Мырзаш батыр (ІІ бөлім)

Жазайын бір әңгіме тағы бастап, Кезекті игі ісімді кетпей тастап. Дастанның екіншісін қолға алайын, Қалмасын орта жолда сөзім ақсап. Сөз емес бір қиял жазбақ сөзім, Жалған сөзге шыдамас тағы төзім. Кешегі аты әйгілі елдің ерін ұрпаққа баяндауға келді кезім. Еске алсам ел ерлерін кешегі өткен, Шықпаспын артық сөйлеп, сі...

Қазақша
Мырзаш батыр (ІІ бөлім)
Жазайын бір әңгіме тағы бастап, Кезекті игі ісімді кетпей тастап. Дастанның екіншісін қолға алайын, Қалмасын орта жолда сөзім ақсап. Сөз емес бір қиял жазбақ сөзім, Жалған сөзге шыдамас тағы төзім. Кешегі аты әйгілі елдің ерін ұрпаққа баяндауға келді кезім. Еске алсам ел ерлерін кешегі өткен, Шықпаспын артық сөйлеп, сірә, шектен. Кеше өткен айғай-шулы сұм заманда Ерлер де бар елі үшін қапы кеткен. Кенжелеп кешегі артта қалдым, Арасында жүріппін кең мен тардың. Әлде дағы түңілмей өмір заңнан, Жасымды ұлғайтып ап қалам алдым. Мен – Ниязбек, әкеміз Қыдырмолла, Бір игі істі ойлап түстім жолға. ұлы әкем ақын Сәбек жолын беріп, Бұл жолда, Қызыр ата, мені қолда. Жазбасам асыл мұра қалар сөніп, Қақым жоқ қалдыруға бірге көшіп. Қазына жерден қазып алынады, Бірге кетсе, алынбас көрден теріп. Мен көрдім дүниенің бірталайын, Назымды көпке шағып неғылайын. Әйтсе де кезі келді бір оқыстың, Қызыл тіл, сені безеп есе алайын. Адамға пайда бермес сары уайым, Ойласаң арт артынан тағы дайын. Көлденең сөз араға көп қоспай-ақ, Әуелгі басқа сөзді қолға алайын. Тәуекел деп қолыма қалам алдым, Бір көнетоз қайықты суға салдым. У суынан дүниенің түгілмей-ақ, Шықсам деп бір ойымнан құнарландым. «Тәуекел түбі қайық» деген сөз бар, Ойымды уайымнан аулақ салдым. Жолым ғой бабаларға сыйынатын, Солардан жаралмап па ед арғы затым. Бір істі игілікті бастарында Айтатын көп қауымға әуел дәтін. Солардың тамашасы мен – Ниязбек Сыпайы сөз қалыптан артылмас тек. ұмыт боп бара жатқан бұл мұраны Жарыққа шығара алсам, қойылмас шек. Өз тұсында Мырзаштың ерлігі асты, Атағы кең жайылып елге ұласты. Бейуаз тыныш жатқан бейғам елге Тосыннан бір сұмдық кеп араласты. Сойқаны ұранқайдың бұрын біткен, Жеңіліп оны Құдай тентіреткен. Ендігі сөз оңтүстік қара қалмақ, Қазаққа тағы тиісті қиыр шеттен. Әңгіме етіп бұл істі қолға алайын, Асықпай аз ойланып толғанайын. Қалдырсам ұрпақтарға ата даңқын, Уақиғадан қалайша қорғалайын. Бабалардың мұрасы болмас ермек, Еңбексіз жақсылық жоқ қолға келмек. Сыр шертсем ерлігін бабалардың Көз жетіп кейін ұрпақ сонда сенбек. Әйтсе де әңгімеге дәлел керек, Шындық іске құмар ғой әділ жүрек. Бір негізсіз лағып құр далаға Ойға орамсыз артық сөз неге керек. Жазбағым кешегі өткен Мырзаш батыр, Жауға қарсы ту ұстап, тіккен шатыр. Дұшпаннан елін қорғап өткен екен Кешегі сұм заманда әлем тапыр. ұрпаққа батыр Мырзаш қалдырған жол, Елге қылған ерліктің қайыры мол. «Елімді сырт жаулардан қорғасам» деп, Күндіз-түні бел шешпей қам жеген ол. Жау десе жанын қиған халық үшін, Халқынан аямаған барлық ісін. Еліне қайырымды, жауға қатал, Көрсеткен дұшпандарға қайрат, күшін. Қалмақтың қазаққа қас болуы анық, Ежелгі қас дұшманы бәрі қанық. Үңілсек өткен тарих шежіреге, Күңгіртсіз ашық, айқын тұр ғой анық. Итжығыс қазақ, қалмақ талай түскен, Екі жақ көп соғысты бастан кешкен. Соңғы кезде қалмақты қазақ жеңіп, Қалмақтар оңтүстікке баса көшкен. Көмескі істің көрмеген бәрі жалған, Көзкөрген іс тарихтан бізге қалған. Тазартып бабаларым қазақ жерін, Қалмақты оңтүстікке айдап салған. Негізі әңгіменің осы қалмақ, Аяғы әңгіменің көпке бармақ. Тағы да қанды шайқас басталмақшы, Бір жаққа түсері қақ ауыр салмақ. Тағы да қалмақ түсті арам ойға, Арамдығы ежелден сіңген бойға. Кеңесті басын қосып басшылары, Баяндап мен сөйлейін осы жайда. Қалмаққа басшы болған Батыбайыр, Жері дейді сол кезде Майлыжайыр. Өздерін «он сұм» қалмақ деп атаған, Тырп еткізбей билеген осы Байыр. Он сұмның Батыбайыр бастаушысы, Батып тұрған адамның қостаушысы. Батыр да, бай да, сұлтан да өзі, Қатты тиген кедейге басым күші. Жыл сайын елден мың бас мал жинайды, Әсіресе кедейді тым қинайды. Өзінде тоғыз ұл бар, төрт қатыны, Сонда да қу ләпісін бір тыймайды. Елінде кедей-кепшік зар жылаған, Байыр залым безіпті ұят-ардан. Алманнан бас тартқанның басын алып, Құлағы жарықпаған зар мен шудан. Жүйрік ат, сұлу қатын бәрі өзінде, Бұл арсыз пайдаланад дер кезінде. Бір найсап қаныпезер, қара жүрек, Бақ-дәулет көрінбеген сұм көзіне. Ұлдары тоғызының тоғыз ауыл, Өзі жалғыз, туыс жоқ аға-бауыр. Жиналған малдан беред ұлдарына, Салмағы елге түскен тым-ақ ауыр. Ұлдары алаңғасар батырсымақ, Әкесі анау ақылды ұл қайдан тумақ. Бәрі мырза, жын қуған көп әумесер, Ойда жоқ бір игілік жолды қумақ. Байырдың ақылшысы Марқалдай, Арам ойдың ең алды қасқа маңдай. Жағынып Батыбайыр төресіне, Зымиян, сөзге жүйрік, бір қу таңдай. Бұ дағы бір қатігез, ардан безген, Арамдардың арамын іштей сезген. Арам ойға алдына жан салмапты, Адалдықтан жан екен мүлде безген. Қалдайдың залымдықпен аты шықты, Ел-жұрт түгел біледі бұл пасықты. Көзін ашып келеді арамдықпен, Қайдағы бұзық ойға болған мықты. Қайдағы бұзық ойға болған зерек, Қайырылыққа салғанда ісі бөлек. Бұ дағы он сұм елге бір жексұрын, ылайым қулық сатқан залым демек. «Шақыр» деп Батыбайыр әмір берді, Даярлатты үйіне кілем төрді. ұлығы шақырған соң неғып тұрсын, Сумаң қағып кіріп кеп сәлем берді: – Әмір сайқын, – деді ол кіре сала, Байыр да отыр екен жалғыз ғана. – Иә, тақсыр, шақырған соң келдім, – деді, – Хабар сөз құлағыма тие сала. Қосылам, тақсыр, сіздің ақылыңа, Несі айып, көмектессем жақыныма. Қандай іс тапсырсаңыз, мен дайынмын, Тапсырған істің шығам ақырына. Жағымпаз жаны шығып аласұрды, Байыр да тым қарсы алды Қалдай сұмды. Алдындағы көкірден бірер алып, Ақтара сөз сөйледі барлық шынды. – Айтайын мен сырымды, Қалдай, саған, Ақыл қосса Қалдайым, келсең маған. Тереңірек бір іс бар ойланатын, Қандай кеңес бересің, мырзам, соған. Ал енді, зейін қойып сөзді тыңда, Әдейілеп шақырған соң келсең мұнда. Бір ойлаған ойым бар ақылдасар, Қатты ойланып, толғанып мұны тыңда. Туысым немерелес жақыным сен, Сондықтан мұндай іске сенемін мен. Ауаша бір ақылға келісейік, Екеуара алалық болмаған жөн. Не көп қазір, бұл елде кедейлер көп, Тентіреп жүр бірінің-бірі етін жеп. Қайсысын тойындырып қарқ қыламыз, Жүз емес, мың да емес қисапсыз көп. Кім білсін бір-ақ күнде тап бермесін, Біріне-бірі сеніп ант бермесін. Аштық пен жалаңаштық батқан иттер Бір күні теріс қарап жалт бермесін. Бірлессе қалың кедей күші артық, Ақылдасып бас қосса, ісі де артық. лап қойса қалың кедей бір-ақ күнде, Дәулетті қолымыздан алар тартып. Тоқтамас аш-жалаңаш базынаға, Кедейдің бізге шері жазыла ма. Тұмсығы қанға тиген шиебөрі Малменен ауыз салар қазынаға. Ойланбасақ түсерміз темір торға, Қалың кедей шыдап жүр әрең зорға. Екеумізді жоғалтып біржолата, Өз билігін өздері алар қолға. Сонда біздің күшіміз қараң болар, Ерте ойланбай көңіліміз алаң болар. Ақылдасып шешпесек алдын ала, Түбінде іс ақыры жаман болар. Табасың қандай ақыл, Марқалдайым, Айтайын деген ісім, осы жайым. Шеше алмай бұл түйінді әуре болып, Көп ойланып таппадым бұл ыңғайын. Алдын ала ойланған опық жемес, Бұл жұртта басқа адам жоқ өзің теңдес. Тауып ең қысылғанда талай ақыл, Әдейілеп шақырғаным осы кеңес. Сонда Марқалдай залым аз ойланып: «Тақсыр, бұл айтқаның әбден дұрыс екен. Жасыратын несі бар талай кедейдің алман жөнінде басы да кетті. Ашынған кедейлер бір күні мұны істемейді деуге бола ма? Сондықтан мұның ақылы оңай», – деп мынаны айтты: Өңіңде жайдарылық Марқал сұмның, Жүзіне күлкі оралды шайтан жынның. «Жә» деп қойды еңсесін бір көтеріп: – Ей, тақсыр, ақылы оңай бұл ісіңнің. Марқалдай сөйлеп кетті сылдыр қу жақ: – Айтайын маған салсаң ақылын тап. Қайдағы жаман сөзді неғыласыз, Білсеңіз, болу керек ол сөзден сақ. Кедейлерден қылмаңыз әсте қауіп, Құтыласыз өзіне-өзі жау қып. Ақылы кедейлердің сол болады, Қырғынға ұшыратса ақыл тауып. Мен айтсам, қырылатын бір сәті бар, Қорқып, сасып ойлауға болмайды тар. Қарусыз, аш-жалаңаш жауға айдасаң, Қырылып көп кедейің жолда қалар. Ежелгі жау қазақ бар арғы бетте, Кедейді жібереміз солай шетке. Тегін мал бар қазақта деп жұмсаймыз, Сонда кедей қырылып қалар текке. Жинайсыз елден түгел тақыр кедей, Әуелі шақырамыз еш сыр бермей. Жиылып кедей әбден болғаннан соң, Алдында сөз сөйлесіз соған демей. Оңай мал десе, кедей бой ұрады, Бізге деген көңіл кір жойылады. Бір жағынан, қазақты шағасыз да, Бір жағынан, кедейің тойынады. Екі жұмыс бітеді бір-ақ сонда, Құп алып бұл сөзімді, тақсыр, тыңда. Қазақтан шапқан малды өздері алсын, Бірер жан өлмегені келер мұнда. Үлкен олжа табасыз осы орайдан, Бұл ақылды демеңіз таптың қайдан. Бізде қару барда да қазақ жеңген, Қарусызды қазақтар қойсын қайдан. Әуелі жіберіңіз екі жансыз, Олар барып қазақты білсін қамсыз. Жоқ қараған боп барсын қазақтарға, Сыр бермеуге тырыссын барар жансыз. Жылқы алуға бір бөлек адам барсын, Ат мініп, олар түгел қару алсын. Кедейлерді қазаққа жаба салып, Сол сәтте олар барып жылқы айдасын. Тыңдады Батыбайыр мына сөзді, Кедейден құтыларын енді сезді. «Өзім де осы ақылды ойлап ем» деп, Шаттанып қарқ-қарқ күлді қаражүзді. – Жарайсың, – деді Байыр, – Марқалдайым, Болайын алдағы іске енді дайын. Бейғам жатқан қазақты ойсырата Шабуға тағы түсті шортты орайым. Қазаққа екі жансыз жібереді, Жай жүріп бұлар көрді қалың елді. Ол кезде қазақ-қалмақ араласып, Еркінше жүре беру салт еді. Шекара жоқ екі елдің арасында, Таңдаған жұрт бұл сөзге нанасың да. Екі жаққа тыныштық орнаған кез, ұрыс-қағыс тоқталып арасында. Жансыздар аралады төрт-бес күндей, Жүрісі жай салт атты екі бірдей. «Жоқ қараған бір-екі қалмақ жүр» деп, Сұмдықты қала берді халық білмей. Жылқыға да Өр жайлау барып қайтты, «Жылқы жоқ, – деп, – бір үйір» оларға айтты. Арамын ішке бүккен арамзалар Еліне енді жансыз тездеп қайтты. Бар сырды ішке түйді екі қалмақ, Сылтауы сол болыпты жоқ қарамақ. Келді де Байыр сұмға мағлұм етті: – Еш қамсыз кең жайлауда жатыр қазақ. Елінде осы қазақ батыры жоқ, Ен дәулет, шалқыған мал, көңілі тоқ. Шашылып малы жатыр сай-салада, Жау, жардан, ұры бәрі қапері жоқ. Жылқысы Өр жайлауда жатыр бөлек, Төрт мыңдай шамасы бар дөп-дөңгелек. Жылқышы он бір адам қосын тігіп, Бәрі де елден шалғай жатыр бөлек. Түп-түгел араладық бәрін қоймай, Қазақтың барлық жігін жүрді ойлай. Атайды екен санияз төртуыл деп, Екі рудың арасы жатыр шалғай. Берілді мына хабар Байыр сұмға, Әңгімені, оқушы, мені тыңда. Кезіге ме қауіпке бейғам қазақ, Ақырын өзі оңдасын қапты қала. Жансыздың болды разы мұнысына, Байырдың кеңдік кіріп тынысына. Мән-жайды тегіс ұғып екі ұрыдан, Енді шұғыл кірісті жұмысына. Елінің басшыларын шақырды алып: – Зеңгілер, сөз тыңдаңдар құлақ салып. Бірін қоймай жинаңдар елден кедей, Алдыма әкеліңдер хабар салып. Жиналсын әсіресе тақыр кедей, Жарлығымды тыңдаңдар қарсы келмей. Түгел жиып алдыма келтіріңдер, Сұрай қалса бұл қалай, жауап бермей. Кедей жиып тұс-тұсқа шабар кетті, Бұл сұмдыққа бірталай заман да өтті. Әйтсе де халық іші мол қазына, Ақыры бұл сұмдық деп бізге жетті. Тізімдеп өңкей тақыр қу кедейді, «Сұлтанға барасың» деп әмір етті. Жинады көп шабарлар елден кедей, Ашық сөз жоқ, белгілі сыр білдірмей. Кедейлерді шұбыртты орда жаққа, Аял, дәт, сабыр, тағат, тілге келмей. Жиналды тақыр кедей бірнеше күн, Алыстағы жол жүрді күні мен түн. Ағылып тұс-тұс жақтан келіп жатыр, Алдағы білінбейді белгісіз күн. Әр сұмнан көп жиылып келді кедей, Құбылды сай-саладан аққан селдей. Кейбірі дәмеленді «мал беред» деп, Шуылдасып өз сөзін өзі білмей. Он сұмнан жиналыпты сонда он мың жан, Бәрі де тақыр кедей осындай сан. Жұрт жиылып болған соң Байыр, Қалдай, Тағы да бір өрескел шығарды заң. – Жиналсын он мың мата тез арада, Көнтері, шоқай керек бір пар дара. Тағы он мың ноқта, жүрген, арқанменен Бір-бірден сойыл керек аттанарда. Жиналсын осылардың тездеп бәрі, Бөлінбей түгел кетсін жас пен кәрі. Әркімге жүрерінде бір таба нан, Мұнан артық кетпесін азық нәрі. Айтқанымның барлығын тез жинаңдар, Аялдауға мұршам жоқ, бұйрығым тар. Он зеңгі, жүз шабарлар атқа қонып, Бұйрықты орындауға аттаныңдар. Жиналды айтқанының сонда бәрі, Жоқ екен мына иттің бетінде ары. Матаны қызыл түске бояттырды, Қолбасшыға беретін туы сары. Оратты балтырларға қызыл мата, Жарандар, сөзімде жоқ ешбір қата. Аш-жалаңаш, тамақ, не киім жоқ, Кедейлер де зарықты жата-жата. Матаны балтырға орау бұ да сұмдық, Ойға оғаш болған шындық. «Жол жүруге балтырлар шыдасын» деп, Өздерінше жасаған сондай қулық. Уақиға бұл ақиқат емес жалған, Қазаққа қалмақ солар ылаң салған. «Қызыл аяқ қазақты шапқан екен» Деген сөз ел ауызында содан қалған. Жүз адам атты шерік тағы жиды, Мұнысы кәдімгідей киім киді. Барды-жоқты ұстады қаруларын, Жеке дара бір-бірден найза тиді. Тоғыз ұлдың төртеуі басшы болды, Байыр қосты басқар деп барар алды. Шаш ал десе, бас алған өңкей даңғой Іс болсын ақымақта қандай оңды. Осылай дайындалды теріс жолға, Бейімдеп бұрмалады оңды солға. Тыныш жатқан бейуаз елді шапса, Қалай қайтып санаймыз бұл істі оңға. Халықтың ортасына келді Байыр, – Әмір сайқын, көп халқым, – деді Байыр. Қап-қара сұр жалпақ бет, қайқы маңдай Айдары шұбатылып жерде жатыр. Арамза ортаға кеп сөз сөйледі: – Уа, моңғолдар, бауырлар, – деп сөйледі. Кәрі сайқал залымның қуы ішінде Әтей «бауырластар» деп сөйледі. – Бауырластар, сөз тыңда, жиналған көп, Сендер үшін мен жүрмін уайым жеп. Жіберіп шабарларды жидым мұнда, Бір байлыққа кенеліп тойынсын деп. Алыс емес жақында қазақ елі, Екі енені емізген малы телі. Шашылып малы жатыр сай-салада, Байлаған биелері желі-желі. Ту бие, атан түйе, құнан қойлар, Аппақ май, асау бие, қысыр тайлар. Бағып-қақпай иенге қоя берген, Мал деп керек қылмаған мұны байлар. Сендерді қорғайтұғын батырлар бар, Қазақтың кең дүниесін қылатын тар. Әркімнің алған малы өзінікі, Кенеліп мол олжаға қаласыңдар. Өзімнің төрт ұлымды қылам бастық, Қазақтан келтірмейді әсте қастық. Өздерің білесіңдер ұлдарымды, Сендерге үлкен көмек тағы достық. Елі де иен жатыр, батыры жоқ, Алаңсыз бұ да жақсы, көңілге тоқ. Мырзаш дей ме бір қазақ дала кезіп, Жүр дейді осы қазақ елінде жоқ. Тамамдап сөзін айтып болды Байыр, Көзбен шолып көреді Байыр. Жиып ап көп кедейді ажалға айдап, Ішінен бала түссін деді Байыр. Байырдан қалмай, Қалдай бірге жүрді, Бұ дағы кедейлерді байқап көрді. «Ашығып дер кезіне келген екен», – Деп Қалдай сұм Байырға сенім берді. Байырдың негізі ойы ежелгі егес, Екі залым әуелден құрған кеңес. Жүрерде балаларын шақырып ап, Арамдықтың үйретті бәрін тегіс. Арам пиғыл алтауы кеңес құрды, Арамдыққа біржола мойын бұрды. Тапсырды ұлдарына Байыр, Қалдай, Деп: «кедейлер білмесін мына сырды». Батыбайыр, Марқалдай екі залым Арамдықтың үйретті түгел бәрін. – Кедейлерді қазаққа жаба салып, Сендер тұра шабасың жылқы малын. Жылқыны түп қотара түгел айда, Қарсы келген қазақты