Жанқожа батыр (Орнықбай Сұлтанов нұсқасы)

Көнеден қалар нұсқа кеуіл бөлген, Әр адам ойын айтар өзі білген. Дүниядан не жақсылар өтіп жатыр, Өлгесін пенде бар ма қайта келген? Әлімнің алты жүйе бір саласы – Үш ру қалың Шекті өсіп-өнген. Белгілеп, бері айтқанда Кішкенеден Батырлық, бақ өткен жоқ Жанқожа ерден. Күнінде Кіші жүздің туын ұстап, Қаһарлы халық дұшпан...

Қазақша
Жанқожа батыр (Орнықбай Сұлтанов нұсқасы)
Көнеден қалар нұсқа кеуіл бөлген, Әр адам ойын айтар өзі білген. Дүниядан не жақсылар өтіп жатыр, Өлгесін пенде бар ма қайта келген? Әлімнің алты жүйе бір саласы – Үш ру қалың Шекті өсіп-өнген. Белгілеп, бері айтқанда Кішкенеден Батырлық, бақ өткен жоқ Жанқожа ерден. Күнінде Кіші жүздің туын ұстап, Қаһарлы халық дұшпаны жауын жеңген. Солардың әңгімесін арман етіп, Ағаның абыройлы ізіне ергем. Баласы Бекбауылдың Құлбарақ би, Әм және Бижан бидің көзін көрген. Қалғанын көнелерден қайта сұрап, Салмақтап сары алтындай сөзін терген. Алаштың азап көрген заманы деп, Жетектеп желі тартқан сонан бермен. Бегімбай Қосай ұлы – қарт шежіре, Жеткеріп осы сөзді маған берген. Ақтабан шұбырынды Ерте заманда қазақтың жері Жиделібайсын, Арыс, Талас, Қоңырат, Құр-Келес, Су-Келес, Жетісу, Сайрам, Сығанақ, Ташкент, Түркістан еді. Тәуке ханның бағы қайтты. Қалмақтан Қоңтажы деген хан шығып, қазақты шауып, қатын, қызын күң етіп, ер-азаматты құл етіп, малдарын айдап алып және «дініме кір» деп, қазақтың мазасын алды. Сонда не деді? Шайырлық қайдан табылсын, Халқына сөзін тыңдатқан. Сүрелі жолдан сөз шықса, Жүрекке жылу орнатқан. Белгілі жырау емеспін, Алқалы топта ән салып, Жұрт жиналып жырлатқан. Солай да болса сөйлейін, Сөз таба алмай сүрініп, Неге керек құр жатқан. Қаһарын тігіп қандатқан, Тыным көрмей түн қатқан, Тұлпарын мініп, ту алып, Жол-жөнекей шаңдатқан. Қоңтажы деген хан шықты Тоғыз санды торғауыт. Руы сыбан қалмақтан. Қазақты шауып олжалап, Қатын мен қызын шулатқан. Елшісін салып ермекке, «Дініме көн» деп, қазақтың Мазасын алды бір жақтан. Өрістен айдап малды алды, Жағдайсыз десе, жанды алды. Егесіз малға ие боп, Өз малындай малданды. Онан соң бастан дінді алды, Дін үйреткен тілді алды. Дүние-мүлік жинаған, Сандықтан қарап пұлды алды. Әлпештеп баққан ару мен Әлдилеп сүйген ұлды алды. Ел бүлініп есепсіз, Көрген түстей күмілжіп, Көлеңке болып жол қалды. Сонан соң қазақ тұра алмай, Неше заман жайлаған, Жерінен ауып қозғалды. Ел көшкесін мал қалды, Арықтап сөлі құрыған. Көшке ере алмай ит қалды Күшігін қимай ұлыған. Бүлінген мүлік бұл қалды, Айырылған әбден орнынан. Амалсыз көшіп жөнелді, Түнделетіп малды айдап Жиделінің құмынан. Жолға үйренген жануар Мазасын алды түйенің Тарта-тарта мұрнынан. Ел базары бола ма, Атамекен қонысы Қозғалғасын орнынан. Бұқараға қарай өрледі, Жерінен ауған қазақтың Не келеді енді қолынан! Ол уақытта Бұқардың Омархан екен патшасы. Салтына қарай сән берген Миуа, жеміс бақшасы. Сыртына қорған салынып, Төрт бөлініп қойылған Он екі жерде қақпасы. Үстіне күмбез орнатып, Дарбазалы есіктің Күмістен екен тұтқасы. Үш қайтара ор қазып, Әр қақпаға тірелген, Қазылған ордың нақ басы. Бұған да қалмақ аттанып, Неше рет келіп бұза алмай, Қайтып еді талай ат басы. – Мына келген қазақта Ораза менен намаз жоқ. Кітаптан жазып, оқуға Қалам менен қағаз жоқ. Мұсылманда діні бар, Кәлимада тілі бар, Білмегенге ләж жоқ. Еркегінде сүндет жоқ, Бастарында міндет жоқ. Ой жіберіп қарасаң, Мұнан да бөтен індет жоқ. Бір Құдайға құл болған Мұхамбеттің ізінде Бұл сияқты үмбет жоқ. Осыны көріп өзбектер Малдарын алды «зекет» деп, «Бермесең тиышың кетет» деп. Қолына түссе, сабады, «Мұсылман болсаң нетед» деп. Еркегі мен әйелін Мешітке қарай сүйреді, Дін үйрен деп жетектеп. Әдемі сөйлеп әуелін, Тереңнен тапты дәлелін. Тыңдаған құлақ тынғандай Келтірген сөздің мәнерін. Пайдасын құйып ояға, Тигізбек болды зәлелін. «Дін білмейтін қазақты Отырғыз, – деді, – сүндетке, Еркегі түгіл, әйелін». Осыны көріп қазақтар, Бұқардан қашты бүлініп. Күдер үзіп өзбектің, Әр ісінен түңіліп. Тоқтамады еш жерге Жаяу-жалпы шұбырып. Айдаған малдың шаңдағы, ығына шықсаң, көрінбейд, Ақ борандай суырып. Далада қалды біртіндеп, Арығы менен ақсағы Көшке ере алмай жығылып. Ысылдаған ыссы құм Тартып келед табаннан. Жан баспаған қия жол Жатқан екен заманнан. Арыстан бергі тегістік Онан да өтіп кідірмей, Көз жетпейтін алаңнан. Жүрген сайын жол ұзап, Жер шамасы жаңарған. Қаптай көшкен қалың ел ыңырсыған малды айдап, Ілгері, кейін шұбалған. Талма түстің кезінде Су іздеді сандалып Сағым менен мұнардан. Қонған жерде далаға Малдарын айдап шыға алмай, Көш көлігі қамалған. Қаратаудан өткесін, Қарақұмға кез болды Жота-жота ағарған. Орға кетті бір жағы, Қалың құмды аралап. Жоғары қарай өрледі, Жер шамасын жобалап. Түрікмен болды бір жағы, Астрахан менен Маңғыстау – Каспийдің бойын жағалап. Сылтау қылып әншейін Нақақтан шапты жалалап. Қарап жүрмей қарақалпақ Сықақ қылып сыртынан, Олар да күлді табалап. Қайта көшті қазақтар Бар қарасын жұтатып, Астрахан мен Жайықты Жайлап еді ұнатып. Құдықсыз жерден су ішіп, Құтылып еді бейнеттен, Өзенге малын құлатып. ұзаққа бармай онысы, Қайта көшті Ташкенге Көш-көлігін шұбатып. Өлген жерде мал қалды, Шыққан жерде жан қалды. Бөлек-бөлек бөлініп, Оннан-бестен ел қалды. Көшке ере алмай көлбеңдеп, Еркек пен әйел тең қалды. Арман-бермен шұбырып, Аш-жалаңаш көп халық Қоныс таппай қозғалды. Он адамға бір түйе Төртеу ара мінгескен. Алма-кезек мінуге Бастарын қоса бірлескен. Қалың қазақ ел көшті Көбелектей гулескен. Жаяу-жалпы шұбырып, Дәл он бес ай дегенде Ташкенге жетті тынбастан. Ортаменен көшкені Жетісуға бөлінген. Бір қапталы Алатау Көз жетпестей көрінген. Сайрам менен Сығанақ Ілгері барып кейінге Оған да халық шегінген. Ертіске қарай барғаны Қытай менен Қалмақтың Құлдығына жегілген. Ойға барған қазақтар Хиуа менен Қоқанға Бағын болып берілген. Отыра алмай онда да, Түрікпен шауып тынымсыз Кінәсіз қаны төгілген. Қайда барса түрткілеп, Көшіп жүрген қазаққа Дұшпан болып көрінген. Ташкенге қорған салғасын, Бекініп әбден алғасын, Иелік етті өзбектер. Ерік өзінде қалғасын. Көшіп жүрген қазақты Қайта келсе, кіргізбей, Қуалады мал басын. Құмына аққан Келестің Шамалы күндей жерленіп, Жайлап еді-ау арнасын. Онан да қуып өзбектер, Сүйекке басты таңбасын. – Әне, бұл қорлыққа шыдамай, Үш жүздің баласы басын қосып, Түркістанның сыртындағы Күлтөбеге жиналып, кеңес құрады. ұлы жүзден Үйсін Төле би, Орта жүзден Қаз дауысты Қазыбек би, Кіші жүзден Төртқара Әйтеке би шығып, «хансыз халық бола алмайды» деп, Тәуке ханның баласы Әбілқайырды тауып, ұлы жүз ақ түйе сойып, орта жүз боз бие сойып, Кіші жүз ақ киізге салып хан көтерді. Топырақ үйіп тақ құрып, тақ үстіне кілем жауып, Әбілқайырды мінгізіп хан сайлады. Сонда да тыныштық тауып отыра алмай, үш жүз үш жаққа көшпекші болады. Үлкен еді ұлы жүзде үйсін Төле, Ағаға іні келеді сәлем бере. Қазы би Орта жүзден озған жүйрік Табатын жол жүйесін жүре-жүре. Үшінші Кіші жүзден Әйтеке би Кеңестің кемеңгері еді шыққан ере. «Қалай да халық ісін оңғарам» деп, Жиналды басын қосып Күлтөбеге. Өзбектер Ташкенді алды қорған салып, Қазақтар қайта келді Орға барып, Босқындап он жыл ұдай шұбырумен, Ташкенге әрең жетті ашып-арып. Қалмақ пен мұнда Қоқан дұшпан болып, Көретін күн болмады жаудан жарық. Жиналып үш алаштың жақсылары, Кеңесті Күлтөбеде ойға қалып. Қаңбақтай, қайда барса, тұрағы жоқ, «Көшпелі, не болад, – деп, – хансыз халық». Тәукенің бел баласы Әбілқайыр Хандыққа сол ілінді бағы жанып. Төрені қалың халық қаумалады, Хандыққа қарсы тұрып дауламады. Қашанғы халқы жетіп нығайғанша, Заманның сенімі жоқ аунамалы. Қытайдан қалмақ пенен тиышы кетіп, Қозғалып және халқы қаңғалады. Ойласып сол арада басын қосып, Баласы үш алаштың енші алады. Ұлы жүз қала берді тұрағында, Қытай мен өзбек жатыр – бұяғында, Бір жағы Қашқария, қалмақ болып, Дұшпанын сырттан баққан сияғы да. «Баласы үш алаштың, біреу бол» деп, Халықтың хабар болды құлағына. Сол кезде қазақтан да ерлер шығып, Қайраулы қылыш тұрды қынабында. Орта жүз тәуір көрді Сарыарқаны Жайлауға жақсы жер деп, бала қамы. Көкорай хош иісті, қоңырсалқын Жаныңа жай берердей дала таңы. Аялы Алтай тауы бір қапталы Көкшетау, Семей менен кең алқабы. Төреден Сәмекені қолына ұстап, Қалмастан соған ерді малы-жаны. Кіші жүз Ор, Жайыққа қайта көшті, Халықтың бұл сапарда мерейі өсті. Көш басын Байұлына жетектетіп, Сонан соң қалғандары бірге ілесті. Кердері, керейт пенен тама, табын ығысты Кіші жүздің халқы қалың. Адай менен жағалбайлы о да жүрді, Жігіті қарауылдап көштің маңын. Түгелдей Рамадан, Төлеу болып, Ойлады бірлікпенен елдің қамын. Ең соңы қаракесек көшіп еді, Бір жағы жетектеумен айдап малын. Байұлы көшін тартты Орға қарай Жетіру етек алды тарай-тарай. Адайға Маңғыстаудан орын тиіп, Қоңсысы көз алартты әлдеқалай. Соғысып бір-екі рет шама көріп, «Түрікпен, тек жүр, – деді, – бұдан былай» Ираннан құрал алып соғысса да, Ерлікте басым шықты одан адай. Ойылдың орта шені тама, табын, Оған да қоныс болды осы маңай. Кердері, керейт пенен Орға жетіп, Қоңсылас қона жетті о да солай. Ең соңы Рамадан, Төлеу болып Жайыққа жақындады алдын орай. Бір бөлек қаракесек көшіп еді, Кідіріп ең соңында шыдай-шыдай. Көшінің қаракесек тартты басын, Түгелдеп кетерінде кәрі-жасын. Байсары бір атадан әлім, шөмен Үш ата деп айтады бел баласын. Кетерде кете, шөмен бірге қалды, Мекендеп Боқан таудың айналасын. Бір шеті ырғыз бенен құмға кетті, Анықтап білмесем де ол арасын. Баласын алты әлімнің бөлек-бөлек, Біртіндеп айтқым келед сөз расын. Әлімдер көшерінде би сайлады, Бір жерге пәтуа қып сөз байлады. «Қария көпті көрген кісі еді» деп, Шектіден Ашабайды ыңғайлады. Ендігі жұмыстарын би атқарып, Батырды түгел жиды маңындағы. Халықтың қалмай келді өңшең нары, Іс жүрді, іркілмеді онан әрі. Байланып қисық қылыш, көне қанжар, Әркімнің жау-жарақтан қолда бары. Құттықтан Киікбайға ту ұстатып, Қасына қабат ерді Жәңке, Сары. Әуелі жүз елудей адам болып, Онан соң арта берді адам саны. Осылай әлім көшті жасақтанып, Ту ұстап, тұлпар мініп масаттанып. Ашабай жолдасымен қоныс іздеп, Қырық кісі бірге жүрді қосақтанып. Киікбай көп алдында қол бастаған, Жол жүріп бір бағытта адаспаған. Керуен қонған жерді қарауылдап, Халыққа онан бөтен сыр ашпаған. Жылқының жеңіл мінез ұрыншағы ұмтылып, көптің алдын ойқастаған. Жол жүріп неше күндей арып-ашып, Қайырып малы-жанын қорғаштаған. Жеткеріп Сыр бойына қосын тігіп, Батырлар сонан кейін толастаған. Бөлінді екі жерге қалың шекті, Баласы Айт, Бұжырдың Орға кетті. Төрт ата – тілеу, қабақ, назар, шүрен Бұлар да ілгерілеп орын тепті. Сол күнде ер Көтібар жігіт екен, Жер сұрап қоңсысының сөзін күтті. Дос болып көп халықтың ойын алды, Жайықтың жау келетін жолын алды. Біріне Жекей дейтін қызды қосып, Белгілеп бес Шектіден орын алды. Бір шеті Ақтөбе мен Шалқар болып, Сонымен қалған Шекті тыным алды. Шектілер көшіп келсе, Түркістаннан Тебіренбеске дейін қарақалпақ жайлайды екен. Қарақалпақ халқын екі хандық билейді екен. Түркістаннан Қармақшыға дейін Аламесек деген хан, ал Қармақшыдан Тебіренбеске дейін Қатағар деген хан билейді екен. Шектілер сол Қатағар ханға жақындай қонды. Қазақ келгесін Қатағар «жеріме келдің, жер ақым, су ақым, бітір, зекет төле» деп адам жұмсады. Оған шектілер көнбей, жіберген елші адамын сабап, өзінің мініп келген атына кесе таңып, аулына айдап апарып салды. Бұған Қатағар қатты ашуланып, қазақты шаппақшы болды. Бұл кезде қазақ та бас-аяғын жиып, «өліспей, беріспейік» деп, Ашабайды хан сайлап, Киікбайға ту ұстатып, Жәңке, Мойнақ, Шықыман сияқты бес жүздей таңдаулы адам бөліп Қарақалпаққа қарсы шықты. Бірігіп еді халайық, Ақиректі ел жайлап. Батия қылды шектілер Ашабайды хан сайлап. Құлжаман ұлы Киікбай Терең ойлы кісі екен Қысылмайтын қайғы ойлап. Қабағы қардай жабылып, Бет-алдына қарасаң, Сөйлетпейді тіл байлап. Бойына қару асынып, Оң жағына ерінің Шоқпарын ілген ыңғайлап. Төбеге шықты көрініп Тұлпарын мініп астына, Желбіретіп ту байлап. Батыр Жәңке, Шықыман ұмыт қалған адамдай Ортаға кірді айқайлап: – Келсең кел, – деп, – қаралпақ!3 Ашуға мінген батырлар Кідірмей жүрді қарайлап. Бес жүздей кісі қол