы мен – Кәрібай, Таңатардың, Тыңдаушысы келіссе жарасар мұң. Әлі де жұрт ішінен орын алар, Болса егер Алла қосып таң атар күн. Қазақтың ислам дінін қабылдауы, Махмұт дананың Қазақ атануы Біз айттық қазақ тегі түріктігін, Ескеріп мұны бұрын ұғыпты кім? Әр түрлі шешім айтып келді емес пе, Өзінің әркім айтып жүйріктігін. Жоғарғы талдап айтқан дәлелдерден, Бұл жөнді енді отырмыз біліп бүгін. Бұл жөнді енді отырмыз біліп бүгін, Таласты бұл жөндегі баяндайық, Жұрт айтар бұрысы мен дұрыстығын. Сынына көпшіліктің ұсынғансын, Шешіліп кетпесе де бұл іс бүгін. Біз айттық Махмұттың даналығын, Кетпесін тағы жаңсақ арада ұғым. Әр жүйрік өз тобынан бәйгені алып, Өзінің көрсетеді ағалығын. Аудардым кітап сөзін өлең қылып, Емес бұл менің қосқан жаңалығым. Жаймақпыз кейінгіге мұра қылып, Бұрынғы ата-баба тәбәрігін. Басынан бұл тарихты оқымаса, Шала боп түсіне алмай қалады ұғым. Және айттық Махмұт пенен кәуір жайын, Амурдан Сырға ауған ауыр жайын. Тыңдаушым, ықыласпен түсініңіз, Сөзімді баяндайын, жаңылмайын. Бас қосып Мажиқыда жиын ашып, Ел болып, келелі істі ақылдасып, Махмұт Мажиқыда би сайланып, Шығарды жеті түрлі жарлық шашып. Мәнісін жеті жарлық тыңдатқамыз, Бұл жағдай баяндалған көпке ашық. Және де Алты арысты жүзге бөліп, Төле би мен Естанай болған серік. Үш жүздей жасақ жиды, бастық сайлап, Қолына шығарғанын ақ ту беріп. Алаш деп ұран салып аттанғанын, Қол бұлғап тұрғандаймыз бәрін көріп. Айтпақпын енді басқа бір түйінді, Жамағат, тыңдаңыздар, көңіл бөліп. Ел бетін енді түзеп, дем алғанда, Сөйлесті халифадан елші келіп. Бір дұға Дәрібайға оқымақпыз, Кеткенге білімінен енші беріп. Тимесе құлағыма бұдан бұрын, Таңырқар кейбір адам ерсі көріп. Мысырдың патшасы Нұрдинкамал Мынандай елші арқылы берді хабар: «Мүмін боп иман айтып, дінге кірсін, Бұл жолға түскен пенде ақыл табар. Алла – бір, Пайғамбар – хақ, Кәлам – рас, Болсаңыз егер сөзді қабыл алар». Басшысы Смағұл деген молла, Үкімі исламның тұрған қолда. Белгісі мұсылмандық мынау болмақ, Десеңіз: «Лә иллаһа илла Алла, Мұхаммед Расул Алла». Жіберді бұйрықпенен бізді мұнда, Кірсін деп ислам дінге осы жолда. Қан төкпей, қылыш шаппай, дінге кірсең, Құранның шариғаты жолын білсең. Халыққа ешбір зәбір келтірмейміз, Талассыз ықтияр болып сөзге көнсең. Ақылдас ел-жұртыңмен, би-бегіңмен, Күтеміз аян беріп бүгін, ертең. Қан төкпей, дінге кірсең, үлкен сауап, Еткендей Бәйтуллаға барып тәуап. Қан төкпей, ниетіміз дінге салу, Асықпай үш күннен соң әкел жауап. Көнбесең егер бұған, төгілер қан, Мал-мүлік, ойран болар неше мың жан. Салмаймыз, сөзге көнсең, әркез зиян, Япыр-ау, бұл қалай деп қалмаңдар таң. Егер де сөзге көнбей, қарсылассаң, Қозғалар ақ ту алып Бағдат пен Шам. Ақыры ислам дінін қабылдайсың, Өзің біл, тәуекел деп соғыс