құртып жайла. Еш рақым болмасын аяушылық, Арттарың сенімді ғой, оны да ойла. Болмасын аяушылық кедейлерге, Қарамаңдар аштық пен аққан терге. Құртыңдар, жүре алмаса, жолда қырып, Қайткенде оралмасын қайтып елге. Жол-жөней тоғаймасын ашқан қарын, Жылаған тыңдамаңдар мұң мен зарын. Қазақтың қыруына оңайлатып, Неғұрлым азайтыңдар жолда бәрін. Тапсырып осыны айтты ұлдарына, Әумесер ақылы жоқ сұмдарына. Теп-тегіс арам ойын айтып болып, Салмақ болды шығарып жолдарына. Осымен тамамдады бұл жұмысты, Жарлығы Байыр иттің болды күшті. Бетке алып қазақ елін қалың қалмақ, Алдын-артын жиып алып жолға түсті. Аттанды жер қайысқан қалың қалмақ, Құтырып бейбіт елге ойран салмақ, Он мың бір жүз төрт қалмақ барлық саны, Бейғам белге бұл өзі ауыр салмақ. Шілде айы күн күйіп тұр, аспан аптап, Жөнелді қалың қалмақ селдей қаптап. Байыр мен Қалдай сұмның көңілі өсті, Ойлады: «кез келгенді кетер таптап». Шұбырып келе жатыр күн-түн жүріп, Аш-жалаңаш, шаршаған, буын құрып. Өлместей ауқат алып тәулігіне, Келе жатыр жартылай өмір сүріп. Мырзалар да тақымдап айдап келеді, Жолшыбай қалып жатыр көп қырылып. Аш қайсы, ауру қайсы, шаршағаны, Білер емес біреуді біреу біліп. Найзамен екі сұғып тастап жатыр, Ол жыласа, мырзалар қарқ-қарқ күліп. Осылай жол азабын кедей көрді, Құдай-а, өзің сақта қазақ елді. Жол жүріп тоғыз тәулік қызыл аяқ, Жақындап ел шетіне таяп келді. Азайды әуелгі сан болса да көп, Қырылды ажал бойында орғандай шөп. Қарық болды қарға, құзғын, қасқыр, түлкі Есепсіз көп қырылған адамды жеп. Тыныш ел, малын баққан бейғам қазақ, Болмаған дұшманына болды мазақ. Әйтсе де сақтанбаған бейғам елге Мына иттер салар ма екен ауыр азап. Түнделетіп Желдіден асады енді, Керегетас, Көртөбені басады енді. Үшбұлақ, Қарағайлы деген жерге Келіп алып бастарын қосады енді. Бекінді түнде келіп қарағайға, Күндіз жатып демалды сол маңайға. Осы түнде бетке алып елге кірмек, Иттерге елге кіру келді ыңғайға. Тағы да бірер сөздің келді кезі, Екіге атты, жаяу бөлінді енді. «Сендер енді қазақты шабасыңдар», – Деді де жүз төрт қалмақ жүре берді. Жаяуды, атты тастап жүре берді, Кеткенін мырзалардың бұлар көрді. «Әуелгі сөз бұл емес еді ғой» деп, Қызыл аяқ қалмақтар қала берді. Тыңдаған жұрт бұл сөзге мойын бұрсын, Көп қалмақ қызыл аяқ қала тұрсын. Әуелі аттыларға сөз берейік, Бұл сөзге естіген жан құлақ түрсін. Аттылары жылқыға тура тартты, Қалдырып көп жаяуды қарғыс атты. Бастаушысы бұрынғы екі жансыз Алдын бастап келеді бұйрық қатты. Кең жайлау, сауыр сайқан, өрісі кең, Шөбі шүйгін, мөлдір су, күреңсе дөң. Төртуыл санияз деп аталатын Екі рулы ел жайлайды өзара тең. Жылқысы екі рулы ел бір-ақ жерде, Бұғылы, Көктекшемен жатыр төрде. Үш мың бес жүз жылқымен қосын тігіп, Жылқышы жатыр он бір осы жерде. Өткен заман ойға елес қызыл түлкі, Ар-намыс жоқ ер жігіт жұртқа күлкі. Санияз ру басы Шотан төре Бес бірі бұл малдың Шотандікі. Шұрқырап кең жайлауда жатыр жылқы, Қазақтың ойлағаны малдың ырқы. Жылқышылар тай сойып, бие байлап, Жарасқан әзіл-қалжың, ойын-күлкі. Жайлауы көп жылқының Берікқара, Айлана тау ортасы жазық дала. Атақтысы осы бір жылқышының Ішінде Қали деген жеке дара. Бас жылқышы Шотанға Қали деген, Көп жыл бағып жылқының қамын жеген. Кәрі шал мен кемпірді ренжітпей, Мұқтажын жомарт Шотан түгел берген. Әзімбай деген шалдың жалғыз ұлы, Түсіндіре кеткенінің болмас міні. Төреге де бұл Қали әбден жағып, Көп өмір осылай өткен жылы. Қалидың қара мылтық жан жолдасы, Ержүрек отыздарда мұның жасы. Бес кісілік ат үсті батыр болған Мығым дене, балуан, зор тұлғасы. Көңілге бәрі күдік көрмесе көз, Айтылатын бірер сөз келіп тұр кез. Жылқыға қалмақ таяп келе жатсын Қосылсын осы жерге бір ауыз сөз. Бұрайын бір аз ғана сөз ыңғайын, Ажал күткен қалмаққа көр де дайын. Мағұлымдап кеткенім артық болмас Қалидың қолындағы мылтық жайын. Мылтық жоқ ол кездегі қазақтарда, Бұл мылтық бола қалды қалай дайын. Қазақтан Мамай деген ұста шықты, Қолдан келмес өнері болмас тіпті. «Темірдің Құдайы» деп атапты жұрт, Өзі ойлап жасатты бір мылтықты. Ақжол деген бір заттан дәрі жасап, Тағы осыдан қорғасын оқ құйыпты. Кәдімгідей мылтыққа оқ салады, Дер кезінде от бергіш от алады. Таза мыстан қаруыл орнатыпты, Қойған жерге мүлт кетпей оқ барады. Мылтық жасап Мамайдың көңілі толған, Қалтарыс қата басып, ауман шыннан. Сол кезде ру басы Шотан төре[ге] Төре Мамай әкеп тарту қылған. Мылтықтың атын қойған күлдір Мамай, Бір дастан айта берсек көп сөз талай. Күлдір деген мылтықтың даусы болса, Жасаған ұстасының аты – Мамай. Орны бар адамзаттың қара жерден, Мылтықты көнекөздер сөзбен терген. «Малға абай, жаныңа серік болсын», – Деп Қалиға мылтықты Шотан берген. Құдайым, өзің сақта бейлі тардан, Дүниеде не қымбат бар ұят-ардан. Қайта жалғап сөйлейін әңгімені Қарақшы әлгі үш-төрт қалмақтардан. Мырзалар жедел жүріп сауыр асты, Тепсеңге берік қара жақындасты. Төрт мырза бастығы бар бір жүз қалмақ, Жылқының оң шетіне кеп айқасты. Самал жел тербеп тұрды жасыл белді, Көрсеткендей көзге емес толқын көлді. Гүлдері жұпар иіс жанға шипа, Көркіне шұрай беріп, өңдеп жерді. Жылқышылар мекені осы жер-ді, Жылқы жатыр қапталдап ылди-өрді. Салт атты жүрісті оқшау көп адамды Әуелі бір тұрғыдан Қали көрді. Әуелде байқамаған сұмдық сырды, Қали ер жау екенін енді білді. Айқайлап аттан-аттан ұран салып, Он бірі қалың жауға тұра ұмтылды. Қазақ қашан дұшманнан қашып көрген, Мылтығына оқ салды сонда мерген. Екі жақ қоян қолтық енді келді Қаншасына кім білсін ажал төнген. Жау көп деп тайсалмады батыр қазақ, Қарсыласпай қала ма болып мазақ. «Мал ашуы емес пе жан ашуы», Шын айқасқа кірісті әр екі жақ. Айқастап бір төрт атты жеке шықты, Бағанағы төрт мырза бұлар мықты. Жылқы қуған өзгесін қорғамақшы, Болды да атой беріп шетке шықты. Күлдір Мамай кезегі енді келді, Көріңіз енді байқап қалың елді. Көздеп ед бір мырзаны қаруылға ап, Өкіріп құшақтады қара жерді. Омар да садақ тартты дуылдатып, Кетіп жатыр жебесі тимей қаңғып. Көздеп атып тигізер біреуі жоқ, Әйтеуір бір нобай бар даланы атып. Тез қамдап екінші оқты Қали салды, «Екінші мырза үшін» деп айғай салды. Бір дәу жауыз көрінеді еңгезердей, Тіл тартпай аттан құлап о да қапты. Жеделдете бірнеше оғын атты, Қатардан талай қармақ шығып жатты. Оқ таусылып сол бір кез қайран қару Айдынынан айырылып үні қатты. Құлатқанын тоғызды Қали көрді, Жеңімен бір сыпырды маңдай терді. Қолында қайың безі қара шоқпар, Қоян-қолтық айқасқа кіреді енді. Кірісті шоқпарменен қалың жауға, Қайратты қол сілтеп жүр оң мен солға. Сұлатып бірнешеуін тағы жығып, Қайран ер әлі құрып түсті қолға. Қалмақтар жабырласып түсе қалды, Бұл не деген қазақ деп қайран қалды. Қали ер жау қолынан қаза тауып, Мәңгі өшпес артында аты қалды. Жолдастары болдырды қары талып, Бұлар дағы шайқасты жанын салып. Жастығын бұлар дағы ала жатты, Онынан аман әзер төртеу қалып. Жау жағы басым болып жылқыны алды, Жылқышы он бірінен төртеу қалды. Қалмақтың жиырма үші жер жастанып, Жылқы ұрысы осымен аяқталды. Қалған қалмақ жылқы айдап жолға түсті, Осылай баяндайық болған істі. Төрт адам көпке топырақ шаша ала ма, Шегініп лажсыздан бұл ығысты. Екі мың бес жүз жылқы қалмақ алды, Іріктеліп аз жылқы мұнда қалды. Екі ру ел біржола жерге қарап, Қанатынан қайырылып жер сабады. Ел кейіп назаланып сынды сағы, Бұл жолы үстем болды қалмақ жағы. Ақ иіліп сынбайды деген бар ғой, Түбі жеңіп шыға ма істің ағы. Жылқышы қалмақ алып бара тұрсын, Тағы да бұл кейінге қала тұрсын. Қызылаяқ қалмақтан қайта бастап, Азырақ қандырайын құлақ құршын. Сөйлесем мен Ниязбек сөзім дайын, Артық сөйлеп, кем шығып неғылайын. Әуелі қызылаяқ қалмақтардың Бұрын шапқан руын баяндайын. Ер жігіт намысың болса, халқыңды сүй, Өз әлін өзі білген о да үлкен сый. Саты мен сайболат деп аталатын Баласы Әзібай деген мың жарым үй. Саты мен сайболаттар дөңгелек бай, Түгел айтып тамамдау болмас оңай. Қызылаяқ ілінді осы елдерге, Төртуыл, саниязбен жатыр шалғай. Жаманның күнде сынар жігер, сағы, Талаптының жанады әркез бағы. Екі мың үй бір болыс жаз жайлауы, Үшбұлақ дабан сала ақ жабағы. Сол түні Үшбұлаққа қалмақ жетіп, Келер кешті бетке салды түнделетіп. Күндіз жатып дем алды қызылаяқ, Жүрісті түнделеткен амал етіп. Өздерінше бір бастық сайлап алды, Сараңжақ бастық болсын деп ұйғарды. Бұ да бір қаныпкезер, залым екен, Талаушылар міндетін қолына алды. Қалмақтар бұл орнынан шықты түнде, Ел бейғам, қапері жоқ мұнан мүлде. Сауырдың ақ жауыны төге түсіп, Кенеттен бұзылып тұр бүгін күн де. Түніменен қалмақтар жедел жүрді, Қалың ұры білгізбей елге сырды. Аш-жалаңаш, құр сүлдер алды келіп, Таяғанда жазғы таң елге кірді. Кеп жетті Үшбұлаққа қызылаяқ, Бір-бір ноқта қолына арқан, таяқ. Өлгендерін жеп келсе тірілері, Елді бұлар ойласақ кімді аямақ. ұйқыда жатқан елді қалды басып, Шошынып ел оянды асып-сасып. Тосыннан түнде тиген құбыжықтан Көп адам бас сауғалап кетті қашып. Кеп кеспірі жоқ жалаңаш қызылаяқ, Қорықпасқа не лажың бар, келсе таяп. Тыр жалаңаш арбиған албастыны Көруі қазақтардың некен-саяқ. Қолдарына не түссе алып жатыр, Жалмап-жайлап барады ақыр-тақыр. Өлтіргенге қарайтын көрінбейді, Былайша қарасаңыз, бәрі батыр. Қазақ мұны қонаққа шақырғандай, Ен тамаққа қалмақтар тойып жатыр. Қаптады аш пен арық, Бала-шаға, кемпір-шал қылды зарлық. Шибөрі тыңдар емес айғай-зарды, Киім киіп, ас ішіп, болды қарқ. Неғылсын өліп барады ұят-арды, Қанағат қылар емес алғандарды. Ауыл маңы тұсаулы арқанда аттар, Бір жарлап қалмақтарға кете барды. Бірнешеуі ат мініп шыға келді, Тоқтамай аралап жүр елден-елді. Бағанағы Сараңжақ бастық болған, Жаяуға бағыт сілтеп ел мен жерді. Күн шығып аймалады белес белді, Аяғандай нұр шашып нақақ елді. Біреуді-біреу танып, бой үйреніп, Екі жақ шын айқасқа енді келді. Бетпе-бет екі жақтан басталды айқас, У да-шу жанталасқан қанды шайқас. Қазақтар қалмақтардың көбін қырды, Болмады аялдаумен жеке айқас. Қырылып қызыл аяқ өліп жатыр, Өлмегендей артынан келіп жатыр. Шоқпар, сойыл ұстаған атты азамат Қырғынды сыбағасын беріп жатыр. Қырылып қалмақтарға ажал төнді, Аштықтан өлгенше деп бұлар көнді. Әуелден Батыбайыр, Қалдай сұмның Ойлаған ой-пікірі енді келді. Сонда да шегінбеді қызылаяқ, Қырылып тисе дағы шоқпар таяқ. Қолына не түскенін алып жатыр, Бұлардың орнында жоқ жан аямақ. Шамасыздық белгісі көрініп тұр, Шал-кемпір де айқастан қалмады құр. Құтырған ит өлтірген адамдардай, Бақанменен төмпештеп жамсатып жүр. Талайының қайнады қалың соры, Жер құшып талай жүздің қазылды оры. Жанталасып сонда да қарманып жүр Тұмсығы қанға тиген көп аш бөрі. Ел ырысы бүлініп шайқалды көл, Астан-кестен бүлінді бейуаз ел. Үшбұлақ, Ақжабағы, Дабан сала Қамтыды үш жайлаудың бәрін түгел. Әңгіменің қызығы алда жатыр, Елдің шырқын кетірді мына кәпір. Олжаны тойғанынша алғандары Артын тоспай алдыңғы қайтып жатыр. Намыссыз қорқақтардың жаны тәтті, Ер азамат жауларын қырды қатты. Қаншасы өлді анығын біле алмады, Үш-төрт жеті болғандай елден қайтты. Осындай ауыр шайқас болды күшті, Бейғам ел бастан кешті мынау істі. Қанша алды, құр қалғаны болмас, сірә, Бір айда артқы босқын елден қайтты. Қазақтан беті қайтты көңілі суып, Төбе-төбе өліктер қалды үйіліп. «Қалғаның ел-жұртыңа сәлем айт» деп, Соңғы жауды тастады қазақ қуып. Осылай қызылаяқ елді шапты, Шабылып ел күйзелген жаман қатты. «Қазақты қызылаяқ шапқан екен» Деген сөз ел аузында сонан қапты. Арылып үш жайлаудан қалмақ кетті, Желді деген асу бар асар шеткі. Қырылғаннан қалғаны қалмақтардың Аманы сол асуға барып жетті. Жазасын озбырлардың қазақ берді, Олар да өз кәсібін елден терді. Шауып-шаншып барады әлі дағы Жолындағы бір жарым оқшау елді. Жекеленген анау бір он бес атты, Жолдағы елге көрсетті ғаламатты. Әзібай болыс інісі Қали ауылы Қызылаяқ жолына кез боп қапты. Желдінің кезеңінде екі ауыл, Азайды кісілер аға-бауыр. Екеуі де бай адам толықсыған, Сайысқан бір орынға көңіл тәуір. Бір рудың байлары қасқа маңдай, Бұйым, жиһаз, төрт түлік дәулетке бай. Қызылаяқ келеді дегенді естіп, Малын айдап ер адам кеткен шалғай. Кездейсоқ қараңызшы тамашаға, Өтірік сөз шындыққа жанаса ма. Ауыл мүлде еркектен тазаланып, Қалған қатын, кемпір-шал, бала-шаға. Қаптады осы ауылды қызылаяқ, Талады жасау, бұйым аямай-ақ. Аяулы асыл бұйым түгел алып, Жарамсызды қалдырды некен-саяқ. Емін-еркін ауылды шапты тағы, Жасау, бұйым, олжаға батты тағы. Басшы болған соңғыға сұм Сараңжақ Бір қулық арам ойға батты тағы. Қалидың екі қызы күн мен айдай, Піскен алма секілді шекер балдай. Талайды аңтарылтқан екі сұлу Қолы жетпей көп жігіт қаққан таңдай. Алтын кездік екі қыз күміс қыннан Жаралған деп айтарсыз тұтас нұрдан. Тарыдай тал бойында бір міні жоқ, Қол жетпейтін бір биік басы шыңнан. Апалы-сіңілі екен Гүлсім, Қайша, Ата-ана еркелеткен асау тайша. Етегін жел ашпаған бұл қос ару Иттерге бұйырады бұл қалайша! Алма мойын, анар төс, қырғи қабақ, Ботагөз, қолаң шашты, аппақ тамақ. Сұңғақ бой, тік иықты, құмырсқа бел, Қарасаң дене пішін түгел шап-шақ. Мінездері ал жібек, ақылға бай, Күлкісі мерует, маржан тас бұлақтай. Жастары да толықсып пісіп жеткен, Бір сағым қолға түспес, уа, дариға-ай! Даланың көркі болған тоты, бұлбұл, Аққуы айдын көлдің, бал, шекер тіл. Ақылы да қыздардың ұшан-теңіз Жас жігіттер, ойланып оны да біл. Келтірсем өз орнына сөз ыңғайын, Әр сөздің өз орны тұр ғой дайын. Жастарымның көңіліне алаң салып, Қыздарды аса мақтап неғылайын. Басшы дедік соңғыға Сараңжақты, Бұл итке бір арам ой келе қапты. Қаражүрек, қанпезер, бұл антұрған, Тосыннан бір қулықты тағы тапты. Сараңжақ аруларға тікті көзді, Бұл жауыз ар-ұяттан тағы безді. Біржолата құлады арам ойға, Аз ғана сабақтайын осы сөзді. «Әкетсем осы екі қызды, үлкен пайда, Қолға түскен сом [алтын] осындайда. Апарып сұлтаныма тарту қылсам, Менен бай кісі болмас сол маңайда». Бекінді осы ойға мына кәпір, Енді түсті қыздарға заманақыр. Бас салып екі қызды ойбайлатып, Байлады қол-аяғын Тәңір атқыр. Бетін жыртқан анасын байлай салды, «Өлтірем» деп ақырып қоқайланды. Арты таяз, сенімсіз қарақшылар Тез қамданып аттарын жолға салды. Ойбайлап қыздар кетті жылай-жылай, Нақақ деп аямады мұны Құдай. «Аққа Құдай жақ болад» деген қайда, Бола ма бір қайыры әлдеқалай. Кезеңнен қарақшылар асып түсті, Аққаптал дайын суды басып түсті. ұзынбұлақ, Қайыңды деген жерге Жеткенде күн де батып келіп түсті. Жолда алған олжаларын тең бөлісті, Жайғасып қарақшылар тамақ ішті. Құтылдық деп қазақтан мәз болысты, Шатыды әңгіме қып болған істі. Ну орман, айсыз аспан, қараңғы түн, Ісінде құдіреттің болмайды мін. Гүлсім ойлап бір істі мақұл тапты, Деп ойлап «басқа түскен қараңғы күн». Шақырып Сараңжақты қасына алды, – Тілегім бар, – деп, – сізге, – қолқа салды. – Қандай тілек айтқын, – деп, – арызыңды, – Сараңжақ сөз тыңдауға ыңғайланды. Гүлсім айтты: «Бір-екі тілегім бар, Бере ме деп мен болдым сізге ынтызар. Қалмақ-қазақ заңы бір ойласаңыз, Тұтқындап қыз байлайтын