болып, Алдынан шықты бұлар да Тәуекелге бел байлап. Сол уақытта қаралпақ Олар да келді шамаға. Жақындап келіп тоқтады Дауыс жетіп араға. Әскерменен кідіріп, Көзін салды ілгері Шоғырланған қараға. Көзін салса Қатағар, Самсап жүрген сары қол Асылған екен Нұраға. Қалың қолды көргесін, Ойға қалды кідіріп. Ойламасқа бола ма? Қаралпақ, қазақ екі жақ Майдан құрды түзетіп, Елсіз аулақ далада. Қазақты көріп Қатағар Ашуға мініп демікті. Бабымен мінген тұлпардың Басына берді ерікті. Жел кеуледі шалғайын, «Ал!» дегенде асығып, Белін де бумай келіпті. Қозының жүні шөгерме, ұмтылып шапқан уақытта Тозаң басты бөрікті. Қазақ та шапты бер жақтан, Қаралпақ шапты ар жақтан. Айқай салып ұрандап, Көлеңке болып көрінбей, Күн тұтылды шаңдатқан. Атой салып араласты Қаралпақ, қазақ екі жақ, Қылыш ұрды жан-жақтан. Балта менен қылыш қағысса, Қылыш сынды балдақтан. Қаруы түссе қолынан, Күш кеткені бармақтан. Құлағы кетсе, басы аман, Айрылғаны сымбаттан. Толық мезгіл соғысып, Адам менен аты өліп, Ен даланы қандатқан. Жаралы болған кейбіреу «Ойбай!» салып өкірді. Бас пенен кеуде әр жерде Балықтай тулап секірді. Қайсар мінез қас батыр Жанынан жұрдай болғанша, Үн шығармай бекінді. Толық мезгіл соғысып, Ілгері қарай ұмтылды, Қылыш ұрды тынбастан, Ат тізгінін алмастан. Қарақалпақ, қазақ екі жақ Айқай салып ұрандап, Бір-біреуге жалғасқан. Соғыстың қорқып түрінен Әскерімен Қатағар Қаша ұрыс қылды қалмастан. Қарақалпақ көшіп, қазақтар Арасын ашты араласқан. Қатағар Хиуаға бетін бұрды, «Қап-қап» деп опынумен санын ұрды. Қазақпен қатар қонып жау болғасын, Орнығып отырмасын енді білді. Шыққаннан Сыр бойынан тыным алмай, Асығыс ат үстінде жеті жүрді. Халқына қаралпақтың ие болып, Шалықтап неше жылдай дәуір сүрді. Сонда да Хорезмге барғанында, Хиуаның қақпасынан әзер кірді. Қатағар хан алдына басын иді, Тағына тәжім етіп қолын сүйді. Қазақпен жау болғанын әңгімелеп, Істеген өз ісіне өзі күйді. «Қоныс бер, хандығыңа бағындым» деп, Сонымен қысқашалап сөзін түйді. Хиуа хан Қатағармен шарт жасады, Ханға хан құшақтасып сыр ашады. – Жеріме көтеріліп көшіп келсең, Ел болып, елің сонда құрасады. Беретін бітір, зекет салығың бар, Хандыққа халық билеген жарасады, Қорғайтын әрі жаудан міндетім, – деп Артына қолын қойып мөр басады. Мұнымен қазақ тынбады, Тыңшысын салып тыңдады. ұрысын жұмсап мал алып, Қайтадан батты тырнағы. Малы кетсе құрысын, Мал адамның құрбаны. Мал орнына жан кетсе, Адамды Құдай ұрғаны. Солқылдаған келіншек, Суға барған қыздардың Сұлуын таңдап ұрлады. Бірге барса күйеуі, Әлі келсе таяқтап, Оны да елең қылмады. Істеген ісі қазақтың Бара-бара аяғы Шариғатқа симады. Қорыққаннан қалтырап, Қазақты көрсе қысылып, Қалмады тіпті иманы. Көш-көлігін даярлап, Хорезмге кетуге Алды мен артын жинады. Ығысты қарақалпақтың көші шұбап, Халқына Хиуаның хандығы ұнап. Әмудің орын алып жағасынан Орнығып өмір бойы етті тұрақ. Белгілі бек болғасын Хиуаға Шымбайды Тақта менен алды сұрап. Сонда да араздығы естен кетпей, Жаулықты жалғай берді қолдан құрап. Қарақалпақ көшіп барған соң көп ұзамай-ақ Қатағар дүние салды. Бірақ артында қалған мұрагер бегі Уәйіс-Ниязға қалған кегін тапсырды. Уәйіс-Нияз біраз жылдан кейін Хиуа ханнан көмек алып, түрікмені, өзбегі, қарақалпағы аралас үш мыңдай әскермен Сырға аттанды. Бұл кезде Киікбай да, Жәңке де ажалынан өлген болатын. Балсарының да екіден-үштен балалары бар болатын. Киікбайдан жеті бала – Ералы, Нұрымбет, Жаман, Сары, Бөртай, Өтеген, Махамбет. Өтеген би болды, бөтендері шаруа болды. Бір күні ойда-жоқта елді жау шапты. Жайлаған Сырдың бойын қалың шекті Жер ауып Жиделіден мында кепті. Малы бар өз алдына шаруа күйі, Жарлысы балық аулап, егін екті. Іргелі жер иесі қарақалпақ Оның да тентегінен тиышы кетті. Қаншама Хорезмде халқы жатыр Жеткерген неше түрлі мәліметті. Қалың ел Сыр бойында мың жарым үй, Биі бар ел билеген әділетті. Сол күнде Уәйіс-Нияз бегі шығып, Көрінді әркімдерден қабілетті. Аттанып үш мың қолмен Хорезмнен, Бір түнде Сырдариядан келіп өтті. Шектінің елін шауып, малын талап, Өлтіріп төрт жүз ердің қанын төкті. Бүлдіріп үй мүлкі мен жерін өртеп, Бірнеше есебі жоқ малын жепті. Шектінің елін шапты туын қадап, Сайлады сұлу қызды елден қарап. Жайқалған жауқазындай кейбіреуі Оянған от жүрегі, жаңа талап. Толқыған туған айдай құмырсқа бел, Майда тіл, мамық етті, түлкі тамақ. Көргенде көз ұялар ажарынан, Сүйкімді сұлуды алды алма сабақ. Түгелдеп қайбіреуін айта берем, Көрген көз, ескермесе, серлі құлақ. Артына қарай-қарай жылауменен «Хош-хош» деп қолын бұлғап кетті-ау шырақ. Ауылда бас көтерер қалмады еркек, Табылды қарақалпақтан талай тентек. Қалдырып кемпір-шалды баспанасыз, От қойды қорасы мен үйін өртеп. Түйеге қолға түскен жүгін артып, Қайтадан Хорезмге тартты тіркеп. Жағдайы осы болды Сырға қонған, Бұл сапар бола алмады елге қорған. Қапыда қас дұшпанның қолы тиіп, Танадай тұрғызбады басын ұрған. Ақ жүзді абыройлы аға-ініден Халық үшін талай ерлер болды құрбан. Жер ауып Жиделіден келгенінде Дұшпанға душар болды даяр тұрған. Халықта жау талаған не сән болсын, Жүйріктен күш кетеді жер талғаған. Егінін еккенімен өнімі жоқ, Әйтеуір күнелтіп жүр халық зордан. Үш жылдай осылайша мезгіл өтті, Кемдікті кім тілейді келсе қолдан. Сонда шектінің қалғандарын жиып: «Елді жау шапты, есеңгіреп қалдық. Әлі де болса бас құрасып, халық болайық», – деп, әрі жұртына қайрат беріп, сол күндегі ел ағасы Құттық Қылышбайға Өтеген бидің айтқаны. Сонда Өтеген: – Ел қондырдың, Қылышбай, Ақиректің маңына. Жайылым бөтен болған жоқ Өріске шыққан малыңа. Ықпалы жүрсе пенденің, Айналар ісі оңына. Басынан бағы тайғанда, Жақыны түсер соңына. Хиуа келді бұйақтан Елшісін салып сұранып, Қолыңда тұрған бағыңа. Қарақалпақ жаулап бір кетті, Жараны салып жаныңа. Амалың бар істейтін Мезгілменен кездескен Бұл заманның заңына. Қажымай, ерім, қайрат қыл, Халқыңның бола қамына. Қапысын тапса қалайда, Кір келіп тұр ағаңа. Қашсаң да ажал құтқармас, Жазылған болса бағыңа. Қайғырып халық бос жүрді, Сарғайып күздің таңына. Ту ұстаған әр хан да Шыдап жүр қалай арына? Неге ізденіп бармайды Олжа болған малы мен Кісіде кеткен жанына. Өкпелеп жүр ме болмаса, Жан күйдіріп жау алған Дұшпанға кеткен жарына. Ағайын қалай ала ма, Өздерін өзі олжалап, Бірігіп жүрген жауына. Қой бұныңды, халайық, Бірлікке кіріс жұмыла. Туыңды тік те, тұлпар мін, Найзаңды алып қолыңа. Халық ағасы, Қылышбай, Өз басыңды қорыма. Абырой менен ар ойла, Адамдық түссе ойыңа. Халқыңды жи да, хабар айт Алты әлімнің ұлына. Кез келген жауға жем болып, Жолда отырып құрыма. Сен, негізі батыр халықсың, Жеткен жоқ ешкім сырыңа. Еліңді жи да, ер сайла, Бес қаруды буын да. Біреуің қалмай атқа мін, Даярлап сауыт, дулыға. Көк найзаңды өңгеріп, Ақ семсерді суыр да. Қалай да болса тыйым сал, Самарқанның сарты мен Хиуаның келген қуына. Ақылыңа ақыл қос, Халық ағасы Қылышбай, Құлақты салсаң мұныма. Сонда Қылышбай ойға қалып сөйледі: – Ойлағанда осылай Ел бола ма бұнымен. Кеуілдің кірі ашылар Адамның ішкі сырымен. Ердің құны бітпейді Төрт түлік малдың құнымен. Қандасқан жауға қан кетсе, Құрығаны шынымен. Қаралпақ жаулап бір кетті Қарындасты күң етіп, Ағаны қорлап іні мен. Өзбек пенен түрікпен, Жау болып тұр түбімен. Дос болмадық немесе, Хорезмдік елдердің Іргелес жатқан бірімен. Халықты тиыш қоймады Өзінің қарай күнімен. Егінін таптап бір кетті Дүние-мүлік, үйімен. Осыларды ойланып Жата алмады Қылышбай, Аударылып түнімен. Ерте тұрып орнынан, «Көрейін, – деді, – ойласып Халық ағасы биімен» Осыған ойын бекітіп, Ат жіберді жан-жаққа Өтеген бидің тілімен. Әне, сонда әлімнің билері жиналып: «Әлі де болса қалғанға берекет. Хан сайлайық», – деді. «Онда кімді сайлаймыз?» – деп халық өре түрегелді. Абдулла деген төре Темірден көшіп келген болатын. Халық жиналып: «Төре хан тұқымы ғой. Осыны сайлайық», – деп Абдулланы хан сайлады. Абдулла хан болғасын, Өтеген уәзір болды. Серке екінші уәзір болды. Бұл кезде Нұрымбет балалары тегіс бар. Ақмырза 22-23 жастар шамасында, Жанқожа 12-13-тер шамасында. Жауғашар, Бек, Шөже жас. Бір күні хан той жасады. Тойда хан балаларға ет асатты. Басқа балаларға қолымен асатты. Жанқожаға табағымен берді. Сонда Жанқожа: «Табақты қатынға береді. Мен қатынмын ба?» – деп ханды табақпен ұрды. Сонда хан: «Мен ханмын ба? Хаммын ба?» – депті қасындағы Өтегенге. «Сен Нұрымбет балаларын түгелдей өлтірсең, хансың, болмаса, хамсың», – деді Өтеген. Сондағы ойы: «Ақмырза, сенен болды, болмаса бала қайдан білсін» деп өкпелеп айтқан сөзі еді. Нұрымбет балаларын өлтіріп хан бола алмайтынына көзі жеткен Абдулла бір түнде Темірге қайта көшті. Халық қайта хансыз қалды. Жылқайдар Қонысын салған Жылқайдар Жаршағылдың құмына. Бай ауылын жайлады Мешіннің келер жылына. Қартайған ердің шағы екен Өмірдің түскен сынына. Шаруа болып кәсібі Жер сонылап мал жайған Сар даланың тыңына. Көз жетпейді жылқысы Ол шеті мен бұл шеті Жайылса жердің жонына. Отырып бөлек хандардан Алдан мен Достан ер жеткен Тапсырып екі ұлына. Ол уақытта жалшы көп, Ел қыдырып мал баққан. Талып іздеп талайлар Келеді екен жан-жақтан. Жансызын салып, жай басып, ұры да келеді қалмақтан. Тынымсыз жүрген бір заман Аш бөрідей анталап, Жемтік іздеп, түн қатқан. Екі-үш жыл бұрын осыдан Нұртай деген қаралпақ Келіп еді бір жақтан. Түсі тәуір кісі екен, Жалшы да болса жағымды, Халқына сөзін тыңдатқан. Тәуір көріп Жылқайдар Қос басына қойып ед «Шаруам еді, – деп, – ұнатқан». Нұртай болды жылқышы, Құрығын алып қолына. Түн түнемей күзетіп, Жылқыны жайып соныға. Зейіні артық, ойы алғыр, Өз малындай игеріп, Іздеу салады жоғына. Риза болды әркімдер Жорғасы менен жүйрігі Жылқыға қойған сынына. Жалшы да болса жасқанып, Жалғыз жүрген қаралпақ, Көнбейді жанның ығына. Онысын байқап батыр да: «Жағдайың қалай, шырақ?» – деп Тек келіп кетеді жылына. Жылқышы Нұртай енді жылқы баққан, Мойнына жалшы болып белгі таққан. Өргізіп өз қолына малын жайып, Үйірге ие болды түзде жатқан. Бір күні бөкенқабақ бір арғымақ, Жылқыға пайда болды ойда жоқтан. Бір жеті үйір болып бірге жүріп, Сонан соң өз бетіне жөнін тапқан. Көрген іс – көмулі зат қала берді, Сырының себебі не перде жапқан? Толғасын тоғыз айдың шамасында, Сол бие құлын туды арғымақтан. Құлан жал, қоян сауыр, бөкенқабақ, Сыртынан әр мүшесін сыншы ұнатқан. Сол құлын тай болғанша Нұртай күтті, Бұның да ойына алған күні бітті. Үш жылдай жалшы болып мал баққасын, Бейнеттің неше түрлі уын жұтты. «Ақыма ат берсе де, тай алам» деп, Ішінен болып жүрді шын үмітті. Бір күні Нұртай келді жауап сұрап: – Сөзіме, батыр аға, сал, – деп, – құлақ. Сүйегім Хорезмдік қаралпақ еді, Бұл жерден он бес күндік жерім жырақ. Қайтайын өз еліме, улықсат бер, Үш жылдай жылқы бақтым, зорға шыдап. Есітіп осы сөзін жылқышының, Батыр да «мақұл» деді кеуліне ұнап. – Жылқыдан сол ақыға тай міне ғой, ұлықсат бір Алладан, – деді, – шырақ. Қуанып Нұртай сонда түрегелді, Оның да о бастағы тілегі еді. Жылқыдан жалғыз тайды ұстап алып, «Кел, кәне, ел қайда?» деп жүре берді. Сонымен жолаушылап жолға түсіп, Жақындап Хорезмге келе берді. Ат қойды «Аққылшық» деп тай күнінде, Он жуып, жүз сипады әр күнінде. Төгілген төбесіне үкі тағып, Жалының маржан өрді әрбіріне. Жібектен желбіретіп ноқта жасап, Сай қылды сұлулығын бір-біріне. Ажарлап ат әбзелін болғаннан соң, Сыншының бір көрсетті білгіріне. Сыншы айтты: «Сенің атың малдан басқа, Шаппай-ақ бәйге алады той мен аста. Тұлпардың тұяқтыда біреуі осы, Қуған аң, жеткермейтін ұшқан құсқа. Бағыңа, байғұс бала, түскен шығар, Сау болсаң, атың шығар алты алашқа. Жүйріктің жүлде алатын шамасы осы, Тайталас талабы озар екі-үш жаста. Сыртынан сұлу көріп сипай бермей, Онан да бәйгеңді ал тойға қос та». Нұртай енді қуанып, Кеуілі бітті атына. Жылқайдардың жүйрігін Түсірді қолға қапыда. Ешкімге жөнін айтқан жоқ, «Жылқы бағып жалданып, Алып ем, – деп, – ақыма». Бейнесі бөлек жануар Бағасын айтып, пәлен деп, Пұл жетпейді нарқына. Қоян сауыр, құлан жал, Көргенде көзің тойғандай Қарап тұрсаң сыртына, Сүйегі сұлу сүмбідей, Тап осындай жүйрік жоқ Сол күндегі жылқыда. Неше жүйрік қосса да, Ас пенен тойда әрқашан Жылқы ермейді артына. «Нұртайдың бар, – деп, – жүйрігі», Атағы түгел