Қозы Көрпеш (В. Радлов нұсқасы)

Орманбеттің аттанған он сан ноғай, Біреуінің ақылы он сан қолдай. Мұз тауына екі хан келді көшіп, Ертістегі орысқа бодан болмай. Орманбеттің аттанған он сан ноғай, Біреуінің ақылы он сан қолдай. Қара хан, Сары хандай бай өтіпті, Екеуі заманында болып орай. Орманбеттің аттанған он сан ноғай, Біреуінің ақылы он сан қолда...

Қазақша
Қозы Көрпеш (В. Радлов нұсқасы)
Орманбеттің аттанған он сан ноғай, Біреуінің ақылы он сан қолдай. Мұз тауына екі хан келді көшіп, Ертістегі орысқа бодан болмай. Орманбеттің аттанған он сан ноғай, Біреуінің ақылы он сан қолдай. Қара хан, Сары хандай бай өтіпті, Екеуі заманында болып орай. Орманбеттің аттанған он сан ноғай, Біреуінің ақылы он сан қолдай. Күміс мылтық мойнында аңға жүріп, Екі хан қызык көрді талай-талай. Орманбеттің аттанған он сан ноғай, Ертіске қала салды манат ноғай. Ер Қозыкем өтіпті егіз жұбай, Біліп айтқан кісіге жайы солай. Мұз тауына келді де, қоныс алды, Байлығы шыққан адам талай жанға. “Бұғы марал мен тосып атайын” деп, Сарыхан буыршын мініп аңға барды. Сары хан буыршын мініп аңға барды, Топта қамшы бастырмас жануарды. Күміс мылтық мойнына салды дағы, Тойтөбені бет қойып соған барды. Тойтөбенің басына шығып тұрды, Болжады төңіректе талай жерді. Көз үшіне алыстан қара көрініп, Буыршынменен бұлдырап соған барды. Сол қараның қасына келіп тұрды, 30 Сол жерде Қарабайды таныды енді. “Бұғы, марал біз тосып аталық” деп, Тойтөбені бет қойып жарысты енді. Сары хан, Қара хан аңға шықты, Екеуі “аталы” деп даңқы шықты. Тойтөбенің басына шығып тұрса, Алдынан буаз марал аң қашыпты. Сары хан бір талайдан шүмденді, Жасынан мергендігі түсінді енді. – Қара хан, жасың да үлкен, жолың да үлкен, Бұ маралды сіз ат, – деп ұсынды енді. Қара хан аттан қарғып түсе қалды, Кідірмей күміс мылтық бетіне алды. “Буаз марал атпаймын, обал-ды", – деп, Үйде зайып күмәнді” деп көңіліне алды. Қарахан Сары ханмен тең аттанды, Оғын салып, Қара хан неге атпады? “Буаз марал атпаймын, обал-ды” деп, “Үйде зайып күмәнді” деп атпады. Аттан қарғып Сары хан түсе қалды, Кідірмей күміс мылтық бетіне алды. Қарыны жерге сызған буаз марал, Сол маралды байқамай басып салды. Аттан қарғып Сары хан түсе қалды, Кідірмей күміс мылтық бетіне алды. Шек-қарыны шұбатылып жерге түсіп, Екі бұзау аңырап жетім қалды. Аңға шықты екі хан теңдей болып, Атып шықты Сары хан ердей болып. Екі бұзау аңырады жетім қалып, Бейне “Балаң аңырасын мендей болып”. Сарыбай хан екен табында енді, Бәйгеден жүріп келер бабында енді. Ақ сары бас Аллаға қойын айтып, Мойнына кісесін сап жалынды енді. Ақ киікті бастаған деген екен, Деген атып еттерін жеген екен. Со заман қалыбы орай адам, “Құда болсақ қайтеді?” деген екен. Ақ киікті бастаған деген екен, Деген атып еттерін жеген екен. “Сенен ұл да, менен қыз туғанда, Құда болсақ, болалық” деген екен. Ақ киікті бастаған деген екен, Деген атып еттерін жеген екен. “Екеумізден тең ұл туса да, Құшақтасып дос болсын” деген екен. Қара хан мен Сары хан аттанды аңға, Аталы екеуі шықты даңға. Бірінен ұл, бірінен қыз туыпты, Құдай Тағала салыпты жолын оңға. Ак киіктің суаты қақ-ты дейді, Қылған ісі Аллаға жақты дейді. “Сары ханның қатыны ұл тапты” деп, Екі кісі жарыса шапты дейді. Екі мерген келеді су өрлесіп, Күн суығын білмейді көңілі өсіп. Шүйіншілеп екі адам келсе жетіп, Сары хан дімсе шапан берді шешіп. Екі мерген келеді су өрлесіп, Күн суығын білмейді көңілі өсіп. “Екеуін тең разы қылайын” деп, Тағы берді астынан атын түсіп. – Екеуің шүйіншілеп келдің, – дейді, Қүдай-ай, бір қуанышты көрдім, – дейді. Мұныменен қоймаймын екеуіңді, Үйден барып берермін жүз елгейді. Ақ киіктің суаты қақ-ты дейді, Қылған ісі Аллаға жақты дейді. “Қара ханның қатыны қыз тапты” деп, Екі кісі жарыса шапты дейді. Екі мерген келеді су өрлесіп, Күн суығын білмейді көңілі өсіп. Шүйіншілеп екі адам келсе жетіп, Қарабай қамқа тонын берді шешіп. Екі мерген келеді су өрлесіп, Күн суығын білмейді көңілі өсіп. “Екеуін тең разы қылайын” деп, Қарабай тағы берді атын түсіп. – Екеуің шүйіншілеп келдің, – дейді, Құдай-ай, бір қуанышты көрдім, – дейді. Мұныменен қоймаймын екеуіңді, Мен де үйден берермін жүз елгейді. Сарыбай үйге қарай желді дейді, Екі адам шүйіншілеп келді дейді. Шүйіншіге ат берген жалғызының Игілігін көрмей-ақ өлді дейді. Сарыбай үйге қарай желді келіп, Ат берді шүйіншіге ойнап-күліп. Шүйіншіге ат берген жалғызының Игілігін көрмей-ақ қалды өліп. Біреуі басын сүйеп сонда қалды, Біреуі ойбай салып үйге салды. “Сары хан өлді” деп барғаннан соң, Жас босанған бейшара бейрет болды. Қожалар ала қағаз хат оқиды, Өлім шыққан үйлерге жат оқиды. Тоқсан саба толтырып сол Қара хан, Сары ханның үйіне бата оқиды. Құл-қотан құры сөзге семіреді, Жаман қатын, жас бала не біледі? Атадан жаста қалған ер Қозыкем Ит тістеген сүйекті