Қазақша
Сарыүйсін шежіресі
Бабамыз Алыпбектен: Малай, Сарай,
Жел сөзден Құдай берген айттым талай.
Сарайдан ажырайтын Ноғай екен,
Әдемі, әсерлі жыр жүрген жанай.
Малайдан туған екен атам Алаш,
Өз құрбы-қатарына болыпты бас.
Алаш ата қазақ ұлға ұран болып,
«Алаштап» шуылдайды кейінгі жас.
Адамнан туған екен Әбіл, Қабыл,
Жылы сөз көкірегімде бәрі зайыр.
Азырақ Құдай өлең бергеннен соң,
Ойымды өлең қылдым жұртқа жайып.
Адамнан Әбіл, Қабыл екі ата,
Сөзімді ғайып етпе, болса қата.
Әуре боп осындайды өлең қылған,
Тастамас сөз қисынын мен бір шата.
Өлеңді еш адамнан кем айтпас едім,
Ақыннан Сүйінбайдай алдым бата.
Азырақ шежіреден сөз сөйлейін,
Білген жан, мен сықылды атын ата.
Әбілден екі-үш бала туған екен,
Білген жан ата-жөнін қуған екен.
Байшора, Қарашора, Жаншорадан
Олардың жүрген жері думан екен.
Ұлы жүз Байшорадан таралыпты,
Жамағат осы жүрген жаралыпты.
Орта жүз Қарашора Арғын екен,
Дүйім жұрт тітіркеген жыр алыпты.
Кіші жүз Жаншорадан: Алшын, Жаппас,
Оларды іздеген жан тегін таппас.
Олардың қайда екенін біз білмейміз,
Және біз бір кәріп аузын бақбас.
Туыпты Байшорадан Тұманбайың,
Екенін осылайша айтам жайын.
Киікбай Жұманбайдан деп айтамыз,
Ұғып ал, тыңдаған жан, бұдан пайым.
Осындай үлгілі сөз өлең қылмай,
Несіне тоқтатайын тілдің майын.
Туыпты Киікбайдан Төбей батыр,
Бұл Бекең бастан-аяқ айтып жатыр.
Төбейден мұнан кейін төрт ұл туды,
Лебізі шырын-шекер, балдай татыр.
Төбейден бірі – Майқы, бірі – Қоғам,
Осындай әрбір істің жөні бұған.
Әруақтың атын атап, өлең қылып,
Сиынып, «қолдай көр» деп бізден қан.
Туылды екінші Мекірейіл
Осындай бұрынғыдан нұсқа болған.
Қоғамнан ажырайды білсең Қаңлы,
Әрбір жұрт толып жатыр басқа заңы.
Үлкендер осылай деп айтушы еді,
Азамат, ұғам деген, сөзімді аңла.
Ел бар дүр Қойылдырдан Қырық жүз деген,
Атажұрттың жақсы кісі қамын жеген.
Бір ел бар Мекірейілден Мың жүз деген,
Өлең қып қиыстырды ақын Бекең.
Туыпты Майқы биден Бақтиярың,
Білмесең жарамайды құр масайған.
Бұлардан Үйсін, Үйел екі ұл туған,
Өлең қып айта берсем мұның бәрін.
Осыдан ажырайды Қоңырат деп,
Тастадық мекен беріп төмен жат деп.
Үйсіннен мұнан кейін екі ұл туды,
Өлең қып, хатқа салдым бәрін жаттап.
Екеуін ұғып тұрсаң Абақ-Тарақ,
Тұқымы келе берер қызды сат деп.
Заманында сәбеттің тура шығып,
Тоқтатты «малды құртпай, тыныш жат» деп.
Тарақтың Абақпенен аты бөлек,
Өлеңге жастайымнан болдым зерек.
Шын аты Ақсақал мен Жансақалдар
Білмеске құрға шатып неге керек?
Тарақ таңба берген соң «Тарақ» дейді,
Азамат, құлағың сал, ұққын елеп.
Беріпті Ақсақалға Абақ таңба,
Тіркедім осылай деп өлең санға.
Абақ таңба берген соң «Абақ» дедік,
Бұл өзі мәлім еді жүрген жанға.
Туыпты Ақсақалдан аты – Қараш,
Білмесе, жарамайды құры талас.
Қараштан туыпты Бәйдібек бай,
Атағын бәрі білер дүйім алаш.
Алашқа мағлұм болған Бәйдібек бай,
Дәулет пен әруаққа болыпты сай.