жайылды Хорезмнің халқына. Сонымен Нұртай малданып, Желіге бие байлады, Атағын түгел таныды Хорезмнің аймағы. Келіп, кетер күншіл дос, Жақын, жекжат көбейіп, Іздеп келді қайдағы. ықпалы жүріп бір заман Құрмет етіп қонақты, Қол қусырып сыйлады. Алқалы топта әрқашан Қолына тиді кідірмей Ас пенен тойдың байрағы. Осындай бақты Нұртайға Күндеушілер көбейіп, Билердің соры қайнады. Әне, Нұртайдың бұл бағын күндеуші билер аттың қайдан келгенін сұрап, ізін шығарды. Сонан соң Жылқайдарға хабар айтты: «Осындай асыл тұқымды малыңды біреуге беріп, саған не болды?» – деді. Соған алданған Жылқайдар бір тойда адам жұмсап, атты ұстап алды. Ат келгесін Нұртай да келді. Оған Жылқайдар: «Тұяққа – тұяқ,» – деп басқа бір ат мінгізді де, Аққылшық атты алып қалды. Осыған ыза болған Нұртай Жаңадариядағы Тықы батырға барып, көрген қорлығын айтты. Тықы: «Мақұл, өлтіремін де, атыңды алып беремін, бірақ ханға хабар салып алайын», – деді. Ол кезде қарақалпақтың би мен бегі Хиуада, хан қасында болатын еді. Бұл хабарды есітіп, хан қуанып қалды. «Елінде екі адам бар. Біреуі – Нұрбай, екіншісі – Жылқайдар. Екеуін де өлтіріп келсін», – деп хабар айтты. Оған себеп: Сыр бойында бір мың бес жүз үйдей жарлы-жатақ көше алмай қалған қарақалпақ болатын. Олар жергілікті Әнетей бидің қарауында. Әнетей Киікбаймен құда болып, бір қызын Өтегенге әперген. Сөйтіп, құдандалы жекжат болып кеткен халықты хан жауластырмаса, ел көшпейтін болды. Осы хабарды алысымен Тықы сайлы отыз адаммен аттанбақшы болды. Бұл сөзді естіп қарақалпақтың биі Нияз деген кісі: «Жалғыз атқа бола жауласып қайтеміз. Ат болса, сұрап алайық, бір алжасқан шығар. Арада шағындырушы аз ба», – деп, ара түсті. Оған Тықы ашуланып, ара түскен жолдасы мен Ниязды өлтіріп, өзі мешін жылы баһар айында Жаршағылдағы бай ауылындағы Жылқайдарға аттанды. Тықы батыр жол шекті, Жау іздеген талабы. Өз теңінде ер дейтін Хорезмнің алабы. Таңдап алған талайдан Қасында отыз адамы. Жол үстінде келатыр Жауатын бұлттай түнеріп, Тұнжыраған қабағы. Бұқары қылыш белінде Құс кездігін қосақтап, Қорамсақта садағы. Астында қара арғымақ Сүмбідей қатқан жануар Қамыстай екі құлағы, Арқаға қарай аттанды Артында қалып біртіндеп, Баһардың жылы шуағы. Нұртай мен Тықы келатыр Қасында нөкөр еріткен. Елінен шықты асығып Отыздан арта жігітпен. «Бәрекелді, батыр» деп, Жалғыз атқа жауығып, Ханның өзі біріккен. Араздық салып араға «Қайтып ал, – деп, – атыңды,» Басында солар іріткен. Жазықсыз байғұс жау болып, Қандасуға келатыр Хиуа салған бүліктен. Арқасы ханға сүйеніп, Хан досымыз тұрғанда «Кім тиеді?» деген үмітпен. Жылқайдар жаңада өткен жетпіс үштен, Сонда да қажыған жоқ қайрат-күштен. Түйілген сұр бүркіттей соққан дене, Дұшпанға қарсы келген мерейі үстем. Екі ұлы – Алдан, Достан бәйбішеден Батырдың тұлғасымен өлшеп-пішкен. Жаңабай он бес пенен он алтыда Жас бала көкірегі желдей ескен. Байшоқы Мәннен туған құндақтаулы Сонда да ата-анасы тәуір дескен. Бойжеткен онан бөтен екі қыз бар, Алманың сабағындай жаңа піскен. Халықтың әр жұмысы әрбір түрлі Бейнетпен бай да болса күнін кешкен. Жел тынық, ай қараңғы, қырдың түні Қазақша баһар айы, мешін жылы. ұйқыдан жан-жануар түгелімен Қозғалып ешбір жанның шықпайды үні. Беймезгіл үйді келіп қамап алды, Қандаспай тынар емес жаудың түрі. Өлтіріп Жылқайдардың басын кесіп, Баяғы атын алмақ сөздің шыны. Әуелі Тықы кірді үйге бастап, Жолдасын отыз кісі сыртқа тастап. Қармалап қараңғыда төрге ұмтылды, Ашумен құс кездігін қолына ұстап. Қанжарлап Жылқайдарды төсегінде Өлтіріп өз жайына кетті тастап. Алданды Достан менен төрден тапты, Біртіндеп олардың да басын шапты. Жаңабай қараңғыда қашып шықты, Әркімнің өз басына жаны тәтті. Шешесі Байшоқыны алып келіп, Төңкеріп тайқазанмен үстін жапты. Жас бала есін білмей жасырғанда, Қорылдап құндағымен ұйықтап жатты. Онан соң екі қызды олжалады, Байғұстың көзден жасы сорғалады. Өлгесін әкесі мен екі ағасы, Қайғысы ішіндегі қозғалады. Қолына қанжар алып үлкен қызы, ұмтылып қараңғыда қармалады. Адамға қолы жетпей атқа тиіп, Біреуі ат-матымен домалады. Жиналып қарақшылар қаумаласып, «Батыр» деп қызды көріп таң қалады. Бұны да сол арада байлап алды, Аялдап көп кідірсе, жол қалады. Пірімжар қатар қонған ауылдасы, Кәрі шал сексеннен де өткен жасы. Садағын қолына алып үйден шықты, Тықыны атайын деп, жаудың басы. Бір биік жалаң құмды паналады, Тасалап жауға қарай жағалады. Шіреніп оғын салып атқанында, Тықының тақымына қадалады. Тырс етіп атқан оғы жерге түсіп, Атын да өлтіруге жарамады. Қызды алып олжасымен Тықы кетті, Бұл кім деп Пірімжарға қарамады. ... Бет алды Нұрбай қонған Көкдомбаққа Малы бар бай қолында қай уақытта. Дәулетті жанды, жақты адам екен Ел билеп, ие болған сансыз баққа. Кәсібі шаруа қуып, мал жаяды, Сан қилы көшіп-қонып атырапқа. Бір бүйір жолаушыға жолы шалғай Көп жүріп, күш түсетін мінген атқа. Бұл сапар Тықы кетті қайырыла алмай, «Және бір соғармын, – деп, – ойда жоқта». Сонымен отыз кісі жолға түсті, Екі қыз жүйрік ат пен қолға түсті. Ойсызда Жылқайдарды шауып алып, Өзінше орындады бір жұмысты. Масайрап, мақтанысып келе жатыр Сөз айтып әрбір түрлі жолдың үсті. Кідірмей Жаршағылдан шыққан бойы Үйінен бір демалып ас-су ішті. Кел, кеулім, қайта кіріс талабыңа, Аттаған нұр құйылсын қадамыңа. Шындықтың шырқын бұзбай тура сөйле, Алданбай жалаң сөздің мадағына. Ойланып, ақылыңмен көзіңді сал, Өлшеумен екі өмірдің адамына. Қиссасын Жанқожаның жазып шықсаң, Еңбектің ие болғаның адалына. Халқы үшін қылыш ұрған батыр еді, Дұшпанның түспеймін деп табанына. Қоқанға Хиуа менен қарсы тұрып, Ерлігін ел таныған заманында. Батырдың жазғанымда бұл саласын, Ойланып сұрап жүрдім ара-арасын. Баяндап балалығын жазғаным жоқ, Айтсам да атасы мен іні-ағасын. Ерлігін еңбегімнен оқырсыңдар, Жыр болып халық аузынан тарағасын. Қорқақты қуа берсең батыр болад, Әр іске ер болады шыдағасын. Қайғыдан қан төгуге риза болған, Қазақтың ұл мен қызы жылағасын. Солардың көз жасына көлеңке іздеп, Халық үшін құрбан қылды қара басын. Ерліктің ең іргесі ақыл болад, Ел қылып көптің басын құрағасын. Үстінде он жетінің жауға шықты, Ерітіп ел-жұрты мен тумаласын. Қаны үшін Жылқайдардың аттанып еді, Халайық, тыңдасаңдар бұл арасын. Бір күні «Жаршағыл бақауылдағы Жылқайдарды Тықы өлтіріп кетті» дегенді есітіп, Әбжалдың ұлы Сәйеке көкжорға атпен алты әлім, төрт шөменге хабар айтты. Алты жүзге тарта әскер жиып, Құттық Қылышбайды хан сайлап, мешін жылы сәуір айында Жаңадариядағы Тықыға аттанды. Аттаныс Аттанды алты жүз қол Ақиректен, Ту ұстап хан да жүрді қалың көппен. Ішінде Ақтан батыр, Бекарыстан, Жаңадан келгендер бар төңіректен. Ақмырза, Жанқожамен өзі алдына, Бір төбе бұ да аттанды Нұрымбеттен. Елемес, Арынғазы, Бәйдік батыр Ерітіп төрт шөменді дүбірлеткен. Төртқара Тілеулі мен Жақи шықты Қарайлап көптен бері жолын күткен. Ер Дабыл, Аманқожа жұртқа мәлім, Бұлар да сонда бар-ды сапар шеккен. Құралдан қолға түскен қылыш, қанжар, Айбалта таты басқан, дүзі кеткен. Садақ пен қырлы мылтық жалғыз-жарым, Оған да айтулы ерлер қолы жеткен. Аттанып қалың қосын елден шықты, Дұшпанға «тәуекел» деп ызасы өткен. ...Қоңыр күз, сарғылт тартқан жердің шөбі, Жел соқса бетке тиер күздің лебі. Сәуірдің суығымен қоңырланып Көрінген сұрғылт бұлттай Сырдың көлі. Шаруа малын айдап, шөбін жиып, Қыстауға қайта оралған елдің көбі. Жайлауы қаралпақтың Сыр – Қуаң-ды Белгілі Хиуада хан мен бегі. Аттанып қалың қосын келе жатыр, Ойында Жылқайдардың қанды кегі. Батырлар бөлек жүрді ту көтеріп, Алты әлім, төрт шөмекей түгел еріп. Сап құрып сонда батыр қару ұстап, Арғымақ мінгендері тақым керіп. Түтіндеп ат тозаңы қара бұлттай Будақтап ауық-ауық жерге төніп. Аңырмай ат үстінде күн де батты, Түн жүріп, тыным алмай таң да атты. Құдыққа Ажар деген ат суарып, Демалып сол арада бір күн жатты. Қайтадан келесі күні қосын түзеп, Бағыттап жолсызбенен тура тартты. Ерінбей ертелі-кеш суыт жүріп, Төрт күнде ер Тықының елін тапты. Тақта мен Қызылқұмның арасында, Бөлінген Сырдың тарау саласында. Жайлауы ер Тықының жазы-қысы Белгілі Жаңадарияның жағасында. Қаласы қаралпақтың қатар-қатар, Арасы көшқонарлық шамасында. Жаңақала Шауек пенен суға жақын, Құмқала құбыла беткей даласында. Қаланың айналасы биік қорған, Ат-көлік өте алмайды қазған ордан. Толтырып су жіберіп ор ішіне Тек қана дарбазаның жолы болған. Жасыл жон жаз айында миуа шашып, Баһарда бау мен бақша іші толған. Шығыста батыспенен қос мұнара, Ерте-кеш жау қарайды екі жолдан. Қаралпақ батыр болды қазақ десе, Бермеді айттан айттық, тойдан мүше. Балықшы балық аулап, егін ексе, Оған да қаралпақтар тұрды кесе. «Биеміз іш тастайды» деп кейіді, Қазақтың аты ар жақта кісінесе. «Атыңды аңдап неге бақпайсың?» деп, Сабады қазақтарды әлденеше. ...Қаралпақ көп жайлады Сырдың суын, Бойына қуат көрді ханның буын. Шектіні он бес жылда екі шапты, Ақбайға, Ақирек пен қадап туын. Қол бастап Уәйіс-Нияз бір талады, Ішкізіп төрт жүз ерге ажал уын. Екінші ер Тықыны және салды, Көрдің бе амалы көп ханның қуын. Сәуірдің салқын тартқан қоңыр күзі, Жел соқса бетке тиер қыстың сызы. Өткесін он бесінен ай толығып, Ашылып ажар берген нұрлы жүзі. Ертемен ақшағылға қырау түсіп, Жосылған жол сияқты аңның ізі. Ағарып күн шығыстан сәуле кіріп, Алысты болжағандай әркім өзі. Тірелді қалың әскер бір алапқа, Қаз-қатар жүздігімен тұрып сапқа. Жайғасып аттан түсіп болғанынша, Толығып сәске болды сол уақта. Тынығып, тамақ ішіп, демін алып, Тұсау мен шідер салды мінген атқа. Қарауыл айналаға адам қойып, Барлауға баршы кетті екі жаққа. Бұл кеткен екі адамның біреуі көп ұзамай-ақ екі адам тұтқынмен қайта оралды. Бұл Жанқожа болатын. Жабайы жиде теруге дариядан өтіп отырған адамдар еді. Батыр балтамен бір-бір ұрып, байлап алған. Қылышбай тұтқындардан: «Хиуа қайда, қашық па, Тықының қанша әскері бар?» – деп сұрады. Соны біліп, ертеңіне соғыс жариялады. Айналасынан әскер жиып, Тықы да майданға шықты. Сөйтіп, өзі жекеде тұрды. Бұдан қазақтан Тоқа Елемес шықты. Елемес Тықыға найза салайын деп ұмтылғанда қылышпен қағып жіберіп еді, найзаның басы кесіліп, Елеместің қолында таяғы қалды. Енді Тықы шабам деп ұмтылғанда, Елемес әскерге қарай қаша жөнелді. Қазақтан қайтып батыр шықпай қалды. Қалың қазақ қамалай, Қатар тұрды жағалай. Бастары түсіп бәрінің Біреуі тіке қарамай. Жалғыз барған Елемес Найзасын кесіп оның да, Қуалап салды баладай. Сүйекке таңба іс болды, Бір кісіге бір кісі Беттесуге жарамай. Үндемеді еш адам, «Мен барам» деп айтуға Жүректері дауамай. Қалың да қазақ қамалып, Жекеде тұрған Тықыдан Қорықты ма екен бұл қалай? Қылышын алып қолына, «Жекеге шық!» деп ер Тықы Айқайлап жүр анадай. «Майданға шық» деп ақырып, Едәуір жүрді осымен. Бедені бөлек көрінеді Шошынғандай түсінен. Ту ұстаған туымды ер Тайынар емес кісіден. «Келіңдер!»