Қазақша
НӘРІК
НӘРІК
Нәрік деген Қазан шәрінің ханы еді. Жасы сексенге толды, өзі егде болды. Сонда қасында қырық биі бар еді. Бір күндері Нәрік қырық биін шақырып: Мен бір әйел алайын деп едім, – деп кеңес құрады. Нәріктің сол кезде бес қатыны бар еді. Алды жиырма бесте, арты он бесте еді. Қырық бидің ішінде ең үлкені Әліби деген еді. Бір заманда сол Әліби келгенде, жолдастары айтты:
–Нәрік ханымыз, “Әйел аламын”, – деп, соны бізден сұрайды. – Біз: білмейміз, Әлекем білмесе деп қойдық, – деді қырық биі.
Сонда Әліби сөйлей бастады:
–Халық ұстаған ханымыз, бес әйеліңіз бар еді. Кәрі емес, бесеуі де жас еді. Алды жиырма бесте, арты он бесте. Сіздің жасыңыз да жетіп еді. Құдай берсе, қиын емес қой, – деді.
Сонда Нәрік айтты:
–Ертең сәске болғанда бәрің де жиналып келіңдер, көрші- қоландарыңызды ала келіңдер, егер келмей қалғаның болса басың өлімге, малың қазынаға салынады. Ертең сәске болғанда қырқы да келеді. Сонда Әлібидің ақылы: “Сен қартайдың, қатындарың бәрі жас. Енді қатын алып, не қыласың? Қайратың жоқ” деген сөзі болды. Қырық биі келгесін, Нәрік бәрі бірге Ноғайға аттанып жүреді. Ел ішіне келгесін, Нәрік үй тіккізіп отырады. Әліби жиырма қызды жинап келеді. Әліби келіп Нәрікке айтады:
–Тақсыр жиырма қыз жиналып келіп тұр. Осыдан тандап алыңыз, – деді. Нәрік үйден шықса, жиырма қызға көзі түспей, ең шетте тұрған бір қызды көрді. Оның үстіндегі киімі жыртық еді. Сонда Нәрік хан сұрады:
–Анау шетте тұрған не қылған бала? – деп. Сонда Әліби:
–Бұл бір жарлының қызы, “Қал” десе қалмай, артымыздан еріп келгені.
Ол қыз ешкімге керегі жок, – деді.
Нәрік сонда Әлібиді шақырады. Келген кезде: “Білегіңді сыбанып, алақаныңды жай”, – деп, жанына қолын салып, бір шеңгел алтын алып Әлібиге берді.
–Осы білегіңді түсірмей, мына алтынды анау тұрған балаға апарып бер,
–деді.
Сонда Әліби сол алтынды қызға апарып береді. Қыз Әлібиге қарамастан, қырын қараумен алтынды алып қалады. Және Нәрік хан
–Қыздың жасын біле кел, – дейді.
Сонда Әліби: – Жасы он үште екен, – деді. Сонда Нәрік:
–Жиналған балаларға рақмет, кете берсін. Елге барғасын “өзім алам” деген балаға қағаз жібереміз, – деді.
Қыздар қайтып жүре берді. Сонда шетте тұрған қыз да қайта береді.
Нәрік үйге кіріп бара жатып:
–Бұл қыз он үште, мен сексенде, – деп жүре береді. Сонда Нәріктің қасындағы қырық биі ойлайды: “Қолынан қазына беріп, жасына шейін біліп жатыр, сірә, осы қызды Нәрік хан алады ғой” деп. Сонда бұлар жүріп, көп тоғайдың ішіне келіп түсті. Ол жерге тағы да үй тігілді. Нәрік: – Тағы да қыздар жинап әкел, – деп Әлібиге бұйрық етіп, Әліби Ноғайдың қызын тағы жинап әкелді.
Ноғайлы қызын бермеге, Нәрік ханды көрмеге.
Сонда Әліби сөйледі:
– Бір бөлек қыз келіп тұр.
Сонда Нәрік үйден шығып, қыздарды жағалап жүріп біреуін де ұнатпағасын, қайтадан үйге кіріп бара жатып, Әлібиге айтты:
– Қыздарың ұмытпай, аттарын жазсын. Әлдекім ұнаса барғасын, өзім хабар жазып жіберемін, – деді.
Сол тоғайға келіп түскесін, билерінің бәрі аттарынан түсіп, демалып ұйықтап жатып қалады. Нәрік хан сары қызыл тұлпарын жетелеп оттатып жүрді жатпай. Сонда Нәрік тұлпарын оттатып жүргенде, қой бағып жүрген бір қойшы келіп Нәрікке сөйлей береді:
– Хан қалпағың басыңда, Қырық нөкерің қасыңда, Қара сақал ақ болып, Өлетұғын шақ болып, Әлі дүниеден тоймаған,
Қартайсаң да дүниені ойлаған Жолдасың жатыр дем алып. Жетелеп атың оттатып,
Қара сақал ақ болып, Өлетұғын шақ болып, Ат жетелеп жүргенде,
Әзірейіл келсе тап болып, Онда не қыласыз сіз? – деді. – Қойды бағып жүрсек те,
Дем алып жүрміз ғой біз, – деді.
Сонда Нәрік сөйледі. Сөйлегенде, не деді:
– Хан қалпағым басымда, Нөкерім бар қасымда, Қазан деген қала еді,
Ол Қазанның шәрінде Нәрік деген хан едім.
“Бір жақсы әйел алам” деп, Шығып едім далаға.
Тоқсан баулы ноғайдан
Бір қыз іздеп таппадым Сол ноғайдан қолайлы Оны да қылған Құдай-ды,
Бұл жерден шығып кетемін. Тірі болсам екі күнде
Елге барып жетемін. Сонда қойшы сөйледі:
– Халық ұстаған ханымыз, Сөзіме құлақ салыңыз,
Анау көрінген екі көлдің арасы.
Арасында көрінбес Еш нәрсенің қарасы. Соған көзіңіз салыңыз,
Ол Асылнұр деген ноғай еді, Өзі сексендегі шал еді,
Кемпірі жетпісте бар еді Адал өзінде қара жоқ, Менді деген қызы бар, Он сегізде жасы бар.
Меңдіні көрген адам қасынан кете алмайды,
Ешбір адам баласы оған жете алмайды. Ол қыз болғанда, қызық, – деді. Жаратқан адамнан бұзық, – деді.
Ол жерге шығып жалғыз отырғаны:
“Ер жеткесін, балама Ноғайлы көзін салар деп. Ықтиярсыз тартып алар” деп. Өзі артық туған ер еді, Бұрын-соңды төре еді.
Бір күндері болғанда,
Жасы сексенге жеткесін, Буыны босап жүр еді. Меңдіні көрген адам кетпейді, Онан адам баласы өтпейді. Айтып болдық біз, – деді,
Жақсы әйел алатын болсаңыз, Қасынан көріп кет, – деді.
Сонда Нәрік қасындағы билеріне: – Тұр, – деді. Өзі де сары қызыл тұлпарға мініп алып, билерін ертіп алып сол шалдың үйіне қарай жүре берді.
Асылнұр алты ағашты қаққан екен, Сол жерді мекен етіп жатқан екен. Жетіп келіп Нәрік:
– Болармын қонақ мен, – деді, Рұқсат берсеңіз сіз, – деді.