қай заңда бар. Қыз байлайтын заңда жоқ тыңдаңыз дат, Мұныңыз естілетін құлаққа жат. Ер емес, батырды емес, затым – әйел, Екі лақты байлаған сізге ұят. Бірінші тілегім сол – қолымды шеш, Байларда қарсыласқан күнәмді кеш. ұялам жол-жөнекей үйімізден, Адамша бос жүрейік, қалсын егес. Екінші тілегім сол – тағы сізден, Қылмаңыз ешбір қауіп енді бізден. Жол білмейтін екі қыз қайда барсын, Біз, сірә, айырылмаспыз енді сізден. Байлауда қолыңызда біз бір ғаріп, Беріңіз сұлтаныңызға бізді апарып. Кәдімгідей қазақша неке оқытып, Қосыңыз ұлы жиын той жасатып. Кез қылды бағымызға сіздей ерді, Айтайын жеке сізге барлық жерді. Өзім де бір «сұлтанға қосылсам» деп Ойлаушы едім, тілекті Құдай берді. Мына сіңілім Қайшаны мырзаға бер, Мұның дағы тарқасын көңілінен шер. Бұ дағы мырзаға барсам деуші еді, Бұл байғұс та қуансын, тілегін бер. Жүрейік шат көңілмен болмай мұңлық, Болмасын арымызға арам сұмдық. Адал күтіп сұлтанға апарыңыз, Тілегім соңғы сөзім ашық шындық. Тілегім осы», – деді Гүлсім сонда, Бар Құдай пақырларды өзің оңда. Мұқтаж қылмай залымға нақақтарды, Бар болсаң, тілегін бер осы жолда. Сараңжақ қыз сөзіне әбден сенді, Келістіріп айтқан соң әрбір жөнді. Іс ақырын әумесер қайдан білсін, Аяқ-қолын қыздардың шешеді енді. Аяқ-қолын қыздардың енді шешті, Қапыда ақыл тапқан Гүлсім есті. Еш қауіп жоқ көңілінде Сараңжақтың, Өзін-өзі көтеріп көңілі өсті. Кәдімгі төсек салып қыздар жатты, Дұшман көз ғып ұйқыны ыңғайлапты. Бір-екі қалмақ қойды қыз қорқад деп, Басқалары ұйықтауға түгел жатты. Дала жым-жырт, ел тегіс жатты сонда, Енді Құдай қыздардың ісін оңда. Қыз қасында қалмақтар өз еркінше Қорылдап шырт ұйқыға батты сонда. Іс оңдалса, енді ақыл табылады, Екі ару түн түнегін шабынады. Ержүрек, зерек, есті, батыр қыздар Қорқуды енді жаудан неғылады. Айнала қалың ағаш, жыныс орман, Қоршап тұр айналаны бейне қорған. Орманға бір ілінсе, Гүлсім ойы, Аман-есен құтылмақ мына төрден. Қайшаға Гүлсім айтты: «Қамдан – деді, Бір жақсылық күтейік жаннан, – деді. Тәуекел, не болса да біз кетейік, Біздерге Алла берсін жәрдем», – деді. Орнынан ақырындап бұлар тұрды, Орманға қарауытқан мойын бұрды. Тез басып, аяқтарын жан ұшырып, Жүгіріп кеп орманға бұлар кірді. Бермес Тәңірім адамға сары уайым, Бір тағдырың кесімді тұр ғой дайын. Әзірше қалмақ ұйықтап жата берсін, Алға апарып тастайын қыздар жайын. Келіп кірді орманға «а, Құдайлап», Ентіккен демін алды біраз жайлап. «Келген жағым, бұйырса, осы шығар» Деген оймен жөнелді сайды құлдап. Азапты бейтаныс жол жанға батты, Шыбын жан емес бұрын қандай тәтті. Күндіз келген сүрлеуге ақыр түсті, Тағдыр басқа салған соң қиын істі. Мәзүлім адал жандар күнәсі жоқ, Түсірді мұндай күйге құдірет күшті. Жүгірді алға қарай тездей басып, Неғылсын енді аял көп тұрысты. Қараңғы түн қауіпті қалың орман, Мұнда бар жыртқыш аңдар, аю, қабылан. Бір қорқып, бір қуанып, бірде жылап, Батыр қыздар келеді әзір аман. Байғұс қыздар келеді әзір аман, Белгі жоқ әлдеқалай алғы заман. Қасқыр ұлып, арыстан ақырады, Не ылаж құтыларға бар ма шараң. Сақтаймыз қайткенде де жанымызды, Мына ит қалмақ кетірді-ау сәнімізді. Азат бас ит қалмаққа күң болғанша, Жыртқыштар аң мейлі жесін тәнімізді» Деген ойға кірісті Гүлсім ару, Мұндайда оңай бола ма ақыл табу. Аңдармен бір айқасып өлетұғын Ең болмаса қолда жоқ тұтам қару. Біледі бет алысы шығыс жақта, Қыздар ойы бөлінді екі жаққа. Бірі қалмақ, біреуі жыртқыш аңдар, Бір Құдай пәк жандарды өзің сақта. Шығыстан таң білініп келе жатыр, Тура жол жаппаған соң жылайды ақыр. Гүлсім айтты: «Сүрлеуден біз шығайық, Боламыз қалмақ қуса тағы тақыр». Тоғайға тағы кірді екі киік, Бұл түннен аман қалды Құдай иіп. Жеміс-жидек теріп жеп, ауқат алып, Отырысты аз ғана есін жиып. Жол тауып жүру қиын мына қаудан, Бітеу ағаш, шытырман орман, баудан. Болар іс болған шығар не қиын, Әлі де қауіптенді артқы жаудан. Әрең жүріп аз ғана жерге келді, Неғұрлым ну орманға кіре берді. Күндіз жатып бекініп бұл орманға, Бет алып кеште ашыққа шықпақ енді. Күн шығып, сәске түстің кезі болды, Салқын самал есті оңды-солды. Көңілдері жайланып біраз ғана, Дұшманнан құтылғандай енді сезді. Кеш түсіп екіндіге еңкейді күн, Бір жылдай көрініп тұр келер бір түн. Осы түннен арулар аман қалса, Ертең бұлар еліне жетуі шын. Қайшаға айтты Гүлсім: «Қыз, жүрелік біз, Жаратқаннан жаралып тіленіппіз. Алдымызда бір биік тау көрінеді, Соған шығып бет алып түзеліппіз. Жарықта біз шығалық сол бір тауға, Тірлікте кемшілік жоқ дені сауға. Ел жақтан әлденелер көрінбес пе, Кезіге біз қоймаймыз енді жауға». Екеуі тауға шықты қарауылдап, Бүргеннен бой асырмай жер бауырлап. Желді асу көз ұшында көрініп тұр, Асуға да таяпты Құдай оңдап. Күн бата екі қыз жүрді тағы, Ақыры жеңері хақ істің ағы. Орманнан ауашалап бұлар кетті Жайлау шеті Күреңсе, Ақжабағы. Жайлауы бұл қыздардың Ақжабағы, Енді ашылды жабырқау қыз қабағы. Қасиетті туған жер қандай ыстық Бұлар енді көңілді бәз баяғы. Тынық түн, жадыраңқы мөлдір аспан, Сансыз жұлдыз көк жүзі жымыңдасқан. Самал жел тербетіп алуан гүлді, Секілді көп ғашықтар қойындасқан. Көксінген көз жеткісіз кербез дала, Үн қатқан тек өзендер сай мен сала. Көк көде, бетегені сипай басып, Екі ару жүріп келед баяу ғана. Күміс бұлақ сықылдап қаққан таңдай, Иісті гүл қыздарға нұр шашқандай. Таң сызып, Шолпан ару құттықтады, Әріптес қос құрбысын қарсы алғандай. Жүріп келіп таң ата демалысты. Қарын да ашып, шаршады жол алыс-ты. Қарады күн шыққан соң төңірекке, Енді білді тау, өзен, көзтанысты. Қуанды қыз байғұстар енді абайлап, Тағы шықты тұрғуға жер баяулап. Дәу де болса бір белгі көрінбес пе, Деп көз салды маңайға енді жайлап. Көз ұшы бір қашықта мал көрінді, Мал соңында бір атты жан көрінді. Сол аттыға көрінген тура тартып, Сұрайық десті енді ауыл жөнді. Таудан түсіп жүрді солай [қарай], Оңдады іс ақырын Патша Құдай. Бұлар келіп жолықса әлгі адамға, Әкесінің қойшысы шал Тоқымтай. Шал байғұс аттан түсе-ақ құрақ ұшты, «Қарақтарым, қызым» деп сүйіп-құшты. Атаға қыз байғұстар мұңын шағып, Сөйледі бастан-аяқ болған істі. – Бәрекелді, жарайсың қарақтарым, Қайырлы құтты болсын талаптарың. «Талаптыға нұр жауады» деген осы, Бір күнгідей болмады азаптарың. Қарақтарым, келдің бе есен-аман, Бастарыңа түсіпті ақырзаман. Жылаудан көз ашпай әке-шешең, Әйтсе де жүріп жатыр есен-аман. Тілеуім дұрыс екен Жаратқанға, Әуелі кезіктірді Құдай маған. Қойшысы Қали байдың Тоқымтай шал, Дәулеті көп Қалидың төрт түлік мал. Бір қара құнан қойды ерте өргізіп, Өріске жеткен екен басқа сәл. Гүлсім айтты: «Әй, ата, құлағың сал, Айтайын бір пайдалы іс мұны ұғып ал. Әкемізден сүйінші сіз сұраңыз, Аласыз Құдай берсе көптеген мал. Бақ қайтса патшаның қалар тағы, Құдай берсе қиысар ердің бағы. Қарызыңыз көп еді шықпай жүрген, Несібенің сіз үшін келді шағы. Әкем жомарт береді сізге көп мал, Жомарт адам айтпайды сізге әсте жал. Разы бола қойма аз нәрсеге, Неғұрлы ауызыңызды арырақ сал. Бағайық сіз келгенше малыңызды, Сақтады Құдай аман жанымды. Тездетіп көп кешікпей барыңыз сіз, Осы орнынан күтеміз тағы сізді». Жарлыға ақылды қыз ақыл тапты, Шал байғұсқа мына сөз майдай жақты. Енді Тоқаң тездете атқа қонып, Құйынперен ауылға шабу шапты. Көктен іздеп жүргенін жерден тауып, Шал байғұс оңай малды енді тапты. «Сүйінші, сүйінші» деп айғай салып, Шалекең бай үйіне түсе қапты. – Қуантып, бай-бәйбіше, келдім саған, Перзентің Гүлсім, Қайша келді аман. Қанағат қыла алмаймын аз нәрсеңді, Бересің мол сүйінші енді маған. Сүліктей байға шалың қадалады, Ойына Гүлсім айтқан сөзді алады. Молырақ мал байекең атай қалса, Мұнан оңай мал қайтып шал табады. Қалиға жылы тиді малдың сөзі, Бай-бәйбіше қуанар келді кезі. Әуелде сенер-сенбес болса дағы, Бөктірді бұлар жасқа екі көзді. Қуанды бай-бәйбіше мына сөзге, Бұларда ер бала жоқ қыздан өзге. Медеуі, таянағы осы екі қыз, Қуаныш ойға оралар көрер көзге. Бай айтты: «Боталарым келсе аман, Әкеп тұрсың қуаныш, Тоқа, маған. Екі гүлім, көз нұры немді аяйын, Елу қой, он бес қара бердім саған». Қосар атпен қыздарға бұлар шапты, Төтелей тура жолды шал босатты. Екі аралық көп онша алыс емес, Аз жүріп қыздарға да келіп қапты. Бұларды даяр атқа мінгізді енді, Тездете ауылына жүргізді енді. Бір күн жыртқан киімін шешіп тастап, Торғын, торқа киімдер кигізді енді. Осылай ауылына қыздар келді, Қуантты алыс-жақын барлық елді. Айырылып үміт үзген қыздарынан, Көрісіп ата-анасы жылайды екен. ұмытты бастан кешкен көп бейнетті, Ақыры мақсатына бұлар жетті. Көркіне ақылы сай Гүлсім ару Осылай аман-есен елге жетті. Атасын анасымен қуандырды, Әке-шеше қуанып, көңілі тынды. Ақылынан ақымақты алдағанын Ақтарып түгел айтты барлық сырды. Ағайынды екі бай қылды тойды, Қайғыны көңілдегі түгел жойды. Бата беріп, қол жайып ақсақалдар, Қуаныш деп жайлауға бір ат қойды. Екі бай елін жиып, бата алыпты, Көнекөз қариядан сөз қалыпты. Бұрын жайлау Мыңбұлақ атанса да, Бұл күнде Қуаныш деп аталыпты. Шалға да мал түсіпті тосын ғайып, Шал байғұс та лезде қалды байып. Құдай да берер малы жоқ өз жанынан Біреудікін біреуге берді аударып. Сұм дүние бірде алай, бірде бұлай, Әртүрлі жан жаратқан Патша Құдай. Аталған Гүлсім, Қайша қыз жөнінде, Тыңдаушым, әңгіменің жайы осылай. Жарамас артық сөйлеп көп сөз сатқан, Аспағаным жөн болар мөлшер шақтан. Ар-намыс, ұят-арын таза сақтап, Екі ару құтылыпты көп қалмақтан. Енді екі қызға екі азамат күзетші қойған, Сараңжақ қалмақтан сөз тыңдаңыздар. Шығады, сөз болмаса, өлең қайдан, Қарасөзде табылмас тым оңайдан. Тағы да бір азырақ сөз қозғайын, Төсегін сап жатқызған қыздар жайдан. Орнынан ерте оянды сұм Сараңжақ, Жатуға еркін ұйықтап шыдамай дат. Көңілі бір сұмдықты сезгендей-ақ, Түнімен ой ойланып көңілге жат. Қыздар жоқ, төсегінде орны жатыр, Күзетті екі қалмақ ұйықтап жатыр. Екеуін екі теуіп оятып ап, Терісіне сыймай тұр мына кәпір. Тықыршып тоқтай алмай бетін тілді, Күйіп-пісіп сандалды бейне жынды. Бақырып, тепкілеп жүр әлгі екеуін, Құдайдың шын атқанын енді білді. – Иттер-ау, қасыңдағы қыздар қайда, Алтынымнан айырылдым... Масқара мені қылған сен екеуің, Құртайын сені иттерді салып найза. Өртеніп, қара басып, күйіп-пісті, Далада жеке батыр болды күшті. Қолынан онан басқа не келеді, Болғаны сол булықты ашу қысты. Қаражүрек екеуге найза салды, Өлтіріп, шаншып, шауып, өшін алды. Күшті жаудан кек салған қас батырдай Анадай жерге барып демін алды. Қалмақтар енді түгел атқа мінді, ұялмай-ақ іздеді келген жерді. Есекдәме бет алды қара дүрсін, Қарап жүр дәмеленіп оңды-солды. Жарандар, енді иттерге қыздар қайда, Арам ойдан тапты ма бұлар пайда. Қыздар жоқ жасырынбақ ойнап жүрген, Тауып ал деп жататын сол маңдайда. Осылай жер соқтырған есті Гүлсім, Бұл ақылсыздың ісі емес қара дүрсін. Ақылды қыз ақымақты алдап соғып, Тойын тойлап болғанын қайдан білсін. Ант ұрған Сараңжақты қара басты, Ақ пен қара майданға араласты. Арамзаның құйрығы тұтам болып, Ақ жеңіп адалдыққа есік ашты. Қаңғыртты қара ниет арам терді, Жазасын Сараңжақтың қыздар берді. Қыздар қолға түспесін қалмақ біліп, Еліне енді тартып жүре берді. Байырға көп жылқы алған қалмақ келді, Бәрі жылап, шуласып пірін көрді. Айрылып екі бірдей мырзамыздан Басымызға іс түсті қиын деді. Жалбарынып бас ұрып жылап келді, Көл-көсір көз жастарын бұлап келді. Кім білсін, әлде өтірік, әлде шын ба, Құлдық ұра бас қойып құлап келді. – Тыңда, тақсыр, айталық сөзімізді, Сеніңіз жаспен жудық көзімізді. Екі мырза қалды әйтеуір бұрқан сақтап, Он бір қазақ жайратты көбімізді. Ішінде біреуі бар ерен күшті, Басымызға қиындық сонан түсті. Қос мырзамен адам қалды, Айталық, тақсыр, сізге болған істі. Даусы зор бір нәрсесі тағы да бар, Осыдан екі мырза тапты ажал. Өмірде бұл пәлені біз көрмедік, Тіл тартқызбай өлтіреді әлгі тажал. Ей, тақсырым, не екенін біз білмедік, Өмірде бұл пәлені біз көрмедік. Сол тажалдан мырзалар кегін алып, Күл талқан қып ұсатып тепкіледік. – Тұрыңдар, – деді Байыр, – көтер басты, Бекер жалған жылайсың көп албасты. Шындықты сезіп-ақ тұр сұрқия сұм, Тездетіп келер сөзге араласты. Ақырып ұрысқан болды құлдарына, Әйтейі құлақ салмады шындарына. Әкелген көп жылқыны көзбен шалып, Пәлендей қайғырған жоқ ұлдарына. – Өтірік, Қайран менің ұлым, – деді, Сөз тыңдаңдар, жиналған құлым, – деді. Жылқыны түгел айдап жылқыма қос, Қазақтан ұлдарға салған құным, – деді. Беріңдер бір жүз жылқы Марқалдайға, Ақылшым, ол туысым осындайда. Алатын жүз жылқыны жөн мұныкі, Қосып жүр ақыл, кеңес көп орайда. Көп құлдар, бұйырамын сөзімді тос, Басқа малды бұлжытпай жылқыма қос. Басың аман қалғаны сендерге олжа, Мал берер деп әуре болмаңдар бос. Соңғы он үште түкті жасты, Батыбайыр оған да араласты. Қолдағы тұтқын қыздан айырып, Байырға кетпестей қып таңба басты. Бұларға осыны айтып жала жапты, Бір пәлені он үшке тағы тапты. Әуелден-ақ ойлаған ойы бөлек, Сондықтан аямады діні қатты. Өлтіріпті бұл он үшті дарға асты, Жендеттері кескілеп қанын шашты. Ішінде Сараңжоқ та бірге кетті, Жазықсыз жолдасына қылған қасты. Тындырып барлық ісін болды Байыр, Мол дүнияға молықты ұлан-ғайыр. Қатыгез, қаныпезер мына залым, Қылмады кедейлерге титтей қайыр. Қазына, малға Байырдың көңілі тоқ, Жауыздың ойлағаны дүние боқ. Қаншасы өліп, қаншасы аман келді, Деп те батыр еш жаннан сұраған жоқ. Жазықсыз көп кедейді орға жықты, Болыпты заманында Байыр мықты. Ары-бері жолда өлген, соғыста өлген, Кедейлердің жартысы қырылыпты. Сөйлесем мен Ниязбек сөзім даяр, ұрпағым артқа қалған жұртқа жаяр. Келтірді әуелі ой есебіне, Батыбайыр, Марқалдай екі ғаяр. Іске асқандай көрінді сұрқия сыр, Шындықтан шалғай кеткен сөз емес бұл. Аман келгенге дейді енді байқап, Ақылы табылды деп күлісіп жүр. Сейілтті көңілдегі күдік кірді, Кедейден қауіп жоғын енді білді. Той жасап, екі үйлі жан кең сарайға Өлең айтып, шуылдап, итше үрді. Бір күнгіде күндігін үре тұрсын, Бірер жыл екі залым өмір сүрсін. Ер мырза басын кесіп қанжыға, Байлайтынын бұл иттер қайдан білсін. Тәңірім, өзің медет бұл тіл мен жаққа, Әңгіме тағы кетер көп ұзаққа. Бұлар шат боп көңілі жата берсін, Енді әңгіме ойыссын қазақ жаққа. Тыңдаңдар, сөз кезегін қазақ жақтан, Бекер-ді бұл сөз емес артық мақтан. Ежелден қазақ елі сырт дұшманға Ауытқып айнымаған бірлік саптан. Қазағым ержүректі батыр халқым, Бірлесу жауға деген сенің салтың. Қиын-қыстау басыңа іс түскенде, Сабырмен талай тостың істің артын. Жайлаудан ел етекке келіп түсті, Кешіріп бастарынан мынау істі. Көңілсіздеу оралды ел етекке, Беймаза ала көңіл болды екі ұшты. Қанатынан айырылып күйзелді ел, Қол-аяғы кесіліп сынағандай бел. Шайқалды бір мезгілде ел ырысы, Кенеттен жайпап кетті бір жойқын сел. Төгілді бейғам жатқан ел ырысы, Тарылғандай боп қалды ел тынысы. Кейі толық болса да, кейі жарлы, Бола қалды бір мезгіл елдің іші. Ел келді мекеніне сондай халде, Жайғасты қонысына жарлы бай да. Біреуі егін жинаса, біреуі шөбін, Тарасты шаруа қуып әрбір