Дүниежүзіндегі халықтардың тайпа, руларға бөлінуі

Айтылған имамдардан кітаптар көп, Бәрінің басында бар бисмилласы. Дүниеде жүргенінде әрбір адам, Айтпастан бисмилланы ішсе тағам. Қосылып шайтан лағин бірге ішеді, Ада ғып болғанынша бәрін тамам. Бағзылар патша болып дәурен сүрді, Бағзының жеті ықылымға үкімі жүрді. Бағзылар батыр болып, даңқ шығарып, Дүниенің сарайынд...

Қазақша
Дүниежүзіндегі халықтардың тайпа, руларға бөлінуі
Айтылған имамдардан кітаптар көп, Бәрінің басында бар бисмилласы. Дүниеде жүргенінде әрбір адам, Айтпастан бисмилланы ішсе тағам. Қосылып шайтан лағин бірге ішеді, Ада ғып болғанынша бәрін тамам. Бағзылар патша болып дәурен сүрді, Бағзының жеті ықылымға үкімі жүрді. Бағзылар батыр болып, даңқ шығарып, Дүниенің сарайында әр іс қылды. Бағзының өз күшімен үкімі жүрді, Бағзылар бір себептен шаһлық құрды. Бағзылар Набыт патша күшіменен, Әдеттен артығырақ іс қып жүрді. Бағзының атасынан мирас қалып, Өлген соң отырады орын алып. Бағзылар бір палуанның күшіменен Тұрады патшалығы қуаттанып. Сүлеймен патша еді һәм Пайғамбар, Еш адам істемеген істері бар. Бір жүзік себебінен үкіміне еніп, Адам, жын, һуші, дию тұрадылар. Ескендір – патшалардың еді бірі, Бағзылар Пайғамбар деп айтар мұны. Халқына басшы болған себебінен Қаратты жер жүзінің бар халқыны. Келмеді патшалардың күш-қуаты, Бір палуан болған еді Рүстем атты. Пайғамбар Нұх ұғлы Самға барар, Ілгері айтқандардың баршалары. Бұлардың баршасының шыққан жері, Ираннан күнбатысқа еді елі. Япыстың әулетінен патша болып, Жалғыз-ақ күншығыстан Шыңғыс келді. Шыңғыс хан өз күшімен шаһлық еткен, Уақтында анша түрлі іс көрсеткен. Хорасан, Иран, Тұран, Дәшті Қыпшақ, Үндістан, Қытайға да үкімі жеткен. Жазылған кітаптардың бәрінде бар, Тәпсірін баян еткен әйлап ізһар. Ілгері Шыңғыс ханның аждатларын Білдіріп айтпақтыққа болды дәркар. Топырақтан пайда болған әзірет Адам, Жаннаттың айуанына қойды қадам. Адам мен Ауа ананың әулеті дүр Бұл жүрген пенделердің бәрі тамам. Адамнан Шист пайғамбар дүниеге енді, Шист ұғлы Ануш одан туған ер-ді. Ануштан Маһаил, одан – Ыдырыс, Матушлық, одан туып Ламак келді. Нұх туды одан кейін уақты жетіп, Қауымына мың жыл жүрді дағуат етіп. Адамдар тілін алмай «жадыгөй» деп, Ренжітті неше түрлі іс көрсетіп. Бір Құда ол қауымға ғазап қылды, Баршасын әлек етіп сумен қырды. Нұх пен сексен адам аман қалып, Дүниені мекен етіп олар жүрді. Баршасы адамдардың өлді жана, Үш ұғлы Нұх нәбиден қалды бала. Аттары Сам мен Хам, Япыс ер-ді, Қатынын алған еді бәрі һәмма. Жер жүзін әзірет Нұх үшке бөлді, Иран мен күнбатысты Самға берді. Үндістан мемлекетін Хамға беріп, Тұраннан күншығыста Япыс ерді. Суына Еділ-Жайық Япыс барып, Отырды мекен етіп қарар алып. Япыстың әулеттері одан кейін, Көбейді атырабына һәм таралып. Япыстың әулетінің перзенттері, Өзінен сегіз еді туғандары. Түрік, рус, сақлап, қытай, тарық, жапон, Камары, манжур еді оның намы. Дүниеде екі жүз жыл Япыс жүріп, Пәниден өтпектігін кәміл біліп, Ұғлының баршасының кәттасы үшін, Орнына Түрікті қойды үлкен қылып. Түрік жүріп қанша жерді сайран етті, Ұлықкөл деп айтылған жайға жетті. Өмірінің барлығынша анда тұрып, Көбейіп, әулеттері тарап кетті. Өмірі ұзын, дәулеті көп падиша боп, Қадамы жеткен жерге үкімі жүріп, Оғыз хан екі жаста тілге келді, Айтпастан өзге сөзді «Алла» деді. «Жастықтан тілі келмей айта дүр» деп, Моңғолдар сөз мәнісін білмес еді. Туғаннан бір Құданы Оғыз танып, Ай тұрды Ақтың атын аузына алып. Танытып зат сипатын қойған еді Көңіліне Қадір Құда нұрын салып. Оғыз хан бәлиғатқа кәміл жетті, Атасы үйлентпектің қамын етті. Айтолған Рузахан атты інісінің Бір қызын алып беріп, неке етті. Екеуі отырғанда сұхбат құрып, Оғыз хан ол қызға айтты ызғар қылып. – Сен менің тілімді алсаң, мұсылман бол, Алланы ортағы жоқ жалғыз біліп. Есітіп Оғыз ханның ол қыз сөзін, Қайтармай күпірліктен тұрды өзін. Жатпастан төсегіне бөлек жатты, Паһимлап тіл алмаған бір мінезін. Мұнымен бірнеше уақыт кетті өтіп, Бұл істен Қара ханға хабар жетіп. Және де Көз хан атты інісінің Бір қызын алып берді, неке етіп. Оғыз хан ол қызға һәм айтты жана: «Бір біліп, қайіл бол деп бір Аллаға». «Құдай, – деп, – айтқаныңды білмеймін» деп, Қылмады айтқаныңның бәрін һәмма. Жатпады, ол қызбен һәм болып бірге, Сапарға шығар еді әрбір күнде. Көз ханның бір қызына душар болды, Аң аулап келе жатқан мезгілінде. Оғыз хан қызға қарай айтты: «Ей, жар, Жасырын айтатұғын бір сөзім бар. Өзінің інісінің екі қызын Ілгері атам маған әперділар. Оларға айтып едім сөзімді