Қазақша
Айдос батыр (Жұмаділ Айдарбеков нұсқасы)
Жүрегіміз бірде күліп, бірде жылап, Сөз естіп тыңдайтұғын екі құлақ.
Баланың ата-анасы пірі болса, Болады бірі асқар тау, бірі бұлақ.
Айдостың ерлік сөзін мен жазамын, Жолдастар, құлағың сал, жақсы тыңдап. Сөйлеуші қариядан білдім сұрап,
Бұл сөзім миға қонса, көңілге ұнап.
Қатесін жазуымның түзетіңіз,
Өлеңді оқыңыз да көріп-сынап. Айдостың, білуімше, нәсілі – қазақ, Екенін қайсы қазақ біле алмаймын.
Ойланса, ақыл кірер саналыға, Тексерсе, сөз тоқтайды адалына. Қазақ, қырғыз, қалмақ пен қазақ, орыс Жауласқан қазақ отар заманында.
Бір шетке қазақ малы отар барған, Бұл сөзден қазақ, орыс хабарланған. Елінде қазақ қапыл жатқанында,
Аттанып, есіз жатқан жылқыны алған. Бірнеше бұл отарда күндер өткен,
«Жылқыны кәуір келіп алды» деген Қазақтың ерлеріне хабар жеткен.
Көп елге кейін жатқан хабар барған,
«Кәуірге қапыл жатып алдырдың» деп. Азамат талабы бар қылады арман,
Жолдастар, жалқау болма денің сауда, Кегі бар мұсылманның кәуір жауда.
Ханы бар Барын деген, басшы болып,
«Жиыл, – деп, – елге бәрің!» бұйырады. Ерлерге ілгері өткен сыйынады,
Бір жерді орталықтан белгі етіп, Қалың қол бірнеше күн жиылады.
Халқына Барын ханы бұйырады, Шапқыншы жасауылдар хабар берді. Жарлығы Барын ханның осылайша, Кәрі-жас найза ұстайтын бәрі келді.
Жатады бірнеше күн ойын қылып, Бәрі де олжа алуға қылады үміт.
Ішінде жиырманың жасы жеткен Бар екен Айдос атты жалғыз жігіт.
Ол жігіт өзі батыр, өзі палуан,
Бір істі қылмай қоймас көңілге алған. Қырық жігіт жолдастарын үгіттейді:
«Бұл жанды қайтеміз, – деп, – бұдан қалған?»
ұрыста қол бастайтын маңғаз екен, Біреудің батыр Айдос жалғызы екен. Әйелі Тоты деген өліп қалып,
Қарашаш соңғы айттырған балдызы екен.
Қарашаш бір күн жатып түс көріпті, Тамаша әрбір түрлі іс көріпті.
«Бұл жолға батыр өзі бармасын» деп, Бір адам ер Айдосқа жіберіпті.
Қарашаш бұл түсінен қорқып еді,
Ішінен жамандыққа жорып еді.
Жүр екен қырық жігітпен ойын ойнап, Хабаршы далада кеп жолығады.
Хабаршы ер Айдосқа келді жетіп, Асығыс сөз сөйледі есі кетіп.
Жүр екен әрбір түрлі ойын ойнап,
Құралы үстіндегі жарқ-жұрқ етіп.
Сөйлейді батыр Айдос: «Жол болсын!» – деп, Тұрады қайынағасы: «Мол болсын!» – деп, Жіберді мені сізге Қарашашың
«Бұл жолға, батыр, сізге жүрмесін» деп.
Қарашаш бір күн түнде бір түс көрген, Екенін түстің жаман өзі білген.
«Не қылса да, осы жолға барма» дейді, Асығыс жұмысым сол сізге келген.
Қазылық, Қарқаралы – жердің мүлкі, Көңілінде кәуір алған қалың жылқы.
«Әйелі, ұлы, өзі батыр жақсы екен» деп, Қырық жігіт қасындағы қылады күлкі.
Жылқының әдемісі – қара сұр ат, Болады, жар құласа, жойқын суат. Бірі іліп, бірі қағып өңшең жастар, Батырды сөзге сынық қылады мат.
Бозбала сөзге сынық мазақ қылды, Бойына ер Айдостың ашу кірді.
«Ауызша өзіменен сөйлесем» деп,
Ілесіп қайынағамен бірге жүрді.
«Ауылға жақсы болар қонсақ жете. Бастыршы кертті белді жеке-жеке. Дәл бүгін тамашалы той боп жатыр,
Баралық шапшаңырақ, жүр, жездеке».
Ер Айдос осы тойға келді жетіп, Күлкіге ыза болып ашу етіп.
Қарашаш тойды бастап отыр екен, Дауысы бала құстай шаңқ-шұңқ етіп.
Тұсына Қарашаштың келді жетіп, Атына қамшы басып екпіндетіп. Тұра қап ат үстінде, назар салса, Екі адам отыр екен өлеңдетіп.
Айдос:
– Мінгенім астымдағы ойнақы кер, Тоқыдым мақпал тоқым, күмісті ер. Азырақ шайтан мойнын сындыралы, Түрегеп, екі жолдас, орныңды бер.