кеміреді. Қарабай сонда кетті жұртын қиып, Әбден беклеп, көңілін тастай түйіп. “Қызымды жетім ұлға бермеймін” деп, Мұзтауынан көше қашты түнде өтіп. Билер қоныс алады салқынменен, Қара сауыр іи болар талқыменен. “Қызымды жетім ұлға бермеймін” деп, Қарабай көше қашты халқыменен. Қарабай жылқы айдайды көш соңынан, Тоқсан құлы келеді көшін жөндеп. “Заманым әлде қандай болады” деп, Кезең асты түйесін қос құйысқандап. Бұдан бұрын жүгірер бабыменен, Жезді айбалта жоғалтты сабыменен. “Жесірі жетім ұлдың кете ме” деп, Тайлақ би кеңес қылды табыменен. Қасы сұлу көрінер мұртыменен, Аққу ойнар балапан көліменен. “Жесірі жетім ұлдың кете ме” деп, Тайлақ би кеңес қылды еліменен. Кісі сұлу көрінер беліменен, Аққу ойнар балапан көліменен. “Жесірі жетім ұлдың кете ме” деп, Тайлақ би кеңес қылды жұртыменен. Қарабай сол көшкеннен әрмән өтті, Шыршық пенен Бассудан көктей өтті. Әзіреттің тауынан аса көшіп, Шолаққорған, Қаракөл жерге жетті. Қарабай сол көшкеннен әрмән өтті, Шыршық пенен Бассудан көктей өтті. “Жетім ұлдың жесірі кете ме” деп, Тайлақ би, он бір кісі соңынан қуып жетті. Қарабай тіпті кетіп қалмақ болды, Бойын сол жерден аулаққа салмақ болды. Артынан Тайлақ би, он бір кісі Кезігіп, өзін байлап, ат-тонын алмақ болды. Қарабай тіпті кетіп қалмақ болды, Бойын сол жер аулаққа салмақ болды. Елдің бәрі жау болып кетпейміз деп, Тағы да жарым кісі қалмақ болды. Қарабай сол көшкеннен әрмән кетті, Арман құлға сөйлеспей елден не өтті? Құба белдің үстіне бір күн түнеп, Құлын-тай сары жонда шөлдеп өлді. Қарабай со көшкеннен құмға келді, Түйенің қомын алмай, Шуға келді. Бетпақтың даласына келгеннен соң, Су таппай құлын-тайы шөлден өлді. – Құлын-тайым қырылды тамам, Қодар, Бір су тауып берсеңші маған, Қодар. Осы жерден бір суды тауып берсең, Ақ Баянды берермін саған, Қодар. Қодар құлдың мінгені – күрең азбан, Аяғын ақсай басып қоразданған. Қарабайдың бір айтқан сөзіменен Тоғыз құдық Қодар құл жалғыз қазған. Қарабай со көшкеннен әрмән өтті, Арман құлға сөйлеспей, елден не өтті. Со көшкеннен түйенің қомын алмай, Ұзынбұлақта жатқан жерге жетті. Қарабай со көшкеннен әрмән өтті, Арман құлға сөйлеспей елден не етті. “Мұның барған жерін көрейін” деп, Сонда Айбас құл артынан еріп кетті. Қарабай сол көшкеннен тағы салды, Қодар құлдың, ойласам, жоқ арманы. Со көшкеннен түйенің қомын алмай, Абылайдың Көкшетау соған барды. Шаңырақты көтерген қалам дейді, Адамзатқа бұйырған сәлем дейді. – Қодаржан, жақсы қоныс тауып берсең, Ақ Баянды берермін саған, – дейді. Қодар құл сол заманда жанның ері, Тоқсан құлдың ішінде көкжал бөрі. “Жақсы қоныс, Қарабай, мен табайын, Алты құлаш бедеуді әпкел бері!”. Қодар құл сол бедеуге мініп алды, Екі месті байланып суға барды. Қодар құл сол бедеуге мінгеннен, Бұлдыр қағып кідірмей Құсмұрынға барды. Кідірмей Құсмүрынға жетіп барды, Үйде жатқан Баянды көңіліне алды. Құсмұрыннан болжайды Аягөзді, Ағып жатқан Аягөз суға барды. Ағып жатқан Аягөз суға барды, Екі месті толтырып құйып алды. Аягөзден бедеуді бір қаптырып, Екі месті байланып қайта салды. – Қарабай, суды тауып келдім, – дейді, Сондай жақсы қонысты көрдім, – дейді. Бедеу тартып месімді жүре алмай, Азап көріп далада өлдім, – дейді. Қайыспас қара болат емен-ді енді, Қарабай кетіп қалды төменге енді. Күн бұрыннан түйесін қомдап алып, Аягөзді бет қойып жөнелді енді. Қарабай Аягөзге келді жетіп, Жетіп, түйенің қомын алды шешіп. Аягөзде жақсы қоныс тапқаннан соң, Қалмақтан кісі шүйіншілеп келді жетіп. Манап ханның шүйіншісі келді дейді, “Баян сұлуды балама берсін” дейді. “Бұ Баян билегенін білмеймін, – деп, – Қодар білсін” Қарабай депті дейді. Манап ханның шүйіншісі келді дейді, “Баян сұлуды балама берсін” дейді. Қодар құлдың күші көп болғаннан соң, – Өлсем де Ақ Баянды бермеймін, – дейді. Манаптың уәзірі қайтып барды, Қарабайдың ақылын тартып барды. “Қодар деген бір құлы бермейді” деп, Со жауапты Манапқа айтып барды. – Ерулікке шақырдым, келсін, – дейді, Менің қызығымды көрсін, – дейді. Қодарға бұ сәлемімді айта бар, – деп, Баянды ұлыма берсін, – дейді. Менің қызығымды Қодар көрсін – дейді, Баянды менің ұлыма берсін, – дейді. Менің тағы жалғыз қызым бар еді ғой, Қодаржан сол қызымды алсын, – дейді. “Шақырған соң Манапқа барайын да, Ерулікке қызығын көрейін де. Хан жарлығы тегін де болмайды, Амалым жоқ, Баянды берейін де”. “Шақырған соң Манапқа барайын да, Ерулікке қызығын көрейін де. Көреріме келбеті тәуір болса, Манаптың жалғыз қызын алайын да”. Шақырған ерулікке, соған, жүрді, Үйінде еркек адам қалмай жүрді. Жер аулақта Баянға сөйлескелі, Айбас құл үй жағына қайта жүрді. Айбас құл үйге қарай жүріп келді, Жақсы сөздің боларын біліп келді. Үй аулақта Баянға сөйлескелі Баянның күймесіне кіріп келді. – Сен, жаман құл, күймеме неге кірдің? Алыс жерден жауаптан нені білдің? Жаман