бұл, Қылмады екеуі де әні қабыл. Бірлесіп оларменен жүрмей дүрмін, Айтқандық есебінен күпірлік дүр. Әгарда, ол сырымды қабыл қылып, Сөзіме менің айтқан тұрсаң кіріп, «Анама алып бер» деп мағлұм етіп, Өзіңді алар едім неке қылып». Қыз айтты: «Қандай болса айтар сырым, Қыламын екі етпестен аның бірін». Оғыз хан атасына мағлұм етті Көз ханның қызын алып бермектігін. Атасы мұны естіп құрсантланып, Көз ханның қызын берді Оғызға алып. Ол қыз һәм кәлима таухид айтты, Алланың бірлігіне көңілі нанып. Екеуі сұхбат етіп ойнап жүрді, Оғыз хан жекер етіп, ау құрды. Елінен алыс жерге ұзап кетіп, Сахарада бірнеше күн келмей жүрді. Қарахан қатыныменен отырғанда Сөз қылып келіндерін айтты анда. – Балама алып берген келіндерім Не үшін жақпас, – деді, – Оғыз ханға. Қатыны Қара ханның мұны естіп, Сұрады келіндерден сауал етіп. – Оғыз хан соңғы әйелін жақсы көрер, Өз көңлі қаламайды сізді нетіп? Келіні айтты: «Бұған бір себеп бар, Балаңыз бір түрлі сөз айтадылар. «Алланың бірлігі мен барлығына, – Деп айтар, – ықыласыңмен бол ықтияр». Қылмадық ол айтқанын біздер қабыл, Сол үшін бізбен араз бірнеше жыл. Ең кіші келініңіз қабыл етті, Біздерден жақсы көрер себебі бұл». Қатыны келіндерден мұны есітті, Білдіріп Қара ханға мағлұм етті. Қылғанын анасынан хабарланып, Оғызды өлтірмекке көңілі кетті. Қарахан атырабына хабар салып: «Алдыма келсін, – деді, – тез жиналып». Оғыз хан жекер қылып жүргенінде Сахарада өлтірмекке іздеп барды. Қатыны Оғыз ханның мұны білді, Көңіліне әбден артық қайғы кірді. Атасы дұшпандықты ойлағанын Білдіріп бір адамнан хабар қылды. . . .* Оғызының көңіліне, Білдірді барша халыққа хабар беріп. . . .** Өзімді қалағаның мұнда келіп. Халқының Қара ханға көбі барды, Қолында Оғыз ханның азы қалды. Азбын деп өз көңіліне қауіп ойламай, Оғыз һәм ұрыспаққа даярланды. Көбі еді Қара ханның ұғлы інісі Тұрмаққа атасымен болмай хошы. Олар һәм Оғыз ханмен бірге болды Қалмастан Қара ханда ешбірісі. Хош уақыт боп Оғыз айтты: «Ұйғырлар, Қасымда келіп менің бірге тұрар». Оларға бұл айтқан сөз ру болып, Ұйғырдың руы деп есім қылар. Мағынасы ұйғырдың құп белгілі, Әуелден бұл уақытша түріктің тілі. Сүт сауып, пісірген соң қатық болып, Қойылып, ұйыды деп айтар мұны. Қара хан әскерімен басып келді, Оғыз һәм даярланып тұрар еді. Ата ұл бір-біріне қарсы тұрып, Қызығып баһадүрлер ұрысқа енді. Ақыры екі әскер араласып, Ұрысты қылыш жұмсап, найза жаншып. Бақыт ықпал Оғыз ханға жәрдем болып, Басынан Қара ханның дәулет қашып, Екі әскер араласып ұрысқанда, Оқ тиді біреу атқан Қара ханға. Сол оқтың зарпыменен кесел болып Тәнінен жаны шығып, өлді анда. Оғыз хан патша болды, таққа мініп, Өзінің қарауына үкімі жүріп. Алланың тұғры дінін жария қылды, Ақ жолға халықтың бәрін дағуат қылып. Үкімінде Оғыз ханның әркім тұрды, Айтқанын қабыл алып дінге кірді. Ақ дінге кірмеймін деп жүз қайтарған Адамды аман қоймай өлтірер-ді. Әуелі моңғол халқы кіріп дінге, Тұрдылар Оғыз ханмен болып бірге. Одан соң атыраптағы халықтарменен Сап байлап ұрысар-ды әрбір күнде. Оғыз хан қашырарды әлі жеңіп, Тұрар-ды жеңілгендер дінге кіріп. Бағзы бір ақжолына кірмегендер Татарға тұрар ерді қашып келіп. Ол уақытта татарлардың тамам елі, Шүршітке жақын жерде тұрар еді. Моңғолдың Темір, Қазық тарапында Болады мекен еткен оның жері. Қосынмен татарға һәм Оғыз барды, Ұрысып, басым болып қырғын салды. Неше күн қона жүріп елін жауып, Есепсіз қазына, жасау қолына алды. Алмаққа көлік болмай қазына, малын, Ағаштан арба қылып артты бәрін. Ол уақытта «арба» деген аты болмай «Қанық» деп ақылменен қойды намын. Бұл түрлі ат қойғаны жол жүргенде, Қанықлап әуе шығып тұрар дәнда. Ұстаға «Қанықлы» деп ат қойылып, Андан дүр қаңлы руының бәрі һәмма. Оғыз хан жетпіс екі болғанда жыл, Ұрысып үкіміне енді татар, моңғол. Баршасы күпірліктен жүз қайтарып, Шаһадат кәлима айтып шығарды тіл. Андан соң қытай, шүршіт, тибетті алды, Теңізге одан арғы жақын барды. Ол уақытта әскер басы кәтталары Қатынын бірге алып һәм жүрер-ді. Ұрыста әскер басы біреуі өліп, Қатыны қалып еді буаз болып. Суықта бір ағаштың қуысының Ішіне бала туды қатын келіп. Баланы Оғыз ханға алып барды, Анықтап, ақиқатын сұрап қанды. Атасы қызметінде өлгені үшін Өзінің асырамаққа қолына алды. Қыпшақ деп ол баланың қойылды аты, Бұл аттың мұнда еді ақиқаты. Ағаштың кеуек жерін күбішек дер-ді, Ілгері ескі тілде түркі халқы. Ол бала кәтта болды құп ержетіп, Әскерге оны қойды бастық етіп. Ол уақытта мажар, башқұрт Оғыз ханға Жау еді дұшпандығы кеткен өтіп. Қыпшақты көп қосынға бастық қылып, Жіберді башқұрттарға хан бұйырып. Дұшпаннан Еділ, Жайық бойын алды, Ұрысып бірнеше жыл Қыпшақ жүріп. Башқұрт пен мажар халқы қашып кетті, Ол жерді Қыпшақ тұрып мекен етті. Көп уақыт болғанынша анда тұрып, Көптігі әулетінің әбден өтті. ...