жайға. Кімде-кім тіршілігін істеп кетті, Бас қосу қиын болды бұл орайда. Жақсы ат та жоқ мініске бұрынғыдай, Мырзаш та сапарынан жүр оралмай. Түре барып кек қайтару Әзірше бола алмай тұр халыққа оңай. Күз де биыл суытып ерте түсті, Қазанның қара дауылы неден қысты. Түгелдей ел жиылып бас қоса алмай, Кейінге қалдырды істі, бұл жұмысты. Маңырақ сауыр жауын қылау шалды, Күтін деп белгі беріп қыс таянды. Жан-жақты ел жұмысын қамти алмай, Қалмаққа кек қайтару жазға қалды. Ел күзеуден қыстауға жүгін салды, Қыстау жұртқа жұрт түгел ыңғайланды. Жыл маусым жылдағыдан өзгеше боп, Қара жол бір үзілмей мазаны алды. Ел жайғасты қыстауға түгел тамам, Қыс қамына кірісті әрбір адам. Қарашада қар биыл басып салды, Басынын-ақ биыл қыс түрі жаман. Ай сайын арта түсті аязды ызғар, Боран соғып, мезгілсіз жауды кеп қар. Үскірік жел батыстан бетті қарып, Бір ашық күн болмады көңілге алар. Басталды арық-тұрақ малдан шығын, Қырсық шалып болмады шөпте жұғым. Қаңтар мен үштің айы бет қаратпай, Күн-күн сайын асырды зәрлі ызғарын. Берекесі қалмады таудың тағы, Тым болмаса шөп бермей күнгей жағы. «Көтерем, – деп, – күн сайын, көтерем деп», Иесінің зықысы кетті тағы. Көмілді қалың қар мен жылға, сайлар, Айдады шөп бар жерге малын байлар. Ортаға қосын тігіп көп малшылар, Бір жылдай боп көрінді бірер айлар. Қар қазып, көде жұлды кейбір кедей, Аз малын жұртқа берді ішпей-жемей. Қасқыр да маңырақты қаптап кетті, Малды қырып адамды жүр елемей. Қар теуіп жей алмайтын сиыр малы, Ең әуелі азайды мұның саны. Бұта, бүрген, қараған басын шалып, Тебін мал да әзер жүр шықпай жаны. Ел күйзеліп, жұрт жүрді аш-аламан, Мал қырылып ақсүйек болды жаман. Қызылаяқ, қатты қыс, қалың қасқыр, Арт-артынан кез болды бәрі тамам. Көкек те мамырменен қыс болып тұр, Маңырақтан күн қызу сөнгендей нұр. Бұл құт тау Маңырақ болып жаралғалы, Ешқандай бұрын-соңды болмаған сыр. Сөз қалдырған бабалар әрбір сырдан, Әр тұрмыстан алынып болған шыннан. «Баяғыда-ақ тышқан жұты бопты» Деп артқыға осы сөз содан қалған. Мал қырылып ақ сүйек жұтаған жұт, Айырылған ел ырыстан жартылай құт. Байды басып, кедейді жаншып кетті, Көлденеңнен бір апат келіп суыт. Баяулап келді маусым әсем көктем, Аңсаған жайдары жаз елді күткен. Жадырап жомарт көктем келді шуақ, Жоғалып қырсықты қыс әлек еткен. Әсем жаз жадырады шуақ жеңіп, Маужырап жер көгеріп, аспан төніп. Әсем жаз ел аңсаған келді оралап, Күн санап сала берді дала кеңіп. Түрленіп жердің беті көрсетті наз, Жан-жануар қыбырлап болды енді мәз. Серпілді естен кетпес зұлмат көшіп, Орнына қайта оралды ырысты жаз. Сайрандап сауық құрып жыл құстары, Тыраулап тырналары, үйрек пен қаз. Жаймашуақ жадырап, жұрт масайрап, Теңелгендей боп қалды көп пенен аз. Ел тойынды, аң шығып, пейілі кеңіп, Азабын ауыр қыстың енді жеңіп. Ел келді тағы ежелгі берекеге, Барлары жоқтарына сауын беріп. Көктем шығып, артынан шілде жетті, Жайлау қамы ойлатты қалың көпті. Шаруалар қойма қойып дайындалып, Ел жайлауға шығатын мезгіл жетті. Ел шықты жайлауына бұрынғыдай, Жеке қоныс әр ру мекенге орай. Кең жайлау, гүл, балауса, мөлдір бұлақ, Жаңа жұрт шалғыны тұр жапырылмай. Қасиетті туған жер кіндік кескен, Іңгәлап кеп шаранам сенде кеткен. Тұра бер аз сәніңмен мәңгі осылай, Кіндік қаным төгілген атамекен. Рулар қонысына тарап қонды, Жайғасып кең жайлауға көңіл толды. Төртуыл, саниязбен екі рулы ел, Қонысып мекен-жұртқа түгел болды. Басшысы санияздың Шотан төре, Өзі сұлтан тағы да дара төбе. Екі руға бір кеңес ашпақ болды Былтырғы қалмақ алған көп мал жөнде. Хабар салды елбасы, батыр, ерге, Төртуыл, санияз бен қалың елге. Сойысқа мал дайындап, үй тігілді, Қазіргі Кеңестекше деген жерге. Қаз-қатар аппақ үйлер сап түзеді, Айдындалып көп үйлер көз сүзеді. Кілем, кілше жайылып көрпе-жастық, Даярлап түзетіпті кілең төрді. Кеңеске шақырылды сұлтан, бектер, Батыр, бағлан, ақылгөй, асыл тектер. Жиылып түгел келді ел жақсысы, Ісімен елге адал көрінгендер. Ел жиылып болған соң Шотан төре, Сөз сабақтап сөйледі көпке бере: – Көп ақылы көл деген, – деді, – жұртым, Қиын түйін шешілер көппен бірге. Айтатын сөзім, жұртым, көпке лайық, Кеңесіп көп ойланып, зер салайық. Тыныш жатқан бұл елді қалмақ шапты, Бір шешімін айтыңдар, көп халайық. Қан төгіп, малды айдап, елді шапты, Ел күйзеліп, дұшманнан қасірет тартты. Жазығы жоқ еді ғой нақақ жұрттың, Жау келіп нақақ елді неге шапты? Уа, жұртым, әділеттен танамыз ба, Дұшман салған отына жанамыз ба? Бұл елді олжалатып сырт дұшманға, Тып-тыныш жатып мүлде қаламыз ба?! Кеңесіп бір ақылға келеміз бе, Тәңір салған бір іс деп көнеміз бе? Адам қанын малменен мүлде кешіп, Кетсін деп дұшманға ерік береміз бе?! Қандай кеңес бересің бұған, халық, Сөзім теріс болса егер қызынбалық. Ел жақсысы, бір жауап айтыңыздар, Жөндесек келелі іске зейін салып. Тәлкекке қашан көнген қазақ елі, Көз жіберсе өткенге сонау бері. Ел намысын қорғайтын, батырларым, Не жауап айтасыңдар, елдің ері? Батыр Мырзаш, ел ері, асқар белім, Ел намысын қорғайтын сенің жөнің. Еліңді жау кеп шауып қырғындатты, Батырым, осы ма еді сенің теңің? Сен едің алға ұстаған асқар белім, Қандай ақыл бересің, сабаз ерім? Нақақ қан ел жинаған адал малға, Көп жандар төкпеп пе еді маңдай терін? Сөз бітіп Шотан төре демін алды, Жағалай көп халыққа көзін салды. Анадай жерден тұрып жайлап басып, Шотанның қарсы алдына Мырзаш барды. – Ана бар ғой, алдияр төрем, – деді, Сабырмен іс ақырын көрем, – деді. Өзі келіп соқтыққан ит дұшманның, Асықпаса жазасын берем, – деді. Осылай әуел Мырзаш жауап берді, Бекер деп кім айта алсын Мырзаш ерді. – Іс болса басқа тағы өздерің біл, Есмұқамбет сұлтанмын, төрем, – деді. Мырзаш сөзін Садырбай, Сары қостап, Ер ерлерін жетелеп кетті бастап. Біреулердің артынан біреу шығып, Ел кегі деген дауыс кетті қаптап. Екі күнге созылды осы кеңес, Қарсы келген болмады ешбір егес. Екі рулы бас қосқан осы жиын, Бекерге келіскені түгел тегіс. Екі сұлтан бірлесіп, ел кеңесті, Кеңесіп бұл күрделі істі шешті. Барар қолға ер Мырзаш басшы болып, Жеті жүз сарбаз бұған барсын десті. Жұрт разы бұған да келіседі, Берекесі қазақтың төл ісі еді. «Ақтаймыз ел намысын, – деп, – батырлар», Жиналған жұртқа уағда беріседі. Садырбай, Сарылар да болды жүрмек, Мырзашпен алдағы істі бірге көрмек. Бұлар дағы сайланды қолбасыға, Мырзаштың ұйғаруы емес дүрмек. Ел тарасып, сұлтан мен билер қалды, Жалпақ елге түгелдей хабар салды. Бейсенбі алтыншы күн алғы сәтке, Жүрмек болып қалмаққа дайындалды. Қазақтағы ой бөлсек ескі заңға, Қалдырар берекесі бізді таңға. Ақ ту бие жылқыдан әкеп сойып, Қолдарын малысыпты қызыл қанға. Қалмасын айтылатын сөз кезегі, Бұ да бір сөз айтатын келген кезі. Не болса да ақыры мына жолдың, Шықпаймыз берекеден деген сөзі. Шотанның ордасына қол жиылды, Ағылып әр жайлаудан кеп құйылды. Жақсы ат, бес қарумен жарақтанған, Сарбаздарға көрген көз ел сүйінді. Бес күнде сарбаз келіп тамам болды, Кеңестекше толықсып елге толды. Кемпір-шал, аға-бауыр, қыз-келіншек Қош айтысып, шығарып салмақ болды. Ордаға бір күн сарбаз қонақ болмақ, Тілеу тілеп, бата алып аялдамақ. Ертең ерте бейсенбі кіші жұма Азан айтып, шығарып жолға салмақ. Осылай сарбаз бүгін қонақ болды, Ен дәулет самал жайлау көңіл толды. Кемпір-шал, қыз-келіншек сарбаздарға Қош айтысып, сүйісті оңды-солды. Шығыстан қылаң беріп таң да атты, Шотан тұрып төсектен дәрет те алды. Сарбаздардың сапарға шығу шарты – Айғайлап жеті мәрте азан тартты. Енді сарбаздар ел-жұрт, ата-ана, құрбы-құрдас, аға-бауыр тағы сол сияқты кейбір сарбаздар сүйікті жарларына қош айтысып, енді оң сапар тілеп, қалың қол оңтүстікті бетке алып жолға түсті. Аттанып ерлер елінен, Енді жолға түседі. Сарыарқаның саңлағы Жеті жүз үш кісі еді. Алдияр ұлы ер Мырзаш Терең ойлы, сабырлы, Зерек тағы жершіл де, Тиянақты кісі еді. Аспай-саспай көп қолдың Сәт сапар тілеп бұл жолдың, Садырбай, Сары ерлер боп, Алдына қолдың түседі. Деңгейлес жасы батырлар Үшеуі де ер еді. Сәті түссе бұл сапар, Жазасын қалмақтың береді. «Он сұм қалмақ қайда деп, Қолға ұстар кезі найза» деп, Жөнеп кетіп барады. Будақ-будақ шаң қалды, Көлденең қалыс жан қалды Туып өткен ел қалды, Кіндік кескен жер қалды, Асқар тау, айдын көл қалды, Қарай-қарай артында. Көз талдырып ел қалды, Жігіті кетіп қыз қалды. Ой соқты көңіл сызданды, Айрылысып лажсыз, Кей жүрек суып мұзданды. Біреудің аға-інісі, Біреудің апа-сіңілісі, Біреудің әке-шешесі, Біреудің құрдас тетесі, Тоқтата алмай көңілін, Қарт ата мен аналар Артынан тілеп зарланды. Тыныш жатқан елді бүлдіріп, Ел шауып, кісі өлтіріп, Дүрліктіріп ел-жұртты, Ит қалмақ салды бұл заңды. «Ізденген итке сұраған», – Деп қазақ мұны қолға алды. Есе алуға дұшманнан, Бірлесіп қазақ қозғалды. Жайлаудан түсті қалың қол, Беталыс енді түзелді. Құдайым берсе егер жол, Тамыздың ыстық аптабы Аңызақ ыстық бет шалды. Жан-жануар шыдамай, Күндіз жатып демалып, Түнгі жүріс басталды. Асусыз асқар таулармен, Қалың орман баулармен, Ағынды өзен көлдермен, Сар дала шексіз шөлдермен Көптен күндер жол жүрді, Қиын жол артта көп қалды. Сарыеміл деген өзенге Бұлар келіп жайғасып, Екі күн жатып дем алып, Ілгері қол жүреді. Қараңғы айсыз түндерде, Бұлтты жаңбыр күндерде Қия баспай бағыттан, Мырзаш бастап келеді. Алдында тұр биік тау, Таудың аты – Орқышар, Бұған да жетіп келеді. Қараңғы түнде жол тауып, Бұдан да өтіп төнеді. Асуы қиын бұл таудың Ор-ылдиы көп еді. Жершіл сабаз ер Мырзаш Қиынды қиын демеді. Қандай қиын жол болса, Саусақтай санап біледі. Бұл таудан өтіп, жол шегіп, Манас деген өзенге Қос тігіп бір күн түнеді. Атқа қонып ертелеп, Бұлар тағы жүреді. Талай күн, талай түн жүріп, Ашық та жабық күн жүріп, Қиын қыстау жол жүріп, Аз емес тағы мол жүріп, Он сұм қалмақ елінің Шетіне келіп кіреді. Ордасына Байырдың Енді күндік жер қалды. Сарбаздарға ақыл сап, Сабырлы батыр ер Мырзаш Келешек іске зер салды. – Ана бар ғой, батырлар, Аз ғана кеңес ақыл бар. Іс қылайық кең ойлап, Дос-жаран, туыс-жақындар. Ел шеті жаудың бұл беті, Бізге болсын Алла жар. Кеңесейік аз ғана, Әркім де қандай ақыл бар? Мынау бір істі ойласып, Келді кез енді мақұлдар. Сөзіме зейін қойыңдар, Батырлар, сарбаз, халайық, Біз қарақшы ұры емес, Әділет біздің ісіміз, Бұған да бір ой салайық. Сондықтан да, батырлар, Бітім сұрап Байырдан, Қарызынан құтылып, Жіберіп елші алайық. Қандай жауап береді, Аңлысын аңлап қарайық. Әділетке келмесе, Бітімге тура көнбесе, Нақақ шапқан көп малды ықтиярша бермесе, Ойранды сонда салайық. Мақұл болса бұл сөзіме, Әуелі жөнге келейік. Бітімге қалмақ келе алмас, Дұрысқа Байыр көне алмас. Қалмасын қапы қалмақтар, Үш күн мұрша берейік. Түлкі жүнінен жеткізіп, Дегеніне келтіріп, Жазасын сонан берейік. Осы сөзге баршасы Мақұлдасып көнеді. Бірлесе түсіп тағы да, Мұның теріс демеді. Ер Садыр бастық он сарбаз Дайын болып сол жерде, Батырға тартып төнеді. Батыбайыр ордасы Жайыртаудың бөктері, Балдыркөл деген жер еді. Бірер күн жүріп ер Садыр, Ордасына Байырдың Сонда жетіп келеді. Ордаға кірді ер Садыр Қару-жарақ асынып. Тайсалмады Байырдан Мүлгіп-шұлғып бас ұрып. Батыл тұрып сөйледі Алдына тіке қалт тұрып. Сонда Садырбай батырдың қалмақтың ханы Батыбайырға айтқан сөзі дейді: – Он сұм қалмақ сұлтаны сіз бе, – дейді, Әзірше бізден күдер үзбе, – дейді. Затым қазақ болады, атым – Садыр, Бітім сұрай біз келдік сізге, – дейді. Жіберді Мырзаш батыр мені мұнда, Сұлтан болсаң, әділет сөзді тыңда. Бітім жасап, ісіміз мал қайтару, Қан төгуге келмедік тағы мұнда. Деді Мырзаш: «Тыныш бітім жөнге келсін, Қазақтан нақақ шапқан малды берсін. Егер теріс айналса бұл оң сөзге, Бітімсіз іс кез болады, оған сенсін. Келмесе бұл бітімге дайындалсын, Үш күн мұрса береміз есін алсын. Біз қарақшы емеспіз ел шабатын, Нақақ шауып сіздердей мал табатын. Мұны, мырза, ұғып қой қазақ халқы, Арманына жеткізіп іс қылатын. Жалпақ елді қырғындап мал алмаймыз, Әйтсе де күнәліні аямаймыз. Өз малымызды аламыз өзің шапқан, Бейуаз нақақ елді таламаймыз». Естіді Батыбайыр мына сөзді, Бір сұмдықтың боларын іші сезді. Әйтсе де сыр бермеді бір сазарып, Амалсыз іштей күтті келер кезді. – Сен, қазақ, баса көктеп кепсің мұнда, Айтайын мен сөзімді жақсы тыңда. Мен емес сені шапқан қалың кедей, Нені іздеп кеп тұрсың маған мұнда?! Қазағым, дұрыс тыңдап құлағың сал, Бітім керек болса егер, кедейден ал. Малдарыңды жиямын көп кедейден, Дәл өзімнен бермеймін бірде-бір мал. Тойтармақ болды осылай Садыр ерді, Садыр да сөз төркінен байқап көрді. – Айтысуға сенімен келгенім жоқ, – Деп Садыр қайта айналып тұра берді. Мырзашқа Садыр сонда қайтып келді, Байырдың бар жауабын айтып келді. – Өзіне Байыр сұмның шаң жуытпай, Бар пәлені кедейге төкті, – деді. Үш күннен соң орнынан қозғалды қол, Уағдалы күн бітіп кесімді жол. Бет түзеп Батыбайыр Балдыркөлге, Келе жатыр қалың қол айдыны мол. Қалмақтар да үш күнде дайын болды, Бай, манап, мырзалардан алған қолды. Ішбір кедей ықтияр емес бұған, Жиылу кедейден қол қиын болды. Осылай дайындалып қолын жиды, Кедей жағы шықпауға шын түйінді. Он сұмның ең алдыңғы ауқаттысы Болды көрмек не болса мына күйді. Құралды бұлар дағы талай санға, Байыр да хабар сапты түгел маңға. Қолбасы, батырлары бәрінде бар Ат құйрығы туларын алды қолға. Екі қол бір-біріне қарсы жүрді, Өзі байқап жұрт көрер болса мінді. Бес қаруын қамданып қолына алған, Батырлары таңдаулы алға жүрді. Арасы екі қолдың жақындады, Жекеге шығатындар мақұлданды. Ажал жетіп кім өледі, кімдер қалып, Бір қайғы, бір қуаныш жақындады. Түйіспей екі жағы таяу келіп, Ажалдыға сұм тағдыр келді төніп. Тоқтады екі жақта сәл кідіріп, Жекпе-жек дауыс жетер жерге келіп. Қалмақтың қолбасшысы Марқалдай, Байыр да туын ұстап тұр анадай. Ең батыр деген ұлы өз қасында Көкжан деген сұм екен қасқа маңдай. Сәті түссе, болады жігіт жолы, Жекеге дайындалды Мырзаш қолы. Іс түйіні келді енді шешілетін, Жұлдыздың туар мезгіл оң мен солы. Қазақтан жекпе-жекке Садыр шықты, Ер еді көп сын алған дара мықты. Айғайлап «жекпе-жек» деп ортаға кеп, Қалмақтарға зер сала көзін тікті. Ағындатып бір қалмақ келді шауып, Сәндеген көк жорға атын кілем жауып. Бір мырза солқылдаған сері селтек, Менменсіп қылар емес ешбір қауіп. Келе сала Садырға найза салды, Кезек беріп алмады кезек тағы. Бір шаншумен жоқ қылам деген шығар, Садыр да қалқан тұтып тұра қалды. Садыр салды қолына алмас қылыш, Ашуланды мына итке қайнады күш. – Ей, жауыз, кезек қайда, жеке қайда, – Деді, – ақымақ, тым жолсыз бұл қандай іс? Қайқы қара аспанға көтерілді, Көк желкеден балуан қол келтіре ұрды. Бас домалап денеден жерге түсіп, Арам дене жалп етіп аттан ұшты. Көк жорға бір кісінеп, кейін қайтты, Иесіне ақырғы қошын айтты. «Жекпе-жек» тағы Садыр айғай салып, Келсін деп дәмелілер ұран тартты. Бір қалмақ тағы шықты топтан дара, Садырға тұра тартты көпті жара. Қасына Садырдың кеп тоқтай қалды, Қомпылдап бір нәрсе деп жүзіқара. – Өлтірдің бауырымды, қазақ, – деді, Орнатайын