Сонда Асылнұр шал: – Түсе беріңіз, – деп, бүкшеңдеп үйге қарай жүре берді. Меңді үйінен көрініп шықпады. Үйге кіріп бұлар бара алмады. Олар қонақасын кем қылмай беріп тұра берді. Сонда Нәрік хан қырық биіне айтты: – Біз келгелі үш күн болды. Үйде жата береміз бе? Қызды көріңдер, – деді. Сонда Әліби жүгіріп келіп үйдің тесігінен қарап, қызды көріп, кейін кетті. Сонда қыздың әкесі Әлібидің қарағанын көріп қалып, үйден бір жаққа шығып кетті, шешесі екінші жаққа шығып кетті. “Бұларды қонақ екен” десем, жау екен, жабығымнан қол салды” деп, ашуланды. Сонда үйдегі Меңді ару да үйден шығып, әкесіне қарай жүре берді. Келіп әкесінің қолынан ұстап сөйлей бастады:
– Айналайын бабамыз, Ақылға қамал данамыз Алла нашар жаратқан Біз бір жалғыз балаңыз.
Жібермен, әке, мен, – деді, Өлтіресің сен, – деді.
Өлгеніңді, әке, көрермін, Қолымнан қазып көмермін.
Бір шыбындай жаныңыз Алладан келген аманат. Аманатын Алланың
Көз алдымда берермін. Егер біреу сізге қас болса, Кескілесіп өлермін Кетпе, әке, далаға.
Қайтпай ма екен әкесі Біздей жылаған балаға? Кемпір де кетіп барады,
Түсі оның бұзылып, Көзінің жасы төгіліп,
Мезгіл-мезгіл жығылып, Әкесін қолынан жетелеп, Шешесіне келеді.
Шешесінің қолынан Тағы ұстап алады.
Бұрын қорлық көрмеген Кемпір менен шал еді.
Атасы әйел болса да,
Меңді ару жалғыз бала еді.
Соқиа шешесінің қолынан ұстап Меңді ару сөйлей бастады:
– Айналайын анамыз, Мен едім жалғыз балаңыз. Алла нашар жаратты, Енді бар ма шарамыз?
Тоғыз ай он күн көтердің, “Алла маған берді деп.
Бір перзентті берсе деп. Өмірі ұзақ болсын деп.
Көзімнің жасын көрді” деп,
Тар құрсағың кеңейттің, Емшегің тастай жібіттің.
Бесікте жылап жатқанда
“Қарағымның қарны ашқан болар” деп, Емшегінді иіттің.
Іші-баурың елжіреп, Омырауынды ашқансың. “Ашылсын, – деп, – жүрегің”, Баурыңа басқансың.
Жібермен, шеше, мен, – деді,
Далаға кетпе сен, – деді, Кеткенің емес жөн, – деді. Нәрік дейтін қартыңа
Берермін жауап мен, – деді. Қайғы етпеңіз, ата-ана,
Бұл кісіден сіз, – деді.
Сонда Меңді екеуінің қолынан ұстап үйге жақын келгенде, Нәрік те келіп қалды. Сонда Нәріктің айтқаны:
– Аздың болмайды екен көптігі, Аштың болмайды екен тоқтығы. Тоғайды тоқсан күн кездірген Бір перзенттің жоқтығы.
Бесеу еді қатыным, Жиырма бесте алды бар, Он бес жаста арты бар, Бесеуі де әйелден асқан Нарқы бар.
Мекенімді сұрасаң, Қазан деген қала еді. Сексенге жасым келулі, Мен Қазан шәрінің
Нәрік деген шалы едім.
Сүйемісің Ақменді, Сүймеймісің, айт, – деді. Үш күн жаттым қамалып, Тезден жауап бер, – деді. Сонда Меңді сөйледі. Сөйлегенде не деді:
– Мынау тұрған – бабамыз, Қасымда тұрған – анамыз. Қарап, өзің көр, – деді.
Екі қыз малың тең берсең,
Тиермін саған мен, – деді. Төсегің таза салармын, Көрпеңді таза жабармын. Шөлдесең, сусын берермін, Тоңсаң, отын жағармын. Өлгенінше, сұлтаным, Сүйегің таза бағармын. Өлгеніңді көрермін, Қолымнан қазып көмермін.
“Жолдасым алған өтті, – деп,
Бұйрық айтып кетті”, – деп, Аманатын Алланың
Көз алдымда берермін. Сонда Нәрік сөйледі:
– Асыл туған, Ақмеңді, Үшеуіңе үш жорға ат, Біздің елге баралық.
Елге барып алғасын,
Қасыңа жолдас берейін. Ноғайлыны аралап
Өз көзіңмен көр, – деді. Өзіңмен жасты бір қызды Әкеңе алып бер, – деді.
Сол қызға берген малындай Әкеңе тағы мал бер, – деді.
Әкең өз алдына үй болып бұл қонсын, Тігулі тұрған үй болсын,
Мерекелі той болсын, – деді.
Сонда үшеуі үш жорғаға мінеді де, Нәрік, қырық биі – бәрі де Қазан шәріне аттанады. Қазанға барғасын, Меңдінің қасына көп қыздарды қосып қояды да: – Өзің жақсы көрген қызды әкеңе алып бер, – деді. Сонда Меңді тоқсан баулы ноғайды бір ай аралап жүріп:
“Әкемді жақсы бағар, деп. Өзімдей жақсы қарар” деп,
Алып берді бір қызды. Қызға берген малындай Әкесіне тағы береді. Әкесі жас қыз алғасын, Көңілденіп, алданды. Меңдіге неке қиюға Нәрік сонда сайланды.
Меңдіні некелеп алғасын, Жолдас болып қалғасын, Бір-екі жыл болғасын,
Билері кеңес құрады. Бұлардың діні бұзылып, Оларды Құдай ұрады. “Мынау Нәрік шал, деді. Меңді арудай жан деді. Қартайса да бұл Нәрік, Қайраты әлі мол, – деді. Бұл Нәрікті айламен
Жіберейік далаға,
Қалмақ салған қалаға.
Ол қалаға барғасын, Нәрік екенін білгесін, Өлтіреді Нәрікті,
Қайта айналып келмейді. Ол Нәрікте жақын жоқ, Ағайын тума тағы жоқ,
Бір жүрген жалғыз неме еді.
Сонда Нәрік қырық биінің жазған қағазымен қалмаққа кетуге жиналады. Қара тұлпарды ерттеп, қоржынды алып үйінен шыққан кезде Меңді ару артынан келіп Нәрікке сөйлей бастайды:
– Халық ұстаған ханымыз, Кеудедегі жанымыз,
Енді кетсең далаға,
Келмейсің қайтып қалаға. “Енді кетсем, өлдім” де. Қиямет күн болғанда,
Қауышалық, кел, – деді, Өз көзіңмен көр, – деді. Арамдамай сен мені,
Неке қыл да, Ноғайдың Біреуіне бер, – деді. – Ноғайдан басқа жауың жоқ, Сұлтаным, байқа, сен, – деді.
Төр жағымда жатып, білмейсің оң жағымнан. – Бері қарап жат, – деп шытшып,
Ақ етімнің сауы жоқ.
Суға барсам, тартқылайды “Тұра тұр” деп, Үзілмеген шелегімнің бауы жоқ
Маған көзін салғандай. Қолына тисе, қойшылар, Малшылар да алғандай. Енді кетсең, өлесің, Қайтып үйге келмейсің.
Сонда Нәрікті Меңді ару қолынан жетелеп, үйге барайын деп алып жүрді. Сонда Меңдінің ақ қағаздай болған етінен тек бармақ басқандай ғана жер қалған екен. Сонан басқа жерінің бәрі қып-қызыл болып, шымшып үзе берген екен. Шелекті қараса, үзілмеген бауы жоқ. Соны Нәрік тысқары шығып, қара тұлпарын байлап, ешқайда бармай отыра береді.