ат қойылған бір ру бар, Айтылған ол баланың нәсілі дүрлар. Ол жерге аның үшін бұл уақыттарда Дәшті Қыпшақ даласы деп есім қылар. Оғыз хан аттанбаққа талап етіп, Қосынын моңғол, татар тамам ертіп. Самарқан, Тәшкен, Сайрам, Бұхарды алды, Түркістан, Әндіжанға үкімі жетіп. Балық пен одан кейін Ғұрыны алды, Қар жауып бірнеше жыл келмей қалды. «Жүре алмай қардан қалдық» дегені үшін Қарлық деп ру болып айтылар-ды. Кабул мен Қызнин, Кашмир атты қала Оғыз хан жеңіп алды бәрін әмма. Баршасын алған жердің мұсылман қып, Моңғолстан өз жұртына келді жана. Жұртында қарар алып, бір жыл тұрып, Иранға және аттанды қосын қылып. Біреуді жасауылдар ханға әкелді, Кейінге қалғандығын оның біліп. Хан айтты: «Кейін қалып неғып жүрсің?» Ол айтты: «Жүре алмадым аштық үшін». Хан айтты: «Ондай болса қосынға ермей, Мұнда қалғын, өзіңнің еркің білсін». «Қожа» деп ат қойылған бір ру бар, Нәсілінен ол адамның бола дүрлер. Хорасан, Араб пенен Бұхарада Аймақпен осы уақытта бірге тұрар. Оғыз хан Әмудария судан өтіп, Хорасан аймағына барды жетіп. Бұмынды патша қылмай тұрған еді, Киемес ол уақытта өліп кетіп. Хорасан, Мүлік, Ирак, Араб, Ажан Әрмене, Әзірбайжан, Шам. Оғыз хан қосынымен тынбай жүріп, Ұрысып жеңіп алып баршасын һам. Андан соң өз жұртына келді қайтып, Көңілінде құрсанттығы әбден артып. Есепсіз көп мал сойып, той берділар, Халқына бірнеше күн хабар айтып. Бар еді Оғыз ханның алты ұлы, Үшеуі бір әйелден бұрын туды. Аттары: Күнхан, Айхан һәм Жұлдызхан, Үшеуі «Көктен, Теңіз» деп айтылады. Оғыз хан патша болып дәурен сүрді, Бір жүз он алты жыл шаһлық құрды. Бұл дүние бейбаһадан сапар етті, Орнына патша болып Күн хан тұрды. Жетпіс жыл патшалықты Күн хан етті, Ай ханды таққа отыртып ол һәм өтті. Дүниеден ажал жетіп Ай хан өтіп, Жұлдыз хан шаһ болмаққа нәубат жетті. Меңлі хан Жұлдыздан соң шаһлық қылып, Онан соң Теңіз тұрды таққа мініп. Теңіз хан бұл дүниеден өткеннен соң, Елханның патша болды үкімі жүріп. Моңғолдардан хандықтың кетіп, Аркінақұн тауына қашып барғаны Білдіріп ілгеріде айтып едім, Моңғолдан тоғызыншы Ел хан дедім. Татарлар жетісінші Сүйеніштей Мәлім қып жоғарыда хабар бердім. Ол уақытта моңғол – татар еді дұшпан, Сап байлап неше мәрте көп ұрысқан. Моңғолдар әр ұрыста басым болып, Жеңіліп қашар еді Сүйініш хан. Түр атты Паридонның ерді ұғлы, Тәшкенде патша болып отыр еді. Моңғол мен татарлардың бұл жұмысы Болған деп Түр уақытында айтылынды. Татарлар ұрыспақтан үміт үзіп, Сөйлесті Түр патшаға елші салып. «Моңғолдан көп кемшілік көрдік, – деді, – Бермесең жәрдем беріп, кегімді алып. Түр патша оның сөзін қабыл көрді, «Қосылып барайын» деп уәде берді. Қосыны екі ханның біргелесіп Үстіне моңғолдардың басып келді. Ел хан һәм дұшпандардан хабарланып, Моңғолдың баршасынан қосын алып, Бұлар һәм ұрыспақтың қамын етті, Жер қазып атрабына һәм қамалып. Күтеді келген қосын арты қанша, Жүгірді аламыз деп орға қанша. Моңғолдар ішкеріге кіргізбеді, Оқ атып, таспен ұрып тамам барша. Татар мен Түр қосыны ила етіп, Қашқандай көтеріліп, қалды кетіп. Моңғолдар ордан шығып ат қойдылар «Қашты» деп өз көңіліне шаттық жетіп. Ішіне қашқандардың барып кірді, Атының баршасы һәм мойнын бұрды. Бұлардың қарсысынан қайта ұмтылып, Аянбай бір мәртебе ұрыс қылды. Оларды ортаға алды шауып, шаншып, Тұра алмай, орға кірді қайта қашып. Баршасы қуғандардың орға кірді, Моңғолдан ажырамастан араласып. Моңғолдың адамының бәрін қырды, Аямай, рақымы келмей өлтіреді. Қыз-қатын және қанша қалғандарын, Өлтірмей ұстап алып пенде қылды. Бар дүние, аяқты мал, қазыналарын Қалдырмай, талан етіп алды бәрін. Олжа ғып қыз-қырқынын өздері алып, Құл қылып іске салды еркектерін. Қай үйде жүрген болса қызмет қылып, Өзінің моңғолдығын ол жасырып, Онан соң өздерімен әулеттері Сол елдің руына кетті кіріп. Бар еді Ел ханның бір кіші ұғлы, Қиян деп ол балаға ат қойылды. Қиянды жаңа түскен қатынымен Татардың қосындары алып жүрді. Бар еді екеуінде бір жас бала, Нәгуз деп ат қойылған еді аңа. Оны да қатынымен пенде қылып, Бір қоста алып жүрді бәрін әмма. Төртеуі оңашада ақылдасып, Бір түні білдірместен, шықты қашып. Құтылып татарлардан халас болды, Аянбай түнде қанша жолды басып. Әртүрлі төрт аяқты айуандардан, Шапқанда, мал көп еді жолда қалған. Төртеуі кез келгенін тауып алды, Қой, түйе, жылқы, сиыр