Қазақша
Байсейіт батыр (Саяділ Керімбеков нұсқасы)
Ойласам, оқа-зер тұтқан Көңілдің тұнық көзінен Айқын болған әңгіме.
Аспанның ашық көгінен Есімде жүрген ер ісі.
Елдің ертек сөзінен Қарасам, соны көремін. Өмірдің көне өңінен ызалы жалын ұшқандай
Әркімнің шерлі көңілінен. Атысып ру шабысқан Хан, төренің гебінен.
Өлім өртеп, өрт жұтып, Тас атысқан жеңінен. Жауласып өткен жастары Тентек туып тегінен.
Ел бейбіт болмапты Ел арқасы кеңіген. Кенесары кеткенде,
Сол дәуірдің дөңінде Бауланып өскен Байсейіт Наурызбайдың өзінен. Құрап алып қол жинап Жетісудің жерінен, Салтанат құрды батыр боп ұлы жүздің елінен. Алатаудан арқалы
Шеңбелене шебімен, Қарағайын буынған
Қарсақ жортпас белінен. Денесін тауға баласам, Шынар шыбық бойы бар. Қайнардың тұнық көзіндей Атқыған ақыл ойы бар. Ердің есіл-дертіне
Елдің мұңы жолығар. Аяғын алға бастырмас Ағайын елдің торы бар. Наурызбай, Кенесарының
Соғысының соңы бар. Жүрегінде ерімей Елдің жүрген тоңы бар. Елші түсіп екі елге,
Жасанып тұрған қолы бар. Ебіне келсе, елдеспек Ерлердің құрған тобы бар. Қамқорлардың халыққа Қазған қара жолы бар.
Істің сәті боларда
Оралғының оңы бар. Келе-келе батырлар, Кең өлкеден жиналып,
Мұрындық елге мұз белдер Ойға терең миланып,
Ел бітімін ерекше
Есіне сақтап тұр халық. Не дуалы ауыздың Жұртқа сөзі тыңдалып, Қорытпаған қоқым бар.
Қорғасынды ұрланып, Түлкі құйрық төрелер Сөйлемей отыр бұлданып. Мырзалар да кекесін Мысқылдана қуланып, Қариялардың сөзіне Кезек бермей шыршалып.
Көтеріңкі көңілмен
Хан құтырына жынданып, Бұлттай өңі қоюлап, Түнергенде сұрланып.
Тек батырлар бас шайқап, Күрсінеді ыңыранып.
Ел басына сол күннің Аспандай бәрі ауды. Шешендердің топ жарған Қалмағандай қажыры.
Көтерілді көп тілден Жуан сөздің тамыры.
Елін селге ағызбақ Екі жақтың арыны. Ел ісінде тұтқынға Түсіп кеткен бауыры. Босатып оны қырғыз,
Оңай ма жұрттың алуы. Соның үшін жұмсалмақ Бойындағы қаруы.
Шыға келді ортаға
Ақ сауыт киген тау ұлы.
– Айбалтамды, – дегендей, – Атысқан жауға шабамын, Бояймын қанға, – дегендей, – Көк сүңгімнің сағағын.
Не болмаса мен қаза Жау қолынан табамын.
Сабырлы оймен салмақты Сүйеп жерге садағын, Дулығаның астынан Түрді көпке қабағын.
Шашақты найза қолдағы Қояр жанға тірелді.
«Маған, жұртым сөз бер» деп, Көптен кезек тіленді.
– Сөйленбеген сөз бар ма
Үндеріңде үнемді? Ел болудан үздіңдер Үміт пенен күдерді.
Қан түленіп қабағын, Халқым неге түнерді? Жұртқа пайда бар ма екен, Түнергенде біз енді?!
Азат қылсақ болмай ма, Кесіп тұтқын шідерді. Торқа орамал кепкенше, Топтың сыны түзелді.
Тірілтуге дәрмен жоқ, Өлтірдің қапы бір ерді. Сол батырдың нақақтап, Сұрап отыр жұрт құнын.
Соға бермек сол үшін Байқасам сөздің ұшқынын. Ойламайды Орман хан Осындайда жұрт мұңын.
