ҚЫЗ ЖІБЕК (Қаршыға нұсқасы)

Ертеде ертегіден айтылған жыр, Байқасам көрінеді әр түрлі сыр, Біреулер өмір сүріп ойын бөліп, Суреті бәрінің де көрініп тұр. Мен дағы бастадым сөз ескі жырдан, Айтылып талай топта болған думан. Кешегі өтіп кеткен заманада, Жетіру Алшын биден таратылған. Кенжесі жетірудың жағалбайлы, Бескөрік деп айтады Базарбайды. Іші...

Қазақша
ҚЫЗ ЖІБЕК (Қаршыға нұсқасы)
Ертеде ертегіден айтылған жыр, Байқасам көрінеді әр түрлі сыр, Біреулер өмір сүріп ойын бөліп, Суреті бәрінің де көрініп тұр. Мен дағы бастадым сөз ескі жырдан, Айтылып талай топта болған думан. Кешегі өтіп кеткен заманада, Жетіру Алшын биден таратылған. Кенжесі жетірудың жағалбайлы, Бескөрік деп айтады Базарбайды. Ішінде бескөріктің Түйте болып, Осылай ата ұлынан бұл тарайды. Қулыкөл, Талдыкөлді қылған қоныс, Ертеде ел аузында болған таныс. «Қулы» деп атағаны аққу жайлап Сол жерде Базекеңе болған бір іс. Есітіп айтып болмас жиған мүлкін, Жаратқан ел, ағайын мінез-құлқын. Асқанша жасы алпыстан бала көрмей, Болғанмен сырты түтін, іші бүтін. Екінші бәйбішеден бір ұл туып, Той қылып қызды айттырып жиған жұртын. Жиылған елі-жұрттың жақсылары, Баланың Қайыр-Сұлтан қойған атын. Базарбай малы сыймай қырға көшкен. Отарлап, жайлап қара құмға көшкен. Бас қосқан үш қазақтың арасы деп, Алты ұлы Қарамен бай бұл да көшкен. Ол кезде судың көзін қазақ алған, Кең желкенің алапты мекен қылған. Оңтүстік – Қамысақты деп айтады, Базекең сол жерлерді бәрін алған. Қондырып сол жерлерде елін жинап, Қыс қыстап, көше жүріп қырды жайлап. Тұсында әр заманның бір сұрқылтай, Арқасын Сырға сүйеп қабырғалап. Артықша Базарбайға дәулет берген. Кең ақыл, тілге шешен сәулет берген. Жеті жаста жалғыз ұл қаза тауып, Басына қайғы-қасірет нәубет берген. Базекең бала өлген соң сөзден қалған, Қайғының бұлты басып мұнарланған. Жиылып елі-жұрттың жақсылары, Ас беріп, көңіл айтты қылып арман. Еш біреу тоқтау сөзді тауып айтпай, Біріне бірі қарап тұманданған. Сол кезде жетпіске де келген жасы, Қуантып етек тартқан бар баласы, Айрылып ермегінен қалып отыр, Ісіне Жаратқанның жоқ шарасы. Базекең көпке қарап отырды жай, Жұрт күтіп «не дейді»? деп қимылдамай, Халқына бір жағалап қарап алып, Сөйлейді сонда отырып шал Базарбай. –Уа, жұртым, қайғырмалық бір бала үшін, Жазмыштың сөгеміз бе қылған ісін, Тілеңдер елі жұрттың амандығын, Құдайдың не жазғанын білемісің? Базарбай енді қойды жылағанды, Қазаға Тәңірім сүйер шыдағанды. Тиянақ көңілімнің оты сөніп, Жүректе от, іште жалын тына қалды. Тарыққан талай-талай ерлер өткен, Зарлатып мінез-құлқын сынаған-ды. Дәуіттің отыз ұлы бірден өліп, Қайырын ақыреттің сұраған-ды. Көңілім қуанбайды мал дегенге, Мүддесіз төрт түлігі сай дегенге. Біреу бас, біреу малға шала боп жүр, Адамзат жетіп отыр қай дегенге? Құдайға не қиындық шаттандырса, Пендесін өзі сүйіп мақтандырса, «Үмітсіз бұл жалғанда шайтан» болар, «Баласы Базарбайдың» деген бір ат қалдырса. Базарбай бұл сөзді айтып бас көтерген, Шуылдап ағайыны соңына ерген. Болғанда дұға – мақбұл, тілек – қабыл, Үшінші әйелінен бір ұл көрген. Базарбай қылды тойды малын шашып, Қайғының бәрін жойды судай тасып. Той тартыс, шілдехана болып жатыр, Бозбала, қыз-келіншек әнге басып. Базарбай елін жинап ордасына, Отырып ел жақсысы төр басына, Баланың Төлеген деп қойған атын, Шақыртып, айтып азан молдасына. Ат қойған Төлеген деп баласына, Көзінің ағы менен қарасына. «Бәлен» деп сурет қылып айтып болмас, Көрген жан сүйінерлік қанасына. Базарбай бергеніне шүкір қылған, Жалғанға көрініске келген бір жан. Артынан сегіз жылдан бір ұл тауып, Оның да Сансызбай деп атын қойған. Тағы да қылды тойды мүлкін шашты, Тең қылып берді Құдай мал мен басты. Әзілдеп оңашада ел байлары, «Құда боп қыз берсем» деп қойнын ашты. Базарбай ұлға қалың бере алмады, Сөзіне жұрттың айтқан ере алмады. «Өздері тірі болса алар бір қыз» Қызығын құдалықтың көре алмады. Менікін жаратпаса, сәнім кетер, Ұнатып, өзі алмаса, мәнім кетер. «Жоқ, – деген,– игіліктің ерте кеші», Күйермін жазым болса одан бетер. Көнбесін Базарбайдың білді халық, «Қалар, – деп, – малы азайып» күлді халық. Он төртке Төлегеннің келді жасы, Қыз таңдап, төңіректен сұрау салып. Төлеген жүзі жылы, тілі майда, Жасаған берген бақыт, ақыл-айла, «Шырағым, сүйгеніңді таңдап ал» деп, Батасын беріп отыр Базарбай да. Түзетіп салтанатын, жегіп күйме, Төлеген қыз жақтырмай түскен күйге. «Қызы бар бәлен байдың бәлендей» деп, Тұс-тұстан келіп хабар үйме-жүйме. Қалың ел Төлегеннің жолын аңдап, Аузынан тастамайды Төлежандап. Қасына алты кісі жолдас алып, «Бір сұлу табамын, – деп, – елден таңдап». Қыз іздеп біраз елді аралайды, Сыр бойын, жалпақ тама жағалайды. Бойына көрген қызын теңестірмей, Көңілін талай қыздың жаралайды. Көргені Төлегенді бағалайды, Көрер деп мені тәуір шамалайды. Алдынан қойдай тоғып өтіп жатыр, Біреуін бірі түртіп табалайды. «Әшейін күн өткізіп келіппіз», – деп, Біреуі көрген қыздың ұнамайды. Тағы да Қосаралға кеткен өтіп, Жайылды ел ішіне даңқы кетіп. Сыланып, жүз құбылып, талай қыздар Таранып тоты құстай бойын күтіп. Төлеген қашан келіп өткенінше, Отырған «мені алар» деп үміт етіп. Кейін қайтып Түркістан жағалаған, Ортасын ұлы жүздің аралаған. Одан таппай сұлу қыз кейін қарап, Біразын бесқыпшақтың саралаған. Екі жылдай қыз таңдап елге қайтып, Түбекте қалды Ақжайық бара алмаған. Төлеген он жетіге келген шағы, Аз емес бір Құдайдың берген бағы. «Қызы сұлу Жайықта шекті бар» деп, Алып қашқан әр елдің сөзі тағы. Мұны іздеуге Төлеген көңілі кетіп, Шетінен-ақ табылар деп сынбай сағы. «Барам десең жетеді сенің күшің, Әуре болып сен жүрсің теңің үшін. Рұқсат беріп, Базекең бата берсе, Барамыз, – деп, – қыздырған сенің үшін. Көп, – дейді, – онда сұлу жазық маңдай, Жібек шаш, қиылған қас, жұқа маңдай». Уланып ауасына болдым әуре, Бар шығар жазғаны әуел әлдеқандай? Төлеген көпке қарай толықсиды, Жалғанға көрініске келген жандай. Кеңесіп жігіттермен оңашада: «Жаратқан бұл ісіме жол аша ма-ай?» Талап қып Ақжайыққа жүрмек болды, Құдайдың берген баққа таласа ма? Жидырып жол жарағын даярлатып, Есіткен қарап халық тамашаға-ай. Төлеген Ақжайыққа жүрмек болды, Маңдайға не жазғанды көрмек болды. Жетеді Базарбайдың бақ-дәулеті Тәуекел дариясына мінбек болды. Ел жиып, ерін таңдап, жігіт сайлап, Жүз жігіт басшы, қосшы ермек болды. Толтырып қырық нарға қазына артып, Он жігіт қызметкерге бөлмек болды. Көңілге бір ғашықтық түскен жара, Абырой бергей жолға Хақ Тағала. – Бір сұлу іздеп, тауып мен алмасам, Жалғанға көз салмаймын, – деді бала. Төлеген Ақжайыққа қанат жайды, Аралап бітірген соң елібайды. – Балаңа батаңды бер, жүреміз, – деп, Ерлері қол қусырып Базарбайды. Жабдықтап ер Төлеген көк жорға атты, Жануар өзі тұлпар – қос қанатты. Барлығын тұрманының алтындатып, Күміспен төрт аяғын тағалатты. Жігіттер дайындалып қосын артып, Не қылсын Базарбай шал бұдан артық. Жүз жігіт басшы, қосшы күңірентіп, Жөнелмек болды осылай күшті тартып. Көзіне үзілгенше болып ғайып, Дұға қып елі-жұрты қолын жайып, Алдыңнан ақ күн туып жарылқасын, Кемпір-шал дұғагөйі ерлі-зайып. Базарбайдың Төлеген, Жағалбайлы елінен, Жазғы жайлау көлінен. Әлім менен шөменнен, Жоғары менен төменнен – Сексен жігіт басшы алып, Мен тәуірі дегеннен. Жиырма жігіт қосшы алып, Жан-жағына көз салып. Салтанатын арттырып, Алтынды шатыр тіктіріп, Ортасына тақ құрып, Домбыра күйін тарттырып, Қырық нарға жүк артып, Қазына-мүлкін мол артып, Бәрін теріп айтуға, Тіл жетпейді ұзартып. Май орнына бал артып, Қант пен шайын және артып, Қызметкерге бөлдіріп, Он бес жігіт шығартып. Жол жарағын сайланып, Жүз жігіттің бәрі де, Бес қаруын байланып, Ел-жұртымен қоштасып, Төлеген мырза толғанып, Жан-жағына салып көз, Былайша бастап айтты сөз: – Жиылған, халқым, ағайын, Жаратқан жалғыз Құдайым, Не салғанын көрмекпіз, Құр ойменен көрмеген, Естімеген білмеген, Болдым әуре іздеп қыз. Кез қылды Құдай бұ зарға, Басымды салып сапарға, Маңдайға жазған келер кез. Қайырлы болсын талабым, Көңілге түскен жараның. Наурыз туып, келді жаз, Жаратқанға қылып наз. Не салсаң да ерікті, Бір сұлу таппай көрікті, Баса алмадым жүректі, Болжаусыз жалған, ақыл аз. Көңілім бұлай желікті, Сабыр да етсем керекті. Тәңірі берсе тілекті, Айналармын келер күз. Осылай қиял ойладым, Бұлтқа түнек бойладым, Ағайын-жұртым, тапсырдым, «Сансызбайға бол, – деп, – көз. Осы қолдың бәріне Басшы қойдым Шегені. Айтқаны болмас адамның, Алланың болар дегені. Тілегім, өмірім алдымда, Жиылған жұртым, қалың ел. Ақыл – мизан өлшеу қыл, Ақылды бойдан алдырдым, Кемпір-шалды қалдырдым. Мейлің мақта, мейлің күл, Қартайған әкем Базарбай – Жағасы жайлау шалқар көл, Отқа түсіп күйген-ді, Көзіне қамшы тиген-ді, Аққан жасы болды сел. Жапырағы қуарып, Құйылғандай соқса жел. Мен отырмын жүргелі, Болып уайым жегенім, Сулар кеуіп болды шөл. Әзірге бездім дүниеден, Ата менен енеден, Сапар шектім тартып жол. Басылғанша бұл жүрек, Дүние малы не керек, Ағайын, жұртым, аман бол! Сол кездері болғанда, Шешесі келді қасына. Бетін жуып жасына, Төлегенге асыла. Әйелдің ақ маңдайы, Әйелдің жез таңдайы, Өзгеден артық мүшесі. Алтынды кебіс жарқылдап, Базекеңнің жұбайы, Төлегеннің шешесі, Омырауда өңір алқылдап. Сынық сүйем өкшесі, Берен тонын жамылып, Етек жеңін қағынып, Көз тұрғызбас кестесі. Мұңды зармен толғана, Ақ орамал қолға ала, Елдің артық естісі Әулиеге ат айтып, Қорасанға қой артып, Шыбын жанын және айтып, Өлгенде көрген шешесі. Сонда тұрып сөйледі, Сөйлегенде бүй дейді: – Уа, Төлеген, құлыным, Суымның алды – тұнығым, Маңдайға біткен ұлығым! Іздегенің табылсын, Алтын да сүйек сынығым. Өлгенше естен кетер ме, Артықша біткен қылығың. Қайырлы болғай сапарың, Арманы болмас жігіттің Іздеп тапса қатарын. Арманы болмас жігіттің Жолын қуған атаның. Зияны жоқ жігітке Үлкеннен алған батаның. Қайғысы жоқ жігітке Жастықта көрген жапаның. Алдыңа туып алтын ай, Құлыным, болсын көңілің жай. Атаң отыр сандалып, Мен отырмын зарланып, Жылатып, балам, кеттің-ай! Қанша сабыр қылсам да, Көңіл, шіркін, бітпейді-ай. Құлыным қашан келгенше, Есен көзін көргенше, Тәңірім қуат еткейді-ай! Қартайған әкең Базарбай, Өлгенде көрген бала едің. Ақша бір жауған қар едің, Түйе ішінде нар едің. Жылқы ішінде боз едің, Қойда бағылан қозы едің. Маңдайдағы көз едің, Ауыздағы сөз едің, Айтулының өзі едің. Жолыңа қарап, қарағым, Өртенеді өзегім. Сүйенішім, тірегім, Көз алдымда қорегім, Ақылға дана зерегім! Сен барыңда, шырағым, Айдын шалқар көл едім, Сенген қозым сен едің. Өз еліңде, шырағым, Қай төреден кем едің? Біреудің тілі тимей ме, Ата-анасын зарлатып! «Бір қыз үшін кетті» деп, Дос-дұшпаның күлмей ме? Қартайған әкең Базарбай, Сенің үшін күймей ме? Ел ішінде тентек көп, Тентіреген демей ме? Төлеген сонда сөйледі, Сөйлегенде не дейді: – Қой, шешеке, жылама, Құр жылаумен бола ма? Бір сұлу алмай жалғанда, Сірә да, көңілім тына ма? Жаман-жақсы болса да, Алланың болар дегені, Өз айтқаның болар ма? Өзіңді өзің мұқатып, Бізді өлімге кеткендей, Ажалдың оғы өткендей, Қайғыны тілеп жылама. Бір кеткен соң келместей, Қолыңда тұрса берместей, Білгенің осы болар ма? Ажалым жетсе өзің айт, Үйде отырып қалам ба? Мен сапардан қайтқанша, Қайтып аман көргенше, Ата-анам, ел-жұртым, Тапсырдым енді Құдаға! Ақырғы сөзім тағы да, Берсе Тәңірім бағыма, Амандық берсе жаныма, Ісім келсе оңына Сапар шегіп барамын. Алла нәсіп айласа, Бір сұлу қыз аламын! Шешесі тағы сөйледі: – Өзеннің көркі жар болар, Жігіттің көркі мал болар, Малың болса, шырағым, Қара басың хан болар. Алуа асап, іштің бал, Жая шайнап, жедің жал. Жүрер болсаң, шырағым, Жылқыдан таңдап жүз жорға ал. Сансызбай болса жас еді, Сүйеніп кімге күнелтер Артыңда қалған кемпір-шал?! Төлегенді құшақтап, Аймалайды тамағын, Сипалайды қабағын: «Мақсатқа жеткіл, қарағым!» Анасы байғұс талықсып, Баса алмайды аяғын. – Көл иесі Қамбар-ау, Жол иесі Қамбар-ау, Шырағыма көз сал-ау. Сенен өзге тағы да, Ғашықтардың пірлері Ләйлі-Мәжнүн сіз бар-ау. Зылиқа-Жүсіп екеуің – Ғашықтардың сәруары-ау Әйелдің пірі – Фатима, Балама менің көз сал-ау! Адасса жолға салып жүр, Бәлекет келсе, қағып жүр. Бір ғашықтың зарпынан Шырағым менің нағып жүр. Баба Түкті Шашты Әзіз, Тапсырдым саған, бағып жүр! Базарбай туралы сөз. Болыпты заманында ел ағасы, Өлкеде Базарбай шал боп тұлғасы, Шүй желке, қызыл жүзді, тұнық қабақ, Сексенге сол кездерде келген жасы. Оңғарса оңға оралтып бір Құдайым, Түспеді мұндай күйге ғазиз басы. Жазуға болмайды ғой «бәлен» дерге, Базарбай берді бата жігіттерге: – Ал енді, қосын тартып жүріңдер, – деп,– «Нұр жаусын,– деген нақыл, – талапты ерге». Жөнелді қосын тартып батыр Шегең, Бәрі де сәулетіне орныменен. Жастық жеңіп, ақыл мен бойын алып, Ойнап-күліп барады құрбыменен. Жылқыдан бес жүз жорға бөлдіріп ап, Келеді тартып шеру қолыменен. Төлеген жүрген жерге болды мәлім, Аямай келе жатыр дүние малын. «Шектіні тура бастап тапқан жанға, Берем,– деп,– сүйіншіге орамалын». Ақылдасып кеңесіп, ақыл салып, Ер Шегеден жасырмай айтып бәрін. Тоқтаусыз келе жатыр көшіп ұдай, Еру қып кідірмеңіз бұдан былай. Көп шектінің еліне жеткеннен соң, Дем алармыз жеткізсе, бізді Құдай. Құмақ, Елек, Сағыздан көктеп өтіп, Үдере көшті тартып дәл екі айдай. Жайықтың жағасына тіккен шатыр, Ешкімнен қорықпайтын өңкей батыр. Тамаша неше түрлі сәулетпенен, Өріске малын айдап бағып жатыр. Баласын Базарбайдың білген шекті, Біреуден біреу естіп келген көпті. «Қыз таңдап біздің елге келіпті» деп, Таралып қалың елге даңқы кетті. «Кім қызын бермес дейсің мұндай бекке?» Біреулер «берер ем,– деп,– алса текке». «Алсам да, алмасам да бір-бір жорға, Берем»,– деп салды хабар келген көпке. Талай қыз келіп кеткен басын иіп, Таранып тоты құстай шашты түйіп. Сыланып, желдей есіп келген қыздар, Көргенде Төлегенді іші күйіп. Келгені бір-бір жорға сыйлық алып, Біреуін жақтырмады көңілі сүйіп, Келген қыз Төлегенге ынтық болып, Аяғын баса алмайды бойын жиып. Осылай екі жүзі кеткен