әрбір малдан. Ойласты: «Бір руға барсақ кіріп, Өлтірер дұшпандықпен бізді біліп. Өлімнен аман болып тұрсақ, – деді, – Бір жерді адамы жоқ мекен қылып». Көңіліне бұл қиялы мақұл келді, Бір үлкен жақын жерде тау бар еді. Төртеуі қолға түскен малын айдап, Бір жолмен жалғызаяқ тауға енді. Қаншама машақатпен таудан өтіп, Ағын су, бір кең жайға бұлар жетіп. Асу жоқ атрабында бекем жерде Отырды төртеулері мекен етіп. Қыс болса, ол малдардың етін жеді, Жаз болса, сүтін сауып ішер еді. Қой менен түйелердің жүнін алып, Иіріп үстеріне һәм киер-ді. Дер еді Әркінахун таудың атын, От-шөбі көп жай еді, жері салқын. Олардың әулетінен деп айтады, Кейінгі ру болған моңғол халқын. Сол жерді мекен қылып тұрды қанша, Көбейді әулеттері арты қанша. Төрт жүз жыл қарар алып онда тұрып, Ол тауға сыймайтұғын болды барша. Сөйлесті кәтталары бір күн тұрып, Бұл тауда күн көрмейміз біздер жүріп. Бабамыз айтушы еді: «Тау сыртында Көп жер бар, халық отырған мекен қылып. Біздерді олар кетті шауып алып, – Деп айтты, – аман қалдық тауда қалып. Дұшпаннан кек алатын біз де болдық, Баршамыз отыралық сонда барып. Біздерге қайсыбір ел болса дұшпан, Сап байлап ұрысалық оныменен. Онымен біз де жақын боладүрміз, Егерде адам болса достық қылған». Бұл сөзді баршасы да қабыл алды, Далаға тау ішінен шығып барды. Бұлардың таудан шығып келгендігі Татар мен барша халыққа мағлұмданды. Сол уақыттың қаңлы халқы – ерді татар, Басқа да неше түрлі қаңлы жұрт бар. Көңліне дұшпандығы және келіп Татарлар моңғолменен ұрыстылар. Ұрысты бірнеше жыл төгісіп қан, Қырылды есебі жоқ қанша көп жан. Татарды жер аударып жіберділер Моңғолдар қырып-жойып қайратбилән. Атырапта жақын тұрған қаңлы елі, Моңғолдың әмірін ұстап үкімі енді. Бағзысы «моңғолмыз» деп, ат өзгертіп, Қалдырып өз руын бәрһәм берді. Барша рулардың шыққандығы жайлы Оғыз хан заманында мәлім қылып, Айтып ем бес руды мен білдіріп. Ұйғыр мен қыпшақ, қаңлы, қалша, қарлұқ Көп болды жер жүзінде олар жүріп. Шыңғыстың заманында Қарлұқ ханы, Арыслан хан тарту етіп қызын берді. . . . Қарлық елі Моңғолстан тауларында тұрар еді. Шыңғыс хан жақынынан бір қыз беріп, Халқына осы түрлі білдірді сөз. Мұнан соң Арыслан өзінің жалғыз атын, Моңғолда «сирақ» сөздің мағынасы бар. Тәжіктің арғы нәсілі одан дүр деп, Тауарих кітапларды нақыл қылар. Біреуі ұйғыр еді бесеуінің Мағынасын Ұйғыр хан да айттым бұрын. Көбейіп жүз жиырма ру болды, Ұйғыр дер бәрінің һәм арғы түбін. Ұйғырдан кетпек болса қайсыбір адам, Байқұт деп айтар еді баршасын һам. Шыңғыстың заманында ұйғырларға Бір адам – байқұт еді Бауыршық нам. Ертістің өзенінде отырар-ды, Баршасы көбейген соң үш бөлінді. Мал бағып, егін салмақ, аң ауламақ, Үшеуі үш кәсіпті қылып жүрді. Шыңғыс хан Бұхараға аттанғанда, Бауыршық, Байқұт ерді ұйғырларға. Халқынан бірнеше мың әскер алып, Қосылды жолдас болып Шыңғыс ханға. Тәкуін деп бір рудың қойылды аты, Моңғолға қосылмайды оның халқы. Жанайық ат қойылған бір адамның Һүкімінде тұрар ерді һүкіматы. Шыңғыс хан заманында елші келді, Қырылмақ халқы бірлән көңіліне енді. Алдына Шыңғыс ханның өзі барып, Тарту ғып Боқай атты қызын берді. Оғыз хан нәбирасы бұл баланы, Қырғыз деп атын қойып айтар аны. Айтылған Рүх баланың нәсілінен дүр, Руының қырғыз, якут тамам бәрі. Ұранжығыт – бір рудың болған аты, Такуздың әулетінен әслі заты. Оларға ру маңғыт деп ат қойылған Тоғайда болған үшін аның халқы. Ұнғыт деп айтадүрлар бір руын, Дер ерді сегізмұран деген мұны. «Түркі дер ұзын арық» деген мисал, Моңғолдар «мадканба» дейді аққан суды. Торғауыт, қоры, толас үш ру бар, Бәрінің арғы нәсілі Ойрат ер дүр. Шыңғыс заманында Кұтырқа атлы, Кәттасы һүкімі еніп болған. Ойраттан бір ру ел шықты жана, Комат деп есім беріп, ат қойды ана. Ортқожын, Қокам деген орындарын Өтен ғып отырар-ды бәрі һәмма. Қумадан екі ру және келді, Болғасын һәм Кермужын атын дерді. Олардан үш ру ел және шығып Төлеңгіт руы Сүптін, Сытмай ерді. Рудың сол уақыттағы найман бірі, Ұйғырдың нәсілінен деп мұны айтар-ды. Қарақшы, Анбат, Таян ат қойылған Найманның хандары бар көп белгілі. Халқына Шыңғыс кейін болғанда хан, Найманды Таян еді сұрап тұрған. Шыңғыс пен арасында болған ісін Өзінің мезгілінде айтадүрмін. Керейт деп бір адамға есім қылды, Жеті ұл қара болып одан туды. Мағынасы түсі қара болғандықтан Керейт деп ру болып аталынды. Күшті еді ол уақытта Керейт елі, Найманға болып жақын тұрар жері. Екеуі бағзы уақытта тату болып, Соғысып бағзы уақытта қалар еді. Керейтте Марғұз атты бар еді хан, Қоршақұр атты ұл одан