Қозы Көрпеш (М.Ж. Көпейұлы нұсқасы)

Жаратқан жан біткенді бір Құдай-ды, Жаратты жарық үшін күн мен айды. Бұрынғы ноғай-қазақ заманында, Сөйлеймін Қарабай мен Сарыбайды. Жарасқан нар түйеге биік өркеш, Мен сөйлесем, жұрт тыңдар ертеңді-кеш. Екеуін сәтті күні Құдай қосқан, Баянға ғашық болған Қозы Көрпеш. Сөз қылдым Қарабай мен Сарыбайды, Ноғайлыны екеуі а...

Қазақша
Қозы Көрпеш (М.Ж. Көпейұлы нұсқасы)
Жаратқан жан біткенді бір Құдай-ды, Жаратты жарық үшін күн мен айды. Бұрынғы ноғай-қазақ заманында, Сөйлеймін Қарабай мен Сарыбайды. Жарасқан нар түйеге биік өркеш, Мен сөйлесем, жұрт тыңдар ертеңді-кеш. Екеуін сәтті күні Құдай қосқан, Баянға ғашық болған Қозы Көрпеш. Сөз қылдым Қарабай мен Сарыбайды, Ноғайлыны екеуі асырайды. Қолында сүйетұғын баласы жоқ, Перзент үшін екі бай зар жылайды. Екі бай сәтсіз атқа мінбейді екен, Жұмыссыз ел аралап жүрмейді екен. Дәулеті екеуінің мол болған соң, Қасына бір-бірінің келмейді екен. Екі бай бейсенбі күн аңға шықты, Жұртына аттанды деп өкім шықты. Туғалы бірін-бірі көрмеген бай, Жүргенде құлан аулап жолығысыпты. Жүргенде құлан аулап жолығысыпты, Бір-бірін ақылменен болжасыпты. Сәлем беріп бір-біріне тұрғанында, Алдынан буаз марал аң қашыпты. – Кекілін алшаң кердің сылатпан-ды, Баласын марал атып жылатпан-ды. Үйдегі үй кісіміз күмәнді еді, Сарыбай, сен атпасаң, мен атпан-ды. Сарыбай Қарабайға сөз айтқан-ды: – Баласын марал атып жылатпан-ды. Біздің де үй кісіміз күмәнді еді, Қареке, сіз атпасаң, мен атпан-ды. – Екеуміз жол-жобадан адаспалық, Далада марал үшін таласпалық. Сарыбай, сен ат сана, мылтығың бар, Берсең де бір мүшесін санаспалық. Екі бай аңға шыққан әр күн екен, Жарастықты әзілге келген екен. Екеуі де ұл тапса, бәйбішелер, Құшақтасқан дос болсын деген екен. Екі бай әзіл сөзге кірген екен, Бірін-бірі құмар боп көрген екен. Біреуі ұл, біреуі қызды тапса, “Құдай қосса, біз қостық” дескен екен. Қарабай “Құдай жазса” деген екен, Аузына жақсы лепес кірген екен. “Үйде қатын ұл тапсын, күй қыз тапсын, Қалың малмен берейін” деген екен. Екі бай әңгімеге кірген екен, Бір-бірінің сөзіне көнген екен. Екеуі айдалада құда болып, Жүз жылқы, қырық қара нар берген екен. Қарабай кең пейілге кірген екен, Сөйлескенін көп қызық көрген екен. “Мінеки, бергенімнің алды осы” деп, Қарғыбау – Айбас құлды берген екен. Сол кезде қара жаңбыр күн жауыпты, Қарабай қалжың сөзбен жол тауыпты. Қатыны Қарабайдың Мамабике Байы түзде жүргенде ұл тауыпты. Екі бай аңға шығып жүрген екен, Бір адам “Шүйінші!” деп келген екен. Қатыным ұл тапты деп қуанғаннан, Жүз жылқы шүйіншіге берген екен. Жүргенде құлан аулап күн жауыпты, Сарыбай қалжың сөзбен жол тауыпты. Қатыны Сарыбайдың ол Қаракөз, Жүргенде байы түзде қыз тауыпты. Екі бай аңға шығып жүрген екен, Бір адам шүйіншіге келген екен. “Қатыным қыз тапты” деп қайғы қылып, Тайлы бие шүйіншіге берген екен. Қарабай қалың малын берген екен, Далада естіп қуаныш көрген екен. Қызығы көрген-білген сол-ақ болып, Қарабай үйге жетпей өлген екен. Қолында бәйбішенің алтын жүзік, Жас бала жетім қалды-ау көзін сүзіп. “Қуанышын жалғызымның көрейін” деп, Жығылды жеткен жерде мойны үзіліп. Той қылып екі қатын көп мал сойды, Бұл тойға жұрт жиылып асқа тойды. Бабай Түкті Шашты Әзіз ақтап келіп, Қозыке мен Баянның атын қойды. Екі бай бір маралды тосып кетті, Алдынан буаз марал шошып кетті. Ер Қозыке – құрсақта, Баян – іште, Іште жатқан екеуін қосып кетті. Борайды оңды-теріс көп жауған қар, Сол күнде Сарыбайдың бейілі тар. Сарыбай мен Қарабай құда болған шақта, Құл екен еншілестеу Әліжаппар. Сарыбай қызымды жесір қатын, жетім балаға қор қылғанша, – деп бұзылып, Аягөзге қарай аусақ қайтеді деп, Әліжаппарға ақылдасады. Сонда қатыны айтқаны: –Біледі Әліжаппар малдың жайын, Жалғызға жазған шығар бар Құдайым. Баланы жастай қалған зар жылатып, Барасың қайда қашып, қу бас байым? –Қой қатын, көп сөйлеме көңілім қалар, Көңіліме мұнда тұрсам қайғы толар. Қаракөз, көп сөйлемей жық үйіңді, Алдыңда ноғайлының көп жұрты бар. Сол заманда Аягөзде ноғайлы деген халық бар екен. Сонда Қаракөз айтады: –Көшкенмен мұндай жерге қона алмассың, Мұндағыдай дәулетті бола алмассың. Жетім ұл, жесір қатын қан қақсатып, Кеткенмен барсаң қайда оңалмассың. Қаракөз Сарыбайдан түңіледі, Қайғымен ас-су ішпей бүгіледі. –Қой қатын, көп сөйлемей, жық үйіңді, – Деп байы қатынына жүгіреді. Сарыбай әуелден-ақ жарымес-ті, Қыз беріп, әуел неге “Құдай” десті. “Қызымды жетім ұлға бермеймін” деп, Аяғын Өлеңтінің өрлей көшті. Мамабике қайғымен тарылады, Құдасына көшпе деп жалынады. Өлеңтінің бойынан көшкен күні, Сарыбайдың сабасы жарылады. Сарыбайдың сабасы қорлы болған, Қырық қара нар арықтап жолда қалған. Сарыбайдың сабасы жарылған жер, “Ақкөл” менен “Жайылма” сонан қалған. Баян сұлу шырайлы боп өсіпті, Қозыкеден айырылып күй кешіпті. Құдай қосқан құдасын тастай қашқан Сарыбайдай көрмессің жарыместі. Көшкен соң Әліжаппар қуанады, Қолына қуанғаннан ту алады. Айшылықты алты басқан қара бедеу, Мініп алып Әліжаппар құл жер қарады. Әліжаппар қара бедеу атқа мінді, Айлық жерге бір күнде барып келді. Сарыбай Әліжаппардан сөз сұрайды: –Біз қонғандай от-суың бар ма? – деді. –Сареке, сондай жақсы ойың бар-ды, Алдыңда сан жетпеген қойың бар-ды. Бұл арада отырма, үйіңді жық, Алдыңда Аягөздің бойы бар-ды. –Мал қонғандай алдыңда қол бар ма екен, Ел қонғандай кең дала жер бар ма екен? Отын-суын көрдің бе Аягөздің, Бізге басшы болғандай ел бар ма екен? – Бірталай Аягөздің саласы бар, Ноғайдың тастан соққан қаласы бар. Бағатұғын ноғайдың көп малы жоқ, Таусылмас әр саланың даласы бар. Бастады Әліжаппар құл көрген жерге, Арасы Аягөздің айлық жерде. Түн қатып, күндіз жатып, көшіп-қонып, Сарыбай көшіп келді Аягөзге. Сарыбай Аягөзге көшіп келді, Ноғайдың сиыр баққан құлы көрді. “Дәулеті бар бір шалқар бай келді” деп, Мырзаға Сұлтанғазы хабар берді. Қаракөз аппақ шаңқай үйін тікті, Баян жас жарастырып жиды жүкті. Ноғайдың Сұлтанғазы бір мырзасы Шақыртты Сарыбайды ерулікке. “Ерулікке келсін” деп кісі салды, Баянды келген кісі көріп қалды. – Туған айдай балқыған бір қыз бар, – деп, Жұртына ноғайлының айтып барды. Баянның сұлулығын ноғай білді, “Қыз келсе көреміз” деп қарап тұрды “Тойға келсе Баянды көреміз” деп, Төрт жүз жігіт алдынан қоршап тұрды. Әліжаппар құл, Сарыбай атқа мінді, Айбас сорлы мал бағып үйде тұрды. “Біз де барып ноғайды көрелік” деп, Баян сұлу, Қаракөз бірге жүрді. Сарыбай үй-ішімен тойға келді, Ноғайлар бай келді деп сыйлап тұрды. Сыйы екен ноғайлардың сонан қалған, Алдына самауырын мен шайды қойды. Сонда шайды көріп тамсанып, Сарыбайдың бәйбішесі айтқан: – Ауылға ноғай келсе барушы едік, Қазине малға сатып алушы едік. Шай қылып жапырақты кім ішіпті, Қантыңды кез ауруға салушы едік. Бәйбіше Аягөзді жерсінбейді, Молдығын Аягөздің көрсін дейді. Үйренген қырда жүріп ол бәйбіше, Қант, шайды алдындағы менсінбейді. –Қой қатын, көп сөйлеме, көңілім қалар, Ноғайлар мұны естісе ашуланар. Көңіл қылса еріне қыз берелік, Ноғайдың толып жатқан мырзасы бар. Қаракөз бұны естіп талып түсті, Қайғы мен наза булап күйіп-пісті. –Малы жоқ ноғайлының беретұғын, Қылайын неге дәрі өңшең мысты. Баян жас құйған шайды алып ішті, Қаракөз ұмытпайды өткен істі. Жалғызы Шақшақ байдың Қодар мырза, Баянға төрде отырған көзі түсті. Төрде отырған Баянға көзі түсті, Шымылдықтан көре алмай күйіп-пісті. Баянға ауызба-ауыз бір тілдесу, Қодарға жұмыс болды көкейкесті. Баян көркі таудағы мұнар болды, Қодар көзі түсумен құмар болды. “Баянға бір тілдесіп қалайын” деп, Қайтқанда Қодар мырза қасына ерді. Қодар мырза отыр тыста, Баян үйде, Оң жақта құрулы тұр алтын күйме. Күймеге үйден шығып қыз барғанда, Соңынан қалмай ерді Қодар бірге. Сонда Қодар айтады Баян сұлуға: –Ақ тұзын әулиенің кен алармын, Мұндағы ноғайлармен тең болармын. Менсініп сөйлеспейсің, сұлу Баян, Берсем де әке-шешем, сені алармын. Сонда Баян былай деп жауап берді: –Қолымда жетелеген нарым бар-ды, Тимеймін ноғайлыға арым бар-ды. Қодеке, мазамды алмай жайыңа жүр, Алтын айдар, шоқ белбеу жарым барды. Сонда