Босатуға көнбейді Қазақтың неге тұтқынын. Орман ханның ойында Өреңді қысқа етпекші.
Береке-бітім іздетпей, Түбімізге жетпекші.
Ел мақсатын көздетпей, Өзі хан боп өтпекші.
Кінәласып ұрысқан Ел аумағы беттесті.
Жұрттың бетін Байсейіт Өткір сөзбен игеріп:
– Елге жеңіс бермесек, Ерлік қайда үлгеріп.
Төрт түлік баққан ел едік, Өскен егіз күн көріп.
Егін қалды салусыз, Елден безіп дүниелік. Түбіміз бірге туысқан,
Жаудың кебін кимелік. Өткен іске өкпелеп, Жіпке пәле тізбелік.
Мұнан былай біріміз Бірімізге тимелік.
Үстінде соның балалық, Екі елден шықса бір желік. Сол терінің пұшпағын
Көп талқымен илелік. Ел қорғаудың емін тап, Жұрт басшысы ізденіп, Күнін сатып жер-суға,
Патшадан жендет жүр келіп. Мейірі қайқы, пейілі жат, Сөйлесе алмай, тіл беріп.
Алар болсақ, алдырдық, Найзаға мойын түйреліп.
Патшаның қолы жағадан ұстап езсе алқымды,
Иті талап ырылдап, Тартып жейді балтырды. Қалай соған беремін Қырғыз, қазақ халқымды. Билеп-төстеп, мыс қылмақ Хан қазына-алтынын.
Аяғына жүн қылмақ, Жерге төсеп нарқымды. Нарқымды жауға бермесем, Сарып болмай сарқынды.
Арқалатса ел жүгін, Ел мойнына артылды. Тайкең асық жаудікі,
«Бер, – деп, – бүтін алшыңды» Үйірген сонда қой сақа Алшысынан шаншылды.
Жол боларда осындай Жораға сөз айтылды.
Әр жерден сөйлеп әр адам, Көтеріп дауыс қарқынды, Бірімен-бірі дос болып, Табысуға талпынды.
Ер-тоқымы Кененің ұлына Сыздық тартылды. Ел-елдегі тұтқындар
Өз жеріне қайтылды. Еш кінә жоқ ел-елден, Еміренген төсінде.
Қырғыздың Келе батыры, Төрекелді ішінде.
Бір топ батыр қол қойды Ел жасаған бітімге.
Ердің қапы болған жоқ Ел қорғаған ісінде.
Біріктірді бүкіл жұрт Бірлігі мен күшін де. Сыпатай батыр, Сұраншы Алтын найза шашақты ұлы жүзден екеуі Еңкейіп келіп атақты Төрекелді төсіне
Төстерін қойып тақапты. Сүйіскенде батырлар, Көздерінен жас ақты.
Татуласты батырлар, Араз болмай аралық. Жамағандай жүрекке Жаңадан бір жаңалық. Батырдың сөзін ем көріп, Екі рулы халайық
«Аттанса жауға майданға, – Деді, – түгел барайық».
Сая болып сарбазға
Бір ыңғайлы соққандай Сонша көптің толқыны. Батырлары бар елдің Басынан жоқ қорқуы.
Елін қорғап жат жаудан Жер сілкінткен жортуы. Қараағаштай қалың қол Мінді түгел ертті атқа.
Төре, сұлтан мінген жоқ, Кейін бағып керітартпа. Бөлді сонда Байсейіт Қолдың бетін төрт жаққа, Қашаннан бері қауіпті Төңіректегі өрт жаққа.
Төрекелді аттанды
Он мың қолмен Ташкенге. Бағыныпты сол шаһар Патшадан келген әскерге.
– Енді бізге жауламақ, Ісіне қабыл сәт берме. Ел намысын, ер болсаң, Өлгеніңше қастерле.
Сұраншы батыр аттансын Өз қолымен Шымкентке.
Өзі жаулық қылмаса, Ішегін елдің кірлетпе. Етегіңе ел жисаң, Ерінбей теріп, тірнекте. Ел жарасын жазуды
Ер мойныңа міндетте. Сонан қалың қол жинап, Қосылсақ келіп дүрмекке. Сонан соңғы жұмысты Қояр едім бір бетке.
