Қыдырбайұлы Қобыланды

Тоқсан баулы ноғайда он екі жарым хан өткен, он екі жарым ханның тұсында Ақшахан деген хан өткен. Ақшаханның тұсында Қыдырбай деген бай болған екен, жасы сексенге жеткен жан болған. Қыдырбай бұрын мерекелі той жасап, екі атанға саба артып, екі ту бие жетелетіп, екі биені сояды екен, төрт саба қымызды құяды екен, жыршы...

Қазақша
Қыдырбайұлы Қобыланды
Тоқсан баулы ноғайда он екі жарым хан өткен, он екі жарым ханның тұсында Ақшахан деген хан өткен. Ақшаханның тұсында Қыдырбай деген бай болған екен, жасы сексенге жеткен жан болған. Қыдырбай бұрын мерекелі той жасап, екі атанға саба артып, екі ту бие жетелетіп, екі биені сояды екен, төрт саба қымызды құяды екен, жыршы мен жақсы билері сол шеттегі үйде тұрады екен. Бір күні Ақшахан діні бұзылып, Құдай ұрады. Сонда кеңескенде: – Қыдырбайды өлтіріп, дүниесін қазынаға салайын, малын жинап өзіміз алайық, Ақару қатынын қазынаға мал беріп бағайық, – деп билер мен бектерінен сұрайды. Сонда жиналған билер мен бектер: – Мақұл, ал оны қалай өлтіреміз? – дейді. Сонда Ақшахан: – Алудың есебі табылғанда, өлтірудің есебін өзіңіз табыңыз, – дейді. – Жалғаннан той жасайық, Қыдырбайға хабар етіңіз, ертең келсін, – деді. Сонда билер мен бектер “жақсы” деп қош алады. Бұл кеңестің ішінде Қыдырбайдың жеті ата жақыны бар еді, өзі аш-арық еді. Қыдырбайдан “бір сауын лақты ешкі бер” деп сұрағанда, бір сауын сүт те бермеуші еді өзіне. Ертеңіне жұрт Қыдырбайды тойға шақырып келеді деген соң, аяғында қу шоқай, басына кигені малақай, қырлы мылтық мойнында, Қыдырбай екі атанға саба артып, Қыдырбайдың қасына екі ту биені жетелеп, тойға түсейін деп жүрді. Сонда әлгі жақыны Қыдырбайдың алдынан шығып сөйлей бастады: –Ай, Қыдырбай, Қыдырбай, Ұлың болса орын бар, Қызың болса бұрын бар, Ұлың да жоқ, қызың да жоқ, Маңдайыңның соры бар, Дәулетіңнің қоры бар. Ақшахандай залымның Жалғаннан қылған тойы бар, Өлтірейін деген ойы бар. Сонда Қыдырбай тұрып егілді, Көзінің жасы төгілді. Екі биені босатып, Қыдырбай қоя береді. Екі бие үйінің тұсынан өткен кезде, Ақару бәйбіше үйінен шығып тұра берді. Қыдырбай жақындап келгесін, алдынан Ақару бәйбіше көзінен аққан қара жас, ішінде қаны аралас сақалын жуып келе жатқан Қыдырбайды көріп айтқаны: – Айналайын, алғаным, Дүниенің білдім жалғанын. Ұлы, қызың жоқ-ты, – деп, Бетіңе таңба салды ма? Алайын деп малыңды, Кесейін деп басыңды, Қысқартуға жасыңды. Шырын-шекер, бал татқан, Тар төсекте бір жатқан, Ендігі кетсең далаға, Кім болар ие жинаған қараға? Мен де бірге кетейін, Сенен қалып не етейін?! Иесіз дүние бұл қалсын, Құрысын дүниең, тұл қалсын. Кім оймайды менің көзімді, Тыңдамас ешкім сөзімді. Сонда тұрып Қыдырбай, Қатынына сөз сөйледі: – Асыл да туған алғаным, Енді болды арманым. Атаңа нәлет Ақшахан Басыма қайғы салғаның. Мен қаңғырып кетейін, Мұнда тұрып не етейін. Қалмай ма орда иесіз болып бұл, – деді, Біз екеуміз кеткесін, Толып кетер құл, – деді, Өлгенше ішіп-же, – деді. Алла тілек бір берсе, Қайта айналып келермін. Алла тілек бермесе, Каңғырумен кетермін. Кетерін анық білген соң, Темірден кебіс жасатты, Темірден қолына таяқ берді. Жүз құрт берді қолына Қос жұдырықтай біреуі. Ішіне оның салғаны Шекер менен бал еді, Тәттілігі сондай бар еді. Киді бөркін басына, Ерітпеді сорлы Қыдырбай Ешкімді де қасына. Неше күндей қаңғырып, Жол үстінде жүрерге Ақарудай бәйбіше Сонда тұрып қалады: –Оң қолыңды берші, – деп, Қолынан ұстай алады. Алғыншы алған жолдасы –Таңда мақшар тар жолда Қосқай дағы Құдайым, Тапсырдым Аққа мен, – деді, Қош-аман бол сен, – деді. Жібергесін қолынан, Жүре берді Қыдырбай Қаңғырып кетер жолына. Ақарудай бәйбіше Қайтып үйге кірмеді. Қойдан айтты қошқарды, Сиырдан айтты бұқаны, Түйеден айтты бураны, Жылқыдан айтты айғырды. Қыдырбай кетіп қалғасын, Сорлы байғұс қайғырды. Қайтып үйге кіреді, Кіргеннен соң отырды, Қисайып жерге жатпады. Жаулығын салып мойнына, Жасы төгіліп қойнына, Түн ортасы болғанда, Қисайып байғұс жатады, Ұйқыдан қатты қатады. Қыдырбай байғұс жол жүрді, Қаңғырумен көп жүрді. Басын сүйер жерлері Далада жатқан тас болды. Ақшахан сондай қаңғыртып, Қыдырбаймен қас болды. Қаңғырудың бойында Жетпіс күндей жол жүрді. Толып жатқан көп мола, Моланы көріп Қыдырбай, Жетіп келді касына. “Демалайын мен-ші деп, Құдай, тілек берші” деп, Бір моланың қасына Жата кетті Қыдырбай. Көзі ілініп кеткенде, Бір адам келді қасына. – Арышландыр мен, – деді, Басың көтер, сен, – деді. Сіз үшін тілеуге Аллаға бардым мен, – деді. Алла берді тілегің, Ұл менен қыз туады, Үйге барсаң қатының. Ноғайлы атын қояды, Енді елге хан болдың, Тілегің қабыл жан болдың. Жатпа мұнда, сен, – деді, Хабар бердім мен, – деді. Сонда Қыдырбай басын көтеріп, жан-жағына қараса, қасында ешкім жоқ, сонда “Құдай тілегімді берген екен” деп елге қайтады. “Көрінді елдің қарасы, Жақындадым-ау” деп, Қыдырбай да ойлады шамасын. Сонда Ақару бәйбіше биік баспа жасатып, соның басына шығып күнде қарайды екен. Қыдырбайды көріп Ақару бәйбіше биіктен төмен құлады. Қыдырбайдың алдынан “артықпын ба мен де” деп жаяулап жүре береді. Сонда Қыдырбайдың қасына келіп жеткесін, қолынан ұстап сөйлей бастады: – Сау-саламат келдің бе, Қайран менің алғаным. Бүгін өліп кетсем де, Енді жоқ менің арманым. Кірген екен, сұлтаным, Мен байқасам реңің, Болды ма, сұлтан, тілегің? Жылай да жылай мен деген, Тек жаным тұр өлмеген. Сіз секілді асылды Бір көрсем деп шөлдедім. Қайғылы болған өзімнің Тыяйын жасын көзімнің, Не көрдің Құдайдан, сұлтаным? Айтшы маған сөзіңнің Қабыл болды деп тұрмын тілегің. – Арышланың мен, – деді, Сіз үшін барып Аллаға, Қайттым кейін мен, – деді, – Солай деп сөйледі Қыдырбай: – Елге қайтып барғасын, “Бір ұл менен қыз берер, Ноғайлы атын қояды” деп. Сосын қайттым қуанып, Мен бұл сөзге жұбанып. Бір күндері болғанда, Қатыны жерік болады, Жерігі не тұрады. Малды мықты сойса да, Жерігі оған қанбады. Жерден жылан таптырып, Жыланның басын алдырып, Аузына қатын салдырды, Жерігін сонда қандырды. Тоғыз ай, он күн көтерді, Тоғыз ай он күн болғанда, Бір күні кемпір толғатты. Қатын біткен жүгірді, Барамыз деп қатынға Бір бөлек қатын болады. Он бес күндей толғатып, Тумай қатын тұрады. Қыдырбай сонда жылаумен Көзінің жасын тыя алмай, Атының басын тарта алмай, Басқа жауап айта алмай, Қаңғырумен жүреді. Сонда бір қойшының қатыны: – Манағы қатындар не етті? – деп, шешейдің баласы қайда кетті? – деп, сол мезгілде жиналған қатындар он бес күн толғатып, тумағасын, күтіп отырып, бәрі де ұйқыдан қатқан екен. Сонда қойшының катыны жүгіріп барып, етегін ашып қараса, бір ұл мен бір қыз туған екен, оны ұйықтап қалған қатындар білмейді. Әлгі қойшының қатыны екі баланың кіндігін кесіп, көтеріп алып үйіне апарып, баланы жабатын ешнәрсе болмағасын, жап-жалаңаш екеуін де тонға орап салған екен. Тысқары шығып қараса, боз жорға аттың үстінде Қыдырбай кетіп бара жатыр екен. Оны көріп қойшының қатыны артынан жүгіріп келіп, аттың шылбырынан ұстай алады: – Айналайын, жан ата, Ақ жарылып, күн туды. Біздің шешейден Ұл менен бір қыз туды. Кіндігін кесіп мен алдым, Үйге апарып тонға орап, Жолым үйге мен салдым. Тоннан басқа бұйым жоқ, Бұйым алар тиын