деп айқайлап, Адамның арын келтірді Осы істеген ісімен. Сол уақытта бір адам Майданға қарай ұмтылды Көп қазақтың ішінен. Көптен шықты көрініп, Жанқожа мінген көкбесті. Тұяқты тұлпар мал болса, Онан жүйрік өтпес-ті. Қанатты құста қаршыға, Артынан ұшса жетпес-ті. Есік пен төрдей қалғанда Жанқожа мен ер Тықы Қарама-қарсы беттесті. Сол уақытта ер Жәкең Көк найзасын қолға алды, Шаншайын деп оңдалды. Қанға құмар Тықының Кеудеден салып найзасын, Еріксіз аттан аударды. Атынан құлап ер Тықы, Амалсыз жатыр көсіліп. Жанарынан от шашып, Қарап жатыр тесіліп. Жылқайдардай батырды ұйқыда келіп өлтірді, Қанды қолға түсіріп. Екі бірдей баласын Қосақтап қойып шалғанда, Кетпеп пе еді есіліп. Ол сапарда Тықының Ойында өлім болған жоқ, Қанаға симай ісініп. Сол істеген жұмысы Алдына келді ұзамай, Өзінің басы кесіліп. Мәңгі бақи көз жұмды, Жан сүйерлік жалғаннан Жасыл да жанын ұшырып. Майданда тұрды Жанқожа Сақа ерлердің салтымен. «Кім келед?!» деп тұрып ед, Жан келмеді артынан. Жалғыз екен ер Тықы Қаралпақтың халқынан. Жай жүргенде жаужүрек, Арпа батыр көп еді Алғыр құстай талпынған. Бетпе-бетке келгенде «Мен барам» деп айта алмай, Қараумен болды сыртынан. Қапыда бұл да қорықты Жекеде тұрған жас батыр Ер Жәкеңнің бұлтынан. Қылышбай туын алды қолындағы, Ерлерге иек қақты оңындағы. Оңғарып өз атынан басын түзеп, Қынаптан қылыш алды суырмалы. Сол кезде қалың қазақ ұран салып, Ата айтып «әруақ» деп дуылдады. Әр жерде айбалта мен шоқпар ұрып, Қырлыға білте басты шұбырмалы. Ет қызып, екі жақтан майдан болып, Қанды өлік бара-бара қалыңдады. Көп халық айқай салып араласты Қаңбақтай жел аударған құйындағы. «Күн бата қайтыңдар» деп дабылдады, Белгісіз бір-біреуді не қылғаны. Болғасын ханнан жарлық, биден тоқтау, Қайталап енді қылыш шабылмады. Көбісі қылыш тиіп жараланып, Көз жұмды мәңгі-бақи бауырлары. Жасқанбай жеңгендері қуат көріп, Жараның білінбеді ауырғаны. Айырылып екі жақ та демін алды, Теңіздей толқып, тынып дауылдағы. Кеш демін алып, ертеңіне келсе, қаралпақ қашып кетіпті. Қылышбай көп олжа алып, елге қайтты. Батыр Қылышбайдың істеген ісін жақтырмаса да, үндемеді. Өйткені ол «Жылқайдардың қаны үшін, қазақтың ары үшін» деп аттанған-ды. Олай емес, дәл қазір олжа үшін аттанғандай болды. Оның үстіне біреу: «Батыр жаудан алған екі түйемді Қылышбай тартып алды,» – деп шағым білдірді. Батыр Қылышбайға келіп: «Мынаның түйесін бер», – деді. Қылышбай бермеді. Сол жерде Қылышбайды балтаның желкесімен бір ұрып, әлгі адамның түйесін әперді. Елге келгесін болған оқиғаны әкесі есітті. Нұрымбет пен Қылышбай екеуі жасты-тұғын. «Әкеңе қолың тиді», – деп Жанқожаны әкесі мойнына арқан тағып алып барды. Сонда Қылышбай: «Босат, баланың мысын қайырмай. Кінә өзімнен. Бала да болса, бізден ақылы артық. Ерді баулап ер қылады. Елдің басын құрап, ел қылатын осы болады. Онан да налымай, балаға батамызды берейік», – деп, екі шал батасын берді. Бірақ Қылышбай сол науқастан бас көтермей жыл жатып, дүние салды. Бұл батырдың бірінші жау алғаны. Сонан бастап «Нұрымбеттің шолақ найзалы баласы» аталып кетті. Раманқұл Кішкенеалтау: Жиеней, Жолшара, Құрманай, Құттық, Асан, Үсен. Ал Құттық бесеу: Әлдияр, Қайдауыл, Майдан, Кенжеғұл, Домақ. Кенжеғұлдың Таттыбай деген аталығы Қосбармақтан – Раманқұл, Сырлыбай бірге туады. Майдан төртеу: Әлімбет, Құлжаман, Қожамұрат, Түгелек. Қожамұрат Жұмағұлдан тоғыз бала: Балта, Жұрын, Қылышбай, Күйеубай, Теңізбай, Нашар, Жөке, Әлдияр, Барақ. Барақтан алты бала: Байшора, Мыңбай, Сансызбай, Қошқар, Боранбай, Шал. Құлжаманның Киікбайынан жеті бала: Ералы, Жаман, Нұрымбет, Сары, Шөже, Бөртай, Өтеген. Нұрымбеттен төрт бала: Ақмырза, Жанқожа, Жауқашар, Бек. Бір жылы Сырлыбай Шөженің ас пенен тойдың алдын бермейтін Бәйгікөк деген атының майын сұрап мінеді. О баста бір жеті деп кеткен Сырлыбай атты алты айдай мінгесін бір күні Шөже атын сұрап барады. Оған Сырлыбай жөнді жауап айтпай, «ат орнына ат ал, саған ат болса болмай ма», деп Раманқұлға арқа сүйеп мысқылдап қалады. Осыған ыза болған Шөже немере інісі Боранбайға барып, атымды алып бер дейді. Боранбай: «Жарайды, олай болса атыңды алып берейін», – дейді. Қару-жарағымен барып, Сырлыбайдың есігінің алдында тұрып: – Сырлыбай, далаға шығып кет, – деп айқайлайды. Шыға қалса, Боранбай тұр. – Неге келдің, менен ат алам деп келдің бе? – деп кейістік танытады. – Алам деп келдім, – дейді Боранбай. Сол жерде Сырлыбайды найзамен өлтіріп, желіде тұрған Бәйгікөкті алып кете береді. Майдан Кенжеғұлдан адам өлтірді. Арада құн дауы басталды. Кенжеғұлдан құн сұрап би Раманқұл шықты. Майданнан батыр Жанқожа шықты. Раманқұл құн сұрап, Жанқожа құн бермекші болды. Раманқұл бір Сырлыбайға төрт құн сұрады. Жанқожа: «Ол болмас. Елде ондай дәстүр жоқ. Әрі біреудің ақадал малын алты ай мініп, өз атын өзіне бермей, жақсылығына жамандық істеген Сырлыбай кінәлі. Бір құн ал да бітіс, – дейді. Оған Раманқұл қайлы болмай биге барады. Би асан Бекарыстан еді. Оқиғаны бастан-аяқ сұрап, түсінген Бекарыстан: «Жара неше жерде?» – деп сұрайды. Жара бір жерде. «Олай болса, бір құн ал да бітіс. Бір найзадан төрт адам өлмеген болар», – дейді би. Оған Раманқұл қайлы болмай, ақыры дау он жылға созылады. Ағайын арасы жау болып, Майдан мен Кенжеғұл қандасуға барады. Бұны есіткен сырт ағайын бұларды араздастырмай, бітістірмекші болады. Бір күні Бекарыстан Боранбайды шақырып алып, айла қолданбаса Раманқұлдың бітіспейтінін айтады. Сонан кейін Боранбай үйіне барып, жау-жарағын асынып, баяғы Сырлыбайды өлтірген пормасында Раманқұлдың есігінің алдына барып, ат үстінде үзеңгісін шіреніп тұрып: «Раманқұл, далаға шығып кет», – дейді. Шыға келсе, Боранбай тұр. «Бір құнға бітіспесең, сені де өлтіріп, содан соң төрт құн төлеуіме болады» деп тұрған сияқты, Ат үстінде Боранбай: «Бітісесің бе?» – деді. Раманқұл: «Бітісем», – деді. Майдан құн төлеп, Кенжеғұл құн алып, ағайын арасы татуласып кетеді. Бірақ Раманқұлдың шешесі: «Сырлыбайдың қанына қан алмасаң, ақ сүтіме риза емеспін», – деп жылай берді. Соған алданған Раманқұл 1825 жылы жылдар шамасында он бестей биді ертіп Хиуаға аттанды. Асан Сүтемгенұлы Айбосын, Абланның ұлы Тәуір, Асан Жақайым Данабай, Татыран Өтебайұлы Тәбекен, Жаппас Өтетілеу, Асаннан Жанділдә, Байділдә және сол сияқты билер еді. Ол кезде хан Мәдірейім еді. Раманқұл өзінің келген жұмысын айтып, көшпелі халыққа мешіт салдырып, әрі бітір-зекет жинатып, халықты отырықшылыққа, тәртіпке шақыратын хан керек екенін айтты. Хиуа ханы Раманқұлдың ол ойын орынды деп тауып, Сыр бойына датқалыққа Бабажанды дайындады. Сонымен Бабажанды әкеліп, көне Жанкенттен он үш шақырым жерде қала салып, Бабажанды отырғызды. Қамалда мыңға жуық Хиуа мылтығымен жарақтанған қарулы әскер шоғырланды. Өзі жиеней Мәйтінің Сүресіне қала салып, мен екінші бекпін деп отырды. Бірақ олай да отыра бермей, үнемі Бабажанды Жанқожаға қайрап салумен айналысты. Біреу пітір-зекет төлемей қашып кетсе де, кім ханға қарсылық көрсетсе де, жаласын Жанқожаға жаба берді. Бүгін Бабажанмен жау болса, ертең Хиуа ханымен жау болады деген ойға келіп, елге де бүлік сала берді. Бара-бара бойын Бабажанға үйретіп, алып, «Нұрымбет балаларын құрт. Болмаса, олар сені құртады», – дегенді айтты. Сонда Бабажан: «Олай болса, менің қандай адам болса да ішін білетін төрт сыншым бар. Солармен Жанқожаға барып қайт», – деді. Сонымен Раманқұл төрт сарт пен қазақтан Ералыұлы Көлбайды ертіп атқа мінді. Ол уақытта батыр Жыңғылдықақты жайлайтын еді. Раманқұл аттанды Хиуаның сартымен. Есебін тауып жау болды Өзінің туған халқымен. Батаны бұзды бастағы «Ақ сүтім» деп жылаған Анасының антымен. Жанқожаны жамандап, «Жақсыны өзім табам» деп, Араз болды жалпымен. Жамандық түбі жан қию, Ақырын ойлап әр істің, Санаспады артымен. Жау тұтынды жақынын, Араздық жеңді ақылын. Өлтірмек болды өзінше Ту ұстаған туымды ер, Ел қорғаны батырын. Кек алуға көрініп, Өзінің күші жетпейді, Таппаса істің ғапылын. Жол үстінде келатыр Неше алуан сөзбенен. Құшағын жайып дос болды Мұсылмандық ізбенен. Басшы болды өзбекке, Нұрымбеттің балдарын Көрсетем деп көзбенен. Ақмырзаны жамандап, Араздық салып араға Көбірек айтты өзгеден. Екі күн жүрді кідірмей, Сағым қуған сар дала Құла мидай дүзбенен. Үшінші күні болғанда, Жыңғылдықақты жайлаған Жанқожаның аулының Үстінен шықты іздеген. Жайлауы Жыңғылдықақ ауыл қонған, Кең беткей жалпақ нұра малға толған. Сәскеде сағым қуған бес-алты атты Келатыр жолаушылар алыс жолдан. Сәйгүлік астарына жүйрік мініп, Алдында Раманқұл басшы болған. Желіге жақын келіп, аттан түсіп, Анадай амандасты алып қолдан. Болғасын жөн сұрасып үйге кірді, Ешкімге сездірмейді ішкі сырды. Жүгіріп төр алдына төсек салып, Қадірлеп би келді деп қызмет қылды. Қалмастан үлкен-кіші жүгірісіп, Саулықпен сәлемдесті қатар-құрбы. Отырып өлгендерге кеуіл айтып, Ағайын бір желпініп әрең тынды. Анайы би келгесін ел ағасы Қонаққа кім бермейді қонақасы. Алдырып қысырақтың тайын сойды, Бар еді деп би мен бектің сыбағасы. Әкесі Ақмырзаның былтыр өліп, Марқұмға болып еді жыл шамасы. «Әдейі кеуіл айта келді ғой» деп, Білетін қалмай келді ауылдасы. Жайғасып қонақ алды үлкен үйді, Үрметтеп неше түрлі тартты сыйды. Адамға екеуара табақ қойып, Сапырып сабасынан қымыз құйды. Жүгіріп үлкен-кіші қызмет қылып, Сыйлады ойдағыдай уәзір-биді. Елшілер ел жайынан әңгіме етті, Қамтыды «қазағым» деп қалың көпті. Деген бар «Хан – бұйрығы, қожа – үкімі» Патшалы ел табады әділетті. Іргесі Бабажанның Хиуада Тағына талай жандар тәжім етті. Беруге бастан – пітір, малдан – зекет Әзелде ақ Пайғамбар ләзім етті. Осылай өлшеуменен орын тауып, Қалдырмай Раманқұл айтып өтті. Ақмырза сонда тұрып сөз бастады, Пікірі екеуінің ұнаспады: – Қазақты қайда барса зар жылатып, Дұшпаным өзбек болған о бастағы. Бегіне бағынбаймын бөтен елдің Халықты қан жылатып неше бөлдің. Халық үшін хан керек деп өтіл айтып, Мен саған қай уақытта хабар бердім? Бойынан өз өлкеңнің орын таппай, Хан болсаң, қаңғалақтап неге келдің?! Қайталап осы сөзді ашуланып, Дауысы қатты шықты Ақмырза ердің. Сонда Раманқұл: «Батыр, өткен-кеткенді кешір. Енді тату болайық», – деп Ақмырзаның ашуын қайырып қалыбына салды. Ел қыдырған сыншылар Арнайы келіп нені ұқты. Сыйлаймын деп батыр жүр Ханнан келген ұлықты. Раманқұл ішінде Ақылдасып барлығы Далаға шығып жолықты. Үйде отырып айтуға Арыстандай батырдың Айбатынан қорықты. Қасқыр жүрек, қанды көз Ер екені анық-ты. Қармағы мол Хиуа Алдаумен қолға түсірмек Ала алмайтын алыпты. «Жанқожа мен Ақмырза Екеуі егіз тең тұрса, Ерітер, – дейді, – халықты. Төлемейді әм және Пітір мен зекет беретін Ханнан келген салықты. Жасақтанып жау болып, Жақын жерден Жанкентке Көрсетпейді жарықты. Амалын тапсаң алдай бер, Екіталай іс болса, Ерлер екен қауіпті» Кеше түсті елшілер Келе атқанда нұрадан, Үйінен шығып Жанқожа, «Кім екен?» деп қараған. Суыт жүрген жолаушы Астарында жүйрік ат Сүмбідей қатып жараған. «Алдына түсіп келатқан Раманқұл шығар» деп, Танып еді қиядан. «Майдан менен Кенжеғұл Бір-бірімен жау болып, Қан өтіп еді арадан. Он жыл ұдай дау болып, Әлім менен шөменге Хабары түгел тараған. Бекарыстан би шығып, Айламенен арасын Бітіріп еді жаңадан. Бұ да айтулы би еді Май тамызып тілімен, Көптің басын құраған. Өлшеуменен ой тауып, Бір көрсе де сынаған. Жақсылықтан жамандық Жақыны еді-ау ұнаған. Іреу салып ішіне Үйде отырып анасы «Ақ сүтім» деп жылаған. Соған еріп сормаңдай, Батаны бұзып бастағы, Қол көтерді дұғадан. Он бес адам аттанып, Хиуаға барып өзінше «Хан керек» деп сұраған. Бабажанды әкеліп, Жауласа алмай, орынсыз Іс істеп жүр жаладан» Осыларды ойланып, Көз жіберіп батыр да, Тұрып еді манадан. «Үйге кірсе егерде, Іріткі салып ішіңе, Бос кетпейді бұл арам. Бұл бір жүрген аждаһа, Есебін тауып, Жауқашар, Қайыр, – деді, – даладан». Бұны есітіп елшілер, Көп айналып, кідірді. Айтпаса да бұлардың Дұшпандығы білінді. Қорқыныш кіріп ойына, Кетейін деп абыржып, Киімдерін киінді. Раманқұл сол кезде: – Кідір, – деді, – қарағым, Саспай тұрып, сабыр ет, Бірге болсын талабың. Бұл Құттықтың баласы Өзіммен бірдей жайлаған Ақиректің алабын. Есітіп шықтым ауылдан Нұрекеңдей марқұмның Қаза болған хабарын. Қол жаюға орнына, ұлықсат сұрап батырдан ықтиярын алармын. Сендердің дәтің шыдаса, Есебін тауып, қалайда Ол үйге де барармын Далаға шықты би аға, Шекпенін кимей жамылып. Жүзі де жарқын көрінеді, Тумалыққа салынып. – Нұрекеңдей марқұмның Қол жаюға орнына, Барғызбайды деп неғылып? Арып-ашып келіп ем, Екі күн ұдай ыссыда, Ат тұяғы жарылып. Туысқан едік о баста, Араздық кірген араға Өкпелескен жаңылып. Түбіміз бірге болғасын, ұмытып едік бәрін де, Өкпенің дағы жазылып. Атасы бірге ағайын, Қиналып келдім, қарағым, Қайғысына қамығып. ұлықсат етсін батырға айт, Сөйлесейін өзімен Ауызба-ауыз жолығып. – Олай болса, батияға рұқсат, – деді. Батырдан рұқсат болған соң, елшілер үйге кірді. Бұлардың берген сәлемін салқын алып отыра берді. Билер асығыс көңіл айтып, үйден шығып кетті. Елшілер далаға шыққасын: «Ақмырза аңқау батыр екен. Алдаса, қолға түсер. Ал мынау Жанқожа қайратына ақылы сай батыр екен, алдырмас,» – деді. Сонда Раманқұл: – Ер емес пе едің, Ақмырза, Ақсұңқар құстай түлеген. Жаманның ісін істемес Болмашыны мінеген. Қара да болса хан едің, Туысың артық төреден. Халық билеген хандардан, Мырза атанған паңдардан Кем емес еді керегең. Әруағыңа қарасам, Ақсақ Темір, Шыңғыстай Әулием едің көреген. Артық туған ер едің, Жаңғыз да болсаң жасқанбай, Дұшпанға табан тіреген. лайық па еді басыңа Тауда туған тарландай Тасқа барып түнеген. Кәнеки, ерім, сөйлеші, Өзіңнің