туған. Көп ұл Қоршақұрдан дүнияға еніп, Тиғрал деп біреуіне есім қылған. Шығлайдың уақытындағы патшалары Оң хан деп есім беріп, айтты оны. Оң деген – мәртебелі патша демек, Шыңғыстың ол Оң хан дүр ұрысқаны. Ұңғыт деп бір руға қойылды нам, Білсеңіз, мағынасы бар атының һам. «Ұңғыт» деп қытай тілде айтылады, Сақтаса дарбазаны қайбір адам. Қытайда ықтият қып бір қақпаны, Сақтатып қояр еді бір халыққа аны. Әулеті бірден-бірге тұрғаны үшін Қойылды ұңғыт болып оның намы. Қытайдың екі руға бөлер бәрін, Шүршіт пен қара қытай аттары оның. Екеуі бір-біріне көп жау болып, Өлтірді, шүршіт жеңіп қытай ханын. Түстайғыр ат қойылған еді бегі, Патшаның Әпіріснияп әулеті еді. Өлген соң Қытай ханы қайғы келді. Шаһарында бала Сағын хандық қылған. Жеңіліп кемдік көріп тұрар еді, Ұрысып неше мәрте қаңлыменен. Ел хан түс қайғыдан хабарланып, Шақырып, келтірмекті көңлін алып. «Қаңлыдан кегімді алып беріңіз» деп, Елшіден мағлұм етті хатқа салып. Түстайғыр әскерімен басып келді, Қаңлының ұрысымен бәрін жеңді. Елік хан Түстайғырға орнын беріп Тұрмақ, дүние көр болып қабын көрді. Түс айтты, өз халқына шақыртып жар: «Елік деп біле дүрсіз қойған ат бар. Түрікпен, – деп, – мұнан кейін айтсын, деді, – Әуелде түрікпен халқы одан дүрлер». Түстайғыр өзі атын да қойып «Гөрхан», Аттанып, жұрт ашпаққа талап қылған. Әндіжан, Түркістан мен Тәшкенді алып, Қалдырды Самарқанды бітімбірлән. Хиуаға әскерлерін баз жіберді, Хиуаның Сұлтанмахмұт деген ханы еді. Бітім қып Сұлтанмахмұт уақтығаша, Әр жылы жиырма мың алтын берді. «Торхақ» деп бір рудың қойған аты, Мағлұмсыз қайдан болған асыл заты. Хандарын күзет қылып тұрар еді, Ілгері уақыттарда түрік халқы. Нәубатпен бірінен соң бірі бағыт, Тұрғындар отырар-ды дабыл қағып. «Қорқақ» деп жатқанында айтқандықтан, Қорқақ деп ру болды, есімденіп. Меркіт деп бір рудың атын берді, Кәттасы – ол халықлардың Тоқтабегі. Шыңғыстың елін тауып, бір қатынын Олжа ғып ілгеріде алып еді. Сахарада Шыңғыс жүргенде жалғыз Пенде қып ұстап алған, ұшырасып кез. Алған соң құн бағасын, қайтып еді, Араға елші жүріп, айтылып сөз. Шыңғыстың екі мәрте кебі кетіп, Кейінгі хан болғанда уақыты жетіп, Қаншама қашсадағы аман бермей, Өлтірді ұстап алып, қатіл етіп. Бар еді қиял, нәсілі бір жақсы адам Өзінен туған еді алты ұғлан. Аттары: Жолық, Мәркен, Хибай, Шыра, Қосбұдан – кішісіне қойылған нам. Жолықтың бір баласы – аты Қоңырат, Осы еді қоңырат руы қойылған ат. Қыбайдан екі ұғыл ру болған, Елграс, алхлут деп әйлады ат. Бар еді Қосбұданның екі ұлы, Үлкенін Қаранут деп мәлім қылды. Қаранут деп айтқан рулардың Баршасы одан дүр деп айтылынды. Құтқұлыт екіншісі еді жана Одан бір дүнияға енді ұғыл бала. Екі ұл ол баладан дүнияға енді Андандүр Құралас елдің бәрі һамма. Аяшкін кішісінің Бұқан аты, Андандүр Алшын елдің асыл заты. Оймауыт ат қойылған бір адамы – Болады оймауыттың тамам халқы. Торғауыт ұрығыдан бір адамы – Қорқыма деп айтады оның намын. Қойылған өз тілінде «өлген» деген Адамның құмар дейдүр мұрындарын. Өзгеден оның мұрны үлкен келді, Сол үшін «Қанқұмар» деп есім берді. Қанқұмар рулары одан кейін Құмардың ұлымыз деп айтар еді. Құмардың әулетінің бір адамы – Меңлік деп ат қойылған ердің намы. Меңлікке жасырын қып адам салған Оң хан деп ат қойылған найман ханы. Оң ханның айтқаны еді бұл түрлі сөз: «Шыңғысқа жау боларлық сіз екеуміз. Аттанып ташқарыға мен барамын, Ішінде даярланып тұрыңыз сіз. Өз халқыңның олжа қылып алған малын Екіге бөліп алалық», – деп айтты бәрін. Шыңғысқа Меңлік келіп хабар берді Оң ханның дұшпанлықпен айтқан сөзін. Шыңғыс хан сол мезгілде он үште еді Қасына жолдас болып Меңлік енді. Онан соң өлгенінше бірге болып, Отырып оң тізесінде құрмет көрді. Меңліктен ұл перзент үшеу туды, Көкше деп ат қойылған үлкен ұғлы. Өз халқы ықылас етіп сыйлағаннан: «Алланың жүзі бол!» деп айтылар-ды. Айырылды дүр баласының екіншісі, «Айрулла» дер, бір баласын сүйсе кісі. Айрулланың елі андан болған, Керек дүр есіткенің құп білісі. Меңліктің үшінші ұғлы еді Такат Себеп бар . . . . . .