Жігіттер:
Тәуекел дариясына салдым кеме, Жақсылар, жесір-жетім ақын жеме. Айтысып Қарашашпен отырғанда, Әдепсіз сөзді бұзған қандай неме?
Айдос:
– Мінгенім астымдағы Кердең жирен, Жігіттер, ер Айдостан өлең үйрен.
Құшақтап керегені айрылмайсың, Басыңа тәуір болмас қамшы тиген.
Жігіттер:
– Патшасы бұрынғының Омар, – дейді, Бұл жерден тұрып кетсе, обал, – дейді. Сөйлесіп Қарашашпен отырғанда,
Кім өзі сөзді бұзған? Жоғал! – дейді.
Қасына батыр Айдос барды дейді, Сөзіне ашуланып қалды дейді.
«Әдепсіз, қандай сөзді сөйледің?!» деп, Қамшыға сол екеуін алды дейді.
Қарашаш мұны көріп, тасып кетті, Көпшілік тамашалап, басып кетті. Білген соң ер Айдосты екі жігіт, Жуымады, бұл қызықтан қашып кетті.
Қарашаш:
– Тай керім, құнан керім, дөнен керім, Айдостың білмеуші ме ең өнерлерін.
Құшақтап керегені, айрылмайды, Қарашы, қос жаманның өлерменін.
Айдос:
– Ішінде жиырманың менің жасым, Құдайым осы жолда жарылқасын.
Көп айлар, көрмегелі көп күн болды, Жүрмісіз жақсы болып, Қарашашым?!
Қарашаш:
– Ішінде жиырманың, батыр, жасың, Сақтаушы осы жолда жарылқасын.
Найзасын ат үстінен таянғанда, Тұсынан алғанының орындалсын.
Айдос:
– Қарашаш, келдім саған түнейін деп, Мәнісін, түнеп жатып, білейін деп.
«Әйелі өзі батыр, жақсы екен» деп, Біздерге бозбалалар күледі көп.
Қарашаш:
– Дегендер бізді түскер бәле тапсын, Үйіне талдан найза жалау ассын.
Уақтында түзге шықса әкесі үйден, Үйінде шешелері бебеу қақсын.
Айдос:
– Кертөбел Нарын бидің керіледі, Жалқаулар олжа алуға ерінеді.
Бал ашып, бақсы болып, түс көріпсің, Көзіңе қандай сәуле көрінеді?
Қарашаш:
– Суынан Нарын деген су ап жүрмін, Көл қылып көзім жасым бұлап жүрмін. Бармашы, тілімді алып, осы жолға, «Мырзам» деп бетім жыртып, жылап жүрмін.
Айдос:
– Бұл түстің, маған емес, кәуір жағы, Малының бәрін алам, шабам дағы.
Соғыста күйеуі мен бауыры өлген Орыстың бетін жыртқан қызы дағы.
Қарашаш:
– Қайда? – деп, сізді жоқтап, сұрап жүрмін, Күйініп қатты қорқып жылап жүрмін.
Бармашы, тілімді алып, сорлы жалғыз, Қызыл қан он саусағым қынап жүрмін.
Айдос:
– Кер төбел арықтаса, тай болғаны, Қазылып, сан етінің сай болғаны.
Кәуір жылқы әкеліп, бие сойып, Саусағың қазы кесіп май болғаны.
Қарашаш:
– Түймесі кіреукенің шешіліңкі, Аяғың құбылаға көсіліңкі.
Бармаңыз, тілімді алып, осы жолға, Құйрығы Кертөбелдің кесіліңкі.
Айдос:
– Жібекке ақ меруерт тізіліңкі, Жеткенде шіреуіне, үзіліңкі.
Майданда кәуірменен соғысқанда, Құйрығы Кертөбелдің сүзіліңкі.
Қарашаш:
– Мойныңа берен мылтық асылыңқы, Кертөбел бөтен атқа қасыныңқы.
Бармаңыз, тілімді алып, батыр, жолға, Ақ жүзің топыраққа жасырыңқы.
Айдос:
– Жерлерде арқар деген аң болғаны, ұрысты көрген адам таң қалғаны.
Майданда кәуірменен соғысқанда, Тұтығып ақша бетім шаң болғаны.
Қарашаш:
– Кертөбел Нарын бидің қос тартулы, Жортуыл сізден өзге жырғатулы.
Бармаңыз, тілімді алып, батыр, жолға, Құралың сауыт-сайман босқа артулы.
Айдос:
– Шабармын бұл барғанда кәуір елін, Жылқы алсам, жетегімде Кертөбелім. Олжа алып, көңлім толып, аман қайтып, Шешініп, құралымды бөктергенім.
Қарашаш:
– Барып қайт, батыр Айдос, есен-аман, Өлгенге сонда түсер ақыр заман.
Сөзімді «Барма десем» бір алмайсыз, Көңілің, батыр Айдос, неден қалған?
Айдос:
– Қара адыр Ертіс басы болар қабан, Айдосты шалсын қабан онан жаман. Біреудің өлсе өледі жат баласы, Қарашаш, үйде отырсың, басың аман.