туған халқыңа Өкпелеп жүрсің бұл неден? Есебін тапсаң, елге қайт, Менің сенен, шырағым, Тілегім осы тілеген Сонда Ақмырза: – Жау десең де, ағайын, Бидің тілін алайын. Үлкен әкем – Киікбай Көп шектіні көшіріп, Қондырып еді толайым. Өзімнің әкем – Нұрымбет Жайлап еді жерленіп, Ақиректің маңайын. Көйлек киіп, кір жуып, Кіндік қаным тамған жер, Оған қалай шыдайын. Үш атадан мекенім – Сарт пісіріп жесе де, Жеріме көшіп барайын. Ақмырза Сонан соң билер жүріп кетті. Ақмырза Жанқожаға: «Адамды қайда болса да, Құдай сақтайды. Елге көшем», – деп елге көшті. Жанқожа қайын жұрты құламан төртқарамен Қырға қоныстанды. Ақмырза көп ұзамай келді Сырға, Қорқыныш ойлата ма туған ұлға. Өзінің қонысына қосын тігіп, Бармастай болды қайтып енді Қырға. Ішіне ағайынның келгеннен соң, Кеуілі батқандай-ақ болып нұрға. Дұрыстап әкесінің асын берді, Шамасы жеткенінде жарты жылға. Бұл кезде Бабажан да тыңшы салып, Сыртынан бақылауман болды сында. Кідіріп бір азғантай осы арадан Тыңдаушы, қалған жағын қайта тыңда. Бір күні батыр төрге көзін салды, Ілулі қырлы тұр еді қолына алды. Қараса құндағынан қақ бөлінген Отырып «ойпырым-ай» деп ойға қалды. «Оңдалса, теміршіге оңдатайын Тиімді мылтық еді жолы қанды». Сол бойы кідірместен атқа мінді, Ойға алып ілестірмей тірі жанды. Алты адам сай бойынан шыға келді, Жағалап келе жатқанда биік жалды. Мойнына арқан тастап бұғалықтап, Өзінің биесіне кесе таңды. «Мінеки, айыптыңды әкелдік», – деп, Жендеттер хан алдына алып келді. Алдынан шығып Бабажан, Амандасып көрісті. Риза болды жендетке «Жөндедің, – деп, – бұл істі». Алқынып тұрды батыр да Салт келе жатқан биеге Байлаған соң жол үсті. Ағайын деп аңдамай, Қолға түсті қапыда Жайлаймын деп қонысты. Раманқұл тумасы Сартқа беріп сенімін, Тапқан екен әдісті. Амалына түсініп, Қанаға симай ісініп, Сыр бермеске тырысты, Сонда Бабажан: Ақмырзаға Бабажан Өтілін айтты өтініп: – Артық туған ер болсаң, Сөзіңнен шықпас екілік. Дос болайық екеуміз Арада жүрген азғантай Араздықты кетіріп. Дос болам деген нешеулер Жарамай кетті теңіме, Сөзінен шығып өтірік. Тағымды берем тәжім мен Ойлаған ойға жеткерсең, Тапсырған істі бітіріп. Ол айтқаным болмаса, Мезгілі кеткен кезінде Қиналарсың өкініп. Мақсатыңа жетерсің, Болатын істі болдырмай, Алдынан алсаң күтініп. Осыған ойың бұрылса, Дос боласың менімен, Жанқожаны өлтіріп. Өз алдыңа бек сайлап, Алтындаған тағымды Үйіңе берем келтіріп. Оған да кеулің сенбесе, Өзімменен бір бол, Бірге жатып, бірге тұрып. Дұшпаның кетіп сол кезде, Досың келер ұмтылып. Сен артық туған ер болсаң, Таққа мініп, тәж киіп, Отырмайсың ба құлпырып. Сонда Ақмырза: – Бәрекелді, Бабажан, Ойламасты ойлаған. Мазамды алып мазақтап, Сөзіңді қойшы ойнаған. Бағасыздың белгісі Бір айтқанын екі айтып, Ежірейіп қоймаған. Қаралпақ еді Айдос би, Атағы шығып маңына, Хорезм түгел сыйлаған. ықпалы жүрген кезінде Ақылды еді болмаған. Айтқаны болып халыққа, Басына бақыт орнаған. Мыржық дейтін інісі Батыр екен барынша, Қаралпақты қорғаған. Қауіптеніп Хиуа хан, Айдоспенен дос болды Уағдасыз оңбаған. Далаға шықса хат жазып, Махаббат сәлем жолдаған. Екіталай іс болса, Айдостың ісін қолдаған. Іріткі салып ішіне «Өз ініңді өлтір» деп, Әлденеше қинаған. Соған еріп Айдос би, Мыржықты қолдан өлтіріп, Іс істеп еді симаған. Он жыл ұдай айтсаң да, Ол сияқты жұмысты Ете алмайсың сен маған! Құлағың салып тыңдай бер, Осы айтқаным анық па? Ісінгенмен іркіліп, Бір түсірсең қалыпқа. Сен тағыңды бермей-ақ, Арыстаным сау жүрсе, Өзім де ханмын халыққа. Егеудей болат ер болсаң, Екі қолымды босатып, Бір шығарғын жарыққа. Егер мені өлтірсең, Саған мінер тақ қайда, Басқа қонар бақ қайда?! Аман жүрсе Жанқожа, Бұл араны таппай ма?! Әлім менен шөмекей Ізіне түгел ерітіп, Шаһарыңды шаппай ма?! Алтындаған тағыңды, Тәж кидірген бағыңды Апарып отқа жақпай ма?! Арыстандай ашумен Аузыңа құмды толтырып, Артыңа қазық қақпай ма?! Қазір шалқып тұрсаң да, Тап сол арада білерсің Қазақ қайда, сарт қайда! Жағалай жатқан жеті ру, Алшынның ұлы үш ру Кіші жүзге жатпай ма?! Басын қосса барлығы, Хиуаңменен қосақтап, Айдаһардай жұтпай ма?! Болат буып белсеніп, Бетпе-бетке келгенде, Тұқымыңды құртпай ма?! Қазір өліп кетсем де, Тап сол арада Ақмырза Тас төбеңе шықпай ма?! Қылыш тартып қынаптан, Шетіңнен келіп тимедім. Жалғыз шауып қамалға, Жеке де неге өлмедім. Астымда атым тұрғанда, Болдыратын ер ме едім. Құрбан болсам ел үшін, «Әттегене» дер ме едім. Алдаумен өткен, өзбегім, Ойда жоқта опынтып, Бүйтеріңді білмедім. Осылай деп Ақмырза, Ашуланып бұлқынды, Бір ұмтылды, бір тұрды. Қолындағы бұғауды Үземін деп ұмтылды. Саусақтары қарайып, Арқан кесіп әр жерден, Қар терісі жыртылды. Үш алаштың ұлында Ақмырзадай ер болып, Атасынан кім туды?! Қастасқан жаумен қасарып, Кеудеден жаны кеткенше, Ойлаған жоқ қорқуды. – Тап бүгін өліп кетсем де Жалынып жағдай айтпаймын, Бір сөзімнен қайтпаймын. Қанды балақ қырандай, Қиғанша шалықтаймын. Көзіңе шұқып сөз айтып, Білгенімді анықтаймын. Өлтірмек түгіл, сен мені, Үшке бөліп салсаң да, Өліміңнен қорықпаймын. Екі қолым босанса, Адыра қалғыр қырлыны Саған арнап оқтаймын. Өлгенімше өжеттеп, Өз кегімді жоқтаймын. Тағыңды теуіп тәжің мен Басыңды кеспей, Бабажан, Хан ордаңнан шықпаймын. Ажалым жетсе, өлемін, Ақ ісіне көнемін. Бейнетім болса бастағы Қасіретін шегемін. Артық айтсаң егерде, Хан атаңды сөгемін. Қанға құмар хан болсаң, Қаныңды мен де төгемін. Өліп кетсем осыдан, Іздеп келер артымнан, Жанқожа болса керегің. Қаттау киіп үстіне, Қаһарланып келгенде, Кесілмес пе екен терегің. Өлтірем десең отырма Батыр болсаң, жаман сарт, Тап сол уақта көрермін. Өз басымды ойласам, Не бітірдім, неге өлдім. Қапыда келіп, тек өлдім. Дос тұтынып, дұшпанды, Қайғыменен құрсауда Қасіретін жеп өлдім. Алдымда тұр Бабажан Тап атамның ұлындай. Мен төменде жатырмын Байлаудағы құлындай. Сауытым қалды ілулі, Ең болмаса буылмай. Қылышым қалды қынапта, Қынабынан суырылмай. Тұлпарым қалды желіде Ағыны қатты алысқан Тасыған таудың суындай. Киікбайдың ақ туы Көтерусіз бұл қалды Иран Шахтың туындай. Кеудеде жаным барында, Неге ұстаттым бұларға, Жалғыз басым жұлынбай. Кіреуке көзд: ақ сауыт Неге үстіме кимедім. Ер қаруы – бес қару Бойыма неге ілмедім. Тұлпарымды алдырып, Топ ішінде мінбедім. Жаусыраған жауыма Жалғыз келіп тимедім. Қолыма түссе, мауыздап, Өлігін неге үймедім. Түнерген бұлт мен бе едім, Теңесер сартым сен бе едің?! Қарсы келіп қан төгіп, Қан майданның ішінде, Қайратымды көрмедің. Толықсытып ту байлап, «Киікбайлап» айқайлап, Топ ішіне кірмедім. Сонда Бабажан Раманқұлға барып: «Мынау қайтпай, күш айтып жатыр», – деп ақыл берді. Раманқұл: «Онда өлтіріп жібер», – деді. Екі жендет батырды дарияға алып келді. Сонда батыр: – Көп сәлем қайта-қайта Жанқожаға, Кектіден кек алмаса, ер бола ма? Теңіздей терең ойлы данышпаным, Теңселіп тегін іске қозғала ма. Жауқашар жалғыз өскен інілерім, Ағаңды сарт өлтірді айдалада. Артымда арыстаным аман қалса, Өлсем де ризамын бір Аллаға. Алты әлім, арғы түбім қалың шекті, Түгелдей сен білмейтін сыр қала ма. Ер Дабыл, елге мәлім Ақтан батыр, Сау болсаң, бір келерсің бұл араға. Бәріңе соңғы сөзбен сәлем айтам, Ескеріп құлақ салсаң бұл намаға. Қауіпті бас дұшпаның Раманқұл, Тілдесіп Бабажанмен ашылды сыр. «Қазақта хас дұшпаның Жанқожа» деп, Жасырмай Сыр бойына жариялап жүр. Қорыққаннан қазақтар мен Жанқожадан Қорғанын бір мың әскер күзетіп тұр. Айласы би мен бектің мені ұстады Айламен сені ұстаудың тұзағы бұл» Сырдың суы сол күнде Ағып жатыр жосылып. Іс қылған жоқ Ақмырза, Жанынан қорқып шошынып. Екі жендет апарып, Байлауда жатқан батырды Тастады суға ысырып. Асауға мінген адамдай Ағын сумен араласып, Бірге кетті қосылып. Көп кідірмей көз жазып, Бірте-бірте азайды Қайнаған демі басылып. Бабажан Жанкенттің ханы Бабажан, Жарлығын жайды жаңадан. Тыңдаған құлақ тынғандай Жылаған қатын-баладан. Күңіренбей ешкім қалған жоқ Ата менен анадан. Мазасын алды халықтың, Хан салығы қара ғой Күніне сұлу сұраған. Алмадай піскен арулар Абыройдан айрылып, Қайғырып қатты жылаған. Сұлуды сүйді саралап, Әжетіне жараған. Раманқұл хан болып, Хан қасында нән болып, Жақсының бірі санаған. Араздық салып араға, Арттырып өкпе жамаған. Ер айрылды бағадан, Іні айрылды ағадан, Нақақтан күйіп кейбіреу, Босқа кетті жаладан. Көздері толған жас болды, Қолдары кетпей жағадан. Мұсылман солай ете ме, Ислам дінге қараған. Шариғат қайда бастағы Хан келгенде халыққа, Насихатпенен тараған. Осыған қазақ шыдамай, ырғызға қашып бір жағы, Қарақұмға құлаған. Жалмырза Кімде-кім қыз бермесе тартты дарға Еті еріп намыстанған ұят-арға. Басына қап кигізіп, қолын байлап, Теңдейді екеу-екеу биік нарға. Жабырқап жастың жаны жылауменен, Бөленді ертелі-кеш қайғы-зарға. Қыз беріп қырық бес күн ханға апарып, Кез қылған Раманқұл мұндай халға. Данабай, Айдарбектен Тәбекен бар, Байділлә басшы болған түсіп алға. Адамды жүзге тарта тұтқынға алды, Көрген жоқ қазақ ондай ауыр халді. Кешкісін тақымына таяқ байлап, Қосақтап екі қолын қоса таңды. Үстіне ақ киізден үзік жауып, Қарауыл жолатпайды тірі жанды. Босатып ертеңгісін қол-аяғын, Қорғанның жұмысына айдап салды. Бір күні ай қараңғы еді бұлт басқан, Түнеріп төмен түскен сұрғылт аспан. Байлауда жүзден аса адам жатыр, Ішінде кәрі-жасы араласқан. Тұтқындар өз алдына ебін тауып, «Бұл істі қайтеміз?» деп ақылдасқан. Баласы Ақмырзаның қолға түсіп, Оны да алып барып көпке қосқан. «Қаш, – деді Жалмырзаға, – босатайық, Ханменен қас едіңдер әуел бастан. Егерде таңға қалсаң, өлтіреді, Көбірек басқадан да саған дұшпан» Соны айтып қолын шешіп қоя берді, ыңғайлы ебін тауып бір бұрыштан. Төрт жендет тұра сала о да қуды Баланы ұстаймын деп тұра қашқан. Жас бала жалаңаяқ ұстатсын ба, Қалтылдап қорыққаннан құстай ұшқан. Кідірмей келіп суға құлай кетті, «Өлмесем, шығармын» деп осы тұстан. Алқынып арғы бетке азар шықты, Оралып аяғына көйлек-ыстан. Ажалдан бұл сапарда тірі қалды, Бақылап айналасын біріп алды. Жапырып көк сораңды төсек қылып, Жайғасып жатып ұйықтап тыным алды. Оянып көзін ашса, сәске мезгіл, Бақылап әрі-бері көзін салды. Бір әйел жақын жерде шөп шауып жүр, Еркектен көре алмады тірі жанды. Әйелге сәлем беріп жөнін айтты, Дұшпанның аңдып жүрген көбін айтты. Ол әйел Жалмырзаға таныс болып, Қайғырып әкесіне көңіл айтты. Үйіне алып келіп қонақ қылып, ыңғайлы мезгілі менен күнін айтты. Сол үйден бір тәуір атты сұрап мініп, Баруға Жанқожаға Қырға қайтты. Жолаушылап Жалмырза Жаңғыз шықты елінен. Шамасы ғой деп келеді, Біреудің айтқан тілімен. Жол жүргесін сын бар ма, Кейде жортады аяңдап, Мінген аттың күйімен. Су ішуге кідіріп. Жерінің сырын білмейді, Шаршаса да шынымен. Келесі күні бесінде Ойда жоқта жолықты Жолаушының бірімен. Жаңғыз жүрген жас бала, Ішіндегі ызғары Білініп тұр түрінен. ұры ғой деп айтуға Қарусыз адам қан төгіп, Не бітіреді қолымен. Сәлемдесіп болғасын, Тамақ ішіп, сөйлесіп, Бірге болды түнімен. Ертеңіне хош айтты Батырдың сұрап ауылын Өзінің кетті жөнімен. Екі күн жүрді кідірмей, Келе жатқан жолымен, Тура тартты кідірмей, Ақтөбенің құмымен. Арып-ашып әйтеуір, Жанқожаның ауылна Аман жетті сонымен. Би өтті Әйтекедей Төртқарадан, Неше ру одан бері ел тараған. Сапақтың Бәймен менен заманы бір Көңілсіз күн өткен жоқ екі арадан. Ол күнде Тілеулі мен Жақып батыр Оларды халық бар ма сыйламаған. Батырдың бірге жүрген жолдастары «Жәке» деп, жанына еріп қаумалаған. Көшкенде жазы-қысы бірге болып, Жері жоқ Қарақұмда жайламаған. Сапақ баланы үйіне апарып, «сен осында бола тұр» деп батырға өзі кірді. Сонда Сапақ: – Әләйкүм-ассалау ма, арыстаным, Халқы үшін құрбан қылады батыр жанын. Дүнияны топан суы қаптағасын, Ойланып ертелі-кеш қайғым қалың. Ақирек, арғы шеті Сырдың бойын Қалдырмай қоса өртепті жанған жалын. Кеш жатып, ерте тұрған диқан халқың, Оны да бірге алыпты аққан ағын. Ту ұстап, тұлпар мінер күнің туды, Жүйріктің жүлде алатын тауып бабын. Ақ алмас алтын балдақ қанға малып, Оның да қоса ұстарсың қанды сабын. Ел іші еркін жүріп-тұра алмады, Бір көшір ханның тағын, бидің бағын. Көп айтып батыр саған келсін депті, Қайғырып артыңдағы қалың Әлім Сонда батыр: – Ақирек, Сырдың бойы – біздің мекен, Бауырлас бауырым еді туған