Қазақша
Қазақ шежіресі
Бендеге тіршілік жақсы болса да арман,
Десең де дүние жақсы арты жалған.
Қазақтың Тәңір тауын, мың толғауын
Сағынып қан майданда едім жазған.
Екінші, мұнан бұрын сексен бес жыл,
Жазылған шықты қағаз жан қалтамнан.
Бұл қағаз Бұқарада ақындардың
Шежіресі қол қойылып, пәтуаланған.
Жазуы өрнектелген кесте-кесте,
Жыртылып көп жерлері жырымдалған.
Уақыттың түрлі-түрлі себебімен,
Болмаған оқып көріп, пайдаланған.
Қан кешкен қара тұман айқастарда,
Жанымда қалмай жауға бірге барған.
Сонымен бабалардың ат-есімі
Қан болсам қанға батқан, өртке жанған.
Қадірін қайран жастық білмей заттың,
Сарғайып, қағаз тозып, жырымдалған.
Іздесең керегімді алайын деп,
Еш нәрсе енді адам таппас мұнан.
Сондықтан тағы біраз еңбек еттім,
Ізімен дұрыс қой деп жаңартылған.
Тағы да кестелесем, кім көреді,
Пайдалы болар дедім өлең қылған.
Бұл ойда жаралы кез, госпитальда,
Қырық үштің аяғында орындалған.
Халықтың қазынасы ғой – өткен өмір,
Қалайда зиян көрмес оқыған жан.
Тарыққан талабына жетері анық
Өнеге-өсиет ұққан ата-анадан.
Аттарын бабалардың құрастырдым,
Есітсе, есі барды қызықтырған.
Бәйгеге ат қосқандай қуанарсың,
Есітіп есімдерін шықса мыңнан.
Оқушым, көрік-көрнек іздемеңдер,
Ретпен тілге жеңіл жазылған.
Сондықтан түпнұсқасын өзгертпедім,
Қоспадым, небір шежіре болды тыңнан.
Кімнен-кім кейінгі ұрпақ қосылыпты,
Сұралып сол кездегі қариялардан.
Қалай да атам қазақ тегін емес,
Өсірген айналдым сол ұл-қызынан.
Қайсарын қайда салсаң, қайыспайды,
Жатса да алды үлесін жардан да арман.
Ер де сол, адам да сол абыройлы
Мұрасын ата-ананың жоғалтпаған.
Кімде-кім атыз-жабын оңдап алар,
Арнасын аршынмен тек жаңалаған.
Өскенбіз сол қазақтың бесігінде,
От жағып, алаулатып есігінде.
Мал бағып, егін еккен перзентіміз,
Ешқандай қиянат жоқ кәсібінде.
Мінеки, сондықтан да сол қазақтың,
Құдірет бар секілді есімінде.
Мақсатым, сол есімді ардақтаймын,
Жатсам да тескен таудың тесігінде.
Ардақты өткен неше даналарым,
Алатау, Ақжол, Кейкі, Мөңке, Мілде.
Жиырма жыл Қазан, Уфа тағылым беріп,
Қосыбаев Шәді де алған жүлде.
Әлемге әйгілі боп аты шыққан,
Халқымның қазынасы Фараби де.
Итемген, Құлшықұлы Ақсары, Оташ
Көп екен оқыған жан бізден мүлде.
Тағы бар Мойнақов пен Дәулетбаев,
Бұлардың мың жыл шама еткеніне.
Қараңдар Былғария тауарихын,
Жүрсе де үлгі үйренген жаһан түзде.
Уа, дариға, бабаларым үстін өткен,
Іздепті білімді ол да көкжиектен.
Өмірден алған қандай даналығы,
Тілдескен малмен және жел мен шөппен.
Ерінбей тоғызқұмалақ ойнап жүріп,
Есептеп не боларын білген көктен.
Жүрсе де малын бағып, төбе санап,
Өр кеуде дұшпанына болған өктем.
Тепсінсе темір үзіп, тебіреніп,
Қайырсыз қас жауына нардай шөккен.
Бөліп жеп өзім десең күйік күлше,
Қадірлі қасиетін нұр ғып төккен.
Сөйлескен ер қанаты – ат пен құспен,
Сыншы ғой барлығын да сынап, пішкен.
Сақилық дастарқаны өз алдында,
Айтсайшы, даналығын әзілдескен.
Тағы бар шешендігі – нақыл ғажап,
Өзінің қаныменен туа біткен.
Қобыз бен домбыраны қайдан біліп,
Десеңші, күйді қалай тебіренткен?
Асыл сөз қайдан шыққан, қайным, жеңгем,
Еріксіз еміренткен, еркелеткен.
Аталық ақыл қандай ұрпағына
Делінген бүтін болсын жағаң мен жең.
Отқа жан, оққа байлан, әділдік ет,
Адамға деген осы лайық шен.
Үйреткен үлгі-өнеге, тағы мәрттік,
Ұлтынан, айналайын, халықпен тең.
Сыйлығым осы менің ұрпақтарға,
Атаның жолы өлмес, мен өлгенмен.
Даңқымен бабалардың аталса атым,
Келгенім болмайды ма сол бәйгеден.
Шуда жіп сабақталды жуалдызға,
Бастайын енді сөзді шежіреден.
Ізімнен жазып тұрмын, жоқ жаңалық
Жатыпты жүз жиырма жыл көрмей жарық.
Сол үшін Нұх адамның уақытынан,
Жазылған шежіреге көз салалық.
«Нұх» деген жылауық мағынада,
Яшкур деген шын аты қойған қалып.
Лақап аты Нұх боп дүниеге
Таралған соң, сол ізбен біз де айталық.
Жер жүзін топан суы дейді басқан,
Теп-тегіс болыпты жер – мысалы аспан.
Көп адам қаза болып, халық бүлініп,
Тау мен жер, мақлұқаттар араласқан.
Тынарын не нәрсемен білмей мұның,
Талайлар ақылынан депті алжасқан.
Аршадан Нұх сонда кеме жасап,
Өткізген қиындықты неше бастан.
Сексен төрт адамы бар кемесінде,
Түр-түрін салған екен мақлұқаттан.
Сөйлеген жетпіс екі түрлі тілмен
Құралған әрқайсысы әр тараптан.
Кемесі су үстінде алты ай жүріп,
Айналған тарығуға судан, аштан.