келіп, Мінгізіп келгеніне жорға беріп. – Япырау, бұл Төлеген не болды? – деп, Жолдасы қылды кеңес келген еріп. Аттарды айдап келген бітірген соң, Көз салар атымызға келген мініп. Кеңесіп, міне, осылай ақылдасып, Келгенін жасыруда мақұлдасып. Төлеген бұл елден де қыз жаратпай, Көңілге ой түседі келген тасып. Жағалай Ақжайықта алты шекті, Ханы бар Сырлыбайдай көрген көпті. Алты ұлы Сырлыбайдың алты ауыл боп, Жалғызы ең кенжесі Қыз Жібек-ті. Қыз Жібек он алтыға жасы келіп, Сөз салған жаратпаған талай бекті. Жаушылар әрбір елден келіп жатты, Жақтырмай келгендерін жабырқатты. Алшаңдап алты ағаның ортасында, Сылаңдап тоты құстай қанат қақты. Сол ханның ер Қаршыға уәзірі бар, Есітіп Төлегеннен алды хабар. Ойлайды: «Төлегенді көрейін, – деп,– Әрине, мен ұнатсам хан ұнатар. Сенеді Қаршығаға алты шекті, Көрсетсем Төлегенге Қыз Жібекті. Сөзімнен Жібек қайда барар дейсің, Естуім кім жаратпас ондай бекті? Әуелі өзім барып жолығайын, Барады даңқы жарып жер мен көкті». Ат жаратып жылқыдан мініп алып, Қаршыға Төлегенге жүріп кетті. Отардан аттанады ер Қаршыға, Бір бедеу мінген тұлпар өзі жорға. – Жұрт алған олжадан құр қалам ба? – деп, Орғытып ойпаң жерден салды жорға. Бедеуге қызған сайын қамшы басты, Төтелеп қия жатқан дөңнен асты, Қаршыға – өзі шешен, өзі батыр: «Қосам,– деп,– болса бұйрық, екі жасты». Жарылып қалың елдер қалып жатты. Көргендер Қаршығаны таңырқапты. – Баласын Базарбайдың іздеп келем, – деп, Жолшыбай көрген елден жөн сұрапты. Ер еді бұл Қаршыға жұрттан асқан, «Бір мырза келіп жатыр күншығыстан. Дүниеге ондай бала келе бермес, Дос түгіл кеміте алмас оны дұшпан». Шатырға келді жетіп бұдан кейін, Көруге болып ынтық түсті зейін. Қаршыға өзі шешен, өзі көсем, Ешкімге білдірмеген бұған шейін. – Ассалаумағалейкүм, көп жігіттер, Сайлаған бәрің бірдей бек жігіттер. Сайланып шыға қапсыз жолаушылап, Сөйлей тұр жөндеріңді, ер жігіттер. Сұрадым, білмек үшін «кімсің» дедім, Қай елден, қай сапардан жүрсіз дедім, Жөн сұрау жолаушыдан елдің салты, Қайырлы сапарыңыз болсын дедім. Беруге бұған жауап біреу шығып, Сөйлеген Қаршығаның сөзін ұғып. Жасырып Төлегенді білдірмеске, Баяғы айтқан сөзбен қалмақ тығып. – Келеміз елімізден біз жолаушы, Өзіңіз кім боласыз жөн сұраушы? Үйірін қысырақтың жауға алдырып, Келеміз елімізден біз – сұраушы. – Күн көріп жүрме едіңдер өнерменен, Төтелеп келдім сізге кемерменен. Есітіп мен дабылын жандай шаптым, Баласы Базарбайдың дегенменен. Жігіттер сөзді босқа бұрма, – деді, Келеке мені босқа қылма, – деді. Хабарын сырттан есітіп іздеп келдім, Бар болса жасырмаңдар мұнда, – деді. – Келіпсіз біздің көріп қарамызға, Жауапқа жауап таппай қаламыз ба. Сыртынан Базарбайды естуші едік, Төлеген жоқ-ты біздің арамызда. –Келіп ем іздеп соны үш күн ұдай, Сіздерге нанбағаным бұдан былай. Жасырып Төлегенді не деп тұрсыз, Жөнекей қалың елден келдім сұрай. Шектіден бір сұлуды тауып едім, Көрсетпей сендер тұрсыз ұрып Құдай. Бұл дабыл Төлегенге естіледі, –Жігіттер жасырдыңыз неге? – деді. Ешкімнің малын ұрлап жатқаным жоқ, Әдейі іздеп келген ерге, – деді. Шатырдың төргі етегін сырып тастап, Жақындап Қаршығаға сәлем берді. Төлегеннің сөзі: – Мен болам Базарбайдың Төлегені, Қозының ерте туған көбегені. Әдейі іздеп келіп «танысам» деп, Шатырға біле-тұра кірмегені. Мен едім Базарбайдың үлкен ұлы, Алланың шыныменен сүйген құлы. Ағеке, сәлем берсем қарамайсыз, Бар еді Төлегеннің нендей міні? Мен болам Төлегені Базарбайдың, Қыз таңдап үш арысқа қанат жайдым. Дәм айдап бұл елге де тұрмыз келіп, Әуелден жазуы шығар бір Құдайдың. Жатырмыз сұрау салып жан-жағына, Алланың кім көнбейді салғанына. Есітіп ел аузынан ұзын хабар, Келіп ек алты шекті аймағына. Әзірге қыз жақтырмай мен жатырмын, Сөзімнің түсін, аға, салмағына. Қаршығаның сөзі. Осы бір келген Қаршыға, Топтан асқан ер еді. Шектінің асқан белі еді, Сөзге де шешен сері еді, Төлегенге жақын келеді, Анықтап әбден көреді, Артығын ердің біледі. Төлегенмен қосылып, Шатырға келіп енеді. Көпті көрген көне еді, Сөйлесе ескен жел еді, Отырып сонда сөйледі: – Ауылдың алды бел, – деді, Белден көшкен ел, – деді. Көл қатырар сең, – деді. Базарбайдың баласы, Көзінің ағы-қарасы, Төлеген мырза сен, – деді. Келбетіңе қарасам, Қай сұлтанмен тең,– деді. Мен жайымды айтайын: Алты шекті елінде Сырлыбай ханның уәзірі, Қаршыға жырау – мен,– деді. Қыз іздеп келген сен,– деді, Берейін тауып мен,– деді. Жұртқа берген олжаңнан, Бөлмей маған бер, – деді. Ханымыздың жалғызы Аты Жібек сұрасаң, Бұл сөзіме сен, – деді. Сурет қылып айтуға, Жетпейді шырақ тіл, – деді. Жайнаған бауда гүл, – деді, Барайын ертіп көр, – деді. Базарбайұлы Төлеген Қаршығадай ақынның Бұл сөзін мақұл көреді. «Сүйіншің» деп сұраған, Екі жорға береді. Ер Шегемен сөйлесіп, Сексен жігіт елшіден Бір жігітті бөледі. Өзгесін елге қайтарып, Ақылдасып ұйғарып, Қосынды жөнге шығарып, – Кемпір-шалға сәлем, – деп, – Қайтады дерсіз қыз алып. Қол алысқан таласып, Біріне бірі жаны ашып, Жылқысын айдап жөнелген Бес жігіт басы құралып. Қаршыға жырау бас болып, Келе жатқан секілді, Төлегеннің көңілі Енді бітіп бекіді. Адам қарап тоймады Ер Төлеген бетіне. Дәл сегіз күн мал айдап, Әрең жеткен секілді Ақжайықтың шетіне. Қарамай алды-артына, Келтірді Құдай кезісін, Тірідей жаннан бездіріп, Басқа салса көнесің. Жетем деп белі үзілген, Төлеген мырза кездесті Көшкен бір елге тізілген. Қаршыға келіп сөйледі: – Көшкен екен біздің ел, Бес жігітке тапсырды: – Жылқыны айдап кейін кел. Қосыла елмен айдаңдар, Кешігіп кейін қалмаңдар, Төлегенге Жібекті Көрсетейін жөнекей. Берсе Тәңірім тілекті, Өзі батыр жүректі. Неге аяймын мырзамнан Қолдан келген көмекті. Бұл сөзді айтып екеуі Дөңгелетіп жөнелді, Таңқалдыра көп елді. Базарбайдың Төлеген Талай көштен өтеді, Сонда бір көшке жетеді. Көш алдына қараса, Бір қыз кетіп барады. Жаналай бұл сұлудың Қасына жетіп келеді. Шытырма көйлек етінде, Нұр сәулесі бетінде, Бұралып кетіп барады, Перінің қызы секілді. Ақ маңдайы жалтырап, Танадай көзі жарқырап, Айырып қойған кекілді «Осы екен, – деп, – Қыз Жібек», Артынан келіп Қаршыға: «Бұл емес Жібек» деген соң, Одан бір асып жөнелген Базарбайдың Төлеген. Талай көштен өтеді, Және бір көшке жетеді. Көш алдына қараса, Бір қыз кетіп барады. Таң мезгілі болғанда, Шолпанның туған жұлдызы, Кигені алтын құндызы. Бейіштен шығып келмесе, Бұ жалғанға хор қызы. Осындай-ақ боп туар Адамзаттың бір қызы. «Осы екен, – деп, – Қыз Жібек», Келеді жетіп қасына. Артынан келіп Қаршыға: «Бұл емес Жібек» деген соң Одан да асып жөнелген. Төлеген менен Қаршыға Жағалай салды өзенді. Бір көрмекке Жібекті Асығып жүр тез енді. Төлеген мырза кезінде, Сол кездері болғанда Бір көш шықты түбектен. Көш алдына қараса, Бір қыз кетіп барады Отыз түйе жетелеп, Сары мая үлектен. Мұрындығы сары алтын Бұйдасын ескен жібектен. Туған айдай толықсып, Ақ сазандай бұлықсып, Бұралып кетіп барады, Перінің қызы қылықсып. Мұны көріп Төлеген, Атының басын бұрады, – Осы ма, – деп, – Қыз Жібек? Қаршығадан сұрады. Қаршыға жетіп келеді, Әзілдесіп іледі. «Бұл емес Жібек» деген соң, Одан бір асып жөнелді. Тұлпар туған көк жорға ат Ауыздығын басады. Жер тарпынып жануар, Ауыздан көбік шашады. Алдындағы белестен Орғытып келіп асады. Белестен түсіп желеді, Ойға түсіп келеді. Және айқасты бір көшке, Бір көш емес, әр көшке, Бір қыз кетіп барады, Жанасалай сұлудың Қасына жетіп келеді, Қыз да мұны көреді. Көш алдында сұлудың Он қыз нөкер қасында, Өзі он бес жасында, Күн сәулесі басында, Ақ маңдайы жарқылдап, Танадай көзі жалтылдап, Алтын шашпау шашында. Қырық нарға жүк артқан Қамқа зирен кілемді Жүк үстіне жаптырған. Асфаһанның бәрін де Бұл жиһаннан арттырған. Қазыналы қырық нарға Жібектен арқан тарттырған. Дүрие бешпент белсеніп, Бұл дүниені кең салып, Алтын қамшы қолға алып, Оқ жыландай толғанып, Бұралып кетіп барады. – Осы ма, – деп, – Қыз Жібек? Қаршығадан сұрады. «Бұл емес Жібек» деген соң Базарбайұлы Төлеген Бұдан да асып жөнеген. Тау басында қарағай, Төлегеннің мінезі Болып кетті баладай. Осындай болып әр жерден Талай қыз қалды жарамай, Қыз Жібекке тең болмай. Және айқасты бір көшке, Көш алдына қараса, Бір қыз кетіп барады. Орта бойлы дембелше, Алтын камзол жеңделше, Шын сипатын қараса, Әлгі қыздан өзгеше. Алтын шыны кеседей Екі көздің шарасы, Осындай-ақ болып туады Адамзаттың баласы. Сымға тартқан күмістей Он саусақтың саласы. Ақ бетінде кіршік жоқ, Құдай артық тудырса, Пенденің бар ма шарасы! Осы екен деп Қыз Жібек Келді жетіп қасына, Базарбайұлы Төлеген, Артынан келіп Қаршыға, «Бұл емес Жібек» деген соң, Одан да өтіп жөнеген. Және айқасты бір көшке, Бір көш емес, әр көшке, Көш алдына қараса, Бір қыз кетіп барады. Қара жорға мінгені, Қара торқа кигені, Екі көзі сүрмелі, Бұл сияқты перизат, Қыз іздеп жүріп Төлеген Жоқ еді, сірә, көргені. Сексен түйе қомдаған, Сексені де болмаған. Сексен түйе үстінде Алтын жағдан орнаған. Қазыналы кілемдер Жібектен гүлін торлаған. Қыз сипатын қараса, Ақ бетінде кіршік жоқ – Айдын көлдің қуындай. Ақ маңдайы жалтылдап, Ханның алтын туындай. Сөйлеген сөзі, лебізі Әмме зәмзам суындай, Ауызынан шыққан булары Сары алтынның буындай. Осы екен деп Қыз Жібек, Төлеген мырза қуанды-ай. Жанасалай сұлудың Келді жетіп қасына. Артынан келіп Қаршыға, «Бұл емес Жібек» деген соң, Жөнелді тағы асыға. Одан өтіп Төлеген, Атқа қамшы ұрады. Дөңгеленіп көк жорға ат Көзі оттай жанады. Сымға тартқан күмісті Сүмбідей болып жарады. Төлеген сынды мырзаңыз Алды-артына қарады. Және айқасты бір көшке, Көш алдына қараса, Бір бәйбіше нұр жүзді Көшті тартып барады. Көш алдында бәйбіше, Алтын кебіс өкшесі, Сары алтыннан жабдығы, Екі жүз түйе қомдаған. Екі жүз түйе үстінде Алтын жағдан орнаған. Сары алтыннан сандығы, Бұл жалғаннан арттырған, Қазына, мүлік барлығы. Жазығы қатын демесең, Қартайса да ілгері Әлгі қыздан салдығы. Есілдей болып есіліп, Нұрдай болып шашылып, Көшті тартып барады Жібекті тапқан шешесі. Берсе Тәңірі жігітке, Ертесі не, кеші не? Ертеңгі күні бесінде, Әрең жеткен секілді Қыз Жібектің көшіне. Көш сәулетін қараса, Асфаһанның жауһары, Стамболдың гауһары. Адам бір қарап тұрғанша, Тояды көздің баһары. Есебі жоқ дүние, Есептелік несіне. Келсе Жібек жоқ екен Сол секілді көшінде. Мұны көріп Төлеген Атының басын бұрады. Қаршығамен қосылып, Әңгіме дүкен құрады. – Елдің бәрі көшкенде, Көш қасында өзің бар, Жібекжан қайда кетті? – деп, Шешесінен сол жерде Қаршыға келіп сұрады. – Жібекжан ерте кеткен, – деп, Болжаулы жерге жеткен, – деп, «Көшпенен бірге жүргенде, Бетіме тозаң тиед» деп, Көк пәуеске күймемен Азаннан тұрып кеткен, – деп Шешесінің сол жерде Бұларға берген жауабы. Бұл сөзді естіп кемпірден, Қаршыға мен Төлеген Көштің озып алдынан Көшбасшы мен Жібектің Іздерін көріп шұбырған. Найзасы аумай қолынан, Жұлдызы туып оңынан. Ай мүйізді қошқардың Бөрі тартып қоңынан. Төлеген мырза жөнелді Кеткен Жібек соңынан. Енді біліп түйінді, Асыл киім киінді. «Бағымды Алла ашқай» деп, Бабаларға сиынды. Етек-жеңін түйінді, «Жетем,– деп,– қашан? – күйінді, Асықтың ісі қиын-ды. Атқа қылды өкімді, Тұлпардан туған көк жорға ат Ор қояндай секірді, Омырауда тер көпірді. Ертеңгі күн бесінде, Қыз Жібектің соңынан Келе жатқан секілді. Алмас қылыш сартылдап, Алтын жүген жарқылдап, Өмілдірік сом алтын Омырауда алқылдап. Солқылдайды қара жер, Көк жорға тұлпар басқанда, Ойыла жаздап былқылдап. Ұршықтай саны бұлтылдап, Құйындай шаңы бұрқылдап, Төрт тұяқтан шыққан от Шақпақ тастай жылтылдап. Құлақ салсаң дыбысы Тау суындай сыңқылдап. Қолтығынан аққан тер, Тебінгіде сылпылдап. Шамның жанған шырағы, Жақынның болмас жырағы. Алты қырдан асқанда, Жетінші қырды басқанда Сылдыраған қоңыр үн Естіді сонда құлағы. Шапса балта өтер ме Шағырлы таудың тасына? Нелер келіп, не кетпес Ер жігіттің басына?! Жүрген жері күнде той, Көз жеткізбес ақыл-ой, Егер сәулең болмаса. Қоңырау даусы келген соң, Күймені көзі көрген соң, Көк жорға атты теңселтіп, Келді бір жетіп қасына. Көк пәуеске күймесі, Есігін жапқан түймесі «Көрем» деп келсе асыға. Күйменің алдын оралып, «Жолығам» деп жол алып, Қалған кейін Қаршыға Алдын-артын айналып, Көремін деп ойланып, Маңдайы тасқа тигендей, Іші жанып күйгендей, Төлеген мырза толғанып, Көшірге келіп, тіл алып. Сөзді ұғар жан емес, Барады айдап қозғалып. Пәуеске үш ат жеккен күймелі арба, Салдырған түймелерін жоғарыға, Көшірі ат айдаған сыртында отыр, «Аулақ жүр, келме, – дейді, – жақындарға». «Кім бар, – деп, – бұл күймеде? – көшірінен, – Бір ауыз болар ма, – деп, – сөз аларға?» «Ішінде ханның қызы ұйықтап жатыр, Болмайды оятуға басқаларға». «Оят!» деп көшіріне дыбыстады, Көшірі айтқан сөзге ығыспады. Қаттырақ оянсын деп сөз қылса да, Сөз беріп, «сен кімсің?» деп таныспады. – «Көрем» деп келіп едім қызды қуып, Атының басын тартып көңілі суып. Жүргенсін өз елімде сәулетіммен, Көрмеп ем бұл қорлықты өзім туып. Иә, жақсы, иә, жаман деп екі ауыз сөз, Кетпедім тым болмаса көңіл жуып. Тең едім өз елімде хан затымен, Алдымнан өтпеуші еді жан атымен, Бір ауыз сөзге келмей, кетіп отыр, Жүргенсіп бұ да елінде сәулетімен. Төлеген қалды тұрып қыр басында, Ар көрді енді еруді өз басына, Сөйлеспей, жауап бермей Жібек кетті, Сол кезде келді жетіп ер Қаршыға. – Дені сау адам ба еді мынау Жібек, Жүр ме едің, қылып әуре болмашыға? Кеңесіп сонда екеуі басын қосқан, Жібектің айтты жайын алдын тосқан: – Көрінбей, дыбыс бермей жатып алды, Айналып қарап едім әрбір тұстан. Көшірі «тоқта!» деп ем жуытпады, Көрем деп бердім дауыс сонда тыстан, Тоқтатып, жауап бермей қапа қылды, Қолында жүргендей боп жер мен аспан. Қаршыға Төлегенге сонда тұрып: – Шырағым, болма қапа көңіл бұрып. Дауыстап ешбір жанмен сөйлеспеген, Далада сөйлесуді ол ар көріп. Мен өзім сөйлесейін ебін тауып, Сөйлеспес көрінгенге келген шауып, Құдайым кез келтірді оңашада, Төлеген, шырағым, қылма қауіп. Төлеген Қаршығаға еріп келген, Көшірі атын тежеп сәлем берген, Қаршыға көшіріне «тоқтай