Қарашаш:
– Ер Айдос, біле алмадым ақылыңды, Тоздырдың Кертөбелде тақымыңды. Артыңнан жылап барып ақыл айтар Қылыштап қырғаным жоқ жақыныңды.
Айдос:
– Білмейді ешкім менің ақылымды, Тауып бер дедім қашан жақынымды. Әйелдер төмен етек үйде отырар, Жүр екен жолға бастап қатын кімді?
Осылай сөз аяғын айтты дейді, Той тарқап, ел үйіне қайтты дейді. Азырақ Қарашашпен сөз сөйлесіп, Төсекке дамыл алып жатты дейді.
Бұл қолды батыр Айдос білсін деген, Дауысы бар зеңбіректің күрсілдеген. Төсекте батыр Айдос жатқанында, Барыннан хабар келді «жүрсін» деген.
Талай ер бізден бұрын өтті дейді, Тәуекел қырғын соғыс етті дейді.
«Ерді намыс, қоянды қамыс» деген, Ат ертте ер Тілекке депті дейді.
Ер Тілек орнынан жылдам тұрды, Ерттеп Кертөбелді даяр қылды.
«Келгенде амандықпен көрейік» деп, Қош айтып, Қарашашпен атқа мінді.
Мінді де Кертөбелді, жүріп кетті, Боларын бір сұмдықтың біліп кетті. Барғанда түстік жерге батыр Айдос, Қарашаш арт жағынан қуып жетті.
Қарашаш:
– Ер Айдос, аластырмай, қуластырмай, Жығушы ең киік атып қыр астырмай. Біреуге өз қолыңнан тапсырып кет, Жаманға артыңдағы таластырмай.
Айдос:
– Тәуекел, ажал жетсе, Ақтан білдім, Мат қылып дұшпаныма, неге келдің?
«Әйелдің ақылы қысқа» дегені рас. Жүре ме әйелі еріп мендей ердің?
Қарашаш:
– Салады елге салық қара Барын, Өсірсін сіздей қылып балаларын. Жарықтық молда жазған дәтке қуат, Мойныңа бойтұмарың сала барғын.
Айдос:
– Қалың қол, мен бармасам, бүгіледі, Қарашаш бордай болып егіледі.
Дем бітіп, дәм таусылып, ажал келсе, Қолынан бұл қағаздың не келеді?
Қарашаш:
– Кем сөзге апармаңыз, батыр, мұны, Аман болсақ, қосылармыз мақшар күні. Құраннан молда жазып берген еді, Болады Құран сөзі Құдай тілі.
Қолына бойтұмарын алды дейді, Мойнына «бісміллә» деп салды дейді. Хош айтып Айдос батыр жүріп кетті, Қарашаш зар-зар жылап қалды дейді.
Қалың әскер жүреді, Уәделі жерге келеді. Батырларды санақтап,
Есептеп бәрін көреді. Ер Айдосты жоқтайды, Атақты, айқын ер еді. Осы жерге тоқтайды,
Мылтықтарын оқтайды,
Найзаларын шоқтайды. Санақшылар есептеп, Ер Айдосты жоқтайды.
Біреу айтады:
«Талай хан сізден бұрын өтті дейді, Халқына о да жарлық етті дейді.
Әйелі шошыңқырап түс көріпті, Батыр жүр кейінірек депті» дейді.
Тәуекел, кім болжайды Ақтың ісін, Батыр жүр Қарашаштың байқап түсін.
«Тілімді ал, бұл жорыққа барма» дейді.
«Жүр, білем, кейінірек соның үшін».
Бозбала мұны естіген қатты күлді, Қарашаш түс көргенін бәрі білді. Барынның жарлығымен асығыстап, Шақыра ер Айдосты біреу жүрді.
Бұл Айдос жас күнінен болды мықты, Дұшпаны қарсы жүрмей, қойдай ықты. Келгенде орта жолға батыр Айдос, Алдынан шақырушы қарсы шықты.
Ер Айдос қалың қолға келді жетіп, Атына қамшы басып екпіндетіп.
Ақырып батыр сонда сөз сөйлейді, Барын мен әскерлерге ашу етіп.
– Талай хан сізден бұрын өтті, – дейді, Бәрі де сендей жарлық етті, – дейді.
Қабаққа көлеңкелі бармайтын сарт,
«Жау қайда сені алатын?» депті дейді.
Жау қайда келе берер, Барын, саған? Сабырсыз асығыста басшы жаман.
Қоянша көлеңкеңнен үркетін сарт, Жауыңды сені алатын көрсет маған.
Барын хан ер Айдосқа үндемеді, Келгенін ашуының ол да білді. Тоқтатып осыменен сөз аяғын,
Бет алып кәуір жаққа әскер жүрді.
Қалың қол тоқтамастан жүріп кетті, Ерлері, қорқақ жылап, күліп кетті. Жол жүріп бірнеше күн ауыр әскер, Кепеге қазған ошақ келіп жетті.