Сыпатай, Сыздық аттансын Жолдың ұзақ керіне, Оралдағы кіші жүз
Исатай ердің еліне. Бағынбасын бар жұрты Патшаның қулық ебіне. Сарыарқаның сапары Керек қылды мені де.
Алдым кеше Арқадан Ағыбайдың жауабын. Жіберіпті сол маған Бір сенімді адамын.
«Бағындырды патшалық Арқаның, – депті – қазағын. Алатауға айдаһар
Ашпақ тағы аранын. Байсейітке сәлем де, Күзетіп енді жаранын, Атсын, – депті, – алдынан Жай оғындай садағын».
Ағыбайдың түсірмей Сөзінің жерге табанын. Жерге жауды жеткізбей, Бөгеуге жедел барамын. Төрт бөлінді он мыңнан Төңірекке қырық мың қол.
«Өзді-өзіңе әрқайсың, Азаматым, әзір бол» Деген сөзбен қоштасып, Еңкеңдесіп тартты жол. Бәріне бұйрық тапсырып, Байсейіттей батыр ұл Ұзағанша көзінен, Қарлықтырды дауысын,
«Бермегін, – деп, – қазақтың Қауырт жауға намысын».
Қардай жауған қалың оқ Жеңбеген ер бағытын.
Тоғыз қабат торлатып Үстіндегі сауытын, Талай жаудың шығарған Көріне көміп табытын.
Денесі құрыш болаттай, Төртбақ батыр дембелше Асығатын әр жауға Ажал тауып бергенше.
Әуелден бергі әдеті – Жауға қарсы келгенше, Дамыл көрмей жортатын Мұқатып оны жеңгенше.
Саулатып ерлер жөнелді Түн жүрегін тілгіндей. Нажағайын аспанның Иығына ілгендей.
Айсыз түнде тұлпары Жаудың иісін білгендей. Аққан тасып Іледен Өтуге қарсы именбей.
Қой алдында серкедей Батыр бастап көп елді, Төгіліп аққан теңізді Төте кесіп жөнелді.
Батырға сонда ере алмай, Қалың нөкер бөгелді.
Тобыңды жазбай, еркіндеп, Өтінді жұртқа «тез енді».
Тоқтаусыз ерлер тоғыды, Тобын суға жаздырмай. Көптің күші апатқа
Аман кетпек шалдырмай. Бүлдіргесін ар жаққа, Алып өтіп қалдырмай, Шолынша алға жіберіп, Жалғызданды андыздай. Қанаттасып қалың қол, Бірнеше күн өткенде,
Не орын тауып оқ өтер Жүні қалың шекпенге. Жаудың бойын бақылап Көкөзекке жеткенде, Алдынан қардай оқ жауды Көп төбеден өткенде.
Сонда қолын Байсейіт
Елге сілтеп кейінгі, Мылтық оғы тілсіз жау Жазым болмай шегінді. ыдыраған қол ыңғайлы Жыраларға бөлінді.
Жау көзіне аз ғана Некен-саяқ көрінді. Қызылданып көкжиек, Күн ұяға көмілді.
Тыпыршыған тұлпарлар
Ауыздығын кемірді. Апақ-сапақ аралас Атын ерлер тебінді.
Тұлпардың қалың тұяғы Жер тозаңын шаңдатты. Шаңға көміп отыз мың, Ортаға қамап салдатты, Адырнадан садағын Атқыш ерлер аңыратты. Жарым түннен ауғанда,
Даланың бетін қан жапты. Ерлігіне батырдың
Ел разы сондағы. Жау төсіне кіршілдеп
Көк сүңгі найза қолдағы, Аш бөрідей жұтынып, Қанға тояр болмады.
Жиілетті үстіне Соғыстың пісіп толғағы.
Қалыңдығы салдаттың
Қаптағандай қара сел. Ақтық күшін айдады Әскербасы офицер.
«Ат мылтықты батырға, Ал ортаға ел жібер».
Ортаға қамап алмағы Байсейіттей батыр ер.