құлдар, білмейсің кетерімді, Қарабайдың көп құлы сенен өлді. –Е, Баянжан, сөз айтамын, аңда, – дейді, Кей мінезің өзіңнің тар ма? – дейді. Сені Манаптың жалғыз ұлына бермек болды, Атастырған жеріңіз бар ма? – дейді. –Әкеміз жас күнінде мерген екен, Талай аңды атып-ақ жүрген екен. Аңда жүріп бір ханмен жолдас болып, Соның жалғыз ұлына берген екен. –Қозыкемнің Баяны сен едің-ай, Сарыбайдың інісі мен едім-ай. Өзіңнен таза жауап есіткелі Елден еріп соңынан жүр едім-ай. –Е, икім, бұ тіліңе сенейін-ай! Икемге бұрынғымнан көнейін-ай. Апарып Қозыкеме табыс қылсаң, Қолымнан алтын жүзік берейін-ай. –Е, Баянжан, бұ жауапты айтайын, – деп, Сенің де ақылынды тартайын – деп. Аузыңнан таза жауап есіткен соң, Мен жүрмін үйіме қайтайын, – деп. –А, икім, бұ тіліңе сенейін де-ай, Икемге бұрынғымнан көнейін де-ай. Қозыкеме апарып табыс қылсаң, Алтын-ды тақиямды берейін де-ай. –Е, икім, бұ тіліңе сенейін де-ай, Икемге бұрынғымнан көнейін де-ай. Өз көзімдей Қозыкем көрсін-ай деп, Алтын-ды домбырамды берейін де-ай. Айбасқа сол сәлемінен бәрін берді, Азығы таусылмастай салып берді. Жүйрік, жақсы аттарға мініп алды, Асыл, жақсы киімнен алып берді. Асыл, жақсы киімнен алыпты енді, Жүйрік, жақсы аттарды мінді енді. Бір Ысты, бір Телеуді қосшы қылып, Айбас құл үй аулақтан жөнелді енді. Айбас құл сол салғаннан тағы салған, Бір Ысты, бір Телеуді жолдас қылған. Қол қобдиы жанынан түсіп қалып, Мынау “Сандықтас” дейтін жер сонан қалған. Айбас қашты бес торы ат бедеуменен, Бір Ысты жолдас қылды Телеуменен. “Заманым әлде қандай болады?” деп, Бір қысқаш, бір балға алды егеуменен. Айбас құл сол салғаннан тағы салған, Бір Ысты, бір Телеуді жолдас қылған. Қос атқа алған бедеуі тұрып қалып, “Жауыр тауы” дейтұғын сонан қалған. Айбас құл сол салғаннан тағы салған, Бір Ысты, бір Телеуді жолдас қылған. Қол бақыры қабымен қалып қойып, “Темірші мен Қазанқап” сонан қалған. Айбас құл сол салғаннан тағы салған, Бір Ысты, бір Телеуді жолдас қылған. Жорға құнан бір жерде тұрып қалып, “Жауыр жорға” дейтұғын сонан қалған. Айбас құл сол салғаннан тағы салған, Бір Ысты, бір Телеуді жолдас қылған. Арықтаған бір айғыр тағы қалып, “Шұбарайғыр” дейтұғын содан қалған. Айбас құл сол салғаннан тағы салған, Бір Ысты, бір Телеуді жолдас кылған. Ағып жатқан суға домбыра кетіп, “Домбыра кеткен” дейтұғын сонан қалған. Айбас құл сол салғаннан тағы салған, Бір Ысты, [бір] Телеуді жолдас қылған. Бір ұйықтаған жерінде тақия қалып, “Тақия қалған Моншақтау” сонан қалған. Айбас құл сол салғаннан тағы салған, Бір Ысты, бір Телеуді жолдас қылған. Көк жамшысы артынан түсіп қалып, “Жамшы” деген өзен су сонан қалған. Айбас құл сол салғаннан тағы салған, Бір Ысты, бір Телеуді жолдас қылған. Тоқырауын бойында үш күн жатып, “Тоқырауын” бойы да сонан қалған. Айбас құл сол салғаннан тағы салған, Он күншілік жерлерді бір күнде алған. Сол салғаннан келеді тізгін тартпай, Мұз тауындағы өзінің үйіне барған. Ойпаң жерге қар жауса, белден күртік, Торы ат жорта алмады майдан кілкіп. Мұз тауында Айбас құл үйге барса, Сонда Жаңыл шығады бетін жыртып. – Жеңеше, Құдай сақтап келдім аман, Бұрынғыдай болар ма бізге заман. Біз кеткелі талай-ақ күн боп кетті, Аман-есен жүр ме екен жалғыз балаң? Күнінде санаймын шырағыма, Меккедегі бір ағаш пырағыма. Оны естісе, бұл жалғыз тұрмас мында, Суық сөзді түсірме құлағына. Қозыкем жүз баламен ойын салды, Ысты мен Телеуді ертіп алды. Келді де жүз баламен ойын салды, Жүзінің қақ жартысын жығып салды. Жүзінің қақ жартысын жығып салды, Ысты ағасы Қозыкеме болыспай тұрып қалды. “Маған неге болыспай тұрдың сен?” деп, Қозыкем Ысты ағасын қаға салды. – Қу жетім, бұ қылығың жөн бе еді, – деп, – Сенен менің көңілім кем бе еді, – деп. Қарап тұрған кісіні ұрып тұрып, Ақ Баяннан айырған мен бе едім, – деп. Қозыкемнің қолында алтын асық, Келе жатыр Қозыке балпаң басып. –Алтын сақам берейін, ой, тазшеке, Айтып бер әлгіңді хатқа басып. –Жатқаныңан тұрғаның қояндай, Көкірекке бұл сөзің аяндай. Сен сұрасаң, Қозыкем, мен айтайын, Әкең қосып кеткен Баянды-ай. Қозыкем ойын ойнар дүкен құрып, Ашуланса, кетеді топты бұзып. Алтын сақа келеді тастай-тастай, Бір кемпірдің өрмегін кеткен үзіп. – Қу жетім, бұл қылығың жөн бе еді, – деп, Сенен менің көңілім кем бе еді, – деп. Қарап тұрған өрмегім үзіп кетіп, Ақ Баянды айырған мен бе едім, – деп. Со кемпірдің қасына жақын келді, Өрмегін келді дағы жалғап берді. Алдап-сулап арқаға қаққан болып, –Енеке, әлгінді айтшы, – деді. –Бұл бала меніменен ерегіскен, Өзі жетім бір сорлы күнін кешкен. Қарабай Мұз тауынан асып кеткен, Қодар деген бір кұлы еріп кеткен. Он сан ноғай болғандай Орманбет ол, Ордың қара ағашы болғанда бөктерлер ол. “Қызымды жетім ұлға бермеймін!” деп, Қарабай көше қашып кеткені ол. –Қаңқылдап қаз келеді атайын да, Бидай қуыр қолыңнан татайын да. Атым