Кертөбел Нарын бидің керіледі, Жамандар олжа алуға ерінеді. Қараса көзін ашып қарауылшы, Қалың қол кәуір жақтан көрінеді.
Ереуіл қарсы келген қолды көрді, Қазылған арба жүрген жолды көрді.
«Қашқан қатын, қашпаған ер болсын» деп, Барын хан әскеріне бата берді.
Сонда Барын сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді:
– Азаматтар, жарандар, Мен бір жауап сөйлейін, Құлақ салып қараңдар! Сапардан тірі қайтпасын Жүрегі қара адамдар.
Осы жерге түсіңіз, Ас – суыңды ішіңіз.
«Кәуір» деп қорқып, батырлар, Бұзылмасын түсіңіз.
Шақпақ отын шағыңыз, Тезек отын жағыңыз.
Құйысқанды қысқартып,
Айылды мықтап тартыңыз. Атқа мініп, қамданып, Дабылды енді қағыңыз.
Айнымас жүрек батырлар, Жауға қарсы шабыңыз, Ашылсын енді бағыңыз.
Тағы да Барын сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді:
– Азаматтар, жолдастар, Бір жылы туған құрдастар, Бірге өскен сырластар, Қара мойын серкедей Алшаңдап ерлер қол бастар. Қорқар емес кәуірден, Қайратына оң бастар.
Қаратаудың кезеңі, Келді орыстың кезегі.
Олжа қып, ерлер, алыңыз, Кәуір баққан көп жылқы Мына жатқан тезегі.
Таудан кәуір төгіліп, Ат қолтығы сөгіліп, Сарт-сұрт етіп тебініп,
Астына мінген тұлпарлар Ауыздығын кеміріп.
Қарағай найза қолға алып, Жауға қарсы шабыңыз.
Жалмауыздай емініп, Көзге түсіп көрініп, Бәйгі атындай желігіп, Сегіз қырлы ақ берен Атылар майдан ішінде. Қарағай найза болат ұш
Шаншылар майдан ішінде. Алмас қылыш тағы да Шабылар майдан ішінде.
Балдағынан қызыл қан Малынар майдан ішінде.
Қабырғасы жігіттің Сөгілер майдан ішінде. Қара қаны аузынан Төгілер майдан ішінде. Кім өлсе, қорқақ өлсін,
Қашқанды кәуір сүйреп көмсін. Жаулан, жігіттер, жаулан!
Барын хан осылай деп бата берді, Кәуірді қарсы келген ерлер көрді. Жауланып жауды көріп әруақтанып, Естіңіз не қылғанын Айдос ердің.
Әруақты туған ер Айдос, Кертөбелдей тұлпарды Перенменен белдіктеп, Шұғаменен желдіктеп, Мақпалменен терліктеп, Ердің үстіне салады,
«Қорқар болсақ кәуірден, Мұнда не қып келдік?» деп. Жау қашырсақ, әбүйір, Ажал жетсе, өлдік деп.
Тағдырда жазған Алланың Жазуын, ерлер, көрдік» деп. Мұны айтып ер Айдос, Құйысқанын қысқартты, Тізгінін түйіп, теңгеріп,
Екі айылын бек тартты. Қанын алып ішіне,
Түсі көк боп, сұр тартты. Батырлардың бәрі де Аттарына мінеді, Пірілерінен мәдет тіледі. Қызыл туды қолға алып, Кәуірге қарсы жүреді.
Мойынға салып мылтықты, Желекті найза қолға алып, Білекке қылыш іледі.
Қорқақтары дірілдеп, Батырлары күледі.
Жақындап қалды қалың қол, Енді шыдап тұрмады.
Қашпалап ерлер кіреді, Алдындағы кәуірді Батырлардың бәрі де Бет-бетімен түреді.
Әруақты туған ер Айдос Кертөбелдің үстіне
Енді мініп алады, Кәуір жаққа қарады. Жел тимейтін бауырға Орай қамшы салады, Айғай-сүрен салады. Айғайлаған дауысы Әлдеқайда барады.
Күркіреген дауысы Күншілік жерді шалады. Қалың кәуір ат қойып, Алды-артын ердің қамады. Балдағы алтын ақ семсер Қолға батыр алады, Қызыл қанға малады.
Қарсыласқан кәуірді Екі жарып салады.
Қос желекті ақ сүңгі, Мұны да қолға алады. Толып келген кәуірді Толғап батыр салады. Мойынға салған ақ берен, Мұны да қолға алады.
Оғыменен аралас Уыстап дәрі салады. Селдіреп қашқан кәуірді Түтінін қосып түтінге, Бытырлатып барады.
Қабағына қар тұрып,
Кірпігіне мұз тоңып, Көзі оттай жанады. Назар салса майданға, Әуелгідей көп емес, Азайып кәуір барады. Құмарланған соғысқа Мейірі әбден қанады. Таудан кәуір төгіліп, Шабуыл болып неше күн, Ат қолтығы сөгіліп, Астындағы Кертөбел Ауыздығын кеміріп, Басын тартса, тұрмайды, Ілгері-кейін шегініп,
Тұрмайды тұлпар желігіп. Үстіне мінген ер Айдос Жалмауыздай емініп, Тақымынан тау көрініп, Сарт-сұрт етіп тебініп, Шыдамады батырға,
Бет-бетімен қашады. Үріккен қойдай бөлініп, Қырғын тауып кәуірлер Жеңілді майдан серігіп.