Күннің көзі батқанда, Кісінің алды жатқанда,
Нәрік: – Әлібиді шақырып кел, – деп Телшора құлды жіберді. Сонда Әліби келгесін: – Не жақсылық, не жамандық – бәрі сенен табылды, – деп, Әлібидің сол жерде басын кесіп тастады. Сосын Телшораны: – Тез тоғыз нарды алып кел, – деп бұйырады.
Байлаулы жатқан нар еді, Маңайында бар еді.
“Тоғыз нарды әкел” деп, Телшораны бұйырды.
Сонда Телшора бір сағат ішінде сегіз қанат үйді тоғыз нарға артып, жөнелтті дейді.
Бес қатынды тастады,
Бір жүрісті Нәрік бастады. “Ноғайлы көзін салар деп. Меңдіні тартып алар деп.
Бұл Қазаннан кетемін, Енді шығып далаға,
Тұрмаймын, – деп, – қалаға”,
Көшіп алып жөнелді “Бұл Ноғайдан кетем деп.
Мұнда тұрып, не етем?” деп. Қара тұлпар астында, Сарықызыл тұлпарға
Меңді аруды міндірді, Көшіп алып жөнелді.
Ноғайдан алған тек жалғыз Телшора болды жолдасы.
Сонда қалмақтың Өгіз хан деген ханы бар еді. Ол Нәрікпен әуелден өш еді. Нәрік жетіп барып, көп әскермен сол Өгіздің қаласын ала алмай келіп еді. Нәрік қашып елінен кеткенде, тап сол Өгіздің елінің шетіне барады. Барғасын, ол жер Өгіздің жері, мекені екенін танып қалады. Сонда Нәрік хан Меңдіден ақыл сұрайды.
– Ақ Меңді, әйел болсаң да, хан едің, Ақылың бар жан едің,
Жаңылса, ақыл тапқандай Артық туған сен, – деді, Қаштым ғой мен, – деді.
Көрінген мынау қарасы Қалмақтың Өгіз ханы еді, Бұл қашаннан жау еді.
Көз нұрымның танғаны, Кәріліктің жетіп қалғаны.
Бұған қалай қылам мен? – деді. – Таба көр ақыл сен, – деді.
Көзіне түсіп мен кетсем, “Бұл не қылған қара?” деп, Артымнан қуып жетеді.
Келген жаумен ұрыспай, Адам енді не етеді?!
Жас тоқсанға таянды-ау,
Жәрдем бергей, Аллам-ау! Ақыл сала мен келдім.
Өгізхандай зұлымға Барсам өліп кетемін.
Көрініп қалдым мен келіп. Енді қалай етемін?
Нәрік Меңдіге келіп, ақыл салды. Сонда Меңді ару Нәрікке сөйлей бастады:
– Құдіреті артық болғасын, Он бес жасқа толғанда, Дұшпанға кегі бермеген, Беліңе буған алмасты
Суырып жауға сермедің. Көк жебемен атқанда, Алдында тұрған тау мен тас Шағыл құмдай көрмедің.
Жақсы мен жаман көп көрген Артық асыл ер, – деді.
Атым әйел болғасын,
Не білем, тақсыр, мен? – деді. Әйелдің анық білгені
Қазан менен шайнегі.
Атқа мініп жүрмеді, Аралап нәрсе көрмеді. Шашы ұзын болса да, Әйел деген шіркіннің Ақылы жүдә кем, – деді. Қандай ақыл айтайын, Таксыр, енді мен? – деді. Менің тапқан ақылым:
Дидарласып әуелі, Ол қалмақты көрелік.
Жадыңызға саламын, Дидарласып көрмесең.
Ол қалмаққа жақын барыңыз, “Ноғайдан қашқан қашқынмын, Қорғалай келдім мен” деші.
Бір кеңірек оңаша Тоғайыңды бер деші. Сұрағаным – кең тоғай, Арттан келеді көп Ноғай.
Қашып едік елден көп Ноғай”.
Бір-екі күн демалып,
Мұнан да қашып кетерміз, –
деп Меңді ару Нәрікке ақыл айтты. Нәрік хан сонда ойлады. “Мені ғой бұл Өгіз хан көрген жоқ, тек қана атымды есітетін еді. Өзімді танымайды” деп Өгіз ханға барады. Сонда Өгізханға барып алдындағы адамына айтқаны:
– Мен – бір Ноғай елінен Қашып келген шал, – деді.
Қорғалаймын мен, – деді, – Бір кеңірек тоғай бер, – деді. Артымнан Ноғай келеді,
О бір бөлек ел, – деді.
Сонда Өгіз хан сөйледі:
– Кең тоғайға қонсын, – деп,
Сол жерде Ноғай болсын, – деп.
Сонда Нәрік хан кең тоғайға барып, қона кетті, Сегіз қанат Орданы тігіп, шұғадан үйді жаптырды.
Алтын зерден бауды тақтырды,
Тоғыз нарға жібектен желі тарттырды, Алтыннан қазық қақтырды,
Күмістен тоқпақ алдырды,
Қалмақтың қой баққан қойшысы, Сиыр баққан сиыршысы,
Жылқы баққан жылқышысы, Түйе баққан түйешісі,
Бірі қалмай жиналып
Нәрік ханның үйін көреді. Малшылар келіп қараса, Көкірегі күрілдеп,
Екі көзі іріңдеп, Буыны кетіп дірілдеп,
Бір шал отыр сырылдап. Төңірегіне қараса,
Енді үйінде құл отыр, Адам көргісіз сұм отыр.
Ол құлдың сақалының ағы бар,
Үлкендігі тағы бар. Үйінде отыр бір әйел, Ай десе, аузы бар, Күн десе, көзі бар,
Балдай тәтті сөзі бар. Тек атасы әйел демесең, Онан адам өтпеген,
Сұлулығына жан жетпеген. Қалмақтың малшылары Бір көргесін, сол үйден
Қайтып кетпеген.
Сонда малшылар Өгіз ханға барып хабар берген. “Кешегі келген Ноғай қызық екен, оның әйелі сізге лайық екен, өздері бұзық екен, – деді.
Ол әйелдің жолдасы Көкірегі күрілдеп, Екі көзі іріңдеп
Отырған бір шал екен. Және оның құлы бар, Адам көргісіз сұмы бар.
Жүк артып келген тоғыз нары бар, Үйінде дүниенің бәрі бар.
Тоғыз нарды байлайтын
Жібектен тартқан желі бар. Алтын екен қазығы,
Күміс екен тоқпағы,
Сол секілді жаман шалдың Қайдан сондай малды тапқаны. Сол секілді арудың
Лайықты емес қасына
Жаман шалдың жатқаны, –
деп малшылар Өгіз ханға хабар береді. Сонда Өгіз хан: – Ол қарт мұнда келсін, бар, шақырыңыз, – деді. Нәрік хан қара тұлпарымен келеді. Сонда Өгіз хан: – Менің айтатын сөзім бар, – деді.
– Тоғыз айда жететін Менің бір қас жауым бар,
Ажалың жетсе, өлесің, Жетпесе, қайтып келесің. Тоғыз айлық жол, – деді. Алты мың әскер берейін Сол шәрге жетесің, Барып қайрат етесің.
Он сегіз айда оралып Қайтып елге келесің, – деді.
