Қазақша
Ер Ағыбай (Қажыбек Қаңтарбаев нұсқасы)
Ертеде болған екен ер Ағыбай,
Ол кезде ер болмапты Ағыбайдай. Кешегі Кенесары заманында Ерлігін көрсетіпті елге талай.
Білмеген Ағыбайды ел болмаған, Теңеліп қарсыластар ер болмаған. Ағыбай ешбір жанға бас ұрмаған, Басынан дұшпан ісін асырмаған. Жалғызы Ағыбайды бөгеген жоқ,
Қандай жан есіл ерге тор құрмаған.
Батырда бес жүз кісі нөкер болған, Соғысқа шеттерінен шебер болған. Жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр тазы – Теп-тегіс бәрі оларда қыс пен жазы.
Айт пен той, ойын-сауық үзілмейтін, Және көп неше түрлі өнер болған.
Жүрмеген қару алмай жігіттері, Шорлатқан алтын-күміс белдіктері. Садақ пен сапы қанжар айбалта екен
Жауына көрсететін ерліктері.
Байлаулы тағы белде қорамсақтар, Жайы бар жауға тиіп жарамсақтар.
Бәрі әзір, жандарында күндіз-түні, Қарумен ел ерлері елін сақтар.
Сол кезде жаугершілік заман екен, Халықтың әдеттері жаман екен.
Кездесіп дұшпандары бір-біріне, Тоналып тырдай болып қалады екен. Кездесіп бір жорықта кәпір қалмақ,
Ағыбай соны есіне алады екен.
Бір күні қалың қалмақ қамап алып, Жорықта жатқан жерін біліп алып. Ағыбай қараңғыда ерін көрмей,
Бір батыр қолда қалған жараланып.
Жолдасы еді Ағыбайдың ер Көлебе, Келгенде екіұдайда жеме-жемге.
Жекпе-жек Ағыбайдан кем соқпаған, Сүйінген халқы талай ерлігіне.
Тұрысы сұлу еді сұңқар қабақ,
Айдыны Ағыбайдан да артығырақ. Жерінде нойандары байқаушы еді, Өрт мінез, алғырт еді батыр бірақ.
Атақты Алтай атты таудан арман Бар екен қалың қалмақ қоныс ауған. Батыры кәпірлердің Қолаба атты, Сол еді Көлебені ұстап алған.
Өзі хан, өзі батыр – ол Қолаба, Қалмақ жоқ одан мықты ол арада.
Найзагер, садақ тартқыш сырттан екен,
Талайдың жанын пәниден қылған жұда.
Денесі еңгезердей, түсі суық, Келмейтін ашуланса ешкім жуық. Соғыста жалғыз өзі жүз кісілік,
Сұм қалмақ жұрттан асқан үздік туып.
Бар екен Қолабаның жалғыз қызы, Жолындай құмырсқаның басқан ізі. Онан сұлу аспанның астында жоқ, Жаудырар қарақаттай екі көзі.
Елінде талай қалмақ болған ғашық,
Жалғызы бата алмаған аяқ басып.
«Қаракөз қайсымызға тиеді» деп, Қоятын талай бекер сыр сырласып.
Ағыбайдың Көлебені іздеп шыққаны
Бір күні жұртын жиды ер Ағыбай, Келіпті нояндары бірі қалмай.
Іріктеп сексен жігіт нөкер алып Аттанды Қолабаға содан былай. Күреңше жер тебініп астындағы, Оқ бойы алдында отыр ер Ағыбай.
Көк найза көлденеңдеп, белде садақ,
Сауыты үстіндегі күміс жарғақ. Өзгелердің бәрінде қос-қос аттан, Ішінде дара мінген Ағыбай-ақ.
Осы тұрған Баянның басын құлай, Кезіпті Сарыарқаны ер Ағыбай.
Шырылдаған бозторғайға үнін қосып, Ән салған сексен жігіт дала шулай.