Қодар айтқан: –Баянжан, сен білмейсің ноғайымды, Көрген соң-ақ жүзіңді көңілім толды. Сөйлейсің қалай-қалай пейілі қара, Байыңның менен артық аты кім-ді? Сонда Баян сұлу айтқан: –Сұрасаң менің жарым – Қозы Көрпеш, Қызы едім мен Сарыбай Баян еркеш. Бабай Түкті Шашты Әзіз хабар берген, Тілеу тілеп жүремін ертеңді-кеш. Баянның сұлулығын ноғай білді, Көрген соң аламыз деп көңіл қылды. Сарыбайға мал бағып жағу үшін, Тоқсан мырза бас қосып жалға жүрді. Тоқсан мырза кеңесіп жалға жүрді. Бір қыз үшін бенде боп қызмет қылды, Сарыбайға жағымды боламыз деп, Қодар бас боп тоқсан құл малға келді. Айбастың бір Құдайға ісі жақты, Қодар құл ала айғырмен жылқы бақты. Сарыбайға жағынып бағу үшін, Түйеші, биеші боп желі қақты. Баянның асты жасы жаңа он бестен, Тұрса ойдан кетпестей жатса түстен. Қарағаштай азып-тозған ноғайлы елі Айрылды бір қыз үшін ақыл-естен. Айбас құл ерте тұрып бетін жуды, Қодар құл ала айғырмен жылқы қуды. Құдайдың құдыретімен буаз болып, Қанатты қара бедеу құлын туды. Тоқсан құл бір Баянға таласады, Сыртынан аламыз деп жанасады. Құлынның “Бақа айғыр” деп атын қойды, Бедеуден үш күннен соң бойы асады. Айбас құл Баянменен болды жуық, Жиренді Сарыбайдан көңілі суып. “Жарыңа Құдай қосқан барамын” деп, Жаратты Бақа айғырдың тілін буып. Баян менен Қозыке Құдай қосқан, Ортадан Айбас келіп жақындасқан. “Жарыңа Құдай қосқан барамын” деп, Баянға Айбас келіп ақылдасқан. Айбас құл қашайын деп ойына алды, Азыққа бір құнан қой сойып алды. “Құдай қосқан жарыңа барамын” деп, Баянның домбырасын қолына алды. Айбас құл қашайын деп ойына алды, Баянмен ақылдасып мейірі қанды. Тағы да сәлемдеме бер деген соң, Баянның бет моншағын оны да алды. Айбас құл қашайын деп ойына алды, Айбастың айтқанына Баян нанды. – Басыңнан сәлемдеме белгі бер, – деп, Баянның қарқарасын қолына алды. Айбас құл қашайын деп ойына алды, Көп кідірмей жүруге ыңғайланды. “Сәлемдеме бұйымы көп болсын” деп, Алтын сандық, ақ жамшы оны да алды. Сәлемдеме бес бұйым қолына алды, Бұйымдарын бір жерге жиып салды. Жылқыдағы Бақа айғырды іздеп барып, Түні бойы таба алмай көп сандалды. Айбас құл Бақа айғырды іздеп жүрді, Біреуі тоқсан құлдың оны көрді. “Айбас құл Бақа айғырды іздеп жүр” деп, Көрген құл Қодар құлға айта келді. – Қодеке, сізден дұшпан асқалы жүр, Ізіңді қара дауыл басқалы жүр. Неғып шыдап жатырсың, ау, Қодеке, Айбас құл Бақа айғырмен қашқалы жүр. Сонда Қодар айтқан: –Қалаға пұл апарып сататұғын, Айбасым маған сырын айтатұғын. Айбас құл мені тастап, қайда кетсін, Жылқының ортасында жататұғын. Сонда құл айтқан: –Қодеке, қыздан мейіз алмаймысың? Баянға ғашық болған бармаймысың? Айбас құл Бақа айғырмен қашқалы жүр, Тіліме көріп келсем нанбаймысың? Қодар қостан ақырып тұра келді, Қатты дауысы Айбасқа естіледі. Айбас қайтып жылқыдан жетіп келді, –Дауысың неге шықты, айтшы Қодар? – дейді Сонда Қодар айтқан: –Айбас құл, жүрмек болсаң, мен нетейін, Бір салып қамшыменен еңіретейін. Мені тастап, тазшаға жүрмек болсаң, Қолымнан амандасып жөнелтейін. Сонда Айбас айтады: –Қолымнан өзім жазып хат берейін, Кісіні сізден басқа жат көрейін. Қодеке, құлға сенбей, жайыңа жат, Болғанда ертең сәске ат берейін. Қодар сеніп бұл сөзге жатып қалды, Айбас қайтып жылқыға жаяу барды. Қызыл іңір болғаннан жылқы аралап, Таң атқанда айғырын тауып алды. Сәлемдеме бес бұйым қолына алды, Бақа айғырды баса ерттеп мініп алды. Аягөздің бойынан шыққан күні Итішпестің бойында ұйықтап қалды. Ертең сәске болғанда жылқы келді, Жылқы баққан тоқсан кұл елге келді. –Түндегі мал күзеткен Айбасың жоқ, Енді қайдан табамыз, Қодар? – деді. Сонда Қодар айтты: –Сендерге Айбас сырын айтқан шығар, Ауылға таң атқан соң қайтқан шығар, Күзетте таң атқанша жүрген байғұс, Бір шұңқырда қорғалап жатқан шығар. –Тоқсан кісі жер жүзін іздеп жүрдік, Тобылғылы шұбардан ізін көрдік. Өзен, су, томар, көлден түк қоймадық, Таба алмай келіп сізге хабар бердік. Қодар бұл сөзді естіп тұра келді, Жылқыдан ала айғырын ұстап мінді. Не де болса тілдесіп қалайын деп, Сегіз құл он алты атпен іздеп жүрді. Қодар мен Әліжаппар құл төрт ат мініп, Қасына қос атпенен алтау еріп. Итішпестің бойында жатқанында, Сегіз құл он алты атпен жетті келіп. Сонда Қодар сөйледі: – Айбас құл, жүрмек болып көрдің бе түс, Көрерсің алғыс айтсаң көп рәйіс. Күймеде Баян сұлу жылап жатыр, Барасың қайда қашып, Айбас байғұс? Сонда Айбас айтты: – Қодеке, бұл сөзіңе шын нанам мен, Аузыма мейіз берсең саламын мен. Жыласын маған неге сұлу Баян, Жарына Құдай қосқан барамын мен. Сонда Қодар айтты: – Айбас құл, жылдам үйге қайтшы, – дейді, Сөзіңді майда қылып айтшы, – дейді. Айбастың айтқан сөзін есіттің бе, Әліжаппар оғың кезеп тартшы, – деді. Айбас құл ұшып жерден түрегелді, Кеудесін жалаңаштап тоса берді. Әліжаппар атқан оғы көкке шығып, Қодардың атқан оғы жерге кірді. Сонда екеуінің оғы бірдей далаға кеткенін көздері көрген соң, “бұған да бір кезек берейік деп” енді сен атшы, деді. Бірі айтты: – Аттың басын қарат, – деді, Қашпақ-қумақ бұрынғы санат, – деді. Баянмен ақылдасып көңілің өскен, Айбас құл, жолың ақ қой, сен ат”, – деді. Айбас құл оқ атуға ыңғайланды, Біреуін қырық кез оқтың қолына алды. Он алты сегіз құлдың атын атып, Бойында Итішпестің жаяу қалды. Айдалада сегіз жан жаяу қалды, Айбас байғұс құтылып демін алды. Далада сегіз құлдың алтауы өліп, Қодар мен Әліжаппар құл елге барды. Айбасқа ерлік, мақтау жарасыпты, Тоқсан құл бір Баянға таласыпты. Туғалы жол жүрмеген бейшара Айбас, Жолынан жүретұғын адасыпты. Айбас құл адасқанын білмей қалды, Қыз үшін ғаріп жанын отқа салды. Итішпестің бойынан шыққан күні Екі қалың ағашқа душар болды. Айбас аттан түсті де, жата қалды, Бақа айғырын суытып, демін алды. Баянның домбырасы ұмыт қалып, “Домбыралы”, “Моншақты” содан қалды. Айбас құл адасқанын білмей қалды, Қыз үшін ғаріп жанын отқа салды. Баянның алтын сандық түсіп қалып, “Алтын сандық”, “Ақшатау” содан қалды. Айбас құл адасқанын білмей қалды, Қыз үшін ғаріп жанын отқа салды. Тоқырауын Бақа айғыр тоқтаған жер, “Тоқырауын”, “Жамшылы” содан қалды. Айбас құл адасқанын білмей қалды, Қыз үшін ғаріп жанын отқа салды. Баянның қарқарасы түсіп қалып, “Қарқаралы-Қазылық” содан қалды. Айбас құл адасқанын білмей қалды, Көп ағашты бір тауда демін алды. Баянның туған жерін танып біліп, “Баянауыл” деген тау содан қалды. Айбас құл адасқанын жаңа білді, Бойына Есіл – Нұра қайтып келді. Есіл – Нұра бойына жеткен кезде, Бақа айғырдың белі ісіп жауыр болды. Ай қараңғы, күн бұлт, тұманданды, Қозыке Баян жасқа құмарланды. Үш күн жатып айғырын жазып алып, “Жауыр бұғы” деген тау сонан қалды. Айбас құл онан шығып тағы жүрді, Танымаған көп жерді көзі көрді. Шу, Таластың бойына келген екен, Көп қой жайған қойшыға душар болды. Айбас байғұс қойшыға тура жүрді, –Қай ауылдың қойы? – деп сұрау қылды. –Шын танымай тұрмысың, Айбасеке, Баққаным Қарабайдың қойы, – деді. Екеуі ата-тегін теріседі, Малтасын торсықтағы бөле ішеді. Қойды баққан Қонғабай кенже інісі, Танысып, зар жыласып көріседі. Айбас құл Бақа айғырға мініп келді, Үйге таман аяңдап желіп келді. Бақа айғырды белдеуге байлай салып, Үйіне Қарабайдың кіріп келді. Қайғымен Мамабике тарылады, Айбас құл түздегі асқа жарымады. Қартайған қайғыменен Мамабике Өзі берген Айбасты танымады. –Орнымнан отыра алман тұрсам дағы, Танымаймын сол кеше көрсем дағы. Шырағым, қай баласың, жөніңді айтшы, Қалмаған жұрт танырлық мұршам дағы? –Үйіңе мұнан бұрын келіп пе едім, Күніңде түгел тұрған көріп пе едің. Екі бай аңда жүріп құда болып, Айбас құл, қарғыбауға беріп пе едің? – Күн қайда көрісетің күліп-ойнап, Шырағым, жылқыда жүр бие байлап. Жолаушы боп жүре бер, танып қояр, Жүр еді тазшаменен асық ойнап. “Қарағым, сенен менің тілегім болсын: Келдім деме, мен көрдім демейін, жолаушы болған бойыңмен жүріп кете бер. Егер сені танып бір хабар алса, мені ұлытып тастаған бойымен тастап, кетер де қалар, онан соң менің бұл күнім өзіме көр болып, қараң суалып қаламын ғой, енді менің обалыма қалма”деген соң Айбас аттанып жүре берді. Сонда іште қалған Қозыны бір көріп