жоқ, Жарлылықтан басқа күйім жоқ. Атеке, маған ер, – деді, Перзентіңді көр, – деді, Ашайын бетін мен, – деді. Қыдырбай көп кідірмей, Қатынмен еріп келеді. Үйге жетіп кіргесін, Екі бірдей баласын Көтеріп қолына алады. Қаныменен баланы Қойнына сонда салады. Қыдырбайдың атымен ісі жоқ, Атын ұстайтын қасында кісі жоқ. Үйге жақын барғанда, Қатындар сонда тұрады. – Мынаның баласы қайда? – деп, Бірінен-бірі сұрайды. Қатындар сонда ұрысты, Терілері тырысты. Бұл әйелдердің қаруы – Адарғымен, қылышпен Бір-бірімен ұрысты. Сонда Қыдырбай үйіне келіп, үйіндегі қатындарға “ізі-жолдарың құтты болды” деп, бір-бір жаулық пен бір-бір көйлектен берді. Қатындар: – Баланың өмірі ұзақ болсын, қайыры болсын, – деп шығып жөнеледі. Сонсын Қыдырбай он күн ойын, қырық күн тойын қылады. Тоқсан баулы ноғайлыға хабар салған еді, “атағын жұрт білсін деп, Арышланның айтқаны бойынша, атын ноғайдың өзі қоятын ед, мұның атын кім қояр екен” деді. Сонда ешкімге “ат қой” деп айтпады. Адамның бәрі жиналып болғансын, қой баққан қойшы, сиыр баққан сиыршы, түйе баққан түйеші, жылқы баққан жылқышы – бәрі де “Қыдырбайдың тойына барамыз” деп шұбырды. “Қыдырбай неге той қылады?” деп сұрағандарға: –Қобыландыдай ұл туған, Хансұлудай қыз туған. Соның тойына ет жеуге барамыз, – деген екен. Қобыланды деген ат осыдан қойылған. Ал содан соң, Қобыланды есейіп, толып, төрт жасар жігіт болады. Сонда Бек деген бір құл бар еді, Ақ сақалды жан еді. Елуге келген шал еді, Ақылы көп дана еді. Сонда Қыдырбай Қобыландыны Бекке ертіп жылқының арасына қоя береді. – Ағаңмен бірге бар. Жылқыға көзің сал, таңдап біреуін ал, – дейді. Қобыланды жылқыны аралап келгесін: – Ата, мал да көп екен, Ар жағы биік жал екен. Жолда бір шулаған айқай бар екен, Ол не дауыс? – деді. Сонда Қыдырбай: – Шырағым, өзің қарғадай туған баласың, дауыс құрысын, неғыласың. Ол дауыс ешқайда кетпес, тірі болсаң, барарсың, – деді. Бір күндері Қыдырбай ұйықтап жатқанда, Қобыланды керегенің басында тұрған сұр жебені алып, сырттағы байлаулы тұрған өзі мініп, үйретіп жүрген көк ала тайды мініп шауып кетеді. Қыдырбай оянса, қасындағы баласы жоқ, кереге басында тұрған сұр жебе жоқ, тысқары шығып қараса, байлаулы тұрған көк ала тай жоқ, баланың басқа жерге барарға жайы жоқ. Сонда Бекті шақырып алып: –Қобыланды әлгі дауысқа кеткен екен, артынан қуып бара бер, жібермей алып келе көр, – дейді. Сонда Бек қуып жеткенше, Қобыланды Тәуіп ханның төбесіне келіп қалады. Сонда Тәуіп хан Қобыландыға қарады да: –Қаратастың жауы келді, Қарағымның теңі келді, Мұны алатын кісінің жөні келді, – деп, Қобыландыға тағы қарап: – Ай, боқсақалға баланың қадірі өтпеген екен, белді тұғыр тауып бермеген екен, – дейді. Сонда: – Сен, бала, анау қара тасты ат, – деген. Сонда Қобыланды атайын деп шіренгенде, астындағы ала тай шыдамай, жығылып қалады. Сонда Тәуіп хан бір қолымен кекілінен, бір қолымен құйрығынан көтеріп тұрып: – Енді ат, – дейді. Қобыланды тартып қалып еді, қара тас екі жарылып қала берді. Сонда Тәуіп хан: – Балам, анау тұрған отау сенікі, бар да түсе бер, – деді. Қобыланды келіп атынан түсе бергенде, қыз-келіншек толып келе берді. Сонда Қобыландыны көріп, Бек шауып келіп, Тәуіп ханнан рұқсат сұрайды: – Қобыландының қасына барайын ба? – деп. Сонда Бектің айтқаны: – Халық ұстаған ханымыз, Ел билеген бегіміз, Қобыландыға бар, – деді, Шақырып алып кел, – деді. Үйде отырған Қыдырбай Өзіміздің тума болғасын, Шабуылды саламыз, Тілін алмай неге қаламыз? Рұқсат болса барайын, Оған хабар салайын, – дегенде Тәуіп хан: – Рұқсат, бара бер, – деді. –Ай, Қобыландыжан, Қобыландыжан, “Шақыр” деді атаңыз, “Алып кел” деді анаңыз. Артыңнан іздеп келмеске Болмады біздің шарамыз. Қайтпайсың ба еліңе, Қобыландыжандай баламыз? Қобыланды сонда сөйледі: –Ата-анама сәлем айт, Жиырма екі күнде барамыз. Он сегізде бір қызды Рұқсат берді, ал, – деді, Осы отауға бар, – деді. –Жиырма екі күнде барады деп айта беріңіз атам менен анама, сіз, – деді. Сол уақытта бір он төрт жасар қыз жүгіріп барып, Құртқа қызға сөйлей бастады: –Он төрт жасар мен, – деді, Он сегізде сен, – деді. Сізді кәрі, – деді, Соны сізге білдіре келдім мен, – деді. Сонда Құртқа үйде ілулі тұрған асылдың не керегін түйіп алады, үстіне алтын тонын киеді. Жақұт, маржан, лағла – үш бұйымды тағынады. Патшаның қызы болғасын, не асылдар табылады. Сонда шығып көруге, Айтып жауап беруге, Қобыланды ердің тігулі Ақ отауына жүгіреді. Пердесі бар бетінде, Отаудың келіп алдына, Көлденең тұрып сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: – Жібекті көр де, шашым көр, Түймені көр де, басым көр, Қаламдай қиғаш қасым көр. Дөңгеленген көзім бар, Балдан тәтті сөзім бар. Дидарласып көруге, Айтып жауап беруге, Оймақты көр де, аузым көр, Мақпалды көр де, бетім көр, Қасықты көр де, қолым көр, Қоянды көр де, жоным көр. Жапанға біткен терегім, Сағынып көрген керегім, – деп, пердесін көтеріп еді, Қобыланды көзінің назарын салып, миығын тартып күледі. Сосын Құртқа пердесін жауып, қайтып жүре береді. Манағы қыз Құртқаға еріп жүре береді. Былайырақ шыққасын: – Апа, жездем үндемеді, – деді. Сонда Құртқа: – Үндеме, жарқыным, сен, – деді, Тыңдамаймын мен, – деді. Кете бер енді, сен, – деді Ер тәбісім1 еткені – Көңілінің біткені, – деді. Тәуіп хан тоғыз күн тойын, он екі күн ойын қылды. Жиырма күн болғанда, ақ Құртқаны ұзатады. Тоқсан нар, тоқсан құл, тоқсан күң береді, тоқсан ат береді. Қобыландының астында көк ала тай бар, ауылдан шығып алғансын, құлдармен жарысады. Тап бергенде тай озады, дүбір шыққасын Құртқа артына қараса, көп дүбір естіледі. Ол дүбірді қараса, көп жылқы көрді, оның ішіндегі біреуі Қыдырбайдың жылқысы еді. Сонда сегіз жылқы қысырақ бар еді. Оның ішінде жалғыз жылқы жирен айғыр бар еді, кекілі ұзын кер бие бар еді. Мұны көрген соң, Құртқа шұбыртып барып алып келді. Сосын Қыдырбайдың еліне келіп, отау тігіп отыра қалды. Отау тігейін деп түскен кезде, Қыдырбай кейи бастады. Отау тігіліп болғасын, Қыдырбай “кер биені әкел” деп ақырды. Сонда бәйбішесі Ақару Қыдырбайға сөйлей бастайды: – Айналайын, алғаным, Білмеймісің кешегі Ақшахандай залымның Қандай қызық салғанын. Каңғырып едік бала үшін, Иесіз қалар мал үшін, Бір перзент бала үшін. “Өлтірем, – деп, – өзіңді, Оярмын, – деп, – көзіңді”, Тыңдамаушы еді Ақшахан 1. Тәбісім – ырза болған деген мағынада. Сенің айтқан сөзіңді. Ақ жарылқап, ұл тауып, Хансұлудай қыз тауып, Неге аясын дүниені. Құдай тілегің бергесін, Қасыңа қоңсы келгесін, Кер биең құрсын, бер, – деді, Құртқа жанды көр, – деді. Сонда Қыдырбай сөйледі: – Естімеймін сөзіңді, Өлтіремін өзіңді. Кер биені бермеймін, Керек емес Құртқаны Мен келін қылып көрмеймін. Келмей жатып мал бөліп, Ондай зорлыққа көнбеймін. Өлтіремін мен, – деді, Енді келіп сөйлеме, енді, сен, – деді. Сонда Ақару бәйбіше отауға қарай жүре береді. “Бір тайын маған берер” деп Құртқа үйден киініп шығып, Қыдырбайға барады. Сонда Құртқа сұлудың айтқаны: – Сәлем бердік, бабамыз, Алдыңа келді балаңыз. Шөлдесең сусын берермін, Тоңсаң киім жабармын, Не құлқың ойлап табармын. Дүниеден кеткенше Жақсы етіп, ата, бағармын. Балаңның алған баламын, Құдай нашар қылғасын, Қызметіңді