Сонда Нәрік хан:
– Барайын енді мен, – деді. Әскерінді бер, – деді.
Алты мың кісі әскермен Өгізге жегіп арбасын,
Мәстекке шегіп шанасын,
Шұбыртты қалмақ баласын.
Сонда Нәрік: “Менің алыс жерге кеткенімді Меңді ару білмей қалар. Барып, айтып кетейін” деп үйіне келгенде, ару алдынан шығып келді. Сонда Нәрік Меңді аруға сөйлей бастайды:
– Өгіз хандай қалмаққа Барып едім мен, – деді. “Алты мың кісі әскерге Бас бол енді сен, – деді.
Баратын жолдың шамасы Тоғыз айлық жол, – деді.
Тоғыз айда барасың,
Тоғыз айда келесің. Ажалың жетсе, өлесің. Ажалың егер жетпесе, Үйге қайтып келесің”. Өгізге жектім арбасын,
Мәстекке жектім шанасын, Шұбырттым қалмақ баласын. Сол сапарға кеттім деп.
“Бармасам, қорықты” деп ойлар,
“Барамын” деп мен айттым. Кетемін енді мен, – деді. Он сегіз айға дейін
Кідіріп тұр сен, – деді. Сонда тұрып Ақ Меңді Қасына келді Нәріктің. Тізесіне басын сүйеп, Жылап тұрып сөйледі:
– Артық туған сұлтанын, Хандар мінбес қара атқа
Арба жегіп болар ма?! Ақ сұңқардың баласын Қарға өлтіріп болар ма?! Біз секілді бейбақты Бұл орданың ішінде
Өгіз хан зұлым қоя ма?! Енді менің өлгенім, Өлім болсын көргенім. Енді болар осы арты,
Сұлтаным, сені көргенім.
Сорлы болдым мен, – деді. Бұл дүниеде көру жоқ,
Мақшар күні көрелік. “Алланың мөрі” деуші еді, Оң қолынды берші, – деп, Менді ару тұрып егілді.
Сонда тұрып Нәрік хан Атының басын бұрады.
– Қош-аман бол енді! – деп, Аттанып жүріп кетеді.
Сонда Нәріктің қарасы үзілгесін-ақ екі құл келіп, Меңдіні шақырады. “Сізді Өгіз хан келсін – деп айтты”, – дейді. Сонда Меңді: – Бармаймын, – деді. Сонда екі құл аттан түсіп, Меңдіні айдап алып кетеді. Сонда Телшора құл Мендінің артқы етегіне жабысып айрылмайды. Сонда екеуін бірдей қалмақ сүйреп алып кете береді. Сонда Телшораның айтқаны:
– Айналайын, жеңеше, Енді кетсең, келмейсің, Біз секілді тумаңды Қайрылып енді көрмейсің. Атаңа нәлет қалмақ-ай, Ұстамашы қолын-ай.
Сен секілді залымды “Көрем” деген жоқ еді-ай Жеңешемнің ойында-ай. Айналайын, жеңеше.
Сенің үшін бұл жаным Болсын енді садаға. Қайта айналып көретін Күн болар ма, жеңеше? Енді қашан келесің Елде қалған қараға, Тігулі тұрған ордаға. Жеңеше, енді өлгенің. Тым болмаса үстіңе
Топырақ салып көмбедім,
Өлген жеріңді көрмедім. Атам Нәрік сұлтанды Ноғайға қойдың хан қылып. Жеңешемді көруге
Халықты қойдың зар қылып. Атаңа нәлет ит қалмақ, Жеңешемді қор қылып,
Хан ордасын қалдырдың Бұл күндерде тұл қылып.
Бір күндері болғанда,
Қалмаққа қойдың
Мен сорлыны құл қылып. Оңғарылып жел шығып, Естілер ме екен дауысым Нәріктейін ханыма, Кеудедегі жаныма.
Хан ордасы тұл қалды, Ішінде көп құл қалды. Жамандатқыр тоғыз нар Иесіз болып бұл қалды.
Сонда Меңді аруды құлдар алып барып, Өгіз ханның бір жақсы сарайына кіргізді. Кіл жібек пен не түрлі тамақтың бәрін әкеліп қойды. Жақсы төсектің неше түрлісін төсеп тастады.
Күннің көзі батпады, Қисайып Ақ Меңді жатпады. Неше түрлі тамақтың Біреуін де татпады.
Жұрт жатқан мезгілде, түннің іші болғанда, Өгіз хан он кісімен жетіп келді Ақ меңдінің қасына. Сонда қасындағы келген он кісінің біреуі Меңдіге сөйледі:
– Мынау тұрған – Өгіз хан, Өгіз ханға көзің сал,
Өгіз хан сізді сыйлайды, Жаман шалға қимайды. Өгіз ханға бас қоссаң, Бір сарайда жатарсың,
Бал, миуа, тәтті тағам татарсың. Ойын менен күлкіге,
Бар қызыққа батарсың. Осы тұрған Төрехан Қызметінді етеді, Құлың болып кетеді. Сіз секілді аруға
Қызмет етпей, не етеді?! Өгіз ханға бас қоссаң, Ойын менен күлкіден
Білмессің таңның атқанын.
Ойын-күлкі, қызықты Көруменен жатқаның. Өзіңнің түскен сарайың Ішіне кіріп жатарсың. Жаман шал кетті далаға, Қайтып келмейді қалаға, Енді ол сізден садаға. Өгізхандай хандарда Неше түрлі қызық бар.
Қызығын мұның көріңіз, Кешікпей, жауап беріңіз, Дін аштым енді мен, – деді, Жауап айтың сен, – деді.
Сонда Меңді ару тұрып сөйледі. Сөйлегенде не деді:
– Арғы атамды сұрасаң, Қарадөң сынды қарт еді, Дұшпанға кегін бермеген, Ақ сүңгісін қолға алып,
Жарағын жауға сермеген. Онан туған Жұбаныш
Жасы үлкен болғанда, Жұбанып көрген бала еді. Онан туған Сүйініш Сүйініп көрген бала еді,
“Тілегім қабыл келген” деп, Онан туған Бегіс деп, “Құдайым берді тегіс деп.
Бергені болды келіс” деп.
Бегістен туған Тама еді, Келе жатқан қашаннан
Ақ сүйек өңкей хан еді Таманың ұлы Тана еді. Оның ұлы – қарт Нәрік Келе жатқан хан еді.
Қашаннан келе жатқан тұқымды, Шынжырлы туған хан еді.
Оңғарылып жел шықса, Естілер ме екен дауысым
Нәріктейін ханыма? Атаңа нәлет, қалмағым, Саған көңіл бермеймін, Онан жақсы өлгенім, Өлім болсын көргенім.
Сендей құлға барғанша, Көнбеймін саған мен, – деді. Білгеніңді етші деп,
Осылай деп Ақмеңді Өгіз ханға сөйледі.
Нәрік әскерді қоя беріп, өзі кейін қайтып, “Өгіз хан Меңдіге не айтар екен?” – деп үйдің сыртынан келіп тұр екен. Сонда Нәрік ханның қара тұлпарының шылбыры қырық құлаш еді. Атынан түсіп алып, атын қаңтарып, өзі шылбырының шетінен ұстай келіп Меңдінің айтқанын тындап тұрған екен. Сонда алмасын суырып алып, үйге кіріп келеді. Алмаспен он қалмақтың басын шауып тастады. Сонда Меңді ару үйден жүгіріп шығып, екеуі бір атқа мінгесіп елге қарай жөнелді. Сонда қазықтың басында Телшора құл жылап отыр екен. Сонда жылап отырып айтқаны:
“Айналайын, жеңешем Қолына қалмақ алғасын, Дін мұсылман халықтың Болмады-ау ешбіреуі. Дүниеде бітіп қалмағай
Жатырсың қызың басында-ай, Жеңешемнің срогы.
