Қазақша
ХИКАЯТ РИСАЛА МҰҢЛЫҚ, ЗАРЛЫ
Әуел сөзді бастайын, Ісімді Құдай оңласа.
Шешеннен сөз табылар, Жай бұлтындай торласа. Қисық ағаш түзелер,
Тезге басып морласа. Ақыретте сауап жоқ, Айтатұғын жауап жоқ, Жетім-жесір, ғаріпні
Кемсініп, оны қорласа. Мұнан жаман сол болұр, Уағдалы сөзде тұрмаса. Ақсұңқар келіп шырмалар, Саятшы алдын торласа. Ақбөкен келіп жығылар, Алдын қазып орласа.
Бенденің бақыты ашылмас, Маңлайы қалың сорласа.
Жүсіпбек қожа сөйлейді,
Жамағаттар қолдаса.
Менің айтқан сөзіме Құлақ салсаң, жарандар, Зарлықты енді бастайын. Ада болмас бұ сөзім, Ұзайтпай енді тастайын. Әйтеуір ажал келеді
Тағдыр жетсе бір күні. Тірілігімде қақсайын, Өлең қып ем өзгені,
Мұны жырлап жазайын. Құлағың салып тыңлағыл, Дін мұсылман ағайын.
Бұрынғы өткен заманда, Дін мұсылман аманда, Он сан Ноғай елінде,
Шаншар хан атты ханы бар, Ғадалатты хан екен, Қайыры тиген жиһанға.
Бір перзентке зар болып,
Алпыс қатын алыпты,
Кетем бе деп арманда.
Алпыс қатын алса да,
Бір перзент болмай бәрінен, Қайғылы болды Шаншар хан.
Сырын айтпай адамға, Жасы алпысқа келгенде,
«Орнымды кім басады, Ажал келіп өлгенде».
Мұны ойлап Шаншар хан,
Көңілін қайғы басады.
Таяқ алып қолына,
Тау-тастан жаяу асады. Әулиені қыдырып, Қаңғырып кетті жапанға, Тәрік қылып дүниені,
Шыбын жанды қинады. Бір перзенттің дертінен Көзінің жасын тыймады. Бір жерлерге келгенде,
Шаршап барып жығылды.
«Өлем ғой»деп бұ жерде Ғаріп жаннан түңілді.
Талып жатып Шаншар хан Қайғырып қатты жылады. Жылап жатқан жерінде Тілегін Құдай береді,
Ақ сақалды кісі боп Хазірет Қызыр келеді:
– Үйіңе патша бар, – дейді,
Таңлап жүріп еліңнен
Бір сұлу қыз ал, – дейді, Сол қатынды алған соң, Бір ұл, бір қыз табады.
Мұны естіп қуанып,
Жарыла жаздап жүрегі, Үйіне қарап жөнеді.
Алпыс күн жүрген жолына Он бес күнде келеді.
Алпыс қатын баршасы,
Жоқ болған соң патшасы, Шулап жылап жатқанын Шаншар хан келіп көреді.
Қатындарын жұбатып, Бірнеше күн тұрады.
Уәзірін атқа мінгізіп,
«Бір сұлу қыз әкел» деп, Тығыз бұйрық қылады. Барын атты уәзірі
Бір сұлу қызды ап келіп,
Хан қойнына салады.
«Бір ұл, бір қыз табар» деп, Он жылға шейін қарады.
Он жыл тамам өткенше, Қатыннан бала тумады. Жетпіске өзі келген соң,
«Өтем бе, – деп, – тұяқсыз» Патшаның көңілі жаман боп, Жүрегі қатты солады.
Әлқисса, патша Барын деген уәзірін шақырып алып: – Жұртты жи, – дейді. Бүйтіп қапа болып тұрғанымыз жарамас. Және бір қыз алайын.
«Патшаның тойы бар» деп, жұртты жиып, жар салыңыз: «Бір ұл, бір қыз табатын қыз бар ма?» деп. «Бар» деп біреу қызына кепіл болса, сол қыздың өз бойындай алтын берсек те алалық, – деп айтты. Анда Барын жұртты жиып, өзі мұнараға шығып, жұртқа жар салып айтқаны:
– Ал менім атым Барын-ды,
Мен айтамын зарымды. Бір перзенттің дертінен Беттен төктім арымды, Кетірді Алла сәнімді. Темірден дейді кәтепті Жалладтың екі қанатын. Салар дейді санатын, Он сан Ноғай ішінде Бір сәуегей бар ма екен
Сұраусыз пейіш баратын,
Бір ұл, бір қыз табад деп, Қыз міндетін алатын,
Қызына кепіл болатын?! Қатар-қатар нар ма екен, Һәркім мендей зар ма екен?! Ат сыналмас шабылмай, Мейір, опа табылмай,
Он сан Ноғай ішінде
Бір сәуегей бар ма екен?!
Он сан Ноғай сандалды,
Бір ұл, бір қыз табад деп,
Қызына кепіл бола алмай. Бектер мінер қызылды, Жал-құйрығы ұзынды, Барын айтқан сөзіне Таппай жауап сүзілді.
Қыз міндетін ала алмай, Қызына кепіл бола алмай, Он сан Ноғай бұзылды.
Әлқисса, уәзірдің бұ сөзін есітіп, жұрт ойладылар: «Бұ Шаншар хан қалай айтады, ғайыпты кім болжайды» деп, тарап кетті. Сол уақытында жасы алпысқа келген Жәудір деген шал бар еді. Қатыны өліп, қамыстан күрке қылып, теңіздің жағасында балық аулап жан сақтап, ауқат қылып жүрер ерді. Ошал Жәудір ойлайды: «Мен қызыма барып сұрайын, қызым бала табамын дер ме екен, таппаймын дер ме екен. Табамын десе, ханның алтынын алайын» деп, үйіне келеді. Келсе, қызы жалғыз отыр екен. Қызына айтуға бата алмай, ауырған кісі болып басын шырмауықпен байлап жатып сандырақтаған болғаны:
– Ей, ботам, менің айғаным,
Айғаным ойлап қойғаным. Әлі есімнен кетпейді Шаншар ханның тойынан Өлгенше менім тойғаным. Жұрт сұлтаны Шаншар хан Жұрттың бәрін жинады, Жиып алып сыйлады. Сыйлағаны құрысын,
Қасымдағы жалғызды Берерге көзім қимады.
Кедей болдым жасымнан, Кедейлік шіркін кетпеді Жасымнан-ақ басымнан. Баспақ толған мың тіллә, Тілләсі құрсын, қайтейін, Жалғызды көзім қимады Берерге ұстап қасымнан.
Кедей болдым һәр кезде, Кедейлік дәурен сүргізді. Жар басына қондырып,
Жарты лашық тіккізіп, Алпыс жасқа келгенде, Қатынымды өлтіріп, Қазан ұрған гүлдей ғып, Бір тамырдан солдырды. Ханы құрсын, қайтейін, Қайтіп көзім қияды
Қасымдағы жалғызды.
Әлқисса, анда қыз атасының бұ сөзін естіп ойлады: «Мені хан айттырмақ болған екен, бұ атам маған естіргені екен, не де болса бұ әкемнің айтқанын қылайын» деп, далаға шығып тұрып қыздың атасына берген жауабы бұ-дүр:
– Айналайын, жан ата, Ботаңның айтқан сөзіне
Құлағыңды сал, ата!
Ертерек ханға бар, ата, Малыңды санап ал, ата, Маған кепіл бол, ата.
Қайғырма, атам, беп-бекер, Ажал келсе өлерміз,
Қара жердің астында Құрт-құмырсқа жеп кетер.
Қолғап кидім жең үшін, Мен туғанмын сен үшін.
Жараса басым сата бер, Қайғырма, әке, мен үшін. Алпыс қатын үстіне
Мені сатып барасың, Ойбай, Тәңірі, қайтейін, Тең құрбымнан кем үшін.
Әлқисса, шал ыңқылдағанын қойып, орнынан тұрып, қызына айтқаны:
– Айналайын, ботам-ай, Қай сөзіңе нанайын,
От болып лаулап жанайын. Қарағым, сенің малыңа
Қай түлік малды алайын? Көлден-көлді қыдырып, Бұтымды бұта сыдырып, Ақсұңқарды қолға алып, Аққуға салсам теңізде. Қаршығама ілдірсем
Дуадақ құстай семізді. Бұ теңіздің бойында, Екі аяқ тары салұрға,
Қырмандап тары алұрға,
Алайын ба мал үшін
Қоңыр шолақ өгізді? Баланың тауы қайтар-ды, Қайдан білдің, жан балам, Осы сөзді айтарды?
Жаяулықтан жоғалдым, Алайын ба мал үшін Торы шолақ байталды. Құдай берсе бақ дәулет,
Жамаулы шекпен кимен-ді,
Артайын ауған күбімді. Халық ішінде қалқиып,
Шайламды артып жүруге, Алайын ба мал үшін Сары қоспақ інгенді?
Әлқисса, қызы Қаншайым айтты: – Ей, әке, мал алып не қыласың, бағып берер балаң жоқ, байлап қояр панаң жоқ, не болса да тіллә алып жамбасыңның астынан жеп жата бер, – дейді. Анда шал: – Қанша тіллә алайын, – деді. Қаншайым айтты: – Мына қалтаны толтырып алсаң, менің қалыңмалым бітер, – деді. Шал қараса, үш тіллә зорға сыйғандай. Шал ойлады: «Қызымды Құдай ұрған екен, тиетұғын байына бұрған екен, мұны қалай қыламын» деп, үш күн тоқтады. Ақыры бармақ болды. «Не қылайын бұ қызды, аз да болса қанағат қылайын» деп қалтаны қолына алып дарбазаға жетіп келсе, Барын уәзір отыр екен. Шал айтты: – Ей, Барын, менім бір қызым бар, бір ұл, бір қыз табады, соған кепіл боламын, – дейді. Анда Барын шалды қолынан жетеледі. Шал айтты: – Өзің барғыл, мына қалтаны ханға бергіл, осыны толтырып тіллә берсе болады, – дейді. Анда Барын уәзірдің патшаға келіп айтқаны:
– Ассалаумағалейкүм, Алдияр тақсыр ханымыз, Бір перзенттің дертінен Беттен кетті әріміз,
Кетті жұртқа сәніміз.
Айналайын, тақсыр-ау, Бұ сөзге құлақ салыңыз. Келіп тұрған арызға
Мынау ғаріп шалыңыз, Шал үйінде бар екен
Сізге лайық жарыңыз. Қаракет жиған малыңыз, Шал қолында қалта бар, Қалтаны қолға алыңыз. Сіз де ынсап қылыңыз,
Үш тілләлік қалта екен, Алты тіллә салыңыз, Алдына келген бұ шалдың Қызын тегін алыңыз. Қалтаны ханға тастады, Хан қолына ұстады.
Сонда патша сөйлейді: – Есік алды ебейін, Күйген үрер көмейін. Алдымдағы, Барын-ау,
Шалдың қарны тоқ па екен, Үйінде малы көп пе екен?! Он сан Ноғай ішінде
Ақша салып алғандай
Екі ен дорба жоқ па екен?
Бұл сөзді айтып падиша, Қалтаның аузын ашады, Бес тіллә алып салады, Қарасын көрмей барады. Отыз тіллә салады,
...................................
Енді барып падиша Қазына аузын ашады. Жеті там еді ақшасы, Қалтаны ашып жігіттер Күректеп тіллә салады,
Сонда да қалта толмады. Толар заман болмады, Жеті там толған ақшаны Екі елі дорба жалмады.
Дорба әкелген Жәудір шал
«Уағда бар» деп бастады, Толтыра алмай қалтаны Шаншар қатты сасады.
Бектер мінер қызылды,
Жал-құйрығы ұзынды. Толтыра алмай қалтаны, Патшаның белі үзілді.
Үзілмей енді неғылсын, Жеті там толған ақшасы
Бәрі де кетіп сүзілді.
Ақсұңқар құс қанатын Ұшарында қомдайды
Шынымен Құдай оңлайды. Жеті там толған ақшасы Бір қалтаға толмайды.
Он сан жатқан Ноғайға Үй басына он сомнан Үш қайтара салады, Салық қылып алады.
Алып келіп қалтаға
Қайта-қайта салады. [Сонда да қалта толмайды,] Толар заман болмайды.
Анда тұрып Шаншар хан Жұртына хүкім шашады. Хүкіміне шыдамай,
Қаладан ноғай қашады. Сонда тұрып Шаншар хан:
– Төбел тазға – төрт теңге,
Айна тазға – алты теңге,
Қырма тазға – қырық теңге, Ойма тазға – он теңге.
Сал к..іңді керсенге,
Сыйса да бер бес теңге, Сыймаса да бер бес теңге. Семіз бенен таздарға Салық салып алады.
Алып келіп қалтаға Қайта-қайта салады.
Сонда да қалта толмайды, Толар заман болмайды. Он сан жатқан Ноғайды
Жалғыз-ақ қалта жалмайды.