сайла, шешеке, тоным сайла, Әкем қосқан Баянға жетейін де. –Қалыңын қар ағашын қарайтады, Баянның қара шашын талайтады. "Баян" деген сөзіңді жаңа есіттім, Жағы түскір жүгірмек, кім айтады? –Бұ сөзді жас айтады, кәрі айтады, Қимылдаған жандардың бәрі айтады. Асық ойнап жүргенде бала айтады, Өрмек қаққан бір кемпір тағы айтады. –Жаңа шыққан солқылдак тал ма, балам, Тілімді алсаң, бүл жолға барма, балам. Жетім ұлды тентіреп өлсін, – дейді, Кемпір түгіл шал айтса, нанба, балам. –Мен Баянға барамын күн қайтқанда, Мұнда қайтып келермін жыл қайтқанда. Шешеке, өзге-өзгесін не қылайын, Сай сүйегің сырқырар кісі айтқанда. – Қара бұлт келеді маңдай болып, Кескен қайың жатады жеңдей болып. Мұны саған сыр қылып айтқан кісі Қара шашы жайылсын мендей болып. Жас күнімде жүргемін жайға, – дейді, Нешік амал қылармын айла, – дейді. Ер жеткелі көзіме көрінбейді, Шешеке, сенің малың қайда? – дейді. Тоғыз мың дәурен өткен тоқсан қатар, Атаңнан жалқы тудың өзің татар. “Жаста қалған жалғызым ержетсін” деп, Біткен малдың бәрі де отта жатыр. Темір кебіс Қозыкем киіп алды, Темір таяқ қолына ұстап алды. Екі етегін беліне түріп алып, Отта жатқан малына жаяу салды. Пайғамбар бізден бұрын өтті дейді, Тілеулі арыстан кемелге жетті дейді. Толып жатқан бір қойға келді дағы, “Бұ қойыңыз кімдікі?” депті дейді. –Кім айтар “Жалшылықпен күн өтсін” деп, Жылаймыз: “Сарыбайға кім жетсін?” деп. Сарыбайдан Қозыкем қалып еді, Бағып жүрміз бұ қойды ер жетсін деп. –Қойды баққан ағалар сен едің, – деп, Үйден шығып мен жаяу келемін, – деп. Ер жетсін деп, бұ қойды бағып жүрсең, Жаста қалған жалғызың мен едім, – деп. – Қарағым, жетім қалдың қандайыңнан, Өзің татар солқылдақ сондайыңнан. Жаста қалған жалғызын таныған соң, Иіскелеп жылады маңдайынан. Өзі жаяу Қозыкем келді мойып, Малын көріп, көңілі кетті тойып. Жаста қалған жалғызын таныған соң, Қойшылары той қылды қошқар сойып. – Өлеңнің ақиқаты жар-ай, – дейді, Сегіз ұжмақ бейісін сарай, – деді. Үйден шығып келемін әлі, – деді, Жылқы жөні, ағалар, қалай? – деді. – Заман ақыр болғанда, күтіп жатыр, Арғы ауылдың қоңыр жолы үйдей татыр. Жылқы жөнін, шырағым, сонан сұра, Қара сеңгір баурында сиыр жатыр. Пайғамбар бізден бұрын өтті дейді, Әркім әлгі бір зауал жетті дейді. Толып жатқан сиырға кез болды да, “Бұ сиырың кімдікі?” депті дейді. –Кім айтар: “Жалшылықпен күн өтсін” деп, Жылаймыз: “Сарыбай ханға бір жетсін” деп. Сарыханнан Қозыкем қалып еді, Бағып жүрміз сиырды ер жетсін, – деп. –Үйден шығып мен жаяу келемін, – деп, Сиыр баққан ағалар сен бе едің, – деп. Ер жетсін деп сиырды бағып жүрсең, Жаста қалған Қозыкең мен едім, – деп. –Қарағым, жетім қалдың қандайыңнан, Өзің татар солқылдақ сондайыңнан. Жаста қалған жалғызын таныған соң, Иіскелеп жылады маңдайынан. Өзі жаяу Қозыкем келді мойып, Малын көріп, көңілі кетті тойып. Жаста қалған жалғызын таныған соң, Сиыршы да той қылды бұқа сойып. – Бір жақсы, бір жамандық орай, – дейді, Жастай бейнет көп көрдім талай, – дейді. Үйден шығып келемін әлі жаяу, Ағалар, жылқы жөні қалай? – дейді. – Болғанда заман ақыр күтіп жатыр, Арғы ауылдың қоңыр жолым үйдей татыр. Қарағым, жылқы жөнін сонан сұра, Сарысудың бойында түйең жатыр. Пайғамбар бізден бұрын өтті дейді, Әркім елге бір зауал жетті дейді. Толып жатқан түйеге кез болды да, “Бұ түйеңіз кімдікі?” депті дейді. – Кім айтар: “Жалшылықпен күн өтсін” деп, Жылаймыз: “Сарыбай ханға кім жетсін?” деп. Сары ханнан Қозыкем қалып еді, Бағып жүрміз түйені ер жетсін, – деп. –Үйден шығып мен жаяу келемін, – деп, Түйе баққан ағалар сен едің, – деп. Ер жетсін деп түйені бағып жүрсең, Жаста қалған Қозыкем мен едім, – деп. –Қарағым, жетім қалдың қандайыңнан, Өзің татар солқылдақ сондайыңнан. Жаста қалған жалғызын таныған соң, Иіскелеп жылады маңдайынан. Өзі жаяу Қозыкем келді мойып, Малын көріп, көңілі кетті тойып. Жаста қалған жалғызын таныған соң, Түйешілер той қылды бура сойып. Өлеңнің ақиқаты жар-ай дейді, Сегіз ұжмақ бейісін сарай дейді. Үйден шығып келемін әлі жаяу, Жылқы жөні, ағалар, қалай? – дейді. Шай пісер кайнағанда самасында, Жамандық кас пен көздің арасында. Айырсақал ішінде бағып жүрген Жылқың жатыр ақ дария жағасында. Жылқысына Қозыкем келді дейді, Біткен малдың бәрін де көрді дейді. Сан жылқының ішінен таңдап жүріп, Күреңкейді астына мінді дейді. Жылқысына Қозыкем келді дейді, Біткен малдың бәрін де көрді дейді. Қырық биені әкпеліп тізіп алып, Үйге қарап сонан соң жүрді дейді. Қырық бие әкпеліп кіргізді енді, Еліменен жұртына білгізді енді. “Ақыл тегін бәрінен сұрайын” деп, Бәрін де жосын-жосын кіргізді енді. – Азығынды артарға түйе ал, балам, Азығыңа бір семіз бие ал, балам. Тілімді алсаң, осы жолға барма, балам, Қарабайдың Қодары қиял, балам. Арқарды атар мерген мүйізіне, Найза сынар, шанышқанда, ұңғысында. “Олардан ақыл тегін