Жамандатқыр тоғыз нар, Жеңешем бар ма қасыңды-ай? – Құдіреті күшті Құдайым,
Көрмедің көздің жасын-ай. Оңғарылып жел шығып, Естір ме екен құлағы Нәріктейін ханымыз,
Тоқсан баулы Ноғайдан Артық туған жанымыз? Есітер ме екен даусымды Жеңешемнің құлағы?
Тым болмаса Нәріктің
Қалмады-ау артында тұяғы.
Жеңешем қайда мұңайды? Мұңлы қылған – Құдай-ды. Көрмедім-ау дүниеде,
Тым болмаса Құдай-ай, Жеңешемнің моласын.
“Шешем қайда?” дейтұғын, Тым болмаса, қалмады-ау Бір сәби де баласы.
Алланың ісі осындай
Өзі болғай панасы.
Жанымды еттім садаға Жеңешемнің жолына.
Естілсе даусым бұл барып Нәріктейін ханыма.
Нәрік сұлтан бір келсе, Кірер еді-ау сәніміз.
Айрылғасын Нәріктен, Болар ма біздің мәніміз?” –
деп жылап отырғанда, Нәрік пен Ақмеңді атқа мінгесіп келіп қалады. Сонда көп кідірмейді, Телшора сегіз қанат үйді тез жығып, нарға артып, бәрі бірге елге қайтамыз деп кетеді. Сол кезде Меңді ару буаз екен, ішінде баласы бар екен. Жолда жүріп бара жатып Ақмеңді толғатады. Толғатқанда сары қызыл тұлпардан түсіп, жаяу жүреді. Жүріп келе жатқанда, сонда сары қызыл тұлпардың иығына таянғанда, тұлпардың тізесі бүгіліп, жығылады. Сонда сол жердегі тауға “Айғырбүгілді” деген ат қойып кеткен екен дейді. Сонан жүріп-жүріп, бір суы жоқ шөлге келеді. Меңвді ару енді жүре алмайды. Сонда Нәрік айтады Телшораға: – Сен осы жерде жеңешеңді тудырып кел. Мен ілгері кете берейін, тағы да адасып бір жаудың үстіне түсіп қалармын. Сендер, қара тұлпардың басқан тұяғының орны, ошақтың орнындай болып ойылып қалады, сол ізбен тауып келерсіндер, – дейді. Сол жерде Меңді толғатып, Шора деген ұл туады. Сонда беті-қолын жуайын десе, су болмайды. Төңірегіне қарап тұрса, Шора жер тебініп жылап жатыр екен шалқасынан түсіп. Сонда Шораның екі өкшесінің тебінген жерінен екі бұлақ ағып жатыр екен. Сол судан Менді ару беті-қолын жуып, тазаланып алады. Сол жер бұрын Шөлтау деп аталатын еді, соңынан Егізбұлақ атанып қалды.
Меңді ару Егізбүлақ тауынан көшті, сосын қара тұлпардың ізімен жүре береді.
Жекенді көлдің жағасына, Қоғалы көлдің сағасына,
Екі көлдің келіп түсті арасына.
Сонда Нәрік қара тұлпарды арқандап тастап ұйықтап жатты.
Сонда Ноғайлының елі еді, Күншығыс жақтың жері еді.
Сонда Меңді ару Егізбұлақ тауын жағалап келе жатқанда байлаулы, оттап жүрген тұлпарды көреді. Сонда: – Бар, атаңнан сүйінші сұра, сұрағанда, мал сұрама, азат сұра”, – деді Телшораға. Сонда Телшора ұйықтап жатқан Нәріктің қасына келіп сөйлей бастады:
– Халық ұстаған ханымыз, Кеудедегі шыбын жанымыз Көтеріңіз басыңды,
Тумаң келді қасыңа.
Ақ жарылып, күн туды! Жеңешем менің ұл туды! Інімнің аты – ер Шора,
Менің атым – Телшора. Көрінді көштің қарасы, Келе жатыр қолында Жеңешемнің баласы. Көтерің басты сіз, – деді,
Хабарға келдік біз, – деді.
Сонда Нәрік басын көтеріп, сөйлей бастады. Атты Телшора ерледі. Нәрік атына мініп, көшке қарай жөнелді.
Нәрік мініп қара атқа Көшке қарап жөнелді. Қасындағы Телшора Бұ да артынан ереді.
Көшке жақын келгенде, Құндақтан шешіп баланы Менді ару қолға алады.
Жақындап көшке келгесін, Нәрік хан сонда сөйледі.
Сөйлегенде не деді:
– Асыл туған Ақмеңді, Көлікті болсын көшіңіз, Қайырлы болсын, алғаным, Қасында тұрған есіңіз.
Бұрын біреу еді,
Болған ба екеу басыңыз? Сонда Меңді ару сөйледі:
– Халық ұстаған ханымыз, Артық туған жанымыз, Алла берді тілегің.
Тірі болса Шоражан, Дұшпаның кегін ала алмас, Ешкім қорлық бере алмас. Мынау – Шора балаңыз,
Назар салын қараңыз.
Құндақтан шешіп, қолға алдым,
Назарын оның көрсін деп. Қара тұлпар атымен Нәрік сонда тебінді, Аттан үркіп қоңыр нар Кейінірек шегінді.
Телшора құл жетелеп Нарды жақын келтірді. Берейін деп баланы
Нәрікке Меңді ұсынды.
Нәрік аттан түседі, Ерін алып тастады. Ол қара аттың үстіне Баланы сонда мінгізді. Омырауын ашады, Жүрегіне Нәрік хан Ер Шораны басады.
Қайтадан атты ерледі.
Алдына алып баланы, Атқа мініп алғасын, Нәрік хан елге жөнеді. Баяғы тұрған жеріне, Іркілмейді, келеді.
Екі көлдің арасы
Бұл жерге қонып қалады. Сол жерде мекен етіп
Бірнеше жыл болады. Шора үш жасқа келгенде,
Сарық қойы бар еді, Ол қойлардың қорасы Болатын еді далада.
Бір күндері қой жайылмай кетіп қалғасын, Нәрік: – Мына тұлпарға мініп, қойды қайырып кел, – деп Шораны жұмсайды.
Жалаң аяқ, жалаң бас Бала жүдә жалаңаш.
Ноқталап мініп, қара тұлпармен қойға қарай жүре берді. Қойға барғанда, қойдың ар жағында бір көп қара көрді. Қараны көргесін, “Үйге барып, әкеме айтайын, бұл жерде бұрын қара жоқ. Бұл не екен?” – деп атының басын бұрады да және ойлап тұрып: “Қара көрдім”, – деп, үйге барып, хабар еткенше, не болады, өзім барып білейін”, – деп, жалаң аяқ, жалаң бас,
ноқталап мініп, кетеді. Көрінген қараға жақындап барғанда, көрінген қарадан бір қара шығып, Шораға таман келе береді. Сонда екеуі бір-біріне жақындап келгесін, ол қара Шораға сөйлей бастайды:
– Жарқыным, жас баласың, Ноқталап мініп қараны, Өзің қайда барасың?
Артыңда екі бөлек қараң бар. Неге келер шамаң бар?