Сонда Айдос сөйлейді:
– Кертөбелді байладым Арпа менен бидайға.
Айналса болар Құдайға Жануарым – Кертөбел, Шықса айқай, шыдай ма? Болдырмас еді жануар, Тоқтамай шапса бір айға. Сол мезгілде күн батты, Қас қарайып, түн батты. Түн батпақ түгіл, ел жатты. Айналайын қырық арыстан Кәуірді қырып қиратты.
Көп қирата бермеңдер,
Ұлығынан ұят-ты. Омыртқада он жара, Қабыртқада қырық жара, Талай ерден қан қайтты.
Кәуірге батыр Айдос қырғын салды, Судай қып ағызады қызыл қанды. ұрысып неше күн-түн қырық жігітпен, Аз ғана жүздей ғана кәуір қалды.
Қашуға енді ұрыспай бетін алды, Көп емес, жүздей ғана кәуір қалды.
Кәуірлер жан сауғалап қашқаннан соң, Олжа ғып барлық малды жолға салды. Көрінген кәуірлердің бәрін қырды,
Бір сырлы Айдос жігіт, сегіз қырлы. Қайтарып көп әскердің бетін түзеп, Керіліп Кертөбелмен келіп тұрды.
– Мұқаттым дұшпанымды, көңілім жай, Тұрайын дамыл алып бір кішкентай.
Қарайып екі көзім, қарным ашты, Қайдасың, ер Түлеке? Малтаңды шай.
– Кәуірмен көп соғыстың қызып өте, Қайырып әскеріңді, тұрсың жеке.
Ашқанын қарыныңның білгенім жоқ, Берейін тамағыңды, батыреке.
Малтасын төрт саптыаяқ шайып ішті, Өзі ер жігіт еді өте күшті.
Үстіне Кертөбелдің мінді дағы, Қарауыл көк төбеге барып түсті.
Көз салып төңірекке қарады кеп, Көрінген жақын жерде бір адам жоқ. Киімін шешінгенде батыр Айдос, Төгілді қардай борап тоқтаған оқ.
Таңырқап оққа қарап Айдос тұрды, Өлімнен қалғандығын батыр білді. Көрген соң осы оқты батыр Айдос, Күпірлік кеудесіне келіп кірді.
«Талай ер менен бұрын өтті, дейді, Тәуекел қырғын соғыс етті, дейді. Өлмеген осынша оқтан жалғыз жаным, Кәуірден боқты өлермін депті, дейді.
Қата сөз Қарашаштан өтті, дейді, Жолдастар мені мазақ етті, дейді. Жүрмейтін құрбы ішінде мазақ болдым, Қарашаш, қап сені ме!» депті, дейді.
Сөйлейді: «Елге қайтіп барамын, – деп, – Бойында жігіті еді ашуы көп».
– Дұшпанға, досқа күлкі, мазақ болдым, Сені ме, барғаннан соң, қылмасам! – деп.
Желпініп көйлегімен, атқа мінді, Кеудеге, тәуба кетіп, күпір кірді. Бір мерген жатыр екен жасырынып, Мергенге ажал айдап қарсы жүрді.
Сұр мерген жасырынып жатты дейді, Замогын мылтығының тартты дейді. Келгенде қатарына әлгі мерген, Батырды дәлдеп тұрып атты дейді.
Атқан оқ кеудесінен өтіп кетті, Ежелден кәуірменен қазақ кекті. Ақырып айбат қылып, далбас етіп, Қасына сол мергеннің жетіп кепті.
Қасына батыр Айдос жетіп барды, Қылышын қынабынан қолына алды. Замокты және тартып атқанынша, Семсерін бір-ақ сипап, басын алды.
Мінгені астындағы Күлік кер-ді, Атының басын бұрып ірікті енді. Аузынан қара қанын лақылдатып, Артынан қайтқан қолдың жүріп берді.
«Бола көр, пірілер, жәрдем, қысылғанда, Мойынды қылыш шаппас, ұсынғанда.
Табысқан тай күніңнен жолдасым ең, Кертөбел, жеткіз мені мұсылманға.
Алыстым, тамыр болып Жүніс ханға, Ер едім кереметті ұрысқанға.
Мұсылман бедегедей, күлдей кәпір, Қалдырмай жеткіз мені дін ысламға».
Толысып келе жатыр Айдос батыр, Басынан түсті жастың заман ақыр. Қайыра Кертөбелге қамшы басып, Артынан қайтқан қолдың келе жатыр.
Құшақтап келе жатыр аттың жалын, Сақтарға жер таба алмай жалғыз жанын. Аузынан қан төгіліп, есі бүтін,
Көреді қырық жігіт пенен Барын ханын.
Көңіліне жад етеді Құдіретті,
«Қолда» деп төрт шаһарияр мен Мұхаммедті. Жығылмас қуаты бар, есі бүтін,
Артынан қайтқан қолдың қуып жетті.