басыңа тозақ, – деді. Кезекпенен әуелі батыр болсаң, Ажалды көрсетейін кәззап, – деді. Ер Садыр күш беріп қарап тұрды, Сұм кәпір шоқпарменен Садырды ұрды. Десе де қолы қатты залым екен, ұлы дене аман қап, қалқан сынды. Ер Садыр сәл ойланып есін жиды, Шоқпары да мына иттің қатты тиді. – Ей, залым, енді кезек менікі, – деп, Қаһарлана бойына қайрат жиды. Найзаға сондай шебер Садыр батыр, Әдісі алуан түрлі толып жатыр. Астынан сол қолтықтың тіктей салып, Жіберді жаһаннамға жанын ақыр. Қорқырап аттан құлап түсті қалмақ, Жүректен найза тисе, қайда бармақ. Табанда жан тапсырды бұл ит тағы Қан жоса болып дене тармақ-тармақ. – Кері қайт, – деді Мырзаш Садыр ерді, Ту көтеріп айғайлап белгі берді. Сұңғыла Мырзаш батыр алыстан-ақ Ауыр жара денесін байқап көрді. Сары батыр Мырзашқа келді таяп, Байыппен сөзін айтты жақын жанап. – Рұқсат бер, жекеге мен барайын, Намыс үшін қала алман жанымды аяп. Жаным болсын арымның садақасы, Ер үшін құрбан болар ердің басы. Өлемін деп бармаймын ит дұшманға, Кек алу дұшманынан ер санасы. Деді Мырзаш: «Батырым, жолың болсын, Бұрынғы бабалардың жолын берсін! Сақ бол, дұшманға таба болма, Батырлық, ерлігіңді дұшман көрсін!» Жөнелді Сары батыр жеке жаққа, Бар Құдай, ел ерлерін өзің сақта. Ортаға кеп «жекпе-жек» айғай салды: – Кім барсың, тез шыққын, – деп, – жеке сапқа. Ат ойнатып, орғытты Сары батыр, Талайға бұ да салған заманақыр. Топ ішінен сытылып жеке дара, Бір қалмақ мол денелі келе жатыр. Сарының қасына кеп тұра қалды, Көтеріп бос мойнын қолына алды. Бұ дағы кезек беріп, кезек алмай, Өзінше бір тездікпен ұрып қалды. Сары да оңтайланып тұра қалды, Шоқпарын найзаменен қағып қалды. – Өлер жерің осы, – деп, – жауыз малғұн, – Жалаңаш өндіршектен найза салды. Жығылды омақаса жерді құшып, Қолынан қару-жарақ кетті түсіп. Денеге тиген найза түйрей өтіп, Тіл тартпастан құлады аттан ұшып. Бір қалмақ іле-шала тағы келді, – Кенже ұлымын Байырдың, білгін, – деді. Мен өлсем, кегімді алады ағаларым, Үш ағамнан қала алмас жаның, – деді. – Көп сөйлемей, малғұн, кезегіңді ал, Неге сөйлеп қыласың бекер жанжал. Бұрқаныңа жөнейсің қазір менен, Өлеріңде қазақты бір есіңе ал. Көтеріп айбалтасын қалмақ алды, «Бұрқан» деп бар дауысымен айғай салды. Айбалта айбат шегіп өзінше күшін жиып, Балтасын пәрменінше сілтеп қалды. Ер Сары әрі батыр, әрі айлашыл, Талай жауға түсірген жаумай жасын. Найзамен айбалтаны аспанға атты, Сарыға тең келе ме мұндай масыл. Найзамен көтеріп ап аспанға атты, Ағыны болат найза жайдан қатты. Қан жауып үсті-басын, омақаса, Сарының қарсы алдында сұлап жатты. Бір қалмақ дәмеленіп тағы келді, Сарыдан көресіні о да көрді. Жекпе-жек арт-артынан келгендерден Қалмақтан ажал қуып үшеу өлді. Белгімен Сары батыр кері қайтты, Мырзашқа баяндады болған жайтты. Қосқа кеп демін алып, сусын ішіп, Денеде жараларын ол байлатты. – Жекеге мен барам, – деп Сәлмен келді, Тіленіп келген ерді Мырзаш көрді. – Елім үшін жан қисам, арманым жоқ, Барайын, мені жібер жауға, – деді. Ортаға Сәлмен солға шыға салды, Сауыт киіп, қаруын қолына алды. Өлем деп жаудан қорыққан қазақта жоқ, Ат ойнатып ортаға тұра қалды. Дүниеден тағдыр жетсе кім қалады, Еркімен ажал сұмға кім барады. Белгісіз асау тағдыр қапылыста, Кенеттен бұғалығын кеп салады. Бір қалмақ келе жатыр таудай болып, Өртенген желді күнгі қаудай болып. Найзағайлы күндей-ақ күркірейді, Ашу қысқан кеудесі жерге талып. Байырдың үлкен ұлы Көкжан батыр, Батыр деп елге шыққан бұрын даңқы. Кедейді қойдай қырып, құл ұстаған, Халыққа кең тараған жаман аты. Басында дулығасы, қалқан, сауыт, Үйіндісі тас мола бір алпауыт. Тұла бойы түп-түгел қару-жарақ, Ойында жоқ жеңілем деген қауіп. Астында қара қасқа ат судай жорға, Алыпты көтергендей әрең зорға. Сары алтын ер тұрманы аппақ күміс Ер Сәлмен кезігіпті мұндай зорға. Сәлменнің дәл қасына келіп тұрды, Мысқылдап ер Сәлменге мойын бұрды. – Бала қазақ, не іздеп келдің мұнда, Үлкендерің жоқ па еді білер сырды? Көкжан батыр мен болам даңқым шыққан, Сендейлердің талайын жерге тыққан. Ала ғой кезегіңді, бала батыр, Әуел қам қып қарманып сенен бұқпан. Сәлмен де сөзге шыдап тұра алмады, Кез қылды бір Құдайым бейлі тарды. Қарудың бәрін тегіс жұмсасады, Көкжанға ешбір лаж қыла алмады. Сұм жауыз ер Сәлменге шоқпар ұрды, Ер үшін жан пида деп Сәлмен тұрды. Айла күші бұл иттің артық болып, Сәлмен ер жау қолынан жанын ұрды. Ағасы ер Сәлменнің Назар деген, Бұ да ер болды халықтың қамын жеген. Інісінің өлімі шыдатпады, Тәуекел іс ақырын көрдім деген. Қасына Көкжан сұмның тездеп барды, Сұрланған айдаһарға көзін салды. Тұрмады кезек күтіп енді Назар, Қос қолдап Көкжан итке найза салды. Дариға-ай, қарағай найза сабы сынды, Кез қылды ма бір тағдыр мұндай мінді. Найзасы дендей тиіп өтпесе де, Бір аздап жаралады кәпір сұмды. Сауыты жеті қабат мына залым, Күші басым бұл иттің сыры мәлім. Қанша қайрат қылса да дарыта алмай, Назардың енді болды көңлі жарым. Енді сайқал шоқпармен Назарды ұрды, Назар ер міз бақпастан қарап тұрды. Не керек айтып айтпай қайран сабаз, Шейіт боп Назар Хаққа мойын бұрды. Ерлер көп ерлігімен алған жүлде, Ел үшін құрбан қылған жанын мүлде. Өзі өлгенмен аты өлмей мәңгі қалып, Ел құрметпен атап жүр бұл күндерде. Көкжан ит көтеріліп сала берді, Ойқастап шаң көтеріп қара жерді. Мына сайқал мекерді жайғап салып, Менменсіп өр кеудесін көтерді енді. Ақырып айбат шегіп тұрып алды, – Қай қазақ келесің? – деп айғай салды. Қан жалаған найзасын шошаңдатып, Екіленіп еліріп сан қырланды. Мырзаш айтты: – Ана бар ғой, Садырбай, тыңда – деді, Өлуге келгеніміз жоқ мұнда, – деді. Мына итті дандайсытпай мен барайын, Сұмның үнін өшіріп мүлде, – деді. Жау десе ынжықтардың жаны тәтті, Намыссыз сұмырайға жау айбатты. Ел намысын ойлаған ердің ісі Мына екі ердің өлімі жанға батты. Алайын ердің кегін ит дұшманнан, Білемін мұның сырын әлдеқашан. Жөні шөңкі жау емес мұның өзі, Аты он сұм қалмаққа даңқы шыққан. Сондықтан бұл жауызға мен барайын, Жеңімпаз бабам туын қолға алайын. Аптыққан көңілін басып, жерге жастап, Жауыздан ердің кегін мен алайын. Соны айтып ақ құс атқа Мырзаш қонды, Тілесті көп сарбаздар сәтті жолды. Безбеннің екі басы ауытқып тұр, Айыру әзір қиын оң мен солды. Қалқан ұстап, үстіне сауыт киді, Алмас қылыш, айбалта қарына ілді. Ақ шашақ болат найза кесе ұстап, Осылай қарсы алмақшы анау жынды. Қамданды енді олай батыр Мырзаш, Ер ойласа ер қамын тағат қылмас. Ақ пейіл, ақ жарқын жүз сұрланды енді, Досына мейірімді, дұшманға қас. Ал енді Мырзаш батыр Садырбай, Сары батыр және барлық сарбаздарына мына сөзді тапсырды: «Бұл ұрыс кешіксе қорқып-саспаңдар. Құдай қаласа, бұл жауды мен құртам және шарт мынадай болсын: мұның артында тағы да жау жоқ дей алмаймын. Сендер мені шаршады деп абдырамаңдар. Менің өзімнен белгі болып, ту көтергенше, бір орыннан қозғалмаңдар. Жау жеңілгенде, олжаға қызықпаңдар. Менің олжа алмайтынымды өздерің білесіңдер. Менің олжам сол – осы сияқты иттердің басын шауып, бөлектеп, айдарын кесіп, қоржынға сала беріп, жалғыз қызым Шәкежанды ұзатқанда күміспен қосып, естіріп, жасауына берем, – деді, – менің бұл елден алатын олжам да, қызыма беретін жасауым да сол болады, – деп бұрынғы әдетінше жымиып бір күлді. Мырзаш осыны айтып Аққұс атын тебініп қап, жауға жөнеп берді. Алдиярдың ақсауыт Енді үстіне киеді. Жан жолдасы бес қару Қарына түгел іледі. «Жан едім, – деп, – мен нақақ», Пірлерден тілек тіледі. Есекең мінген ақ тұлпар Ер салып жайлап мінеді. Терісі түсіп ойына, Төбесі көкті тіреді. Түлкісі түсіп алдына, Жауына қарсы жүреді. Аққа Құдай жақ деген, Көңілін Хаққа тіреді. Айдаһар сынды дұшманнан Қайтпады Мырзаш жүрегі. Ақ тұлпарын қарғытып, Ойнақтатып орғытып, Уысына ұстап найзасын, Асырып жаудан айласын, Көкжан батыр дұшманның, Жетіп барды қасына Деді Мырзаш жауызға: – Тасыма, мырза, тасыма, Тасыған жетер басыңа. Аямай қамдан күшіңді, Келіп тұрмын қасыңа. Өнеріңді бір көрсет, Екен деп Мырзаш жасыма. Елім құрмет тұтатын Батыр Мырзаш мен, – дейді. Айлап, жылдап шет жүрсем Аңсап елім шөлдейді. Жау басынса мен жоқта, Оған да елім көнбейді. «Аман тұрса Мырзашым, – Дейді, – елім жауға бермейді». Мазағына дұшманның Ежелден қазақ көнбейді. Тегіңді сенің мен айтсам, Өзіңді-өзің хан қылған, Қарғыс алған еліңнен Қараниет, қанішер, Жексұрын Көкжан, сен, – дейді. Нақақ елді шабатын, Қарғыспен малды табатын, Қасқыр тектес хайуан, Қарақшы Көкжан сен, дейді. Сен бір залым, мен нақақ, Шық жекеге кел, дейді. Екі ерді жеңіп қапыда, Желікпе, мырза, сен, дейді. Желігіңді басайын, Қызығымды көр, дейді. Бердім кезек әуелі, Кезегіңді ал, дейді. Аямай жұмсап күшіңді, Армансыз болып қал, дейді. Екінші кезек менікі, Жазаңды сонда ал, дейді. Өзің жаққан отыңа Өзің түсіп жан, – дейді. Жауыз Көкжан ал енді ыңғайланып алады. Шыдамай Мырзаш сөзіне, Күйіп-жанып барады. Қос қолдап ұстап найзасын, Олай-бұлай орғытып, Бұрқандап ұран салады, Найза салар жерге кеп, Мырзашқа жанай қалады. Айбат шегіп ақырып, Жын соққандай бақырып, ұмтыла кеп екпіндеп, Мырзашқа найза салады. Төніп келген найзаны Мырзаш та қағып қалады. Қаһарын қанша төксе де, Дарыта алмай найзасын, Елірген көңілі басылып, Не болды маған дегендей, Ақтарыла қалады. Шоқпарын алып қолына, Ақырып тағы айғайлап, Жұмсады шоқпар оңды-сол. Қапаланып жынданды, Сәті түспей қанды қол. Қырсық шалып қисайды, Бұрынғы болмай сәтті жол. Аянбай малғұн жұмсады, Қалдырмай қару түгел мол. Төңірекке қарақтап, Екі көзі алақтап, Көбік атып аузынан, Түйедей еріні салақтап, Екі беті бүлкілдеп, Екі ұрты кезек жалақтап, Арсалаң қағып аптығып, Олай-бұлай қарақтап, Енді Көкжан Мырзаштың Әдісін байқап түңілді. Найзасын шаншып жерді ұрып, ұрысқандай жермен білінді. Қайсар белі бүрілді, Айласы, күші таусылып, Жігері құм боп үгілді. Көнбеске дұшман көнеді, Енді Көкжан ылажсыз Мырзашқа кезек береді. Жауар бұлттай түйіліп, Ақиық құстай шүйіліп, Дұшманға Мырзаш төнеді. Әдісшіл, шапшаң, қағылез, Дұшманға деген Мырзаштың Қимылы жедел әрі тез. Қоян-қолтық жанаса, Іштей кіріп енеді. Алпамсадай дұшманды Адамбысың демеді. Әзір сәті түспей тұр Қарсыласқан мына иттің Жазасын беру жөн еді. Бес қару түгел жұмсалды, Қаһарын төгіп ер Мырзаш Қайратын жиып құрсанды. Енді кезек қойылып, Алпарыс шайқас басталды. Екі шердің біреуі Ғұмыры кімнің аз қалды. Шартта-шұрт тиіп қарулар Қып-қызыл ұшқын шашады. Сақылдап күліп кәрі ажал, Тойымсыз аузын ашады. Өзі біліп аларын Иықтан зілдей басады. «Жарығың көрер сөнді» деп, Алдын орғып тосады. Бір уақыттар болғанда Көкжан сынды мырзаның ұнжырғасы босады. Опыр-топыр тұяқтан Қара жер шаң боп үгілді. Тірескен шайқас арпалыс, Аттардың белі бүгілді. Екі жақты көрген көз Қараудан да түңілді. Аянбай ұрыс салысып, Қолдары қалды қарысып. Тор көз сауыт тесіліп, Етке тиген жылы қан Денеге қалды жабысып. Бір уақыттар болғанда, Күн төбеден ауғанда Ерлігі Мырзаш асады. Бұлтты күндей түнеріп, Ағынды судай тасады. «Алдияр бабам, қолда» деп, Күшіне күш қосады. Сұмырай Көкжан жауыздың Еркіндей алдын тосады. Үздіксіз тиген шоқпардан ұсқыны жаудың қашады. Қарбалас кезде осындай, Ойлады Мырзаш бір істі. «Сәтін бер, – деп, – Құдайым», Ойлаған ойға кірісті. Көкжан Мырзаш мырзаның Ерінің қасын алдыңғы Шоқпармен ұрып сындырды. Сөкпеңдер, көп оқушым, Кетейін айтып бір мінді. Әдіске салып ер Мырзаш, Мұнан соң көп кешікпей, Істі тездеп тындырды. Жұқа шаптың арасы, ұятты жердің шамасы, Сәтін салса Құдайым, Кімнің бар бұған таласы. Салды найза жан жерден Алдияр бабам баласы. Түйрей шаншып көтеріп, Атынан енді құлатты. Қызыл ала қан қылып, Тасыған көңілін жер қылып, Көз алдын қазған көр қылып, Көзінің жасын көл қылып, «Ойбай, Бұрқан» дегізіп, Айтқанына келгізіп, Осылай аттан құлатты. Іргесі тозған дуалдай, ылдидан төмен сұлатты. Сұлатып қана қойған жоқ, Басын кесіп бөлектеп, Желкеден басып аяқпен, Айдарын кесіп түбінен, Мырзаны солай ұнатты. Жайратып болып жауызды, Дем алып біраз тынады. Алыпты жығып айбарлы, Құдайға шүкір қылады. Аз-кем мезгіл өткен соң, Мұратына жеткен соң, Атына тағы мінеді, Бүркіттей тірнек түледі. – Келгін, қалмақ, келгін, – деп, Іздесең ажал, өлгін, – деп, Ұран сала айғайлап, Аққұс атын орғытып, Олай-бұлай жүреді. Енді қалмақтар біраз ұйлығып тұрып қалды. Екі жақ өз орнына жайласты. Мырзаш жеңіл жараларын байлатып, толық дем алып, азанда тұрып, батырлар мен сарбаздарға: «Ана бар ғой достар, жекеге тағы өзім барам. Енді жекеге Батыбайырдың өзі шықса керек. Соны құртсақ, арты бізге онша қиын болмаса керек. Сіздер кешегі уағда бойынша тұрыңыздар», – деп сауытын киіп, қару-жарағын алып, дайындалады. Ал Батыбайыр қалмақтарға былай деді: «Бұл қазаққа мен барайын. Тұқымымды құртты. Ұлдарымның кегін алып, қазақтың басын кесіп, алдарыңа салайын», – деді. Тұрған бай, манап, зеңгі, сұлтандар Байырмен қоштасып, «бұрқан-бұрқан» десіп, жолға шығарып салды. Ендігі сөзді Мырзаш пен Байырдан естисіздер. Оқушым, тағы тыңдап көр, Батырлардың кезегін. Хан Байырға бұрайын, Шығарып жеке Мырзашпен Аз ғана кеңес құрайын. Іркілейін несіне Сөйлеуге болса сөз дайын. Ақ көңіл, адал ниетті Көрмесін пенде уайым. Тіл мен жаққа қуат бер, Жаратқан өзің Құдайым. Залым, сайқал, сұм Байыр Мырзашқа қарай шабады. Қап-қара болып долданып, Ашуы қысып, булығып, Алғандай өшін атынан Үсті-үстіне сабады. Ағындап келіп тоқтады Ер Мырзаштың қасына. Қаруларын оңтайлап, Қалқанын ұстап басына, Деді Байыр Мырзашқа: – Хан Байыр батыр мен болам, Түсірем қайғы басыңа. Тұқымымды сен құртып, Дәмеленіп тағы да Келіпсің менің қасыма. Кезегімді бересің, Қайратымды көресің, Құдайыңа иман айт, Тіл тартпай қазір өлесің. Сонда Мырзаш Байырға Ашулы көзбен қарады. Айдаһардай жалмауыз, Сөзі де өтіп барады. – Айтысуға келгем жоқ, Ісім әділ, көңілім тоқ. Малдың құлы сен малғұн, Жүрегіңе қап-қара Мен басайын қызыл шоқ. Ордалы жылан басшысы, Сұм айдаһар жалмауыз, Жақсы келдің қасыма. Өлетін жерің сен иттің Балдырлыкөлдің жағасы. Бұрынғыдай бұл көлдің Саған жетпес панасы. Көрнеу келген ажалың Батыр Мырзаш мен болам Алдиярдың баласы. Қазақты қашан жеңіп ең, Өткеніңе көз салып, Алды-артыңа қарашы. Сөзіңді тоқтат, жалмауыз, Кезегіңді алып, кезек бер, Сені қысқан арам тер. Сал күшіңді қимылда, Кезегім менің келгенде, Батырым, сонда шыдап көр! Сонда Байыр қамданып, Көтеріп әуел найзасын, ышқына келіп ұмтылды. Найзасын қадап Мырзашқа, Қайраттана бұлқынды. Шау тартқан дене қайткенмен Икемге келмей іркілді. Көрмеді қару пайдасын, Қанша ұрып шапса да, Дарыта алмай Мырзашқа, Тауысты ақыл-айласын. Кезекке енді көнеді, Мырзашқа кезек береді. Әзірейілдей жан алғыш Байырға Мырзаш төнеді. Талғамды батыр сабырлы, Ақылы жаудың табылды. Асырды Мырзаш айланы, Көтеріп қолын қалғанда Тездікпенен ер Мырзаш Тақыр қолтық астынан Күштеп салды найзаны. «Өлер жерің осы деп, Қолқа жүрек тұсы» деп, Итере түсті найзаны. Іле түйреп найзамен, Көтеріп аттан алады. Үсті-басын қан жауып, Есеңгіреп есі ауып, Басына