Жалаң аяқ, жалаң бас, Өзің тырдай жалаңаш.
– Мен – Ноғай деген ел, – деді. Үш жыл болып барады
Елден шығып кеткелі. Өзім атым – Құлыншақ, Ноғайлының ері едім
Қалмақтың шаптым қаласын. Келе жатырмын шұбыртып Ит қалмақтың баласын.
Келе жатқан көп жесір – Сол қалмақтың қарасы. Аты-жөнің білейін,
Жөніңді айтшы, сен, бала, Мен білейін шамасын.
Сонда Шора сөйледі. Сөйлегенде не деді:
– Отырған жерім сұрасаң, Жекенді көлдің жағасы, Қоғалы көлдің сағасы,
Мен Нәріктің баласы. Артымдағы көрінген Екі қара дегенің –
Жайылып жатқан көп сарық, Сол сарық қойдың қорасы.
Ар жағында көрінген – Меңдіге тіккен ақ орда, Ол орданың қарасы.
Сонда Құлыншақ сөйледі. Сөйлегенде не деді:
– Асыл туған баласың, Бала да болсаң, төресің.
Берейін сауға мен, –деді. Артыңдағы көп қара, Әкеңе барып мақтаншы:
“Сауға алдым!” деп сен, – деді. Сонда Шора сөйледі:
– Дүниеге көзім салман, – деп, Керек емес сауғаға
Сенің құл-құтаныңды алман, – деп.
Қасыма менің ер, – деді. Сауға алатын мен болсам, Беретін болсаң сен сауға, Сұрайтыным ол емес, Астыңдағы кер тұлпар – Сұрағаным сол, – деді.
Құлыншақ сонда сөйлейді.
Сөйлегенде не деді
– Сұрама, Шора, сен, – деді. Бермеймін тұлпар мен, – деді.
Осыменен бір туған, Ата-енесі бір еді, Тірі болса қатыным,
Жақсы қылып баққан-ды, Берермін соны мен, – деді.
Сонда Шора үйіне келеді. Барған жерінде қара көргеңі айтпады. Құлыншақ еліне барады. Еліне барса, қатыны тірі екен, торы құлынды баққан екен, дөненге жасы толған екен. Сонда Құлыншақ бір құлына айтты: – Мына дөненді жетелеп, Шораға апарып тапсыр, – деді. Күн батарда Нәрік төбенің басына шығып отыр еді, бір құл келіп: – Нәрік ханның ордасы қайсы? – деп сұрады. – Нәрік “хан ордасы – анау, сонда барып түс”, – деді. Намазшам болғанда, Нәрік үйге келіп: Шораны шақырың, – Сен Құлыншақтан ат сұрап па едің? – деді. Сонда Шора сөйлей бастады:
– Бес сарықты қайыр, – деп, Бұйрық еткен шағыңда
Кетіп едім мен, – деді. Қайыруға сарықты.
Ар жағыныда мен көрдім
Келе жатқан көп қара.
Жақындап барсам қараға, Тағы шықты бір қара.
Ол қараны қарасам, Құлыншақ деген ер екен,
–Менен сауға ал, – деді. – Оны әкеңе апарып, Мақтанып алып бар, – деді.
–Алмаймын сауға мен, – дедім. Астыңа мінген керіңді
Берсең, алам мен, – дедім.
– Кер атымды бермеймін Дөнен жасар бар еді, Дөненге жас толғанда, Тірі болса, бұл бағып,
Қатыным дөнен қылған-ды. Биліксіз сізден “сауға” деп, Ат сұрадым мен, – деді.
Сонда Нәрік хан Шораға: – Мынау атқа мін, – деді. Сонда Шор керге мініп алып: “Шүу”, – деді. Сегіз қанат ордадан тоқтамайасып жүре берді. Нәрік атты байлап қойып, үйге кіріп, құлды үйге апарып сыйлады. Ертеңіне сандықтан алдырып бір алтын тонды берді: “Осыны Құлыншаққа бер” – деп. – Тірі болса, Құлыншақ қияметтік досы болсын,– ді.
Шора өсіп, жасы алтыға келді. Нәріктен Шораның туғандығы тоқсан баулы Ноғайға білінді. Сонда Қара Ноғайдың елінен Шораға қалың берді. Шора жасы алтыға толғанда да ешкі бағып жүретін еді. Сонда Шораға ағасы Телшора сөйлей бастады:
– Туғаныңнан тумай кет, Мұнан да жақсы өлгенің,
Өлім болсын көргенің.
Мен бағамын ешкіні Асылым құл болғасын, Ешкі бақпақ – кесіп-ті.
Нәріктен туған сен, – деді, Лақ бағып жүргенше, Енді құрғыр, өл, – деді.
Атаң Нәрік кеткенде, Қазанда еді қаласы,
Қазаннан мұны қаңғыртқан
Ноғайлының баласы. Атаға тартып, кәнеки,
Шора құрғыр, туғаның
“Аға” деп біз секілді құлдардың Қасына келіп тұрғаның.
Сонда ер Шора құлға қарамады, үйге қайтып жүре берді. Шешесі Меңдінің қазанға тамақ салатын пышағы бар еді. Соны ұрлап алады. Сонда қырық лақты айдап бір сайдың тұйығына барады да, қырық лақты солайымен бауыздап тастап, ер Шора үйіне қайтып барды. Манағы тұрған Телшора қырылған лақты гасып арқалап, үсті қанға былғанып, қырық лақты тасып,
кешке бір-ақ жетеді. Кеш болғанда сауып еді, ешкі біткеннің бәрі шулайды: “Лағым менің қайда?” деп. Ертеңгі кеште тағы сауып еді, сонда:
Ешкі тұрды қайқайып, Мүйіздері шалқайып,
Кешегідей болмады, қозғалмай тұра берді, біреуі маңырамады. Келесі күн тағы сауғанда, сауылғаны отты шыр айналып, бұл үйден далаға кетпей, тоқтады.
Төртінші күн болғанда, Күннің көзі батқанда, Әкесі Нәрік ханыңыз –
Бұл да ұйықтап жатқанда,
Міне, әуелгі күн ғана жылайды екен: “Жалғыз балам қайда кетті?” – деп. Екінші күн болғанда, жыламайды екен, тек. “Құдай өзіңе тапсырдым, – деп, отыра береді екен. Үшінші күн тек тамағын ішіп-жеп отыра береді екен: “Не қылса да, өзің білесің”, – деп, Аллаға тапсырып, төртінші күн болғанда Ер Шораның ойлаған ақылы осы екен.
Сосын Шора Нәрік ханның ақ сауытын алып, үстіне киеді, алмасын алып, беліне буады, сұр жебені алып ердің қасына іледі, ақ сүңгіні суырып алып, мұны тағы іледі, сосын тұлпарға мініп алып Ер Шора Қазанға жөнеледі.
Жануар қара тұлпардың Күйі түскен бабынан.
Ақ сүңгіні қолға алып, Жөнелді ол сабынан. Шора осал бола ма?
Мендінің шыққан қабынан. Артық туған ер еді
Шаршасын ба жануар? Күні-түні желеді.
Қызыл шекпен үстінде, Дөңгеленіп келеді.
Өгіз ханның баласы Меңді хан деген болған. Оның қасында қырық кісі жолдасы болған, “Нәріктен Шора туды, сол Қазанға барады”, – деген сөз болды. “Шораны өлтіріп, кегімді алам”, – деп, Меңді хан қырық кісімен Шораның жолында тосып жатқан.