Әлқисса, анда патша айтады: – Бұ не деген қалта, мұның толатұғын лажы бар ма екен? – деп жұртқа жар салды. Һешкім мәнісін білмеді. Сол уақытта үш жүз елу жасқа келген, ыстық ішкен, сұйық тышқан, қабағы тырысқан, көрінгенмен ұрысқан, тізесіне шекпені жетпеген, басынан
жаманшылық кетпеген, кенеп дамбалы к..іне қатқан, өзін туғаннан Құдай атқан, бір жақсылық көрмеген, тілеуін Құдай бермеген бір Мыстан деген кемпір айтты: – Патша менің хақымды берсе, мен қалтаны толтырып беремін, – депті. Патша хақысын береді. Кемпір келіп жерден бір қысым топырақ алып қалтаға салып еді, анда қалта тасып төгіліп, көшеге сыймай кетті. Патша қазынасын қайта толтырып алып, қалғанын ғаріп-қасірге берді. Шал қалтадағы ақшаны жеті атан түйеге артып алып кетіп, Қаншайымды патшаға берді. Күндерден күн, жылдардан жыл өтіп, бір күні Қаншайым жүкті болып, туар халатқа келді. Патша Барын уәзірді шақырып алып айтты: – Мен ғұмырымда һеш перзенттің даусын үйімнен есіткенім жоқ еді. Бала туғанда жүрегім жарылып кетеді ғой деп қорқамын, – деді. Барын айтты: – Шөгірлінің тауына барып, қырық жігітпенен аң аулап жаталық. Бала туғанда біреу сүйінші деп келеді, сонда ат қойып барсақ жүрегіңнің қуанышы басылып қалады, – дейді. Патша Барынның бұ сөзін мақұл көріп қырық жігітпенен тауда аң аулап жата берді.
Ендігі сөзді алпыс қатыннан естіңіз. Қатындар жиылып кеңес қылып, мыстанды шақырып алып айтты: – Ей, ене, патша біздерге жолаушыға ұқсап алпыс күнде бір түнеп жүруші еді. Енді мына қатын бала тапқан соң біздер қатындықтан қаламыз ғой. Бұған ақыл тауып баласын жоғалтыңыз, – деп, алпыс табақ тіллә берді. Анда кемпір мақұл көріп, «бұның лажын табам» дейді.
Бір күні қатын толғатқанда кемпір келіп бетіне бір дем салып қойып еді, Қаншайым талып жығылып қалды. Анда кемпір иттің екі күшігін алып келіп, Қаншайымның ішін тартты. Бір ұл, бір қыз туды. Ұлдың алтын айдары болды, қыздың күміс айдары болып туды. Кемпір екі күшікті [Қаншайымның] етегінің астына салып, баласын қатындарға алып келді. Қатындар айтты: – Ене, не қылсаң [да], өзің қыл, – деді.
Анда кемпір екі баланы екі қолтығына қысып алып бір дария бар еді Қазар деген, ошал дарияға алып келіп тастамақ болып тұрып, балаларды көзі қимай, тастамайын десе, тілләні қимай кемпір баланы ұстап тұрып бір сөз деді:
– Есік алды гүлхана, Саған болдым мен ана. Екі асыл сұлтаным,
Қаныңды жүктеп барамын Алпыс табақ тіллә үшін Бұ бес күндік дүниеде.
Тастайын десем бұ суға, Сендерді көзім қимайды, Тастамайын десем де,
Бойыма тіллә сыймайды. Тастамайын десем де, Алпыс «анаң» болмайды. Барғын, балам, Аллаға,
Разы болғын қазаға.
Тіпті көзім қимайды,
Қызығып кеттім, ботам-ай,
Алпыс табақ тілләға.
Алтын сақа алшысы, Сақаның болмас қалшысы. Есен болсаң, ботам-ай, Екеуің де боларсың
Ел-жұртыңның басшысы.
Патша ұлы болсаң да, Екеуің де баласың,
Бас білмеген танасың. Мың жасаған Ұлықпан,
Ол не көрді дүниеден,
Таба алмаған дүниеде О да өлімнің шарасын.
Тірі жүрсең, шырағым, Һәр пәлеге қаласың.
Жыл-жыл сайын жыл бітер, Күнә артып аласың.
Бұ күнде өлсең, шырағым, Дәл бейішке барасың.
Күн біткеннен түн бітті,
Құдіреті күшті Құдайым, Жас көдекке тіл бітті. Тіл бітіп бала сөйледі:
– Мыстан кемпір анамыз, Біздер сіздің балаңыз.
Тастамай суға алыңыз, Өзіміз адам болған соң, Өлгенше сізді бағамыз. Ажалың жетіп сен өлсең, Басыңа шырақ жағамыз.
Болжалды мезгіл болғанда Ажал жетсе өлеміз. Құртуға бізді жіберген, Ойбай, Тәңірі, қайтеміз, Күндестігі құрысын, Тумай жатып не қылдық Алпыс өгей анамыз?! Тастай бергін, қайтейік, Уай, дүние-ай, [амал не],
Бір Құдай болсын панамыз.
Мыстан кемпір тұрады, Әңгіме-дүкен құрады.
«Сөйлемегін, көдек» деп, Шапалақтап ұрады.
Ұрғанына шыдамай
Шырқырап бала жылады. Ұрған таяқ тиеді,
Балаға жаман өтті енді,
Мыстанның қолы қатты енді. Жылаған даусын есітіп
Біреу келіп қалар деп,
Қол-аяғын берік ұстап, Баланы суға атты енді.
Ғайып ерен қырық шілтен Түсірмей судан алады.
Шөгірлінің тауына, Адам бармас жеріне
Шілтендер алып барады. Тастан кеулеп үй қылып, Пана қылып береді.
Екеуіне бір киік Ана қылып береді. Ол киікке баланы
Бала қылып береді. Құдіреті күшті Құдайым, Таудан алма жегізіп, Киікті ана дегізіп,
Киік жүрді үш мезгіл Баласындай емізіп.
Әлқисса, мыстан кемпір алпыс қатын билән Қаншайымның үстіне келеді. Келіп көрсе, өкпесі зорға соғады. Астында екі күшігі жатыр. Кемпір бетіне бір дем салып қойып еді, Қаншайым басын көтеріп алады. Қатындар
«ит баласын тапты», деп, бетіне түкіріп, кете береді.
Далаға шығып кеңес қылды «ханға қайтіп естіртеміз» деп. Өзге ел: – Патшаға біздер айтуға жүзіміз шыдамайды, ұялмайтұғын мыстан кемпір барсын, – дейді. Мыстан «құп» деп, патшаға қарап жүріп кете береді. Ол уақытта патшаның екі көзі ел жақта болып, қашан сүйінші сұрамаққа кісі келеді деп төбеге шығып тұрғанда, келе жатқан кемпірді көріп қырық жігітке келіп айтқаны:
– Шаһар жақтан бір адам
Елбең-елбең етеді,
Бізге қашан жетеді.
Ат қоялық, қырық жігіт, Ат қойсақ неміз кетеді?! Атқа салдым терлікті, Дұшпанға қылдым ерлікті, Ат қоялық, қырық жігіт, Көңілім жаман зерікті!
Қырық жігіт сонда ат қойды, Ат басына лап қойды,
Шөгірлі таудың беті еді,
Бір сағат болмай қырық жігіт Мыстанға келіп жетеді.
Ат шабар жермен дүрілдеп, Киген тоны кәудіреп
Жетіп келді мыстанға,
Қырық жігітнің көзі жәудіреп.
Тілеуің құрғыр қу мыстан Көзінің жасын бұлайды.
Бір түп біткен шеңгелді
Құшақтап тұрып жылайды.
– Атыңның басын тарт, балам, Не деп отыр қарт мамаң.
Қарт мамаңның сөзіне Құлағың сал, өрт балам, Ғайып болсын сырласың. Кепіл болып қыз берген Жалғаншы екен Жәудір шал, Бұ дүниеде оңбасын,
Оңбасын демей не дейін,
Ит баласын тапты ғой
Қаншайымдай жолдасың.
Шал емес, сұңқар қияқсыз, Ит баласын тапты ғой Қаншайымдай ұятсыз.
Шыныңменен сен сорлы Еш нәрсе көрмей дүниеден Өткенің бе тұяқсыз.
Естірткелі келіп тұр Анаң сорлы сияқсыз.
Әлқисса, бұлай деп мүттәйім жалмауыз кемпір жылап тұрған соң, хан атынан түсіп, жер бауырлап жата кетті. Бір заманда басын көтеріп алып, жігіттерге айтты: – Сіздерге айтар сөзім жоқ, елге қарар жүзім жоқ, мен осы жерде жатайын. Сіздер Қаншайымды дарға асып, өлтіріңіздер, – деді. Анда Барын қырық жігітке бара жатып айтқаны:
– Жаңбыр жауар әуеден, Қара бұлт торласа. Бәлекет елде көбейер, Жігітті жігіт қорласа.
Дұшман қорлап не қылсын, Аруақ басқа ұрмаса.
Алпысы тумай жүргенде Нағып еді Шаншар хан. Болмай жүрген әзелден, Баласы құрсын, қайтейін.
Мұндай істі білмей ме, Есі жоқ кісі болмаса. Жақсының ісі бітеді, Жаманның есі кетеді.
Тілімді алсаң, қырық жігіт, Өлтірмесек не етеді?!
Өлтіргенмен патшаның Қайсы кегі бітеді?!
Есіл ғана шыбын жан Бейкүнә өліп кетеді.
Осылайша сөйлейді,
Барын уәзір толғайды,
Қырық жігітке жалынып Қаншайымды қорғайды.
Бұйрықпен келген қырық жігіт Бұ айтқан сөзіне болмайды.
Әлқисса, Барын уәзір қырық жігітке айтты «мен үйден алып шығайын» деп. үйге кіріп Қаншайымға айтқаны:
– Болат қақпа, тас кілт, Сізді сұрап патшадан,
Қаншайым, қылдық біз үміт. Сұрасақ та бермеді,
Далаға шыққын, Қаншайым, Сізге келді қырық жігіт. Жүк көтерген қара нар, Мүсәпір қылса пендені,
Аллаға нешік шара бар.
Далаға шыққын, Қаншайым, Мінәсіп болды сіздерге, Құрулы тұрған тіллә дар.
Мына сөзді естіп,
Қаншайым қаны қашады,
Аяғын тәлтек басады.
Қатты жаман сасады. Сасқанының белгісі – Жүгіріп есік ашады.
Бай малындай ылғанып, Өңкей жібек шұлғанып, Далаға шықты Қаншайым Жас күшікті қолға алып.
Қаншайым енді жылайды, Көзінің жасын бұлайды,
«Не пиғылымнан таптым» деп Жад қылып Жаппар Құдайды.
Сонда Барын сөйлейді: – Бұ дүниеде жар едің, Ай мен күнше пар едің, Өз қатарың ішінде
Артықша туған жан едің. Сенен перзент болғанда, Патшаның орнын басар деп Үміттеніп жүр едім.
Аманда бол, Қаншайым, Бұ дүниеден жөнедің.
Шапса балта өтпейді Шөгірлі тау тасына. Ақ ісін қара қылыпты, Қаншайымның басына.
Бұйрықпен келген қырық жігіт Жетіп келді қасына.
Етегін белге түрініп, Қылышын қыннан суырып,
Жетіп келді қырық жігіт Қаншайымға жүгіріп. Тыңламады айқайын, Байқамады ойбайын. Дарға қарай айдайды, Екі қолын байлайды.
«Аққа зауал жоқ-ты» деп, Тіллә дарны Қаншайым Жылап жүріп айналды:
– Балалы арқар маңырайды,
Баласыз арқар тыңлайды,
Мен бір жүзіқара болдым, – деп, Мүсәпір болып Қаншайым
Дар түбінде зарлайды. Дүние үшін күймедім,
Басымда дәулет барында Жамандықты сүймедім. Таудан аққан бұлақтай Шырағыма имедім.
Мыстан кемпір, қайтейін,
Кесір болдың келдің де, Мен қозымды сүймедім. Бақта гүлді термедім, Дүниені қолмен сермедім, Опасы жоқ сұм жалған, Өтеріңді білмедім. Алдыма алып қозымды Өз қолымнан бермедім.
Дүниенің білдім жалғанын, Көтердім Алла салғанын.
Тістеулі кетті бармағым, Мыстан кемпір, қайтейін, Кесір болдың келдің де,
Мен қозымды көре алмай, Бес күн дәурен сүре алмай, Ішімде кетті арманым.
Әлқисса, анда Барын уәзір айтты: – Ай, ақымақтар, көрмейсіңдер ме, баламды мыстан кемпір ұрлап алды деп тұр ғой. Жүріңдер, мыстанға баралық, – деп, қырық жігіт бәрі кемпірге келіп айтқаны:
– Мыстан кемпір анамыз, Біз де сіздің балаңыз,
Қабыл болды деп едік Сіз бен біздің тобамыз.
Әуелі Құдай қаласа,
Шаншар ханның дәулеті Алтын оқа боп еді,
Сіз бенен біздің жағамыз. Тілеуің құрғыр, қу мыстан,
Үш жүз жасқа барыпсың, Дүниенің түбін шалыпсың, Алпыс қатын ішінде Мәслихат қылып алыпсың. Күнәһар болсам да айтайын,
Қалтаңдамай қатып қал, Қалтаңменен жатып қал. Қаншайымдай сұлудың Баласын ұрлап алыпсың, Қалтаңа ұрлап салыпсың. Болып па ең қатын ішінде, Сен «баламды алды» деп, Зар жылайды Қаншайым, Тіллә дарның астында. Қашан өліп кеткенше,
Ауыздасып сөйлесіп,
Өзің де тұрғын қасында.