– Жолдастар, ойлаңыздар ұят-арды, Соғыста аямадым жалғыз жанды.
Артында бетке қарар жан қалған жоқ, Жамандар, Құдай алғыр, олжаң қалды.
Олжа ғып айдадыңдар бек көп малды, Бір мерген қапылыста атып салды.
Жаны бір, тәні басқа, қырық жігітім, Қырық шапқан қысқа күнде Айдос қалды.
Кертөбел құйрығы ұзын, жалы майда,
Бола ма енді маған ақыл-айла? Көрмейсіз, айуан малдай, жолдасыңды, Қамалға қарсы шапқан Айдос қайда?
Айдостың жолдастарымен, атымен арыздасқаны, қоштасып Барын ханға айтқаны
Батыр Айдос сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді:
– Азаматтар, жолдастар, Бір жылы туған құрдастар, Қатар өскен сырластар!
Қара мойын серкедей Алшаңдап Айдос қол бастар.
Қамалды бұзған Айдосың Бұрынғыдай болмасты-ай. Азаматтар, жолдастар!
Мен бір сөзді сөйлейін, Бәріңіз де келіңіз.
Кеудемде жаман жарам бар, Осы жерге түсіңіз,
Ас-суыңды ішіңіз. Ас – адамның арқауы, Кіреді, ерлер, күшіңіз. Шақпақ отын шағыңыз, Тезек отын жағыңыз.
Қалың қолды аралап, Жоғары-төмен шабыңыз. Жар шақырып айғайлап, Дәрігер болса, табыңыз. Омыртқада он жара, Қабыртқада қырық жара, Жүрегімде бір жара, Сол – бір жаман сұм жара. Назар салып бағыңыз, Дәрі болса, жағыңыз.
Болар ма екен бір себеп, Кертөбелді сойыңыз, Өкпесімен қағыңыз!
Айдос батырдың Барын ханнан Қарашашқа сәлем айтқаны
– Денемнен қуат кетіп, азайды хал, Ішінде бір жиырманың келді-ау ажал. Барын хан, берірек кеп, құлағың сал, Өзіңе айтатұғын арызым бар.
Алып кел дәрет су мен құманыңды, Үйірші жылдам, тақсыр, иманымды. Шаптырдың, алдадың да, кәпір насқа, Құдай-ай, білмедім ғой ұрғаныңды.
Атандым ер Айдос боп он бес жаста, Дулыға, белде қылыш, кидім басқа. Барын хан, сөзім тыңдап, құлағың сал, Айта бар менен сәлем Қарашашқа.
«Жапанда жалғыз қалды деп айтарсыз, Оқ тиіп ер Айдосқа қапылыста».
Ішінде жиырманың менің жасым,
Досым жылап, дұшпаным, күлді -ау қасым. Айта бар менен сәлем Қарашашқа,
Тием деп бір жаманға, қор болмасын.
Мылтықтың қайырушы ем шаптырмасын, Арқаның көп атып ем қаз-тырнасын.
Айтыңыз бізден сәлем Қарашашқа, Төсегін бір жаманға бастырмасын.
Табылар, сөйлей берсе, сөзден айып,
– Ер ме еді батыр Айдос осы лайық. Айта бар бізден сәлем Қарашашқа, Күнінде ақіреттің қосылайық!
Айдостың жолдастарына қоштасқаны.
– Жолдастар, о дариға, қош-аман бол, Айдосқа жиырмада ілінді тор!
Оқ тиіп қапылыста, жас өлгенім, Болмаса, ата-анадан қалған бұл жол.
Өлмесе ата-анамыз, қайда кеткен? Қайтады ертелі-кеш ажал жеткен. Адамнан төмен қарай бәрі де өлер, Мұхаммед, төрт шаһарияр, Ғали да өткен.
Ағайын бірге өлмейді, бала, қатын, Қалады киген киім, мінген атың.
Әрбір іс артық-кемді болған шығар, Кеше көр, қырық жігітім, жолдас ақын.
Дариға, енді менің өлгенім бе?! Қараңғы көр ішіне енгенім бе?!
Бірге өсіп, бірге жүрген жолдастарым, Жүріңдер Құран оқып көргеніңде.
Жүріңдер келіп-қайтып анда-санда, Алдыңа айдап олжа салмасам да.
Үстіне Кертөбелдің мініп тұрып,
Хош айтып, қол ұстасып қалмасам да.
Хош-аман бол, жолдасым, Ажал болып жабысты Қой боғындай қорғасын. Оқытшы әкеп иманды Барын ханның молдасын. Құс ұшпас құла жапанда Құмырсқаға жем болып, Қалғаның ба сүр басым?! Кәуірді шауып, мінуші ем Жүйрігі мен жорғасын.
Ерегіскен бұзып ем Әрбір ханның ордасын.
Қарғаған екен сол дұшпан:
«Жігітіңде жиді» деп, Деген екен «оңбасын». Бұрынғыдай қол бастап, Кертөбелі алшақтап, Жолдастар, біліп тұрсыз ғой Айдос тірі тұрмасын.