сұрайын” деп, Қыз-бозбала келіпті құрбысына. –Өзен суды жағалап бітер камыс, Аяғы жорға малдың келер шалыс. Жанды кісі жесірін жіберер ме? Ат басына соғыссаң болар намыс. –Атаңнан жалқы туған ер едің, – деп, Тең құрбыңның ішінде сері едің, – деп, Мен айтпасам, сырымды кім айтады, Қарақозы құрдасың мен едім, – деп. Бұ Күреңкей мінуге жарамайды, Жаман ат алысқа бара алмайды. Қозыкем, жақсы ат таба алмасаң, Баян сұлудың жолына бара алмайды. Сарыбайдың жақсы аты екеу, – дейді, Ақбуыршын мен Көкбуыршын екеу, – дейді. Әкеңнің өзі өлгеннен соң, Аспанға ұшқан ол екеу, – дейді. Мұз тауынан ар жағында барсаң, – дейді, Жеті айшылық жерге келсең, – дейді. Алтын астау, күміс астау бар болар, Сол екі ат тауып барып алсаң, – дейді. Қозыкем Мұз тауына барған екен, Екі буыршынды астауменен алған екен. Екі буыршын ат мініп алып, Шауып барып үйіне қайтқан екен. Қайыспас қара болат емен-ді енді, Қарабай кетіп қалды төмен дейді. Кеңшілік шешесі бермеген соң, Ыңыршақ ерге мініп жөнелді енді. Ер Қозыкем аттанды тәубе етіп, Шешесі соның жылар “Есен жет” деп. Екі емшегін алдына тең шығаріп: –Тым болмаса, мынаны еме кет! – деп. Қарағым, бұ барғаннан қош барғайсың, Етегін алтын тонның бос салғайсың. Қыз қызығы, қарағым, қиын болар, Үйде қалған шешеңді еске алғайсың. –Шешеке, бұ барғаннан қош барайын, Етегін алтын тонның бос салайын. Намысыма барамын жұртым үшін, Тірі жүрсем, шешеке, еске алайын! “Аман да бол” дейді де, кетті дейді, Көз жеткісіз дариядан өтті дейді. Со жүргеннен келеді тізгін тартпай, Келіп-ақ талай жерге жетті дейді. Қозыкем азығына май алады, Жүре берсе, көп жерге таянады. Алтын құдық алдында қайнап жатыр, Малып алса, айдары боялады. Қарабай әуел бастан күйі күпті, Ақбуыршын, Көкбуыршынмен мойығыпты. Салқа жортып келген ер Қозыкем Тағы да бір кемпірге жолығыпты. Кемпір айтты: – Е, балам, кірің, – дейді, Әзір ас бар, ішіңіз үйде, – дейді. Атың арық болғанда, жүзің сарық, Нағып жүрген адамсың, сөйле! – дейді. – Мінгенде атым астында ақтан кермін, Далада жортып жүрген мен бір ермін. Мені сұрап не етесің, ай, енеке? Ауылын Қарабайдың іздеп жүрмін. –Қалай-қалай сөйлейсің хан қылғандай, Қарабайдың ауылын тал қылғандай?! Түсе қалып, атыңның демін алдыр, Ауылы үлкен ханның табылғандай. –Аягөздің бойына бітер қайың, Мұңды болған Баянды жұбатайын. Түрегеліп аулының жөнін көрсет, Атымды біротала суытайын. –Мінгенде астыңда атың кер-ді, балам, Киген тоны алтынмен зер-ді, балам. Қарабайдың ауылын көп сұрайсың, Қарабай нең болады сенің, балам? –Мінген атым астымда кер, енеке, Киген тоным алтын мен зер, енеке. Қарабайдың ауылын көп сұрасам, Баян қыздың күйеуі – мен, енеке. –Бір сөз айтсам балам-ay, күлермісің, Біздікінде аял қып жүрермісің. Баян қыздың күйеуі сен болғанда, Кіндік енең мен едім, білермісің? – Енеке, со сөзіңе күле алмадым, Аял қып сіздікіне жүре алмадым. Баян қыздың күйеуі мен болсам да, Кіндік енем сіз болсаң, біле алмадым. Енекем, көрсет десем ерінеді, Түрегелсе бір жері кемір ме еді. Еркін көзім жетпеді, ей, енеке, Қарауытып бір нәрсе көрінеді. –Ерінеді дейді екен сенің ойың, Сәрсенбі күн қылады қыздын тойын. Қарауытып көрінген – атаң бойы, Қасындағы Қара адыр – жайған қойы. –Қарауытып көрінген Қарабай ма, Қарабайды көрсетер Тәңірі бар ма! Қарабайдың аулына барған болсам, Баян деген бір сұлу қызы бар ма? –Ата-тегін айтамын тең білгендей, Ақылымды айтамын жөн білгендей. Қарабайдың үйіне әуес едім, Баян деген қызы бар мен білгендей. Менің айтқан сөзімді қостап барсаң, Атың менен тоныңды тастап барсаң. Өзің тағы құбылып тазша болып, Бетіңе жаман киім ұстап барсаң. Қозыкем айтты: – Разымын бұ сөзіңе, Тәуеп қылып жүре бер оң көзіме. Кекілімнен бір қылды тұтатқанда, Сонда пайда болармын мен өзіңе. Қозыкем атын тастап жүре берді, Бейне қардай еседі қара жерді. Салқа жортып келгенде ер Қозыкем, Қарабайдың малына душар келді. Мінгені ер Қозыкем кер құла-ды, Кер құланың сауырысын тер қылады. Қарабайдың қойшысын ұстап алып, Бұттан алып тазшасын жерге ұрады. Со тазшаның киімін киіп алды, Сықылды со тазшадай бола қалды. Бұрын қойды жаймаған сорлы шіркін, Ауыл жөнін білмей сол кешке қалды. Қарабай келе жатыр жер сабалап, Астындағы көк шолағын бек төбелеп. “Мұнша қойды сен түнде әпкелдің” деп, Ашуланып келеді бірдеме деп. – Кебенектің бір шетінде ұйықтаппын, Күнге бүйтіп қарап ұйықтаппын. “Адастың” деп, Қарабай, сөге көрме, Әлі де болса ауылыңа жуықтаппын. Азырақ аттың басын тарт, Қарабай, Шапшаңырақ үйіңе қайт, Қарабай. Бүгінгі күн қарыным ашып келді, Ат жалында жауларға ас, Қарабай! Ат мінесің, Қарабай, бек тағалап, Ақсақ қасқыр аулыңды жүр сағалап. Қу бас інген үйіңде шөгіп жатыр, Бозша тайлақ жүреді жар жағалап. Судың көркі көк ырғай тал-ды дейді, Адам көркі киім мен мал-ды дейді. Шапшаңырақ үйіңе қайт, Қарабай, Тоғайда қашағаның