Шабуылдап ақ көбік, Атының үсті қара тер. Садағынан сан рет Төңкерілді төбе бел.
Бытырлаған бағана Мылтық даусы басылды. Араласып қолма-қол, Әркімнің еті ашынды.
Жараланып талай тән, Судай қаны шашылды. Тұт келтірмей Байсейіт, Жауды жоннан асырды.
Тоз-тоз болып қашты жау Айнабұлақ жонынан.
Қараталдан өткізіп, Қуды батыр соңынан. Бақанасты бастырып, Үш төбенің құмынан. Қолға түсті әр салдат, Адасып ара тобынан. Аякөзге тықсырып, Жауды қуып барды да, Құлазы құмға кіргенде Байсейіт жетті алдына. Сары ала шекпен офицер Енді қапы қалды ма?
Сығалап қара мылтығын, Баспақ болды қам қыла. Онан бұрын тартылған Сары ала садақ зу етті, Іліп садақ жөнелді.
Құзғын зұлым иекті Теректей жерге құлатты. Арам дене сүйекті Астындағы қан жиреп, Жүгірісін үдетті.
Түбінен түріп сыпырып, Қайтадан орап түнекті,
Аттық мойнын кейінгі Қалған қолға түзетті. Тарта шауып келеді, Тізгін іркіп жай ғана. Қансыраған тән өлген, Майдан болып айдала. Алыстан көріп аңсады Жұрт батырдың жетуін. Есеп қылса майданды, Табан бопты жеті күн.
Салдатты санап кім тұрсын, Шығыны қазақ екі мың.
Сөйлегенде тетігін, Оқтың жалғыз орны бар. Үстіне ала төсінің Атпаған салдат болмаған. Сауыттың мезгеп тесігін, Жұрттың сонда дәрмені Шаңқай түске ту тікті.
Төбеге қарай аңдыздап, Бәрі де аттан түсіпті.
Неше күндей қатынған Аттың белін босатты. Ерттеп оның орнына Жетелеп жүрген қос атты. Ет пісіріп жеуіне,
Қостар қазып ошақты, Қарауылға көздетті Қауіпті деген шоқатты. Шолысып біріге Байсейіт Ар жақтағы бағытты, Жуық жерде еш нәрсе Жоқ сияқты қауіпті. ыстық күнге пысынап, Ауырсынып сауытын, Баулығын шешіп ағытты. Сауытын саспай бөктеріп, Мініп ұшқыр атына,
Әңгімелі бір досын Ертіп жүрді қасына. Жуық тұрған төбенің Шықты серуен басына. Отыр мынаған дегендей Орын берді тасы да.
Жүрді біраз досымен, Төсін төсеп самалға. Тұрған тура сығалап, Бекінген жау қамалда. Ту сыртынан дәл мезгеп, Атып қалып табанда, Екі салдат көрінбей, Жетті қашып адамға.
Сонда батыр шақырды:
«Оқ тиді, – деп, – арқамнан. Неге шештім сауытты,
Деп өкінді, – қамқамнан». ұмтылды ерлер сол жауға, Атына мініп қаңтарған.
Жер күңіренді «жібермей, ұста» деген айқайдан.
Даланы сарын үн басып, Батырға жұрт күңіренді. Құйындап қашқан салдатқа Қуғыншы жетіп үлгерді.
Қуды жедел, ұстады, Жау найзаға түйрелді. Кескілеп оны қанжармен, Істеді жұрт білгенді.
Қолға түсіп, қор болып, Әлек болып атқандар, Жайғап келді батырға Жауды қуып шапқандар.
«Маған мынау оқ тиген, Абыржып енді саспаңдар. Кездікпен тіліп етімді, Оқты сойып тастаңдар».
Жабысқан сырттан жасыл оқ Жанды қинап тым қатты, Батқан сайын батырдың Денесіне шым батты.
Батырдың етін кесе алмай, Сонша батыр зыр қақты.
Тәбеті көптің тартпайтын Халқына батыр қымбатты. Қоныс қылды қорғасын Жауырынның арасын.
Батқан сайын сүйекке, Бұзды батыр мазасын. Оқты сойып алудың
Жұрт таба алмай дауасын, Белбеулермен бес құлаш Шанды таңып жарасын.