Әлқисса, мыстан кемпір бұл сөзге ашуланып, ыштанын шешіп алып, аузын ашып, к..ін аңқайтып жігіттерге қосылып берді. Ол жалмауыз кемпірдің аузына да екі кісі, к..іне де екі кісі ат-тонымен сиюшы еді. Қырық жігіт қырық жаққа қашты. Сонда бір жігітті ұстамақ болған соң, [ол жігіт] атынан түсіп қолын қусырып, тұра қалып айтты: – Ей, анамыз, ондай істі қылмайсыз, ол бәтшағар бәрін жалған айтады, –дейді.
Анда кемпір: – Мен де патшаның тілеуін тілеп жүрсем, сендер мынаны айтасыңдар. Мен неге ханға қастық қылайын, – дейді. Бұл сөзбенен қырық жігіт Қаншайымды дарға тартты. Ғайып ерен қырық шілтен келіп, дардың арқанын үш мәртебе үзді. Қаншайым өлмеді.
Анда қырық жігіт бұл қасиетін көріп, патшаға барып айтты. Анда патша айтты: – Бәлен жерде жеті қабат арал бар. Соның ішінде жолбарыс, бөрі, қабылан көп. Соған [апарып] тастаңдар, – дейді. Анда жігіттер Қаншайымды екі күшігімен апарып қайығымен өткізіп тастады. Жігіттер қайтып келіп, патшаны шаһарға алып келіп, көңілін аулап тағына мінгізділер.
Анда Қызыр, Ілияс, Ғайып ерен қырық шілтен бірлән ұғланның атын Зарлық қойды, қыздың атын Мұңлық қойды. Ата-ананың жүзін көрмеді деп, Зарлыққа жүз ердің күшін пайда қылады, һәм садақ тартпақты үйретті. Мұңлыққа ана жүзін көрмеді деп, жеті ықлымның өрнегін үйретті.
Енді күндерде бір күн Шаншар хан жігіттері бірлән Шөгірлінің тауына аң аулап шықты. Тау басында жалтырап жатқан нәрсе көрінді. Оны хан көріп, жігіттеріне:
–Біреуің барып біліңіз, не нәрсе екен, – дейді. Һешқайсысы бармайды. Анда Барынға: – Сен бар, – деді. Уәзір айтты:
–Әй, тақсыр, жолдасың Қаншайымды бір жалмауыз кемпірдің тіліменен өлімге жібердің. Емді біздерден тағы құтылғың келді ме, ол
таудағы айдаһар, барсаң өзің бар, біздер қорқамыз, өлтірсеңіз де бармаймыз, – дейді.
Патша бұл сөзге ашуланып өзі шауып кетті. Келсе, алтын айдары бар бір бала ұйықтап жатыр екен. Патша баланы көріп атынан қарғып түсіп, баланы құшақтап алды. Бала ояна келіп қараса, біреу басып жатқанын көріп, шошып, атасын лақтырып жіберді. Патша түрегеліп және ұмтылып еді, бала садағын кезеп тұра қалады. Патша одан қорқып, үйіне келіп, қайғыланып жатып, тағына мінбей, жылап жатты. Патшаның айтқаны:
–Құдіреті күшті Құдай-а, Тауға бердің баланы.
Таудан бала көргізіп, Көңіліме салдың жараны. Дүниеден өтсем осылай, Қалады орным қараңғы. Қайда барып төгермін
Ішімдегі сәнаны.
Менің балам болар ма
Мекен қылған даланы? Рахматы мол Иләһым Бүйтіп зарлап жүргенде, Тау-тас құрлы көрмедің Мендей ғаріп пендеңді.
Әлқисса, алпыс қатын бұ сөзді естіп, кемпірге келіп айтты:
–Ей, ана! Патшаға бір қайғы түсті. Даладан бір бала көріпті, һешкімге сырын айтпайды, сіз патшаға барып, көңілінің қам-құсасын кетіріп, бір ақыл айтыңыз, – дейді.
Сол уақытта мыстан кемпір келіп патшаға айтқаны:
–Айналайын падиша, Мыстан анаң келіп тұр, Отырып-дүр қасыңда. Сенің үшін төгермін
Қан аралас жасымды. Не қылады, келгенде,
Бір көтерсең басыңды. Тауға да сен барасың, Перінің көрдің баласын. Көргенің сенің, падиша, Перілердің баласы.
Жалаңаш-жалпы жүреді, Қасына барсаң баланың, Садақпенен тартады,
Оны неге білмейсің.
Жұртың арыз қылса да, Орныңнан неге тұрмайсың?! Пәре болып өлейін, Тәкаппарлық қылдың ба, Жетпіске келген жасыңда Мойныңды маған бұрмайсың.
Әлқисса, патша орнынан тұрып, анам кереметпен білді деп, баяғы қалпында болып жүріп кетті.
Кемпір қатындарға келіп айтты: – Әй, қатындар, ол патшаның көргені Қаншайымның тапқан баласы, – дейді.
Анда қатындар және кемпірге жалынды: – Сол баланы өлтіріп келіңіз, – деп. Өлтірсеңіз бізден және тіллә алыңыз, – дейді.
Бұ сөзбенен кемпір баланы іздеп, Шөгірлінің тауына қарап бара жатып айтқаны:
– Талап әйлап шықтым жолдың шетіне, Қадам бастым Шөгірлінің бетіне.
Құлақ салар адам бар ма, жарандар,
Айтқан менің бұл сықылды гәбіме. Тұзын татып, өз ханыма
Дұшпандықты ойладым,
Күйе сүртер адам бар ма, жарандар, Менің [бұл] екі бетіме.
Қайда барып оңармын, Қаһарлансам, екі кісі Ат-тонымен сияды
Мен сияқты антұрғанның к..іне.
Қу кемпір соны айтып тауды кезді,
Айтқызған Құдай оған осы сөзді.
Күнге қарап отырған шашын тарап, Көреді бір жартаста Мұңлық қызды.
Сол күнде алты жасқа жеткен екен, Аң аулап Зарлық бала кеткен екен.
Кемпірді көргеннен соң Мұңлық пақыр, Қашып кіріп үңгірге жатқан екен.
Таспен аузын бекіткен үңгір тасты, Залым кемпір басында қылған қасты. Үңгіріне кіре алмай залым кемпір,
Тыста тұрып Мұңлықпен жауаптасты.
Кемпір айтты: – Бұл үйде кім бар? – деді, Мұңлық айтты: – Сен кімсің, мен бар, – деді.
Кемпір айтты: – Піріңмін Ғайып ерен, Алғалы келіп тұрмын хабар, – деді.
Мұңлық айтты: – Сен рас пірім болсаң, Хабарға қолдағалы келіп тұрсаң.
Киімім жоқ, киім бер, жалаңашпын, Жүре бергін егер де адам болсаң.
Кемпір айтты: – Түздегі мен бір Ғайып,
Жалаңаш деп сені мен қылман айып.
Жаманшылық басыңа келер болса, Қорғап-қоршап жүрермін қанат жайып.
Сендерді көп адамнан қылдым зерек, Әгар киім сіздерге болса керек.
Мен сізге баян қылған сөздерімді Ағаң аңнан келген соң айт тезірек.
Сәлем де, ағаң тілімді алсын деймін, Еліне Күлмес ханның барсын деймін. Тоқсан күндік жолы бар арасының,
Алты айда ат-тон алып келсін деймін.
Сонда барса ап келер ат пенен тон,
Тіл алмаса, келмеймін мен мұнан соң. Бұнда медет қыламын тілімді алса, Менің бұ жауабымның бәрі де оң.
Бұ сөзді қызға кемпір айтып салды, Сиқырмен дұға оқып ғайып болды. Пірім екен десін деп ол жалмауыз, Көзіне көрінбестей хайла қылды.
Қыз қараса, жалмауыз көрінбейді,
Қыз байғұс анық пірім екен дейді.
Ағасы аңнан келген соң кешке таман, Көрген ісін бір-бірлеп баян қылды.
Ағасы айтты: – Ол біздің дұшпанымыз, Бізді суға тастаған ол жалмауыз.
Осы залым кемпірдің қастығымен Жапанда қаңғып өстік ата-анасыз.
Ол мені жолға айдаған «барса-келмес» Ойлаған мені мұнда теңдік бермес.
Сені мұнда әуара қылайын деп,
Мені алысқа жұмсаған адам көрмес.
Бұ сөзге жылай берді Мұңлық ғаріп,
«Сол жолға, мен десеңіз, келгін барып». Қарындасы алдында жылаған соң, Келмек болды Зарлықжан соған барып.
Зарлық қарындасының көңілін қимай, бармақ болып тауға шығып, алпыс құлан атып келеді. Зарлық бала қырық құланды қарындасына беріп: «Мен келгенше ауқат қылып тұр» деп, өзі жиырмасын тұздап, кептіріп һәммасының терісін тіліп, арқан қылып азығын арқасына тырмаштап алып,
«барса-келместің» жолына бармақ болып, қарындасын Ғайып ерендерге тапсырып, амандасып айтқаны:
– Ей, Жаратқан, Қадір Зұлжалал, Қыз Мұңлықты есіңе ал,
Қалмасыншы иесіз мал. Және айналып келгенше, Ақ жүзіңді көргенше
Қарағым, Мұңлық, аман бол.
Мұнда қалды бір көзім,
Сарғаяр болды ақ жүзім,
Мұңлықты сізге тапсырдым, Хазіреті үш ағзам.
Және айналып келгенше, Ақ жүзіңді көргенше
Аман бол, Мұңлық, жалғызым.
Ердің жолын ашайық,
Жамандық жолдан қашайық.
Мұңлығым қалды, Құдай-ау, Шөгірлі тауда шошайып.
Мұңлықты сізге тапсырдым, Бұрынғы өткен машайық
Жүректе көп-ті шерлерім, Іздедім қалмақ елдерін.
Көрер болдым жол шегіп, Араның сусыз шөлдерін.
Мұңлықты сізге тапсырдым, Аты кәміл пірлерім.
Хабардар болғын, Ерендер Шілтендер, болғын медеткер
Кедейліктің зарпынан Қалмаққа болдық талапкер
Мұңлықты сізге тапсырдым, Бұрынғы өткен шаһариар.
Көрермін жолдың қорлығын, Аллаға көп-ті құлдығым.
Және айналып келгенше, Ақ жүзіңді көргенше
Аман болғын, Мұңлығым. Жолдың тарттым жырағын,
Шілтендер мінер пырағын. Және айналып келгенше, Ақ жүзіңді көргенше
Аман бол, Мұңлық шырағым.
Бұл сөзді айтып Зарлықжан Жолға түсіп жөнеді.
Майдан-майдан, жол майдан, Майдалай басып келеді,
Алтыншы таудан әрі асып, Жетінші тауға жанасып,
Қарсақ жортпас қалыңнан Қарғып өтіп барады.
Түлкі жортпас түлейден Түнде кетіп барады.
Жапалақ ұшпас жапаннан Жалғыз кетіп барады.
Ит татпаған ащы көл, Онан да татып барады.
Жері сортаң, оты ащы Ащы көл мен тұщы көл,
Онан да татып барады.
Мойыл-мойыл, мойыл-ды, Көдеге қозы тойылды.
Құдайға Зарлық бел байлап, Жаяулыққа мойынды.
Отыз күн ұдай жол жүріп, Жаяулықтан шойылды.
Жылай-жылай Зарлықтың
Екі көзі ойылды
Дәл отыз күн болғанда
Бейшара болған Зарлықжан Табаны тасқа ойылды.
Бір жатпады шешініп, Екі аяғын көсіліп,
Ас ішпеді есіліп.
Дәл отыз күн болғанда, Жүруге аяқ жарамай, Табаны қалды тесіліп.
Жылай берді Зарлықжан, Күре тамыры кесіліп.
Тау басында қарағай, Зарлықжан зарлап барады-ай. Ақсаңдай басып барады Алды-артына қарамай.
Табанын тасқа жарады
Болжалды жерге барамай.
Дәл отыз күн болғанда Жылай берді Зарлықхан
Жүруге аяқ жарамай, Мінген аты құлады,
Қайысқан болат сынады. Үстінен тері кепкен соң, Жүгірген жүйрік тынады. Жүруге аяқ жарамай,
Бір жерге келіп Зарлықхан, Етпетінен құлады.
Келіп еді елпеңдеп, Жүріп еді тепеңдеп,
Жүруге аяқ жарамай
Бейшара болған Зарлықжан Жылай берді еңкілдеп.
Әуелі Құдай бір қылды, Өзінің халқы, елінен Бейнет көрді отыз күн Құс ұшпастың шөлінен. Мұндай болды Зарлықхан Кемпірдің айтқан тілімен.
– Ісімді бар көп күнаһы,
Күнде шектім аһ-уаһы. Дем бермесең өлермін,
Жаратқан жалғыз Бар Құда, Жер жүзінің сұлтаны.
Дәуіт ұлы Сүлеймен,
Сізден медет тілеймін.
Жүз жиырма төрт мың әнбия, Баршаңыздан тілеймін.
Күйгенімнен мен емді Сөзді сөзге ораймын,
Пенде қылып жаратыпсың, Құдай-а, Тәкие қылып бір өзіңе жылаймын.
Сізге болдық біз үмбет, Әміріңіз – бізге сүннет, Ара шөлде өлер болдым,
Құданың досты Мұхаммед.
Жылаймын емді зар-зар,
Ара шөлде өлер болдым бейқарар Медет әйла, иә, досты Халиме,
Пенделерге қамқор болған шаһариар.