Аспаннан жауған жауын ащы болып,
Әр тамшы кем болмаған диірмен тастан.
Нұхтың төрт баласы осы кезде
Жұмысқа төзген бәрі айнымастан.
Балалары Хам, Сам, Яфас, Қанған еді,
Осылардан өскен ұрпақ тұқым шашқан.
Кеме кеп Жүдді тауға тоқтағанда,
Қуанып іштегілер жабырласқан.
Кетіпті бірі оңға, бірі солға,
Қарай ма бір-біріне қарны ашқан.
Қалғаны сенемін деп өз бойына,
Осы айтқан топан суда қаза тапқан.
Самнан туып өсетін араб халқы,
Бірнеше аталықтар қанаттасқан.
Хамнан туған он сегіз бала екен,
Өмірі әрбірінің – үлкен дастан.
Абашы, зәңгі, орыс, үнді, неміс,
Білімнің қайда болса кілтін ашқан.
Яфастың, міне, біздер тұқымымыз,
Бірінен-бірі өсіп келе жатқан.
Бұхарада ақын Ораз және Қалжан,
Қол қойып пәтуаға мөрін басқан.
Анықтап кімнің қайдан шыққандығын
Әркімді тап-табымен ажыратқан.
Болыпты жазғанына жүз жиырма жыл,
Уақытын санап көрсек жазған хаттан.
Ішінде Кіші жүздің бұл кісілер,
Бас баққан жандар екен қиянаттан.
Ізінше ұлық атын жаздым мен де
Қазақтың балаларын нұр ғып шашқан.
Отаным, бауырым, халқым, туысқандар,
Майданда белді бірге буысқандар.
Жазуға осы жырды себеп неден,
Оқушым, айтайыншы, тыңдаңыздар.
Аман-сау қан майданнан оралып мен,
Қауышып отбасына сүйдім балдар.
Сонан соң күріш егіп жүре бердім,
Жан едім жасымнан-ақ еңбекқұмар.
Мың тоғыз жүз июньде алпыс бестің,
Мені іздеп журнал «Білім» жазған хабар.
Оянды жатқан көңіл жайсаңдағы
Тірі өлді, бар жоқ десе, қалай шығар.
Көз жайнап, оқығанда көңіл сайрап,
Жан болдым тіріліп, тік мыңды жығар.
Өлгеннің есебінде әзір жоқпын,
Деуімді лайық көрдім «тірімін, бар».
Майданда шежіре жаздым он бір мың жол,
Оқыр деп, өліп кетсем, оны ұрпақтар.
Поэма жеті дана, жүздей өлең,
Он жеті аңыз сөзбен әм мақалдар.
Сарғайып сандығымда бұлар жатқан,
Менде ой болмай кеткен оған қарар.
Журналдың «Білім – Еңбек» шарапаты,
Ескер деп ескі арманды ойландырар.
Хабарды «Білім – Еңбек» етпегенде,
Ешқандай күш жоқ еді мені оятар.
Тон киген арапшадан ен қазына
Жоқ болып кетер ме еді тартып мұң-зар.
Кім кепіл қандай нәрсе білмеген соң,
Уқалап өртемеске ұмар-жұмар.
Сонымен жатпай-тұрмай еңбек еттім,
Ұрпаққа ұштассын деп әруақтар.
Үш мың жол шежіреден шағындап ем,
Әзірше болсын дедім қысқа ақпар.
Жібер деп академияға мазалады,
Құмартып бастан-аяқ оқығандар.
Ұрпақтан-ұрпақтарға қалатұғын,
Атақты, айтулы деп мұралар.
Мұнда тек, кімнен кімдер өсіп келеді,
Өшпесін деген мақсат, іс-жобалар.
Қырық бір аталарын кім санайды,
Қолға алып әрбір ұлтты, қараңыздар.
Болмаса, үш жүздің-ақ өзін алшы,
Жиырма төрт ата екен, санаңыздар.
Мінеки, ерекшелік – қазақта осы,
Бауырым, айналайын, қыз бен ұлдар.
Әркімге ата-баба алтын тұғыр
Қолыңмен кәсіп ұста, шошымаңдар.
Таба алмай, керек болып кезенгенде
Қармалап қарайғанға, ұмтылмаңдар.
Керегін реттердей ерікті ел,
Доғардым, өздеріңде енді ықтияр.
Аяғын жаз десеңдер, жаза берем,
Халқымның қазынасын мол қыруар.
Ал енді жазылған шежіремнен
Бастадым алға қара, оқырмандар.
Жыртылып тозған шежіре дана-дана,
Яфастан туатұғын көп қой бала.
Ішінде соның Малай, Түрік деген –
Ерекше туған жандар жеке дара.
Менің атам, мінеки, сонау Түрік,
Халықпыз бір қалыпты әдет-ғұрып.
Батыс пен күншығыстың арасында
Жер бар ма, шарламаған бабам жүріп.
Түріктен Қапти, онан – Назар батыр,
Назардан талай ұрпақ тіккен шатыр.
Ахуз, Махуз, Тумиян мен Кумияндар,
Тамаша таңырқарлық ел боп жатыр.
Кейіннен пайда болған Сәк пен Сақтар
Айтылған бұл бір тілде дейді ақбар.
Біреу онан құралып, біреу мұнан,
Шығыпты басшысы бар талай топтар.
Ата болған біреулер шығып топтан,
Матау, бүксі, иші, сен, сәктан.
Лезгін, керіт, онна, қалия, тәбрәзи
Хабар ал моңғол, дәшті қыпшақтан.
Жазу жоқ келген ұрпақ жекеленіп,
Сол ізбен көпке дейін біз де өтелік.
Тоғыз жүз елу жылдың уақытында
Басқарған басқарушы елге егелік.
Ат қойып елді еткен қауым-қауым,
Таны деп досын досша, жау деп жауын.
Көп қауым аз қауымды талап алып,
Мақтанып ашқан кейін омырауын.
Тумияннан Қазаға мен Қазат дейік,
Қазағадан Жаһүрді ізденейік.
Жаһүрден Абылқас пен еді Күзай
Күзайдан Сонақ пенен Майыр дейік.
Майырдан туатұғын төрт бала бар,
Татар, Мауғал екеуі егіз шығар.
Атар менен баяғы Қырым батыр
Осыменен бұлар да түгел болар.