етерге Келіп тұрмын қасыңа. Керек емес басқа мал, Көрімдікке бір тай сұраймын, Ата, маған бер, – деді. Сонда Қыдырбай сөйледі: – Ол қасабаң қайқайып, Маған билік айтпа шалқайып! Кер биені бермеймін, Келмей жатып мал билеп, Маған көзің салғаның. Шетте жатқан жылқыны Қалай ұстап алғаның. Бір қыз түгіл он қызды Бір күнде алып берермін, Оған малым жетеді. Тоқсан баулы ноғайдан Аралап өзім көрермін. Бермеймін бие мен, – деді, Мазамды алма сен, – деді. Сонда Құртқа сұлу жылап үйіне кетеді. Құртқа сұлу үйіне барған кезде, Хансұлу үйден киініп шыға берді. Хансұлу Қыдырбайға келіп сөйлей береді: – Айналайын, жан ата, Мен едім туған бала да, Егізім еді ер Қобылан. Қобыланжанның алғаны Ақ Құртқадай болған соң, Менің бар ма арманым?! Қасыма қонған жеңешем Бір адамның баласы, Жеңешеме жетер ме?! Жылап келді егіліп, Көзінің жасы төгіліп. Сұрай келдім, атеке, Үй сыртында тайыңыз, Келер ме тайға жайыңыз? Егер тайды бермесең, Өлтір, әке, өзімді, Ой менің екі көзімді. Сонда Қыдырбай сөйлейді: – Сенің даусың шыққасын, Іш-бауырым елжіреп, Шыдамадым мен, – деді. Құртқадайын балама Кер биеден құлынды Жетелеп апарып бер, – деді. Кер биеден туғаны Тобылғы меңді ат болар. Жалғыз ағаң ер Қобыланды, Ол торы атқа мінгесін жат болар, Жыл он екі ай келмей жоқ болар. “Сонда менің көкем қайда?” деп, Аларсың менің мазамды. Сол себептен бермей тұр едім, Жыламасаң сен, – деді. Кер биені апар да Құртқажанға бер, – деді. Ол Құртқадан аяман Малым түгіл жанымды. Сол себептен бере алмай тұр едім, сен жылайды деп кер биені, – деді. Кер биені бергесін, Құртқа Апар мен Жапар деген екі құлға күні-түні бақтырып қояды. Қолдарына жібектен көрпе берді. – Құлыны жерге түскенде аяғын топыраққа тигізбей, осы жібек көрпенің үстіне ұстаңдар, – деді. Бие толғатып жатқанда екі құлдың көзі ілініп, ұйқыға кеткен екен, сонда құлынның бір аяғы жердегі тасқа тиіп, таңба түсіп қалады. Сосын жібек көрпеге салып, Құртқаға апарып бергенде, Құртқа құлынның аяғындағы таңбаны көріп, аяғындағы топырағын сүртіп: – Құлынның аяғын жерге тигізгені үшін екі құлды өлтірем, – деді. Сонда құлдар Құртқа кеткесін, екеуі кеңес құрады. – Бұл Құртқа бізді “өлтірем” деді, одан да Құртқаны біз өлтірейік. Қобыланды далада қарауылда жүр. Біз соған барайық. Кұртқамен екеуін шағыстырайық. Қобыланды біздің тілімізді алады, сосын Құртқаны өлтіреді, – десті. Сонда екеуі Қобыландыға барып, көптің ішінде айтқаны: – Қобыланды батыр, сізге келдік біз, – деді. – айтар сөзіміз бар, тындасаңыз сіз, – деді. Сонда, “ал айтыңыз” дегенде: – Сіз кеткесін далаға, Біз қалдық бір пәлеге. Төсегіңнің үстінде Маралдай бір адам керілді, Сыбыр-сыбыр сөйлесіп, Сыңқылдасып күлісті, Сосын келдік біз, – деді, Ендігісін білесіз дағы сіз, – деді. – Көріп тұрған көз жаман, Көп ішінде айтқан сөз жаман, – деп, Сұр қызыл атқа мініп алып, Қобыланды жалғыз елге жөнелді. Қобыланды батыр ақырды: – Қайдасың, қаншық! – деп, Сонда Құртқаға бақырды. Сонда Құртқа сұлу ұйықтап жатыр екен, жаулығын салуға шамасы келмей, көйлекшең жүгіріп далаға шықты. Алдында жай бұлты бар еді, бұны Құртқа көріп, Қобыландыға жақындап келгенде, Құртқаны қамшыменен ұрады, Ет-бауырынан өтеді, Құртқа былай кетеді. Талқан болып үстіндегі көйлегі, Қып-қызыл қан еттерін Жоса қылып кетеді. Ет-бауырынан өткесін, Құртқа жылай жүріп сөйлейді: – Асыл туған алғаным, Сенен өлсем болмайды – Дүниеде менің арманым. Ұлсыз, қызсыз демесең, Күнәмді қой да мойныма, Ұрып өлтір өзімді, Неге ойдың менің көзімді? Атаңа нәлет екі құл Барып шағым салды ма? Көп ішінде сөз айтып, Бетіңнен тырнап алды ма? Сыбыр-сыбыр сөйлесіп, Сыңқылдасып күлісіп, “Төсегінен өрді деп, Менің көзім көрді” деп, Зұлымдар хабар берді ме? Кер биені бақтырдым Екі зұлым құлдарға, Атаңа нәлет мұндарға. Төрт аяғын тигізбей, Топыраққа ал, – дедім. Жібектен көрпе мен бердім, Тигізбей жерге ал, – дедім. Аяғының біреуі топыраққа тиіпті, Тиген жері тас болып, Шеміршекке батыпты. Асыл туған ер, – деді. Жалған десең бұл сөзім, Қасына барып құлынның Аяғын өзің көр, – деді. “Алып кел, – деп, – құлынды”, Сонда Қобыланды ақырды. Сарайда тұрған құлынды Алып келіп көрсетті. Аяғы тасқа тиіпті, Шеміршекке таңба батыпты. Сонда Қобыланды таңбаны көргесін, бір адамды қоя берді “екі құлды қуып кел” деп. Құлдарды қуып келгесін, ұрып-соғып, екі құлды бір ағашқа байлап қойды. Сонда келтірді келісін, Тірілей сойып терісін. Құртқа құлынды сайлады, Сарайға салып байлады. Сол құлынды өсіріп, ешкімге көрсетпей жасырып бақты. Сонда Қобыландының жолдастары: – Япыр-ай, бұл құлынды неге көрсетпейді, жасырып мінгізетін адамы бар шығар, – деп Қобыландының қасында тұрып айтады. Сонда Қобыланды ұшып тұра келіп, “ол құлынды қай жерде мінермін” деп, үйіне жетіп келіп: – Құлын қайда? Алып кел, мінейін! – деп ақырды. Сонда Құртқа сұлу үйден құлынды алып шығып, жүгенін салып: – Мініңіз, – деп, Қобыландыға береді. Қобыланды мініп алғанда, құлын Қобыландыға қарамастан ұшып шауып алып жөнеледі, алдынан бір дарияға кездеседі, ол дариядан бір қарғығанда ортада тұрған төрт көлге барып түседі. Төңірегі мол еді, айқын судың ортасында тұрған бір бөлек су сол еді, одан әрі құлын ешқайда жүрмеді, құлынның басында жүген жоқ, ұрайын десе, қаруы жоқ. Сонда Қобыланды бір ой ойлады: “Е, жолдастарым мені алдап, далаға асырып жіберейін деген екен, ай, сені ме, Құртқа, барғасын сенің де басыңды кесермін” деді. Сосын құлын қайта бір қарғып еді, сыртқа келіп түсе қалды. Сонда баяғы өзін байлаған жерге, шауып аулына келді. Жақындап келгесін дарбазаның аузы ашылды, құлын шауып кіріп кеткенде, Құртқа сұлу “бір жері ағашқа ұрылар” деп, Қобыландыны көтеріп алып қояды. Сонда Қобыландының түсі бұзылып қалған екен, енді Құртқа сұлу Қобыландыға сөйлей бастады: – Асыл туған сұлтаным, Қалай екен мінген тарланың? Құлын бастан еткені Көтеріп сізді кеткені. Дариядан қарғып асты ма? Ортадағы төрт көлді Аяғымен басты ма? Төрт көлдің тұрып басында Келді ме ашу қасыңда, Тарланның қайраты Біле білсең осындай. Бұл тарланды баққаным, Беске жасы толсын, – деп, Сізге көлік болсын, – деп. Сонда Қобыландыға ой түсті: “Япыр-ай, бұл Құртқа үйде отырып, менің төрт көлде тұрып, кейігенімді қайдан білді? – деп, – енді мен бұл Құртқаға тимеймін, Тарланды жақсылап бағып өсіре берсін” деп ашуды қояды. Құртқа сұлу бір сарайға салып Тарланды баға береді, не құлқын тор құнанын таба берді. Етіне қатаң тиер деп сыртына мақпалды жаба берді, жібектен шылбырды таға берді. Сонда тор құлын екі жасар құнан болды. Қобыландының қасындағы қырық жолдасының біреуі Ақшаханға хабар берді: “Қобыландының бір құнаны бар, жер басқанға болатын емес, қалай етіп аласыз, сіз, оны? – деді. –Естіп келдім хабарын мен, – деді. Сонда Ақшахан: – Япыр-ай, қалай қылып алармын ол құнанды, не өлтіруге, не алуға, – деді. Сонда хабар айтқан кісі: – Мен бір айла табармын, – деді. – Сіз жалғаннан той жасаңыз, соған қара атыңызды жаратып бәйгіге салыңыз, алты айлық жолға, әбден күйге келтіріңіз, сонда бұл алты айлық жолға ол торы шыдамай өліп қалады және ол торыға мінуге бала бермеңіз, Қобыландының өзі мінсін, – деді. Оны Ақшахан “бәрекелді” деп, қош көрді, жалғаннан той жасады. Құртқаға