қылсаң. Қаһарлы алып келдік ханнан бұйрық, Жарлықтан соғыс дайын мойын бұрсаң. Халықсың тура жолдан жүрген азып, Тоқтам қыл, мақұл десең қағаз жазып. Мәлімдеп халифаға хабарлаймыз, Хақ жолға егер жазса Алла нәсіп. Алдымен үшке бөліп иман айту, Үкімін шариғаттың сөйледі ашық. Қара нұр қайыстырған қалың қолы, Ақ туы пайғамбардың хақтың жолы. Құранның үкімі мен шариғаты, Үмметі Мұхаммедтің мирасқоры. Тапсырды Махмұтқа ханның хатын, Қағазға қол қойыпты атап атын. «Дінге кірген пендеге залал жоқ» деп, Көрсетті исламның шариғатын. Үш күнде бір жауабын бермек болып, Жиыпты Махмұт дана жамағатын. Үш жүздің хабар тапты басшылары, Беделді ел басқарған жақсылары. Бағынған өз заңына берекелі ел, Бірінен бірінің жоқ жақындары. Кез еді әлі өшпеген соғыс өрті, Тым қатал хатта жазған ханның серті. Күйзелген шабындыдан халық еді, Тыныштық ойлағаны есі-дерті. Ақыры ислам дінін қабылдайды, Депті егер соғысса да өзінде еркі. Барлық ел жазған хатты оқып көріп, Қалың қол жер қайысып жатыр келіп. Жарлыққа қарсылық қып белдесуге, Тұрғандай елге және қатер төніп. Кәуірмен аралықта жұрт күйзеліп, Тоқтаған соғыс өрті әзер сөніп. Талқандап елді ойрандап кететіндей, Мақұл деп тындырмаса жауап беріп. Арада бейбітшілік тоқтам жасап, Болыпты түгел бәрі қабыл алмақ. Осылай мақұл алып көнгендігін, Алланың бірлігіне сенгендігін, Естанай мынадай деп жырға қосқан, Дінге сап Смағұлдың келгендігін. Қазақта тұңғыш ақын, жырау дейді, Естиміз атақ-даңқын елден бүгін. Қазақта тұңғыш өлең-жыр, айтып ән, Күй шертіп, ақын деген атақ алған. Төменде Естанайдың айтқан сөзін, Кітаптан өз бетінше жазып алған. Жол салған өткен күнде Майқы атамыз, Осыдан үлгі алмаған қайсы атамыз. Біз едік одан бұрын басқа дінде, Бұлтарып оның несін тайсатамыз. «Қазы-ақ» деп қазірет ишан есім берген, Емес қой бұл оңай іс, байқасаңыз. «Қазы» деп атақ беру себебі не, Мәнісін төменде ашып тарқатамыз. Алыпты үш жүз жасақ алты арыстан, Байқапты елін қорғап, жауды алыстан. Ақтабан шұбырынды жаугерлікпен, Баласы Алты арыстың Сырға ауысқан. Жасағы қаһармандай қаһарлы боп, Ысқырса, қалмайды екен бір дауыстан. Елінен үш жүз жасақ жиған Майқы, Бұзықты содырменен тыйған Майқы. Өзбек, қарақалпақ қырғызбенен, Аралас Азияда тұрған Майқы. Бірлесіп түрікпенен ақыл қосып, Ұзақ шеп болашаққа құрған Майқы. «Алла – бір, Пайғамбар хақ, Құран – шын» деп, Құлшылық Алласына қылған Майқы. Кәуірдің алтын асықтық ережесін, Орнықты сабырлықпен бұзған Майқы. Шығарып Мажиқыда «Жеті жарлық» Бітіріп жеңілдікпен ауыр істі, Өнеге кейінгіге қылған Майқы. Алашты дінге салған қазірет ишан, Данышпан, адам екен сөзге шешен. Қан төкпей қарапайым уағыз айтып, Салыпты ислам дінге аман-есен. Мысырдан дін уағыздап келген ишан, Аралап он екі жыл жүрген ишан. Қазылық ел басқарған