Атардан Естек пенен еді Башқұрт
Татардан Ноғай туып шықпаған ұрт.
Мауғалдан – Қурай, Торай екі бала,
Қырымнан туатұғын – Ноғайлы жұрт.
Торайдан Қалмақ туған тағы халық,
Қурайдан Серкеш, Үңгіш, Шешен анық.
Тағы да Қаратай мен Барқабет бар
Бұларды осы араға доғаралық.
Сонақтан Аталық пен Аналық бар,
Аталықтан: Ақшолпан, Еламандар.
Еламаннан туады Мақты жеке,
Мақтыдан – Сейілқан, онан – сегіз ұлдар.
Сарық, Салар, Ата мен Жәуміт, Теке,
Көклән, Шәулі, Мәді оған тете.
Қоныстас ел мен еркін араласып,
Сегіз арыс Түрікмен деп айтқан көке.
Ақшолпаннан – Алаш хан бала аты,
Онан туған Жайылхан ақиқаты.
Бірі екен заманында қайсарлардың
Таймаған басынан бір ықпал, пәті.
Жайылханнан Майқы би жадыраған,
Майқыдан төрт бала бар маңыраған.
Түмен, Мүйтен, Әләуке, еді Шашақ,
Өсіп-өнген осыдан қалың адам.
Дүниеге талайлар тіккен шатыр,
Мүйтеннен Айныс, Бұғы ел боп жатыр.
Түменнен туатұғын Шын мен Жаһан,
Жазуда айтулы депті батыр.
Жорыққа Жаһан батыр белін буды,
Бір әйел жортуылда, жолда туды.
Олжаны Шынға беріп, бала атын Сыбан қойған,
Сыбаннан – Тәжік, Өзбек аты шулы.
Бұл жайлы айтылатын сөздері көп,
Жаһаннан Айырқалпақ еді келмек.
Ел, мекен қоныстанған ісі болмай,
Айырқалпақ жүріпті көшпелі ел боп.
Айырқалпақ атаңнан – Қазынақ, Қассақ,
Келмектен Қырғыз туып алған атақ.
Қырғыздан – Сары, Қара екі бала
Сарыдан – Сарбағыс, Салты екі құрсақ.
Қарадан Қақас, Қисық, Бақсиық бар,
Бұлардан өсіп өнген көп ұрпақтар.
Оларды таратуға мүмкіндік жоқ,
Жазуда анықталған нақ осылар.
Қассақтан Толағай мен еді Созақ,
Созақтан Сүйір туып, қонбаған бақ.
Толағай қара елтірі бөрік кисе,
Атанған екен сонан Қарақалпақ.
Ұраны Қарақалпақтың «Толағай-ды»,
Әр ғасыр өзгертеді әрбір жайды.
Айта алмай Қазынақты қалпыменен,
Қазақ деп кеткен айтып тілге жайлы.
Айтайын, Қазақ атам ақылы дана,
Болыпты әркімдерге қорған, пана.
Заманда жаугершілік жан аямай,
Кеңпейіл, кез келгенге болды ата-ана.
Жинаған Түрікмен, Шынның тұқымдарын,
Қырғыз бен Қарақалпақ, Созақ бәрін.
Бас қосып өзіменен алты рулы ел
Алаштан қабылдаған ұрандарын.
Ұран сол жауға кірсек «Алаштаймыз»,
Бір болып бөлінбейміз, адаспаймыз.
Болса да қатыгез жау қандай түрлі
Құртамыз, деді оларды аластаймыз.
Дейтұғын Алты Алаштың баласымыз,
Келе жатқан баяғы ертегі із.
Түрікмен, Шын тұқымы: Қырғыз, Созақ,
Кіреді Қарақалпақ, Қазақ үш жүз.
Атанған Алашхан боп Қазақ атам,
Басқарып көп халықты еткен отан.
Заманның өшіп, өсу салдарынан
Балалары кейде бұрын аталынған.
Атамыз Қазаққа енді оралайын,
Айтайын шежіредегі болған жайын.
Ұлғайып сақал, шашқа ақ кіргенде,
Екі ұлды берген екен бір Құдайым.
Балалар туды анамыз Ақбаршадан,
Бала үшін кісі еді көп шаршаған.
Өрісін ел жеткізді тәрбиелеп,
Ақкөңіл бопты әкесі айнымаған.
Табылды ата-ананың жоғы аңсаған,
Жиналды тойларына қаншама жан.
Ырым ғып екінші ұлын Алаш қойды,
Еліне ер болар деп ұрандаған.
Балаларын: Әбілқайыр, дедік Алаш,
Соғыста жеңген жауын етпей талас.
Бір жорықта Әбілқайыр қаза тауып,
Қайғырып, қалған Қазақ көтермей бас.
Бүк түсіп неше күндей қалған жатып,
Қазасы Әбілқайырдың жанға батып.
Тұқымсыз арманда кеткен баласы үшін
Шақырған тегіс елін, хабарлатып.
Жиналған бірі қалмай, шақырған соң:
«Кетпесін деген ұлым атаусыз боп.
Жыл басы наурыз болсын, көже берсін,
Қазақтың балалары тұтатқан от.
Әбілқайыр өлді, аты Наурыз болсын,
Халқым десе, Наурызға денем толсын.
«Жары Құдай – жалғыздық» деген болып,
Жалғызым – Алашыма бақыт қонсын.
Айтқанын барлық халық алған қабыл,
Хақ деген «Алаш» ұран айтып дабыл.
Дүниеде бірлік болмай, тірлік болмас,
Өлсең де өзі тиген жауға жабыл».
Өсиетін тыңдап халық қабыл алды,
Алаштың ұлдарына назар салды:
«Немерем – үш арысым ойда болсын,
Алаштан қорға, – деген, – айналаңды.
Алты Алаш өсіп-өніп кетті алыс,
Етіңдер енді, үш арыс, қатым-қарыс.
Адамның өмірдегі дәнекері,
Кетпейсің, – деді, – қашық, қызыңды алыс».
Алаштан туатұғын үш-ақ бала:
Ақшора, Жаншора мен ол – Бекшора.
Бабамыз жүз отызда енші берген:
«Ел бол, – деп, – әрқайсың дара-дара.
Үлкен ұлын Ақарыс – Ұлы жүз деп,
Жанымдай Жанарысым – Орта жүз деп.