той болатынын білдірмейтін болды. Ақшаханның Қобыландыға қастығын бұрын Құртқа білуші еді, сосын бір адамға мал беріп, Ақшаханның қастық ойлайтынын біл деуші еді. Ол адамы Бибіжан деген әйел еді. Әлгі “ат шаптырып, жалғаннан той жасаймыз” деген әңгіменің ішінде сол Бибіжан да бар еді, ол бәрін естіп отырды. Өзі тілеуші пақыр болып жүруші еді. Ол хабарды Құртқа сұлуға айтып келді: – Бүгіннен бастап Ақшахан қара атын бір айға жарататын болды, соған сіз де атыңызды баптай беріңіз, соған тор құнанды қалайда болса қосамыз, – деді. Және бір сыр айтайын, ноғайлыдан асылы бала мінгізбейтін болды. Сонда Құртқа сұлу «жақсы деп қала берді. Тор құнанды жақсылап баға берді. Ақшахан той қылатын болады, үш күн қалған кезде Қобыландының қасындағы жолдастары кеңес құрады: –Япыр-ай, осы Ақшаханның қара аты жүйрік болғанымен тор құнаннан оза ма, – деп. – Жоқ, біз осы тор құнанды Ақшаханның қара атымен қосып сынайық, – деді. Сонда қырық кісінің аузы бірдей, оны Қобыланды көріп күндейтін еді. Сонда тұрып айтты: – Қосамыз дегенімен, оны Құртка сұлу бермейді, әйел деген сұм болады, оны бес жасқа толғанша бағады. Оны басқа біреуге берейін деп жүрген болар, – деді біреулері. Сонда Қобыланды ұшып тұра келіп: – Бір қатыннан бір атты ала алмайды деген не, мен оны алып бәйгеге қосам, – деді. Сосын атқа мініп үйіне келіп: – Қайда құнан? Әкел, бәйгеге қосам, – деді. Сонда Құртқа құнанды жетелеп әкелді. Үстіне мақпал жапқан, жібекпен белін таңған, жібектен шылбыр таққан құнанды ноқтасынан ұстап жетелеп әкелді. Сонда Құртқа сұлу Қобыландыға жауап айтады: – Артық туған сұлтаным, Мінеки, тақсыр, тұлпарың. Ноғайлы бала бермейді, Атқа шауып желпілдеп, Екі аяғың салпылдап, Бәйгеге шаппа, сіз, – деді. Қалаға жақын барғасын, Алдыңнан толып жатқан қыз келер, Қайырылмаңыз, сіз, – деді. Сосын келер алдыңнан Көп жиналған келіншек, Бәрі бірдей шақырар, Шақырса да бармаңыз, Олардың тілін алмаңыз. Өңкей келер жас жігіт Бәрі бірдей алысып, Жағаласып жарысып, “Батыр Қобылан, кел дейді. Ойналық енді біз, дейді, Барасыз қайда сіз?” дейді. Аттың басын бұрмашы, Жігіттерге қарай тұрмашы. Онан соң келер ақсақал, Сақалының ағы бар, Сөйлесетін ішінде Олардан да жақсы тағы бар. Солармен сөйлесіп жүре бер, Батырым-ау, сіз, – деді. Мынау тұрған тор құнан, Жылқы озбайды тақымнан. Ол қалаға барғасын, Жылқы тұрған амбарға Кіргізеді сіздерді. Көрейін деп Ақшахан Келіп тұрар қасыңа, “Отырған жайың кең бе?” деп. Жылқы сыйған амбарға Сыйдық, енді, біз, – деші, Мазамды алма, сен, – деші, Сосын шығып кетер Ақшахан. Сонда сізді шақырып алып, ноғайдың жүн сиятын амбарына апарып отырғызар, сонда да шешінбе, сонда келіп тағы сұрар «отырған жерің кең бе?” деп. Сонда: – Рахат, жақсы, жайлы деп айтыңыз, “ноғайлының жүні сыйғанға сыймайтын біз бе?” деп отыра бер. Сосын сізді жақсы бір сарайға кіргізер, онда да отырарсыз көсіліп, екі аяғың шешініп, сонда қыз жіберер, келіншек жіберер, жігіт жіберер “балалығы, жастығы бар ма екен” деп сынау үшін істер және өзі сенің дидарыңды көру үшін істер, – деді. Той болып тарқады, ертеңіне ат шабатын мезгіл болды. Сонда Ақшахан қара атын шығартып, “алты айлық жерден шабам” деп хабар берді. Сонда Қобыланды бала сұрап еді, ноғайлыдан бір бала да бермеді, “мінетін бала жоқ” деп қарап тұрды. Сонда Қобыланды батыр жолдың шетіне шығып жалғыздығы есіне түсіп, бір ауыз сөз сөйледі: – Ағайын-туған менде жоқ, Есіркейтін пенде жоқ. Алдымда туған аға жоқ, Ағайын-туған және жоқ, Өзімнен туған бала жоқ. Енді нешік етерге, Жолықтым-ау бекерге. Атаңа нәлет жалғыздық, Менен де шығып кетер ме?! Ноғайлының баласы, Емессің бе ағайын? Жасың үлкен ақсақал, “Бала бер” деп айтайын Қара Қыпшақ ноғайға. Сонда ноғайлының баласы Біреуі жақын келмеді, Жаннан қорқып шамасы. Сонда Қобылан қасына Қошабай деген бір бала Жетіп келді қасына: –Рұқсат берсең, жан аға, Мінейін атқа мен, – деді. –Мінем десең, шырағым, Берегірек кел, – деді. Сонда тұрып Қошабай: –Мен айтайын әкем жоқ, Туған шешем және жоқ. Өзімнен басқа үйімде Қыбырлайтын адам жоқ. Сен үшін өліп кетейін, Атқа мінбей не етейін?! Сонда Қобыланды қуанып, Қошабайды атқа мінгізді, Үстіне жібек кигізді. “Ешкім келмес, – деді, – қасына, Егер кісі келсе қасына”, Көрерсің жерде басын-ай. Алты күндік жерден барып ат шапты, үш күн дегенде Қошабайдың алдынан Ақшахан келіп: – Біздің қара атты көрдің бе? – деді. Сонда Қошабай Ақшаханға жауап берді: – Шабыстан атың танды деп, Үш күндік жерде қалды деп, Тор құнан ұшқан құстай боп, Өте шықты қасынан. Сонда Қошабай мен Қобылан бәйгені алып болғасын, елге қарап жүріп келе жатқанда, күймелі арбамен қыз-келіншекті ертіп, алдынан қатыны шықты пар жеккен жорғамен. Сонда Қобыланға Құртқа сұлудың айтқаны: – Қайырлы болсын, сұлтаным, Байрақтан келген тұлпарым! Ақсұңқарым, келдің бе, Ақшахандай зұлым хан Қуарып өзі қалды ма? Арышландай ер еді Қасыңдағы Қошабай. Асыл туған дана екен, Өзі жетім бала екен. Бұны өзіңіз көріңіз, Егер келсе шамаңыз, Іні қылып алыңыз. Сонда Қобылан Құртқа сұлуға айтты: – Тоқсан баулы ноғайлы Аралап өзің көр, – деді. Лайықты бір әйел Осыған алып бер, – деді. Сосын тұрып ақ Құртқа Бір әйелді алып береді. Лайықты бала еді, Іні болып бұл тұрды. Сонда тұрып Қобыланды “Аттанайын, – деп, – қалмаққа”, Жол жүріп келе жатады. Жайықтың арғы бетінде Жиренқопа деген жер еді, Бесоба деген дөң еді, Ол жерде мекен қылған Қара қалмақ қатты сыбанның елі еді. Алшағыр деген хан еді, Жаз болса бағушы еді, Күз болса шабушы еді. Адамның дегенін қылмайтын Өзі бір қайсар ер еді. Сол көлді көргесін, Қобыланды елін көшіріп сол көлге келеді. Алшағыр хан бұрын сол жерде отырушы еді, көлді сыртынан бағып тұрушы еді. Қобыланды көшіп келгесін, сол жердің оттығына қызығып қона кетті. Алшағыр Қобыландының қонғанын көре кетеді. “Құдай бізге берді деп, Бір көп дәулет келді деп, Шауып алар ел болды” деп, Үш жүз кісі қалмақ аттанып, жайылып жатқан малды қуады. Тобылғы меңді торы атпен, белдігі алтын болатпен, алпыс аршынмен Қобылан шыға шапқан кезде, қалмақтар шошып тұра қашады. Бір қатары кетті баладай бақырып. Сонда Алшағыр қалмақ атының басын бұрады, ойлап кеңес құрады, бір айла жасайын деп Қобыландыға қарап тұрады. Қобыланды жетіп келгенде, Алшағыр қалмақ сөйледі: – Екеуміз бір жерде тұрып қос болайық, Өлгенімізше дос болайық. Менің жете алмай тұрған жерім бар, Айтайын деп тұрған кебім бар. Қырық күндік жерде Ала алмай тұрған жауым бар. Оны ала алмай тұрған себебім: Жиырма күндік шөл еді, Сол шөлден өтіп бара алмай, Кідіріп тұрған жайым бар. Сонда Қобыланды Алшағырдың “дос боламыз” деген сөзіне иланып, аңқау ер көдек қырық жолдасын ертіп, Қобыланды батыр жолға шығып жүре берді. Алшағыр қалмақ айтты Қобыландыға: – Оның бес қасқа деген ерлері бар. Айқасқа мен Байқасқа, Көкемби қасқа мен Көкқасқа, аяғында толып жатқан көп қасқа. Елден бір бөлек жатқан ел, – деді. Өзі бір мықты жер, – деді. Қырық күндік көлдің шетіне жиырма күндік жер барғанда, батырлар ере алмай кейін қалады. Жалғыз өзі Қобыланды Ілгері кетіп барады. Бір жерлерге келгенде, Ұйқысы келіп қалады. Анық ұйқысы келгенде, Алты күн жатып ұйықтап, Ұйқысы сонда қанады. Өзі ұйықтап жатқанда