Қазақша
Сұлтан Керім (Үзінді)
Бір өзі атқа мінді кетейін деп, Қалмаққа жалғыз өзі жетейін деп.
Аттанды жалғыз өзі болып дара, Болар деп бір өзіме Алла пана.
Қарадөң деген жер еді,
Сондағы қалмақтың осы жері еді. Ен қалмаққа аттанды,
Арасы он күндік жол еді. Отыз бес күн болғанда,
Көрді сонда қарасын.
Дөңге шығып алған соң, Қалмақтың көрді қарасын. Он кісі қалмақ жүр екен Қарауыл шығып далаға,
“Келтірмен, – деп, – жан қалаға”. Қалмақтың ханы Мұрат та Шығады екен көруге
Қаншама рет қыратқа.
Он кісі қарсы келді батырға,
Он кісінің ішінде бар еді Мұраттың жалғыз баласы. Ерғали сонда сөйледі:
– Жолдасың жоқ дарасың,
Уылжыған жап-жас қана баласың. Қолақ қылыш асынып,
Жарқыным, қайда барасың? Аты-жөніңді сен айтшы, Қайдан шықтың сен? – деді. Енді Сұлтан сөйледі:
– Менің немді сұрайсың? Мекенімді сұрасаң,
Қызғышты деген жер, – деді. Руымды сұрасаң,
Ноғай деген ел, – деді. Іздегенім сұрасаң, Қалмақ деген ел, – деді. Мекенін оның сұрасаң,
Қарадөң деген жер, – деді. Шабайын деп іздедім, Сондай кәпір ел, – деді.
Сонда Ерғали сөйледі:
– Атам сұлтан хан еді, Туған артық жан еді. Арғы атамды өлтірген Ноғайлы деген ел еді. Атам менің айтушы
“Кетті кегім” деп еді. Сол үшін сені өлтірсем, Арманым жоқ, – деп еді. Сонда екеуі ат үстінен Жағаласты салысты,
Алысып бір қалысты. Екі күндей жағалас, Ат үстінде соғысты.
Түсіріп аттан қалмақты Сонда ноғай алады.
Түсіріп аттан алған соң, Ор қояндай өкіртіп,
Ол қалмақты шалады. Оны өлтіріп шалған соң, Артындағыларына
Жапырып айғай салады, Келе соғыс салады. Қалмақтың өлді тоғызы, Біреуін кейін қайтарды:
–Еліңе таман жет, – деді. Ол еліне келеді,
Ханына келіп сөйлейді:
–Ноғайдың көрдік баласын, Көрдік оның шамасын.
Ноғайлы деген зор екен,
Мықты халық сол екен. Тоғызымызды өлтіріп, Жалғыз мені өлтірмей, Еліңе хабар бер, – деді. Әскер жиып қамдалды, Аттануға қозғалды. Балаң өлді деген соң, Ханың сонда долданды. Еліне хабар ол салды, Екі сағат бойында
Екі жүз кісі қамдалды. Қалмақтың көрді қарасын, Көп екен көрді шамасын. Сонда ноғай торықпай, Көп те болса барады Жалғыз өзі қорықпай. Көптігіне сенеді,
Қоршап қалмақ келеді. Үстіне киген белдемше,
Ақ сүңгіні қолға алып,
Қозғалды батыр долданып. Неше күндей соғысты, Қалмақтың алды қаласын, Қалмақтың көріп шамасын.