Бектік бар негізінде, кенжем едің,
Бекарыс, атан, – депті, – кіші жүз боп».
Жаз жайлау, қыс қыстауын бөліп берген,
Әркімнің қожа, төресі өзіне ерген.
«Балаларым, ұрпақтарың көп болады,
Кеңейтіп үлесіңді ал, – депті, – жерден».
Бас қосқан жақсылары таңба жасап,
Ел болып, қауым-қауым малға басады.
Әр шаруа өз малына ен салуды,
Құн алып, құн беруге пәтуа қосады.
Жасаған әр бір түрлі дауға кесім,
Болсын деп әділдік пен билік шешім.
Ізет, құрмет, әдеп пен тәртіп болу,
Қызға – құйымшақ, күйеуге бер деп төсін.
Пәтуа деп тарапты қойдай маңырап,
Қарсы алған иесіз дала тұрған қаңырап.
Мал жайып, егін егіп кең далада,
Еліміз өсе берген санап шаңырақ.
Үш жүздің баласымыз бірге туған,
Бір жүріп, бірге ойнаған салып думан.
Өсиет айтып, атам енші берген:
«Балаларым, аман бол, – деп, – айқай-шудан».
Бір жүзде отыз бесте Қазақ өлген,
Басына Тәңірі таудың оны көмген.
Шыққанда тау басына қалың халық
Қорқыныш айтарлықтай сонда көрген.
Аспаннан бұлт жарылып, от шашылған,
Өледі талай адам жай-жасылдан.
Қашады бас сауғалап тірілері,
Шошынып, жаңылғандай тәубасынан.
Табытты ұстап тұрған Қыпшақ болған,
Аудармай туды ұстаған Мөңке қолдан.
Жібермей шылбырынан атын ұстап,
Табыттың бір жағында Кейкі қалған.
Үш батыр аталарын қайтқан жерлеп,
Қазақтан қалған бе еді әзіл-өрнек,
Мөңкенің сонда отырып айтқандары
Келеді әлі күнге қалмай сөз боп.
Болмайды ешқашанда өлім даусыз,
Болмайды ту көтерген әсте, жаусыз.
Не жетсін малын баққан шаруаға
Өсетін ұрпақ дейді ол сынаусыз.
Қойыңдар Орта жүзді депті дауға,
Қойыңдар Кіші жүзді қарсы жауға.
Болады Ұлы жүзде үлкен байлық
Депті ғой шаруаға керек қауға.
Келеміз міне біздер сонан өсіп,
Бір жүріп терген едік жуа-көсік.
Көргенде кейбіріңді, қарақтарым,
Тұрғандай кеп қасыма елің көшіп.
Бастайын соның бірі – Ұлы жүз, біз,
Аспанда ай, ерлер шыққан, көкте жұлдыз.
Елі үшін еңбек еткен, қан да төккен,
Жатағы болса дағы қырау мен мұз.
Күрсінбеңдер, көргенің шежіреге,
Жазылды деп қалай бұл, немене?
«Дозаққа да үйренген, шықпас» деген,
Ұғып қалған кіжінтер ескі өнеге.
Бір емес, бәріңізге айтарым сол,
Екіталай алдымда менің бар жол.
Шежіреде не болса, соны жаздым,
Осынымнан, бауырлар, хабардар бол.
Бірлесіп Қожа, Төре, Созақ, Қазақ,
Халық қой қатардағы болмаған кем.
Қайсар-ды, қанын төкті қажымады,
Құл қылам деушілерге етемін жем.
Туысқан, бауырларым, қарақтарым,
Болашақ, көлеңкелі дарақтарым.
Эпилогке абайлап түсініңдер,
Жазғаным шежіренің бар ақпарын.
Қазақтың хикаясы будақ-будақ,
Басына ілгеріден орнаған бақ.
Жер шарын кезді ме екен жеке тақ боп,
Әкесі жастай өлген Айырқалпақ.
Жылында мың сегіз жүз қырық сегіз,
Уақыт қанша өткен есептеңіз.
Бұған да ғасыр болып қалыпты ғой,
Оқушым, сырласайық, бер келіңіз.
Құнанбай, Нұржеке мен Мырқы, Досжан,
Қазақта ол кездегі бұлар да сән.
Меккеге дәл осы жыл барған екен,
Не болған, анықтайық, сонда ахуал.
Қай кезде таусылған ба пендеде арман,
Қарындас, анасымен Мырқы барған.
Алтыннан алты тұлып қаражатты,
Қайқайтып қара нарға артып алған.
Қазақтың замандағы даналары,
Меккеге жеткен тимей ұры-қары.
«Қазақпыз, зияратқа келдік» десе,
Жолатпай, қуған бәрін ұлықтары.
«Арапта қазақ – «қаззан» ұры деген,
Ұрыны көрсетпесін, – депті, – егем».
Біле алмай не қыларын кілең жақсы,
Бәрі де қапаланып, қайғы жеген.
Сандалып, көшесінде қалған қаңғып,
Жаһангез бір қу арам жүрген аңдып.
Кездесіп, жүз мың пунтқа келісіпті:
«Тірілтіп жіберем, – деп, – сені жан қып».
Еліңнен бұрында адам келген депті,
Біз айтқан өсиетке көнген депті.
Соғыста сіздің жақта болған еді,
Дейтұғын сахабамыз Аннас депті.
Атыңды Қазақ деме, Қанюл де,
Дерсіңдер: «тіл келмеген Канюлге».
«Сол жақтан Аннас қатын алған-ды, – деп, –
Қазымен растайық, айтып елге.
Cонымен бір қарарды табарсыңдар,
Арыз жазсаң, жерді де аларсыңдар.
Аман-сау осы болжам өтіп кетсе, –
Депті арап, – тағы алтын қарарсыңдар».
Нұржеке – тама руы, оқыған жан,
Келісіп араппенен басылды даң.
Анттасын, шынтақтасып уағда еткен:
«Ата деп айырылмаймыз, – деп, – Аннастан».
Жер берген ені – алты, ұзыны – он,
Алтындап, есептеп ем қаншама пунт.
Пұлдарын санап алып қажылардан:
«Өзіңнің, – деген, – енді жеріңе қон».
Үй салған қажыларың тасты қалап,
Шыдаған тұрса дағы ыстық аптап.
Ауырып, Мырқы сонда өлгеннен соң
Зылиқа қарындасы сонда қалад.