Жетім болдым әуел күнде, Ғаріп болып келдім мұнда. Өлер болдым Ара шөлде.
Шөл егесі, иә, Қызыр, Һеш қуат зәрре жоқ менде.
Зар жылаймын енді мен, Дәрменім кетті халімден. Ара шөлде өлер болдым,
Медет бергіл, иә, Қырық шілтен.
Алдымда жатыр құла түз,
Телміріп қалды екі көз.
Мен өлсем, енді не болар Шөгірлі тауда Мұңлық қыз.
Жетімдік болды күндерім, Жүруге халім келмеді,
Медет бергіл, пірлерім.
Бар Құдай, медет бермесең, Кетті енді дәрменім.
Бейнет көрдім алуан-алуан, Ара шөлде тойдым жаннан.
Бір Алла, медет бермесең, Арманда өлер Зарлық хан.
Зарлап бұл сөзді айтып жатып еді, өзінің медеткері һәм тумастан бұрын атасына аян берген хазірет Қызыр пайғамбар «тұр, балам, жатпа» деп, өте берді. Көзін ашып қараса, түсі екен. Түрегелсе, қуаты жерінен шықпай тұрғандағыдай болған екен. Қуанып жүре берді.
Пірлер медет берген соң, Бала судай тасады,
Қайтадан қайрат шашады. Пышақтай болған тастарды Көмірдей басып шаншады.
Бірнеше күн жол жүрді, Бірнеше күн бел жүрді. Мұнан кейін Зарлықжан
Тағы отыз күн жол жүрді.
Көреріне көз болды, Сөйлеріне сөз болды. Отыз күн ұдай жол жүріп, Зарлық батыр тағы да
Бір биік тауға кез болды.
Тауға қарап өрлейді, Асуын таппай терлейді. Асу шатқал бермеді, Дүниені қолмен сермеді.
Ол таудан асу таба алмай, Зар қылып Зарлық еңірейді.
«Бұзамын деп шығып ем Күлмес ханның ордасын. Мінемін деп шығып ем
Гүлсары ат деген жорғасын. Осы таудан аса алмай, Күлмес ханға жете алмай, Қалғаным ба сор басым».
Жылап бала торықты,
Әбден шаршап зорықты.
Жылап тұрған кезінде,
Шырқ айланып аспаннан Ғайып шілтен келіп жолықты.
«Жүргін бері, балам» деп, Бала барып ұстады
«Қолдай көргін, бабам» деп. Пірлері тапқан амалға.
Қалың шатқал қамалға. Алып шықты пірлері
Тау басында самалға.
Құлан, киік аң екен, Бөрі, қабылан жау екен, Шығарлығы он бес күн, Түсерлігі он бес күн, Отыз күндік жолы бар, Өзі биік тау екен.
Таудан арман қараса, Бәрі қалмақ жері екен. Сол таудың түсер саласы,
Күлмес хандай патшаның Аңын аулап жүретін
Қысырау деген көлі екен.
Таудан түсті ылдилап, Ойға түсті құлдилап, Зарлық батыр сол таудан Ойнап кетіп барады.
Екі көзі баланың Жайнап кетіп барады. Қайың менен тұтқасын
Жұлып алып Зарлықхан Шайнап кетіп барады.
Қия тастың басынан Ырғып кетіп барады.
«Бейнетіме пәлі» деп,
«Әлгі көрген әйләтім Қайда менім әлі» деп Ойлап кетіп барады.
Желмаядай желеді, Талай азап көреді.
Түн төбеден өткенде, Күн бесінге жеткенде,
Қысыраудың көліне Зарлықхан жетіп келеді.
Құланнан атты қодықты, Көлден тартты борықты. Арада неше қоныпты,
Жетемін деп зорықты. Қырық жігіті қасында,
Гүлсары аты астында,
Ит жүгіртіп, құс алған Күлмес ханға жолықты.
Әлқисса, Күлмес ханның қырық жігіті жалаңаш баланы әдепсіз деп, өлтірмек болды, найзаларын сала берді. Бала айтты:
– Тақсыр, айтатын арызым бар, бұларға тоқта деңіз, – деп, сәлем берді.
Патша жігіттеріне «тоқта» деді. Жігіттер тоқтады.
Анда баланың Күлмес ханға айтқаны:
– Ассалаумағалейкүм, Алдияр тақсыр ханымыз! Кедейліктің зарынан, Беттен кетті әріміз.
Жалаңаш-жаяу жүрген соң Кетті ғой біздің сәніміз,
Жаяу екен демеңіз, Мен баланы таныңыз.
Ауға шыққан, Күлмес хан, Құлан деп атсаң қодықпын,
Көлден тартсаң борықпын. Ақылы қысқа, тақсыр-ай, Ел-жұртынан айрылған
Біздей ғаріп жетімнің Жолы болмасқа немене, Іздеп шыққан жерімнен Сұлтаныма жолықтым. Келе жатқан бала едім,
Бір халатта бар едім,
Һеш нәрсе жоқ ойымда, Төрт періште ат шапқан
Қырық шілтеннің тойында, Іздеп шыққан елімнен Сұлтаныма жолықтым.
Қысыраудың бойында, Ақсақ қоян сықылды, Сіздей ғаділ патшаға
Біздей жетім ынтықты.
Қайырлы хан дегенге, Сұрап келіп тұрмын мен
Жез айыл берен мылтықты. Шаруа тігер шайланы,
Пақырлар қылар пайданы.
Қайырлы хан дегенге Сұрап келіп тұрмын мен Алтынды шашақ найзаны, Құдай кімді қалапты, Қалаған киер манатты.
Қайырлы хан дегенге, Сұрап келіп тұрмын мен
Алтын айдар садақты, Құдай қылса бір істі, Көтерер пенде һәр істі. Қайырлы хан дегенге, Сұрап келіп тұрмын мен Асфаһанлы қылышты.
Сүйедім пірге арқамды, Жүрген жерім дархан-ды.
Қайырлы хан дегенге, Сұрап келіп тұрмын мен
Шарайна белдік, қалқанды, Шөл баласы шөлдеді,
Атымды менің Ғайып ерен
«Зарлықхан» деп қойыпты. Қайырлы хан дегенге, Сұрап келіп тұрмын мен Астыңда тұлпар атыңды.
Әлқисса, анда Зарлықтың бұ сөзіне хан күлді де, жүре берді. Ханның күліп басқа сөз айтпағанына Зарлық қапа болды.
Анда қырық жігіт патшаға айтты:
–Әй, тақсыр, сіз ғұмырыңызда һеш күлген емес едіңіз, сол себептен Күлмес хан деп атанған едіңіз. Емді ол жалаңаш бала аузына келгенін айтып сандырақтап, еді күлгеніңіз себебі не? – деді. Патша «күлгенім жоқ» деп айтпады. Қырық жігіт өтініп көп сұрады. Анда патша айтты:
–Ол Пәруәрдигар Құданың құдіретіне тамаша қылып күлемін. Неге десеңіз, ол баланың әкесі бізден он есе артық хан еді, баласын жаяу қайыр сұратып қойғанына күлемін, – деді. Жігіттер бұ сөзге нанбады. Анда хан айтты:
–Әй, жігіттер, ертең түсте жоғары елімнің һәммасын қуып айдап, ордаға әкелгенде нанарсыңдар, – деп жүре берді.
Анда Зарлық бала жоғарғы шаһарға барды. Келсе, аспаздар тағам пісіріп жатыр екен. Келіп: – Бұл не? – деді.
–Тағам! – деді.
[Зарлық] туғалы кісі қолынан жемеген тағамдарды жеді. Екі қазанның асын бітірді. Аспаздар иесі пұлын есеп қылып отыр екен, [Зарлық] жүріп бара жатқанда:
–Пұлын бер, – деді. [Зарлық] тыңламады. Жүгіріп [барып] ұстадылар, ұрысып, жанжал қылып Зарлық құтылып кетті.
Бір дүкенге келіп, жаюлы тұрған шапандарды көріп, бірін алып, бірін киді. Ақыры аралап бір жақсы шапанды киіп жүре берді.
Дүкен егесі:
–Ей, пұлын бергіл, – деді. Тыңламады. Анда тамам қалмақ жабылып, жыртып алып қалды. Зарлық біреуінің қолындағы балтасын тартып алып кетті. Қалмақтар дүкенге қашып барды.
Ол күні Зарлық бала далаға түнеп жатып ойлайды: «Енді не де болса кешегі өзім көрген дүкенге барайын, өзіме лайық бір шапанды киейін, Мұңлыққа лайық бір шапанды алайын» деп, орнынан тұрып таң атысыменен жүгіріп келе жатты.
Келе жатыр Зарлықжан
Ертеңменен ертеңдеп, Жолға түсіп емпеңдеп.
Жаман тоны баланың К..іне жетпей келтеңдеп. Келте тоны үстінде, Шөметейі селтеңдеп.
Анда-санда көрініп
Басы шығып шолтаңдап. Мүсәпір келсе алыстан, Хал-ауқатын сұрамас.
Шаһарға кірді аралап, Тар көшені паналап.
Қалмақ деген занталақ Екі беті қанталап, Зарлықханды көрген соң, Жиылды бәрі анталап.
Анда Зарлық келеді, Ақбөкендей желеді. Өзі батыр ер еді, Қалмақпенен ісі жоқ,
Кешегі көрген дүкеннің Құлпысын бұзды балталап.
Анда қалмақ келеді, Ұрыс қыла береді.
Тұр дүкенді паналап, Қолындағы арқанмен, Қуалап ұрды сабалап, О да атадан туады,
Бұ да атадан туады.
Он бестейін жиып ап Арқанға тартып буады. Бөрі тиген қойдай қып
Тұс-тұсына қуады.
Садағы жеткен жер болса, Тартып кетіп барады,
Мылтық жеткен жер болса, Атып кетіп барады.
Талай қалмақ қырылып, Жылап кетіп барады.
Шаһардағы қалмақтар
Қашып кетіп барады.
Қылышы жеткен жер болса, Қырып кетіп барады.
Өз білгенін Зарлықхан Қылып кетіп барады. Көп қалмақты қырмаққа Бір шерменде қылмаққа Зарлықханның обары
Қырып кетіп барады.
Бір майданнан көп қалмақ
Мойып кетіп барады Ата-ана баласын
Қойып кетіп барады. Қойға кірген қасқырдай Сойып кетіп барады.
Қалмақтардың төбесін Ойып кетіп барады.
Қанын ұрттап Зарлықхан Тойып кетіп барады.
Алпыс атты бір жерге,
Жетпіс атты бір жерге Түйіп кетіп барады.
Мола қылып өлгенін Үйіп кетіп барады.
Зарлық батыр қалмақты Жойып кетіп барады.
Қалмақ қашты жаналап, Тар көшені паналап
Ұғыл атасын «дадалап», Дадасы шулап «бабалап».
Қалмаққа кірді Зарлықхан Аш арыстандай аралап.
Батыр туған Зарлықхан Қалмақты қырды саралап.
Он сегіз мың бар-ды ғалам, Молдаларда дәуіт, қалам,
Қырып-жойып көп қалмақты, Ер Зарлықхан қылды тамам.
Һәр кітапта Пайғамбар аты
... ... сәйір біліп,
Қажылар кітап оқыр-ды Көзінің жасы тізіліп.
Жайдың оғы түскендей Шаһардағы көп қалмақ Бәрі қашты бұзылып.
Қалмақ қашып кеткен соң, Батыр туған Зарлықхан Толғана мойнын бұрады. Өзі көрген дүкенге
Қайта жетіп барады.
Бекітулі дүкеннің Балталап құлпын бұзады.
Киді киім қабаттап, Шүкір қып Хаққа тұрады. Шарайна алып қолына, Суретіне қарады.
Сонда тұрып сөйледі: – Пұл жібердім қалаға, Бұзау, баспақ, танаға. Қанша киім кисем де,
Жараспайды екен-ау
Мендей бір күйген қараға.
Сонау көлге барайын, Әбден аппақ болғанша Жеті күн жатып жуайын. Қымқаптарын сүйретіп Суға қарай жөнелді,
Иесіз тастап қалмақтың Қазына, дүкен сарайын.
Батыр туған Зарлықтың
Жүрегі оттай қаулады.
Ағартам деп денесін Балшыққа, суға аунады. Жая жесе жалдай боп, Шекер жесе балдай боп, Көл шетіне толықсып, Жата берді Зарлықхан
Толқын соққан салдай боп.
Әлқисса, жоғарғы шаһардың күллі адамдары қашып барып, ханның ордасына тығылды. Анда хан қырық жігітке бұйырды: – Барыңыздар, сол күнгі баланы тауып алып келіңіз, жалғыз қызым Құралайды беремін, сүйтіп көңілін ауламасам, елімді ойран қылар, – дейді.
Анда қырық жігіт һәр жерлерден қарап жүріп, көлдің шетінде суға шомылып отырғанын көріп, Зарлық екенін біліп, қасына жақын барсақ, ұстап алар деп, алыста тұрды. Әгар ол жерден ұмтылса, ордаға [қашып] барамыз деп, Зарлыққа айтқаны:
– Біз тұрмыз сізге жете алмай, Сізден жауап алмастан,
Ханға қайтып кете алмай.
Бізді патша жіберді,
Сізге келдік патшаның Бұйрығынан өте алмай.
Сізді патша шақырды Ақ жүзіңді көргелі.