тұр» деп, Жібекке сөз бастайды келген жерден. Қаршығаның сөзі. – Уа, Жібекжан, шырағым, Сөзіме салғыл құлағың. Ұядан ұшқан балапан Қанаттарын тарайды. Артық туған атадан Әрбір іске жарайды. Жолыңа сенің, шырағым, Тігемін алтын сарайды. Данышпан адам жалғанның Парасатын қарайды, Ақы алып қызмет қылғандай Оны да іске санайды. Көтергіл бермен басыңды, Тап өзіңе лайық Ертіп келдім бір жігіт Жақтырмаушы ең талайды. Басыңды көтер, шырағым, Салып құлақ сөзіме. Дүрі жауһар көзі бар, Бал-шекердей сөзі бар, Тап лайық өзіңе. Талай бекзат көріп ем, Мыңын жисақ осының, Жетпейді басқан ізіне. Қаршыға сынды көкеңді Қапа қылмай, шырағым, Бір көрінші көзіме. Сонда Жібек сөйледі Сөйлегенде бүй деді: – Көке де болмай жерге кір, Салмаймын құлақ сөзіңе. «Күйеу тауып әкел деп, Қашан айттым өзіңе?! Алжыдың ба, көкежан, Не көрінді көзіңе? Жолама менің ізіме, Екі тайға ұялмай, Мені сатып сыртымнан, Не бетіңмен сөйлейсің, Көрінбе, жоғал, көзіме! Қаршыға тағы сөйледі: – Рас менің, Жібекжан, Екі жорға алғаным. Неге айтайын сөзімнің Расын айтпай жалғанын. Сөз ақырын байқамай, Дұрыс па екен, шырағым, Өтірік жанжал салғаның. Екі жорға мен алдым, Төлегенге дос болып. Нан, шырағым, сөзіме, Көңілім рас хош болып. Жолыңа сенің мен келдім, Бәйгіге тігіп басымды. Ерте көшіп, кеш қонып, Көрсетпесең өзіңді, Тыңдамасаң сөзімді, Қаршығадай көкеңнің Еңбегі қайтар еш болып. Сонда Жібек сөйледі, Тоқтатып атын тежеді: – Көкежан, сөзің жарайды, Қамқор болып сыртымнан Мені өзіне санайды. Қос жорғаны мінгесін, Мырзадан сыйлық көргесін, Тыңдасам мен сөзіңді, Бір көрсетсем өзімді, Алғаның ас боп тарайды. Орынсыз жерге баспаушы ең, Көріп ең, көке, талайды. Мұқтажын жұрттың табарға, Еңбегің күшті адамға. Сен жаратып келгенмен Жігітің бізге ұнар ма? Ізімнен қуып жетіпсіз Аңшыдай түскен сонарға. Көкежан ертіп келген соң Көрінбей қалып болар ма? Бұл сөзді айтып Қыз Жібек Күймені ашты жарқ етіп, Шолпандай туған жалт етіп. Амандасып азырақ, Көздері күліп, жадырап, Бірін-бірі көреді Екі бірдей шамшырақ. Қайта жапты күймені, Салдырады түймені. Балқытқандай жүйені Аттай тулап жүрегі, Сондағы Жібек тұр еді. Қыз Жібектің құрметі – Халықтан асқан сәулеті. Ләйлі-Мәжнүн болмаса, Өзгеден артық келбеті, Үш қызы бар қасында, Өзі он алты жасында. Оймақ ауыз, құмар көз Көз мейірі қанып тұр, Төлеген көріп танып тұр, Алтын шашбау шашында. Қыз Жібектің дидары, Қоғалы көлдің құрағы. Қыз сипатын қараса, Шамның жанған шырағы. Гауһар алтын сырғасын Көтере алмай тұр құлағы. Қыз Жібектің ақтығы Наурыздың ақша қарындай. Ақ бетінің қызылы Ақ тоқтының қанындай. Екі беттің ажары Жазғы түскен сағымдай. Ақ білектің мүсіні Айбалтаның сабындай. Оймақ ауыз, құмар көз Іздеген қыз табылды-ай. Төсінде бар қос анар Нар ботаның санындай. Өткірлігін байқасаң Ұсталар соққан кетпендей. Бір ауыз сөз сөйлесе, Мұратына жеткендей. Өзі түгіл Жібектің Өлігін адам өпкендей. Қыз Жібекке Төлеген Көз мейірі қанып тұр. Бейне жанған шамшырақ Екі көзі жанып тұр. Белі нәзік талып тұр, Тартқан сымнан жіңішке Үзіліп кетпей нағып тұр. Төлеген тұрды мін таппай, Кетуге қиып жөн таппай, Кемітуге сөз таппай. Іздегенім табылды Арнап шыққан елімнен. Құтқарар күн бар ма екен Әуре-сарсаң күнімнен? Кеткенім менің жөн болмас Бір тілдеспей мұнымен. Қайырып қарап байқайын, Сөйлесер сонда менімен. Ғашықтық кірді жүрекке, Сөйлетем деп Жібекті, Төлеген тұрып сөйледі: – Басырда-басыр басыр-ау, Аққа да құлпы жасыл-ау. Басыңды көтер, Жібек-ау, Төлеген келді қасыңа-ау. Қыз басыңмен алшаңдап, Бүйте берме, Қыз Жібек, Жұртыңа тиер кесірі-ау. Қыз Жібектің мінген күймесін, Күймеге тағып түймесін, Бүйте берме, Жібек-ау, Кесірің жұртқа тимесін. Сонда Жібек сөйледі: – Олай десең Төлеген, Жаныма жақын келмегін. Шақырды ма біздің ел, Әуре болып жүрмегін. Мен сөйлесем жайымды, Айтасың бекер демегін. Ағыным судай ағады, Халқым малдай бағады, Жұртым қойдай қағады. Менің қылған кесірім, Саған кесір болса да, Өзіме майдай жағады. Келіп тұрған жолаушы, Жақындамай әрмен қаш, Ат-тоныңды ала қаш, Үстімдегі кесірлер Саған таман барады. Арқама түскен қолаң шаш, Қайдан бір келіп сен жүрсің, Қаңғырып елде бір қубас? Шақырсам «кел» деп жаныма, Көңілің сонда толар ма? Ұшырарсың кеселге, Аулақ жүргіл одан да. Ат-тоныңды олжалап, Бас сауға қыл одан да. Төлеген сонда сөйлейді: – Ау, Қыз Жібек, ерке қыз, Абайлап қара, салып көз. Іздеп келдім алыстан, Жерің бар ма еді танысқан? Танысқан жерің болмаса, Сені алушы міне, біз. Жақсыға айтсаң жаны еріп, Ұғар көңіл шын беріп, Іздеген ерге келдің кез. Тасқындап, Жібек, елірме, Жақсыға мысқыл өнер ме? Бір тасқынға бір тосқын, Бола берме бойкүйез. Іздеп келген Төлеген, Мал беріп сені алғанда, Қойныңа қол салғанда, Не болар сонда бұл мінез?! Тағы да Жібек сөйледі: – Жақсы айтасың, Төлеген, Сендей, сендей әр жерден Неше жігіт келмеген. Бәрі де айтқан «Жібек-ау, Сені алмасам ба» демеген. Көбісі келмей шеніме, Бадара болып жөнеген. Сен де тұрсың «алам» деп, «Қойныма қолың салам» деп, Түскендей көктен төбеден. Келсең келгіл қасыма, Тасыма, мырза, тасыма, Мал беріп алып кетем деп. Қайда көрдің, Төлеген, Бос қызды жатқан осында. Шекер-шербет берермін, Ішетұғын асыңа. Келсең келгін, Төлеген, Келмесең, әрмен кете бер, Салармын сәлде басыңа. Желдетіп күймелі арба жүре берді, Сөйлесіп бірін-бірі анық көрді. «Ұмытпан, бұл сөздерің есте болар», Атының басын бұрып жүре берді. Бес жігіт кешегіден қалды артында, Жайылды болған кеңес ел халқына. Көбейтіп, жорғаны алып, жолдағы елден, Бар ғой деп «бата аяғы» ел салтында. Бес жігіт жылқыны айдап келіп қосты, Жайлауға жетеміз деп ертең түсте. Қаршыға басшы болып келе жатыр, Аралас жылқыны айдап, еріп көшке. Он кісі алдарынан қарсы келіп, Бұлардың жолын тосып сәлемдесті: – Шақырып хан жіберді «алып кел» деп, Қаршыға, неге істедің бекер істі? Сыртынан қызын сатып жолаушыға, Өзіңе өзің тіледің өкінішті. Масқара қылып жұртқа бәрімізді, Хан-қара, үлкен-кіші кәрімізді. Жібектің хан базарға басын салып, Ұялмай бетке түйіп арыңызды. Қаршыға, ойламадың елдің арын, Бәрі де кейіп жатыр би мен ханым. «Қалдырмай жолаушыңды бірге әкел» деп, Құтылар қайда барып енді жаның? Жүріңдер көп кешікпей енді ойлана, Біздерді «ойнап келді» деп ойлама. Жолаушың қасыңдағы бірге жүрсін, Жалтақтап «бармаймын» деп енді ойлама. Қаршыға берді жауап келгендерге: – Келіпсіз кеудең сыймай арам терге. Айта бар ханға сәлем «келеді» деп, Бәрі рас көрсеткенім өз теңіне. Сендермен сонан кейін сөйлесермін, Жүре бер келеді деп ертең елге, Жетуге біз де ханға асығулы, Айта бар келмеді деп бізбен бірге. – Кешікпей ертең түсте келіңдер, – деп, Келгендер кейін шауып жүре берді. Жарымы келе сөйлеп ханды жақтап, Жарымы Қаршығаны келді мақтап. «Жанында бір жігіт бар күндей күлген, Көргесін кете алмадым айналақтап. Жалғанға келе бермес ондай бекзат, Көргенде тұра алмадым дәтім тоқтап». Таласып айтып жатыр келе сала: «Жалғанға ондай сүгірет келмес дана. Мен өзім Қаршығаға болдым риза, Жібекке көздестірген ондай бала». Айтқандай ертең түсте келіп қалды, Жылқыны өрістетіп айдап салды, Жиылған қыр басына кеңес құрып, Таниды ер Қаршыға би мен ханды. «Отырған хан алдына жалғыз бар» деп, Жанына ергізбеді ешбір жанды. Төлеген көп жиынға келді жетіп, Беруге ханға сәлем бойы бекіп, –Япырмау, кешегі айтқан осы ма? – деп, Шалдардың Төлегенге есі кетіп. Төлеген берді сәлем күндей күліп, Хан мен би жүзі жылып, көңілі сүйіп. Хан отыр ширақ жүзбен ортасында, Біреуі берген жауап сөзін түйіп. –Сәлемің «ғалейке» алдық, жаным балам, Жүріпсіз ат терлетіп бәрің тамам. Көрген жан сәулетіңе таң қалғандай, Сапарың қайырлы еткей Хақ Тағалам. Келіпсіз жолаушылап алыс жерден, Сөйлей тұр сөзің тәуір, шыраққанам. –Біз келдік еліңізге бір себеппен, Бір сұлу елден іздеп талап еткем. Ауылын Сырлыбай хан іздеп келдім, Сөйлесіп көріп едім Қыз Жібекпен. Жібекпен кешегі күн болдым таныс, Сөйлесіп кетіп еді шәлкем-шалыс. Ауылын сол Жібектің іздеп келдім, «Келсеңіз жақын, – деп ед,– емес алыс». Осындай сөздеріміз болуы анық, Қаршыекем болған сөзге әбден қанық, Келемін ат сабылтып соның үшін, Сөйлесіп кетіп еді қолымды алып. Біріне-бірі қарап отырған көп, Сөйлеп тұр бір тайынбай жүзі жанып. Баланың сөзін байқап, өзін көріп, Сөйледі Сырлыбай хан көңілі танып. Кешегі айтқан жігіт осы ма екен, Қаршыға жаны ашыған досым екен. Кешегі Қаршығаны жамандаған Көп дұшпан көре алмаған қасым екен. Жібекжан Төлегенді көрген екен, Шырағым енді өлмесін білген екен, Ризамын Қаршығаны не қылса да, Кемітпей құрбысына жүрген екен. Риза қып білгізеді барлық сырын, Сөз салып екі араға қандай зұлым? Жиылған қасындағы ақсақалдар Ризалық берген бата жайып қолын. –Болармын мен де балаң ұлыңыздай, Бата аяқ не аларсыз қолыңызға-ай. Айдаған екі-үш жүздей малымыз бар, Қалыңмал айдап келген қызыңызға-ай. Төлеген аямайды дүние малын, Беруге тағы тауып келер әлім. Көп билер «болды-болды» деп қарқылдады, «Тегін бер, теңі келді» деді ханым. Бұл хабар естіледі Қаршығаға, Келіпті хан мен бидің қолын ала. Сырлыбай той қылам деп елін жиып, Жайлауға үй тіккізген бір кең дала. Еліне сауын айтып білдіріпті, Қымызды саба-саба жидырыпты, Шектіде қызға ғашық алпыс жігіт, Бұлар да басын қосып жиылыпты. Бір ауыл шекті ішінде арғын екен, Бекежан өзі жалғыз ер туыпты. «Жібекті алып қашып аламын» деп, Сырлыбай мұны елінен қудырыпты. Малы жоқ қалыңмалға беретұғын, Қуылып елден тайып бұл жүріпті. Шектіде алпыс жігіт ақылдасқан, Шақыртып Бекежанға басын қосқан. «Сырлыбай қызын беріп той қылуға, Шақырып, айтып сауын хабар шашқан, Бір қайрат осы жерде көрсеткіл» деп, Әруағың артық еді бала жастан. Сондағы Бекежанның айтқан сөзі: –Жігіттер ойланар іс мұның өзі. Қыз Жібек біреуіңді сенің сүймес, Тұрғанда Төлегеннің тірі көзі. Баруың Төлегенге қазір қиын, Бұл күнде оның жаны ұлы жиын, Қай күні қыз апарса, қалар жалғыз, Сол жерде қимылдауға келер иін. Көрініп ел аралап мен жүре алман, Бәрі де маған дұшпан хан мен биің. Алпысың маған еріп шыға алсаңдар, Барайық ертең тойға ұлы жиын. Сырлыбай той қылуға сауын айтқан, Қылайын ере алсаңдар тойды талқан. Жарлылық, жалғыздығым еске түсіп, Ас ішпей, ұйқы көрмей жарап қатқан. Алмасақ, айрылмайық Қыз Жібектен, Құртайық Төлегенді келіп жатқан. Алпысы ермек болып жарасады, Мақұлдап бір-біріне қарасады, Бұлардың бұл кеңесін біреу естіп, Білдіріп ханға хабар барысады. Бүлініп ел арасы кете ме деп, Халықтың көңіліне жара салды. Сырлыбай той қылуды бұл тоқтатып, Жиылған тойға халық тарасады. Ортаға ап алпыс жігіт Бекежанды, Бәрін де сескендіріп би мен ханды, Осылай сөз аяғы басылсын деп, Сырлыбай елін жиып көп ойланды. Алты ұлы Сырлыбайдың жігіт жиып, Бұлар да қаруланып ыңғайланды. Бұл хабар Төлегенге барып жетті, Арбасып жатқандығы алты шекті, Шақырып Қаршығаны алдыртады, Мұңайып болған іске қайғы жепті. Көрген соң Төлегеннің келіп түрін, Қаршыға сонда тұрып былай депті. Қаршыға сөзі. Қаршыға тұрып сөйледі, Сөйлегенде бүй дейді: – Ақ орда болды кіргенің, Қызық дәурен сүргенің. Жан баласы көрген жоқ, Неге қапа боласың, Бұл күнде сенің көргенің. Шошыдым ғой, Төлеген, Көргеннен соң түріңді. Ертелі-кеш мен саған Жад етемін пірімді, Айтшы маған сырыңды. Тірі болсам, шырағым, Көңіліңдегі кіріңді. Неге бұлай мұңайдың, Айтшы, маған мұныңды? Төлеген сонда сөйледі: –Ау, Қаршеке, Қаршеке, Сырымды сізге айтайын. Құдай басқа салған соң, Сізге айтпай, кімге айтайын. Жібекке ғашық көп екен, Еліңде қанша жігіт бар, Іштері толған кір екен. Төлеген сынды мырзаңды Өлтіреміз дер екен. Жалғыз жатқан жерімде, Жазым қылса нетермін, Арманда боп кетермін. Қаршыға тұрып сөйледі: – Асу да асу бел, – деді, Аса бір соққан жел, – деді. Қорыққан болсаң сен, – деді, Кел соңымнан ер, – деді. Өлтіретұғын кім екен, Кереметім көр, – деді. Бұл сөзді естіп Төлеген, Қаршығадай ақынның Бұл сөзін мақұл көреді, Алдыртып атын мінеді. Талма түстің шағында, Қалың елді қақ жарып, Іркілместен жүреді. Шаңқай түсте ауылға, Шатырдан шыға жөнелді. Алты шекті елінде Қаршығаға сенеді. Елемей, тіпті бөгелмей, Ауылға жетіп келеді. Төлеген жатқан шамасы Бір шақырым жер еді. Сырлыбайдың алты ұлы Алтауы да бөрі еді. Ең кенжесі Жиренбай Сол жыл түскен отауы, Сонда бір келіп енеді. Қаршығадай батырың Кереметін көргізді. Қалың елді қақ жарып Іркілместен жүргізді. Жиренбай мырза үйіне Жаңа тіккен отауға Алып келіп кіргізді. Ауылға келіп кірген соң, Көңілі жай болған соң, Қаршығаға сөйледі: –Асу да асу бел, – деді, Ақылың шалқар көл, – деді, Салатын қолқам бұл, – деді. Анықтап бүгін көрейін, Жібекті ертіп кел, – деді, Жігіт болсаң сен, – деді. Кеше алдың қос жорға, Берейін тағы үш жорға, Бесеу қылып мін, – дейді. Осы бір жүрген Қаршыға Топтан озған ер еді. Ерлігінің білгісі, Жібекке жетіп келеді, Келе сөйлей береді: –Айналайын, Жібегім, Шыныдан аппақ сүйегің, Осы емес пе еді Құдайдан, Шынымен сенің тілегің? Қаршыға көкең келгенде, Көтергіл, шырақ, басыңды. Ат байлаған ақыр-ды, Көк түскен жер тақыр-ды. Шеткі отау ішінде, Жаңа түскен жеңешең, Шырағым, сені шақырды. Сонда Жібек сөйледі: – Ау, Қаршеке, Қаршеке, Өзің шешен батырсың, Шешендікпен айтасың. Кеше алдың қос жорға, Бесеу қылып алғасын, Сыйғыза алмай Құдайға Жазып келген кәпірсің. Уа, Қаршеке көкежан, Мінген атың қаракер, Барайын өзім, бара бер. Шақырғанда бармасам, Көкемнің тілін алмасам, Ақыры бір күн болармын Сол жігітке нәубеткер. Енді Жібек түйінді, Асыл киім киінді. –Шақырғанда бармасам, Қаршекең тілін алмасам, Ақыры бір күн болармын, Сол жігітке сыйынды. Абырой алсын Қаршекем, Бармай қалсам қиын-ды, Қаршығадан өзгеге, Жібектен жауап алмағы Қиын-қыстау іс еді. Жібектің жайын сұрасаң, Асып туған анадан, Шаһизада кісі еді. Кісі бойы кереует, Алтын тақтың үстінен Қояндай ырғып түседі. Ақ маңдайы жалтылдап, Танадай көзі жарқылдап, Алтын кебіс сартылдап, Жүйрік аттай ойқастап, Құнан қойдай бой тастап, Қалмайын деп ұялып, Жан-жағына байқастап. Кер маралдай керіліп, Сары майдай еріліп, Тәңірі берген екі аяқ, Бір