ақылына, «Қазы-ақ» деп Майқыға атақ берген ишан. Махмұт Мажиқыда Майқы аталды, Халық өзі ұнатар қайсы атауды. Данышпан ойға озық білгірлікпен, «Қазы-ақ» деп мадақтаумен қайта аталды. Қараған қол астына мұқым халық, Қазақ деп сол себепті кетті аталып. Жасаған Азиядағы барлық елден, Сол кезде одақтасқан көмек алып. Естанай бұл туралы былай депті: Қасында бәріміз жоқ, өткен тарих, Басынан қос орданың қарауылдап, Көз салса, көрінеді бар ауыл нақ. Сан майданда болысты түйесіндей, Баласы Өзбектің бала Қонақ*. Қазақтың тілегі бір қырғызбенен, Бар шығар кейбір әдет біз білмеген. Қазақпен діні де бір, салты да бір, Тілінде аз парық бар шүлдірлеген. Болысты сан майданда қарақалпақ, Жеткенше кең қолтыққа үлкен алқап. Жеті өзен түгелімен Сырға құйып, Аяғы – Өлі дария, басы – Талтақ. Орта жүзді кәуір шапқанда Естанайдың Келімбет еліне (түрікменге) жіберген хабары – Ей, Келімбет, Келімбет, Келіп тұрмын елім деп. Қан майданда туыс ек, Қалмақ кетті телімдеп. Қырылған ел, аққан қан, Ойламаңдар тегін деп. Соғысамыз қайтадан Демалып аз ерулеп. Қапыда тиді бас салып, Халық қалды жасқанып. Қалмақты арттан қуамыз, Кең өткелден ат салып. Батырлар кетті ізімен, Бөлек-бөлек жүреміз. Келіп жүрмін хабарға, Батырдың айтқан сөзімен. Жетіөзеннен тосамыз, Аттаныңдар тезінен. Кек алмай аттан түспейміз, Биылғы жаз-күзімен. Қобыланды* айқасар Шынайы қара баспаса, Қалмақтың берер сазайын, Іс оңына бастаса. Кезігіп қонақ қырынан, Кең өткелден ат салса, Жермен жексен қылмай ма, Алты Алаш түгел қаптаса?! Қолқа** тисе қосылып, Қалмақтың қаны жосылып, Тұс-тұсына қашады, Шілдей болып шошынып. Осының көмектескен бәрі жасақ, Қан төгіп, тер ағызған бірге жасап. Барлығы қазақ болып кетті дейді, Майқы би ту көтеріп, бәрін бастап. Қосылып, араласып кетсе керек, Өзінің елі менен жерін тастап. Басқа елге қазақ өстіп қосылыпты, Болса егер елі күшті, қосы мықты. Қалатын жаудан қорғап салты емес пе, Егерде болса әркімнің досы мықты. Жасасып бір-біріне тұрмыстанып, Елге айналып кетіпті отырықты. Ғасырдың сегізінші ішіндегі Үңіліп ой бөлмеген түсінбейді. «Қазақ» деп кімге қойған лақап ат деп, Әрбіреу әрбір түрлі пішіндейді. Десе егер қазақ бұрын басқа дінде, Жүрегі кейбіреудің дүрсілдейді. Бір кезде тұтынғанын шаман діні, Тарихты кім түзетер болса міні. Кезінде жоғарғы айтқан Махмұттың Тарады дейді халық ислам діні. Оқытты иманшартты, әптиекті, Ықыласпен халық қойды шын ниетті. Атамай Смағұлдың нағыз атын Пір тұтты, құрмет етіп қасиетті. Салт жүру шариғатқа қилаптық деп, Қазақтан бір қыз алып некаһ етті. Дейтұғын Нығметулла бір ұл туып, Нәсілі қожа болып бізге жетті. Қазаққа мәдениет, білім берген, Үйренбеу – өзі намыс білімді елден. «Рисалада» осылай жазылыпты, Біз жоқпыз осылардың бірін көрген. Ишанның ел риза