Не жұмбақ, ертедегі ерлер жұмбақ, Өмірінде керуен боп өткен талай.
Шашағы найзалардың желп-желп етіп,
Жарқылдап қару-сайман жарық-жұрық етіп.
Бір түнеп, Қызылтаудан арман өтіп, Шығыстан бара жатыр көктей өтіп. Хантауы мен Қарауылдан өткен кезде, Сыртында бұл қалды бұлт күзетіп.
Батырлар сол бетімен он төрт қонып, Қара Ертіс өлкесіне келді жетіп.
Осы жерде екі-үш күн тынықтырып, Қарауылда қалмақты тұрды күтіп.
Қалмақтың Көлебені өз еліне алып барғаны
Қолаба Көлебені байлап алған, Мақтанып өзі еліне алып барған. Бекітіп қол-аяғын кәпір қалмақ, Шұқырлап терең қазып, жерге салған.
Көлебе неше күндей сонда жатты, Өткенде екі-үш күн бір нәр татты.
«Тұтқында Көлебедей батыр бар» деп, Қаракөз бір күн түнде іздеп тапты.
Бұрыннан естиді екен Көлебені, Жас сұлу ғашық екен бір көргелі. Үңгірден Көлебені шығарып ап, Отырды төмен қарап сөйлегелі.
– Рас, сіз Ағыбайдың жолдасы ма, Атақты ер Көлебе қолбасы ма?
Мен сізді босатуға ант берейін, Төгілген қарайсыз ба көз жасыма?
Қиямын сіз үшін мен ел-жұртымды, Ойлама өтірік деп бұл сертімді.
Қайтсем де босатамын, көңілім ақ, Жалғыз-ақ білдір маған өз дертіңді.
Көлебе жауап берді Қаракөзге, Бар сөзін айтып сұлу болған кезде:
– Сіз сүйсең, менде сүйдім, көңілім ақ, Атам Абылайдың әруағы айғақ осы сөзге.
Көлебе құшақтайды Қаракөзді,
«Ендеше мен сенікі» деген кезде
Күміс ай көкте тұрып бата берді, Жұлдыздар жымыңдайды көріп бізді.
Үндемей түн тұншықты жым-жырт болып, Сүйісіп жан тұншықты көңілі тынып.
Құмармен Көлебені құшқан шақта,
Балдағы Қаракөздің кетті үзіліп.
Екеуі кетпек болды осы түнде, Қалмақтан құтылғалы сәтті күнде. Қаракөз екі тұлпар алып келді, Қалдырмай қаруы мен киімін де.
Шаңқайтып екі бозды ерттегенде, Үміті екі жастың жүрегінде.
Алтайдың Ақтау алқап асуынан Тоқтамай тағы да өтті ертең түнде.
Қалмақтың қызын іздеп қуғаны
Қолаба ертеңінде бүлік салды, Кеткенін Қаракөзбен біліп қалды.
«Кетті, – деп, – дұшпаныммен дұшпан болып», Қууға қасына бес жүз кісі ертіп алды.
Көпіріп аузы-басы, көбік болып, Жеке өзі нөкеріне қарамады.
Қос жирен, қос алғаның қос береді, Ішінен Аршакөкті таңдап алды.
Жарысты ұшқан құспен арам қатқыр, Жетпеген Көлебеге несі қалды.
Жаңылтпаш жартастардан кетсе қарғып, Тау кезіп жалғыз қалмақ асыр салды.
Мінгені өзгелердің ылғи жүйрік, Сонда да түгел ері ере алмады.
Бұлдырап сағым қуып Қолаба ұшты, Соңынан қарасын жұрт көре алмады.
Ағыбайдың Көлебені іздеп келе жатқаны
Ағыбай үш күн жатып демін алды, Жан-жақты қарауылдап көзін салды. Басына Кендірлінің шығып тұрып, Таңбайдың бір қараны көзі шалды.
«Аттан» деп нөкерлерін үлгіргенше, Жақындап екі құйын келіп қалды. Жырынды Таңбай тушы тағы қарап,
«Дәл осы Көлебе» деп айтып салды.