Сауында Мырқы жатып шежіре жазған,
Нәр алған есітіп жұрт сол қағаздан.
«Аннастың баласымыз, – деңдер енд,
Құтылдық, ұрпақтарым, – депті, – шаңнан.
Аннастан туған Мағаз, онан – Жабал,
Жабалдан Бәһрам, онан Сұһайыл бар.
Бірінен бірі туып, жеке тақ боп
Келе жатқан», – депті біздің бұл аталар.
Құнанбай жолдасымен аман келген,
Үш жүзден тараған сөз елге елден.
Өткен соң екі арада он екі жыл
Жаппасқа қолжазбаны әрең берген.
Бұрында Аннас деген сыбыстар бар,
Қағазын алып кепті деген кіл нар.
«Бұрынғы соңғысы бар, шындық бұл» деп,
Сендірген қараңғы елді дінқұмарлар.
Сонымен атам Аннас дейді халық,
Күн көрген кім атаны сатып алып.
Халайық дағдыланған өкпелемес,
Дегенге Аннас атаң емес анық.
Меккеде Зылиқа қыз қойған қалып,
Болмаған онда қызық, түк балалық.
Қартайып, шашы қудай болған кезде
Баймақан, Дәнді қажы көрген барып.
Адалдық, шындық деген ол – даналық,
Құрылмас өтіріктен еш жаңалық.
«Аннас Ансары» деп жұрт айтатын
Түсініп осыларлы ойланайық.
Арапта Ансары атты халық та жоқ,
Жәрдем берушіні атаған Ансары деп.
Сол атқа ие болып, дін жақтаушы:
«Ансары Аннас, деп жүрген, атамыз» деп.
Мұхаммед қашып барған Мәдинеге,
Көп халық қарсы алған Мәдинеде.
Халық та сыйлаған соң жәрдем беріп,
Мұхаммед «Ансары» атқа еткен еге.
Қазақтан неше ерлер шыққан дана,
Меккеде болған бізден Ақтан ғана.
Армалай дейтін оның жолдасы бар,
Белгісіз қайсы елден, қайсы қала.
Мұхаммед пайғамбардың заманында,
Атанған ақ ниетті ол сахаба.
Қызы екен Армалайдың Айшабике,
Көп кеңес берген осы ақылды ана.
Сағынған бір күндері Ақтан елін,
Қайғырып еңіреген туған жерін.
Елестеп көз алдына Тәңірі тауы,
Егіліп, алады екен іштен демін.
Ақтарған ұлығына Ақтан шерін:
«Азапта қалды, – деген, – қайран елім.
Білмедім, анталаған жан-жағы жау,
Қауіпім бар етті ме деп бөлім-бөлім.
Елімнің Қытай халқы басты жауы,
Күнде айқас, күнде шабыс, жердің дауы.
Болғанмен аймағы кең Алты Алаш,
Қорқамын болды ма деп осалдауы.
Ер еді ерткен елді атам Қазақ,
Кезінде жауларына ашқан дозақ.
Бар болып, қайран бабам, басқарса елін,
Сыртынан жау дей алмаймын қолын созад.
Табынған халқым көкке, сенімі бар,
Етсеңіз айтқанымды көңілім тынар.
Бар болса Алты Алаш қонысында,
Алсаңыз біріктіріп, қалай болар?!
Айтылған Ақтан сөзін алған қабыл,
Аттанған төрт мың сарбаз қағып дабыл.
Талас пен Шудың осы арасында
Қазақтың сарбазына айқасқан бұл.
Сәл бұрын кеткен Ақтан Ұлы жүзге,
Туысқан-туғандары Ұлы жүзде.
Ол кезде Ұлы жүз де қырық тарау,
Сарбазы жүрген кезіп құлан дүзде.
Белгісіз, хабары жоқ әлі Ақтанның,
Арабты басты Алты Алаш, болды ың-жың.
Таластың маңындағы қатты айқаста,
Арабтан өлген әскер сонда екі мың.
Уағдалы арап кеткен жерден жылжып,
Ақтан да көмек алып алғантұғын.
Арабты бұлар жатқан қытай ма деп,
Соғысқан түнде келіп айқай-шу ғып.
Соғыста ұтады ғой жер білетін,
Сенімсіз көрді Ақтанның ақ ниетін.
Араптың Сәдуақас сардарбасы
Санаса, әскерінен қалыпты мың.
Сақаба ақылгөйі – Ансары Аннас,
Шақырған ақылдасып Сәдуақас.
«Екен ғой мына халық Сақтан жаман, –
Деді ойлап, – қалай аман қалады бас».
Ақылды адам екен Аннас жылдам,
Сөз айтқан болатұғын бірден тыным.
– Пайғамбар қайт деп бізге аян берді:
«Табынса көкке кімдер, – деген, – ұлым».
Сондықтан сендер ұлы пайғамбардың,
Қайтам деп артты үстіне жүгін нардың.
Талас пен Шудың міне, аталуы
Қан төккен айқасында осылардың.
Депті арап: «Іскендір де көп шайқасқан»,
Ол айтқан: «Сақтай жыртқыш елден сақтан».
Аса алмай асуынан Алты Алаштың,
Еліне «келістім» деп еткен мақтан.
Сақ деген парсы сөзі «ит» деп айтқан,
Араптар азап көріп, кейін қайтқан.
Сақ тұқымы екенбіз деушілердің
Хабары болса қайтеді бұл жайттан.
Деп едік Ақтан қалды қайғыланып,
Алыстан батыр оны алдына алып,
Барады Сәдуақастың шатырына,
Жатқанда кетуге олар даярланып.
– Сәлем де Пайғамбарға біздің елден,
Разы бол сапарыңа, – деді, – келген.
Күн – куә, қабылдасын балалыққа,
Алыңдар сыйлығымды елім берген.
Үш жүз нар, қызыл бұйра жібек жапқан,
Пайғамбар алсын хабар біздің жақтан.
Аннас пен Сәдуақастың қолын алып,
Серттесіп, сол арада шынтақтасқан.
Аннас кеп біздің елге, қайтқан солай,
Қатынас бола берген содан былай.
Пайғамбар жіберді деп келгендердің
Тоқтаусыз болғаны осы аты жолай.
Осылай аңғарсаңыз туысқанын,
Досына сақи да сол қиған жанын.
Бабамның ежелдегі әдеті ғой
Кең жайып қарсы алатын дастарқанын.