Әлім кетіп барады,
Қол ұстасып, хош айтам, Құрбы менен құрдасым!
Сөйлейді арман қылып әрбір істі, Жазу сол тағдырдағы әмір күшті. Жатқанда есіріктеп батыр Айдос, Кертөбел қаңтарулы көзі түсті.
– Ой, дүние! Көзім жетті жалғаныңа, Жеткіздің кімді, Құдай, арманына.
Табысқан тай күніңнен жолдасым ең, Кертөбел, жануарым, қалғаның ба?!
Тай күніңде жолықтың, Жасымнан Айдос болыппын. Саған мініп жол жүрсем,
Үш күндік жерге бір күнде Еркін жетіп қоныппын.
Бір асқанға , бір тосқан, Солғын болды толқының, Хош-аман бол, жолдасым, Саған мінер әлім жоқ, Жанымнан енді торықтым. Тай күніңде мініп ем, Желекті найза қолға алып. Беліме қылыш іліп ем, Жан жолдасым, жануар, Дұшпанымның үстіне Қызыл судай жүріп ем.
Қарсыласқан дұшпанның Шылбырлап жонын тіліп ем. Мың қол болса алдымда,
Сен астымда жүргенде, Іркілмей жалғыз кіріп ем. Желекті найза қолға алып, Қыран құстай қомданып, Бет-бетімен тұрып ем.
Жекелеп шыққан ерлердің
Алмадай басын жұлып ем. Кертөбелім, жануар, Қайсыбірін айтайын, Талай қызық қылып ем.
Талайларға жылаған Мазақ етіп күліп ем. Хош-аман бол, жануар, Сендей тұлпар ат қайда
Жібектей майда жалы бар! Шын қазанат ақ етті,
Төрт аяқта әлі бар. Жолбарыс кеуде, қаз мойын, Бауыры жазық, тар мықын, Тығыз құшақ саны бар,
Теке мұрын, салпы ерін, Шүңке тұяқ, бота көз, Тұлпарға бітер пішіннің Бір өзіңде бәрі бар.
Хош-аман бол, жолдасым, Айрылатын күн болды, Айдостың мұндай жайы бар.
Құлақ сал мына сөзге, қара, Барын, Бар шығар мендей, тақсыр, балаларың. Табысқан тай күнінен жолдасымды Мінгізбей әлдекімге, ала барғын.
Жолымен Қазғаношақ төтелей кет, Жалпостап жемін беріп мәпелей кет. Қырық шапқан қысқа күнде, жануар, Мінгізбей бір жаманға, жетелей кет.
Мінгізбей бір жаманға, бостап алғын, Арттағы құралымды қостап алғын.
«Аманат, ер Айдостың жолдасы» деп, Өзіне Қарашаштың алып барғын.
Айтқан соң осы сөзді, демі бітті, Дариға! Қайран жасқа ажал жетті.
Ат мініп Кертөбелдей, кәуір жаулап, Уақытында күні біткен о да кетті.
Кәнеки Айдос ердің өлмегені, Түсінің Қарашаштың келмегені. Үйдей ғып алты қанат лақыттарын, Жиылып қалың қолдың кеулегені.
Жігітті алшаңдатар аты барлық, Адамға жарамайды пейіл тарлық.
«Айдосты Қарашашқа естірткен жан Алсын» деп Барын әділет қылды жарлық.
Талай ер осы қолда бар-ды дейді, Тірілмей, Айдос өліп қалды дейді.
«Ол қызға мен естіртіп алайын» деп, Талапкер біраз оза салды дейді.
Қарашаш қайғыда жүр, болып пақыр, Жақсының айтқан сөзі балдай татыр.
«Естіртіп, Қарашашты аламын» деп, Астында қос аты бар, келе жатыр.
Қарашаш түс көргеннен торығады, Астына мінген аты зорығады.
Жүр екен жолын тосып қайтқан қолдың, Озғаны кеп Қарашашқа жолығады.
Қарашаш:
– Бүрленіп бау қарағай бітер тауға, Аттандың, өңкей батыр, кәуір жауға. Жортуыл былтыр кеткен, биыл қайттың, Аман ба, азаматтар, бізге сауға?
Жігіт:
– Бүрленіп бау қарағай бітер тауға, Аттандық өңкей батыр кәуір жауға. Жортуыл былтыр кетіп, биыл келіп, Алдырдық Айдос ерді кәуір жауға.
Қарашаш:
– Мінгенің астыңдағы жорға сынды, Ажалы, Айдос өлсе, қорғасынды.
Неге өлсін кәуірлерден батыр Айдос, Әншейін қалжың еткен құрдасың-ды!
Жігіт:
– Айтамын, тыңдасаңыз, молда жеңге, Жүрсіз ғой тілеу тілеп жолда, жеңге.
Мінеки бой тұмары, нанбасаңыз, Айдостың өлгеніне ол да, жеңге.
Қарашаш:
– Астыңа мініп келген бестің жоқ па, Сойғанға Құдай үшін ешкің жоқ па? Жол біліп, жоба айтатын ер құрып па, Еліңде сенен басқа естің жоқ па?