басарға ерініп. Үйінен шықты Қыз Жібек, Көрінген көзге дүниенің Барлығынан жерініп. Ауылдың алды бел еді, Көл қатырған сең еді, Атқан оқтай жылысып, Ор қояндай ығысып. Қылаң етіп қылт етіп, Сылаң етіп сылт етіп, Мықындары былқылдап, Сүмбіледей жылтылдап, Тау суындай сыңқылдап, Отауға қарап жөнеді. Төлегенді көрмекке, Қызмет қыла келмекке, Жалтылдап Жібек келеді. Сол кездерде қарасаң, Қыз Жібектің дидары Нұр бетіне түскендей. Сол кездерде көрген жан, Шыбын жаннан кешкендей. Қыз Жібектің екпіні Жұмақта самал ескендей, Сылдырап Жібек келеді, Маңынан шайтан көшкендей. Құланнан атты қодықты, Көлден тартып борықты. Бір көрмекке ынтық боп, Қыз Жібектей сұлуды Төлеген мырза торықты. Талма түстің шағында, Айдынды туған Қыз Жібек, Шеткі отау ішінде Төлегенге жолықты. Өңшең молда жиылып, Мәселе кітап оқыр-ды. Көзінің жасы тізіліп, Жақсылар сөзді тоқыр-ды. Қыз Жібектей сұлуың Төлегеннің мойнына Асыла барып отырды. Төлеген сонда сөйледі: –Келдің, Жібек, қасыма, Отыра кеттің асыла. Кешегі сәлдең қай жақта, Той болды салсаң басыма. Сонда Жібек сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Қынама бешпент қынадым, Әзілмен сізді сынадым. Сынамаққа бір сөзді Әзіл қылып айтып ем, Әлі ұмытпай жүр ме едің, Төлеген мырза, шырағым, Ғапу қыл деп сұрадым. Екі ғашық қосылып, Әңгіме дүкен құрады. Екеуінің суреті Ләйлі-Мәжнүн болады. Екі бекзат қосылып, Күндей балқып тұрады. Жеңгелері жиылып, Көрімдігін сұрады. Екеуін көріп бұлардың, Тамаша-қайран қалады. Ойын-күлкі, қызықпен, Жездеңіздің қасында Кеш батқанша болады. Бір-біріне екеуі Ғашықтық оты жанады. Кеш батқан соң жеңгесі Бұларға төсек салады. Төсекті жайлап салған соң, Асыла барып құлады. Төлеген қайынында екі ай жатқан, Қызықтың неше түрлі дәмін татқан. Ұзатып қызды оңаша бір шығар деп, Баяғы алпыс жігіт мұны баққан. Сырлыбай ұзата алмай енді қызын, Абайлап күнде байқап елдің түрін. Бүлініп ел арасы кете ме деп, Біле алмай кімнің арам, адалдығын. Ел жауы әрбір жерде жүр ғой тосып, Хабарлас бір-біріне басын қосып, Жібекті бұл сапарда ұзата алмай, Естіген ел аузында сөзден шошып. «Дұшпан көп аңдып жүрген түсіп ізге, Ықтимал қата болу көрер көзге, Бұлардың сіз кеткесін бәрін құртам, Келерсіз аман болсаң келер күзге. Еліңнен жігіт жиып келерсіңіз» Кеңесіп, бәрі тоқтап осы сөзге, Төлеген: – Қар суымен келемін, – деп, – Амандық берсе Құдай өзімізге. Дайын боп сол кездерде тұрарсыздар, Сөз байлап жүрмек болды енді тезде. Төлеген жүрмек болып буған белді, Жаратып ер-тұрманды алып келді, – Шығарып Қаршығаға салыңыз, – деп, Сырлыбай құдаларға сыйлық берді. Аттарын таңға байлап таң асырып, Қыз Жібек тап сол күні бір түс көрді. Түсінен жаны шошып Қыз Жібектің, Жеңгесін Төлегенге бұл жіберді. «Аты-жөнін айтып кетсін тым болмаса Келмесін бір кеткен соң көзім көрді». Шақырып алды Қыз Жібек, Өзінің жақын жеңгесін, Шекеде алтын теңгесін. Сырласатұғын жерінде Келтірмейді үйге өңгесін. Айтуға тілім келмей тұр, Қолайсыз түсті көргесін, Бұлайша сөзін бастады: –Ау, жеңеше, жеңеше, Мінезің еді өзгеше. Төлегенге барып кел, Тілімді алса, жүрмесін. Бір кеткен соң Төлеген, Білгізді Құдай мен қуға Бұл жерді қайтып көрмесін. Ата-анасы бар ма екен, Жал-құйрығы сау ма екен? Жә болмаса, Құдай-ай, Қаңғырып өскен қу ма екен? Әкесінің аты кім болар, Анасының аты кім болар? Сұрап келші, жеңеше, Қандай заман күн болар? Мен бүгін бір түс көрдім, Түсімде жаман іс көрдім. Төлеген мінген көк жорға ат Ер-тоқымсыз бос көрдім. Ел жайлаған Ақжайық, Жағалай біткен бидайық, Алдымда жанған шырағым, Біреу үріп өшіріп, Көзімнен болды сол ғайып. Қолымдағы тұйғыным, Зулап келіп аспаннан Желкесін қиды бидайық. Құлым десең Құдайым, Бұл түс емес еді ғой Көруге маған ылайық. Айналайын, жеңеше-ау, Төлегеннің мен білдім Бір кеткен соң келмесін. Жарық дүние опасын Қайтып көзге ілмесін. Білгізді Құдай мен қуға, Қосылып дәурен сүрмесім, Білінді қайтып көрмесім. Пенде деген құлына Мұндай да қайғы бермесін. Барып келші, жеңеше-ау, Тілімді алса жүрмесін. Бұл сөзді естіп жеңгесі, Төлегенге келеді. Жеңгесіне Төлеген «Неғып жүрсіз?» демеді. Қасына кеп толықсып, Көзінің жасын төгеді. Сонда бір тұрып сөз бастап: – Ау, күйеужан, күйеужан, Атаңның аты кім болар, Анаңның аты кім болар? Айтып кеткіл, шырағым, Қандай заман күн болар. Бикешжан сізге жіберді, Бір кеткен соң ол сені «Келмейді» деп шырағым, Үзіп отыр күдерді. Бүгінгі күні түс көрген, Түсінде жаман іс көрген. Астыңдағы көк жорға Ер-тоқымсыз бос көрген. Ел жайлаған Ақжайық, Жағалай біткен бидайық, Алдында жанған шырағын Біреу үріп өшіріп, Көзінен болған сол ғайып. Қолындағы тұйғынын Зулап келіп аспаннан Желкесін қиған бидайық. Амандық бер деп жолыңа Құдайдан біз де сұрайық. Төлеген сонда сөйледі: –Ау, жеңеше-ау, жеңеше-ау, «Түс түлкінің боғы» деп, Әлде неме деп келмеші-ау. Жаратқан мені бір Құдай, Өлім десең көңілім жай. Атамның атын айтайын – Халықтан асқан Базарбай, Қой ішінде марқадай. Шешемнің атын айтайын – Алпыс жасар Қамқадай, Омырауы ділдә алқадай. Олай-бұлай боп кетсем, Сансызбай атты інім бар, Жібегім неден қорқады-ай? Жақсы-жаман іс болса, Жалғыздың болар әмірі. Жалғыз ағаш кесілсе, Қуарып қалар тамыры. Әрбір іске адамның Болу керек сабыры. Олай-бұлай боп кетсем, Он бір жасар артымда Жеткіншегім бар еді. Ақша бір жауған қар еді, Дұшпанның көңілі тар еді. Жібекке дұғай сәлем де, Олай-бұлай боп кетсем, Еш жаманға қор қылмас, Сансызбай атты інім бар, – деді. Шыныменен тілесе, Тәңірім тілек береді, Көктемде мұнда келіп ем, Енді қыс боп келеді. Елімнің ақын көсемі Батыр Шеге бар еді. Жаман айтпай, жақсы жоқ, Сансызбай барда көңілім тоқ. Олай-бұлай боп кетсем, Басшы қылып Шегені, Еліңе жетіп келеді. Амандық болса жанымыз, Төгілмесе қанымыз, Тілеулес болып барыңыз. Қазбенен бірге келемін, Не салса да Құдайым, Жібек үшін көремін. Жібекке дұғай сәлем де, Енді атыма мінемін. Жеңгесіменен Төлеген Қол алысып қоштасып, «Қош Алла!» деп жөнеген. Базарбайдың Төлеген Алты шекті елінен, Асу-асқар белінен, Орал, Елек көлінен Сапарлана жол тартып, Қосарына қос артып. Жібектің кейін қалғаны, Көңілден кетпей арманы, Сағыныш зарын білдірмей, Дүние көзге ілінбей, Келеді тынып ішінен, Ғашықтық оты күшінен. Баяны жоқ байлаусыз Қалды деп шошып түсінен. Қайғылы көңіл қайдағы, Ақылын алып бойдағы, Талай жерден жол кешті, Көңілге талай ой түсті, Талай жерден су ішті. Құмды көлді қақ жарып, Қиындық талай кездесті. Көз жеткісіз сары дала, Қалды Жібек зарлана, Жер емес жақын аз ғана. Елсіз саңырау даланың, Кесе басып алабын, Көк орай шалғын көл қалды, Талай шаңдақ шөл қалды, Неше биік дөң қалды. Неше күндік арасы Көз ұшында ел қалды. Бірнеше күн дегенде, Еліне аман келеді. Сүйіншіге келгенге Ат шапанын береді, Ел-жұртын есен көреді. Елін жиып той қылып, Салтанатын түзетіп, Кемпір мен шал сағынып, Жолына қарап күзетіп, Далаға үй тіккізіп, Оюлатып безетіп. Көңілі тасып Базарбай, Жасарып өңі жайнаған. «Айттырғаның кім қызы?» Жай-жабдығын сұраған. Қызын беріп ұзатпай, Қалайша бұл іс ойлаған. Төлегеннен бар сырды Есітіп бәрін аңдаған. Болған істің бәрін де Айтпасына қоймаған. Базарбайдай шалыңыз Болашағын болжаған, Отырып тағы қозғаған. – Барасың енді қашан? – деп, Ақырғы сөзді баладан. Сонда тұрып Төлеген, Көп алдында сөз бастап, Отырған жұртқа ой тастап. Ақылға дана, терең ой, Талшыбықтай бұралып, Құлпыра түсе сұрланып: – Берсеңіз бата – тілегім, Әкелуге келінің Қар суымен жүремін. Құдаңның аты – Сырлыбай, Алты ұлы бар алты ауыл – Берген Тәңірім тілегін. Табылды теңім іздеген, Ел қаңғырып көздеген. Үш арыстың елінен Жер қалмады кезбеген. Қаз келуден қалдырмай, Жүргізіңіздер тез, – деген. Ғашықтың оты жүректе Қазандай болып қайнаған. –Екі жүз жігіт бересің, Қаруын байлап, сайлаған. Тілекке Тәңірім жеткізсе, Жүруге сонда ойланам. Базарбай сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: –Бата мен саған берейін, Бір тілегім бар, – деді. Сөз аяғы басылсын, Келер күзге жүр, – деді, Болсын атаң тілегі. «Ел құрығы ұзын, – деп, Тентектің жуан білегі», Халық сөзін мақұлдап, «Дұрыс, дұрыс» – дегені. Бұл сөзді естіп Төлеген, Бәлен-түген демеген. "Бергенім қалың бекер" деп, Үйден шығып жөнеген. Бұл ісіне Базарбай, Қапа болып балаға, Қалды деп сөзім далада. Шамырқана, шамдана, Жиылған жұртқа таңдана, Келген көпке сөйледі, Ашулана, зарлана: –Біреуің бұған ерсеңдер, Жүретінін білсеңдер, Ұстап әкеп бермесең, Тапсырдым тұз бен Аллаға! Бұдан кейін Төлеген, Сырын айтпай адамға, Қараңғы тұман ой қылған Сене алмай мынау заманға. Өз ойынан бұрылмай, Көптің сөзін ұғынбай, Сезер деп жұртқа құбылмай, Жібек еске түскенде, Жеңіменен жас сүртіп, Көңілі шіркін төзе алмай, Шалдан қорқып, қалың ел Айтқан сөзін бұза алмай. Ат-тұрманын, керегін, Алтын-күміс бөлегін Оңашалап тығындай. Жалғыз да болсам кетем, – деп, Жібекке барып жетем, – деп, Жұрт сөзіне бұрылмай. Атам, анам азғырып, Ерушіні жазғырып, Бір еруші табылмай, Апшысын елдің қуырды-ай. –Мен сырымды айтуға Халқым маған сене ме? Бір қисайған кемпір-шал Тілегімді берер ме? Айтқан сертке жетпеген, Ер жігітке өнер ме? Халық айтқанда көнбеген, Сөзіме менің көнер ме? Бәрінен көрген сөз тартып, «Мен – тәуірі» дегенге. Тоқтау салып бәрі де Шалдан қорқып ерерге. Төлеген жүрді жиналып, Сырын ашпай көп елге. Күндерден күн болғанда, Ұшатын құстай талпынып, Дайындалып тартынып, Көк жорға атты байлатып, Елден кетіп далаға, Сансызбайға сыр айтып. Ойын-шыны аралас, Әл-қуатым болдың жас, Сансызбайға қылды наз, Не көрмейді ғазиз бас? Сол кездерде төбеден, Қаңқылдап өтіп алты қаз – Қазды көріп Төлеген, Сансызбайға қарамай, Көк жорға атты жабдықтап, Қоржынды байлап сандықтап, Төлеген сонда жөнеген. Асып туған Төлеген, Жағалбайлы халқынан. Жабдықтап атын мінеді, Ер-тұрманы алтыннан. Жолдас ермей артынан, Жалғыз өзі жөнеді Бір ғашықтың зарпынан. Қаздың даусын есітіп, Сабыр қылып тұрмады, Дүниеге мойын бұрмады. Кетіп бара жатқанда, Сансызбай тұрып жүгірген Төлегеннің артынан. Мейірі түсіп басына, Көзден аққан жасына, Қу бауырды қия алмай, Қайрылып келді қасына. Төлегеннің Сансызбай Пәруана болды басына. Бала келді жүгіріп, Аш күзендей бүгіліп, Төлеген тұрды кете алмай, Көзінен жасы төгіліп. Көзінен ағып қанды жас, Қандай қиын бауырлас. Төлегеннің сүйегі Бордай болып егіліп. Сансызбай жылап келген соң Ат үстінен еңкейіп. Көтеріп алып алдына Қабырғасы сөгіліп. Төлеген тұрып сөйледі: –Ау, Сансызбай шырағым, Жібек сынды жеңгеңді Әкелуге барамын, Жыламашы, шырағым. Сансызбай тұрып сөйледі: –Жыламайын мен, аға, Өзің дағы, көкежан, Көзіңнің жасын тый, – деді. Жылап отыр ата-анаң, Сапарыңды қи, – деді. Жалғыздың ісі қиын-ды, Ел-жұртыңды жи, – деді. Сен кеткесін, көкежан, Кемпір-шалдың қасында, Өзім – жалғыз, өзім – жас, Болармын кімге сый, – деді. Бұл барғаннан келмесең, Қобыз алып қолыма Тартармын сонда күй, – дейді. Төлеген сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: –О, Сансызбай қарағым, Көлге біткен құрағым, Суырылып озған пырағым. Қабырғамда қанатым, Жетегімде жан атым, Қатардағы санатым, Алмас қылыш болатым. Артымнан ерген құйрығым, Көрмей пенде қоя ма, Тағдырға жазған Құдайдың, Не де болса бұйрығын? Жыламашы, шырағым, Судан шыққан сүйрігім. Жібек сынды жеңгеңді Әкелуге барамын. Пендесін Тәңірім қарғаса, Қабыл болмас тәубасы Басыма менің түсіп тұр, Ғашықтықтың саудасы. Айтып кеткен Жібекке Болып қалды уағдасы. Үйде, түзде болса да, Жазудан адам құтылмас. Басы жұмыр пендесі. Қай іске талап қылмайды, Бір бесікке кіргенше Адамзаттың жамбасы. Құдай салды басыма Пенденің жоқ-ты шарасы, Суырылып озған пырағым, Көрмей пенде қоя ма, [Алланың салған сынағын.] Тірі болсам, шырағым, Жеті айда қайтып келемін. Ажал келсе, шырағым, Үйде болсам да өлемін. Амандық бер деп Алладан Шырағым, сен де тілегін. Кешірер Алла пенденің Ғасылық қылған қатасын. «Тілімді алмай кеттің» деп, Бермеді әкем батасын. Басыма Құдай салған соң Тоқтай алмай барамын, Ғашықтықтың қапасын. Қыз Жібектің дертінен, Көрейін деп барамын, Бейнетті жолдың жапасын. Мен кеткен соң, шырағым, Кемпір-шалға ие бол, Ақылмен ойлап іс қылып, Көзіңді кімге сатасың? Тілімді алмай кеттің деп, Батасын әкем бермеді. Әкемнен қорқып елімнен Жалғыз жолдас ермеді. Ау, Сансызбай, шырағым, Өзіңді Құдай жеткерсе, Даярлап қойдым бәрін де Ат-тұрман, сауыт-жарағың. Олай-бұлай боп кетсем, Сенен өзге кімім бар Алды-артыңа қарағын. Мұратыңа жеткізсін Жаратқан сені бір Құдай! Көк бурыл тұлпар бар, Биыл құнан, былтыр тай. Қас қылмаса Құдайым, Мінетін атың сайма-сай. Алтын балдақ, ақ семсер, Саған арнап соқтырып, Салдырып қойдым қынапқа Аш беліңе ілгейсің, Ер қадірін білгейсің, Теңіңмен ойнап күлгейсің. Бадана көзді ақ сауыт, Саған арнап соқтырып, Будырып кеттім кілемге, Оны үстіңе кигейсің. Олай-бұлай боп кетсем, Сенен басқа кімім бар? Асыл туған Жібекті Еш жаманға қор қылмай, Өзің алып сүйгейсің. Дегенге Құдай жеткізсе, Жау жарағың дайында, Алтынды сауыт көбені. Жау дегенде жайнатып, Толғамалап қолыңа ал Қозыжауырын жебені. Сапар тартып, жол шықсаң, Жолдасың жауға алдырмас Басшы қылғыл Шегені. Айтқаны болмас адамның, Алланың болар дегені. Бұл сөзді айтып Төлеген Сансызбайдың бетінен Үш қайтара сүйеді. Жат қылды жалғыз иені. Жерге алып қойып інісін, Қол ұстасып қоштасып, «Қош Алла!» деп жөнеді. Бектер мінер көк қасқа, Шаба алмаса ұр басқа. Батырлық, байлық кімде жоқ, Ғашықтың жөні бір басқа. Сансызбаймен қоштасып, Базарбайұлы Төлеген Белін бір буды тұрмасқа. Жайыққа қарап бет қойды, Жан ермеді жолдасқа. Су жағалап жүргенде Екі айлық жол алыста Төтелеп жүрсе шөлі бар, Жүрмек болып сонымен Қаратаудың дөңімен. Астындағы көк жорға ат Қиялай салды жануар, Бауыздаудың бойымен, Құмақтының құмымен. Кеселеп асты Төлеген, Шеттің шеңгел шөлімен, Семсер түспей белінен. Қоржынын артқан бөктеріп, Сауытын алға өңгеріп, Маңдайы қатып, түнеріп, Дамыл алмай үдеріп. Астындағы көк жорға ат Теңселе желіп мүдіріп. Көп ой салып көңілге, Байлады басты өлімге, Түн ұйқыны төрт бөліп. Ерте