Сол Ақтан «Әліммін» деп басын берген,
Талайдың басын қазақ сүйеп жерден.
Көргендер күңіреніп, таңырқапты,
Атойлап, «мен – қазақ» деп айтып өлген.
Жазылған шежіресінде бұл дананың,
Жарықшақ ұрпағы деп сахабаның.
«Жел тұрмаса, қимылдай ма қамыс басы»,
Сөйлеген бос сөзі емес бозбаланың.
Деуге ата Ансары Аннас қисын бар ма,
Деушілер сүйенді осы қисындарға.
Өмірдің өзгерісі өтіп жатқан
Әкеліп жанастырған осыларға.
Атамыз ансарылық Аннас емес,
Түріктен арғы атамыз, етпе егес.
Араптан келіп елші неше түрлі,
Айтылған, жатта қалған жалған кеңес.
Алты жүз жиырма бестің жылдарында,
Айдархан хан болыпты Былғарыда.
Аталып Қазақ атым осы кезден,
Таралған ұлы менен қыздарына.
Жанбақты, Оразбақов, Кенжебаев,
Байғұлы, Тоқберлі мен Қанатбаев,
Қадырқұл, Айдарқұл мен Ернияздар,
Болам деп өскен ерлер елге қайық.
Мың үш жүз сексен сегіз сәнасында,
Алабұға, Былғары, Садуым қаласында
Елбақты мен Бекшора сол кезде хан,
Ілһам хан таныс Қазан қаласына.
Байшора, Бердібек, Тоқаш, Әкімқандар,
Мәскеуде болған Иван, Василилер.
Садуымда Бараж хан Құлқын ұғылы,
Барыс хан, Шеңгелші хан, Собай хандар.
Түркістанда Ноғайбақ болыпты хан,
Ақсақ Темір не айтса істеген жан.
Жомарт қазақ осыған ас-су болып,
Айғыр, қошқар, түйеден бура атаған.
Емес-ай қазақ, сірә, қара халық,
Сияқты ілгеріден дана халық.
Яковтың он екі ұлы – он екі ру,
Бәни Ісрайыл атанған көп аталық.
Сол кезде «кайе» деген халық болған,
Бетіне ол халықтың келмеген жан.
Өлтіріп егескенін жұдырықпен,
Айтқыштықпен тағы елді таңырқатқан.
Бір кайе бір Ісрайылды еді ұрған,
Жаны ашып Ісрайылға Мұса тұрған.
Болысып Мұса Ісрайылға кайені ұрса,
Жазым боп, кайе сонда өліп қалған.
Мысырдан сол себепті Мұса қашқан,
Таба алмай халқы көп алжасқан.
Болжамда осыларда еске алынса,
Талайдың болмас па еді сырын ашқан.
Табынған кайе халқы көк пен күнге,
Айбарлы ерлігімен алған жүлде.
Ерікті ел шеру тартып өз бетімен
Еркінше жүре берген жапан шөлде.
Көп қауым аз қауымды қыра берген,
Аз қауым ауа берген жерге жерден.
«Қорлығын жаудың көзбен көрмейік» деп,
Талайдың өз қолынан аруы өлген.
Көп болған надан қауым жүрегі мұз,
Мекені аз қауымның тау менен құз.
Көзімен жау азарын көрмеу үшін,
Қолымен талай әке өлтірген қыз.
Талайлар көшіп жүріп болған ойран,
Күшті қауым талайды азаптаған.
Аз қауым құрлықтан-құрлыққа ауып,
Кейбірі өліп-талып қауым болған.
Кайе қазадай қауымды іздеп,
Көп жер шарлаған қуып жүзден.
Таба алмай, ақырында қойыпты олар:
«Жауында кетті ме, – деп, – еріп тұз боп.
Болмаса көп қауымға бірнешеу боп,
Бөлініп кірген шығар елеңсіз боп».
Делінген жақсылардың болжамымен,
Аяқсыз қалдырыпты іздеуді тек.
Сол кайе қазадан ұрпақ депті,
Он жеті ата өткенсін «Қазақ» кепті.
Орысқа орам болғанда қазақ атым
«Қырғыз» болып аталып тағы кетті.
Орыс кеп қырғыз десе, қырғызбын деп,
Қай орыс жазған, кәне, қазақсың деп.
«Маржа» десе, қатынды маржа дедік,
Қазақ десе, ол жазды «қырғызсың» деп.
Күні кеше емес пе «қазақсың» деп,
Ұлы Октябрь атымды қосты іздеп.
Бұл болмаса ел кезген саятты орыс,
Әлдеқашан атаған қырғызсың деп.
Тіл білмейтін мал баққан қазақ едік,
Не жазса орыс, бас изеп «мақұл» дедік.
Күні кеше болмаған мына сөзді,
Ойға тағы салуды ақыл дедік.
Ұлы Октябрь үйретті көмек деді,
Ұлы атымды атады, бөлектеді.
«Қазан соқты қауынды» деген сөзді
Католик дін дәйім демеп пе еді.
Орыс көрсек, тілдің сол шолақтығы,
Тілмәштің көрдіңіз бе олақтығы,
Тіл білмеген кездегі жұрт жазғанға
Қойсақ деймін дұрысы, болатыны.
Осылардың бәрін де еске алайық,
Ғасырға ілгері өткен көз салайық.
Онан бергі жазуды дәкуметдеп,
Тұрып қалу іс емес, тіпт, лайық.
Советтің дәуірінде, міне, бүгін,
Айқастым кекті жауға қарыс түгім.
Сексен бес батырым бар осы таңда,
Қоныстас білді елдер кімнің-кімін.
Төлеген, Баукең, Мәлік бауырларым,
Қазақтың нары осылар артқан бәрін.
Майданда ерлік үшін он алты мың
Орденді тақты төске ұл-қыздарың.
Қазақтан шыққан талай жүйрік тұлпар,
Не білгір, небір шешен, не дүлдүл.
Батыр бар, ана да бар, ақын да бар,
Солардың түп атасы нақ осылар.
Қайсысы қай рудан шыққандығын,
Шешілер түгел жазсақ бар ұрпақтар.
Мен қазір қан майданның ішіндемін,
Оларды аяқтауға уақытым тар.
Бері кеп, міне, біздің заманда да,
Айтулы, аты шулы көп ғалымдар.