данасына, Халықтың ғылым құйған санасына. Қасына еріп келген қожаларды Үш жүздің бөлген екен арасына. Әр жерден мешіт салып, медресе ашып, Оқытып сабақ берді баласына. Түріктен дейді өзгеше қазақ тілі, Сөзімнің түзетіңдер, болса міні. Түріктен кітап әкеп, дәріс берген, Кітап тілі деседі ел қазір мұны. Ақиқатқа жұртшылық мойындайды, Мұнан гөрі дәлірек болса шыны. Салыстырып жігіттер, көріңіздер, Ол күндегі жазудың мынау түрі. «Изатлу уа құрматлу йазамын хат Ишлауга біз интызар сізге құрмат. Йолдаған жанабыңа үшбу хатым, Айтамыз жан-тән билән сізге құрмат». Жазылды бергінге шейін осы тектес, Көргенді, ұққанды айтсақ ешкім сөкпес. Үйретті өз білгенін халайыққа, Болған соң берекемен бір ниеттес. Дін жөнін көбінесе қарастырып, Шариғатпен түрлі істі жарастырып, Бағдаттан оқыпты арабшаны, Төле менен Естанай талап қылып. Жоғарғы айтқанымды қайта айтпаймын, Тыңдаушымды алармын адастырып. Надан ел артта қалды, шаруа қуып, Ғылымды көргені осы өзі туып. Көшпенді, бытыраңқы, оқытушы аз, Бірде қызу оқылса, бірде суыт. Оқып жеткен адам аз болғандықтан, Озған елге келе алсын қайтып жуық. Тыныштық, алаңсыздық тапшы болып, Бір күн малын кетеді қалмақ қуып. Сөйтіп жүріп өнерден мақұрым қапты, Қолы менен аяғын қабат буып. Бір жағынан соқтықса орыс келіп, Одан барып шығады соғыс келіп. Бөрі келіп, үріккен қойдай болып, Одан зорға құтылар қоныс беріп. Азияның көп жерін ол да жалмап, Зорлық пенен зомбылық көп істеліп. Дін таралып, сондықтан орнықпаған, Ғылым білмей, өнерсіз қалдық надан. Мәдениет алыста, оқу қиын, Көбінесе, оқымай қол қысқа адам. Кей жерде нақ орнығып кете алмапты, Жағаласып сонымен келеді шаман. Шаман діні сыйынып от пен күнге, Онша парқы белгісіз мұңғылшадан. Кете алмай ислам діні кең таралып, Алшақ боп бытыраңқы елде аралық. Кей жерде шаман діні сақталыпты, Сезіліп ислам діні бір жаңалық. Ол кезде бытыраңқы, халық тарқақ, Жайласқан Азияға түгел тарқап. Батысы Капказ, Орал, Алатауда Кетіпті тым бытырап, арасы алшақ. Арғынның дәл мекені – әзіргі Алтай, Тарихта дейді тура, емес жаңсақ. Айтылар мұның жөні «Үш сапарда»*, Бұл істі деп отырмыз кейін жазсақ. Тарихта Қарпық ханды ел біледі, Найманда Байтоқа хан ел биледі. Байтоқа хан, Тоқты би, Қарпық, Алтай Десе де ел осыларды тең біледі. Мекені Қарпық ханның қазіргі Алтай, Өтесің көлденеңнен әзер жарты ай. Баласы Алтай атты өте ер боп, Айбатты болған екен өзіне сай. Шығысын Азияның жаудан қорғап, Жайылып дүниеге шыққан даңқы-ай. Бір шеті Моңғолия болса керек, Бойына қара Ертістің салыпты жай. Өңірін Тянь-Шаньнің Қарпық билеп, Мекендеп Жетісуды Төлегетай. Бір шеті Есіл, Нұра болса керек, Қарапты Байтоқаға Тарбағатай. Тұсында Шыңғыс ханның қаза болған, Басында Қаракітат жатыр Нартай*. Кейінгі ұрпағына мұра қылып, Мекеніне қоятын