* Тілінде қай адамның кемдік болса, «Такат» деп моңғол тілде қылар нисбат. Бар үшін осы ұғлының сақаулығы, Такат деп есім беріп айтар мұны. Ол уақыттан бұл күнгеше сол бала дүр Такаттың руының арғы нәсілі. Екі ұғыл Бады, Қышлақ болды анда Айтылған екеуінің әулеті дүр, Рудан Бады, Қышлақ болса һәрне. Уақтында Шыңғыс ханға Бады келген, Оң ханның дұшпандығын хабар берген. Шыңғыс хан сол себептен аман қалып, Ұрысып, басым болып, ақыры жеңген. Шыңғыс хан одан кейін болғанда хан Бадыны алып келіп Қышлақбірлән. «Таркан» деп екеуіне амал беріп, Әулеті азат болған салық пұлдан. Бұлардан келер болса ханға кісі Тоқтатпас жасауылдың ешбірісі. Болғанша тоғыз рет жаза қылмас, Бұлардың болғанменен күнә ісі. Болғанша тоғыз ата әулеті аның Қояды бұл айтқанды қылып бәрін. Одан соң халық қатары қылар еді, Тоғыздан төмен қарап өткендерін. Үйсінмен ру болған Салдос елі, Мұның да арғы нәсілі Мағба еді. «Елдуген ат қойылған бір ру һәм Салдостан айырылған» деп айтар еді. Кенкеттің руы дүр моңғолдардан, Дурба деп бір рудың атын қойған. Ішінде Баһанқан атты ханның Бес бала кемерінен пайда болған. Атасы өлеріне кіші ұғлыны, Орнына дайындаған «қой» деп мұны. Төртеуі араз болып кетіп қалаған Ауыр боп атасының айтқан тілі. Ішіне бөтен жұрттың тұрды барып, Өлгенше анда тұрды қарар алып. Бір жұртқа өз елінен барған адам «Дұрбан» дер моңғол тілде есімденіп. Дұрбанның бірінде бар еді үш ұғыл Бәрін деп үлкен ұғлын айтадүр «біл». Бұл уақта ру болған барлығының Бәрінің әуелінде атасы – бұл. Бар еді кішісінің бір қатыны Құр жүрді бала таппай қанша жылы. Бала үшін кәнизді және алып, Жүреді жақындасып бағзы түні. Ол кәниз аз күннен соң болды буаз, Қатыны түсірмекке ойлады лаж. Әр заман ішін сығып ұрса дағы, Баласы ішіндегі түспес-ті баз. Бір кәниз туды уақты жетіп, «Қоймас, – деп, – қатын білсе, аман етіп». Бір тонның етегіне баланы орап Жыңғылды бір тоғайға қонды әкеліп. Ертемен ері тұрып тоғайға енді, Баланы жаңа туып жатқан көрді. Етегін өз тонының және танып, Болған соң өз баласы алып келді. Соқұт деп ол баланың қойды атын, Соқұт одан дейді тамам бәрін. Жыңғылды моңғол тілде «соқай» дейдүр «Соқұт» дер жыңғыл біткен тоғайларды. Қурлауыт һәм бұрқаттың рулары Моңғолдың әулеті дүр аның бәрі. Төртеуі қарындастық болған үшін Қоңыратқа жақын дүр деп айтар әні. Үгдан деп ат қойылған бір ру бар, Оны да моңғолдан деп нақыл қылар. Жұдан деп ат қойылған бір ру бар Моңғолда Аланқуа нәсілі дүрлар. Бияут бір рудың болған аты, Екіге бөлінеді кейінгі арты. Жадайын және Макрайын екі суда Мекен қып отырар-ды аның халқы. Оларға судың атын ру қылды, Жадайын, Мекрайынбыз деп айтылынды. Моңғолда Дірілкеннің ұрығынан Бұлардың ұрық нәсілі айрылынды. Айтады бір руды жалайыр деп, Болады өзге рудан әулеті көп. Ішінде рулары көп болады Отырды Оман деген бір жайға кеп. . . . . . . Негізінің әулатынан әні дер-ді. . . . . . . Қалғанын Қайду хан деп айтылар-ды, Өлген соң Жалайырға кісі салды. Ұрысқан бес жүз адам болғаны үшін Қайдуға «өлтіргіл» деп алып берді. Қайду хан өлтірмекке ойлағанда, Нөкерлер, сардарлары айтты анда: «Бұлардың бәрін бірден қырғанменен, Тең болмас мұның ханы сіздің ханға. Құл болып әулетіңе әулеттері, Қызмет қып ақырғаша тұрсын бәрі». Өлімнен барлығына азаттық қып, Қайду да мақұл көріп жіберді аны. Құл қылып Жалайырды бөліп алды, Одан соң жалайырлық аты қалды. Өзінің сұрағанда затын айтпай: «Қиянның нәсіліміз» деп айтылар-ды. Шыңғыстың төртінші ұғлы уақтығаша Құл болып жүрер еді айтылғанша. Жайыр әслі, заты моңғол болып, Дерегі әулетіне барар барша. Шыңғыстың туылған соң уақыты жетіп, Хан болып отырғанда таққа өтіп, Айтылған рулардың тамам бәрі, Қасында еріп жүрді қызмет етіп… Қазақтың үш жүзге бөлінгені Ілгергі рулардың хикаяты, Шығарған Әбілғазы тарих хаты. Баршасы бұл қазақтың руы емес Бағзысы моңғол бірлән өзбек халқы. Ішінде қазақтың һәм рулары бар, Әрбірі өз жайында айтулар. Бағзысы моңғол тілде болғаны үшін Қазақтың айтқанынша келмей тұрар. Қазақтың арғы атасы түріктен ерур, Япыстан болғанына әркім сенер. Патшасы моңғолдардан болғаны үшін «Моңғолдың нәсілінен» деп хабар берер. Шыңғыстың әулеті еді қазақ ханы, Біледі тарихтардан әркім мұны. Білмекке бұл күнде дәркарлы сөз Үш жүзге қазақтардың айырылғаны. Әр түрлі бұл тұрғыда нақлият бар, Білдіріп тарихта һәм айтылар-ды. Ақылға салып қарап көрсең, Муафиқ бір-біріне келмей тұрар. Үш жүзге қазақ халқы айрылмақта Бұл жерде білдірейін мен де бірін. Жошы хан Шыңғыс ханның еді ұғлы, Әулеті қазақтарға хандық қылды. Жошы хан хандық еткен әулетінде Біреуін Аланша деп айтылынды. Уақтында Аланшаның қазақ елі Алатау, Сарыарқа еді жүрген жері. Ол күнде қазақтарға қалмақ пенен Артықша башқұрт, мажар дұшпан ерді. Қалмақтар шыдатпасты елді шауып, Башқұрт һәм елді шабар уақтын тауып. Баршасы Сарыарқаға қызыққаннан: «Кетсе, – деп, – ойланар-ды жерден ауып». Бір жылы қалмақ, башқұрт кәтталары Бір жерге басын қосып тамам бәрі: «Қазақты қонысынан аударсақ» деп, Сөйлесті көңілдегі мұддағаны. Бір жерге сөзін қойды тамам барша Есепсіз қосынменен анда