Отанға, партияға еңбек етіп,
Тарихтың шежіресіне жазылғандар.
Қазақтың мерейі бұл қасиетті,
Еңбектің қайраткері қанша ұл-қыз бар.
Әйгілі болды Отан соғысында,
Атаның атап даңқын, ұмтылғандар.
Өтінішім, өзің туып, өзге болып,
Қазақтың атын текке қымтамаңдар.
Аман-сау жауды жеңіп, қайтсам елге,
Жазармын тілеп ұрпақ, етсе қадар.
Қазақта үлгі-өнеге, көп даналық,
Ескеріп, зерттесең, бар жаңалық.
Сондықтан ойланатын бір мәселе
Шежіренің бірі – жазу, бір – халық.
Жасасақ ғасыр қалай, шежіре солай,
Қалайда осы араны ойланайық.
Шежіренің түпнұсқасын қойғанда біз
Қарашы, үш жүздің-ақ өзін алып.
Әр жүзді әркім жазған әрбір түрлі
Отыздан шежіре бар, таңырқарлық.
Бәрі де Аннасқа кеп тіреледі,
Түрліше ұрпағына аттар тағып.
Ауызша елдер, ерлер құрастырған,
Жүрсе де қалдырмаған қойды бағып.
Пәтуалы шежіреден мен де жаздым,
Дұп-дұрыс, дей алмаймын жоқ қаталық.
Бұл үшін өкініш жоқ, қуаныш көп,
Ырзамын жүргеніме осы қалып.
Үш жүзден бермен қарай таралғанның
Өзіне етем өзім мың тәубалық.
Қалайда «қазақ» есім тегін емес
Ол бір от тұратұғын мәңгі жанып.
Сол үшін көп жартының біреуімін,
Дамылсыз жүретұғын іздеп анық.
Қазақтың «қазақ» есімі һәм атасын,
Тілегім, білсек деймін, анықталып.
Тарихтар әрбір жерде тексеріліп,
Ғылыммен ашылса екен құпиялық.
Көнбеймін арап Аннас дегеніне,
Түрік, кайе тұқымнан тараталық.
Есітіп, көргенімді жаздым мен де,
Керегін реттер жұрт ойға салып.
«Болмайды қара мысық меңсіз» деген,
Жазғаным түпнұсқаны пайдаланып.
Жазған қол, есіткен құлақ айыпты емес,
Мүлікті бағасы жоқ қазыналық.
Кемісі болса, халқым, кешіріңдер,
Алмаса баба аттары жаңсақталып.
Созайын тілек тілеп сөз аяғын
Шежірені осымен доғаралық.
Жайымды, жағдайымды баяндайын,
Ақындық емес мұным – базыналық.
Ақтап, шежірені жаздым тілек,
Алдымның не боларын тағдыр білед.
Қазірде қан майданның ішіндемін,
Достыңды деуге болмайды «жаңа жүр ед».
Қан төгіп, кекті жауға қайтарасың,
Барамыз жерден қуып, қарша күреп.
Кездесіп қоян-қолтық алысқанда
Бауыздап, талайларын кеттік іреп.
Бәріде ұрпақ үшін, Отан үшін,
Дамылсыз айқасуда миллион жүрек.
Білемін әділеттік жеңіс бізде,
Ой бөліп отырғаным мынау тілеп.
Істеген істерімде болса өлшем,
Мұзбалақ қырандай боп жауға төнсем.
Өшіріп күлін көкке фашистердің
Тарихқа таңқаларлық етіп жеңсем.
Жер таппай паналауға нағылеттер,
Еңіреп, етек жайып түссе енсең.
Жете алмай дегеніне жексұрындар,
Жыласын ара-шөлде кемсең-кемсең.
Одағым арыстан ғой, аңла оны,
Қайсардан қаймығарсың қарсы келсең.
О, тағдыр, ырза емеспін, ырза емеспін,
Қолдан істеп, көзіммен көрмей өлсем.
Ойдағы ойды бажай еткеннен соң,
Жоқшылық, бейнет сені жерге көмсем.
Қапалық, қайғы-қасірет сонан кейін
Өмірше көрмей мені, оттай сөнсең.
Сүйсініп еңбегіме елім, халқым,
Бақыттың дәрежесін маған берсең.
Жұртымның сонан былай ішінде боп,
Еркіммен дәурен сүріп, ойнап-күлсем.
Алдында туған елдің қызмет етіп,
Гүліндей қиялардың көктеп өнсем.
Асыраған арып-ашып ата-анамның,
Жұмысын қабақ шытпай істеп жүрсем.
Күн бітіп, дәм таусылып, бітсе өмірі,
Өзінің лайығымен жерге көмсем.
Тірнектеп қолдан жиған мал-мүлкін,
Қалпында, шашпай-төкпей сүттей емсем.
Бабалап алдан шығып балаларым,
Төсімде жатса аунап, сырттан келсем.
Өзінің абыройы үшін, азбас үшін
Білімге мәуелерді үзбей телсем.
Олардың еткеніне баға беріп,
«Ел үшін ер болар» деп өзім сенсем.
Өсіріп перзенттерді осылайша
Жастықтан кәрілікке көңіл бөлсем.
Мүлтіксіз Отан үшін істеп істі,
Тасқындап көтерілсе судай еңсем.
Бақ пенен абыройым баста болып,
Қадірлер халық ішінде сен де желсең.
Ел үшін, Отан үшін еңбек еткен,
Ерлердің аты шыққан соңына ерсем.
Аралап неше түрлі бау-бақшаны,
Түрленген мәуелерден жеміс терсем.
Кездесіп достарыма сол арада,
Болса егер, кемісіне жәрдем берсем.
Елімнен мұқтаждықтың түрі құрып,
Әркімнің керегі ерсе емпең-емпең.
Сойылып бағлан қозы тойға шашу,
Қосылған ер мен елге тартса, көрсең.
Қуанып аға-жеңге абыр-жабыр,
Бір-біріне айтса: «Шеш, – деп, – тең-тең».
Қауышып салтанатпен айтып ән-жыр,
Арман не аман барып қызық көрсем.
Қой көндім, тоқта қолым, тұр қаламым
Деп айтпа мұнан артық дәурен сүрсем.
Мінеки, Әлімбайдың шын тілегі,
Халқым кеш, кем десең де, артық көрсең.