тұрып, кеш жатқан, Жетемін деп түн қатқан. Шөлден қатып аңсаған, Жапан түзде қаңсаған. Асуы қиын жер екен, Шөл жазира ішінде Қособа деген көл екен. Ұры, кезеп, қарақшы Мекен қылған жер екен. Төлеген сынды мырзаның Соғып кетер жері екен. Атаңа нәлет Бекежан, Баяғы алпыс жігіт қасында. Төлеген келіп қалар деп, Қособаның көлінде Жолын тосып жүр екен. Тап сол күні келмесе, Азықтары таусылып, Қайтып кетер кезі екен. Төлеген сынды мырзаның, Құланнан атты қодықты, Жетемін деп зорықты, Арада неше қоныпты. Астындағы көк жорға ат, Жайықтың алыс жолынан, Неше бір күндік шөлінен, Он күн ұдай су ішпей, Шөлден қатып зорықты. Шаршаған соң атынан Төлеген мырза торықты. Жақындап суға келгенде, Жетемін енді дегенде, Қыз іздеген Төлеген Шұбалған шаңға жолықты. Шаңға қарай салады, Қасына жетіп барады. Алдынан шығып алпыс жау Төлегенді қамады. Жау екенін білген соң, Жан-жағына қарады. Бесінде жаумен атысып, Намаздігер болғанша Іркілмей кетіп барады. Аты еркін жеткен соң Жау ортаға алады. Сол кездері болғанда, Астындағы көк жорға ат Шөлдеуменен зорығып, Басын жерге салады. Жау ортаға алған соң, Атынан қайрат кеткен соң, Базарбайұлы Төлеген Тәңірге қылды наланы: «Батар да күнмен батайын, Бұларды мен де атайын, Тым болмаса Құдай-ай, Бекежанды өлтіріп. Жастығымды ала жатайын. Мұсылман болса бұл жаулар Жақындап жауап қатайын. Атым шаршап бұл жерде, Қайратым менің жасыды. Заулап жанған көңілім Су сепкендей басылды. Жүгірмек өлім қылмаққа, Он сегізде алмаққа, Жазып па ең, Тәңірі, жасымды? Құдіретің күшті Құдай-ай, Алыстан жарға ғашық қып, Әуреге салдың басымды. Тілекке кімді жеткізген Дүние деген осын-ды». Бұл сөзді айтып Төлеген Қорамсаққа қол салды, Көп оғына жол салды. Садағын қолға алады, Толғай тартып қалады. Зырқырай оғы кетеді, Көп шектіге жетеді. Сілдіреген шетінен Жетеуінен өтеді. Енді оғын алғанша, Қорамға қолын салғанша, Топтан шығып Бекежан, О да атуға оқ алған, Мылтыққа білте оқ салған. Төлегенді атуға, Жақындап келіп ол қалған. Мылтыққа білте басады, Әруағы асады. Төлеген сынды-ай мырзаның Қанын судай шашады. Қой боғындай қорғасын Ажал болып жабысты. Жігіт болсаң, сондай бол Жібермеді намысты. Талықсып атта тұрғанда, Қолтығынан сүйейтін Таба алмады танысты. Бекежан атқан жалғыз оқ Маңдайдан келіп ұрады. Алтынды сүйек Төлеген Талықсып аттан құлады. Жаудың қылған қорлығы-ай, Балаға қылған зорлығы-ай. Жалғыздық түсіп басына, Жылауға әлі келмеді, Жанын өзі берсін деп, Қиындықпен өлсін деп, Алдындағы алпыс жау Анталап келді қасына. Төлеген аттан құлады, Жатып естен танады. Бір мезгілдер болғанда Көзін ашып қарады, Есін жиып алады. Бекежанды таниды, Сонда жатып сөйледі: – Бұл жібердім қалаға, Бейсағат күн, Құдай-а, Мен шығыппын далаға. Шығып едім жолықтым Бұл секілді бәлеге. Қарға-құзғын жемесін, Жасыра кет жүзімді, Замандас едің, жан аға. Бұл жібердім бақшаға, Қызыл тіл, енді қақсама. Қарға-құзғын жемесін, Жасыра кет жүзімді, Замандас едің, жақсы аға. Төлегеннің тілдері Осы сөзге келеді, Екінші сөзге келмеді. Келіп тұрған жаулары Не айтасың, сірә, демеді. Төлегеннің дүниесі Алпыс жауды бөгеді, Алпыс жерге бөледі. Төлеген мінген көк жорға ат Су ішіп алып қанып алғасын, «Мал – опасыз» деген ғой, Бекежанның астында Ойнай бір басып жөнелді. Батқан күнмен қарайып, – Аһ, дариға, Құдай, – деп, Жібекке сәлем дұғай, – деп, Өз иманын өзі айтып, Жұлдыз шыға Төлеген Ақырет сапар жөнеген. Маңдайдан тиген жалғыз оқ Желкеден ағып өтіпті. Иттердің қылған қорлығы, Тағдырдың жазған бұйрығы Осы жерде жетіпті. Ат-тұрман, сауыт құралы Бәрі де жауда кетіпті. Айтып, айтпай немене, Сол секілді асылдар – Қосыла алмай ғашық жар, Кебіні жоқ, көрі жоқ, Белгілі қалған жері жоқ, Ит пен құсқа жем болып, Мұратына жете алмай, Бұйырған жерден кете алмай, Арманда болып кетіпті. Қарайып Төлегеннің өшті шамы, Бұйырған жеріне кеп ақты қаны. Айырып екі жастың махаббатын, Араға болып шайтан көп дұшпаны. Жолында бір ғашықтың жапа шекті, Бермесін жас өмірге мұндай кепті. Көк жорға ат, дүниесін бөліп алып, Далаға домалантып тастап кетті. Сырласып, сыбырласып, мауқын басып, Бекежан мініп алған көк жорға атты. Ісіп, кеуіп қабарып келе жатыр, Бәрі де өзі алғандай Қыз Жібекті. «Опасыз, сұм дүние» деген осы, Ат-тұрман, сауыт-сайман бәрі бітті. « Күшті жықпақ, көп жеңбек » деген нақыл, Шұбалып неше бөлік елге кетті. Жасырып, тасаланып елін тауып, Көрсетпей көк жорға атты қойды жауып. Көрмеген еш нәрсені кісідей боп, Қорқысып, елден бұлар етіп қауіп. «Қыз Жібек бізге тимей қайда барар, Ұмытып келмегесін көңілі суып». Осылай сөзді байлап сөндіреді, Үмітті Төлегеннен үздіреді, Бұл болған оқиғаны бастан-аяқ, Бірнеше жыл өткен соң білдіреді. «Неғып жүр содан бері, қайда?» – десе, Айтқасын өлтіргенін ел біледі. Бұлар да жасыруды енді қойды, Біреуден біреу сұрап мойын бұрды. Қай жылы, қай жерде өлтіргенін, Есіткен Сырлыбай да болған сырды. Сұратып болған істің бәрін анық, «Өзім де ойлап едім қалды нағып. Қалайша Қыз Жібекке естіртеміз, Мейірімсіз қарақшылар жүрген бағып». Есітіп Қаршыға да болған істі, Жаны аяулы жақсыға қайғыланып, Алты ұлы Сырлыбайдың – алты қасқыр Кеңесіп ел жақсысын жиып алып: «Ұстаймыз Бекежанды, рұқсат бер», Әкесі бұлай деген көп толғанып: – Алпыс жігіт шектіде оны бермес Арқа сүйеп соларға жүруі анық. Алпыс жігіт бәрі де бай баласы, Ел ұстауға бәрінің бар шамасы, Жібекте бәрінің де көңілі бар, Ойлаңыздар, бүлінбесін ел арасы. Қыз Жібек жақтырған жоқ, көріп қолай, Біреуін олай деді, бірін бұлай. Көңілінде бәрінің де жаулығы бар Малын айдап, шұбырып келген талай. Сырлыбай осылай деп сөзін нұсқап, «Дұрыс» деп жиылған жұрт сөзін қостап. «Білдірмеңдер Жібекке бірақ мұны, Сөндіріңдер бұл сөзді енді тастап. Қойыңдар, – деді, – сөзді арындаған» Жан ашып жас қыршынға жалындаған. Жиренбай Қаршығамен көп таласып, Жалғыз боп ердің сөзі алынбаған. «Алты шекті қандасып, бүлуі анық, Бір қыз үшін бүлінбеңдер, – деді, – халық. Қыз Жібекке сездірмей қазірінше, Қайнысына берейік хабар салып». Осылай сөздің басын ұйғарысты, Білдірмей Қыз Жібекке болған істі. Есітіп алпыс жігіт бұл бітімді, Бата алмай бір-біріне дағдарысты. Жібекке естіртуге ебін таппай, Ел сөгіп, алпысын да қылды қақпай, «Жібекке ебін тауып айтамын» деп, Бекежан дәмеленіп жүрді жатпай. Жеті жыл бұл арада өтіп кетті, Басылып елдің сөзі қабақ қақпай. Сол кезде көп шектіде бір той болған, Шақырып, сауын айтып, елін жиған. «Қыз Жібек келеді,– деп,– бұл жиынға» Бекежан алды хабар осы тойдан. «Айтысып Жібекпенен, айтамын» деп Кеңесіп жігіттермен сөзді қойған. – Есітсе көп ішінде ерлігімді, Түңіліп Төлегеннен о да тойған. Естімей өлгендігін тимес, – дейді, Басқаны менен бөтен сүймес, – дейді. Білінсе көп ішінде батырлығым, Өкініп Төлегенге күймес, – дейді. Бұлайша дәмеленіп келді тойға, Жібекті аламын деп қалып ойға, «Жабдықтап көк жорғаны мініп алып, Болайын не болса да осы тойда». Той тартыс, қыз-бозбала басын қосқан, Бірі айтып, бірі тыңдап сөзін тосқан Қыз Жібек ортасында отыр еді, Өлеңді қоя берді келіп тұстан. – Бекежан менің атым келген,– депті,– Біледі ерлігімді алты шекті. Басқаның бір тиынға керегі жоқ, Бар болса, маған жібер Қыз Жібекті. Айтатын Қыз Жібекке сөздерім бар, Елемес есі болса, ескі кекті. Сөйлесіп Бекежанмен танысыңыз, Қаратып ауызыңа осы көпті, Кеткелі жарыңыздың көп жыл болды. Хабары сол жігіттің бар ма? – депті. Масқара елі-жұртқа сені қор ғып, Қыз Жібек, қалайынша тастап кетті. – Бекежан, дауырлама сөзіңді өктеп, Бар ма еді жүрген жерің сенің көктеп. Тұсыма қалың көпті жарып келіп, Сен бе едің сөз айтатын маған беттеп? Келгенің, кеткеніңе не көресің, Көре бер ұрлығыңмен күніңді ептеп. Айланып сұм жалғанға жүрген шығар, Қашан келсе де, айта алмас ешкім «кет»,– деп. – Жібек-ау, тарылтармын заманыңды, Білемісің айрылып қалғаныңды. Ат ізін осы күнге дейін бір салмаған, Мақтама тастап кеткен арамыңды. Мен емес дүние қуып, жүрген мал деп, Мақтама жаманыңды сонша сәндеп. Көзіңді көкке бояп кетіп отыр Біздерге мұнда қалған «бөліп ал» деп. – Жаныма жан келе алмас менің аттап, Ізінен кет садаға, еліңді ақтап. Сөйлейсің қалай-қалай есеңгіреп, Аузыңа келген сөзді сандалақтап. Жалғанда құлаш ұрып еттім сайран, Әл-қуат, ақыл-кеңес кетпей бойдан. Ізіне басып кеткен теңгермеймін, Шектіде алпыс жігіт адырайған. –Тойыңды мен бастағам айтылып жар, Қыз Жібек, болар бүгін көңілің тар. Немеңді өліп қалған сонша мақтап, Батырға мен сияқты не арман бар? Көк жорға ат тақымыма бауыр басқан, Жабдықтап, оюлатып тақтым тұмар. –Шошынып әл-дәрменім кеткен бойдан, Үмітсіз, не деп тұрсың бір Құдайдан? Атаңа алты лағынет, ит қарақшы, Көк жорға ат астыңдағы алдың қайдан? –Жол тосып Қособада жатып алдым, Біреуді мергендікпен атып алдым. Болған соң өзім батыр кімді аяйын, Өлтіріп Төлегенді, тартып алдым. Қыз Жібек ақша жүзі қуқыл тартып, Ауытқып ақылынан қанын сарқып. Қайғының бесігіне бөленгендей, «Аһ» деп орынынан кетті қарғып. Жағалай жұртқа сұлу көз жіберіп, Шағынып күрсінеді мұңын зар ғып. Бекежанның бұл сөзі, Қуқыл тартып ақ жүзі, Қыз Жібектей сұлудың Өкпесінен ұрады. Ғашық болсаң сондай бол, «Аһ дариға, Құдай» деп, Керегені құшақтап, Етбетінен құлады. Жығылып естен танады, Қыз Жібектің беттерін Кереге көзі жырады. Ылажын таппай Қыз Жібек, Ішінен судай тынады. Біреудің қызық тойы еді Адыра-талқан қылады. Сонда жатып сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: –Атаңа нәлет, Бекежан, Көрсетпе маған түсіңді, Бітіріпсің ісіңді. Нағылып көзің қиды екен, Сол секілді мүсінді? Құдай мені жаратса, Қатын-балаң зарласын. Басыңа қиын іс түссе, Қасыңа ешкім бармасын, Тілеуің алға бармасын! Істер ме едің бұл істі Жаратқанды ойласаң. Басыңа Құдай келтірсін, Жауыздықтың пайдасын. Туыспай кеткір, алты аға, Бармысың тойда, қайдасың?! Сырлыбайдың алты ұлы Жібектің сөзін есітіп, Жүгірген ала найзасын, Құртам деп жаудың айласын. Жібектің қамап ордасын, Асау дұшпан арнасын, Көк жорға атты ойнатып, Бекежан қашты ойқастап, Көп ішінен жол тастап. Бұлардың түрін көрген соң, Қалың қолды қоршаған. Көк жорға ат аста тұрғанда, Ұстайды деп саспаған. Қараңғыда шуылдап, Бірін-бірі ұстаған. Атаңа нәлет Бекежан Келіп лаң салғаны. Құр шуылдап қалың ел, Ұстай алмай қалғаны. Бұлар жаяу, ол атты, Әрі-бері жүгіріп, Түн қараңғы көміліп, Бір-біріне үңіліп, Бекежан кетті той тастап, Өз жанынан түңіліп. Қыз Жібек отыр жылаумен Аш күзендей бүгіліп. Бекежан келіп дерт болды, Жібекке салған өрт болды. Қыз Жібекті жұбатып, Үлкен-кіші жұрт болып, Белі үзілген күзендей, Белі үзіліп мерт болып. Алып қайтты Жібекті Ел жиылған көп болып. Қыз Жібек келіп жылайды, Жылайды да толғайды. Қуарып түсі өзгеріп, Халық жиылып айтса да, Оңалмады жөнделіп. –Жыламай қайтып шыдайын, Төлегеннен қалғасын, Өле алмай шыдап отырмын Алғанымды алғасын. Заманым менің тарылды, Жаудан жазым болғасын. Атаңа нәлет қарақшы, Басыма қайғы салғасын. Артықша туып жаралған, Қалдым зарлап артынан, Тілеуді кестің қалпынан. Қалайша жалғыз шықты екен, Жағалбайлы халқынан? Менің үшін жан беріп, Жастықтың ауа зарпынан. Салып кеттің басыма Жалғанда бітпес жараны. Тәңірдің салған ісіне Пенденің бар ма амалы? Сағынсам да білдірмей, Жүруші едім ішімнен. Келмесіңді білсем де, Көрінбей кеткір түсімнен. Жалғанда менің ойымнан, Қылығың кетпес есімнен. Артыңда қалған Жібегің Жылаумен күн кешірген. Өшірген соң сәулемді Көңілге түрлі ой түсірген. Сендей асыл тумайды, Қолдан ұшты тұйғыным, Қайтып қолға қонбайды. Көтере алмай басымды, Қайғының бұлты торлайды. Жыламайын десем де, Көңіл шіркін тұрмайды. Жүрекке түскен жалынды, Айырдың, Құдай, жарымды. Кең дүниең маған тарылды, Тауыса алман айтып зарымды. Жата берсін Қыз Жібек, Сөйлеріне сөз болды, Құлақ салсаң, әлеумет, Сансызбайдан сөз келді, Он сегізге бұл келді. Төлегенді сағынып, Сәнаменен сарғайып, Ат-тұрман, сауыт сайлады, Белге қылыш байлады. Арыстандай айбарлы, Әкесінің алдына Батасын алып кетуге, Барайын деп ойланды. Сонда бір келіп сөйледі: – Айналайын, жан ата, Ботаңның айтқан сөзіне Құлағыңды сал, ата. Келіп тұрған балаңа Ұрықсат бата бер, ата! Айналайын, жан ата, Көтерші бермен басыңды. Төлегенді сағынып, Қайғысымен қан жұтып, Іше алмадым асымды. Жалғыз ағамды іздейін, Жеткізді Құдай жасымды. Күлкі болып жүрмін ғой Дұшпаным мен досыма. Ризалық бергіл біздерге Қабыл етіп осымды, Ер Шегені басшы ғып, Даярлаттым қосымды. Жалғыз ағамды іздейін, Жер шаршысын кезейін. Жоқтаусыз кеткен лайық па, Туған соң іні біздейін? Батаңды бер, жан ата, Ешкімге көзім сүзбейін. Хабарын қашан білгенше, Күдерімді үзбейін. Бұл сөзді естіп Базарбай, Төлегеннен айрылып, Қанатынан қайрылып, Жылаумен көзі көр болып, Қайғылы жүрек шер болып, Сағынғаннан сарғайып, Бұзылып өңі қарайып. Қартайғанда Базарбай Орнынан тұрып азар-ай, Екі көзі бұлаудай, Күні-түні жылауда-ай, Жатады екен тұра алмай, Қалыңға соққан қырандай, Торға түскен құландай. «Бәйшешегім солғандай, Көшіп ауыл қонғанда-ай, Үзіліп белім сынғанда-ай. Қанатымнан қайрылдым, Тасқа тиіп тұяғым, Табанымнан майрылдым. Кетерінде қимаған, Маңдайыма сыймаған, Бір сағаттай көрмесем, Дидарына тоймаған Төлеген сынды баламды Ақырында Құдай-ай, Бір көруге зар қылдың. Барша Ғайып ерендер, Медеткер болғыл балама. Үйде, түзде болса да, Жазудан адам қала ма? Жолыңыз болсын, бар, балам, Тапсырдым сені Аллаға! Іздеп келгіл ағаңды, Екінші және тапсырдым Шарапатты өткен бабаға. Осылай деп ұлына Қолды жайып Базарбай, «Әумин» деп Сансызбай: – Жол иесі Қамбар-ай, Төл иесі Қамбар-ай, Балама менің көз сал-ай, Рахым қыл, – деп, – бір Құдай, Батасын алып Сансызбай, Төлеген айтқан көк бурыл Ат болған екен он жасар Беренменен белдіктеп, Мақпалменен терліктеп, Айылды жұптап шалады, Жел тимеген бауырға Орай тартып салады. Ер Шегені басшы ғып, Екеу ара үш тұлпар, Қосарға бірін алады. Амандасып қоштасып, Алысып қол ұстасып, Төлегенді іздеп Сансызбай, Сапарға басын салады. Жол көрмеген жас бала Жас та болса бас бала, Тәуекел деп, Құдай деп, Әркімге өзі