Қасында қарғылы тазы бар,
Қолында қара бүркіт бар, Астында қара тұлпары бар, Қырық кісі жолдасы бар.
Таң белгісі болғанда, Қара тазы ұлыған,
Бүркіті шаңқылдаған, Қара тұлпары кісінеген.
Сонда Меңді хан тұрып: – Шораның басына көрін, – деді. Күннің көзі шығып келе жатқанда, шаң шығарып Шора келе жатыр екен. Оны Менді хан көріп: “Осы шаң шығарып келе жатқан кім екен? Білейін”, – деп, қара тұлпарға мініп, қасындағы тазысы мен бүркітін жолдастарына тастай беріп, жүре берді Шораның алдынан. Шораға жақын келгесін: – Сен кімсің? – деп сұрады. Сонда Шораның Меңдіге айтқаны:
– Асылымды сұрасаң,
Асылым артық Арғынмын. Көгімді менің сұрасаң, Көк нарлы Танамын.
Өз атымды сұрасаң, Нәрік ұлы Шорамын. Барарымды сұрасаң, Мен Қазанға барамын. Мен Қазанға барғанша,
Қан жаумасын, қар жаусын.
Мен Қазанға барғасын, Қар жаумаса, қан жаусын. Сонда Меңді хан сөйледі. Сөйлегенде не деді:
– Атамның аты – Өгіз хан, Он кісі мен өлтірген
Ол әкемді Нәрік хан. Алуға сенен кегімді, Тыңда, Шора, кебімді, Беремін саған өлімді.
Алуға тұрмын басыңды, Қырық нөкерім қасымда. “Өлмеймін” деп ойлама, Енді өлесің сен, – деді,
Аламын кегім мен, – деді. – Жолыңда тосып жатқаным, Атамын, Ноғай, мен, – деді. Атқан оғым өтеді,
Сен түгіл тау-тастарды
Қақ айырып кетеді.
Сонда Ер Шора сөйлейді.
Сөйлегенде не дейді:
– Ата бер, қалмақ, сен, – деді, Елден шыққан ер жігіт
Өлімнен қорқып тая ма? Қолыңнан келсе, ат, қалмақ, Ата бер енді, аяма.
Меңді хан қолын салады. Атайын деп қорамса
Ер қасынан алады.
Меңді хан тартып қалады. Сыртында тұрған шекпенге Пышақ сырты батпады, Атқан оғы өтпеді.
Қара басып, қалмақтың Еш қайраты жетпеді.
Бір емес, қалмақ үш атты, Үш оқты қабат босатты, Үш оғы бірдей өтпеді, Қолының күші жетпеді.
Сонда Шора сөйледі. Сөйлегенде не деді:
– Заңғар қалмақ сен, – деді. Жолдасыңа барып айт, Енді өлтірем мен, – деді.
Мынау тұрған шәріңе. Қатының мен балаңа
Арызың болса, айт, – деді. Солай қарап қайт, – деді. Тұрды қалмақ долданып,
Ол да өзінше кісімсіп, бұлданып.
Сонда Шора қозғалды, Қу жебені қолға алды, Тартып қалды жебені.
Қалмақтан өтіп оқ кетіп, Бір төбеге жетеді.
Ол төбенің босады Оқ тиген көбесі.
Алдында ханын алғасың, Артындағы қырығы
Тырағайлап қашады, Дүниеге көзін салмады, Еш нәрсені алмады.
Қумады оның бірін де, Көрген соң түрін де.
Үш мың кісі бұл қалмақ Жатқан екен Қазанды қамап. Ханжан қызды бұл алмақ.
– Ханжан қызынды бер, – деді. – Егер қызың бермесең,
Шабам елің мен, – деді.
Әділшедей хандарға
Қалмақ сөйтіп сөйледі. Сонда Әділше ханыңыз Ноғайға хабар салады. Ноғайдың қырық ерлерін Бәрін жинап алады.
“Осы жауды кім қашырса, Қызымды соған беремін”. Ол қалмаққа ешбірі
Соғыс сала алмады.
Қырық батыры болса да, Ол жауға қарсы бармады.
Сонда Ханжан биік бір төбенің басына шығып, мұңайып, таң белгісі болғанша сонда отырады екен.
Күншығыс жағы Қазанның Биік жатқан тау еді.
Күннің көзі шыққанда, Таудан біреу құлады,
Қызыл-жасыл ту байлап. Ақырғанда, аузынан
Бейне жалын шарпиды.
Астында мінген қара ат бар, Ұшқан құстан кем емес,
Ол жылқыға тең емес.
Аузынан шыққан отты көргесін, Айғай даусын естіп,
Қалмақ жаман сасады. Ұрысуға шара жоқ, Жалбаңдап қалмақ қашады. Қашқан жауды көргесін, Қазанның қырық батыры –
Бұл да шыға шабады.
Үш мың кісі қалмақтан
Бір мыңдай қырылды. Ерлі жүрген мәстек ат Қалаға келіп толады. Ноғайлының аш-арық Ерлі жүрген әзір ат Ие болып тұрады.
Қалмақ қашып кеткесін,
Қырық батыр келді қалаға.
Әрқайсысы айтады:
– Жау қашырдым мен, – деді. Қызыңды мағап бер, – деді.
Қырық кісінің қырқына Қызын тұрды бере алмай, Көзіменен куғанын Әділше хан көре алмай.
Бір кісі жіберді білуге, “Ханжаннан барып сұра деп, Жауды қашырған кім екен?” –
Сонда Ханжан сөйледі.
Сөйлегенде не деді:
– Атама барсаң, сәлем де: Күншығыстан келді бір адам, Қызыл шекпен үстінде,
Ақ найзасы қолында, Жаудың жүрген жолында. Сол кісі келіп қашырды, Ақырғанда, аузынан
Қызыл-жасыл от жайнап.
Күншығыстың бетінде, Көп кісінің шетінде, Жапанда жалғыз әлі тұр Ақ найзаға сүйеніп.
Барып атам көрсін, – деп. Жолығып, жауап берсін, – деп. Сонда Әділше хан жиналды, Астына жегіп арбасын, Арбаға жегіп жорғасын,
Келіп сонда Әділше,
Ер Шорадан сұрады:
– Кімсің жүрген сен? – деді. – Жылқының мұндай қарасын Бұрын-сонды көрмедім.
Бұл Ноғайдың ішінде Бұндай бала шамасы.
Атыңды айт, сен бала, Танымай тұрмын, бері қара. Шетте тұрып сен, – деді, Қайрылып, жауап бер, – деді.
Танымағасын, сұраймын Сенен бала мен, – деді. Жиналып тұрған көп Ноғай. Шетте тұрған Ер Шора Жалғыз өзі мұңайып,
Бір ауыз сөз сөйледі:
– Жаратқан Алла өзімді. Әділше сұлтан, тындаңыз, Менің айтқан сөзімді.
Ноғайлы байтақ ел, – еді.
Танымадың біреуің,
Екенмін жалғыз мен, – деді. Ағайын, халық бар болса, Бармас па едім үйіне-ай, Көрмес пе едім күйін-ай, Жалғыздыққа не шара?
Алла болсын бұл пана. Сұрасаңыз атымды, Нәріктің ұлы мен Шора. “Қазанды кәпір алар деп.
Айдап, жолға салар деп. Әкем тұрған алтын тақ Жау қолында қалар” деп, Шықтым жолға мен, – деді. Сонда Әділше
Қара жорға атымен Берендіктеп, белдіктеп, Шұғаменен терліктеп, Мақпалдан терлік салады. Маржан, жақұт тағынды-ай,
Өлшеусіз зер мен мақпалдан Үстіне сонда жамылды.