калды, – дейді. –Бағана бесін еді мен кеткелі, Қабағыңа қарадым ер жеткелі. “Ат жалында жауларға ас” дейді ғой, Ойбай, балам, тазшаның ол неткені? –Үйіңе шапшаңырақ қайт, – дегені, Азырақ аттың басын тарт, – дегені. Ат жалында жаулауға ас деп айтса, Ат үстінен темекі тарт, – дегені. Жаз алты ай, қыс алты ай – он екі айды айтқаны, Бозша тайлақ дегені бізді айтқаны. Қу бас інген дегені шешемді айтқаны, Ақсақ қасқыр дегені – тазша дағы. Баянның зерделі қойы болған екен, Ол қой Қозыкемді таныған екен. “Бір аяғымды ақсап қала берейін” деп, Сен Баянды шақырып ал” деген екен. Қарабай ерте тұрып қақырады, Баянның қара нары бақырады. “Жол үстінде зерделі қой қалды” деп, Қозыкем тазша болып шақырады. Жайлауы Қарабайдың Сарыбелде, Қара жорға салдырып Баян келді. – Не еткесің сындырып, шұнақ тазша, Қойымды шапшаңырақ ап бер, – деді. Қоңыр қойдың қасына Баян барды, Артынан ер Қозыкем тағы барды. Қойын алып алдына өңгерткен боп, Баянның тақымынан шымшып салды. –Қоңыр қой ұстайды деп қашпа, – дейді, Тазша құл ұстаған соң саспа, – дейді. –Ит шіркін, жемес астан үміт қылып, Шымшығаның не еткенің, тазша? – дейді. Қозыкем Көкбуыршынға мінді дейді, Жат ініне қызыл түлкі енді дейді. –Итке кімді теңейсің, аңқау бейбақ? Әкең қосқан асық жар кім-ді? – дейді. –Тазша құл, менің жарым сендей ме еді, Зәуде мұнда келсе өлмей ме еді? Менің жарым сол мында нағып келсін? Үйіндегі шешесін жемдейме еді. –Шешемнен білмедің бе кеткенімді? Дариядан көпір салып өткенімді. Айтып тұрсам, білмейсің аңқау бейбақ, Артыңнан тазша болып жеткенімді. –Көш алдынан мінгенім күрең жорға, Құлағына қыз тағар алтын сырға. Сен тазшаның көңілің өскен екен, Басыңды алдырайын тоқсан құлға. – Мінгенім көш алдына күрең жорға, Күнің де өтіп барады жылдан-жылға. Мың бір әлем сөз айтсаң, бұрылмаймын, Енді бар да тие бер Қодар құлға. Қозыкемнің мінгені ақтан кер-ді, Баян қыз көріп пе едің мендей ерді? Бір сөзінің ішінен кып алды да, Қырын қарап жөн тартып жүре берді. Кеш болып Баянжан ұйықтап қалды, Ер Қозыкем күймесіне кіріп барды. Кіріп барып, жерде жатқаннан соң, Күймесі күндей болып жарық болды. Баянжан сол жарықтан оянды енді, Түрегеліп, “Таң атты” деп ойланды енді. “Таң атты” деп тысқары шыққаннан соң, Қап-қара түн болғанын көрді енді. Таң атқан жоқ екенін көрді дейді, Қайтып барып күймесіне кірді дейді. Ер Қозыкем түнде сонда қонып, Алтын-ды айдары шығып жарық болды дейді. –Сені мен танымадым, жалғызым-ай, Қадіріңді білмей жүрдім, шырағым-ай. Басын құшақтап тізесіне салды дағы, Тазша болып неге келдің, шырағым-ай? –Шешеке, бір қуанышты көрдім, – дейді, Ер Қозыкем үйімізге жетті, – дейді. Сіңілімменен күймеге кел жүгіріп, Шырағымның касында жаттым, – дейді. Шешеке бір қуанышты көріп алды, Баян мен Қозыкемді көріп қалды. Сіңілісі мен шешеке қол ұстасып, Бесеуі сағынып бұ жерде отырып қалды. – Мен, Қозыкемнің Баяны мен едім-ай, Сарыбайдың жалғыз ұлы сен едің-ай. Атам менен Сарыбай жолдас болып, Со жаңғыз ұлына мені бергені-ай. Баян менен Қозыкем жатты екеуі, Белден төсек алтын шымылдық салды екеуі. Ішінде екеуі жатып ойнап-күліп, Алма, шекер жеп тұрды екеуі. Баян менен Қозыкем жатты екеуі, Белден төсек алтын шымылдық салды екеуі. Түрегеліп ерте тамақ ішкен соң, Көңілі сонша жақсы болды дейді. Бір жерде жатқанын көрді Қодар, Көрді дағы жақсыларға айтты Қодар: – Баянжан тазшамен бір жатыр, – деп, Жиылған жақсыларға айтты Қодар. Бір жерде жатқанын көрді дейді, Көрді дағы жақсыларға айтты дейді. Тазшамен жатқанын білгеннен соң, “Кім болса да, тазша келсін” дейді. Қозыкем жатқан жерден тұрған екен, Алтын мен күміс тонын киген екен. Көкбуыршынды ерлеп алып соған мінді, Баянжанменен екеуі жүрген екен. Алтын менен күміс тонын киді енді, Көкбуыршынды ерлеп алып мінді енді. Әдемілігі күн мен айдай болып, Алты қанат ақ үйге жетті енді. Үйге жетіп, Қозыкем аттан түсіпті, Есікті ашып Қозыкем үйге кіріпті. Алтын шымылдық жерге жайып отырғызып, “Іш, мырза” деп арақ пен шарап ұсыныпты. Ер Қозыкем ішкеннен соң мас болған, Аяғы шалқып жығылайын деп анда тұрған. Тысқардан Баян жабығын ашып қарап, “Жүр, Қозыкем, шық енді” деп шақырған. Баянжанның көзіне көзі түсіп, Көзіне түсіп желбауын тұрды басып. Шаңырақтан қарғып шығып кетіпті, Баянменен екеуі атына жүрді мініп. Қозыкем көп жерге кетіп қалды, Арақ ішіп, мас болып өзге жұрт білмей қалды. Алты құлаш ала айғырға мінді Қодар, Артынан қуып бір жерде жетіп алды. Қозы Көрпеш оқпенен салып қалып еді, ала айғырдың аузынан тиіп, оқ артынан шыкты, ала айғыр шөгіп жата қалды. Ала айғырдың төрт аяғын буып, Қодар мойнына салып, арқалап үйіне барды. Қозыкем Баянменен аулақ жерге шығып кетті. – Бізді алып үйіңе қаш! – деп Баян айтты. – Алып кетпеймін, – деп Қозыкем айтты. – Мен алсам, жұртты разы қылып аламын, – дейді. Қарабайдың қызын өзінің үйіне қайтарып жіберді. Қозы