Аңда жүріп көрген соң, Онан соң қайтып көрмеді. Сізге патша жіберді Құралай қызын бергелі.
Көріңіз ханның бақтысын, Жұртының жиды жақсысын.
Күлмес хан сізді шақырды Бергелі тіллә, тақтысын.
Келмесін, тақсыр, қаһарың, Ашылған гүлдей баһарың. Патша сізді шақырды Бергелі Мұзылұс шаһарын. Екі саулық, бір қозы
Баһар айда қырқарым,
Шыққын бері, сұңқарым, Күлмес хан сізге жіберді
Бергелі Гүлсары тұлпарын.
Әлқисса, анда Зарлық «Менің қарындасым айтқан пірлер екен, менің анау күнгі сұрағанымның бәрін берейін деген екен» деп ойлап, уақыты хош болды. Жігіттерге: – Келіңдер, менің екі қолымды байлап, жаяу айдап апарыңдар, – дейді. Жігіттер қасына келіп аттарынан түсіп жақындап еді, Зарлық атын тартып алып, өздерін жаяу айдап ордаға келді.
Хан: – Менің қазынамда қанша көп суреттерім бар еді, соны көрсетіңдер, – дейді.
Ол суретті көрсетті, [Зарлық] қарамады.
Анда Зарлықтың алдына дастарқан жайып жігіттер қызмет қылды. Зарлықтың тағам билән ісі жоқ. Жігіттермен ойнасам деп, көтеріліп қойса, жігіттер алды-алдына қашты. Анда Зарлық тұрып жігіттерге ұмтылды.
Зарлық бала ойнайды, Арыстандай құтырып, Ителгідей жұтылып, Қуды жігітті ұмтылып.
Қамданып тұрған қырық жігіт, Он бесі кетті құтылып.
Жиырма бесі баланың
Қолында қалды тұтылып. Құтылып кеткен он бесі
Хан алдына бара алмай, Тауға қашты сытылып.
Баланың өзі нашар-ды, Бала қулық ашады.
«Мінездері қалайша, Ойнайын десем қашады, Бұ да қашып кетер» деп, Ол жиырма бес жігітті
Астына алып басады.
Балаларша үстінде
Секіріп жүріп ойнаса,
Кесектеп қанды құсады. Қай-қайдағы зардабы Бұдан таза шықсын деп, Құсқан сайын қысады.
Патша келіп қараса,
Оқ жыландай ысқырып, Ор текедей пысқырып,
Жігіттерді бұтына
Қысып-қысып тыштырып [Жатқанын оның көреді].
Әлқисса, анда патша мұны көріп, балаға жетіп келіп қол қусырып арыз айтқаны:
– Екі саулық, бір қозы Баһар айда қырқарым. Арызды тыңда, сұлтаным, Саған тарту, шырағым, Гүлсары ат деген тұлпарым. Сөйлеуге халім келмейді, Құрыды жаман дімкарым.
Ақ тұйғын құс сен болдың, Қоңыр ала қаз мен болдым,
Ұстап алған жеміңді Бермеймісің, сұңқарым.
Келе жатқан шағыңда Көріп едім өзіңді.
Ат үстінен абайлап Байқап едім сөзіңді.
Дұшпандардың ішінде Төмен қылма жүзімді.
Тарту қылып мен тұрмын Құралай атты қызымды.
Қырық жігітімді өлтіріп
Сындырма менің белімді. Бұтаққа қонған бұлбұлдай Сайратпағын тілімді.
Елімді тарту мен қылдым, Қай жерден таптың мінімді. Менің айтқан бұ сөзім Жалған емес, шыным-ды.
Бүйте берсең, жан балам, Кетірерсің сынымды.
Жалынса, жақсы кешірер, Жаман қылма күнімді, Шағи қылып шамалап, Сынадың менің әлімді. Тарту қылып жалынып,
Алдыңа салдым барымды. Бұған көңілің толмаса, Алдыңа салып берейін
Тоғайда жатқан малымды. Бұқара болып ел-жұртым
Саған қарап бағынды.
Дұшпандардың ішінде
Сындырма, балам, сағымды Бір сапар, балам, сыйлағын Менің айтқан арызымды, Төкпе беттен арымды,
Патшазада шырағым,
Қашырма беттен қанымды.
Күнәм болса, кеше гөр, Хан атаң келіп жалынды.
Асыл туған шырағым, Көргеннен сені сыйладым. Сыйлағаным емес пе,
Ел-жұртымды жинадым. Дастарқан салған жігітті Мұнша неге қинадың?
Асыл туған шырағым, Асыл, күміс, гауһар тас,
Һәр нәрсе болса жиғаным, Мен де өзіңдей хан едім,
Бір сапар, балам, сыйлағын.
Әлқисса, бұған жауап бермесем әдепсіз болармын деп, Зарлықтың ханға айтқаны:
– Есітіп сенің атыңды, Шығып едім елімнен.
Жаяулықтан жүре алмай Асу-асқар беліңнен, Туралап кешіп өте алмай
Шалқыған шалқар көліңнен. Көңілімде бұ іс жоқ еді,
Хан ата, болды пиғылыңнан.
Келе жатқан шағымда, Өзіңді ауда көргенім.
Осы шығар ханым деп, Иіліп сәлем бергенім.
Жол болсын, балам, дегенде, Жөнімді айтып бергенім.
Біліп тұрып жөнімді
Жақсы жауап бермедің, Мені өзіңдей көрмедің.
Назар салып адам деп,
Баланы көзге ілмедің. Әлі есімнен кетпейді,
Сақалыңды сыпырып,
Масқара қылып күлгенің. Бір жетім келсе күлесің, Осы ма, патша, білгенің.
Келіп тұрған, Күлмес хан, Һеш нәрсені білмес хан.
Жалынсаң да, бұл Зарлық
Тілегіңді бермес, хан!
Неге келдің қыдырып, Қайғырып келген баланы
Кісі орнына көрмес, хан. Мені бүйтіп сынама, Өзіңді бүйтіп бұлама.
Тағдыр жетпей Алладан, Ажалсыз адам өлмес, хан. Жетім қылды Құдайым, Айырып ата-анадан,
Қызыр, Ілияс жар болып, Медет таптым даладан.
Түз ғайыбы Ерендер
Атымды қойған Зарлықхан. Алдыма келдің, мен кештім, Тұз бұйырып келген соң,
Һәр нәрсе болса, Күлмес хан!
Әлқисса, бұ сөзді айтып жігіттерін босатып жіберді. Анда патша ордасына келіп жігіттерге айтты: – Барыңдар, қызымды алып келіп, қосыңдар, көңілі алданып еліме тыныштық берер ме екен, – дейді.
Анда жігіттер [Құралай сұлуға] он бес қатынды бұйырды.
Құралайға жұмсады
Он бес бірдей қатынды. Ордаға құрды шатырды,
Тоқтатқалы айламен
Зарлықхандай батырды. Қырық жігіт пен Күлмес хан
Бір жерге қойды ақылды. Сарайда жатқан хан қызын, Ордада ханы отырып
Он бес қатын шақырды.
Шақырғалы барады, Құралай жатқан сарайға Қатындар назар салады.
Барса, үйі бұзылған,
Қатындар аң-таң қалады, Аң-таң қалып қатындар
Төңірекке қарады.
Бәрі де қатын паңдары,
Бұзылып жатыр тамдары. Байқаса, жаңа бұзылған,
Басылмай жатыр шаңдары. Терезенің алдында
Бір тамған екен қандары.
Тамған қанды көрген соң, Жиылып барған қатынның
Шошып кетті жандары. Әйнектен шығар алдына Құралайдың бұтынан
Сыпырылып қапты дамбалы. Дамбалы қапты, өзі жоқ,
Не дерін білмей қатындар Іздейтұғын ізі жоқ.
Туралап айтар сөзі жоқ,
Қайтып келді қатындар, Елге қарар жүзі жоқ.
Ордада отыр Зарлықхан
Аш арыстандай ыңыранып, Әбжыландай толғанып, Алысам деп біреумен Қозғала түсіп ырғалып.
Ойласады қырық жігіт:
«Қасына мұның бармалық, Қапа қылар біздерді,
Қасында мұның тұрмалық».
Он бес қатын келеді, Құралайдан құр қалып. Құралайдың өзі жоқ,
Белгілі кеткен ізі жоқ, Жалғыз дамбал қалыпты,
Қатындар келді қолға алып.
Құлақ салғыл, жарандар, Есіктің алды тал еді,
Талды кессе сал еді.
Құралайға бір ғашық
Қарадәу деген бар еді,
Құралайға ынтық боп, Қосылмаққа зар еді.
Сөз сөйлейін басынан, Ғашық еді Қарадәу Құралайға жасынан.
Құралай десе, Қарадәу Айрылар еді ғашық боп Аузында тұрған асынан.
Бір әзәзіл бар еді,
Жай қылған еді ол шайтан Қарадәудің қасынан.
Қарадәуге жолдас боп, Бір әзәзіл жүріпті,
Һәр нәрсені көріпті. Құралай жатқан сарайға Тап сол күні келіпті.
Зарлыққа қызды бермекті Ол күні шайтан біліпті,
Хабарсыз жатқан ол дәуге Хабарды шайтан беріпті.
Құралай жатқан ордаға Ашуланған бойымен Қарадәу жетіп келіпті. Шыдай алмай Қарадәу
Әйнектен қолды салыпты. Бейхабар жатқан сұлуды Әйнектен тартып алыпты. Сұлуда мықын жоқ екен
Сол себепті дамбалы
Тесікте сыпырылып қалыпты.
Мұны біліп Зарлық хан, Кіреді енді күшіне.
Жауатын бұлттай түнеріп, Сөйлемеді кісіге.
Адам қарап болмайды Зарлықтың сонда түсіне. Құралайдай сұлуды
Дәу алып кетті деген соң,
Толды қайғы ішіне.
Ал, Зарлық хан сөйлейді:
– Менің өзім баламын, Бала да болсам данамын.
Жетім болып өссем де,
Ішім бір толған сәнамын. Ғайып ерен жар болса, Қарадәудің қолынан Құралай қызды аламын.
Жабдықта мені, Күлмес хан,
Құралайды іздеп барамын. Тәуекел деп көз жұмып,
Ісімді Хаққа саламын. Құдай, өзің пана бол, Дәргаһыңа бас ұрдым, Оңғарғын осы талабым.
Сиынған пірім – ерен-ді, Ойлаған ойым терең-ді.
Һәр нәрсе десем, Күлмес хан, Маған тауып бер енді.
Өзімді жолға саламын.
Талабымды көр енді. Маған бергін қырқарға Сегіз қырлы беренді.
Зарлық хан Хаққа жалбарды, Аманат тәнде жан бар-ды.
Тәңірі берсе, алармын Қарадәудей заңғарды. Маған бергін қырқарға Заһарға салып суғарған
Тас кескен асыл қанжарды.
Бүйткен күнім құрысын, Болмайды енді тұрысым.
Мақұл болсын Аллаға Менің бұ қылған жұмысым. Кәміл пірім жар болса, Оңғарғын, Алла, бұл ісім.
Құралайды дәуден алмасам, Зарлық хан атым құрысын. Маған бергін, Күлмес хан,
Заһарға салып суғарған Асфаһанлы қылышың.
Құдай кімді қалапты. Қалаған киер манатты. Құралайдың жолына
Енді қылдым талапты. Ғайып ерен жар болса, Саламын жұртқа санатты. Атаңа лағынет Қарадәу Жолына бізді қаратты.
Бұ талаптан қайтпаспын, Мені де Құдай жаратты.
Іс қылайын ерлердей, Тауып бер маған бір атты. Атың болсын жолдасым, Ұшар құстай қанатты.
Сиынған пірім – Дәуіт-ті, Кидің жинап мауытты.
Құралайдың жолына Көңілім менің ауыпты.
Тауып бер маған жарақты,
Қылмаймын жаудан қауіпті. Бектер ішер шарапты,
Дәргаһында Құдайым
Һәр түрлі жанды жаратты. Маған бергін қырқарға Алтын айдар садақты.
Әлқисса, андаКүлмес хан айтты: – Балам, барма, биһұда өліп кетерсің, – деді.
Анда қырық жігіт айтты: – Әй, тақсыр, осыменен көбеймей-ақ қояйық, қоя беріңіз, жанымыз шықты ғой, – дейді.
Анда хан барша айтқан қару-жарақтарын даяр қылды, астына Гүлсары атын мінгізіп шығарып салды. Зарлық батыр жолға түсіп, бір ғазал оқыды.
Батыр туған Зарлық хан Дәуді іздеп жөнеді.
Жалғыз өзі Зарлықтың
Жолға түсіп келеді.
«Шу, жануар, Гүлсары ат, Көкірегіңде жазған хат.
Кекіліңнен, жануар, Жол танабын жуық тарт. Дәудің жатыр қолында Құралай атты шаһизат.
Құйрығың сұлу, жануар, Көтеріп шапсаң байрақтай. Мойның сұлу таяқтай,
Белің сұлу, Гүлсары ат,
Төрт қырлаған қайрақтай. Кербез басқын аяғың
Қыз жинаған бойдақтай. Баса көргін ойнақтай,
Жалың сұлу, Гүлсары ат, Күлтеленген жібектей.
Сипатыңа болайын, Мал түспеген түбектей. Танауыңа болайын,
Түбі түскен шелектей».
«Шу, жануар, шу» деді, Ескен желдей гуледі.