Тобылғы меңді торы аты жерді тепкілеп оятты. Қобыланды оянып, басын көтеріп қараса, кетіп бара жатқан бір құланды көрді. Сонда Қобыланның оғының көзі бар еді, жеті қырдың аржағынан барып тиюші еді. Қобыланды атып болғасын, өліп жатқан болар деп келіп қараса, оғы жатыр, құлан жоқ. Сонда Қобыландының айтқан сөзі: – Көзім, сенен қате болды ма, Шамасын білмей аттым ба? Қолым, сенен қате болды ма? Бұл ұйқының зардабынан Буыным босап қалды ма? Тобылғы меңді торы атым, Жануар, адым аша көр, Аяғыңды баса көр! Манағы жүрген сұр құлан Жансыз болып қалмасын. Атаңа нәлет ит қалмақ Бекініп сүйтіп аламысың. Құлаштап аттап баса көр, Адымыңды аша көр. Тобылғы меңді тор атқа Қамшыны енді басады, Құмнан зырылдап өтеді. Құмның арғы шеті шың еді, Шыңға таман жетеді. Шыңның шықты басына, Манағы жүрген сұр құлан Барған екен жолдасының қасына. Қобыланды тауға шыға бергенде, бес қасқаның біреуі Байқасқа қасына жетіп келіп сөйлей берді: – Жапанда жүрген баласың, Жарқыным, қайда барасың? Балдырғандай жас бала, Білмеймісің шамаңды, Танымайсың ба мендей бабаңды? Менің атым – Байқасқа, Сені қойман алмасқа, Баласың не еткен, сен, – деді. Өлмеймін десең де өлесің, Ат-жарағың бер, – деді. Жаным ашып мен тұрмын, Кете бер елге, сен, – деді. Сонда Қобылан сөйледі: – Асылымды сұрасаң, Мен бір ноғай деген ел едім. Ол ноғайдың ішінде Қара Қыпшақ деген мен едім. Әкемнің аты – Қыдырбай, Қобыланды деген мен, – деді. Іздегенім сұрасаң, Қозғалмас ханның елі еді. Ақылы жоқ қалмақтар Қаза айдаған келеді. Жаның ашып сен тұрсың, Ат-жарағың бер, – деді, Кетейін алып мен, – деді. Ішіңде бар да ақ сауыт, Сыртыңда бар да шарайна, Басында бар да дулыға. Кезек бердім мен, – деді, Ата бер, қалмақ, сен, – деді. Қарсы тұрды қақшиып, Тайсалмастан бақшиып. Сонда қалмақ байқаса, Толайына қол салды, Атайын деп оңдалды. Бір атқанда үш атты, Үш оғын бірдей бос атты. Киімінен өтсе де, Етіне дарып кетпеді. Сауыт пенен шарайна Оған да оғы батпады. Сонда Қобыланды сөз сөйлей бастады: – Байқасқа қалмақ, сен, – деді, Атамын енді мен, – деді. Атқан оғым өтеді, Басың жерге кетеді. Неше қасқа болсаң да, Жолдасыңа бар, – деді. Қатының мен балаңа Өлемін деп хабар айтып кел, – деді. Қайта келмесең сен, – деді, Өлтіремін мен, – деді. Қорықпасаң қалмақ-ау, Енді кезек бер, – деді. Атының басын тартпады, Еліне қалмақ қайтпады. Қалмақ тұрды қақшиып, Екі көзі бақшиып. Сонда Қобыланды оқ атты, Атқан оғы өтеді, Қалмақтан өтіп кетеді. Аржағында бір төбе, Тостағандай төңкеріп, Ол төбеден де өтеді. Ар жағында бір тауға Тағы да еніп кетеді. Сонда қалмаққа Қобыланды батыр ақырды: – Тағы қапа қалмаңдар, – деп, Қалғандарын шақырды. Сонда Байқасқа өлгесін, Артынан келді баршасы. Сонда Қобыланды ақырды, Елуін бірдей жапырды. Қыра берді ер Қобылан Тоқтамай-ақ кәпірді. Сонда бір бала ортаға келмей, шетте жылап тұрады: Қырық тоғызын сояды, Жоқ қылып Қобыланды қояды. Сонда бала Қобыланның қасына келіп, сөйлей бастады: – Бала едім мен, – деді, Артымдағы еліміз Жеті күндік жер, – деді. – Елу кісі баршасы Қалмақтан шыққан ел – деді. Бұл ерлерге еріп Шығып едім мен, – деді. Мен ақылдан торықтым, Өлгенін ерлердің көргесін, Енді сізден қорықтым. Сонда Қобыланды: – Олай болса, сен, – деді, Еліңді баста, жүр, – деді, Өлтіремін мен – деді, Елің қандай ел? – деді, Сонда бала айтады: – Қалмақтың мұнда қоры бар, Істеп жатқан тойы бар. Тілімді алсаң бармағын, Асыл Қобылан сен, – деді. Жеті күндік жер, – деді, Бастаймын тура мен, – деді. Ата менен анам бар, Аға менен іні бар. Бұл тілегім берсеңіз, Туысқан, туған-ағайын Соны өлтірмей берсеңіз. – Баста тура, сен, – деді, Аудармай елге апарсаң, Өлтірмеспін оларды мен, – деді, Біреуіне тимен мен, – деді. Алдына түсіп желеді, Қозғалмас деген хан еді, Жеті күнде жетеді. Қаланың көрді шамасын, Жиып ал деп Қобыланды Тастай берді қасында Манағы жүрген баласын. Қозғалмас ханның елімен Қаласын алды талқандап. Шұбыртып қатын-баласын, Қозғалмастай хандардың Жеті күнде алып болды-ау шамасын. Жетім-жесір шұбыртып, Айдады сүйтіп қарасын. Үш қонып сыртқа шыққанда, Бұрынғы қалған қырық кісі Сонда келді шамасы. Сол күні Қобыланды батыр ұйықтап жатып бір түс көрді, түсінде жаман іс көрді, ол түсін жолдастарына сөйледі: – Әкем еді Қыдырбай, Қуарып жүзі солыпты, Нағыз мұңды болыпты. Әкем жүр ошақтың қасында, Жерде жатыр басында Түс көрдім жаман осындай. Ақарудай анамыз Аяғында шарық-ты, Құрым қалпақ басында, Тия алмай жүр көздің жасын да, Қайғысы болды-ау осындай. Ақ Құртқадай алғаным, Болыпты қатты арманым. Аты әйел болғасын, Неге келсін дәрмені. Егізім еді Хансұлу, Ат артына мініпті. Шұғадан жабылған Туырлығын қарасам, Тоқымдыққа тіліпті. Үйде тұрған қазынаны Жабыла қалмақ киіпті. Артымдағы дүние Сондай мүшкіл болыпты. Аспанға шаңын шығарып, Тоғайда жатқан көп малды Қалмақ айдап қуыпты. Мен ілгері кетейін, Атама сәлем берейін, Анамның жүзін көрейін. Егізім еді Хансұлу, Жолығып жауап берейін. Алған жарым ақ Құртқа, Оның да жүзін көрейін. Жетім менен жесірді Сіздер айдап келерсіз, Енді мен елге кетейін. Сонда Қобыландының бір жолдасы сөз сөйледі Қобыландыға: – Барарсың, Қобылан, сен, – деді. Кеткенің тастап болмайды Енді бізге жөн, – деді. Жер ошақта атаң бір тұрса, Шулап тағзым етерге. Басы жерде бір тұрса, Ұйықтап төсегінде бұл жерге. Ақарудай бәйбіше Шарық кисе аяққа, Болған шығар кебіс-ті, Дүниесі болған тегіс-ті. Хансұлудай егізің Ырғытып жорға мінген-ді, Құбылтып торқа киген-ді. Салтанатын бұл көріп, Тәрбие көріп жүрген-ді. Алған жарың ақ Құртқа Құбылып жүзі бұл солса, “Алғаным қашан келер, – деп, – Тілекті Құдай берер” деп, Мұңайып ол жүрген-ді. Олардың айтқан жауабы Қобыландыға жарамай, Кететін болды қарамай. Тобылғы меңді торы аттың Елге басын қаратты. Құлан да емес, Кұс та емес, Құйын да емес, Аң да емес, Адам көрген жан емес. Ашылып кетті арасы, Көрінбей кетті қарасы, Жылқының ондай болмас баласы. Сексен күндік жол еді, Сегіз күнде келеді. Ай қараңғы, күні бұлт, Сонда торы ат тұрады. “Не болды, – деп, – торы атқа” Сонда Қобылан ұрады. Сонда торы ат сөйлейді: – Елден шығып кеткелі Ауыздығымды алмадың, Басымды жерге салмадың. Арқа терім іріп тұр, Артқы оқпаны еріңнің Қыр арқама кіріп тұр. Арқадан аққан қанды ірің Бақайыма жетіп тұр. Борбайымның қоңы жоқ, Бұл мойнымның жалы жоқ, Жүруге менің әлім жоқ. Жирен деген көліңді, Қалмақ алған еліңді. Ақ Құртқадай арудың Қаққан алтын қазығы, Қазықтан тұрмын кете алмай. Шамданған соң жеріңе Қалғаным жоқ жете алмай. Ат жүрмеген соң, Қобыланды қылышын суырып алып, сонда айтқан сөзі екен: “Алшағыр қалмақ жерді шауып, алған жерін тастап қашқан екен, жетпіс күндік жерге асқан екен”. Аттан түсе қалып жерді сипап қарады, қазықты тартып қолға алды, отыра алмай долданды. “Ат қазықтан кетпейді” деген сөз осыдан қалған екен ғой. Аттың ерін алып тастай беріп, Қобыланды батыр Отыра алмады кідіріп, Маңдайдан тері шұбырып. Ағарып таң атқанда, Биік дөңге көз салса, Бесоба деген дөң екен. Ешкі қырған деген Биік тау екен. Тұрған жерге көз салса, Жирен деген көл екен. Сонда Құртқа кетерінде қазыққа қағаз жазып байлаған екен. Ару болса нағылсын, ықтиярсыз қалмақ айдаған екен. – Тірі болса