Оқтың батқан орнынан Қан дедектеп саулады. Бір құмалақ қорғасын Таудан ауыр салмағы. Еліне алып қайтуға Көптің көңілі ауады.
Мінгізді ерді атына, Жиналып жаран қаумағы. Жұрт батырын қаумалап, Сонан былай жай жүрді.
Аспан, жердің арасы Арыстан ерге қайғырды. Жау қапыда табанын Аңдаусыз жерде тайдырды. Елге сосын жете алмай, Ара қонып, ай жүрді.
Айда жетті аулына Жатпай-тұрмай аялдап. Шықты жұрты алдынан, Атты біреу жаяулап.
Үйіне жетті сабырлы, Саспай жүріп аяңдап.
Бастан-аяқ болған-ды Батыр көпке баяндап. Арқасын оттай оқ кеулеп, Семіргенін қанына Сездірмеймін десе де, Сезді сұлу жары да.
Төрт жаста ұлы Бексейіт
Шүкірленді ішінен, Мейірі қанып тағы да. Күннен-күнге меңдеген Батты жара жанына.
Төңірекке кеткен төрт батыр Онан келген дерек жоқ.
Төрт батырсыз жараға Жаннан келер себеп жоқ. Жеңіліп жаудан қайтқан қол
«Көрдім, білдім» деген жоқ. Өксіп батыр ерлерін,
Ішінен тынды шемен боп. Сенделіп үйде жүреді, Сездірмей дертін кісіге.
«Ерлердің бір көлденең Болды ғой, – деп, – ісіне».
Сүйегін тесіп алты айда, Қорғасын кірді ішіне. Ыңыранбапты ер сонда, Тісін басып тісіне.
Өкпе-бауырын аралап, Оқ жеткенде күшіне, Өлім жапты пердесін Батырдың тұлға түсіне. Сергек өлім дүниеден Секіргенде сақ қайтты. Баласынан қазақтың Батыры өліп, бақ қайтты.
Ерді көміп молаға, Бауырым салған ат қайтты. Сонда көпке Сүйінбай
Өлеңімен көңілін нақты айтты:
– Уа, халайық, халайық, Енді бізге жырғау жоқ.
Енді батыр туғанша Көздің жасы құрғау жоқ. Жауға тақыл қылатын Ешбір шара ылғау жоқ. Бөгеп тұрған алдында Бөген болып шырмау жоқ.
Арыстан едің, Байсейіт, Атыңнан қапы жығылдың. Жау алдынан жай тартқан Енді жауға тығын кім?
Басына тумақ бар елдің ыңыршақ атты ығыр күн. Түтіндей бықсып көңілсіз Шер қайнар ығыр күн.
Ер Сыпаттай ерекше Жолбарыс едің жортарман. Сыздық жетім ер жетіп, Өсіп едің ортамнан.
Оқ үстіне оқ тиіп,
Өтті менің қолқамнан. Жыларсың, жұртым, жыларсың, Маңдайынан сар тамған. Ұмтылғанда Сұраншы
Бүркіттей жауға қомданған. Айбыным едің алысқа
Ақ найзаңды толғанған. Келер күнде келмедің, Асып кетті болжалдан.
Аман емес, әйтпесе, Аяғың сенің торланған.
Төр дегенім, төр емес, Жолың сенің орланған. Ор дегенім, ор емес, Құның бөлек қорғалған.
Адамзаттың сырттаны ең, Ерегіскен дұспанның Қанын судай ұрттап ең.
Келмедің сен де, кешіктің, Жағасын жаудың жыртпақ ең. Жыға алмадың, жығылдың, Тіріде жауды құртпақ ең.
Тасты жерде тау болар, Таса жерде жау болар. Батырлы елде мал болар, Ағашты жерде тал болар, Су аққан өзен жар болар. Мүмкін елден тағы да Батыр туып, бар болар.
Батырларың болғанша, Уа, жамағат, жараңдар!
Топтанып тұрма топ жазып, Шаруаңа тараңдар.
Ортамызда осындай Сөзді баққан адам бар. Патшасына жағынып, Бара сала жамандар.