түсіп зор қауіп, Ойбайын салып бақырып, «Не болдым» деп аһ ұрып, Жаны шығып барады. Табанда мұны өлтірмей, Сұлатып жерге салады. «Тіріде көрсін жауыз» деп, Тағы да басып желкеден, Айдарын кесіп алады. Арқан жіпше шумақтап, Қоржынға жайлап салады. Жерге жастап жайлады, Домалатып оңды-сол. Өлтірмей тірі байлады, Күнәсін алып мойнына. Көп алдында тік тұрып, Берсін деп жауап ойлады. Қол-аяғын байлатып, Бір сарбазға айдатып, «Табыс қыл, – деп, – көп қолға», Бітіріп ісін жайлады. Жеке-жеке қалмақтар, Шықпады енді Мырзашқа. Сүйеніш болған хан, сұлтан, Пірлерінен айырылып, Көздері толды қан жасқа. Үкіртай, зеңгі, мырзалар, Байырға мәңгі қош айтты Жемтіктес, жауыз, сырласқа. Енді Мырзаш еріңіз Ақ ту алды қолына. Көтеріп туды жоғары, Шайқады оң мен солына. Кейінгі батыр сарбазға Осылай белгі береді. Уағда еткен белгіні Бұлар да байқап көреді. Көре сала белгіні, Садырбай, Сары батырлар Әуелі шапты Мырзашқа: – Сауға, батыр, сауға, – деп, Құдайға шүкір, тәуба, – деп, Аман қалып дұшманнан, Кетпеді есең жауға деп. Қуанысып батырлар Құшақтасып сүйісті. Шет елде жүріп ел үшін, Батырлар солай қиысты. Ат қойды сарбаз барлығы Жеңіліп қашқан қалмаққа. Қайыра соғып алды-артын, Садақ оғын боратып, ұран сала айғайлап, Талайын аттан құлатып, Аямады жандарын Ел кегін жаудан алмаққа. Тіресу енді қиын-ды Беті қайтқан бұл жауға. Шыдамады қалмақтар ұрандай тиген салмаққа. Қоян-қолтық шайқаста Өрттей тиіп үш батыр, Төбе-төбе өліктер Қалмақтан көптеп қалыпты. Бірір жар шейіт сарбаздан Жәннатқа тура барыпты. Қаптаған қалың айқастан Жапан, түз тозаң, шаң болды. Алыстан көрген жандарға Қайран қалар таң болды. Өлгені өліп, тірісі Жан сауғалау заң болды. Тыңдағын, жұртым, осылай, Ақиқат түбі оңалды. Шыдамай ақыр көп қалмақ, Быт-шыт болып тозғындап, Тау-тасқа кіріп жоғалды. Енді Мырзаш батыр сарбаздармен бас қосып, біраз кеңес құрды: «Енді бізге қарсы шығатын жау құрыды. Екі-үш түрлі міндетіміз бар. Мұны естеріңе салайын. Әуелі мына ел үшін шейіт болған үш сарбазды бір қабырға жерлеп, кейін бұларға арнап басына күмбез орнатамыз. Екінші, мына байлаудағы Батыбайырдың дәл өзіне қараған қанша мал және қанша алтын-күміс қазынасы бар. Соның шынын айтқызып, бұл жауыздың басын шабамыз. Үшінші, халықтың мал-мүлік, дүниесіне ешбір қиянат жасамаймыз. Қашып кеткен Марқалдайды қайткен күнде тауып, жазасын беріп құртамыз. Ордалы жыланнан жалғыз сол ғана қалды. Сонымен, мұнда үш күн демалып, сонан соң Байырдың ордасына жол тартып, елге қайтқанша сол бір орында боламыз, – деп Мырзаш сөзін бітірді. Ал енді аз сөз кезегін, Байырға тағы берейік. Арамнан жиған дәулетін, Бұрынғы байлық сәулетін Біраз сөйлеп берейік. Жалықпа, достар, аз ғана, Әңгіме болсын бұ дағы Бір өзінің басында. Төрт түлік малдың есебін Жекелеп теріп көрейік. Қайырымсыз бопты кедейге, Кедейлер малға зар екен. Жамандықтан қашпаған, Жақсылыққа баспаған, Арамдықпен көз ашқан Бейілі сұмның тар екен. Сүліктей сорып жарлыны, Зарлықпен жиған мал екен. Дүниеқоңыз, бақ құмар, Азғындаған жан екен. Қой, сиыр, түйе жетерлік, Сізге өтірік, маған шын. Құлан, киік, сәйгүлік, Тек жылқының өзінен Он бес мың жылқы бар екен. Жүздеп сандап ұстаған Құлдары да болыпты. Алтын-күміс есепсіз Пұлдары да болыпты. Сарайын әсем салдырып, Кегін жұрттан алдырып, Ен дәулетке молықты. Аранын ашқан айдаһар Қанағат қылмай осыны, Тыныш жатқан бейуаз Салыпты жорық қазаққа Қанды балақ жорықты. Асқанға тосқан дегендей, Асып барып төгіліп, Мынадай күйге жолықты. Байлауда жатқан Байырдың Көңілі қара жер болды. Үмітін үзіп жанынан, Көзінің жасы көл болды. Ендігі сөз Байырдан Жауап алу жөн болды. Әлсіреп жатқан Байырдың Келді Мырзаш қасына. – Сөйле, – деді Байырға, – Ажал төнді басыңа. Қоштаса алмай кеттің сен Марқалдай сынды досыңа. Тізе қосып екеуің, Нақақ шауып елімді, Талай нақақ қан іштің. Қарғысына жолықтың Бейуаз, нақақ, ақ істің. Айтып бер түгел барлығын: Қазына қайда, мал қайда? Айтпасаң шынды біліп қой, Рақым жоқ мұндайда. Шындыққа енді келгейсің, Маңызы зор бұл істің Ақыры осымен бітеді, Сен жасаған қылмыстың. Осылайша Мырзаекең, Барлық сырды Байырға Айтқызып түгел алады. Қапыда кеткен ерлерін Мырзаш ойлап жанады. Тікесінен тұрғызып, Мойнын солға бұрғызып, Бір сарбазға бұйырып, Батыбайыр мырзаның Басын шауып алады. Құрт-қоңызға жем болып, Далада дене қалады. Осыменен сұм Байыр Бұрқанына қош айтып, Орындалып болады. Жайратып салып Байырды, Батырлар, сарбаз бас қосып, Жайланып көңіл тынады. Жоғарғы жауды жеңген соң, Кемелге батыр келген соң, Шүкірін жасап Құдайға, Байырдан қырып мал сойып, Ойын-сауық құрады. Өлең, қалжың, әзіл сөз, Әңгіме-дүкен құрады. Балдырлыкөлдің жағасын Үш-төрт күн мекен қылады. Ендігі сөз ордаға Жүруге мойын бұрады. Осы бір мезгіл ішінде Түс таныс емес бөгдеден Түсі жылы бір адам Мырзаштан сауға сұрады. Қайырлы болсын көп айтып, Аз әңгіме құрады. Егделеу тартқан адамның Мырзаш та атын сұрады. Аз отырып дәм татып, Аман-саулық сұрасып, Разы-қош айтысып, Еліне мойын бұрады. Әңгіменің жалғасын Ниязбек тағы бастасын. Арамдықтан аулақ боп, Адалдықты қостасын. Кезекті сөз тұрғанда, Сөз алып шеттен қоспасын. Қата да болар көп сөзде Оқып көрген, халайық, Артығын алып тастасын. Алға аттап тағы көрейік, Кезекті сөзді терейік. Адасқанша жекелеп, Көп соңынан ерейік. Қызыл тілде сүйек жоқ, Дұшманның тілі қызыл шоқ. Әділеттен тойғызып, Алдаған бізді дүние боқ. Болған істі сөйлесем, Кім айта алар кездейсоқ. Жалықпай тыңда, халайық, Соңына сөздің барайық. Сөз келсе еркін көмейге, Сөйлемей неге қалайық. Елден елге тараған Уақиға болса бұл сөзім, Қорынып неден қалайық. Барарына бардырып, Құлақтың құршын қандырып, Аяқтап істі тындырып, Қуантып досты күлдіріп, Дұшманның көңілін сындырып, Көне сөзді көмілген Асықпай ойлап табайық. Шама келсе, ескіні ұрпағы үшін жарыққа Бір шығарып ойлайық. Ата-баба ерлігін Артта қалған ұрпақтың Құлағына салайық. Халықтан теріп ескі сөз, Ақиқатты жақтай кеп, Маржандай тізіп санайық. Керексіз сөзді қалдырып, Керектісін алайық. Арындай шауып асқақтап, Төгіліп асып таспайық. Ал енді сонда ауыр қол Ордаға қарай жол жүрді. Бас-аяғы құралып, Аз ғана емес мол жүрді. Байырдан мол алмаққа Кедей-кепшік қосылып, Жол-жөнекей ел жүрді. Жалаңаш, кедей, ғаріппен, Аш-арықпен кем жүрді. Қорлық көрген Байырдан Құл-құтан, малай, кем жүрді. Мүсәпір, міскін, кем-кетік Кет десе де кетпеді. Төтелей жүріп жол түзеп, Жәйір тауын шеттеді. Жақын болды алыс жол, Екпіндей жүріп келеді, Аяңдамай желеді. Көңілді ерлер екпіні Ебіден соққан жел еді. Қайдасың деп көпшілік Қалың қол жөнеп келеді. ұлытаудың бөктері Белес бұйрат белі бар, Өзен, су, дария, көлі бар. Байыр сарай салдырған Көкшілік деген жері бар. Жол бастайтын төтелей Сарбаздың Мырзаш ері бар. Жау десе ақыл табатын, Жай тасындай жанатын, Көңілге медеу асқар тау, Қайыспайтын белі бар. Енді бұлар төтелеп, Көкшілікті кесе өтіп, Қарабура таудан өтеді. Бастаушы болса ер Мырзаш, Жолы да кіріс төте еді. Көрінді сарай қарасы, Бәрі де түгел көңілді, Ішінде жоқ аласы. Бағы ашылса пенденің, Адамның болмас таласы. Күн еңкейген мезгіл ед, Кіші бесін шамасы. Көкшіліктің дариясы Көлденең түсе кетіпті. Суы таяз дариядан Бұлар тегіс өтіпті. Бір күн, бір түн жол жүріп, Ордасына Байырдың Бұлар сонда жетіпті. Еңкейіп күн батады, Сарғайып таң атады. Қоршап алып сарайды Күзет қылып маңайды, Ауқаттанып ас ішіп, Көңілді толық дем алып, Көңілдері орнығып, Бір жеті бұлар жатады. Мерзім уақыт болған соң Мырзаш Садырбай, Сары батырлармен ақылдасып былай деді: «Ана бар ғой, ерлерім, анада біз соғыс майданы болған Жиделікөлдің жағасында жатқанда, орта жастағы бір адам келіп қайырлы сапар тілеп, «қазақты шабудан бас тарттың деп Марқалдай жалғыз ұл туысқан інімді бауыздап өлтірді» деп жылап, мұңын айтып еді ғой. Ұмытпасам аты Бадынжап болар. Жүрегі таза, көңілі ақ адам еді. Біз енді сол кісіні тауып, жол басшыға алып, қашқан Марқалдайды құртсақ, сонымен ордалы жылан, айдаһардың ұрқы құриды, – деді. Бұлар енді елден сұрастырып, сол Бадынжапты тауып алды. Бұл кісі бұл істі қуана қарсы алды. Сонымен Бадынжапқа жол бастатып, Мырзаш пен Сары батыр Бадынжап үшеуі қашқынды іздеп, жолға шықты. Артқы қолда Садырбай батыр қалды. Жол тартты сонда үш адам Қараүңгір тауын бетке алып. Алда келед Бадынжап Ақ ниет, адал бір қалып. Тауға келіп кіреді, Аңысын аңлап біледі. Басшы болған Бадынжап Осы таудың пірі еді. Өзі ізшіл, зерек жан, Қара жерден із кескен Тау сырын жетік біледі. Көрініп тұр биік тау, Тым алыс емес, ол таяу. Биікті осы бетке ала, Алға қарай жүреді. Аз ойланып Бадынжап, Бір ақылды табады. Туып-өскен өз жері Үңқұр-шұңқыр, бүкпесін Бес саусақтай санады. Сонда тұрып Бадекең Батырлармен кеңесті. «Кезбейік тек көп тауды», Тиісті жерін іздесті. Тағы да тұрып Бадынжап Ерлерге ақыл салады: – Биікке анау біз шықсақ, Сыры ашылып Қараүңгір, Табан асты қалады. Көрінген осы биік құз Сайқын деген шың екен. Ақылы кемел Бадынжап Жүріске де тың екен. Зор денелі бұл адам Он екі мүше түгел сау. – Табылып қалар сол маңнан Біз іздеген жалмауыз, Кәрі айдаһар, залым жау. Мейірімсіз, қан құмар Қалмаққа бүтін ата жау, – Деді осылай Бадынжап, Жаралы жүрек, шерлі жан Үні шығып тым баяу. Бұлар енді тік өрлеп, Әлгі тауға барады. Көтеріліп шың-құзға, Бекінед деген жерлерін Ақылға салып байыппен, Көз жіберіп жан-жаққа, Сай-салаға қарады. Шыңға бұлар шыққанда, Басқа таулар төмендеп, Аласарып қалады. Сонау жыныс шатқалдан Баяулап шыққан түтінді Көздері сонда шолады. Бадынжап айтты ерлерге: – Осы түтін әсте де Бекер болмас, көр, деді. Өйткені бұл иен тау – Жабайы аңдар мекені. Қашқан-пысқан болмаса, Жан баспайтын жер, деді. Ендігі жолдың бағытын Батырлар, маған бер, деді. Оғынан садақ сақ болып, Соңымнан менің ер, деді. Күлкі үйіріп жүзіне, Қызығымды көр, деді. Сол түтіннің деңгейін «Аюлышат» дер сол жағын. Басы тұйық бұл шаттың Аузында бар жалғыз жол, деді. Қашатын болса ол залым, Жалғыз-ақ жолы сол, деді. Тұрғыға сонау барайық, Жалғыз жолды алайық. Ойланайық, батырлар, Ақылға салып қарайық. Айласын тауып әккінің, Басына қайғы салайық, – Деп Бадынжап зерек жан Ілгері тағы жүреді. Тұрғыдан түсіп ойланып, Тұсына таяп келеді. Бір тұрғыдан бақылап, Онан да гөрі жақындап, Шатырын сұм Қалдайдың Анықтап бұлар көреді. «Қанішер сені таптым» деп, Көңілденіп Бадынжап, Бір мырс етіп күледі. Ақылы ердің досы екен, Аспабы түздің мосы екен. Жан сауғалап сұм Қалдай Бекінген жері осы екен. Түсе беріс ылдиды, Шығатын кезең ор еді. Болмағанда Бадынжап, Табуы қиын жер еді. Тік түсіп құз-қиядан Келіп қалған бұларды Қалдай да байқап көреді. Айбат шегіп бұл ит те, Садақтан тебе жаудырып, Біраз байқап көреді. Анадайдан Мырзаш ер: – Қаруыңды таста, деп, лажың жоқ басқа, – деп, Айғайлап хабар береді. Айғайға-айғай қосып, Тауда қостап ереді. Шыдамай дәті Қалдайдың, Үміт қылып жанынан, Атына міне қашады. Басатын жолы біреу-ақ, Бұлар бұрын жолды алған Алдын орай тосады. Қайтерін енді біле алмай, Жан шыға қорқып сасады. Мырзаш батыр орғытып, Алдын кесе тосады. Аққұс атын қарғытып, Атына қамшы басады. Әудем жерге жібермей, Албастыдай басады. Жанасалап жанай кеп, «Сен итке қару осы» деп. Қапсыра ұстап желкеден, Жұлып алып атынан, Анадай жерге тастады. – Ойбай, Бұрқан, өлдім, деп, Жанымды саған бердім, – деп, Өкіре жылап сұм Қалдай, Айқайға зарлы басады. Жылағанға қоймады, Жалынғанға болмады. Тілерсектен іліп ап, Жоғары қарай асады. Жолбарыс соққан еліктей Далалатып ойнады. Ақырғы жауды жайратып, Еңбегі ердің жанады. Қызылға түскен бүркіттей Көңілі өсіп батырың, Жан-жағына қарады. Алдында жатқан Қалдайдың Тұла бойын қан жауып, Жаны да шығып барады. «Тірідей көрсін көзі» деп, Желкеден баса тізерлеп, Айдарын кесіп алады. «Сенімен болсын жетеу» деп, Езу тартып жымиып, Қоржынға жайлап салады. Ашу қысып кектенсе, Ерлердің ісі қиын-ды. Көңілі өсіп Мырзаекең, Пірлеріне сыйынды. Қасында тұрған Сарыға: – Шап басын, – деп бұйырды. Сонда мұндай абыройдың иесі болған Бадынжап: «Батырлар, дат сауға, – деді. – Бұл айдаһарды жаны шықпай тұрғанда енді маған беріңіздер. Аз да болса балам мен інімнің кегін алып, тірідей етінен ет кесіп, азаптап өлтірейін», – деді. Батырлар Бадынжаптың тілегін орындады. Бадынжап батырларға кепті, дейді, Байыппен сөз сөйледі епті дейді. – Маған бер, батырларым, мына жауды, Ақырын мен көрейін, – депті дейді. Сауғалап, батырларым, сұрағаным, Он сұмға бұл жауыздың сыры мәлім. Мұны жақтар бір жан жоқ бүтін елді, Талай нақақ қан ішкен осы залым. Бұл жауыз талай қанды төгіп еді, Талайға у заһарын егіп еді. Көзінің тірісінде бір көрініп, Алайын бір азырақ кегімді енді. Қалдайды Бадынжапқа береді енді, Батырлар разы боп көнеді енді. Жас толған екі көзге мәзүлім жан Қалдайдың дәл қасына келеді енді. – Ей, залым, қалың қалай жатырмысың, Ойыңа түсті ме енді өткен ісің. Кешегі кедейлерді қойша қырған, Батырым, бүгін қайда өткем ісің? Айдаһар, жатырмысың қаныңды ішіп, Өртеген өз отыңа өзің түсіп. Қанішер, қаражүрек, мейірімсіз, Енді кім қалар саған ара түсіп. Ойладың ба, қанқұмар, өлеріңді, Мұндай істі алдыңда көреріңді. Жалғыз ұл мен бауырымды сен бауыздап, Қанқұмарлық көрсеттің өнеріңді. Қалайша, қайтіп төктің нақақ қанды, Екеуі емес сен қырдың көптеп жанды. Қандыауыз, қаражүрек, сұм айдаһар, Қызыл қанмен бүркедің атар таңды. Қайтып қиып өлтірдің жалғыз ұлды, Неге нақақ зарлаттың мендей мұңды. Нақақ қан жібермеді ақыр сені Қан бүркеп келіп ең әділ шынды. Арамсың қалың елге, Қалдай залым, Ежелден жалпақ жұртқа ісің мәлім. Батыбайыр екеуің тізе қосып, Қамкөңіл қып кетірдің елдің сәнін. Қалдырдың ерді өлтіріп жесір тұлды, Сен нақақ бауыздадың талай құлды. Тойымсыз қу нәпсіңді еркіндетіп, Жесірлерді қатын ғып көңілің тынды. Туадан жамандықпен көзіңді аштың, Жамандыққа еркіңше араластың. Арамдықтың белгісі бұл емес пе, Бір баспана таба алмай елден қаштың. Қарғыс айтты жасырмай жер де саған, Жем қылсын деп денеңді құзғын таған. Тірлігіңде күнәңді тартқызсын деп, Қолыма жер де берді сені маған. Қасына сұм Қалдайдың таяп келді, Кек кернеп тұла бойын келіп төнді. Жалғыз ұлын ойлаған бұл шерлі жан Көз жасын тоқта алмай жылай берді. Қолына қылыш алып келді таяу, Кек қысты көңілінде жоқ мұны енді аяу. Ойына түсе берді бала бауыр Жүрек жанып, іш өрт боп, көңіл қаяу. – Жалмауыз, саған деген жазам дайын, Сен итті құп тамаша мен қылайын. Тіріде бір тоймаған екі көзді, Ойып ап шанағына құм құяйын, – Деді де екі көзін ойып алды, Етін кесіп, терісін сойып алды. Тірі қорлық азаптың бәрін жасап, Сұққылап әлденеше қанжар салды. Боялды қызыл қанға Қалдай сонда, Бақырған дауысы кетті оң мен солға. Тірі қорлық, азаптың бәрін көріп, Сұм жауыз ұзақ сапар түсті жолға. Бадынжап ит Қалдайдан алды кегін, Жазықсыз соқтыққан жоқ бекер тегін. Аз болса да көңілі бір ортайып, Төрт-бес қадам жер жүріп алды демін. Қалдайдың басын Сары шапты бөлек, Болған істің анығын айтсақ керек. Қалған дене