кетуге құмар болып, “өзім бір көріп кетейінші” деп жанасалап, жанамалап асық ойнап жатқан балаларға келеді. Айбас құл Бақа айғырға мінді дейді, Құмарланып көруге келді дейді. Тазшаменен жүр екен асық ойнап, Айбас байғұс көргелі келді дейді. Қозыке ойнар алтын сақа салып, Тазшаның бар асығын ұтып алып. Көрген жерден таныды Айбас құлды, Асық ойнап жүргенде қарап қалып. Ойнап жүрген тазшамен керіседі, Ұтып алып кенейді, бөліседі. Ойнап жүрген асығын тастай беріп, Түрегеліп Айбаспен көріседі. – Жақсының жүрген жері той-мереке, Бұл елге қашан келдің жалғыз жеке. Жарымнан Құдай қосқан не білесің, Шын сөйле бұлтармастан, Айбасеке?! Айбас бұған келгенін білдірмеді, Сәлсм беріп көрісіп үндемеді. “Білдірсем, жұртқа өсекті болармын” деп, Үндемей атқа мініп жөнеледі. Қозыке айтпаған соң қапа болды, Көңіліне ызаланып құса толды. Үш түйе сексеуілден көмір жағып, Ұсталарды жидырып алып келді. Ұсталар соғып темір садақ қылды. Ер Қозыке садақ атып талап қылды. Өрмек құрып отырған бір кемпірдің Үйін атып, көшіріп мазақ қылды. Кемпір сөзін балаға тік айтады, Ойнап жүрген баланы мұңайтады. –Өрмек құрған кемпірді әжуа қылмай, Жарыңды іздеп алсайшы! – деп айтады. Ақылы жоқ бұл кемпір нені айтады? Бар сөзін өзі білмей кім айтады. –Үйіңді өзім орнына қондырайын, Айтқан сөзің түгел айт, – деп айтады. – Бір тудың Қарабай мен Сарыбайдан, Сендерді тілеп қосты бір Құдайдан. Оған неге бармайсың, байғұс балам, Құдай қосқан жарың бар – сұлу Баян. Қозыке бұл сөзді естіп түңіледі, Қайғымен ас-су ішпей бүгіледі. Ойнап жүрген садағын тастай беріп, Шешесінен сұрауға жібереді. Қозыке жылап үйге қайтты дейді, Кемпір әбден ұқтырып айтты дейді. “Қай мезгілде Баянды көремін” деп, Үш күн, үш түн дым сызбай жатты дейді. Үш күн, үш түн арада өтті дейді, Қарны ашар мезгілі жетті дейді. –Қарным ашып барады, жан шешеке, Қазаныңды ассаңшы, – депті дейді. Үш күн, үш түн арада өтті дейді, Шешесіне бір қайғы бітті дейді. –Қазанымды асайын, шырағым-ай, Жантақ теріп келе ғой , – депті дейді. Ер Қозыке жантаққа кетті дейді, Жантақ алып үйіне жетті дейді. Жантақ теріп келеді жалғыз бала, – Шешеке, бидай қуыр, – депті дейді. Шешесі жалғызының тілін алды, Қазанына бір аяқ бидай салды. Жалғыз бала қасында қарап отыр, Бидай пісер мезгілі болып қалды. Бидай пісер мезгілі жетті дейді, Күйіңкіреп түп жағы кетті дейді. –Бидай салып берейін тойғаныңдай, Аяқ ұста, шырағым, – депті дейді. –Шеше, сенен басқаны танымаймын, Аса қарыным ашпаса налымаймын. Шешеке, маған берсең қолыңмен бер, Аяқ пен шөмішіңе жарымаймын. Шешесі жалғызының тілін алды, Қазандағы бидайға қолын салды. Бидайды уыстаған бойыменен, Шешесінің қолын ұстап тұра қалды. Шешесі жалғыз ұлын күтті дейді, Ыстық бидай қызуы өтті дейді. –Адамың атастырған бар ма, жоқ па, Шешеке, соныңды айтшы? – депті дейді. Ыстық бидай қолынан өтті дейді, Бұл қу шұнақ не пәле айтты дейді. –Ата-анаңның атастырған дымы жоқ, Антұрғанға кім айтқан? – депті дейді. –Кім көрінген кемітіп мені айтады, Өрмек құрған кемпірлер нені айтады? Кімге озбырлық қылсам, сол тура басып, Еріншек сөз құл десіп мені айтады. Ыстық бидай қолынан өтті дейді, – Жұрт өсегі түбіме жетті, – дейді. Қолым күйіп барады, босатшы енді, Қалыңдығың бар еді, – депті дейді. Өкініп ұмытпайды өткен істі, Айрылып сүйгенінен қайғы құшты. Бидайды қолындағы босатқанда, Терісі алақанның бірге түсті. –Аларсың хордың қызын барсаң, балам, Ұйықтасам түсімде жоқ мұндай заман. Көз алдымда сен мені тастап кетсең, Айрылдым жалғызымнан не-дүр шарам. –Есен болсам, келермін айда, анам, Алдыңа қойып кетем малды, анам. Атам қосқан Баянға бару үшін, Мен ортаға саламын жанды, анам. –Сұм шешең сен кеткесін қор болады, Жалғызынан айрылған сор болады. Шешеңді зар жылатып тастап кетсең, Сұмырай шешең біреуге күң болады. –Шешеке, мен тіріде болмассың қор, Жалғыз балам бар, – дерсің, – қайнында жүр. Барған кісі қайынынан қайтпай ма екен, Жалғызың бір күн келер, қара да тұр. –Жалғызым, мен білмеймін келеріңді, Білемін барғаннан соң өлеріңді. Тәңірден тілеп алған жалғызым-ай, Үзейін арыздасып күдерімді. Ұша алмас балапан құс бөрі алдында, Жүзің ыстық көрінсін көп алдында. Сен кеткен соң тоқсан құл күң қылады, Қор қылмастан көміп кет көз алдыңда. Қозыке айтты: – Ақсақалдар бата оқыр туған айға, Иманды құл кіреді кең сарайға. Мен түгіл әкем де өліп, өлгенің жоқ, Жыларсың өзің үшін бір Құдайға. Қозыке жүген алып жылқыға барған жері: Қыстауы Қозыкенің Шатқара-ды, Сан жетпеген жылқыдан ат қарады. Жүгенін сылдыратып тұрғанында, Арда күрең қотыр тай жалт қарады. Ай қараңғы, күн бұлт, тұман болды, Қозыке Баян жасқа құмар болды. Арда күрең тай екен жалт қараған, Қозыке жүген салса, құнан болды. Баян сұлу, Қозыке өлең болды, Құдай берген жақсыға өнер болды. Құдайдан сол уақытта пәрмен болып, Ер-тоқымын салғанда дөнен болды. Көңілі Қозыкенің бітті дейді, Көп заман сонан бері өтті дейді. Арда күрең бестіге мініп алып, Қозыке үйге аяңдап кетті дейді. Сонда Қозының жүрерін біліп, шешесінің айтқаны: Шешесіне бір қайғы бітті дейді, “Қайғыменен өмірім өтті” дейді. – Сан жетпеген жылқың бар, шырағым-ай, Оны кімге тапсырдың? – депті дейді. Парақор би жұрт бұзып төре берер, Елді бұзған жаманды Құдай ұрар. –Мен кеткен соң бір Құдай сақтамай ма, Жылқы баққан Жидебай бағып жүрер. Шешесіне бір қайғы бітті дейді, “Қайғыменен өмірім өтті” дейді. –Қора толған қойың бар, шырағым-ай, Оны кімге тапсырдың? – депті дейді. Қозыке көңілі көшіп кетті дейді, Шешесінің түбіне жетті дейді, –Қора толған қой болса, маған десе, Аш бөріге жолықсын, – депті дейді. Шешесіне бір қайғы бітті дейді, Біткен дәулет түбіме жетті дейді. –Сыймай жатқан желіге түйең бар-ды, Оны кімге тапсырдың? – депті дейді. Жүрмек болып шын көңілі кетті дейді, “Малға айналып өмірім өтті” дейді. –Желіге сыймай жатса түйең, шешем, Алакүлік оттасын, – депті дейді. Шешесіне бір қайғы бітті дейді, “Қайғыменен өмірім өтті” дейді. –Жасыңнан ақ сүт берген, қарағым-ай, Мені кімге тапсырдың? – депті дейді. Азған ел қысым көрсе, ұлық жақтар, Байы өлсе, қара салып қатыны жоқтар, –Мен түгіл әкем де өліп, өлгенің жоқ, Қайғырма мен кетті деп, Құдай сақтар. Шешесі кетпесін деп Құдайға ат айтады. Хат білмеген ұғып ап жат айтады. Жалғызының кетерін білгеннен соң, Белін бекем буып ап қатайтады. –Ауылын Сарыбайдың көргенің жоқ, Жалғызым кетеріңді білгенім жоқ. Шырағым, өзің үшін қайғырамын, Болмаса әкең де өліп, өлгенім жоқ. –Бастаушым бар, жан тілін алма деген, Садағыңды беліңнен салма деген. Сәрсенбі күн жұмысыңды бітір дағы, Бейсенбі күн жолыңнан қалма деген. –Жаста кеткен Баянның беті аппақ, Бұрынғыдай заман жоқ бұзылған шақ. Барма десем болмадың, қуарған қу, Қодар атты құлынан жерсің таяқ. –Қодар деген немене құл ма, сірә, Жатқанымнан тұрмайын өлсем сонда. Бір сөз айтсаң, “өлесің” дей бересің, Шешем, неге қыласың жаман жора. –Тәңірден тілеп алған жалғыз бала, Сені маған көпсінген Құдай Тағала. Сен кеткен соң тоқсан құл күң қылады, Арыздасып қалайын бірақ жола. –Құдай басшы, күрең ат жолдасым-ды, Баянға қылдым құрбан бұл басымды. Жан барында іздейін сүйген жарды, Бір өлген соң білемін тұрмасымды. –Шешеке, мен еркек пе, ұрғашы ма? Мен Баяннан басқаны алман, сірә. Әкем қосқан Баянға бармасын деп, Сөйлеп сөзім өтпейді-ау құрдасыма. Қыстауы Қозыкенің таулы дейді, Қалыңнан ат жүре алмас қауды дейді. “Айрылып жалғызымнан қаламын” деп, Шешесі көкке емешегін сауды дейді. Шешеке үйде отырып күйді дейді, Қозыке ұшып жерден тұрды дейді. “Сен кеткен соң мен мұны қайтемін” деп, Мүкәммал малын далаға үйді дейді. Жайлауы Қозыкенің бетегелі, Керме иық, тыран ойлы бөтегелі. “Сен кеткен соң мен мұны қайтемін” деп, Шашыпты дүниелігін өртегелі. Қозыке жүрмек болып атқа мінді, Шешесі жүрмесін деп жылай берді. Қозыке атқа мініп тұрған жерде, Шешесі жылап тұрып жауап берді: –Аттан дағы жүре бер көрінбей-ақ, Ашуымды келтірме, жерсің таяқ. Барма десем болмадың, жалғыз бала, Барғаныңнан еш келме, сөзім сол-ақ. –Қарғыс емес, алғыс қой қарғағаның, Қорқамын ба Қодардан бармағаным. Шешеке, бүгін жаман түс көрдің