барса. «Қоймастан ұрысайық, – деп айтысты, – Қазақты қонысынан аударғанша». Бұл сөзді баршасы һәм мақұл көрді, Халқына қалмақ, башқұрт хабар берді. Қанша мың әрқайсысы қосын жинап, Қазақты шабу үшін жақын келді. Ат қойып, әр тараптан ел шапты кеп, «Жеңілсе, жерін тастап кетеді» деп. Қазақтар ол уақытта артық ұрыспай, Бұл жүрген қалыбында емес-ті көп. Және де білмегеннен хабарланып, Қосынын жинай алмай, қамда қалып, Өзімен әрқайсысы өзі болып, Ұрыспай қаша берді, басын алып. Қазақтар ол ұрыста көп қырылды, Қоймастан қашса дағы қуып барды. Қыс қатты, суықтықтан малы жұтап, Аштықтан қаһатшылық бірге кірді. Мінбекке көлік таппай кейбірісі, Жаяулап қашар ерді бағзы кісі. Бір көлдің жағасына келіп отырды, Жүрмекке шаршағаннан келмей күші. Бағзыда отырмаққа болмай шама, Айнала көл шетіне жатты һамма. «Біздерге осы болған қандай күн» деп, Қазақтар қайғыланды ұстап жаға. Бір қария ортасынан тіке тұрып, Сөз айтты мына түрлі әуез қылып: – Бұл бізге естен кетпес жұмыс болды, Көрмеген ілгеріде ешкім біліп. Кейін һәм мұны ұмытпас қазақ халқы «Ақтабан шұбырынды» болсын аты. «Алқа көл сұлама» деп ат қоялық, Жатқаннан көл айналып бәрі жалпы. Барша халық ол жерден һәм жүріп кетті, Шөл, биабан Қаратаудан келіп өтті. Қазақтың батырлары елді өткізіп, Тұрмаққа тау өзінде шаттық етті. Қазақтың адамы өлген, әйелдері Жыласып барар ерді қылып зары. Айырылған анасынан бос тайлақтың Көш жанап боздар еді тамам бәрі. Қазақтың батырлары мұны көріп, Көзінен қапаланып жасы келіп, Өлеңді төмендегі айтар еді, Бұл көрген ахуалына көңілі еріп. «Басынан Қаратаудың көш келеді, Тайлақтар көшкен сайын бос келеді. Айырылған қарындастан қиын екен, Мөлдіреп қара көзге жас келеді. Мына заман қай заман, қысқан заман, Басыңнан бақ-дәулетің ұшқан заман. Шұбырған ізіңнен шаң борайды, Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман. Мына заман қай заман, бағы заман, Баяғыдай болар ма тағы заман. Қарындастан ажырап қалғаннан соң Көздің жасын көл қылып ағызамын». Осындай өлең айтып жылар еді, Бұл көрген ахуалына қайғы жер-ді. «Тағы да Сарыарқаға қайтып барып, Қалмақтан кегімізді алсақ дер-ді». Қаратау, Сырдариядан әрмен асып, Бұхар мен Самарқанның үстін басып, Қазақтың қашқандары тоқтап тұрды, Құтылып дұшпанынан ұрандасып. Қалмақтар Қаратаудан қайтып жүрді, Қазақты жер аударып көңілі тынды. Сарыарқа, Еділ, Нұра, Еділ, Жайық, Жеткенше Алатауға қоныс қылды. Амур деп бір арнаға есім қылған, Жиделібайсын жері бай ат қойылған. Қазақтың қашқандары Сырдан өтіп, Айтылған ол жайларға барып тұрған. Ол жайда қазақ халқы қарар қылды, Қыс қыстап, жазда жайлап отырар-ды. Аз жылда бұрынғыдай өсіп-өніп, Мал бітіп ілгергідей болып тұрды. Сағынып һәм заманда Сарыарқаны, Алсақ деп ойлар ерді қайтып аны. Ілгергі атақоныс өз жеріне Бармақ-ты көңіліне алып халықтың бәрі. Артықша Алаша хан қайғы жер-ді, Халқының жерін алып берсем дер-ді. Қазақтың қариясының басын қосып, Бір мәрте кеңес етпек көңіліне енді. Жіберді әр тарапқа бір кісіні, «Келсін, – деп, – әр рудан үлкен бірі». Рудың әрбіріне адам барып, Халқына естілді ханның тілі. Жиналды хан алдына халық жақсысы, Келгенде бәрі болды үш жүз кісі. Өзінің заманында кәтта болған, Басы еді һәр рудың әрбірісі. Отырды жұрт жақсысы қосып басын, Сөйлесіп көңіліндегі мұддағасын. Қонысты жауға беріп қор болдық деп, Көзінен төгер еді қанды жасын. Хан айтты: «Бір мұддаға көңілімде бар, Қалмақта қанша кетті мал менен ар. Бір мәрте артта қалған қоныс үшін Қосын қып бармақлыққа, қандайсыздар? Және де мал-басымыз өсіп-өнді, Ілгергі қалыбында халық теңелді. Қалмаққа қарағанда аз емеспіз Үстіне ұрысқалы барсақ енді». Баршасы бірден айтты ауаз беріп: «Біздің һәм көңілімізге тұрар еніп. Қонысын атамыздың тартып алды, Хабарсыз жатқан уақытта қалмақ келіп. Аттанып біздер барып бір мәртебе Алалық Сарыарқаны келсе шама. Ұрысып, иә болмаса қырылайық, Күн көрер, біз өлсек те, қатын-бала. Жүргенше дұшпандардан кемдік көріп, Көп жақсы кеткеніміз тездеп өліп. Ортадан ата қоныс ауғаннан соң, Жүрміз деп ойламаймыз тірі болып». Хан айтты: «Осы болса шын көңіліңіз, Айтайын және бір сөз тыңлаңыз сіз. Мал-жанды, қатын-бала мұнда тастап, Қалмаққа барар болсақ аттанып біз. Барған соң ұрысармыз қанша жүріп, Арықтап аттарымыз қалар тұрып. Қосынның өзінен һәм қуат кетер, Апарған азықтар да тез таусылып. Қалмақтар елі жақын болғаны үшін, Бұлардың кемдік қылмас ешбірісін. Тағы да бұрынғыдай жеңілерміз, Артынан тұрғандықтан беріп күшін. Бір қиял өз көңіліме тұрар келіп, Оны да білдірейін хабар беріп. Егер