пана деп, Жайыққа кетіп барады. Шеге батыр жанында Бір Тәңірге жалына, Кеулі тасып, шабына, «Төлегенді табам» деп, Нәр құйылып қанына. Көлденең жатқан құла түз Көктей өте бұл жортқан. Кезеңге талай жолыққан, Жетемін деп торыққан. Еске түсіп Төлеген, Сағынып көңіл зарыққан. Сансызбай атты жас берен Тұлғасы бөлек бір алып, Жан-жағына көз салып, Ай мүйізді қошқардай, Әруағы тасып асқардай, Дұшпанның көңілін басқандай. Айдалада көрген жан Айбатынан сасқандай. Көңілі тасып келеді, Төлегенді тапқандай, Жол қиынын бағдарлай. Баялышты құмайттан, Тобылғылы Нұрадан, Көлденең жатқан Електен, Ойыл, Қиыл, Сағыздан Кеселеп өтіп жақпарлай. Еділ, Жайық – екі су Сұрау салып ақпарлай. Сырлыбайдың ауылын, Төлегендей бауырын Іздеп келіп тапқандай. Сырлыбайдың ауылында Қалың қолды көреді, Тамашалап келеді. Желбіреген жалауы, Ауыр әскер, қалың қол, Ел үстінен салып жол, Аранын ашқан адамы Көз жеткісіз даланы. Жалаулы шатыр тігілген, Халқы шулап жүгірген. Қошемет күйін ойнатып, Сырнай, керней тартылып, Салтанатын арттырып, Болып жатыр үлкен той. Сансызбай мен Шегенің Мұны көріп бүлінді ой, Жайылып жатқан қалың қой, Қойшысынан сұрауға, Жақындап келіп қос батыр: – Тігілген мынау көп шатыр, Ауыр әскер қол жатыр, Сізден сұрай біз келдік Біз – жолаушы мүсәпір. Қойшы бастан сөйледі: – Бұл Жайықтың бойында, Алты шекті елі бар. Алты шекті елінде Сырлыбай дейтін ханы бар. Сырлыбайдың жалғызы Жібек деген қызы бар. Жібектің жайын сұрасаң, Қырмызы қызыл жүзі бар. Әлемге шыққан аты бар, Патсайыдай құлпырған Хор қызындай заты бар. Қалмақтың ханы хан Қорен, Жібектен алып ол хабар, Жаушы салып былтырдан. Ризалықпен берген жоқ Әскерін төгіп құтырған. «Бермесең, елің шабамын, Қызыңды тартып аламын». Қуырып елдің заманын, Туын тігіп ортаға, Желбіретіп алауын, Зәресін алып, ұшырып, Қатын менен баланың. Кәрінен қорқып қалмақтың, Жер тітіреп даланың, Соғысуға ел батпай, Неше жиып адамын. Хан мен қара кеңесіп, Молдалар айтып азанын, Бермек болды Жібекті Тауысып халық амалын. Амалы бар ма Жібектің, Ел құрбаны болып тұр. Хан-төрені бақтырып, Қайғылы қобыз тарттырып, Хан балталы нөкердің Болып жатыр мұраты. Сансызбай тұрып ал сонда: –Бұрынғы күйеу қайда, – деп, О да тойда бар ма? – деп, Қойшыдан тұрып сұрады. Малшы тұрып тағы да: –Бұрынғы берген күйеуін Келе жатқан жерінде, Қособаның көлінде, Құс ұшпас құла шөлінде, Бауыздаудың бойында, Қособаның дөңінде, Елеусіз болып арайша, Бекежан деген қарақшы Төлегенді өлтірген. Ылаңға салып елімді, Содан бері Қыз Жібек Қайғы отына бөленді. Қайғы жамап қайғыға, Қармағына қалмақтың Бүгінгі күні ілінді. Сансызбай естіп өлгенін, Бұрылып кейін жөнелді. Білмесін қойшы дегендей, Көрінім жерге жетпей-ақ, Көзінің жасы төгілді, «Бауырың өлді» деген соң, Неше мықты болса да, Неғылып шыдап тұрады, Өкси, өкси жылады. –Екеуміз бірдей жыласақ, Жұбата тұрған кім бар? – деп, Шеге ақын сабыр қылады. Бір жерлерге келгенде Талықсып аттан құлады. Бауырдың ісі қиын-ды, Қолымен басып бүйірді, Мінәжат етіп, зар қылып, Сәждеге басын салады. Сонда жатып толғайды, Толғамасқа болмайды: – Қайран менің көкешім, Бұл дүниеден кетіпсің, Шын дүниеге жетіпсің. Мен мүсәпір ініңді Қасіретке тастап кетіпсің. Жолбарысты қалыңнан, Айқайлаған дабыстан, Жібекті іздеп тауыпсың Сонша қиын алыстан. Көкешімнің ішіне Ғашықтық оты жабысқан. Тапқаныңмен не көрдің, Кебінің жоқ, көрің жоқ, Белгілі қалған жерің жоқ, Жапанда қалып, жан бердің, Ит пенен құсқа жем болдың, Белгілі жаудан өлмедің, Ақ ту алып, шабысқан, Қарсыласып алысқан. Батырлар жауға шабады Қарағай найза қолға алып, Төлегенді табам деп, Мініп ем атқа қуанып. Бұл жерлерге келгенде, Дария да шалқар көліміз Жер болып қалды суалып. Қайран да менің көкешім, Кебінің жоқ, көрің жоқ, Итке, құсқа жем болып, Жапанда қапсың қуарып. Кетеріңде қимадым, Жібермей алып қалам деп, Шыбын жанды қинадым. Алтын да сүйек көкешім, Атам менен анамның Маңдайына симадың. Өлгеніңді естіп, Көзімнің жасын тыймадым. Ғасылық қылмай сөйлейін, Құдіретің күшті Құдай-ай. Төлеген сынды пендеңнің Жолдас қылғай иманын. Көлге біткен құрағым, Суырылып озған пырағым, Төлеген сынды пендеңнің, Жәннаттан жазсын тұрағын! Сол кездері болғанда, Шеге ақын кеп сөйледі, Көтеріп басын сүйейді. Сансызбайды жұбатып, Бетін сүртіп құрғатып, Сөзін бастап толғатып: – Көлге біткен құрағым, Көңіліңді басып тоқтатып, Жыламашы, шырағым. Рас болса өлгені, Төлеген сынды ағаңның Жәннаттан жазсын тұрағын. Ноқталы басқа бір өлім, Өкініш қылмай өлімге Өз тілеуің сұрағын. Бәрі де өлген ойласаң, Бұрынғы бәрі пайғамбар, Бұрынғы жаннан біреу жоқ Өлмей тірі кім қалар? Қазаға риза болмаған, Рахметінен құр қалған, Шайтанға, сірә, өлім жоқ, Жақсылық, сірә, көру жоқ. Өлмеген шайтан болады, Қарғысы тиіп Алланың, Одан да пенде не табар?! Қанаты бүтін сұңқар жоқ, Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, Тура құрық келгенде, Өтеді өмір сүру жоқ. Құдай ісі болған соң, Қанша айтсақ та бұру жоқ. Айы біткен айында, Жылы біткен жылында, Дәм таусылса жүру жоқ. Айналайын, Сансызбай, Құлағың сал сөзіме. Тәңірім өзі айдады, Ата менен анаңның Көрсетпеді көзіне. Жиылған ауыр дүниенің, Айдаған мал бәрінің, Айдап барып Құдайым, Бұйырған жері топырақ Келтірген соң кезіне. Құдай ісі амал жоқ, Өтеді өмір дүние боқ, Зар болып қалдың, мінекей, Кешегі жүрген Төлеген, Басып бір кеткен ізіне. Өкініш қылма өткенге, Мүсәпір жолда сен жүрсің, Бергей қуат өзіңе! Сансызбайды жұбатып, Шеге сынды ақының, Түсіндіріп ақылын, Жатқан жерден тұрғызып, Атына енді мінгізіп, Тоқтатып көңіл жүргізіп, Киіндіріп кигізіп, Қулығын айтып күлгізіп, Елге жақын келеді. Алдымызда қалың жау, Болып жатқан ұлы дау. Қара қарға секілді, Елдің күші жетпеген, Ел қалмайды өтпеген. – Уа, Сансызбай шырағым, Не болар екен ісіміз, Төлегенді есіттік, Жетер ме біздің күшіміз. Әкетуге Жібекті Батар ма бұған тісіміз, Келер ме екен ебіміз. Қайтамыз ба, қайтеміз? Сансызбай тұрып толғанып, Ауыр күндер түскенде, Қалың жаудан сескенбей: – Төлеген жоқ, Жібек жоқ, Не деп барам мен елге Құлақ-мұрным кескендей? Олай деме, Шеге аға, Түңілдің мұнша неге, аға? Жібекті көріп кетемін, Ала алсам алып кетемін, Көкемнен жаным артық па, Жанымды аяп нетемін? Тірі қайтып мен елге Ел бетін не деп көремін. Текке ұшпасын үрейім, Жауға таман жақындап Арасына кіремін. Менде кімнің ісі бар, Қорықпа да, қашпа да Қыз Жібекті мен көріп, Келейін байқап көмейін. Шегеге беріп аттарын, Тәңіріңнің салған істерін. Не де болса көрейін. Не сөйлесіп Жібекпен, Не тұтқын боп өлейін. Жібектің көрген қорлығын, Қалмақтың қылған зорлығын Қалайша шыдап көнейін?! Бұл сөзді айтып Сансызбай, Қалың қолға кіреді. Ақ орда тұр ортада, Жақындап соған келеді. Ордаға жақын келгенде Жібектің зарлап отырған Дауысын танып біледі. Қыз Жібектей сорлының Отырған айтып сөзі еді: – Жайықтың суы ылай-ай, Көр болды көзім жылай-ай., Төлегендей мырзадан Айырдың өзің Құдай-ай. Көргеннен-ақ шошып ем Көрінбей кеткір түсіме-ай. Төлегеннен айырып, Оңдамаған екесің, Қадір Алла жаратқан, Әуелден-ақ ісімді-ай. Жаратқан болсаң пенде ғып, Құдіреті күшті Құдай-ай. Жау қалмаққа пенде ғып, Құртамысың мысымды-ай. Жайықтан көшкен көп шекті Қонады барып Тарбаққа. Не пейілімнен іліндім Мұндай болып қармаққа. Бір өзіңе жылаймын, Өзіңнен медет сұраймын. Шыныңмен нәсіп қылдың ба, Нәсілі жаман қалмаққа? Бұл сөзді естіп Сансызбай, Тақат шыдап тұра алмай, Енді ілгері жүре алмай, Жібектен жауап ала алмай, Шегеге қайтып келеді, Келіп сөйлей береді: – Айналайын, Шеге аға, Өзің батыр, ер аға! Жібек сынды жеңгеме Жұмсаймын сені мен, аға, Бір жауап әкеп бер, аға. Жалғыз-ақ ауыз сөзім бар, Шерменде қылып Құдайға Өтірік айтып келме, аға. Жау жағадан алғанда, Кіріптар қылып бәлеге Кетпейін тастап сені, аға! Батыр туған Шеге ақын, О да бір асқан ер еді. 2960 Ерлігінің белгісі – Қолыңдағы қос тұлпар Сансызбайға береді. Жүгіре басып Шеге ақын, Елге таман жөнелді. Өлең айтқан ақ үйдің Тұсына жетіп келеді. Тойдың ішін аралап, Қалың қолды саралап, Тамашалап көреді. 2970 Біреулермен ұрысып, Біреулермен керісіп, Ешкім мұны білмеді. Жақындап келіп тыңдаса, Сонда бір Жібек бүй деді: – Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы, Жылқысын көптігінен баға алмайды. Өлгені Төлегеннің рас болса, Құдайым Қыз Жібекті неге алмайды? Тағы да бас қосқаным Жағалбайлы, 2980 Жылқысын көптігінен баға алмайды. Сол елде сері жігіт жоқ па тәңірі, Жесірін іздеп келіп неге алмайды? Тағы да бас қосқаным Жағалбайлы, Жылқысын көптігінен баға алмайды. Сол елді өзім іздеп кетер едім, Адасып әйел жолды таба алмайды. Мұны естіп ер Шеге, Жібекті танып біледі. Тұсына жақын келеді, Алладан медет тіледі. Қалың қолды қақ жарып, Біреуменен ұрысып, Біреуменен керісіп, Қыз Жібектің тұсына Шеге жетіп келеді, Келе сөйлей береді. –Адамнан туа бермес сіздей перзент, Бітіпті хор қызындай сізге келбет. Тәуір сыйлап сөз айтқыл, жарқыным-ай, Адамға о да болса бір ғанибет! –Қыз Жібек сөйлесуге сөзге дайын, Тілінен ағызады сөздің майын. Қашан өлең адыра қалған менен, Білмейтін қандай жансыз менің жайым? –Көрдім де шырай жүзің көңілім толды, Қайырлы еткей Тәңірім жүрген жолды. Естідім осы той да сіздікі деп, Шырағым, не себептен болдың мұңды? –Дауысың бара жатыр құлақ жарып, Айрылған ел-жұртынан біз бір ғаріп. Аға-еке, мен көрмеген жанға ұқсап, Отырмын сөзіңізге қайран қалып. Нәсілің алыс жерден келгенге ұқсап, Қай жақтан келіп тұрсыз арып-талып. –Бітіпті хор қызындай сізге көрік, Сүйегім әр сөзіңе барады еріп. Шырағым, не себептен болдың мұңлы, Мәнісін айтыңызшы, есітелік. –Тағдырдың үкіміне жүрмін көніп, Зар болдым жанған шырақ, отым сөніп. Құдайым қосағымнан айырған соң, Отырмын жау қалмаққа пенде болып. –Сары ағаш қиған сайын құм болады, Замана жылдан жылға сұм болады. Қайны ене, қайны атаң қай рудан, Аттары күйеуіңнің кім болады? –Өлімнің кім құтылар қармағынан, Жақсының бал тамады тіл-жағынан. Алдында жүріп қызмет қылғаным жоқ, Қорқамын атын атауға әруағынан. –Жақсыға жаман адам сыр аштырмас, Жамандар жақсыларға сыр аштырмас. Сұрадым зәруратпен білмек үшін, Бір сапар айта қойсаң, ештеме етпес. Сондағы Жібектің Шегеге бастап айтқан сөзі: Сонда Жібек сөйлейді, Екі көзден жасы ағып: –Басымда бақыт барында, Тойынушы еді аш-арық. Мен жайымды сөйлесем, Сөзімнің болмас бұруы, Қыз-бозбала жиылып Әңгіме-дүкен құрулы. Атамның атын айтайын Халықтан асқан Базарбай, Жағалбайлы руы. Төлеген оның баласы, Падишадан кем емес Ақыл менен санасы. Жалған дүние қайтейін, Болмады аз күн жүруі. Сегіз жыл мұнша болғанша, Ат ізін, сірә, салмады, Жоқ па екен деп ойлаймын Сансызбай ердің санасы. Анамның атын айтайын Қой ішінде марқадай, Омырауда ділдә алқадай, Алпыста жасы Қамқадай. Қуанта ма Құдай-ай, Біздей ғаріп пендесін, Қабағым неге тартады-ай?! Тірі болса Сансызбай, Келер кезі боп еді-ай. Ат жетпейтін жер ме еді-ай, Неғып бір іздеп келмеді-ай?! Ай, қайтейін, қайтейін, Кешегі өткен Төлеген Ақылға мол, кең еді, Айтқан сөзі көп еді. Қайсыбірін айтайын, Елімнің ақын көсемі Батыр Шеге деп еді. Бұл сөзді естіп ер Шеге, Сонда бір тұрып сөйледі, Сөйлегенде не дейді: –Асу да асу бел, – деді, Мойныңды бұрып, Жібекжан, Бері таман кел, – деді. Мен бір жауап айтайын, Бұл сөзімді біл, – деді. Сансызбайға басшы боп, Іздеп келген өзіңді, Батыр Шеге мен, – деді. Әккі болған Қыз Жібек, Алдап жүрген біреу деп, Бұл сөзіне сенбеді. Шеге тағы сөйледі: –Шын айтқан сөзге нанбасаң, Шырағым, саған не дейін. Бекер деп білсең шын сөзді, Қасыңа қайтып келмейін. Өтірік айтып мен тұрсам, Қапалықпен өлейін. Мұсылманды қас көріп, Қалмақты келген дос көрсең, Шыныңды айтшы, Жібекжан, Ендеше қайтып жөнейін. Сонда Жібек сөйледі: –Шын айтқан болсаң, жан аға, Есімнен танған кезімде, Кім екенін білейін. Сансызбай қайда, көрсетші, Соңыңнан еріп өлейін. Айналайын, ағатай, Сөзіңе сонда сенейін. Бұл сөзді естіп ер Шеге, Ат байлаған ақыр-ды, Көк түскен жер тақыр-ды, Көп дұшпанның ішінде Атын айтсам білер деп, –Ат қосшы, кел, – деп шақырды. Сансызбайдың тұрғаны, Бір шақырым жер еді. Ер Шегенің дауысын Естіп, танып біледі, «Алла» деп атқа мінеді, Қос тұлпарды жетелеп, Ер Шегенің жанына Іркілмей жетіп келеді. – Жалғыз қайның келді,– деп, Жібекке хабар береді. Жабықты ашып Қыз Жібек, Сансызбайды көреді, Көріп тұрып сөйледі: –Алтыннан соққан тұяғым, Күмістен соққан қияғым, Құдай қайдан ұсатқан. Көкесіне сыяғын. Жаратқан жалғыз жар болып, Жанар ма өшкен шырағым. Ашылсайшы қабағым, Өлгенім тіріліп келіп тұр, Жарылсайшы, жүрегім. Жаратқан Ием жар болып, Бердің бе менің тілегім. Сансызбайды көрген соң, Жібектің көңілі тояды. Басындағы қайғыны Ұмытып естен жояды. Көп дұшпанның ішінде Көрісуге жері тар, Амандасып қояды. Бір-біріне екеуі Көңілі тасып тояды. Бірі үйде, бірі сыртта амандасты, Ағызып көздерінен мұңды жасты. Қыз Жібек Сансызбаймен тіл қағысып, Білдірді көңілдегі ықыласты. Қыз Жібек: – Аттарыңды мінгіл, – деді, Ізіңмен кейін қайта жүргіл, – деді, Қара ағаш кезеңінен жол ашады, Сол жерде мені тосып тұрғыл, – деді. Мені алғалы келіп жатқан жау қалмақтың Аты бар екі тұлпар білгіл, – деді. Біреуі Тәңірі қалап, қолға тисе, Сол жерде ертең түсте көргіл,– деді. Сөйледі ер Сансызбай жалындатып: –Мен сені кете алмаймын қазір алып, Қайғысын Төлегеннің өртегендей, Кегімді кімнен алам елге барып. Сүйекке өле өлгенше болар таңба, Бір сермеп қылышымды малмай қанға. Көруім елдің бетін қиын болар, Көкемнің қанын тастап Бекежанға. Қыз Жібек бұл сөзіне төгіп жасын, Баланың байқаған соң ықыласын: –Ол иттің құнға тұрар қаны бар ма, Қорқамын, бармай-ақ қой, не қыласың? Төлеген енді қайтып келмес, сірә, Тағдырдың жазуына, жаным, шыда. Қаларсың жатқан жауға көзге түсіп, Қайтесің, болып әуре болмашыға? –Қыз Жібек, бұл сөзіңді күте алмаймын, Арманға сені апарып жете алмаймын. Бекежанды бір көріп, бір салыспай, Қанын алмай көкемнің кете алмаймын. –Олай десең, шырағым, салғыл құлақ, Тапсырғаным Құдайға, байқа бірақ, Төлегеннің күйігі естен кетіп, Жанды