бе, Көзімше жора қылып қарғағаның. –Баянға сен барасың намыс қылып, Не жақсылық көресің онда жүріп? –“Емшек берген әрі жат” дерсің, балам, Әл-ауқатым кім білер мұнда келіп. –Менен жақсы болды ма кеткен Баян? Алдында жылап отыр тапқан анаң. Киім болса кие кет үйден, балам, Сен кеткен соң не болар ғаріп анаң? Қозыке амандасып, атқа мінді, Шешесі жылап үйде қала берді. Ақ сүт берген анасын қиып тастап, Қозыке Баянды іздеп жолға жүрді. Қозыке Баянды іздеп кетті дейді, Бұ жалған кімге опа етті дейді. Ауылдан алты қонып шыққаннан соң, Айбас қуып артынан жетті дейді. Айбас Қозыкенің жатпасын біліп, осы бір іздеп шығады ғой деп, ел арасында жай жолаушы болып жүрген екен. Ақынға Құдай берген тіл мен жақты, Білген сөзді қалдырсақ, бізге ұятты. Айбас сорлы артынан жеткен жерде, Баянның айтқан сәлем сөзін айтты. Қозыке шаш ал десең, бас алады, Оң сөзге түспей жаман қас алады. Баянның айтқан сөзін естіген соң, Елжіреумен көзіне жас алады. Қозыке жазған хатты оқып білді, Көңіліне құпиялап сақтап сырды. Сарыбайға жаранып жағамыз деп, Айтыпты дұспан болған тоқсан құлды. – Шырағым, сені мендей көрсін, – депті, Айбасты анық тіл деп білсін, – депті. Әкем мені Қодарға бергелі жүр, Тірі болса, кешікпей келсін, – депті. Баянның әр сөзіне мейірі қанды, Өртеніп іші-бауыры от боп жанды. Сәлемдеме бергені көп-ақ еді, Қонған-түскен жерлерде ұмыт қалды. Айбасты Құдай десіп іні қылды, Сарыбайдың ауылын іздеп жүрді. Керде күрең, Бақа айғыр мінген аты, Аягөздің бойына жетіп келді. Жақсы-жаман кісіні көз көреді, Тыңдасаң, Қозыкеден сөз келеді. Аягөздің бойына жеткен күні Көп қой жайған қойшыға кез келеді. Екі жігіт қойшыға жетіп келді, – Қай ауылдың қойы? – деп сұрап білді. Сен кеткелі көп заман болып еді, Қай жақтан келіп тұрсың Айбас? – деді. – Баянның бұзылмаған ойы, – дейді, Тал шыбықтай бұралған бойы, – дейді. Шын танымай тұрмысың, қашқын Айбас, Баққаным Сарыбайдың қойы, – дейді. Айбас пенен Қозыке амал қылды, Күн жайлатып тазшаны адастырды. “Баянжан осы жерге бір келер” деп, Алай-дүлей ұйтқытып боран қылды. Тазша адасып далада өліп қалды, Оның киімін Қозыке киіп алды. Күннің боран болғанын көрген соң-ақ, Сарыбай Баян жасқа жетіп барды. –Баян жас, балқаймақты алшы, – дейді, Сөз айтам, құлағыңды салшы, – дейді. Мал кетер, күн аңызы жаман болды, Қарағым, қой алдынан баршы, – дейді. –Атеке, сіз биік тау, біз бір шынар, Ғашық жар бір көрсем деп көңілім құмар. Атеке, өзіңізбен бір жүрмесем, Ноғайдың бозбаласы мазақ қылар. Баян жас қойға таман қадам басты, Қойды көріп көзінен төкті жасты. Баян қойға жеткенде күн ашылып, Әкесімен бірігіп қой айдасты. Жұрт білмеген Сарыбайдың қойы көп-ті, Баян сұлу Қозыкеге іңкәр бопты. Баян сұлу қой айдап жүргенінде, Көлденеңдеп жүрмейді қоңыр тоқты. – Апеке, не бересің енді, – дейді, Күрең атты жездемді көрдім, – дейді. Айбасекем Бақа айғырмен қасында жүр, Сүйінші бер, жездекем келді, – дейді. Сұлу қыз текеметке түр салады, Баян сенбей көңіліне кір салады. – Ойбай, күйген жанымды күйдірме, – деп, Құйрыққа қамшыменен бір салады. Қоңыр тоқты шыдамай керіледі, Баянменен сөйлесуге ерінеді. Қыздың соққан қамшысы киелі боп, Қой құйрығы жырмаш боп бөлінеді. Тоқты жерден бір жұлып шөпті алады, Баян сұлу құдыретке таң қалады. “Мені неге жазықсыз соқтың, Баян, Ақ жүзіңе дақ түссін” деп салады. Тіліне қоңыр тоқты Баян нанды, Желкесінен бір тал жүнін жұлып алды. Қамшыменен арқасын бір сипады, Қазаққа сонан мирас болып қалды. Сарыбай қызыменен қойға келді, Баян сұлу бір шетте жалғыз жүрді. Сарыбай қой қайтара кеткен екен, Қозыке тазша болып қызға келді. –Баян жас балқаймаққа жаримысың, Қыдыр боп жолаушыға даримысың. Әкеңнің атастырған жары кім-ді, Тазша боп душарласса, танимысың. –Сұрасаң, менің жарым – Қозы Көрпеш, Қызы едім мен Сарыбай – Баян еркеш. Келер атты күн бар ма, ойбай, Тәңірі? Мен Құдайдан тілеймін ертеңді-кеш. –Қойыңа мұнан бұрын келіп пе едің, Жарым бар ғой деп анық біліп бе едің? Жарыңның қай жерінде белгісі бар, Бесікте қалған күнде көріп пе едің? –Сағындым Құдай қосқан, алған жарды, Әкемнің жаста айырған пейілі тар-ды. Бабай Түкті Шашты Әзіз хабар берген, Алтын айдар астында меңі бар-ды. Жеткізді бір тілекке құдыретім, Қозыке Баян жастың көрді бетін. Баянға күйеулігін білдіргелі Көрсетті ашып басын айдар шетін. Баян жас өз күйеуін біліп алды, Тіл қатып бір-екі ауыз мейірі қанды. Қозыке қылып тағат тұра алмады, Баянның оң бетінен сүйіп алды. Қар кетіп, қара жерге қақ тұрыпты, Сүйген құлға дәулет пен бақ тұрыпты. Сағынып Қозыкенің сүйгенінен, Бетіне Баян жастың дақ тұрыпты. Баян жас өз күйеуін білді анық, Түнде алтын күймеге жүрді барып. Баян жас өз күйеуін таныған соң, Алтын табақ қояды мейіз салып. Баян жас опа жақпас ақ бетіне, Қозыке ерді тазша боп қой көтіне, “Үйге кірсем жұрт біліп қояды” деп, Алтын күйме құрдырды қой шетіне. Қозыке қойды бағып үш жыл жүрді, Білдірмей Баянменен ойнап күлді. Үш жылдан соң күймеде жатқан жерде, Сарыбайдың тезек терген күңі көрді. Қара күңнің көргенін Баян білді, Ұйқылы-ояу сескеніп тұра келді. “Барып әке-шешеме айтады” деп, Сезіктеніп Баян жас күңді өлтірді. Бір күн келіп, Баян жас: – Тұршы, – деді, Үйге таман, шырағым, жүрші, – деді. Әке-шешем қуансын, “күйеуім” деп, Ақ шымылдық кәдесін қылшы, – деді. Қозыке Баянменен үйге кірді, Екеуі ойнап-күліп бірге жүрді. Алтын айдар белгісін ашып еді, Қараңғы үй шам жаққандай жарық болды. Ақ жүзі екеуінің бірдей болды, Шымылдықтың ішінде ойнап-күлді. Бетіне жарық сәуле түскендіктен, Ұйықтап жатқан шешесі оны көрді. – Шырағым, қашан келдің, шыныңды айтшы, Кешіктірмей ұзатып алып қайтшы. Қойды бағып қор болып жүргеніңше, Көңілің жақсы жүргендей жылқы бақшы. Қозыке ертең атқа мінді дейді, Айбас құл тазша болып ерді дейді. Ауыл жақтан екеуі келе жатса, Жылқыдағы Қодар құл көрді дейді. Ауыл жақтан екеуі келді дейді, Жылқыдағы Қодар құл көрді дейді. – Ауыл жақтан келіпсің, екі тазша, Баян не сәлемдеме берді? – дейді. –Алты құлаш ала айғыр мінген атым, Айтсам аузым сүйінер қыздың атын. Ауыл жақтан келіп тұрған екі тазша, Қандай сәлем жіберді біздін қатын? Сонда бұлар айтады: –Баян жас, ай, Қодеке, десіп отыр, Талдай бойы Баянның өсіп отыр. Қодар деген сен болсаң , “сәлем, – деді, – Тірі болса тез келсін” десіп отыр. –Баян жас, ай, Қодеке, десіп отыр, Баян шашын ширатып есіп отыр. “Өзімнің Құдай қосқан жарым келді, Шұнақ құл көтін қыссын” десіп отыр. Қодар құл ашуланып түрегелді, Жылқыдағы ала айғырын ұстап мінді. Баянға ауызба-ауыз тілдесуге, Жылқыдан сегіз кісі елге келді. Ғашықтар болған машұқ Құдай сүйіп, Қодар жүр екі ортада іші күйіп. Сегіз кісі жылқыдан келе жатса, Алдында Сарыбай жүр түйе жиып. Сонда Қодар айтады: –Сарыбай, бейілің жаман болдың сараң, Бақсам да көп жылқыңды күнім қараң. Қосылып тазшаменен кәміл тапты, Күймеде Баян деген бақты қараң. Сонда Сарыбай сөйлейді: –Алтын күйме ішінде Баян жаным, Шашбауының шашағы қырық бір талым. Сен тұрғанда ешкімге бере қалман, Үндемей жылқыңды бақ, Қодар жаным. Қодар түзден қуанып қайтып кетті, Қозыкенің жайланып көңілі кетті. Жылқыда ала қыстай бірге жүріп, Жазғытұрым болғанда елге кепті. “Мойынына кер төбелдің тұмар тақ”, – деп, Шақырды Айбас құлды “отты жақ”, – деп. Ауылға бие байлап Қодар мырза, Шақырады Қозыкені “желі қақ” деп. Қодарға күштілігін білгізеді, Айбасты ақылменен жүргізеді. Қодардың қол ағашын керек қылмай, Қолымен жерге қазық кіргізеді. Сонда Қодар айтады: –Ақ тұзын әулиенің кен айтады, Ақылы жоқ Қодар құл нені айтады? Мынау тазша күшті екен, Әліжаппар-ау, “Аударыспақ ойналық” деп айтады. Қозыке бұл сөзді есітіп тұра келді, Қысыр емген тел торы тайға мінді. Торы тайға Қозыке мініп алып, –Толағай бас Қодарым, келші, – деді. Өктім-өктім сөйлейді малды кісі, Балуанға тұрады әлді кісі. Сонша жерден қыз іздеп келгеннен соң, Құлдан қайдан жасқанар жанды кісі? Баянжан тоқсан құлға көз салмайды, Қозыкеден басқаны ойға алмайды. Ала атпенен Қодар құл тартып еді, Қозыке тай үстінен қозғалмайды. Қозыке бір Құдайға сиынады, Тоқсан құл тамашаға жиылады. Қодар құлды ала аттан тартып