алғаным, Шырын-шекер, бал татқан, Тар төсекте бір жатқан, Ибалықпен сөз сөйлеп, Наздықпенен көсілген, Қынай буған тар белім Суық қолға шешілген. Тірі келсе алғаным, Қырымға хабар бұл салсын, Қырымнан байтақ ер алсын, Сүйтіп келіп кек алсын, Бір екі күн жатып дем алсын. Қарындасы Хансұлу Ат артына мінілді, Үстіне киген қамқа тон Сауырына аттың жабылды. Бір көруге зар болып, Егізі сондай сағынды. Жібектен тартқан желісі Қылышпенен кесілді. Туырлығын қараса, Тоқымдыққа тілінді. Үйде тұрған қазына Бұған да қалмақ киінді. Атасы еді Қыдырбай, Жер ошақта бұл қалды. Анасы еді Ақару, Қолында қалды таяғы. Сарықтың кетіп соңында, Ерік кетіп меңдеген, Жаным тек тұр өлмеген. Сол жауапты есіткесін, Қобыланды атын ерлеген. Анасынан туғалы Мұндай жапа көрмеген. Тобылғы меңді тор атпен Қалмаққа басын қаратты. Құлан да емес, құс та емес Ойға келсе орғыған, Қырға келсе қарғыған, Атқан оқтай зырлаған, Жерді басып тұрмаған. Түлкі жүрмес түлейден Түнде желіп өтеді. Қарсақ жүрмес қалыңнан Қақап өтіп кетеді. Жетпіс күндік жол еді, Жеті күнде Алшағыр Шәһарына барып жетеді. Шәһар шетіне келгенде, Бес сарықтың соңында Қаңғырып жүрген анасы. Анасына сөйлейді Қобыландыдай баласы: – Жасы жеткен анамыз, Жоқ па еді туған балаңыз? Бұл жастарда қой бағып, Келе ме, шеше, шамаңыз? Мойның болып ырғайдай, Битің болып торғайдай, Құрым қалпақ басыңда-ай, Тыя алмай көзден жасыңды-ай, Аяғыңда кең шарық, Болыпсың нағыз шын ғаріп? Қолыңдағы таяғың Көсеуменен тең екен, Сұмырай кемпір, аяғың. Алладан тілек иманың, Пайдасы болмас жиғанның. Кетіп есің сен деген, Нең қалды енді өлмеген?! Сонда кемпір егілді, Көзінің жасы төгілді: – Алғаным еді Қыдырбай, Қыдырбайдың тұсында Мақпал менен паршадан Пішуші едім түндікті. Сары аяқпен сапырған, Сары балды ішірген, Тұсыма мейман түсірген, Менің немді сұрайсың? Құлыным кетіп далаға, Қысырақтай жамыраған, Қозылы қойдай маңыраған, Құлынымнан айырылып, Мен сорлымын аңыраған. Айналайын, жан бала, Мазақтама өзімді, Кез келген қалмақ ояды Мынау менің көзімді. – Құлының, шеше, мен, – деді. – Әркім мазақ еткесін, Мендей сорлы сенбейді. Мен тарығып жүргенде, Құлыным менің келмейді, Тілекті Құдай бермейді. Қай бағының гүлісің, Қай патшаның ұлысың? Қай базардың бұлысың, Айналайын, қарағым? Ат үстінде баласың, Тірі көрсең Қобыланды, Осындай болды анаң деп, Өзің хабар айтарсың. Сонда Қобылан сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: – Айналайын, қарт ана, Маған берші, сен, мама. Тістеулі тұр бармағың, Қанша ауыр болсаң да, Жеңіл екен салмағың. Шеше, берші мамаңды, Танымайсың ба біздей жалғыз балаңды. Егізім қайда Хансұлу, Мен дидарын көрейін. Алған жарым ақ Құртқа, Мұнан да хабар алайын, Қайдан іздеп табайын? Сонда кемпір егілді, Көзінің жасы төгілді: – Айналайын, қарағым, Құлыным менің сен емес, Сен қылма мені келемеж. Меңзетемін сөзіңді, Танымаймын өзіңді. Алшағырдың қасында Келінім Құртқа тұрғасын, Жылай-жылай ағарды Екі бірдей көзім де. Айналайын, қарағым, Танымаймын мен, – деді. Бес саусақтың қалы бар, Көрмей сенбен мен, – деді, Мазақтама, сен, – деді. Сол уақытта Қобыланды Атынан түсе қалады. Бар киімін шешініп, Сыпырып жерге салады. Сонда кемпір келеді, “Ойға түссе тізем деп, Өрге шықса белім деп, Баяғы әттең күнім” деп, Құлынын көзі көргесін, Құшақтай алып мойнынан, “Құдай маған берді деп, Қарағым қайдан келді” деп, Ақ жүзінен бір сүйіп, Сонда кемпір жығылды. Түсі кетіп бозарып Бір азырақ жатқасын, Есін жиып алады. Есін жиып алғасын, Сонда кемпір сөйлейді: – Қабыл екен тілегім, Кірді, – деді, – реңім. Бітсе де бүгін сүрегім, Құдай алса ризамын. Шығып мүйіз басыма, Жетіп көкке тіреуім. Алшағырдай қалмақтың Жеті қатар қазған оры бар, Ор ішінде жиған торы бар. Жеті қатар жебе бар, Болаттан каққан шеге бар. Отыз аршын қаласы бар, Бер жағында балшық сор. Ат шаппайтын жері бар, Қалмақтың мұнда торы бар. Осыдан барып сен өлсең, Маңдайымның соры бар. Қарың қайда болса, қатының сонда. Қырымға бар да хабар сал, Ноғайдың байтақ ерін ал, Қайтып кел де, кегің ал, Қарағым, менің тілімді ал. Сонда Қобылан ер еді, Жүгіріп атты ерледі, Ашуменен терледі. Анасынан туғалы Мұндай жапа көрмеді. Құбылтып енді желеді, Дөңгелентіп келеді Ақ бұлттың үстімен, Көк бұлттың астымен. Алшағырдың қатыны Сол күні түнде түс көрді, Түсінде жаман іс көрді. Сонда түсін айтуға Байына қатын жүгірді: – Бүгін мен бір түс көрдім, Түсімде жаман іс көрдім. Күнбатыстан келді көк бөрі, Ойда жатқан отыз қой Отызын бірдей ол жеді. Қырда жатқан қырық қой Қырқын бірдей ол жеді. Алты бағлан ақ қозы Алтауын бірдей ол жеді. Жабағылы көк саулық Көтеріп тұрып ол жеді. Ай мүйізді көк қошқар Тамағынан оны алды, Мойнын бұрап ол салды. Күн шығыстан қара бура ол келді, Даусы шықты күркіреп, Қалмақ қашты дүркіреп. Жалғыз қызың Ибажан Даусы шықты шырқырап. Бір құба үлек бұл келді Ол қалаға аунады, Кесегі қалмай қурады. Қалмақ халқы шулады, Жамыраған қойдай маңырады. Бір айдаһар бұл келді, Қалаға келіп ысқырды, Ен қалмақты тықсырды. Отырған жері ой-шұқыр, Басқан жері май шұқыр. Бес өгіздің терісінен Қолына қамшы етіпті. Құнан пілдің сырт қайысын Атына тізгін етіпті. Малды иесіз деп пе едің, Малдың да иесі жетіпті. Осы түсім жаман түс, Күнбатыстан көк бөрі Қобыланды батыр болмасын. Ойда жатқан отыз қой Отыз төрең болмасын. Қырда жатқан қырық қой Қазы, мүфти болмасын. Алты бағлан ақ қозы Алты балаң болмасын. Жабағылы көк саулық Біздей сорлың болмасын. Ай мүйізді көк қошқар Сұлтаным өзі болмасын. Өз ордаңда өкіртіп, Ор қояндай шалмасын. Шулатпасын балаңды, Қиратпасын қалаңды. Айдаһардай ысқырып, Ен қалмақты тықсырып, Отырған жері ой-шұқыр, Көпшікті ері болмасын. Басқан жері май шұқыр, Үзеңгісі болмасын. Үзеңгі майдай еріліп, Ер келмесін тебініп, Жалмауыздай емініп. Бес өгіздің терісі Белдігі берен болмасын. Құнан пілдің терісі Белдегі садақ болмасын. Басыңа күн тумасын, Біз секілді бейбақты Сабап қойға қумасын. Байлаулы атың баптай көр, Қылышың болса таптай көр, Найзаң болса саптай көр. Осы түсім жаман түс, Осы айтқаным келмесін. Хансұлудың көргенін Жаратқан жан көрмесін. Сонда Құртқа сұлуың Үйден шықты жүгіріп, Отыра алмай кідіріп. “Құдай маған берді ме екен, Сұлтаным бүгін келді ме екен”. Қалаға шықты өрмелеп, Екі қолын сермелеп. Көзінің төгіп жасын-ай, Қаланың шықты басына-ай. Жасын тыйып алады, Төңірекке көзін салады. Көк бұлттың астында, Ақ бұлттың үстінде Құбылып ойнап келеді. Тобылғы меңді тор атты Сонда Құртқа көреді. Қобыландының алдында Жай бұлты бар еді, Қызыл мұнар жел болып, Алдынан оның келеді. Сонда Құртқа сөйлейді, Сөйлегенде не дейді: – Айналайын, алғаным, Келген екен қалаға, Көрді ме екен анасын, Емді ме екен мамасын. Көрді ме екен енекем Туған жалғыз баласын. Шығарып алып мен қойдан, Мақпал мен парша піштірсем, Тұсынан мейман түсірсем, Сары аяқтан сапыртып, Сары балды іштірсем. “Ұлсыз, қызсыз өттім” деп, Мен бейарман болмаймын Жалғанша сенің жүзіңнен. Келген екен ізімнен Қыдыр ата жар болып. Қырық шілтен, қолдай көр, Алдында туған аға жоқ, Артында туған іні жоқ, Есіркейтін пенде жоқ, Өзінен туған бала жоқ, Алладан басқа пана жоқ. Жалғызымның жолына Жанымды айттым құрбан-ды. Құдай нашар қылғасын, Нешік айла