елдің салты-ай. Бұл жерлер мекені екен Орта жүздің Кітаптан көргенімді хатқа тіздім. Кіші жүз – Азияның орталығы, Мекені батыс жақта Ұлы жүздің. Ғасырдың он да, он бір кезіндегі, Тарихымыз осылай ұққан біздің. Шыңғыстың басталғанда зобалаңы, Қырғында қалай халық оңалады? Неше жыл қанды қырғын соғыс болып, Барлығы бұл хандықтың жоғалады. Зор күшпен алдап-арбап Шыңғыс жеңіп, Қазақтың сөйтіп шыққан тозалаңы. Кешіріп екінші рет зор зобалаң, Кейіндеп қазақ қайта оңалады. Жалғасты Шыңғыс жайы сөз болады, Бақ қайтса, алтын азып жез болады. Кәуірдің лаңынан оңалғанда, Тағы да бақытсыздық кез болады. Құралса тау болады, көл болады, Тамшылап көктен жауып сел болады. Қырғыннан екінші рет тұқым қалып, Тағы да басын құрап ел болады. Елге бақ орнарында бірлік болып, Науқасқа шипа болар ем қонады. Алаш ұраны туралы Ел заңы сөзді ұқпаса таласатын, Емес қой түсінбесе жарасатын. Анықтап, әл келгенше ұқтырған жөн, Шындыққа болсын сөзің жанасатын. Басқамен тең тұрғызып өлшемесе, Өзінің кім мойындар аласасын. Кетейін ұққанымды түсіндіріп, Қалай шықты дейді жұрт «Алаш» атын. «Алаш» деген атау – қалмақ тілі, Қатасын түзетсін жұрт, болса міні. Көбіңе оқиға ғой түсінікті Амурдан қазақ қашып шыққандығы. Шығуы бұл лақаптың емес тегін, Айтпаса, түсінбейсің мұны көбің. Өшігіп қалған жер, су, мал, мүлкіне, Қалмақ та қайта шауып алған кегін. Соқтығып жан аямай, өшіккен соң, Ұшырып зәре-құтын батқан тебін. Өшіккен арадағы таласы көп, Немесе жапқан нақақ жаласы көп. Бұрын дос ел қан төгіп, жауласқанша, Айтыпты қалмақ жағы «Алашы» деп. Арада жанжал шықса, туады дау, Дейсіңдер бұл халықтан қайсы жақ сау. Қалмақ сөзін қазақшаға аударғанда, Дегендік бұл «жан алғыш, жат бауыр жау». Еліне осы лақап түгел тарап, Бұрын досты өзінше жауға санап, Ақыры бізді осылай атады деп, «Алаштап» қалмаққа шапқан қазақ. Ел жауласты арада талас болып, Дау бітпейді, шешілмей халас болып. Осы сөзді ұран қып шапқандықтан, Шығады екен көп дауыс «Алаш» болып. Елінің Майқы бабаң қормалы екен, Кемеңгер, ақыл тапқыш, қорғаны екен. Халықтың дағдысына айналған соң, Қазаққа «Алаш» ұран болған екен. Көпшілік бұл ұранды жат алыпты, Білгендер түзетіңдер қаталықты. Үш арыстың әйгілі алты руы, «Алты алаш» деп сондықтан аталыпты. Қосылған одақтасып баста халық, Барлығы бұл ұранды қатар ұқты. Барлығы қарсыласып, жауға аттанып, Алдымен бұл ұранды жасақ ұқты. Кейінгілер адамның аты десіп, «Алты алаш» деп атайды алты арысты. Қазақ жоқ ұран шықса, қызбайтұғын, Қатуланып, ажарын бұзбайтұғын. Жау көргенде халықты жұмылдырып, Сабыр-тағат естісе, қалмайтұғын. Ер жігіт ұран шықса, алағызып, Қайрат кернеп, жігерін шыңдайтұғын. Ұран шықса, орнынан бір қозғалар, Не майталман дейтіндер желмейтұғын. Біледі «Алаш» десе талай халық, Осыған қанша ғасыр, өтті