алып, Ұршықтай айналдырып иіреді. Қодар күліп “ойын” деп ыржақтайды, Басқа тартқан үкідей былғақтайды. –Қодеке, бар болғаның осы ма?, – деп, Аш белінен қысып ап бармақтайды. Сонда Қодар ашуланып, жыламсырап долданып сөйлейді: –Антұрған мынау тазша түпке жетті, Мені аударып алған соң, көңілі бітті. Кісі өңгеріп ойнаған ойының құрысын, Қоя бер, ердің қасы ішіме өтті. Саудаға Үргеніштей қала бар ма, Сөзінде Қозыкенің шала бар ма? Қодар құлды босатып коя берді, Сол жерде тышып қойса, шара бар ма? Баян алтын күймеде отыр еді, Аударысын бұлардың көзі көрді. “Шырағым, құлдан өлер емес екен”, – Деп жағасын ұстаумен тәубә қылды. Көп жылқы жүрді түзде бетіменен, Ер Қозыке жүреді еркімен. Қодардың жүрегіне бір тиген соң, Қашып жүрді жылқының шетіменен. Сарыбай жұрт асқан бай салтанатты, Құдай оған көп қылды қолғанатты. Орманбет би ноғайдың бір тап елі “Ат шаптырған ас бар” деп сауын айтты. Баян мен Қозыкені Құдай қосты, Екеуі тар күймеде көңіл қосты. “Жұрт барған ас жиынға барайын” деп, Қозыке Баянменен ақылдасты. – Шырағым, сен жылқыңнан қалма, – деді, Садағыңды беліңнен алма, – деді. Көп біріксе бір ауыз жоқ болады, Жұрттан жалғыз жүрсің ғой, барма, – деді. Қозыке Баян жастың тілін алды, Сан жетпеген жылқыда жалғыз қалды. Үйде – Баян, жылқыда – ер Қозыке, Өзге жаннан түк қалмай асқа барды. Не болар жұртсыз жалғыз көрген күнім, Сайраған көңіл ашып қызыл тілім. Жылқыда Баянменен тілдес екен, Баласы кер биенің торы құлын. Қақ басқа құрықпенен құлынды ұрды, Енесіне емізбей түңілдірді. Қозыке жылқы ішінде күн жайлатып, Шыңғыртып ноқтаменен буындырды. Баян дауысын естіп есік ашты, Құлынды көріп желіге қадам басты. Желіге жеткен шақта күн ашылып, Қозыкемен сүйісіп құшақтасты. Екеуі құшақтасып бірге жүрді, Күймеге ойнап-күліп бірге кірді. Құшақтасып күймеге кірген шақта, Ауылдан екі қатын көріп қалды. Екеуі төрт күн, төрт түн ойнап күлді, Жиыннан жұрттан озып Қодар келді. – Үйдегі жылқы баққан тазшаға, – деп, – Әкелдік көтен, мойын, бауыр”, – деді. Байларға жақсы-жаман көп келеді, Танымаған кісіні жек көреді. “Қу тазша жылқы баққан бір тойсын деп, Әп келдім ішек-қарын мен өкпе”, – деді. Жылқыда Айбас байғұс жалғыз жүрді, Қодар құл тазшаны іздеп ел қыдырды. Елден таппай ауылға келген жерде, Екі қатын “көрдік” деп хабар берді. Қодар құл тазшаны іздеп ел қыдырды, Елден таппай күймеге жетіп келді. Терезеден екеуін көріп қалып, “Тазша неғып жатыр?” деп еңіреді. Қодар жылап күймені үш айналды, Қозыкеден кіруге бата алмады. “Бақты қараң тазшамен бір жатыр” деп, Қодар жылап Сарыбайға жетіп барды. – Сарыбай, пиғылың жаман кәпір, – дейді, Күймеде қызың болды қатын, – дейді. Неғып шыдап отырсың, Сареке, Бақты қараң тазшамен жатыр, – деді. Сонда Сарыбай айтты: – Тіліңе жалған айтқан ере қалман, Мезгілсіз алдауыңа көне қалман. Жылқы бағып жүре бер, Қодар балам, Сен тұрғанда ешкімге бере қалман. Сонда Қаракөз айтты: – Сарыбай, білемісің тоқсан құлды, Қыз үшін бәрі бірдей жалға жүрді. Құлға тартып сөйлеме бұрынғыдай, Құдай қосқан Қозыке жалғыз ұлды. Даладан мерген кісі мылтық атсын, Қалаға пұлды кісі пұлын сатсын. Мал бермеген Қодарды не қыласың, Құдай қосқан өз жары жатса, жатсын. Сарыбай бұл сөзді естіп ашуланды, Қодар менен екеуі бір боп алды. Қодар менен Сарыбай ақылдасып, Көп ноғайды шақырып жиып алды. Қаракөз Сарыбайға жалынады, Өкпесі Сарыбайдың қабынады. – Өлтіріп обалына қалмай жастың, “Тап, – десең, – бар еліңді”, не қылады. Сарыбай қайыспайды пейілі азған, Өлтірі, саламыз деп құдық қазған. Айтқан тілін байына алдыра алмай, Жылады “Сақтай гөр”, – деп қатын жазған. Қаракөз жан-жағына көзін салды, Толыпты ноғайлыға үйдің алды. Тамам ноғай жиылып ақылдасып, Алтын күйме жан-жағын қоршап алды. Күйменің жүрер жолын бөгетеді, Тал түсте ноғай қамап жүдетеді. Күймеде ер Қозыке қысылған соң, Күрең аттың бір тал қылын түтетеді. Айбас байғұс жылқыны бағып жүрді, Сарыбайға жаранып жағып жүрді. Бақа айғыр күрең атпен бір тұр екен. Айбас құл “неге тұр?” деп келіп көрді. Күрең ат долданып тұр түсі қашып, Қоштасып, Бақа айғырмен амандасып. “Қозыкеге бір қысым болды ма?” деп, Айбас байғұс бек қорқып қалды сасып. Күрең ат көп жылқыдан желіп келді, Қозыке қысылғанын біліп келді. Жолда тұрған ноғайды баса көктеп, Алтын күйме үстіне төніп келді. Баянға алтын жүзік беріп кетті, Екеуі аз күн ойнап күліп кетті. Қамап тұрған көп ноғай бата алмады, Тал түсте мініп атқа жүріп кетті. Қозыке жапа-жалғыз елсізге қаңғырып шығып кетті де, “жаны қысылған соң, бұл еліне қашты ғой” деп майдандағылар қалды. Бірнеше күннен соң Баян сұлу асыранды торғайын жіберді дейді, “бұл маңайда болса бір хабар алып кел” деп. Баян жас жалғыз жатып күңіренеді, Қодардың қылған ісін мін көреді. – Бір хабар тірі болса алып кел, – деп, Торғайын асыранды жібереді. Торғайы Қозыкеге ұшып барды, Қайда барып жатқанын хабарлады. Елге жете бергенде бір торғайды Біткен қырғи қуалап ортаға алды. Жақсының жүрген жері күнде сауық, Қайырсыз бай қалады жерді қауып. Баянның мақпал тонын ұрлап киіп, Жеңгесі отыр екен сиыр сауып. Тамам қырғи торғайды қуалайды, Жеткені қанатымен уалайды. Баянның мақпал тонын бүркенген соң, “Мынау әпкем екен” деп қорғалайды. Жеңгесі қастық қылып сиыр сауды, Басқаның бір Айбастан бәрі жау-ды. Баянның мақпал тонын бүркенгенін Білдірмей жеңіменен ұстай алды. Торғайы кешіккен соң Баян сұлу жеңгесінен келіп сұрайды: Торғай келер мезгілін Баян білді, Кешігіп келмеген соң қайғы қылды. –Торғайымнан бір хабар білдің бе? – деп, Баян жас жеңгесінен сұрай келді. –Жүгіріп шықсам ақ үйден көйлегім кір, Алтын айдар шекемде сегіз тал өр. Жеңеше-ау, қолыңдағы торғайым бер, Өлгенше алғаныңнан айырылмай жүр. Сонда жеңгесі айтады: –Тілейсің торғайыңды берер біліп, Қашайын деп жүрмісің көзің күліп. Ардақтаған бикешім, қашып кетсең, Сыртыңнан өсектейді қазақ күліп. Баян сұлу айтады: –Біздерге күлсе, күлсін күлген адам, Біздерге неге күлсін білген адам, Біз құрбылы қыз бала үйленіпті, Жүйрік аттай зымырап өткен заман. Сонда жеңгесі айтады: –Үйдесең торғайыңды бермен, бикеш, Екі ортада шөл дейді адам жүрмес. Қашып жүре бер өзің күйеуіңмен, Байыңның жатқан жерін адам білмес. Баян сұлу айтады: –Жұрт әуелі таппай ма жатқан жерін, Торғайымды бермесең қалар көңілім. Торғайымды берместей өкпелетіп, Не көңіліңді қалдырдым, жеңгем, сенің? Жеңгесі айтады: –Тілейсің торғайды берер біліп, ; Айырылдың алғаныңнан неғып жүріп. Шіркінді ұрғаным жоқ, соққаным жоқ, Алып ем төбесінің жүнін жұлып. Сонда Баян айтады: –Торғайымды өлтірсең, кінә қылдың, Кінәңді біле тұра неге қылдың Жазығы жоқ өлтіріп торғайымды, Жеңеше, айналайын мен не қылдым? Сонда жеңгесі айтады: –Жарқыным, мен еш нәрсе қылғаным жоқ, Жүнін жұлдым торғайды, ұрғаным жоқ. Несін менен көресің торғайыңды, Өліп қалды Алладан қазасы боп. Сонда Баян айтады: –Тілеймін торғайымды берер біліп, Жеңешемнің отырған көзі күліп. Жеңеше, қолыңдағы торғайым бер, Үстімдегі қара тоным алып киіп. Жеңгесі айтады: –Қашып барып үйленген қандай адам, Қашты деген, бикешжан, аты жаман. Мен сырымды айтайын, бикеш, саған, Мен берсем де бермейді Қодар ағаң. Сонда Баян айтады: –Жалпайып жалынбаймын Қодарыңа, Мен не қылдым жылқышы соларыңа. Жеңешем, қолыңдағы торғайым бер, Қол алыс Қодарыңның өлеріне. Жеңгесі айтады: –Тірі жүрер деп пе едің Қодар өлмей, Торғайың өліп қалды-ау, тілге келмей. Торғайыңды өлтірген мен емес қой, Тынышымды алмай аулақ жүр, менен көрмей. Баян айтады: –Кімге айтайын торғайымды, сенен көрмей, Қалайша өлді торғайым тілге келмей. Торғайымды бермесең өкпелетіп, Тірі жүрер деймісің, біздер өлмей. Сонда жеңгесі айтады: –Бикешжан, сен жасыңнан неге өлесің, Жастай өлсең, жалғаннан не көресің? Ардақтаған бикешім, өліп кетсең, Азды-көпті күнәні көтересің. Мінгені Қозыкенің көк төбел-ді, Астық еккен Түркістан тоқ деп еді. Өңге жүнін жұлғанда үндемеді, Төбе жүнін жұлғанда “шоқ” деп өлді. Қойшылар ертең өрер қойыменен, Баян Сұлу көрінер бойыменен. Тамам ноғай таба алмай дағдарғанда, Әліжаппар құл тауыпты ойыменен. –Аягөздің бауыры шоқ терек-ті, Айналасы малға