Көрпештің өзі Аягөздің аяғында Шоқтеректің түбіне барды да жатты. Ұйықтағалы отыр еді, қасына бір ақ сәлделі адам келді. – Е, Қозы Көрпеш, ұйықтайын деп отырмысың? – деп айтты. Қозы Көрпеш: – Ұйқым келіп отыр, – деді. Онда әлгі адам айтты: – Қозы Көрпеш, мен – ата-бабаңның аруағымын. Маған атыңды бер, үстіңнен тоныңды бер, мылтық қаруынды бер. Мен қарауылға шығайын. Мұның өзі ен жер, жау бар шығар, – дейді. Қозы Көрпеш бәрін берді. Жатып ұйықтады. Әлгі кісі барып қарауылға шықты, шығып жатып ұйықтап қалды. Қодар Қозы Көрпешті іздеді, іздеп жүріп келді, қарауылда жатқан әлгі адамды көрді, көргеннен соң келіп соның басын алмаспенен кесіп алды, қанжығасына байлады, үйге қайтып келді. Қодардың бәрекелді тентегіне, Торы құнан жүрмейді жетегіне. “Ал байыңның басы!” деп тастай берді, Баян тосып алады етегіне. Бәрекелді Қодардың көкшесіне, Екі басып бір қарар өкшесіне. “Ал, байыңның басы!” деп тастай берді, Баян қағып салады текшесіне. Баян жылап, жүгіріп қырға шықты, “Қозыкем мүнда өлді” деп қырға шықты. “Қозы Көрпеш, – Баянға, – өлді”, – десе, Баянның көздерінен жасы шықты. Жұрт жиылып кеңес қылды: – Қозы Көрпештей жақсы төре өлді, – дейді. Бұ жер бізге қоныс болмас. Біз бұ жерден көшіп кетелік, – деді. Ел көшіп үрікті, Жайсаң көлдің жағасына Қарабай кетті, Баян елге еріп жүрмеді, жаңғыз жұртта калды, қасына ешбір адам жуытпады. Қозы Көрпеш, Баянның кіндік енесі бар екен, бұ кемпір ұйықтап жатып түс көрді. Таң атқан соң түсінен шошып жүгіріп қырға шықты. Қырға шықса тозаң, шаң шығып барады екен. “Апырмай, Қозы Көрпешті өлтіріп ел үркіп барады екен-ау” деп кемпір ойлады. Кемпірдің қолында жеті үлкен нар бар екен, он төрт кобдиды жеті нарға артты, көшті, Қарабайдың жұртына келді. Келсе, жаңғыз- ақ Баян отыр, онан баска адам жоқ. – Е, Баян, мұның қалай? Қозы Көрпешті өлтіріп ел үркіп кетті, – деп Баян айтты. Кемпір айтты: – Қозы Көрпештің мұнда бір белгісі бар ма? – деді. Баян айтты: – Қозы Көрпештің мұнда басы бар. Кемпір айтты: –Басын алып маған көрсет. Баян басты алып кемпірге көрсетті. –Бұ бас Қозы Көрпештің басы емес, – кемпір айтты. – Е, Баян, сенен бұрын мен Қозы Көрпешті көріп едім, оның басы алтын, жақсы еді, бұ бас Қозы Көрпеш емес. Сен жылама! Мен бүгін түнде түс көрдім, оң босағамда алтын тұғыр, ақсұңқар қонып еді, менің түсімдей болса, Қозы Көрпеш тірі болмақ еді. Шоқтеректің түбінде ұйықтап жатса керек еді. Мен бұ көшкеннен Қозы Көрпешке барайын, Шоқтеректің түбінде алтын шатырды Қозы Көрпештің үстіне тігейін. Осы сенің қасыңа Қодар бір келер, сен со Қодардың ептеп көзін жоғалтып кел! – деді. – Ай, ата, осы дүние жалған екен, Жан кеткен соң бойыңнан арман екен. Түгендемей айдаппын байғұс басым, Қараша айғыр үйірі қалған екен. – Е, Қодар, сөз айтамын, аңда, – дейді, Өзіңнің қай мінезің тар ма? –дейді. Ақ Баянның мінезі тым-ақ бұзық, Тілімді алсаң, со жұртқа барма! – дейді. Қодар құл Бақа айғырға мініп алды, Мінгеннен соң тебініп шу-шуге салды. “Ақ Баянды мен алмай, кім алар” деп, Жұртта қалған Баянға Қодар барды. – Жаман күң қалдың ба енді айдалада, Төмен қарап кетелік жер панаға. Бәрі сенген құлыңды өлтірдім мен, Енді сені мен алмай, кім алады? Құдай қылып мен қалдым айдалада, Төмен қарап кетелік жер панаға. Жалғызымның сүйегін бір көрсетсең, Енді мені сен алмай, кім алады? – Белең-белең жерлерді белдес, – дейді, Бір көрінген кісіні елдес, – дейді. Жалғызыңның сүйегін көрсетейін, Түрегеліп алдыма мінгес, – дейді. –Белең-белең жерлерді белдесейін, Бір көрінген кісіні не елдесейін. Жалғызымның сүйегін бір көрсетсең, Құдай қылды, қайтейін, мінгесейін. –Белең-белең жерлерді белдес, – дейді, Бір көрінген кісіні не елдес, – дейді. Жалғызыңның сүйегін көрсетейін, Қабырғаңа аз ойлап, кеңес, – дейді. –Ойпаң-ойпаң жерлерді ойласайын, Бір көрінген кісіні қой десейін. Жалғызымның сүйегін бір көрсетсең, Қабырғама сонда ойлап, кеңесейін. –Еріктіріп қасыңда жүрдірші, – деп, Қозы Көрпеш өлгенін білдірші, – деп. Баяғыда аяған ақ бетіңді, Баянжан-ай, аулақта сүйдірші, – деп. –Е, Қодар, ақырын-ақырын, саспа, – дейді, Әзір аулақ, иінімді баспа, – дейді. Енді мені сен алмай, кім алады, Жалғызымның сүйегіне баста, – дейді. – Еріктіріп қасыңда жүрдірші, – деп, Қозы Көрпеш өлгенін білдірші, – деп. Омыраулап Қодар құл еш болмайды, Ай, аулақта бетіңнен сүйдірші, – деп. Ер Қозыкем мінгені өрме жал-ды, Баян кыз Қозыкемді есіне алды. Торғын жауып бетінен сүйдірген соң, Алақандай қарайып дағы қалды. –Еріктіріп қасымда жүрдің бе, – деп, Қозы Көрпеш өлгенін білдің бе, – деп. Баяғыда аяған ақ бетіңді Алақандай қарайтып сүйдім бе? – деп. –Төңіректің төрт бұрышын шалып келдім, Бақа айғырды от жерге салып келдім. Баянжан-ай, аулақта жүр жаталық, Қасына жалғызыңның алып келдім. –Төрт бұрышын төңіректің шалып келдім, Бақа айғырды от жерге салып келдім. Баянжан-ай, аулақта