тарих. Кейбіреу «Алаш» деген адам дейді, Бұл туралы ұғымда көп қой парық. Жалғасып кейінгіге келе жатыр Тәбәрік, бұрынғыдан мұра қалып. Дейді екен бұрынғылар жалғаны жоқ, Жалғыз-ақ Хақ кітабы – «Кәлам Шәріп». Кейіннен «Алаш» ұранын өзгертіпті, Түсінеді айтпасақ та мұны халық. Ұққанша баяндайық қазақ тегін, Естідің, оқығандар, мұны көбің. Барлығы көрген емес, естіген сөз, Айтады көп елестің бір дерегін. Шындығы – «қазақ» деген лақап есім, Бұлай деп өте қиын айту кесім. Лағып сахарада жүргенінде, Бастаған атам Майқы қазақ көшін. Ойласын тарих зерттеп жүрген жастар, Шыңғыстың аз қосалық әңгімесін. Айтамын өз ойыма келген істі, Мейлі өл, мейлі мұны қате дерсің. Шыңғыстың бұрынғы аты Түйеші еді, Темүшин деген сөздің жүйесі еді. «Шыңғыс» деп халық сайлап берген атақ, Ат болды ханға лайық төбеселі. Тарихты талғампаздар талай сынап, Десті жұрт шындыққа бұл үйлеседі. Ішінде ол күнгінің болмаса да Тарихқа пактпенен тілдеседі. Темүшинді хан үстіне хан сайлады, Бас қосып Азияның жалпы аймағы. Арғыннан – Қаракесек, Майқы ішінде Үйсіннің қатынасқан Ақбармағы. Найманнан Қаракерей батыр барып, Хан сайлап, мерекені жұрт тойлады. Мұқалы қатынасқан Жалайырдан Тарихты әркім керек жақсы ойлауы. Темүшин бұл жиында болған Шыңғыс, Хан екен әрі батыр, әрі білгіш. Көп халық бағынған соң басын иді, Басқа тек, нәсілінде болса да ілкіш. Он төртінші ғасырдың басындағы, Әйгілі іс тарих көрген ғасырдағы. Пакт бар жоғарғыдай келе жатқан, Еш адам болмағанмен қасындағы. Тарихтан азын-аулақ хабар алып, Халықтан естігенім жасымдағы. Маусымбай менің атым Сабанұлы Шелегін сүт сұраған жасырмайды. Сөз білетін егер де болса азамат Аққа әкеліп қараны жапсырмайды. Бізде бар көп оқыған төресымақ, Көтерсең қарсы пікір, жақтырмайды. Қазақ кім қазақ бол деп сайлаған кім, Осыны ой жүгіртіп ойлаған кім? Біресе құс, біресе затқа теңеп, Ауыртып босқа аузын ойнаған кім? Қай жерде, кімдер екен қатынасқан, Пактті сөзі болса ойлы адамның. Пактке жүгінгенмен қосыламын, Барлығын ортаға сал, ойда бардың. Мен бүгін осы арада шеш демеймін, Білгішсіп жалған айтып, бөс демеймін. Орынсыз оқығансып, айтсаң жоқты, Өз басым, міне, осыған өкпелеймін. Мейлі ғой, өкпелесем, бір адаммын, Көп жерден мен де өзімше сұрағанмын. Қазақтың тегі «алапес» дейді біреу, Шыдайды, жұртшылығым, мынаған кім!? Орынсыз дәлелі жоқ қиялға еріп, Осыны оқығансып өнер көріп, Жартастың жаңғырығы секілдінің, Бықсытып тізе берген бәрін теріп. Жазыпты Құрманғали көп шежіре, Оқыған шығарсыңдар бәрін көріп. Бір іске талғау-талдау керек шығар, Сын айтса келмесіне әркім де ерек. Біресе оны, біресе мынаны айтып, Шыдайды орынсызға дәтің қайтіп. Ұрпақтар ұнағанын өзі таңдар, Ұзартып, отырмаймын көп молайтып.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.