де осы түрлі жұмыс қылсақ, Қашырсақ ажап емес, жауды жеңіп. Бұл жерден халқымызбен жүрсек көшіп, Бір жүрсе қатын-бала біргелесіп. Қашқанда мал-жанымыз қалады деп, Аянбай ұрысар еді жаннан кешіп. Қосынның арықтаса мінген аты, Таусылып азық-түлік, қаражаты. Артында жақын жерде жүргені үшін Жеткізіп тұрар еді беріп халқы. Отырған адамсыздар сіздер үш жүз Әрбірің бір рудың кәттасы сіз. Көшкенде үш жерменен жүрсеңіздер, Бөлініп ынтымақпен үш жүзіңіз. Әрбірі өз бетімен барып тұрса, Аянбай дұшпандарға ұрыс қылса. Артында көшкен елі жақын жүріп, Керекті ат-азығын беріп тұрса. Жүзбенен ортадағы өзім жүріп, Отырсам екі жақтан хабар біліп. Қонысты дұшпандардан ала алмаспыз, Осындай ұрыспасақ ақыл қылып. Дұшпанды ұрысқанда алсақ барып, Орнасақ ата-жұртқа қайтып барып. Әрбірі ашып алған өз жеріменен Отырса мекен етіп қарар алып». Барша халық хан аузынан мұны есітті, Қуанып, құрсанттығы әбден өтті. Үш жүзі үш бөлініп жүрмек болды Ханының айтқан сөзін қабыл етті. Бөлінген бір жүзінің үшбу халқы: Жалайыр, Үйсін, Ойсыл һәм Дулаты. Сарыүйсін, Ойық, Албан, Суан, Шанышқылы, Қаңлы, Тілек, Сіргелі аты. Бір жүзі: Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат Тарақты, Керей, Уақ қойылған ат. Ішінде және қанша адамдар бар, Әрбірі ру болған осы сипат. Бір жүзі: Байұлы, Алшын, Табын, Тама, Шөмекей, Есентемір, Әлім жана. Рамадан, Жағалбайлы, Жаппас, Тілеу, Қосылды осы жүзге бәрі һамма. Әрбірі өз алдына бір мал сойып, Бір жерге уәде қылды сөзін қойып. Мұнан соң ынтымақ қып жүрмек болды, Туғандай бір атадан бірге болып. Сол жерден үш жүз адам үш бөлінді, Біреуі жоғарымен шетте жүрді. Ол ру жоғарымен жүрген үшін, Ат қойып «Ұлы жүз» деп айтылар-ды. Ортамен жүргені үшін біреуі аның Аталып «Орта жүздің» қойды намын. Төменнен бір руы жүргендіктен, Олардың «Кіші жүз» деп айтар бәрін. Ұлы жүз аты айтылған жалайыр-ды, Өзіне ноқта ағасы оны қылды. Тарақты орта жүздің руына Болды деп ноқта ағасы айтылынды. Кіші жүз руының төлеу бірі Сөйлесіп ноқта ағасы қылды мұны. Қазаққа әуелінде осы дейдүр Үш жүздің баласы деп айтқан түрі. Хан өзі Орта жүзді қасына ертті, Ұлы жүз бір баласын бастық етті. Кіші жүз бір баласын хан көтеріп, Үшеуі үш жерменен жүріп кетті. Ұлы жүз Самарқан пен Тәшкен барып, Бір жағын Алатаудың бетіне алып, Қалмақтың халқымен ұрыс етті, Тұрмастан жанын сақтап еш аянып. Орта жүз Қаратаудан келіп асты, Қалмаққа жерін алған ұшырасты. Бір мәрте өлімді ойлап, жүзін бұрмай, Алдына кез келген шауып, шанысты. Кіші жүз Сарқұдаңнан өтіп келді, Бертінде мажар менен башқұрт еді. Ілгергі ар-намысы көңіліне еніп, Аянып жүз қайтармай ұрысқа енді. Алаша болған үшін қазақ ханы, Ұрыста ұран қылып айтты аны. Мұндан соң бүтін қазақ болған істе, Айтылар Алаш болып рулары. Қалмақтарды қазақтардың сұсы басты, Алдына кез келгенін шауып, шанышты. Ұрысып ешбіреуі қарсы тұрмай, Орнынан көтеріліп, бәрі қашты. Ұлы жүз Алматы мен Қапалғаша, Бір бетін Алатаудың алды барша. Күншығыс – Түркістан мен Асы, Талас, Шу менен Іле су бар мұндай қанша. Орта жүз Сарыарқаның бәрін алды, Семей мен Қызылжарға алды барды. Көкшетау, Есіл, Нұра, Торғай өзен Бұлардың ортасы деп айтылар-ды. Кіші жүз Сыр қуаннан өтті басып, Орынбор мүһкамына барды асып. Солтүстік тарапының бәрін алды, Аяғы Аштарханға жақындасып. Әрбірі алған жері мекен етті, Дұшпаннан кегін алып көңілі тынды. Алаша барлығына хандық етіп, Дүниеде бірнеше жыл дәурен сүрді. Бір күні Алашаға ажал жетіп, Бұл дүние бейбаһадан кетті өтіп. Бабасы ілгергі өткен Жошы ханды Кеңгірге қойып еді күмбез етіп. Қазақтар ханына қып үлкен құрмет Кеңгірдің бір жанына қойды әкеліп. Үстіне Жошы ханға салғандай қып, Берік қып піскен қыштан күмбез етед. Күмбездің беріктігі болды мұндай, Тұрады бұл күнгеше еш бұзылмай. Жошы хан, Алаша хан күмбезі деп, Айтады аттарында өзге қылмай. Үш жүздің баласының таралғанын, Айтқаным білгенімше осы менің. Көзбенен көрмегеннің бәрі күмән Расын өзі білер бір Алланың. Өзбек деп бұл халықтың айтылғаны, Кетейін мәлім етіп айтып аны. Шыңғыстың Жошы деген үлкен ұғлы Дешті Қыпшақ өлкесінің болды ханы. Бату хан ұғыл еді Жошы ханға, Батудан Мангутемір анда. Мангуден Тұғрыл атты ұғыл туып, Тұғрылдан бала туды Өзбек намда. Бұл өзбек заманында хандық қылды, Үкімінде Жошы әулеті түгел тұрды. Өзбектің ислам нұры көңіліне еніп, Кәлима таухид айтып дінге кірді. Халқының баршасы һәм дінге еніп, Алланың әмірін тұтты қабыл көріп. Сол үшін үкіміндегі мұсылмандар «Өзбек» деп аталады, есім беріп.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.