жай көп терек-ті. Қысырақ қарап жүргенде көріп едім, Айтқаны ойлап тұрсам сол терек-ті. Армансыз бір төсекте жата алмады, Баянмен бір ауыз тіл қата алмады. Сарыбай тоғыз кісі барып еді, Иіліп сәлем берген соң бата алмады. Мінгені Қозыкенің күрең ат-ты, Шоқ теректің түбінде байлап жатты. Байғұстың көзі ілініп кеткен кезде, Қозы жауырын қол оқпен Қодар атты. “Күрең ат азу тісін ойған ба, – деп, Баян жас көзінің жасын тиған ба”, – деп. Қозы жауырын қол оқпен Қодар атты, “Мұны тірі керек қып қойған ба”, – деп. Қодар құл атып оқпен өшін алды, Қылғандай сүйтіп қастық несін алды, “Олжам деп Баян жасқа берейін” деп, Шұрқылтайдың түбінен кесіп алды. Бәрекелді Қодардың тентегіне, Асау күрең жүрмейді жетегіне. “Ал байының басы”, – деп тастай берді, Баян тосып алыпты етегіне. Баянның жұрт қарайды жабдығына, Қозыкеден жас қалған қамдығына. “Ал байыңның басы” деп тастаған соң, Баян жылап салады сандығына. Сонда Баян “Қозыкені кім өлтірді?” деп әкесінен сұрағаны: Баян жылап күймеден тұра келді, Сарыбайдың қасына күйіп келді. –Ата, сенен сұрайын бір сауалды, Қозыке атты күйеуің кімнен өлді? Сонда Сарыбай айтты: Сарыбай қызын көріп тұра келді, Баянға оң жағынан орын берді. –Тірі болсаң, бір күйеу табылмай ма, Күйеуің Қодар атты құлдан өлді. Ала арқармен бірігіп жусайын да, Көздің жасын қолыммен тосайын да. Оған күйме, жылама, бас көңіліңді, Қозыкеден артыққа қосайын да. Сонда Баян Сұлу күйіп кетті дейді: –Етегімді жел ашып жүрген емен, Қозыкеден басқаға күлген емен. Әке, неке қи дағы, енді өзің ал, Елден бура салғандай інген емен. Өз еркіммен жаман сөз айта қалман, Еріксіз шыққан сөзімнен қайта қалман. Әке, неке қи дағы, енді өзің ал, Елден айғыр салғандай байтал емен. Баян сұлу атандым тамам жұртқа, Әке, қылған ісіңді сен де ұмытпа. Шешем қара бетіңе қарай алмас, Неке қиып, өзің ал тоқалдыққа. Сұлу Баян қолына айна алады, Қозыкеден айрылып қиналады. “Өзімменен қосылып зарласын” деп, Ботасы өлген боз інген қолға алады. Баян жібек белбеуін белден шешті, Қозыкеден айрылып күйге түсті. Баян сұлу тұра алмай жұртта қалды, Ертең тұра Сарыбай ауылы көшті. Баян сұлу тұра алмай жұртта қалды, Оны көріп Қодар құл қуанады. Көш жөнеліп кеткенін көріп тұрып, Жұртта қалған Баянға Қодар келді. Сонда Қодар айтады: –Жылқыны көп жалшылар суарады, Сені көріп жүрегім қуанады. Алған байың өлді ғой, сұлу Баян, Енді сені мен алмай кім алады? Баян айтады: Баян басын көтеріп түрегелді, Жылап тұрып Қодарға жауап берді. – Саған жұпты болайын, Қодареке, Қозыкені бір көрсет маған, – дейді. Қодар айтады: –Баян жас, тимеймісің маған, – дейді, Тимесең, болар ақырзаман, – дейді. Осы жерде маған тисең тура сөйле, Тазшаңды көрсетейін саған, – дейді. Баян сұлу қуанып түрегелді, Қодарменен екеуі бірге жүрді. –Ойдым-ойдым жер келді, сұлу Баян, Кел екеуміз ойналық, Баян, – деді. Баян сұлу Қодарға жауап берді, Қозыкені көруге алып жүрді. –Далада ойнағаның не болады, Су басына баралық, Қодар, – деді. Хақтың жолын күткен жан болар дұрыс, Баян жастың кигені алтын кебіс. Су басына баралық, сонда болсын, Оған шейін сабыр қыл, ит те жемес. Сонда бұлар бір құдықтың басына келіп: – Шөлдеп қаным құрып барады, әуелі маған бір жұтым су бер, сонан соң көңіліне алғаның бола берсін, – деп, Қодарды құдыққа түсіреді. Сонда Қодар қуанып айтады: –Айт дегеннен айтамын айда, Баян, Мұндай ақыл біздерге қайда, Баян. Алдыңда жарық болған айнаң, Баян, Қасыңа мендей жолдас қайда, Баян? Айт дегеннен айтамын айда, Баян, Мұндай ақыл біздерге қайда, Баян. Тазаланып жатайын қойыныңа, Білегіме шашыңды байла, Баян. Баян алдап Қодарды суға салды, Қодар сорлы су ішіп мейірі қанды. Қодар құдық ішінде, Баян қырда, –Суға тоңдым, тарт енді, Баян, – деді. Баян естіп бұл сөзді тұра келді, Бұйда пышақ қолына Баян алды. Қодар суда – жалаңаш, Баян – қырда, Қодарды пышақпенен салып қалды. –Баян жас, мені есіңе алмадың ба, Әуелі суға түс деп алдадың ба? Екі бірдей байыңнан тең айрылып, Енді қараң суалып қалғаның ба? Мұнша қастық қылғандай неттім, Баян, Мені неге сергелдең еттің, Баян? Екі бірдей байыңнан тең айрылып, Көзің ашық жалғаннан өттің, Баян. Мұнша қастық қылғандай неттім, Баян? Әке-шешем жылатып кеттім, Баян. Тілеуші едім мен сені жақын қыл, – деп, Аңдып жүріп түбіме жеттің, Баян. Айда Баян, ай Баян, неттім, Баян, Айтпай жүріп түбіме жеттің, Баян. О дүниеде артыңнан еш қалмаспын, Ақ тікен боп араңа біттім, Баян. Көңілі тынып Баян жас қуанады, Тіліне ұрғашының кім нанады? Баян жас шашын кесіп жібергенде, Құл құдықтың түбіне жоғалады. Баян Қодарды жайратып тастап, Қозыкенің басына келіп зарлағаны: –Ботасы өлген боз інген алып келдім, Мен Баян тал отындай жанып келдім. Қодар құлды құдыққа құлаттым да, Аза тұтып басыңа налып келдім. –Қозыкем, жатырмысың жер бауырлап, Қобы жонды қайың оқ соны ауырлап. Тұрар болсаң тұр сана, Қозыкежан, Баян жас алған жарың келді зарлап. –Қозыкем, жатырмысың жер бауырлап, Қарға жүнді қамыс оқ соны ауырлап. Тұрар болсаң тұр сана, Қозыкежан, Құдай қосқан қосағың келді зарлап. Қозыке іздеп еді қылып талап, Жеткізді Баян жасқа Құдай қалап. Не өлісін, не тірісін білейін деп, Отырды іші қимай біраз қарап. Баян жас зарлап, қақсап отыр еді, Құдайдан түсіп рақым, пәрмен болды. Баянның көзі ілініп кеткен екен, Түсінде қырық шілтен аян берді. Баян жас көзі ілініп түс көрді, Түсінде қырық шілтен аян берді: “Басты сал өз орнына, сөйтіп сұра, Тілейсің неше күндік өмір?” деді. Баян жас зарлап, жылап тұра келді, Тілеген шын тілегін Алла берді. “Ұзақ өмір тілеп мен не қылайын, Үш күн, үш түн ойнасам болар”, – деді. Баян жастың тілеуін Құдай берді, Қырық шілтен “әумин” деп шулай берді. Құдайдан сол мезгілде пәрмен болып, Сілкініп Ер Қозыке түрегелді. Ер Қозыке сілкініп түрегелді, Отырғанын Баянның көзі көрді. Шын ғашықтың жандары өзінде емес, Үш күн, үш түн бас қосып дәурен сүрді. Қозыке жыр болғалы бір талай жыл, Туысынан жақсыға бір қызыл гүл. Шығардық өлең қылып бұл қиссаны, Баянның сұлулығын есітіп біл. Ибраһим Мекке тұрғызды Құдай үйін, Жақсының жүрген жері күнде жиын. Қозыке мен Баянды өлең қылып, Біз де мұны жаңарттық міне, биыл. Ақ кірпіштен басына салған үйін, Өмірін қысқа тілеп, болдық қиын. Үш күн, үш түн екеуі ойнап-күліп, Ажалына шығады қызыл құйын. Қияметтің қыл-көпірі тар-ды дейді, Бір жағы от, бір жағы жар-ды дейді. Қозыке мен Баян жас өлген шақта Қырық бір молла Меккеге барды дейді. Бас қосып қырық бір молла Мекке жүрді, Қырық періште қасында жолдас болды. Меккеден үйге қайтып келе жатып, Бір екеу түзде жатыр, көзі көрді. Қырық бір молла жанкешті Мекке жүрді, Қырық періште кісі боп қасына ерді. “Бұл неғылған адам?” деп, тамаша етіп, Жатқанның басына бұлар келді. Екеуі жатыр екен мойындасып, Құшақтап бірін-бірі қойындасып. Өлді десе ажары бір тайған жоқ, Тірі десе жаны жоқ нұры тасып. Қалтасында ғашықтық хатын көрді, Хатқа жазған өлеңмен атын көрді. Жаралған жеті ғашықтың бірі екен, Қарасып тамаша ғып біраз тұрды. Балқыған жер мен көкке нұры симай, Сол үшін болып жатыр мұнша шимай. Басынан қырық бір молла кете алмады, Кетуге солай тастап іші қимай. –Біз үйден шығып па едік мұны қастап, Үстіне кез қылғандай Құдай бастап. Кел, осыған бір сауап іс қылайық, Мен тұрмын жадағай кетпей тастап. Түрі жоқ бұл қалпында анық өлген, Шын өлсе, айырылмай ма ажар-түрден. Шалажансар талумен жатқан жан ғой, Бір қатты жел соғумен құйын жүрген. Жанымыздың жайы үшін Мекке бардық, Деп шығып ек “Құдайға – біз құрбандық”. Құйын құрлы болмаса жүрісіміз, Бұл жүрістен біз қандай еңбек алдық. Шын ниетпен жүріп ек басты қосып, Алдымыздан кез болды бұлар тосып. Кел, осыған бір қайран іс қылайық, Өліп қалған кісі деп кетпей шошып. Бірі айтты: – Бұл сөз жөнге келмес , – деді, Құр сөзден дәнеме өнбес, – деді. Әркімнің өз тілеуі өзінде ғой, Құдай бізге алғанын бермес, – деді. Ақ сақалды бір молла түрегелді, Өзгесі оның сөзін қабыл көрді. –Жаны кеткен денеге жан кіргізу, Құдайға жұмыс емес ауыр , – деді. Сол молла ашып жаны айтты жылап: –Құдайдан шын тілесек тегіс шулап. Жаны кеткен дүниеге жан кіргізсек, Мұнан