Қазақша
Адам өмірі
Дүниені тегіс жаратып болған соң жер мен көкті жаратушы – адамды, басқа мақлұқты өзінің алдына шақырыпты. Сондағы ойы олардың әрбіріне бір түрлі мінез, дүниеде тұруына белгілі өмір беру екен. Ең алдымен барған адам екен, оған айтыпты:
– Сен адам, жаратылғандардың ішінде сенің суретің, сипатың артық. Саған сөйлеуге сөз, ойлауға ақыл бердім. Басқа мақлұқтардың бәрі сенен төмен болып, олардың бәрі сенің үзіріңде болады. Олардың баршасына сен үкім қыларсың. Қырдағы шөп-ағаштардың жемісі, толағай теңіздер, таулы қияңдар – бәрі саған қарайды және өзің жер үстінде отыз жыл өмір сүресің, – – депті.
Сонда адам бұған разы болмай бір жағына бұрылып кетіп, өзі-өзіне айтыпты: «Егер мен дүниенің патшасы болсам, маған бар дүниеде жоқ сипат тиісті болса, бір отыз жыл өмір сүргеннің не пайдасы бар?» – деп, кейбір көп өмір алған хайуандарды көре алмай, қарап тұрыпты.
Сонда бір мезгілде кезек есекке келіпті. Есекке айтты:
– Сен жазаны көп көріп, мехнатты көп шегесің, сен ылғи ауыр жүк тасып, таяқтан әбден өлгенше шаршап, болдырып жүрерсің. Тыныштығың аз болып, жейтін жемің дәмсіз, ішетін суың лай болар. Сондықтан сенің өмірің 50 жыл болсын, – дейді.
Есек тізесінен жығылып, басын жерге ұрып, сұрапты:
– Егер мен дүниеде сонша азаппен жүретін болғанда, менің өмірімді 20 жылдай азайтса, тәуір болар еді, – дейді.
Сол уақытта адам жақындап келіп, өтініш сұрапты:
Есектің тастап тұрған 20 жасын маған қоссаңыз екен, – дейді. Онысы қабыл алынады. Одан кейін кезек итке келеді екен. Итке айтады:
Сенің міндетті жұмысың үй күзету, нәрселерге көз болу, жат біреу келсе, сен үруге міндеттісің және көлеңкеде жатып, өзің сүйек кеміретін боларсың. Сенің жасың қырық жыл, – депті.
Ит сонда бас ұрып, арыз қылыпты: «Егер мен дүниеде сондай қорлықпен тұрып, адамның үйін, мүлкін күзетіп, сүйек кеміріп күнелтетін болғанда, менің жасымды 20 жылдай азайтса, жақсы болар еді», – депті. Ол уақытта адам қайта келіп, сұрай бастайды:
– Иттің алмай тұрған 20 жасын маған қосыңыз, – дейді.
Ол арызы да қабыл алынады.
Ең соңында кезек маймылға келіпті. Оған айтылған сөз мынау:
– Сенің сыртқы сипатың адамға ұқсар, бірақ сол уақытта бала сияқты ақымақ боларсың. Балаларға ермек боларсың. Үлкен кісіге де ойын болып, дүниеде 60 жыл жүрерсің, – дейді.
Маймыл сорлы тізесінен тұра қалып, арыз қылады.
– Егер мен тек сыртым адамға ұқсап, өзім ақымақ, балаларға ермек қана болсам, менің жасымды 30 жылдай қысқартса, тәуір болар еді, – деп тұрғанда, бір жағынан адам тағы жетіп келіп:
Сол маймылдың тастайын деп тұрған 30 жасын маған берсеңіз, – депті. Бұл жолы да ерінбей жүрген адамның арызы қабыл болыпты.
Сонан соң барша мақлұқтар өз жұмыстарын біліп, бет-бетімен тарапты. Сонда адам да барып өзіне әуел берген 30 жылдың ішінде жақсы дәурен сүріп, еш уайымсыз жас жігіт болып тұрыпты. Онан соң 30-дан асып 50-ге шейін қара жұмыстар істеп көп мехнатпен жүріпті. Тіршілік қылуға әртүрлі шаруа қылып, көп қиналыпты. Бұл қиналған 20 жасы баяғы есектен алған 20 жылы екен.
Онан соң 50-ден аса – енді 70 жасына шейін өзінің үй ішіндегі оны-мұныларын көздейді (күзетеді), не болса соны күдік көргіш келеді. Сол кезде кім болса соған айғайлап, әуелі таласудан да таймайды.
Бұл адамның иттен алған жасы болады. 70-тен асқан соң адам аз-аздап ақылынан айрылады, бала тәрізді болады. Ол уақытта өзі бүкірейіп, ермек ойын болады. Бұл жасы өз еркімен маймылдан алған жасы еке