Қарсақ жортпас қалыңнан Қарғып өтіп барады.
Түлкі жортпас түлейден Төтелеп өтіп барады.
Құлақтың [түбі] терледі, Терлеген сайын өрледі. Көлденең жатқан аңғарды
Жер ошақ құрлы көрмеді. Қамшы басты санына,
Жәбір қылды жанына. Ілеспеді ұшқан құс
Гүлсары аттың шаңына.
«Гүлсары атым, тұлпарым, Қос қанатты сұңқарым.
Жол танабын жуық тарт, Жау шабуға іңкәрім».
Зарлық хан атқа қатылды,
Сауырысына қамшы батылды, Төрт тұяқтан шыққан от
Нысана атым жерге шашылды.
Неше-дүр күн бел жүрді, Неше-дүр күн жол жүрді, Арада сусыз шөл жүрді. Сөйлеріне сөз болды,
Жүргені жапан түз болды. Зарлық батыр сол уақта Көлденеңі қырық құлаш
Бір дарияға кез болды.
Тарылды Зарлық хайласы, Ақылдың жетті пайдасы.
Қарсы алдынан кез болды
Өлінебұлдың дариясы. Бұл дарияны көрген соң Аға берді көз жасы
Болды сарсаң бір басы. Аһ дегенде Зарлық хан Жад етіпті пірлерін,
Тарқатып көңіл кірлерін.
Жүрген жолы қазылды,
«Шу» дегенде Гүлсары ат
Қырық құлаш барып жазылды. Жад қылды Зарлық Құдіретті, Атқа қылды рахматты.
Көтерілді Гүлсары ат, Қарғығанда жануар
Қырық арқан бойы ол кетті. Көкке қарап ғырылдап,
Ұшқан құстай пырылдап. Бұлтқа жақын ол жетті.
Ар жағына дарияның
Мысықтай болып топ етті. Түскен жері тұлпардың Ойыла жаздап солқ етті.
Гүлсары ат мінді қайратқа, Зарлық хан кірді ол шатқа, Дария жұмыс болмайды Астында тұлпар сары атқа.
Гүлсары атты ырғытты, Атқан оқтай сырғытты,
Көзіне ілмей дарияны, Тәуекел деп қарғытты. Жүрек болмас жаманда, Гүлсары аттай келбетті Жылқы болмас жаһанда. Жығылмастан дарияға, Алып ұшты жапанға.
Өткізді аман дариядан
Зарлық хандай беренді.
Зарлық ханның, жақсылар, Ал, қайратын көр енді.
Келе жатса Зарлық хан, Ойнақтап тұрған алдында Бір биік тауды көреді.
Әлқисса, Зарлық ойлады: «Бұ жақтың тауы көшіп жүреді екен, бір таудың астында қалып өлемін бе», деп қараса, бұл тау Қарадәудің үйінің түңлігі екен, дәу демін алса шошаңдап тұрған. Зарлық жетіп келеді, сол кезде үйден Құралай сұлу шығып:
– Ей, бейшара! Бұ жерге неге келдің, өлесің ғой, – дейді.
Анда Зарлық батыр атын қызға ұстата салып, өзі үйге кіріп келеді. Қарадәу ұйықтап жатыр екен. Жүгіріп үстіне шықты, оянбады. О жақ, бұ жағына қарады. Көрдікем дәудің шоқпары босағада тұр екен. Оны алып дәуді басқа ұрды. Анда дәу көзін ашып қарады.
–Ей, бала! Мені неге ұрасың, сенің ұрғаның шыбынның шаққаны құрлы болмады ғой, – дейді. Анда Зарлық айтты:
–Мен сені өлтірем, – дейді. Дәу айтты:
–Мені өлтірер болсаң, әуелі менің бір аяғымменен күрес. Аяғымды көтеріп тұрайын. Аяғымды жерге басып тигізсең, сенімен күресейін. Аяғымды жыға алмасаң, ұйқымды бұзбай, жөнел! – дейді.
Анда Зарлық батыр қолындағы арқанын тұзақ қылып, [дәудің] аяғының басына іліп алып тысқа шығып атына мініп, тақымына салып үйден сүйретіп ала жөнеледі.
Зарлық батыр ал, сонда Қарадәуді сүйретті.
Сүйреткі қылып үйретті, Шеттегі шеңгел, тікенге
Өкпе, бауырын түйретті, Тау мен тасқа соқтырып, Қабырғасын күйретті.
Қарадәуді сүйретіп, Дүрілдетіп келеді.
Ылдидан төмен құлатып, Зырылдатып келеді.
Бәдәнін тасқа қақтырып, Пырылдатып келеді.
Жүрегін тасқа қақтырып,
Пырылдатып келеді.
Төбет иттей ыржитып, Ырылдатып келеді.
Соғып тасқа денесін, Дырылдатып келеді. Қарадәудің торғайын Шырылдатып келеді.
Сүйретті дәуді далаға, Тас тығылды шараға.
Жалынды сонда Қарадәу
Зарлық хандай балаға:
– Бір іс қылдың, жас бала, Бұрынғы өткен мәрттейін,
Қаптаған қара өрттейін. Бір көтертші басымды, Айналайын, жан бала, Арманда өліп кетпейін.
Айналайын, жан бала, Қалмады менде ақыл-ай, Құрыды халім, тақсыр-ай,
Бір мұштымдай баланың Күшті еді қандай тақымы-ай.
Арманда өліп барамын, Дүниеден кеттім ақыры-ай. Көтере алмай басымды,
Кеттім бе енді қапыл-ай! Жұдырықтай баланы Тоқтата алмай барамын,
Не болды маған, япыр-ай!
Дүниенің білдім жалғанын,
Көтердім Алла салғанын, Тістеулі кетті бармағым.
Көтере алмай басымды, Ішімде кетті арманым. Бір мұштымдай баланы
Тоқтата алмай барамын, Қай жаққа кетті салмағым. Айналайын, қарағым, Жаныма қатты батқан соң, Көзімнен ақты бұлағым.
Тақымға салып сүйретіп, Болдым ба көкпар лағың.
Мен де өзіңдей ер едім, Ерге серік шер едім.
Жетті хәлім өлімге, Бір көтерші басымды. Не тілесең берейін, Айналайын, шырағым.
Әлқисса, анда Қарадәудің етінен еш нәрсе қалмай пара-пара болған соң,
«емді өлмегенде не жаны қалды» деп босатты. Қорқырап біраз жатып, есін жиып алып, басын көтеріп, баланы көріп түрегеліп алыса берді.
Тұра келіп қағысты, Жағаласып алысты.
Қарсы шеңгел салысты, Атаңа лағынет Қарадәу
Енді ойлады намысты. Бір уақыттар болғанда Зарлық хандай баланың Бақайшағы майысты,
Қабырғасы қайысты. Айдаһардай ысқырып, Балықтайын бұлқысты. Жас баланың басына
Қиын-қыстау іс түсті.
Жығыларға ептеліп, Аяқтары сандалып,
Зарлықхан батыр сол шақта Қарадәуден бек састы.
Әлқисса, Зарлық бала дәудің қолында қысылды. Әлі келмейтұғын болған соң әуелі Алла Тағалаға жалбарып, екінші жамиғи пайғамбарлардан шапиғ келтіріп, жүмлә әулиелерден медет истиғанат тілеп, енді өлгенім бе деп айтқаны:
– Мендей ғаріп құлыңның, Ал, ұсындық, қолын ал.
Сүйегім менің болды сал, Қуат кетіп тәнімнен, Қалмады менде зәрре хал!
Бір медет берер күнің-ді, Жаратқан Қадір Зұлжалал.
Тілімде көп-дүр қатамыз, Дін үшін жанды сатамыз. Мен перзентің қысылды, Хазірет Адам атамыз.
Мұнда көрдім машақат, Машақат көрдім мен бейхад. Бұ сондай сасқан уақтымда, Иә, Расул, қыл шапағат.
Жетім болдым әуел бастан, Талай бейнет көрдім жастан.
Мүсәпір қылып Құдайым, Қорлық көрдім талай істен. Бір медет берер күнің-ді,
Әбубәкір, Омар, Оспан.
Мен бейшара болдым кедей, Ел-жұртымнан болдым жұда. Әулиелер жолына
Әйладым жаным пида. Бір медет берер күнің-ді, Иә, хазірет Шері Құда.
Көзімнен ақты қанды жас, Ғаріп болды ғазиз бас.
Болды маған енді жат Ағайын, туған, қарындас. Бір медет берер күнің-ді, Ғауыс, Қияс, Қызыр, Ілияс.
Арманда кеттім енді мен, Дәрменім кетті халімнен.
Бір медет берер күнің-ді,
Жасымнан баққан қырық шілтен. Құлақтарым болды керең,
Бұ бәдбақыт кәпір Қылмайды ерен.
Бір медет берер күнің-ді, Кәміл пірім Ғайып ерен.
Әлқисса, бала бұлайша деп мінәжат қылып жылаған соң хазірет Қызыр пайғамбар балаға медет қылып, жүз ердің күшін пайда қылады:
Пірлері медет берген соң, Бала судай тасады.
Қайтадан қайрат шашады,
Қарадәуді Зарлықтың
Аруағы үстін басады. Һәрне болса Зарлық хан
Пешенеден көреді, Пірі медет береді.
Ғайып ерен қырық шілтен Зарлықтың кәміл пірі еді. Пірлері медет берген соң, Енді бала асады,
Көтеріп алып Зарлық хан
Дәуді астына басады.
Басып жатып Зарлық хан Дәудің басын кеседі.
Судай шашып қандарын, Ағашқа басын асады.
Әлқисса, Зарлық батыр дәудің басын кесіп, ернін тесіп ағашқа басын асып, Гүлсары атқа мініп қайтадан салып жетіп Құралайға келеді. Анда Зарлықтан қыз сауға сұрады.
«Құп, дәуді өлтірдім» деп, Құралайды мінгестіріп алып жөнеле береді.
Бәрекелді, жігіттер,
Зарлық хан қылған санатқа, Мұндай қылған қайратқа.
Құралай мен Зарлық хан Мінгесті бұлар бір атқа.
Басын жолға салады,
Тұлпардан туған Гүлсары ат Сүмбідей болып жарады,
Мінгесіп алып кетеді, Неше белден өтеді.
Баяғы көрген дарияға Мінгесіп келіп жетеді.
Бұл дарияға жолғасты, Тұлпарға қамшы бір басты. Артына әйел мінгесті,
Киіктей сұлу Гүлсары ат Бір аяғы жер басты,
Бір аяғы су басты,
Кете жаздап дарияға, Зарлық батыр бір састы. Ол дариядан өтеді,
Өтіп алып кетеді. Күлмес ханның үйіне
Құралай, Зарлық жетеді.
Кедейлер тігер кепесін,
Ақсақал жейді шекесін. Ұзын сөзді қысқартып,
Енді айталық төтесін. Отыз күн ұдай ойын қып,
Қырық күн ұдай тойын қып, Құралайды Зарлыққа Молдалар қиды некесін.
Әлқисса, Зарлық хан ойын-күлкіменен жата берді.
Күндерде бір күн Мұңлық Зарлықтың түсіне кіріп: «Ей, аға, мені ұмыттың ба?» дейді. Анда Зарлық «аһ» тартып, оянып айтты: – Ей, Құралай, мен қайтамын. Менің қарындасым иесіз тауда жүр еді, – дейді. Құралай қыз атасына хабар береді:
– Зарлық қайтам дейді, мені қалдырмасын, – дейді.
Анда атасы Күлмес хан іші алтын, сырты күміс алты қанат ақ орда береді. Екі мың қой, бір мың жылқы, он күң, он құл, он отаумен көшіріп жөнелтеді, Зарлыққа Гүлсары атын берді. «Қош» деп риза қылып, жарым жолға шығарып салды.
Бұлар неше медет жол жүріп, Шөгірлінің тауына келеді.
Анда Зарлық жақсы таза киімдер алып, ілгері қарындасына ұзап кетті. Баяғы орнына келсе, Мұңлық жоқ екен. Қайда екенін біле алмай Зарлықтың жоқтап жылағаны:
– Ай, көзден аққан қанды жас, Сарсаң болды ғазиз бас,
Басқа бейнет түскенде,
Ақылдасым, сырласым,
Бірге өскен мұңдасым, Көкең келді сағынып,
Қайдасың, Мұңлық, жолдасым?! Шаруа тігер шайласын,
Пақырлар қылар пайдасың. Ізіңді жерден таба алмай, Құртты көкең айласын.
Көкең келді сағынып, Қарағым, Мұңлық, қайдасың?!
Аллаға көп-дүр қылығым,
Қылмадым түзу құлдығын.
Көкең келді сағынып, Жүрегі оттай қабынып.
Қайдасың, қалқам, Мұңлығым?!
Әлқисса, анда Мұңлық мыстан кемпірден қорқып, басқа бір берік жерден мекен қылған еді. Ағасының дауысын естіп, айқай салып келіп, құшақтай алып көрісіп тұрып айтқаны:
– Келдің бе, көке, жаңадан, Өткенсін терең сулардан.
Көкежан, өзің кеткелі
Кетпеді аузым тәубадан, Кетпеді қолым жағадан.
Білмедің, көке, қызықпен, Бір жыл өтті арадан.
Келдің бе, аға – қорғаным,
Асыл туған, сұңқарым. Жұрт егесі, сұлтаным, Жаяулықпен кетіп ең,
Құтты болсын, жан көке, Астыңа мінген тұлпарың. Болды ма қабыл сұрағым, Жолдың көрдің жырағын.