етерге Жолығып тұрмын бекерге. Сонда Қобыланды жетеді, Жеті қатар қазған ор Ат қарғытып өтеді. Жеті қатар жебесін Атып талқан етеді. Ойда жатқан төресін, Төренің ұрды енесін. Алты бірдей баласын Алты жерде шалады. Жабағыдай көк саулық Қырға қарай құлады. Алшағырдай қалмақты Ор қояндай өкіртіп, Ордасында шалады, Өлтіріп кегін алады. “Қарындасым қайда?” деп, Көп қалмақты аралап, Бірнеше күн қарады. Кең тоғайдың ішіне Көп жылқыға таман барады. Тігулі тұрған жолым үй, Жолым үйге қарай барады. Тесігінен сығалап Жолым үйдің ішін қарады. Үйдің ішіндегі отырған құлдар: – Біздің қолымыз аяқты көтере алмайды, ауыр, – деп, Хансұлуға көтертіп қымыз ішіп отыр екен, сонда Хансұлу: – Осылай ма еді бергенің, Қорлық болды-ау көргенім, Мұнан жақсы болар еді өлгенім, – деп ойлап отырса, тесіктен сығалап тұрған Қобыландыға көзі түсіп кетіп, қымыз ішкізіп отырған құлдың басына зереңмен салып қалады, қымыз төгіліп қалады, құл жазғанның өзі аппақ қымыз болады. Ұрғаннан соң Хансұлу, Үйден шығып жөнелді. Сонда құлдар ақырды, Хансұлуды шақырды: – Қашпа, сорлы, сен, – деді, Шығармаймын үйден мен, – деді. Құтылармын дейсің бе, Қашқанменен, сен, – деді, Осылай деп құлдар сөйледі. Үйден шығып алғасын, Хансұлу қайтып келмеді. Жалғыз шыққан құлды қырады, Құлдарды Құдай ұрады. Отыз құлды қырғасын, Үні шықпай үйде тұрады. Сонда Қобыланға жақындап Хансұлу сөз сөйледі: – Айналайын жан аға, Келдің бе Алшағыр салған қалаға? Жолықтың ба, ағеке, Бес сарықтың соңында Қаңғырып жүрген анаға? Алшағырдың қасында Жеңешемді көрдің бе? “Егізім менің қайда” деп, Мені іздеп келдің бе? Қабыл екен тілегім, Жаңа кірді-ау реңім. Шығып мүйіз басыма, Жетіп көкке тіреуім. Біздің көрген жәбірді Мұсылманға бермесін, Жаратқан ынсан көрмесін. Егер кетсең далаға, Мені қоя көрме қалаға. Бір шыбындай жаным болсын Жолыңа, көке, садаға. Алтын басым күң болды, Менің теңім құл болды. Кетіп өзің далаға, Иесіз дүниең тұл болды. Үйде тұрған он құлдың Қатты қолын бу, – деді, Сабап, тіпті қу, – деді. Қобыланды артық ер еді, Атынан түсе қалады, Үйге таман барады. Құлдардың қолын буады, Құлға бір мүшкіл туады. Манағы тұрған Хансұлу Құлдарды сабап қуады. Кезекті дүние деген бұл Қалаға жақын келгесін, Қалған құлды қырады. Құлды қырып болғасын, Манағы тұрған Хансұлу Кідіріп сонда тұрады. Сонда тұрып Қобыланды Алдырады арбаны, Жорға менен күймені, Үстіне шатыр құрдырды. Хансұлудай аруға Кілең жібек кидірді. Алшағырдың қатынын Қойға салды күңдікке, Қызын салды долыққа, Сүйтіп кегін алады. Алғаннан соң қаласын, Шулатқасын баласын, Қалмақтың көрді шамасын. Шешесіндей Ақару Бұған да арба жектіріп, “Жүрісі жайлы болсын” деп, Оған да жорға жектірді. Ақ Құртқадай аруға Бұған да жегіп арбаны, Қатар жегіп жорғаны, “Үшеуі қатар болсын” деп, Үшеуіне де торқа кигізіп, Түсі бірдей жорғаны Үшеуіне жегіп парымен, Бірнеше күн жол жүріп, Баяғы Жирен көл еді, Сол көліне қайрылып Қобыланды батыр келеді. Сол көлге келіп жағалап, Қонып қалды-ау шамалап. Қалмақтың би мен бегі еді, Қонып жатқан ел еді. Бәрі бірдей артынан Маңыраған қойдай өреді. Қаңғырып қалмақ келеді, Қобыландының шапқан жері осы еді. Жирен көлді мекендеп Қашаннан жатқан ер еді. Алшағырдың тұқымы Ол мұсылманға бағынып, Қара Қыпшақ болғасын, Ноғайлы деген сол еді, Ол ноғайлының елі еді. Соныменен ара қыпшақ көбейіп, Әбден біраз ел болды. Сонда Қобылан бірнеше күн тұрғасын, Жирен көлге қонғасын, Демін алып болғасын, Қобыланды қасындағы қырық жолдасын ертіп алып, жауға жүрмек болады. Сонда шешесі Ақару Алшағырдан көрген қорлығын Қобыландыға айтып сөйлей бастайды: – Асыл туған сұлтаным, Неше жыл болды мінгелі, Шаршамай ма шапқан тұлпарың? Беліңе буған көк берен Сермесе кеспей қалмағын. Білмеймісің, перзентім, Алшағырдай қалмақтың Қойын бағып зарлаған Біз секілді бейбақты? Сүйтіп қалмақ қорлаған, Кетіп есім мен деген, Тек жаным тұр өлмеген. Басқа біткен шашымыз Бір күндерде қуарды. Жасымыз жетіп меңдеген, Тек жаным тұр өлмеген. Кетпе, балам, сен, – деді, Өз көзіңмен көр – деді. Қолыңнан қаз да, көм, – деді. Ерік кетіп мен, – деді, Дидарыңды бір көрмей, Жау ішінде шөлдедім. Жылай да енді жұбайым, Жар болсын енді Құдайым. Ана десең, перзентім, Кетпе деп сенен сұраймын. Жасым жетіп торықтым, Ажал жақын секілді, Мен өлімнен қорықтым. Енді кетсең далаға, Үстімізге жау қонар. Күн тумай біздей анаға, Біз секілді ғаріпты, Зарлатып, балам, бола ма?! Бұрынғыдай, қарағым, Жүретұғын дәрмен жоқ, Сіз кеткесін далаға. Енді бізде арман көп, – Деп кемпір жылай берді. Сонда қарындасы Хансұлу Жақын келді қасына-ай, Көзінің төгіп жасын-ай: – Айналайын, егізім, Алтын еді лебізің. Қыдырбай еді бабаңыз, Сіз кеткесін далаға, Қалған иесіз қойыңыз. Атымыз әйел болғасын, Келсін неге шамамыз?! Қалмақтың бақтық құлдарын, Қиындықтың біз көрдік Неше түрлі сұмдарын. Өлтіріп кет, сіз, – деді, Қалайық өліп біз, – деді. Білесің бе, ағеке, Жасы үлкен бабаңыз Жеті жатта бұл қалды, Келмеді-ау біздің шамамыз, Баруға барма шамаңыз? Құдай бізге қылғасын, Жылаудан басқа болмады Ешбір біздің панамыз. Сорлы болған бауырдың Оңбайтын ісін біліңіз. Қолына түссем кәпірдің Қайғы түсер басыма. Сіз бір қайтып келгенше, Дидарласып көргенше, Өзің ойлап қарашы, Не келер оның қолынан Мынау тұрған анаңыз. Сіз кеткесін далаға, Көреміз ғой біздер де Өктем-өктем сөздерді, Сіз келгенше жолыңнан. Сіз кеткесін далаға, Жолығамыз ғой, ағеке, Қара бауыр құлдарға. Сөз айтуға болмайды Атаңа нәлет мұндарға. Сол жауапты айтқанда, Үйден шығып Ақ Құртқа, Жақынырақ келеді, Келе тұрып сөйлейді: – Айналайын, алғаным, Дүниенің білдім жалғанын. Не түрлі көрдім азапты, Сіз кеткесін далаға. Артыңызда күн туды Қатын менен балаға. Қалмақ қорлық бердірер Ақ сүт берген анаңа. Жақын жерде кәпір жоқ, Тілімді алсаң, сұлтаным, Бізді тастап кетпеші, Қаншама жәбір біз көрдік. Көрдіңіз ғой өзіңіз Айырып алдың өзіңіз. Сіз болмағасын бұл жерде Таянып қалып едік өлуге. Ақ сүт берген анаңыз Жәбір көрген бұл байғұс. Жадыңызға алсаңыз, Атаңыз жатып бұл қалды. Өзіңіз кетіп қалғасын, Бұл ордада кім қалды?! Қалмақтың ісі осылай, Бізге мұндай күн салды. Өлтіріп кет анаңды, Тастап кетпе, сұлтаным, Мұндай жиған қараңды. Асылың артық ер, – деді, Айттым сізге мен, – деді. Жадыңызға саламын, Тындасаңыз сіз, – деді. Ақарудай бәйбіше Келіп тұрды қасына-ай, Көзінің төгіп жасын-ай: – Сағынып көрген тұяғым, Кезенесің алысқа Кетейін деп, шырағым. Ақ Құртқа мен Хансұлу Естисіз бе сіз сөзін. Біздің көрген жәбірді Көрмеп пе еді көзіңіз. Енді сапар бұл шексең, Тірі қоймас дүниеде, Көміп кет енді өзіңіз. Енді кетсең далаға, Өлтіріп кет, шырағым, Біздей сорлы анаңды. Өлмесем де өлгенім, Өлім болды көргенім, Енді айтып жауап болғаным. Сонда тұрып Қобыланды Қайрылып бір ауыз сөз сөйледі: – Алыс емес, жақын жер Менің жауға барғаным. Тек бұл емес қой менің Талай жауды алғаным. Атқа мініп алғасын, Жарамайды, шешеке, Менің түсіп қалғаным. Қорлық бермейді біздерге, Енді ешкім көзін сала алмас, Енді, шеше, сізге де. Тапсырамын Аққа мен, – деді, Алпыс күнде келермін, Қайғы етпе, ана, сен, – деді. Тірі болсам келермін Екі ай жүріп мен, – деді. Баратын жерім сұрасаң, Қостөре деген ел, – деді. Қобыланды батыр