Көтерді Абылайдың ала туын, Биікте қолында еді ер Таңбайдың. Көлебе қарсы жүрді ер Таңбайға, Көрген соң Ағыбайдың қарауылын.
Батырлар аман көріп, көңілі тынды, Қаракөз аттан түсіп, сәлем қылды. Ағыбай разы болып келініне:
«Жарқыным, көп жаса!» деп бата қылды.
Таңекең тағы шалып айналаны, Көреді келіп қалған Қолабаны.
«Аттан» деп нөкерлерге хабар беріп, Майдан қып күтіп тұрды бір даланы.
Қолаба тұра қалды жақын келіп, Сайдағы Ағыбайдың қолын көріп.
«Ең мықты, жекпе-жекке тез шығыңдар, Ішейін қандарыңды ұрттап тұрып».
Ағыбай Күреңшеге өзі мінді, Шақырып ескі әруақ кәрі жынды.
Көлебе: «Мен шығамын, кегім бар» деп, Өтініп, ағасына жол бермеді.
Қаракөз жетіп келіп Ағыбайға:
– Сауыты жоқ ініңіздің, түспепті ойға,
Әкемнің ашуланған түрі жаман, Қоймайды ініңізді енді жайға.
Айтқанша осы сөзді, бітті жұмыс, Сілкініп батырлар да бастады ұрыс. Қолаба Көлебені салып өтті, Тегінде сұм қалмақтың беті дұрыс.
Көлебе тигізбеді, қағып қалды, Қолаба айналып кеп найза салды. Дәлдетті алып қолдың ырғауымен, Өкпеге сағасынан найза барды.
Көлебе аттан түсті жер баурлап, Қолаба кегін алды, қанын ішті. Ес кетті Ағыбайдың нөкерінен, Қаракөз Көлебені барып құшты.
Қан ақты Көлебеден дір-дір етіп, Қара жер жұта берді есі кетіп.
Қаракөз жансыз тәнді қалды құшып, Жетпеген сорлы жасын мөлтілдетіп.
Көп сорлы бұл секілді қалған талай, Күн жоқта жетім болған алдымен ай. Күнәсіз жас сорлыны отқа салған,
Рақымсыз, жазымыш пейіл бұ да қалай?!
ұмытылды Қаракөзге тағы Қолаба, Қанды бас, көк найзаны алып қолға. Ағыбай одан бұрын қағып қалды, Тұр еді қылыш даяр сол қолында.
Ағыбай Қолабаға өзі барды, Кәпірге өзіндей қып найза салды. Жығылып аттан қалмақ құлағанда, Қаракөз ақ семсермен басын алды.
Басынан Қолабаның дәурен өтті, Кешікпей көп нөкері о да жетті. Қаракөзді Таңбай тушы кейін сақтап, Өзгелері соғысқа түгел кіріп кетті.
Батырлар қылыштарын қанға былғап, Топылдап аттан түсті талай қалмақ.
Аттанып уыттанған ер Ағыбай, Тобына жалғыз кірді көзі жайнап.
Сай-салса сансыз өлік дертке толды, Жарқылдап найза қылыш оңды-солды. Қалғаны қалмақтардың қашып кетіп, Қашпаған мықтыларын қырып болды.
Найзаның, қылышымен қанын сүртпей, Ағыбай Қаракөзге қайта келді.
«Өле-өлгенше құныңды жоқтармын» деп, Құшақтап Көлебені еңіреді.
Сүйегін елге қарай алып жүрді, Тоқтаусыз Таңбай тушы жылай берді. Соғыста ту ұстаған соңын бағар, Таңбайдың ұмтылмауы содан еді.
Еліне сүйтіп қайтып келді Ағыбай, Көп қайғы бұл жолында көрді Ағыбай. Тетелес Көлебенің өз ағасы
Таңбайға Қаракөзді берді Ағыбай.