Құтты болсын, жан көке, Астыңа мінген пырағың.
Болды қабыл сұрағым,
Бұл барғаннан, барғаның, Күлмес хан елін алғаның. Елін қырып, жан көке,
[Басына] қайғы салғаның. Бейшара болған Мұңлықты Сонда есіңе алмадың.
Қайрылып, көке, келмедің,
Мұңлығым қалды демедің.
Дұшпаннан қорқып күтініп, Әсте уайым жемедің.
Құралайды ап кеткен Қарадәуді іздедің.
Жолға түсіп есілдің, Қайратқа сеніп есірдің. Қарадәудің қолында Біраз ғана қысылдың.
Бейшара болған Мұңлықты
Сонда да есіңе алмадың.
Жиһаннан асты өрнегің, Талай бейнет көргенің, Қарадәуді өлтіріп,
Қазасын оның бергенің. Құралаймен мінгесіп, Дарияға жетіп келгенің.
Бейшара болған Мұңлықты Сонда да есіңе алмадың.
Уайым қылып азбадың, Ерліктен, сірә, жазбадың. Сағынғаннан сарғайып,
Үш мезгіл сені іздедім. Ол дарияның жүзінде Суға кете жаздадың.
Бейшара болған Мұңлықты Сонда да есіңе алмадың.
Дұшпан қылды қорлықты, Аллаға қылдым құлдықты. Білмейді деп пе ең, жан көке,
Таудағы ғаріп Мұңлықты.
Тәңірім беріп жүректі, Өзіңе берді ерлікті,
Дұшпаннан қорқып Мұңлығың, Тау мен тасқа бекінді.
Күлмес ханның тартуын, Айналайын, жан көкем, Құралайды алған секілді. Білмейді деп пе ең, көкежан, Таудағы Мұңлық жетімді.
Әлқисса, Мұңлық бұл сөзді айтып, құшағын жазып отырды. Ағасы алып келген асыл киімдерін киіп, Гүлсары атқа мініп, Құралайдың алдынан шығып, көштерін бастап алып келіп Шөгірлінің бір жақсы жеріне қондырып, малдарын бағып, ойын-тамаша билән жата берді.
Ендігі сөзді жеті қабат аралдағы шешесі Қаншайымнан естіңіз.
Қаншайымның қасындағы екі күшігі ер жетіп, тоғайдан аңның тірісін Қаншайымға әкеліп, арам өлгенін өздері жеп жүреді.
Бір күні екі күшігінің бірін қабылан талап, жаман жаралап кетті. [Күшікке] дәрі жағып отырып, Қаншайымның көңіліне қиял түсіп қапа болып, әуелі Алла Тағалаға, екінші Пайғамбарға мінәжат қылып жалбарып айтқаны:
– Ей, жаратқан Қадір Бір уа Бар, Һәрне қылсаң еркің бар.
Мен бейшара кембағал, Дәргаһыңа қылдым зар. Құдай-а, рақым қылмасаң, Кең дүние маған болды тар.
Өмірім өтті алаң боп,
Уақытым өтті, қайтейін, Ит күшігі балам боп.
Сөйлеуге де тілі жоқ,
Бұларменен бірге өскен, Мен бейшара қайран боп.
Жаратқан Қадір Құдайым, Ит пен құстың ішінде Өте ме күнім қараң боп. Дерексіз қалдым аралда,
Адам көрмес сүйегім, Өзімнен туған балам жоқ. Тәңірі салды бұл күнге,
Қылатын хайла, шарам жоқ.
Артымнан жоқтап келерге, Туысқан, туған ағам жоқ. Зар болып өттім дүниеден,
Бір теңгелік бағам жоқ. Дерексіз қалдым аралда Аһ, дариға, не әйлайын. Опасыз өткен дүние боқ.
Өттің дүние баянсыз, Аллаға ісім аянсыз.
Не пиғылымнан, Құдай-а,
Жолықтым мұндай дәулетке, Жан едім жұртқа зиянсыз.
Қалдым жалғыз тоғайда, Көз жасым қабыл болмаса, Бибі Батима, Қадиша,
Жақсылық назар салмаса. Назар салып пірлерім, Күлпәтімді алмаса.
Қор болдым елсіз аралда, Бибі Сара піріміз,
Мен бейшара шорысын Қолынан сүйреп алмаса.
Пірлерім, алғын қолымнан, Адасып жүрген жолымнан. Туысқан, туған менде жоқ Іздеп келер соңымнан.
Бұ дәулетке кез болдым, Дұшпандық көріп залымнан.
Медет қылғын, пірлерім, Мүсәпір, ғаріп шорыңмын,
Қорлықпен өтті өмірім. Босады болат темірім,
Қараңғылық боп өтті Раушан болған күндерім. Үстіме түскен ауыр жүк, Бар ма екен, сірә, кемірің. Өліп кетсем бұ жерде,
Бойымда да жоқ екен Оранып жатар кебінім.
Ұл қылдым екі күшікті,
Жан тәтті екен, шошықты. Ел-жұртымнан айырып,
Салдың-ау, Тәңірі, түйшікті. Мен ғаріпке, Құдай-а, Ашар күнің болар ма Рахматыңнан есікті?!
Жапанды жалғыз жай қылып, Бұйырған көрдім несіпті.
Алла, рақым қылмасаң, Қорлықпен күнім кешіпті.
Ит-құс болып жолдасым, Тағдырға шара нешік-ті.
Көмусіз қалдым аралда,
Бір апта кисем, тастаушы ем Алтынды жаға ішікті.
Қаншайым қылды наланы, Дұшпандар қылды жаланы. Мекен қылып жатырмын, Ит пен құсқа жолдас боп Адам жүрмес даланы.
Қасымда жолдас күшігім
Қабыланнан болды жаралы. Болды ма менің ақ ордам,
Жаратқан Жаппар Құдай-а, Құс ұшпастың аралы.
Сақтасаңшы, Құдай-а, Екі жиһан патшасы, Ит те болса жолдасым, Алдымда екі баланы.
Ашылған бауда гүл едім,
Сайраған қызыл тіл едім, Құдай-а, рақым қылмасаң,
Мен мүсәпір жүдедім.
Бақ-дәулет тұрған шағында Жақсы адамның бірі едім, Ақыры қалып аралда, Иттің өмірін тіледім.
Ит тілеуін мен тілеп,
Жағадан кетпей білегім.
Құс ұшпас деген дарияда
Білінбей кетті-ау дерегім. Опасыз өткен дүние-ай,
Қабыл болмай көз жасым, Ашылар ма екен раушан боп Қайғылы көңіл жүрегім.
Қорлықпен өттім жалғанда, Һеш адамзат көрмедім
Он бес жыл жалғыз қалғанда Пірлерім, медет қылсаңшы Осындай болып қалғанда.
Рахман Алла, рақым қып, Пірлер медет қылмаса,
Қаншайым кетті арманда!
Әлқисса, Қаншайым бұ сөздерді айтып, зар жылап, түн ортасы болғанда, көзі ұйқыға барды. Ошал сағат хазірет Қызыр пайғамбар түсінде Ғайып ерен қырық шілтен бірлән келіп Қаншайымға айтты: «Ей, бейшара, көп нала болма, сенен бір ұл, бір қыз туған еді, ұлыңның аты Зарлық, қызыңның аты Мұңлық. Асықпасаң, балаларыңа аман-есен қосыларсың» деп, түсінде ғайып болды. Мыстан кемпірдің ұрлап алғанын һәм [баян] қылып кетті.
Анда Қаншайым ұйқысынан оянып, қуанып жылап айтқаны:
– Ей, құдіреті күшті, Құдайым, Қуаныш кірді ішіме.
Һәрне қылсаң, Бір уа Бар, Көндім тағдыр ісіне.
Бейнетім кетер, түс көрдім Дүйсенбінің кешінде.
Рас келсе бұл түсім,
Көрдім деп бейнет не дейін, Шүкір қылмай Құдайға,
Өкінемін несіне.
Өтіп едім қорлықпен, Кәміл пірім жар болып, Бүгін кірді түсіме.
Өзім кетіп бір басқа, Перзентім кетіп бір басқа, Мүсәпір болып мен ғаріп, Көзім толды көл жасқа.
Перзентін көрсе Қаншайым, Жанын құрбан қылмас па.
Перзентке өлсе құрбан боп,
Қаншайымның тәубесі
Сірә да қабыл болмас па. Айналайын, Құдайым, Дәргаһыңа жылайын,
Бұ секілді жақсылық Көрсеткенің рас па?!
Ұшып кеткен дәулет құс
Басыма қайтып қонар ма?!
Перзентім көріп тіріде Ғаріп көңілім толар ма?! Азар болса кеп кетер
Түлкі қуып сонарға. Тіршілікте, Құдай-а, Мұңлық пенен Зарлыққа Қосылар күнім болар ма?!
Дүниенің тарттым бейнетін, Түзелер ме екен келбетім,
Қолдай көргін, иә, Расул, Мен күнәһар үмметің.
Ықыласыммен қылармын Бұйырған өмір сүннетін.
Қосылар күнім болар ма, Мұңлық, Зарлық перзентім. Дұшпанның көрдім тарлығын, Алланың білдім жарлығын, Көрерге сені зар болдым, Қайдасың, қалқам, Зарлығым?!
Дұшпанның көрдім қорлығын, Жеті қабат аралда
Аллаға қылдым құлдығым. Анаң сенің зар болды,
Қайдасың, қалқам, Мұңлығым?!
Сүйедім пірге арқамды, Жүрген жерім дархан-ды,
Шаншар хан дарға бұйырған Мойныма салып арқанды.
Қай уақытта көремін
Зарлық, Мұңлық қалқамды?!
Кімге опа қыласың, Дүние шіркін жалғаны-ай,
Басыма бейнет салғаны-ай. Қу кемпірдің тілімен Қосағым Шаншар падиша Қысымға мені алғаны-ай.
Жеті қабат аралда
Қаншайымның қалғаны-ай. Зарлық, Мұңлық перзентін
Көрсе енді Қаншайым
Өлсе де жоқ қой арманы-ай.
Естідім, қалқам, атыңды, Зарлық, Мұңлық затыңды. Сіздерге Тәңірім жеткізгей Менің қылған зарымды.
Дұшпандар жүр ғой қамалап, Мен жүрмін ағаш паналап.
Мұңлық, Зарлық перзентім, Мен ғаріпті, Құдай-а,
Жоқтар ма екен аналап?!
Әлқисса, Қаншайым бұл сөзді айтып жылап жатты. Ендігі сөзді Шаншар хан патшадан естіңіз.
Шаншар хан бір күн тұрып қылды бейіл, Дұшпанға ерегескен өзі зейіл.
Ау құрып қырық жігітті қасына алып, Келіпті Шөгірліге құрып сейіл.
Падиша қырық жігітпен кетті жүріп, Бір жерде тоқтамайды сабыр қылып. Ойын-күлкі тамаша салтанатпен Келіпті Шөгірліге сейіл құрып.
Мерген еді Шаншар хан патша өзі,
Жолда боп киік үшін екі көзі.
Шөгірлінің тауына келген халде Патшаның бір киікке келді кезі.
Бұл киіктің басы алтын, к..і күміс, Падиша ойға алады үлкен жұмыс. Киікті тірі ұстап аламын деп,
Падиша сол киікке қылды жүріс.
Падиша ол киікке жетіп келді, Қаһарын падишаның киік көрді.
Патшаның қаһарынан қашып барып,
Бір жартасқа ол киік барып кірді.
Бір жартасқа қамады ол киікті, Падиша ұстаймын деп көңіл мықты.
Басыңнан қарғығаның өлесің деп,
Шаншар хан қырық жігітке бұйрық қыпты.
Киікті ұстаймын деп қамалады, Сонда киік өз күшін шамалады.
Шаншар ханның басынан қарғып кетіп, Киік кетті бет алып бір даланы.
Сол киік бастан қарғып қашып кетті,
Тасқынын падишаның басып кетті. Тау басында жүр еді Зарлық бала,
Ол киік Зарлық ханға жетіп кепті.
Зарлық хан бұ киікті көзі көрді, Тауда жүрген балаға кезі келді. Атының басын бұрып Зарлық бала, Киікті ұстамаққа қуа берді.
Зар ұрып қамшы басты Гүлсары атқа, Тауды өрлеп киік қашты қалың шатқа. Гүлсары ат бет алған соң құтқара ма,
Зарлық хан жетіп келді бір сағатта.
Киікке жетіп келді Зарлық бала, Қасында екі жігіт келді жана.
Сол киік бір жартасқа қарғып шықты, Жамиғат, құлақ салып тыңдап қара.
Ол киік адам болды ақсақалды, Көрді де Зарлық бала аң-таң қалды.
«Жан балам, не себептен қуасың!» деп, Ол адам Зарлық ханға жауап қылды.
Ол киік Зарлық ханның пірлері екен,
Ғайып ерен қырық шілтеннің біреуі екен. Зарлық пен Шаншар ханды қоспақ үшін
Куә боп арасында жүрген екен.
Әлқисса, анда Зарлыққа Ғайып ерен, Қызыр пайғамбардың Шаншар ханды баян қылғаны:
– Шаншар хан әділ патша ұлық болған, Көп патшадан мүләйім сынық болған. Қырық жігіті қасында тамаша әйлап, Тауына Шөгірлінің келіп қонған.