абзал болар ма артық сауап? Ақ сақалды сол молла былай деді, Өзгесі бұл айтқанын мақұл деді. Қозыке мен Баянның жанын тілеп, Қырық бір молла қол жайып түрегелді. Қырық бір молла Құдайдан тілеп тұрды, Қырық періште Аллаға ғарыз қылды. Құдайдан сол мезгілде пәрман болды, Періште не жұмысқа келдің? – деді. Қырық бір молла бас қосып Мекке жүрдік, Өзіңнің жарлығыңмен соған ердік. Меккеден қайтып келе жатыр едік, Жаралған жеті ғашықтың бірін көрдік. Жомарттық рақымың мол, саған сендік, Беруші сен болған соң үміт қылдық. Шулап тұр қырық бір молла жастары ағып, Біз соны біліп-көре айта келдік. Құдайдан сол мезгілде пәрмен болды, Тілеуін қырық бір молла қабыл қылды. – Мың жанды бір қапасқа салатұғын, Бостандық екі жанды алсын, – деді. Біздермен қырық бір молла жолдас болды, Меккеге тәуап қылып бірге келді. Қозыке мен Баянның хатын көріп, Қырық бір молла біздерден тілек қылды. Құдайдан сол мезгілде пәрмен болды, Қырық бір молла тілеуін қабыл қылды. – Мың жанды бір қапасқа салған екен, Екі жанды шығаріп алсын, – деді. Періштелер қапастың аузын ашты, Жаннан жанды бөле алмай жаман састы, Бірдікі мыңға деген осы емес пе, Қапастаң мың жан бірдей тұра қашты. Қозыке мен Баянның жаны кірді, Екеуі жерден ұшып тұра келді. Қозыке мен Баянның себебінен, Мың кісі көрде жатқан тірілді енді. Қозыке мен Баянның жаны кірді. Жаны кірген соң екеуі түрекелді. Қырық бір молла басында отыр екен, Қозыке моллаларға сәлем берді. Екеуі жатқан жерден ұшып тұрды, Жалаңаш айдай балқып нұрға толды. Ғашық-машық екенін жұрт білсін деп, Ұжмақтан Құдай берді халла тонды. Екеуі тонды киіп шүкір қылды, Ақ жүзі бұрынғыдан артық болды. Моллалардың қасиеті Құдайынан, Отыз бір жыл ойна деп өмір берді. Қозыке мен Баянның көңілі толды, Еңбектері орынға жаңа тұрды. Қырық бір молла қол жайып бата беріп, Бұлармен амандасып жүре берді. Бозбала мұндай сөзді білмей жалған, Жалған сөз созғанымен қайда барған. Бұл сөздер әуел ақыр шындығынан, Мінеки, жұрт алдында сөз боп қалған. Екеуі сол арада жалғыз қалды, Төңіректе дәнеңе жоқ жансыз қалды. Айдалада қалғанын біліп сонда, Құдыреттің шеберлігін ойына алды. Көңілі Қозыкенің біткен екен, Түбіне Қодар аңдып жеткен екен. Сарыбай күйеу, қыздан айрылған соң, Өлеңті – Шідерті кеткен екен. Сонда күйеуі мен қызы тірілгені Қаракөздің түсіне кіріп, “шеше, біз жаяу қалдық, бізді алдыр”, – дейді: Қаракөз бір күн ұйықтап жатыр еді, Түсінде күйеу, қызы сәлем берді. Тірілгені көңіліне ғаян болып, Күн шықпай кемпір жылап түрегелді. Кемпір жылап күн шықпай тұра келді, Үш күншілік жылқыға жаяу барды. Пәрманменен тіл бітті екеуіне, Келе жатқан кемпірге қарсы жүрді. Арда күрең, Бақа айғыр қарсы жүрді, Алдына кеп кемпірдің шұлғып тұрды. – Туғалы мал ішіне келген жоқсың, Шешеке, неге зарлап келдің? – депті. –Бір күн жатып төсектен тұрдым, – дейді, Қозыке мен Баянды көрдім, – дейді. Өзімнің іздеп барар шамам жоқтан, Сендерге соны айтқалы келдім, – дейді. Өзімнің іздеп барар шырағым жоқ, “Тірі болса көрсем” деп көңіліме тоқ. Екі бірдей шырағым көрсем-ау деп, Сарғайып зарығамын ынтызар боп. –Айталық тура жауап сізге, – дейді, Балалардан күдерді үзбе, – дейді. Тірі болса, екеуміз ап келеміз, Алтын жабдық әзірле бізге, – дейді. Байғұс кемпір қуанып қайтып келді, Алтын жабдық, ер-тоқым даяр қылды. Қозыке мен Баянның киімдерін, Түгелдеп қанжығаға байлап берді. Түс болғанда ауылға жылқы келді, Бақа айғыр, Арда күрең бірге келді. Қозыке мен Баянға барамыз деп, Екі айғыр аунап-қунап сілкінеді. Айбас байғұс жылқыда, түзде қалды, Құл мен күң биелерін байлап сауды. Намазшам мезгілінде бие ағытып, Екі айғыр көп жылқыдан бөлек қалды. Арда күрең, Бақа айғыр жүрмек болды, Қас қарайып күн бата түрегелді. Алтын жабдық, ер-тоқым ерттеген соң, Аягөзге жол тартып жүре берді. Құдайдан сол мезгілде пәрман болды, Періште жер тамырын тартып тұрды. Арада тіпті біттей бөгелместей, Екеуі жарысумен жетіп келді. Арда күрең, Бақа айғыр келіп жетті, Мұны көріп бұлардың көңілі бітті. Үйден киім келген соң екеуіне, Халла тоны ұжмақтың ұшып кетті. Екеуі киімдерін киді дейді, Күрең атқа Қозыке мінді дейді. Бақа айғырды Баянға ерттеп беріп, “Сарыарқа, қайдасың?” деп жүрді дейді. Не кедергі жерлерде торығыпты, Ат шаршап, талай жан зорығыпты. Өлеңтінің бойына жеткен жерде, Көп қой жайған қойшыға жолығыпты. Қойшыға жөнін айтпай жүре берді, Есіктен жан демей ме, неғып келді. “Енді күйеу кәдесін қылалық” деп, Қозыкені далаға түсіреді енді. Қозыке күйеу болып түзде қалды, Баян сұлу жарқылдап үйге барды. “Қызың келіп тұр” деген дауысынан, Қаракөз қуанғаннан талып қалды. Құдайдың құп тамаша құдіретін көр, Жұрт үйіріліп, таң қалып қарасып тұр. “Өлмегенге қара жер” деген осы, Сарыбай жылаған боп еңкілдеп жүр. Жұрт білді Қозы Көрпеш – Баян атын, Қолында жүзігі бар қызыл алтын. Аман-есен келген соң қуаныш қып, Алдынан шатыр тікті қырық бір қатын. Күйеу, қызы жоқтан бар болып келді, Төрт күн, төрт түн жұрт жиып тойын қылды. Торғайға қастық қылған жау жеңгесі, Ұзатқанша жасырынып үйде отырды. Ғашық қылған бұларды Құдай сүйіп, Бірнеше жыл бейнетпен жүрді күйіп. Ақ неке пайғамбардың адалдығы – Екеуін жаңа қосты неке қиып. Ақ шатыр айдалада жалғыз тұрды, Ал шымылдық пердесін үйге құрды. Бәріде бұрынғының босқа жүріс, Қызығын ерлі-байлы жаңа көрді. Айбас құл хабар таппай елге келді, Шатырды анадайдан көзі көрді. Шатырдың есігінен қарай салып, “Өңім бе, түсім бе?” деп жылай берді. Қозыкең ұшып орнынан түрекелді, Көрісіп, құшақтасып көңіл тынды. Баян бір күн күймеде ұйықтап жатса, Түсіне Мамабике кемпір кірді. Сол күні ай қараңғы түн болыпты, Ғашықтар жалған емес шын болыпты. Айырылып жалғызынан қалғаннан соң, Шешесі тезек теріп күң болыпты. Тоқсан құлдың бастығы Жидебай-ды, Құлдың қылған ісіне кім шыдайды? Енесі Баян жастың түсіне еніп, Құлға күң болдым деп зар жылайды. –Қарағым, мені есіңе салма, – дейді, Дұшпанның өсегіне нанба, – дейді. Құдайдан тілеп алған екі көзім, Мен байғұсқа көрер күн бар ма, – дейді. Баян жылап күймеден түрегелді, Қозыкенің қасына жетіп келді. –Шырағым, қайдан туып, қайдан түстің, Біз көргендей ел жұртың бар ма? – дейді. Сонда Қозыке айтады: –Бойыңнан шайтан қашар Алла десең, Жаһаннамға кетерсің харам жесең. Екеуімізге қуанып әкем өлген, Зар жылап қалып еді жалғыз шешем. Қайғысын ұзын жолдың сарт көреді, Танымаған кісіні жат көреді. “Енді бізді ел-жұртқа ұзатсын”, – деп, Баян жас әкесіне хат береді. Сарыбай жері алыс деп қайғырады, Қаракөз ұзатуға ой қылады. Шідерті де Бақа айғыр шідер үзген, Өлеңті де өлең айтып той қылады. Ғаділ болса бұзылмас ханның тағы, Ақынның топта сөйлер тіл мен жағы. Өлеңтінің Ақжар деген бір жері бар, Сарыбайдың той қылған жерошағы. Қырық күн Құдай қалап тамаша етті, Қырық қара нар арттырып қыз жөнелтті. “Шырағым жұрттан жалғыз бармасын” деп, Қырық құл, қырық күң нөкер қып қасына ертті. Қырық құл, қырық күң нөкерді қасына ертті, Малды үйірлеп айдатып көш жөнелтті. Өлеңтінің бойынан шыққан күні Айбас пенен Қозыке озып кетті. Баян жас ауыр жүкпен кейін қалды, Айбас пенен Қозыке озып барды. “Қарабай елі Жұпардың қорығында” Деп естіп солай қарап бұлар салды. Базардан бақша-бақша без келеді, Бір пәле бейнеттіге кез келеді. Екеуі арып-шаршап, аңсап-сусап, Қойшыға көп қой жайған кез келеді. Екі жігіт қойшыға жетіп барды: –Бұ қай елдің қойы? – деп сұрап қанды. –Кімдікі деп айтайын мен сендерге, Иесіз бағып жүрміз арам малды. Қозыке айтады: –Қалай-қалай сөйлейсің, қойшы жаным, Мұңды шерің Құдайға болсын мәлім. Біздер үйден шыққалы көп жыл болды, Иесіз бағып едің кімнің малын? Қойшы айтады: –Жаратқан сиынамыз бір Құдайға, Жылаймыз әуедегі күн мен айға. Қозыке қыршын жаста жоқ боп кеткен, Қалған дәулет қор болды Жидебайға. Қойшыдан елдің жөнін сұрап білді, Үйіне қонақ болып тура келді. –Жолаушы, алыс жолдың кісісіміз, Кім бар-ау, тысқа шығып сөйлес, – деді. Сонда Жидебай кемпірге ақырады дейді: “Тұр жылдам, шығып қонаққа сөйлес”, – деп. –Шұнақ күң, қолыңды отқа тықшы, – деді, Ұятты кісі болса бұқшы, – деді. Үй артында келіп тұр екі қонақ, Кім екенін біліп