ғой деп отыр ем сөнген шырақ. Осы тойдың ішінде о да аңдып жүр, Алып қашып кетуге басты құрап. Қаршығаны шақыртып мен білейін, Қаршығадан басқаға мен сенбеймін. Сендерге ебін тауып кездестірер, Хабарын кешіктірмей мен берейін. Осындай екеуіне уәде беріп, Байқатпай көп ішінде тұрды кейін. Шақырып Қаршығаны алды Жібек, Келгенін Сансызбайдың айтты Жібек. –Байқатпай, оңашалап Бекежанды Кездестір Сансызбайға, – деді Жібек. Қойып ед босағаға атын байлап, Қуанып тұра келді «иә, Құдайлап». «Әуелі Сансызбайды көрейін» деп, Мінуге келді атына ыңғайланып. Аралап қалың қолды қарай өткен, Аяныш Төлегеннің зарын төккен. Бір судың жағасында отыр еді, Қасына Сансызбайдың жетіп келген. Қаршыға Бекежанның айтты сырын: – О дағы қатарында артық зұлым. Осы күні жатқан жері қиын емес, Жүріңдер көрсетем, – деп, – жүрген жерін. Көк жорға ат жарап қатқан бауырынан, Жабуын төгілдіріп сауырынан. Мезгілі екіндінің болған шағы, Бекежан келе жатыр ауылынан. Қаршыға тани кетті көрген жерден, «Абайла сауытың ки, өзі – мерген», Бұрылып ер Қаршыға қала берді, Именбей қас жауына қарсы жүрген. Бекежан қарсы келіп: – Кімсің? – деді. Алдымда кесе келіп тұрсың, – деді. Кісідей жұмысың бар мені күтіп, Кімді іздеп, кімді күтіп жүрсің? – деді. Сансызбай сонда тұрып Бекежанға: – Жұмысым сенде менің қапы қалма, Інісі Төлегеннің мен – Сансызбай, Аузыңды толтырамын қара қанға. Атаңа алты нәлет, ит қарақшы, Сүйекке кетпейтұғын салдың таңба. Ұмтылып бір-біріне артынады, Сансызбай қайраттана қаршылдады. Қысылып Бекежанның сонда жаны, Секілді төбет иттей ырсылдады. Көлбете салды найза аш бүйірден, Суырып қылыштарын көкке үйірген. Төңкеріп көк жорға аттан Бекежанды, Қылышпен басын кесіп екі бөлген. Жетелеп көк жорға атты жетегіне, Батырып батар күнмен жүре берген. Кез келді Құдай оңдап оңашада, Қуанып мұны көріп ер Қаршыға: –Ал енді, жолдарыңнан қалмаңдар, – деп, Жібекті қуантам, – деп, – бара сала. Бұлайша жүрмек болған қуанысып, Құшақтап бір-бірімен қол алысып. –Жібекті ебін тауып жөнелтермін, Жерінде уәде айтқан күт, табысып. Көк жорға ат жетегінде жүргізбейді, Күткендей бір жақсылық алдын кесіп. Жібекті қуантады Қаршыға кеп, Алаңдап отыр еді уайым жеп. Қалмаққа ертеменен бір жеңгесін, Жіберді «бір тұлпарын сұрап кел», – деп, – Жүрейін қыздарменен бір күн ойнап, Күйеуге менен хабар салып кел, – деп, Ертемен сол жеңгесі Қоренге кеп, Сұрады: «Бер атыңды, күйеужан» деп. Қоренға келіп сөйледі: –Ау, күйеужан, күйеужан, Еркелікпенен қылады. Бикештің сырын білесің, Бүгін кешке мінуге, Көксандалды бересің. Бүгін күннің батысы, Ақ отауға кіресің. Ойын-күлкі, тамаша, Қызығын бүгін көресің. Сонда Қорен сөйледі: –Мінген атың құла ма, Алтын жүзік бұрама. Біреу жарлы, біреу бай, Оны да Құдай қыла ма? Екі ай болды келгелі, Бір көрініп келмеді. Өзі келмей, ат сұрап, Мені мазақ қыла ма? Үйінде жатып керілмей, Өзі келіп көрінбей, Өз айтқаны бола ма? Өз аттары тұрғанда, Атымды мазақ қыла ма? Ерлерім мінер тұлпарды Әйелдер мінер болар ма? Екі ай болды жатқалы Келіп өзі кетпес пе, Тілегімді бермес пе? Әуре қылмай бойына, Әлде ойлай ма көрмеске. Мен күткелі дәл екі ай, Отыруға орны сай, Бере алмаймын атымды, Өкпем үлкен осындай. Келмесе Жібек, келмесін, Сандалды сұрап күймесін, Аулақ жүрсін атымнан, – Жіберді бермей жеңгесін. Қалмақтан атты ала алмай, Не қыларын біле алмай, Жылап келді Жібекке, Түсті қайғы жүрекке. Жеңгесін Жібек жұбатып: – Өзім барып қарайын, Ебін тауып алайын, Тәңірі берсе тілекті. Он қыз ертіп қасына, Неше түрлі сауықпен Қореннің келді қасына. Қара көзі ойнады-ай, Үлбіреген ақ беті, Қыз Жібектен тоймады. Балқытпасқа қоймады, Қореннің көңілі жайнады. «Жездекелеп» жабысып, Он қыз басып ойнады. Қабандай қарын ырсылдап, Қореннің соры қайнады. Сонда Жібек сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Сұратқанда мінуге Атыңды неге бермедің? Масқара қылып құрбыма, Неге өзіңдей көрмедің. Аттың терін аяйтын Малдан туған ер ме едің? Мен ойлаушы ем асылзат, Көңілімді көтеріп, Бір жүрейін деп едім. Жүректегі жалынды Сөзімді ұғар деп едім. Көксандалдың жүрісін Ақ отауға кіргенше Бір көрейін деп едім. Бұған Қорен қарқылдап, Көңілі тасып жарқылдап, Жібекке келіп жақындап: – Екі ай болды келмедің, Мен келгелі осында-ай. Өзіңді көріп, мінекей, Мауқым жаңа басылды-ай. Сыртқыларға сыр бермей, Анықтап сені бір көрмей, Көңілім суып жасыды-ай. Қайғыда болып шерменде, Менің жайым, мінекей Екі тұлпар атым бар, Қайсысын енді мінесің? Болып тұрмын, Қыз Жібек, Жүрегім балқып игендей. Етің тиіп етіме, Ақша бетің сүйгендей. Екі тұлпар атымның Екеуі де сенікі, Міне бер кезек именбей. Енді Жібек сөйледі: –Екі тұлпар атыңның, Екеуін де мақтайсыз, Тәуірін өзің таппайсыз. Ақылыңа сөзің сай, Бізді болжап байқайсыз. Айтқан сөзің бәрі рас, Кешікпей сіз көрерсіз, Өзіңіз де айта жүрерсіз. Бүгін маған мінуге Көксандалды берерсіз. Жібектің сөзін есітіп, Алып шықты сандалды. Ер-тұрманын сайлатып, Ерін салды кидіріп, Еркелетіп ойнатып. Қореннің құлаш семсерін, Сүйеулі тұрған төсекте, Қынабын белге байлатып. «Тілекті Тәңірім бергей, – деп, Көзімнің жасын көргей» деп, Жаудың көзін жайнатып. Мініп алып Қыз Жібек, Тақымды қысып ойнатып, Көңілі тасып сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: –Атаңа нәлет, хан Қорен, Жаныма жақын келмегін. Алдаумен бердің аттарың, Тәңірі берсе қолыма, Жерге жүзің қаратып, Сандалкөкті мінгенім. Семсеріңді тас кескен, Қынай белге ілгенім. Тұзымды Құдай көтерсе, Менде жоқ сенің теңдерің. Атаңа нәлет, ит қалмақ Ұқпай тұрсың сөзімді, Ұлық көріп сен тұрсың, Осы күнде өзіңді. Ердің бағын Тәңірі ашса, Қарға, құзғын, шыбынға Шұқытармын көзіңді. Тұрмайын сенің қасыңда, Аламын деп сен тұрсың Адырайып осында. Тәубе қылам Құдай-ай, Қаталық сөзім асыға. Құдіреті күшті Жасаған Әміріңе көнгенмін. Тілеуімді бергенің – Сандалкөкті мінгенім. Қалмақ, көзің ағарсын, Білмей тұрсың түсініп, Ажалыңның келгенін. Тәубе қылдым Құдай-а, Қаталық сөзім кешіргіл. Жүзіне нәлет бұл жаудың, Шырақ отын өшіргіл. Тағы да тәубе қылайын, Тәуекел қылдым өзіңе, Не қылсаң да өзің біл! Бұдан кейін Қыз Жібек, Көксандалды жүгіртіп, Қыздырып етін орғытып, Тегіс жерден сырғытып, Жүргенін Қорен көреді. Еті қызып алған соң, Алып қашып кетер деп, Жігіттерге сөйледі: –Япырым, Жібек, япырым, Көрдіңдер ме, жігіттер, Қыз Жібектің батырын, Қорықпауын, қапылын. Көксандалды жүгіртіп, Қыз Жібек – менің қатыным. Басы қатты сандалкөк, Алып қашып жүрмесін, Айналайын, Жібек-ау, Абайлай көр, ақырын. Мұны айтып хан Қорен, Аттың жайын айтуға Жібекке қарай келеді. Келе жатқан қалмақты Қыз Жібек те көреді. Жақындап келіп тіл қатып: –Ханым, қайда барасыз, Не айтуға келесіз, Лайық па келген осыңыз? Ел билеген төресіз, Төрелігің қайда бар, Неге артымнан ересіз? Масқара қылып мені елге Не бетіңмен күлесіз. Хандығыңды байқасам, Жеті атадан хан болған, Оза шауып жолды алған. Қара басың байқасам, Жақсылардан үлгі алған, Қолды бастап олжа алған. Ерлігіңді байқасам, Елдің қамын ойлаған, Кем-кетігін қолдаған. Бәрін айт та, бірін айт, Халыққа болып масқара, Еріп жүрсің соңымнан. Сонда Қорен сөйледі: –Қайт десең, қазір қайтайын, Атымның сырын айтайын, Басы қатты сандалкөк, Алып кетіп жүрмесін. Жазым болып жоқ жерде, Жұрт масқара күлмесін. Басыма күн туғызып, Қуанышым сөнбесін. Мен келмеймін енді, – деп, Болсын жолың оңды, – деп, Тағы да келіп аларсыз, Қалағаның менде, – деп, Бұрылып кейін жөнелді. Қалмақтан бұлай құтылып, Кетейік деп толғанып, Жан-жағына көз салып, Босап көңілі қамығып, Ел-жұртын ойлап, жабығып. Көшке жетіп келеді, Кетейін деп тіл алып, Келсе кіші жеңгесі Сәукелесі басында, Сылдырайды теңгесі, Қасына жетіп келеді, Келіп бір сөйлей береді: –Асу да асу бел, – дейді, Белден көшкен ел, – дейді. Айналайын, жеңеше, Бері таман кел, – дейді. Мен бір жауап айтайын, Түсіне біл сен, – дейді. Басыңдағы сәукеле, Алып, маған бер, – дейді. Ақыры ертең кетемін, Бүгін көшке киейін, Алып маған бер, – дейді. Жарасар ма екен жеңеше-ау, Өз көзіңмен көр, – дейді. Қыз Жібектің бұл сөзін Жеңгесі мақұл көреді. Басындағы сәукеле Жібекке алып береді. Қолына Жібек алады, Айтуға бармай ауызы, Алтын, гауһар тастарын, Бытырлатып үзіп ап, Жанқалтаға салады. Уәде қылған Қараағаш, Бетін соған бұрады, Кейінірек тұрады. Айтуға тілі келмейді, Сонда Жібек жылады. Жылап тұрып сөйледі: –Ау, жеңеше-ау, жеңеше-ау, Мінезің еді өзгеше-ау. Сапар тартып, жол шектім, Барасың қайда демеші-ау. Тұзымды Құдай көтерсе, Мұндай істі қылмас ем, Қамап жатыр қалың жау. Көп кешікпей кетейін, Ел жұртқа дұғай сәлем де, Жеңеше, өзің аман бол. Жеңгесі тұрып сөйледі: –Айналайын, бикешжан, Мінген атың – пырағың. Қай жаққа талап қылсаң да, Ашылсын, қалқам, мұратың. Бағыңды Құдай ашқай деп, Жаудың көңілін басқай деп, Өз теңіне қосқай деп, Зар қылып күнде сұрадым. Маған сырыңды айта кет, Барасың қайда, шырағым?! Сонда Жібек сөйледі: –Тұлпар мініп астыма, Асындым алмас беліме. Тұлпардың қалған тұяғы, Сансызбай іздеп келіпті. Барайын деп мен тұрмын Жағалбайлы еліме. Тиейін деп мен тұрмын Әуелгі тиген теңіме. Жеңеше, қалай көнейін Бұл қалмақтың кеміне. Жеткізсе Құдай тілекке, Қалмақтың көзі ағарар, Нан пісірген деміне. Талап қылдым, жеңеше-ау, Осындай қиял қылмаққа-ау. Тұлпар мініп, жол тарттым, Басымды жолға салмаққа. Қайтып қатын болайын, Құдайымның дұшпаны Нәсілі жаман қалмаққа. Осы жауды кез қылып, Басыма салды әлемет. Басында Жібек атанып, Қалмаққа қатын болғаным, Естіген жұртқа мәлемет. Ақ сүтін кешсін анамыз, Риза болсын атамыз, Ел-жұртқа дұғай сәлем де, Сапарландым алыс жол, Жеңеше, болғыл сәлемет! Бұдан кейін Қыз Жібек, Қайталап сөз демеді. Уәде қылған Қара ағаш, Бетті қойып Қыз Жібек, Аттың басын бұрады. –Сансызбайға сәлем, – деп, Қош-аман бол, бикеш, –деп, Жеңгесі тұрып жылады. –Шу,– деді Жібек, – шу, – деді, Ескен желдей гуледі. Сансызбай мен Шеге ақын Басына шығып ағаштың, Қарауылдап тұр еді. Келе жатқан Жібекті Сансызбай, Шеге көреді. Табан жолмен тартысып, Ауыздықпен алысып, Ұшқан құспен жарысып, Екі қолы қарысып, Маядай мойнын созады. Тарта-тарта Жібектің Алақаны тозады. Ойлау жерден орғытып, Тегіс жерден сырғытып, Әне-міне дегенше, Ашып, көзді жұмғанша, Сансызбайдың қасына Ұйтқыта зулап келеді. Аттан түсіп Қыз Жібек, «Бұрынғы жол – осы, – деп, Пайғамбардың досы» деп, Аттан түсіп Қыз Жібек, Шегеге сәлем қылады. –Ашылсын, балам, бағың, – деп, Тәңірі болсын панаң, – деп, Ер Шеге алғыс береді. Жетелеп атын жаяулап, Қоңыр қаздай баяулап, Сансызбайдай баланың Қасына Жібек келеді. Бірін-бірі көрген соң, Шүкір қылып Құдайға, Енді атына мінеді. Екеу еді, үшеу боп, «Алла» деп елге жөнеді. Бет түзеп енді, «шу» деді, Өңкей тұлпар мінгені, Ескен желдей гулейді. Жарысса, Жібек озады, Сансызбайға «мін» дейді, Ар көріп бала мінбейді. – Аяңда, Жібек, аяңда, Жүре бер, Жібек, жайыңа. «Мін» десең де, мінбеймін Қалмақтан алған тайыңа. Ашулансаң, жүре бер Қорен қалмақ байыңа. Бұлайша деп Сансызбай, Жібектің атына мінбеді. –Жүре бер, Жібек, жүре бер, Мінгізетін жеріне Жеткізсе бізді Құдайым, Мінермін сонда шын, – дейді. Бара тұрсын Сансызбай, Не болар екен кейінгі Қалып қалған ел дейді. Ел орнына қонған соң, Күн батып, кеш болған соң, Сұратып атын жіберді, Қабағы қатып түнерді. Шу қылып елдің ортасын, Сұрау салып таба алмай, Кеткенін қайда біле алмай, –Көрген жан жоқ Жібекті, Не деп жүр, – деп, – сұмырай, – Бүгін Жібек келген жоқ, Атқа мініп жүрген жоқ, Елдің бәрі – шуылда, Ешкім оны көрген жоқ. Бұлар бұлай деген соң, –Атымды шапшаң тапқын, – деп, – Қазір тауып бермесең, Қайратыма баққын, – деп. Қалмақ жауып қабағын, Басып елдің алабын, Қойсаң да тығып, табамын. Елді қаптап қалың қол, Қуырып елдің заманын. Атым менен Жібекті Қазір тауып бермесең, Еліңді қаптап шабамын! Әскерін жиып жау қалмақ, Қораға келіп тұрады. Қаһарынан қорқып қалмақтың, Қатыны мен баласы, Ел-жұрты шулап жылады. Жан батпады, тығылды, Жүні қойдай жығылды. Әскерін жиып аңдатып, Елдің үстін шаңдатып, Ағытылды, тоғылды, Ел сандалды соғылды, Елді басып бүлдіріп. Сырлыбай хан бара алмай, «Амалын тауып, тоқтат» деп, Қаршығаны жіберді. Жан батпаған қалмаққа, Қаршыға жетіп келеді, Келе сөйлей береді. Жауапқа шешен ер еді, Қаһарланып тұрған қалмаққа Сүрінбей жауап береді: –Мен айтайын бір жауап, Сөзімді, тақсыр, тыңдаңыз, Әйтеуір әлім келер деп, Қисынсыз қаһар қылмаңыз. Жасырған болсақ Жібекті, Сонда, тақсыр, шындаңыз. Ашуыңызды басыңыз, Қосынға барып түсіңіз. Алып қашып кеткенді Даладан ізін кесіңіз. Жасыратұғын Жібекті Бар ма еді елде қасыңыз? Мың кісіге барабар Бір өзіңнің басыңыз. Хандығыңда мінің жоқ, Өзіңіз, тақсыр, ойлаңыз, Дұрыс па қылған осыңыз? Хан болсаң да, айтамын, Әйелге тұлпар мінгізген Өзіңнің жоқ деп басыңыз. Жібектің аты әйел ғой, Атыңның сырын білесіз. Біле тұра әйелге Тұлпарды неге бересіз? Өзің беріп атыңды, Елден неге көресіз? Қатты айтуға батпаймыз, Ел билеген төресіз. Өз айыбың ойламай, Тентектік қылып, күйеужан, Алмашы елдің зәресін. Ашуын жаудың қайтарып, Ебін тауып, тойтарып, Тигізіп көкке төбесін. –Ертеден осылай деп айтса нетер, Демеймін бұл сөзіңді сенің бекер. Көксандал басы қатты жаман еді Айтып ем, бойы қызса алып кетер. Шатырға қайғыланып қайтып келіп, Жібегім алып қашса әлденетер? Қалмақтың уайымы Жібек болды, Жата алмай төсегінде қайғы толды. Ақырып әскеріне зәрін төгіп, Қарайды көз алдырып оңды-солды. Ертемен қалың қолы ізді кесті, Басына салды Құдай қиын істі. Кешегі кеткен жерден ізді тауып, Шуылдап қарғадайын жиылысты. Шұбырып жүзі бірге тұра шауып, Тұлпардың қазып кеткен ізін тауып, Жеткенде Қара ағашқа із көбейіп, «Кетті, – деп, – біреу алып» қылды қауіп. Хан Қорен қаһарланды ашуы кеп, Аз ғана ерген қазақ уайым жеп. Әскерін екі бөліп осы арада, Сайланып екі мыңмен «қуамын» деп. Хан Қорен қайғыланды қылып арман, Басшы ғып Қаршығаны он кісі алған. –Жатыңдар, біз келгенше күтіңдер, – деп, Шұбырып қалған әскер қайта оралған. Он кісі еріп шықты мұсылмандар, Қаршыға бұларға айтты: – Қысылмаңдар, Кезіне келетұғын күні жақын, Жеткізсе тілегіме сөзімді аңғар. Алты күн ұдайынан қуады өктеп, Келеді жатпай-тұрмай, қол түйдектеп. Басшы ғып осы қолға Қаршығаны, Хан Қорен өзі ілгері болды кетпек. Жеткізбей қалың елге барып кірсе, Келуін әскерінің болды күтпек. Тапсырып қалған қолға Қаршығаны Жатқызбай күні-түні алып жет деп. Қаршыға қала берді қолды бастап, Хан Қорен бұл сөзді айтып кетті тастап. «Қай жерде өлексесі қалды екен?» деп, Әскерден көз көрім жер алды ойқастап. «Шу, – деді қалмақ, – шу» деді, Көк қабандай ырсылдап, Қаз мойын қара тұлпарды Бауырға сипай қамшылап. Тебінгісі тарсылдап, Құйысқаны сартылдап, Бауырынан аққан қара тер Омырауда былшырап, «Шу» деген қалмақ дауысы Тастүлек құстай шаңқылдап. Қаһарланып келеді, Қабағынан қар жауған, Кірпігіне мұз тоңған О да айтулы ер еді. Дәл он бір күн болғанда, Сансызбайдың қарасын Кәпір қалмақ көреді. Келе жатқан қалмақтың, Күндік жерден Қыз Жібек Түсін болжап, біледі. «Кәпір қалмақ жетті, – деп, Басымнан дәурен өтті» деп, Сансызбай мен Шегеге, Жібек хабар береді, Қарасын анық көреді. Сансызбай атты жас берен Толғана мойын бұрады, Алладан пәрмен сұрады. Жібек пенен Шегені Ілгері қарай жөнелтіп, Келетұғын қалмақтың Жолын тосып Сансызбай, Көлденең тартып тұрады. Өзі ілгері барған соң, Жау бетінде жас бала, Жалғыз өзі қалған соң, Мұңды болған Қыз Жібек Бір төбеге барады. Көксандалдың шылбырын Мойнына орап салады. Бір Құдайға зар қылып, Құбылаға басын қояды. Сонда Жібек жылады: – Құдіретің күшті, Құдай-а, Бетімнен кетіп суретім, Жүзімнен кетіп әуретім, Сақтаған Құдай көп екен Маған деген дәулетің. Ажалым жақын таянып, Жетті ме менің нәубетім? Бір байталдың соңында Құртамысың, Құдай-а, Бұл ғаріптің әулетін? Әуелгіңнен, Құдай-а, Пазылыңменен кешіп ең, Не пейілімнен тұтылдым. Бір байталдың жолында Құртамысың Құдай-а, Бұл ғаріптің тұқымын? Бұлайша деп Қыз Жібек Мінәжат етіп жылады, Көзінің жасын бұлады. Тобасы қабыл болады, Қылғаны қабыл емес пе, Сансызбайдың жанына Қорен жетіп келеді, Келіп сөйлей береді: –Қарсы алдыңнан қарасам, Жасың кіші баласың, Оттай қаулап жанасың. Менің атым – хан Қорен, Неден үміт қыласың? Мен жайымды сөйлесем, Ақылыңнан танасың. Жібек менің қатыным, Қай жаққа алып барасың? Жібекті ілгері жіберіп, Мойныңды маған бұрасың. Соғысатұғын кісідей Көлденең тартып тұрасың. Меніменен соғыссаң, Құдайыңа барасың. Соғысар болсаң жөніңді айт, Не ғылып жүрген баласың? Сансызбай тұрып сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: –Қорен қалмақ сен болсаң, Сансызбай бала мен едім, Мен өзіңнен кем бе едім? Жібек сынды жеңгемді Аман-есен тауып ап, Еліме алып жөнедім. Артымнан келе жатқан соң, Нағылып жүрген адам деп, Білейін сені деп едім. Нәсілің дос жан болсаң, Болайын жолдас деп едім. Нәсілің кәпір жау болсаң, Жаһаннамдағы орныңа Жіберейін деп едім. Сонда Қорен сөйледі: –Асу да асу бел, – деді. Аса бір соққан жел, – деді. Әуелгі кезек менікі, Соңғы кезек сенікі, Бұл сөзімді біл,– дейді. Қарсы алдыңа қарасам, Жасың кіші баласың, Кезегімді бер,– дейді. Сансызбай атты жас қыран Толғана мойын бұрады, Алладан медет сұрады. Кезегін беріп жауының: – Қашатын бар ма қатын?– деп, Қасқайып қарап тұрады. Сонда тұрып хан Қорен, Қорамсаққа қол салды, Бір салғанда мол салды. Садағын қолға алады, Қарсы бір қарап тұра қап, Толықсып тұрған балаға Толғай тартып қалады. Зырқырай оғы кетеді, Сансызбайға жетеді. Тоғыз қабат сауыттың Сегізінен өтеді. Жыртыла жазды сауыттың Қатарлаған жағасы. Сансызбайдың жасынан Қабыл еді тобасы. Өтер еді мұнан да Ғайып ерен қырық шілтен, Бұл сауыттың панасы. Бұрын жауды көрмеген, Сансызбай тұрып жылайды. Қор қылма деп бұл жауға Бабадан медет сұрайды. –Рахым қылсаң, Құдай-ай, Пендеңнің несі құрайды. Көргенім жауды осы еді, Жүрегім сені сынайын, Бір Тәңірге жылайын, Батар да күнмен батайын, Бұл жауды мен де атайын. Тым болмаса, Құдай-ай, Бұл қалмақты өлтіріп, Қызығына батайын. Мен құлыңды жарылқап, Ғасылық қылған қатасын. Бұлайша толғап Сансызбай, Қорамсаққа қол салды, Бір салғанда мол салды. Садағын қолға алады, Қарсы бір қарап тұра қап, Ауытқып тұрған қалмақты Толғай тартып қалады. Зырқырай оғы кетеді, Хан Қоренге жетеді. Көкірек қысқан көбеден, Қармаулы жебеден Зырлауменен өтеді. Одан да өтіп кетеді, Бір төбеге жетеді. От орнындай бір жерді Аударып тастап кетеді. Оқ тоқтаған кезінде Қорен аттан құлады. «Ауқала мағалуқа» деп, Қорен аттан құлады. Жығылғанын көрген соң, Жанына жетіп келеді. Ат үстінен бас қағып, Басын кесіп алады. Қаз мойын қара тұлпарды Қосарына алады. «Жылама, Жібек жеңге» деп, Жібекке тоқтау береді. Шеге менен Қыз Жібек Сансызбайды көреді. Қуаныш етіп тұрғанда Сансызбай жетіп келеді. Бәле жаудан құтылып, Бірнеше күн дегенде Еліне алып келеді. Ата-анасы қуанып, Неше күн ұдай той қылып, Сансызбай Жібекті алады, Талай қызық болады. Жібекті келіп көргендер Тамаша қайран қалады. Манағы қалған Қаршыға Қолды бастап келеді. Әскерден озып ілгері, Көз ұшында жүреді. Ақылды туған дана адам Артық туған ер еді. Сөз бастаса шешенің, Қол бастаса көсемің, Қалмақтарды сандалтып Тауып келді есебін. Намаздыгер өткенде, Намазшамға жеткенде, Теңіздей теріс аққанда, Жау адасып лаққанда, «Астау салды» дөңінде, Жолда жатқан теңкиіп, Көрді Қорен өлігін, Енді басып көңілін. Кейінгі жау жолдасын Енді біліп оңбасын, Елдің аяп көз жасын Мұның көрсе қарасын, Қайтып елге барасың? Елден кегін алам деп, Алып жүрер мазасын. Ойран қылып көп елді, Шулатар қатын-баласын. Ұшырмай қазір үрейін, Көрсетпей бұрып әкетіп, Сансызбайға жеткізіп, Қызығын ердің көрейін. Әскерді бұрып, атойлап, «Ханым болды кетті, – деп, Қашқынға қуып жетті, – деп, Өлексесін көрсетпей, Бәлем қалмақ өтті» деп. Қиялай шауып жол кескен, Қайта айналып із кескен. Қорамсағын байланған Ісін істеп, ойланған, Орала шауып күн кешкен. «Ханымыз қуып жеткен» деп, Әскерге бермей дамылды, Өте шаршап, көбінің Қабақтары жабылды. «Хан бұйрығы осы, – деп, – Жетейік» деп сабылды. Ақылға кең, кемеңгер Мұндай адам туылмас. «Мен – ермін» деп жүргені, Қалмақтың бұған ергені, Белдерін бекем буа алмас. Қаршыға елің желпініп, Қиратып жауын өлтіріп, Қайнап шыққан бұлақтай, Ақылдың көзін су алмас. Қалмақтың қуған әскері, Екі мыңдай қол еді, Бөлек, бөлек шұбырып, Бөлініп жолда қалады. «Жарайтының жүргіл!» деп, Қаршыға зікір салады. Берекесін кетіріп, Әл дәрменін бітіріп, Жаяу қалды көп қалмақ, Атын жолда өлтіріп. Бір жатқызбай шешініп, Екі аяғын көсіліп, Ас ішкізбей есіліп, Ханым қуып жеткен деп, Қалмайық деп кешігіп. Жаяу қалған әскері Табандары тесіліп. Қаршыға қылды өкімді. Жұрт жанғандай қалың өрт Келе жатқан секілді. Тұра тұрсын бұл кеңес Тыңдаушыға сөз келді. Сансызбайдай жас ұлан, Дүниеге келген жан Артықша туған асыл-ды. Базарбай шал той қылып, Мал-дүние шашылды. Халық тегіс жиылып, Кеңес құрып айтылып, Сөз түйіні ашылды. – Іздемей қоймас қалмақ,– деп, Келуі анық осында, Сансызбайдай жас берен, Енді қарап жатпағын. Батырын жиып еліңнің, Жаратып ат баптағын. Ат тұрман, сауыт, шоша көз Бәрін жиып, сақтағын. Қалмақ жатпас келер,– деп, Қандай заман болар,– деп, Тосқауыл қойып қаратып, Бала кірпік қақпаған. Келсе жауы соңынан, Бір шайқасып көруге, Басшылық қылып шеруге, Қару-жарақ белінде, Қайраты кернеп бойында Болып жатқан тойында, Тосқауылшы келіп алқына «Көрінеді, – деп, – қалың шаң». Ақылына ойы тең, Қайратына бойы тең, Белсене белін шешініп, Келетін жауға өшігіп. Жас батырдың талабы Жад етеді бабаны, Қалмайын деп кешігіп. Бес жүз жігіт бел байлап, Қаруларын ыңғайлап, Ел-жұрты шулап «Құдайлап». Сол кездері болғанда, Қыл шашын байлап, қылаңдап, Шашбауын байлап, сылаңдап, Сансызбайдың жанына Қыз Жібек келді бұлаңдап. Сонда бір тұрып сөйледі: – Жаратқан жалғыз бір Құдай, Жау қалмады соңымнан. Жердің жүзін тебіренткен Мұндай істі кім көрген? Айың туғай оңыңнан, Жұлдызың туғай солыңнан. Айналайын, жалғызым, Мен құрбандық жолыңнан. Көрген түсім өшпесе, Тартылар жауың қоңынан. Жаратқаның шын болса, Құтқар, Алла, торыңнан. Тағы да салдың нәубетті, Рахым қылсаң нең кетті? Жердің жүзін тебіренттім, Басыма бермей еркіндік, Сәулесін сүйіп көркімнің, Жаңғырттың Құдай жер-көкті. Мен құрбандық сен үшін, Көрсетіп Құдай қайғысын, Рахым қылғыл көрнекті. Бір өзіңе асылдым, Жаратқан, өзің қабыл ет, Тәубе қылдым басылдым. Аясайшы, япыр-ау, Тағы да өзіңе бас ұрдым, Болған соң пенде бас ұрдым. Жалғанның көрдім ауырын, Менің үшін шерменде, Елі-жұртың, бауырың. Жалғызымды тапсырдым, Тиянағым – тәуірім. Ерлердің жолын бергейсің, Көзімнің жасын көргейсің, Қалайын сұрап қайырын. Болды қабыл тобасы, Сол кездері болғанда Жақындап жаудың қарасы, Мың кісідей шамасы. Күнге күйіп қабысқан, Неше күндей алыстан, Оза шауып Қаршыға, Сансызбаймен көрісіп, Құшақтасып, табысқан. Аплатондай ақылы Ерген қалмақ шатылды. Ақыл мен қуат жеткен соң, Жауын талай қатырды. Берді хабар халқына, Мұны естіп Сансызбай, Тасып шыққан толқындай «Кім ереді артымнан, Жиылып тұрған халқымнан?» Толықсып сөйлеп тұрғанда, Есіткен көңіл балқыған. Үлгілі сөзден сөйлеп тұр, Ерлердің өткен салтынан. Түбін ойлап әр істің, Ар жағынан қамтыған. Ақсұңқар құстай шүйіліп, Қабағы бұлттай түйіліп, Қанатын қағып талпынған. Ханзадаға өзі тең, Сәулетіне сөзі тең, Сансызбайға сөйледі Сыбана түсіп білекті: – Бергей деп Тәңірім тілекті, Құртып келдім сілесін, Шүкір қылсам керек-ті. Басымды тіктім бәйгеге, Қажымадым көп шауып, Қалмақ деген бәлеге. Берер деп ақыл сен тауып, Апаруға қайта елге, Жаудан қылдым мен қауіп. Қоренның көріп өлігін, Көрсетпедім жөн тауып. Көңілге кіріп қуаныш, Қайнатар деп шыжығын, Көңілде жоқ бұзығым. Алып келдім алдыңа Көрейін деп қызығын. Қаршыға бұл сөзді айтқасын, Сансызбай берен шабынып, Көзі оттай шағылып, Қоренді күткен көп қалмақ, Жүректері жарылып. Келген қалмақ топтанып, Шиыршық атып шоқтанып, Ханын іздеп сағынып, Соғысуға дәрмен жоқ, Бір-біріне тығылып, Жүні қойдай жығылып. Келіп тұрған қалың жау, Өз жанынан түңіліп. Сансызбай шығып ақырды, Әруағын шақырды. Қоңыраулы найза қолға алып. Шабамын деп толғанып, Мың кісіден жасқанбай, Жау көңілін басқандай, Қырандайын қомданып. Кірді жауға шабақтап, Көрінгенін тамақтап, Бес жүз әскер ат қойып, Қашты қалмақ салақтап. Қашпағанын адақтап, Қырып жауын қашырды, Қалғаны жылап бас ұрды. Қалмақтарды тоздырып, Қайратын бала асырды. Қаршығаны құрметтеп, Алып келіп ауылға, Көрсетіп ерлік жауына, Жібек шығып көрісіп, Қаршығадай бауырға. Зарына мұның кім шыдар, Басымнан тұман арылып, Болар ма көңіл бір тынар? Екі елді бірдей сал қылдым, Бұғанда шүкір қылайын, Жақсылығы бар шығар. Құтқар, Алла, зарымнан, Айыра көрме арымнан, Қоқиланып жау қалмақ Көп елірме не ұғар? Қаршығамен танысып, Ел-жұрты келіп көрісіп, Базарбай шал той қылар. Әлқисса, Сансызбай жігіт жинап, шектіге барып, сондағы қалмақтарды жоюға аттанады. Жауын жеңіп Сансызбай, Ерлерін жиып ұрандай, Қаршығамен бас қосып, Төңкеріліп қырандай. Алты шекті елінде, Қалғанын елді жау қамап, Жатқанын сорып жыландай. Елді айналып құзғындай, Жүремін деп жол шегіп, Ердің көңілі бұзылды-ай. Ұзатам деп қолымнан, Қалдырмайды Қаршыға Жібек сынды қызын да-ай. Жеткіз деп Құдай мұратқа, Көк жорға атты жабдықтап, Қыз Жібекке мінгізді-ай. Мұны көріп Базарбай, Көк қасқасын сойғызды-ай. Батасын беріп баланы, Аттандырып қалады. Екі жүз жігіт батырын Ер қаруы – бес қару, Қынай белге ілгізді-ай. Дайындатып қос артып, Жау жарағын аса артып, Бер деп Тәңірім тілекті, Елестетіп үмітті, Көшкен байтақ елдей боп, Асқардан соққан желдей боп, Елінің жиып батырын, Айтып жұртқа ақылын, Күй мен жыр боп ермекке Тіктіріп алтын шатырын. Есітерсіз, білерсіз, Алыстан жауын іздеген, Көрсе де жолдың бейнетін Балдырғандай жас батыр Үміттен күдер үзбеген. Осындай ұзақ сапарда, Күлісіп жылы жүзбенен, Жетеміз деп өктеген. Жұлдызы туып маңдайдан, Сыналып шыққан майданнан, Қырандайын қаранған, Тотыдайын сыланған. Ақылға дана айлалы, Қалың шекті еліне Тигізем деп пайданы. Бірнеше күн жол жүріп, Аз ғана емес мол жүріп, Жайықтың кірген шетіне. Кісі салып алдына, Жаудан хабар алдырған. Кетірген елдің мазасын Естерінен тандырған, Аспан күнсіз, ел үнсіз, Бәрі де бүлген ағайын, Қатын-бала – сары уайым, Талайы шашын жұлдырған. Елге салып ылаңды, Мал-дүниеге ие жоқ, Озбырлығын оздырған. Қаршығаны жіберіп, Жатқан жауға сездірмей, Сырлыбайдың алты ұлы Бұл дағы елін жидырған. «Сансызбай берен келді, – деп, Жауыңды жатқан қудырам», Сырлыбайдың алты ұлы, Жиылған елдің адамы Сансызбайға қосылған. Бұлардың көріп қарасын, «Қорен келіп қалды» деп, Шабуылдап қалмақтар, Шуылдап шауып шұбырған. Қалмақтар жатқан қуанып, Хан Қоренді көре алмай, Кім екенін біле алмай, Қарауылдап көз алмай, Көздерін ашып, тұс қарап. Бірін-бірі табалап, Көбі атына міне алмай. Мұны көріп Сансызбай, Қорлыққа көрген көне алмай, Көк бурылды ойнатып, Алдынан шықты төзе алмай. Тоқтар емес жас батыр, Жауынан шаншып кек алмай. Келген жетіп қасына, Көктен жасын түскендей, Қалың жаудың басына, Бас бұрғызбай қашыра. Сырлыбайдың алты ұлы, Қосылып келді Қаршыға. Бас аман қылып жау қашты, Қозғалғандай Қаратау, Сансызбай кеткен аралап, Қайыра жауын қоралап, Өлімтігі шұбалып, Аяқ асты қалды жау Ақ түйе қарнын жарғандай. Алты шекті – қалың ел, Елдің үстін шаң басты. Жердің үстін қан басты. Қамалып жатқан қалың жау Ақылынан адасты. Қамалын бұзып қалмақтың Талайларға жол ашты. Бөлек, бөлек қылады, Есепсіз көп қырады. Жауын қуып Сансызбай, Енді шүкір қылады. Елді қамап қуырған, Ұшырып күлін суырған, Туырлықтай ту алған, Туын қанға суарған, Қалың шекті қуанған. Енді сабыр қылады, Қатыны мен баласы Елің шулап жылады. Сырлыбайдың алты ұлы Сансызбайдай төрені, Көрсетіп құрмет көп елге Отыз күн ұдай ойын қып, Қырық күн ұдай тойын қып, Ақ отаулап арттырып, Қазына, мүлкін тарттырып, Ұзатқан осы жер еді. Айтып айтпай немене, Қыз Жібектей сұлуың Сансызбайдай баламен, Мақсұтына жетісіп, Дүниеден өткен деп еді.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.