көкем. Су алып, кеуіліңді қайғы басса, Ақмырза онда біздің өлген екен. Жағалай Сырдың бойы жалын дейсің, Ел-халық онан басқа аман ба екен? Ту алып, тұлпар мінер не болыпты, Ол жерде жау жоқ еді ханнан бөтен. Қарғын су қаптаса да қорықпаймын, Сау болса сансыз халқым онан да өтем. Бұл жерде енді шыдап тұра алмаймын, Кел, енді, ұлықсат бер, елге кетем. Жеті жыл бірге болған жұртым едің, Халайық, кешіріңдер болса қатем Осыны батыр айтқанда, Ел жиылды тынбастан. Қалың ағайын, қарындас Қадірін біліп сыйласқан, Заманы бірге сырластан, Көріспей ешкім қалған жоқ, Бірге жүрген жолдастан. Жеті жыл бірге болғасын, Тумасындай татаусыз Ағайын еді араласқан. Батырдың көшін шығарып, Үлкені менен кішісі Хош айтысты қалмастан. Төртқарадан Тілеулі, Жолдас ертіп ер Жақып, Бірге жүрді қалмастан. Соныменен Жанқожа Көшін тартты еліне. Үш атадан мекені – Өзінің туған жеріне. Жол үстінде келеді, Түн түнемей, тынымсыз Үдере көшіп күніге. Еру болды екі күн Жылқайдардай батырдың Бейітінің түбіне. Сол арадан шыққасын, Қосын тікті әкеліп, Қылыштың биік беліне. Батырды келген есітіп, Ел жиналды ағыла. Халқы үшін туған ер еді, Шыдамас деп арына. Қорлық көріп ханынан, Сексен үйдей қожалық, Қоңсы болды жанына. Бұны есітіп Бабажан, Ашуға мінді тағы да. Қыз сұратып қозы мен, Әлек салды аңырмай Ақиректің маңына. Қайран болды қазағым Хиуа менен Жанкенттің Мұсылмандық заңына. Бұны есітіп Жанқожа, Кенеге қарай аттанды – Орта жүздің ханына. Хан Кене Көкшенің жері сұлу, күні салқын, Тасының бірі күміс, бірі алтын. Көкорай жазы-қысы көгал тартып, Көкшенің сұлулаған сыртқы дәрпін. Жайлауға жер шырайын тәуір көріп, Қызығып құмарланған оған да әркім. Қалмақпен қан төгісіп әлденеше, Қондырған Абылай хан қазақ халқын. Жайлаған сонан бері Қасым төре, Болғасын хан тұқымы халқына еге. Жау болып сәл нәрседен еліменен Өзді-өзі арыз болды әлденеге. Егесіп екі жағы қоймаған соң, Ордаға орыс кірді оған және. Аяғы Есенгелді, Саржан өліп, Орнына хан болып еді енді Кене. Бір күні Кіші жүзден ат сабылтып, Ортаға батыр келді сәлем бере. Хан болып Кенесары Қасымұлы Арнайы іздеп келді батыр мұны. Болғанда ол Орта жүз, бұл Кіші жүз Сияқты біреуі – аға, біреуі – іні. Өзінің арнайы келген жайын айтып: – Жанкентке аттанам, – деді, – осы жылы. Мың өзбек – Бабажанды жау демеймін, Іргесі Хиуада тұр арғы түбі. Кіші жүз қайткенменен аз болады, Бірігіп түрікпен, өзбек шыққан күні. Аталы хан баласы, батыр едің, Көмек бер осы жауға сөздің шыны. Кене хан бұны есітіп: «Бәлем, – деді, Мағынасы бұл сөзіңнің терең, – деді. Есепсіз елге сондай азар берсе, Қаны бір қазағыма ерем, – деді. Ол жақтан Хиуа қаптап шыға қойса, Тәуекел онысын да көрем, – деді. Өз басы Орта жүздің жетпей қалса, Көмекке ұлы жүзді берем», – деді. Отырса хан тағында, би бағында, Мықтының момын кетеді тырнағында. Ол кезде оған халық кінәлі емес, Заманның заңға сәйкес салмағында. Болғанмен біреу олай, біреу былай, Сонда да әділ төре ел жағында. Қарындасы айдай сұлу Фатиманы Абылайдың айта барды әруағына. Кенеге келген істің жөнін айтты, Оны да ойға салып, бір мұңайтты. Көрініп ханның көңілі халқы жаққа, «Ел үшін еремін» деп шынын айтты. Бұл сапар Кене ханға риза боп, Жанқожа жолдасымен елге қайтты. Келатыр жол үстінде санды батыр, Жау жоқ деп жар астында болма ғапыл. Байқасаң «бөрік астынан бөрі шығады», Бұрынғы қариялардан қалған ақыл. Жақындап ел шетінен келгенінде, Екі адам бір түйемен келе жатыр. Бұрылып анадайдан басын иіп, Батырға сәлем берді әлгі пақыр: – Әләйкум ассалау ма, батыр ағай, Саламат-сау барсың ба, жағдай қалай? Алдымнан іздегенде қарсы шығып, Тілекке бір жеткерді-ау, Жаббар Құдай. Жеті жыл ел шетінде жүргеніңде Өзіңді іздеп еді халық талай. Бұл күнде Раманқұл би болғасын, Бұрынғы туысқандық қалды былай. «Қадірлі хан көретін қыз керек» деп Сұлуды жинап жатыр алдын орай. Сол кезек кешегі күні маған келіп, Қызымды алып қаштым бермен қарай. Халқымның осы күні кетті күні Егіліп ертелі-кеш жылай-жылай. Төлеген – өзім атым, әкем – Орман, Жабырқап жаудан қашқан мынау пормам. Тап бүгін ауылымда әскер жатыр, Зекеттеп мал жинаған оңды-солдан. Көп айтып кеуіл бұзып не қылайын, Әруақты батыр едің бақыт қонған. Айтулы арыстаным, аман болсаң, Халқыңа боласың да өзің қорған. Соны айтып, әлгі кісі жүре берді, Айналып қалмайын деп енді жолдан. Әйімбет Бір батыр келген екен Хиуадан, Жаһанда болған емес ондай адам. Кең кеуде келбетіне жарасыпты, Теректен тең тұлғалы белі жуан. Шот маңдай, құс қабақты, қырма сақал, Қанды көз, имек мұрын бейне қыран. Ашуы аш бөрінің мінезіндей, Егессе сау қалмайды ешкім онан. Үстінде сауыты бар дулығалы, Жекеге оныменен кім шығады?! Мінгені астындағы қара арғымақ, Наз едеу нағыз жүйрік жылқыдағы. Аттанып елу жігіт шығып еді Әйімбет – Хиуаның шамшырағы. Қазақтан қасына ерген Раманқұл Бек болып бірге отырды он-онбір жыл. Өз елін өзбек пенен сартқа сатып, Қалғасын халық білдірді іштегі кір. Құн дауы, Жанқожамен баққа талас – Бастағы ашылмаған азалы сыр. Ерітіп Әйімбетті мал зекеттеп, Ауылда жатыр еді көрсетіп қыр. Қарауыл сыртта тұрып айқай салған: – Асығыс, – деп айтады, – батыр, аттан, Түн қатып, түсі қашқан жау келеді, Шамасы біраз жерді тозаңдатқан. Байыстың бір баласы Мырза батыр, Ер Дабыл дұшпанына қылыш тартқан. Оң жақта оқшауырақ Қабан ұлы Сол шығар Қаракесек батыр Ақтан. Төртқара Тілеулі мен Жақып батыр Ежелгі ерлер еді халық ұнатқан. Түнерген түнгі бұлттай түсі суық, Жанқожа ең алдында келе жатқан. Ақ туы төбесіне төңкеріліп, Жақындап таяп қалды арқа жақтан. Сол кезде Әйімбет те атқа мінді, Қалдырмай бар қаруын бойына ілді. Бөлініп өз тобынан жеке шығып, Жасқанбай Жанқожаға тура жүрді. Тілеулі: «маған бер» деп жол сұрады, – Қазаға қарсы келген ер тұрады. Жасы үлкен бірге жүрген ағаң едім, Шырағым, жол менікі, сол турасы. Саржаның бір оғына тапсырамын, Құласын түрікпеннің шамшырағы. Жау болды Хиуаның хан мен бегі, Қашаннан қанға құмар ата-тегі. Бірігіп түрікпен, өзбек басын қосып, Ендігі қазақта екен қанды кегі. Арнайы арып-ашып Хиуадан Анықтап іздеп келді, батыр, мені. Тәуекел, бұл сапарға мен барайын, Қам-қайғы бір тарқасын кеуілдегі. Осыны айтып Жанқожа, Қанаға симай ісінді. Қылышын алып қолына, Ілгері қарай ұмтылды. Қарсы ұмтылды Әйімбет, Батыр болсаң белдесіп, Көремін деп күшіңді. Қарсыласып қаққанда, Әйімбеттей батырдың Қылышын қолдан ұшырды. Қайта айналып келгенде, Өгіздей етіп өкіртіп Аударып аттан түсірді. Қырық жігіт сол уақытта қаптап шықты, Ер Дабыл, батыр Мырза қылыш тартты. Беласар, Айдарқұл мен Аманқожа Олар да ерлер еді әруақты. Аянбай екі жақ та соғыс қылып, Дем алмай хиуалықтар мылтық атты. Аяғы соғысының көпке бармай, Жеңіліп жаудың жағы қанға батты. Ол жақтан Раманқұл тұтқын байлап, Бұл сапар батыр және жеңіс тапты. Сонда батыр: «Көзіме көрсетпей Раманқұлды өлтір», – деп, екі жігітті жұмсады. Жігіттер өлтірейін деп барса, Раманқұл: «Батырды көзіме бір көрсетіп өлтір», – деп жалынады. Екі жігіт батырға Раманқұлды алып келеді. Сонда батыр: «Өлтір дегенім қайда, неге өлтірмедіңдер?» – деп ақырады. Сонда Раманқұл: «Батыр, бір ауыз сөзім бар», – дейді. Онда батыр: «Айт сөзіңді», – дейді. «Әйімбет «шүу» деп ортадан шыққанда екі иығында екі шам жанып шықты. «Әйімбет, шырағым, басқа батырдай көрме. Онда Әзірейлінің түгі бар да, Әзірет Әлінің күші бар. Аңдамасаң жазым қылар», дегенімде екі иығындағы шамы сөніп еді. Егер сол бойында келгеніңде иә сен, иә ол алар еді. Оны Құдай білер еді», – деді, – Жаным үшін сартқа күндікші болғаным рас. Маған Құдай сендей батырлық бақ берген жоқ, Бірақ менің саған да пайдам тиген шығар. Өлтірем десең, өлтіре бер», – деді Раманқұл. Сонда батыр: «Босат залымды. «Әкелме» дегенім осы еді ғой», – деді. Сонымен қылыштан Раманқұл босанып кетті. Жанкент Хан болып, халық билеген Кенесары, Қараған Орта жүздің түгел бәрі. Батырға бастағы айтқан уағда бар – Кідірсе күмән болады онан әрі. Келгенде наурыз айы қатар күтіп, Отырған Жанқожаның батырлары. Бір күні Сойдақ деген қожа келді – Мынау, – деп, – осы күнгі ханның халі: Сары орыс қорған салып Қызылжарға, Шамасы жақындады жарты жолға. Ол жағын Шыңғыс төре өзі бастап, Едәуір сөз болып тұр ұзын ырға. Қол жиып Кенесары аттанам деп, Бұл күнде ханның өзі үлкен сында. Баяндап әңгімесін бастан-аяқ Кененің хабаршысы келді мында Басталды көп ұзамай күзгі суық, Ерлердің аттанатын күні туып. Қалдырмай маңайына хабар айтып, Батыр да әскер жиды мыңға жуық. Әр жерден сауыт-сайман, ат жаратып, Соғысқа әзірленді белін буып. Аттанбақшы Жанқожа Жауға деген талаппен. Ізіне ерген шамалы Мыңға тарта қазақпен. Алмас қылыш қаруы, Кезеген найза, садақ пен. Қаттау киді шөже көз Дулығалы болат пен. Жақын жерден жау болып, Хиуа менен қазақтың Арасынан қан өткен. Халықтың кеулін шығарды Шариғатқа симайтын, Не жағымсыз әдетпен Қорған салып қамданып, Құралданған көп әскер Сырға әкеліп түнеткен. Қарап жүрген қазақтың Қатыны мен баласын Қайғыменен жүдеткен. Бір ісінен бірі асып, Дінсіздікке ұласып, Күннен-күнге үдеткен. Қара қозы қалжасы, Ер көрмеген қыз сұрап, Қырық бес күндей күн өткен. Қанша сабыр етсе де, Осы істеген істері Өтіп кетті сүйектен. «Аттанам», – деп Жанқожа Хабар берді жалпыға. Әлім менен шөменнің Жағалай жатқан халқына. Тәуекелге бел байлап, Тұлпар мініп, ту алып, Қалмай ерді артына. Мыңға тарта қол болып, Атының басын қаратты Хиуаның сартына. Сонда батыр жол тартты, Жолаушылап қол артты. Жаратып мінген жүйріктер Қолтығынан тер шығып, Жүрген сайын құмартты. Басын изеп тебініп, Қайшылады құлақты. Қолға ұстаған дізгіні Қаңтарулы сияқты. Сол бетімен кідірмей Әлсейіттің келіп аузына, Өтуге қойды талапты. Қосөткөл, Әлсейіт пен Арықбалық, Жайлаған екі жағын қалың халық. Жанқожа сол араға тура бастап, Түсірді әскерлерін алып барып. Төрт-бестен керегеге мес байлатып, Апарып дарияға жатыр салып. Адамды соған салып, атын жалдап, Өткерді ыспа қылып арқан тағып. Аттанып сол арада Ақтан шықты, Батырдың келгенінен хабарланып. Сырдария толып аққан қанасынан, Ағын су жол бергендей арасынан. Кептіріп ер-тоқымын, атын ерттеп, Әлсейіттің қайта аттанды жағасынан. Түнерді түнек болып күздің желі, Қозғалды қаһарменен Сырдың елі. Көз тұтар кеуіліне ашу орнап, Ерлердің у сияқты алған демі. Сұрланып сабыр бұлты бетіне ойнап, Келатыр ханда болып қанды кегі. Қыз сұрап қырық бес күн ел бүлдірген «Қолыма бір тисе» деп Жанкент бегі. Мыңға мың санап алған сарбазы бар Жанқожа – қол бастаған ердің ері. Батырлар атқа мінді «туған ел» деп, ылдидан Сырға шықты жоғары өрлеп. Бұрыннан келе жатқан ата салты – Кезегі көнген іске әркім көнбек. Ар жағы алты әлімнің – қаракесек Бұл жерде әңгіме көп айтсақ жөндеп. Атаның бұрынғы өткен салтыменен Ақтан ер туды алды: «Маған бер», – деп. – Садаға менің жаным туған елден, Барымды неге аяйын қолдан келген. Әскердің ең алдында мен жүрейін, Халық үшін оққа тұрсын менің кеудем. Өлсем де осы сапар өкінбеймін, Тұманды бір арылтсам елге төнген. Қамалға көптен бұрын жете қойсам Ойымды істер едім өзім білген. Ту алып, тұлпар мініп әлім – шөмен, ұрандап ұмтылғанда қалма менен. Белсеніп болат буған, батырларым, Дұшпанға тоқтамасын тартқан жебең. Ойласаң ой жіберіп, о да сендей Қалайша батыр болады дұшпан сенен? Сонымен батырлар Екі күн қонды далаға. Адам жұмсап аңырмай, Хабаршы салды араға. Үшінші күні болғанда «Шабамын» деді ер Ақтан Бабажан тұрған қалаға. Қарны тоймас қара жер Топырақсыз тола ма. Әзелде солай жазылса, Қорыққанменен бола ма?! «Жалаңаш бар да жауға шап», Ажалдан бұрын ала ма. Қалай да болса қорған бол Қатын менен балаға. ұмтыл, – деді, – ілгері Бұрынғы өткен әруақ Сыйынып ата-бабаға Осыны айтып ер Ақтан Қаһарланып ақырды. Ашумен симай қанаға. – Ұмтыл, – деді, – қамалға. Көнбе, – деді, – амалға. Ертелі-кеш бір өлім Жақсы менен жаманға. Жаннан қорқып жасқанып, Жан-жағыңа қаранба. Жасқанбасаң жан ортақ, Екі аяқты, бір басты Жаратылған адамға. Халық бүлінді хан үшін, Хан бүлінсін жан үшін, Аласұрған заманда. Садағына садақ тарт, Қылышына қылыш тарт, Өлемін деп ойлама, Өлігіңді қамалға арт! Кескілес те кесіп ал, Сен қазақ та, олар – сарт. Осыны айтып айқайлап, Қылышын алды қолына Қаракесек Ақтан қарт: «Мен қамалға шапқанда Сендер де