жөнеді, Жолдасы жоқ дара еді, Жалғыз кетіп барады. Қасында сонда Қошабай Жолдас болып ереді. Екеуі шығып жөнелді, Қошабай мінген кер еді, Қобыландыдан азырақ төмен ер еді, Қорықпайтұғын неме еді. Екеуі шығып алғасын, Күні-түні жол жүрді, Қисапсыз жолда мол жүрді. Аяңдамай желеді, Батырлар желіп жөнелді. Қостөре деген қашаннан Қалмақтың мықты ханы еді, Бекіп жатқан жан еді. Көлденең жатқан тау еді, Айналасын сұрасаң, Өзі мықты жау еді. Жан келмейтін жер еді, Өзі де мықты ер еді. Бір жаһаннан қорықпайтын Асылы мықты неме еді. Ноғайлы келе жатыр дегесін, Қостөре екі мың әскермен шығып жатқан екен қарауылға. Көрінді жаудың қарасы, Ашылды жердің шамасы. Қостөреге көрінді Қобыланды мен Қошабай Екеуінің қарасы. Жүз кісі алып қасына, Қостөре жүрді аралап, Көрінген жауды болжалап. Сонда жүз кісі ертіп қасына Қобыланды да келіп жетті. Сонда Қостөре Қобыландыға сөйлей бастады: –Екі бірдей баласың, Екеуің де қайда барасың? Білмей ме екен адамзат Өзінің қайрат шамасын?! Біз қалмақ деген ел едік, Бөлек жатқан ер едік, Жау көрмеген біз едік. Айтыңыз ата-анаңыз, Білейік енді шамаңыз. Сонда Қобыланды сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: –Біз ноғайлы деген ел едік, Тоқсан баулы ноғайлы Ежелден жатқан көп едік. Ұзыннан жатқан өрен су Жағалай қонған мол еді, Көптігіміз сол еді. Ноғайлының ішінде Бөлек-бөлек санасы Қара Қыпшақ деген ноғаймыз. Қыдырбай еді атамыз, Қобыланды мен Қошабай Сонан туған баламыз. Іздегенім сұрасаң, Қостөре қалмақ ер еді, Бір мықты жер еді. Мұсылманға кірсін деп, Іздеп шықтым дініңіз. Қайсысы жақсы бұл діннің, Өзіңіз ойлап біліңіз. Екі талай жер болса, Жеңісуге қалайсыз? Аз бен көпке қараман, Тәуекел етіп қаламыз. Қостөре сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді; –Ноғайлы деген, сен, – деді, Жасқанатын емен мен, – деді. Ондай көңілің бар болса, Сынасалық, кел, – деді. Сонда тұрып Қостөре Атының басын бұрады, Оңтайланып алады: – Енді кезек бер, – деп сұрады. Қобыландыдай баланың Білейін күш шамасын. Сыйламай ма екен ер Қобылан Жасы үлкен ағасын?! Кезегімді, батыр, бер, – деді, Қайратымды көр, – деді. Сонда Қобылан сөйледі: –Ата бер, қалмақ, сен, – деді, Жасқанбаймын мен, – деді. Қайратың болса ете бер, Аянбай, қалмақ, сен, – деді. Сонда қалмақ долданды, Қорамсаға қол салады, Атайын деп оңдалды. Қорамсадан оқ алды, Төртеуін бірдей атады. Қобыландыдай еріңнің Үстінде бар да ақ сауыт, Сыртында бар да шарайна, Басында бар да дулыға Сыртында бар да қалқаны. Қарсы тұрды қақшайып, Жасқанатын ер ме еді. Сонда қалмақ оқ атты, Үшке дейін жалғастырып болатты. Ол қалмақтың үстінде Ақ сауыты жоқ екен, Тек шарайна бар екен. Сонда Қобыланды ойланды, Қорамсаға қол салды, Көк жебені қолға алды. Атайын деп Қобыланды, Қостөреге көз салды. Өзіне кезек бергесін, Атуға кезек келгесін, Қобыланды сонда Қостөреге сөз айтты: –Қостөредей хан, – деді, Сөзіме құлақ сал, – деді. Анау тұрған жолдасың Кейін қайтсын, бар, – деді. Бар болса сенің қатының, Балаң менен оларға Сәлеміңді айт, – деді. Өлмеймін деп ойлама, Менімен тіпті ойнама. Мынау тұрған сұр жебе Атсам оқты қоймайды, Өзі өтпей қоймайды. Сен секілді қалмақты Өлтірмей, сірә, қоймайды. Қалмақ кете қоймайды, Айтқан тілін алмайды, Кейін қайтып бармайды. Сұр жебесін ер Қобылан Сонда тұрып басады. Шарайнаға қарамай, Атқан оғы өтеді, Қалмақтан өтіп кетеді. Қалмақтың басы бөлінді, Өлгендігі қасындағы Жүз кісіге көрінді. Жүз кісіден он кісі Кейін қарай қашады. Сонда Қобылан ер тұрып, “Қостөре хан өлді деп, Келіп көрсін құл” – деді, Енді болды жер, – деді. Сонда жүз кісі қалмақты жасырды, Қошабай батыр ақырды: –Келе бер, – деп, – қорықпасаң, Айқайлап бәрін шақырды. Қошабай мен ер Қобылан Қалмаққа сонда шабады. Ішіне таман барғасын, Батырлар жұлқыс салады. Қошабай мен Қобыланды Қалмаққа салды ойынды. Бұрынғы қашқан он кісі Қалмаққа берді хабарды. Хабар алып көп қалмақ, “Ерлердің басын кесіп алам” деп, Жақындап жетіп қалады. Қошабай мен Қобыланды Бұларға жақын барады. Өлгендердің көп аты Жайылумен қалады. Қалмаққа жақын барғанда, Қошабай салды айқайды. “Алла” деп бір жапырды Іркілмейді екі ер, Көпке кіріп барады. Батырлар жақсы ұрынды, Қалмақтың бәрі қырылды. Қырылған қалмақ үстінен Жылқы шауып өтеді. Қырылғансын барлығы, Қалмақтың азы қашады. Қашқандарын санаса, Қырық-елу шамасы. Қалғанына қарамай, Кеткеннің артынан Қобыланды мен Қошабай Тағы қуып барады. Қазулы жатқан орлардан Ат қарғытып өтеді. Құрулы тұрған жебені Басына шаншып кетеді. Тоқтамайтын жер еді, Ондайды талай көрген ер еді. Қалмақтың ішіне барғасын, Қобылан мен Қошабай Қаласын талқан етеді. Қатын менен баланы Қалаға жинап алады. Сонда Қобыланды: – Қалмақтың қатын, баласына айтайын деген сөзім бар еді, – дейді: –Айтайын деген сөзім бар, Тыңдасаңыз сіз, – деді. Мұсылман болсаң егерде, Түк тимейміз біз, – деді. Сонда қатын, бала шулады, Жамыраған қойдай маңырады: –Дінге кірдік біз, – деді, Тие көрме, сіз, – деді. Есін білген баланы Оқытармыз біз, – деді. Сол қалмақтың ішінде Әр тілді білетін бір шал бар еді. Жасы жеткен жан еді, Тоқсандағы шал еді. Қобыланды оны шақырып алып: –Білесіңбе бұл дінді? – деп, Ол қалмақтан сұрады. Есігін ашып қалмақтың, Қатыны мен баласы Үйден шығып қашады, Құтылам деп асады. “Құтылып қашып кетер” деп, Қошабайдай еріңіз Есікті жауып қалады. Ішінде отырған қалмақты Қобыланды шауып алады. Тимейді қатын, баланы, Қоймайды үлкен адамды. Қобыланды мен Қошабай Қаланың ішін шабады. Қатын мен бала жазасыз, Еркекке бүлік салады. Екі күндей талқандап, Қаланы қырып болады. Төңірегін қараса, Қалың тоғай ну еді. Қошабайдай еріңіз Сыртқа шығып қарады. “Бұл тоғайда қалмақ қалар” деп, Шабуылдар салады. Екі күндей шапқылап, Тоғайды аралап қарады. Онда адам жоқ дегесін, Қобыланды оған бармаған. Сонда тұрып шал айтты: – Тек менің көзім жазуды көрмейді. Онан басқа әр түрлі тілді де білемін, – деді. Сонда Қобыланды дінді айтып көрсетті де, енді діннен танба, – деді. – Егер бұл діннен тансаңдар, қайтып келіп біріңді қоймай қырамын, – деді. Қобыландының қалмақты қырып, қатын, баласын дінге кіргізіп, тимей кеткен жері осы еді. Қостөредегі байтақ ел осы еді. Қобыланды меп Қошабай елге келеді. Елге жақындағанда, Қошабай “шешемді қуантамын” деп ауылға шауып кетеді. Ат дүбірі шыққасын, Үйден шықты жүгіріп, Отыра алмай кідіріп. Шыққасын көзі көреді Қошабайдың келгенін, Бәрі танып біледі. Ақарудай бәйбіше Ол да шықты үйінен, Отыра алмай кідіріп. Қошабай жалғыз келгесін, Ақылынан торықты, Бәрі де шошып қорықты. Сонда кемпірге Қошабайдың айтқаны: – Асыл туған анамыз, Ақылға кәміл данамыз. Қостөреге барғамыз, Қалмаққа ойын салғамыз. Қалмақтың алдық қаласын, Байқап көрдік шамасын. Сау-саламат тұрсыз ба, Айналайын, анамыз?! Келе жатыр Қобыланды, Көзің салып қараңыз. Ақарудай шешеміз, Келе жатыр балаңыз. Хансұлу, сіздің келеді Бірге туған ағаңыз. Келе жатыр, жеңеше, Сіздің алған жарыңыз, Түгелсіз бе, жеңеше, Аман түгел бәріңіз?! Қошабай түсіп атын байлады, Қобыланды келді торы атпен, Балдағы алтын болатпен Ол да жетіп келеді. Қошабай мен Қобыланның Соңғы алған жаудан жері еді, Артық туған ер еді.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.