Айтайын адал сырым, халқым, тыңда,
Шежіре болды жолдас, сырласым да.
Кімнен кім атап, міне, өлең еттім,
Соғыста жаралы кез уақытымда.
Бәріміз бір ата-ана, бір туғанбыз
Кейінгі ескерткішім ұрпақтарға.
Елміз ғой еншіміз бір ежелден-ақ,
Татулық, мейірімділік, достық мұнда.
Қазақтың қасиетін әркім аңлап,
Мақтаныш болсын дедім қыз бен ұлға.
Жатқанда біз бесікте ата-бабамыз,
Бол деген, құлындарым, елге тұлға.
Ерлерім ескерерсің, еске аларсың,
Қапыда қайғы шегіп, қалсам мұнда.
Ел үшін, ұрпақ үшін өкінбеймін,
Кәдеге жарап барып, батсам мұңға.
Ал енді ат-жөнімді баяндайын,
Кім кепіл ажал итке, тұр алқымда.
Кіші жүз Бекарыстан: Майқы, Алау,
Құдияр, Алтын, онан – Сәдірқожа.
Қаракесек, Шемен, Бозғұл, Келдібаймен,
Ұлымын Қожакелді өскен дара.
Бөлінсем, онан – Тыныс, нәсілім – Рай,
Оқушым, танытайын, бермен қара.
Райдан Қысырау, Қытай, тағы Айбас,
Сөз етсем мұның өзі біраз сала.
Айбастан Арыстанбай батыр туған,
Жауларын талқан еткен пара-пара.
Мінеки, онан туған Меңдеке би,
Халқына қабырғалы болған пана.
Қонысбай – тентек кісі туған онан,
Батырбай баласы екен малға шаруа.
Батырбайдан Қожантай деген кісі
Көрмеген тірі жанның бірін ала.
Әлиасқар ағаң туған еді мұнан,
Мәрдідей диқан болған, кәсібі – дала.
Білетін пірі еді егіншінің
Берерін қай дақылдың қанша дана.
Сүймейтін қарыз-қауға, өтірікші,
Ниеті етсем дейтін істі сара.
Бір қалың уағдасы бар толық адам
Үлгерген қала емес ауылын ғана.
Ұғыланы сол кісінің мен – Әлімбай,
Басының ақылы кеміс, аңқау бала.
Тоқа мен Қарабазардың жиенімін
Қайдауыл, Кенжәлі би нағыз таға.
Өзімше адамсынып жүрген болам,
Көрдім деп ел көрмеген бірер қала.
Өмірді өтіп кеткен есептесем,
Іс емес, істерімнің бәрі шала.
Қу ғой деп сырттан халық тон пішкенмен,
Сенімін берер деймін бара-бара.
Дегендей «жаяу ақын атты жемес»,
Айығып, жазылса екен бойда жара.
Мен әлі майдандамын, іздесең кеп,
Қауышып болар ма екен бізден де көк.
Жарылып қабыменен қалар ма екен,
Болмаса ектеп қойған алтындай сөк.
Ой, шіркін, сөйтіп дүние өтер ме екен,
Алдаушы қалдың артта дүние боқ.
Халқым-ай, бүйдемеуге мүмкін емес,
Айналам жанып тұрған қып-қызыл шоқ.
Дамылсыз күні-түні айқастамыз,
Жаудырып жауыздарға жалындай оқ.
Ал, халқым, қайраттаншы, қажырланшы,
Мезгілді уақытында қурайды шөп.
Сол үшін біз де, сіз де деп тілейік,
Борандай жақсылықтың дауылы соқ.
«Балам» деп күнбатысқа қарай бермей,
Қайғысыз, қарындарың болсыншы тоқ.
Жұмыста, яки үйде қапаланба,
Хабар мен тым болмаса деп хаты жоқ.
Қозыдай шулап ертең қосылады,
Аз күнде Гитлер құрған құртылып топ.
Сол үшін уайымданбай, қайран халқым,
Қайғыңды бойыңдағы судай ғып төк.
«Адамның басы – Алланың добы» деген,
Көрерсің, аман барып, домалап доп.
Маршалдың айтатұғын күні жақын, –
Деп, халқым, балаларыңның бетінен өп.
Осымен шежіре де бітіп еді,
Аяғы аз сөзбенен осындай боп.
Қазақпын баста Алтайды қоныстаған,
Талай ғасыр өткен соң Мәулен барған.
Қазылып, ізі жатыр ошақтай боп,
Бабамның екі арада желіп-жорытқан.
Мәуленнаһар қазіргі Тәшкен екен,
Неше ғасыр қазақтар еткен мекен.
Ұрпағы дәулетіміздің өскеннен соң,
Үш жүзге жерін де, ұлын бөлген екен.
Қазақпын ерте туып, кеш ер жеткен,
Көңіліне гүлдендіріп гүлдер еккен.
Тарихым бар талайды тамсандырар,
Досы күліп, дұшпанды еңіреткен.
Халықпын қатардағы әдетім бар,
Ежелден малды баққан, еңбекқұмар.
Кеңпейілдік, шешендік, әзілдері
Теңізді толқындатып, көл тындырар.
Өсірген ұл-қыздарын ерен қылып,
Ізет, құрмет, әдепті мінез-құлық.
Аспай-саспай арманын түсіндірген,
Тіл тартпаған тік қарап десе де ұлық.
Айбындай айтар сөзін айтып өткен,
Солардан үлгі-өсиет бізге жеткен.
Сол бабалар еңбегі ұрпақтарын
Қатардағы ел етіп ұғымды еткен.
Қажыры бар, қаламы бар,
Қайраты бар қазақпын.
Теңізде – толқын, тау басын иген
Айбаты бар қазақтың.
Жеті қабат жердің де біліп тылсымын,
Өрлеген өрге, өркені өскен өнермен
Үлгі айнасы бар қазақпын.
Облысым Қызылорда атанып ед,
Қармақшы ауданы боп атанып ек.
Бұрында сегізінші ауыл, колхоз Бестам
Мақтаулы Сталиннен хат алып ек.
Үлгілі, гигант колхоз болу үшін,
Кейінде «Бозарық» боп атанып ед.
Қайратты, осы колхоз мүшесімін,
Жан айтпас деп кетпенін дат алып ед.
Аман-сау қайтсам елге, табылам сонан,
Деп егер, іздеп келсең «қатарым ед».