кел, шықшы, – дейді. Қозыке амал қылды ғақыл ойлап, Жеткізді шешесіне Құдай айдап. Үйден шыққан шешесін тани салып, Үйге кіре бастады атын байлап. Байларға күнде қонақ көп келеді, Жөнсіз қонақ келгенін жек көреді. “Қарны ашқан екі қонақ бір тойсын” деп, Екеуіне үш табақ ет береді. Айбас құл елін танып күлімдейді, Қозыке келген жерден білінбейді. “Жүдеген мұңды кемпір, бір тойшы”, – деп, Үш табақ еттің бәрін соған берді. Жидебай айтады: –Қонақ, саған не болды қара басып, Жалы асты мен бердім қазанға асып. Жалғызынан айырылған мұндар күңге Неге тамақ бересің жаның ашып? –Екеуміз мылтық атқан мерген едік, Үйіңе қонақ бола келген едік. Мұңлыға неге жаның ашымайсың, Жалғызын қайынындағы көрген едік. –Үш табақпен мен бердім етті салып, Жақсы қонақ екен деп жолың танып. Қодар атып сүйегі қурап қалған, Не қыласың шіркінді ауызға алып? Сонда бұлар айтады: –Құл болсаң жылқы бағып жатар едің, Би болсаң жұртқа кеңес айтар едің. Жағаңды ұстап тәубә қыл, Жидебайым, Жалғызы келіп қалса қайтер едің? Жидебай айтады: –Әділ болсаң, жұртыңның қамын жерсің, Қонақ сыйлап жөнелтсем, мырза дерсің. Қодар атып сүйегі қурап қалған, Өлген кісі тіріліп қайдан келсін! Сонда бұлар айтады: –Қарап тұрсаң адамға адам ұқсар, Ит жегенін аузынан қайта құсар. Өлген кісі тіріліп келмегенмен, Жарай ма айтшы шын болғаның тұзға тышар. Жидебай айтады: Өткен сөзді қозғама қайта бастап, Жүрген-тұрған жеріңді тұрмай ластап, Біріне болсын обалы жалғызына, Ақ сүт берген анасын кеткен тастап. Сонда бұлар айтады: –Дәм айдаса бармайды қайда кісі, Өз жанына қыла ма пайда кісі? Бір күнгі тойғандықтың мастығынан, Демесін, қой не болса, Хақтың ісі. Жидебай айтады: –Ден қоялық қонағым саған неғып, Өкпелерсің нанбасам, көңілің қалып. Құр бос сөзден дәнеңе өнбейтұғын, Тыныштық қыл тамағыңа тойып алып. Айтпай кетсем барады көп сөз қалып, Білген-сезген ешкім жоқ әлі танып. Қонақ жолы қиын деп күтіп сыйлап, Төр алдына жатқызды төсек салып. Кемпір отты саулатып жағып отыр, Жасы саулап көзінен ағып отыр. Адам шыдар іс емес естігенге, Қалай шыдап осылар неғып отыр. Тоқсан құлдың Жидебай басы дейді, Бір тиылар көзімнің жасы дейді. –Сендей шешем үйімде қалып еді, Кел, арқамды, шешеке, қасы, – дейді. Төр алдына жығылды әрең жетіп, Әл-дәрмені таусылған түгел бітіп. Арқадағы түймедей меңін көріп, Бір “аһ” ұрып жығылды есі кетіп. Бұлар тұрып кемпірге бір су шашты, Кемпір жиып сонда есін, көзін ашты. Алтын айдар белгісін көріп қалып, Тұра сала бас салып құшақтасты. “Өлді” деген жалғызын тірі көріп, Жаңа өлгені тіріліп, өшкені өніп. Кемпір зары дүниені кезіп кетті, Қардай болып бұзылған тау-тас еріп. Айғайымен жылады жұрттың бәрі, Түн ішінде түп-түгел жас пен кәрі. Шаңқылдаған бүркіттей тау жаңғырығып, Жұрт ұйқысын қашырды кемпір зары. Айбас сорлы сыбырлап тілін безеп, Қозыке отыр құр жылап бойын тежеп. Шаршау да жоқ кемпірде қою да жоқ, Екеуіне көрісіп кезек-кезек. Ашқан қарын болды ғой жап-жаңа тоқ, “Қызған кезде, – мақал бар, – темірді соқ”. Бәрі жатыр жан біткен жабырласып, Бар білгенім жалғыз-ақ Жидебай жоқ. Осы арада енді бір алайық дем, Мұңлы сөзі мұңлының дертіне ем. Көрінбеген бойымен кете барсын, Жидебайды керек қып іздесін кім? Қозыке ел-жұртын бір түңілдірді, Құдай мұнан шеберлік сыр білдірді. Бір желі қып байлатып боз биені, Соныменен шешесін шомылдырды. Бізге күмән әр нәрсе Аллаға аян, Зекеті жоқ мал болар жылан-шаян. Құл-күңімен келіпті ырғап-жырғап, Көп кешікпей соңынан сұлу Баян. Кейінгіге қалдырған айтып жатқа, Соның үшін жазылды мұны хатқа. Мұндай сөзді дүниеге өрнек қылған, О да жетсін деңіздер бір мұратқа. Жан туар ма жаралып бұлар сынды, Қозыке мен Баянның көңілі тынды. “Бізді қойсын, Құдайға құл болсын” деп, Құл мен күңнің бәрін де азат қылды. Үлкен шүлен той берді жұртын жиып, Үлестіріп жалғанды көзі қиып. Құл мен күңді жұрт қылды өз алдына, Бір-бірін адалдасып неке қиып. Үйір-үйір қысырақ көп маталды, Үлестіріп қалғанын бұл бата алды. Бір кедей жоқ, теп-тегіс бай боп бәрі, Қарабай, Сарыбайдың елі атанды. Дүниені кім тегістеп түгел етті, Жалғанды керек қылмай солайша етті. Бәрі өтіп жан біткеннің, нәубет жетіп, Санаулы отыз бір жыл о да бітті. Бабай Түкті Шашты Әзіз түске кірді, “Талақ қылып таста, – деп, – сен бұл жерді. Аягөздің бойына барасың”, – деп, Қозыке мен Баянға аян берді. Әулиелер түсіне кірді дейді, Жер тамырын періште түйді дейді. Жан ертпестен қасына сонда екеуі, Аягөзге бет алып жүрді дейді. Қонған, түскен жерлері болып бұлақ, Жаныменен жарқылдап қос шамшырақ. Жер арасы оларға болып жақын, Бұл күндерде болғанмен бізге жырақ. Бірнеше күн арада түндер өтіп, Бары-жоғы жалғанның естен кетіп. Тағы Баян зарланып жалғыз қалды, Жерге жетіп бұйрықты Қозыке өтіп. Баян жылап зарланып отырады, Жердің жүзі мал менен жанға толды. Іздегені су болып сусап, шаңқап, Жер қайысқан бір қалың керуен келді. Баян көріп керуенді шат болады, Жақсыға арзан, жаманға жат болады. О шеті мен дүниенің бұ шетіне Көбінесе жүретұғын сарт болады. Аударыла көп керуен аттан түсті, Көрмей ешкім кете алмас жазулы істі. Баян көркі дойбының тасы болды. Бұлар тағы ұтқызды ақыл есті. Керуен енді бұл суға қонар болды, Таусылмайтын бір өзен сонар болды. Өліп жатқан сабазбен ісі де жоқ, Баян жасты көрумен құмар болды. Несіне ғаріплайды бәрі басты, Мұндай сұлу ұрғашы табылмас-ты. Сарт болған соң саудасыз бола ма айтшы? Алу жағын ыңғайлап саудаласты. Баян айтты: – Жамағат, құлағың сал, Жабдығына өліктің жаратып мал. Тастан тамды орнатып бұзылмастай, Қайсың алсаң, ал мені, сонан соң ал. “Бәлі, сөз” деп бәрі де шуылдасты, Абдыраның аямай аузын ашты. Үлде менен бүлдеге орап шырмап, Қадірледі құрмет қып асыл тасты. Әрбір сарттың отыз-қырық жолдасы бар, Іш ағасы ішінде қол басы бар. Шаңырақтай сәлдесін орап алған, Жаназа ондап оқитын молласы бар. Өлікті таза жуып, көмді жайлап, Қуанып бәрінде ес жоқ “иә, Құдайлап”. Баянның көңілін ырза қылу үшін, Керуендер үй тұрғызды тастан сайлап. Біреудің іс, біреудің достасы бар, Әркімнің бір замандас тұстасы бар. Дүниенің ұқсатуын әбден білген Не түрлі жалақтаған ұстасы бар. Жабылып жан қалмастан біткен адам, Бәрінің көңілінде бар “қайтсем, алам”. Қиямет-қайымға шейін бұзылмастай, Болсын деп шын ықыласпен қылды тамам. Қуанып Баян отыр көңілі толып, Көңіліне қылған жұмыс әбден қонып. Бітіріп, “болдық” десіп келді дейді, Бәрі де “аламыз” деп іңкәр болып. Сонда Баян Сұлу айтады: – Халайық, ризамын келгеніңе, Бір белгі тұрғыздыңыз өлгеніме. Үлессем, бәріңізге мүшем жетпес, Тиемін хақылың артық жеңгеніңе. Айтарлыққа бұл сөзі жарасады, Бір-біріне қиыспай қарасады. Біреуге-біреу көңілін неге берсін, “Мен алам, мен алам” деп таласады. Бірін-бірі енді жек көріседі, Өзді-өзімен араз боп керіседі. “Мен тұрғанда сен қалай аласың?” деп, Жұдырақтап ауызға періседі. Мұнда қалды бас салып жұдырықтасу, Оңай емес біреуден біреу асу. Ғақыл естен тап-таза айырылған соң, Төбелеспей басылмас мұндай ашу. Тамам керуен шулығып жиылады, Қылыштасып желкелері қиылады. Бірін-бірі аяспай ұрып жығып, Төбелесіп өзді-өзі қырылады. Керуен біткен өзді-өзі таяқтасып, Бірін-бірі жатыпты аяқтасып. Үш-ақ кісі қалыпты сонша жаннан, Олжа көріп өз басын алып қашып. Жақсы адам әр нәрсені өнер қылған, Сонан бері қанша өтті ай мен жылдан. Үш кісі үш ру елге қашып барып, Сол екен Қозыкені өлең қылған. Қозыке мен Баянның болған шағы, Бәйшешектей қуарып солған шағы. Қозыке өлген жерінде Баян да өлген, Әркімнің сондай болсын алған жары. Дүниеден бұл күйімен бұлар кетіп, Міне тұр әңгімесі бізге жетіп. Қарабай, Сарыбайдың ауыр елі, Ертістен арман қарай кетіпті өтіп. Қонысы Сарыарқадан келген ауып, Қазақты жүрген кезде қалмақ шауып. Жеті қабат мұжықтың ар жағында, Аласың іздегенің сонан тауып. Әңгіме жұрт аузында алып қашқан, Жазу жоқ бұл қазақта тасқа басқан. Ақын Шөже айтқаннан естіп едім, Күнімде тоғыз жасқа аяқ басқан. Жыл өтті сонан бері қырықтан асып, Елуге бізде тұрмыз аяқ басып. Қатасын білген жандар түзетіңдер, Бар болса қалған жері мидан қашып.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.