қарап жатпаңдар. «Жанқожалап!» ұрандап, Шегірткедей қаптаңдар. Қабаттап қазған орынан, Бір-біріңнің соңыңнан Арықтай қып аттаңдар. Биік қорған қамалын Бізге істеген амалын Құм тесектей таптаңдар. Қанша қырғын болса да, Артық туған, ерлерім, Сабырыңды сақтаңдар. Бұрынғы өткен бабаңның, Атаң менен анаңның Адал сүтін ақтаңдар. Қорғамаңдар басыңды, Тілемеңдер жасыңды. Сол уақытта айқайлап, Дауысқа дауыс қосылды. «Жанқожалап!» ұрандап, Көбелектей көп қазақ Қамалға барып асылды. Бірін-бірі итеріп, Қолы жетсе асырды. Айқай салып өзбектер Зеңбірекке от қойып, Қорғасын от боп шашылды. Дүркін-дүркін оқ атып, Неше толқын дауылдай Көтеріліп басылды. Садақтан ұшқан жебесі Себелеп тұр жауындай. Ажалы жеткен талайлар Қаза болды ауырмай. «ұмтыл, – деді, – ұрандап, Қарлы боран дауылдай!». Алдына түсті Айдарқұл, Аманқожа, Сәдірбай, Жақып пенен Тілеулі, Барақтың ұлы Боранбай. Дабыл менен Қыстаубай Айқай салып ұрандап, Қарсы ұмтылды тайынбай. Қол бастаған Жанқожа Әруағына қарасаң, Каптың қара тауындай. Қорғандағы көп әскер Мылтық атты қайталап. Қақпаға жетті ер Ақтан Екі көзі қанталап. Еш адамға қарамай, Дарбазалы есіктің Құлыбын бұзды балталап. Сол уақытта өзбектер Ауызға келді бәрі де Бірін-бірі қалқалап. Қылыш пенен қанжардан Қиян-кескі қырқысып, Талайы түсті шалқалап. Батырлар ішке кіргесін Екеу-екеу алысты, Жағаласып қалысты. Қанжарменен қармасып, Семсерменен сермесіп, Бірін-бірі шанышты. Өзбектерді өкіртіп, Әр қуыста жанышты. Қанды кезең басталып, Қасқыр жүрек ерлерім Дұшпанынан қан ішті. «Ой, бауырымдап» өкіріп, Адам менен ат ұшты. Сол арада жеті сарт Беласарды қамады. Ер айласын табады. Бір қолында қанжары, Бір қолында қылышы Екі жақтан шабады. Өзбек – жетеу, бұл – жалғыз Амалын тапқан жерінде Алып тастап барады. Ер сайысын көргесін, Қамалап келген өзбектер Алды-алдына тарады. Бұл сапарда Беласар Жағаласып жауменен, Қандасауға жарады. «Ерге лайық есім» деп, Батыр деген атақты Сол арада алады. Бір бүйірден Боранбай Найзаменен шаншады, Қолына түссе жаншады. «Әкажан», – деп өзбектер Алды-алдына қашады. Қорқып кетіп бір өзбек, Айқайлауға әлі жоқ Текке аузын ашады. Соғыс болды сол күні Бесінге дейін алдырмай. Қорғанды түгел қиратты Сау тамтығын қалдырмай. Өзі ұстады Жанқожа Бабажандай батырды Жау екен деп айбынбай. Бөрідей қысып баласын, Қосақтап қойып байлады, «Бірге жат», – деп, – айырмай. Қолға түскен адамын Біреуін қоймай жинатты Көз алдынан тайдырмай. Батырлар Жаңа кентті алды шауып, Дұшпанның шөбін бұзды ебін тауып. Соғысты соңғы мезгіл аяқтады Бесіннің баратқанда мезгілі ауып. Әкеліп Бабажанды көпке салды. Халық өзі шығарсын деп қара жауып. Батыр Бабажанды халыққа салып: «Қара қозы мен күніне ер көрмеген қыз деп халық бүліндіргені рас па?» – деп үш айқайлады. Халық: «Рас», – деп үш айқайлады. «Онда артына қазық қағып өлтірілсін», – деді батыр. «Рас», – деді халайық Шағаладай шуылдап. Қорқып жатыр Бабажан Тұла бойы зуылдап. Артына қазық тигенде Реңі түгел бұзылды, Беті-аузы жыбырлап. Айналасын тырнады, Шыдай алмай ырылдап. Демі бітіп байғұстың, Бірте-бірте басылды Кеңірдегі қырылдап. Кеудеден жаны кеткенше «Қизың», – деумен қайталап, Айтып жатты сыбырлап. Жанкентті шауып алғасын, Шәрге ойран салғасын, Тағынан ханын тайдырып, Бабажандай бәңгінің Олжалады мал – басын. Халық жиылып «қалайша» Бөлінеді деп ойлады, Жаудан алған олжасы. Сыртынан қарап әркімдер Ханнан алған қара аттың ұнатқан екен пормасын. «Тура биде туған жоқ» Қанша қатты болса да, Кім жек көреді тумасын? Жаудан түскен бас олжа Бекбауылға беріпті Ханның қара жорғасын. Танабек, Қаракесек батыр Ақтан Ер еді дұшпанына қылыш тартқан. Сай келіп әр жұмыспен ақыл-ойы, Батырдың батырлығын халық ұнатқан. Жиналып Қаракесек түгел келіп, Сондағы жауабы еді мынау айтқан: – Ұранды «Жанқожалап» ұрандадың, Атаның ақ жолында тұра алмадың. Ар менен әруақты сартқа сатып, Құр ойдың құрмауынан шыға алмадың. Жау жеңіп, қамал бұзған біздер едік, Ойласаң орынды істі біле алмадың. Бас олжа осы сапар бізге лайық Ер болсаң сыбағаңды неге алмадың? Ақтан ер сөзін айтты көпке қарап: – Орынсыз неге керек ондай талап? Он жылдай хиуалықтар талағанда, Ойлап еді қай мұсылман обал-сауап. Жеті жыл батыр сыртта жүргенінде Дұшпанға беріп едің қайсың жауап? Ер болсаң сол уақытта қайда қалдың, Ақылсыз бос болмасаң мисыз қауақ. Малданған адам бар ма олжаны алып, Ойласаң от емес пе тұрған жанып. Жанкентті бүгін жаулап алғанменен Тап ертең бас көтереді хиуалық. Абырой Жанқожаның аты шықса, Бұл жерге өзбек қайтып келмесі анық. Баланың қатын менен қамын ойла Онан да тиыш болғай барша халық. Соны айтып Ақтан батыр жүре берді, Өздерің ойлаңдар, деп көпке салып. Баласын Бабажанның қолға ұстады, Жабырқап жау да болса зорға ұстады. «Балада тоғыз жасар не кінә бар? Болмаса атасы мен туыстары. Өзбекке он жыл ұдай азық болды Қазақтың жазиралы гүлстаны». Соны айтып босатты да қоя берді, – Еліңе бара ғой, – деп, – алыстағы. Құл еді Аппаз деген көрген кемдік, Қашаннан құл тұқымы ханға жемтік. Және де үш-төрт құлды босаттырды: – Бірінші бергенім, – деп, – құлға теңдік. Тірлікте не көрмеген байғұс адам, Құлдықпен өтіп еді ата-бабаң. Хиуаның тепкісінде жылай-жылай, Өмірің өтіп еді неше заман. Азаттық құл басыңа беріп тұрмын, Бара ғой, – деді батыр, – байғұс балам. Босанып сол арада құлдар кетті, Өзгесі ойламады ескі кекті. Ой түсіп жол үстінде бармаймын деп, Аппаз құл сыр бойына қайтып кепті. Құттықтың біреуіне бала болып, Ойға алған мұратына ол да жетті. Қыз алып Қайым деген бала сүйіп, Қарттықтың кәдесімен өмірі өтті. Батырдың бұл төртінші жау алғаны, Осылай орындалды бір арманы. Дұшпаннан өзі тиген кегін алып, ұстаған уысынан шығармады. Оқ атып, заманында қылыш тартып, Халқы үшін ертелі-кеш дем алмады. Қаншама хиуалықтар кіжінсе де, Қазаққа енді қайтып келе алмады. Қыздаршыққан Өткен жоқ өлең жазып, сөзім сыннан, Шықпайды қиналсам да терме тыңнан. Сол үшін хиқаяға тура көшіп, Бір сабақ өлең жаздым Баршақумнан. Қос шоқы құм ішінде мұнарланып, Келатыр сарғаюмен неше жылдан. Жанына жақындасаң сырын айтып, Екеуі бас иеді қайғы-мұңнан. Біреуі сол биіктің – Қыздаршыққан, Сөзімді неге сөксін сырын ұққан. Бір жылы қалың әскер қаруланып, Жау келді жасағымен Қоқан жақтан. Олжалап жолдағы елдің бөрін тонап, Қазақты көп бүлдірді малын баққан. Сол бойы қоқандықтар ел талады, Жаулықпен ортасына ту қадады. Жақсы ат пен сұлу қызын тартып алып, Ешкімнің обалына қарамады. Қыз біткен аяғында елден қашып, Бір бүйір Баршақұмды паналады. Діні бір шын мұсылман патша болса, Жылатып жас сұлуды неге алады? Бөлініп бірнешеуі құмға қашты, Сау жүрсек, сақтайық деп жаңғыз басты. Ақ маңдай, ақық ерін, сөзі қымбат, Сүмбіл шаш, сұлу дене, қиғаш қасты. Мөлдіреп қарақаттай қара көздер Қайғымен қара құмға араласты. Желбіреп жібек шашы, жалаң аяқ, Жүгіріп бірден-бірге белден асты. Жалынды Жаратқанға жасын төгіп, Қайғымен қабырғаның етін сөгіп. Шұбырып құм ішінде жылай-жылай, Қорықты ақ жүзінен нұры сөніп. Жабырқап жас өмірі ертелі-кеш Өксиді алған демін бөліп-бөліп. Әгарде қапияда қолға түссе, Адамды алдағаны тағдыр жеңіп. Табынып бір Тәңірге етті нала, Қосылды қайғысына барлық дала. Жүгіріп әрі-бері орын іздеп, Қарады құм ішінен басқа пана. Сол кезде құланиек күн қызарып, Сарғайып құлазыды сай мен сала. Көбейіп көлеңке де перде жауып, Қараңғы қоюланды бара-бара. Қоймады қоқандықтар із қарады, Қамашау қалың бытқыл құм торабы. Кенеттен көктің жүзі тұман болып, Жел соғып, қара түнек құм борады. Жүрер жол, басқан іздің бәрі бірдей, Белгісіз онан әрі не болары. Жүгіріп құм ішінде ұзай-ұзай, Қыздардың қашықтады аралары. Бұл сапар қалың құмға бара алмады, Кіжініп құмнан өшін ала алмады. Қарауыл шың басына адам қойып, Қыздарды енді сыртқа шығармады. Ақыры адам менен аты шөлдеп, Құр бекер құмға күйді табандары. Қаншама жанын салып іздесе де, Қыздарды енді қайтып таба алмады. Қалың қол ілгерілеп шеру тартты, Түйеге олжалаған жүгін артты. Жағалап Қарақұмның ортасымен Жүретін керуеннің жолын тапты. Шектінің төртқара мен елін талап, ырғызда шөмекейді қоса шапты. Есепсіз ен олжамен малын айдап, Сол жерде қоқандықтар кейін қайтты. Жау айдап көп сұлуды құмға тыққан, Жан үшін жар жағалап сайға бұққан. Қос шоқы құм ішінде мұнарланып, Адамға бас иеді сырын ұққан. Жау қарап бұл биікке қыздар шығып, Сондықтан аттанып еді Қыздаршыққан. Созақ Жеті жыл батыр жүрді Жайық жақта, Жақыннан жау шығады қай уақытта. Алдымен Раманқұл өз тумасы Би болған сол заманда мініп атқа. Әкеліп Бабажанды Сыр бойына, Хан сайлап, ие қылған алтын таққа. Бұл күнде «Жанқожаны қашырды» деп, Таратып лақап жайды әр тарапқа. Есітіп бұл хабарды риза болып, Қуанып қалып еді Созақ датқа. Жанкентте ел ішінде жау құралды, Хан менен халық билеген биге ұнамды. Бір жақтан қоқандықтар ауыл шауып, Қазаққа сала берді көп лаңды. Бұл хабар бірте-бірте қырға жетіп, Жер-жерден әрбір түрлі сөз шығарды. Бұл сөзге батыр өзі намыстанып, Орынсыз жүргеніне өте ұялды. Итжемес алты жасқа келгенінде, Ер Жәкең туған елге қайта оралды. Келгесін талқандады Жанкент бегін, Құлдықтан бір босатты елдің көбін. Батырын түрікпеннің жеке өлтіріп, Халықтың қайырып алды қанды кегін. Сонан соң екі-үш жылдай артын күтіп, Сақтанып шешпей жүрді бұған белін. Жолына Хиуаның адам қойып, Әр жерде әскер тұрды бөлім-бөлім. Дұшпанын қарсы келген бір қайырып, Жанқожа әзірінше алды демін. Созаққа сонан кейін аттанам деп, Халыққа маңайындағы айтты жөнін. «Аттанам» деп Жанқожа Алмасын буды беліне. Арғы атасы Киікбай Қарасаң асыл тегіне. Топтан озған тұлпардай Ат байлаған желіге, Құс қондырған күнінде Ағын судың көліне. Заманында онымен Қарсыласып қан төгіп, Жау келген жоқ шеніне. Хабар айтты қалдырмай, Сейіл менен Байқадам, Неше айтулы еріне. Арынғазы, Қыстаубай – Шөмекейдің батыры, Егіз туған бөріге. Нағашысы таманың «Келсін» деді көбіне. Қарақұл мен Әзберген, Атағы шыққан батырлар – Ақжайықтың еліне, ырғыз бенен Ақтөбе, Қарақұмның шөліне. Аттанбақшы Жанқожа Атасы бірге қазақтың Қоқанда кеткен кегіне. «Қорған салды әкеліп, Мына тұрған Ақмешіт – Кіші жүздің жеріне. Үйсін менен Дулаттың Ор қазып тұр төріне. Айналасын олжалап, Өзі келіп ұрынды Тек жүре алмай жөніне. Соның үшін кектімін Созақтың суайт бегіне. Шамам келсе осыдан, Тигізбеймін біріне. Ары кетсе ар болар, Аға менен ініге. «Бітір менен зекет», – деп, Мал алып тұр күніге. Хиуа менен Қоқанның Ол қорлығын көрмеспін Өзімнің көзім тіріде. Сайлап алған сарбазбен Кіші жүздің апарып, Ту тігермін төріне. Осылай деп Жанқожа Хабар берді қалдырмай Кіші жүздің еліне. Осыны батыр айтқанда, Ел қалмады дабылдан. Әскер келді аңырмай Тама менен табыннан. Жайық пенен Жем бойы Ішкі ордаға бағынған. Хан жарлығы көбейіп, Орынсыз салық салынған, Сұраусыз зекет алынған. Сол себепті көп халық Терең судай теңселіп, Екі айырылып жарылған. Күншығыста бір жағы – ырғыз бенен Қарақұм Қоқандық сартқа шабылған. Өзбек пенен түрікпен Амалын тапса олжалап, Аш бөрідей жабылған. Қайда барса Кіші жүз Аранға түскен киіктей Ақылынан жаңылған. Осыларды ойланып, Бас көтерер батырлар Уайымменен ауырған. Келіп отыр көп әскер Ертелі-кеш тыным жоқ, Аққан судай ағылған. Қонып отыр жағалай Көз жетпейтін алапқа. Жыңқылдаған адамның Дауысы келді құлаққа. Атағы шыққан батырлар Әскерменен бір болып, Шатырын тікті қабаққа. Орынсыз келіп, ел шауып, Ерігіп жүрген қоқандық Тырнағы тиді қазаққа. Қан орнына қан іздеп, Соның үшін батырлар Аттанбақшы Созаққа. Қаруын қайрап, ат сайлап, Екі мыңдай қол болып, Белдерін буды талапқа. Жыңқылдаған көп әскер Алып жатыр Нұраны. Сырт қараған адамға Бұлдырайды тұманы. Адамы менен атына Құдығымен су берген Қара жердің бұлағы. Әрбір-әрбір ері бар Арыстандай ақиық, Жау дегенде сыралы. Айшық туы желбіреп, Көп жиылған халықтың Жанқожа батыр ұраны. Соныменен батырлар Елден шықты бөлініп. Бөлінген бұлттай көрініп. Қылыш пенен қанжарды Екеуін қабат тең іліп. Болат сауыт, дулыға, Көбе бұзар көк сүңгі Салса кетер емініп. Қорамсақта садағы, Кіші жүздің қазағы Көрмеген жаудан жеңіліп. Астындағы аттары Қозғалғанда жосылып, Келе жатыр ерігіп. Қысы-жазы байлауда Сусын ішіп, сұлы жеп Сұлуланған семіріп. Қатар тұрса қазмойын Әсем басқан аяғын Сулығын шайнап