Жігіт:
– Жортуыл кәуір жаулап былтыр бардық, Бар малын, қырып-жойып, шауып алдық.
«Өзіңе кім естіртсе, сол алсын» деп, Патшамыз Барын әділет қылды жарлық.
Қарашаш:
– Жағалай Сырдың бойы сыдырым тал, Айғырға, ұя төгіп, бітеді жал.
Қан толғыр аузыңа, надан шіркін, Өзіңе кәде етемін, естіп қал.
Жігіт:
– Майданда істеді ғой талай ерлік, Жазасын ерлерінің біз де бердік.
Оқ тиді қапылыста ер Айдосқа, Текпілеп, терең қазып, қолдан көмдік.
Қарашаш:
– Атанған ер Айдос болып он бес жаста-ай, Алар ма ең Қарашаштай қиғаш қасты-ай.
Бойында дәреті жоқ надан шіркін, ұстамай бой тұмарын, бермен таста.
Жігіт:
– Суынан Нарын деген суламады, Көл қылып көзінің жасын бұламады.
Қырық шапқан қысқа күнде қайран Айдос! Қарашаш бетін жыртып жыламады.
Қарашаш:
– Суынан Нарын деген суламан-ды, Көл қылып көзім жасын бұламан-ды. Айтарма ең, досым болсаң, осы сөзді, Көзінше дұшпанымның жыламан-ды!
Айтты да осы сөзді, қайта басты, Сұлудың құсалықпен түсі қашты. Үйіне кіріп келіп сол Қарашаш, Жасауын төрге жиған тысқа шашты.
Әкесі:
– Ей, балам, не себептен түсің қашты? Асығып тыстан келіп, төрге бастың.
Тырнақтап жас күніңнен жиғаныңды, Сұм балам, не себептен тысқа шаштың?
Қарашаш:
– Қараңғы күннің көзін алды бұлт, Қылады бұл сорлы қыз неден үміт? Қайтеміз иесіз қалған құр мүлікті, Өліпті Айдос атты жалғыз жігіт?!
Әкесі:
– Мүлкіңді тысқа шашпай тоқта, балам, Қолға алып найзаларын шоқта, балам!
Өлгені ер Айдостың рас болса, Өзіне лайық қып жоқта, балам!
Қарашаш жоқтайды:
– Жоқта десең жоқтайын,
Қарағай найза шоқтайын. Басшы боп барған Барын сарт Ата тегін боқтайын.
Айдос шапқан намысқа, Қаптағанда көп кәуір, Барын сынды қорқақ сарт Кіре қашқан қамысқа.
Қайран да менің хан мырзам, Арыздаспай, қоштаспай, Ажалың жетті алыстан.
Орама мылтық күнде атқан, Қасалақ оғын зымыратқан. Бас бармақтай бөдене Басын байлап, көзге атқан. Ерге лайық ат болып, Кертөбелдей тұлпарды Шылбырын үзіп ширатқан, Майданда мініп ойнатқан, Ауыздығын шайнатқан, Көзін оттай жайнатқан.
Майданға кірсе ақырып, Шапқан шөптей қиратқан. Қайранда менің хан мырзам, Көп әскер жиып барушы ең, Қалмақты шауып алушы ең, Қарсыласқан ерлерін Қойдай қырып салушы ең.
Құл менен күңді әкеліп, Әр атаның баласы
Олжаға батып қалушы ең. Қайранда, менің хан мырзам, Алқалы кетпен мойнында, Екі-үш наны қойнында, Шаршы шапан кең қолтық, Дорба сақал, қайқы бас Мынар деген қатты жау Қайырмада татты жау,
Мұны да шапқан хан мырзам! Қарақалпақ қатты жау, Қайырмада татты жау.
Арбасын атқа сүйреткен, Найзасын тасқа түйреткен, Ойынын ойнап билеткен.
Телі менен тентегін Дүре соғып үйреткен.
Айдостан сорлы бар ма екен Үйде туып, түзде өлген!
Жал-құйрық жоқ, қанатсыз, Бала да жоқ ер жеткен, Онында шапқан, хан мырзам! Он жаста Ғали атанған, Пайғамбардан бата алған.
Он бес жыл жүріп қайтатын Қазатқа барған сапардан, Қырғын салып олжа алған. Жамшит, Қаһмас қатардан Омар, Оспан, ол Сыдық, Қасен менен Құсайын.
Баяны жоқ дүние-ай! Бұған да опа қылмадың.
Наушаруан патша Шаһарбан- Адамзаттың алыбы,
Бұған да опа қылмадың. Рүстем-Дастан қаһарман Тірі көрінді.
Ер Айдос осы сапардан Арманда өткен хан мырзам! Айдос өлді, мен де өлейін,
Жолдастық қызығына кенелейін. Қаралы жесір болып атанғанша, Аман бол, елім, қош-қош, енді өлейін!
Айдостың Қарашашпен болған жері, Қауындай қазандағы солған жері.
Айдос батыр өлгенде, сұлу да өлген, Сондай болсын әркімнің алған жары.