оңалып тұрғаны жоқ, Бадаекең оны қылған бөлек-бөлек. Тіліме медет бергін, Хақ Тағалам, Сөйлеген сөз жалғасын келсе шамам. Айдаһардың тұқымы, тыңдаған жұрт, Қалдаймен біржолата бітті тамам. Енді бұлар қалың орман ішінде тұрған Қалдайдың шатырына қарай аяңдады. Бұлар сонда шатырға келеді енді, Үрейленген төрт жанды көреді енді. Екі жас қыз, тағы да бір бойжеткен, Бірі ханым Қалдайдың Меңке еді. Ойыстырсам жаңалап сөз ыңғайын, Сөз тізбегі жалғасып болар дайын. Екі жас қыз, бір қатын тұра тұрсын, Бойжеткеннен азырақ сөз қозғайын. Дәдима бойжеткен қыз аты дейді, Періштедей жаралған заты дейді. Қыпша бел, бұлаң бөксе, кең жауырын, Үш жаңа туған айдай қасы дейді. Анардай албыраған ақша беті, Бір қараған жігіттің болған дерті. Алма мойын, ақ тамақ, бір бота көз Адамды таң қалдырар нұр келбеті. Оймақ ауыз, маржандай аппақ тісі, Жарасқан сұлулыққа әрбір ісі. Дариға-ай, көрер көзге бір міні жоқ, Арманы жоқ мұны алған ер жынысы. Ақ саусақтар салалы, жұмыр білек, Арайлы ұзын кірпік, сәби иек. Сыйып тұр бар сұлулық осы қызға, Жөні кеп айтарлықтай тілге тиек. Қос анар төсіндегі көркін ашқан, Әсем жүзі гауһардай сәуле шашқан. Бір қарасаң, жүрегің жаралы боп, Бір дертке тап боларсың өзің тапқан. Келтіріп әсерлесем сөз ыңғайын, Сөз етсем сұлулықтың барлық жайын. Таба алсам сұлулықтың алуан түрін Сыйып тұр осы қызға түгел дайын. Тағы бір сұлулықтың ашқан түрін, Қап-қара жерде жатыр екі бұрым. Қарақат екі көзі жаутаң қағып, Адамның ұрлағандай ішкі сырын. Бұл қызға арнай берсем көп сөз дайын, Аударайын әуелгі сөз ыңғайын. Күрсіндіріп, жастардың көңілін бұзып, Көп мақтап Дәдиманы неғылайын. Түздегі енді бітті мына жұмыс, Батырлар да алыпты біраз тыныс. Килікті сөзіміздің арасына Ойда-жоқта көлденең мына бір іс. Қызға кеп қырындады батыр Сары, Шыдам, сабыр қалмады одан ары. «Батыр аңғал» деген сөз әлде рас па, Өңмеңдеп құрып барад ынтазары. Телміріп қызға қарап көзін сүзді, Айырылып ар-ұяттан көңіл бұзды. Қасына Мырзаш егер болмағанда, Бас салғысы келіп тұр Сары қызды. Сарының тым-ақ қызға көңілі түсті, Құдайға тапсырғандай алдағы істі. Арқасынан сипалап, қолын ұстап, Ғашықтықтың белгісі арта түсті. Сонда Мырзаш Сарыға былай деді: – Мұныңа разы болсын Құдай, – деді. Не көрінді өзіңе осыншалық, Тәртіпсіздік іс қылма бұлай, – деді. Жаным-ау, мынауың не, Сары батыр, Далада кезіп жүрміз құлан тақыр. Құдайдан тілегің бар, басың да жас, Мына ісің салтымыздан ары жатыр. Сары батыр, билікті берсең маған, Айтайын ақыл сөзді, жаным, саған. Қамкөңіл қасіретте тұрған қызды, Иектеп не көрінді, Сары, саған? Ойласаң қыздың көңілі қазір баяу, Түсірме қыз көңіліне титтей қаяу. Қылмысты бұл қыз емес, әкесі ғой, Салтымызда тағы бар аруды аяу. Сондықтан қолыңды тарт тұтқын қыздан, Қайырымды бабалар салтын бұзбан. Өзің қазір қайдасың білемісің, Батырым, ұят болар мынау жұрттан. Келін бар өз үйіңде, о да бір қыз, Дәмі бірдей ауызға татылған тұз. «Өлімнен ұят күшті» деген бар ғой, Ләжі үшін ұятқа қалмайық біз, – Деп Сарыға Мырзаекең осыны айтты, Ақыл қып алды-арттағы болар жайды. Айыбын Сары батыр мойнына алып, Бұ дағы райынан тездеп қайтты. Сөйлейін келер сөздің мәні-жайын, ұзартып артық сөзді неғылайын. Керектісін ішінен тере жазып, Бұларды енді ордаға қайтарайын. Бұлар енді ордаға кейін қайтты, Баяндайын алдағы келер жайтты. Біреуге біреу сор боп тиген Қараүңгір дұғай сәлем елге айтты. Адал еңбек ел көркі алғы талап, Ер еңбегін ел білер мыңға балап. Көз алдында Қалдайды итке тастап, Қатын-қыздар келеді о да жылап. Бұлар енді ордаға келді жетіп, Сапарына қайырлы шүкір етіп. Қарсы алды ер Садырбай сарбаздармен Асығыспен отырған бұлар күтіп. Мәре-сәре қарқ болды бұлар сонда, Бар Құдай, ел ерлерін өзің оңда. Бас-аяғы құралып бір бүтін боп, Көңілдері шат болды тағы сонда. Осылай басын қосты түгел жиып, Бірлік болса келелі іс несі қиын? Батыбайыр, Марқалдай мал мен мүлкі, Кедейлердің үлесі алтын бұйым. Тағы бар жаңа сұлтан сайлау ісі, Әділ адам, кең пейіл ел ырысы. Жемкер, жегіш, қанішер бәрі бітті, Кеңігендей бір болды ел тынысы. Ел жиылып, кеңесіп, қосты басты, Қамтыды үлкен жиын кәрі-жасты. Көп ұйғарып Бадынжап сұлтан болып, Тапсырып жұрт беріпті тәжі тасты. Бадынжап сұлтан болып алды қолды, Шабарлар хабарлады оң мен солды. Батыбайыр, Қалдайдың мал мен мүлікін, Үлестіріп кедейге бермек болды. Күн шығып, сахараның атты таңы, Қыбырлап елге толды орда таңы. Біреулерді жылатып, біреулерді Жырғатып шаттандырған өмір заңы. Ашынған аш-аламан қалың кедей, Тұс-тұстан лек-легімен түсті үдей. Шер көкірек, кектенген кемтар, нашар, Жосылды орда жаққа көшкен елдей. Бұрайын бір азырақ сөздің ырқын, Адамды алдап-арбаған дүние, шіркін. Әңгіменің алдағы келер сөзін, Біраз жырлар айтайын тыңда, жұртым. Өзгеріс өңі айналған сөзімде жоқ, Дерексіз жоқ сөз құрау өзімде жоқ. Бабалардан ұрпаққа сөз қалдырсам, Басқа даңқ, абырой керегі жоқ. Өлеңнен жырға аударып, Жырлағым келсе, жыр дайын. Артық кетіп орынсыз, Сөз кестесін бұзбайын. Кезекті сөз кеп қалса, Жырламай тағы тұрмайын. Батыбайыр, Қалдайдың Елден шапқан мал-мүлкі Немен тынды ақыры, Тыңдасаңдар, жарандар, Соны аз ғана жырлайын. Ел ерінен кешегі Бұл уақиға жазғаным. Көнеден артқа қалған сөз Жоқты бар ғып жазбадым. Жүндей сабап жел сөзді, Қалыптан асып озбадым. Шыға алмай қалған жарыққа Бабалар даңқын қозғадым. Арамдық пен адалдық, Алшақ жатыр арасы. Сырты бірдей адамның Бәрін адам деу қиын, Адамның бар ғой данасы. Данасы емен адамның, Мен де бір адам баласы. Елін қорғап өтіпті Мырзаш батыр еріңіз, Алдиярдың баласы. Әділетті шеше алмас, Адамға біткен мол дәулет – Мал мен мүлік бағасы. Бадынжап сұлтан болғаны Түгел разы болыпты, Он сұм қалмақ баласы. Пендеге Құдай бақ берсе, Адамның болмас таласы. Тарқады енді жазылып, Қалың кедей, нашардың Кек қысқан жүрек жарасы. Жиылып халық келіпті, Сұлтанын жаңа көріпті. Қызылмен ұры сұлтанын Ордадан орын беріпті. Мөрлерін басып зеңгілер, Мейзамға жаңа көніпті. Жоқ-жітікті тізімдеп, Арызға құлақ салады. Түпшін Байыр, Қалқамен, Шедінжап, Маңғыт төрт адам Ақылшы сайлап алады. Осындай игі жолдармен Орнығып мейзам қалады. Көпті көрген көне адам Ақылды солай табады. Енді Мырзаш бастатқан Садырбай, Сары батырлар Құтты болсын айтысып, Сарайда түгел бас қосып, Құшақтасып, сертесіп, Достасып бұлар қалады. Ақылдасып, келісіп, Алдағы істің мән-жайын Қолдарына алады. Тақыр кедей тізімін Алып қолға санады. «Жиылсын, – деп, – ордаға», Тағы да хабар салады. Алдау емес бұрынғы, Шындыққа кедей қанады. Жедел жүріп көп шабар, Тұс-тұс жаққа шабады. Көңілге алған күдікті Бұлар тамам жайыпты. Үкірдай, зеңгі, билер бар, Батырлар, тағы сарбаздар, Бадынжап сұлтан той жасап, Шақырып түгел жиыпты. Осылай жасап үлкен той, Аямай малды сойыпты. Ойын-сауық, думанмен, Қымыз бенен көкірді Аралас ішіп тойыпты. Қаңғырып жүрген көп иттер Қарсы шығып мастанып, Ет жеуді де қойыпты. Күшіген топты қарақұс, Құзғын, қарға ала түс. Қорек алып тойғанша, Аспандай ұшып кетіпті. Байыр мен Қалдай дәулеті Адамды былай қойғанда, Төрт аяқты хайуан, Қос қанатты құстар мен Бәріне түгел жетіпті. Еңбексіз жиған дәулеттің Осылай, жұртым, шашылып, Берекесі кетіпті. Тыңдасаң сөзді, халайық, Осындай заман өтіпті. Анығырақ сөйлесек, Ен дәулеттің қызығын Бадынжап та көріпті. Өз жанынан Құдайдың Берер малы жоқ деген. Залымның малын момынға Аударып солай беріпті. Бәрін айт та бірін айт, Көп сөздің түйін нәрін айт. Кедей түгел жиылып, Ордаға түгел келіпті. Орданың маңын шаң басып, Дауылдай толқын ойнады. Ентелеген қалың жұрт Құмырсқадай қайнады. Біреуге біреу қосылды, Ой мен қыры жайдағы. Тұрмысы өте нашарлап, Тізімге түгел алынды. Береке бұзбай көп кедей, Тәртіпке түгел бағынды. Қазына кілті шағылды, Шағылмасқа неғылды? Кедейлер енді алмас па, Алтын-күміс ағылды. Алтын, күміс, гауһар тас, Алуан бұйым, көп жиһаз. Көп жылғы кедей маңдай тер, Қалайша қазына болсын аз. Кездеме, бұйым үйілді, Дүрия, торғын, шағи бәз. Қарғыспен жиған дүниенің Ақыры болды, кәне, мәз. Көздері тоймай боқтыққа, Аңдардан тері жиыпты. Дүниеқоңыз пасықтың Осынша дүние жиналу Көкірегіне сыйыпты. Екібеткей кей байлар Әкеп те мұны сыйлапты. Кейбіреуін тағы да Кедейден зорлап алыпты. Қарсы келген кедейді Дүреге жығып салыпты. Әлсіз, кедей, нашарлар Зарлап жылап қалыпты. Сізге өтірік, маған шын – Терісінен тек аңның Мынадай заттар қалыпты: Жабайы түздің серісі, Жолбарыс, аю терісі. Қара түлкі, ор түлкі, Айтылса да бұл күлкі. Камшәт құнды сусарлар, Тағы-тағы тағылар. Сілеусін, қасқыр, бөрісі, Баққұмар, сұм Байырдың Ұзармады өрісі. Осы бәрін ер Мырзаш Көзі көріп, қолы ұстап, Үлестіріп кедейге Өз қолымен беріпті, Дүниеден олар көшіпті. Сонан бері ойласақ, Ғасырлар жылжып өтіпті. Сонда дағы бұл мұра Ауыздан қалып аңызға Бүгінгі бізге жетіпті. Шұбырған кемтар, нашарлар Тегістеліп келіпті. Мол дүние, жиһазды Ренжітпей барлығын, Әділдікпен бөліпті. Әлді кедей аз алды, Әлсіздеуі көп алды. Бадынжап сұлтан, батырлар, Әділдікке зер салды. Былтырғы жылғы жорықта Қырылып қалған көп кедей Қандары солай ақталды. Бадынжап сұлтан бастатқан Мырзаш, Сары, Садырбай Қолға алып мұндай ұлы істі, Тамамдап түгел бітірді Үлесу деген жұмысты. Алдарына мал салып, Астарына ат мініп, Үстеріне тон киіп, Көңілдері шат болып, Бұрқан Құдай тақ болып, Жоғарғы батыр ерлерге Алғыс рахмет айтады. Енді орда маңы жым-жылас, Әндерін салып әуендеп, Елді-еліне қайтады. Таба жолы тар деген, Табалау да қиын-ды. Әйтсе де ашық бұл сөзді Айтуды жүрек бұйырды. Қазаққа деп қазған ор, Байырға, Қалдай бұйырды. Аш-арық, кедей, пақырлар, Аз ба екен, әлде көп күн бе Онысын анық біле алман. Бір күнгі де күн деген, Бүйірі шығып тойынды. Күндердің бір күнінде Мырзаш батыр батырлары мен сарбаздарын жиып, алып былай деді: «Енді Құдай қаласа, ісіміз ойдағыдай орындалды. Енді туған елге қайтатын мезгіл де жетті. Бірақ алдымызда мынадай бір ұлы ісіміз тұр. Ол – осы соғыста шейіт болған достарымыз. Бұлар ел үшін құрбан болды, сондықтан олардың басына жақсылап күмбез орнатамыз, – деді. – Біздің бұл ісімізге Бадынжап сұлтан толық көмектеседі. Және достар, біз ұры-қарақшы емеспіз. Сондықтан жай халықтың бірде-бір сабақ жібіне дейін соқтықпаймыз, олжаға қызықпаймыз. Ата-бабамыздың абыройлы салтын сақтаймыз, – деді. – Тек Батыбайырдың елімізден нақақ шапқан өз малымызды Байырдың жылқысынан аламыз. Бірақ ол артық та, кем де болмайды. Тағы сол мырзалардың өздері салған жолы бойынша Батыбайыр, Марқалдайдың екеуінен үш бойжеткен аламыз. Бұл сыр әзір шашылмасын», – деп Мырзаш сөзін бітірді. Тағы біраз тыңда, жарандар, Мезгіл де жетіп келеді Әңгімені тамамдар. Жалғасын сөздің бастайын, Мойынға бір алған соң, Асығыс айтып саспайын. Жалқауланып жалтақтап, Кезекті сөзден қашпайын. Бүгін бар өмір ертең жоқ, Жан кеудеде тұрғанда, Аталар даңқын ақтайын. ұрпағыңды қолдай гөр, Ақын Сәбек бабамыз. Ескіні еске алмасақ, Жаңаны қайдан табамыз. Ескісіз жаңа болмайды, Деген өткен бабамыз. ұмытам қалай бабаны, Көкіректе болса санамыз. Ел қорғап, ер боп өтіпті, Көз салсақ бабамыз. Ерлікпен елге танылған Ел ішінде дарамыз. Жауынан қорқып саспаған Кешегі өткен бабамыз. Мен Ниязбек жырлайын, Бабалар даңқы ақталсын. О да жақын ажал тұр, ұрпақтарға сөз қалсын. Аманат ұлға қалдырған Бабалар сөзі ақталсын. Алдияр ұлы Мырзаштың Елге істеген ерлігін Кейіні ұрпақ еске алсын. Заманы тұрмас бірқалып, Досыңмен тағы қас барсың. Еліңді қорға, ұрпақтар, Артыңда өлмес ат қалсын. Тар кезең таяу келсе егер, Жаныңды қи ел үшін, Анаңның сүті ақталсын. Аз ғибрат сөз жаздым, ұрпақтарға жад қалсын. Атадан ұлға парыз боп, Құлақтарға сақталсын. Енді Мырзаш еліне қайтпақ болды, Берді Құдай сәт-сапар оңды жолды. Елі үшін істеген еңбегіне Алыс-жуық, дос-жарлар көңілі толды. Арманды ой, алғы тілек кімдерде жоқ, Жандыға тағдырда тұр бір кездейсоқ. Дүниенің у мен суы бар-жоғына Тойдым деген бір жанды естігем жоқ. Біраз күн дауыл боран бастан өтті, Міне, енді алтын арай жаз да жетті. Бірқалыпты өмір жоқ бір пенде, Дариға-ай, өкінішпен өмір де өтті. Қайтпақ боп елге Мырзаш жиын ашты, Жиылып тағы біраз қосты басты. – Ана бар ғой, – деп алып сөзін бастап, Ер сабаз алды сөзді кең құлашты. – Батырлар, құлақ қойып сөзді тыңда, Біз тындырдық ұлы істі келіп мұнда. Елге қайтар алдында парызымыз – Ісіміз қолға алатын осы таңда. Батырлар, айтар сөзім әділ сапар, Істейік бұл ұлы істі жаппай қарап. Бір үлкен, биік күмбез орнатайық, Соғыста шейіт болған ерлерге арнап. Шығамыз бір жетіде қамдап жолға, Күмбез ісін аламыз ертең қолға. Бадынжап сұлтан бұған көмек беред, Қосылар әділ адам мұндай оңға. Жата алмаймыз бұл елде қарап тіпті, Малға-мал алатұғын мезгіл жетті. Кемде-кем тағы алмаймыз артық малды, Бабам салған әділ жол мұны күтті. Алмаймыз ешбір нәрсе елден тартып, Әділеттен мұндай іс болады артық. ұры-қары біз емес ел тонайтын, Сондықтан бізде болсын үлкен тәртіп. Сыналар, түзде жүрсе, ердің бағы, Аламыз елге олжа үш қыз тағы. Бұл үш қыздың орны бар жеке дара, Өзім аян бұлардың алғы шағы. Ер Мырзаш осыны айтты көпке қарап, Сөз тосып көп досынан әділ сарап. Қарсы сөз айтар батыр, сарбаздар жоқ, Қосылды мына сөзді бәрі жанап. Күмбезді берекемен қолға алысты, Қолға берер береке мол табысты. Бадынжап сұлтан елге хабар салып, Тигізді үлкен көмек қолғабысты. Өзі де бірге жүріп, бірге тұрды, Біткенше бұл мұраға көңіл бұрды. Тас қойып, қыш қалайтын шеберлерін, Шаптырып шабарларын елден жиды. Көңілге өткен күннің бәрі күңгірт, Өтті күндер ай құрап, ғасыр жылжып. Қайран ерлер кешегі ел қорғаған, Бұл күнді тасаланып барады ұмыт. Күмбез де бір жетіде тамам болды, Көп жауыпты Бадынжап жұмыс қолды. Ен дәулет шебер қолдың арқасында Бұл күмбез көрер көзге сәнді болды. Зират бетін жетіде өтеді енді, Молалар Құран қатым етеді енді. Қоштасып достарымен батыр сарбаз, Күмбезден бұлар жылжып кетеді енді. Аумақты нар қара боп күмбез қалды, Бауырына басып алып нақақ жанды. Бір жерде, бір төбеде, бір қабірде Мәңгі өлмейтін үш батыр арыс қалды. Күмбез емес, мәңгіге намыс қалды, Айырған ақ-қараны қарс қалды. Көздеріне жас алып қарай-қарай, Батырлар, сарбаздармен алыстады. Жаңартып жазғанменен көне сөзді, Ғасырлар, жылдар, айлар, заман озды. Күмбез жөнінде бірер тағы айтарым, Енді айталық кезекті келер сөзді. Адамның бір мерейі жан жайлану, Іс деген істің сәті оңға айлану. Батыбайыр малынан есеп алып, Ендігі сөз, батырлар, елге оралу. Үш батыр Бадынжаппен ақылдасты, Төртеуі бір орында қосып басты. Жылқысынан Байыр мен Қалдай сұмның Есепті мал алуды мақұлдасты. Мырзаекең Бадынжапқа ақыл салған, Әділдік, адалдығын ойына алған. Кедей мен кембағалдың алғанынан Екеуінен үш мыңдай жылқы қалған. Екі мың бес жүз жылқы санап алды, Бірде-бір бас алмады артық малды. Өмірде мал жимаған Мырзаш батыр Керек қылып көрмеген байлық, сәнді. Ер Мырзаш әуелгі ойын дұрыстады, Ақылына сыятын бір іс барды. Бұл елден үш қыз алмақ елге олжаға, Бітірмек енді осы