Жетіп келіп Шораға, Сонда Ханжан сөйледі. Сөйлегенде не деді:
– Асыл туған төресің, Атаңның тұрған жеріне Өзің іздеп келесің.
Атамның тұрған алтын тақ Мекен қылып тұрыңыз,
Осы шәрде болыңыз.
Байтақ Ноғай болса да, Біреуі жоқ қолайлы, Алуға құмар Ноғайлы. Алтын таққа қонсаңыз,
Өлгенше сізге мені, – деді, Жұпты қылып алсаңыз.
Сүйегім қатар тең, – деді, Мынау тұрған атам-ды.
Атам тұрсын қасыңда,
Ноғайдың тұр басында.
Сонда Шора сойледі;
– Ақылсыз болма сен, – деді; Ықтиярсыз ол атамнан
Алмаймын жолдас мен, – деді. – Әр шәр алған жерімнен
Ала берсем бір қызды, Жер жүзіне сыя ма?
Бола ма оның мақұл-ды, Ол болмайды ақыл-ды.
Қашырып жауды қайтқаным Болар деді мақұл-ды.
Сол жауапты айтқанда,
Қасында қырық батыры кеңесті. “Құдай бізге берген екен, Әлібиді өлтірген
Мына қашқын келген екен. Бұл Шораны өлтіріп, Ханжанды өзіміз алайық,
Қатынды болып қалайық”, – деп.
Сонда Шора сөйледі.
Сөйлегенде не деді:
– Байтақ жатқан ел, – деді, Бөлек жатқан Ноғайдан Ұрысуға кел, – деді.
Мені өлтірсең, Ноғайлы, Кегің қайтар, ер, – деді. Ақырып сонда сөйледі, Аузынан Ер Шораның
Қызыл-жасыл от жанды.
Сонда қырқы сасады,
Тырағайлап қашады. Қырқы қашып кеткесін,
Ханжанға Шора жауап қатады:
– Хан боламын Қазанға, Атам кеткен жер еді.
Атамнан болса рұқсат, Алармын, Ханжан, сені, – деді. Кешікпей енді кетемін
Меңді ханның еліне,
Оған бір қайрат етемін.
Меңді ханның елін алармын, Айдап, жауға салармын, Еліме сөйтіп барармын, Атамнан болса бір жауап, Кешікпей келіп алармын.
Қайта берің сен, – деді, Орнында тұрсын Әділше. Ешкім қолын сала алмас, Аударып тағын ала алмас.
Атама жәбір бұл берген Өгіз хан қалмақ ол еді.
Қазаннан Шора қайтқанда, Баяғы көрген Құлыншақ,
“Шора Қазанға кетті” дегесін, “Мен де артынан барайын,
Қалмаққа барып соғыс салайын”, – дейді.
Сонда Шора мен Құлыншақтың кездесіп, қосылған жері еді. Сонда Құлыншақ Шораға сөз бастайды:
– Асыл туған Шорамыз, Артық туған төреміз,
Қазанға таман баралық,
Барып қайрат етелік.
Онда жатқан қалмақтың Көрелік қандай салмағын. Ол Қазанда Әділше,
Кеткесін Нәрік, хан еді, Көп Ноғайды билеген Ақылы асқан жан еді.
Қырық батыры: “Жау келсе, Алармыз” деген жан еді.
Әрқайсысы үйде отырғанда
Бәрі төреге тең еді.
Қырық сондай батыры Не қылды екен қалмаққа Барып жатқан? – деп еді.
Сонда Шора сөйледі. Сөйлегенде не деді: – Асыл туған ағамыз,
Ақылға қамал данамыз, Асыл туған ағасың.
Қалмақтың көрдім баласын,
Қазанның көрдім қаласын, Ол Қазанда мен көрдім
Қырық батырдың шамасын. Жауды көрсе, сасқандай,
Қалмақты көрсе, қашқандай. Қалмаққа салдым ойынды-ай, Қалмақтың еттім тойында-ай. Жатқан екен ол қалмақ
Үш айдан бері қамалап, Оның бәрі қалды қырылып. Әділшенің ерлері
Жасаған екен амалды.
Қалмақ қашып кеткесін,
“Аламыз, – деп, – Ханжанды”, Қырық батыры ойлады. “Әлібиді өлтірген
Қашқын мұнда келді, – деп. Бізге олжа берді” деп, Ерлер сасып қалған соң, Мұнда қайтып келе ме?
Меңді ханның еліне,
Бекітіп салған көліне,
Белгілі Ноғай жеріне, Қай сапарға жүрсең де, Батыр, енді өзің біл.
Менің жүріп келгенім
Мынау Меңді хан елі еді. Жүрдім “Тура” жетем”, – деп, Барып, қайрат етем, – деп.
Жолға тастап қалмақты,
Қалай алмай кетем?” – деп.
Екі батыр ер еді Мендіхандай қалмақтың Еліне жақын келеді.
Қалмаққа жақын келгесін, Емес қой болат құрама,
Шабыспай батыр тұра ма?! Жақындап қалмақ келіпті,
“Ноғай келеді” дегесін, Бекіткен екен қаласын, Жинаған екен ерлерін,
Неше мықты баласын.
Қалмақтан қалды үлкен қол, Енді болды бұған жол,
Мың кісі әскер жиналды.
Екі батыр: “Алла!” деп сыйынды, Жеңсіз берен киінді.
Мың кісімен соғысты, Бірнеше күн тоғысты. Неше күндей ұрысып,
Қалмақтың алып қаласын,
Екі батыр ер болып,
Танытты-ау оның баласын. Бір жеті күн болғанда, Көндірді қатын-баласын,
Мықтысын жинап, қарасын. Құлыншақтай ерді алып, Шұбыртып алып жинады Бүтін қалмақ баласын.
Ол қалмақты алғасын, Шора елге қайтады,
Елге келіп көреді Ата менен анасын. Нәрік сонда сөйледі, Сөйлегенде не деді:
–Асыл туған Шорасың, Көрдің бе Қазан қаласын? Көрдіңіз бе қалмақтың
Қамалап жатқан шамасын? Қарсы барып, шаптың ба Өгіз хандай қалмақтың
Меңді хандай баласын? Жолығып оған кеттің бе? Заңғарға қайрат еттің бе? Қазанда жатқан қалмақты Аударып па едің жерінен? Сонда Шора сөйледі:
–Айналайын атамыз, Ақылға қамал данамыз,
Астана жұртты меңгерген Асылы артық панамыз.
Кеткен екен қалмаққа,
Енді болмас қаламыз, Жылаған екен баламыз.
Қалмақты жерден асырдым, Бәрін қуып қашырдым.
“Қалмасын, – деп, – біреуі”, Кетірдім жаудың реңін.
Бітірдім ол заңғардың срогын. Ол Қазанның маңына
Қоймадым ешбіреуін.
Онан қайттым мен, – деді. – Меңді хан деген қалмақтан Алдым шауып ел, – деді. – Құлыншақтай батырға Барып кеттім мен, – деді.
Қара Ноғай елінен
Қалың бердім мен, – деді. Осылай деп Ер Шора Нәрік ханға сөйледі.
Құлыншақтан алған Таспакер
Жер астында байланған, Арқанда тұрып ойнаған.
Ер Шора қалың бергесін, Қара Ноғайға барып қалыңдық ойнап жүрген екен.