жүр жаталық, Көрпе тігіп төсегің жайып келдім. –Төрт бұрышын төңіректің шалып келші, Бақа айғырды от жерге салып келші. Тіпті сусап барамын, Қодареке, Кебіспенен бір суды алып берші. –Сенің айтқан сөзіңді сүйейін де, Аттан қарғып құдыққа түсейін де. Кебіспенен бір суды алып шығып, Баянмен әзілдесіп ішейін де. Мінгені Қозыкемнің бура жал-ды, Баян қыз Қозыкемді есіне алды. Кебіспенен бір суды алып берсе, Сусап жүрген Баян қыз жұтып салды. Баянның бір пышағы арқар сапты, Баян қыз ашық жарын жаңа тапты. “Не қылығың жоқ еді, Қодар құл” деп, Бұйда пышақ жүректен періп қапты. – Жүгіңді қара нарға артшы, Баян, Апеке, енді райдан қайтшы, Баян. Су ішінде ойнаған ойының құрсын, Жылдамырақ шығайын, тартшы, Баян. Мінгені ер Қозыкем өрме жал-ды, Баян қыз Қозыкемді есіне алды. –Не қылығың жоқ еді, Қодар құл, – деп, Бұйда пышақ жүректен тағы салды. Қодар құл тұра алмады бек жарадан, –Жаман күң айырылдың ба көп пәлеңнен?, Су ішінде қор қылып өлтірдің бе? Ақ тікен боп шығармын екі араңнан. Мінгені Қозыкемнің бура жал-ды, Баян қыз ашық жарын есіне алды. Қодарға бір амалын өткізгелі, Қодарды шашқа байлап суға салды. Ойпаң жерге қар жауса, белден күртік, Торы ат жорта алмады майдан кілкіп. Қодардың кеудесінен жан шыққан соң, Тастады қырық құлаш шаштан қырқып. Баян өлген кісіге келіп, “Қозы Көрпеш осы болар ма?” деп қыз жылайды: – Жалғызым, жатырмысың жалғыз оққа, Сен де арқаңнан күн өтіп жаның жоққа. Атасы бай болса да қыз бермеңіз, Артында құйрығы жоқ, жалы жоққа. Жалғызым, жатырмысың жайнай-жайнай, Көрсем, ішім күйеді оттай кайнай. Сені өлтірген Қодарды мен өлтірдім, Қозыке, түрегелші, күліп-ойнай! Жалғызым, жатырмысың жайнай-жайнай, Көрсем, ішім күйеді оттай қайнай. Өштес, кектес Қодарды алып келдім, Қозыкем, түрегелші енді сайрай! Жалғызым, жатырмысың жер бауырлап, Қара жүнді қасалақ оқты ауырлап. Шыбын жаның бар болса, түрегелші, Баян келді қасыңа құстай зырлап. Жарқыным, жарықтығым, жан жолдасым, Баян келді қасыңа жандай досың. Елің менен жұртыңнан тірі айрылып, Қарағым, неге келдің бір мен үшін? Жарқыным, жарықтығым, жан жолдасым, Баян келді касыңа жандай досың. Елім менен жұртыма тірі кіріп, Қарағым, мен де келдім бір сен үшін. Баян қыз Көкбуыршынға мінді дейді, Сол өлген кісіні алды да, жүрді дейді. Атқа мініп cap желіп келе жатса, Тігілген алтын шатыр көрді дейді. Көрінген соң қуанып күлімдейді, Іш қайғысы өзіне білінбейді. Буыршынменен шатырға келсе жетіп, Қозыкем құлаш ұрып түрегелді. – Жарқыным, жарықтығым, жан қарағым, Шын ақсүйек кендірім, кең балағым. Көзден таса болғанда, қандай болдым, Іште жатып қосылған ақ тамағым. Жарқыным, жарықтығым, жан қарағым, Сауылдап жанып тұрған шамшырағым. Көзден таса болғанда, қандай болдым, Іште жатып қосылған, ай, шырағым. Қарағым, айналайын, шырағым-ай, Келді ме менің даусым құлағыңа-ай. Көзден таса болғанда, қандай болдым, Өзің түгіл зар болдым тырнағыңа-ай. Апырай, өңім бе едің, түсім бе едің, Тіріде менің көрер ісім бе едің? Әуре-әрсаң қылып, қайда кеттің, Шынымен Құдай қосқан кісім бе едің? Екеуі алтын шатырда ойнады, күлді, екеуінің тамағын кемпір қылып берді. Сонда Қозы Көрпешті Айбас үйінен іздеп келді. Айбастың Қарабайдың елінде Парманбек деген досы бар екен, сол Айбас келді деп есітіпті, Қозы Көрпештің екі балдызы, інісі “Қозы Көрпеш тірілді” деп о да естіпті. Парманбекпенен төртеуі іздеп шығыпты. Бір күншілік жер қалғанда Құдайдың құдыретімен күн жаман боран болды. Қозы Көрпештің екі балдызы, інісі боранда үсіп өлді. Парманбек өзі өлмей-ақ Айбастың қасына келіпті, қүшақтасып көрісті, екеуі жыласты. Үш күннен соң Айбас Алладан тағдыр жетіп өлді. “Қозы Көрпеш өлді” деген хат жазды, екі Буыршынның кекіліне байлады, екі Буыршынды Мұзтауындағы өзінің еліне жіберді, екі Буыршын аспанменен ұшып барды. Тайлақ би онда бас болып елі-жұрты жылады, кекіліндегі хатты оқыды, көрсе, “Қозы Көрпеш өлді” деген хаттың тілі бар екен. Тайлақ би бас болып, ол төрт сан қол аттандырып жүрді. Қозы Көрпештің шешесі Жаңыл Күреңкейге мініп о да жүрді. Ол төрт сан қол келді, қанша күн болса да, келіп жетті. Қозы Көрпешті көрді, аманын, есенін білді, шешесімен жыласып көрісті. Қарабайдың елін қуды, төрт сан қол Жайсаңкөлдің қасына жетті, оны қайтарып айдап келді. Айбасқа бейіт қылды. “Қозы Көрпештің жатқан жері” деп, “қызық көрген жері” деп ат шаптырып той қылып, қалған жұртын Мұзтауына Тайлақ би қайтарып айдап кетіпті. Қозы Көрпеш өлмей тірі кетіп, Аягөзде тұрған бейітінің сүйегі Айбастың өлтірген аруақтың сүйегі. Қозы Көрпештің суретін салды, Баянның өңін, келбетін салды. Қодардың өңін, келбетін салды. Аяған деген өзен бар екен, Қозы Көрпештің інісі сол екен. Ай деген өзен бар, Ай деген балдызын соған қойыпты, Таңсық деген балдызын соған қойыпты.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.