Кісі екен уақытында Қызыр шалған,
Мейірін қатты төккен Патша Құдай.
Үш қатын перзент үшін алған екен,
Жайы бар айта берсек, міне, осылай.
Жылқысы бір бұлақтың суын құртқан,
Сан жетпес, санағанда сар құла тай.
Бәйдібек екі-үш қатын алған екен,
Айтқан сөз, шежіресі жалған екен.
Үлкені әйелінің Сары бәйбіше,
Сарыүйсін содан туып қалған екен.
Ортаншы әйелінің аты Зеріп,
Нақа сөз өлең қылдым, көңіл білдіріп.
Әйелдің үшіншісі – Домалақ-дүр,
Өлең қып айта берсем, бәрін өріп.
Зеріптен туған екен Жалманбет,
Өлең қып осы жасқа келдім жаттап.
Қоңырат Қызыл бидің қызын алған,
Қалаулы, қатарында әдепті ұл деп.
Туыпты Жалманбеттен Шапырашты,
Қуалап кім біледі соңғы жасты.
Қараша Бәсейіннен Ошақты екен,
Болған соң қоныс жақын бірге басты.
Иеленді бір қатыннан Ысты дейді,
Ол жақтан қоныс таппай, төмен қашты.
Өлеңге қиыстыруға ығын таппай,
Бүркітбай осы жерде жаман састы.
Аяңдап енді келдім Домалаққа,
Бере гөр медет, Құдай, тіл мен жаққа.
Оқысын деп кейінгі жас өлең қылдым,
Аузыма сөз қисыны келген шақта.
Бәріміз Бәйдібектен бірге туған,
Шежірені біледі ата қуған.
Азырақ Құдай өнер бергенен соң,
Қыздырып қатарымды, қылдым думан.
Домалақ – қасиетті адам екен,
Қырық шілтен медет берген ғайып ерен.
Барынша күндестері зарар етіп,
Күйігі қатты болған жеген удан.
Құдайым көзін жасын қабыл қылып,
Ұл берген Жарғышақтай жалғыз туған.
Құдайым халалынан бір ұл беріп,
Кінәнің зарар тиген бәрін жуған.
Үш бала Жарғышақтан туды қатар,
Жиылды бірдей болып өңкей татар.
Өкпелеп Сарыүйсінге көшіп кетіп,
Айналып әрқайсысы төсте жатар.
Екеуі Албан, Суан бірі дағы,
Білген жан осылар деп атын атар.
Тұқымы неше болыс өстіп кетеді,
Бекерге білмеген жан қас етіп жатар.
Ақыры егін салып, диқан ашып,
Шүмектеп жыл-жыл сайын астық сатар.
Дулаттан: Ботбай, Шымыр, Сиқым, Жаныс,
Өлең қып қиыстырған біз бір қалыс.
Жыпырлап күзді күні қондырмайды,
Жыл сайын астық үшін болдық таныс.
Тоқтадым осыменен осы бейім,
Білмеймін кейінгі жас мұнан кейін.
Қондырмайды дегенге өкпелеме,
Күзді күні болғанда бәрі жиын.
Бағана бай, бәйбішеден қылдық тоқтап,
Өткеннің өлең қылдым бәрін жақтап.
Қатасын Патша Құдай өзі кешер,
Адамға жол көрмеген қисық соқпақ.
Туыпты бәйбішеден тоғыз Сары,
Қатты екен Домалақтың қылған зары.
Сарыүйсін жердің жүзін алмақ екен,
Өлместен тірі болса, соның бәрі.
Ішінде бір ұлынан тұқым қапты,
Оны да Құдай қағып Сыдық Сары.
Баласы бұл Сиқымның Сыдық екен,
Білген жан шежіреге болар бекем.
Үлкендер осылай деп айтушы еді,
Иншалла, бұл ісім нұр болар ма екен.
Сыдықтан туған екен Қыпша Жақып,
Өлеңді айтқан жақсы сөзді бағып.
Жақыптан онан кейін Қайқы Сопы,
Өлең ғып хатқа салдым бәрін тағып.
Сопыдан туған екен екі-үш бала,
Айтпайын білмес сөзді құры жала.
Жандосай, Құлекей мен Иенжарғақ,
Көңілмен айта берсем, бәрі сара.
Тұқымы Иенжарғақтың төмен жатыр,
Нанбасаң егер өлең түбін қара.
Жандосай Құлекеймен бірге туған,
Айрылмай бірге жүрген алты атадан.