жұмыстарды. Бір арман болар шығар әрбір жанды, Ескіге құмар болған мен бір пенде. «Кешегі көмескі істі көрсетсем» деп, Менің де ой-арманым мақсатым да. Байырдың Балжыт, Паш екі қызы, Телмірген талай мырза көптің көзі. Солардың бірінде бұйырмастан, Мырзаш алар олжаға келді кезі. Жоғарыда Дадима қыз айтқан сұлу, Нұрын теңеп айтып ек күндей жылу. Үшеуін әкеп қосты бір отауға, Жас жігітке парыз ғой мұны білу. Дадима, Балжыт, Паш үш қыз аты, Жас жігіттер шыдамас көрсе дәті. Қырдың қызыл гүлдері ерке өскен, Бір нұрдан жаралғандай арғы заты. Мақтауға бұл қыздарды көп сөз дайын, Не керек бола алмай тұр көңіл жайым. Ешбір мін табылмайды бұл үш қыздан, Артық мақтап әсерлеп неғылайын. Кешір, халқым, сөзімде болса бұрыс, Еңбексіз бақ қонбайды жігітке ырыс. Бір елден екінші елге батыр Мырзаш Жаман қыздар алмауы әбден дұрыс. Бір күн тоқтап батырлар аялдады, Жабдықтап жолдың қамын даярлады. Бадынжапты шақырып батыр Мырзаш, Ертең шығар сапарын баяндады. – Сәтті болсын сапарың, – деді сұлтан, Көптен көп еліңізге сәлем айтам. Бұйырса келер жылы амандасып, Сұлтаныңыз Шотанға барып қайтам. Бадынжап осыны айтып қоштасады, Мырзаш батыр қол алып достасады. Мұнан былай екі елдің берекесі Тыныштық, татулыққа ұштасады. Азанда қол аттанып жолға түсті, Қайырлы атқарысып көп жұмысты. Елге қайту сапардың сәтін тілеп, Мен де біраз жырлайын алдағы істі. Ертемен азан болғанда, Тау басын күн шалғанда, Қол жөнеп елге бет алды. «Қайдасың, – деп, – туған ел», Маңырақ, Сауыр тауларын Бетті түзеп төте алды. Жөнелді қол жөнелді, Сағынған ел ерлердің Шаттыққа көңіл бөленді. Отау тігіп, қыз алып, Өзі бір көшкен ел енді. Орындалды зор мақсат, Қуанбасқа неге енді. Қыздарға жорға мінгізді, Торғын, торқа кигізді. Күтуші, қосшы беріліп, Отауға бөлек кіргізді. Сусынын беріп қымыздан, Алуан тағам жегізді. Көрген жанға жолдағы «Пәлі, рахмет» дегізді. Даяшы қойып қасына, Бал-шәрбәт беріп асына, Жібек көрпе төселіп, Жастығын қойып басына, Көңілдерін шат қылып, Төбесін көкке тигізді. Аруын олай сыйлайтын Ел екенін білгізді. Қан алқалы жерлерде, Қоналқалы жерлерде, Ертелі-кеш сауықпен Қарақат, жидек тергізді. Ақ ботадай мәпелеп, Тоты құстай түрлентіп, Аққа көңіл сенгізді. Көтеріп қыздар көңілін, Домбыра тартып, ән шырқап, Ойын-сауық құрыпты. Тәртіпсіз іске жол бермей, Сақтапты әдет-ғұрыпты. ұзатқан қыздай бұл үш қыз Ел-жұртын мүлде ұмытты. Салтанатты, сәнді қол, Сапарлары ұзақ жол. Шүкір Құдай дейтіндей Қызы бар, малы тағы мол. Жол бастаған батырлар, Соңында келед ауыр қол. Жылқы айдаған бір бөлек Әндерін шырқап келеді, Оңғарылып сапар жол. Қыздардың өзі бір бөлек, Жігіттер әнші қасында. Жорғалар мініп теңселтіп, Құндыздан бөрік басында. Алтын-күміс ер тоқым Көрер көзге міні жоқ. Жақұт, гауһар тасы да Жолдағы қалың ел-жұртқа Салтанатын көргізді. Қалың жатқан көп елдің Ешбіріне соқтықпай, Қайтыпты Мырзаш дегізді. Түнгі аптап ыстықта, Самал жел соғып сырғытып, Үшінші таң самалын Жырғады жұрт бір жұтып. Кең даладан аңқыған Жұпар иіс тарады. Көлденең түскен көк таулар, Асау долы өзендер, Асуы қиын кезеңдер, Шөміт бұйрат белеңдер Көз таса болып бәрі де, Артта қалып барады. Қолдан озып батырлар, Адамға, малға ыңғайлап, Жақсы қоныс шалады. Батыр Мырзаш ер сарбаз Күніне жұрттың қарады. Керуен жолы шөл екен, Тамыздың ыстық лебізі Күйгізіп, өртеп барады. Жаралаған зерек ер Мырзаш Көгалды, сулы жер шолып, Адам мен малдың күй-жайын Саусағындай санады. Орманды-нулы жер іздеп, Алдын ала табады. Атақты Манас өзені Тасып жатыр долданып. Қап-қара бұйра тау толқын Арнасы түгел қозғалып Батырлар мұнан сақтанды. Жас сарбаздар шешініп, Әуелі байқап ат салды. Аман-есен өткен соң, ұмыт боп бұ да арт қалды. Бірер түнеп бұл жерге, Сәскені салқын бетке алды. Ауқат алып көп халық, Тағы да жүріс басталды. Еміл деген өзеннің Жағасына жайланып, Бірер күн тоқтап дем алды. Ат беліне жаралған Ежелден қазақ баласы. Бірлессе жауға, жазылады Жүректе жүрген жарасы. Жауға соққы берерде Өзара болмас аласы. Көңіліне бейім жаралған, Шетсіз-шексіз даласы. Байлыққа толы ен дала Сарыарқаның саласы. Осылай ұдай жол жүрді, Бірнеше тәулік мол жүрді. Көз ұшында мұнартып Көрінді Сауыр кезеңі. Батыс жағы бұл таудың Жалпақ жазық кең дала, Шілікті деген сахара. Туып-өскен қазақтың Атамекен өз жері. Бірер күн жүріп тағы да, Асты бұлар кезеңді. Терісайрық деген жерге кеп, Шатыр тігіп, дем алып, Мекендеп бір күн өзенді, Қалың жылқы шұқырап, Суатқа да ілінді. «Аман-есен жеттік деп, Кезеңнен талай өттік» деп, Кішігірім той жасап, Жұрт пірлерге сыйынды. Бас-аяғы бір бүтін Мекенге келіп жиылды. Ту бие, тайлар сойылып, Жұрт болды түгел көңілді. Қасиетті туған жер Көтерген ауыр-жеңілді. Енді бетті желпіді Қасиетті Арқа самалы. Осылай болып өткен-ді Кешегі өткен бабалар, Батырлардың заманы. Ерегескен дұшманның Қираған талай қамалы. Бармағын тістеп сандалып, Құрыған жаудың амалы. Бұлар осы орынға екі күн жатып, толық дем алып, ертеңгі азанда Шіліктің жазығын көктей өтіп, Маңырақ тауының арғы бетіндегі Шотан сұлтанның ордасын бағыттап жол тартты. Ілгері тағы жол жүреді, Кең жазира Шілікті Жазыққа келіп кіреді. Сахара, жазық кең дала Кигіз үй, қалың ел еді. «Мырзаш батыр қолы деп, Түскен ғой істің оңы» деп, Ел қуанып, шат болып, Бұлар да байқап көреді. Аман-саулық сұрасып, Талай топ қарсы жүреді. Ақсақал ұлы, қарт ана «Бергеніңе шүкір» деп, Құдайдан тілек тіледі. Маңырақтың асуы Жанделіге жетіп ап, Ашылы деген жерге кеп, Бірер күн мұнда түнеді. Ер Мырзаш ерте оянып, Батырлар мен сарбазды Шақырып алып аз ғана, Мына бір жайды сөйледі: – Ана бар ғой, көп қауым, Айтатын бірер сөзім бар, Ақылдасып көр, дейді. Дұрыс болса бұл сөзім, Шашау шықпай, көн, дейді. Теріс емес оң сөзге Көнгенде болар жөн, дейді. Сұлтанға сәлем берейік Оза барып біз, дейді. Садырбай, Сары батырлар Тағы бізбен бір жүрсін, Мынау екі-үш қыз, дейді. Жайлап айдап жылқыны, Сарбаздарым, асықпай Соңымыздан кел, дейді. Халықтың малы болмасын, Ит пен құсқа жем, дейді. Осылай озып біз барып, Төреге сәлем береміз. Өткен-кеткен жайларды, Ойға алған кейбір істерді Алдын ала тереміз. Мырзаш батыр осылай Достарға кеңес салады. Батырлар мен сарбаздар Бұл сөзді қабыл алады. Үш қыз бен үш батыр, Жанделі сайын тік құлап, Тура тартып Шотанға, Келе жатып Мырзаекең Садырбай, Сары батырға Тағы бір ақыл салады. Келе жатқан үш қыздың Әзірше болар жай-күйін Кеңесіп қолға алады. Ренжітпей, жылатпай, Көңіл күйін құлатпай, Іс ақыры болғанша, Болатын күйін таныды. Осылай Мырзаш сөйлейді: – Ренжісе нақақ жан, Көрмеймін мұны жөн, дейді. Әзірше бұл үш қызды Жанғазы мырза үйіне Қоя тұрсақ оң, дейді. Ойнап-күліп тұруға Осы мырза үйінде Қыз-келіншек мол, – дейді. Мырзаш батыр кеңесін Достары қабыл алады. Осы ақылға келіп ап, Жүріске тағы салады. Ертемен жүрген батырлар Кіші бесін шамасы Ордасына сұлтанның Бұлар да жетіп қалады. Қыздарды тастап отауға, Аттарын байлап кермеге Өз үйіне Шотанның Батырлар кіріп барады. Үш батыр Шотан сұлтанға келіп, сәлем бергені дейді. Үшеуі осылайша сәлем берді, Шотан да қарсы алады келген ерді. Төсекте жатыр екен науқастанып, Құшақтап бет сүйісіп, изет берді. – Алдияр, сәлем бердік басты иіп, Болған соң дәрежеңіз жұрттан биік. Жау шапқан өткен жылғы малыңызды Бірін қоймай әкелдік түгел жиып. Елден тартып еш нәрсе алғанымыз жоқ, Қорқытып елге бүлік салғанымыз жоқ. Батыбайыр, Қалдайды мүлде құрттым, Әуелгі алған сертімнен тайғаным жоқ. Айтайық бәрін сізге, ей, алдияр, Екі-үш деп сарбаздардан шығын да бар. Арыстанның орнына екі-үш құндыз Әкелдім бола ма деп бұл ізбасар. Сенерсіз, тақсыр, біздің сөзімізге, Болыңыз сіз разы енді бізге. Жаңа сұлтан сайланды он сұм елге, Келер жыл амандаспақ өзіңізге. Ей, тақсыр, құзырыңнан күдер үзбен, Бір тілегім бар еді өзіңізден. Дарияның қасынан құдық қазбан, Кеңдік, тарлық қылсаңыз өзіңізден. Ғапу ет, алдияр, енді бізге, Ел кегі үшін екі-үш ай жүрдік түзде. Берсеңіз қыз билігін маған деп ең. Атағы да жетіп тұр, тақсыр, сізге. Сөз айтқан жоқ ер Мырзаш жаннан қосып, Шындық сөз бабамыздан қалған жосық. Тамамдап барлық сөзін аз кідірді, Сұлтанның енді айтатын сөзін тосып. Сонда Шотан сұлтан: – Келдің бе аман-есен, Мырзаш балам, Садырбай, Сарылармен тегіс аман. Ел үшін еңбегіңді өзі ақтасын Ғаламды жаратушы Хақ Тағалам. Ел басына күн туса екіталай, Сендерсің ел қорғайтын басқа панам. Елге істеген бұл еңбек ұмытылмай, ұрпақтан ұрпақтарға қалар, балам. Айналдым, қарақтарым, батырларым, Сендерге теңеу сөзді қайдан табам. Бүгін тыныш, ертең жау біздің заман, Әлде де ел бүтінін еске салам. Әмісе жолың болсын, Мырзаш балам, Науқастанып кетіп тұр қазір бағам. Садырбай, Сары да оған қарсы болмас, Қыз билігін, Мырзашым, бердім саған. [Ал енді] халыққа жар салыңдар, Жұмысты кешіктірмей қолға алыңдар. Есмұқанбет сұлтанды шақыртып ап, Берекемен бөлісіп малды алыңдар. Тұруға келе алмай тұр менім халім, Көп сөйлеуге келмейді тағы да әлім. Орныма Бөкей4 ерді сайлай тұрып, Сонымен бітіріңдер бітім жайын. Кім білсін бұл тіршілік көп пе, аз ба, Тағдыр келсе, тоқтатпас аял-назға. Бұл дерттен жаным аман қалар болса, Үлкен той жасаймын келер жазда. Оң сапарға болысты Құдайым жар, Жақсы істі қанағат қылсақ жарар. Ел үшін жанын қиып құрбан болған Анау шейіт үш жанға қарасыңдар. Тағы да бірер сөз бар, ей, Мырзаш ер, Тапсырам жеке өзіңе мұны ойлап көр. Маған тарап жылқыны қалмақ шапқан Әділ бөліп шейіт пен кедейге бер. Ақ пейіл, таза жүрек елде жоқ па, Сараңдар бар қайырымсыз оған тоқта. Әділ жомарт атанған Шотан төре Тағы да бір қайырым етті жұртқа. Шотан сұлтан Мырзашқа осыны айтты, Алдағы істелетін барлық жайды. Дүниеге қызықпайтын Мырзаш ерді Әділ деп тапсырды ма әлде қайтті? Әркім кеп қалмақ шапқан малын алды, Іркіліп Шотан малы артта қалды. Бөкей мен Есмұқанбет билік айтып, Алыпты берекемен келген малды. Бөлісті осылайша келген малды, Бөліске енді түскен қыздар қалды. Ренжітіп, кейітіп, өкпелетпеу Билігін бұл қыздардың Мырзаш алды. Тағы да билігін бұл қыздардың Мырзаш алды, Ақиқат, әділдікке зейін салды. Теңін тауып, ықтияр қосу жағын, Әсіресе, толғанып есіне алды. Опасыздар айырар сүйген жарды, Ақылды адам біледі намыс-арды. Соғыста өлген ер Сәлмен інісіне Дадима қалауынша соған барды. Бұйырып Дадиманы Асқар алды, Өзі сүйіп ұнатты ғашық жарды. Өзі мерген, садақшы бұл жас жігіт Қосылып Дадиманың бағы жанды. Балжыт айтты Мырзашқа: «Батыр ағам, Кеңесіп өзіңізбен ақыл салам. Шейіт болған ерлердің аға-бауыры Бар болса өз еркіммен соған барам». Қарамапты бұларға өмір қырын, Әлде сөз байласқан бұлар бұрын. Саятшы бұ да аңшы бір жас жігіт Қыздан сұлу мінезді көрсең жүзін. Қосылса екі ғашық тамаша екен, Болашақ белді буған бұлар бекем. Бұл жігіт шейіт болған Назар ердің Кенже інісі туысқан Кәрім деген. Паш қыз да сол жолмен кете барды, Ақылды қыз ойлады намыс-арды. Басым сыйлы болар деп бұ да ойлады, Қуантсам қамкөңілді кемпір-шалды, – Деп Паш Мұхтар деген ерге тиді, Мұны да қалауымен өзі сүйді. Мұхтар да бір өнерден құр қалмаған, Бәйге алып балуандықпен елі сүйді. Осылай үш қыз дағы бақыт тапты, Алдағы кім болжаған келер шақты. Тірепті бақан болып осы үш қыз Үш бірдей дауыл жыққан шаңырақты. Менің де ақын бопты арғы тегім, Тарттым ба әлде жоқ па мен білмедім. Бір өнерден бәрі де құр қылмапты Қыздарыма қосылған жігіттерім. Еңбексізге бақ қону болмас оңай, Тер төкпей оңай дәулет келсін қалай. Қосылды үш қыз солай теңін тауып, Әуелде Мырзаш батыр ойлағандай. Тағдырдың салғанына қыздар көнді, Дәм ауысып шет елден мұнда келді. Қондырып қыздарымды құтты орнына, Менің дағы көңілім жайланды енді. Бөлініп мал да бітті, қыз да бітті, Жасалған қыздар үшін пайда бітті. Жарыққа көмескіні шығарсам да, Сонан бері көптеген заман өтті. Көптеген сонан бері заман өтті, Ел аузынан бүгінгі бізге жетті. Жазуы да дастанның оңай болмай, Сөз терумен көптеген күндер өтті. ұрпақтарым, бұл сөзге құлақ салса, Бабалардың ерлігін есіне алса. Ренжімен ел үшін еңбегіме, Ел ерлері ұрпаққа артта қалса. Ұрпақтарға ерлік жол бабам салған, Өшпес мұра батылдық содан қалған. Баласы Алдиярдың батыр Мырзаш Елдің кегін дұшманнан солай алған. Сол бір қыс Шотан төре дүние салды, Дәм таусылып, Құдайым жанын алды. Қайтыс боп Есмұқанбет жалғыз ұлы, Үлкен той жаз болатын болмай қалды. Разы бол, оқушым, осы шамам, Азырақ ел ері үшін тарттым қалам. Дастаны батыр Мырзаш бұл екінші Аяқтап осыменен бітсін тамам. Іңгәлап кіндік кесіп туған жерім, Медеуім, тиянағым, қалың елім. Қазағым бісмілләм сен ауызға алар, Жау десе, түрулі ғой етек-жеңің. Орта жүз, руым – найман арғы затым, Қыдырмолла ұлы Ниязбек болады атым. Ел үшін жанын қиған бабаларды Жырласам теріс болмас жазған хатым. Қалай теріс болады жазған хатым, Сөз еттім ел ерлерін ата даңқын. Кегін алмай дұшманнан тынған емес Ержүрек, сайыпқыран, батыр халқым. Жазғаным ертегі емес ойдан құрап, Алғам да жоқ ешкімнен сөзді сұрап. Болып өткен уақиға жазғандарым – Көзін аршып ағызған көне бұлақ. Жарандар, біраз ойлап мұны қара, Пендеде бір өлім бар жеке-дара. Ол өлім ел қорғаған ерлерге тән, Бұл жанды өнді деуге болмас, сірә. Ескірсе де, көптің жүр санасында, Бір сөз бар көп халықтың арасында. Баяғы күмбез орны бар деп айтады Балдырлыкөл оңтүстік жағасында. Негізі әңгіменің сөздің шыны, Жоқ демейін бар шығар сөздің міні. Батырдың зираты деп атайды екен, Сол маңдағы қазақтар осы күні. Олжадан шейіттерді қалмай жырақ, Баса көңіл бөлінген оған бірақ. Әрқайсысы елуден жылқы алысқан Қаралы ортадағы үш шаңырақ. Үш қызға да болмапты дүние тар, Мұнан басқа дәулет те қолында бар. Ескіріп талай заман өтсе дағы, Сол үш қыздан шөбере ұрпақтар бар. Жаралдым ескі сөзге жаным құмар, Сөз терсем бұрынғыдан, көңілім тынар. Көмескіні көрнеуге тек шығарсам, Көңілімде жоқ мақтан мен баққа құмар. Өмірдің доңғалағы зырлап өтті, Көзден ғайып болды да бәрі кетті. Алды жанып, арты өшкен сайқал дүние Талайды алдап-арбап тентіретті. Ежелден емес Мырзаш дүниеге зар, Байлығы сауыт-сайман, екі аты бар. Ер сабаз өз үйіне ауа қайтқан, Тоғыз айдар, алты ақық атасы бар. Аталық ұрпақтарға қалдырар сөз, О да азайып барады кей көнекөз. Ескеріп ел ерлерін кешегі өткен Жазғаным көп көместен бірер жар сөз. Көбейту көне сөзді ойымда бар, Өмір болып берсе оған уақыт жар. Көмілген көне сөзді көрсетуге Дариға-ай, соған болам мен ынтазар. Қабыл ал, қарақтарым, жас ұрпағым, Көз жетпейді белгісіз келер шағым. Естеріңде жүрер деп үміттендім, Бірер сөз қалдыруға барда қақым. Сөзімнің жақсысын ал аракідік, Ертегі бос қиял деп қылма күдік. Ер өткен бабаларым кешегі ісі, Елге еткен еңбегі болған шындық. Сұраман бір еңбексіз несібемді, Көптен дара кете алман өсіп енді. Не артық, не кем шығар жазғандарым, Халқыма сенімім зор кешірер-ді. Сөз емес жазғандарым қарапайым, Жалған сөзге төзе алмас менің жайым. Жарандар, разы бол енді маған, Әзірше сөз аяғын тоқтатайын.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.