кеміріп. Төбеге шықса тоқтамай ылдиға түсер төгіліп. Алты күн ұдай жүргенде Сағым қуған сар дала ұзай берді керіліп. Жетінші түні болғанда Созақтың көрді қарасын, Іздеген жаудың шамасын. Жақындап барып тоқтады, Қанша екен деп бақылап, Қала мен таудың арасын. Шатырын тігіп жағалай Қонып отыр көп әскер Бір биіктің жағасын. Айтқанындай Жанқожа Алып келді бұл жерге Кіші жүздің баласын. Үш ата Кенесары Абылайдан Төренің әркім біледі тегі қайдан. Өз басы Абылайдың Тәшкенде өліп, Кейінгі балалары бір мұңайған. Сонан соң Қасым төре туын ұстап, Қараған қоластына арғын, найман. Соғысып Бұхарменен екі-үш рет Төренің сонан былай бағы тайған. Шақырып алдауменен ұстағанда Қайтпаған өлгенінше хан райдан. Сол үшін Бұхар бегі басын кесіп, Қазаққа кейіндегі зәрін жайған. Ойланып осыларды Кенесары, Кектеніп шыға алмады қалың ойдан. Хан болып отырғасын алтын таққа, Ел билеп ие болды сансыз баққа. Қырықтың қырқасына жасы жетіп, Кеуілі бөлінгендей әруаққа. Атадан аға болар бала қалса, Қан үшін қан іздейді ол уақта. Созаққа күз айында аттанам деп, Таратып хабар берді әр тарапқа. Батырды екі мыңдай сайлап алып, Шығып еді Кене хан да мініп атқа. Ұлы жүз үйсін менен шапырашты, Дулат та хабар берді байұзаққа. Дулаттан байұзақтың ата-тегі, Ежелгі есінде екен ескі кегі. Ор қазып, ортасына қорған салып, Бүлдірген айналасын Бұхар бегі. Келгенін Кене ханның есіткенде, Ай туып, ашылғандай болды көгі. ұлы жүз үйсін менен шапырашты Дулаттың қаптай келді қалың елі. Кенеге көк дөненді сыйға беріп, Бірлікпен оңғарылды соққан желі. Жөнделіп Кене ханның әрбір ісі, Көбейді бұрынғыдан әскер күші. ұлы жүз Орта жүзбен басын қосып, Қамалды бұзбақ болды ендігі ісі. Зеңбірек оқпен атар мылтығы жоқ, Қаруы – қылыш, найза, садақ ұшы. Сонда да «Абылайлап» айқай салып, Қамалға қаптап шапты үш мың кісі. Қозғалып қамалдағы қалың өзбек Садақпен сығаласып тартты көздеп. Бірнеше зеңбірекке білте басып, Шашылды қорғасын оқ тізбек-тізбек. Қырлыны қатар қойып қақпа сайын Жобалап атып отыр көпке мегзеп. Ат құлап, әлденеше адам өліп, Қазақтар таба алмады ханын іздеп. Қамалды бұза алмады үш күн қамап, Бұл сапар сәтсіз болды өткен талап. Бұқарбай, батыр Жәуке, ер Ағыбай Жүретін әрқайсысын жүзге балап. Наурызбай өз інісі, арғын Төле Қашаннан аты шыққан қандыбалақ. Қаншама «Абылайлап» ұмтылса да, Келтірген пайдасы жоқ жаңғыз қадақ. Сол үшін Кенесары тастады да, Майданнан қайта шықты кейін қарап. «Кезекті Кіші жүзге бергенім», – деп Екі жүз демін алды тарап-тарап. Бұл уақта Жаңқожа Жатыр еді шатырда. Ел қорғаны ерлердің Жай жатуы мақұл ма? Ой жіберіп, ойланып, «Бұл қалай, – деп, – апырмай?» Өлшеумен болды ақылға. Ерігіп жүрген қоқандық Ел шапқанын қоймайды, Мына тұрған қалпында. Жау қолында Ақмешіт О да жатыр артымда. Қорғаны бар салдырған ұлы жүз бенен Кіші жүз Екі жүздің халқында. Аттанбадым олжа үшін Күміс пенен алтынға. Ойлап тұрсам өшім көп, Бұл Қоқанның сартында. Істеген ісі сиымсыз Сірә да ауызым бармайды, Мұсылман деп айтуға. Осыларды ойланып Жатқанында Жанқожа Хабар келді батырға ұлы жүздегі ағадан, Орта жүздегі данадан. Үш алаштың баласы Бір атадан тараған. Хан баласы хан Кене Аузына халық қараған. Қалай да болса хан болып, Қаһарын төгіп дұшпанға, Қазақтың басын құраған. Екі жүзді тоғарып, Кезегін беріп батырдың Аттануын сұраған. Қысқаша баян етейін Арнайы келген елшісі Қайтпақшы болды даладан. Сонда батыр елшіні Шақырып алды жанына. Атағы шыққан батырлар Олар да келді маңына. Бара қойсаң сәлем де, Екі жүзді билеген Кенесары ханыңа. Аман болсам, осыдан Аттанармын асықпай Сәрсенбінің таңына. Бұза алмаса Кіші жүз, Хан баласы қалмасын, Дайын болсын тағы да. Есен болса ерлерім, Ертең ерте аттанам Үш алаштың арына. ... Сәрсенбі күн таң атты, Батырлар қылды талапты. ыңырсыған көп әскер Алып жатыр алапты. ұйқысынан оянып, Аттарын ерттеп, киініп, Жеделдеп жүрген сияқты. Болат сауыт, дулыға, Алмас қылыш, найза мен Қолына алып садақты. Қатарға келіп бәрі де, Кекті болған жауына Атының басын қаратты. Таң ағарып атқанда Ат тозаңы тұмандап, Жүйріктері шығандап, Кіші жүз түгел аттанды «Жанқожалап» ұрандап. Алдындағы қамалың Айнала қазған оры бар, Бес мыңнан артық қолы бар. Алты жерде қақпасы, Әр қақпаның аузында Ат арбаның жолы бар. Қырлы мылтық білтелі, «Зеңбірек» деп айтатын Қорғасынды оғы бар. Қанша қиын болса да, Аянбаған батырға Атқанменен не қылар? Қаланың үсті сол күні Көрінбейді тұманнан. Қарапайым бұлдырап, Жердің бетін бу алған. Жау келгенін білгесін, Атайын деп олар да Зеңбірегін шығарған. Табанға келіп қалғанда, Білтілі мылтық оқ алмай, Шыға алмады құмардан. Боларын біліп бір істің, Қорғандағы көп әскер Қапаланып мұңайған. Созақтың сартын күңірентіп, Құлақты жарып баратыр «Жанқожа!» деген ұраннан. Қақпаға қарай батырлар Тіке ұмтылды жолымен. Жақын келіп қалғасын Ата алмады оғымен. Түйдек-түйдек түйіліп, Ауызға жетті шоғымен. Балта салып Жанқожа, Бір қапталын қақпаның Жұлып алды қолымен. Тар қақпаға таласып, Өзбек пен қазақ екі жақ Соғыс болды сонымен. Тар қақпаның алдында Жанқожа салды ұрысты. Жаратқанға сиынып, «Оңда, – деді, – бұл істі». Арыстандай ашумен Айбаттанып ақырып, Сілтеді өткір қылышты. Қарбыздай бастар домалап, Кеудесінен көп ұшты. Қалың әскер қамалып, Өлген сайын өшігіп, Ілгері-кейін ығысты. Ат тозаңы бұрқырап, Алқынып жүрген батырға Алдырмады тынысты. Ақ сауытын шаң басты, Екі көзін қан басты. Ашуменен аянбай, Белдесіп жауға араласты. Талайдың басы кесіліп, Кеудесінен жан қашты. Қазақ пенен өзбектің Сыңқылдаған дауысы Бір-біріне жалғасты. Ашуы нағыз келгенде, Онды-солды сермеді Қолындағы алмасты. Қалқан тұтып қалбаңдап, Қорғамады бір басты. Қалай қарай барса да, ыңырсыған көп қолдың Ортасынан жол ашты. Жанқожа мінген Көкешкі Қарамады белесті. Қатар келіп таласып, Талай жүйрік егесті. Еті қызып ешіріп, Шапқан сайын шешіліп, Ат ажары теңесті. Артындағы көп әскер «Жаңқожалап!» ұрандап, Тек шаңдаққа ілесті. Сол соғыстың ішінде Қаракесек ер Ақтан – Ерлігін халық ұнатқан. Қарсы келген дұшпанның Талайын шауып құлатқан. Қарақұл менен Әзберген – Қырдағы тілеуқабақтан. Қарасақал ер Дабыл Елді өзіне қаратқан. Жақып батыр, Тілеулі Кезенген жауға кез болып, Саржаны қардай боратқан. Арынғазы, Қыстаубай Ерлігінің саны жоқ Аңыз қылып ел айтқан. Есіл батыр Байқадам – Сүйегі асыл болаттан. Боранбай менен Жалмырза «Жанқожалап!» ұрандап, Олар да тиді бір жақтан. Қарсы келген дұшпанды Жел айдаған бұлттай Алды-алдына таратқан. Ықтиярсыз тер кетті «Дулыға» деп айтатын Темір торлы тымақтан. Жаралы жандар көбейіп, Өкірген де бақырған Береке кетті құлақтан. Талайдың басы кесіліп, Ат тұяғы батқандай Әр шұңқырға қан аққан. Құмырсқадай көп әскер Өлген сайын өрледі, Шамаға, сірә, келмеді. Күн батқанша ұрысып, Кідіріп дамыл көрмеді. Қайнаған бұлттай құжынап, Қылышын тартып келгенде Жол таба алмай кернеді. Ат шаршады шалығып, Ер шаршады жалығып. Күндіз-түні тыным жоқ, Шаршамасын неғылып? Қанжарынан қан кетті, Қайта-қайта алынып. Қылышынан дүз кетті, Қылышқа қылыш шабылып. Қолындағы көк сүңгі Бұрынғыдай көрінбейт Тынымсыз қанға малынып. Сауытынан сән кетті – Найза менен саржадан Жүн түткендей жарылып, Жау жағынан айтайын. Олардан да ес кетті, Ақылынан жаңылып. Кешке қарай екі жақ Демалысқа бөлінді Соғыстың кілті жабылып. Күн кешкіріп батқасын, Ел орнына жатқасын, Қайта шапты Созақтың Құлап қалған қақпасын. Ханы мен биі бірігіп, «Қашайық деп – ойлады Шамалап тыныс тапқасын». Қайрылып қылыш тарқасын, Керіліп садақ атқасын, Сірә да маза бола ма? Қамалға қарсы шапқасын. Сірә сәнің бола ма? Сыртыңнан дұшпан баққасын. Қоқанды құртпай қоя ма? Қазақтан шыққан үш алаш Қосынды түгел жапқасын. «Осы келген қазақ па, Немесе жанған дозақ па? Жаратқан өзі сақтасын», Осылай деп өзбектер, Таң алдында қашырды Халық билеген датқасын. Келесі күннің таңымен, Будақтап ұшқан шаңымен, Өлімі шығып есінен, Жұмысы болмай жанымен. Кіші жүз кірді ұрысқа Қабат-қабат сауыттың Қабаттап қатқан қанымен. Қылыш пенен айбалта Қолындағы барымен. Кеуделерін кек қысып, Атақты ерлер көп түсіп, Шын арланды арымен. Сол уақыттары болғанда Хабар тиді төреге: «Арнайы арнап бармаса, Орынсыз батыр келе ме Мәмбеттің ұлы Байұзақ Өзінен артық көрмесе, Хандығыңа көне ме? Табыннан шыққан Бұқарбай Ерлігінің шегі жоқ Қадірін ханы біле ме?» Екі жүздің баласы: – Сен баста, – деп, – батырым, Билігін беріп Кенеге. Толықсыған ту байлап, «Абылайлап!» айқайлап, Олар да шықты төбеге. Жау қарасын көргесін, Тұра алмады кідіріп. Алмас қылыш, көк найза, Жеңсіз берен киініп, Орта жүз бенен ұлы жүз Бір адамдай көрінді Тұйғын құстай түйіліп. Кенесары ат қойды «Абылайлап!» айқайлап, Өткен пірге сиынып. Ә, дегенше болған жоқ, Тау суындай тасыған Келе жатыр құйылып. Қынаптан тартқан кылышы Найзағайдай көрінді Көтергенде үйіріп. Сол уақытта Созақтың Бұзылып еді қорғаны, Көміліп еді орлары. Жан аямай ұрысып, Кескілескен кез еді Атағы шыққан зорлары. Адамы құлап, аты өліп, Алдырмай жатқан кез еді Хан отырған орданы. Кененің көріп әскерін Қорғанды тастап ығысып, Шығайын деп ойлады. Айдалаға шыққасын Жалаң қылыш жарқылдап, Найзағайдай ойнады. Шыдамады өзбектер Сиырма қылыш шапқанмен Іске аспады білтелі Жалғыз-жарым атқанмен. Садақтың оғы не қылсын, Сапасы жоқ тартқанмен. Қайрат қылды қалыспай, Амалы қанша қорыққанмен. Жүйрігі шаршап болдырды, Түрікпени наз бедеу Жер сонылап ортқанмен. Тіресіп соғыс болған жоқ Қылыштасып, қырқысып, Бетпе-бетке шыққанмен. Ажалы жеткен адамдар Ажалдан аман болған жоқ Жау сауғалап бұққанмен. Жеке-жеке батырлар Жекелеп кетіп барады. Қойға тиген бөрідей Алды-артына тарады. Қолындағы көк сүңгі Қарсы келсе салады. Қайрат қылып қарысып, ұрыс қылған адамның Талайы аттан құлады. Үш алаштың баласы Басын қосып келгенде, Бірге болды ұраны. Ерік алдына қаратпай, Қоқаннан келген сарттарды Қоқаңдатып қуады. Созақты осылайша алды шауып, Қас батыр ойлана ма қатер-қауіп. Ер Жәкең Кене ханға ат жіберді, Бір қоржын хан сарайдан алтын тауып. Екінші қолға түскен оқ-зеңбірек Қалдырған хан басынан ықпалы ауып. «Олжаны осы түскен бөліссін», – деп Кенеге хабар айтты адам барып. Атасы Абылайдың Әбілпайыз, Белгілі Иран Шахтан туған нағыз. Қасымнан Кенесары – төртінші ата, Бұрынғы тарихтан келе жатқан із. Бас олжа қолға түскен ханға мирас, Бар болса алтын ақша, хас сұлу қыз. Қазақты хан билеген заманында Тараған осылай деп сыртқа лабыз. Кідірмей шақырғасын Кене келді, Аттанып алаш ұлы жауын жеңді. «Аталы хан баласы хан едің», – деп, Құралды қолға түскен соған берді. Үш жүздің атын айтып, үш орынға Алтынды алып келіп, үшке бөлді. Кене хан сол уақытта ойға кетті, Бәрінен алтын қымбат, тым қажетті. Сұрайтын ерден – сауға, ханнан – сарқыт, Ойлады қазақшылық бір әдетті. «Қарадан хан боп туған батыр едің, Еріткен ел дегенде қалың көпті. Хандыққа халық билеген қаржы болсын, Алтынды сауғаға бер, батыр», – депті. – Ал, – деді, – алтын болса сұрағаның, Ерлігің – елдің басын құрағаның. Үш жүздің осы арада басын қосып, Дұшпанды қойдай қырып қуаладың. Туысқан – түбі бірге атам қазақ, Жоқ екен бөтендігі іні-ағаның. Сыртыңнан саулығыңа тілектеспіз, Ойласаң Кіші жүз де өз адамың. Соны айтып жолдасымен батыр қайтты, Тұманнан бір арылтып дала таңын. Ер Жәкең елге қайтты жауын жеңіп, Баласы үш алаштың түгел көріп. Аттанып Кенесары бірге шығып, Себеппен абыройға болды шерік. Алты әлім, төрт шөмекей, тама, табын Батырдың «ал!» дегенде ізіне еріп. Қоқанды ауыл шапқан бір қайырып, Жанқожа демін алды елге келіп. Басталды жаңа жолмен сөздің басы Төгіліп төмен қарай жыр жалғасы. Қарт іздеп, халық аралап біраз жүрдім Термелеп майда сөздің ар-арасын. Деп айтады біреу – жақсы, біреу – жаман, Шындықтың шешім болар уағдасы. Балымбет Майдан екен Киікбайдан Батырдың төрт-бес ата тумаласы, Оның да айтқандарын түгел тыңдап, Кеуілдің кеңге түсті рауасы. Қалғанын қағыстырып қайта жаздым Әркімнің әлденеше құрамасы. Асанда Бегімбайдың сөзін алдым, Белгілі қарт шежіре, ел ағасы. Казақтың қарабайыр тіліне бай, Сөйлесе, табылғандай сөз шамасы. Екі шал ертелі-кеш қасына алып, Көрсеткен мынау болды жол-жобасы. Сынаушы сыртта, халқым, кешіріңдер, Сөзімнің бола қалса ұнамасы.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.