Шаншар хан әділ патша сенің атаң, Дұшпанға саясатты, өзі мехкам.
Ізімменен келеді мені қуып,
Ей, бала, дұғагөйің сенің әкең.
Ей, балам, келе жатыр дұғагөйің. Мәдина, Мекке бірлән құбыла күнің.
Атаңыз келе жатыр қырық жігітпен, Алдынан шық атаңның, тұрма кейін.
Мұны айтып ғайып болды Зарлық пірі, Атасын, арман бар ма, көрсе тірі.
Атасын естіген соң тағат қылмай, Зарлық хан кейін қарай жүреді енді.
Қарап тұрса, әкесі келе жатыр,
Қасында жолдас болған өңшең батыр. Атасын көргеннен соң құрмет қылып,
Тұрады аттан түсіп Зарлық батыр.
Шаншар хан жетіп келді қастарына, Оранған алтын тәжін бастарына.
Атасын көргеннен соң Зарлық бала, Көзінің шетін жуды жастарына.
Патшаның қолын алды елден бұрын, Білмей тұр бұл Зарлықтың ішкі сырын. Көл болды көздің жасы етегіне,
Көрісті қырық жігітпен бірін-бірін.
Патша айтты: – Ей, балам, кімсің? – деді, Бұл тауға қайдан келіп жүрсің? – деді.
Қай жерлік, қай патшаның баласысың, Сырыңды айт, осы халық білсін, – деді.
Падиша сөз сұрайды ортаға алып, Балаға түзде жүрген қайран қалып. Жауабын атасының естіген соң,
Жылайды өксіп-өксіп қайғыланып.
Бала айтты: – Мен сөйлейін, ей, падишам,
Жетімдікпен Зар болдым ата-анам. Сізге баян қылайын мен сырымды,
Құлақ сап, ей, падиша, сөзге қараң.
Патшасы патшалардың – патша Құдай, Жыладым дәргаһына сиынып уай.
Бар еді әділ патша Шаншар атты, Қараған хүкіміне он сан Ноғай.
Білсеңіз, сол патшаның баласымын, Көзінің ағы менен қарасымын.
Алланың тағдыр – ісі мұндай болып,
Туған соң ата-анадан адасыппын.
Анамыздың аты екен Қаншайым, Жетім қылып өсірді бар Құдайым.
Бастан-аяқ айтайын уақиғамды, Тыңлағын бәрін-бәрін, падишаһым.
Анадан туып едік бір ұл, бір қыз, Мүсәпірлік көп көрдім кеші-күндіз. Алпыс өгей анамыз дұшпандықпен Бізге жәбір қылыпты, тыңдаңыз сіз.
Атамыз киік аулап кеткен екен,
Анамыздың мезгілі жеткен екен.
Алпыс қатын тілімен ұрлап алып, Мыстан кемпір дұшпандық еткен екен.
Жолаушы алыс жолда аты арық-ты, Көтерген шілтен пірім мен ғаріпті.
Жаратқаннан қорықпаған мыстан залым Біздерді суға тастап жіберіпті.
Судан бізді көтерген пірім Ғайып,
Ит мыстан ата-анамды қылған майып. Шөгірліде күнелттік бір ұл, бір қыз,
Пірлер бата берген соң қолын жайып.
Шөгірліде күнелттік біз жалаңаш, Бізде жоқ ата-ана һәм қарындас.
Бастан кешкен айтайын уақиғамды, Ей, тақсыр, дәулетіңе алдияр бас.
Атамыз Шаншар патша мерген екен, Аң аулап бір күн тауға келген екен. Жалаңаш ұйықтап жатсам қара таста, Үстіме ғаріп атам келген екен.
Оянсам, жатыр екен мені басып,
Оянған соң мен қалдым жаман сасып. Садағымды қолыма ап, оғын кезеп,
Құтылдым өз әкемнен өзім қашып.
Шаншар хан осы сөзді тыңдап тұрды, Айтқан сайын еңіреп жылап тұрды.
«Аһ, дариға, Құдай» деп Шаншар патша, Басынан алтын тәжін лақтырды.
Құдайдан жүруші еді бала сұрап, Патша сөзді есітіп тұрды жылап. Жақсылар, перзент ісі қиын екен,
Қалыпты Шаншар патша аттан құлап.
Баланы қырық жігіт тұр ортаға алып, Кезек-кезек көрісті бәрі барып.
Он сан Ноғай билеген Шаншар патша, Ұлын көріп есінен қалды танып.
Әлқисса, Шаншар ханның бір заманнан соң һұшына келіп айтқаны:
– Айналайын, қарағым, Көзімнен ақты бұлағым. Қарағым, сенің жолыңа Мен құрбандық лағың. Енді өлсем де арман жоқ,
Қабыл болды сұрағым.
Тірі жан көреді екен бірін-бірі, Ауыздан айтса кетер көңіл кірі.
Туысымен айрылған балаларын
Осы екен Құдайымның көрсеткені.
Аманбысың, шырағым, Қайтадан жасты жасайын, Шырағымның қуанышына Қазынамды шашайын.
Кіргін, қалқам, қойныма,
Құшағымды ашайын.
Көргенім сені рас па, Бауырыңа бауырым қосайын.
Тамағыңнан иіскеп, Аймалап мауқым басайын.
Қарағым, ұлым, қандаймын, Сағынғаннан зарлаймын.
Қарағым, сені көрген соң, Боталаған нардаймын.
Түсім бе деп қорқамын,
Рас па, ұлым, нанбаймын.
Дертіңнен сенің өлгенім, Аманат жанды бергенім.
Енді өлсем де арман жоқ, Кемелге осы келгенім.
Түсім бе деп қорқамын, Рас па, қалқам, көргенім? Басыма келді дәулетім, Падишалық сәулетім.
Арманым жоқ Құдайға,
Жетсе бүгін нәубетім.
Шашайын қазына, малымды, Ішіме салдың жалынды.
Қарағым, сені көрген соң, Көңілден кірім арылды.
Қарағымды құшақтап, Сом жүрегім жарылды.
Қаласа Тәңірім, құртармын Дұшпандық қылған залымды. Дарға тартып баршасын,
Алайын сүйтіп кегімді.
Тәңірім қабыл қылыпты Бүгін менің зарымды.
Ризамын Құдайға, Құшақтасып тұрғанда, Алса менің жанымды.
Іші жанып күйеді, Төсіне төсі тиеді, Алпыс екі тамыры Падишаның иеді.
Тамағынан иіскеп,
Зарлықты патша сүйеді.
Патша қойнын ашады, Көзінің жасын шашады. Патша жанын пида қып,
Аймалап мауқын басады.
Босанбады Зарлық хан Көпектей болат асыл-ай,
Патшаның гауһар тасындай. Құшағын патша жазбады,
Құмары қанып ұлына,
Өксігін жатыр баса алмай.
Әлқисса, анда Барын уәзір бұларды ажыратып, жылағанын тоқтатып, аттарына мінгізіп жетелеп Зарлықтың ордасыға алады. Біреуі «атаң келді» деп Мұңлықтан барып сүйінші сұрайды. Мұңлық нар басы қылып оған тоғыз тарту сүйінші береді. Бірақ атасына көріспейді.
– Менің анамды көрсетсең көрісемін, болмаса көріспеймін, өлсе сүйегін, тірік болса өзін көрсет, көрмейінше мен сізді ата демеймін,– дейді.
Анда патша бұ сөзді естіп, бұл жерде тұрып болмас екен деп қырық жігітті, Зарлық пен Мұңлықты ертіп алып жеті қабат аралға барып, әр жерін қарап Қаншайымды табалмай жүреді.
Қаншайымның екі иті бұлардың іздеп жүргенін сезіп, Қаншайымның жаулығын тістеп алып қашады. Қаншайымның ойынға қапа болып, жылап айтқаны:
– Қой, құтырып өлгір, құтырма, Ойының келіп отыр ма?!
Ойнарға аң таба алмай, Енді ауызды салдың ба Мен сияқты пақырға.
Сен де болдың сор маңлай, Мен де болдым сор маңлай, Жеті қабат аралда
Жатушы едің көңлің жай. Көңілің сенің толғандай,
Мұнша неге құтырдың, Мұратың хасыл болғандай. Неге бүйтіп есірдің, Мұңлық пенен Зарлығым Екеуі келіп тұрғандай.
Көңілім болды көп қапа,
Тарттырды, Құдай, көп жапа. Қарап тұрсам, жұлмалап,
Болғаның ба бейопа!
Бейопа бүйтіп болғаның, Кемелге жетіп толғаның,
Тумасаң да екеуің Туғандай болып қорғадың.
Тілекті Тәңірі берді ме, Көзімнің жасын көрді ме, Бүйтпеуші едің, күшігім, Бір жақсылық келді ме?!
Қуандың мұнша, жарқыным,
Мұңлық, Зарлық перзентім Екеуі менің келді ме?
Сонда күшік тасады, Еркелеп аузын ашады. Анасының жаулығын Тістеп алып қашады. Қуалап күшікті ұрмаққа, Қаншайым қадам басады. Күшікті тұра қуады, Белді бекем буады.
Қорлаған Тәңір шағында, Бұ да қорлап кетті деп,
Жаспен бетін жуады. Сонда күшік қорқады, Алдына түсіп жортады.
Кім көнбейді тарлыққа,
Жеткізгей Алла барлыққа. Қашып барып екі ит Қаншайымды апарды Мұңлық пен Зарлыққа.
Қашып күшік тығылды, Аяғына жығылды.
Шаншар ханның қасында, Қаншайым мұны көреді, Кеп тұрған бір ұл, бір қызы.
Қаншайым Хаққа жалынды, Жүрегі оттай қабынды.
Мұңлық пенен Зарлықты Көрмесе де таныды.
Жетіп келді Қаншайым,
Таныды Шаншар патшасын.
Қамқор анам келді деп, Балалар салды айқайын.
Алды анасын ортаға, Қаншайым күйіп барады. Бұларды көріп Қаншайым Есінен әбден танады.
Танғанының белгісі, Ақылы кетіп қалады. Тағы өзіне келеді,
Шаншар ханды көреді, Қанатын жая береді.
Құшағын жайып Қаншайым Құшақтаса береді.
Құшақтап тұрып патшаны Ботадай боздап еңіреді.
–Дұшпандардың тілімен, Шерменде болдым мен, – дейді. Арманым жоқ өлсем де, Көрсеттің есен сен, – дейді.
Сонда патша сөйлейді:
–Аманбысың, Қаншайым! Басыңа гауһар шашайын,
Бұл іске енді сабыр ғып, Қазына аузын ашайын. Дұшпандық қылған залымның Қанын судай шашайын, Алпыс қатын, мыстанды Өлтіріп мауқым басайын.
Қаншайымдай сұлуың
Ұлы мен қызын құшақтап, Бетіне аузы жабысты,
Қабырғасы майысты. Құдіреті кең Бір уа Бар, Анасымен балалар
Қозыдай маңырап табысты. Қайғылары кетісті,
Мұратына жетісті. Амандасып көрісіп, Бір-бірін түгел көрісті,
Көңілдері бітісті.
Ата-ана баласын, Бірін-бірі көреді.
Шаншар хандай патшаның Тілегін Құдай береді.
Аттарына мінісіп Елдеріне жүреді.
Қырық жігіті құрметтеп, Арттарынан ереді.
Атасын бастап Зарлық хан
Шөгірлінің тауына,
Үйіне алып келеді. Ғайш-ғишрат қылысып,
Бір күн қонып ол жерде, Шаһарға көшіп жөнеді.
Аман көрді Шаншар хан Қатыны мен баласын.
Қайран қылды Шаншар хан Ұлы мен қызын әкеліп Күллі шаһар қаласын.
Қуанышына падиша
Қырық күн ұдай той қылып, Алпыс күн ұдай шаң қылып,
Ат шаптырып ойынмен Шөгірлінің даласын.
Алпыс күн тамам өткен соң, Ойыны жұрттың біткен соң, Тақытына патша тұрады.
Дарға асып баршасын, Қатындарын қырады.
Мыстан қашып кетіпті, Барын уәзір қуады.
Бір жерлерге келгенде, Ұстап алды кемпірді, Сұхбатына келтірді: Құлағын кесті құнтитып, Мұрнын кесті шұнтитып, Екі көзін ағызып,
Қу басын қойды сымпитып. Күйе жағып бетіне,
Ағаш тығып к..іне,
Тірсегінен тіледі. Бәйтеректің басына
Салбыратып іледі. Бар киімін шешіп ап, К..ін қойды тыртитып, Көрген халық күледі. Мұның мыстан екенін Тамам жұрттар біледі.
Тақытын беріп Зарлыққа,
Орнына патша қылады.
Кәрілігінде Шаншар хан Ұлына елін сұратты.
«Патшалыққа қалай» деп, Жұртқа ақылын сынатты. Әділдігін Зарлықтың Көрген халық ұнатты.
Атасынан Зарлықтың Жүз есе болды қайраты. Әділеті тағы артық,
Асып кетті айбаты.
Мақсұтқа жетті сондай боп, Ақыр өтті дүниеден,
Қанша патша болса да, Жеткен соң ажал нәубеті. Өзімен кетті ілесіп
Падишалық сәулеті. Сөзі қалды біздерге, Хикаят болып баяғы.
Уа Аллаһу ағлам, биссауаб,
Сөзімнің болған аяғы.