Баласын Иенбайдың ел сұрап жүр,
Өзі бай, түрі-ұсқыны осы қудан.
Жандосайдан Құматай, Қарасайын,
Түгендеп он бесті айтып жәйін.
Қарасайдың баласын Саулық дейміз,
Күртінің жағасында отырад дәйім.
Құматайдан туыпты Нұрдан қара,
Ұғып ал, тыңдағандар, бұдан жайын.
Деп айтар Нұрдан туған Қара Үйсін,
Естиміз Арғынбайдың он жеті ұлын.
Айналып жиырмаға барса керек,
Тоқалды қоса берсем, өңкей құлын.
Жамандап бәрін тегіс не қылайын,
Және де құлақ салсақ, сөзі шырын.
Баласы Шатқараның Райымберді,
Ерлігін заманында әркім көрді.
Бар екен уақытында Қызыр шалған,
Абылай құшақтасып досты болған.
Інісі Мәмбетбайдың Тойқұл екен,
Бірігіп қырық, елу үй о да болды.
Бар екен Райымбердінің үш қатыны,
Сөзімнің айып етпе, болса міні.
Баласы бәйбішенің Сағит туған,
Осылай шежіреде сөздің шыны.
Бабамнан екі тоқал Сары, Бөкен,
Тоқалдың қыс болады көрген күні.
Бабамнан бір бұтағы мына қасқа,
Білмейтін бөтен жері бар ма басқа?
Әйтеуір не болса да тірі болсын,
Тоған, Жайсақ саламыз соны тасқа.
Бәйбішеден: Емір, Үшқожа
Дер Көкқасқа, Асқа.
Қиын болса, бір тананы тигіз сона,
Еш адам түсінбейді менен басқа.
Атадан осы күні төрт-ақ түтін,
Кім тұрманды, кім түгел, кімдер бүтін.
Бұл күні Бөкеннен жүз елу-ақ үй,
Қарауыл қойып ішер ішкен сүтін.
Алты ұл тапқан екен шешем,
Кем болмаспын елімнің қамын жесем.
Төрт үйден тұқым екі орыны жоқ,
Үлкеннен сұрастырып, түгендесем.
Төрт ұлдың біреуі – мен, жалғыз қалған,
Осылай мекен, жанға сөзді салған.
Бірі – шешен, біреуі – бай жігіттер,
Жақындап келе жатыр сөздің арты.
Қалбанның баласы екен Отыншы, Нар,
Түгендеп қоса берсем Нұрыман бар.
Үш шалдан екі-екіден – алты-ақ түтін,
Құданың құдіретіне не лаж бар?
Құлболдыдан Сымайл, Нүркебайым,
Ауғанбай үлкен үйде болған дәйім.
Бұлар да би шаңырақ осы күнде
Қуалап сұрастырып, білдім жәйін.
Баласы Байжігіттің Манақ, Жанақ,
Үшеуін Ақшан менен қоссам санап.
Жанәлі, Жантай менен Байқара дүр,
Қияқ осы күнде сонан тарап.
Жебе тұқымыннан біз боламыз,
Жалғыздан жалғызаяқ із боламыз.
Үш атаға келгенше жалғыз түтін,
Көбейіп қай уақытта жүз боламыз.
Көркейіп Байжігіттің баласы боп,
Кейде ыстық, кейде суық күз боламыз.
Жепектен Күпей атам екен жалғыз,
Осылай екен жанға сөздің салты.
Өкімен әкесі өліп жетіп қалдық,
Жетімнің болар дейсің қанша тарихы.
Бір қатын, екі қызын ол Жантай алды,
Деп айтар осылай деп барша халық.
Жаңбырбай Жантайды алып, содан туып
Інісі бар деп айтар мұның артық.
Өтіпті өлең қылған Нүкен ғаріп,
Жасымнан ақын болдым өлең танып.
Әкеміз – мойын жықпас шаруа адам,
Осылай хатқа жаздым, өлең айтып.
Қатесін Патша Құдай өзің кешір,
Көргенім жоқ ешқайсысын бірге барып.
Тоқтадым осыменен келген жерден,
Шежіре көре алмадым кейінгі ерден.
Ниет дүр қиындатып өлең қылдым,
Ұқтырып ұзын жолын айтып берген.
Біздерге пайда болды өлең деген,
Айтып жүр бос сөзді осы бүгін.
Ағалар, үлкен-үлкен рахмет деп қой,
Боқтама «қызталақ» деп боғын жеген.